1 глоссарий агглютинация – қосымшалардың бірінен соң бірінің жалғануы Адвербиалдану


Етістіктің синтаксистік ерекшеліктері



бет6/7
Дата02.05.2016
өлшемі1.08 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

Етістіктің синтаксистік ерекшеліктері. Етістік – сөйлемде сөйлемнің барлық мүшесі бола алатын сөз табы. Етістіктің сөйлемдегі синтаксистік қызметтері оның функционалды тұлғаларымен тікелей байланысты. Етістік сөйлемде міндетті түрде түрленетін сөз табы екені белгілі, соның ішінде лексика-грамматикалық категориялардың тұлғаларымен әрқашан түрленуі міндетті емес, ал функциялық тұлғаларсыз қолданылмайды. Функциялық тұлғалар деп отырғанымыз – етістіктің қимыл есімі, есімше, көсемше және қимыл иесі деп аталатын ерекше тұлғалары мен таза грамматикалық категориялардың қатарындағы шақ, рай, модаль тұлғалары. Атап айтқанда, осы тұлғалардың бірі етістікке қосылу арқылы оның сөйлемдегі синтаксистік қызметін белгілейді. Дәлірек айтқанда, етістікке үстеген грамматикалық мағынасы арқылы сол етістіктің белгілі бір қызметке тұруына жағдай жасап, мүмкіндік тудырады.

Қимыл есімі. Етістіктің қимыл есімінің қосымшаларына -у, -с (-ыс, -іс), және -мақ (-мек, -бақ/-бек, -пақ/-пек) жұрнақтары жатады. Осы жұрнақты қабылдаған етістіктер қимыл есімі тұлғалы етістіктер деп аталады. Өйткені етістіктің негізі (түбірі) қимылды, іс-әрекетті атаса, қимыл есімі тұлғалы етістіктер қимылды емес, қимылдың атын білдіреді. Мысалы, сат – сату, сындыр –сындыру, ойла – ойлау, еңбек қыл –еңбек қылу, т.б.. Барыс-келіс қалай болып тұр? Алыс-беріс молайсын! деген сөйлемдердегі қосарлана жұмсалған етістіктердің әр сыңары да қимылды емес, қимылдың атын білдіріп тұр. Сондықтан бұлар да қимыл есімі тұлғасындағы етістікке жатады. Сол сияқты Алмақтың да салмағы бар. Ханның жақсы болмағы – қарашаның елдігі деген сөйлемдердегі етістіктер де қимылдың атауын ғана білдіріп тұр.

Қимыл есімі тұлғалы етістіктер заттық мағынаға ие. Мысалы, Сабаққа кіруге рұқсат сұрадың ба? сияқты сөйлемдердегі қимыл есіміне неге (немесе не істеуге) деп зат есімнің сұрағын қоя береміз. Мұндағы заттық мағына барыс септігінің қосылуы арқылы пайда болған құбылыс емес, керісінше септік жалғауы қимыл есімінде заттық мағына бар болғандықтан қосылып тұр. Рас қимыл есімі тұлғасындағы заттық мағына мен деректі зат есімдердің заттық мағыналары тең құбылыс емес, дегенмен қимыл атауы болатын сөздердің заттық мағынасы есеп, ой сияқты процеспен байланысты ұғым атауын білдіретін дерексіз зат есімдердің заттық мағынасына жуық. Қимыл есімі заттық мағынаға ие болғандықтан, зат есім сияқты етістіктің шақ, рай, модаль мағыналарына бейтарап жағдайда тұрады. Сондықтан олар ертеректегі оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерде тұйық етістік аталып келді.

Қимыл есімі қосымшалары – етістікке заттық мағына жамайтын тұлға. Осы қосымшаларды тұлғаланған етістіктер заттық мағынаға ие болғандықтан, енді зат есімнің қосымшаларын еркін қабылдап, сол зат есімнің қосымшаларының мағыналары негізінде зат есімге тән синтаксистік қызметтерге тұра береді. Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш, ілік септігі арқылы анықтауыш, басқа септік жалғаулары мен септеулік шылаулар арқылы толықтауыш, не пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалдар, Ол кітап оқуды көп ұнатпайтын. Жүрістері тым асығыс көрінеді. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Қимыл есімі кейде адъективтеніп (зат есімнің анықтауыш қызметінде келгенде сындық мағынаға ие болғаны сияқты), анықтауыш қызметіне де тұрады. Мысалы, Мектепті мерекеге қарсы безендіру жұмысы аяқталып келеді.



Етістіктің қимыл иесі тұлғасы. Етістіктің түрленген тұлғаларының ішінде таза заттық мағынаға ие түрі – осы қимыл иесі. Етістіктің қимыл иесі тұлғасы -ушы/- уші жұрнақтары арқылы жасалып, қимылды емес, қимылды жасаушыны, қимылдың иесін (агенсті) атап тұрады. Мысалы, бар – барушы, бер –беруші, кел – келуші, т.б.. Мұнда да етістікке заттық мағына қимыл иесі жұрнақтары арқылы жамалып, заттық мағынаға ие болған етістік одан әрі зат есімнің қосымшаларын қабылдайды да, зат есімше қызметке тұрады. Мысалы, Берушіге бесеу көп, алушыға алтау аз.

Етістіктің қимыл иесі тұлғасы да қимыл есімі сияқты адъективтенуге қабілетті. Мысалы, Күтуші жігіт бөлменің есігін ашуға беттеді.



Есімше. Есімше әрі есім сөздерге тән белгілері бар, әрі етістікке тән белгілері бар етістіктің ерекше түрі. Есімшені есім сөздерге жақындататын, есім сөздермен ортақ белгілері деп үш түрлі қасиеті көрсетіліп жүр:

  1. Есімше сын есім сияқты анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, көгерген шөп, барған жол, т.б.;

  2. Зат есімнің көптік, тәуелдік, септік жалғауларымен түрлене алады. Мысалы, Білгенге маржан, Білмеске арзан.;

  3. Есімшеге жіктік жалғаудың есім сөздерге қосылатын нұсқасы жалғанады. Мысалы, келгенмін, келгенсің, келгенсіз, келген.

Есімше есім сөздердің ішінде сын есімге өте жақын. Өйткені оның бойында грамматикалық сындық мағына бар. Мысалы, баратын кісі, қызарған орамал, т.б. с.с. анықтауыш қызметіндегі есімше тұлғалы етістіктерге қай кісі (қайтетін адам деп сұрақ қойылмайды) қандай орамал (қайткен орамал емес) деп сұрақ қоя береміз. Бұл сұрақтар сөйлем мүшесінде анықтауыштың, сөз табында сын есімнің сұрақтары. Сондықтан анықтауыш болып тұрған есімшенің бойында сындық мағына бар деп тұжырым жасай аламыз. Ал бұл сындық мағына етістікке есімше жұрнақтары арқылы жамалып тұр. Ендеше, есімше – етістікке сындық мағына жамап, оны анықтауыш қызметіне қоятын тұлға.

Ал есімшенің зат есімше түрленуі сын есімнің алдымен субстантивтеніп барып, зат есімнің қосымшаларын қабылдауына сәйкес құбылыс. Жақсы (адам) ісімен жақсы. Көрмес (адам) түйені де көрмес.



Есімшенің сындық мағынасы мен сапалық және қатыстық сын есімдердің сындық мағыналарынан айырмашылықтары да да, сәйкестіктері де бар. Егер сапалық сын есімдер заттың тұрақты, статикалық белгісін атаса, қатыстық сын есімдер сол затқа қатысы бар басқа затты (заттық ұғымды), немесе қимылды сол заттың белгісі етіп көрсететіні белгілі. Мысалы, ақ көйлек дегенде сын есім заттың түсіне қатысты статикалық белгісін тікелей атап тұр, ал түнгі жаңбыр дегенде түн деген уақыт жаңбырға қатысты болып, оның белгісіне айналған. Есімшенің сындық мағынасы қатыстық сын есімдердің сындық мағынасына өте жақын. Есімше заттың өз қимылын сол заттың өз белгісі, динамикалық қыры ретінде атайды. Мысалы, келген бала дегенде логикалық тұрғыдан келу әрекеті баланың өзі жасаған қимыл, бірақ мысалда қимыл (келу) зат (баланың) жасаған предикат белгі (бала келген нұсқасындағыдай) ретінде көрінбеген, баланы басқа балалардан ажырату үшін қажетті атрибут белгі болып тұр, яғни сөйлеуші үшін де тыңдаушы үшін (немесе оқушы үшін) де баланы басқалардан ажырату, ерекшелеу үшін оның статикалық белгілерінен гөрі бір кездері жасаған қимылын белгі қылып алу қолайлы, дұрыс шешім болып тұр. Сөйтіп қимыл заттың белгісі болса, тілде, сөйлемде оларды атайтын сөздерді, етістік пен зат есімді, қажетті грамматикалық (анықтауыштық) қатынасқа түсіру есімше жұрнақтарының мойнына жүктелген қызмет болып қалыптасқан.

Есімшенің етістікке тән белгілеріне мыналар жатады:



  1. Қимыл-қозғалысты атап, салттылық- сабақтылық мағыналарымен көрінуі. Соның негізінде септік жалғауындағы сөздерді меңгеру қабілетін сақтауы.

  2. Шақтық мағыналарын әрқашан сақтап, заттың предикат белгісін атаған етістікті баяндауыш қызметіне қойуы.

Есімше қай қызметте жұмсалса да (анықтауыш, баяндауыш, субстантивтеніп бастауыш немесе толықтауыш қызметінде келсе де) етістікке тән негізгі белгілерін жоғалтпайды: анықтауыш қызметінде келгенде сындық мағына жамалғанмен, қимылды атау қабілетінен айырылмайды, керісінше сол қимыл заттың бір белгісі екендігін білдіреді; салттылық, сабақтылық мағыналарын сақтап, тиісті септік жалғауындағы сөздерді меңгере береді, басқа сөздерді де (мысалы үстеуді) етістікке тән қасиетімен қабылдай алады, Мысалы, Кеше поездан түскен қонақтар...

Есімше қай қызметте жұмсалса да шақтық мағынасынан айырылмайды. Есімше етістікке сындық мағына жамап, оны анықтауыш қызметіне қойған кезде де өзінің шақтық мағыналарын сақтап тұра береді. Мысалы, соққан жел, соғатын жел, келер сәт, айтылмақ сөз, т.б.. Бірақ есімшенің шақтық мағыналарының анықтауыштың жасалуында үлкен рөлі жоқ. Шақтық мағыналар етістіктің баяндауыш қызметіне тұруында басты рөлге шығады.

Сонымен есімше тұлғаларының етістікті сөйлем мүшесі қызметіне қоюдағы қабілеттерін жинақтар болсақ:


  1. Есімше – етістікке сындық мағына жамау арқылы оны анықтауыш қызметіне қоятын ерекше тұлға;

  2. Есімше – етістікке шақтық мағыналар жамау арқылы оны баягдауыш қызметіне қоятын ерекше тұлға.


Көсемше. Көсемшеәрі үстеуге тән белгілері бар, әрі етістікке тән белгілері бар етістіктің ерекше түрі. Етістіктің үстеуге тән белгісі – сөйлемде пысықтауыш қызметін атқаруы. Етістіке тән белгілері – қимылды атап, салттылық-сабақтылық қабілетін жоғалтпай, басқа сөздерді меңгеруі және шақтық мағыналары арқылы етістікті баяндауыш қызметіне қойуы.

Көсемше – етістікке амал, себеп, мақсат, мезгіл, шарт/мезгіл мағыналарын жамап, сол мағыналары арқылы етістікті пысықтауыш қызметіне қоятын етістіктің еркеше тұлғасы. Етістікке амал мағынасын жамап, оны амал пысықтауышы қызметіне қоятын көсемшелер: -п (ып/-іп), (-ма)стан. Мысалы, жымиып күледі, қорықпастан жүгіре жөнелді. Етістікке себеп мағынасын жамайтын көсемше: -п. Мысалы, тоңып секіре бастады. Мақсат мағынасын үстеуші көсемше: -ғалы/-гелі, -қалы/-келі. Мысалы, татуласқалы келіпті, жауласқалы барды. Мезгіл мағынасын жамап, етістікті мезгіл пысықтауышы қызметіне қоятындар: -ғанша/-генше, -қанша/-кенше, -ысымен/-ісіме. Мысалы, көзінен жас шыққанша күлді, үйге келісімен іске кірісті. Етістікке шарт/мезгіл мағынасын жамайтын көсемше: (-ма)й, -(ма)йынша/-(ме)йінше. Мысалы, айтпай(ынша) бермейді. Көсемше адвербиалдық мағыналар жамап етістікті пысықтауыш қызметіне қойған кезде, одан шақтық мағыналар аңғарылмайды.

Көсемше етістікке шақтық мағыналар үстегенде, оны баяндауыш қызметіне қояды. Мысалы, Күн тез суытқандықтан, шөп те ерте солады.

Көсемше тұлғалары сабақтас құрмаластың бағыныңқы сөйлемінің баяндауышы құрамында келгенде шақтық мағыналарын да, адвербиалдық мағыналарын да сақтап тұрады, мұндағы шақтық мағына баяндауыштың жасалуына негіз болса, адвербиалдық мағыналар жай сөйлемдердің мағыналық қарым-қатынасына негіз болады. Мысалы, Көктем келіп, қар ери бастады.




Практикалық тапсырмалар
І Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Сөздердің қандай тобы етістіктер қатарына жатады?

  2. М.Оразов қазақ тіліндегі етістерді лексикалық мағыналары бойынша қандай топтарға бөлген? Ғалым етістіктерді топтастыруда қандай әдіс қолданған? Етістіктің лексика-семантикалық топтарының ерекшеліктерін жаттап ал.

  3. Етістік түбіріне (лексика-грамматикалық негізіне) қандай гракмматикалық ерекшеліктер тән?

  4. Етістіктің қандай түрін көмекші етістік дейміз? Көмекші етістіктер өз ішінен қандай топтарға бөлінеді?

  5. Етістіктің аналитикалық формалары, аналитикалық формант ұғымдарына түсінік бер.

  6. Етістіктің салттылық-сабақтылық, етіс және болымды-болымсыздық категориялары неліктен лексика-грамматикалық категориялар қатарына жатады? Салттылық-сабақтылық категориясы дегеніміз қандай мағыналардан тұрады? Етіс тұлғалары және етіс категориясы дегеніміз не? Қандай етісті өздік етіс дейміз? Қандай етісті өзгелік етіс дейміз? Қандай етісті ырықсыз етіс етіс дейміз? Қандай етісті ортақ етіс дейміз?

  7. Етістіктің сөйлем мүшесі болуы қандай тұлғалардың мағыналарына қатысты?.



ІІ Жаттығу жұмыстары

9-жаттығу. Сөйлемдегі зат есімдер мен етістіктерге сатылай талдау үлгісі бойынша морфологиялық талдау жаса.

Кешкі шайға енді отыра бергенде, есік алдынан асығыс келе жатқан адамның жүрісі естілді. Сәуле кеңсені тазалауға барады. Асан келісімен сабаққа отырды. Ауыл жігіттері сәлем беріп, алдынан шығып, атын ұстап, түсіріп алды, құрдай жорғалап, есік ашып енгізіп, күтіп жатыр. Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады. Ел көшкенде, екеуі жұртта қалып қойыпты. Асан айқай салып жылай бастады. Мен келін болып түскенде, сен әлі жас бала едің. Ол келгеннен бері, күн ашылмай қойды. Майысса да сындайтын болат па десем... Қысым көрсеңдер, осында келіңдер.

21-22 сабақтар

Тақырып: Үстеу. Үстеудің семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктері. Еліктеуіш сөздер. Шылау. Одағай сөздер

Сабақтың мазмұны:


  1. Үстеу туралы түсінік. Үстеудің семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктері;

  2. Еліктеу сөздер. Еліктеу сөздердің семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктері;

  3. Шылау. Шылаудың түрлері;

  4. Одағай. Одағайдың түрлері;


Сабақ мақсаты:

Үстеу мен еліктеуіш сөздердің семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктерін таныту. Шылаудың түрлерін ажырату принциптерін түсіндіру. Одағайдың түрлері таныту.


Теориялық бөлім:

Үстеу. Үстеу – қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі белгілерін: мезгілін, мекенін, себебін, мақсатын, амал-тәсілін және мөлшерін білдіретін сөз табы.

Үстеудің семантикалық ерекшеліктері. Үстеу мағынасына қарай алты топқа бөлінеді:

  1. Мезгіл үстеулері: бүгін, биыл, қазір, ала жаздай, ертең, күндіз, қыстыгүні, қыстай, кеш, әлі, ерте; лезде, бағанадан, баяғыда; кешқұрым, күні-бүгін, апа-сапақта, т.б.;

  2. Мекен үстеулері: жоғары, төмен, ілгері, ішкері, тысқары, кейін, әрмен, алға, артқа, артта, әрі-бері, жол-жөнекей, т.б.;

  3. Себеп үстеулері: бекерге, босқа, текке, шарасыздан, амалсыз, лажсыз, т.б.;

  4. Мақсат үстеулері: әдейі, әдейілеп, жорта, қасақана;

  5. Амал (сын-бейне немесе қимыл-сын) үстеулері: адамша, ескіше, жазбаша, көйлекшең, жартылай, шикілей, өлердей, бірге, босқа, қапыда, оқыста, лезде, өздігінен, шалқасынан, жайымен, шынымен, ретімен, біржола, жайбарақат, ауызекі, оқыс, дереу, ақырын, тез, шала-пұла, зым-зия, қолма-қол, астыртын, жасырын, т.б.;

  6. Мөлшер үстеулері: сонша, соншалық, сондайлық, анағұрлым, бірен-саран, бірталай, біраз, бірқыдыру, бірен-саран, азды-көпті;

Қазақ тіліндегі күшейткіш үстеулері деп танылып жүрген ең, тым, өте, орасан, аса сөздері – сапалық сын есімнің күшейтпелі шырайын қалыптастыратын көмекші сөздер. Күшейткіш үстеу ретінде аталатын керемет, зор, нағыз, ерен, кілең, өңкей, дәл сөздері – шырай мағынасын беретін күшейткіш мәнді сөздердің орнына жұмсалған зат есімдер мен сын есімдер. Ал әбден, мүлде сөздері – амал үстеулері.

Сондай-ақ соңғы жылдары үстеулің сегізінші мағыналық түрі ретінде топтау үстеулері деп беріліп жүрген, ертеректердегі әдебиеттерде топтау сан есімдерінің қатарында болған бір-бірлеп, топтап, көптеп, қос-қостап, бес-ондап, топ-тобымен, т.б. сөздерді амал үстеулерінің қатарына жатқызу орынды.



Үстеудің морфологиялық ерекшеліктері. Үстеу өзіне тән түрлену жүйесі жоқ және мүлдем түрленбейтін сөз табы саналады. Алайда жоғарырақ, төменірек, ілгерірек, кейіндеу, ішкерілеу, тысқарырақ, әрірек, берірек сияқты сын есімнің салыстырмалы шырай тұлғаларын қабылдаған, сондай-ақ ертеңі, бірталайға дейін сияқты зат есімнің түрлендіруші тұлғаларымен келген үстеулерді сөйлемдерден жиі кездестіреміз.

Шырай тұлғаларын қабылдайтын үстеулердің саны шектеулі. Үстеу сөздердің бәрін немесе оның белгілі бір көлемді бөлігін қамтымағандықтан, шыраймен түрлену бүкіл сөз табының грамматикалық ерекшелігі деуге келмейді. Ал зат еімнің формаларын қабылдау – үстеудің сын есім, сан есім сияқты субстантивтенуімен байланысты құбылыс. Мысалы, Еріншектің ертеңі бітпес. Еріншек (адам)ның «ертең» (дейтін сөз)і бітпес.



Үстеудің синтаксистік ерекшеліктері. Үстеу лексика-семантикалық ерекшелігіне сәйкес сөйлемде қымылдың әр алуан белгілерін білдіріп, пысықтауыш қызметін атқарады. Тұра қаштым жалма-жан.

Үстеу бастауыштың жай-күйін (мезгілін, мекенін, мөлшерін) атап, баяндауыш та бола алады. Аттанатын күніміз – ертең. Жиналғандардың саны бірталай. Тиянақты баяндауыш қызметін атқарғанда, жіктеліп жұмсалады.

Мөлшер үстеулері заттың сан-мөлшерін атап анықтауыш та бола алады. Бірен-саран адам көрінеді. Біраз уақыт өтті.

Субстантивтеніп, зат есімнің септік жалғаулары, септеулік шылауларымен келгенде, солардың грамматикалық мағыналарының көмегімен зат есім атқаратын синтаксистік қызметтерде келе береді. Біразы – уылжыған жас, бірқатары - сақалдары күректей мұжықтар. Талайды көріп жүрміз ғой... Ертеңінде-ақ жолға шықты



Еліктеу сөздер. Табиғатта (заттардың қақтығысу, соқтығысуынан және жан-жануарлар шығарған) болатын әр алуан дыбыстарды есту, сондай-ақ заттардың қимылдарының қилы-қилы көріністерін көру арқылы белгілі бір түсінік ретінде қабылдаудан пайда болған, сол түсініктердің атауы ретінде қалыптасқан сөздерді еліктеу сөздер дейміз.

Еліктеу сөздер мағынасына қарай дыбыстық еліктеуіштер және бейнелеуіш сөздер болып екіге бөлінеді.



Дыбыстық еліктеуіштерге табиғатта әралуан заттардың қақтығысу, соқтығысуынан пайда болған және жан-жануарлар жасаған дыбыстарға байланысты сөздер жатады. Мысалы, Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қанжоса болып дар-дар айырылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды.

Бейнелеуіш сөздерге түрлі қимыл-әрекеттердің бейнесін сипаттау мақсатындағы сөздер, көзбен көру арқылы пайда болған түсініктердің атаулары жатады. Мысалы, Нұрқожа талтаң-талтаң басып келеді. От жалт етті. Кілт тоқтады

Морфологиялық ерекшелігі. Еліктеу сөздер – түрленбейтін сөз табы.

Синтаксистік ерекшеліктері. Етістістіктермен тіркесіп келіп, пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Абай кілт бұрылып, жалт қарады. Атшы жігіт мырс-мырс күледі. Зат есімдермен тіркесіп, анықтауыш болады. Мысалы, Күңгірт сөйлеген шаң-шұң дауыс шықты. Қымқиғаш қиқу, сарт-сұрт төбелес болдыда қалды. Субстантивтеніп, зат есімнің қосымшаларын қабылдап, зат есімше қызметтер атқарады. Мысалы, Осы сөзден соң Жігітек екіұдайылықтан, былқ-сылқтан арылып, сөзді бір арнаға түйген-ді.

Шылау. Шылау – лексикалық мағынасы жоқ, өзі қосылған сөзді, сөйлемді түрлендіретін (грамматикалық мағына жамайтын), бірақ өзі түрленбейтін көмекші сөздер. Көмекші сөздердің түрленбеуі – оларды басқа көмекші сөздерден ( көмекші есім мен көмекші етістіктен) ерекшелендіретін, жеке сөз табы деп тануға негіз болатын басты белгісі.

Шылау сөздер үшке бөлінеді: 1) жалғаулық шылау, 2) септеулік шылау, 3) демеулік шылау.

Шылау сөздерді бір бірінен ажыратуда синтаксистік қабілеттері басты белгі болады.

Жалғаулық шылау – сөзді, сөйлемді түрлендірумен қатар, сөз бен сөзді (сөйлемнің бірыңғай мүшелерін), сөйлем мен сөйлемді (салалас құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдерін) салаластыра байланыстыратын шылау. Мысалы, Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Қадірдің киімі жұқа, әрі денмаулығы да мықты емес.

Жалғаулық шылаулар мағынасына қарай топқа бөлінеді:



  1. Ыңғайлас мәнді жалғаулықтар: мен (бен, пен), және, да (де, та, те), әрі.

  2. Қарсылық мәнді жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен, т.б.

  3. Себеп-салдар мәнді жалғаулықтар. Бұлар өз ішінен мәнділер (себебі, өйткені, неге десең) және салдар мәнділер (сол себепті, сондықтан, сол үшін) болып екіге бөлінеді.

  4. Кезектес мәнді жалғаулықтар: бірде, біресе, кейде.

  5. Талғау мәнді жалғаулықтар: әлде, не, немесе, болмаса, не болмаса, я болмаса, я, яки.

Септеулік шылау – сөзді түрлендірумен қатар, сөз бен сөзді (сөз тіркесінің компоненттерін), сөйлем мен сөйлемді (сабақтас құрмаластың компоненттерін) сабақтастыра байланыстыратын шылаудың түрі. Мысалы, Біз бұл сияқты бұйрық жарияланатынын білген жоқпыз. Жүлде алар жұма сайын туды күнім. Назыкеш ұзай берген соңғы бір көшке қарай шауып кетті.

Септеулік шылауларды топтастыруда олардың қандай септік тұлғасындағы сөзге жетектеліп келетіні басшылыққа алынып, атау септігіндегі сөздерге жетектелетіндер: үшін, сайын, сияқты (секілді, тәрізді), туралы (жайлы, жөнінде, хақында, турасында, жайлы), арқылы, бойы (бойымен, бойынша), шамалы (қаралы, шақты), соң; барыс септігіндегі сөзге жетектелетіндер: дейін (шейін), қарай, таман, жақын (тарта, таяу), салым; шығыс скптігіндегі сөзге жетектелетіндер: бері, кейін, соң, бұрын, бетер; көмектес септігіндегі сөздерге жетектелетіндер: бірге, қатар болып жіктеліп жүр.

Бұл жерде септік жалғаулары туралы ертеректегі әдебиеттерде айтылатын пікірлерге, анықтамалардан, тұжырымдардан үш түрлі ақауды байқаймыз.

Біріншіден, септеулік шылаулар – белгілі бір септік жалғауларында тұрған сөздерге тіркесіп (жетектеліп) келетін көмекші сөздер емес, яғни, септік жалғауымен түрленген сөзді одан әрі түрлендіруші емес. Септік жалғаулары – кейде өзі, кейде белгілі бір септік жалғауымен қосылып, сөзге біртұтас бір грамматикалық мағына үстеп түрлендіруші.

Екіншіден, үшін, сайын, сияқты, туралы, арқылы, бойы септеуліктері атау септігінде тұрған сөзге тіркеспейді, бұлар тіркескен сөздердің құрамында ешқашан атау септігі болмайды. Атау септігі – зат баяндауышта айтылған қимылдың, жай-күйдің иесі екенін білдіретін септік. Сондықтан атау септігіндегі сөздер бастауыштық мағынаға ие болып тұрады. Ал жоғарыда аталған септеуліктердің алдында тұратын сөздер мұндай мағынаға ие емес, тек атауыштық (номинптивтік) мәнге, қызметке ие. Бұл қасиет – кез келген толық мағыналы сөзге тән қасиет. Сөздің атауыштық мағынасы мен қызметін атау септігіндегі сөздің мағынасы мен қызметімен шатастыруға болмайды. Сондықтан аталған септеуліктер – атау септігіндегі сөздерді түрлендірмейді, атауыштық мәнге ие, басқа тұлғалармен түрленбеген сөздерге (яғни түбір күйіндегі сөздерге) әралуан гүрамматикалық мағына жамайтын шылаулар. Кейде есімше, қимыл есімі тұлғалы етістіктердің құрамында келетін кездері бар. Мысалы, келген сайын, келетін сияқты, бару үшін, барған бойы.

Үшіншіден, септеулік шылаулар – зат есімнің септеу категориясының мағыналарын беретін аналитикалық тұлғалар. Бұл – оқулықтарда айтылмай жүрген тұжырым.



Септеулік шылаулардың сөзге жамайтын грамматикалық мағыналары сан алуан және ол мағыналар, негізінен, сөздің басқа бір сөзбен белгілі бір синтаксистік қатынаста байланысуы үшін қажет. Бұл тұрғыдан септеулік шылаулардың мағыналары септік жалғауларының мағыналарына сәйкес болып келеді: кейбір септеулік шылаулардың мағыналары септік жалғауларының мағыналарына синонимдес болып келеді, кейбірі септік жалғауларының мағыналарымен ұштасып жатады. Ендеше септеулік шылаулар ойды дәл құрауға қажетті грамматикалық мағыналарды білдіріп, сөйлемде сөздерді түрлі қатынастарға түсіріп, септік жалғаулары сияқты қызмет атқарады.

Үшін септеулігі өзі тіркескен сөзге зат қимылдың мақсаты екендігін білдіретін мағына жамайды. Мысалы, Балалары айран-шалап үшін әлді ағайынға жалшылыққа кетіпті. Аталған шылау қимыл есімі тұлғасындағы етістікке де мақсаттық мағына жамап, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді де байланыстыра береді. Мысалы, ... Ұлыққа жауап беру үшін ... үшеуін сайлады. Жауап басқаларға түсінікті болу үшін, сұрақтың жүйелі болғаны жөн.

Сайын септеулігі мезгіл атауы болатын зат есімдерге және лексикалық мағынасында мезгіл мағынасы бар сөз тіркестеріне ғана тіркеседі де, өзі тіркескен сөзге аталған мезгіл қимылдың қайталануының тұрақты мерзімі екенін білдіретін мағына жамайды. Мысалы, Жыл сайын барады. Үш күн сайын әкеледі. Сайын септеулігі бұрынғы өткен шақ тұлғасындағы есімшеге де бір қимыл екінші қимылдың қайталануының тұрақты мерзімі екенін білдіретін мағына жамайды. Мысалы, Маржан мен көрген сайын күліп жүреді. Жаман мақтаған сайын есіре түседі. Дәл осы мағына бағыныңқысының баяндауышы –ған сайын тұлғасымен берілген мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмаластың компоненттері арасында да сақталады. Мысалы, Әсет қала жаққа кеткен сайын, анасының мазасы болмайды. Күлшат күлген сайын, ол да күледі. Кейде –ған сайын тұлғасындағы етістік қимыл екінші қимылға (тұрақты қайталанатын мерзімі емес) түрткі болғанын білдіретін логикалық тұрғыдан қатынаста тұрады: Оқыған сайын баурап барады. Оқу әрекеті баурауға түркі болған. Алайда, грамматикалық тұрғыдан сөздердің арасында мезгілдік қатынас орнайды. Бұл сайын септеулігінің өзі тіркескен сөзге жамаған грамматикалық мағынасы арқылы қалыптасқан мағына. Дәл осындай құбылыс төмендегі мысалдардан да байқалады: Білген сайын біле түсті. Күн өткен сайын аралары алшақтап бара жатқанын сезеді.

Сияқты (секілді, тәрізді, сынды) септеуліктері зат есімге және заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне тіркескенде, өзі жалғанған сөзге зат басқа затқа ұқсас, тең екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Заттардың қай қыры ұқсас екендігі байланысқан сөздермен кейде бірге қолданылатын, кейде жасырын келетін, бірақ тіркестен байқалып тұратын сын есімдер (адъективтенген сөздер) арқылы белгілі болады. Мысалы, Көсеу секілді (имек) таяқ таяқ ілінді қолына. Сапсыз пышақ сияқты (қырлы) таспен ұрғылай бастады. Күләш, Роза сынды әнші қыздар – қазақтың мақтанышы. Басыңқы сыңары сын есімнен және етістіктен болған, бағыныңқысы басыңқымен жоғарыдағы септеулік шылау арқылы байланысқан сөз тіркестерінде септеулік шылау зат есімге (заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне) зат қимылдың, немесе жай-күйдің (сындық белгінің) ұқсас, тең объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, тау секілді үлкен, тас сияқты қатты, қоңыз сияқты тырбаңдау, ит секілді ырылдау, т.б.

Сияқты (секілді, тәрізді, сынды) септеуліктері есімше етістіктер мен етістікті сөз тіркестеріне тіркесіп келгенде, сын есімдер мен адъективтенген сөздерге (сөз тіркестеріне) тіркесіп келгенде, сөз бен сөзді байланыстыру қызметінен айырылып, субъективті модаль мағынасына, сөйлеушінің көзқарасына қатысты жорамалдау, бағалау мағыналарына ие болады. Жағдайы жақсы сияқты, Мұрат іссапардан келген сияқты, т.б.

Туралы (жайлы, жөнінде, турасында, жайында, хақында) септеулігі зат есімге, заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне зат қимылдың тақырып-объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Ол сап алдында сынаудың қорытындысы жайлы қысқаша талдау жасады. ... Артель туралы бірсыпыра нәрсені біліп алдым.

Арқылы септеулігі зат есімге, заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне зат қимылдың құрал-объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, көпір арқылы өту, телефон арқылы сөйлесу, т.б..

Шамалы (қаралы, шақты) септеулігі сан есімдерге тіркесіп, оған болжалдық мағына жамайды. Бұл мағынаның сөз бен сөзді байланыстыруға еш қатысы жоқ. Сондықтан септеу категориясының парадигмасына жатпайды, сондықтан бұл қатардағы сөздерді демеулік шылауға жатқызу орынды.

Дейін (шейін), қарай, таман, жақын (жуық, таяу, тарта, салым) септеуліктері қазір септеулік шылау қатарына өткен сөздер болғанмен, ертеде барыс септігіндегі сөзді меңгерген толық мағыналы есім немесе етістік болғаны даусыз. Қазір бұлар барыс септігіндегі сөзге тіркесіп келгенмен, барыс септігіндегі сөздің үстіне жаңа бір грамматикалық мағына жамамайды, зат есімге барыс септігімен бірігіп, тұтас бір грамматикалық мағына жамайды. Басқаша айтсақ, барыс септігі мен аталған септеуліктер бір грамматикалық тұлға, оған дәлел – септік жалғауы мен септеулік шылау сөзге әрқайсысы жеке-жеке грамматикалық мағына жамамайды, екеуі қосылып бір ғана грамматикалық мағына жамайды. Бұл – белгілі бір септік жалғауындағы (барыс, шығыс, көмектес септігіндегі) сөздерге тіркескен барлық септеуліктерге тән құбылыс. Барлығында септік жалғаулары бір басқа, септеулік шылаулар бір басқа грамматикалық мағына білдіріп тұрмайды, екеуі бір мағынаға ие болады. Оны осы тұлғалармен байланысқан сөз тіркестеріндегі сөздердің синтаксистік қарым-қатынасынан айқын байқаймыз. Және ол мағыналар септік жалғауларының мағынасымен ұштасып жатады: кейде септік жалғауының мағынасымен мәндес болып келеді, кейде септік жалғауының мағынасынан бастау алып, бірақ оған өзгеше рең беріп тұрады, бір сөзбен айтқанда, септеу категориясының парадигмасынан орын алатын мағына болып табылады. Осы себептен септік жалғауы мен септеулік шылауды етістіктің (қосымша мен көмекші сөзден құралған) аналитикалық форманттары сияқты сөзді түрлендіруші күрделі бір тұлға ретінде қарастырамыз.

-Ге дейін форманты өзі жалғанған зат есімге, заттанған сөздерге, сөз тіркестеріне зат қимылдың бағытының жасалу шегі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Үйіне дейін екі өкпесін қолына алып, жүгіріп келді. Осы формат мезгіл мәнді зат есімдер мен сөз тіркестеріне қосылғанда, зат есім атаған мезгіл қимылдың уақыттық шегі екенін білдіретін грамматикалық мағынаға ие болады: Астықты жаңбыр басталғанға (басталатын кезге) дейін жинап алу керек. Келер жұмаға дейін жауабын күт. Кейде бұл формант сөзге демеулік шылауға тән күшейте шектеу мағынасын жамайды: Рақымбайға шейін ... есеңгіреп қалған сияқты.

-Ге қарай форманты өзі жалғанған сөзге зат қимылдың жалпы бағдары екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Көш жайлауға қарай бет түзеді.

-Ге таман, -ге жақын, -ге таяу, -ге жуық, -ге салым форманттары қосылғанда сөзге (зат есімге) жалпы бағдар мағынасымен қатар ара қашықтық мағынасы қосылады. Мысалы, Ұзақ ... өз ауылына таман келгенде.... Қалаға жақын тұрамыз. Осы форманттар зат есімдерді байланыстырғанда, тек ара қашықтық мағынасын ғана жамайды: Мектепке жақын үйлер, құдыққа таман жерде, т.б. Бұл форманттар мезгіл мәнді зат есімдер мен зат есімді сөз тіркестеріне қосылса, оларға кеңістіктегі арақашықтықты емес, мезгілдік ара қашықтық мағынасын жамайды: Күзге таяу келе. Жиналыс бітерге (бітер кезге) таман қабарласамын.

Бұл форманттар сан есімдерге қосылғанда, болжалдық мағына жамайды. Мысалы, Екі мыңға тарта жылқысы бар. Аталған форманттардың бұл мағынасы сөз бен сөздің байланысуына арқау болатын септеу категориясының парадигмалық қатарына енбейді, демеулік шылауға тән мағыналар болып табылады.

Сонымен септеулік шылау – кейде жеке өздері, кейде септік жалғауымен бірге өзі қосылған сөзге септеу категориясына тән қандай да бір грамматикалық мағына жамайтын, сол мағына арқылы сөздерді синтаксистік қатынасқа түсіріп сабақтастыра байланыстыратын шылаудың түрі.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалық институты
umkd -> 5 в 020500 «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі»
umkd -> «Баспа қызметіндегі компьютерлік технологиялар»
umkd -> Гуманитарлық-заң, аграрлық факультетінің мамандықтарына арналған
umkd -> 5B050400 «Журналистика» мамандығына арналған
umkd -> Әдебиет (араб тілінде «адаб» үлгілі сөз) тыңдарман, оқырманның ақылына, сезіміне, көңіліне бірдей әсер беретін дарынды сөз зергерлерінің жан қоштауынан туған көрнек өнері
umkd -> 5В020500 «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті пәнінің
umkd -> «Өлкетану тарихы және мәдениеті»
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі шәКӘрім атындағы семей мемлекеттік
umkd -> 5 в 011700 : -«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет