1 КӨркем мінез бен жағдайдың тарихи-теориялық ТҰРҒыдан негізделуі және зерттелуі



бет2/7
Дата03.05.2016
өлшемі2.16 Mb.
1   2   3   4   5   6   7
«бағыттаушы» типіне қатысты белгілер мен қасиеттерді саралау былайша жүргізілді. Адам өмірінде түрлі қиындықтар, алмағайып кедергілер болатынына «жазмыштан озмыш жоқ» деген нақылдың да маңызына ыңғайлас кездер барына қарсы дау айтатындар табыла қоймас. Тірі жанның бұларды аттап өтуге, жоюға, қарсыласуға, олардың әсерін кемітуге қам-қаракет қылатыны бар. Мұндайда іс-әрекет, қимыл сипаты әр түрлі болатыны тағы түсінікті. Әңгіме-повестерде авторлар кейіпкерлерін осындай бөгеттердің ар жағында қалдыруы жиі кездесіп отырады. Қоғамдық, әлеуметтік, тұрмыстық жағдай тудырған кедергі-қиыншылықтарды оңайлықпен жеңе алмасын білген образ-персонаж енді орныққан жағдайды адамгершілік ұғымдар тұрғысынан талдап-таразылауға кіріседі, яғни жазушының жағдай мен мінездің байланысының аталмыш типі арқылы характердің рухани-мәдени болмысын ашып көрсету мүмкіндігі бар. Оған қоса көркем бейненің гуманистік көзқарастарын, өмірдің мәні туралы толғамдарын анықтауға амал мол, себебі аға ұрпақтар тәжірибесіне, бабалар тағылымына жиі жүгіну де мәселеге басқаша сипат беретінін авторлар үнемі есте ұстауға тырысады. Мұндайда моральдық құндылықтар, адамгершіліктің бағалы ұғымдары, бабалар мұрасы характер үшін жағдайды танып-білудің, бағалаудың қағидаларына айналады. Ол адам өз айналасы, ортасы, заманы туралы терең толғаныстарға іштей даяр, бірте-бірте ол белсенділікке ауысады, ақырында ол болмысты жаңғыртуға, өмірді өзгертуге іштей-сырттай тырыса бастайды. Ең алдымен өзі мен өзгелерге биік талап қоюы, адамның еркі мен таңдау құқын сыйлау мен санашылдықты қуаттауы арқылы характердің іс-әрекетінің ауаны айқындалады. Қазақ қаламгерлерінің мұндай жағдай мен осындай характерді өз шығармаларында жиі қолданғаны тарихи кезеңдерге тікелей байланысты болғандығы атап көрсетілген [74, 36 б.].

Қоғамның күрделі тарихы, талқыға толы болмысы адамның қалыптасуының қайшылыққа толы жолын анықтайды деген көпшілік мойындаған пікір бар. 20-30-жылдардағы әдебиет бастап берген, 40-60-жылдар прозасы қостаған қазақ қауымының адамгершілік өсу тарихы, моральдық құндылықтардың қалыптасу және орнығу жолдары, күйзеліс сәттері қазақ прозасы үшін өте өнімді көркемдік-эстетикалық, идеялық-тақырыптық негіз болды. Әлеуметтік институт ретіндегі мораль мен этиканың басты қызметі қоғамдық, әлеуметтік ортада адами қарым-қатынастырды реттеу деген көзқарастар бар. Нормалары, қағидаттары, ережелері адамдар арасындағы байланыстың барлық түрлеріне қатысты болғандықтан олардың қоғамдық сананың қалыптасуына сіңірген еңбегі арнайы сөз етуге тұрарлық. «Шұғаның белгісі», «Шолпанның күнәсі», «Күнікейдің жазығы», «Кінәмшіл бойжеткен», «Кім кінәлі», «Күлпаш» сияқты шығармалар ғасыр басындағы адами болмысты айқындау арқылы ұлт үшін қажет құндылықтарды көтергенімен маңызды болатын. Қайырымдылық пен жауыздық, адалдық пен арамдық, ар, ұят, ұждан, кінә, күнә, борыш сияқты ұғым-түсініктер кейінгі қазақ прозасында моральдық сана дәрежесіне дейін көтерілгеніне мысал көп. Ғ. Мүсірепов,


Ғ. Мұстафин, Т. Әлімқұлов, С. Шаймерденов, Ә. Кекілбаев, Д. Исабеков,
О. Бөкеев әңгіме-повестерінен діл мен имандылық көріністеріне арналған осындай жағдайларды көптеп кездестіруге болады.

Ұлттық құндылықтардың әдет-ғұрып, салт-санаға тығыз байланыстылығының деңгейлері туралы жекелеген пікірлер бар, ал олардың көркем әдебиеттегі жағдай мен характердің байланысуына тікелей қатысы бар екендігі сөз болмаған. Сонымен қатар адамгершілік нормаларының кейіпкердің іс-әрекетімен себеп-салдарлық байланыстары жөнінде де деректер шамалы, орнықты көзқарас жоқ шамасында.

Адам мінезінің бір парасы қоғамдық қажеттіліктерге сай қалыптасатынына шәк келтіретіндер көп бола қоймас. Тұрақты ұлттық рухани құндылықтар адамға өзінің іс-әрекеттерінің нәтижесін бағалауға негіз бола алады екен. Дәл осындай жағдайды М. Әуезовтің «Оқыған адамзат», Б. Майлиннің «Күлпаш», Д. Исабековтің «Дермене», С. Мұратбековтің «Жабайы алма», О. Бөкеевтің «Жетім бота», «Жылымық» және т.б. шығармалардан табуға болады.

Әрине, ғасыр басындағы құндылықтардан кейінгі жылдардың құндылықтарының өзіндік айырмашылығы, мазмұнының ерекшелігі, сонымен қатар өзара сабақтастығы болатыны сөзсіз. Бірақ рухани байлықтың жалпы әлеуметтік маңызы көбінесе қоғам мүшелері арасындағы қарым-қатынас мәдениетіне қатысты анықталады деген пікірге де назар аударған дұрыс [74,


92 б.].

ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап қазақ прозасында міндет, ұждан, мансап, парыз, борыш сияқты моральдық ұғым-түсініктер характер мен жағдайды бейнелеуде және байланыстыруда өте өнімді қолданылған. Қолданып қана қоймай жазушылар оларды адамгершілік қызметтің деңгейіне дейін көтерді. Моральдық сана туралы да қазақ жазушыларының толғаныстары көп. Адамгершілік тұрғысынан жағдай мен характерді бағалау рационалдық және эмоционалдық тұрғыда жүретініне тоқталсақ, көркемдік бағалау мен талдауда бұл екі амал да қолданылады екен. Көркем жағдай мәселесі – кеңестік әдебиеттану ғылымында көбіне көп сюжет пен характерге байланысты сөз етіліп келген іргелі теориялық проблемалық мәселелердің бірі. Жағдай мен характер, сәт пен мінез, орта мен адам тартыстың негізі, ал тартыс – сюжеттің жаны, оның қозғаушы күші, сюжетте баяндалатын оқиғаның да, характер тағдырының шешімі де осы тартысқа, оның сипатына тікелей қатысты екендігі зерттеу еңбектерде айтылып жүр [60, 87 б.]. Алайда бұл мәселе айрықша маңыздылығына қарамастан, қазақ әдебиеттану ғылымында әлі де аз сөз болуда, онда да қалыптасқан көзқарас дағды бойынша 70-жылдарға дейінгі жағдай мен сәт, эпизод мәселесі негізінен драмаға байланысты қарастырылып келді.

Сөз болып отырған мәселенің көркем туынды үшін, қаламгерлер үшін маңыздылығына қазақ әдебиетшілері қазақ әдебиетшілері мен жазушыларының ішінде сонау 30-жылдардың басында-ақ көңіл бөліп, бірсыпыра байыпты ойлар айтқан Мұхтар Әуезов болатын. Ол бұл мәселені алғаш рет «Жақсы
пьеса – сапалы әдебиет белгісі» атты 1934 жылы жазған мақаласында көтерген.
М. Әуезов жалпы мақалаларында, баяндамаларында, сөйлеген сөздерінде «жағдай», «адам», «қақтығыс», «коллизия» деген ұғымдарға мән берген. Жаңа жағдайдағы жаңа адамды бейнелеудегі негізгі кемшіліктер сырын «құрылыс олақтығынан, түйін-тартыстарды драма заңымен өрбіте алмағандымыздан, адамымыз жанды, әсерлі, сергек адам болмай, пьеса адамы болмай, функционал болып шығады» [75, 175 б.] деп түсіндірген. Жас қаламгерлердің орта мен жағдайға ерекше көңіл бөлуді талап еткені байқалады. Жалған тартыс, жалған психология, адам нанбас мінез-схема туады» [75, 175 б.] деп байыпты теориялық ой түйген.

Суреткер бұл зәру мәселеге Қазақстан жазушыларының ІV съезінде жасаған баяндамасында [81, 299-335 бб.] да тоқталған. Қаламгер «шындықты көркемөнердің критерийі» деп тану қажеттігін ескерте келе, тартыс және кейіпкер бейнесінің мүсінделуі, шеберлік мәселелеріне назар аударған.


Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуын» «бұл пьесаның ішінде жырланған сезімдер молынан ашылған жеке-жеке мінездер, барлық тартыс атаулының өсіп, өрбуі шарықтап жетіп, шарт сынып аяқталуы – барлығы осы сипаттағы өз қалпында, өз орнында үлкен шеберлікпен қиюласқан» [75, 306 б.] деп бағалайды. Бұдан М. Әуезовтің жағдай мен мінез арқылы тартыстың жағдай мен даму эволюциясына, оның кейіпкердің өзіндік болмысын бейнелеуге ерекше мән бергенін де мына пікірінен көруге болады: «Шынайы күрделі, қиын қақтығыстар тұсында ғана адам сезімінің, талантының, талабының, мінез-нәрінің, тағдырдың барының баршасы түгел ашылып, тартыс қатал айқасқа айналады. Осындай ғана қақтығыстар барлық повесть, роман, драма атаулының ең сенімді қаңқасын, арқа сүйер тұлғасын тұрғызады» [81, 400 б.] деп, жағдай мен қақтығыстың, характерді танытушы жалпы көркем туынды атаулының негізі екеніне көңіл бөледі. Жағдайдың бағыттаушылық сипатына назар аударғандар аз емес.

Прозадағы жағдай мен мінездің осындай байланыс мәселесіне қатысты


Р. Бердібаевтың «Әдебиет және өмір» кітабына енген «Сюжет пен характер» [76, 99 б.] атты көлемді зерттеуін атауға болады. Зерттеуші М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында характер сомдаудағы, сюжет құрудағы шеберлік тағылымын айқындауды мақсат еткен, қызықты пікірлер айтқан, маңызды қорытындалар жасаған.

Сөз болып отырған проблема 60-жылдардың аяғында Қ. Жүсіповтің «Қазақ прозасындағы тартыс және жаңа адам» атты кандидаттық диссертациясына [77] негіз болса, 70-жылдардың басында Н. Ғабдуллин өзінің докторлық зерттеу еңбегінің бір тарауын осы мәселеге арнаған. Көркем туынды өмір шындығын бейнелейді десек, бұл тұжырым әдебиеттің тек бір жанрына емес, баршасына байланысты айтылған ғой.

Жағдай мен мінез мәселесінің осындай қасиеттері Қ. Жұмалиевтің [78],
З. Қабдоловтың [44] оқулықтарында ғылыми талдауға ие болады. Бұл талдаулардың басын біріктіретін, сондай-ақ өзіне назар аударуды қажет ететін мәселе мінез бен жағдайдың сюжеттің құрамды бөлігі, қозғаушы және бағыттаушы күші ретінде қарастырылуы болып табылады. Әрбір пікірге жеке тоқталатын болсақ, Қ. Жұмалиев өзінің «Әдебиет теориясы» оқулығында: «Оқиғаның даму жолында оған қатысушы адамдар өзара байланыста, қарым-қатынас, күрес-тартыстарда болады. Қимыл, іс-әрекет, талас-тартыс үстінде әркімнің мінезі, наным-сенімдері, күйініш-сүйініштері айқындалады және сол адамдардың қарым-қатынастарына жазушының қалай қарайтындығы да сезіледі. Осылардың бәрін бір сөзбен айтқанда шығарманың сюжеті деп атайды» [78, 70 б.] деп мінезді сюжеттің құрамдас бөлігі ретінде қарастырса, академик З. Қабдолов: «Тартыс – өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі, адам тіршілігіндегі түрліше қарама-қарсылықтардың, адамға тән әр алуан көзқарастағы, идеалдағы, мақсат-мүддедегі кереғар құбылыстардың өнер туындысындағы жинақталуы, суреттелуі» [44, 108 б.] деп анықтама берген.

Сюжет – көптеген әдебиеттанушы ғалымдардың пікірінше, көркем шығармада жалғасқан жағдайлар мен оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі, жүйесі. Ал осы оқиғалар жүйесінің ішкі мазмұнының ашылуы жағдайлар мен мінездерге тәуелді. Сюжет пен тартыстың басталуы, дамуы, аяқталуы бар. Ендеше тартысты сюжеттік құрылым, композиция, шиеленіс, әрекет дамуы, шарықтау шегі, шешім сияқты бөліктерге бағындыруға болмас. Себебі тартыс көркем туындының идеялық-тақырыптық негізіне сүйене отырып сюжеттік құрылымды белгілі бір жүйе негізінде бекітеді.

Қазақ прозасында сюжет екінші кезекте қалып философиялық жағдайлар басым болып келетін шығармалар баршылық. Бұл шығармалардағы оқиғалық негіз аңыздық желінің деңгейінде ғана алынуы мүмкін. Негізгі салмақ кейіпкерлердің ішкі рухани күйіне түсірілгендіктен, жағдайлар мен сәттер тез ауысады.

Ішкі жағдайдың сыртқы әрекетке айналуы, бір қалыпты дамып келе жатқан сюжет аяқ астынан ширығып, күтпеген, тосын өмір сәттері арқылы қым-қуыт күрделі жағдайға айналып кетуі қазіргі әдеби үрдіске тән сипат. Осындай тәжірибелер ұлттық әдебиетімізде әр уақытта кездесіп отырған. Өмірдің пәлсапалық-адамгершілік негіздеріне, ұлттық болмысқа жіті назар аудару, характер мен жағдайдың байланысының «бағалаушы» типі басым шығармалардың басты көрсеткіші екен, ендеше бұл кездейсоқ белгі емес. Қаламгерлер өз кейіпкерлерін белгілі бір нормалардың, қағидаттардың иесі етіп бейнелей отырып, оның алдына соларға сәйкес міндеттер де қоя алады. Мұндай характер нені қалай түсінгенімен, нені қалай бағалайтынымен, нені қалай іске асыратынымен анықталады деген пікірдің байланыстың осы типіне тығыз қатысы бар, өйткені оның қоршаған ортамен рухани байланысы, айналасын бағалай отырып өзін-өзі қайта тану үдерісі авторға көп мүмкіндік беретін көркемдік компоненттер. Осындай сипаттағы шығармаларда кейіпкердің негізгі ұстанымының адамгершілік-этикалық ережелермен тығыз байлынысты болатыны жиі кездеседі. Характер жағдайды түсіну барысында пәлсапалық жинақтауларға, күрделі дүниетанымдық сұрақтарға жиі жүгінеді, осы сауалдарға жауап іздеу барысы бейнеленетін шығармалар көп мағыналы болатыны сондықтан. Демек, жағдай мен мінездің арасындағы байланыстың «бағалаушы» типінде жағдай шығармада адамгершілік-моральдық катализатор рөлін атқарады екен, яғни ол характерге екпін мен қуат дарытады, оның іс-әрекетіне үдеу береді. Нәтижесінде көркем бейне екі қарама-қайшы сапада көрінеді: жасампаз немесе қиратушы, ар-иман иесі немесе ұяттан безген пенде. Мұндай байланыс типі М. Әуезовтің «Қасеннің құбылыстарында»,


Б. Майлиннің «Арыстанбайдың Мұқышында», С. Шаймерденовтың Инеш,
О. Бөкеевтің «Қар қызы», «Сайтан көпір», «Жетім бота», Д. Исабековтің «Гауһартас», Д. Досжанның «Жолбарыстың сүрлеуі» шығармаларында айқын көрінген, яғни байланыстың бұл типі қазақ прозасында аз кездеспейді.

Енді характер мен жағдайдың байланысының «айқындаушы» типіне тоқталайық. Көркем әдебиеттің негізгі нысаны – адам деген тезис ғасырлар бойы айтылып келеді. Ал адам баласының табиғаттың ерекше жаратылысы, аса күрделі қоғамдық, әлеуметтік, психологиялық, физиологиялық тұлға екендігіне көптеген ілімдер ден қойған, бұл ғылымдардың адам жаны мен тәнін, болмысын зерттеудегі толымды жаңалықтары сөз өнеріне де өз әсерін тигізетіні сөзсіз, бұл айтылғандардың қазақ сөз өнеріндегі орны туралы жекелеген пікірлер баршылық.

ХХ ғасырдағы ұлттық проза халық басындағы алуан түрлі халды, нәубетті, аударыс-төңкерісті назарынан таса еткен емес. Тарихи-қоғамдық, саяси әлеуметтік күрделі оқиғалардың адам танымына, санасына, рухани дүниесіне, ой-сезіміне салмақ артқаны, түбегейлі әсер еткені туралы аз айтылған жоқ. Бұлардың көркем әдебиеттегі әсерін, ықпалын, күшін нақты айқындау үшін идея, тақырып, проблематика, пафос, романтизм, тартыс, импрессионализм, экспрессионизм, қатал реализм, т.б. әдеби категориялар қолданылып жүр.

ХХ ғасырдың басында қазақ прозасындағы характерлердің дені сезімтал, санашыл болуының себебі көп. Бақытсыз Жамал, Шұға, Қамар сұлу болған жағдайды жанымен, жүрегімен сезді, іштей мүжілді, бірақ сырттай қарсылық көрсетуге дәрменсіз болып тығырықтан шығатын бағыт таба алмады. Мұндай шығармалардағы ұлттық сезімтал кейіпкер мен қатал саяси-әлеуметтік жағдайдың арасындағы байланыс түрлерінің ерекше болғанына назар аударғымыз келеді. Қаламгерлер характерді жағдайды жан-жақты анықтауға қолданса, жағдай кейіпкердің ішкі болмысын айқындауға бағытталған. Осындай байланыс түрі прозаның дамуына белгілі бір деңгейде әсер етті деп айтқан дұрыс шығар. Одан кейінгі кезде сезімтал, оған қоса әрекетшіл Шолпан, Ақбілек, Раушан, Күлтай сияқты кейіпкерлер әдебиетке жаңа серпін, тосын сыр, шытырман оқиға алып келді. Олардың сіңлілері болып келетін 50-


60-жылдары сезімтал, әрекетшіл, оған қоса ой талдауға бейім Инеш, Дариға, Айша сияқты характерлердің қазақ прозасында көптеп көріне бастауы кездейсоқ емес. Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин шығармаларында басталған Т. Ахтанов, Ә. Кекілбаев, Д. Исабеков, Қ. Ысқақ, Ә. Тарази,
О. Бөкеев туындыларында жалғасын тапқан рухани-әлеуметтік тартыс табиғаты күрделене түсті, енді экстремалдық, парадокстық сәттердегі адам жанының, іс-әрекетінің рухани қабаттарына ерекше зер салған қаламгерлер сыртқы оқиғалар мен ішкі тартысты қатар өрбіте отырып, характер бойындағы дағдарыс, күйзеліс сәттері арқылы қоғам мен әлеуметтік ортадағы әр түрлі жағдайлардың астарын аша бастады, яғни ұлттық прозаның айқындаушы қарымы, әлуеті артты, оқырманға әсері де молайды, интеллектуалды проза сілемдері байқалды. Рухани дағдарыс жағдайындағы кейіпкердің өмірлік таңдау барысындағы жай-күйі, адамгершілік жағдайындағы толғаныстарына жиі орын беріле бастаған туындылардың қоғамдық ойларға да біршама әсер еткенін зерттеушілер азды-көпті айтып жүрді. Біздің ойымызша, бұл тақылеттес туындылардағы қаламгерлердің белсенді азаматтық позициясы мен продуктивті парасаты туралы айтқан орынды сияқты. Сонымен қатар ұлттық рухани және қоғамдық-моральдық құндылықтардың тайталасы байқалатын прозалық мәтіндердегі жағдайға ерекше назар аударылды, себебі, олардағы оқиғалар мен жағдайларды авторлардың өте мұқият таңдап алғандары көрініп тұр. Мұндағы басты мақсат кейіпкердің жан-дүниесіне мүмкіндігінше терең бойлау болғандықтан, жазушылар экстремальдық сәттерді кеңінен пайдаланған. Қанша дегенмен, кеңес әдебиетінде жүріп жатқан үрдістердің жалпы тенденциялардың қазақ әдебиетінде де біршама көрініс тапқанын жоққа шығара алмайтын шығармыз. Адамның болмысын жан-жақты тануға деген ұмтылыс кейіпкерлерді бейнелеудің жаңа формаларына жетеледі. Шиеленісті тартыстар молайды, оларда мәңгілік рухани байлықтар мен сол кезеңдегі адам санасындағы, тұрмысындағы негативтік сәттер арасындағы қарама-қайшылық суреттелді.
Ә. Нұрпейісов, Ә. Кекілбаев, Д. Исабеков, С. Мұратбеков, О. Бөкеевтер адам мен табиғат арасындағы терең байланыстар бұзыла бастағаны, қоршаған орта эрозиясы сияқты өте маңызды адамгершілік мәселелерді талқыға салуға ұмтылды. «Шыңырау», «Дермене», «Жабайы алма», «Жетім бота» повестерінде ХХ ғасырдың орта шеніндегі адам мен табиғат, ғылыми-техникалық прогресс пен өмір арасындағы трагедиялық жағдайлардың шеті шыға бастады. Тасжанның салған қаласының айналасын қандай күйге ұшыратқанын О. Бөкеев бас кейіпкерінің өз аузымен айтқызғаны өте ұтымды шыққан. «Жетім бота» повесіндегі өз еңбегінің нәтижесінен жерінген Тасжан, адамдар ортасын жатсынған жас қыз, бір-біріне қырын қараған қала мен теңіз, терезесі теріс тұрған ғимараттар образдары арқылы автор сол кездегі ресми саясаттың мақтан қылып айтатын «шөл даланың гүлденуі» деп аталатын науқанның астарына батыл үңілген. Д. Исабеков «Дерменесінде» де осы тақылеттес жағдайларды көркем зерттеу нысанына айналдырған. Д. Исабеков, Қ. Ысқақов,
С. Мұратбеков шығармашылықтарында осындай ортақ жағдайдағы әр түрлі характерлер сомдалды. Аталмыш қаламгерлердің туындыларында тартыс жақсы мен жаман кейіпкерлердің арасында ғана емес, бір адамның бойындағы, өмірдегі жаман мен жақсының арасында жүреді. Сезім мен ұждан қайшылығы тәрізді «ішкі» психологиялық жағдайлармен қатар кейіпкер мен орта арасындағы «Сыртқы» тайталастың қатарласа, сабақтаса жүруі жиі кездесіп отырған 60-жылдар прозасы характер мен жағдай арасындағы байланыстың сан түрлі қабаттарын бейнеледі. Жағдай өз алдына дербес әдеби категория бола алмайды деген пікірге қосыла салудың орны жоқ сияқты, ол әдебиетте характермен бірге туып, сюжетпен өмір сүреді деген дұрысырақ сияқты, яғни характер, жағдай, сюжет бір-бірімен тығыз байланысты.

Жағдай – тарихи категория, онда абстракт ойлар мен бейнелер емес белгілі бір уақыттағы тірі адамдар әрекет етеді, ол характерлерді топтауға, даралауға, біріктіруге, бөлуге де қызмет етеді [62, 72 б.]. Тартыстың қай түрі болмасын, сәттің қай қыры болмасын ізсіз жоғалып кетпейді, тек олардың сипаты өзгеруі мүмкін. 60-жылдары ұлттық прозада сыртқы тартыс басым болса, 70-жылдары рухани тартыстар белең бола бастаған, ал 80-жылдары адамның ішкі жан дүниесіндегі дағдарыс пен бұзылыс әдеби жағдайдың өзегіне айналды.

Түйіп айтсақ, жағдай мен характердің байланысының «айқындаушы» типінің негізінде кейіпкер мінезінің ішкі тұтастығының сипатына ерекше маңыз беріледі екен, бұл орайда өмір тәжірибесінің қорытындысында адамгершілік бірінші қатарға қойылады, ұрпақтар арасындағы рухани үндестікке мән беріледі. Барлық жағдайлар адамның рухани болмысын тексеріп, талдауға, бағалауға жұмылдырылады, яғни жағдай мен характер бір-бірін жан-жақты айқындауға қызмет етеді.

Характер мен жағдайдың арасындағы байлыныстың «қалыптастырушы» типінің ерекшеліктерін арнайы қарастырудың қисыны бар. Характер мен жағдайдың арасындағы байланыстың түрлерін қарастыру ең алдымен ұлттық прозаның мазмұндық және пішіндік типологиялық белгілерін терең және нақты айқындау үшін қажет. Тартыс пен кейіпкерлерді сипаттау барысында салыстыру жүйелеуге ауысып отырады, ал бұл болса бір буын өкілдерінің, бір нақты кезеңнің жазушыларының шығармашылықтарындағы жалқы мен жалпыны анықтауға, сөйтіп ұлттық прозадағы үрдістерді дәйекті түрде бағалауға мүмкіндік туады.

С. Мұратбеков, Р. Тоқтаров, Қ. Ысқақов, Ә. Тарази, Қ. Жұмаділов,
Д. Досжан – ұлттық жазушылардың бір буынының өкілдері, оған қоса аталған қаламгерлер ауыл тақырыбына деген ерекше ықыласымен де ерекшеленді. Олар даладағы қарапайым, бірақ қарабайыр емес өмірді, тұрмыстық жағдайлар мен сәттерді суреттей отырып қазақ халқы үшін қасиетті саналатын ұғым-түсініктерді, қастерлі ата-баба заңын қазіргі заманға сәйкес бейнелеуді басты мақсат тұтқанын арнайы тоқталып айтып өткеннің артықтығы жоқ. Атамекен, туған жер, бабалар мәңгі мекендеп жатқан жер, қазіргі ұрпағы алшаңдап басып жүрген қара жердің адам өміріндегі мән-мағынасы, маңызы туралы талай ой тербеген қаламгерлер Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүріп жатқан оқиғаларға зер салады. Қ. Ысқақов еліміздің шығыс өлкесіндегі, Д. Досжан оңтүстік аймақтарындағы, Ә. Тарази Жетісу маңайындағы Р. Тоқтаров арқадағы ауыл өміріне, тіршілік-тынысына боса назар аударуы кездейсоқ емес. Аталмыш жазушылардың кейіпкерлерінің көбінің тағдыры туған жермен байланысты, характерлердің ортақ бір қасиеттері мынадай: ол атамекен тарихы мен болашағы туралы үнемі ойлайтын, туған жері үшін үлкен еңбек істеуге дайын жасампаз әрекет иесі. Ол – көзі ашық, көкірегі ояу азамат, жақсы маман, ұлттық тіл мен ділді қастерлейтін адам. Жағдай қалай өзгерсе де ауыл адамының мінез-құлқына тән ұлттық қасиеттерді жоғары қоятын, жөн көретін кейіпкерлерін авторлардың поэтикалық образға айналдыруы жиі кездесіп тұрады. Сырттай қарағанда олар біртоға көрінетін қарапайым еңбек адамдары, бірақ түсінігі мықты, рухы мығым азаматтар ретінде айқайламай, үнсіз жүріп-ақ үлкен істер тындырып жүр. Авторлар үшін осындай көркем бейненің адамгершілігі, еңбекке деген көзқарасы, туған жерге адалдығы өте маңызды. Осы қасиеттерді ашып көрсету үшін қаламгерлер сәттерді жиі ауыстырады, жағдайды күрделендіреді, бірақ характерлердің жаңа жағдайды сырттай қабылдай отырып, тарихи, рухани, ұлттық құндылықтарды іштей тани отырып, әлеуметтік ортаға бейімделуі, икемделуі характердің бағыты мен бағдарының өзгеру ауанын белгілеуі – осындай. Қаламгерлердің көркем образдары туған жердің экология мәселелерін бар жанымен түсінеді, олар елсіз қала бастаған ауылдарды көріп күйзеледі, болашағын ойлайды, адам бойындағы қазақы құндылықтардың азайғанына налу бар. Бұл туындыларда адам мен табиғат арасындағы гармониялық қатынасты армандайтын романтикалық пафос та бар. Шарттылықтың түрлі көркемдік формаларын, фольклор мен миф элементтерін аллегория, символдар қолдану арқылы авторлар жағдайдың мағыналық қабаттарын арттырып отыруды естен шығармайтыны да назар аударарлық.

Характер мен жағдайдың байланысының әрбір типіне тән өзіндік тартысы да болатынын байқадық. «Қалыптастырушы» байланыс типінде көбінесе сыртқы тартыс басым болады, онда қақтығыс, шиеленіс, күрес үстіндегі әрекет, іс-қимыл көп болғанымен, мінездің жағдайға сәйкес сынуынан гөрі иілуі жиі кездеседі, өйткені мұндай тартыстың бинарлық құрылымы өзгеше.

Тартыс негізінде көптеген сыртқы, ішкі факторлар, әр қилы күштер арасында жатқандықтан, ол қоғамдық, әлеуметтік өмірдің алуан салалары мен деңгейлерін қамтиды. Әдеби шығарманың сыртқы оқиғалық жағдайы және ішкі психологиялық жай-күйінің тығыз бірлікте, көркем тұтастықта болатыны түсінікті. Кейде олардың бір-бірін бағындыратын, бір-біріне ауысатын кездері де болады. Дегенмен әр жеке туындыдағы тартыстың басыңқы түрін анықтап алудың қажеттігі бар.

Әдеби буынның бірнеше өкілінің әңгіме-повестерін қарастыру барысында әрқайсысының шығармашылық дара қолтаңбасымен бірге бірнеше ортақ сипаттар мен белгілер де байқалады. Әр кейіпкердің өз әлеуметтік өмір тәжірибесі, талант-талайы, мәнер-машығы, мінезі де бөлек, сонымен бірге олар әр түрлі жағдайда әрекет етеді.

Қоршаған орта мен айналасының кейіпкерлерге көп жағдайда мүдделес еместігі, керісінше, олардың характерді өз ыңғайына қарай қалыптастыру мен өзгертуге мүдделілігі көп шығармаларда ынтымақтас болып, аталмыш байланыс түрінің жалпы типологиялық ортақ белгілерінің бірі болатыны байқалады. Көркем мәтіндердегі сюжеттік оқиға да күштердің тайталасына, бітіспес күресіне құрыла бермейтіні рас. Сондықтан характерлердің болмысын ашу үрдісі оларды моральдық сүзгіден өткізуге бағытталған, мінездің қалыптасуы мен дамуына қызмет ететін микро сәттерде көрінеді, осындай сәттерден жиналған білік пен жинақталған тәжірибе арқылы әр кезеңде характер бұрынғы жағдайға басқаша қарауға бет бұра бастайды, жаңа орта, тың тартыс тудыруға мүдделі.

Характер мен жағдайдың арасындағы қалыптастырушы-дамытушы байланыстар көркем тұлғаның көкжиегін кеңейтуге, дүниетанымын тереңдетуге деген ұмтылысымен ерекшеленеді. Осындай ізденістер нәтижесінде кейіпкерлер өздерін өздері жаңаша тани бастайды, бұндай қалыптасу жағдайдан туындайтынын дәйектеуге мысал жетерлік. ХХ ғасырда Б. Майлин, Ж. Аймауытов, Ә. Әбішев, Ә. Нұршайықов, Т. Ахтанов,


Ә. Кекілбаев шығармаларында осындай кейіпкерлер мен жағдайдың байланыстары көрінген. Осындай қатысым түрлері тәуелсіздік кездегі прозада да ішінара байқалады. Д. Амантай, Д. Рамазан, Р. Мұқанова, Н. Ораз, т.б. әңгімелеріндегі жағдайды жаңғырту, характерді қайта сынау арқылы жаңа ой айтуға бейімділік бар

Қорыта айтқанда, қазақ прозасындағы характер мен жағдайдың байланысу тұрғысын жүйелеп зерттеудің ғылыми-теориялық қажеттілігі анық көрінді. Осындай байланыстардың қалыптасу, өзгеру, даму үдерістері ұлттық проза тарихының кезеңдік өзгерістерін нақтылауға қызмет етеді екен. Көркем әдебиетімізде характер мен жағдайдың байланысының үш тұрақты түрі байқалады, оларды қызметіне, мазмұнына қарай қалыптастырушы, бағыттаушы, айқындаушы деп шартты түрде атау ұсынылды. Осы байланыстар типтерін прозалық туындыларды талдауға қолданудың қажеттілігі мол, өйткені олардың ұлттық әңгіме-повестердің кезеңдік сипатын, авторлық ұстанымының ерекшелігін, поэтикасын нақтылауға көмегі аз емес





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет