Қ 17 Шәкенұлы. Ж к – Ақ балапан: Өлеңдер мен мысал әңгімелер, Алматы: «Мерей» баспасы, 2015. – 167 б



жүктеу 1.27 Mb.
бет3/7
Дата25.04.2016
өлшемі1.27 Mb.
1   2   3   4   5   6   7
: 87A717FA9995D60B
87A717FA9995D60B -> Сабақтың тақырыбы: Қосмекенділер алғаш құрлыққа шыққан жануарлар Сабақтың мақсаты

Екінші бөлім

БАЛА ТІЛІ БАЛ

ТАСҚА ШЕГЕЛЕУ
Әкесі бірде Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған бір әнді ыңылдап отырып:

«...Тасқа әкеп өзімді-өзім шегелеппін!» – деген жеріне келгенде, Мерей әкесін тоқтатып: «әке, әке, тасқа шеге шегеленбейді ғой», – деген екен.

* * *

Банан алып бер деп мазалаған Наралтайға әкесі аспандағы имек айды көрсетіп оны алдаусыратпақ болып:



– Қарашы ана айды, өзі неге ұқсайды? – дейді.

Сонда Наралтай ойланбастан:

– Бананға, деп жауап берген екен.

ҒАРЫШКЕР БОЛУ
Наралтай мен Нәр ойнап отырып бір-бірінің болашақта кім болатынын сұрайды. Наралтай:

– Мен ғарышкер боламын, айға шығамын, – дейді.

Нәр:

– Мен де ғарышкер боламын. Сен айға шықсаң, мен күнге шығамын, дейді.



Сонда Наралтай күліп:

– Күннің беті жанып жатқан от қой. Оған шықсаң жанып кетпейсің бе? – дейді. Сонда Нәр:

– Мен онда күннің бетіне түнде шығамын, деген екен.
БАНАНҒА ҰҚСАТУ
Банан алып бер деп мазалаған Наралтайға әкесі аспандағы имек айды көрсетіп оны алдаусыратпақ болып:

– Қарашы ана айды, өзі неге ұқсайды? дейді. Сонда Наралтай ойланбастан:

– Бананға, деп жауап берген екен.
БЕТТІҢ САТПАҒЫ
Жолаушылап келген нағашысы Наралтайға:

– Наралтай, тәңертең айран ішіпсің қой, – депті. Сонда Наралтай:

– Жоқ, жаңылып тұрсыз, десе керек. Нағашысы:

– Жоқ, жаңылып тұрған жоқпын. Таңертеңгі ішкен айраныңның сатпағы бетіңде әлі тұр ғой, депті. Сонда Наралтай бой бермей:

– Жоқ, нағашы, бәрібір қателесіп тұрсыз. Ол кешегі ішкен айранның жұғындысы болатын, деген екен.
КОМПЬЮТЕР ОЙЫНЫ

Әкесі Наралтайға:

– Компьютерде кешке дейін ойнадың. Енді демалып орныңды маған бер, депті. Ойына әлде не түскен Наралтай:

– Әке, әке, сен бала күніңде компьютермен көп ойнаушы ма едің? деп сұрапты.

– Е, балам, ол кезде қайдағы компьютер? Компьютер болмаған соң, оның ойыны қайдан болсын! – депті әкесі. Сонда Наралтай әкесіне жанашырлық білдіріп:

– Әке, маған ойнамай-ақ дегеніңді енді түсіндім. Өзің ойнағың келіп тұр екен ғой, ойнай ғой онда, деп орнынан тұрған екен.


ТЕЛЕФОНҒА ЖАУАП БЕРУ
Таңертең ерте шырылдаған телефон құлағын кішкентай Нәр көтеріп жатқанда, шешесі:

– Мені сұраса ұйықтап жатыр деп айт, депті.

Сонда Нәр ар жағындағы кісіге:

– Шешем ұйықтап жатырмын деп айт деді, деген екен.


АҢ АУЛАУ
Ерланның үйіне келген Ердана:

– Жүйрік тазыңды бір күнге бере тұршы, қыр жақта көп қоян жүр екен, дейді. Итін бергісі келмеген Ерлан Ерданаға:

– Көп қоян жүрсе біздің қораға қарай айдасаң болды ғой, итім өзі-ақ ұстап береді, деген екен.
КӨЗІЛДІРІК
Бір күні әжесі Наралтайға өзінің көрген түсін әңгімелеп беріпті. Бірақ Наралтай әжесіне:

– Әже, бәрібір өтірік айтасыз, бірде біреуіне сенбеймін, – депті. Әжесі: «неге?» деп сұраса, Наралтай:

– Сіз әдетте «көзім көрмейді» деп көзілдіріктің өзімен әзер көріп отырасыз. Ал ұйықтағанда көзілдірік те тақпай ұйықтайсыз. Олай болса түсті қалай көрдіңіз, бәрібір көзіңіз көрмейді ғой. Сол үшін де сенбеймін, деген екен.
АПАСЫНЫҢ АУРУЫ
Ернар сабақта үнемі кешігіп қалады екен. Себебін сұраған мұғаліміне айтатын жауабы біреу ғана болыпты.

– Әжемнің көзі көрмейді. Тәңертеңгісін сол кісіні сыртқа ертіп шығамын. Біз қайта үйге кіріп болғанша сабақ уақыты болып қояды, – дейді екен. Бұл жауапқа мезі болған мұғалімі Ермекке:

– Ермек, сен әжемнің көзі көрмейді деген өтірігіңді қой. Басқа сылтау айтсаң да жетер еді, – деп ұрсыпты.

Кешкісін Ермек үйіне келе салып:

– Әже, әже, сіз көзім көрмейді деп өтірік айтып жүр екенсіз. Мұғалім енді өтірігіңді қой деп айтты, – деген екен.
НӘРДІҢ ТҮСІ
Таңертең ерте түсінен шошып оянған Нәр шешесін төпештей бастайды. Шешесі:

– Балам, саған не болды. Мені неге ұрып жатырсың? –дейді.

Сонда Нәр:

– Түсімде сен маған қарамай кетіп қалдың ғой, – деп бұртиған екен.


КӨП АҚША ТАБУ
Әкесі Наралтайдан:

– Үлкейгенде мені бағасың ба? – деп сұрайды.

Наралтай:

– Әке үлкейгенде көп – көп ақша тауып, саған үлкен үй салып беремін. Әдемі машина алып беремін, – дейді.

Әкесі тағы:

– Көп ақшаны қайтып табасың? Кім болып жұмыс істегің келеді? – дейді. Сонда Наралтай:

– ГАИ болғым келеді. ГАИ (МАИ– мемлекеттік машина инспекторы) сендер көлік жүргізгенде көп ақша алады ғой. Мен де сөйтіп жұрттан көп ақша алып сені асыраймын, –деген екен.
АУЫЛДЫҢ АЙЫ
Наралтай қаладан ауылға келгенде аспандағы айды көрсетіп:

– Біздің жақтың айы тұманның ішінде өлеусіреп тұратын еді. Оның қалада қалғаны жақсы болған екен. Ауылдың айы аппақ болып жарқырап тұрады екен ғой, – деген екен.



ЖЕР СІЛКІНУ
«Алматыда жер сілкінетін болыпты» деген хабарды естіген әке-шешесі жексенбідік демалыс орайында Наралтай мен Нәрді ауылға алып кетсе керек.

Ауылдағы демалысы аяқтап, қалаға оралып келе жатқанда Нәр әкесіне:

– Әке, Алматыда жер әлі сілкініп тұрған болмасын? – деген екен.
ҚАШАН ТУДЫМ
Наралтай шешесінен:

– Мен күннің қай уағында туылдым? – деп сұрапты.

Шешесі:

– Таңға жақын жерге жарық түспей тұрып туғансың, – депті.



Сонда Наралтай:

– Бәсе, түнде туылған екенмін-ау. Ұйықтап жатып қалай туылғанымды білмей қалғаным сол екен ғой, – деген екен.


БІЗ СИЫРДЫ ДА ЖЕЙМІЗ
Сойғалы байлап қойған қойдан қорыққан Ақтүйғын:

– Әке, әке, қойдан қорқамын, – деп қашыпты.

Әкесі одан:

– Неге қорқасың? – деп сұрапты. Сонда Ақтұйғын:

– Ол мені жеп қояды ғой, – депті.

Әкесі күліп:

– Жоқ, ол сені жемейді. Біз оны жеп қоямыз, – деп, қойдың сойылғанын, етін пысырғанын бастан аяқ көрсетіпті.

Бірнеше күннен кейін Мәуе сырттан үйге қашып:

– Мө келе жатыр, – деп Ақтұйғынға сиырды көрсетіпті. Сөйтсе Ақтұйғын оған аспай-саспай:

– Қорықпа, ол сені жемейді, біз оны жеп қоямыз, – деген екен.




Үшінші бөлім

ЕРТЕ, ЕРТЕ, ЕРТЕДЕ...

БАЛАПАН ҚАРҒА
Қарғаның балапаны жазғытұрым дүниеге келгендіктен, күн ысып шілде болғанда, жүні әбден жетіліпті. Күннің ыстығына шыдамаған ол үнемі:

Өзі қарай, өзі қалың осы жүндердің не қажеті бар еді, бүйткенше шықпай-ақ қоймай ма, – деп назаланады екен.

Күндер жылжып өте беріпті. Бар даланы ақ қар қымтап қыс келіпті. Қарлы боранда ағаштың қуысына тығылып дірдек қаққан балапан қарға:

– Мен жүннің жоқ болуын тілеп едім, оным бекер екен. Мұнан да қалың жүн шықса қандай жақсы болар еді, – деп армандапты.


ҚАСҚА СИЫР МЕН АҚ ИТ
Күндердің күнінде қасқа сиыр арт жағына келген ақ иттің күшігін теуіп жібереді. Ауыз мұрны қан болған күшік енесіне жылап келеді. Енесі оған:

– Ештеңе етпес балам, – деп жұбату айтады.

Сөйтіп жүргенде бір күні сиырларға қалың қасқыр шабады. Баяғы қасқа сиырдың бұзауы жарға қарай қашамын деп қамалып қалады. Қасқырлар оны жеуге айналады.

Мұны көрген ақ ит жүгірген бойы жардан секіріп қасқырларға ұмтылады. Қасқырлар да оған қарсы шабуылға шығады. Екі жақ қызыл қырғын таласады. Бірін бірі тістеп қандары суша ағады. Ақырында қасқырлар жеңіліп қашады. Бірақ, ақ иттің бір құлағы қасқырлардың аузында кетеді. Қасқа сиырдың бұзауы аман қалады. Аппақ жүні қызыл қанға боялып үй жанына әзер жеткен ақ итке күшігі:

– Мама, қасқа сиыр мені теуіп жіберіп, аузы – мұрынымды қан қылып еді. Сен оның бұзауын қасқырлардан құтқарып нең бар еді! – деп мұңаяды. Сонда ақ ит:

– Балам, жамандық істегеннің бәріне жамандық істесең сен де жаман боласың. Жамандыққа жақсылық деген осы! – деп жауап беріпті.


САУЫСҚАННЫҢ ҚЫЗҒАНЫШЫ
Қырғауылдың әдемі қауырсындарын көрген сауысқан:

– Шіркін, менің қанат құйрығым қырғауылдікіндей болса ғой, – деп үнемі армандайды екен. Ол кезде сауысқанның түсі ақбоз екен. Мұны естіген түлкі бір күні оған:

– Ол менің қолымнан келер еді, – депті. Сөйтіп түлкі жемістердің түсті бояуларымен сауысқанды әртүрлі түске бояпты.

Бұған мәз болған сауысқан қырғауылдың қасына ұшып келіп:

Менің көркім сенен де әдемі, – дейді екен. Осы кезде жаңбыр жауады. Сауысқанның үстіндегі бояулардың барлығы ағып кетеді. Ұялғаннан ағаштың тасасына тығылып қалған сауысқанның қасына қырғауыл келеді. Қырғауыл оған:

– Достым-ау, көрсе қызарлық пен жалған сұлулықтан ештеңе шықпайды. Керек болса мен – ақ берейін, – деп бірнеше тал қауырсынын ұсынады. Сауысқан оны алудан ұялып:

– Қызғаныштан осындай күйге түстім! Кешір мені, – деп алысқа ұша жөнеліпті.

Ол содан бастап, қырғауылдың маңын баспайтын болған екен. Ал әлгі бояулардың кесірінен өн бойы ала-ала болып қалыпты.


ҚАЗ БЕН ҚАРҒА
Жұрттың бәрі қазды мақтап:

– Қаз аспанда да ұшады, жерде де жүре алады, суда да жүзеді, – дейді. Мұны естіген қара қарға:

– Ғақ, ғақ, оның несі мақтан. Мен де ұша аламын, жерде де жүремін. Суға да жүземін, – дейтін. Мұны естіген басқалар:

– Қарға бауырым-ау, басқа өнеріңді білеміз. Бірақ, суда жүзгеніңді көрмеген екенбіз. Несіне өтірік мақтанасың, – дейді. Қарға онан ары еліріп:

– Ғақ, ғақ, сенбесеңдер көрсетейін, – деп суға қарай ұша жөнеледі.

Мезгіл қараша айы болғандықтан судың шетіне мұз қата бастаған еді. Қарға әуелі мұздың жиегіне қонады. Сосын ептеп суға түсе бастайды. Тастай суық су аяғын үсітіп жібереді. Қанаттары су боп тұншығып өлуге айналған оны. Қаздар құтқарады.

Бұл тамашаны көріп тұрған жағадағы құстар:

– Қарға қаз боламын деп аяғын үсітіп алды, – деп шулайды. Бұл сөз кейінгіге тәмсіл болып қалады.



ҚҰМЫРЫСҚАНЫҢ СУҒА АҒУЫ
Көктемде су тасып, құмырысқаның илеуін бұзып кетеді. Суға аққан құмырысқаралдың біреуі ағашқа жармасып, біреуі шөпке жармасып аман қалады. Бірақ, бір кішкентай құмырысқа судың ортасына қарай ағады. Суға бір батып, бір шыққан ол:

– Құтқарыңдар, құтқарыңдыр! – деп айқайлайды. Мұны естіген қара қарға:

– Өзінде де обал жоқ, – деп кете береді. Су шетіндегі бақа:

– Өзің малтап шықпайсың ба? – деп ақыл айтады.

– Құтқарыңдар, құтқарыңдар! – деген құмырысқаның үні әлсірей береді. Мұны естіп қалған көгершін аузына ши тістеп суға қарай ұшады. Шидің ұшын құмырысқаға қарай созады. Өлуге анайлған құмырысқа шиге жармасып, жағаға аман шығады. Өзін құтқарушыны іздемек болған құмырысқа ұшып бара жатқан көгершінді көреді. Көреді де жалма-жан:

– Рахмет, ақ көгершін! – деп айқайлайды. Ал көгершін болса:

– Жақсылық үшін рахметтің керегі жоқ! – деп көзден ғайып болады. Жағада тұрған жан-жануар, аң-құс көгершіннің бауырмалдығына дән риза болады.

ҚҰЛЫН МЕН КҮШІК
Еркештің үйінің ала биесі бір әдемі ала құлын туды. Сол күні ақ төс қара қаншықтың күшіктері де бауырын көтеріп, көзін ашқан еді.

Ақтөстен туған алты күшіктің ішінде сармойнақ күшік ұяластарынан тез есейді де, айналаға жүгіріп кете беретін болды. Енесі оған ұрысып:

– Алыс кетпе, әсіресе ала биенің маңына барма. Ол құлынын қызғанып, сені теуіп жіберуі мүмкін, – деді. Ала күшік енесінің сөзін кәперіне алмады. Керісінше ала құлынның құлдыраңдап жүгіргеніне қызығып, ала бие алыс жайылып жүргенде, оны қуалай жарысып та көрді. Бір талай жерге дейін қатарлассада, соңында сармойнақ күшік құлыннан қалып қойып жүрді. Бұған ашуланған күшік құлынды жек көріп, оны бір жеңіп алғысы келді.

Тағы бір күні енесінен ұрланып шығып, құлынмен жарыспаққа оны қуа жөнелді. Құлын тұра қашты, қатарласа таяған күшік құлынның құйрығына жабыса кетті. Амал нешік, осы кезде “сарт” еткен дауыс қана шықты да, сармойнақ анадайға ұшып кетті. Кеудесінен тиген құлынның тұяғы оны ұшырып жіберген еді. Ыңырси-қыңсылап орнынан тұрған күшік ызаланып тағы жүгірмек болып еді, ала бие алдыңғы аяғымен жер тарпып, құлынын оқырана бауырына алып тұр екен. Шошыған күшік құйрығын бұтына қысып, қашқан бойы ұясына тығылды. Мұны көрген енесі оған зекіп:

– Айтқан сөзді ұқпайсың, әлін білмеген әлек, – деді. Сармойнақ күшік көзіне жас алып, мөлие төмен қарады.
ДУАЛ МЕН ЖАПЫРАҚ
Көктем келіп, бар дала гүлдей бастапты. Қоршалған дуал ішіндегі теректер де әдемі жасыл жапырақ жайыпты. Күнге күйіп, жел мүжіген ескі дуалдың төбесіне созыла біткен бір бұтақтағы жапырақтың біреуі:

– Біздің барлығымыз жап-жасылмыз, өңдеріміз сонша жарасымды, бірақ мынау ескі дуалдың сәнімізді бұзып тұрғаны-ай, – деп налыпты.

Бір күні дуал сыртындағы түйені көрген жапырақтар қымсына бастапты. Түйенің жайын аузы өздеріне қарай ашылғанда, әлгі жапырақ кірерге тесік таба алмай қалыпты. Бақытқа қарай түйенің кеудесін дуал тосып, аузы жапыраққа жетпепті. Зәресі ұшқан әлгі жапырақ сонда барып бойына жан шақырып:

– Түрі жаман болғанымен, бізді қорғап тұрған осы дуал екен ғой, – деп дуалдан кешірім сұрапты.



ЖАЛҚАУ КҮШІК
Бұрын бір ақ күшік болыпты. Ол сондай жалқау екен. Қыл аяғы біреу-міреу келе жатса, мыңқ етіп те үріп қоймайды екен.

Бір күні иесі көшіп бір жерге барып қонып, ертесі тағы көшетін болыпты. Бірақ жалқау күшік бір түп бұтаның түбіне жата беріпті де, иесінің көшкенін білмей қалыпты. Иесі күшікті іздеп шақырғанда, ол жалқаулықпен оянбай қойса керек.

Бір кезде күн төбеге таман келіп қарны ашқанда оянған күшік өзінің иен далада жатқанын бір-ақ біліпті. Айналасына жанталаса жүгіргенімен, ештеңе көрінбепті. Осы кезде күн бұлттанып, бұршақ аралас жаңбыр жауыпты. Бұршақ өн бойына тарс-тарс тигенде, күшік қыңсылап жылап қоя беріпті. Бірақ оның үнің естіген ешкім болмапты. Өне бойы малмандай су болған күшік тісі тісіне тимей сақылдап тоңыпты. Жаңбыр басылғаннан кейін, боран соғып, күшік тіпті қалтырапты. Жүгіре-жүгіре әбден әлі құрыған ол бір тастың түбіне келіп ұйықтап қалыпты. Бір кезде қарны ашып, тоңып, ояна келсе, түн ортасы екен. Жақыннан қасқырдың тықыры естіліпті. Мұны естіген күшік шошығанынан қозғала алмай қалыпты. Таң атқанша дірілдеп әбден қалжырапты.

Таңертеңінде жол бойынан бір көшті көріп, жүгіріп келіп көшке қосылған екен. Көштегі иттер мен күшіктер оны жабылып талапты. Өзі аш, өзі тоңған күшіктің өне бойы сауыс-сауыс қан болып өлуге таяпты. Осы кезде жоқ қарап жүрген иесі үстінен түсіп, оны үйіне әкеліпті. Босағада ыңырсып жатқан күшік өзіне-өзі күбірлеп:

– Бәрі де жалқаулықтың кесірі болды, – деп кейіпті. Ол содан бастап жалқаулықты тастап, түнімен үріп шығатын болыпты. Кейін келе қоян, түлкі, қасқыр алғанды қойып, аюмен алысқан жуан төбет болып шыққан екен.

Бұлақ пен құрақ

Серуендеген бір топ бала аралдың әдемі көрінісіне қызыға қарап, табиғаттың көркемдігін мақтады. Мұны сырттан естіген бұлақ сыңғырлай күліп:

– Барлық сұлулық менің бойымда тұр, – деп алақайлай шапқылады. Оны естіген құрақ:

– Жоқ, барлық сұлулық менің бойымда тұр. Олар мені мақтады, – деді ырғала билеп. Сөйтіп, екеуі егесе-егесе келіп тау атаға шағынды. Тау ата оларға ләм-мим деп тіл қатпастан, бұлақтың суын бірте-бірте тартып тастады. Жағалауда сарғая қураған құрақ шөлдеген сайын:

– Бұлақ досым, бұлақ досым, құтқара гөр! – деп жалынды. Жалына-жалына әлі құрып, сарғая жерге құлаған құрақ есінен адасып сұлық жатып қалды. Осы кезде тау ата бұлақ суын қоя береді. Бұлақ шапқылап келсе, құрақтың бәрі сарғайып жығылған, маңай жап-жалаңаш екен. Мұны көрген басқалар да:

– Бұл бұлақтың бойы неткен көркісіз, – деп мұнда аяқ баспайтын болды. Бұлақ өзінің ағаттығын сонда сезіп, құрақтардың аузына су тамыза бастады. Есін жиған құрақ басын зорға көтеріп, бұлақты бас салып:

– Кешір досым, менің сенсіз күнім жоқ екен, – деді.

Бұлақ та:

– Досым, кешір, сенсіз менің де күйім белгілі екен, – деп оны жұбатты. Осыдан бастап бұлақ пен құлақ мәңгі айырылмайтын дос болды.

Бұлақ бойының барлығының күні бүгінге дейін жап-жасыл болып тұруы әліге дейін жалғасып келе жатқаны сол достықтары екен.

ҮЙ ГҮЛІ МЕН ҚЫР ГҮЛІ
Күндердің күнінде үй гүлі мен қыр гүлі кенет кезігіп қалыпты. Қыр гүлін бойына тоғытпаған үй гүлі:

– Сыртынан қараса, сүйкімі де жоқ, жапырағы да бұжыр-бұжыр, өңін күн қақтаған мынау сиықсыздың кейпін-ай, масқара ғой! – деп ат бойын ала қашыпты. Қыр гүлі болса, самал желге желпіне басын көтеріп:

– Досым, сен мені қор санама. Екеуіміздің де тегіміз бір, тек гүлміз, сен болсаң бағбандардың мәпелеуімен үйде өстің, мен өзім тамыр тартып, өзім бой созып, табиғат құшағында еркін өстім, – депті. Бұған үй гүлі онан арман шамырқанып:

– Сенің далада өскеніңді қайтейін, менімен бой таластыруға қайтып дәтің барады. Түріңе қарасаңшы, деп онан арман шалқайыпты. Осы кезде самал жел қатайып, боранға айналып, іле-шала аспан бұлттап, бұршақ тарсылдап жауа бастапты. Боран мен жауған бұршақты елең құрлы көрмеген қыр гүлі онан арман құлпыра түсіпті. Ал жапырақтары тесіліп, өзі кірерге тесік таппаған үй гүлі қыр гүлінің жапырағының астына кеп паналап:

– Досым, сен дұрыс айтыпсың, мен ешқандай жапа-машақат көрмей ерке өсіп, өмірден бейхабар қалыппын, ал сен ыстық-суықты бастан кешіріп шынығып өсіпсің, кешір мені, кешір! – деп көзіне жас алыпты.
АЛМА АҒАШЫ МЕН ШЫНАР
Бір аулада алма ағашы мен шынар қатар өсіп тұрыпты. Шынар сымбатты бойын мақтан етіп әр күні:

– Бойым түзу шынармын,

Биік көкке шығармын, – деп ән салады екен. Ал алма ағашы кішпейілдікпен төмен иіліп тіл қатпай тұра беріпті. Күздің қоңыр самалы есе бастағанда алма ағашының өн-бойы ауыр тартып, адамдар оның қып-қызыл болып піскен жұдырықтай-жұдырықтай алмаларына қызыға бастапты. Ал шынардың жапырағы сарғайып, оған ешкім қарамайтын болыпты. Алма ағашы болса жемісі толысып піскен сайын оны көпке ұсыну үшін жерге иіле беріпті. Үлкендер мен балалар алма ағашын қоршап алып, оның жемісін үзіп, ауыз жаппай мақтай бастапты. Алма ағашы сонда да мақтауларға желп етпей:

– Көпке жеміс беру менің борышым, – дегеннен басқа ештеңе айтапты. Ал шынар байқұс ұялғанынан ендігі жерде мақтанып ән айтпайтын болыпты. Әрі ол адамдардың алма ағашын мақтап: “Жемісті ағаш төмен иіліп тұрасың дегенін де естіп қалыпты.


ҚҰМЫРЫСҚАНЫҢ ӨНЕРІ
Бірнеше құмырысқаның жабылып өздерінен үлкен бір шырпыны сүйреп бара жатқанын көрген қарға олардан:

– Ой, шүкімайттар, сендер мына шырпыны сүйреп қайтпексіңдер, – деп келемеждей күліпті. Құмырсқалар:

– Сарай саламыз, – десе, қарға онан ары қарқылдай күліп:

– Сарай деп менің мынау ұямды айт, сендердің мына түрлеріңмен қандай сарай салмақсындар! – депті. Оны елемеген құмырсқалар әр күні бозала таңнан ақшамға дейін жанталасып жұмыс істей беріпті. Көп өтпей, көгалды жердің шетіндегі дөңестің жанынан төңкерген қазандай құмырсқалардың илеу сарайы бой көтеріпті.

Терек басындағы ұясында жұмыртқа басып шығарған қарға бір күні балапандарын ұшырыпты. Болмашы желден қанаты майысқан балапан бір ықтасынға келіп қоныпты. Оның:

– Ой, мына сарайды қараңдар, сарайды қараңдар, – деген үнін естіген енесі ол жерге ұшып келіп, әлгі илеуді көріп, таң-тамаша болып:

– Ой, Алла – ай, құмырсқалардың мұншалық еңбекшіл екенін кім ойлаған, өздері титтей болғанымен біздің ұядан үлкен сарай салып алыпты, – деп таңданыпты. Сол кезде бұлардың үні естіген баяғы бірнеше құмырсқалар айғай салып:

– Біздің сарайымыздан жазда жаңбыр, қыста қар өтпейді, Әрі жылы әрі кең. Егер біз сендердей үлкен болсақ, таудай сарай салар едік, – деген екен.


БҰЛАҚ ПЕН ТЕҢІЗ
Тау қойнауынан секеңдеп шоршыған бұлақ:

Менің атым ақ бұлақ

Аға берем шапқылап.

Мөлдір маржан шашамын,

Жағалауға атқылап,– деп өзің әлемдегі теңдесі жоқ суға, бағасы жоқ асылға бағалайды екен. Күндердің бірінде сел жауып, лай батпақ болған бұлақ суы ес-ақылынан айырыла домалап өзенге қосылыпты. Өзеннен теңізге құйылғанда есін жиған бұлақ айналасына қарапты. Ұшы-қиыры жоқ көк теңіздің шымырлап қана жатқанын көріпті. Ол сонда барып “нағыз ұлылық деген нәрсе айдын шалқар теңіздің асып таспай сабасында жатқаны екен-ау!” деп жалғыз тамшыдай жайын еске алып қатты ұялған екен.
ТОҚЫЛДАҚТЫҢ ТӘУБЕСІ
Тоқылдақ бала күнінен өте тентек болған екен. Ағаштан ағашқа ұшып, ағаштың діңін тесіп, тоғайды шулатып маза бермеген соң, Сүлеймен патша оған:

– Оу, тоқылдақ бір уақыт маза берсеңші,– деп зекиді екен. Тоқылдақ болса оны құп алып:

– Болады, тақсыр, болады, – деп ұясына қайтып кететін көрінеді. Ертесі таң сәріден уағдасын ұмытқан тоқылдақ тағы да ағаштарды тоқылдатып, елдің ұйқысын бұзатын болыпты. Сүлеймен патша оған тағы да ұрысса, ол тағы да уағда беріп, ертесі әдетін тағы да қайталайды екен. Әбден жалыққан Сүлеймен оған қатты кәрленіп:

– Тәубеге келуді білмедің, енді ағашты тоқылдатпасаң тұмсығың қышып тұратын болсын! – деп теріс батасын беріпті.

Сүлейменнің қарғысы тиген тоқылдақ расында ағашты тоқылдатпаса тұмсығы қышып тұратын дертке шалдығыпты. Бірақ патшаның кәрінен ұялып: “Бекерге тоқылдатқанша, ағаштардың құртын алып жарасын емдемеймін бе!”–деп сол күннен бастап “орман дәрігеріне” айналыпты.

Бұл күндері үлкендердің арзан уағдалы адамдарға қаратып “Тоқылдақтың тәубесіндей” деуі, әне, сонан қалыпты.


ЕСЕК ПЕН ЖИРАФ
Ерте, ерте ертеде есек пен жираф дос болыпты. Ол кезде екеуінің бойы да бірдей екен. Таңертең екеуі екі бағытпен кетіп, тағам тауып келіп, кеште онысын бөлісіп жейді. Әрі оңашада әңгіме айтып, сыр шертіседі екен. Сонда есек тұрып:

– Менің құлағым сондай тыңдағыш, аса сақ, әлгінде жайылып жүріп, жердің арғы бетінде өрмек тоқып отырған кемпірдің ұршығы жерге түсіп кеткенін естідім, – деп өтірік-шыны аралас көпірме сөзді көп айтады екен.

Ал жираф болса:

– Құлақ естігеннің бәріне сену қиын, көзбен көрген нәрсе нағыз шындық, – дейді екен.

Осылайша есек әр күні өсек тасып, өтірікті айта-айта дауысы зорайып кетіпті. Ал жираф көп үндемейтін болғанымен, шындыққа көз жеткізем деп, алыстарға созылып қарай бергендіктен сұлу мойыны ұзарып кетіпті. Ақыры шыншыл жираф мен өтірікші есектің достығы екіге айырылыпты. Осы күнде есектің алыстан әлдененің төбесін көрсе, аңырап қоя беруі ішіне сыймаған өсекті айтқысы келіп, жирафны еске алған екен. Ал жираф болса, шындыққа көп жеткізем деп, әлі күнге дейін мойынын созып, алыстарға қарай беретін болыпты.

ДОПТЫҢ ТАҒДЫРЫ
Әлемдік деңгейдегі аяқ доп бәсекелеріне қатынасқан ала доп қатты мақтаншақ болыпты. Ол сайыскерлер жағынан тебіліп, әуелегенде немесе қарсы жақтың қақпасына кіргенде, қадалған жанарлар мен ұрылған шапалақтарды өз құрметі деп білді. Небір әлемдік саңлақтардың аяғынан қалса, аялы алақанынан түспейтін ол басқаларды көзге ілмеді:

– Мендей доп жоқ, бар әлде,

Біріншімін әлемде, – деп ән шырқайтын болды. Оған басқа доптар:

– Барлығымыздың теңіміз бір, тебілуіміз бөлек, бір атаның баласымыз, бізді доп қылып тұрған ішімізге толған жел ғой!– десе, қара ала доп онан арман масайрап:

– Мендей доп жоқ әр елде,

Біріншімін әлемде, – деп онан арман даурығатын болыпты.

Сол күндердің бірінде қатты тебілген ала доп, әлде қайда қаңғып барып шегеге ұрылды. “Тарс” еткен дыбыс қана шықты. Ол енді желге тойған кәдімгі ала доп емес, ұлтарақтай ғана былғарыға айналып қала берді.

Жұрт оны таптап өтіп жатты. Әлдебіреу оны темір қысқышпен қысып алып, қоқыс сандыққа тастады. Қоқыс сандығының сасық иісінен құсқысы келген бейшара доп айғайламақшы еді, үні шықпай қалды. Осылайша мақтаншақтың соңғы тағдыры масқарамен аяқтады.



КҮН МЕН БҰЛТ
Жер бетіне мейірлене шуақ төгіп тұрған күннің бетін бір мезет бұлт бүркеп алып:

– Күн қанша шуақты болғанмен табақтай ғана, менің туырлықтай қанатымнан сәулесі тесіп өте алмайды, ха-ха-ха, – деп қарқылдап тұрып күліпті. Оның күлкісінен бүкіл дала күңіреніп, аспан шатырлапты.

Ал күн болса, сол баяғы күміс сәулесін шашқаннан өзге дәнеңе айтпапты. Мұны “қорықтың деп жорыған бұлт онан ары кәрленіп, жер бетіне заһарын бүркіп, бұршақ жаңбырымен ұрғылапты. Күн сонда да тіл қатпапты.

Осы кезде батыстан баяу жел көтеріліп, бұлттарды ыдырата бастапты. Берекесі қашқан бұлт шоғыры бірінен-бірі қашып, тұс-тұсқа жан сауғалапты. Кейбірі тозы – тозы шығып, жоғалса, бір бөлімі тауларға барып паналапты.

Күннің шуағы жер бетіне төгіле бастапты. Бұлттың жәбірінен құтылған күллі тіршілік алтын сәулемен қауышыпты. Олар бір ауыздан:

– Бұлт қара қанатымен бүкіл аспанды бүркеп алғанымен, бәрібір күннің көзін тоса алмады, – деп мәз-майрам болысыпты.




1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет