" алаш қОЗҒалысы" жайлы қазақ зиялыларының ой пікірлері



жүктеу 74.33 Kb.
Дата02.04.2016
өлшемі74.33 Kb.
: 109
109 -> Дома на окне пылился светильник со сломанным абажуром
109 -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
109 -> Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
109 -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
109 -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
109 -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
109 -> -
109 -> «Проблемы миграции: государственная политика и роль медиа»
109 -> Программа дисциплины «Работа со сновидениями в психоаналитической практике»
АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ” ЖАЙЛЫ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ОЙ ПІКІРЛЕРІ
Сабитова С.Д., Бимаканова З.Ш.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)


Ұлт тарихы тек қана саяси, әлеуметтік – қоғамдық оқиғалардан ғана емес, сонымен қатар ұрпақ жалғастығынан, өміршең дәстүрлерден құралатыны да белгілі. Сол игі дәстүрлерден тағылым ала отырып, мемлекет, әлеумет, жеке адам күшін түзейді, бағытын айқындайды. Халқымыз жүріп өткен ұзақ жолдың шежірелі күндеріне көз салсақ, тарих ата жадына тоқыған талай тағылымды істерді көрер едік. Қазақ тарихының осындай белесті асуларының бірі – Алаш қозғалысы. Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған бұл ұлы қозғалыстың тарихы мен тағылымы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Алаш қайраткерлері ұлтты ұлт ететін талай – талай шаруаны бастағаны, жолға салғаны белгілі. Сол Алаштың өткен тарихын халқына қайтаратын ақтаңдақ оқиғалардың айқындалатын уақыты жетті. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді, оңы мен солын таныды. Халықаралық деңгейде бай тарихы бар, іргелі мемлекет ретінде таныла бастады десек артық айтқанымыз болмас. Сондықтан бүгінде еліміздің мемлекеттілігі туралы тарихын қозғау қажеттілік болып табылады. Бүгінгі егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің тарихында Алаш атын аспандатқан арыстарымыздың үлесі орасан екендігі дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат. Олар келер ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндіктің отын өшпестей етіп тұтатып кетті. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы, бастауы – осы Алаш арыстары: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтың т.б. Ақ Тумен көтерген тегеурінге бергісіз батыл, мемлекетшіл және отандық идеясы болатын. Алаш қайраткерлері атқарған тарихи міндеттің зор маңызы да осында.

Осыдан түсінуімізге болады «Алаш идеясы» - қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы деп. Өйткені халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттық аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті.

Елбасшысы Н.Назарбаев: «Алаштың» басты мақсаты қазақ қоғамын бірте – бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді... Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті...

Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан – жай емес еді. Алаш жаңа елдігіміздің, байырғы аймағымыздың рәмізі еді. ХХ ғасырда қазақтың азаматтық тарихында ең ұлы идея қайсы десек, ол – Алаш идеясы деп жауап беруге болады. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі де осы идеяда жатыр. Алаш идеясы үшін күрескен кезең ХХ ғасырдың басынан бастау алады, 30 жылдай уақытты ғана қамтыған. Аз болса да ғасырға тең уақыт. Алаш зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі мемлекет басқаруға қабілеттілігін де сол жылдары көрсете білді. Қазақ тарихында Алаш арыстарының орны ерекше. Зиялылыр Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт – дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Ең алдымен, қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақсат етті. Сол жолда күресті. Сонымен қатар елге демократия, білім – білік алып келу үдерісінің бастауында болды. Алаш зиялылары – елшілік пен Отанға адал қызмет етудің рәмізі. Олар – барды көбейтуші, үзілгенді жалғастырушы, жоқты жасаушы. Алаш қозғалысының тарихи негізі Ресей отаршылдығының қазақ жеріндегі аса асқынған кезеңінен басталды десек, Алаш идеясы одан әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған әрбір қазақ жүрегінің терең түкпірінен орын тепкен. Өйткені Алаш қозғалысы қазақ қауымындағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, прогреске ұмтылған жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс еді.

Ұлт-азаттық қозғалыстың басшылары жалпыұлттық саяси трибуна атқарған «Қазақ» газеті төңірегінде топтасуын одан әрі күшейте түсті. 1910 жылы Ә.Бөкейханов осы уақытқа дейін қазақ тілінде кітап басатын бірде бір баспа, бірде бір газет жоғы екендігінің өкінішін айта келіп: «Бұлар туралы ой қазақ даласында азаттықтың бақытты күндері басымызға келсе де, жүзеге аспап еді», –деген еді. «Қазақ» газетінің қазақ халқын саяси күреске жұмылдырудағы рөлін большевиктік тарихшы Н.Мартыненко 1935 жылдың өзінде-ақ: «Қазақ» газеті Алашорда съездерін шақырудың идеологиялық дайындығының ұйымдастырушысы болды. Кейіннен бұл газет Алашорда үкіметі мен партиясының орталық органына айналды. Ол большевизмге қарсы аяусыз сынды өрістетті», – деп атап көрсетті. Бұл шын мәнінде тарихи шындыққа толық сәйкес келетін баға еді. «Қазақ» газеті қазақ қоғамындағы саяси күштерді топтастырып қана қойған жоқ, ол сонымен бірге жалпы қазақ Құрылтай съездерін өткізудің бас штабына айналды. Онда талқылауға ұсынатын саяси және құқықтық мәселелерді кеңінен насихаттап, халықтың құқықтық сауатын ашты. Осы саладағы алғашқы талдаулар мен зерттеулердің орталығына айналды. Газет бетіндегі Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Сейдалин және Шәкәрімнің мақалаларында саяси күрес, қазақ елінің жаңа әкімшілік бөлінісінің зиянды зардаптары, сот ісі, Мемлекеттік Думаға депутат сайлаудың жай-күйі талқыланды. Мұндай мақалалар халықтың құқықтық сауатын ашумен бірге саяси күреске шақырған үгіт-насихат құралының рөлін де атқарды.

Философ А.Қасабековтың түсігінше: «XX ғасырдың басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткерлері А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, М.Шоқаев және басқалары өмірдің обьективті жағдайларын өзгертуді күшпен емес, сананы сол процеске енгізу арқылы өзгерту керек деп уағыздады. Олардың негізгі идеялары-бостандық, тәуелсіздік, отаршылдық езгіден құтылу жолдары және қазақ халқын жалпы адамзаттық құндылыққа жақындастыру болды» Алаш басшылары болыпевиктердің таптық жіктеу саясатына ұлттық тұтастық, бірлік саясатын қарсы қойды. Мәселен, Ә.Бөкейханов: «Біз қарап отырсақ қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл». («Қазақ». 1918. № 260).

Қазақ халқының үздік білім алған, кең ойлы патриот саңлақтарының пайда болуымен тұңғыш ұлттық Алаш үкіметі құрылып, қазақтың саяси идеясының негізі қаланды. Алаш қозғалысының лидері халықтың өзіндік санасын жоғары көтеріп, ұлттық бостандық идеясын ұсынды, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау бойынша бірізді бағыт ұстанды. Алаш жетекшілерінің ұлт – азаттық ұрандары сол дәуірдің оқыған талаптары, талантты жастарын баурап алды. Туған халқының халін сезіп, біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің идеялары қолдап, солармен бірге қимыл жасады. Қозғалысқа қатысты құжаттардан Алаш қайраткерлерінің оларды іске жұмылдырып, қажет жерінде тиісті тапсырмалар беріп отырғандығын байқауға болады. Алаш қозғалысына қатысқан 17-25 жас аралығындағы жастардың ішінен кейін көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақынм – жазушылар, ғалымдар шыққаны белгілі.

Алғашқы қозғалысы совет үкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бүртұтас мысалы – тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғырылуы.

Алаш қозғалысының, Алашорда жетекшілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалумен байланысты. Кеңес үкіметінің басшыларымен келіссөздері, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлының осы бағыттағы қажырлы еңбегі кейін, Қазақ автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие болған. Қозғалыс көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға - кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген еді. Әлихан Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған. Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов « Оян, қазақ» деп жар салса, Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» дейді.

Қорытындылай келе, уақытынан оза туған Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін жалғастырған абзал. « Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуы мемлекет үшін қажетті саяси, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық атрибуттарды қалыптастыруды қажет етті. Алаш қайраткерлері бұл салада өнімді еңбек етті. Зиялылардың қазақ ұлтын ұйыстырудағы, оятудағы бірнеше жылдық пәрменді әрекеттерінде қажеттіліктер көрініп жатты. Мемлекеттің іргесін қалау мәселелері жазған еңбектері мен атқарған істерінен айқын аңғаруға болады. Еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемелді болуы үшін алға қойған міндеттер аянбай еңбек етуді талап етеді. Болашаққа үлкен сеніммен қадам басу – өткенді саралап, сабақ алудан басталады. Тарих тағылымы – дамуымыздың басты факторларының бірі. Дамуымыздың барысының өзі бізді бабаларымыздың өмірі мен ісіне байыппен үңіліп, олардың жетістіктерін бағалап, жеңілістерінен сабақ алу, даналығын бағамдап, олар ашқан ақиқатты пайымдау қажеттігіне әкеліп тірейді. Еліміздің өткенінен сабақ ала отырып, біз бүгінгі жаңаруларда жаңылыспауға тиіспіз. Еліміз тәуелсіздік алып жариялық самалы ескеннен бері төл тарихимызда да жабық тақырыптарға жол ашылып, бұрынғы тоталитарлық жүйенің кейде айла-шарғысымен, кейде күштеп таңуымен мызғымастай орнығып келген қатаң тарихи әдіснаманың көбесі сөгілді. Қиғаш пікір, оғаш ойлардың бұрыстығы дәлелденіп, бір саусағын ішіне бүккен зымиян саясаттың бет пердесі сыпырылды.

Тарихымыз үшін бір ауыз сөз айту қиынға соққан бір дәуір тарихы қайта қаралып, бірте-бірте ақтаңдақтардың да орны толтырылуда. Алаш арыстарының ұлттық мемлекет құруды көздеп, елді бірлікке шақыруы – бүгінгі ең қажетті құндылық. Ол қазіргі тәуелсіз Қазақстанның мемлекетінің саясатымен үндесіп жатыр. Халқының азаттығы мен бақыты жолында жан сала күрескен, сол жолда құрбан болған Алаш ардақтыларының сан салалы асыл идеялары бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан жағдайында бірте-бірте жүзеге асуда. Кезінде Алаштың арыстары атанған ұлтымыздың ұлы перзенттерінің халқына жасаған ұшан-теңіз еңбектері, рухани асыл мұралары қазақ өз елінің иесі болып тұрғанда мәңгі жасай бермек. Тарих тағылымына терең бойлаған сайын біз бүгінгі тәуелсіз бейбіт күннің қаншалықты ауырлықпен келгенін түсінеміз. Еліміздегі еркіндік пен сөз, ой, ар – ождан бостандығының қоғамдағы тыныштық пен ұлттар арасындағы ынтымақтастықтың, береке мен бірліктің бағасына жетіп қоймай, өскелең ұрпақтың ойына азық, бойына қазық етіп сіңдіру қажет. Алаш идеясы – қазақ идеясы. Демек, «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» дейтін біз үшін ол әрқашан қазақ идеологиясының темірқазығы болып келді, бола береді де.



Әдебиет:

  1. А.Әбілдаев «Алаш» идеясының өзектілігі және XXI ғасырдағы қазақ қоғамында жаңғыртылуы. Ана тілі газеті 2012. 14 – 20 желтоқсан.

  2. Ш. Байділдин “Азаттық үшін алысқан Алаш ” Мәдени мұра 2011жыл № 6. 71 – 75б.

  3. М. Кенемолдин « Алаш идеясы - бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан». Абай 2011.№ 5 – 6.

  4. Б. Сайлан «Алаштың алғашқы жастары» Абай 2011. №3. 26 – 29б.

  5. Ж. Өміржанова «Қазақ зиялылары» Ұлағат журналы 2012. №1.3 – 8б.

  6. Р. Сәулебекова «Ұлт азаттық көтеріліс басшылары және Алаш қозғалысының жетекшілері» Қазақстан тарихы әдістемелік журнал 2011. № 9. 75 – 87б.

  7. К. Нұрпейісов. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: “Ататек”, 1995.




©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет