Қ. МӘмбетов сыр бойы ақын-жырауларының поэзиясындағы ел бірлігі және адамгершілік, имандылық тақырыбы ж. Ешниязұлы шығармашылығында



жүктеу 1.85 Mb.
бет1/7
Дата01.05.2016
өлшемі1.85 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7


Қ.МӘМБЕТОВ

СЫР БОЙЫ АҚЫН-ЖЫРАУЛАРЫНЫҢ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЕЛ БІРЛІГІ ЖӘНЕ АДАМГЕРШІЛІК, ИМАНДЫЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫ Ж.ЕШНИЯЗҰЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДА

Түркістан

2014

Жауапты редактор: С.Құлбарақов, филология ғылымдарының докторы,



профессор

Пікір жазған: Д.Кенжетай, философия ғылымдарының докторы,

профессор

Мәмбетов Қ. Сыр бойы ақын-жырауларының поэзиясындағы ел бірлігі және адамгершілік, имандылық тақырыбы Ж.Ешниязұлы шығармашылығында

– Монография . Түркістан, «Тараз-кітап» баспасы, 2014. – б.

Монографияда қазақтың ұлттық сөз өнері тарихында көрнекті ақын Жүсіп Ешниязұлының дидактикалық-философиялық, лирикалық өлеңдері, көлемді дастандары, айтыстары, әдеби-мәдени мұрасы ежелгі түркі халықтарының тарихымен байланыстырыла қарастырылады.

Кітап көпшілік оқырмандарға арналған.

МАЗМҰНЫ
Кіріспе.....................................................................................................................4

1-тарау. Түркі әлемі халықтарының дидактикалық-философиялық әдебиет дәстүріндегі ел бірлігі – қазақ поэзиясы дамуының идеялық, көркемдік-эстетикалық өзегі


1.1 Дидактикалық-философиялық әдебиет дәстүрі – әлем халықтары,

сөз өнері шығармаларының негізгі қайнар көзі...........................................7

1.2. Жыраулар поэзиясы – дидактикалық-философиялық әдебиет

дәстүрінің көркем арнасы.............................................................................26

2-тарау. Түркі дәуіріндегі дидактикалық-философиялық әдебиет

дәстүрі – Жүсіп Ешниязұлы өлеңдеріндегі көрінісі

2.1 Дидактикалық-философиялық сарындағы лирикалық өлеңдері...............43

2.2 Айтыстарының поэтикалық ерекшеліктері.................................................74

3-тарау. Жүсіп Ешниязұлы дастандарының Шығыстың классикалық

дидактикалық-философиялық әдебиетімен үндестігі

3.1 Ақын дастандарындағы көркемдік ойлау мен шындық.............................85
3.2 Жүсіп Ешниязұлы дастандарының дидактикалық-философиялық

сипаты..............................................................................................................96


Қорытынды..........................................................................................................110
Пайдаланылған әдебиеттер................................................................................117

КІРІСПЕ
Түркі-Шығыс халықтарының дидактикалық-философиялық әдебиет дәстүрі сөз өнері шығармаларының негізгі өзегі болып саналады. Сөз өнерінің інжу-маржандары, «сөз асылдары», яғни дидактикалық-философиялық әдебиет – Тәуелсіз даму жолына түскен, әлем мойындаған Қазақ елінің дамуы мен өркендеуінің қайнар көзіне айналуы тиіс.

Дидактикалық поэзия дәстүрін әрі ұлттық, әрі әлемдік әдебиет ерекшеліктері тұтасуы жағдайында қарастыру, Қазақстанның жаңа тарихындағы мемлекеттік бағдарламалар талаптарымен үндеседі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасына байланысты айтылған пікірі де қазақ әдебиетінің ұлттық мінез-құлық психологиясын насихаттап келген құндылықтарын жаңаша зерделеудің өзектілігін дәйектей түседі:

«Біздің ұлттық мәдениетімізде де жалпы азиялықтарға тән биязылық, өткенге салауат жасау, үлкенді сыйлау, жасқа қамқорлық, қысылғанға қол ұшын беру, ағайынның ауызбірлігін сақтау – бәрі-бәрі де бар. Ендеше сол ұлттық мәдениетімізді ұлықтау, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау – «Мәдени мұра» бағдарламасының басты мақсаты болуға тиіс. Тұтастай алғанда, бізге өзіміздің мәдени мұрамызды дүние жүзінің көруіне және көрсетуімізге мүмкіндік беретін жүйелі көзқарас қажет» [1, 2]. Демек, түркі халықтарының дидактикалық-философиялық дәстүрінің табиғаты және оның Жүсіп Ешниязұлы сынды ақындар шығармашылығы арқылы жалғасуы туралы өзекті тақырыптың қарастырылуының қазіргі заманғы әдебиеттану ғылымының маңызды бағдарламасына да сәйкестігі айқындалады.

Көне түркі дәуірінен сөз өнері халқымыздың атадан балаға жалғасқан өнегелі өмір сүруді уағыздайтын имандылық, адамгершілік тәрбиесі дәстүрін бойына сіңіріп қалыптасты. Бастау көзін Түркі қағанаты дәуірінен алған қазақ сөз өнерінің фольклор, ақындық поэзия, жазбаша әдебиет болып аталатын салалары ғасырлар бойы ұлттық рухымыз бен дәстүрлеріміздің адами ұлағатын адамдарға дарытудың пәрменді құралы ретіндегі қызметін үздіксіз атқарып келеді. Ежелгі дәуір әдебиетін құрайтын түркі өркениеті (VІІІ ғ.) «Күлтегін», «Тоныкөк» т.б. мәдени ескерткіштері, орта ғасырдағы (Х–ХІІ ғғ.) Ислам мәдениеті мұралары, Алтын Орда-Қыпшақ дәуірі (ХІІІ–ХІV ғғ.), Қазақ хандығы кезіндегі (ХV–ХVІІІ ғғ.) жыраулар поэзиясы, ХІХ–ХХ ғасыр әдебиеті шығармалары – бәрі де қазақ сөз өнерінің адамдар санасына имандылық пен адамгершілік ұлағатын сіңіру жолынан ауытқыған жоқ. Бұл – әлемдік өркениет заңдылықтары аясында бағаланатын дидактикалық-философиялық әдебиет дәстүрі.

Дидактикалық-философиялық әдебиеттің қазақ сөз өнеріндегі поэзиялық шығармалар жүйесін дәстүр жалғастығы тұрғысынан қарастыру қазіргі ұлттық әдебиеттану ғылымындағы ең өзекті мәселе.

Дидактикалық-философиялық поэзия дәстүрінің қазақтың ақындық-жыраулық өнеріндегі қалыптасу жолдарын, әдеби байланыстармен ықпалдасуын, Жүсіп Ешниязұлы сынды көрнекті ақынның әдеби мұрасы арқылы дамытыла жалғасуын саралау кітаптың құндылығын айқындай түседі.

Жүсіп Ешнязұлы және онымен тектес көптеген ақындар мұралары көп жылдар бойы назардан тыс қалды. Бұл орайда діни ағартушылық, исламдық- дидактикалық сипаты айқын Жүсіп Ешниязұлы мұрасын әлемдік және ұлттық әдеби даму сабақтастығы аясында қарастыру кітаптың ғылыми құндылығын арттырады.

Профессор Б.Кенжебаев қазақ әдебиетінің тарихындағы ақтаңдақ беттерді толықтырудың өзектілігін сонау 1959 жылғы еңбегінде: «... біз қазақтың бұрынғы ақын-жырауларын саяси-идеялық қатесі жоқ ақын-жазушылар, саяси-идеялық қатесі бар ақын-жыраулар деп жіктедік. Сөйтіп ешбір қате-кемшілігі жоқ деген ақын-жазушыларды алдық та, қандай да болса бір қате-кемшілігі бар ақын-жазушыны «жылы жауып» қойдық. Дұрысында тарихта болған, заманында өз әлінше қоғамдық прогресшіл қызмет атқарған, әлеуметтік, мәдени, әдеби мәні бар, азды-көпті шығармалар қалдырған ақын-жазушылардың бәрінің де аттары ашылуға, қызметтері мен шығармалары көрсетілуге, объективтік тұрғыдан зерттелуі керек. Аттары айтылмайтын, қызметтері мен шығармалары көрсетілмейтін ақын-жазушылар болмауы тиістігін» [2, 189-190], – дәйектеп берді.

Түркі халықтарының әдебиеті – әлемдік өркениеттер дамуының тарихында өзіндік орнымен ерекшеленетін рухани мәдениет қазынасы. Түркі әдебиетінің VІ–ХХ ғғ. арасындағы даму жолы – халқымыздың қалыптасу кезеңдерінің айнасы. Тарихи дамудың барлық кезеңдерінде де әрбір ұрпақтың өзіне дейінгі, өзімен тұстас және болашақтағы ұрпақтарға иман, адамгершіліктің асыл сапасын дарытуды ойлағаны – дәстүрлі көзқарас. Яғни, түркілік сөз өнері халқымыздың атадан балаға жалғасқан өнегелі өмір сүруді уағыздап, бойына сіңіріп қалыптасты. Сөз өнерінің фольклор, ақындық поэзия, жазбаша әдебиет болып аталатын салалары ғасырлар бойы адамгершілік ұлағатының аса қуатты, пәрменді құрал ретіндегі қызметін атқарып келеді.

Түркі әдебиетінің ежелгі дәуірлерінен бастап бүгінге дейін жалғасқан енді болашаққа ұласатын сипатында шығармалардың мазмұны мен пішіні арқылы адамдардың психологиясына әсер етуі қамтамасыз етіледі. Демек, сөз өнері шығармаларының адамдарға жақсылық пен жамандық қарама-қайшылықтарын түсіндірудегі поэтикалық ықпалдылығы басты назарда болады. Бұл орайда Әбунасыр Әл-Фарабидің «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» атты еңбегінде: «Жалпы айтқанда, сөздің мағыналы, яки мағынасыз болмағы шарт. Алғашқысының ішінде кейбір қарапайым, басқаларға күрделі келмекші. Күрделі сөздің жәй айтылуы да, тұспалмен жеткізілуі де мүмкін; әуелгісінің, кейбірі көңілден шығады да, кейбірі олай емес. Ой көрігінен сомдалып шыққан сөздің шынайысы да, жалғаны да болады. Жалған айтылғанның ішіндегі қайсыбірі сөз барысында тыңдаушының зердесінде бейнеленіп, сонымен тікелей тұспалданса, басқалары бейнеленетін затқа байланысты ойда еліктеу туғызады. Соңғысы жай поэтикалық қуаттың әсері. Еліктеудің кейбірі жетілген, кейбірі түбегейлі жетілген. Екеуінің жігін ажыратып зерттеу ақындар мен поэзия білімпаздарының міндеті; көптеген тіл мен диалектіде бұл хақында әр түрлі шығармалар жазылған» [3, 78].

Адамзаттың пайда болуы мен қалыптасуы, даму жолында барлық салада да түрлі-түрлі көзқарастар аясында бағалаулар ерекше орын алады. Әрбір нәрсенің және құбылыстың, қасиеттің сырларына, қырларына, пайдасы мен зиянына, болашағына және т.б. алуан түрлі сапаларына баға беру адамзат дүниетанымының сыншыл табиғатына тән сипат. Ағартушы ғалым А.Байтұрсынов: «Сын деп адам ісінен шыққан нәрсені тексеріп, баға беруді айтамыз. Сынға салуға болады – ғылымнан шыққан нәрсені де, өнерден шыққан нәрсені де, кәсіптен өнген нәрсені де, қоғамшылдықпен құрылған нәрсені де. Ол нәрселер көп адам күшімен, ісімен жасаған мемлекет сияқты ұлы нәрсе болуға да ықтимал. Жалғыз адам жасаған ұсақ нәрсе болуға да ықтимал. Адамның қай ісінен шыққан нәрсе болса да, сынға салудағы мақсат – жақсы-жамандығын ашу, мән-мағынасын анық табу. Ғылым тарапынан шыққан нәрсе болса ғылым жүйесімен дұрыс, терісін көрсетуі; өнер тарапынан шыққан нәрсе болса, мақсатқа сәйкес келген-келмегенін көрсету; кәсіп тарапынан шыққан нәрсе болса, адам қалпына қолайлы келу-келмеуін көрсету. Сөйтіп адам ісімен шыққан нәрсенің түрлісі түрлі мақсатпен сынға түседі» [4, 220].

Демек, ой көрігінен шыққан сөздердің поэтикалық қуаты арқылы адамдардың жақсылықты игеруін, жамандық атаулыдан жиренуін, мағыналы өмір сүруге талпынысын қалыптастыратын – сөз өнері шығармалары.

Дидактикалық-философиялық әдебиет дәстүрі аясында сөз өнеріндегі эпос, лирика, драма тектерін құрайтын жанрлар әдісі қамтылады.

Дидактикалық әдебиеттану қазақ сөз өнеріндегі поэзиялық шығармалар жүйесіндегі дәстүр жалғастығы тұрғысынан қарастыру қазіргі ұлттық әдебиеттану ғылымындағы зәру мәселе. Түркі халықтарының дидактикалық-философиялық поэзия дәстүрінің қазақтың ақындық өнеріндегі қалыптасу жолдарын, әдеби байланыстар арқылы ықпалдасуын, бұның Жүсіп Ешниязұлы сынды көрнекті ақынның әдеби мұрасы арқылы дамытыла жалғасуын саралау кітаптың өзектілігін дәлелдейді.

Кітапта дидактикалық-философиялық поэзия дәстүрінің әдеби дамудағы поэтикалық-эстетикалық табиғаты теориялық тұрғыда анықталады. ХV–ХІХ ғғ. және ХХ ғ. басындағы ақын-жыраулар шығармаларындағы имандылық-адамгершілік идеяларын насихаттайтын туындылардың поэтикалық ерекшеліктері сараланады.

Дидактикалық-философиялық поэзия дәстүрінің көрнекті тұлғасы Жүсіп Ешниязұлының әдеби мұрасы тақырыптық-идеялық, жанрлық, стильдік-көркемдік жақтарынан ғылыми-теориялық тұрғыда талданады.




І ТАРАУ

ТҮРКІ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ДИДАКТИКАЛЫҚ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ӘДЕБИЕТ ДӘСТҮРІ – ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ ДАМУЫНЫҢ ИДЕЯЛЫҚ, КӨРКЕМДІК ЭСТЕТИКАЛЫҚ ӨЗЕГІ
1. 1 Дидактикалық-философиялық әдебиет дәстүрі – әлем халықтары сөз өнері шығармаларының негізгі қайнар көзі
Түркі халықтарының бір бұтағы саналатын қазақтың өзіндік төл атымен аталатын рухани мәдениеті ХІІІ–ХV ғасырларда өркениеттер дәстүрлері тоғысқан сипатымен ерекшеленеді.

Академик С.А.Қасқабасовтың Қазақстанның ХІІІ–ХV ғасырлардағы рухани мәдениетін жаңаша жазудағы пікірі бұл ойымызға дәйек болады: «Бұл кезеңнің рухани мәдениеті Дешті Қыпшақ аумағында ежелгі түрік, монғол және ислам мәдениеті дәстүрлерінің өзара тығыз ықпалымен сипатталады. Ол негізінен алғанда фольклор, ауызекі жеке поэзия, жазбаша (қолжазба кітаби) әдебиет және музыкалық поэтикалық өнер түрінде болып, дамып отырған» [5, 232].

Белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев: «Адамзат баласы табиғаттың сыр сипатын, жұмбағын, қоғам өміріндегі түрлі болмыстың мәні мен мағынасын, шындығы мен қайшылығын ой-сана қуатымен, ғылыми-диалектикалық әдіспен зерттеп білсе, енді бірде көркем сөз өнері, соның ішінде құбылыстарын образдық ой арқылы жеткізетін халықтың коллективтік творчествосы – фольклор шығармаларынан танып біледі» [6, 7], – дейді.

Ә.Қоңыратбаев айтқандай, көркем сөз өнері – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымының жемісі. Сөз өнеріндегі фольклор жанрлары, ауызекі жеке поэзия, жазбаша (қолжазба – кітаби) шығармалары – бәрі де адамдардың иман, адамгершілік тәлім-тәрбиесіне арналады.

Қазақ фольклорының образдары жанды әрі шынайы болып келеді. Олар адамға ой салып, ғибрат береді. Фольклор туындылары адам тәрбиесі, қоғам мәселелерінен шет жырланған емес. Оның басты айтар ойы – халықтың адам баласын сүйе біл, еңбек пен ерлікті қастерле, досқа жылы, қамқор, дұшпанға берік бол, жас та болсаң, елге ағалық көрсете біл, өмірден үйрен де, өрге, өнерге ұмтыл дейтін ғибрат. Мұның бәрі адам, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет болған. Ертегі мен эпоста көптеген образдар бар десек, солардың мінез-құлықтары, психологиясы бір-біріне қарсы қойылған. Онда бірлік пен араздық, достық пен жаулық сарындары шендескен. Мұны біз халық гуманизмінің фольклордағы көрінісі дейміз. Тұлғасы сом, жан дүниесі таза, рухы күшті ірі образдар жасаудағы халық поэзиясының сүйенген арқауы осылар... Шоқан мұның бәрін қазақ фольклорының халықтық сипатына жатқызып, қазақ эпосының образдары, Европаның жазба әдебиетінен ешбір кем соқпайтындығын айтқан [7, 162-168].

Фольклорда да, ауызекі жеке поэзияда да, жазбаша әдебиете де айтылатын тілектердің барлығы да поэтикалық өрнектері шебер үйлесімділікпен өрілген кестелі өрімді, мағыналары астарлы оралымдармен айтылады. Сөз өнерінің осындай бейнелі өрнектерінің эстетикалық-гуманистік табиғатына орай әлемдік мәдениет тарихында «Дидактикалық әдебиет», «Дидактикалық поэзия» ұғымдары да қалыптасқан. Бұл екі тіркестің мағыналық ұғымдары бір-бірімен сабақтас.

Профессор С.Негимовтың анықтамалары әлемдік және түркі әдебиеттері мұраларындағы поэтикалық сабақтастықты аңдатады. Мысалы, «Дидактикалық әдебиет (грекше didaktikos – үлгілі, өнегелі, ғибратты) – ғылыми-тағылымдық сипатта түзілген көркем шығармалар» [8, 80] деген анықтама аясында Римнің философ ақыны Лукрецкийдің «Заттар табиғаты туралы» (б.д.д. І ғасыр) деген дидактикалық поэмасы, ХІ ғасырдағы Қайқауыстың ұлы Гиланшаққа арнап жазған «Кабус-наме» шығармасын және Рашид-ад-Диннің ұлына арнаған жазбалары» [8, 80] мысалға алынады. Бұл, әрине, әлем халықтарының барлығының да, әсіресе, өркениеттік даму деңгейлеріне жеткен елдердің мәдени-әдеби мұраларында қалыптасқан педагогикалық-гуманистік үрдістердің бірі.

Ежелгі Грецияның натурфилософиясына негізделе жазылған дидактикалық поэмалар – әлемдік рухани мәдениеттердің тарихындағы бағалы ескерткіштер. Алты кітаптан тұратын «Заттар табиғаты туралы» философиялық-дидактикалық поэма жазған Римнің философ ақыны Тит Лукреций Кар (б.д.д І ғ.) «....был самым крупным из тех поэтов-мыслителей, которые надеялись ликвидировать гражданскую смуту в Риме путем проповеди материализме и вообще просветительных идей» [9, 30].

Лукреций поэмасының дидактикалық сипатынан ежелгі Грециядағы (б.д.д. ІV – ІІІ ғғ.) Эпикур философиясының өлеңімен жазылған көзқарастары аңғарылады. Антикалық поэзия мен философияның өзегіне айналған натурфилософиялық көзқарастардың әлемдік ойшылдық әлемінде ықпалды дәстүр қалыптасқандығы мәлім. Ғылыми анықтама бойынша: «Натурфилософия (нем. Naturphilosophie), философия природы, умозрительное истолкование природы, рассматриваемой в ее целостности. Ранняя др.-греч. натурфилософия досократовского периода (милетская школа и др.) явилась по существу первой исторической формой философии вообще» [9, 86].

Табиғат құбылыстарына негізделе тұжырымдалатын натурфилософияның көзқарастары әлем халықтары әдебиеттерінің дамуында екі түрлі бағдарлы бейнелеумен көрінеді: біріншісі – табиғат құбылыстары жүйесіндегі іс-әрекеттерді фантастикалық тұрғыда сипаттау; екіншісі – табиғат құбылыстарының адамзат пен басқа да тіршілік иелеріне байланысты жақтарын диалектикалық идеялары айқын реалистік, ғылыми пайымдаулармен тұжырымдау. Зерттеуші А.Ф.Лосев Тит Лукреций Кардың алты кітаптан тұратын «Заттардың табиғаты туралы» поэмасының натурфилософиялық сипатына баға бере келіп, мынадай қорытынды жасайды: «Подводя итоги содержанию поэмы Лукреция, необходимо сказать, что несмотря на отдельные отклонения в сторону, содержание развивается весьма последовательно и логично, переходя от общего к частному: в первой книге – самое общее учение об атомах и пустоте; во второй – о возникновении сложных физических тел из простых атомов, в третьей – о таком же атомистическом возникновении и разрушении духа и души; в четвертой – частная психология; в пятой – история мира и человека; в шестой книге – рационалистическое обьяснение отдельных областей природы и жизни» [9, 301-302].

Әрине, қазақ сөз өнеріндегі дидактикалық әдебиеттің, оның үстіне поэзия үлгілерінің әлем халықтары сөз өнеріндегі сондай туындылармен үндес екендігі байқалады. Ең басты үндестік – тіршілік қозғалыстарындағы құбылыстардың, қасиеттердің өнегелі жақтарынан ғибрат алу мәселесі уағыздалатындығы. Қазақ әдебиетінің ежелгі көркемдік негіздері – фольклор жанрлары, түркі өркениеті жазба ескерткіштері. Дидактикалық әдебиеттің әсемдік сөз өнері тарихындағы озық үлгілер мен қазақ мәдениетіндегі рухани қазыналар – фольклор мұралары да, түркілік жазба жәдігерліктері де үндесе алады. Әрине, қазақтың халық әдебиетінің құрамындағы мақалдар мен мәтелдер, «Беташар», «Бата сөздер», насихат, нақыл өлеңдер мен шешендік сөздер – бәрі де ұлттық сөз өнерінің дидактикалық дәстүр негіздерін құрайды. Халық әдебиеті – эстетикалық дүниетаным, тәлім-тәрбиесін, тағылымын мол жинақтаған даналық қазынасы. Әлем мәдениетіндегі дидактикалық әдебиет дәстүрлерінің бәрінің де халық әдебиеті үлгілерінен өнеге ала қалыптасатыны, дамитыны анық. Ежелгі түркі, грек, рим, қытай, араб, парсы, үнді және т.б. өркениеттері танымал болған елдердегі дидактикалық үрдістердің болмысы осыны байқатады.

Халық әдебиеті – ата-бабалардың өз тұстарындағы замандастарының кейінгі ұрпақтарға арналған ғибраттық мұрасы. Отбасындағы тұрмыстық қарым-қатынас мәдениетінен бастап, жалпы адамзаттың гуманизм мұраттарына дейінгі қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің бәрін де қамтитын халық әдебиеті шығармалары ғасырлар бойы жалғаса дамып келеді. Ал, авторлары белгілі дидактикалық шығармалардың да халықтық эстетика көзқарастарына сүйенгені анық. Бұл орайда әлемдік дидактикалық әдебиеттің көрнекті туындысы «Қабуснаманың» орны айрықша дараланып тұрады. «Қабуснама» – қырық төрт тараудан тұратын аса көрнекті мәдениет туындысы. Оны өзбек тілінен тұңғыш қазақ тіліне аударған Т.Айнабеков туындының әлем халықтары тілдеріне аударылуы тарихынан мынандай мәліметтер келтіреді. «Қабуснама» – 1432 жылы түрік тіліне, 1786-1787 жылдары ұйғыр тіліне, 1881 жылы неміс және татар тілдеріне, 1886 жылы француз, орыс тілдеріне тәржімаланады. 1953 жылы Шығыс әдебиетін зерттеуші атақты Е.Э.Бертельс екінші рет орыс тіліне аударған. Парсы, тәжік тілінен өзбек тіліне Алишер Науаидан соңғы өзбектің атақты ақыны Огахи 1860 жылы тәржімалайды» [10, 5].

«Қабуснаманың» авторы туралы: «Қабуснаманың авторы – Қайқаус Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында мекендейтін Гилан ру-тайпасының ұсақ феодал семьясында (1021-1022 жылдарда) дүниеге келеді» [10,5], – дейді.

Дидактикалық туынды – адам мен оны қоршаған табиғат құбылыстарының сабақтастық жүйесіне негіздей отырып, гуманистік-философиялық тұжырымдар айтатын еңбек.

Әлемдік рухани мәдениет тарихы – әртүрлі халықтардың туындыларынан құралады. Кітаптың «Сөз басы» атты кіріспесінде Қайқауыстың өзінің перзенті Гиланшахқа арнаған аманатында сөз үлгілері және кітап арқылы адамзатқа мәңгілік жақсылық жасаудың тағылымы айрықша дараланып айтылады: «... Тірлікте мәңгі өлмейтіндердің бірі – кітап, оны құртып жіберетіндей құдіретті күш жоқ. Мен өзімнің төрімнен көрім жақын екенін көріп, өлім жарлығы қолыма тимей тұрған шақта, білген ақыл-кеңесімді кітапқа жазғым келді ...

... Ей, перзентім, саған заман тұрмыс-тауқыметінің құрықты қолы жетпей тұрған шақта менің айтқан сөзімді оң құлағыңмен тыңдап, өсиетімнен үлгі алып, жақсы атағыңды шығаруға тартынбай талаптан» [10, 9].

«Қабуснама» кітабының мазмұнында адамгершілік, имандылық, тәлім-тәрбие мәселелері мол қамтылады.

Жинақтап қарағанда, адамзат қауымына ортақ мәселелер ислам діні қағидалары жүйесіне сәйкестендіріле баяндалады. Әкенің баласына қарата айтылған үгіті, насихаты, өсиеті – ұлағатты уағыздар. Тараудағы ғибратты уағыздардың барлығы да мағыналы, ойлы. Дүние жүзіндегі дидактикалық әдебиеттердің көрнектілерінің бірі болып саналатын бұл туындыдағы уағыздайтын мәселелер тарауымызда саралана көрсетілген. Мысалы, Алла тағаланы тану, оның бергеніне шүкіршілік ету, пайғамбарлардың қасиеті, тағат, ғибадат, ата-ананы құрметтеу, қарттық және жігіттік, нәпсіні тию, тағамды жеудің тәртібі, шарапты ішудің шарттары, қонақ күту, қонаққа бару, әзіл-күлкі, шахмат, дойбы ойнау тәртібі, махаббат және оның дәстүрлі жыныс қатынасының пайдасы мен зияны, моншаға бару, ұйқы, демалу, саятшылық, аң аулау, ат үстінде доп ойнау, соғыс өнері, мал, дүние жинау, аманатты сақтау, үй, жер сатып алу, диқаншылық және базар саудасы өнері, жомарттық т.т.

Кітапта жаратылыстың тылсым сырларын игеруге ұмтылатын талапты адамдардың ғылым жолында ізденуіне байланысты арнаулы әңгімелер айтылады. Үйлену («Жиырма алтыншы тарау»), перзентті тәрбиелеу («Жиырма жетінші тарау»), дос таңдау («Жиырма сегізінші тарау») туралы насихат әңгімелері адам мінезінің күрделі тіршілік қайшылықтары ортасындағы сипатын саралайды.

Дидактикалық әдебиет – адамдардың өзара жақын қарым-қатынастарының нәзік жақтарын, сөз өнері тілімен түсіндіретін рухани құрал. Кітаптың «Жиырма сегізінші тарауында» дос таңдау туралы уағыздары да тәрбиелік әсерімен ерекшеленеді. Мысалы: «Ақылсыз адамдармен дос болудан сақтан. Өйткені, ақымақ дос ақылды дұшпаннан жаман. Ақылсыз достың істеген ісін ақылды дұшпан істей алмайды.

Жоғары дәрежелі, адамгершілігі күшті, білімді, опалы кісілермен достассаң, сен өзіңнің адамгершілік шапағатың, іліміңмен жұртқа атағың жайылады.

Адамгершілігі аз, мейір шапағаты кем, ілімсіз адамдармен бірге болма. Бұл сияқты адамдармен жолдас болғанна, болмаған жақсы.

Адамдарды екі топқа бөледі, бірі – достық ақысын босқа кетіретіндер, екіншісі – жақсылықты жақсы дей білушілер [10,183].

ХV–ХІХ ғғ. және ХХ ғ. бас кезіндегі ақын-жыраулар поэзиясында да осы адамтану көзқарастары дамытыла жырланды. Мысалы, Шалкиіз Тіленшіұлының толғауларындағы осындай мағынадағы ой өрімдері қазақ сөз өнеріндегі дидактикалық сарындардың қуаттылығын айқын байқатады.

Жақсының жақсылығы сол болар,

Жаманменен бас қосып,

Сөйлемекке ар етер,

Жаманның жамандығы сол болар,

Сөйлесе дәйім бетін қара етер [11, 39].
... Жаманнан туған жақсы бар,

Адам айтса нанғысыз.

Жақсыдан туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,

Бір аяқ асқа алғысыз [83, 44].
Ағайынның ішінде

Бір жақсысы бар болса,

Қоңқалаған көп жаман

Сол жақсыны көре алмас ... [11, 45].

Әлемдік мәдениет тарихындағы дидактикалық сарындардың поэтикалық үндесуі табиғи заңдылық. Адамзаттың ізгілік жолындағы игі қадамдарына сөз өнері арқылы бағдар беру замандар бойы жалғасып келеді. Қазақтың өз атымен аталатын төл әдебиеттің тарихындағы дидактикалық поэзияға көркемдік негіздерді және үндес арналарды біз өркениеттер дамуындағы заңдылықтар тұрғысында бағалаймыз.

Қазақтың сөз өнері – халықтың тәлім-тәрбие негіздері арқылы ұрпақтардың ұлттық өркендетуге жетуіне қызмет етіп келе жатқан мұра. Жалпы адамзаттың ортақ гуманистік мұраттардың құрамында қазақтың ұлттық дүниетанымы да өзіндік орнымен бағалана алады. Мысалы, Ақтамберді Сарыұлының толғауы мен «Қабуснамадағы» жақсы мен жаман адамдар хақындағы сыншылдық ойлардың үндестігінен ортақ дидактикалық тұжырымдар жүйесі танылады:

1.Ағайының көп болса,

Ұлы шерік қолмен тең.

Білімді туған жақсылар,

Аз да болса көппен тең.

Жақсысы кеткен ауылдың

Артынан жақсы шықпаса,

Өртеніп кеткен жер мен тең ... [11, 65-66].
2. Сары аязда қата ма?

Қайнардың аққан тұнығы,

Қап түбінде жата ма

Болаттың асыл сынығы,

Халқы тозып кем болмас,

Әділ болса ұлығы.

Рақымсыз жақыннан

Халқы қатты түңілер.

Сырқат болсаң жат жерде,

Жаныңда кім бөгелер.

Әділ туған жақсыға,

Екі даугер жүгінсе,

Тізесін қисық бұрмаса,

Асылдығы білінер [11, 66-67].

Кітаптағы кәсіптік білім үйрену, ұстаздық және қазы болу туралы әңгімеленетін отыз бірінші тарауда да жеке тұлғалардың өнердің, кәсіптің сан-алуан түрлерін меңгергенде ғана жеке бастарына барлық адамдарға жақсылық жасай алатындықтары бағаланады. Іскерлік пен білімге құмарлық, ізденгіштік, кішіпейілділік, әдептілік, ұқыптылық және т.б. ең ізгі қасиеттерді ұстанғандардың ғана мұратқа жететіні дәлелденді.

«Қабуснама» кітабындағы дидактикалық мағынадағы бағдарлы көзқарастар арқылы өнер түрлерінің адам өміріндегі аса маңызды орны ерекше аталады. Адамзаттың әуелі пайда болуы, қалыптасуы, даму жолдарында өзара қарым-қатынастар мәдениетінің дәнекері тіл, сөз болғаны мәлім. Адамдардың жан дүниесіндегі асыл, сапалы қасиеттері іс-әрекеттері арқылы жүзге асады. Ал, өзара қарым-қатынастар жүйесінде көңіл-күй қойнауларындағы терең сырлы, нұрлы ойлар сөз өнері арқылы көрінеді. Яғни, адамдардың мағыналы, мәнді өнерінің өткені мен бүгініне, болашағына рухани дәнекер болып келе жатқан сөз өнерін қадірлеуге, оны меңгеруге шақыратын ата-бабалардың даналық ойларының да мол екендігі белгілі.

Қазақ фольклорындағы тіл өнеріне арналған мақал-мәтелдер – халықтың эстетикалық-гуманистік дүниетанымының айғағы. Мысалы, «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ», «Тіл қылыштан өткір», «Бал тамған тілден у тамар», «Басқа пәле тілден», «Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер», «Қаһарлы сөз-қамал бұзар», «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Ұлы сөзде – ұят жоқ», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жүйелі сөз – жүйесін табар, жүйесіз сөз – иесін табар», «Сөзіңді айт ұққанға, айтып-айтпай не керек құлағына мақта тыққанға» және т.б. [12, 48-55]. Қазақ фольклорындағы көрнекті мұралардың бірі – мақал-мәтелдердің сөз өнеріне қатысы барлар «Қабуснамадағы» кейбір тараулардағы мағыналас насихат үлгілерімен үндеседі. Мысалы, өнердің абзалдығы, қадір-құрметі және өнегелі болуы («Алтыншы тарау»), шешендік өнерін үйреніп, жоғары мәртебелі болу («Жетінші тарау»), ақындық өнері («Отыз бесінші тарау») жыршы және музыканттық («Отыз алтыншы тарау») туралы ғибрат әңгімелері де маңызды. Аталған тараулар дидактикалық-философиялық сарындағы бағдарлы әңгімелеу арқылы өнер түрлерінің теориялық негіздерін меңгеруді түсіндіретін ғылыми-әдіснамалық еңбектер сипатында да танылады. Ақындық, шешендік, жыршылық, музыканттық өнер түрлерінің туа біткен табиғи дарындылық негізінде болуына мән беріледі. Өнер адамдарының рухани және тән тазалықтары, тыңдаушылардың қабылдау мүмкіндіктеріне мұқият қарау, даңққа масаттанбау, әр түрлі мінез-құлық иелерінің барлығының да көңілін таба білуге дағдылану насихат етіледі.

Өнер шығармаларының автордың ақыл-парасатынан туатынын, туындылардың сөздерінің түсініктілігін ойлауды ұлағат етеді. Ақындық өнер туындысы үшін талант пен ізденгіштікті, шеберлікті жетілдіруді назардан шығармауды ескертеді: «Өлеңді өзің үшін емес, жалпы халық үшін жазу керек. Бір сарындағы ұқсас бірегей буын өлшемдерінен құрастырылған мағынасыз, мәдениеті төмен өлең жазу ісімен шұғылданба. Өлеңнің сыртқы түріне, мазмұнына сай келіп құлпырып тұрғаны жөн. Өлең жазуда мәдениетсіздіктен сақтанып, өлең жазу қағидаларын басшылыққа алғын.

Мәселен, ақындыққа қажетті тәсілдерге мына төмендегілерді жатқызуға болады. Сөздегі үндестік, теңеу, пішіндеу, қайталау, дамыту, ұлағаттау, теңдестіру, құбылту, астарлау, ажарлау, айшықтау, шендестіру, үзінділеу, асқақтату, жұптау, түйдектеу, баяулату, перделеу, қалыптасу, кейіптеу, мезгеу, ырғақтау, бейнелеу, табу, бұрмалау, егіз-ұйқас пен мадақтау сияқтылар.

Жалпы сөзім өрелі әсірлі болсын десең, қыздырма қызыл сөзді қыстыра бермей мүмкіндігінше жақсы теңдеулер мен балама сөздерді барынша көп пайдалан» [10, 117].

Дидактикалық әдебиет үлгілерінің барлығында сөз өнері шығармалары арқылы жалпы адамзаттың рухани жетілуіне ықпал ету мақсат етіледі. Адамдардың есі кірген балалық шақтан бастап, есейіп, егде тартқан кезде де шындықты ғана айтуын тілейді. Шындық – мағыналы өмір сүрудің нақты көрсеткіші. Шындықты арқау етіп сөйлеген адамдардың ғана оны қоршаған әлеуметтік ортада, кейінгі ұрпақтар жалғасуында даңқты атымен мадақталады. Қазақ тарихындағы шешендік өнер иелері қалдырған мұралар көп [13, 14, 15, 16, 17].

Қазақ сөз өнеріндегі дидактикалық мұралардың бірі – шешендік сөздер. «Қабуснамадағы» шешендік өнерді үйреніп, жоғары мәртебелі болу туралы («Жетінші тарау») ұлағатты насихатты сөздер талабы осы өнерді ардақ тұтқан, қазақтың ұлттық психологиясымен де сәйкес көрінеді. «Қабуснамада» мынандай ұлағат айтылады:

«Кісі сөз өнерін білетін, шешен болуға тиіс. Ей, перзентім, сен де шешен бол, сөйлей білгін, бірақ жалған сөйлеме, сөйлесең шындықты сөйлеп, туралықты айтумен атағың шықсын. Кейбір өте қажетті жағдайда айтқан жалған сөзге жұрттың сенуі мүмкін, бірақ оны әдетке айналдырмай, әрдайым айтқан сөзің шындық болу керек. Жұрт сенбейтін шындықты да айтпаған жөн. Жалғанға ұқсаған шындықтан гөрі шындыққа ұқсаған жалған жақсы. Өйткені ондай жалған сөзге жұрт сенеді, ал жалған сияқты шындыққа ешкім де сенбейді. Демек, жұрт сенбейтін шындықты айтудан сақ бол...» [11, 30].

«Қабуснамадағы» шешендік және ел құрметіне ие болу хақындағы насихат сөздерге қазақ тарихындағы шешендердің тұлғалары толық үндеседі. Мысалы, солардың біреуі Жетес Қыстаубайұлына байланысты «Ел құрметі» атты мынадай әңгіме бар: «Жақайым Жетес биден біреу:



  • Сені жұрттың бәрі Жетес, Жетес дейді, осындай ел құрметіне

қалай ие болдың? – деп сұраса керек. Сонда Жетес шешен:

Қазаным сарқылдап қайнап тұрса,

Дастарқаным үсті толып жайнап тұрса.

Қызыл тілім бұлбұлдай сайрап тұрса,

Дұшпаным да сескеніп аузына келгенін шайнап тұрса,

Ел құрметтемей несі бар?!» – депті [17,160].

Профессор Ә.Қоңыратбаев: «Қазақ фольклорында жасалып, сөйлеу тілінде көбірек қолданылатын мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш түрінде айтылатын ғибратқа толы нақыл үлгілерін шешендік сөздер деп айтамыз» [6,60], – дейді.

Шешендердің сөз таластыруы қазақта жиі кездеседі. Қоңырат Сапақ атты шешен болыпты. Бір жиында ол сұңқылдап сөз бермесе керек. Сонда бір рудың шешені оны кеміте сөйлеп: «Сөйле, сөйле, құлағы жоқ шұнақ биім, құйрығы жоқ шолақ биім», – депті-міс. Сапақтың баласы жоқ екен. Сонда ол: «Құлағым жоқ болса, сұңқар шығармын, құйрығым жоқ болса тұлпар шығармын. Берейін десе, құдайдың баласы жоқ па, жіберейін десе пәлесі жоқ па?» – деген екен. Содан соң әлгі бидің он баласы өліп, Сапақ балалы болған екен [6, 63].

Кейбір шешендік сөздер сатира түрінде айтылған. 1890 жылдары Сыр бойының аты шулы шешені Досбол тоқсанға келіп, төсек тартып жатқанда оған қыпшақтың үш баласы Байсын (Соқыр), Саудақұл (пұшық) және Байжан (таз) келіп көңілін сұрайды. Аттанар алдында Байсын: «Уа, Досбол аға, жасыңызда қазақ баласына қызыл тілден бәйге бермей ауызбен құс ілдіңіз. Енді төріңізден көріңіз жуық болыпты, о дүниеге не деп барасыз?» – депті.

Сонда Досбол:



  • Уа, сабаздарым, тумақ болса, өлмек бар. Өлмейтін де адам болады: жақсының аты өлмейді, молданың хаты өлмейді. Менің о дүниеге барғанда айтар сөзім жоқ. Айтар болсам, кешегі әруақты ерлерге қонған бақ құсы бүгінде қара шыбын болып, ол ұшып соқырдың көзіне, пұшықтың мұрнына, таздың басына қонды деп барсам керек, – депті [6, 62].

Кейде шешендік сөздер жұмбақпен айтылған. «Уа, ата, мына таудың басын қырау шалғалы неше жыл болды? Бұл таудың етегін қырау шалғалы неше жыл болды? Бұл таудың басынан бұлақ аққалы неше жыл болды?» [6, 14].

Кейде шешендік сөздер мақал түрінде кездеседі.

Өнер алды – қызыл тіл.

Қызыл тілін безентіп,

Шешен жігіт дауда ойнар... [6, 64], – дейді.

Профессор С.Негимов: «Осы уақытқа шейін шешендердің мейлінше дәл, ұтымды сөздері көркем сөз ретінде қарастырылып келгені белгілі. Негізінде, шешен-билер мемлекет тағдырын шешетін шынайы тұлғалар. Мемлекеттің көсегесінің көгеруі, дамуы нағыз шешен-билердің тегеурінді өнерімен, өнегесімен, қызметімен тамырлас. Ол – тәртіптің тұтқасын ұстаушы, ұлтының салт-дәстүрін, рухани болмыс қасиеттерін, ерекшеліктерін бойына дарытқан текті тұлға, ереже-қағидаларына жүйрік әрі жетілдіруші дархан дарын, әлеуметті ілгері сүйрейтін, қызғыштай қорғайтын, жақсылыққа үндесетін үлгілі ұйымдастырушы» [18, 39-40].

«Қабуснамадағы» адамдарды мінез-құлық сапаларына қарай бөліп қарастыратын толғамдар қазақ шешендерінің осындай ойларымен үндеседі. Адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадағы тұрмыстық қарым-қатынас мәдениеті аясындағы біліктілік деңгейлерінің әр түрлі болатыны анық. «Қабуснамада» әкенің баласына айтқан ақыл-кеңестері жеке тұлғаға арналғанмен, жалпылық мәні анық. Адамзаттың ортақ мекені планетамыздағы алты миллиардтан астам халықдың тілдері, діндері, әдет-ғұрыптары әр түрлі болғанмен адамгершілік мінез-құлық саласын игеру, мұраттары ортақ. Сондықтан дидактикалық әдебиет дәстүріндегі шығармаларда психологиялық танымдық мәселелер негізгі сипатты құрайды.

Мысалы, «Жетінші тарауда» ақындардың білімділік-біліктілік деңгейлеріне, сөздердің қажеттілігіне, қажетсіздігіне байланысты мынадай анықтамалар беріледі: «Ей, перзентім, білгенің жөн, адам – үш түрлі, сөз төрт түрлі болады. Адамдардың бірінші түрі біледі және білген сайын білгісі келеді, бұлар ғалымдар тобына жатады. Бұлардың айтқанына тәнті тұру керек. Екінші түрі – біледі, біле тұра білмеймін дейді. Бұлар ұйқыдағы, залымдар, олардан сақ болған жөн. Үшіншісі білмейді және білгеннің тілін алмайды. Олар – ессіз надандар. Бұл сияқтылардан аулақ болу керек. Сөз төрт топқа бөлінеді. Біріншісі – білуге де, айтуға да қажеті жоқ сөздер. Екіншісі – білуге де, айтуға да қажетті сөздер. Үшіншісі – білуге қажеті жоқ, бірақ айтуға болатын сөздер. Төртінші – білу керек, бірақ айтуға қажетсіз сөздер. Негізінде, дүниенің бар жақсылығы – айту және білу үшін қажетті сөздерге тән қасиет. Бұл сөздер дүние үшін пайдалы болып, айтушыға да, тыңдаушыға да мән-мағынасымен әсерлі болуға тиіс» [10, 32]. Осы арада қазақтың этнографиялық болмысындағы «Ұлағатты ұлттық ұғымдарды» саралап көрсеткен зерттеуші С.Кенжеахметовтің жүйелеуі еске түседі. Зерттеуші былайша жіктейді: «Үш байлық» (денсаулық, ақжаулық, бес саулық), «Үш қат» (аспан, жер үсті, жер асты), Үш қуат (ақыл, жүрек, тіл), «Үш ғайып» (ажал, қонақ, несібе) «Үш арсыз» (ұйқы, тамақ, күлкі), «Үш дауасыз» (мінез, кәрілік, ажал), «Үш қадірлі» (ырыс, бақ, дәулет), «Үш жақын» (жан, мал, жар), «Үш ақиқат» (қымбат-шындық, арзан-өтірік, дауасыз-кәрілік), «Үш қуаныш» (алғыс алу, өзіңді көптің іздеуі, ісіңнің өлшенуі), «Үш көз» (су анасы – бұлақ, жол анасы – тұяқ, сөз анасы – құлақ) және т.б. [19, 27-28].

Зерттеушінің «Төрт тұлға», «Төрт құбыла», «Төрт маусым», «Төрт мұрат», «Төрт мүлік», «Төрт қорлық», «Төрт күнә» т.б. [19, 29-30] жіктеулері де халықтық анықтамадағы әрі ұлттық өзгешеліктің, әрі жалпы адамзаттық көзқарастардың табиғи үндестіктерін айғақтайды.

«Қабуснама» кітабындағы әкесінің баласына аманат етіп қалдырған өсиеттер жүйесінің өзі дидактикалық-философиялық толғаныстардың өнегелі үрдісінің көрсеткіші. Кітаптағы ата-ананы құрметтеу туралы жазылған «Бесінші тарауда» перзент атаулының ата-ананың құрметтеуін айқындайтын міндеттер анықтала көрсетіледі. Ата-ана әрбір перзентінің тегі екендігі, олардың баласы үшін өмірлерін де қиятыны, ата-аналарына жасаған қызметтерін ешқашан да ауырламауы, олардың көңілдеріне қаяу салмауы керектігін ескертеді. Ата-анасы үшін адал қызмет еткен перзенттердің өздерінің де тіршілік заңдылығы бойынша сол еңбектерінің жемісін көретіні түсіндіріледі:

«... Егер сен, өз перзентім құрмет қылсын десең, сен де анаңа не істесең, саған перзентің де соны жасайды. Перзент жеміске, ата-ана жеміс ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын күтсең, жемісі де дәмді, жақсы болады. Сол сияқты ата-анаға деген ізет құрметіңді аямасаң саған деген олардың ізгі тілегі қабыл болады» [10, 19].

Осы арада дидактикалық әдебиет дәстүрінің ежелгі заманғы үлгілеріне негіз болған натурфилософиялық көзқарастардың да үндестігі бар екені де байқалады. Яғни, «перзент жеміске, ата-ана жеміс ағашына ұқсайды» деген мегзеуші (символдық) тіркестер арқылы адам мен табиғат болмысының егіз ерекшеліктері баламаланып бейнеленеді. Табиғат тынысын, құбылысты көркем бейнелі ойлармен өрнектеу дидактикалық әдебиеттің ойшылдық ұлағатын анықтайды. Осы орайда, Қазақ хандығының Ата заңы «Жеті жарғының» жүзеге асуына үлес қосқан Әз-Тәуке ханның Бас кеңесшісі, қазақ билерінің пір тұтқан ұстазы, исламдық-ағартушылық дәстүрдің көрнекті тұлғасы Әнет баба Кішікұлының (1626-1723) ұлағат сөздерінің барлығы меңзеуші астарлармен айтылатынын еске аламыз. Мысалы: «Дүниеде неше жетім бар?» деп сұрағанда Әнет баба айтыпты: – Дүниеде жеті жетім бар.

Олар мыналар:

Сөз жетім, ынтамен тыңдамаса,

Бөз жетім, киілместен тозған болса!

Жер жетім, иесі жоқ қалған болса,

Ел жетім, жақсы басшы арман болса.

Көл жетім, қаз қонбаса құстар ұшып,

Ер жетім, жеке қалса тізе құшып,

Болмаса замандасың тойға барма,

Басыңа жалғаздықтың торы түсіп [20, 84].

«Қабуснама» – әлем әдебиетіндегі дидактикалық әдебиет мұраларымен поэтикалық үндестігі мол шығарма. Қазақ фольклорындағы халықтың тәлім-тәрбие мұраттарына арналған ғибраттық бағдары айқын мұралардың дидактикалық кітаптармен үндестігі – сөз өнеріне тән ортақ туындыларының ақын-жыраулар шығармашылығындағы жалғасуында дидактикалық әуендер, сарындар жаңғыра жырланады. ХV–ХІХ ғғ және ХХ ғ. басындағы ақын-жыраулар шығармашылығына негіз болған дидактикалық әдебиет тағылымы – ұлттық поэзиямыздың көркемдік кеңістігін ұлғайта түсті.

Дидактикалық-философиялық поэзия – сөз арқауындағы көркемдік үрдістің бір саласы. Профессор С.Негимов: «Дидактикалық поэзия (didaktikos – үлгілі, өнегелі тағылымды) – үгіт-насихаттың, өсиет сарын-сипатында түзілген поэзиялық жанрда жазылған шығармалар. Атап айтқанда, дидактикалық-философиялық толғаулар, мысалдар, термелер, баталар, қанатты, нақыл сөздер, ғылыми-танымдық немесе қоғамдық-саяси, философиялық-әлеуметтік тақырыпта жазылған поэзиялық трактаттар» [8, 80], – деп анықтама береді.

Зерттеушінің осы мақаласында дидактикалық поэзия үлгілерінің қатарында түркі әдебиетінің көрнекті ақындарының шығармалары аталады. Мысалы, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», Ахмет Игүнекидің «Ақиқат сыйы», Махмут Қашқаридың «Диуани лұғат-ат түркі», Ахмет Иссауидің «Ақыл кітабы» аталған түркі халықтарының баға жетпес туындыларында дидактикалық-философиялық көзқарастар кеңінен қарастырылып сараланған.

Жүсіп Баласағұнның өмірлік дастаны «Құтты білікте» түркі тілді халықтардың бай ауыз әдебиетінің мұралары негізінде көріктеу құралдарын, мақал-мәтелдерін, қанатты сөздерді, фразеологиялық сөз тіркестерін, әрбір лексикалық элементті ажарлап, айшықтап, ғұлама ақын ауыз әдебиетінің сан қилы жетістіктерін, Шығыс классикасының поэзиялық үлгілерін пайдаланған.

Тарихшы С.Г.Кляшторный: «Жүсіп Баласағұн шығармасы Қарахан мемлекетінің Ата заңының қызметін атқарады, патшадан бастап қойшыға дейінгі елдегі барлық адамдардың міндетін, мінез-құлық нормасын айқындап берді» [24, 169], – дейді.

«Құтты білік» дастаны – мұсылман идеологиясына негізделіп, түркі тілінде жазылған бірегей дидактикалық-философиялық туынды. Шығыстанушы ғалым В.В.Бартольдтің: «Қарахан елінің азаматтары өздерін ұйғыр деп атаған емес, Жүсіп Баласағұн үшін өзі жазған тілі ұйғыр тілі болған емес» [25, 193], – деген. Әділ пікір. «Құтты білік» дастаны түркі тайпаларына ортақ екенін дәйектейді.

«Құтты білік» поэмасында жалпы адамзаттың мазмұны алғы сөзінде көрініс тапқан: «Бұл кітап өзінің даңқымен ұлы Шын (Чин) ғұламаларының мысалдарымен безендірілген, Машын (Яачин) ғұлама-ақындардың өлең-жырларымен өрнектелген, бұл кітапты оқыған, бұл бәйіттерді таратқан адамдар осы кітаптан да жақсы, ізгі болар» [25, 7]. «Құтты білік» кітабы – ғибрат пен ақылға тұнып тұрған дидактикалық-философиялық ұлы туынды.

Сопылық әдебиеттің ірі өкілі, әйгілі ақын, кемеңгер ойшыл Қожа Ахмет Иасауидің «Ақыл кітабы» дидактикалық-философиялық әдебиеттің ішінде шоқтығы биік шығарма. Ақын өзінің «Диуани хикметіне» жазған алғы сөзінде: «Тәубашылдық, Ғибадатшылдық, Махаббат, Сабырлық, Шүкірлік, Ризашылдық, Заһидшілдік (анықтау), Ғаріптік – бұларды түйіп айтсақ, адам құдайды танып білу үшін не істеу керек, қандай уәжіп парыздарды орындау қажет дей отырып, сондай-ақ адамгершілік, әділдік, адалдық, мейірім, рахым, Аллаға деген сүйіспеншілік сияқты мәселелер арнайы сөз болады. Әсіресе, Мұхаммет пайғамбар ұстанған ғаріптік жолына ерекше мән беріліп, оның мән-жайы сарапталады. Ол осы талаптарға сәйкес былай дейді: «Өз тапқанын мүсәпірге бермесе, ол харам. Шариғатты білмесе, шариғат үйрет, тарихатты білмесе, тарихат ғылымымен жолға сал, егер мағрипатты білмесе, мағрипат ғылымын үйрет, хақиқат жолымен мүриттерге жол көрсет» [26, 12].

«Диуани хикмет» бастан-аяқ, ақыл-өсиет, үлгі-өнеге айтуға құрылған. Дін қағидалары мен жалпы адамгершілік, мейірім-шапағат, бауырмалдық мәселелерінің туған әдебиетімізде кең қанат жаюына осы «Диуани хикметтің» әсер-ықпалы мол болғаны даусыз. Ақын көшпелі, жартылай көшпелі қыпшақ, оғыздардың тұрмыс-тіршілігін, көзқарас-танымын ескере отырып, сол жұрттың өз тілінде төгілте жырлайды, араб тіліндегі құран мен шариғат заңдарын өлеңмен сипаттап береді. Бұл – ұлы ақынның үлкен жеңісі еді! [26, 13].



  1. «Бісміллә» деп баян еттім хикмет айтып,

  2. Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.

  3. Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,

  4. Мен «Дәптер сәни» сөзін айттым міне.

  5. Сөздер айтылса кімдерге де етсе талап,

  6. Асық сөйлеп жақын жанды жанға балап,

  7. Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,

  8. Діні қатты халайықтан қаштым, міне [26, 17].

Иасауи өлеңдері – адамзатты адамгершілікке, имандылыққа, қайырылымдылыққа, бауырмалдылыққа, мейірімділікке баулитын дидактикалық-философиялық туынды.

ХV–ХІХ ғғ. және ХХ ғасыр басындағы ақын-жыраулар шығармашылығына негіз болған халық әдебиетіндегі дидактикалық сипаты айрықша дараланған қара өлеңдерді де айтар едік.

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов «Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде» деген мақаласында «Жыр», «Жылау-жоқтау өлеңі», «Қайым өлең», «Қара өлең», «Өлең» атты түрлерін саралап, олардың әрқайсысына шағын-шағын анықтамалар жасаған еді. Мысалы: «Қара өлең – әдетте үйреншікті өлең, бұл өлең төрт шумақты, әр шумақта жеке-жеке ой жатады. Сондай-ақ бұл өлең дауысқа негізделеді» [7, 165], – дейді.

Ал, қара өлеңді арнайы зерттеген профессор А.Сейдімбеков мынадай ғылыми тұжырым жасайды: «Қара өлең өзінің көркемдік құрал-тәсілдері ретінде шешендік сөздердің қиыннан қиысатын тас-түйін логикасынан бастап, жыр-термелердің ақыл-ой өсиеттеріне дейін, эпикалық поэмаларымыздың құйылмалы легінен бастап, жыраулар толғауының даналықтарына дейін, тұрмыс-салт лирикаларының нәзік сезімдерінен бастап, жалпы сөз өнерімізде қойдай өріп жүретін этнографизмге дейін жүзіп жүріп сусын қандырған, рухани нәрі ете білген. ... Қара өлең – ағайынның ақ тілегіне қоса өкпе-назын да, қыз-бозбаланың арман-аңсарына қоса ынтық-зарын да, жасы үлкеннің өсиет-өнегесіне қоса кісіліктің талғам-талабын да талмай жеткізіп отыратын дәнекер. Жай дәнекер емес, айтушы-тыңдаушы жұрт әр сөзінен, әр теңеуінен өз ортасына мейлінше түсінікті мағына тауып, әр емеурінді іштей жорып, ғажайып күй кешеді» [27, 50].

Дидактикалық поэзияның идеялық-композициялық желісінде үгіт-насихаттық, өсиет сарынының болуы – басты ерекшелік. Ал, қазақтың қара өлеңдерінің басым бөлігі осындай дидактикалық-философиялық ойлардың тізілісімен жырланады. Мысалы, мынадай қара өлеңдер адамдардың өз ортасына, жеке тұлғаларға деген көзқарастарын айқындауларына бағдар берерлік насихат тілімен жырланады:

Жабыны жауға салма жалды екен деп,

Жаманмен жолдас болма малды екен деп.

Баласын қазанаттың бақпай қойма,

Қан түсіп аяғынан қалды екен деп [28, 129].
Дүние – бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса мал менен бас құралмаған.

Күніне мың бір пәле көрсең-дағы,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан


... Дүние – қарап тұрсам бір кең сарай,

Сарайға көзім талды қарай-қарай

Тағдыр мен Тәңірге жала жаппа,

Өзіңнен ер жігіттің бақ пен талай [28, 130].


Дүние ойлап тұрсам қос уыстай,

Түрленген қайран күнім тоты құстай

Барында оралыңның ойна да күл,

Қаларсыз әр төбеде қосылыспай [28, 132].

Адамдардың фәнидегі қарым-қатынастары – өткінші қозғалыстағы тіршіліктің артқа қалатын ұлағаты. Қара өлеңдердегі дидактикалық ойлардың тәлім-тәрбиелік бағдары адамдардың өзара сыйласқан қарым-қатынастарына арналады. Шынайы достық ұғымының аясында жақсы мен жамандардың үйлесімі болмайтыны ашық айтылады. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы бойынша әрбір адамға тек қана жақсымен, асыл сапалы кісілермен ғана достасу ұсынылады. Әрбір ата-ананың перзенттерінің үлгілі адамдармен ғана жолдас, дос болуын ойлайтыны – халықтық дәстүр. «Жігітті жолдасына қарап таны!» деген халық даналығы да осындай мұрат бағдарына негізделген. Қара өлеңдердің дидактикалық нысанында халық арманының бұл көзқарастары анық жырланады.

Мысалы:


Өлеңді айт дегенде айтпаған кім,

Жарық жоқ өлеңдерге қараңғы түн.

Біріңді бірің сыйла тіршілікте,

Біріңе бірің мейман аз ғана күн [28, 136].


Өткен күн ойлап тұрсаң белгісіз ғой,

Қол бұлғап шақырғанмен келгісіз ғой

Жолдас болсаң, жігіттер, жақсымен бол,

Бір сөзі мың ділдаға бергісіз ғой [28, 137].


Айда батпан жігітке күнде батпан,

Шаба алмаймын толықсып жайдақ атпен.

Жолдас болсаң, жігіттер, жақсымен бол,

Сексеуілдің шоғындай жайнап жатқан.


Жапалақ жалпылдайды жар басында,

Немене жоқтың күйі бар қасында.

Дос болып қас қылғаннан сақтағайсың,

Қасқыр да қас қылмайды жолдасына [28, 142].

Татулық, ауызбіршілік – дидактикалық поэзиядағы маңызды тақырыптардың бірі. Адамдардың тұрмыстық қарым-қатынастарындағы өзара сыйластықтың болуы хақында қара өлеңдерде де насихатталады.

Біздің ауыл жоғары Сыр болады,

Көп тағылса қалампыр кір болады

Тіршілікте жүрейік сіз-біз десіп,

Дәурен екі болмайды бір болады [28, 139].

Қара өлеңдердегі үлгі-өнеге ретінде насихат тілмен жырланатын мәселелердің бірі – ер жігіттің сүйген жарының бейнесі. Жандүниесі мен тәнінің сұлулығы тұтасқан арулардың ер жігіттің бағын жандыратын құдіреті қара өлеңдерде де тәлім-тәрбиелік бағдарлы ойлармен өріле өрнектеледі:

Сал кеуде сандуғаштай сайрап тұрған.

Меруерт тас Самарқанда жайнап тұрған.

Ағалар, топтан таңдап бір сұлу ал,

Тасындай диірменнің ойнап тұрған [28, 146].


Жігіттер, дәурен өтер, дәурен өтер,

Бәрі де бұл дүниенің әуре етер.

Қаумалаған достарың сырт айналар,

Қадіріңе сүйген жар – сәулең жетер [28, 147].


Қалтаңда бет қарайтын айнаң болсын,

Алдайтын он бес қызды хайлаң болсын.

Қаншама күйдім-сүйдім десең-дағы,

Жігітке өз жарыңдай қайдан болсын [28, 208].

ХV-ХІХ ғғ. және ХХ ғ. басындағы қазақ ақын-жыраулары поэзиясында сүйген жарға, әйелге арналған дидактикалық бағдардағы көзқарастар жаңғыртыла жырланды. Екі жыныс өкілдерінің отбасылық жұбайлық одағының халықтың, жалпы адамзаттың өсіп-өркендеуіне жол ашатын негізгі сипаты ақын-жыраулардың поэтикалық бейнелілігі айқын өрнектермен жырланады.

Мысалы, ұлттың асыл сапалы перзенттерін дүниеге келтіретін ердің лайықты қатын алуы керектігін Асан Қайғы Жәнібек ханға сыншыл тілмен айтқан еді:

... Қатын алдың қарадан,

Айрылдың хандық жорадан,

Ел ұстайтын ұл таппас,

Айрылар ата мұрадан!

Мұны неге білмейсің? [11, 24].

Ал, Аймедет Доспамбет жырау өзінің жарының лайықты ата-тегін, сырт келбетін, іс-әрекетін, дағдыларын сүйсіне толғайды. Алыстап кеткенде ер-азаматтың жарын олжалайтын арамзаларға, оқыс оқиғаларға деген ащы өкінішін арманды, өксікке толы шерлі-мұңды романтикалық әуенмен төгеді:

Алғаным Әли ағаның қызы еді,

Қас арудың өзі еді

Маңдайы күнге тимеген,

Желге шашын үрмеген,

Серпіліп адам бетін көрмеген,

Қалай күні кешті екен?!

Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы,

Хан қызындай сұлтанның

Айдындықтай ақ білегін жастанып,

Ерең үйін тіктіріп,

Омыраудағы он түймесін ағытып,

Кейінгі қалған көпекке

Қалай да белін шешті екен!?. [11, 133].

Ақын-жыраулар поэзиясы – адамға тән арманды да, ащы өкінішті де, өткен өміріне ризашылықты да романтикалық сыршылдықпен жеткізетін өнернама әлемі. Доспамбеттің «Тоғай, тоғай, тоғай су» толғауында лирикалық-қаһарман жауынгерлік жорық жолдарындағы тұлпар мінген қолбасшы, жеңімпаз батыр, өзіне лайықты жары болғанын да мақтаныш етеді.

...Зерлі орындық үстінде,

Ақ шымылдық ішінде,

Тұлымшағын төгілтіп,

Ару сүйдім, өкінбен [11, 34].

Шалкиіз Тіленшіұлының толғауында батырлық, азаматтық тұрғыда өмір сүру туралы ойлары – дала адамының дара мінезді, талғамы биік көзқарасын танытады. Күнделікті тұрмыс мәдениетін талғампаз іс-әрекеттерімен қалыптастырған қазақ өркениетіне тән эстетикалық талғам талаптары осы жыраулар поэзиясынан аңғарылады. Шалкиіздің сәнді, мағыналы өмір сүру талаптарының қатарында әйелді де қатарластыра жырлауының әлеуметтік-гуманистік ұлағатын көреміз:

Алаштан байтақ өз басым,

Арабыдан атты сайлап мінбен-ді!

Күлікке тастай болып тимесе,

Үстіме көбе сайлап кимен-ді!

Күмістен екі қолтық жоқ болса,

Сыпайышылық сүрмен-ді!

Алғаным ару болмаса,

Алдыма алып сүймен-ді!

Дулығамның төбесі,

Туған айдай болмаса,

Батыршылық сүрмен-ді! [11, 366].

Ақтамберді Сарыұлы да әйел мен еркектің сәнді, мәнді өмірі мен тұрмыстың көріністерін егіздей бейнелейді. Адам өмірінің мағыналы, мәнді суреттері көшпелі тұрмыстың дара өзгешеліктерімен тығыз байланысты түрде жырланады. Жырау ару қыз, әйел мен жігіт-күйеу және жылқы-байлық – үшеуін сабақтас, қатарлас байлық тұрғысында бейнелейді:

Арудан артық жар бар ма,

Жылқыдан асқан мал бар ма?

Биенің сүті сары бал

Қымыздан асқан дәм бар ма!

Желіде құлын жусаса,

Кермеде тұлпар бусанса.

Сәні келер ұйқының,

Жылқы қолдан тайған соң,

Қызығы кетер күлкінің,

Қыздың көркі – құлпыда,

Жігіттің көркі жылқыда! [11, 60].

Дидактикалық шығармалардың өзегі – адамдардың үйленуі, еркек пен әйелдің бас қосып, ұрпақтарды өсіруі. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ата-бабалық салт – ер азаматтардың текті әулеттен өнген қызға үйленуі. Қазақтың ата-бабалық дәстүрі – халқымыздың тектілікті мұрат тұтқан көзқарастарының арқасында жүзеге асып келе жатқан қасиетті жол. Қазақ халқының ата-бабалық өркендерінің барлығы дерлік текті әулеттерден құралады. Соншама ұлан-байтақ қазақ даласының, рухани мәдениетіміздің, тіліміздің, әдет-ғұрыптарымыздың сақталуы да осындай ата-бабалық жолдың бүгінге аман-есен жеткендігінен болар. Ақтамбердінің «Күлдір, күлдір кісінетіп» толғауында қазақтың осы қасиетті дәстүрі көркем бейнелі кестелі тілмен жырланады:

...Елден елді аралап,

Тектіден текті саралап,

Беглердің қызын айттырсам

Нұсқасын байқап шамалап.

Сынға толса сияғы,

Әлбеті шамның шырағы,

Мұхиттан сүзіп шығарған,

Қымбатты гауһар бағасы.

Жүз нарға кілем жаптырып,

Қазақтың сәнін арттырып,

Ұзатып алсам сәнменен,

Көңілімді хош таптырып,

Бала берсе тезінен.

Пірлердің бітсе демінен.

Шілтеннің тиіп шылауы,

Артылып туса өзімнен!... [11, 63-64].

Қазақтың ұлттық өркендеуінің бастау алған негізгі ұясы – отбасы. Қазақ отбасындағы еркек пен әйелдің ынтымағы ақын-жыраулар поэзиясында әр қырынан алынып жырланып келеді. Адам Ата мен Хауа Анадан басталған еркек пен әйелдің жұбай болып өмір сүруі, өмірге ұрпақтарды әкелетіні – адамзаттың тарихындағы Жаратушының-Алланың қалыптастырған құдіреті. Ақын-жыраулардың дидактикалық сарындағы шығармаларында ата-бабалардан үрдіс болып сақталған бұл жолдың қызықтары да, қиындықтары да жырланады. Әсіресе, халыққа әйгілі ер адамдардың әйелдермен арада болатын қарама-қайшылықты жағдайлары тарихта өшпес із қалдырады. Алла берген табиғи дарыны бар кейбір адамдардың әйелдерінің жаман болуы да дидактикалық жырлардың арқауына алынған. Мысалы, Үмбетейдің «Бұқарға» атты арнау толғауында адам мен оны қоршаған әлеуметтік ортаның қайшылықты қасиеттері саралана бейнеленеді. «Кетеген болса түйең жау», «Тебеген болса биең жау», «Ұрысқақ болса ұлың жау», «Керіскек болса келінің жау», «Үйіңдегі ұлың жаман болса есіктегі құлмен тең» деген тұрмыстық қозғалыстардағы қайшылықты қасиеттерді саралай келіп, ел ағасы, халық азаматы болып жүрген көрнекті тұлғалардың әйелдерінің жаман болуы зор қасірет екендігі жырланады:

Қойныңдағы қатының жаман болса,

Қаңтардағы мұзбен тең.

Кей сорлының қатыны.

Күндіз ауру, түнде сау,

Арқаңа артқан тұзбен тең!
Жылға сай батпақ болса өте алмассың,

Жастан шыққан жүйрікке жете алмассың

Дүниенің жүзінде осы қиын,

Жаман деп өз үйіңнен кете алмассың.


Бәйбішең аю болса аса алмассың,

Қарау болса «Әй!» деуге бата алмассың.

Мейманға отың басы болса суық,

Еліңе жақсы жігіт атанбассың.


Қосағың қоса ағармас қосақ екен,

Құдайым осылай да қосады екен.

Тоты құс жарқанатқа пенде бопты,

Бұқарым, айтар мінің осы-ақ екен [11, 74-75].

Қазақтың халық әдебиетіндегі эстетикалық әсері, тәлім-тәрбиелік ықпалы күшті осы қара өлеңді жинаушы ақын Оразақын Асқар былай дейді: «Қара өлең арқылы өткен-кеткен тарих-шежіре қозғалады. Заман, өмір, тұрмыс талқыланады. Болашақ болжанады. Тіпті тіршілік, күн көріске байланысты ақыл-кеңес те айтылып, жақсы, жаман екшеледі. Қара өлең арқылы қыз бен жігіт танысып, сынасады, сырласады, өздеріне болашақ жар да табады» [28, 7].

ХV– ХІХ ғғ. және ХХ ғ. басындағы ақын-жыраулар поэзиясы – қазақ сөз өнерінің қалыптасу тарихында ұлттық төл әдебиеттің даралана, кемелдене қалыптасқан кезеңі.

Қазақ әдебиетінің тұтас сипатын поэзиялық жанрлар жүйесімен таныта алған бұл ғасырларда өмірді өлең тілімен өрнектеу ұлттық дүниетаным болмысын танытты. Қазақтың ақын-жыраулары поэзиясына көркемдік негіз болған дидактикалық дәстүрдегі халық әдебиет үлгілері де өлең туралы байсалды, ғибратты, насихатты жырлады. Мысалы, қара өлеңдердегі өлең туралы тұжырымдалған пікірлер ақындық жолдағы өнер иелерінің жауапкершілік сезімдерін бекітуге бағдарлайды. Бұл – фольклордағы эстетикалық-сыншылдық ойдың көрінісі.

Қара өлеңдердің бір саласы – «Өлең туралы өлең» [28, 21-50] деп аталады. Сөз өнерінің байырғы үлгісі, көркем шығармашылықтың барлық жырларына негіз болған поэзияның осы түрі хақындағы қара өлеңдердегі байқалатын басты ерекшелік – қанатты сөздер сынды бейнелілік тіркестердің мол болатындығы. Мысалы: «Өлеңді тіл бастайды, ән қостайды», «Болғанда өлең тілден, ән тамақтан», «Жақсының өзі өлсе де сөзі өлмейді», «Өлеңім – жақсылардың жан азығы», «Өлеңім – алыстарды көрер әйнек», «Сылдырап өлең – бұлақ аққан таудан», «Халқымның өлең ортақ қазынасы», «Дауылымен қара өлеңнің соқтырайын», «Өлеңде шабыс та бар, желіс те бар, жеңіліс топ алдында жеңіс те бар», «Өлеңде жорға да бар, жарыс та бар, өзара беріс те бар, алыс та бар», «Өлеңнің әрияйдай, ән кемесі, адамның қолқа, жүрек жан денесі», «Ендеше өлең де өнер, өнер де өнер, жүйрік ат ерте шапса өршеленер», «Өмірде өлеңнен жоқ өнер ірі, кетеді өлең айтса көңіл кірі», «Өзен судың өлеңім арнасындай, топқа салған елімнің жорғасындай» және т.б. Қара өлеңдерде поэзияның құдіретті күші, адамдардың жан дүниесін баурайтын қасиеті, ата-бабалардан бүгінгі ұрпақтарға жалғасқан, болашаққа ұласатын көркемдік ұлағаты – бәрі де дидактикалық әуенмен төгіледі:

Жарысса екі жүйрік озар бірі,

Көңілдің өлең айтса кетер кірі.

Тыңдаушы төреші жұрт өзі айтады,

Кімдердің ұшқыр ойы өткір тілі.

Аққудай айдын көлде қаңқылдаған,

Әдемі даусың сұлу саңқылдаған.

Дауылын қара өлеңнің соқтырғанда,

Жел есер көмейіңнен аңқылдаған [28, 32].

Кейбір қара өлеңдерде көркем сөзді тек қана аяулы, ардақты, сөздің мәнісін, парқын білетін адамдарға ғана айтуға болатындығы арнайы сөз болады. Адамдардың өзара сыйласқан, құрметтеген көңіл-күйлері арасында өлеңнің дәнекершілік елшілік қызмет атқаратын қызметі де назарға алынады. Адамдардың біреуге арналатын жүрек қойнауларындағы сырларын өлеңдегі ой ишараттары, мегзеулі астарлары арқылы сездіретін психологиялық-поэтикалық ерекшеліктері де қара өлеңдер арқылы төгіледі.

Мысалы:


Айтайын не деп өлең, жаным, саған,

Ежелден артық еді сенің бағаң.

Бағаңа бағаласам жан жетпейді,

Ту ұстап, тұлпар мінген ата-бабаң.

Өлеңді жақсы айтады жайды білген,

Дөненге қайдан жетсін тайды мінген.

Алдымен жұлдызға қол созбай тұрып,

Аспанда алам деме Айды бірден [28, 33].


Айта алмайды өлеңді арындаған,

Өзін-өзі мақтамас дарынды адам.

Бірін-бірі дос болмас кешірмеген,

Туыс болмас бір-бірін сағынбаған.

Өлеңді бар да айтады, жоқ та айтады,

Себепсіз неге бостан-босқа айтады.

Шабан ат, өтпес пышақ, жаман қатын,

Үшеуі ер жігітті қартайтады [28, 41].

ХV–ХІХ ғғ. және ХХ ғ. басындағы ақын-жыраулар поэзиясындағы дидактикалық поэзияның шынайы өнер туындылары болып қалыптасуында фольклордағы қара өлеңдердің де осындай дәстүрлі жырлау мәнерінің ықпал еткені анық. Қара өлеңдердегі поэзиялық шығармаларға қойылатын талаптардың ақын-жыраулар шығармаларындағы көзқарастармен, көркемдік шеберлік үлгілерімен жалғасу – ұлттық әдебиетіміздің халықтық дүниетанымға сай дамуының көрінісі.

Асан Қайғының «Жақсыларға айтпаған, асыл шырын сөз ғаріп», «Бақыты оянған ерлердің әрбір ісі оң болар, ...сөз сөйлесе жөн болып, не десе де жарасар», «Ғылымым жұрттан асты деп кеңессіз сөз бастама», Қазтуғанның «Сөйлесе қызыл тілдің шешені», Доспамбеттің «Кет-Бұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?», Шалкиіздің «Шешен адам сөз бастар», Жиембеттің «Есім, сені есірткен есіл де менің кеңесім», Ақтамбердінің «Ел жазылып жайлауда, жақсылар кеңес құрғанда, мұртымыз өрге шаншылып, бұрын да сөйлер ме екенбіз?!» және т.б. оралымдар сөз өнерін қадірлеуді ұлағат еткен дәстүрді аңғартады.

Дидактикалық әдебиеттің қазақ поэзиясы дамуының көркем-эстетикалық тіні болуы – қалыптасқан эстетикалық заңдылық. Фольклордағы мақал-мәтелдер, қара өлеңдер, Шығыс әдебиетінің көрнекті туындылары – бәрі де қазақтың ақын-жыраулары поэзиясында дәстүрлі дидактикалық сипатымен жалғасты.




  1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет