Қ. МӘмбетов сыр бойы ақын-жырауларының поэзиясындағы ел бірлігі және адамгершілік, имандылық тақырыбы ж. Ешниязұлы шығармашылығында


ТАРАУ ЖҮСІП ЕШНИЯЗҰЛЫ ДАСТАНДАРЫНЫҢ ШЫҒЫСТЫҢ КЛАССИКАЛЫҚ ДИДАКТИКАЛЫҚ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ӘДЕБИЕТІМЕН ҮНДЕСТІГІ



бет5/7
Дата01.05.2016
өлшемі1.85 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

3 ТАРАУ

ЖҮСІП ЕШНИЯЗҰЛЫ ДАСТАНДАРЫНЫҢ ШЫҒЫСТЫҢ КЛАССИКАЛЫҚ ДИДАКТИКАЛЫҚ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ӘДЕБИЕТІМЕН ҮНДЕСТІГІ

3.1. Ақын дастандарындағы көркемдік ойлау мен шындық

Қазақ әдебиетінің тарихында эпикалық жанрлар халық мәдениетінің мол саласы болып қалыптасты. Қазақ әдебиетінің түркі дәуіріндегі поэзиясында сөзіміздің арқауындағы дидактикалық әдебиетінің эпикалық шығармалары да шоғырлана көрінеді. Әлем халықтарының материалдық және рухани мәдениеттері қазыналарының құралын, поэтикалық көркемдігі мол мұраларын толықтыра алатын түркі өркениеті мұралары кейінгі жалпы әдеби дамуға берік негіз қалады.

Жүсіп Ешниязұлы ақындығының дидактикалық-философиялық әдебиет аясында танылатын шығармаларын, оның ішінде дастандарын айтқанда ежелгі бастаулар негізге алынады. Қазақ әдебиеттану ғылымының қазіргі жаңа бағдарын жүйелеуде профессор С. Негимовтың пікіріне құлақ түреміз: «Дидактикалық поэзия үлгілеріне Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігі» Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы», Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат-ат түркі», Ахмет Иасауидің өсиет, үгіт сарындас сөздері жатады. Түркі тілдес халықтардың жуықтас поэзиясының бастау бұлағы – оның дәстүрлері, ауызша дидактикалық поэзиясы әрі бұл оның мазмұны мен түріне де қыруар өрнектер қосқан» [8, 80].

Х-ХІІ ғғ. Шығыс әдебиетінде түркі өркениеті мен ислам мәдениеті ықпалдасуының белсенді процесі жүргендігі мәлім. Дидактикалық-философиялық поэзияның аталмыш алыптарынан басқа да көптеген ойшыл ақындардың шығармалары бұл бағытта кейіннен өрістеп дамыды. Жәлаладдин Румидің, Әлішер Науаидың, Әбілхасан Рудакидің, Әбілқасым Фирдаусидің, Нәсір Хосраудың, Омар Һәйамның және т.б. көрнекті ойшыл ақындардың шығармалары сөз арқауындағы сарынды дамыта түсті.

Профессор А.Егеубайдың осы дәуірдің әдеби-мәдени мазмұнына байланысты айтқан пікірі орынды: «Философиялық-дидактикалық сарындағы әдебиет сол дәуірдегі философиялық сыршылдық ағымымен жарыса дамыған өзгеше дәстүрлі мектеп болды. Бұл орайда басқа да ойшылдар мен ақындар шығармаларын атауға мүмкіндік мол» [29, 21].

Жүсіп Ешниязұлының дастандары – қазақ поэзиясындағы өркениеттер тоғысуын аңғартатын шығармалар. Түрік, араб, парсы, халықтарына кеңінен таралған сюжеттерді өзіндік ақындық шешіммен жырлау – қазақ поэзиясындағы белсенді қолданылған үрдіс.

Жүсіп Ешниязұлы дастандарын біз профессор А.Қыраубаева ұсынған «Шығыстың қисса-дастандары» жүйесі бойынша қарастырамыз. Ғалым Шығыстың қисса-дастандарын жіктеуінде: «...ХІХ-ХХ ғасырлардағы қисса-дастандарын: «Мың бір түн», «Тотынама» желілері, «Шаһнама» желілері және орта Азияның желілері деп бөліп қарастырғанды жөн көріп отырмыз» [49, 66], – дейді.

Жүсіп ақынның «Шаһзада», «Сұрмерген», «Мекер қатын», «Раунақ» «Зейпін қыз», «Қысырауын» және т.б. дастандары бар. Бұл дастандардың профессор А.Қыраубаева айтқан «Мың бір түн» - «Тотынама» сюжеттік желілері жүйесіндегі эпикалық шығармалар қатарына кіретінін аңғарамыз. Қазақ дастандарының тарихын зерттеуші Ү.Субханбердина Шығыстың классикалық туындамаларын («Шаһнама», «Мың бір түн», «Кәлилә мен Димнә», «Тотынама», «Жүсіп – Зылиха», «Ләйлі – Мәжнүн», «Бозжігіт», «Сейфілмәлік») тараған сюжеттердің қазақ халқының тарихымен біте қайнасып кеткен болмысына баға береді, бұл туындылардың дидактикалық-гуманистік, эстетикалық сипатын атап көрсетеді.: «Бұл дастандарда ерекше дәріптеліп, екпінімен суреттелген батырлық пен махаббат тақырыбы. Махаббат пен ерлік қос өрім болып қатар өрбіген бұл әдеби үлгілердің тақырыптық, идеялық сарындары жағынан болсын, оқиғаны суреттеуі, түрлі ақындық тәсілдері, көркемдік ерекшеліктері жөнінен болсын қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқауларымен орайласып, үйлесіп келетіндері аз емес. Бұл дастан жыр-хикаялардың бірінде еркін махаббатты, жан дүниесінің пәктігін, тазалығын, ізгілікті, адамгершілікті, бас бостандығын аңсаған жастар бейнесі суреттелінсе, кейбіреуінде ескі әдет-ғұрып, салт-санадан туған қайғы-қасіретті, теңсіздікті, күйініш-сүйінішті суреттеу бар» [84,156].

Қазақ әдебиетінің көп жанрлы құрамына әдеби ықпалдастық байланыстар жүйесінде еніп, ақындардың авторлық жаңаша нұсқауларымен жырланған дастандардың рухани мәдениетіміздің зор байлығы екендігі ақиқат. ХІХ ғ. және ХХ ғ. кезеңіндегі қазақ ақындарының шығармашылығында тұрақты орын тепкен дастаншылардың дәстүрдің халық арасында имандылық, адамгершілік, эстетикалық тәлім-тәрбие ұлағатын нығайта түсерге септігін тигізері анық.

Жүсіп Ешниязұлы және оның ақындық мектебі жүйесіндегі ақындардың дастандарын атақты жыршылар халықтың мол жиналатын жерлерінде (тойларда, астарда, шілдеханаларда т.б.) үздіксіз жырлаған. Бұл туралы көрнекті ғалым, профессор Ә.Қоңыратбаев: «Халық поэзиясын көпшіліктің өзі тудырғандықтан, ол елдің тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыста болған. Әр ел өз басынан өткен оқиғаларды құмарта жырлайды.... Сол жырларға қарап, елдің әдет-ғұрпын, ой-санасы мен түрлі сезімдерін дәл танып білуге болады... Әрбір өлең, жыр, жар-жар, айтыс, жоқтаудың өзіне тән арнаулы әуені мен музыкалық мақамы болатындығы. Ақын-жыраулардың импровизациялық дәстүрі поэзия мен музыка өнерінің синкреттік бірлігіне негізделіп, қобыз немесе домбыра аспабымен айтылған. Мысалы, Сыр елінің аты шулы жырауы Рахмет Мәзқожаев бір ғана «Алпамыс» немесе «Көрұғлы» жырын он төрт түрлі мақаммен жырлаған. Демек, фольклор шығармалары белгілі дәрежеде театр қызметін де атқарған. Оның артистері орындаушылар, ән мен поэзияны қатар меңгерген шебер импровизаторлар» [6,11-12].

Бүгінгі замандағыдай театры, теледидары, радиосы жоқ кезде жыршылар жырлаған ақындардың дастандары адамдардың рухани ләззат алатын. Шығыс сюжеттерінің қазақ халқының төл туындыларындай болып кеткені соншалық, кейіпкерлердің есімдерін балаларға қою үрдісі кең етек алады. Құран хикаялары мен аталған сюжеттер кейіпкерлерінің есімдері, іс-әрекеттері қарапайым халықтың тұрмыстық қарым-қатынастары жүйесінде сіңісіп кетті. Дастандық эпосты арнайы зерттеуші Б.Әзібаева «...дастандардың пайда болуына қазақ даласында Шығыс әдебиетінен ауысқан көптеген сюжеттер мен мотивтердің кең таралуы және олардың «нәзиралық» дәстүрде жырлануы үлкен роль атқарады» [85,132], – дейді.

Жүсіп Ешниязұлының дастандары өзі қалыптасқан ақындық арна дәстүрі аясында жырланған шығармалар. Базар Оңдасұлының «Айна-Тарақ», «Әмина қыз» («Сиқырдың сыры»), Ерімбет Көлдейбекұлының «Дариға қыз», Омар Шораяқұлының «Жарлы Тәліп», «Қара шекпен», «Маймыл», «Үш күлше», Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Мәді диқан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа Бану», «Әшкәбус» және т.б. ақындардың Шығыс сюжеттері бойынша жырланған дастандары қазақ сөз өнеріндегі әдеби ықпалдастық, көркемдік байланыстарды байытқан еді. Ақындардың осы саладағы дастандары әдебиетіміздің әдеби байланыстар жүйесіндегі географиялық кеңістігін дәйектейді.

Қазақ поэзиясы мен әлем халықтары әдебиеттеріне ортақ адамгершілік тәлім-тәрбиесі, гуманистік мұраттар тіршілік қозғалыстарының қайшылықтары айтылған әдеби дәстүр жүйесінде тұрақты жырланады. Профессор Ә.Қоңыратбаев: «Оның басты айтар ойы – халықты, адам баласын сүйе біл, еңбек пен ерлікті қастерле, досқа жылы, қамқор, дұшпанға берік бол, жас та болсаң, елге ағалық көрсете біл, өмірден үйрен де, өрге, өнерге ұмтыл дейтін ғибрат. Мұның бәрі адам, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет болған. Ертегі мен эпоста көптеген образдар бар десек, солардың мінез-құлықтары, психологиясы бір-біріне қарсы қойылған. Онда бірлік пен араздық, достық пен жаулық сарындары шендескен. Мұны біз халық гуманизімінің фольклордағы көрінісі дейміз. Тұлғасы сом, жан дүниесі таза, рухы күшті ірі образдар жасаудағы халық поэзиясының сүйенген арқауы осылар» [6, 13]. «Шоқан мұның бәрін қазақ фальклорының халықтық сипатына жатқызып, қазақ эпосының образдары Еуропаның жазба әдебиетінен ешбір кем соқпайтындығын айтқан» (Уәлиханов Ш. Таңдамалы шығармалары. Алматы:1 985, 162-168-б).

Дастандардың көркемдік шешімдері арқылы адамзатқа зиян жасаумен келе жатқан жағымсыз әрекеттер айыпталды, әшкереленді. Шығыс әдебиеті – әлем халықтары сөз өнерінің ежелден қалыптасқан арнасы. Қазақ ақындарының шығармашылық қалыптасу жайында, тақырып, композиция, сюжет ерекшеліктері аясында Шығыс халықтарына кеңінен таралған сюжеттердің жырлануы ерекше орын алады. Бұл орайда, Шығыстың классикалық әдебиетінен, фольклорлық мұраларынан мол хабардар болып өскен ақындардың осы дәстүрмен жырлауды тұрақты ұстанғанын байқаймыз.

Жүсіп Ешниязұлы Шығыстың классикалық әдебиеті дәстүрін қазақ поэзиясының ұлттық сипатымен ұштастыра, тұтастыра жырлаған ақын. Ақынның шығармашылық қалыптасу ортасы да Шығыс әдебиеті ықпалы мол таралған географиялық кеңістік еді. Шығыстанушы ғалым, профессор Ө.Күмісбаев: «Қазақстанның Оңтүстік жағынан әсіресе, Сыр бойынан шыққан ақын, жыршы, қиссашы, дастаншылардың Шығыс мәдениетімен, әдебиетімен байланыстары айрықша бөлек өріс тапқан. Бұл өлкеден шыққан ақындар Шығыс медреселерінен мұсылмандық білім алып, араб, парсы, шағатай тілдерін жақсы меңгерген және осы тілдерде өлең де жазған. Аудармамен айналысқан, қисса, дастандар тудырған» [54, 53].

Жүсіп Ешниязұлы – осы дәстүрді ұстаған ақын. Оның «Шаһзада», «Зейпін қыз», «Мекер қатын», «Сұрмерген» және т.б. дастандары – Шығыс фольклорының құрамындағы ертегілік-мифологиялық әңгімелер ізімен жырланған нәзиралық шығармалар. А.Қыраубаева жүйелеген «Мың бір түн», «Тотынама» желілері [90, 66] жүйесіне кіретін шығарма. Дастанның идеялық-композициялық желісіндегі сюжеттік оқиға мынадай бөліктерден құралады: бірінші – Бибісара есімді «ері өлген, жалғыз ұлын оны-дағы жатқа берген» [58, 82], бір мезгілде екі еркекпен ойнас болған қатынның мекерлігі туралы мәліметтің берілуі, екіншісі – мекермен ойнас болған сол екі еркектің осы бір қатын үшін таласқаны, қатынның тұрақты байына айналу мақсаты жолында ұрлық жасау өнеріне үздік екендерін дәлелдеу үшін патшаның сарайына, қазынасына кіргендері, үшіншісі – екі еркектің айламен саудагердің тоғыз мың ділдәсін және қазынасын тонағандары, төртінші – мекер қатын үшін айлалы жолдармен ақша тапқан екі еркекке патшаның әділ баға беруі.

Дастанның идеялық-композициялық желісінде әйел жынысында кездесетін мекерлік атты мінез-құлық сипатына поэтикалық тұрғыда баға беріледі. Мекер қатынға деген махаббаттары үшін өмірлерін қиюға бел байлаған екі еркектің жанкештілік әрекеттері де сезімге адалдық тұрғысынан бағаланады. Бұл – дидактикалық-философиялық дастанның негізгі поэтикалық түрленулері. «Мекер – арабша: мәккәр: қу, жауыз қулықты» [91, 194] – мағыналарын білдіретін сөз. Дастанда мекер қатынның жинақталған бейнесі жасалған. Туындының сюжеттік желісіндегі барлық кейіпкерлердің (екі еркек, патша, саудагер, патша сарайындағы алып бала) алдаудың, арбаудың торына түскен іс-әрекет оқиғалары мекер қатынның себебінен болғандығы дәйектеле жырланады.

Дастан сюжетінің шешімінде өзі сүйген әйелдің жолында басын қауіп-қатерге тігіп, өзімен бәсекелес Шиар есімді еркектен басым түскен ұрының әрекетіне баға беріледі. Жігіттің өзі сүйген әйелге деген шынайы адал сезімі жолында жүріп жасаған батылдығы, амал-айласы, ең соңында бәрін мойындап патшаға өзі келгені – бәрі де автордың көркемдік шешімі арқылы бағаланады:

Ұрының шын ерлігін білгеннен соң,

Халайық, хан-қарасы таңырқасты.

«Пәлі!» деп бұл мәрттігін көргеннен соң

Көшіріп ұры үйін алдырады.

Өзіне бөлек жай да салдырады.

Ұрыны әскер басы етіп патша

Бұрынғы қарақшы атын қалдырады.

Ғибрат алсын бұдан көрген адам,

Сөзіміз осыменен болды тәмам,

Бақ берді ақырында ұрыға да,

Жарылқап өз-өзінен Хақ тағалам [57, 93-94].

Шығыс халықтарының оның ішінде арабтың ертегілер жинағы «Мың бір түн» әңгімелерінің ізімен жырланған мұндай сюжеттер ақындардың шығармаларында мол кездеседі. «Мың бір түн» кітабындағы көптеген әңгімелер қатындардың мекерлік қылықтары болып келеді. «Ұлы патшаның екі ұлы», «Киік жетектеген кісінің әңгімесі», «Қашыр мінген кісінің әңгімесі» [91, 11-37], «Шала тас жігіттің әңгімесі» [91, 60-66] атты әңгімелерде әйелдердің күйеулерінің көздеріне шөп салған опасыздықтары туралы оқиғалар әңгімеленеді. Бұл әңгімелердегі мекер қатындар сиқыршы болып бейнеленеді. Олар өз күйеулерін, күндестерін, балаларды әртүрлі хайуанаттарға (сиыр, бұзау, ит), жартылай тасқа айналдырады. Кейбір әңгімелерде қатындардың мекерлігі өз құмарлықтарын қанағаттандыру үшін жасайтын нәпсіқұмарлығы жолындағы әрекеттері сипатында баяндалады. Мысалы, «Қатыннан қашқан жігіт туралы әңгіме» [92, 73-75], «Арам ойын айғаймен жапқан әйел» [92, 221-226], «Шаһзада мен саудагердің сұлу қатыны» [92, 237-240] басқа еркектермен қатынас жасауға бейім әйел жынысындағы жағымсыз тұлғалар бейнеленеді. Мысалы, «Бір сандыққа бес кісі салған әйел» [92, 242-249] атты әңгімедегі әйелдің мекерлік қылықтары өмір шындығы мен қиял тұтасуы арқылы әсерлі баяндалады. Әңгімеде сапарға кеткен саудагердің қатынының нәпсі құмарлығы былайша суреттеледі: «Көп алтынды саудагер, бір саудагердің сұлу қатынын алып, бейпіл дүниемен құтырта күткен екен. Бір күні ол ұзақ сапарға шығып кетіпті. Тамағы тоқ, жұмыссыз қатын бір жетіге шыдап, аржағында ыңырсып жата алмапты. Тұрса есінеп, көзі жасаурай беріпті. Керіліп кеңірдегін соза беріпті. Аңсағаны алдынан кездесіп көшеде көржер сатып, көбінесе бос жүретін қортық, мойны жуан біреу көзіне оттай басылып есебін тауып, үйіне апарыпты. Есебінен жаңылмай ойындағысындай болып шығады» [92, 242-243]. Қожайыны жоқта қортықты кіргізіп алып, нәпсісін қанағаттандырып жүргенде сұлу қатынның лебіне мастанған қортық біреумен төбелеседі, зынданға түседі. Осы қортық ойнасын құтқару үшін алдарына барған осы әйелге қаланың әкімі де, қазысы да, бас уәзірі де, патша да, ұста да қызығады. Сол көрсеқызар нәпсіқұмарлықтың салдарынан бесеуі де әйелдің айласымен бес бөлікті қуыстары бар сандыққа қамалады. Оқиғаның осы шешуші кезеңі былай суреттеледі: «Бесеуін қамап тастап, әкімнің хатын алып, зындан бастығына барады да, қортығын шығарып алып үйіне алып келеді. Келісімен құмартып қалған мауқын басты. Сандықта булығып жатқан бесеуі, бір-бір ыңырсып алды. Амалдары қанша, үн шығара алмады. Әйел әлдеқайдан түйе әкеліп, барлық мүлкін артып, төрт әкімнің киімін алып, қортығын ертіп, көз көрмес алысқа көшіп кетті» [92, 248]. Әңгіменің қорытындысында «мекерлігі бір мемлекеттің басшылығына жеткен әйелдер...» [92, 249] деген бағалау да айтылады.

Жүсіп Ешниязұлының «Мекер қатын» дастанындағы бірнеше еркекті өзі үшін таластырып, қырқыстырып қойғаны, осы оқиғаның желісіне патшаның да қатыстырылатыны аталған әңгімелер жүйесінің ізімен жырланғанын байқатады. Ал, «Қатын тескен ін» атты әңгімеде «Мың бір түн» әңгімелеріндегі мекер қатын туралы оқиғалар жүйесінің жинақталған үлгісін көреміз. Әңгіменің идеялық-композициялық құрылымы «...сұлу баланың ер жетіп, сұлу қатынға ғашық болғаны» [93, 329] арқау болған. Әңгіме оқиғасының мазмұнында аңқау байдың ұлы Хамерил-Заманның Басрадағы зергер Шайық-Ғабидтың қатынымен көңілдес болғандығы баяндалады. Әуелде нанып, әйелдің жұрт көзіне қыз болып көрініп жүрген жалған дақпыртына алданған Хамерил-Заман әртүрлі қиындықтар көрсе де, ақыры сол әйелмен жақындасып тынады. Хамерил-Заманды да, күйеуі зергер Шайық-Ғабидті де өзіне табындырған әйелдің екі жүзді мекерлік қылықтары айқындалады. Оқиғаның шешімінде зергерді алдап, тастап кеткен әйелді Мысырға апарса да, Хамерил-Заман өз әкесі Әбдірахманның ақылымен және өзінің шешімімен бұл қатынға үйленбейді. Әңгіменің гуманистік-дидактикалық түрінде жігіттің әкесі Әбдірахманның аузымен айтылады: «Балам, бұл сияқты бүліншіліктің маңына жууға болмайды. Қанына сіңген қиянат бар кісінің жанында саламаттық тұрмайды. Өзінің еріне осыншалық қиянат істеуге батылы болған адам саған қандай жақсылық істемек? Менің сенен аярым жоқ, бар малымды бер де, адал ниетті біреудің қызын ал. Осыдан сұлу кісіні мен тауып беруге міндетті болайын. Зергерден алған мүліктің теңгелігіне қиянат етпей түгел сақтасын. Әйел сол сарайдың ішінде тұтқында болсын. Оған ас-су беретін бір негр қызын беріп, басқа еш адам қатынаспасын, – деді. Оған баласы қарсыласпады, ойлана келе, әкесінікін дұрыс деп тапты» [93, 348-349]. Ал, алданып, қорланған зергер Шайық-Ғабидтың де аузынан адамгершілік-имандылық ұлағатына тән тәлім-тәрбиелік парасат сөзі естіледі. Әйел жататын бөлмеден Хамерил-Заман тұрған үйге дейін жер астымен қазылған ін жолын көрген зергер мекерліктің құрбаны болған өзіне де, жас бала Хамерил-Заманға да байланысты адамдарға тағылым берерлік ғибратты түйіндеулер жасайды: «Ол сорлы, жас балада не күнә бар. Ол бір жаңа қанаттанған көбелек. Отты күннің нұры деп, айналасына ұшты. Мен де бір кезде сөйтіп ұшып едім. Күйдім, ол да күйді. Мынау інді қазған жігіт емес – қатын. Үйді жөндеуге екі жүз ділда бердім деп еді, қымбаттатқан оны ін екен. Мейлі, қатын қазған бір ін, Басраның тарихында тұра берсін, мұны көмбеймін. Мен Мысырға барып, анау отқа түскелі түрған көбелекті қорғап қалуым керек» [92, 349]. Демек, мекер қатындарды бағалауда, адамдарды ондай зұлымдық иелерінен қорғауда ізгі ниетті адамдар үнемі үндес пікірлері арқылы дараланады.

Жүсіп Ешниязұлының «Мекер қатын» атты дастаны – «Мың бір түн» аталған оқиғалы әңгімелер жүйесінен алына отырып, автордың өзіндік шешімімен жырланған эпикалық туынды. Шығыстық сюжеттегі ертегілік-аңыздық әңгімелерде мекер әйелдердің көбінесе сиқыршы болатыны адамдарды тағдыр тәлкегіне ұрындыратыны тұрақты кездеседі.

Әрине қазақтың ақындық поэзиясында көптеген авторлар «Мың бір түн» ертегілер ізімен жырлауда үндес, тектес тақырыптар сюжеттер желісін сақтай отырып, өзіндік авторлық көркемдік танымға сай жаңа нұсқаны дүниеге келтіреді. Бұл орайда, голланд зерттеушісі Миа И. Герхардтың осы «Мың бір түн» әнгімелерін қайталап жырлауға, баяндауға байланысты пікірі дәйекті айтылған: «Оригинальность автора может заключаться в том, что он по-новому использует старую структурную модель или неожиданным образом комбинирует несколько хорошо знакомых мотивов. Рассказчики часто обогащали свои варианты, внося дополнительные мотивы, почерпнутые со стороны; они также часто расширяли их, присоединяя продолжения или выставляя другую сказку – либо заимствованную, либо собственного сочинения» [94, 446]. Демек, ақын Жүсіп Ешниязұлының «Мың бір түн» әңгімелері ізімен жырланған «Мекер қатын» және т.б. дастандары өзіндік авторлық поэтикалық шешіммен жырлаған шығармалары. «Мың бір түн» әңгімелеріне ортақ жалпы адамзаттық-гуманистік мұраттарды дидактикалық-эстетикалық сарынмен жырлау арқылы ақын адамгершілік тәрбиесі бағдарындағы ғибратты түйіндер жасайды. Көркем шығарма арқылы халықтың мәңгілік өсіп-өркендеуіне арналған ұлағат жолын насихаттау – қазақ поэзиясының қалыптасқан үрдісі. Бұл дәстүр мәңгі жалғаса береді.

Қазақ әдебиеті жаңа тәуелсіз еліміздің тарихын жасауға және ХХІ ғ. әлем түркілерінің өркендеуі, дамуы, бірігуіне, өткен дәуірдегі көрнекті ақындар мен жыраулардың дидактикалық-философиялық гуманистік ғибратқа құрылған туындыларының да тигізетін ұлағаты мол.

Сондай ақындардың бірі – Жүсіп Ешниязұлы. Ақынның әдеби мұрасындағы барлық шығармалары ұлттық әдебиетіміздің қазынасы тұрғысында бағаланады. Ақынның онға жуық дастандары болған. Солардың ішінде Шығыстық сюжеттегі туындылары («Шаһзада», «Зейпін қыз», «Мекер қатын», «Сұрмерген») [93, 586] дидактикалық-философиялық дәстүрлі сипаттармен ерекшеленеді. Қазақ әдебиетінің тарихында халықтар арасына кең таралған аңыз, ертегі оқиғаларының ақындардың жырларына арқау болып, дидактикалық сипатты эпикалық шағармаларға айналатын үрдіс бар. Әр түрлі тарихи себептермен араласқан халықтардың фольклор мен әдебиет туындыларында ортақ сюжетті эпикалық туындылардың болатыны да анық. ХІХ ғ. екінші, ХХ ғ. бірінші жартысында өмір сүрген қазақ ақындарының біразының шығармашылық мұраларында осындай ертегілік, фольклорлық-мифологиялық сюжеттерді шығармашылықпен жырлаған ақындық дәстүр даралана байқалады. Әсіресе, ХІХ ғ. екінші жартысында Шығыс халықтары фольклорының, әдебиеттерінің ортақ сюжеттерін дидактикалық-философиялық, тәлім-тәрбиелік сарынмен жырлауда ақындардың классикалық мұраларды жетік білетіндігі шешуші сипатпен байқалады. Бұл дәстүрде, әрине, қазақ әдебиетінің даму тарихында Шығыстың классикалық жанрлары ұлттық сипатпен белсенді түрде түрлене жырланады. Нақтылап айтқанда, классикалық жанрлардың ең байырғы түрлерінің бірі дастан түрінде жырлау ерекше жанданды.

Профессор Ө. Күмісбаев Шығыс халықтарына ортақ осы жанрға былайша анықтама береді: «Дастан (парсы сөзі – тарихи әнгіме, ертегі, батырлар жыры) – Таяу және Орта Шығыстың, Азияның, Оңтүстік Шығыстың әдебиеті мен фольклорындағы өлең түріндегі эпикалық жанр. Көбінесе, бұрыннан белгілі ертегі сюжеттерінің, аңыз, хикаялардың әдеби өңделген түрі болып келеді» [8,77].

Шығыстың классикалық әдебиетінде кең қолданыспен дамыған осы жанрдың қазақ ақындары шығармашылығында қолданылуы ұлттық сөз өнерінің адамгершілік-имандылық тәлім-тәрбие қызметін халық арасында кеңейте түсті. Дулат Бабатайұлының «Шаштараз», Базар Оңдасынұлының «Әмина қыз», «Айна-тарақ», Ерімбет Көлдейбекұлының «Дариға қыз», Жамбыл Жабаевтың «Бақ, дәулет, ақыл», Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Тұтқын қыз» және т.б. дастандар осы әдеби үрдістің кеңінен өрістегенін аңғартады.

Жүсіп Ешниязұлының «Сұрмерген» атты дастаны – ұлттық әдебиетіміздегі аталған Шығыстық сюжеттердің фольклорлық-мифологиялық негіздерін сақтай жырланған эпикалық әдеби туынды. Сюжеттік желісі «Мың бір түн» оқиғаларынан алынғаны байқалады. Қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінің құрамында осы сюжетпен үндесті «Ақбай» атты ертегі де бар. Эпикалық шығарманың жанрлық табиғатында баяндау негізгі сипат алады. Академик З. Қабдолов: «Эпостық шығарманың арқауы автор үшін «ішкі» субъективтік шындық емес, «сыртқы» объективтік шындық – жекелеген адамдардың көңіл-күйі ғана емес бүкіл халықтың тұрмыс-тіршілігі, тарихи тағдырлары мен ұлттық даму зандылықтары» [80, 301].

Жүсіп ақынның «Сұрмерген» дастанының идеялық-композициялық желісінде авторлық баяндау негізгі сипатпен танылады. Дастанның құрылымындағы негізгі сюжеттен тыс жалпы композициясының құрылымын құрайтын авторлық кіріспе – толғаныс бар. Бұл кіріспе – толғаныс лирикалық сыршылдық пен дидактикалық, насихаттық сарындардың тұтасқан қалпымен жырланған. Кіріспе толғаныста ақын өзіне-өзі сөз арнайды. Ақындықтың мұраты халықтың үлгілі, өнегелі сөз тыңдайтын ықыласына орай қызмет ету екендігіне баға беріледі.

«Ал, баста, Кете Жүсіп, сөздің басын», «Қой көңілім, кербездікті не қыласың», «Қымсынбай сандуғаштай сайра, тілім» деген жолдардың лирикалық қаһарманды даралайтыны анық. Ал, ақындық мұраттың халық арасындағы адамгершілік тәрбиесін уағыздайтын қызметі халықтың тәлім-тәрбие дәстүріне сай өріледі:

...Орынсыз оңай болмас өкпелеткен,

Сыйласаң, ұяларсың, ия қорқасың.

Сондай-ақ саған да інің етер құрмет,

Қадірлеп үлкенді өзің сыйлағансын.

Түйлігіп түріп білек, түс ортаға.

Қырандай тартқан аңға томағасын.

Үлгі алған үлкендердің үгітінен,

Білімнің ұстап бейне босағасын.

Мызғымас май құйғанмен әуреленіп,

Шойынды ерітуге деп «қорғасын».

Жақсының мәжілісінде болса басы,

Лайық алар әркім сыбағасын [56, 174].

«Сұрмерген» дастанының құрылымы өзара сабақтасқан бірнеше оқиғалардан құралады. Дастан сюжетінің басталуында (экспозициясы) киік аулап жүрген Сұрмерген сиқырлы сыры бар үш маралға кездеседі. Оларға аңшының иті де, қыран құсы да ұмтылмайды, астындағы тұлпары да олардан үркіп шошиды:

Қабақта екі-үш марал жайылып тұр,

Алмаққа «айт!» деді итін, көңілі сүйіп.

Тазысы жүгіре түсіп қайта келіп,

Қасында қыңсылап тұр құр имиіп.

Құсының томағасын тартып алды,

Итінің қылуасына іші күйіп.

Бүркіті ұшыңқырап кайтып келді,

Әуелде ұмтылса да бір жымиып.

Атымен қумағына көңілі кетті,

«Тұрғаным жарамас, деп- құр сөмпиіп».

Кідіріп астындағы арғымағы

Бұтына жібереді сиіп-сиіп [56, 175].

Дастандағы сюжеттік байланыс мерген қанша атса да қайтадан тіріліп кете берген үш маралдың біреуі айтқан бағдарлы кеңес болып саналады:

...Айтайық білгің келсе біздің сырды,

Сұрадың мәні, жайын сен қиылып,

Жетерсің шаба берсең күн батқанша,

Ақ отау күн шығыста тұр тігіліп.

Адам бар сол ауылда Ақбай атты

Мәнісін түсінерсің сонан біліп [56,176б].

Ал, дастандағы сюжеттік даму кейіпкерлердің бір-бірімен тығыз сабақтаса өрбіген іс-әрекеттері арқылы анықталады. Дастанның басты кейіпкері Сұрмергеннің марал айтқан Ақбайды табуы, екеуінің сиқырлы үш марал туралы сұхбаты оқиғаны өрбіте түседі. Әуелі айтқысы келмеген Ақбайдың артынан өзінің өмір жолын таңдауы арқылы сюжеттік даму желісі әсерлі жалғасады. Оқиғаның осылайша дамуы желісінде Ақбайдың әңгімесі баяндалады. Оған жиырмаға дейін де одан кейін де ешбір қызды жақтырмай, қалыңдыққа тек қана сұлу қызды іздегені айтылады. Бір сапарында бір байдың сұлу қызын көріп ғашық болғаны, қыздың әкесі сұраған қыздың қалың малын («үш түрден бөтен емес жылқы», «сары ала елу қысырық бесті», «алпыс ала ... қызыл құмай», «алпыс ... торы ала») бергені баян етіледі. Сюжеттік шиеленіс – қалыңдығына келген Ақбайдың адамдық кейпінен айырылып қалғаны. Төсекте жатқан қалыңдығына қол салғанда оның іргесінде жатқан «Айрықша мойны жуан, еті қалың» біреуді көреді де, жарының бетіне қолы тигенде бірден итке айналып кетеді:

«Бетіне қолым тегіс тиген кезде,

Барады адамдықтан кетіп әлім,

Ит болып қара төбет, үйден шықтым,

Көзіме бір көрінді шыбын жаным [56, 180].

Дастан сюжетінің осындай шиеленісті оқиғалары басты кейіпкердің итке айналған кезеңінде біріне-бірі сабақтаса өрбиді. Итке айналған Ақбай бір байдың малын шапқан қасқырларды қырады, сол үшін «Қайсар бет, қалың жүнді, ырысты...», «Айбатты, түсі қара, қалың қабақ» [56, 181-182] ит атағын алып зор беделімен өмір сүрді. Байдың ауырып жатқан қызын көзге көрінбей қара құс кейпінде шаңырақтан түсіп келіп азаптайтын сиқыршы кемпірден де құтқарады. Оқиғаның тап осы шиеленісті тұсында байдың қызын қара құс кейпінде келіп азаптайтын сиқыршыны да өз жөніне жіберген адамгершілік ірі ісі дәйекті түрде бейнеленеді:

Бақсы айтты итті үйге кіргіз, - деді,

Кісідей аяушылық еткен рай.

Қайтадан жын шақырып зікір салды,

Бақсы екен артықша көп қара жын-ай.

Сол кезде, шаңырақтан бір қара құс,

Шүйлігіп түседі төмен төрге қарай.

Әуелде кеудесіне келіп қонып,

Қуратты беттің нұрын қызыл шырай.

Сол құстың алқымынан ала кеттім,

Тәуекел, көрейін, - деп – берсе абырой.

Жалынды ол қара құс сонда маған:

Бұл істі етіппін,- деп, абайламай,

Жіберсең аман-есен, бір күніңе,

Жарармын қысылғанда әлде қалай.

Босатып, еш жеріне забыр қылмай.

Сауалып сағатында жатқан әйел,

Қалпына келді қайтып бұрынғыдай [56, 183].

Кейіпкердің ендігі тағдырына байланысты оқиғалар да әсерлі өріледі. Ит қалпынан өзгергісі келіп баяғы қалыңдығының боз үйіне түн жамылып келгенде, Ақбайдың тағыда сиқырланып торғайға («Шымшықпын бұтым шидей, өзім құрттай») айналғаны жырланады. Тауықтарға шашылған жемді шоқып жүрген торғайды сирағына жіп байлап көкке ұшырып, қолдарымен уақалап жүрген балалардан бұрын өзі босатқан қара құс кейпіндегі сиқыршы кемпір құтқарады. Сюжеттің шарықтау шегінде сол кемпірдің ақылымен Ақбайдың өз қалпына келу оқиғалары баяндалады:

...Адаспай әйеліңді тапсаң түнде,

Мақсатың ойыңа алған орындалар.

Астында бұрымының әйеліңнің,

Бір жүзік қасиетті сонда тұрар.

Таң атпай, тауып түнде жүзікті алсаң,

Қалпыңа қайта келіп көңілің тынар.

Абайлап алсаң ептеп, сол жүзікті,

Онан соң абыройдан ол да айрылар [56, 186].

Дастанның сюжеттік шешімінде жүзікті иеленген Ақбай өзінің адам қалпына түседі, бұған азар бергендер мегежін мен қабаншаға айналады. Еліне оралған Ақбай өзі жоғалып кеткен кезде (яғни итке, торғайға айналған кезінде) ата-анасы оны «өлді» деп бір жылдан кейін асын бергенін естиді. Ата-анасына, жақын-жуығына, жар досына аман жеткен Ақбайдың құрметіне көп күндерге созылған той болады:

...Той қылып неше күндей, жинап жұртты,

Ойнадым құрбылармен құнан-тайша.

Қанша жыл қайғы-қасірет кешкен бастан,

Болған жоқ көзді ашып-жұмғандайша.

Сол жүзік жанқалтамнан түсіп қалып,

Көңілімді ренжітті табылмайынша. [56, 188].

Оқиғаның шешімін баяндайтын соңғы бөлімінде дастан сюжетінің басталуындағы Сұрмерген атқан, бірақ өлмейтін үш маралдың құпиясы осылайша айқындалады. Ақын кейіпкері Ақбайдың сол үш маралға байланысты болжамын өзі жоғалтып алған жүзікке байланыстырады. «Бірі қабан, бірі мегежін боп» [56, 189] қалған екеуінің осы түсіп қалған жүзікті қайта иелену мүмкіндігі болжанады:

...Мегежін қабанменен болып серік,

Білдіртпей аңдып келіп ізіме еріп,

Жүзікті тауып алып қайтқан шығар,

Тілегін залымдардың Құдай беріп,

Өзгертіп өзін-өзі марал болып,

Жүрген-ді үшеу болса, өсіп-өніп [56, 189].

Жүсіп ақынның «Сұрмерген» дастаны – эпикалық сипатпен жазылған дидактикалық туынды. Ақынның шығарма оқиғасы арқылы оқырмандарына ұсынатын түйіні – отбасы одағын құрған жұбайлардың шынайы көңіл тазалығы болуын уағыздау. Өзара адалдық сезімі бір-біріне шын берілген сенімі болмаған ерлі-зайыпты жұп тағдырларының сиқыр секілді жалған болатынын дәлелдейді. Дастанның соңында берілген авторлық түйіндеудің ғибраты осындай:

Сұлу жар сиқыр болса, не қызық бар,

Алсаң да таңдап оны алыс жерден,

Ақбайдың әйеліндей айла тауып,

Еңбегін еш етеді ердің сенген [56, 189-190].

Қорыта қайырғанда, Жүсіп ақынның «Сұрмерген» дастаны – әлем әдебиеттерінде қалыптасқан дидактикалық-философиялық поэзия үрдісінің жалғасы. Ақын жалпы адамзаттың гуманистік мұраттарды қиял-ғажайып ертегілерді оқиғалары түрінде ала отырып, өмір шындығы туралы поэтикалық түйіндеулер жасайды. Бұл – өмір шындығын көркемдік таныммен жырлаған ақындық ойдың жемісі.

Қазақ әдебиетінің даму жолында Шығыстың әдеби-фольклорлық мұраларының араласуы, ықпал ету құбылысы – қалыптасқан көркемдік үрдіс. Әсіресе, қазақ поэзиясындағы дидактикалық сарынмен жырлаудың Шығыс әдебиетімен үндескен болмысы ерекше байқалады. ХV-ХІХ ғ. мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ақындарының шығармашылық мұраларында, эпикалық дастандарда Шығыс фольклорындағы сюжеттер ізімен жырлау кеңінен өрістеді. Жүсіп Ешниязұлы «Шаһзада», «Зейпін қыз», «Мекер қатын», «Сұрмерген» деген дастандарына Шығыс тақырыбын өзек [95, 58] еткен. Ақын аталған дастандарында Шығыс халықтарына замандар бойы таралып келген сюжеттерді өзіндік нұсқалармен жырлайды. Адамдардың тұрмыстық-отбасылық қарым-қатынастарын адамгершілік-имандылық заңдылықтары тұрғысында бағалау негізгі идеялық-композициялық желіні құрайды. Ақын көбінесе еркек пен әйел арасындағы отбасылық берекенің негізі шынайы адамдық сезімнің сақталуы екендігін басты назарда ұстайды.

Ақынның «Шаһзада» атты дастаны – эпикалық дидактикалық шығарма. Дидактикалық әдебиеттің әлемдік сөз өнері тарихындағы қалыптасу даму жолында идеялық-композициялық желіде үйрету-ұқтыру, ақыл айту, жөн сілтеу, бағыт беру және т.б. адамгершілік-имандылық тәлім-тәрбиесі мәселелері жырланады. Эпикалық шығарманың негізгі сюжеттік құрылымындағы оқиға арқылы аталған дидактикалық мұрат нысанға алынады. Сондықтан, дастандағы сюжеттің басталуында, ортасында, аяғында автордың тыңдаушыларына (оқырмандарына) тікелей бағыттайтын жарлай арнау түріндегі толғаныстары тұрақты жырланады. Мысалы, Жүсіп ақынның «Шаһзада» атты дастанының кіріспесіндегі оқырмандарына тікелей жарлай арнау түріндегі жыры – осы дәстүрдің үлгісі:

Әуелі «Бісімілла!» сөздің басы,

Еш пенде Алла десе болмайды асы.

Зейіліңмен хикаяны тыңда, халық!

Көңіліңнің болса сөзде радасы [56, 190].

Ақынның «Шаһзада» атты дастаны – екі жүз отыз сегіз жолдық шығарма. Дастанның тақырыптық-идеялық арқауына еркек пен әйелдің сезімдік мәселесі алынған. Басты кейіпкері жас жігіт – Шаһзада. Бір патша өлгенде оның тақ мұрагері осы жалғыз, әлі анасының құрсағында жатқанда, тақты басқа біреу иеленіп кетеді. Шаһзада – ер жете келе өте қайратты, батыр болып өседі. Анасы осы патшалықтың мұрагері өзі екенін айтады. Қалыңдық іздеген Шаһзадаға қазіргі патшаның сұлу қызына үйлену керектігін атап ескертеді:

Айтқан сөз кемеңгерге келіспесе,

Кетеді кең ойлының кеміп басы.

Сондықтан сізге айттым әлеуметтер

Сөзімді сөкпей тыңда ақыл егасы.

Білінер осы сөздің ақырынан,

Қайратты, қайратсыздың шегарасы [56, 190].

«Шаһзада» дастанындағы сюжет желісі мынадай оқиғалар жүйесімен жырланған: біріншісі – дүниеден өткен падишаның жүкті қалған әйелінен ұл туғаны; екіншісі – он сегізге жеткен Шаһзаданың өзіне лайықты қалыңдық іздеуі, жанашыр ақылшының патшаның қызы Сақыпжамалға үйленуге кеңес беруі; үшіншісі – қыз мекендейтін патша сарайына дарбазасын күзеткен жүз, екінші рет мың күзетшіні қырып кіріп қызбен сұхбаттасқаны; төртіншісі – қыздың әкесі патшамен жекпе-жек ұрысуы, бірін-бірі жеңісе алмауы; бесіншісі – патшаның қалың әскерінің Шаһзаданы тұтқындауы, дарға асуға дайындалуы: алтыншысы – дарға асылғалы тұрған Шаһзадаға Сақыпжамалдың ерекше киініп, үш мәрте әр түрлі түсті (ақ, қызыл, қара) аттармен келіп көрінуі; жетіншісі – дана уәзірдің ақылымен қызының ғашықтығын бағалаған патшаның Шаһзадаға рақымшылық жасағаны, екеуін үйлендіргені, жігітті өзіне уәзір еткені.

Дастандағы сюжеттік байланыс өзіне лайықты қалыңдық іздеп жүргенде жігітке пайдалы ақыл берген кісінің сөзі:

Зат болсаң, - дейді – жігіт, Шаһизада,

Көз салма құмарланып құр порасқа

Патшаның бір қызы бар Сақыпжамал,

Сұлу жоқ бұл шаһарда мұнан басқа.

Әкеңнің алтын тағын иеленген

Басқаға байқа, балам, сен шатаспа!

Көңілдің қапалығы кетер шығып,

Осындай жетсе қолың сүмбіл шашқа [56, 191].

Дастан сюжетінің оқиғалық дамуында патша қызының сарайды күзеткен жүз, одан кейін мың адамдық күзет әскерін жалғыз өзі қырып сап, қызбен түндер бойы сұхбат құрған жігіттің ерлігіне куә боламыз. Ақыры түнгі күзет алаңында қыздың әкесімен болған жекпе-жек шайқасы да әсерлі суреттеледі:

«Көзіммен не де болса көрейін»,-деп,

Келер кеш патша өзі етті тұрыс.

Болса да мезгілінде келді жігіт,

Дегендей «Рет келді ер кезек үш!»

Кездесіп есіктегі патшаменен,

Сол жерде түніменен етті ұрыс.

Әр түрлі алуан-алуан соғыс салды,

Тоқтатып найзаларын ұстап қылыш [56, 194].

Осы арада екеуінің де күшті, қайратты тұлғасы танылады. Дастан сюжетіндегі негізгі шиеленісті, тартысты оқиғалар Шаһзаданың қыздың дарбазасын бақылаушы күзетшілермен, қыздың әкесімен болған шайқастар арқылы танылады. Оқиғаның аса шиеленісті тұсы – Шаһзада мен қыз әкесінің шайқасы. Бұл арада ақын оқиға кейіпкерлерін даралауды мақсат еткен. Қыз әкесінің де күшті-қайраты мол, әрі батыр, әрі патша, кесек тұлға екендігін елестетеді:

Кездесіп есіктегі падышамен,

Сол жерде түніменен етті ұрыс.

Әр түрлі алуан-алуан соғыс салды,

Тоқтатып найзаларын ұстап қылыш.

Екеуі түніменен соғысады,

Жеңіліп бірін-бірі таппай тыныш [56, 194].

Шаһзаданың қызға айтқан сөзінен де патшаның күштілігі бейнеленеді:

Түнімен соғыссақ та жеңе алмадым,

Әкеңіз палуан екен баһадүр күш.

Таласып тар жол тайғақ тартысқанда,

Тарланнан таппай кетіпті тай жығылыс [56, 194].

Жекпе-жекте тең түскен патша таң атқан соң жігітті танып, оны дарға астыруға үкім етеді. Бұл – дастан сюжетінің шарықтау шегі. Дастан сюжетінің шарықтау шегінде дарға асылғалы тұрған Шаһзадаға ерекше киініп үш мәрте көрініп келген қыздың әрекеті де халық тарихындағы ишаратпен, мегзеумен білдіретін дәстүрдің көрінісі:

Қыз кетіп шарбағына барғаннан соң,

Еркек боп төбесіне түйді шашын.

Бірінші ақ ат мініп ақ киініп

Деп айтты: «Ая, төрем, арымасын!»

Екінші қызыл ат мініп қызыл киіп,

Көзінің өте берді төгіп жасын.

Үшінші қара ат мініп қара киіп,

Жалғанның жүзіне ұрды зауын, запасын.

«Қараңды қарамадым, ағаңды ақтап,

Я, достым, енді маған ризасың!» [56, 196].

Дастандағы басты кейіпкерлердің барлығы да жақсылық жолындағы өзіндік көзқарастармен дараланып көрінеді. Рас, Сақыпжамалдың патша әкесі әуелде сарайына баса көктеп кіріп жүрген Шаһзадаға орынды түрде қарсылық жасайды, алдымен енді кіргізбеу үшін мың кісі күзетке қояды. Одан кейін өзі жекпе-жек шайқасады. Өзінің әкелік тұлғасының, қызының абыройын сақтау үшін күрескен әкесінің бұл істері нанымды. Бұл – дастанның реалистік сипатына тән ерекшелік. Дастан сюжетінің шарықтау шегінде дарға асылғалы тұрған Шаһзада үш түрлі түспен (ақ, қызыл, қара) үш мәрте ерекше киініп келген адамның патша қызы екенін сезген уәзірдің оқиғасы да патшаның даралығын аша түседі:

...Қаласыз ахиретте обалына,

Бұл гүлдің піспей үзсең миуасын.

Қызыңыз ғайып ана ғашық екен,

Толтырып төгіп кетті қөздің жасын.

Және де үш мәртеге келіп кетті,

Білдіріп ғашықтықтың нышанасын.

Ғашықтық қай пендені етпейді әлек,

Есіттің Жүсіп, Злиха хикаясын.

Тағы да Ләйлі менен Мәжнүн өтті.

Көп тартып ғашықтықтың ол жазасын,

Қол жайып халықтың ал батасын! [56, 196-197].

Әйел махаббаты – тіршіліктің негізгі қозғаушы күші. Өзіне жету жолына енді жанын беріп, дарға асылғалы тұрған жігітке патша қызы үш рет келеді. Халықтың алдына ерекше шығып, бірде ақ атпен ақ, қызыл атпен қызыл, қара атпен қара киініп өткен қыздың әрекеттерін көріп тұрған патшаның уәзірін адамгершілік шешім үгітін айтуға жетелейді. Дастан құрылысындағы сюжеттік шешім – уәзірдің қыздың ишират қимылдарынан сезілген шынайы махаббатын айтуынан кейін патшаның Шаһзада екеуін некелестіруі. Дастанның идеялық түйіні – екі жастың шынайы махаббатының құдіретін таныту. Бұл арада автордың патша уәзірінің аузымен адамзаттың тіршілік қазанындағы мәңгілік махаббат туралы айтқан сөздері мәнді.

Жүсіп дастандарының композициясында ақынның лирикалық арнауларына орын беріліп отырады. Бұл – әлемдік әдеби дәстүрдегі белгілердің бірі. Әсіресе, дастандардың басталуы мен аяқталуында ақынның лирикалық бастауы, қорытындылануы ретінде болып келуі.

Эпикалық шығармалардағы «Шешім – ... оқиғаға қатысушылардың ең ақырғы хал-күйі...» [80, 191]. «Шаһзада» дастанының соңында қызының бақытты болуын ойлаған әке уәзірдің ақылын тез құп алып, екі жасты үйлендіреді. Дастандағы қызының ар-намысы, баянды бақыты жолына өмірін арнаған әкенің реалистік тұлғасы поэтикалық тұрғыда дараланған. Жүсіп Ешниязұлының бұл дастандағы орталық кейіпкері Шаһзада арқылы алдына қойған мақсатын орындау жолындағы тәуекелшіл, жігерлі жандардың жинақталған тұлғасын аңғарамыз. Ал, әуелде жүз, мың күзетшіні жеңген, тіпті патшамен шайқаста онымен тең түскен оның кейін тұтқын болуы да дәлелді. Себебі, ар намысын сақтау жолында күресіп жүрген әкенің алдында бөгде адамдардың бәрі де тоқталуы тиіс. Ал, сүйген жігіті үшін ата-анасына қарсы шықпаған, әдептілік шеңберінен аспаған, барлық мақсатын тек ишаратпен, мегзеумен сездірген қыздың бейнесі де өнегелі ғибратымен көрінеді. Демек, дастандағы кейіпкерлер әрекеттерінің барлығы да тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастар мәдениетінің ең озық үлгілі сапаларын игеру мұратына бағдарланады.

Қорыта айтқанда, Жүсіп Ешниязұлының «Шаһзада» дастанының дидактикалық-философиялық ағартушылық түйіні адамдардың өзіндік сезім әлеміне тән ерекшеліктерді байқатады. Қыз тегі, жігіт және перзентке арналған әке махаббаты оқиғалар жүйесінде салыстырыла бағаланады. Ақын әрбір адамның өзіндік мұрат-мақсаты жолында қажырлылықпен қайсарлықпен күресетін қасиеттерін саралайды. Шығармада тіршілік мазмұнындағы қарама-қайшылықтарға толы тұрмыстық қарым-қатынастардың реалистік шындығы дәлелденеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет