1 КӨркем мінез бен жағдайдың тарихи-теориялық ТҰРҒыдан негізделуі және зерттелуі


ТОҚЫРАУ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ МІНЕЗ МЕН ЖАҒДАЙ БАЙЛАНЫСЫ



бет3/7
Дата03.05.2016
өлшемі2.16 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

2 ТОҚЫРАУ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ МІНЕЗ МЕН ЖАҒДАЙ БАЙЛАНЫСЫ
ХХ ғасыр қазақ халқы үшін қым-қуыт қайшылығы мол әлеуметтік-саяси жағдайларға толы кезеңдерден тұрғаны тарихтан белгілі. Қоғамдық-әлеуметтік, саяси өзгерістердің адам болмысы мен мінезіне, ұлттық ділге әсер ететіні, оның астарында талай күрделі мәселелер тоғысып жатқаны әр түрлі ғылым саласында аз сөз болып жүрген жоқ.

Халық жылдар бойы тоталитарлық заман қалыптастырған талай жағдайларды ұзақ уақыт басынан кешкені мәлім. Сыңаржақ саясат белең алған кезде әдебиеттің сан-салалы оқиғаларға араласқаны, қилы-қилы күйге түскені, дамуға тырысқаны, дағдарысқа ұшырағаны сияқты құбылыстар қазіргі көзқарастарға сәйкес сапалық тұрғыдан бағалануы керек.

Осы орайда ХХ ғасырдағы қазақ прозасының даму заңдылықтарын зерттеу барысында нақты тарихи жағдайларға жаңа заман тұрғысынан көз салып, саралау көп мәселелерді қайта бағамдауға жетелейтіні сөзсіз. Әсіресе ұлт әдебиетінің әрбір кезеңінің өзіндік мәні мен маңызын тереңірек тану үшін сол уақыттағы негізгі күштер мен олар тудырған жағдайлар арасындағы қарама-қайшылықтың табиғатын жан-жақты сараптау қажет екені даусыз. Себебі көркем шығармада идеялық-тақырыптық негіздің оқиғаның дамуына, олардың ауқымының кеңейіп, өзгеруіне қоғамдық саяси-әлеуметтік жағдайлар мен адамдар арасындағы әр қилы қарым-қатынастар, кереғар қайшылықтар түрліше ықпал ететіні анық.

Әр кезеңдегі сыртқы тарихи жағдайлар әдебиетке жаңа міндеттер жүктейтінін ескерсек, кезеңіне қарай әдебиеттегі ішкі жағдай да жаңа мазмұнға, жаңа сапаға ие болуға тырысатынына ешкім дау айта қоймас. Дегенмен, қазақ әдебиеттану ғылымындағы зерттеулерге назар аударсақ, қазақ прозасындағы жағдай, тартыс, характер категорияларының даму үдерісі талай дау-дамайға жетелегені, әр қилы бағаланғаны, талдау түрлі ғылыми жүйеге негізделгені анық. Салиқалы зерттеулерде бұл негіздердің характер категориясының әдеби даму нақты процесін айқындауға мүмкіндік беретін, оған қоса әдеби кезеңнің, жеке жазушының болмысын танытатын күрделі ұғымдар екені орнықты айтылған. М. Жұмабаевтың «Педагогика», Ж. Аймауытовтың «Психология» деген еңбегінде мінез хақында орнықты ойлар айтылған. «Бір адамның барлық ісін басқа адамдардың істерінен айыратын сипаттар мінез деп аталады. Ойы бір дәрежеде хәм сезімдері бір қалыпты адамдардың мінезі әр түрлі болуы мүмкін» [79, 58 б.] десе, А. Байтұрсынұлы: «Адам бала күнінде тысқы ғаламдағы көзге көрініп, денеге сезіліп тұрған нәрселерді ғана танумен болады. Ержеткен сайын дүниенің ісіне өзінше сүйсініп, өзінше күйініп, өзінше жол тұтып, өзінше жол белгілеп, жақсылық, жамандыққа өз көзімен қарап, өзінше сынап, өзінше бағалап, өзінше пікірлейтін болады. Өз алдына мұңы, мұраты, мақсаты, мүддесі болып, сол мұрат-мақсатына жету талабына кіріскен жерде тысқы ғаламға тиісті жердің шегіне келіп, ішкі ғалам мен тысқы ғаламның шарттары тура келмей екеуі ілінісіп, ұстаса кетеді» [80, 294 б.] деп сипаттама берген. Бұл сыртқы жағдай мен ішкі жағдайлар арасындағы байланыстың табиғатына баға беру де көрініп тұрғандай.

Бұл еңбектердегі мінез категориясына берілген бағалауларды салыстыра қарай отыра, әдебиет зерттеушісі Р. Нұрғалидың: «Әдебиет алғашында антогонистік пікірде таптардың өмір сүру формасы басқа екі әлемнің күресінен туындаған конфликтілерді жазды. Бірақ, бұдан таптар жоғалған өмірдегі қарама-қайшылықтар жоғалды деп қорытынды жасауға болмайды. Өмір қайшылығы қисапсыз. Мұны ұмытуға өнердің хақы жоқ» [81, 122 б.] деген пікіріне тоқталып кетуге болады. Зерттеуші тап тартысы сияқты кезеңдік сипаттағы жағдайлардың әдеби процесте уақытша ғана көрінетінін, ал өмірлік қайшылықтардың әдеби туындының өзегіне үнемі айналып соғып отыратынын баса көрсеткен.

Әдеби сын 60-70-жылдардағы қазақ әдебиетінде ерекше құбылыс ретінде көрінген қаламгерлер шығармаларын бағалауда, талдау жүргізуге өзінің дайын еместігін байқатты. Ол туындыларындағы ишара, меңзеуге негізделген жағдайлар мен абстрактілік характерлерді сюжеттік оқиға арқылы пайымдау, түсіну оңай емес. Себебі сыртқы жағдай мен ішкі психологиялық ахуал мінезді бейнелеуге әр түрлі қызмет етті. Кейде тартыс барысында нақты оқиғалық сюжеттің дамып, бір-біріне қарама-қайшы характерлердің ашық күресі көрініп тұрса да, авторлар шығармаларында интрига, құпиялылық элементтерін кіргізуге икем бола бастады. Егер қайшылық қаһармандардың ішкі жан дүниесіне кірігіп, сыртқы оқиғада көрінбесе, мұндай жағдайда жазушылар «терең» мәнді стилистикаға, яғни детальдар мен фразаларды «ауырлатып», мағынаға көп мән бере бастайды. Туындыларда сырттай ештеңе көріне қоймайды, рефлекстер, естеліктер тартысы терең қабатқа кетеді.

Ұлттық әдебиетімізге моральдік-адамгершілік қағидалардың өзгерген кезеңдерінде туып отырған қайшылықтарды жіті қарастыру тән болып отыр. Бұл қарым-қатынастың, байланыстың, жағдайдың күрделенгеніне байланысты. Демек, қоғамдық жағдайға қатысты туған соны қайшылықтар және оның көркемдік ойлау жүйесін тану міндеті үнемі тұр.

«Мәңгілік тартыстармен» қатар бүгінгі қоғам өзі тудырып отырған «жаңа тартыс» түрлері әңгіме өзегіне айналғанда ол белгілі бір адам өмірінен бастау алып, адамзаттық, азаматтық сияқты келелі проблемалар көтеруге үн қоса бастады. Әсіресе, адам тәрізді күрделі жаратылыс иесінің ішкі жан-дүниесіне үңіліп, құпия-сырларын ақтарып, күш-қуатын сынап, айналасымен қарым-қатынасын зерттеу-зерделеу мақсатында жазушылар эпикалық туындыларда драматизмді күшейте бастады. Бұдан қазіргі прозадағы жағдайдың синкреттілігін, көп қабаттылығын байқаймыз. Аталмыш құбылыс әдебиетімізде ертеде көрінген.

М. Әуезов «Қорғансыздың күні» әңгімесі арқылы қалыптасып келе жатқан жағдайға көзқарасы баршаға белгілі. Әңгімедегі үш әйел тағдыры тегін алынбаған. Үш ұрпақ өкілі. Араларында жібек жіптей нәзік жалғастық бар. Олар тек жетім-жесір кебінін киіп қана отырған жоқ, мейірімнің жоқтығынан, қаныпезер қарақшылықтан жапа шегіп, қорғансыз жандарға айналған. Күшікпайдай жаны жайсаң батыр барда жауға кеткен мал қайтатын. Жан беруі бар, ел намысы ешкімге кеткен жоқ. Ана мен қыз ешқашан ешкімге қолжаулық болған емес. Ал Ақан болыс болып, мырза атанғанымен, батыр түгіл азамат, азамат тұрмақ өз мағынасындағы адам да емес. Тұрмысы тоз-тоз кемпір адам ретінде руханият төрінде отыр. Тәні тарамыс, жаны жарқырап тұр. Қазақ рухының бейнесі іспетті. Ғазиза – руханиятымыздың қарлығашындай. Ар мен намыстан туған жағдайда ұлттық құндылықтар алға шығады. Ұлттық
құндылық – қашанда халық қазынасы. Сол алтын қазына үзіліп түскелі тұр деп айтқысы келген авторды кезінде замандастары түсінді ме екен?

Қаламгер қоғамдағы өзгерістерді өзінің әңгімесінде боран бейнесінде көрсете білген. Әңгіменің өн бойында боран суреттеліп отырған жағдайлардың бәріне қатысты. Жазушы саясат бораны бүтіндей бір халықты адастырып, шыққан тегінен, түп негізінен адастырып жіберуі мүмкін деген ой көтеретін сияқты. Бұған дәлел бір эпизод Ғазиза Ақаннан зорлық көргеннен соң, боранда пана іздеп, әкесі мен бауырының моласына барады. Қаршадай қыз аруақтарға мұңын шағып, соларды таяныш көріп барғанын түйсінуге болады. Бұдан әрбір адам баласы әрқашан өзінің шыққан тегін, жанына жақын таным-түсінікті іздейді деген қорытынды жасалған. Басына іс түсіп, көңіліне қаяу түссе ол Аллаға жалбарынып, аруақтан көмек сұрайтыны әмбеге аян. Ендеше, ата-баба сүйегі жатқан киелі топырақтан алыстау, оның бойымызға сіңірген ұлттық танымын санадан ысырып тастау жақсылыққа апармайды. Заман ағымы, қоғамдағы саяси өзгерістер адам баласын көп сынға түсіреді. Ол бірде адасса, бірде тура жол табары хақ. Ал оның өзімен бірге халқын адастыруы үлкен күнә. Автор жаңа келген қоғамды жан-жақты игере алмай, оның саясатына түсінігі жетпей жатқан ұлтты алдағы қауіп-қатерден сақтандырғысы келетіндей. Өзімізбен бірге кейінгі ұрпақты адастырып алмасақ екен деген толғаныс көрінеді.

Осындай қарама-қайшылығы мол қоғамдық жағдайда әдебиет бірден бой жазып, жамырай даму жолына түсіп кетті деу қиын. Дей тұра әдебиет өз міндетін шама-шарқынша атқарғанын да айтқан лазым.

Отызыншы жылдардың басынан бастап-ақ қаламгерлер өз шығармаларын өмір шындығынан гөрі, сол кездегі идеологиялық тоқпақтың өктем талабына лайықтап жазуға мәжбүр болды. Бұл міндет үдесінен шығу үшін жағдай мен мінезге басқаша қарау қажет еді, сондықтан олар әдебиеттің әлемге мәшһүр жалпы адамзаттың асылдары және жеке ұлттар мен ұлыстар өміріндегі көкейкесті қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді суреттеуге өте-мөте мүдделілігі сияқты өзіндік түсінігін былай қоя тұрып, бәрінен бұрын әлеуметтік жаңа тұрмыс орнатпақшы боп жүрген адамдар (бейне бір уақыттар байланысы, ұрпақтар үндестігі жоқтай, дүние тек осы адамдардан басталғандай) тағдырын жеделғабыл жылдам жағдайларда көрсетуге тиісті болды.

1956 жылы өткен партияның ХХ съезінде жеке басқа табынушылыққа қатысты жағдайлар өте қатты сынға ұшырағаны мәлім. Елде жаңа саяси ахуал, тың әлеуметтік идеялар, тұрмыстық орта қалыптаса бастады. Өткен тарих пен тәжірибені сыни тұрғыдан бағалау басталды. Бұл жағдайлар ұлттық әдебиетке жаңа характер іздеуге соны серпін берді, оның даму бағытын белгіледі.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы шығармаларда әдебиетінде сол кездегі жағдайда әрекет еткен характерлер негізінен белгілі бір дүниетаным немесе әлеуметтік топтардың өкілі болғаны белгілі, оның себептерін әркім әрқалай түсіндіріп жүр, дегенмен бұған жіті назар аудару керек. Нәтижесінде әдебиетімізде сырттай бір-біріне ұқсайтын бір топ кейіпкерлер бейнесі сомдалды. Олардың басты мақсаты кеңестік өмір шындығын көрсететін жағдайларды бейнелеу болғандықтан, шығарма идеясы негізінен соған ғана қызмет еткені бәрімізге аян. Шығарманың финалында сәтті аяқталған жағдай көрсетіліп, ұнамды кейіпкердің үстем болып отыруы сияқты эпизодтар жиі орын алды. Бұл схемалар әдебиеттің көркемдігін солғындатып, авторлық позиция қасаң идеологияның қызметшісіне айналған өкінішті кезең еді. Сондықтан бұл жылдардағы әдебиеттегі жағдайдан гөрі кезеңдік характерлер басым әрекетке ие болғаны белгілі. Әдебиетте өзіндік ой-өрісі, пікірі, көзқарасы бар кейіпкерлер азайды, олардың іс-әрекет ететін кеңістігі де шектеулі болды.

Бір назар аударатын мәселе – ХХ ғасырдың соңғы жылдары қазақ әдебиеттану ғылымы осы кезең шығармаларын қайтадан ой елегінен өткізіп, басқаша зерделей қарап, жаңаша көзқараспен пайымдауға бет бұра бастады. Себебі, өткеннің бәрін тәрк етіп, аз уақыт ішінде өндірістен шығаратын зат сияқты тез арада жаңа мәдениет пен әдебиет жасап шығару мүмкін емес. Кейбір солақай, сыңаржақ саясат иелері өнер табиғатына еппен, байыппен емес, ентелей, өкпелей келген сияқты. Соның салдарынан талай ғасырлар бойы халықпен бірге жасасқан әдебиет нұсқаларының кейбірі керек болмай қалды. «Би», «шешен», «хан», «дін» деген сөздерге үрке қарайтын жағдай қалыптасып, өз жан дүниесінен, ұлттық санасынан безуге даяр характер туған еді.

Бүгінгі күн көкжиегінен пайымдай қарайтын болсақ, бұл әдебиеттің бойында кейбір кереғар сипаттар бар сияқты. Себебі ол ұлттық тілде жазылған көркем туындыларды құраса да, ұлттық менталитетке сәйкесе бермейтін мемлекеттік-саяси мәселелерді қамтиды. Осы жерде өз-өзінен заңды сұрақтар туындайды. «Кеңестік жағдай» және «кеңестік емес жағдай» деген ұғымдар бар. Себебі қазақ әдебиеті туындыларын осындай екі жүйеге бөліп, оның бірін (кеңестік емес жағдайды бейнелейтін әдебиетті) мүлдем әдебиет тарихынан шығару көзделген, ұзақ уақыт олар туралы үндемей келгеніміз шындық. Қалай десек те бұл тұтас қазақ әдебиеті. Қазақ әдебиетінен қоғамдық-саяси жағдайларға байланысты алынып тасталған, аластатылған туындыларды зерттеп, зерделеу бүгінгі күн талабы екені шындық, ендеше, жағдай мен мінез байланысының маңыздылығын тағы да бір рет қайталадық. Өркендеген, дамыған бүгінгі қазақ әдебиетіне жаңа бір серпіннің, жаңа толқынның, көркемдік сапалық ізденістердің ене бастауы 60-«жылымық» кезеңінен бастау алып, 70-80-жылдары арнасын кеңітті. Осы орайда айтылған мына бір пікірдің де жаны бар сиқты: «60-80-жылдар прозасына өз үлестерін қосқан қаламгерлер жаңа дәуір сипатының белді өкілдеріне айналды» [81, 24 б.]. Аталмыш кезең әдебиетінде модернистік әдебиет өрнектері де көріне бастаған еді. Осыған орай, 60-80-жылдарда тартыстың сипаты өзіне дейінгі әдеби кезеңдерге қарағанда күрделенді және дараланды. Жазушылар адам іс-әрекетінің қозғаушы күшіне, оның ортамен, әр қилы жағдайдағы қарым-қатынасына бастағаны байқалады. Характерді әр қилы сыннан өткізу, алдына таңдау қою, пікір таласқа түсіру, өзіне-өзі есеп беру сияқты әдіс-амалдардың қолданылуы осы кезең прозасына етене тән болғандығын атап өткен жөн.

Кезінде ғалым-сыншы Р. Нұрғалиевтің: «Әдебиет – үлкен құбылыс, жанды дүние, күрделі процесс. Бір әдебиет – дария, бір әдебиет – бұлақ, бәрі де ағады, өседі, өрбиді. Халық бар жерде әдебиет бар» [81, 209 б.] деп жазғанындай, уақыт талабының мүддесінен шығып, адамның жан дүниесіне терең үңіліп, оның ішкі қайшылықтарын, психологиясын көрсетуде жетекші орын алар прозаның шағын түрінің жетпісінші жылдарда кеңге қанат жайып өркендей түсуі – заңды құбылыс. Себебі 60-70-жылдары қазақ прозасына келген
Ә. Кекілбаев, Қ. Жұмаділов, С. Мұратбеков, О. Бөкей, Д. Исабеков, Т. Әбдіков, Т. Нұрмағамбетов, К. Сегізбаев сынды жазушылардың шығармашылықтарының ерекше тұстары таныла бастады, аталмыш құбылысқа назар да аударылды. «Соңғы жылдардағы әдеби процестің бір ерекшелігі талантты жастардың әдебиетке көптеп келуі. Он-он бес жылдың айналасында әдебиетке келген топ та біраз іріктеліп қалды. Олардың талантты өкілдері осы дәуір ішіндегі әдеби процеске белсене араласып, әдебиетіміздің жаңа ізденістерін, табыстарын байытуға үлестерін қосып жүр. Олар өз дәуірі шындығының жанды суретін ғана емес, замандастарының ішкі сезім күйлерін, оларды толғандырған ой-пікірлер байлығын ала келді» – деп өз пікірін білдіреді [82, 4 б.]. Сыншы ғалым ой-пікірлер байлығы дегенде жағдайлардың да түрлене түскенін алға тартқандай.

Қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды жан-жақты зерделеген ізденімпаз туындылары арқылы қазақ әдебиетінің тағы бір сатыға жоғарылауына септіктерін тигізген бұл жазушылар шоғырының шығармашылығын жете танып-білу жан-жақты ізденіс, талап пен талғамды, жаңа көркемдік межелерді қажет ететіндігін бүгінгі зерттеушілер мойындап отыр. Тіпті, бұл жазушылар шығармашылығы кең өріс ала бастаған 70-80-жылдардағы ел жағдайына үңіле отырып, жазушылар идеясының бір ұшығына көз жеткізгендей боламыз. Бұл кезеңге сөз бен іс арасындағы, қабылданған шешімдер мен олардың орындалуы арасындағы түрлі алшақтық тән еді. Ауыз толтырып айтарлықтай рухани-әлеуметтік нәтижелердің аздығы биік мінбелерден жарияланған идеялар мен ниеттерге сенімсіздікпен қарауға жол ашты. Оның үстіне халықтың едәуір бөлігі рухани әрекетсіздік пен жалаң ұраншылдыққа бой үйрете бастағанының әлеуметтік жағдайға салқыны тиді, көптеген жағымсыз процестерге бастады. Ойы сергек қаламгерлер бұл үдерістерге жіті көз салды. Олардың оқырман қауымды ой-талқыға жетелерлік елеулі жаңа туындылары дүниеге келген болатын. Қоғамға, қоршаған ортаға төніп келе жатқан қауіп жазушыларды терең толғандырды. Жаңа жағдайдағы өзгеріс үстіндегі характерлері бар шығармаларды өмірге әкелген жазушылардың мақсаты болашақ ұрпақты осынау қауіп-қатерден сақтандыру еді.

Әлемдік әдебиетте бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Европа мен АҚШ әдебиетіндегі адамдықтан ада болу, мағынасыздық, адамның өмір сүруге құштарлығының жоғалуы, мақсатынан айырылу секілді қоғамдық-әлеуметтік жағдайлармен белсенді күреске шыққан бір топ жазушы көрінді. Адам мен қоғам басындағы трагедияны жан-дүниесімен түсіне алған осынау «адасқан ұрпақ» өкілдерінің әрқайсысының өзінің саяси, әлеуметтік, эстетикалық танымы барлығы даусыз, бірақ оларды бір-біріне жақындатқан идеялар да аз емес.

Жоғарыда аталған қазақ жазушыларының шығармашылығының әлемдік әдебиетпен үндесетін жерлері бар. Әрине жаңа мағына өзіне сәйкес әдіс-амалдар қалайтыны да белгілі, бұл ұлттық прозада байқалады. Ізденістер нәтижесінде туған туындылар да құнды болары сөзсіз. Бұл қаламгерлер әңгімелерінің негізіне айналған өмір суреттері М. Жұмабаев, М. Әуезов,


Ж. Аймауытов туындыларында көрінген жағдаймен, мінезбен ұлттық тұрғыдан сарындас, өзектес болып келеді. Алаш перзенттерінің сол кезең әдебиетінен аластатылған туындылары өз жалғасын 60-70-жылдар әдебиетінде қайтадан тапқан еді. Себебі бір ғана ұлт мүддесін қорғауды социалистік реализм әдісі аясында қарастыру қиын болатын, сондықтан жағдайы мен мінезі бөлек модернистік бағыт өрнекті прозаның сілемдері арқылы қазақ әдебиетіне қайтадан оралғандай болды.

Ұлттың тарихы мен тағдыры туралы айтуға ауызға қақпақ қойылғанын көрген, ұлттың болашағы бұлдырлана бастағанын сезген жазушылар осы мәселелерді бейнелеуде түрлі шартты поэтикалық тәсілдерге бара бастағанын зерделеуге болады. Осы жылдардағы қазақ прозасы әлемдік әдеби ағымдағы жетекші бағыттардың бір тармағы болған экзистенциалистік бағыттың жағдай мен мінез байланысын басқаша ұйымдастыратын тәжірибесіне де ден қойғанын айту керек. Нормаланған жағдайдағы нормаланған өмір сүру тәжірибесі жеке адамның еркі мен бостандығын біршама шектеді, іштей торығу, жеріну, жатсынуға жол ашты. Осы орайда мына пікір заман шындығына дендеуге жол ашатын сияқты: «Халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен білінеді» [83, 86 б.]. Жатсыну – экзистенциализмнің күрделі концепцияларының бірі. Сананың дайын идеологияның қағидаттарымен тұйықталуы адамның өзінің ұлттық тегінен, тарихынан, әдет-ғұрпынан ажырауына әкеп тіреді. Тарихта әр түрлі дәуірде, әр түрлі өркениеттерде тарихи уақыттың сыртқы тұрпатымен бірге бүкіл ішкі құрылымы, яғни жағдайлар өзгеріп жатады. Нақты тоқталсақ, қауымдық құрылысты көбіне дәстүрлі қоғам дейді. Ол дәуірде адам өмірі түгелімен дерлік дәстүрлермен, әдет-ғұрыптармен реттелетін, олар кез келген өмірлік жағдайда, белгілі бір істі адамдардың ұйымдастыруын, шешуін, жүзеге асыру жолдарын анықтап беруімен құнды еді. Қоғамдық өмірдің осы ерекшелігінің негізінде адамдардың қандай жағдайда да негізгі адами құндылыққа ұмтылатындығы сияқты ерекше қасиеттері жатыр. Бұл жағдай олардың тіршілік етуінің негізгі жолы. Яғни, олар үшін жағдай мен мінездің тұрақтылығы түпкі құндылық. Мұндай қоғамдық жағдайдың құрылу принципінде рулық қоғамның адамы туыстық бірліктен көреді. Сондықтан да ежелгі түркі қауымы үшін Аспан (тәңірі)-әке, ата мен жер (Ұмай)-ананың әрбір ұрпақ үшін аталардың өсиеттері орнатқан тәртіптері, нормалары қасиетті болды. Оларды әрбір жас ұрпақ жаңа жағдайда бұлжытпай қайталап, іске асырып отыруы қажет екендігін айтып жүрген ғалымдар бар.

Өткен жағдайдың бәрін тәрк ету, басқа ұлттар тарихын күстаналау, жалғанға балау, саясатқа сәйкес өзгерту, түзеп отыру кеңес үкіметінің басты саясатының бірі болғаны белгілі. Жаңа саясаттың «жаңа жағдайы» ұлттық болмысқа ентелей енсе де, оның сан ғасырлар бойы аталар рухымен сусындаған жаны мен тәні, яғни мінез-құлқы өзінің қасиетті де киелі нәрін сақтап қалуға тырысып баққан еді. Кеңестік жағдай мен осындай ұлттық мінездің бір шығарма мәтінінде байланысуы оңай болмады, сондықтан көпқабаттылық, көпмағыналық сипаты ХХ ғасырдағы әңгімелерде айқын көрінеді. Қаламгерлер мағыналық деңгейлердің осындай ерекшелігін еркін түрде пайдаланып, ишара, меңзеу арқылы ұлттық идеяны көтеруге тырысқан. Бұл жөнінде Т. Әбдіков: «60-жылдардан бастап біздің қазақ әдебиетінде жаңа белес басталды. Ол белес әркімнің жүрегінде оянған ұлттық идея болды. 60-жылдардағы жаңа бір толқын бүркемелеп болса да, ішкі наразылық арқылы ұлттық идеяны күн тәртібіне қоя бастады. Бәлкім, бұл шығармалардың көркемдік дәрежесі әр түрлі шығар, бірақ әдебиеттің ұлттық идеяға, бет бұруының өзі дамудың бір белгісі деп білемін» [84, 89 б.] деген пікір білдірген.

Өзінің өткенін, тарихын, салт-санасын, әдет-ғұрпын, адами құндылықтарды рухани байлық ретінде тани алмай немесе танығысы келмей жүрген образдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін бейнелеп, қаламгерлер оның астарындағы ұлттық тауқыметтерді танытуды ниет еткен. Қазақтың өзіндік болмысын айқындайтын шаңырақ, аруақ, бесік сияқты ұғымдардың туындыларда жиі кездесуі жағдайды нақтылап, айқындап, олардың идеялық-мазмұнын тереңдете түсті.

Ұлттық мүддені ашық түрде қорғап, ұлттың азат болашағы туралы ойлаудың өзі қиын болған осы бір кездерде жазушылар өз әңгімелерінде оны астарлы түрде білдіре бастады. Осыған орай, ұлттық жағдай мен заман тудырған, яғни қалыптасқан сыртқы жағдай қайшылығы көптеген әңгімелердің арқауына айналғанын байқаймыз. Кеңес үкіметі тұсында оқып-білім алып, қала тұрмысын көріп, оқыған азамат атанып жүрген жастардың бейнесін екі жақты көрсету адам санасындағы, ой-пікірдегі жаңа сипатты көрсетті. Кез келгеннің қолына түсе бермейтін билік, қызмет, тұғырлы әлеуметтік жағдай олардың бір қырын танытса, солардың жолында тәрк етілген ұлттық таным-бейнелердің басқа қырларын анықтауға пайдаланылғанын көруге болады.

Қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік жағдай мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін адамның арасындағы күрделі қарым-қатынастарды бейнелеу арқылы бір топ қазақ қаламгерлері болашаққа барлау жасаған.


С. Шаймерденовтің «Марғау», Т. Әбдіковтің «Қонақтар», С. Мұратбековтің «Ата», Д. Исабековтің «Қара шаңырақ», Т. Нұрмағанбетовтің «Ата қоныс» шығармаларындағы ортақ сарын жаңа ұрпақ бойында қалыптаса бастаған жасанды мінез-құлық, өзгеге елігіп, өзін ұмытуы – төл әдет-ғұрпынан безіну мен рухани жатсыну көріністері. Ұрпақ санасына сырттан таңылған әр түрлі идеялардың характерді басқа мақсаттарға бағыттаушы рөліне баса назар аударылды. Авторлар адам бойындағы ұлттық құндылықтарды айқындауға күш салған.

Кейіпкердің денінің ұлттық танымға жат, заман ағымымен келген ой-пікір, көзқарас негізінде істеген іс-әрекеттері, танытқан мінез-құлықтары санада екі ұдайлық, қосамжарлық тудырып, адам күрделі психологиялық жағдайды басынан кешіреді. Қиын сәтте нақты шешім қабылдауға өресі жоқ кейіпкердің жағдайды толық түсіне алмауы өз алдына, бағдарсыз әрекеті оның өміріне кері әсерін тигізуі мүмкін. Кейіпкер басындағы екі ұдай сезім мен шешім қабылдай алмаушылығы тек жағдайға ғана емес, кейіпкердің характеріне де тікелей байланысты екендігіне жазушылар салмақ түсірген.

С. Шаймерденовтің «Ит ашуы» повесіндегі бас кейіпкер, «Қонақтар» әңгімесіндегі Ерғабыл қарт, «Ата» әңгімесіндегі Бекең, «Қара шаңырақ» әңгімесіндегі Шөмішбай бейнелері ұлттық сана мен таным иелері ретінде көрінеді. Себебі, аталған туындыларда өзінің сөзі мен ісі арқылы өткенді қадірлеп, бүгінгіге баға беретін, болашаққа деген сенімі мен күдігі аралас келетін мінездер осы қарттар бейнесі. Адам тіршілігінің бар мәні бүгіні мен болашағында, артқа қарайлаудың қажеті жоқ деген жалаң ұранның, желбуаз ойдың өткінші екенін сездіріп, ұрпақ болашағы тамырын тереңге тартқан ата-баба дәстүрімен тығыз байланыстылығын сол алтын бастаудан нәр алып өскен ұрпақтың бойында ұлттық рух биіктейтініне әрдайым сеніп, көңілдеріне медет тұтқан аға буын өкілдері бүгінгі ұрпақтың іс-әрекетіне, ой-санасына кейбір сәттерде көңілдері толмайды, оларды басқа жаққа бағыттауға дайын, армандары – сол, яғни жағдай мен характердің бағыттаушы типі көрініп тұр.

Олар балаларының барлығына білім беруге тырысқан. Бірақ оқығаны көп ұрпағының ұлттық танымнан күннен-күнге жырақтап алыстап кетіп бара жатқаны – үш қарттың басындағы ортақ трагедия. Сапабек, Баған, Есіркеп – ауыл тәрбиесін көрген, ана тілінде тілі шыққан жастар. Өсе келе ғана қала салтын көрген. Авторлар өз кейіпкерлерін үлкен адамгершілік сынаққа салады. Жайлы пәтер, жоғары қызмет, сұлу жар, ғылыми атақ кез келген адамның армандайтын, қол жеткізгісі келетін мақсат болып табылады. Ал сол мақсатқа жету жолындағы түрлі жағдайлардың мінезге қалай әсер еткені бұл әңгімелерде негізгі мәселе болып көтерілген. Ана сүтімен бойға дарыған, ұрпағым айырылып қалмаса екен деп талай ата-баба армандаған ұлттық рухты, тәрбиені, болмыс-бітімді сырттан келген жат идеяның құрбаны етерлік әрекеттерге қарсылық бар. Қайтсем жанға жайлы тіршілік кешем дейтін характерлер мен ұлт үшін неге болса да көнем деуші кейіпкерлер арасындағы драматизм жатыр.

С. Мұратбековтің «Ата» әңгімесіндегі кейіпкер туған әкесінен тірідей бас тартқан. Жалпы ұлттық характер үшін сол кездегі жат іс-әрекет. Қазақ әдебиетінде мұндай жағдай мен характер бұрын кездеспеген. Осындай психологияның бүгінгі күні қоғамымызда дендеп кеткенінің сыры тереңде екен. Жазушы сол 60-жылдардың өзіндегі жағдай арқылы ғасыр соңында қазақи сананың деформациясының күшеюі осындай азғындыққа апаратынын меңзегендей. Шығармада әке мен баланың кездесу сәтіне ерекше мән берілген. Бір жақта сағынышы шалқыған әке, өз-өзінен қуыстанған Баған тұр әкесінің алдында. Әңгімедегі екі психология, екі таным, екі жағдай авторлық баяндауда көрінеді. Әке аузынан шыққан: «– Мен жалғыз қалдым ғой» деген сөзінің мәнін ұлы түсінгісі де келмеді. Қарт үйде де, түзде де жалғыз күн кешуде. Панасыз адам аталып, шын білімдінің бейнесіне енген Баған сауатсыз әкесінен қалған қазақ шалының жағдайы белгілі. Кәрі ата-анасынан безініп, өзін жетіммін деп таныстырып қойғанын білген ақсақал ұлына не істеуі керек. Міне, осындай жағдай екі мінезді айқындауға бағытталған. Бірі – қала пәлсапасы, екіншісі – дала танымы, ұлттық рух.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет