1 КӨркем мінез бен жағдайдың тарихи-теориялық ТҰРҒыдан негізделуі және зерттелуі



бет1/7
Дата03.05.2016
өлшемі2.16 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7
1 КӨРКЕМ МІНЕЗ БЕН ЖАҒДАЙДЫҢ ТАРИХИ-ТЕОРИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН НЕГІЗДЕЛУІ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕЛУІ
Өмірдің кез келген көркемдік түр мен әдеби үрдістен анағұрлым бай, әрі ауқымды екені даусыз. Өйткені ол әр қилы өмірлік мағынаны көркем әдебиетте түгелдей нақтылап, көзбен көргендей анықтап бере алмайды, бұған мысал мен дәлел жеткілікті. Сонымен қатар, оны әдеби үрдіс ұсынатын әр түрлі себеп-салдарлық байланыстардың аясына сыйғыза салу да қиын. Көркемдік ойлауға қатысты нақтылы көзқарас пен әлеуметтік-эстетикалық жағдай қоғамдағы күрделі мәселелерді шешуде өзіндік таным мен ойлау ұсынатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетінің даму қарқынын өткен ғасырдың соңғы онжылдығындағы жанрлық-тақырыптық өзгерістерден байқауға болады. Қоғамда қалыптасқан әр түрлі жағдайлардың тарихи себептері мен сол уақытқа әсерін, оның көркемдік әдебиетте қай дәрежеде бейнеленуін типологиялық жағынан анықтау әдебиеттану ғылымы үшін өте маңызды екені талассыз. Жеке тұлғаның өміріне әр түрлі объективті, субъективті түрде әсер ететін қоғамдық жағдайды ғылыми тұрғыдан зерттеу оның әлеуметтік, этикалық құндылығын, әрі мән-мағынасын айқындайды.

Кеңестік кезеңде жазушылар жеке тұлғаға тікелей әсер ететін жағдайды эпикалық (революция, азамат соғысы, коллективтендіру, т.б.) ауқымда алуға тырысатын еді. Сондықтан да характер мен жағдайдың арасында тікелей диалектикалық байланыс бары жайында айтылған тұспал көп, ал нақты зерттеулер саусақпен санарлықтай. Әдебиеттануда бір кездері характерді қоғамдық, әлеуметтік, ұлттық, топтық, таптық, кезеңдік тұрғыдан бөлу қалыптасқан болатын, мұндай жүйелеудің жетістік-кемшілігі туралы да аз айтылған жоқ. XX ғасырдағы әдеби процесс және әңгіме-повестері зерттеу нысанына алынып отырған жазушылар шығармашылықтары жайында әр уақытта З. Қабдолов [1] , З. Ахметов [2], Т. Кәкішұлы [3], С. Қирабаев [4], Р. Бердібай [5], Н. Ғабдуллин [6], Р. Нұрғали [7], Ш. Елеукенов [8],


З. Серікқалиев [9], Т. Есембеков [10], А. Жақсылықов [11], А. Ісмақова [12],
Б. Майтанов [13], Б. Сарбалаев [14], Қ. Ергөбек [15], Ж. Дәдебаев [16],
Қ. Алпысбаев [17], Б. Ыбырайымов [18], А. Егеубаев [19], Т. Шапай [20],
З. Бейсенғали [21], С. Мақпыров [22], Г.Пірәлиева [23], Т. Рақымжанов [24],
Ж. Камалқызы [25], т.б. ғалымдардың мақалалары мен зерттеулері жарыққа шықты. Сонымен қоса қазіргі қазақ прозасы поэтикасының жекелеген мәселелері жайлы жазылған С. Асылбеков [26], А. Рамазанова [27],
Ш. Уәлиханов [28], Г. Балтабаева [29], Қ. Жанұзақов [30], Ж. Айтмұханбетова [31], Е. Адаева [32], Н. Смағұлова [33], Ж. Жарылқапов [34], Н. Халикова [35], Қ. Хамзина [36], Қ. Тамабаева [37], А. Таңжарықова [38], Р. Сабырбаева [39], т.б. зерттеушілердің еңбектерінде қазіргі ұлттық проза туралы маңызды ойлар айтылып, ғылыми тұжырымдар жасалды. Адам характерінің эстетикалық болмысын көп ретте оның жеке басының ерекшеліктерінен, уақыт пен орта сипатынан, идеялық негізден іздеуді жалпы алғанда мақұлдап, қабылдаған орынды болар. Адам мінезіндегі жалпы мен жалқы сипаттағы тұлғалық қасиеттердің белгілі бір сапада көрінуін көбінесе тарихи негіздермен байланыстыруға да түсіністікпен қарау қажет. «Характер (іс-әрекет, ой, сезім, тіл) автордың көркемдік-эстетикалық концепциясы» деген пікірдің жаны бар, өйткені оны психология, әлеуметтану, философия салалары осылайша зерттеп жүр. «Энциклопедиялық әдеби сөздікте» [40, 72 б.], «Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде» [41, 98 б.] характерге берілген анықтама сол кезеңдегі аталмыш ұғым төңірегіндегі әр түрлі көзқарастардан, ғылыми таластардан хабар беріп тұр. Сөздікте әрбір ілімнің характерге байланысты зерттеу ауаны айқындалған, сонымен бірге әдеби характерді нақты адаммен тең сипатта қарауға болмайтындығы, оның шартты түрдегі көркем бейне екендігі қадап айтылған. «Әдебиет теориясының негіздері» атты оқулықта характердің әдеби типтің жеке көрінісі деп айқындалғаны белгілі [42, 121 б.]. Бұл пікір кейінірек талай мәрте сыналғанымен, әлі күнге дейін өзінің маңызын жойған жоқ.

«Әдеби энциклопедия сөздігінде»: «Характер (грек тілінен аударғанда «қолтаңба», «белгі», «ерекшелік») – көркем әдебиеттегі жеке бір тұлғаның орнын анықтайтын, сол арқылы адамның мінез-құлқының тарихи-шартты типтері (әрекеті, ойы, күйініш-сүйініші) ашылатын және авторға тән рухани-эстетикалық концепциясын айқындайтын адамның көркем образы» [43, 78 б.] деп толығырақ тоқталған. Міне, характердің осы әдеби белгісі оның әлеуметтану, психология, философия сияқты ғылым салаларының характерге беріп жүрген анықтамасынан айырмашылығын айқындайды. Шын мәнінде, әдеби мінездің эстетикалық мәнін анықтауда оның бойында психологиялық, философиялық, әлеуметтік ерекшеліктердің болатынына назар аударған жөн. Бірақ, бұл ерекшеліктермен қатар характер жасаудың әдеби-көркемдік әдістерін яғни «не» және «қалай жасалады» деген ұғымдарды білу маңызды.

Өткенді бағамдасақ, қазақ прозасы бірде характерді белгілі бір қалыпқа салуға тырысса, бірде оның жиынтық (типтік) белгілерін алға шығарғаны, ал кейде оның ойшылдық, сезімталдық, интуитивтік, рационалдық белгілеріне жетекші мән бергенін байқауға болады. Ұлттық әдебиеттану ғылымында аталмыш мәселеге қатысты пікірлер сан-алуан, тіпті кереғар көзқарастар да баршылық. Сонымен қатар, кейбір зерттеу жұмыстарында характер құрайтын негіздер әр түрлі сапада бағаланып жүргені де белгілі. Қазақ прозасының тарихына қатысты зерттеулердегі характер болмысына орай айтылған пікірлердің көбінесе оның бір дәуірмен, қоғаммен байланысына ерекше мән берілгенін көреміз. Персонаж бойынан сол дәуірдің ұлттық, эстетикалық белгілерін іздеу де кездесіп отырады. Осы орайда, аталмыш проблема төңірегінде біраз ой қорытқан ғалым З. Қабдоловтың анықтамасы осы пікір аясынан шығады: «Мінез – адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы» [44, 67 б.] деп мінездің қоғаммен, ортамен байланысына баса көңіл бөлген.

Характер мәселесін зерттегенде, жазушылардың шығармашылық ізденістерін тиімді түрде қарастыру үшін зерттеушілердің ұстанымдары әр түрлі сапада болғанын байқау қиын емес. Бас қаһарман характері сыншылар, әдебиетшілер назарына ғасырдың алғашқы жартысында жиірек ілініп, зерттеу объектісіне айналған: бірде ұнамды образ М. Хасенов [45], ол бірде замандас тұлғасы М. Қаратаев [46], М. Базарбаев [47], Р. Бердібаев [48], Х. Әдібаев [49], С. Байжанов [50], Н. Ғабдуллин [51], Б. Майтанов [52], бірде коммунист бейнесі Ф. Оразаев [53] С. Қирабаев [54] түрінде қарастырылып келген.

Әрине, заман талабына сай жазылған туындылар мен оларға берілген баға да соған сәйкес объективті сипатқа ие болатыны мәлім. Әр туындыны сол қоғам жемісі деген пікірге тоқтар болсақ, ол оған бүгінгі заман талабымен қарау барысында көптеген кемшіліктердің беті ашылары анық. Сондықтан да кемшіліктерді ойша түзеуден гөрі, әр кезеңдегі әдебиетке қойылған талаптардың тұрғысынан жүйелеп зерттеудің берері көп.

«Әдебиет пен эстетикадағы характер мәселесі» атты зерттеуде «Характер мәселесі әр түрлі негізгі эстетикалық проблемалардың күрделі қарым-қатынасын, тоғысуын бір ортаға топтастырды. Қазіргі әдебиеттану ғылымында характер мәселесі өзінің көркемдік тұтастығымен, сан-қырлылығымен зертттеу объектісіне айналып отыр» [55, 123 б.] дейді. Бұған жақын пікірді кезінде


С.Н. Бочаров білдірген. Оның пікірінше, «характер бейнелеу құралы емес, бірақ сол бейнелеу әдеби образдың бір қыры, әдеби мінез қашанда шындық өмірге, нақты тұлғаға қарағанда адамның сапалық өзгерістерін көркемдік дәрежеде шынайы бере алады» [56, 75 б.]. Біздің ойымыз осы пікірдің кейбір ұстанымдарын қуаттайды. Жағдайдың тұлғаның сапалық өзгерістерін бейнелеу үшін бағыттаушы, айқындаушы қызмет атқаратыны айтылған.

Л.И. Тимофеев «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбегінде характер мәселесіне ерекше тоқталған. Онда: «Характер таза психологиялық ұғым ретінде әлі күнге дейін қарастырылмай келеді. Ол заман талабына сай белгілі бір қалыпқа салынып келеді. Әдебиет тарихында характер бір-біріне мүлде ұқсамайды. Өйткені әрбір жазушы характер жасау кезінде өзі өмір сүріп отырған қоғамға тән мінезді ерекше назарға алуы мүмкін» [42, 65 б.]. Ғалым бұл пікірінде характер әрбір дәуірге тән жиынтық (типтік) белгілерін алға шығарғанын байқау қиын емес. XX ғасыр әдебиетін зерттегенде осындай көзқарастарды білген дұрыс.

Әдеби характер өзіне тән болмысындағы (специфика) эстетикалық шындықты танытуы арқылы ерекшеленетіні белгілі жайт. Бірақ, бұл таным оның философия, психология, әлеуметтану сияқты ғылым салаларының ауқымындағы характерлік мүмкіндіктерін шектемейді, қайта осылай өзінің зерттеу объектісіне қатысты жақтарын толық пайдалана алатындығын ескеру маңызды. Сонымен қатар әдебиеттану ғылымы бұл ғылым салаларымен өте тығыз байланыста екенінің бір себебі осында жатқандай. Өйткені, адамның ішкі жан дүниесінде болып жататын әр түрлі психологиялық ерекшеліктерін қоғамда алатын әлеуметтік орны мен өзіндік дүниетанымын, философиялық тұғырнамасын анықтау әдебиеттану ғылымы үшін өте маңызды. Сондықтан да мінездің табиғатына қатысты кейбір психологиялық ұғымдар сөз өнері ғылымында оның эстетикалық мәнін толық толтырады деу қате тұжырым беретінін айта кету жөн сияқты. Адам мінезін психологиялық жақтан зерттеуде Н.Д. Левитовтың «Вопросы психологии характера» атты еңбегі зерттеушілердің назарын аударып отыр. Ол өзінің аталмыш еңбегінде: «Адамға мінездеме беру – тұлғаның тек өзіне тән психологиялық ерекшеліктерін көрсету, яғни бір адамды басқалардан өзгешелейтін ерекшелігін табу. Тек сол ерекшеліктер ғана тұтас бір адамның мінезін анықтауға мүмкіндік береді. Бірақ, бұл ерекшеліктер сипаты бір жақты емес, қарама-қарсы болуы да мүмкін. Сонымен қатар характерде «жетекші» (доминант) мінез қашанда болады» [57, 52 б.] дейді.

Шынында кейіпкердің характерін тануда оның тұлғалық (личность) ерекшелігіне назар аудару арқылы зерттеу ұтымды екені даусыз. Көркем шығармада бұл ерекшеліктер бірде әлсіз, бірде күшті, енді бірде мүлде байқалмауы мүмкін. Сондықтан аталмыш мәселеге қатысты ұғымдарды қарастырғанда характердің бойындағы «өзекті» (ядро) табу арқылы зерттеу көп жайдың мәнін бажайлауға септігін тигізері анық.

Осы тұста айта кетер бір жайт ұлттық сөз өнері ғылымында реалистік мінездер мен классикалық мінездерге қойылатын талаптың көбінесе бірдей болып жүргендігі. Классикалық мінез жасалу шарты реалистік мінезден мүлде бөлек. Классикалық характерде кейіпкердің ішкі әлеміндегі әр түрлі қарама-қайшылықтарға емес, жалпы абстрактылы ұғымдарға жетекші мән беріледі. «Классицизмде сатқын-сатқынға, екі жүзді-екі жүздіге», ал «А-А-ға тең» деген дағдылы пікір сөзімізді дәлелдей түсетіндей, реалистік мінездің бойына әр түрлі қарама-қайшылықты ұғымдар кешенді топтасып жаңа бір сапа тудырады. Сондықтан, көркем шығармадағы кейіпкердің мінез-құлқын талдағанда әрбір ұғымның қыр-сырына жете мән бермеу біржақтылыққа ұрындырары даусыз.

Характер қашанда еңбек тәжірибесінде, өмірлік тартыстар, күрестер үстінде қалыптасып, тәрбиеленеді. Әдеби туындыда кейіпкер характері кез келген қиындыққа төтеп бере алатындай қалыптасуы үшін міндетті түрде соған сәйкес орта болуы шарт. Сөзімізді нақтылай түсу үшін В.В. Фащенконың мына пікірін келтіру орынды сияқты: «Көркем шығармадағы характер мәселесі адамның әр түрлі сәттердегі қалыптасқан мінез-құлқын автордың өмірдегі міндеті және өзгермелі заңдылықтарды меңгере отырып бейнелеу тұрғысынан ашылады» [58, 12 б.] дейді. Бұл жерде ғалым әр түрлі сәттерде (ситуация) қалыптасатын адам мінездерінің бірлігі, характердің өзегі, негізі екендігіне баса назар аударып отыр. Зерттеуші адам концепциясын қалыптастыруда мінездің бойындағы жетекші қасиетті оң бағалайды. Өйткені әдеби характер қашанда көркем әдіспен, нақты бір жағдаймен, өнердің өзіне тән мәнімен байланыста болып, үнемі даму үстінде қалыптасады

Әдеби характер шығарманың көркемдік жүйесімен тікелей байланыста болғандықтан, оның бойына шығармашылық әдістердің ерекшеліктері де жинақталған. Сондықтан романтикалық, модернистік характерлердің реалистік образдардан айтарлықтай айырмашылығы бар. Реалистік характерге тән ерекшеліктер – жағдай таңдаудағы еркіндік, тар қалыпқа түспегендік сияқты сан қырлы сипаттар. Әдебиет тарихында бір кезде «типтік жағдайдағы типтік характер» деген түсінік қалыптасқаны белгілі. Бұл ұғым характердің бойына сол дәуірге тән жиынтық белгілерді топтастырып, бір ғана тұлғаның бейнесін ашуға шығармашының ішкі әлемі (зат, тұрмыс, табиғат, т.б.) толықтай бағынышты болды. Реализмнің алғашқы даму кезінде жағдай ұғымы мінездің қалыптасуын анықтағанымен, көркем шығармада әдеби кейіпкердің бейнеленуіне тек көмекші қызмет атқарғаны белгілі.

Кейіпкердің характері – оның ішкі рухани әлемі, өзіне тән белгілерінің бірлігі, әр түрлі жағдайдағы адамның мінез-құлқының жетекші типі. Мінездің бойына сол дәуірдің, ортаның, уақыттың негізгі ерекшеліктері топтастырылған. Демек, мінездің өзегінде ұлттың да, белгілі қоғамдық құрылыстың да тарихи жақтан қалыптасқан сапалық көрінісі жатыр. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда қазіргі әдебиеттану ғылымында сын көзбен бағаланып жүрген «ұлттық мінез», «кеңестік мінез» деген ұғымдар қолдан жасалынған деу басы артық жай сияқты. Өйткені аз немесе көп көлемде болсын ол дәуірдің, қоғамдық құрылыстың белгілері, әсері мінездің бойына қалыптасатыны талассыз.

Қазіргі әдебиетте мінез адамзаттың күрделі тағдырындағы, сан салалы тарихи өміріндегі жағдаймен тығыз байланыста қарастырылуы орынды. Жазушылар көркем образ жасауда адамды бір жағынан күнделікті қарапайым тұрмыста көрсеткісі келсе, екінші жағынан «ұзақ» тарихи өмірдегі адамның тіршілік кешу мүмкіндігін сынау арқылы да көрсеткісі келеді.

Адам міндетті түрде өзіндік ерекшелігі бар қоғамдық құрылыста өмір сүреді. Сондықтан мінез жөнінде сөз қозғағанда біз оның сол қоғамның өкілі екендігіне көңіл бөлеміз.

Характер болмысы оның қоршаған ортамен қатынасынан, ой-арманынан, іс-әрекетінен көрінеді. Бұл жөнінде Л.И. Тимофеев: «Адам әлеуметтік және ұлттық тұрғыдан анықталған, тарихи негізделген, өмірге деген өзінің жеке көзқарасы, өз өміртанымы, өз тілі бар мінез» [42, 65 б.] дейді. Бұл пікірді
З. Қабдолов та қуаттаған. И. Платонов мінез ұғымына «адамның әр түрлі жағдайда көрінетін ерекше белгілері жатады, – дей отырып, –... ол белгілер бір-бірімен өте тығыз байланыста болу керек» [59, 102 б.] дейді. Бұл пікірде мінездің негізін анықтайтын өзек табуды көздейді, яғни жетекші мінезге меңзеп тұр. Бірақ мінезді анықтайтын жетекші нәрсе – әлі күнге дейін сұрақ күйінде қалып отырған мәселе. Бұл әдебиеттану ғылымынан гөрі психология ғылымының объектісіне жақын. Ал сөз өнері ғылымы негізінен мінездің бойындағы биологиялық негіздің қоғамдық қатынастармен байланысында қайсысының жетекші екендігін анықтаудан гөрі, оның қоршаған ортамен арақатынасына баса көңіл бөледі. Сонымен қатар сол қатынас қандай амал-тәсілдермен бейнеленетініне де байланысты.

Қазіргі әдебиеттану ғылымында характер мәселесі объективті өмірдегі әр түрлі жағдайлардың адам өміріне жасаған моральдық, рухани қысымына деген қарсылығымен де көрінген. Бұл көзқарас біршама еңбектерде арнайы зерттеу нысанасына алынған. Бірақ мінез бен жағдайдың арасындағы байланыс әлі күнге дейін арнайы қарастырылмаған. Ішінара атап айтқанда, ұлттық әдебиетімізде М. Әуезов, Н. Ғабдуллин, Р. Бердібаев, А. Нағыметов,


Ш. Елеукенов, Б. Майтанов, Т. Есембеков, Е. Адаева, т.б. сияқты ғалымдар, ал орыс әдебиеттану ғылымында Л.И. Тимофеев, А.Н. Иезуитов, Д. Тамарченко, Е. Хализов, В. Петров, Д. Крамарска, Л. Лавров, Ю. Борев сияқты ғалымдар көркем шығарманың концепциясы тұтас алғанда «характер мен жағдайдың» байланысына қатысты екендігін атап көрсеткен. Бір назар аударатын мәселе – әр түрлі әдеби-эстетикалық бағыттардың өкілдері мінез бен жағдайдың өнерде бейнеленуін зерттей келе, олардың жеке-жеке ұғым емес, тұтас жүйе екендігін атап көрсетуі.

«Жағдай» – сөз өнері ғылымында көп ретте көркемдік-эстетикалық ерекшелігі толық айқындала қоймаған әдеби категория. Табиғаты күрделі, қызметі сан қырлы ұғым. Көбіне жағдайды нақты қоғамдық ортамен ғана байланыстыру басым, оның көркем шығармадағы өзіне тән спецификасы идея, тартыс, орта сияқты негіздерге байланысты. Жағдай ұғымы көркем шығармада автордың сол қоғамдық ортаның талап-тілегі бойынша қалыптасатын болғандықтан, сол қоғамдық-әлеуметтік кезеңге тән қасиеттерді өз бойына жинақтауы тиіс. Бірақ бұл көзқарас көркем шығарманың тұтас болмысын аша алмайды. Сондықтан қоғамдық жағдайды сөз еткенде алдымен оның көркем шығармадағы көркемдік-эстетикалық ерекшелігін ескеру әдебиеттану ғылымы үшін ең маңызды көрсеткіш болғаны тиімді.

Қазақ көркем прозасы өз даму тарихында күрделі өзгерістерді басынан кешіргені белгілі. Қоғамдық жағдайлардың жиі ауысып отыруы ұлттық әдебиетіміздің сапалық өлшемдерінің тұрақсыздануымен, әр түрлі күштердің үнемі әсер етіп отырғандығымен де байланысты. Өткен ғасыр көркем прозасы өзінің астарына «мәңгілік тақырыптар» деп аталып жүрген (өмір, өлім, жақсылық, жамандық, жалғыздық, жатсыну) сияқты жағдай тудыратын ұғымдарды тұмшаламай, олардың адамға қаншалықты қайшылықты әсер ететінін де таразылап берді. Сондықтан да мына өмірде, қоғамда, табиғатта үстемдік етуші тәртіп пе болмаса, хаос па дейтін мәңгілік сұраққа жауап іздеу әлі де жалғасуда. Өмірдегі кейбір мағынасы тұрақты ұғымдардың мысалы жақсылықтың жамандыққа, дұрыстың бұрысқа айналып кетуі адамды тығырыққа тіреді. Кейде дәл осы тығырыққа тірелу қарама-қайшылықты өмірді танудың жаңа жағдайларын ұсынып отырды. Ол жағдайлардың өзі де сол идеологиялық жүйенің жасап беретін парыз, намыс, міндет, құндылық деген ұғымдарының желісіне байлаулы екенін айта кету керек. Осы негізде үнемі қарама-қайшылықтағы қоғамдық жағдайлардың көркем әдебиеттегі мінездің бейнеленуін көркемдік эстетикалық тұрғыдан зерттеу қызық әрі маңызды болуда. Прозалық туындылар әлем мен адамның арасындағы күрделі драмалық қақтығыстардың әр қилы жағдайлардағы көркемдік шешімін ұсынуда. Осы жайларды ескере отырып, көркем шығармадағы жағдай ұғымының мәні мен қызметінің қаншалықты ауқымды екенін бажайлауға болады. Жағдай ұғымы өмірде соншалықты жиі қолданылатындықтан, оның мағыналық ара-жігін ажырату да күрделі болып отыр. Өйткені жағдай ұғымының астарына қоғамдық жағдай, әлеуметтік жағдай, психологиялық жағдай, тұрмыстық, тарихи философиялық жағдай деген ұғымдар біте қайнасып кеткен. Күнделікті өмірдегі адамдардың саулық сұрасуының өзі «қалай жағдайыңыздан» басталатынын ескерсек, біз зерттеп отырған көркем прозадағы характер мен жағдайдың байланысуы күрделі теориялық талдауды қажетсінетіні де заңдылық деп айтуға болады. «Теория эмпирикалық бақылаудан туады, зерттеудің теориялық деңгейі қаншалықты жоғары болуы осыған байланысты» [60, 21 б.] дейтін пікірлер қазірде кейбір жағдайларда орнықты нәтиже бере алмауда. Өйткені эмпирикалық әдіс кейбір құбылыстардың заттық құрылымын ғана береді, бірақ олардың бір-бірімен байланысын аша алмайда [60, 22 б.] деген пікірге де зер салуға болады. Осындай көзқарастан кейін кез келген зерттелетін мәселе туралы толық ізденістерден, ой қорытындылаудан, талдауда кейін ғана тақырыпты теориялық зерттеуді міндеттейтінін анықтауға болады. Іздену, зерттеу, ой, қорыту, талдау әдісі ғана кез келген проблеманың бастауларынан сусындауға мүмкіндік береді.

Ғалым А. Иезуитовтың: «Жағдай дегеніміз – адамның сезімдері, ойы, іс-әрекетімен бірге өзі өмір сүріп отырған ортаның барлық саяси, экономикалық, экологиялық сипаттарын өз бойына сіңірген тарихи ортасы» [55, 32 б.] деп мәселені нақты тарихи көзқарас тұрғысынан қарастырған. Бірақ бұндай пікірдің кемшін жақтары да бар, ортаның доминанттығына назар сала беру біржақтылыққа апарады.

Шығармада характер мен жағдайдың ара қатынасын гармониялық түрде бейнелеу мәселесі күн тәртібіне бүгін ғана қойылып отырған жоқ. Өйткені көркем әдебиеттің негізгі нысанасы адам өмірінің ақиқатын мүмкіндігінше толық, әсерлі етіп таныту. Осы орайда авторлардың ұнамды деген кейіпкердің басына барлық жақсылықты жиып беріп, кіршіксіз періште еткен кездері болған. Ал сынайтын адамына жамандық атаулыны төндіреді. Бұндай тәсілмен көркем туындының қадірі, әсері артпаса керек. Қайта бұл қаламгерлердің өмір байланыстарын терең зерттемей, үстірт жазғандарының айғағы деген пікір көркем шығармадағы жағдай ұғымының табиғатын жете меңгеру – мінездің жетілу процесін, өсу бағытын айқындайтынына мысал.

Нақтылы өмір материалын, қаһармандар характері қалыптасатын ортаны, жағдайды білу керектігін М. Әуезов арнайы атап көрсетеді: «Жазушы неге нашар жазады? Мұның себебі біреу ғана емес. Ең әуелі өмірді нашар білу бар. Жазам деген ортадан сыртқары тұрып жазуға болмайды. Өзің таңдап алған материалды сүю ғана емес, барлық шетін, нәзік жайларына дейін түгелімен қиялдап та іштен кеміру шарт. Таңдап алған ортасын және тиісті байланысты жайларын сүйіп сезінген көңілге ғана шыншыл, терең, сенімді суреттер сай келеді» дейді [61, 96 б.].

Шынында да көркем шығарма нақты бір ортадан тысқары тұрып жазылмайтындықтан, сол ортаға тән ерекшеліктер туынды идеясына сай мінездің бойына жинақталатыны жөнінде Н. Ғабдуллиннің «Уақыт сыры» атты еңбегінде «Адам мінездерін жағдай жасайды. Сондықтан көркем шығармада геройдың мінездерін беталды ойша қарастыруға болмайды. Автор адам мінездеріндегі кездейсоқ жайларды теріп немесе кейіпкердің сырт бітімін күлкілі етіп көрсетумен адам мінездерін жасай алмайды, бұл үшін өмір шындығына терең бойлап, белгілі бір әлеуметтік ортаға тән сипаттарды жинақтап, образ арқылы көрсету керек» [51, 65 б.] деген пікіріне назар аудару керек сияқты. Сонымен қатар Р. Бердібай: «Көркем әдебиет қаһармандарының жасалу шарттылығы – аса күрделі теориялық мәселелердің бірі. Шығармада тұлғалардың толысып шығуын көптеген тәсіл-амалдар шешеді» деген пікір характер жасау бір ғана жолмен шешілмейтінін ескертеді. Ғалымның характер жасау үшін жазушыға қажетті теориялық білімнің бірі жағдайды жан-жақты таныту қажеттігі туралы тұжырымдары көңілге қонымды. Ол аталмыш еңбегінде «характердің жетілу процесін, өсу бағытын белгілейтін – жағдай» [62,
89 б.] деп орынды пікір айтқан. «Қазақ романдарында осы жағдайға көп мән бермейтіндіктен көркемдік талап орындалмайды. Оқырманды иландырмайтын, сендірмейтін туындылардың басты кемшілігі автордың жағдайды тани алмауынан, суреттеп бере алмағандығынан шығып жататына назар аударады [62, 86 б.] Характердің негізгі әлеуметтік әрекетіне түрткі болған жағдайды толық аша білу – көркем туындының негізгі шарты деген көзқарасты қолдау қажет.

Жағдай көркем шығармада нақты бір сәт (ситуация) арқылы да көрінуі мүмкін. Н. Драгомирецкая бұл жөнінде: «Характер мен оның даму логикасын анықтайтын нақты тарихи сәт, сол мінездің ашылуына қатысы бар жағдайды да анықтайды. Демек, мінез бен жағдай байланысы көркем шығармадағы шындықты танудың, игерудің нәтижесі» [63, 56 б.] дейді. Жағдай ұғымын түсіну үшін оның астарындағы мінездің ашылуына тікелей қатысты компоненттерді (тартыс, сәт, оқиға) білу шарт.

Көркем туындыда характер мен жағдайдың тоғысар бір жері – тартыс. Жағдай мен мінездің түйісу тұсы қақтығыс, перипетия десек, тартыс үстінде характер де, жағдай да дамитыны белгілі. Конфликт барысында оқырман да характерді жан-жақты тани алады. Сонымен бірге сан қилы қақтығыс арқылы автор да адам болмысының мағыналық қабаттарын аша алады, оған қоса тартыс көркем мәтіндегі характерлерді топтау, даралау, жинақтау қызметін атқарады деп жүрген пікір орынды сияқты. Тартыс үстінде жағдайлар жиі өзгереді, перипетиялық іс-әрекет барысында адамның бұрын байқала бермеген қырларын көрсету үшін жазушылар жағдайдың сипатын ауыстырып отырады, яғни коллизия мен перипетияларды дамыту, оларды жаңаша құрастыру арқылы объективтік және субъективтік жағдайлардың тарихи-әлеуметтік астарына үңілу мүмкін болатынын білетін қаламгерлер аз болмаған, олардың жетістіктері де баршылық.

Тартыс шығармадағы бүкіл оқиға мен характердің дамуын қозғалысқа келтіретін негізгі күш деп тану артық емес. Тартыс адамның сын сәтте көрінетін ішкі рухани адамгершілік сапасын, бойындағы көмескі, кейде мән беріле бермейтін белгілерін жинастырып мінездің ашылуына септігін тигізетін қасиетке де ие. Осы орайда сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір пікірді келтіру орынды сияқты: «тартыс» (латынша conflictus – қақтығыс, айқас кейде colliso – ала-ауыздық, талас) – өмірдегі қайшылықтардың өнерде көрінісі, адам тіршілігіндегі түрліше қарама-қарсылықтардың, адамға тән әр түрлі көзқарастағы, идеядағы, сенімдегі нанымдығы, іс-әрекеттегі мақсат-мүддеге кереғар құбылыстардың өнер туындысындағы жинақталуы, суреттелуі [64,


42 б.].

Адамды қозғалысқа, алға ұмтылуға бастайтын идеяға тікелей қатысы бар жағдай характерге өзінше талап қояды, өзі онда ерекше көрініс табады, сол арқылы кейіпкердің әлі ашыла қоймаған, жасырын сырларын ашуға көмектеседі. Көркем шығармада жағдай қаһарманның іс-әрекетінің себеп-салдарын ашу үшін ғана жасалмайды. Ол белгілі бір туындыда сөз болып отырған құбылыстардың объективтік заңдылықтарын да ашуға мүдделі. Реализмнің заңдылықтарын анықтауда «типтік жағдайдағы типтік мінез» ұғымын қалыптастырған Ф. Энгельс өзінің шығармалар жинағында: «Әдеби туынды көркемдік жетістіктің шыңына шығу үшін онда әрбір бейне – тип, сонымен қатар толыққанды қалыптасқан тұлға болуы шарт» [65, 10 б.] дейді. Бұл жерде өнердегі жағдай ұғымының мәні сан қырлы, көп қабатты екендігіне ғана мән берілген. Сонымен қатар характер мен жағдайдың арасындағы диалектикалық байланысты аша отырып, ойшылдың «мінез жағдайға, жағдай характерге бағынышты» деген ойына, пікіріне түсіністікпен қарау керек, өйткені тарихи болмысты біржақты мансұқтағаннан ешкім абырой тапқан емес.

Ұлттық әдебиеттің тарихи дамуынан көрініс беретін адамның рухани өмірдегі әр түрлі драмалық дағдарысқа ұшырап отырған өзгерістері әдеби үрдістегі өзгермелі жағдай ұғымының аясында талданғаны жөн. «Эстетикаға кіріспе» еңбегінде Ю. Борев: «Суреткердің шеберлігіне бағынбайтын, одан тәуелсіз адам характері мен жағдайдың болатындығы дау туғызбайтын жайт. Характер мен жағдайдың өнердегі байланысы өмірдегі шындықты танытудың нәтижесі» [66, 28 б.] дейді. Назар аударуға тұратын пікірдің бірі – осы.

Шығармадағы қаһарманның мінез-құлқын кеңінен көрсетуде жағдаймен қатар авторлық идеяның, тақырыптың, тартыстың, сюжеттің, сәттің (ситуация), коллизия, перипетия, драматизм сияқты ұғымдардың қызметі ерекше. Әдебиеттану ғылымында көркем туындыны талдау барысында бұл ұғымдардың қатынасы аралас-құралас зерттеліп жүргені белгілі. Негізгі себеп әр ұғымның мәнін, көркем шығармадағы эстетикалық табиғаты мен өзіндік орнын дұрыс тани, талдай білмеуден дер едік.

Көркем әдебиеттегі әр түрлі қоғамдық-әлеуметтік, қарама-қайшылықты жағдайлардың мәнін ашуда кейіпкерді өмір сүретін ортасымен бірге алып және сол жайды автордың өзінше түсініп, қабылдау шешімімен байланыстыра қарастыру – өнімді тәсіл. Өйткені жазушының көркем шығарма тудыру процесінде жағдайларға деген өзіндік қызығушылығы, сезімімен бірге алдын ала дайындаған өзіндік ұстанымы болатыны белгілі. Сондықтан өмірдегі күрделі жағдай арқылы өнерде бейнеленуі де өте күрделі процесс. Ол көркем шығармадағы тұлғаның таңдауында шыңдалумен оған автордың белсенді әсер етуімен байланысты. Өмірдегі қарама-қайшылықтың ашылуына эстетикалық күш-қуат беретіні белгілі. Ол жөнінде Х. Редеккер былай дейді: «Өмірдегі объективті шындықтың көркем туындыдағы эстетикалық бағытталуы –жазушылардың алдындағы күрделі мәселелердің бірі. Бұл мәселелерді зерттеуде әр түрлі әдіс-тәсілдерді, негізгі факторларды жете меңгеру әдебиеттану ғылымының жаңа сапаға көтерілуі болар еді» [67, 112 б.].

Сол себепті жағдайдың өнердегі қалыптасуын анықтауда оған ықпал ететін әр түрлі объективті және субъективті факторлардың әсерін саралау өте маңызды. Тек сол объективті және субъективті факторлардың тоғысқан жерінде ғана өмірдегі тартыстың өнердегі эстетикалық құндылығы туады. Қазіргі әдебиеттану ғылымында өнердегі тартысты эстетикалық категория ретінде бағалауға негіз бар ма деген сұрақ төңірегінде таластар жүріп жатыр. Кейбір ғалымдар: «Тартысты өз алдына жеке категория ретінде зерттеу артық нәрсе. Өйткені тартыс пен сюжет кейіпкердің характерін ашуда бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ол екеуін мінезден жеке қарастыру дұрыс емес» [68, 61 б.] деген пікір айтады. Бұған жақын пікірлер ұлттық әдебиеттануда да кездеседі. Осы арада «Өнердегі өмірлік тартыс – көркем шығарманың идеялық мазмұнындағы үзілмес желі, көген арқау, керек десеңіз, күллі өнер туындысына тіршілік беріп тұрған жұлын, жүйке. Олай болса, әдеби шығармадағы табиғи тартыс оның сюжеті мен композициясын өрбітер өзгеше құрал, қозғаушы күш екені өзінен өзі түсінікті» [69, 83 б.] деген пікірге мән беру дұрыс сияқты.

Сонымен қатар өмірдегі жағдай мен өнердегі тартыстың арасындағы алшақтық жөніндегі айтылған мына бір пікірлер назар аударарлық: «Өнердегі тартысты жағдай, біріншіден, адамтану мәселесіне негізделген. Сондықтан оның өмірлік-танымдық жағы көркем шығарма идеясына негізделген. Екіншіден, өмірлік тартыс белгілі бір адамдар тобы арасында ғана болса, ал өнердегі тартыс адамзаттың қаламгердің мықтылығы көркем туынды жазу кезінде өмірдегі тартыспен байланысы бар жағдайларды дәл тауып, көркемдік шешім ұсына білуінде» [61, 56 б.].

Автордың алға қойған мақсаты кейде тәжірибе жасау алаңы сияқты. Ол өмірдегі жағдайды дәл сол күйінде қайталамай, жаңа көркемдік жағдай ұсынады. Сонымен қатар өмірдегі шындық әр кезде жазушының ұстанымымен сәйкес келе бермейтіні де бар ғой.

Тартыс табиғатын оның басталуы, аяқталуы, айырылуына қатысты айқындауда бірізділік бар, болмыстың өнердегі тартыс дәрежесіне жетілуі үшін әр түрлі авторлық өңдеуден өтетіндігі жөнінде айтылған мына пікірге де назар аудару орынды сияқты: «Көркем шығарманың драмалық сипаты бастау алу үшін өз кезегінде белгілі бір сатылардан өтеді. Қарапайым «айырмашылық» қарама-қайшылыққа ауып, ол жағдай дәрежесіне көтеріледі. Жағдай белгілі бір сәт (ситуация) әсер еткенде айқындала түседі. Ал коллизия (ала-ауыздық, талас) белгілі бір нақты сәтте дамитын қарама-қайшылықтың ашылу формасы. Ал драматизм болса осы ұғымдардың барлығын біріктіріп көркемдік дәреже бере алатын негізгі күш [61, 41 б.]. Өз кезегінде бұл ұғымдар драматизм табиғатын ашатын оның ең бір негізгі көріну түрлері ретінде айқындалады. Соңғы кездегі ғылыми-теориялық еңбектерден драматизмнің мағынасын «тәртіп параметрі», синергетика заңдылықтары тұрғысынан бағалау көрініс беретінін байқауға болады. Драматизмді әдеби тектермен өзара байланыста қарастырып, олардың бір-біріне тигізер ықпалы, көркемдік ауыс-түйістері сөз етіліп, осы құбылыстың белсенді мүшесі драматизм ұғымының табиғаты жайында талқыланған ғылыми еңбектер де бар [70; 73].

Әдебиеттану ғылымының соңғы кезде сапалық тұрғыдан өскенін осы еңбектерден байқауға болады. Біздің негізгі объектіміз характер мен жағдайдың байланысы болғандықтан, аталмыш категориялардың бұл байланысқа тікелей қатысы бары жөнінде айта кеткеніміз жөн. Өйткені кейіпкер характері толыққанды ашылуы үшін көркем шығармадағы осы ұғымдардың ара-қатынасын да зерттеу өте маңызды.

Характер мен жағдайдың байланысу деңгейлерін зерделегенде оған әдеби процестің қаншалықты әсері болғанын анықтау қажет, өйткені бұл байланыстардың әдебиеттану ғылымындағы өзіндік орнын нақтылайтыны белгілі.

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы әлеуметтік-қоғамдық жағдайдың әдеби үдеріске әсері айтарлықтай болды. Ғасырдың алғашқы жылдары қазақ прозасында негізінен характер мен жағдайдың байланысының мынадай түрлері байқалады. а) Қалыптаса бастаған жағдайды өздері өзгертуге мүдделі жігерлі мінездер (мысалы, ауылды сауаттандыру, колхоздастыру, т.б.).

ә) Қазан төңкерісінен кейінгі орнаған кеңестік жаңа жағдайларды қабылдағысы, өзінің бұрынғы мұратына адал, көзқарастарын өзгерткісі келмейтін бейнелер.

б) Кейбір шығармаларда қалыптасқан жағдай мінездерге пәрменді әсер ете алмайтын болғандықтан, бұл ретте характерді жан-жақты ашу үшін жасанды жағдайлар жасылынды.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары әдеби процесте революция ғана қоғамдағы жағдайдың көрінісі ретінде айқындалып, көптеген шығармаларда негізінен «мінез бен тобыр», «мінез және халық» сияқты ұғымдар жетекші орында болды. Бұл жағдайда кейіпкер тек әлеуметтік тұрғыдан анықталып, қалыптасуы маңызды еді.

Атап айтар болсақ, Ж. Аймауытовтың 1922-1923 жылдары жазылған «Өмір деген осы ма», «Тұмарбай мен қатыны», «Елес» тәрізді әңгімелері сол жылдардың қоғамдық сипатын толық ашып бере алатын туындылар.

Саяси-әлеуметтік түбегейлі өзгерістер дәуірінде туған шығармалардың көбі Қазан төңкерісі әкелген өзгерістердің қазақ ауылы мен қала өміріне әсері сан-қырлы болғандығын суреттеді. Ж. Орманбаевтың «Жылқышылары» (1927), Ө. Тұрманжановтың «Қошан кедейінен» мұны айқын көруге болады.
С. Садуақасовтың «Күлпәш», «Күміс қоңырау», «Салмақбай» сияқты әңгімелерінде қала мен ауыл өмірінің өзгеше сипаттары суреттеледі. «Күміс қоңырау» повесіндегі Сәлима сияқты еркіндікті, бостандықты аңсаған қыздың тағдыры суреттелген. Жаңа өмір лебі оған күш қуат береді. Яғни автор қоғамдағы жаңа серпіннің, жаңа жағдайдың адамға әсерін баса көрсеткісі келеді. Жаңа мінездің қалыптасуы үшін оған қоғамдық өзгерістердің бағыттаушылық әсерін көрсету мақсатында жазылған Ғ. Мұстафиннің «Ер Шойын», С. Сейфуллиннің «Жер қазғандар», С. Мұқановтың «Адасқандары», А. Асылбековтің «Біздің де күніміз туды», т.б. шығармалар айқын мысал. Қазақ халқының өмір-тіршілігін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын терең барлаған жазушы Ж. Аймауытов «Қартқожа» романында Қазан төңкерісі, азамат соғысы жағдайлары сюжетке арқау болып, Қартқожаның өсіп, ер жету жолдарында қалыптастырушы жағдайдың белсенді рөлін көрсеткен.

Бұл жерде басты айта кетер жай, біз бұл тарауда әрбір таңдаған шығармада оның идеясына, авторлық тұрғы, көркем-эстетикалық құндылығына емес, автор шығармада характер мен жағдайды не үшін, қалай, қайтіп ұйымдастырғанына көбірек тоқталып, олардың байланысу түрлеріне назар аударылды.

Шын мәнінде бұл тұстағы әңгіме, очерк, повестердің жағдайларында төңкеріс сабақтарының лебі айқын аңғарылып, көркем шығармалардың көпшілігінде характердің азаматтық бас бостандығы айрықша көтерілді.
С. Сейфуллинің «Жұбату» атты әңгімесіндегі қазақ қыздарының басындағы ауыртпалықтарды Мүслимжан бейнесіне жинақтаған. Әңгіменің соңындағы мына бір сөйлемдерде: «Қарындасым, шерлі қарындасым Мүслимажан! Жылама, тый көзіңнің жасын! Өтер қайғының қара түні!.. Міне, ақырындап ескен, бөтен сүйген майда жел. Бұл таң хабаршысы! Міне бұл – бақыт таңы, қара алдыңа, күтіп ал бақытыңды» [71, 67 б.], – дейді жазушы. Яғни өмірге деген құштарлық, бақыт тек Қазан төңкерісімен келеді деген идеяны жазушы революция әкелген жағдаймен байланыстырады.

Мұндай идеядағы шығармаларда құндылықты революция әкелген бақытты жағдай деп, сол жағдай төңірегінде адам мінездерін өзгертіп, қайта қалыптастыруға бейім мінез бен жағдайдың түрлерін анық байқауға болады. Бұл қатардағы шығармаларды жүйелеп қарастыру типтік белгілерді анықтауға негіз болды.

Тек, кейбірін қосымша алуға болады. Мысалы Ғ. Мүсіреповтің «Тулаған толқында», Ғ. Мұстафинның «Ер Шойыны». Көбіне ол жылдардағы туындыларда белгілі бір қалыпқа құрылған Шәйзаданың «Тулаған толқында», Ер Шойынның мұратқа жетуін тек Қазан төңкерісімен байланыстыратын характер мен жағдай суреттеледі. Осы қатарға Б. Майлиннің 30-жылдардағы әңгімелерін де жатқызуға болады. Бұл жылдарда бұрынғы Қамар сұлу, Шұға, Ғайша сияқты тағдырға мойын ұсынатын шартты түрде алғанда сезім сергелдеңіндегі сезімтал кейіпкерлердің орнына Айша, Ақбілек, Шолпан сияқты әрекет үстіндегі, өз өмірін, қоғамды өзгертуге бейім қайраткер мінездер алдыңғы қатарға шықты. С. Сейфуллиннің «Айша» повесіндегі Айша бейнесі көп жағдайда Қамар, Шұға, Ғайша, бастарында болған ауырпалықтарды еске түсіреді. Алайда, «Айша» повесінің ішкі нәрі мен құяр арнасы мүлде бөлек. Ол қалыңмал құрбандығы болудан гөрі, қарсыласа жүріп жол табуды көздейді, сол мақсатта небір қиындыққа барады. Шұға мен Қамарлар ел ғұрпы, ақсақалдар бұйрығынан аса алмаса, Айша қазақ қызына тасталған сол торды үзуге бел байлады. Міне, сондықтан Айша мінезінде үлкендер алдында сызылып тұру аз. Оның тік мінезді болып келуі де, осы төзбестік жағдайға қарсы аттанудан туған қайсарлық тәрізді. Жағдай басқа мінез қалыптастырды.

Повестің композициялық-сюжеттік құрылысында айрықша көзге түсетін жай – тозығы жеткен қазақ ауылының еңсесін өндіріс орындары көтеретіндігін меңзеу. Өз аулында әке-шеше, туған-туысқаннан пана таба алмаған Айша Нілді заводына барып бас сауғалайды, яғни бағыттаушы жағдай бейнеленеді. «Жұбату» повесіндегі Мүслимажан бейнесін қаламгер «Айша» повесінде жалғастырып, характер мен жағдай байланысын жетілдіре түседі.

Осы жылдардағы шығармалар төңірегінде ой өрбіткенде айта кетер тағы бір мәселе бар, ол – сол жылдардағыдай кеңестік қалыпқа салынбаған өзіндік идеясы мүлде бөлек туындылар да болғандығы. Атап айтсақ, М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні», М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі»,
Ж. Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повестері. Бұл туындыларда қалыптасқан қоғамдық жағдайлардың ұсынып отырған ұстанымдарын қабылдамау, өзіндік ой айту басым. ХХ ғасыр басындағы дәстүрлі қазақ прозасымен қатар шындықтың эмпирикасын жаңаша зерттеп, бейнелеген, жаңа әдеби ағымдар пайда болды. Бұл эстетикалық жүйелер өмірге адамның дүниені түсінудегі сапалы өзгерістер нәтижесінде келді.

Демек характер мен жағдай байланысы арқылы шығармадағы көптеген ұғымдардың ара-қатынасын жаңаша бажайлап, характердің соны қырларын тануға болатын сияқты.

ХХ ғасырда қазақ прозасы дамудың әр түрлі сатыларынан өткені көптеген зерттеулерден мәлім. Зерделей қараған адамға ұлттық прозада шамамен әрбір ширек ғасырда жаңа характер мен жағдайлар пайда болатыны байқалады. «Өндірістік проза» мен «ауыл прозасы» сияқты кезеңдік құбылыстарды да осы қатарға жатқызуға болатын сыңайлы. Бұл туралы басқа пікірлер болғаны да, болатыны да белгілі, дегенмен олардың әрқайсысының типологиялық ортақ белгілері туралы орнықты пікір әлі қалыптаса қойған жоқ. Мұндай тақырыптық-жанрлық тұтастықтардың сілемі бірнеше әдебиетте қатар көрінетіні бар, сонымен қатар мұны ұлттық даралыққа телуге негіз болатын тәжірибе де ұшырасады.

Әдеби үдерістің белгілі кезеңінде жекелеген тақырыптың, жанрдың, образдың бір әдебиетте біршама тұрақты әрі жетекші болатынына, бір кезеңде белсенді қызмет атқаратынына мысал жеткілікті, бірақ бұл үдеріске жеткілікті назар аударылмай келе жатқаны қынжыларлық іс.

Қазақ прозасы уақыт өткен сайын ілгерінді-кейінді өзгеретін, күрделеніп отыратын қоғамдық қатынастарды, жеке тұлға өміріндегі ықпалы орасан әр қилы объективтік және субъективтік жағдайларды көркемдік тұрғыдан зерттеуге ылғи құлшыныс танытып келгені мәлім. Қазіргі кезде де замана ағымына сәйкес ғылыми-рационалдық көзқарастарды белгілі бір деңгейде қуаттай отырып, олардың эстетикалық, этикалық, адамгершілік, сезімдік жақтарына үңілгенді тоқтатқан емес. Өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ қаламгерлері жеке адам мен жалпы «эпикалық» жағдайлар арасындағы байланыстарға ерекше назар аударса, кейінірек ұлттық прозада индивид пен баршаға ортақ қоғамдық-әлеуметтік үдерістің әр қилы қарым-қатынасы алдыңғы қатарға шыға бастады. Ғылыми-техникалық даму, қала мен ауыл, адам мен қоғам, тұлға мен табиғат, адам мен ғылым, кеше мен бүгін, ұлттық және қоғами сана арасындағы жаңа қатынастар ХХ ғасырдың екінші жартысындағы көркем сөз өнерінде жетекші тақырыптарға айналғанының себептері көп. Әрине, ұлттық проза бұдан басқа да мәселелерді де көркемдік-эстетикалық тұрғыдан діттеп қарастырғаны жайында аз айтылған жоқ. Демек, ХХ ғасырдағы прозада жағдай мен мінез жан-жақты көркемдік, эстетикалық, әдеби зерттеу нысаны бола бастағаны – назар аударарлық жайт. Өзгермелі орта, ауыспалы жағдайдағы ұлттық мінез өрісі хақында да ой түюге деген тұрақты ұмтылыстың сыры тереңде. Мұнда реализм, романтизм және модернистік ізденістердің тоғысқан тұстары да байқалады.

50-60-жылдары жетекші орынға ие бола бастаған ауыл тақырыбына арналған ұлттық проза негізгі кейіпкерлерді жаңа жағдай, өзгерген ортаға қоя отырып, бұлардың қарым-қатынасын адамгершілік мәселелерді бейнелеудің діңгегіне айналдыруға ұмтылғанын атап көрсеткен жөн. Мұндай жайттың себептерін жеке адамның ой-өрісінің дамуы, сол кезеңдегі ғылыми көзқарастың кеңеюі, мәдени деңгейдің өсуі сияқты қоғамдық-психологиялық факторлармен байланыстырған зерттеушілердің пікірлерін негізінен қуаттауға болар. Оған қоса сөз өнері қоғам мен табиғаттың, адам болмысы мен мінезінің терең қабаттарын танып-біле бастады, осы білімнің нәтижесі қоршаған орта мен адам арасындағы байланыстарға тереңірек үңілуге, оларды ауқымды зерттеуге мүмкіндік берді, бұларға деген сол кезеңдегі прозадағы ерекше қызығушылық жазушыларды прозаның кіші жанрларының структурасын өзгертуге жетеледі. Өйткені характер мен жағдайдың байланысуының жаңарған, өзгерген түрлерін бұрынғыша бағалау енді мүмкін бола бермеді. Уақыт ағысы, замана түрленуі, дүниетаным құбылысы тосын көркемдік мақсат-мүдде, басқа шығармашылық нысана ұсынғаны белгілі, оған қоса жаңа мінез қырлары, тосын жағдайлар да қаламгерлерге өзінше әсер еткенін есепке алған жөн.

Ғасыр басында М. Әуезов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Б. Майлин бастаған үрдісті ғасыр ортасында Ғ. Мүсірепов, Т. Әлімқұлов, Т. Ахтанов жалғастырған, ал кейінірек Д. Исабеков, С. Жүнісов, Ә. Тарази, Қ. Ысқақов,
С. Мұратбеков, О. Бөкеевтің повестері мен әңгімелерінде бейнеленген саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық салалардағы жетістік-кемшіліктер нақты көрсетіліп, оларды көркемдік, эстетикалық тұрғыдан жан-жақты сараптауға деген ниет басым бола бастады. Шартты түрде айтсақ, дәстүрлі «шындық сабақтары» болмыстың терең қабаттарын қамтуымен ерекшеленді, онда жағдайға ерекше мән берілді. Өткен мен қазіргіні көркемдік жүйелі жауаптылықпен талдау «ертеңгіні ойлаумен» тығыз байланыста жүргізілгенін атап көрсеткен маңызды. Зәру тақырып, көкейкесті мәселе, мазмұнды тартыс, концепт – кейіпкер мен өнімді жағдайлар арқылы қаламгерлер қоғамдық-әлеуметтік түбегейлі өзгерістер ауанын бажайлауды мақсат еткені даусыз. Осы кездерде көркем әдебиет ғылым мен ілім контекстіне де ендеп кіре бастады, оның нәтижесінде прозада адам мен мифке қатысты жаңа қабаттар қамтылды, мәнді мәселелер пәлсапа мен этика тұрғысынан да талданды.

ХХ ғасырдың 60-жылдарында ұлттық әдебиетімізде ауыл өмірі мен тұрмысының өз алдына дербес көркемдік әлемге, жетекші көркемдік, тарихи-мәдени жағдайға айналуының әлеуметтік, эстетикалық негіздері бар. Осы уақытта халық өмірінің терең қатпарларына, ұлт тарихы мен тағдырына, мәдениетіне деген көзқарас әр қилы өзгеріске ұшырағаны, әлеуметтік мәні күшейе түскені көпшілікке мәлім. Қазақы ауыл психологиясының қала тіршілігі мен мәдениетіне кірігуі мен бейімделуінің күрделі жағдайда жүріп жатқандығын жіті бақылап отырған авторлар бұл құбылыстың идеялық, адамгершілік негіздерін ашуға, жетістік-кемшілігін, болашағын бағамдауға күш салды. Тақырыптың жаңа қырын кейіпкердің тосын сырын адамгершіліктің соны құндылықтарын көрсетуге деген ұмытылыс авторлық ұстанымға да әр қилы әсер еткені бар. Осындай әлеуметтік және психологиялық тауқыметтер


Ә. Кекілбаев, Д. Исабеков, С. Мұратбеков, С Шаймерденов, Т. Әлімқұлов туындыларының концепциялық өзегіне айналғанын көптеген зерттеушілер атап көрсеткен, бірақ жүйелі зерттелмеген. Бұл құбылыстардың ғылыми мәні көп, қарастырылмаған қырлары да жетерлік. Ауыл жағдайын өз шығармашылықтарының лейтмотивіне айналдырған аталмыш қаламгерлердің мұны нақты шығармаларымен дәлелдеген тәжірибелері де назар аударарлық. Қалада жүріп далаға, далада жүріп қалаға ұмтылған ұлттық мінез көріністері әлеуметтік жағдай мен замандастардың ортақ проблемаларын қамтығаны дау туғызбайды.

Ауыл өмірін бейнелеудің реалистік дәстүрі қазақ әдебиетінде ХХ ғасыр басында қалыптасқан еді. М. Әуезов, Б. Майлиннің әңгіме-повестеріндегі басты мәселе – қазақ ауылының тыныс-тіршілігін, жалпы қоғамда болып жатқан өзгерістерді, мінез бен жағдай арқылы бейнелеу болғанына дәлел жетерлік. 30-40-жылдары Ғ. Мүсіреповтің, Ғ. Мұстафиннің С. Мұқановтың повестері мен әңгімелері осының мысалы, бұл шығармаларда қазақ өмірінің күнгейінен гөрі көлеңкелі жақтары көбірек сөз болғанына түсіністікпен қараған орынды сияқты. 50-60-жылдары әдебиетке келген тегеурінді жас буын ауыл тақырыбының философиялық қабаттарына, жаңа саяси-әлеуметтік жағдайларға түрен сала бастады, сонымен қатар адам характерін жан-жақты тануға, бүгінді тарихи тұрғыдан таразылауға күш салды. Ал кейінгі жылдары оларды ғылыми-техникалық дамудың парадокстері мен сырттай қарағанда көріне бермейтін ішкі рухани өзгерістердің мәні қызықтырды. Адам мен табиғат арасындағы дәстүрлі қазақи байланыстың сол кезеңдегі жай-күйі де көкейкесті мәселе болды. Ұлттық прозада қасиетті атамекеннің эрозиясымен бірге адам жанының, ұлттық құндылықтардың рухани күйзеліске ұшырай бастаған жағдайы ерекше көрінді. Ә. Кекілбайдың Еңсебі, О. Бөкейдің Қиялханы, Ә. Таразидің Кірпішбайы, Д. Исабековтің кейіпкерлері «таныс бейтаныс» характерлер ретінде оқырмандарға қызық көрінді, сыншылар тарапынан да жан-жақты талданды. Адамның қоғам, табиғат алдындағы жауапкершілігінің түрлі деңгейлерінің батыл анықтала бастағанын да осы кезең прозасының жетістігі деп санауға болар. Ұлттық дамудың перспективасын аса маңызды көкейкесті мәселе дәрежесіне алғаш көтеру де осы жылдар прозасының еншісінде. Қоғамдық, әлеуметтік, тұрмыстық, жағдайлардың пәлсапалық, адамгершілік, моральдық, ұлттық сипаттарын көркем талдау да жүріп жатыр.

50-60-жылдардағы ұлттық проза өткен тарихты талдауға, түрлі тарихи науқандарды өзінше талқылауға белсене кірісе бастағаны мәлім. Оған қоса ұлттық мінез болмысы төңірегіндегі көркемдік ізденістер мен салиқалы ойлар да аталмыш уақыттан бастау алатынына ешкім дау айта қоймас деп ойлаймыз. Жеке адамның қоғамдық, әлеуметтік кәсіби параметрлеріне жіті назар аудару, жағдай мен сәттің арасындағы байланыстың өзгеру бағыттарын да ерекше бақылап отыру, қаламгерлердің жетекші мақсатына айнала бастағаны – осы кезең. Осындай жаңа әдеби құбылыстардың қалыптаса бастауы, көркемдік дүниетанымның қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді жан-жақты зерттеуге бағытталуы, адам жаны, мінезі мен құлқының түрлі көріністеріне тереңірек үңілуі осы жылдардағы қазақ прозасында характер мен жағдайдың арасындағы байланыс түрлерінің өнімді түрлерін тану және анықтау хақындағы көптеген сұрақтарға орнықты жауап беруге мүмкіндік беретіні байқалды. Ұлттық мінездің прозадағы нұсқаларының типтерін жағдайға байланыстыра отырып нақтылау шығармашылық еңбектің қыр-сырына тереңірек үңілуге көмектесетінін үнемі есте ұстаған жөн. «Ауыл прозасы», «өндірістік проза» деп белгіленген тақырыптық-жанрлық бірлікті, тұтастықтарды салыстыра қарастыру, жинақтап тексеру, ондағы жағдай мен мінездің типологиялық белгілері мен қасиеттерін айқындау да маңызды.

Аталмыш бағыттағы ізденістер нәтижелі болуы үшін әдебиеттанудың дәстүрлі категорияларына сүйенуге тура келеді. Мұндай әдеби үдерістің қыр-сырын, сипатын жан-жақты қамтып, тереңірек тану түрлі ұғым түсініктерге тәуелді болатыны бар. Герой, тұлға, субъект, индивид, персонаж, образ, әдеби бейне, әдеби тип сияқты әр қилы анықтамалар көркем мәтіндегі адамның санасына, тұлғалық болмысына, пенделік ерекшелігіне қатысты туған әдеби түсініктер. Бұлардың әрқайсысы өзінің көркемдік қызметімен, мағынасымен, эстетикалық маңызымен ерекшеленеді, зерттеушілер аталмыш ұғымдарды көркемдік әлем, әдеби мәтін, сюжет, құрылым, жанр сияқты негіздермен бірлікте, байланыста қарастырып жүр. Біздің ойымызша, осы терминдердің ішіндегі әмбебап мағынада қолданатыны – характер. Қазақ тілінде мінез болып айтылып жүрген бұл түсінікті басқаша атауды ойластырған жөн сияқты. Әзірше характер деп қолдана беру орынды болар. «Типтік жағдай» сияқты ХХ ғасырда көп қолданылған ұғымға сәйкес «типтік характер» түсінігінің арасындағы байланыстар туралы зерттеулер аз емес. Осындғы «типтік» деген сөзді алып тастаудың қазіргі қазақ әдебиеті үшін қажеттілігі жеткілікті, бірақ бұл мәселеде сыңаржақтықтан сақ болған абзал. Көптеген пікірлер мен анықтамаларды екшеп, елеп отырып өз көзқарасымызды айқындадық.

Характерді мінез-құлықтың, іс-әрекеттің белгілі бір типі деп шартты түрде бағалаған орынды шығар, өйткені адамды тану үшін оның жеке сәт пен жалпы жағдайдағы сипатын, көрінісін, бейнесін, іс-қимылын қоса білген абзал, бұл кезде мінез ұғымын қолданса болар.

Демек, характер көркем шығарманың мазмұнын, мән-мағынасын анықтап тұратын көрсеткіштердің бірі екен. Оған қоса мінездің қоғамдық, әлеуметтік негіздермен тығыз байланыста болатындығын ұмытпаған жөн. «Характер мен тартыс мәселесі» – ХХ ғасырда өте кең зерттелген тақырыптардың бірі, бұл кездейсоқ үрдіс емес. Аталмыш мәселе төңірегінде әдебиеттану мамандары, қаламгерлер, әдебиет сыншылдары, басқа сала өкілдері де өз көзқарастарын білдіріп келеді. Дегенмен, тартысты жағдайдың көрінісі деген пікірге көбірек тоқтаған жөн сияқты, басқа көзқарастарды ескере отырып, талдауымызға тұрақтылық беру үшін осылай шештік.

Қарқынды тарихи түрленулер, әлеуметтік ілгерілеулер, адамгершілік атмосферасының өзгеруі ең алдымен адам мінез-құлқына әсер ететінін ешкім жоққа шығара алмас. Әрине, ондай әсер-ықпалдың басқа да көп нәрсеге тәуелді болатындығы бар, осындай құбылыстарды бағамдаудың жазушы үшін өте маңызды екендігін қайталап айтқан артық болмас. Жағдай мен мінездің әдеби дамудың әр кезеңінде өзіндік ерекше диалектикалық бірлік түзетінін жетекші қағидат деп қабылдаудың артықтығы жоқ. Өйткені жағдайдың мінез-құлықты қалыптастыруға, айқындауға, бағытын белгілеуге жан-жақты әсері көп, мінез де өз мүмкіндігінше жағдайдың мағыналарын ашуға әсер етеді. Жағдай сәттерден құралады, сәт пен жағдай арасындағы қарым-қатынастарда себеп-салдарлық сипаттар басым болғандықтан, «орта» ұғымы да бұл бинарлық байланысқа өз деңгейінде әсер етеді дейді зерттеушілер, өйткені адам характері қоршаған ортасының қалыптасқан жағдайдың, әлеуметтік айналасының жемісі болса, ал жағдай – іс-әрекет иесін бағалау категориясы. Сонымен қатар қаламгер характерге өзі хош көрген қасиеттерді дарытуы үшін басқа жағдайларды ойлап табуы әбден мүмкін.

Кейде характер белгілі бір қоғамның өкілі деген көп қолданғанымен, аз талқыланған тоқтамға жүгінуге тура келеді. Себебі мінез жайындағы көптеген зерттеулерде осындай үндестік, ыңғайластық байқалады. 50-60-жылдардағы адам мен табиғат арасындағы алшақтық, уақыт өткен сайын үдеп бара жатқан әлеуметтік, адами қарама-қайшылықтар характерге де трагедиялық ахуал дарыта бастағанын байқаған қаламгерлер «жағдайдың» ареалын кеңейте бастады, енді кешегі мен бүгіннің және ертеңнің арасындағы үндестік, сабақтастық, жалғастық, бинарлық байланыстар алдыңғы қатарға шыға бастады. Қазақ прозасындағы жағдай мен характердің байланысу түрлерін зерттеудің әрі теориялық, әрі тәжірибелік маңызы жетерлік, өйткені ұлттық жазушылардың тарапынан жағдай мен адам мінез-құлқына деген ерекше қызығушылық ешқашан толастаған емес, керісінше, уақыт өткен сайын артып келе жатыр.

Әдеби характерді эстетикалық реалдылыққа жақындатып жіберуді де толығымен қабылдай қою қиындау. Өйткені адамның психологиялық, дүниетанымдық ерекшеліктері, әлеуметтік болмысы, құқығы, бас бостандығының мәселелері де назардан тыс қалмағаны жөн ғой, бұларды бір-бірінен артық-кем қою да орынсыз шығар.

50-60-жылдары әдеби бейненің тарихи-мәдени арқауларын айқындау үшін зерттеулер көп жүргізілді, әр кезеңдегі характердің басыңқы қасиеттері анықтала бастады. Классикалық, реалистік, романтикалық, лирикалық, қаһармандық характерлердің доминанттық белгілері жіктеліп, жалпы және жалқы қасиеттердің аражігі айқындала түсті. Жазушының өзгеріс, даму үстіндегі, күн сайын болмысы күрделене түскен характерді тануы да дами беретіні анық. Әр бейненің жеке қасиеттерін ашып көрсету үшін көркем мәтін құрылымындағы сәттердің санын көбейту, жағдайды жаңалап отыру, оларды тез өзгерту белсенді түрде жүзеге асырыла бастауы кезеңдік әдебиеттің көріністерін нақты бағалауға мүмкіндік беретінін естен шығармаған абзал.

Сәттер жиналып характерді тұтас бейне ретінде көрсетуге, яғни оны әдеби органикалық бірлік есебінде қабылдауға негіз жасайды, яғни мінезді бейнелеудің көпке белгілі синтетикалық әдісі жиі қолданылады деген сөз. Ендеше характердің екідайлығы, тыс пен ішкі болмыс болып екіге бөлінуі, іштей жарылуы, қосамжарлық сияқты табиғаты күрделі қасиеттер мен құлықтардың, ниеттер мен ықыластардың, ынта мен жігердің бір адамның бойында қатар өмір сүруінің нәтижесі, автордың олардың арасындағы көркемдік делдалдық қызметіне, идеялық үкімі мен шешіміне байланысты екендігін естен шығармаған абзал. ХХ ғасырда ұлттық сөз өнері адамды қалыптастыратын, негізгі сипаттарын анықтайтын, тәрбиелейтін, бағыттайтын негіздер ретінде қоғамдық-әлеуметтік жағдайдағы тұрмыс пен еңбекке, өмірлік мақсат пен мұратқа, идеялық күреске көбірек жүгінгені рас. Алайда адамның өміріндегі қоғамдық құрылыстың, әлеуметтік ортаның рөлі мен орнына ерекше мән берілгеніне де мысал көп. Ерік, жігер, құлшыныс, құштарлық, елігу, шабыт сияқты аса күрделі қасиеттердің адам бойындағы әр қилы тоғысуы да әдеби образды анықтап, олар көрінетін сәттерді жан-жақты нақтылап көрсетуге бағытталып отырғаны да шындық. Күшті, белсенді характерлер жасау үшін мықты орта, белсенді қарсыластар қажет деген тезистің де қазақ прозасына тигізген пәрменді ықпалы туралы аздап болса да айтылған. Автор идеалының характер сомдауға көп қатысы бар екендігі туралы пікірлер де ойланарлық [72, 56 б.].

Әр кезең әдебиетінің характерге қояр өз талабы болғаны белгілі, себебі қоғам мен әлеуметтік ортадағы өзгерістерге сай адам бойындағы әрекетшілдік пен психологиялық кейіптердің арақатынасы, оның санасындағы жалпы мен жалқының өзара үлесі өзгеріп отыратыны көркем заңдылық дегенге ден қойғанның артықтығы жоқ. Демек, бұл сөз өнеріндегі кезеңдік характерлер туралы да әңгіме өрбітуге болады екен деген пікірді қуаттайды. Адам тұлғасының қалыптасуы тарихи жағдайлар параметрлеріне қатысты десек, оның дәл сол дәуірде, қоғамдық-әлеуметтік кезеңде өмір сүруінің қисыны (не қисынсыздығы), оның адами болмысының уақытпен синхрондық немесе диахрондық байланысын анықтап алу өте маңызды. Тағы бір ескеретін мәселе – әдеби мінездің көркем әдіспен байланысы, яғни ішкі дүние мен сыртқы әлемнің арасындағы қарым-қатынас сипаты да әдебиет үшін маңызды екенін назардан сырт қалдырмаған абзал.

Көркем бейненің ішкі психологиялық әлемі, жеке қасиеттерінің жиынтығы мінездің кез келген жағдайдағы іс-әрекетінің басты ауанын, өзгеру сипатын, даму тәртібін анықтап тұрады деген тезистің ХХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиетімізде көбірек көрінгені және талқыланғаны белгілі. Ал ғасырдың алғашқы жартысында, әсіресе 30-50-жылдардағы ұлттық прозада уақыт пен қоғам ұсынған мінез-құлық қалыбы характердің сапасын анықтайтын таразыға адами болмысын безбендейтін көрсеткішке айналған еді. Оған қоса ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық менталитет, тіл мен діл белгілері де характердің бойынан қажетті мөлшерде табылып жатты. Осы қасиеттер мен негіздерді адам болмысынан іздеп табу, оны көркемдік деңгейде бейнелеу оңай емес болғандығына көз жеткізу үшін бұл төңіректегі айтыс-тартыстарға үңілген артық болмас. Адамды тұрмыстық ортада бейнелеу, күнделікті өмір арқылы ішкі жан дүниесін ашуға тырысу бір кездері натуралистік суреттеуге жақындап кеткенін зерттеушілер жеткізіп айтқан, бірақ ол жағдайда адамның тарихи ортадағы іс-әрекеті, мақсат-мүддесі де байқалады ғой. Қалай дегенде де адам мінезінің белгілі бір қоғамның өкілі ретінде бағаланатынын діттеген қаламгерлер қатары көп. 50-60-жылдары характер төңірегіндегі пікір-таластар күшейе түсті. Мінез деп адам бойындағы бір-бірімен тұтасқан қасиеттерден тұратын, кез келген жағдайда тұрақты көрініп отыратын белгілерді бөліп атау туралы ұсыныстар болды. Одақ көлеміндегі басылымдарда басталған «тұлға феномені» туралы дау-дамай ұлттық басылымдарда да жалғасын тапты.

«Теоретические проблемы психологии личности» атты жинақтың негізгі зерттеу нысаны характердегі доминант қасиеттерді анықтау болды, бірақ бұл басымдық неге байланысты екендігіне орнықты жауап берілмегені өз алдына, аталмыш еңбекте сонымен қатар характерді тұлғалық деңгейде анықтап тұратын негіздер де нақтыланбады. Биологиялық, физиологиялық, әлеуметтік, қоғамдық жағдайлардың адам бойындағы оңтайлы пропорциясы туралы таластың да шешімін шығару оңай емес екені де белгілі болып қалды. Негізі бұл төңіректегі зерттеулердің аздығы қынжылтады. ХХ ғасырдың соңғы кезеңіндегі прозада күн сайын күрделене түскен объективтік дүниенің жеке адамға да көп салмақ сала бастағаны айқын көрінді. Әдебиеттанушылар мен сыншылар «характер мен жағдай», «орта мен адам» мәселесіне ерекше мән бере бастады, бұл ізденіс кейін де жалғасты.

«Жағдай» ұғымын эстетикалық категорияға жатқызатын ғылыми мектептер оны көбінесе нақты қоғамдық-тарихи орта ретінде таныды. Енді бір зерттеушілер бір-бірімен бірліктегі, қайшылықтағы әлеуметтік құбылыстардың нақты көрінісін жағдай деп санады. Кейбір ғалымдар адамның ойына, сезіміне, әрекетіне әсер ететін нақты өмірдің факторларын «жағдай» деп есептейді. Біз осы екі көзқарас тұрғысынан әдеби шығармаға баға беру пәрменді амал деп санаймыз.

Әр мінездің өз «жағдайы», ал жағдайдың өзіне сәйкес «мінезі» болады деген көпке мәлім пікір де ХХ ғасырда көп айтылғанымен, мінез бен жағдайдың арасындағы байланыс түрлері арнайы көп зерттелмеген. Ю. Борев «Введение в эстетику» атты еңбегінде сөз өнеріндегі мінез бен жағдайды автордың белсенді ұстанымына тәуелді болатын эстетикалық идеалымен байланыстырады. Сонымен қатар ол қаламгердің ырқынан тыс өмір сүретін характер мен жағдай бар екендігін де айтады, яғни бұл екі ұғымның байланысынан тек объективтік мағына іздей беру қасаңдыққа ұшырататынын де ескертеді [66, 98 б.]. Біздіңше, антропологиялық зерттеулердің автор идеалының қыр-сырын анықтаған пікірлері орынды.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ прозасы туралы зерттеулерді сараптау, характер туралы жазылған еңбектерді бағамдау, сол кезеңдегі көптеген шығармаларды талдау арқылы ұлттық прозадағы характер мен жағдайдың арасындағы мынадай тұрақты типтік байланыстарды байқауға болады екен:

1. ХХ ғасырдағы күрделі қоғамдық-әлеуметтік төңкерістер адамның мінез-құлқының өзгеруіне жаңа жағдайлар жасады.

2. Әдебиетте көп көрінген өте белсенді характерлер қалыптасқан жағдайды өзгертуге аса құлықты болды, оған көп күш-жігерін жұмсады, нәтижесінде өз ұғымына сай жаңа жағдай жасауға тырысты.

3. Осы кезде өзіндік өмірлік көзқарастары мен қағидаттарына сай емес жағдайларды қабылдамай, оған сырттай және іштей әр түрлі қарсылық көрсеткен характерлер де бой көрсетті.

4. Мінез бен жағдай арасында байланыстарда бір-біріне бейімделу, өзара ықпалдасу, синхронды өзгеру үрдісі де байқалды.

Ұлттық прозаның ХХ ғасырдың алғашқы жылдарындағы шығармаларында көпшілік пен жеке адам, тұлға мен халық арасындағы байланыстарға ерекше мән берілген. Халықтық характердің кеңестік жүйеге бейімделуі, оның қалыптасқан жағдайға рухани қарым-қатынасына мән берілуі және жеке тұрмыс пен қоғамдық өмір суреттерінің арасындағы әр түрлі айырмашылықтардың көбеюі әдебиеттегі жағдайды күрделендіре түсті.


М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Қасеннің құбылыстары», М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Б. Майлиннің
«Раушан – коммунист», «Күлтай болыс», «Арыстанбайдың Мұқышы», «Қара шелек» шығармаларында характердің жағдайға тәуелділігінің көптеген себептері ишара, меңзеу түрінде ашылған, бірақ бастысы – кейіпкердің өзін-өзі адам, қоғамның қатардағы мүшесі болып сезіну жағдайы, өмірлерінде жаңа мағына пайда болуы еді. Жаңа саяси-әлеуметтік жағдайдың бұрыннан қалыптасқан ұлттық, этикалық ұғым-түсініктерді, әр түрлі тұрмыстық кедергілерді аттап өтуге мүмкіндік бергенінің жауабы әр түрлі. Кейіпкерлердің жағдайға өз көзқарасын білдіру үшін сәттерді белсенді түрде өзгертуге тырысқанын мәтіндерден білеміз, ал көбінің әрекеті типтік жағдайға сай болғаны назар аударарлық. Демек, бұл кезеңдегі прозада характердің жағдаймен байланысы тек қалыптасу деңгейінде ғана емес, сонымен қатар өзін көрсету, адами мүмкіндіктерін ашу сипатында жүргені, яғни айқындаушы мәні белгілі болып отыр. Характердің басымдығы байқалғанымен, бұл басымдық абсолюттік емес. Ал «Шолпанның күнәсіндегі» Шолпан, Ж. Аймауытовтың Қартқожасы мен Ақбілегі, Б. Майлиннің Раушаны, С. Мұқановтың Ботагөзі күшті характерлер типіне, яғни жағдайға түбегейлі өзгеріс енгізе алуға қабілетті, яғни жаңа мінез бен орта қалыптастырушы көркем бейнелер қатарына жатады. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайға жан-тәнімен қарсы болған мінездер «Ақбілек» пен «Қартқожада» да бар. Ал М. Әуезовтің Қасені, Арыстанбайдың Мұқышы сияқты жағдай мен сәтті саудаға салған бейімделгіш характерлер болғанының бәрі – ұлттық прозаның 20-30-жылдағы жағдай мен характердің арасындағы байланысты көркемдік тұрғыдан жан-жақты қарастыруға деген ұмтылысының көрінісіндей. Әрине, осы кезде стереотиптік характерлердің пайда бола бастағаны да жасырын емес. Жағдай мен үнемі тартысқа түсіп отыратын характерлер де бар, яғни осы уақытта жағдайға үйлесе бермейтін «бөтен адам» мәселесі де көтеріле бастады. Таптық тартысқа негізделген жағдайдың кемшін тұстары да жетерлік, төңкеріс тудырған жағдайды міндетті түрде қоштау талабы көп ретте характерге де көп салмақ артты, яғни қаламгерлер «таныс бейтаныс», «жаңа адам» мәселелеріне назар аударуға мәжбүр болды. Ал бұл мақсаттарына жету үшін авторлар жағдайды түрлендіруге, характерді күрделендіруге ұмтылғаны түсінікті, бірақ нәтиже күткендегідей бола бермегені де мәлім. Белсенді бейне өзіне сәйкес жатырқамайтын жағдай іздейтіні түсінікті. 20-жылдары әдеби характердің өзінің мүмкіндігінен ауқымы тарырақ жағдайда әрекет етуге мәжбүр болғанының себептері жалпы алғанда белгілі. Ғ. Мүсіреповтің,
Ғ. Мұстафиннің алғашқы әңгімелерінде осыған мысал аз емес.

30-50-жылдары прозада кезеңдік әлеуметтік, саяси-қоғамдық идеяларға мазмұны жақын, мағынасы іліктес жағдайлар белең болды. М. Әуезовтің «Бүркітші», Ә. Әбішевтің «Завал» туындыларында жаңа қоғамның жасампаздыққа жол ашатын жағдайлары таңдап алынған, авторлар характердегі осыған байланысты жаңа қасиеттердің көрінуін де назардан сырт қалдырмаған. Енді характерді ашудың жаңа түрлері пайда болды, адам болмысы ортақ еңбек үстінде дами бастады, жаңа сападағы қоғамдық мүдде адам тағдырының болмысына теңгерілді. Аталмыш шығармалардағы пафостың да жағдай мен характерді байланыстыруға ықпалы аз емес.

М. Горький бастаған адам мен табиғаттың күресі туралы постулаттың қазақ прозасындағы мінез бен жағдайға әсер еткеніне мысал көп.
С. Мұқановтың «Теміртас», «Сырдария», Ғ. Мұстафин, Ғ. Мүсіреповтің осы кезеңдегі әңгіме-повестеріндегі тартыстар осы сипатта өрбиді. Жаңа әлеуметтік жағдайда характердің жасампаздық қабілеті, қоғамдық әлуеті артты. Мұндағы байланыста характер белсенді күшке айналып, жағдайды өзгертуге мүмкіндік алғанының бір көрінісі – «Миллионер» повесі. Шығармада жағдайдың түрі көп. Жаңа қоғамдық жағдайлардың қалыптасуынан, қоғамдық-әлеуметтік ахуалдың өзгеруінен үмітті характерлер жетерлік. Мақсат-мүддесі бір, іс-әрекеті әр қилы көркем бейнелердің ортақ қимылдары өнімді сәттерді анықтап, жағдайдың ауысу ырғағын өзгертті, оған жылдамдық пен үдеу дарытты. Бұл типтес туындыларда тіпті кей сәтте адамды қалыптасқан жағдайдан жоғары қою арқылы оның мінезін түзеу идеясын дамытуға тырысу бар екендігін атап көрсеткен орынды.

Түйіп айтқанда, 30-40-жылдары әдебиеттегі характер мен жағдай байланысының мынадай типтері айқын көрініп тұр: характер нақты жағдайдың өзінің алдына қойған қиыншылықтары мен кедергілерін жеңу үшін белсенді әрекет етіп, көбінесе өзіне сәйкес жағдай жасауға қабілетті бола бастады.

Соғыс жылдары қазақ прозасында трагедиялық жағдайдағы характердің болмысын көрсету ниеті басым болса, соғыстан кейінгі кезеңде «тартыссыздық теориясының» аздаған ықпалы болды. Енді ұлттық прозада өзін шектей білетін, ел үшін басын құрбандыққа тігуге дайын образдар мен әлеуметтік мәні әр түрлі жағдайлар көріне бастағанын қазір әркімдер әр қилы түсіндіріп жүр. Біздіңше, соғыстан кейінгі жеңімпаздар рухы бейбіт өмірге де қажет болған шығар. Бірте-бірте қайтадан әдебиетте қоғамдық характерлер қайтадан белең ала бастады, негізінен адам мен ұжым арасындағы күрделі қатынастар әдебиет үшін қызық бола бергені шындық, жеке адам санасы мен ұжымдық, обьективтік сананың арасындағы қайшылық характердің жағдаймен ашық күреске шығуға деген ниетінен де көрінген. Характер болмысындағы жеке мен жалпының арақатынасы да зәру тақырыпқа айнала бастағаны да осы кезең, адам мен ол киетін әр түрлі «масканың» текетіресі де көрінген тұс – осы.

Төңкеріс, соғыс, нәубеттер – тақырыбы ауқымды, мағынасы күрделі, мазмұны терең әрі әдебиет үшін өнімді жағдайлар, олар адамның әрекетшіл мүмкіндіктерін кеңейтті, адам жанының жаңа қырлары мен сырларын ашты. Ал 50-жылдардың аяғына қарай характерлер жеңілдетілген жағдайда, схемалық тартыстарда бейнелене бастағандықтан, оларды өз дегеніне бағындыру кейіпкерге көп қиындыққа түсе қоймады. Нәтижесінде жағдай характерге бағынышты бола бастауына мысал көп. Д. Исабековтің, Ә. Таразидің,


Қ. Ысқақовтың, С. Мұратбеков әңгімелерінде «адам және оның жұмысы» сияқты мәселе басты жағдайға айналып, сахнаға кәсіби дайындығы мықты, жігерлі адам шықты. Бұрынғы қоғамның бір бөлшегі ғана болған көнбіс, ісіне мығым кейіпкер енді әрекетшіл тұлғаға айнала бастады, бірақ бұл күрескерлік шектеулі еді. Өйткені жағдайдың түйінін кейіпкер ғана емес, жоғары инстанция да шешетін. Өзгермелі, ауыспалы жағдайлардың саясатын қабылдауға мәжбүр болған бейне көбінесе субьективтік шешімдермен шектелді. Т. Ахтанов,
С. Шаймерденов повестерінде жағдайдың характерді тығырыққа тіреуі көп болып, көркем бейненің оған белсенді қарсылығының аздығы да кезең прозасында көп кездескен белгінің нақты көрінісіндей.

Тартыс табиғатының 50-60-жылдары өзгере бастаған бірнеше зерттеуде айтылған, бірақ сол кезең прозасындағы тартыстың характер мен жағдайға қатысы әлі күнге дейін нақтыланбаған. Біздің пікірімізше, бұл – психологизмнің күшейе бастағанына байланысты құбылыс болғандықтан, ұлттық прозаны осы мәселелер төңірегінде қарастырған да артық болмас. Характерлерді талдау, олардың іс-әрекеттерінің психологиялық астарына үңілу көркем мәтіндегі характер мен жағдайдың байланысын өзгертті. Ендігі характер – стереотиптік жағдайларға бейімделе бермейтін рухани күш иесі, бірақ оның әлеуметтік, қоғамдық белсенділігі бұрынғыдай емес, оның ішкі күресі, дағдарысы жағдайға әсер ететін мықты негізге айналды. «Ішкі кейіпкер» әдебиеттегі жаңа тұлғаның қалыптасуына мұрындық болғанына баса назар аудару керек, мұндай характерлер жағдайдың жаңа түрлеріне, қоғамдық, әлеуметтік мәселелерге араласуды өзінің басты міндеті деп білген. Адамдар арасында толқымалы қарым-қатынас, қоғамдағы өзгермелі көңіл-күй, ауыспалы ой-пікір кең қанат жая бастағаны ұлттық прозадағы характер мен жағдайдың байланысына да әсер етті. С. Шаймерденов, Т. Ахтанов, т.б. әңгіме-повестерінде тартыстан тартыс тудыратын драматизмге толы сюжеттер қолданыла бастады, бұл үрдіс жас жазушылар арасында кең қолдау тапты.


Ә. Кекілбаев, Қ. Ысқақов, Қ. Жұмаділов, О. Бөкеев, Д. Исабеков сияқты қаламгерлер адамның өсіп келе жатқан рухани сұраныстары мен оларды қанағаттандыруға қауқары жоқ ортаның арасындағы қарым-қатынастарға зер салды, жаңа жағдайларға көркемдік талдау жасалды.

Аталмыш жылдары қазақ прозасында характердің өмірлік, әлеуметтік жағдайларға іштей қарсылығы анық байқалды. Характердің адамгершілік белсенділігі арта түсті, оның бойында ынсап пен ындынның арасындағы мәңгілік күрес белгілерін авторлар негізгі идеялық мазмұнға айналдырған тұстар аз емес. Ресми саясат ұстанған күрделі адамгершілік меже, биік моральдық сапа характер дамуы үшін өнімді жағдай жасағанмен, одан өмірлік позицияның айқындығын, белсенді іс-әрекеттер талап етті, сөйтіп адам жаны қыспаққа түсті. Бұл кезең қазақ қаламгерлерінің тұрмыс-тіршіліктің сан алуан тауқыметтерін жан-жақты тануға, адамның азаматтық позициясын айқындауға деген тұрақты ізденістерімен де ерекшеленді. Экстремалдық сәттер рухани дағдарысқа, әлеуметтік қарама-қайшылықтарға толы жағдайдағы характердің ішкі бұлқынысы мен сыртқы іс-әрекетіне, имплициттік, эксплициттік сырларына үңілу арқылы қаламгерлер образдарды таңдауға, моральдық-адамгершілік талаптарды қайта қарауға, жаңаша бағалауға, басқа бағытқа жетелеуді мақсат еткені байқалып тұр. Адамның қалыптасуы, даму сәттеріне мұқият мән бере қарау, оның бойындағы адами сезім-қасиеттердің орнығу себептерін, ерік, жігер, сенімінің әрбір көрінісін шынайы жағдайларда бақылау, бағалау, интерпретациялау да аталмыш кезең прозасының жетістіктері деп атауға тұрарлық. О. Бөкеевтің шындық іздеуден жалықпайтын, Д. Исабековтің көп нәрсеге қамықпайтын, бірақ ділі мығым С. Мұратбековтің сырттай сабырлы, іштей нәзік жанды кейіпкерлеріне ортақ жағдай – өмір мен ортадағы жалғандық пен науқаншылдыққа көзбояушылық пен бойкүйездікке қарсы шығу, олармен қолынан келгенше күресу. Бірақ сол кезеңде әдеби жағдайдың көркем характердің өмірі мен іс-әрекетін анықтаушы болғандығын, айқындаушы қызметін түсінуге болады, мұны қаламгерлер де сезген болар.

Түйіп айтқанда, 30-60-жылдардағы қазақ прозасындағы жағдайдың үш типін бөліп былайша көрсетуге болады:


  1. Адам бойындағы күш-жігерді, оның рухани әлеуетін анықтауға, тексеруге арналған айқындаушы жағдай.

  2. Көркем бейненің қалыптасуын, дамытуын, яғни оны жаңару үрдісін әдеби «жасаушы» жағдай, мұның шартты түрде қалыптастырушылық бағдары мен парқы бар.

  3. Адамның белсенділігін арттыратын, мүмкіндігін молайтатын бағыттаушы жағдай.

Характер мен жағдай арасындағы байланыстардың түрлеріне шолу жасау барысында қазақ прозасының біраз шығармаларын әдеби кезеңдерге сәйкес қарастырдық. Типологиялық талдау негізінде жекелеген тұрақты қасиеттер, орнықты белгілер, тығыз байланыстар анықталды.

ХХ ғасырдағы бір топ шығармаларда кейіпкер алдында тұрған кедергілерді аттап өте отырып, қай жағдайда болмасын өз мақсатына жететіні байқалды. Бір назар аударатын мәселе – мұнда характердің өзі жаңа сәт пен жағдайдың тууы мен қалыптасуына белсенді түрде кіріседі екен. Жағдай мен характердің прозалық мәтіндегі байланысының мұндай типін «қалыптастырушы» деп атауға болатындай. Мұндай атауда шарттылық та бар шығар, бірақ жағдайдың мінезді қалыптастыратын, өзгертетін әлуетін «Қартқожа», «Ақбілек», «Ботакөз», «Инеш» сияқты күрделі шығармалардан,


Т. Әлімқұлов, Ғ. Мұстафин, Д. Исабеков, Ә. Тарази, О. Бөкеев, т.б. жазушылардың көптеген әңгіме-повестерінен кездестірдік.

Ендігі бір шоғыр туындыларда характер мен жағдайдың арасындағы байланыс басқаша өрбиді, олардағы характер жағдайдағы, сәттердегі жауапты оқиғаларға іс-әрекет, қимылымен жауап беруге араласа бермейді, өзін қанағаттандырмайтын жағдайды жан-жақты талдауға, қалыптасқан ортаны жаңаша бағалауға бейімділік танытады, көбінесе адамгершілік мұраттарға, биік мақсаттарға иек артуға жақын тұратын мұндай ой иесі – тұлға ұлттық рухани құндылықтарға сүйенеді. Жағдай мен сәтті өзгертуге мүмкіндігі жоқ, образ басқа персонаждарға, олардың әрекеттеріне ықпал жасауға мүдделілік таныта отырып, өтіп жатқан оқиғаларды іштей талқылауға әзір. Характер мен жағдайдың байланысының мұндай біршама тұрақты типін «бағыттаушы» деп шартты түрде атаудың қисыны бар. Байланыстың бұл типін «Абай жолы», «Қарағанды», «Оянған өлке» сияқты романдардан, 50-60-жылғы әңгіме-повестерден көптеп кездестіруге болады.

ХХ ғасырдағы қазақ прозалық туындыларының ендігі бір парасында характер жылжымалы, өзгермелі, ауыспалы жағдайларда әрекет етеді. Күнделікті күйбең тіршілік, дағдылы ортада характердің ішкі сырын, жасырын арманын, құпия мақсатын ашып көрсету мүмкін бола бермегендіктен, қаламгерлер адамды кездейсоқ сәт, парадокске толы оқиғаға араластыра отырып, оның басты қасиеттерін, басым өмірлік ұстанымы мен дүниетанымының терең қабаттарын ашуды авторлық мақсатқа айналдырады, яғни басты көркемдік нысана – жағдай арқылы характердің болмысын анықтау, характердің көмегімен жағдайды айқындау. Осыны ескере отырып әдеби мінез бен жағдайдың арасындағы байланыстың бұл типін «айқындаушы» деп атауға негіз бар деп ойлаймыз.

Әрине, характерлер мен жағдайлардың біз атап көрсеткен байланысу түрлері әдебиетте осындай таза күйінде жиі кездесе бермейді, олардың бір мәтінде араласа-құраласа жүретін кездері көбірек. Бірақ көркем мәтінді талдауды оңтайландыру үшін ең алдымен сондағы жағдай мен мінездің байланысының басты типін анықтап алып, нақты тәжірибеде соған сүйенген тиімді сияқты, ал қосымша немесе жанама қызмет арқаратындарын да назардан тыс қалдырмау керек.

Әдеби шығармадағы характер мен жағдайдың байланысының




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет