1 КӨркем мінез бен жағдайдың тарихи-теориялық ТҰРҒыдан негізделуі және зерттелуі



бет4/7
Дата03.05.2016
өлшемі2.16 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

Жазушы Бекеңді ұлттық салт-дәстүрдің иесі, яғни жағдайды белгілі-бір мақсатқа бағыттаушы характер етіп көрсетуді қалағаны сөзсіз. Бағанның ешкімнің амандығын сұрамағанынан ақсақал көп нәрсені ұқты. Тек өз амандығын ғана тілеп үйренген оған қарақан басының қамынан басқа ешнарсе керек емес. Оқыған көп төмен. Бекеңе ең ауыр тиген жағдай Бағанның келіншегі Сәниямен арасындағы әңгіме еді. Атасына жақындаған немересін жұлып алған келіннің әрекетіне жазушы ерекше назар аударады.

Қарт әке келінінің кейбір қылықтарына наразы болғанымен, оны ұлттық құндылықтарға қарай бағыттауға тырысады. Ата мен келін арасындағы нәзік сыйластықты дәріптеп өскен қыр қазағы бұл жерде де өзінің қалпынан айнымайды. Сабыр мен шүкірлік иесі Бекең баласы мен келінінің арасындағы кикілжіңге себепкер болғысы келмегендіктен, көп аялдамай елге қайтады. Баған санасындағы қарама-қайшылықтың түп негізінде ана сүтімен бойына дарыған ұлттық танымның әлсіреуі мен заман ағымымен сырттан келген бөтен идеяның әсері күшейе бастау жағдайы бар. Ол кейде қырды сағынады, бірақ барғысы жоқ. Баған – уақыт құлы. Туған әкенің амандығын сұрап барып қайтуға бос уақыт таба алмаған Баған кімді жарылқап тастар дейсің деген ой санамызға еріксіз оралады. Оның ішкі ойы мен сыртқы іс-әрекетінің арасында бірлік жоқ. Ол біреуден жасқанып күн кешіп жатқан сияқты. Әңгімеде Сәния одан көп жағдайда үстем тұр. Себебі Бағанның қол жеткізген жетістігі –Сәнияның әке-шешесінің арқасы. Ендеше ол өмір бойы оларға қарыздар болып күн кешпек. Бағанды осындай жағдай іштей қинайды. Оның сүріп жүрген өмірі біреудің оған сызып берген іс-әрекет картасы іспеттес. Ал әке, атамекен сол картада көрсетілмеген. Ендеше, Баған өмірінде Бекеңе орын жоқ.

Қанат бейнесін автор әдемі қолданған. «Екі беті торсиған шолақ мұрынды сүйкімді сәби Бағанның кішкене күніндегі аумаған сурет еді. Тек шарасы кең мөлдір көздері ғана шешесіне тартыпты, қадала қарайды. Бөлмеге кіріп шешінер-шешінбестен сәби бала Бекеңе үйіріле бастады» [85, 167 б.] деген үзіндіде алғаш рет көріп тұрған атасынан Қанат өзгеше бір жақындық сезген сияқты. Бағаннан көрмеген жылылықты қарт сәбиден көрді. Бекеңді қолымызға келіп тұрып қала ма деп қорыққан келін бұл жағдайды өз мүддесіне қарай бағыттағысы келіп тұр. Сөйтіп келін мінезінінің біраз қырлары айқындалып қалды. Пендәуи құндылықтарды артық деп ойлайтын таяз жан Сәния мінезін ашу үшін жазушы айқындаушы жағдайды көп қолданған. Әңгімеде автор ұлттық тәлім-тәрбие мен «жаңаша өмір сүру» салтының салқыны тиген жастар психологиясы арасындағы қарама-қайшылықты көрсеткен. Сырттан келген жат тәрбие мен эгоистік сананың қала жағдайында ұрпақ бойына дендеп кіріп бара жатқанын қаламгер жіті аңғарған. Осы тұста бұл әңгіме туралы: «Біздің әдебиетімізде осы тақырыпқа бұрын соңды жазылып келе жатқан туындылар көп-ақ. Оның реті де жоқ емес, өзіміз көріп жүрген қала тірлігінің кісі киік кеселі суреткердің азаматтық позициясынан тыс қалуға тиіс емес әрине. Ал


С. Мұратбеков әңгімесінің бізді қызықтыруы жағдайдың шебер құрылымы мен көркем жаратылысында. Әрбір деталь, сурет пен штрих жүйелі ойға жетелейді. Бір қызығы, осы әңгімеде адамдық сезім категориялары орын ауыстырғандай әсер етеді. Мұң дегенімізден қуаныш лебі еседі, ал керісінше, қуаныш келбетінен адам жанын түршіктірер ызғар соғып тұр» деген пікір назар аударарлық [86, 97 б.]. Әңгімедегі автордың баяндауы образдың психологиялық жан дүниесін терең ашуға, кейіпкер характерін әлеуметтік қақтығыстар, қарама-қайшылықтар арқылы ұлттық мәселелерге бағыттаған. Сондай-ақ жазушының «Ананың арманы» әңгімесінде ана тұлғасы балаларына, немерелеріне, келініне байланысты әр түрлі жағдайда көрінеді. Әңгіме он жасар немересінің атынан баяндалады. Әңгімедегі ананың мазасын алып, жүрегіне жара салған жайт – балаларының арасындағы ынтымақтың, ауыз бірліктің жоқтығы.

Ене мен келін характерлері арасындағы кикілжіңге толы жанұя жағдайы – С. Мұратбековтің бірнеше әңгімесінің тақырыбы. Бірін-бірі сүйіп қосылған екі жас. Ауыл тірлігі. Анасы өзінің қалауынан басқа қызды алғанына баласына іштей наразы. Жанұядағы осындай қырғиқабақ жағдайдың тауқыметі жас келін Танаға түседі. Бірақ енесі қанша қаталдық көрсеткенмен, келіні төзімділік жасап, үлкенге деген сыйластық мінезден аспайды. Тіпті баласы шеше әділетсіздігіне шыдамай бөлініп кеткенде, қайтып баруын өтініп қиналатын да сол Тана. Әңгіме соңында жастар әке-шешесімен табысқандай ыңғай байқалады. Бір жанұяның тұрмысы арқылы халқымызға тән үлкенді сыйлап, қадірлеп өскен инабаттылықты танытады. Тананың адамгершлік қасиеті, мейірімді жүрегі, ізгілік әрекеті оқушыға жақсы әсер қалдырады. Әке-шеше тарапынан болған кейбір қаталдыққа төзімділігі сүйсіндіреді. Жылы сезім, адамға деген кешірімділік үстемдік алады. Жақын адамдардың арасындағы тартысты шешуде де жазушы мейірімділікті, сол кешірімділікті бәрінен биік қояды. Сөйтіп, жас ұрпаққа ғибрат болар идея ұсынады. Жазушы ауыл жастарының махаббатын, сезім дүниесін алғанда да екі жасты бөліп алмай, маңындағы адамдардың тіршілігін, өмірге көзқарасын, өзара қарым-қатынастарын ашып отырады. Ал «Махаббат» әңгімесінде қызын өзі ұйғарған адамға бермек болған әке шешіміне көнбеген қызымен арасындағы жағдайды суреттейді. Әсия әке қалауымен емес, жүрек қалауымен тұрмыс құруды армандайды. Әкесінің: «Отыр осылай масыл болып» деген сөзіне намыстанып, Әсия жұмысқа кіреді, өзінің қатары Ноянды сүйеді.

Шығармада жағдайдың өзгеруі, мінездің дамуы басқа бағытқа ауысады. Қыз әкесі Отардың ата-анасы да, өзі де махаббатсыз-ақ қосылып жанұя болған, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы жолды ол дұрыс деп қабылдаған, енді шешімі басқа. Жазушы Отарды мейірімсіз қатал етіп көрсетуден аулақ. Оның әрекеті әкелік жанашырлық көңілден туған ізгі ниет.

Жазушы Қ. Жұмаділовтің көптеген әңгімелерінде кеңестік ортадағы ұлттық мінез бейнеленген, «Бұл сенің үйің» әңгімесінде де жанұя, ене мен келін жайы сөз болады. Жазушы қысқа ғана әңгімеде баласының анасына деген сезімін, шешесі кетіп қалғандағы жан күйзелісін, көңіл-күйін: «Мынау төсекте бүрісіп қана жататын шүйкедей кемпірдің өзіне қаншалықты қымбат екенін жаңа сезінді ол. Көңілінде бір сүйеніш медеу болушы еді. Ол анасы екен. Бүкіл жан-тәні шырқырап соны жоқтап тұр» [87, 97 б.] деген баяндау жағдайға астарлы сипат берген. Жоғарыда аталған әңгімелердегі ене мен келін, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас арқылы қаламгер жаңа бағыт белгілеген. Қазақ қаламгерлерінің осы туындыларында шиеленіскен қайшылықтан гөрі түсінісу басым.

Т. Нұрмағанбетов осындай жағдай мен характер байланысына көп зер салады. Айталық, «Қош бол, ата» әңгімесіндегі қария бейнесі жазушының осы саладағы ізденісінің сәтті жемісі деуге болады. Сол тақырыппен сабақтас келетін «Қара темір туралы екі әңгімесі», «Жүрек жылуы» әңгімесінің оқиғасы қаладағы баласы мен ауылдағы баласының тұрмыс жағдайына қарай екі бөлініп тұруға мәжбүр болған қариялардың өмірі. Қаладағы баласы мен келіні жаңа туған нәрестесін бағатын шешелерін өз қолында ұстағысы келеді. Ана тек бала бағып қана отырмай, дүкеннен тамақ та тасиды. Ауылдағы өмірлік қосағы шалын қанша ойлап аяғанмен, жас нәрестені тастап кетуге ана жүрегі қимайды. Шалы болса ауылда шаруа соңында. Баласы Нағиділлә – шаруаға ебі жоқ, босқа уақыт өткізіп, көбіне арақ ішіп, картаның соңында, одан қалды ұйқымен күн өткізіп жүрген пәтуасыз жан. Сондықтан Қаратемір қария бұл ауылдағы шаруасын тастап бәйбішенің қасына бара алмайды. Міне осылайша ата-анасы бала үшін бар қиыншылықты арқалап жүре береді. Ақыры ойламаған жерден кемпір-шалдың табысуына жағдай туып қалады. Мереке кезінде де барып қайтуға рұқсат етпей жүрген баласы да, келіні де шешесі аяғын сындырып мертігіп қалған соң, ендігі салмақ өздеріне түсетінін ойлап, ауылға апарып тастағанды қолайлы санайды. Жазушы қара басының қамын ойлайтын бала эгоизмін көрсетеді. Осы эгоизм Нағиділләнің басында да бар. «Кемпірің келді» дегенді естіп қуанышы қойнына сыймай келе жатқан әкесінен Нағиділлә алдымен малдың жайын сұрайды. Әкесі мен баласының арасындағы диалогтарды оқығанда еріксіз езу тартасыз. Юмормен берілген осы жолдардан біраз жағдайларды аңғарғандаймыз:

«– Көке, қой қай жерде қалды? – деді. Шал есектің үстінен асыға-үсіге домаланып түсті.

– Қойыңның тап құлағын ұрайын! – Нағиділлә не дерін білмей абдырап тұрып қалды. Сонан соң есектің бас жібін ұстай бере: – Апам келді, – деді.

– Е, әуелі солай демейсің бе! – Шалдың көздері шатынап, ашудан жүзі түтігіп кетті. Үйге қарай домаланып келе жатып, тағы да қойыңның құлағын ұрайын, – деп күңкілдеп қойды» [88, 114 б.].

Әке жүрегін осып, зығырданын қайнатқан да баласының шешеден бұрын малын аузына алуы. Ұлғайған сайын ерлі-зайыптының арасындағы қимастық, сағыныш тамырын терең жая түсетіні балаларға жат. Ата-ананы тірі кезінде қадірлеу керектігін, дүниеден өткенде өкініші ауыр болатынын, солардың қайырымды алақанын сағынатын күндерді де еске салғандай әсер аласыз. Әңгіменің жастарға тәрбиелі, өнегелі жағын ерекше атауға тұрарлық. Қаратемір қарттың қартайғанына қарамастан еңбекқорлығына риза боласыз, ол бес уақыт намазын оқып, тыныш өмір сүргеннен, еңбек соңында тынымсыз әрекетпен күн өткізуді әлдеқайда жоғары қояды. Сондықтан қауын егіп, таңертеңнен кешке дейін сабылып жұмыс істейді. Ұлан-ғайыр боп шыққан қауынды сатып пайда табу, ақша жинау емес, өз балаларын ғана емес, өткен-кеткен жолаушыларды сыйлау оның қазақы мінезі. Жазушы балалардың әке-шешесін түсіне бермейтінін, көбінесе ұмытып кететін мінездерін Қаратемірдің мына сөздерімен дәлелдейді:

– Ал, енді солар Қырымға барып не жейді екен? Сен кәзит оқып жүрсің ғой. Қырым дегенің не өзі?

– Ой, ата, Қырым деген жақсы ғой.

– Несі жақсы? Ал айтшы, ойбай-ау, бұл немене де кеше барып келген кісідей...

– Онда теңіз бар, соған шомылады. Көк жасыл ағаштар бар. Саялайды. Ауасы қандай таза ... а.

– Әй, оған керегі су болса, мен дарияның ортасына бала-шағасымен байлап қояйын. Көк-жасыл ағаш дейді. Ағаштың тағы қай түрі керек. Мен тоғайды аралатайын. Ауа-сы-ы. Ал біздің ауылдың ауасына не бәле көріне қалыпты. Осы ауаны жұтып ақ өскен бала сол [88, 128 б.].

Әңгімені оқып отырып Қаратемірдің жағдайды басқаша бағалайтыны ойлантады, оның өмірлік құндылықтары басқа. Жазушы бейнелеп отырған жағдайды, сол ортада өмір сүрген адамдардың психологиясын, мінез-құлқын, әдет-салтын терең білетіндігі көрінеді. Балалық шағы сол ортада өткен жазушының ғибраты, өнегесі, ұсынар идеясы жаңа бағытқа сай. Ұлттық әдет-ғұрып пен салт-сананың мыңдаған жылдар халқымызбен бірге жасап келе жатуының қалыптастырушылық, бағыттаушылық рөліне мән бергені орынды.

Адамдарды бірімен-бірін жақындататын мейірбандылық, сыйластыққа бастайтын жағдайлар жазушы үшін осылар. Соның бір түрі бағбаншылық кәсіпке тән «тоғыз тартуды» суреттеген автор ойы терең. Қария соншама бейнеттеніп өсірген қауынды немересіне беріп жібергенде оның тартуына үлкен ілтипат, ризашылық білдірудің орнына жас жігіт: «Маладес, жеті тоғыз болса да әкеле бер, бала!» – деп жауап қайтарады. Жазушы халықтық салттың мән-мағынасын түсінбеген жігітті де мысқылдап кетеді. Мәселе салтты құптау, құптамауда емес, үлкен адамның сыйлағанын түсініп, сыйға сый қайтара білмеуде. Бұл еріккеннің ермегінен туған салт емес, ата-баба диханшылық салтының, орнықты мінез қалыптастырудың бір түрі. Мұндай салт көпке ортақ, әр кәсіптің түріне қарай әр жерде әр түрлі сипатта. Ондай салттың адамды адамға жақындатып, бауырмашылдыққа жетелегеннен басқа келіссіз сипаты жоқ дейді жазушы. «Қарлығаштың ұясы» жинағындағы әңгімелері негізінен шағын, ықшам болып келген. «Ата қоныс» олардан гөрі ұзақ. Бірақ екеуінде де шынайы көрініс жасай алған. Яғни жағдай мен мінезді үйлестірудің екі түрін де игерген Т. Нұрмағамбетов шығармашылығы жөнінде кезінде айтылған: «Тынымбайдың қарапайым бала, жігіт-қыз, егде-ересек, шал-кемпір, кейіпкерлерінің бәрі дерлік – дара, дана адамдар. Халықтың қалың ортасынан шыққан өкілдер, типтік жағдайдағы типтік тұлғалар» [89, 58 б.] деген пікірге қаламгердің типтік жағдайлардан гөрі, кейіпкерді тереңірек ашуға тырысатын жағдайларды ұйымдастыруға бейімдігін де айтуға болады.

Осындай жағдай Әкім Таразидің «Бөтен» әңгімесінде де кездеседі. Әжесінің қазасына келген немересі өзі ұшқан ұясын ұмытқан, ауыл ақсақалдарымен сөйлескісі жоқ. Жазушы бір бет әңгімеге терең мазмұн сыйғызған. Жалғыз немересінен басқа жақын туысы болмаса да, қайтыс болған актив-апаны елі қатты құрметтейді екен. Ауыл адамдары актив-апаға жалғыздықтың тақсіретін тартқызбай үлкен мейірбандылық, бауырмалдылық көрсетіпті. Ал әжесін жерлеуге келген немересі Сәнжан характерінде ондай белгі жоқ. Ол өзін үлкен қызметтегі орнына лайық паң ұстайды. Рас, әжесінің басына қойылар ескерткішке мол ақша береді. Ауылдастар оны алғысы келмейді. Қорғасын түстес «Волгасымен» келген ол көп аялдамай қайтады. Туған ортасы үшін кешегі бала, ал бүгінгі бастық, бөтен адам болып шыға келеді, өйткені адамгершілік туралы түсінігі басқа, бағыты бөтен.

«Қара шаңырақ» әңгімесін Д. Исабеков әке мен бала арасындағы бір-бірін түсінбеушіліктің негізін ашуға арнаған. Қазақ халқы үшін шаңырақ киелі ұғым. Ол – бүтін бір тұқымның, әулеттің басын қосатын, қасиетті босаға. Осындай таным-түйсікті санасына сіңіріп өскен қара шаңырақ иесі Шөмішбай қарт үшін одан алыс кету түсініксіз. «Осы иттер әке-шешеміз бар-ау деп ойламайды ғой деймін. Әйтпесе «қалайсыңдар» деп сүт пісірімге келіп кетсе қайтеді шіркіндер. Бір-екі қанты мен үнді шайларының, тіпті мылтықтарының керегі жоқ жүдә, өздері көрініп кетсе нетеді... Келеді деп күнде тосамыз, дарбазаны жел сықырлатса да сендердің біреулерің екен деп елең ете түсеміз...» [90, 313 б.] деген сөзден көп жағдай белгілі болады.

Әңгімеде жазушы әке мен баланың ұғым-түсінігінің ашық қайшылығын дастарқан үстінде суреттеген. Немересі Қуатты бауырына алып, тәрбиелемек ниетпен келген қартқа баланы балабақшаға орналастырамыз деген келін-баланың сөзі ауыр тиді. Сәби бойынан ұлттық тәрбиені, болмысты, рухты көргісі келген ата мен әже бауырынан Қуаттың алыстауына бірден-бір себеп оның әке-шешесінің «жаңаша өмір сүру салтын» көксеген дүниетанымы. Ал олардың бұл «кезеңдік дертіне» кінәлі қоршаған орта, қоғам және қалыптасқан жағдай. «Қара шаңырақ» – бернелік атау. Авторлық ұстаным сол атаудың өзінен басталған, яғни бағыттаушылық жағдай көзге бірден шалынады.

Көрінгеннің босағасын жағалап, пәтер жалдап күн кешіп, баланы қолы бос кемпірлерге тастап жүрген Есіркеп пен Зеркүлдің тұрмысы Шөмішбай қарт үшін бос әурешілік сияқты. Әңгімедегі: «Ал, ана қаршадай баланың тірі жетім боп жүрісі анау, әрбір қолы бос кемпірдің босағасын сағалап. О, Алла, өстіп бала өсірмек пе олар» немесе «Көсіліп жатсаң сирағың сыртқа шығатын құрқылтайдың ұясындай тамда отырып өз күндерін өздері көргіш-ақ. Қартайғанда оқып ояз боламын деп жүр ме екен, одан да жұрт қатарлы баспана салып алмай ма түге, ауылдағы жесір кемпірдің Тұңғышбай тентегі құрлы жоқ па?» [90, 315 б.] деген кейіпкер сөзінде жазушының адам болмысындағы өзі ұстанар бағыт жатыр. Баспанасыз, көрінгеннің босағасына телмірген қазақ жастарының тұрмысын көрсете отырып, жазушы олардың көп дүниеден ұтылып жатқанын байқатады. Алдымен өздері алыстаған ұлттық танымнан бауырындағы сәбиін де алыстатып әкетіп бара жатыр. Дегенмен, жазушы әңгіме аяғында Есіркепті де, Қуатты да өздері шыққан қара шаңыраққа қайтарып әкелуді ниет етеді.

Т. Әбдіковтің «Қонақтар» әңгімесіндегі жағдай осы әңгімемен үндес. Жаңа қоғам әкелген озбыр ой-сананың ана сүтімен адам бойына сіңетін ұлттық танымнан биік тұрғысы келіп, аласұрып әрекет етуі образдардың іс-әрекеті, таным, түйсігі арқылы көрсетілген. Халық ұғымында қыз бала туған үйіне қонақ, ал ұл бала сол үйдің иесі. Әңгімеде Сапабек ер-азамат бола тұра үйіне қонақ болып келіп кетеді. Шаңырағының ыстығына күйіп, суығына тоңбайды. Сапабек те Баған сияқты уақыт құлы. Ата-ананың жалғыз қалуы оны көп ойлантып тұрған жоқ. Аздаған ақша беріп, сый-сияпат жасаса ата-ана алдындағы парызы өтелетін сияқты көрінеді. Ұлы Жеңісті өзі туған топырағынан жырақ ұстауға тырысуы ой-өрісінің бағытын айқындап тұрғандай. Келін мен немеренің қазақ тілін білмеуі қарт үшін күйзеліс болса, Сапабек үшін «жетістік». Оның болашақ өмірінің бағытын белгілеуге автор көп мән берген.

Сапабек үйіне келгеннен бастап жұртты ұйытып әңгіме айтады. «Өзінің Лондонға, Будапештке, Мароккоға, Италияға барған сапарларын әңгімеледі. Бөтен, жат халықтардың дәстүрін, мәдениетін, адамдарын мақтады» [91, 20 б.] деген жолдардан оның мәдени көзқарастарының бағыты осындай екені байқалады. Ерғабыл қарт өткенді көп ойлайды. Себебі қарт ұлттың қымбат құндылықтарын сол өткеннен іздейді. «Таяғына қаттырақ сүйенген Ерекеңнің жақ еттері жыбырлап, көздері қызарып, жасаурап кетті. Тым әріде, көз нұры, көңіл құрығы жетпейтін, тым әріде қалған бейшара бір сағыныш жүрегінің әлсіз түртіп, онсыз да қаусағалы тұрған, әдіре қалғыр ит жанын күйзелткендей болды» [91, 21 б.] деген жолдардан осыны аңғаруға болады.

Адам баласының бойына ұлттық рух туған жердің киелі топырағынан беріледі. Туған жер топырағының киелі болатындығы онда ата-баба рухы мәңгілік тыныштық табатындығы шығар. Қаламгерлеріміз оқырманды ойланту мақсатында өз шығармаларына қарапайым адамдардың аруаққа адалдық, оған табыну әрекеттерін көрсетеді. Кейбір көзі ашық, оқыған азаматтардың қолынан бұндай іс келмей жатқан тұста С. Мұратбековтің «Бекеңнің құбылыстары» әңгімесіндегі Бекең, Т.Әбдіковтің «Бассүйек» әңгімесіндегі Мұқаш шал, қабір көрсетуге барған шоқша сақал қарт бейнелері арқылы өткенді қадірлеу, ардақтау, оған адал болу керектігін аңғарамыз.

«Осы, – деді шоқша сақал қарт кісі. – Қабірі осы. Ал, енді сендер бара тұрыңдар, мен аруақтарға арнап бірдеңе оқи қояйын» [91, 210 б.]. Бұл жерде қарт аруақтардан кешірім өтінгендей. Қабірді қайта ашу, аруақтардың мазасын алу ұлтымыз үшін жат. Бірақ өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырамыз деп келген Хамит сөзі ел ақсақалын екіұдай күйге салады. «Жаубөрінің қабірін ашуға сіздерден көмек қажет деген сөзі толық болмаса да, көкейіне ептеп ұялағандай болып еді. Бірақ мына қазіргі мінезі қабірден қорықпағаны, қасиетті батыр-ау деп именбегені біртүрлі қорлағандай болып отыр. Қазақтың баласы емес пе, шіркін, тіріні сыйламаса да өлікке деген инабат болмаушы ма еді» [91, 212 б.] деген үзінді осыны аңғартады. Игілікті іс деп қарт қуанбайды, қайта іштей күйзелетін сияқты. Талданған шығармаларда жағдай мен характер арасындағы бағыттаушы байланыс түрі анық байқалады. Оған қоса қалыптастырушы сипат та кездесіп тұрады.

С. Мұратбековтің «Бекеңнің құбылыстары» әңгімесіндегі Бекең қарт бейнесі де осындай биіктен көрінген. Жазушы қартты тек қана егіс даласын ғана қорушы емес, ұлттық танымның да қорғаушысы етіп бейнелеген. Қарт жасы келсе де аттан бел жазып түскен жоқ, оның өзіндік мәні де бар. «Балалық шағынан сіңісіп, әрқашан көңілінің пәк ниетін бағыштап, қысылғанда медет тілеп сиынған аруақтар зираты қайда?.. О, аққыр көзім, осы кесапатты көргенше неге ақпайсың... Аруақ мені неге атпайсың» деп күбірледі Бекең» [85, 212 б.] деген жолдарда қарт өзіне үкім сұрап тұр. Аруақ ату қазақ баласы үшін үлкен жаза. Қарттың өзіне осындай үкім шығартып тұрған не? Бекең балалық шағынан бастап өзіне қорғаныш етіп келген Үйжығылғандағы ата-баба зиратының қара пар болып жатқанын көреді. Бұл әрекет біреу үшін жай күнделікті атқаратын жұмысы болса, Бекең үшін орны толмас өкініш, жүректен орын алған ауыр қайғы болды. Бабалар аруағының өз ұрпағынан әрқашан риза болуына өзін жауаптымын деп сезінетін қарт осыдан кейін ауыр жан сергелдеңіне ұшырайды. Жағдай мен мінез бір-бірін айқындау үшін қызмет етіп тұр бұл шығармада.

Аталмыш кезеңде ұрпақ санасында өткен тарихын қадірлемеу, ұлттық игіліктерді сыйламау сияқты қасиетсіздік орын алып жатқан еді. Ақырындап еніп жатқан осы бір дерттің алдын алу көкірегі ояу, зиялы жазушылардың басты мақсатына айналған болатын. Екі әңгімедегі қарттар бейнесі аруаққа сенімді ұлттық танымның көзі санайтын ұрпақ өкілдері. Ал осындай танымды бойларына сіңіріп өскен қарттар үшін бүгінгі істеліп жатқан ұрпақтың іс-әрекеті жандарына батады. Олардың қабірін қара пар етіп жыртып тастаған тракторшы Самат, Жаубөрі батырдың бас сүйегін асықша иіріп тұрған Хамит әрекеттері оларды қатты шошытады. «Қазақтың баласы емес пе, шіркін, тіріні сыйламаса да өлікке деген инабат болмаушы ма еді» [85, 212 б.] немесе «О, жазаңды құдайдан тапқыр-ай, қайсысы екен айдатқан» [85, 211 б.] деген ойларда драматизм бар. Қарттар бүгінгі жеткен биігіміз кешегінің жемісі деп біле отыра, бәріне ата-баба аруағының қолдауымен жетіп отырмыз деген ойдан айырылмақ емес. Саматтың зиратты жыртқандағы бар мақсаты атақты болу еді. Ендеше ол өзінің мақсаты жолында бәрін құрбан қылуға даяр. Саматты жазушы әңгімеде «Самат қысы-жазы бас киім кимейтін, қалың жирен шашы тікірейіп тұратын. Мінезі де тентек жігіт, үлкен демей, кіші демей «сен» деп сөйлейді. Әзірге ешкімнің басын жарып, көзін шығарған емес. Бірақ осы кездескенде Бекеңнің де жүрегі әрдайым дір етіп, секем алғандай болушы еді» [85, 213 б.] деп суреттеген. Қарт оның бейнесінен бір сәт жатбауырлықты сезетін.

Жоғарыда сөз болған екі әңгімеде де аға буын мен жас ұрпақ санасының бір-біріне қабыспай жатуына орта буын өкілдерінің қатысы бар. Олар ұлттық сананы мансұқтаған кеңес үкіметінің тәрбиесін көріп өскендер. Сондықтан да болар ұрпаққа берілетін ұлттық таным өз жалғастығын таба алмай жатқан сияқты. Ұлттық рухпен сусындап өскен қарттардың өздерімен-өздері сырласып, іштей буырқанып-бұрсанған ой-толғақтарында жан түкпіріндегі аңсары мен арманы, өкініші мен өксігі, мақсаты мен мұраты тұр. Егер осы беттен таймаса кейінгі жасөспірім ұрпақ өз халқының өткенінен әбден қол үзіп қалуы мүмкін деген ой түйінделеді. Екі жазушы да характерлерді ұлттық құндылықтарда қозғалатын жағдайларда ашқан.

Осындай идея Т. Нұрмағанбетовтің «Ата қоныс» әңгімесінде де көтерілген. Басты кейіпкер Мұқа шалдың өзі көшіп кеткен Талтоғанға қайтадан ат ізін салып, өткен өмірін есіне түсіріп, көңілі құлазып қайтуын жазушы басты оқиға етіп алған. Балалары ер жетіп, білім алып, қызмет басында отырған Мұқа қарттың осы бір сапардан жүдеп қайтуын жазушы былайша суреттейді: «Әбден қалжыраған денесі былқ-сылқ етіп аттан өзі түсті. Белі бүгілген. Бетіндегі әжімдері де көбейіп, тереңдеп кеткен. Ол жетпіске келген шалға бүгін ғана ұқсап кеткен еді» [88, 30 б.]. Бұған себеп не? Неліктен Мұқа шал осынша күйге түсіп, іштей күйзеліп қайтты? Бұл сауалдар арқылы автор осыған жауап беретін бағытқа ауыстырады. Бойындағы ұлттық танымын әлі ешнәрсеге айырбастамайтын қарт бейнесі – айқындаушы характер. Әсіресе өзінің директор балаларына жанды да нақты тұлға еді. «Он жылдан бері ат ізін салмаған сонау қияндағы ата қонысы Талтоғанды бір көріп қайтуға көңілі соқты ма, қалай» [88, 4 б.] деген үзінді қарттың ішкі жан дүниесіне үңілтеді. Әрі қарай автор әңгіме оқиғасын кейіпкер монологі мен авторлық баяндауды қатар араластырып отыра дамытады. Ішкі психологиялық тартыстың көрінуіне себі тиетін бір көркемдік тәсіл ой ағыны екені аян. Автор Мұқа қарттың ішкі жан-дүниесін ашу мақсатында өткенді іздеуге жалғыз өзін аттандырады. Кейіпкер жол ауыртпалығын тартып, шаршап-шалдыққанымен, туған жерге деген сағыныштан, алып ұшқан көңілі елге тез жетуге асықтырады. Қаламгер оқырманның назарын Мұқа шалдың сапарына аударады.

Туған жеріне келген кейіпкер сезімін оның әзірше сақталып тұрған әр нәрсеге деген сағынышымен өлшейді. «Алдымен қарауытып бау ағаштары мен ескі тамдардың тұлғалары, сонан соң ауыл іргесінен бұраңдап ағып жататын жіңішке өзен көрінді. Ауылдың түстігіндегі жусанды беткей. Осы көріністер шалдың көзіне ыстық ұшырады» [88, 6 б.]. Көз тартатын ештеңесі болмаса да, жүрек ерекше сағынып, қимай іздейтін, көзге елес болып көрінгеннің өзінде адам жанын бір жадыратып тастайтын осы бір құлаған тамдардың, опырайған қабырғалардың өзіне тартатын өзгеше күші бар екен. Қарт өткен өмірін көз алдынан өткізе берді. Әсіресе қарттың көңілі босаған тұс ол өзінің иесіз ескі тамның мүжілген босағасын сипаған кез еді.

Адам баласының тек өзіне ғана тән ұлттық болмысы, мінезі, әдет-ғұрпы, салт-санасы сол киелі босағадан бағыт алады, оның өз ұрпағын ұлттық таныммен тәрбиелеп ұзақ сапарға аттандырып, өмірдің өзіне араластырып жіберетіні анық. Ендеше ол босаға ешуақытта иесіз қаңырап бос қалмауы тиіс. Ал Мұқа қарттың босағасы иесіз тұр. Осындай жағдай арқылы әңгіменің әлеуметтік жүгі арта түскен.

Қазақ ауылдарының кейбірі сыңаржақ саясаттың құрбаны болып иесіз қалды. Халықты ерікті-еріксіз түрде орталықтарға көшіру жағдайы балаларды жаппай орыс тілінде оқуға мәжбүр етті. Әңгімедегі Мұқа шалдың кемпірі Дәнекердің атына сай бейнесі адамдар арасындағы ерекше бір рухани құндылықтардың дәнекері ретінде көрінеді. «Дәнекер болса келер ме еді, келмес пе еді? Құдай біледі келер еді. Мені бүйтіп зарықтырып қоймай, әлдеқашан жетер еді-ау. Жоқ. Ол арамыздан тек кетпеген екен, Мұқа. Біздің бәрімізге ортақ киелі қасиетті өзімен бірге ала кетіпті. Бұрынғылар осындай бір жандар болады деуші еді ғой. Солардың бірі Дәнекер шығар. Ақиқат сол. Соңы да сол Дәнекер болмаса қайтсін...» [88, 24 б.].

Тұтас ауылдың бір адамның қайғысын бірге көтеріп, қуанышына ел болып қуанатын, аштық пен тоқтықты «көппен көрген ұлы той» деп ұғынған қазақ ұлтының қазір өзара бір-бірінен жатсынып, ерекше қасиеттерін жоғалта бастаған кезде ұлттық характердің екіұдай жағдайын көтерген. Автор Шынаркүлдің аңырап тұрып боздап жылағанынан, бір сәт өкпесін білдіруінен көп нәрсені аңғартады. Ел басында отырған Белжан түйдей құрдасы Қайыпбектің орнына кіріп шықпаған, оның әкесі Мұқа шал да көңіл айтпаған. Кейіпкердің қазіргі өмірі тамаша, балалары совхоз директоры, астында жеңіл машина, бірақ осындай жақсы өмірде отырып адамгершілікті, адамға деген қазақы мейірбандылықты ұмытып кеткен. Осындай пендешілікті есіне салған –бірге өсіп, жастық шақтың қызығы мен сұрапыл соғыстың қиындығын басынан бірге кешкен құрбысы Шынаркүлдің басындағы жағдай. Ол Мұқаның алдына дәмін қойып, бәйек боп күтіп отырып, ішіндегі шерді тарқатады. Жазушы осы сәттерге мән берген. Мұқа шалдың ішкі жан дүниесіндегі сезімдер қақтығысын көрсеткен. Айқындаушы жағдай мен характер үйлесім тапқан.

70-жылдары «ауыл тақырыбының» өзекті болғаны туралы көп айтылса да, пікірдің әр түрлі екенін де байқаймыз. Қазақ прозасында ауыл тақырыбының өріс алып, кең қанат жайып дамуына көптеген себептер бар екені анық. Кеңес үкіметі тұсындағы ұжымдастыру кезеңінің трагедиясы, оның ұлт болмысына тигізген салқыны, Отан соғысынан кейінгі әр түрлі жалаң реформалардың салдарынан туған қарама-қайшылықтар ауыл тіршілігінен анық байқалған еді. Сондай-ақ ғылыми-техникалық ілгерілеу кеңінен құлаш ұрып, өзгеше қарқынмен шарықтаған тұста ауылдың байырғы тұрғындарының ішкі жан дүниесінде ғасырлар бойы қалыптасып қалған құндылықтар болды. Тиімсіз тұрмыстан «тез арада бойларын аулақ сала алмаған» өзгеше бір күйзеліс бар екенін де қаламгерлер тез танығаны мәлім.

Сонымен қатар, бұл жағдайға жазушылардың ерекше ынтызарлығын


С. Мұратбеков өзінің жүрек жарды сырын былайша түйіндеген: «Біздің ұрпақ кеңес дәуірінде тудық та, кеңес үкіметі қалыптастырған ауылда өстік. Тәрбиеміз де кеңестік саясаттың бағытында болды. Дүние жүзі мәдениетімен де сол саясаттың тұрғысынан танысып, сол саясат тұрғысынан бағаладық. Тоталитарлық жүйе елді діннен аластап, елді ана тілімізден айыру хаупі төнген кезде, тіліміздің негізі ауылда тұрғандықтан ұлттық қасиеттеріміздің ең жақсы дәстүрлері сақталды. Қазақ жазушыларының басым көпшілігі ауылда туатындығы да сондықтан. Демек, ұлттығымыздың ұйытқысы болған ауылға деген махаббатымыз да ерекше» [92].

Жазушының бұл пікірі оның өз шығармашылығының негізгі ұстанымына айналғанын байқауға болады. С. Мұратбеков ауыл өмірін бейнелегенде жағдай мен мінездер галереясына көп көңіл бөледі. Адами құндылықтарды қалыптастыруда ұлттың ұйытқысы ауыл тәрбиесінің орны ерекше екеніне маңыз бергені анық.

Жағдайға сай емес кейіпкерлердің ішінде «Күсен-Күсеке» әңгімесіндегі Күсен бейнесі – әлеуметтік болмысы жағынан өте күрделі бейне. Күсен – ой көзімен қараған адамға әрі комикалық, әрі сатиралық бейне емес, езу тартқыза отырып, еңсеңді көтеретін, күтпеген жерден ойландыратын образ. Ол үшін ақшадан жоғары, ақшаға сатып ала алмайтын асыл нәрселер бар. Күсен үшін адамға жақсылық жасаудан, оған қуаныш сыйлаудан артық еш нәрсе жоқ. Күсенді мазалайтын жағдай – ағыл-тегіл молшылықтың, барлық пен байлықтың кезінде көңілдің тарылуы, сезімнің жұтаң тартуы, шынайы сүйіспеншіліктің кемуі. «Қалай сонша көп үлестіріп қойдым екен», – деп көпке дейін таңдайын қағып, өкінумен болды. «Байқап-ақ ұстаған сияқты едім» ысырап кеткен ақшаға іші удай ашып жатыр. «Машина сатып алатын ақша еді-ау» – деп қояды [85, 370 б.]. Одан соң кейіпкер өзі сияқты шопандардың машина сатып алғандарын, орталықтан көп бөлмелі үй алғандарын есіне алады. Қызығып та, қызғанып та ойлайды. «Солар қалай жеткізеді екен?.. Әй, бірақ олар құсап тістей қатып жинағаны құрысын. Жә, аштан өліп, көштен қалмасаң болды да, одан артық не керек. Балалар жетсе, әлі бәрі болады», – деп жұбатады өзін» [85, 370 б.] деген жолдар осыған дәлел. Адалдықты, азаматтықты ешкім ақшаға сатып ала алмайтынын түсінеді.

Рухани құндылықтары арқылы өзгеден жоғары тұрған Күсенді көп адам түсіне алмайды. Түсінгілері келмейді емес, түсініктері жетпейді. Күсеннің бар мақсаты ұлттық адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстау. Материалдық игілік бірінші орынға шыққан заманда өмір сүріп отырған Күсеннің бұл ойы оның адамдық болмысын танытады. Адам байлық үшін ғана қызмет етіп, оның құлына айналған тұста Күсен сияқты адамдар арқылы жазушы әлеуметтік ойды басқа бағытқа бұруды көздеген.

С. Мұратбеков характер бейнелеуде контрастілікті жиі қолданған жағдайды дамытады. «Рас, колхоз басшылары, әлгі ферма меңгерушісі келіп кеткен сайын «Орден аласың» деп емексітіп кетеді, пендешілік-ай десеңізші, соған кәдімгідей желігіп қалады. Көңіл түкпірінде бұғып жатқан ойына от тастаған ферма меңгерушісінің сөзіне елігіп, әрі-сәрі күйге түсіп, сан алуан жан толқынысын бастан кешіреді. Соңғы күндері бір құштарлық пайда болды, омырауына жарқыраған орден таққысы келеді. Кейде түсіне де кіретін боп жүр, орден алып соны омырауына қалай қадарын білмей жатып оянады. Сондай түстерден кейін көңілі секемденіп қалады. Апыр-ай, сол орденді Біліспай қу қағар-ау осы дегенде, арқасы мұздап кетеді» [85, 363 б.]. Күсен бойындағы адами құндылықтарды осындай ойлардың бірі де жеңе алмайды. Жазушы өз кейіпкерінің рухани болмысын жан-жақты сыннан өткізген. «Ақша көрсе, періште жолдан таяр» деген мақал тегін айтылмаған. Ал Күсен қойны-қонышы толған ақша тауып отырса да, ешуақытта өз нысанасынан тайған емес. Оның айналасында ой-өрісі әр түрлі адамдар өмір сүріп жатыр. Әрқайсысы өзінше Күсенге әсер етеді. Оның да санасында кейде қайшылықты ойлар кездеседі. Бірақ әңгіме соңына дейін ол өзінің адамгершілік қасиетін сақтап қалады. Жазушы мүсіндеген Қаһарман өмір күрделілігін өз тұрғысынан түсіндіруге тырысқан суреткер мұратының көрінісі деп есептейміз. Сонымен қатар, Күсен тұлғасында халқымызға тән кеңпейілділік, мейірімділік, қонақжайлылық секілді ұлттық қасиеттер көрінеді. Әңгіме кейіпкерінің шебер өрілген болмысын ғалым-сыншы Қ. Алпысбаев былайша түйіндейді: «Күсен бейнесі Сайын Мұратбеков қаламынан туған жан айдыны мен сезім иірімінің терең тұлғасы. Шап-шағын әңгіменің бойында нар жүгіндей салмақ жатыр. Сағыздай созар құлық болса, кішігірім роман жасауға (жазуға емес-ау) болар еді. Бүгінгі интеллектуалдық серпін мен рухани жаңғырудың мағына ғана емес, көлемге де қатысын сезе білудің өзі таланттылық дер едік» [86, 63 б.].

Бүгінде тоқырау жылдары аталатын бұл кезеңде ел ішінде орын алған бюрократтық келеңсіздіктерді анықтайтын жағдайлар Д. Исабековтің «Талахан-186», «Ескерткіш», «Социализм зәулімі», Ә. Кекілбайдың «Есболай»,


Т. Нұрмағанбетовтің «Сушы» әңгімелерінде ерекше мінездер арқылы жүзеге асырылған.

Сыншы Ә. Бөпежанова Д. Исабеков шығармашылығына талдау жасай келіп: «Ал жазу творчествосынан сарын іздесек, шығыс поэмаларынан да, тіпті Толстойдың көпке мәлім «қорлық жасағанға зорлық жасама» принципінен де емес, кезінде бізде ағаш аттың басына ілінген, батыс философиясының, сондай-ақ әдебиетінің де қуатты ағымы экзистенциализмнен үндестіктерді зерделер едік» [94, 19 б.] деп бағалауы жалпы мәселелерге ғана қатысты сияқты.

Шындығында да, экзистенциалистер адамның «Шын» және «Жалған» жағдайда өмір сүруін бір-бірінен ажырата отырып, «Жалған» өмірге адамның күнделікті тіршілігін, ал «Шын» өмірге оның шындықтағы әлеуметтік қатынастардан тәуелсіз, адамның ішкі табиғатынан туатын ерікті іс-әрекеттерін жатқыза отырып, олар адам өзінің табиғаты бойынша бостандықтан ерікті түрде бас тартады, сөйтіп күнделікті тіршілігімен айналысуға бейім тұрады деген. Адам үшін еріксіздік жағдайында өмір сүру қолайлы болатын сәттер бар, ол адамның ішкі дүниесіне сәйкес келе бермейді. Ал халықтың бостандыққа талпынудан гөрі тағайындалған тәртіпке бой ұсынуы пайдалы болған кезеңді бастан өткергені белгілі.

Өзіміз білетін, сарқыншақтары психологиямызда әлі де жоғала қоймаған тоталитарлық қоғамда адамдар өздерінің мемлекетінің меншігі екеніне көнді, адамның жеке басының жағдайлары, мұқтаждықтары есепке алына бермеді. Егер ол өзінше іс істеуді қалайтын болса, ол өзімшілдік болып есептелетін. Айтқанға көне салу, айдағанға жүре салу, айтқанды ойланбастан қабылдай салу ортақ мінезге айналғанының қауіптілігін қазақ жазушылары да ерте сезді.

Қиын кезеңде ырқы жасыған адамдар үнемі сыртқы бір күштен сүйеніш іздеуге бейім. Ал сондай күштің бірі – көпшілік. Көптің бірі болуды қаласаң, қиын түйіндерді шешуден құтыласың. Сол сияқты басқа да көптеген сүйеніш болатын күштер бар. Солармен бірдей болу емес, жоқ болу кепіліндей. Бар болу – соншалықты ауыр, ал жоқ болу адамды жауапкершіліктің жүгінен босатады. Көп адамдар жоқ болуға құмар. Байқалмайтын, көзге іліге бермейтін, ешнәрсеге қарсы келмейтін үнсіздердің қоғамы жайлаған жағдайлар
Д. Исабеков әңгімелерінде ел ішіндегі бюрократтық келеңсіздіктер, белсенділердің екіжүзділігі, әлеуметтік әділетсіздік, қоғамдағы рухани дағдарыстар арқылы жан-жақты көрінген еді. Д. Исабековтің «Талахан-186» әңгімесіндегі үш түп помидор – шартты түрде алынған бейне. Осы үш түп помидордың сортын анықтау үшін қызу дау туады. Кейіпкерлер арасындағы талас гротеск жағдай арқылы өрбиді. Автор өзі өмір сүріп отырған орта шындығын шегіне жеткізе сынағанын байқаймыз. Әсіресе мінезіндегі жалқаулық, бойкүйездікті көрсету арқылы көп нәрсенің ұшығын сездіргендей «Егер еріншектіктен дүниежүзілік жарыс өткізілетін болса және оған ерінбей қазақтар да қатыса қалса, халықаралық қазылар алқасы бас жүлдені ойланбастан қазақтарға беретініне өз басым бәс тіге аламын» [90, 144 б.] деген үзінді осының айғағы.

Автор қазақтың ежелден бері қанына сіңген біраз мінездерін, жағдайларды тізбектей өтеді. Әңгімеде үш түп помидордың төңірегінде өрбіген дау оны алғаш көрген жұрттың жиналуынан басталады. Үш түп помидор өскен ауыл сыртындағы апан болашақ оқиға өтетін жер. Жазушы бұл жерді тіптен текке таңдамаған. Образдардың өзіндік бет-бейнесін, мінез-құлқын, өмір сүру, тіршілік ету салтын ашып көрсету ашық алаңда өту қажет. Себебі, бей-берекет, әркім өзімен-өзі, қаннен-қаперсіз, тек өзінің жеке басының тыныштығын ойлап күн кешіп жатқан адамдардың басын бір жерге қосып, апанға ой айтқызу жазушының басты мақсаты.

Автор үйреншікті дағдыдағы жиналыс өткізуге құмарлықты, көпсөзділікке қарсы өз пікірін білдіруді оқыс жағдай негізінде ұйымдастырған. Үш түп помидордың өсіп тұрғанын алғаш байқаған, қазір аздап молдалықпен айналыса бастаған бұрынғы парторг Ештен еді. Ештеннің бұрынғы қызметі және бүгінгі «молдалығын» қатар айтқан жазушы бұл екеуінің арасы жер мен көктей екендігін көрсетеді. Парторг пен молда кеңес үкіметі тұсында мақсат-мүдделері бір-біріне кереғар адамдар болған. Ал әңгімеде қазіргі Ештеннің басында бұл екеуінің қатар өмір сүріп жатқанын байқауға болады. Жұмыстың нағыз қызған шағында бәрінің бос сандалып үйінде жүргені көп мәселенің басын ашады.

Әңгімеде «Ол бүгін үйде, себебі, көрші колхоздағы жолдасы отын түсіріп алайын деген соң, алдыңғы күні тракторын соған беріп жіберген», «Өзінің орнына бюллетенде жүрген күйеуін жібергендіктен ол да бүгін үйде демалып жатқан-ды», «Қазіргі еріккен жұрт сөз қылмас үшін ол түнде комбайн паркінің орнындағы ашық алаңға барып бір-екі рет мылтық атып қойып жүрген», «Мұғалім Әбдеш балалардың ортасына футбол добын тастады да, «екі сағат осылай ойнай беріңдер» деп жас әйелдің жанына жетуге асыққан» деген суреттемелерден-ақ әр түрлі ақпараттық мағынасы бар жағдайларды анықтап алып, енді мінездерді сараптауға кіріседі. Бірін-бірі алдаған жұрт, оларды алдаған жоғары жақ сияқты өзін-өзі, өзімен қоса өзгені шырмаған қоғамдық жүйедегі келеңсіз құбылыстар осылайша әңгіменің оқиға желісін ширықтыра түседі. Жазушы жағдайдың терең мәнін ашу үшін диалогты шебер қолданған.

Диалог – дауда ой қайшылығы, әр түрлі көзқарастар қақтығысы, пікірлердің кереғарлығы кейіпкерлердің ұстанған өмірлік позициясына қарай өріс алып, ілгері дамиды. Жалпы диалогтың көркемдік тәсілі ретіндегі өзіндік маңызы туралы профессор Б. Майтанов былай дейді: «Терең психологизм дәлдігі, сенімділігі үшін монолог қандай роль атқарса, диалогтың да идеялық-көркемдік функциясы сондай үлкен. Адамның мінез қырларын, белгілі бір сәттердегі сезім-күйлерін тапқыр, әрі ұтымды қысқа да, мағыналы бейнелеуде диалог ерекше тәсіл» [95, 103 б.] Зерттеуші мінез бен сәттің байланысу түрлеріне тоқталып, бұл екі ұғымның дихотомиялық қарым-қатынасына назар аударған.

Әңгімеде қызанақ сортын анықтау үстіндегі дауда үндемей қалған кейіпкер жоқ. Олардың ой айтуы, бір-біріне деген көзқарасы тек әрқайсысының қызметіне, дәрежесіне байланысты. Бұлардың ішінде соңғы сөз Иппатшанікі болуы қажет. Себебі, ол – звеновод, жұртқа жалақыны сол жазады. «Сатқындар, осыларға ғой мен табель толтырмасам баяғыда аштан өлер еді. Баяғыда! Жақсылықты білмейтін оңбағандар өңшең. «Көпшілік, көпшілік» деп әбден есіртіп жіберді осыларды. Бұлардың қай жері көпшілік? Анау тұрған қалқан құлақ па, әлде төртінші класта үш жыл отырған миғұла мына мақұлық па, әлде түсте қарны тойса, кешкі асын ойламайтын анау шеттегі кеще ме? Бұларды бір жерге жиналғандықтан көпшілік деп атай беруге бола ма екен?» [90, 148 б.] деген Иппатшаның ызалы мінезі жағдайды басқаша бағалайды.

Көпшіліктің тағдыры өз қолында тұрғандай сезінеді. Тіпті звеноводтың қызанақтың сорты қандалалық деген таяз пікірі оның лауазымына қарай оң қабылдана бастайды. Бірақ Жаппарханның ондай ел атын естімедік дегені жағдайға басқа сипат беріп жібереді. Осы сәтте жазушы ел ішінде лауазымын пайдаланып ойына келгенін істегісі келетін кейбір шолақ белсенділердің бейнесін Иппатша арқылы бір танытып өтеді. Білімінің таяздығы көрініп қалған сәтте звеновод мұғалім жігіттің жеке басына тиісе бастайды. Тіпті оның жалақысын өсіруге өзінің септігі тигенін де баса айтады. Дегенмен, «бәрібір менің жалақыммен Канаданың арасында ешқандай байланыс жоқ... Болуы да мүмкін емес, – мұғалім қояншық ұстағандай селкілдеп кетті» [90, 148 б.] және «Иә, Канада, Канада, қандала деген ел жоқ. Нағашы ағаңыз түгіл оған әкеңіз де бара алмайды. Тіпті сіз де бара алмайсыз, өйткені ондай ел жоқ. Амал қанша өмір заңы солай құрылған. – Жоқ нәрсеге бара алмайсыз ешқашан?» [90, 149 б.] деген үзінділердегі мұғалім жігіттің ойы арқылы автор жағдай арқылы мінездерді басқа қырларынан ашады.

Оның аузына түскен қандалалық деген ел оның тар шеңбердегі өз «мекені». Осындай «мекеннен» оның «тұрғындары» таралып кетпеуі қажет. Мұғалім жігіттің ызаға булыға түсуі ел ішінде әбден тамырын тереңге жайған бюрократизмге қарсы көрсетілген шарасыз іс сияқты. Әңгіме кейіпкерлерінің әр түрлі әлеуметтік топ өкілдері болып келуінің де өзіндік маңызы бар.

Жазушының «Ескерткіш» әңгімесінде мінездерді адами құндылықтар тұрғысынан анықтау арқылы қоғамда орын алып отырған келеңсіз, кесір құбылыстары суреттелген. Бұл келеңсіздіктің ең бастысы «ел үшін еңбек етіп жүргендердің» бірін-бірі алдап, халық еңбегі арқасында күн көріп, атақтары өскендеріне мәз болып жүру жағдайы. Әрқайсысы өзінің жылы да жұмсақ қызмет орындарын сақтағысы келіп, бірінің алдында бірі өтірік ақпаратты қардай боратады.

Төменнен жоғарыға, жоғарыдан төменге судай аққан жалған ақпараттар қоғамда құйтырқы жағдайлар тудырады. Орнатылмаған ескерткішті көрсетеміз деп әуре-сарсаңға түскен аудан басшысы Жанайдаров бейнесі аянышты. Тұла бойы тұнып тұрған көлгірсу, жағыну, бір күндігін ғана ойлаған тоғышар, тереңнен ойлай алмайтын тар дүниетаным иесі. Елдің көсегесін көгертетін осылар деп үлкен сенім артып отырған «тірі ескерткіштер» бейнесі бірінен соң бірі алдымыздан шығады. Әңгімеде тері илеушінің ескерткішін шет елдік қонақтардың келіп көруі қоғамда орын алып отырған келеңсіз, оспадар іс-әрекеттердің шет ел азаматтарының көзқарасы арқылы пайымдалып, сараланған. Ескерткішті көркем өнер туындысы деп бағалаған шетелдіктер санасы мен ескерткішті жоғары жақтың алдында өздерін бір көрсетіп тастау үшін пайдаланып қалғысы келіп жүрген басшылар санасы мүлдем қарама-қарсы, қабыспайды.

Тоқырау жылдарындағы қоғамдық жүйенің ерекшелігінің бірі халық үшін партия бәрін өзі шешіп қоятын еді. Әңгімеде Әштеннің сыртынан оны ескерткіш етіп қоймақ болған жағдайда түрлі мінездер айқындалады. Оның өзіндік ой-пікірі, көзқарасы сөз етілмейді. Тек оның сыртынан бәрін шешкен болымсыз сәттерге сарп етіп отырған аудан басшыларының ойы көп айтылады. «Әштенді тұғырға қою керек пе, керек емес пе? Қоя қалған күнде шетелдік тері илеу шеберлерінің алдында ол жөтеліп, немесе түшкіріп қалып жүрсе, одан арғы күніміз не болмақ? деген сияқты толып жатқан сауалдарға тұс-тұстан әр түрлі жауаптар айтылған соң, аудан басшысы да ойланып қалды. Ақыры бұл мәселе дауысқа салынды. Сөйтіп бюроның шешімі бойынша Әштен бір сағат тұғырға өзі кеп тұратын болды» [90, 364 б.] деген шешімнен осыны аңғаруға болады. Бұдан шығатын қорытынды осындай сатиралық жағдайда қарапайым адам кеңес жүйесі үшін тірі ойыншық тәрізді екен. Тіпті олар тірі адамдарды бір сәт ескерткішке де айналдырып жібереді.

Диалог пен юмор элементтерін әдемі ұштастырып, шығарма сюжетін сәтті құрып, ұтымды шешім табатын қаламгер жағдай мен мінездің арасындағы байланысқа ерекше мән берген, бұл шығармада анықтаушы, бағыттаушы типтер қолданылған.

Аталмыш кезеңдегі прозалық шығармалардан осындай ұраншыл адамдардың іс-әрекеттеріне, жергілікті басшылардың көрсоқырлығына қарсы шығатын көбінесе ақсақалдар екенін байқаймыз. Жоғарыда сөз етілген әңгімеде Мелдеш қарт көп көрінбесе де, ара тұра белең алып отырған келеңсіздікке ашық қарсылық білдіреді. Ал Ә. Кекілбайдың «Есболай» әңгімесінде Есболай қарт бар іс-әрекетімен бұндай жағдайларға қарсы тұрады. Әңгіме оқиғасы Есболай ақсақал кемпірімен арасындағы диалогқа, кейде кейіпкердің сана ағымына негізделген. Қазақ халқының санасындағы ақсақалдар рөлін көтере отырып, жазушы жағдайды қалыптастырушы фактор еткен.

Қария айналасында, көз алдында болып жатқан әділетсіздікті көріп, оған қарсы тұрғысы келеді. Ащы шындықты бетке айтады. Сондықтан оның істеген іс-әрекеттері үнсіз көпшілік үшін тәртіпсіздік болып саналады. Сыртқа айтып түсіндіре алмаған пікірін ол үйіне келіп кемпіріне айтады. Әсіресе қарттың: «Бұл қалай» дегенін теріс, ал «ләббай» дегенді дұрыс көретін көпшілік жағдайдың мәнін түсінер емес. Шындықты айтса қудаланып, ал оған көз жұма қараса қолпаштау көретін жағдайдың тіршіліктің заңына айналып бара жатқанын қарт сезініп түсінген, бірақ бәрібір қорғалақтап отырған жоқ. Әңгіменің өн бойында күнделікті тіршілікте кездесіп отырған келеңсіздікті жіпке тізгендей етіп айтып береді.

Әңгімедегі Дүйімбай бейнесі арқылы жазушы ақшаға құныққан, қолындағы қызметін тек тамыр-таныстың, туыс-жұрағаттың мүддесін ғана қорғауға айналдырып жіберген обыр-жебірді көрсеткен. «Елдің сілесіне қалған кісі құрып кететін болса, алдымен мына Дүйімбай құрысын, артынан біз екеуміз де көресіні көре жатармыз» [96, 260 б.] деген ақсақалдың ойы осыған дәлел. Жиынбай бейнесі де әңгімеде атына мазмұны сай әділетсіздіктің жиынтығы іспеттес. Айналасында болып жатқан, ел ішінде орын алған сорақы қылықтарға көзін жұмып қарайды. «Әуелі ыңыранып отырып дүкендегі кешегі оқиғаны айтты. Көпшілік орнында тәртіп бұзады, қызмет бабындағы адамға тіл тигізеді деді. Не үшін тіл тигізіпті, не деп тіл тигізіпті, оны айтпады» [96,
262 б.] деген тұста осыны байқаймыз. Есболайды шындықты айтқаны үшін «заңға қарсы келдің» деп жазаламақ. Сондықтан да олар бұл жағдайдың мәнін өзгертіп, тәртіпсіздік деп өздерін өздері алдап күн кешуде.

Бұл диалог-монологтегі басты нысана – қоғам туғызған психологиялық-әлеуметтік құбылыстарды сынау, тығырыққа, тұйыққа тірелген кейіпкердің одан шығатын жол іздеп, аласұруы. Жалпы мұнда жарқын үміттен гөрі көлеңкелі күдік басым. Әрине, ол үшін кейіпкерді емес, әділетсіздікке, адам еңбегін қанауға даңғыл жол ашқан қоғамдық құрылысты кінәлау керек. Әңгімедегі кейіпкер сөзі замана мен уақыт тынысынан мол мағлұмат береді. Тоқырау жылдар саясаты кей тұста адам өміріне азаптан басқа ешнәрсе алып келмегендігін ашық, айыптай суреттей отырып, қаламгер біраз шындықтың бетін ашады. Қоғам тіршілігі барлық көрінісімен адамдар арасындағы қарым-қатынас арқылы солардың өмір-тағдыры арнасында ашылады. Жағдайдың характерді, ал характердің жағдайды жаңа сипаттарға бағыттауы байқалып тұр.

Осындай байланыс түрі Т. Нұрмағамбетовтің «Сушы» әңгімесінде байқалады. Қолындағы аздаған билігін Жаманқұл сушы кімнің пайдасына жаратарын білмей қалды. Халық мүддесіне жұмсауға оның ой-өрісі жетпейді, сондықтан тек өзі үшін ғана қызмет қылады.

Осынау заман болмысын сан-салалы күрделі жағдайларды танытудағы


О. Бөкеев прозасының орны бұған дейін де айтылған, әлі де айтыла бермек. Атап айтсақ, сыншылар Т. Тоқбергеновтің «Қос қағыс», М. Серғалиевтің «Шағын жанр, үлкен талап», С. Қирабаевтың «О. Бөкеев повестері туралы» атты мақалаларында Қ. Жанұзақованың «Оралхан Бөкеев прозасындағы романтизм», Ж. Айтмұхамбетованың «Оралхан Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі» атты кандидаттық диссертацияларында жазушы шығармашылығы арнайы әңгіме болған еді. Сыншы Т. Тоқбергенов «...Жас жазушының сөз саптауы, ой тастауы бөлек. Өзгеге көп ұқсай бермейді. Өздігімен, өзгеше болып көрінгісі келеді екен. Даттарлығынан да мақтарлығы басым. Қазірдің өзінде өзін сыншы «санайтындардың көбін елеңдетіп отырған жайы бар» [97, 205 б.] десе, М. Серғалиев «...Оралханның алғашқы әңгімесіне тосырқай қараушылар да болған. Сөз саптауы да әдеттегіден бөлек, таңдаған материалы бар, бір қарағанда, ұсақтау көріне беретін. Ең әділ төреші – уақыттың сынына түскеннен кейін Бөкеев стилінің қалыптасқанына көзіміз жетті. Әлбетте, творчестводағы даралық дегеніміздің өзі ешкімге ұқсамау емес пе? Қазір біз алғашқы сөйлемдерін оқи бастағанда, О. Бөкеевтің шығармасы екенін тани аламыз десек қателеспес едік» [98, 156 б.] десе, «...әр адам елінің есінен шыққанша ғұмыр кешетіні анық болса, Оралхан атының қазақ тарихында қалары бір Аллаға аян» [99, 196 б.] деген пікір – Оралханның қазақ прозасына өзіндік үнімен ерекше жағдайлар мен ерекше мінездерді алып келгендігінің дәлелі.

Оралхан – әдебиетімізге әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды ала келген, өзіндік бейнелермен оқырман санасына із қалдыра алған, күрделі характерлері сомдаған дара қаламгер. Қазақ әдебиеті көшіне алпысыншы жылдары ілескен жазушы Оралханның барлық шығармаларында дерлік заман, ондағы келеңсіз өзгерістер, қоғам сипаты, адамзат атаулының бұлдыр болашағы жайлы небір қомақты ойлар айтылды. Оның әр шығармасының жүрегі, жаны, «мен мұндалап» тұрған табиғаты бар десек қателеспеген болар едік. Жазушы сомдаған әр кейіпкер – өзінше бір жұмбақ әлем. Тек осы әлем қойнауына еніп, оның қыр-сырына қану үшін тынымсыз ізденіс қажет-ақ. Осы арада мән берерлік жай – жазушы дүниетанымы, көзқарасы, өзіндік идеялар шоғыры ол өмір сүрген кезеңдегі елдің саяси-әлеуметтік жағдайларымен тығыз байланысып, астасып жатқандығы.

Оралхан шығармаларындағы жұмбақ жағдайлардың, шарттылықтың, меңзеудің, астарлы философиялық ойлардың жиі берілуі, адам ішкі әлеміне еркін баруы оның шығармаларының қатардағы оқырман қабылдауы үшін қиынға түсетіндігі жасырын емес. О. Бөкей прозасын интеллектуалдық проза деп тануға негіз бар.

Уақыт толғағы біреу болғанымен, О. Бөкейдің шығармашылық әлемі мүлде оқшау құбылыс болғанын мойындау керек. Жазушы шығармаларындағы өмірлік жағдайлардың қат-қабат астарлары соған сәйкес характерлерді, яғни мінезі, ойы, табиғатының толысып, дамуы жазушының өмір мен тұрмыс-тіршілік арасындағы ішкі жан әлеміндегі қарама-қайшылықтарды тереңірек қарастырумен айқындалады. Адам мен адам, адам мен қоғам, адам мен саясат, адам мен болмыс, адам мен табиғат, тіпті адамның өзінің жеке басында кездесетін қарама-қайшылықтарға толы жағдайлардан оқырманды да тысқары қалдырмайды. Әр қақтығыс, шиеленістің астарында автордың өз көңіл-күйі, сүйініші, өз көзқарасы да жатқанына қаламгердің өз сөзі дәлел: «Менің шығармаларымның қай жері біреуге артық-ауыс көрінсе, дәл сол жерде «Мен бармын» [100, 75 б.].

Суреткер өз шығармаларында халқымыздың басынан өткен тауқыметтерді, қасіреттерді, келеңсіз құбылыстарды негізгі жағдайға айналдырып, характер арқылы сол кеңес дәуірі тұсында есебін тауып, орайын келтіріп айта білді. Қаламгер қоғамға деген ішкі наразылығын кейде ашық, кейде астарлы оймен, көркем символикалық бейнелеулермен жеткізеді. Жазушы шығармаларынан адам жанындағы жұмбақ жағдайларды байқаймыз. Мұны жазушының өзінің табиғатымен де байланыстыруға болады. Д. Әшімханов естелігіндегі мына бір пікірге назар аударалық: «Оралхан адамның өзін-өзі жұмбақтап ұстау қасиетін ерекше бағалайтын. Оның пікірінше, өмірдің, дүниенің, сан түрлі құбылыстың бүкіл қызығы – жұмбақтылығында. Сол жұмбақты шешсем; құпияны ашсам деген құмарлықпен күн кешу тіршілігіміздің бір мәні болса, адамның жан-дүниесі де сондай жұмбақты болуы тиіс» [101]. Біздіңше, жұмбақ мінез, жұмбаққа толы жағдайлар байланысы қаламгер туындыларына сан-алуан мағыналық қабаттар дарытып тұр.

Оны қаламгер ретінде урбанизация мен экологиялық мәселелер, ғылыми-техникалық дамудың әлеуметтік нәтижелері мен адамның қоғамнан безінуі, өзін қоғамның басы артық мүшесі сезінуі сынды күрделі әлеуметтік-рухани жағдайлар толғандырды. Бүгінде бүкіл әлемді толғандырып отырған экологиялық апаттың адамның рухани дүниесінің эрозиясына қатысы барын қоғамдық санаға жеткізуде қадам жасаған Оралхан прозасы еді. Осыған орай заман ағымымен қазақ даласына келіп жеткен өркениеттің табиғаттың ішкі гармониясының заңдылықтарына қарама-қайшы келіп жатқандығын түйсінген жазушы бұл жағдайға да ерекше мән берді.

Жазушының «Атау-кере» шығармасы – өзінің жұмбақ астарымен, көтерген мәселелерімен ХХ ғасыр аяғындағы қазақ әдебиетінде елеулі құбылыс болып табылатын туынды.

«Атау-кере» туындысында жазушы қоғам өмірінде болып жатқан өзгерістерге терең бойлай отырып, қоғамдық ортадағы қарым-қатынастар жағдайын терең көрсете білген. Сондықтан да бұл шығарманы көп қабатты, көп деңгейлі туынды деп айтуға әбден болады. Мұндағы жағдайдың негізгі


көрінісі – шығарма кейіпкерлерінің сан алуан өмір, заман, қоғам заңдылықтарына терең бойлап, біте қайнасып жатуында. Дегенмен, повесте реалистік сипаттағы жағдайлармен бірге романтикалық сәттер бар.

О. Бөкеевтің «Атау-кересіндегі» күрделі әрі ерекше бейне – Ерік. Шығарманың алғашқы атауы «Қауіпті будан» болатын, біздің ойымызша, бұл атау Ерікке қатысты алынған. Шығармадағы жағдайлардың біразы осы бейнемен байланысты. Жазушы оның бойында екі ұлттың қаны мен болмысын біріктіргені тегін емес сияқты, ең алдымен мұндай жағдай Еріктің өзін ішкі рухани танымдық тартысқа түсіргені шығарма соңында айқындала бастайды.

Бір қарағанда байлық пен мансап қуып, «өз мақсатының құлына айналған» деп тануға болатын Ерікті сезім дегеннен жұрдай характер етіп көрсету әбестік болар еді. Оған Қатын суының арғы бетіндегі ақ боз ат мінген қызыл орамалды сұлуды көргендегі кейіпкер толғаныстары бірден-бір дәлел: «...Есек-дәмемен жүрген жігіттің ел ағасы жасқа жеткенде қиырдағы қиялдай қызға қызығуы біздір үшін көрсеқызарлық болып көрінер еді. Ал, Ерік үшін өмірінің ең аяулы сәті, жүрегін дірілдетер асылы, арман құсы, дүниедегі жалғыз ғана көз қуанышы, шаршаған, шаршап барып болдырған жүйкесін жібітер, бойын сергітіп, ойын маздатар тамыздығы, от болып кеткен тірлігінен адамға айналдырар құдіреті» [102, 88 б.]. Мұндай автор сөзінен кейін Ерік бойын торлаған ұлы сезім оқырман сезімімен астасып кеткендей болады. Әйтсе де, «...вертолетпен Бекзатты алдырамын. Маған бәрібір, қатын болса, болды» деген Ерік сөзі тағы да бар. Адамзат атаулыдан безініп, дүрбелең дүниеден түңіліп, адам баласы жетуінің өзі қиямет-қайымға соғатын жерге келіп отырып, тау бөктерінен көрінген бейтаныс қызға ұмтылғаны несі?.. Әлде жазушы адамзат қоғамында адам баласының жоғалыңқырап бара жатқан пәк сезімдерін оятатын бір күш бар екендігі, бірақ соның өзі тым алыстап бара жатқандығы жайлы ой қозғағысы келе ме? Екеуін буырқана, долдана ағып жатқан асау өзен суы бөліп тұр. Осы арада жазушының сезім ұлылығы жайлы идеясы көрініс таппай ма? «...Арғы жағалау айнадағыдай көрінеді. Амал не өткел бермейді» Бұл секілді автор ойы адам мен мөлдір сезім арасындағы сезім талқысына түскен адамның жан дүниесіндегі қарама-қайшылықтарға келіп тіреледі. Ерік ұлы дағдарыста. Ақыр аяғында ешкімге қажетсіз болып қалған көл-көсір байлыққа ұмтылып, өз құлқынының құлына айналып кету жағдайын айқындаудың бір ұшы «Қауіпті будан» деген шығарма атауында тұрғандай.

Оның бойында екі психологиялық жағдай бар. Қазақы тәрбиеден құр қалған Ерік қан мен жан байланысының тоғысу жағдайының адам мен обьективті әлем үндестігінен туатын тұтастықтан тыс қалған мінездің көрінісі. Жағдайдан тыс қалуға ұмтылатын характер.

Дәл осы жерде О. Бөкеев өз оқырманын тағы да терең ойға жетелейді. Жазушы шығармаларының көпшілігі туған ел тағдыры, қиюы қашқан тірлік, жапанда жалғызсырап қалған қазақ ауылы, ондағы өмір, адамдардың хал-ахуалы тақырыбына жазылғандығы көптен сөз етіліп жүр. С. Шаймерденовтің «Ит ашуы», М. Мағауиннің «Тазысы», Ә. Кекілбаевтың «Бәйгеторысы»,
О. Бөкеевтің «Бурасы», С. Санбаевтың «Аруанасы» анималистік жағдайлардан тұрады деп қарау сол шығармалардың мән-мағынасына жете түсінбеу болатын шығар. Олар негізгі жағдайы көркемдік шарттылыққа негізделген терең ойлы, реалистік-символикалық образдар арқылы өмір туралы толғаныс-ойларын батыл айта білген шығармалар. «Бұл образдардың жасалу дәрежесі жазушылардың интеллектуалдық ізденіс ой-өрісін, философиялық дүниетанымын да танытады» [103, 187 б.] деген сыншы Ж. Дәдебаевтың пікірінің жаны бар.

О. Бөкейдің «Бура», К. Сегізбаевтың «Бала бура» әңгімелерінде Бураның трагедиялық жағдайы суреттелген. Әрине екі әңгімеге де арқау болған жағдай тек қана бураның басындағы аянышты күй емес. О. Бөкей өз әңгімесінде Бураның өлімі арқылы табиғаттың ішкі заңдылығына, өркениеттің қайшы келетін тұстары болатынын және оның арты басқа жағдайларға өз салқынын тигізетінін ескертеді. Ал К. Сегізбаев Бала бураны өлім аузынан алып қала отырып, басқа жағдайды суреттеген. Екі әңгімеде бураның ауыл сыртында жападан-жалғыз қаңғып жүрген кезін суреттеуден басталады. О. Бөкей әңгіменің басында Бураның адам баласына деген сезімін екі сипатта көрсетеді. Ол туған ауылын жанындай жақсы көреді, оның ойынша бұл жаннатты жер, солай бола тұрса да ол туған ауылына жоламайды. Әрине, жеккөрініштік сезім жоқ, бірақ түңілген, көңілі қалған. Бураны адамдар жанына жақын қимастарынан айырды. Осыншама қиянат ететіндей бура «не жазды адамдарға». Бураның бойында кейбір адамдарда жоқ ауылға деген сағыныш сақталған. Себебі жануар да адам сияқты табиғаттың төл баласы. Адам туған жерін қалай сағынса, жануар да солай сағынатыны сөзсіз. Бұл табиғи сезім. Оған еш нәрсе қарсы тұра алмайды. Бура адамзат баласының істеп отырған іс-әрекетінен көңілі қалып, өзіне пана болар деген ниетпен Алтай тауына асып кеткен. Оқырман табиғат-ана өзінің төл балалары адамдар мен жануарлардың бір-біріне істеп отырған қиянатын байқап, қорлық көріп жүргенін бауырына тартып отырғандай ойға келеді. Сондай-ақ автор қазақ даласындағы өркениетке ұлттың тыныс-тіршілігіне ғана емес, болмыс-бітіміне, ұлттық мінез-құлқына танытатын теріс әсер ететінін көрсеткісі келген.

Бураның ескі сүрлеуді кездестіріп, оның сол жолмен ұзақ жүруі «ұзақ иіскеп боздауы» өз бояуын жоймаған салқар даланы, сол далада қалған аталардың рухани еркіндігін, жан сұлулығын аңсаған автор ойына ден қоясыз. Бура мен адамның немесе заман әкелген өркениет пен халық санасындағы ұлттық танымның кейбір сәттерде бір-біріне кері әсер етуі, жарасып кете алмауы қоғамдағы жағдайдың хабаршысы іспеттес. Адам баласы өз қолымен жасаған, дамытқан өркениеттің оның ұлттық болмысын құртуы мүмкін екендігі басы ашық жағдай құрбаны болып кетуі мүмкін. Себебі өркениет әкелген ғылыми-техникалық жаңалықтар адам санасына, мінез-құлқына әсер етіп жатыр. Соның бір дәлелі адам өзінің ұлттық ерекшелігін танытатын мінез-құлқынан, тыныс-тіршілігінен күннен-күнге жатсынуы еді.

Әңгімеде бураның тағдырына қатты күйзелетін адам жалғыз Әбіш қана. Сондықтан да бура сияқты өзі де жалғыздық күй кешуде. Адам мен табиғат арасындағы қайшылық бураның ауылға бармай, поезға соғылып өзін-өзі мерт етуімен шиеленісе түседі. Пойызға қарсы ұмтылған Бура әрекеті дала мен табиғаттың замананың асығыс ағысына деген қарсылығы іспеттес. Сол темір жолдың салынуына ең көп тер төккен түйелер ұрпағының, алпауыт зор күштің құрбанына айналғанының себебі тереңде, бұл шешім арқылы автор адамдардың қазіргі жағдайға деген көзқарасын білдіріп тұрғандай.

Бура мұңы арқылы жазушы халықтың өткеніне деген қимас сезімін көрсетіп отыр. Ентелеп келіп, төрден орын алған жаңалыққа толы жаңа тұрмыстың пайдасы мен зиянын бірдей сезінген халықтың ішкі жан күйзелісі бура тағдыры арқылы өріліп отыр. Бала бура ескі мен жаңаның түйісетін өткелінде тұрған ұлттық танымның белгісі.

О. Бөкейдің «Бура» әңгімесіндегі Әбіш сияқты Мәлік ақсақал да бураның жалғыз жоқтаушысы. Қолынан келгенше ол оны ұрпақ үшін сақтамақ, қорғамақ. Жазушы әңгімеде қаланың жайлы тұрмысын киелі қара шаңырақтан биік қоятын өткенді жатсынатын ұрпақ өсіп келе жатқанын бір танытса, керісінше туған топырағын, кең даласын бағалайтын аға буынның азайып бара жатқанын байқатады. Аталмыш кезең прозасында жазушылар күн өткен сайын көмескіленіп, тарихқа айналып бара жатқан ұлттың өзіндік бет-бейнесін танытатын ерекшеліктерін, соның негізінде көрінетін ұлттық рухты сақтап қалуды өзінің идеялық нысанасы еткен көптеген туындылар тудырды. Әрине олар қоғамдағы өзгерістер мен әр түрлі саясатқа үнсіз іштей қарсылық білдіретін, наразылық көрсететін образдардан басқа да бейнелер сомдады. Ұлттың ұлылығын, қайсарлығын танытатын характерге деген қызығушылық күшейді. Жағдай мен мінездің айқындаушы сипаты басым болды.

Қарымды қаламгер Ғ. Мүсіреповтің 60-жылдары жарық көрген «Қыран жыры», «Өмір жорығы» әңгімелеріндегі шартты бейнелер қыран мен балық, одан кейін жазылған О. Бөкейдің «Кербұғы» әңгімесіндегі Кербұғы бейнелерінің астарында ұлт келбетінің кешегісі мен бүгінгі жағдайын талдау талпынысы жатыр. «Өмір жорығы» мен «Қыран жыры» символдық жағдай мен характерлерге толы. Өмір, тіршілік, тағдыр туралы жазылған бұл әңгімелер қаламгердің қоғамдағы қалыптасқан жағдайларды көркемдік тұрғыдан тануының, ой-тұжырымдарының түйіні секілді.

Аталмыш әңгімелер туралы мына пікір назар аударарлық:


«Ғ. Мүсіреповтің бұл екі туындысы қазақ әңгімесіне жетпей тұрған көркемдік бояуларды жинақтаудың тәжірибесі, ойды символикамен жеткізу әдісін батыл игерудің жемісі іспетті. Автор ойын жарыққа шығарудың тәсілі ретінде символиканы қолдануы әбден заңды. Жазушының осы қос әңгімесіндегі көзге түсетін, көңілге ұялайтын айрықша жәйттер – символикалық пен философиялық сипаттардың берік жымдасып, табиғи кіріге түсуі. «Қыран жыры» мен «Өмір жорығындағы» өзгешеліктің бір ұшығы да осында» [103,
211 б.].

Ғ. Мүсіреповтің «Өмір жорығы» әңгімесіндегі негізгі жағдай – ұрпақ жалғастығы үшін үлкен күреске толы өмір жорығы. Көкқасқа бейнесі, оның өзіндік бітім-болмысы, мінез-дағдысы арқылы мәңгілік табиғи заңдылыққа бағынатын күрескер рухты берген. Қазақ халқы қанша қиын зобалаң-зұлмат кезеңдерді басынан кешірді. Заман ағымын алыстан болжаған халық перзенттері оның тығырықтан шығу жолын әркез өз әлінше іздестіре білген. Қандай сұрапыл жолды жүріп өтсе де, ұлт болашағынан үміт үзіп, өткеніне лағынет айтқан жоқ. Сол ұлы көштің басында болған, ұлт қамы үшін жанын шүберекке түйген ер-азаматтар ұлттық рухтың белгісіндей болып, бүгінгі ұрпақ жадында. Ендеше, жазушы өзінің сомдаған бейнесі арқылы ұлт жолын көрсеткен. «Ол бүгін жарқыраған ағынға, қажымас-талмас екпінге айналған» [104, 259 б.] деп суреттейді жазушы ата балықты.

Ағын, екпін жел мен суға қатысты ұғымдардың мәні бар. Бұлар – табиғат құбылыстары. Жазушы ұлт бойынан осындай ешкімге тәуелсіз табиғи еркіндікті көргісі келетіндей.

Теңіз асты – адам қоғамы сияқты құпия әлем. Оның ішкі тіршілігін кез келген адам толық түсініп, анық көріп, түйсіне алмас, өз тіршілігі, өз заңы бар. Ендеше қазақ елі, оның әдет-ғұрпы, салт-санасы, өзіндік бітім-болмысы өзінің ұлты үшін асыл қазына, ана сүтімен бойға дарыған киелі қасиеті бар. Жазушы осындай астарлы ойды беру үшін де оқиға орнын, яғни жағдайдың кеңістігін орынды таба білген. Тереңнен қорықпайтын батыр ұлдар әрқашан да биіктікті де аңсайды. Биіктік қыран әлемі. Ендеше, ол қырандай асқақ, өр. «Биік аспанда еркін шарықтайтын қыранға ұқсап, бұл да бір ұлы жүйіткуге көшкен. Жүйіткіп жүр» [104, 260 б.] деген жазушы жолдар биіктік пен тереңдікке ұмтылыс ұлт рухын жоғарыға көтеретінінің көрінісіндей. Қыран бейнесінің көк байрағымыздан орын алуы тегін емес. Бұл еркін халықтың өзіндік бейнесі. Жазушы әңгімеде Көкқасқа атабалық бейнесін жалғыз алған жоқ. Одан басқа жол тосып жүрген өз құлқын ғана ойлайтын жалқау-жампоз қырт еркектер, ата тегі басқа, аран ауыз-керазулар, Минога балық бейнелері бар.

Ал, «ата тегі басқа аран ауыз – кер азулар» қатерлі жау бейнесінде көрінген. Минога деген балық образы туралы автор түсіндірмесі құнды дерек. Әңгімеде ұлы жорық алғашқы апатқа өзеннің теңізге құятын сағасында кездеседі. Осы жерде оларды аран ауыз, теріс азулар тосып алып, месқарын аналықтарды қырып салады. Бұл жерде жазушы кешегі халық басынан өткен сталиндік зұлмат, ашаршылықты астарлап көрсеткен. Қаралы жылдар қайғысы, санаға салған дақтары, жүрекке түскен сызаттары әлі күнге дейін ұмытылмаған, жылдар өткен сайын ұрпақ санасында жылма-жыл жаңғырылып отырылуы тегін емес.

Ғ. Мүсірепов өзінің осы ізгілікті ойын «Қыран жыры» әңгімесінде көрсетілген жағдайлар арқылы жалғастырған. Ұябасар мен Сар-балақ қырандар көкте, биіктікте мықты ұрпақ әкелу қамы үшін сайыс ойынын ойнап, нағыз қыран, қанаттары темірдей ұрпақ тәрбиелеу үшін балапандарын қара дауылда ұшырып, дауылмен бірге шарықтатып тіршілік жолында шарқ ұрған тоқтаусыз әрекеттегі қырандар өмірі – әңгіменің негізгі түп қазығы.

Ендеше қыран бейнесі арқылы адам тіршілігін, ұрпақ мәселесін көтерген. Ата-бабасы биікте ұшқан ұрпақ әруақытта да биіктен көрінетіні хақ. Даланың еркін өскен төл перзентінің бүгінгі ұрпағының бостандық іздеп шарқ ұруын
О. Бөкей өзінің «Кербұғы» әңгімесінде де астарлап жеткізген.

Бағзы замандарда «Көкбөрі» болып әлемді бағындырған көшпелілер жағдайы әңгімеде трансформацияланып, Адам-Аспан-Жер арасында «Уа-а!-лап» бостандық іздеген, табиғаттың ең бейбіт те баянды төлі – Кербұғыға, яғни ерекше жағдайдағы мінез иесіне айналды.

Жазушы әңгімесі туралы мына бір пікір назар аударарлық: «27 жасында ғана жазған алақандай ғана «Кербұғы» әңгімесінде Орекең сол асаулық пен сұлулық, қысқасы, тірі табиғаттың нақ өзіндей керім жануарды ХХ ғасырдағы рухани жаншылған қазақ ұлысының арасына ноқталап, еркін жетектеп кірді» деп ой білдіреді [100, 217 б.].

Тіршіліктің басы мен аяғы болып саналатын өмір мен өлімнің мәңгілік айналымы, олардың күресі негізгі жағдай, ал ұлттық мінез жануар бейнесіне кіргізілген. Бұл әңгімеде жазушы адамдардың табиғат заңдылықтары мен адами заңдылықтарды салыстыратындай.

Аталмыш кезең жазушыларында оқырманның өзіне ой салып, салмақ тастау, өзінше топшылауына шығарма өзегіне үңілуге жетелеу сияқты шығармашылық ізденістер көптеп байқалады. Жазушылар шартты жағдайдағы тартыс түрлеріне ден қоя бастаған кезең 70-80-жылдар еді.

С. Мұратбековтің «Біреу», О. Бөкейдің «Жасын», Т. Әбдіковтің «Оң қол» әңгімелерінде осындай жағдайда әрекет ететін характерлер көрінді.

О. Бөкейдің «Жасын» әңгімесіндегі Қиялхан бейнесі былайғы қоғам мүшесі үшін «жас сәбидің саусағын жайып алыстағы айға талпынғаны секілді бейкүнә қылық» тәрізді (ғажайып, тосын оқиғаға сену), ешқандай үміт күтуге болмайтын ой. Бірақ өмірді өзгеше көркемдік ой, поэтикалық сурет тұрғысынан тануға болады. Қиялханның әр түрлі ортаға, жағдайға кіруі оны әуреге салады. Оны кейде үміт сенімі жетелесе, кейде опық жеп күйінеді. Осылай бола тұрса да, Қиялханның ішкі жан дүниесі екіұдайлық жағдайға жиі түсіп, толқымалы күйге ұшырайды. Ол бар жағдайды қабылдағысы келмейді. Айналасындағылар өз әлдерінше Қиялханды «бейімдеу», «сендіру», «көзін ашу» мақсатындағы әрекеттер жасай бастайды. Бұл әрекеттер кейіпкердің адамзаттық мәселені шешуге деген құштарлығын арттыра түседі.

Қиялханның ойынша адамзат баласының өмірін астан-кестен етіп, әділетсіздік тудырып отырған зұлым қара күш бар. Онымен күресу керек деген мәселеге кейіпкер қатты берілген. Оның жауы құпия, ол өзі жалғыз қарсылас. «Тағы да азапты түндер басталады. Ары аунайсың, бері аунайсың – ұйқың келмейді. Тысқа шығасың шыдай алмай – жым-жырт, тау да, орман да, жан-жануар, адамзат та бір сәт талықсып қалғып кеткен. Қалғығандарды аңдып жүргендер және бар. Алысқа қарағың келеді – еш нәрсе көрінбейді. Осындай ертек сынды мың бір түндерде екі түрлі адамдар ұйықтамай жүреді; бірі –жарасымды тыныштықты қалай бұзудың амалын іздейді; енді бірі – осы жусаған тыныш өмірді қалай сақтап қалам деп ойдан тозады» [102, 379 б.]. Қиялхан өзін екінші типті адамдар өкіліне жатқызған, ал өзі соған әбден сенген.

Адамзаттың тыныштығын бұзатын адамдар ойдан амалға көшкен. Ал тыныштықты қорғайтындар ойдан әлі тозып жүр. Олар әлі нақты амал, іс-әрекеттерге көшкен жоқ. Автордың ойынша өмірде әділетсіздікке қарсы күресетін күш жоқ немесе адам қоғамын ондай мәселе әлі толғантқан жоқ. Найзағай мен найзағай, от пен от шарпысқандай аласапыран сұрапыл өмір дауылына жападан-жалғыз қарсы тұруға талаптану, өзімен ниеттес, пікірлес, рухани жағынан жақын адамдардың аздығы кейде Қиялханды тығырыққа тіреп, дағдарысқа да ұшыратады. Өз ортасынан бөлініп шыққан Қиялхан біреудің міндеттеуімен емес, өз қалауымен, жүректің шақыруымен өмірді өзгертуге, әлемде соғысты болдырмауға әрекет етпек болады. Әңгімедегі Қиялхан – жігерлі, алдына қойған мақсат-мұраттары көп, әрдайым әділеттілік жағынан табылатын көпшіл әрі күрескер тұлға.

«Оралхан шығармаларындағы аңызға бергісіз жұмбақ сыр, қызық сарын ілесе жүреді. Қиял мен шындық арасындағы халдер бірде оқиға арқауында, бірде күшейткіш көркемдік нақыштар түрінде көрініп қалумен келеді» [105,


204 б.] деген сыншы пікірінде жұмбақ жағдай мен шындық халдердің шығармадағы байланысы туралы қызықты түйін бар.

Осындай жұмбақтылық жағдай, бейімділікке әуес мінез Т. Әбдіковтің «Оң қол» туындысынан де байқалады. Бұнда бір тұлғаның бойындағы біріне-бірі жат екі сананың шарпысуы туралы сөз қозғалады. Автор «бір дененің ішіндегі екі түрлі жан иесінің кезектесіп не қатар өмір сүруін мидың шешілмей жатқан жұмбақтары» ретінде түсіндіреді.

Көркемдік тәсілдің қай-қайсысы да кейіпкер табиғатының жұмбақ сырын ашу, сол арқылы шығарманың идеялық-көркемдік жағдайын жан-жақты көрсету мақсатында қолданылады. Осы орайда автор пайдаланып отырған адамның қақ жарылу, екіұдайылық (двойственность) тәсілін сол күйінде көшіріп немесе еліктеп ұқсастырып пайдаланбаған, оны өзінше тәсіл, көркемдік құрал ретінде қолданып отыр. Сондықтан да О. Бөкеев пен Т. Әбдіков өз әңгімелерінде бейнелеуді кеңінен пайдаланған. Қаламгерлер шығарма мазмұнын характерлер арқылы дамыта отырып, көркемдік пішінде тұспалдап айтуға, шартты жағдайға көп барғандықтарын байқаймыз.

«Оң қол» әңгімесінде жамандық пен жақсылық туралы Алма санасы екіге жарылса, «Жасында» Қиялхан санасы адамдарды екі түрге бөледі. Екі шығармада да қаһармандардың рухани таза өмірге ұмтылысы, ол үшін күресі толық жеңіске жеткізбейді. Осы арада түпкі ой ағымдарының түйісуі қосымша жаңа жағдайдың тууына әкеледі.

Ал С. Мұратбековтің «Біреу» әңгімесінде тек қана бір адамның бейнесін көреміз. Автор кейіпкерінің тыныс-тіршілігін, рухани жан-дүниесін оқырманына оның өз сөзі, іс-әрекеті арқылы ашып береді. Әңгіме оқиғасы жалғыз адамның төңірегінде өрбиді. Құс атуға шығып адасып кеткен әлгі адам көп ұзамай өзін-өзі атып алады. Қансырап өлім аузында қалған адам өзінің монологы арқылы көз алдынан бүкіл өмірін өткізеді. Тіршіліктің мәні, оны түсіну үшін не істеу керек, қалай өмір сүріп жүр, кім үшін, не үшін деген сияқты «мәңгілік сауалдар» алдынан шыққан кейіпкер өзінің кім екенін танытады.

Бұл турасында зерттеуші Р. Нұрғали: «Кейінгі уақыттарда прозаның шағын формалық түрлеріне ой ағымы әдісі кіре бастады. Кейіпкерлердің ішкі әлемін, сезім дүниесін ашуда, психологиялық құбылыстарды тиянақтауда бұл көркемдік тәсілдің мүмкіндіктері мол» [81, 576 б.], – деп ой білдіреді.

«Біреу» әңгімесінің негізгі қаһарманы аты-жөні нақты айтылмаған белгісіз адам. Әрине, мұның өзі – С. Мұратбеков шығармаларында бұрын ұшыраспаған көркемдік шарттылық. Біреу дегені кім, ол не қылған адам, мезгілсіз, мекенсіз жүрген ол қандай адам деген ой жетегінде отырып әңгімені оқып шыққанда, көз алдымызда белгісіз біреуіміз таныс-бейтаныс біреулерге ұқсай береді. Соларды еске түсіреді. Әңгіменің әлеуметтік жүгі ауыр. Адам баласы өмірге келген соң, сол үлкен өмір айдынынан өз орнын табуы тиіс. Өмірден орнын тауып, өз мүмкіндігін жарқыратып көрсету – кез келгеннің қолынан келе бермейтіні де ақиқат. Кейбіреулер қолтықтан сом білектің демеуін пайдаланып, өздерінің рухани және табиғи мүмкіндіктерінің төмендігіне қарамастан биікке ұмтылады.

Әңгіме кейіпкері өмірден өз орнын таба алмаған жан. Туған бауыры Айташтың көмегімен бүгінгі күніне әупірімдеп жеткен. Барлық мәселені сыртынан шешіп отырған аға қайтыс болғаннан кейін ол өзінше шешімдер қабылдамақ. Күнделікті қызметі, тыныс-тіршілігі тек бастығы Әлибек Дәстеновичтің қолында тұрған сияқты күн кешуде. Сол адамның өңешін тойдыру, соған жағынып, жалпақтап күн кешу біреудің мақсатына айналған. Әңгімеде біреу қақпанға қалған қарала төбетті құтқарып алады. «...Айтпақшы, бағанағы қара ала төбет қайтты екен, байғұс! Айдаладағы қақпанға қалай түскен? Өзі түскеніне бір-екі күн өткен болу керек. Өйткені әбден ашығып қалжыраған түрі сондай тартына-тартына аяғы да қиылуға шақ қалған. Обал-ай, егер мен кез болмасам, бүгінгі мына боранда қатып қалатын еді ғой. Өзін босату да оңайға түскен жоқ. Ең ақтық күшін жиып, ессіз долылыққа әбден-ақ мініпті. Азаппен өлгенше атып тастасам ба екен, – деп те ойлаған, оған да дәті бармады» [93, 455 б.] деген үзіндіден осы жағдайды көреміз. Дәл қара ала төбеттің жағдайын өзі кешеді. Байқамай өзін-өзі атып алған ол қансырап өлім аузында қалады.

Автор трагедиялық жағдай арқылы біреудің ішкі болмыс-бітімін айқындаған. Трагедиялық ахуал түрі оқырманға қатты әсер ететіні белгілі. Әрі авторлық позицияны жеткізуде трагедиялық жағдайды орынды пайдаланған аталмыш кезеңде кеңінен қолданылған болатын. Кейіпкердің өлім аузындағы жағдайы оның адамдық рухының күшін және ішкі жан-дүниесін, әлеуметтік жағдайын ашып береді. Не үшін, кім үшін өмір сүріп және қалайша оны сүріп жатқаны өзге түгіл өзіне де беймәлім. «Біреу» әңгімесінде адам зауал шақ – өліммен бетпе-бет келіп барып қана қиын жағдайда өз шынайы болмысын танитыны жөніндегі экзистенциялық пікір бар.

70-80-жылдар прозасындағы психологизмге толы жағдайдың көбеюі әдеби процесте ерекше көркемдік құбылысқа айналды. Қазіргі қазақ прозасында қаһарманның жан әлеміне, рухани мүмкіндіктеріне, ойлау, толғану процестеріне назар аудару, әрекет пен сезімнің бірлігін сақтауға ұмтылу психологиялық талдау әдістерінің мол қуатын ашуға септігін тигізіп отыр.

Дәл осы кезең әдебиетінде характер адамгершілік, психологиялық тұрғыдан айшықталды. Бұл кезеңде авторлық баяндауы ой ағымы түрінде келетін шығармалар қатары көбейгенінің себебі бар. Жазушылар өз туындыларында адамның ішкі жан дүниесіндегі, болмыс -бітіміндегі өзгерістер, қайшылықтар, адами құндылықтардың біртіндеп өзгеруі, құбылуы сияқты құбылыстарды суреттеуге ден қойды. Болмысты осылайша бейнелеу бейненің психологиялық әлеуетін, жағдайдың әлеуметтік ауқымын кеңейтті, екеуінің бағыттаушылық байланысын күшейтті.

Ә. Кекілбайдың «Керек адам», «Соңғы аялдама», Қ. Жұмаділовтің «Момын», Т. Әбдіковтің «Жат перзент» әңгімелерінде қаламгерлер адамның ішкі жан дүниесіне, мінез-құлқына барлап бара білген.

«Керек адам» әңгімесінің сюжеті психологиялық жағдай арқылы өрбіген. Дәулетов, Сәрсенов, Ержанов бейнелері арқылы автор адами құндылықтардың Алдына биік мақсат, орнықты мұрат қойып соған өз күшімен, еңбегімен жетуге талпыныс жасап жүрген жан осы Сәрсенов. Ең бастысы оның бойында сенім бар. Ол өзіне және айналасындағыларға осындай көзқараспен қарайды. Ал Ержанов бір кезде дәл Сәрсенов сияқты болған, бірақ қазір ол басқа. Енді автор оның бойындағы өзгерістерді Сәрсеновтың көзімен бажайлап, пайымдайды. «Сол баяғы Ержанов! Елпілдей лекілдей күледі» деген сөйлемде Сәрсенов курстас досы туралы өзінің қалыптасып қалған көзқарасын білдіреді.

Бірақ әңгіме оқиғасы дами отыра Ержанов бейнесін оның ішкі жан дүниесіндегі өзгерістер арқылы ашып береді. Сәрсенов оның тұлғасын альбомдағы суреттер арқылы қайтадан танығандай болады. Жазушы кейіпкерлерінің портретіне сюжеттің даму барысында қайта оралып, белгілі бір эпизодқа байланысты жаңа портретін суреттемелермен толықтыру арқылы характер сипатын жаңа қырынан аша түседі. «Міне, бір жерден сып етіп Ержанов та шыға келді. Кең маңдай, дөң мұрын, қара мұрт, қалқан құлақ қара жігіттің көзінде бір ішіндегіні ішпей-жемей біліп тұрған қуақы ұшқын ойнайды. Иығына басын сүйеп үзіле қалған дөңгелек жүзді бойжеткеннің иә сөзінен, иә мінезінен ерсі бірдеңе аңғарып қалғандай міней күлімсірейді» [96, 304 б.]. Ержановтың болмысындағы өзгеріс бір ғана деталь күлкі арқылы ашылған.

Автор «міней күлімсіреудің» орнын әрі қарай «мәз-мейрам күлкіге» береді де оны өшіріп «марғау күлкіге» ауыстырады. Неге? Себебі Ержановтың бойындағы адами құндылықтардың азайып бара жатқанын осылайша сездіреді. Адами құндылықтар адамның бойында бастапқы бала, жастық кезден бастап қалыптасады. Ал оның біртіндеп өзгеруі адам тіршілігіне, оның тағдырына, қоршаған ортасына байланысты. Әңгімеде Ержановтың елпілдек, елгезек, қайырымды кейпін Сәрсенов институтта оқып жүрген студенттік шақтары арқылы елестетеді. Бұдан шығатын авторлық қорытынды мынадай сияқты оның бойында жақсы қасиеттер болды, бірақ бүгінгі жағдайда басқаша бір қалыпқа түскен. Автор Дәулетов пен Ержановтың екі жүзді мінез-құлқына, дүниетанымдық көзқарасына қазіргі заман мен уақыт жағдайына сәйкес қарап, өзінше ой түйеді.

Жазушы қоғамда орын алған кейбір әлеуметтік жағдайлардың адам санасына қалай әсер еткенін, оның көп нәрсе туралы ұғым-түсінігін мүлдем өзгертіп жатқанын көрсетеді. Ә. Кекілбай әңгімедегі кейіпкерлердің мінез-құлқы, іс-әрекеті, яғни жеке тағдыры арқылы қоғамның тұтас бір әлеуметтік жігінің тағдырын бейнелеген. Адам өзі өмір сүріп отырған ортасын екі тұрғыдан таниды. Біреуі ойша елестетіп, өздері сөзбен жасап жүргені,


екіншісі – шынайы болмыс. Жеке бір адамға табыну салқыны әлі де адам санасынан толық өшіп кетпегенін сезген «жоғары жақ» халықты енді бір кісідей партияның қол астына жинап алған еді. Осындай мүмкіндікті сезінген кейбір қызмет басындағы адамдар енді өз жағдайларын пайдаланып өрескел істерге бара бастады. Бұл қатардағы адамның кей жағдайда өз ісіне өзі есеп бере алмай, біреудің жетегіне түсіп, адами құндылықтарын біртіндеп жойып бара жатқанын байқатады. Адам бейнесін айқындау – бұл әңгімедегі басты мақсат.

Ал Қ. Жұмаділов «Момын» әңгімесіндегі басты кейіпкер Қозыбай тұлғасын сомдау барысында оның сыртқы және ішкі психологиялық жай-күйіне басты назар аударған. Кейіпкердің өмірінің іштей күрделі қақтығыстарын, ішкі психологиялық шиеленісте бейнелеуге ұмтылыс –


Қ. Жұмаділов шығармашылығына тән қасиет. Адам жанының қалтарысын ашып, оның ішкі дүниесіндегі қайшылықтарға барлау жасағанда әр түрлі сезімдердің ішкі күресі ашылады. Қозыбайдың ішкі жан дүниесін жұмбақ етіп алып, осы жұмбақты шешу үшін әр қилы жағдайлар пайдаланған.

Күнделікті қалыптасқан дағды, шектеулі уақыт оның болмысын, тіршілігін бір қалыпқа құйып тастағандай. Ол үшін басқаша өмір сүру немесе жағдайды өзгерту мүмкін емес сияқты. Әйелі мен балаларының әу бастан оның ішкі дүниесімен жұмыстары жоқ. Әңгімеде автор кейіпкердің мінез-құлқын, қалыптасқан дағдылы тыныс-тіршілігін жіпке тізгендей баяндап берген. Оның мінез-құлқын, дүниетанымдық көзқарасын, жалпы адамшылық бітім-болмысын қалыптастыратын да әлеуметтік-психологиялық орта мен жағдай дейді жазушы.

Момын деп аталған, сол мінезбен айналасына танылған, қабылданған Қозыбай бір күні аяқ астынан мінез көрсетеді. Автор жағдайды күрт өзгертеді. Ішкі табиғи мінездің бір сәт бас көтеруіне баласымен арада болған кикілжің себеп болады. Бірақ бұл себеп-салдарлық байланыс қана сияқты. Бұл сәтке дейін Қозыбай өзінің ішкі жан дүниесіне көп жағдайды сыйғызып келген еді.

Әйелі Бадиша өзін «искусство адамы санайды, ал оның достары Қозыбайды «жұмысшы табының өкілі» деп құрметтейді. Сондықтан да Қозыбайдың жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы әйеліне үнемі ұнамай, Бәдиша өзін «күйеуінен әлдеқайда білімді, мәдениетті санаушы еді» Бір шаңырықтың астында өмір сүріп жатқан ерлі-зайыпты адамдар бірін-бірі осылайша бағалайды. Автор оқиғасын өрбіте отырып негізгі тартысты әр түрлі жағдайға байланысты бір сәт өшіп барып, қайтадан бас көтерген мінездер қақтығысына негіздейді. Қозыбайдың морт сынуына бірден-бір себеп баласының «Білем, кім ақымақ екенін. Ты сам дурак» деген сөзі болды. Жанұя ішінде болған осы жағдай Қозыбайдың жұмыс барысындағы бұрынғы қалыптасқан дағдылы мінез-құлқына қатты әсер етеді. Енді ол бұрын жайбарақат, еш ренішсіз қабылдаған айналасындағы адамдардың өзіне деген көзқарасын, қарым-қатынастарын, пікірлерін мүлдем басқаша бағалап, әр түрлі жауап білдіре бастайды. Магомедке қол жұмсап қарсылық көрсетсе, фабрика директорының сөзінен кейін өзін қолдап сөйлеушілердің пікірін «өзін қорлау, төмендету» ретінде қабылдайды. Оның жиналыста сөз сөйлеу, өз көзқарас-пікірлерін білдіру үшін жаңа технологияны өндіріске кіргізуі туралы ұсыныс жасауы жағдайдың саяси-әлеуметтік деңгейін қамтиды.

Тоқырау кезеңінің өзіндік бір ерекшелігі сөз бен істің қабыспай, сан мен сапаның бір-бірінен алшақ жатуы, үлкен мінбеде тұрып, халық алдында есеп берген белсенділердің санасындағы ойы мен қағазындағы сөзіне кейде өзі де күдікпен қарайтындықтары еді. Автор кейіпкерін пікірталасқа түсіріп, өз ұжымы алдында беделін көтеріп алады. Жағдай өзгерді. «Қозыбай ойламаған жерден жүз процент дауыс алып фабком мүшесі болып шыға келеді. Оған жұрт беріпті. Қозыбай бүгінгі жиналыстың геройына айналып, жұрттың көз алдында өсіп, «биіктеді» де кетті». Бұл сәт арқылы жазушы қарапайым еңбек адамының ішкі жан дүниесін көрсеткен.

Осындай «белгілі» кейіпкерін автор жанұядағы дау-дамайдан бастап көрсетіп, оны ұжым ісіне бір араластырып алып, қайтадан сол жанұя босағасын аттатқызып, ондағы жайма-шуақ көңіл күйдің үстіне әкеледі. Қозыбайды қатуландырып, қайраттандырып, ащы шындықты айтқызатын жағдай – жеке бастың қамы емес, аңқау, бейғам, жайбасар, жайбарақат көптің қамы, соған деген жанашырлық сезім.

Адам өзінің ішкі-сыртқы мүмкіншілігін босқа сарп ететін кезі көп қой. Ал оны жағдайға сай пайдалана алмау адамның ішкі жан дүниесінің, мінез болмысының өзгеріп, кейде тіпті біртіндеп өше бастауына да жол береді. Қозыбай алға қарай ұмтылмайды. Тіпті жанұядағы беделі де түсіп кеткен. Осындай жағдайларды суреттей отыра жазушы бір сәт Қозыбайдың жүрегінде жылқы малына деген ерекше бір құпия сезім бар екенін байқатады. Ол өз тірлігіне, қала өміріне, үлкен өндірістегі кәсібіне осындай бір жылылық танытпайды. Оның бәрі дағдыға айналғандай. Қаламгер Қозыбай болмысы арқылы екі жағдайдың ішкі қарама-қайшылыққа толы характерді көрсеткен. Өшіп кетуге шақ қалған өзіндік мінез, көзқарас бір сәт бас көтеріп сана иесін басқа қырынан танытып тастады. Қоршаған ортасы момын деп қабылдаған ол үлкен ұстаным иесі екенін танытты. Қозыбай күнделікті дағдылы тіршіліктен, қалыптасып қалған нормадан, қабылданған жоспарлардан бір сәт босап, еркін дем алып, ерікті түрде ойын білдіріп тастағысы келеді. Жазушы кейіпкеріне бір сәт еркіндік беріп еді, жағдай түбірінен өзгереді. Бұл тоқырау жылдарында жалғыз Қозыбай ғана емес, қаншама адам сағына күтіп, іштей жетуге асыққан ерекше бір сәтті орынды қолданған автор ұтысы деуге болады.

Ә. Кекілбайдың «Соңғы аялдама» әңгімесіндегі Бейсеновтің де күнделікті дағдылы тіршілігі қаз-қалпында баяндалады. Оның тұрмысы, отбасы жағдайы, қызметі тәп-тәуір екендігі байқалады. Бірақ кейіпкер өмір бойы бір жымысқы күйден қашып құтыла алмай жүр. Тіпті есіктегі вахтер кемпірдің жүзінен де ол осындай бір жағдайды барлайды.

Осындай қалыпты жағдай мен толқымалы ішкі әлем Т. Әбдіковтің «Жат перзент» әңгімесінде байқалады. Осы әңгімедегі басты кейіпкердің перзенті өзіне жат. Ол өзіне сұрақ қояды, онысы мынадай: «Өзімнен тағдыры бөтен, түтіні бөлек жаралған ұлымды ойладым. Ұлымның өмір бойы мені танымай өтетіні, танығысы да келмейтіні, мәңгі жаттығы жаныма батты» [91, 243 б.]. Бұл үшін кім кінәлі деген сауалдың жауабын табу оңай емес. Автор алдымен Кәрімге өзін суреттетеді. Оның мінез-құлқындағы қарама-қайшылық оқырман ойында күдік тудырады. Себебі ол өзінің кейбір іс-әрекеттеріне есеп бере алмайтын сияқты. Айналасындағы адамдардың кейбір іс-әрекетінен көңілі қалса, оған есе қайтаруға дайындалып жүру оның санасына әбден орныққан.

Жазушының жағдайды дамытудағы тағылымы қызық. Кәрім Рүстемді жау санап, онымен күреске іштей дайындала бастайды. Екеуінің арасындағы қайшылық амандаспаудан басталады. Бірақ автор Рүстемнің бұл туралы ойын әңгімеде бермейді. Тек кейіпкер оның жүзінен «қағып құлаттым, бір де ноль – менің пайдам деген тоқмейіл тоят нышан сезілетінін» өзінше оқып жүреді. Рүстемнің бүкіл болмыс-бітімінен тек жаулық өшпенділік іздеген кейіпкер одан әйелі арқылы кек қайтармақ болады, енді «махаббат үш бұрышы» атты жағдай қалыптасады.

«Кенет менің басыма бір таңғажайып зұлым ой келді. Бірақ әлі толық өсіп, еркімді билеген жоқ. Көңіл түкпірінен жасырын оянып, өзінің бар екенін ғана білдіріп жатыр. Рүстемнің әйеліне жайлап тағы қарадым» [91, 244 б.] деп көрсетіледі де әрі қарай оның санасына кірген әзәзіл ой басымдылық танытқанын байқаймыз. Көңілімнің түбінен әзәзіл сезім бас көтеріп: «Міне, кегің қайтты, жеңу деген осы, осы» деп тұрған секілді. Егер менің осы зұлым ойым іске асып, оны Рүстем білмей кеткеннің өзінде де, енді мен оның жанынан ешқашанда шарасыз халде өтпейтінімді, ішкі қорлықтан, өз көңілмен азап шекпейтінімді сездім» [91, 244 б.].

Автор характерін әрі қарай айқындауға көшеді. Рүстемнен өшімді аламын деп қаншама келеңсіз іс-әрекеттерге барады. Оның бойында өзін-өзі қайраған жалған батырлық пен шынайы үрей бар. Дегенмен, осы үрей, қорқыныш оны бір сәт сабасына түсірген сияқты. Ішкі жағдай мен сыртқы жағдай арпалыста екенін автор былайша бейнелейді: «Егер біз осы ісімізді бұдан әрі жалғастыра берсек, ерте ме, кеш пе әйтеуір бір күні біліп қоюы айдан анық. Содан кейін осы кезге дейінгі ақыл-сана мен маңдай теріңді сарп етіп келген бүкіл өміріңнің тұнығы бір-ақ сәтте тас-талқан болады. Ал оны сонау ту бастан ерінбей- жалықпай қайта құруға төзімің жете ме? Бір сәтте бәрін бүлдіру қандай қорқынышты! Құмарлық сезімі лапылдаған менің бойымды үрей лезде салқындатты» [91, 250 б.]. Бұл үрей жаңа сәтке жетелемек. Біреудің тұнық өмірін ылайландырып болған әрекет иесі әлсіз жанның санасында аласұрып жатқан әр түрлі ойлар бір-бірімен күресіп, таласып, тартысып әрқайсысы өз басымдылығын танытып жатыр.

Адамгершілік, кешірімділік, адалдық, сыйластық, мейірімділік сияқты ұғымдар алдында оның тар, пасық ойы жеңіліс табары сөзсіз. Әңгіменің аяғында жағдай ауысып кейіпкер өзінің перзентін көреді. «Бала менен айнымайды екен. Астапыралла! Көзі, мұрны, сиректеу шашы, бас бітісі, желкесіндегі орайы, тіпті құлағының қатпарына шейін. «Сойып қаптап қойғандай» [91, 255 б.] деген жолдарда оның өз перзентін алғашқы көру сәті суреттелген. Осыдан кейін кейіпкер қатты ойланады. Ол өзіне «Сонда менің жіберген ең үлкен қатем қайсы? Зәуреш пе? Жоқ, қалған ғұмырым ба? деген сұрақ қояды. Жазушы оқырманына сан түрлі жағдайды сапырылыстыра отырып ой тастайды.

ХХ ғасырдың 60-70-жылдары қазақ сөз өнерінде рухани-эстетикалық ерекше серпіліс байқалды. Поэзияда да, прозада да жаңа эстетикалық көзқарастардың, гуманистік-демократиялық ойлардың қалыптасуы суреткерлердің әлеуметтік талдауға тереңдеп баруынан, тақырып сонылығы мен өзектілігінен, заманның көкейкесті мәселелерін адам баласының ортақ мұраттарына орайлас қарауға деген талпынысынан, өткен тарих пен қазіргі уақытты қабыстыра отырып, қоғамның адамгершілік-рухани бейнесін тереңдеп ашуға бағытталған ізденістерінен байқалады.

Қазақ прозасының айналадағы ақиқатты көркемдік биіктен тану барысында дүниеге келетін көркем бейнелерді күрделі әрі әдеби тұрғыдан өнімді жағдай үстінде бейнелеуге ынта білдіргені осы кезде анық байқалады. Характердің нақты тұлға ретіндегі жан әлемі, психологиялық жай-күйі көркем прозаның негізгі нысанына айналды.

1960-70-жылдардағы қазақ кіші прозасының жеткен биігін, алған асуын көрсететін көркемдік тәсілдерде қандай ізденістер, көркемдік жүйесінде нендей соны үрдістер бар деген ауқымды сұраққа жауап беру барысында ең алдымен жағдай мен характердің үндестігіне, байланысына көз салу керек.

Жаңаша ойлау жүйесін негізге алған әдебиет қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі жаңа жағдайларды, соны характерлерді алып келді.

Аталмыш кезеңдегі ұлттық проза тақырыптық-проблематикалық тұрғыдан да жаңа ізденістерімен ерекшеленеді. Қазақ қаламгерлері пәлсапалық сауалдарға жауап іздеу барысында әр қилы жағдайлардың көтеріліп отырған мәселеге қатысын зерттей бастады. Көркем туындыларда бұрын қалыптасқан дәстүрлі жағдайлардан өзгеше күрделі оқиға түрлері байқала бастады. Атап айтсақ, ұлттық таным иесі мен қоғамдық жағдай қалыптастырған характерлер арасындағы тартыс, қоғам шындығын көрсететін белсенді әлеуметтік мінез, адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастың күрделенуі, адамның ішкі жан дүниесіндегі тартыс, шартты тартыс түрлерін қаламгерлер жан-жақты игергендері айқын танылады. Осыған орай, жазушылар образ сомдауға психологиялық талдауды кеңінен қолданғаны жағдай мен мінез арасындағы айқындаушы байланыс түрін көбірек қолданды, әдеби тенденция ретінде лирикалық проза байланысының айқындаушы түрі дамыды. Туындыларда трагедиялық шешімге жетелейтін сәттер көп көрініп, «ойлампаз» кейіпкерлер адамзаттық мәселелерді көтере бастады.

60-70-жылдардағы әңгіме, повестер мазмұн, түр жағынан да байыды. Көтеретін проблемалары батыл да өткір, ашық та нақты қойылуымен ерекшеленді. Жалаң өндірістік мәселелер ысырылып, адамның өмірдегі орны, ісі мен табиғатына үңілуге бетбұрыс жасалды. Осының нәтижесінде драматизм мен психологизм күшейе түсті. Нақтылыққа, аз сөзділікке, дәлдікке бет бұруда көркем деталь мен штрихқа көп көңіл бөлінді. Бұл жылдардағы прозаның кіші жанрларындағы негізгі ерекшеліктер символдық, лирикалық, проблемалық, әлеуметтік жағдайларды талдаумен көрінді. Жазушылар әлеуметтік жағдайларды жан-жақты талдаудың негізінде ұлттық характерді толығырақ ашуға, адам табиғатының терең психологиялық негіздерін танытуға ұмтылды. Сондай-ақ жазушылар ұлттық құндылықтарды көрсететін жағдайларды бейнелеп, ұлттық болмысынан айрылып қалғалы тұрған халқымыздың ой-санасына әсер ете бастады. Елдегі саяси-әлеуметтік мәселелер мен қоғамның көлеңкелі тұстарын ашық жеткізуге мүмкіндік жоқ кездің өзінде-ақ қаламгерлер әдебиеттегі көркемдік тәсілдерді мүмкіндіктерінше пайдалана отырып, халыққа шындықты жеткізуге тырысты.

Қорыта айтқанда, қаламгерлердің қатты назар аударып, шешуге тырысқан ауқымды жағдайлары – адам мен оның жұмбақ болмысы, тіршілігінің негізі, қоршаған ортамен қатынасының мәні жайлы сұрақтар еді, бұл тек қана әдебиеттің ғана емес, тұтастай өнердің алдында тұрған философиялық проблема болатын. Қазақ суреткерлерінің дүние мен адам сырын бейнелеуде соцреализмнің қалыптасқан дәстүрлі тәсілдерінен бас тарта бастағаны көрінді. Сондықтан олардың шығармалары өмір шындығын, адам тіршілігін ұлттық философиялық пайымдаулар тұрғысынан игеруге икемделді.

Көптеген қазақ жазушылары аталмыш кезеңде ұлттық характердің тұрақты адамгершілік құндылықтарын, бұрынғы табиғатпен етене мінездің қазіргі жағдайларын, жеке тұлғаның сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік басқару механизмдерімен арасындағы байланыстарды анықтауға, айқындауға ерекше құлықты болды. Қаламгерлердің дені қоғамдық, әлеуметтік құрылымдарды дамытудың, өзгертудің қажеттілігін жан-жақты дәлелдеуге тырысты, яғни қалыптастырушы типке жүгінді. Нақты, шартты, күрделі, парадокске толы жағдайларды бейнелей отырып, авторлар өмір мен тұрмыстың терең мағыналық қабаттарына барлау жасады, адамды осындай жағдайлар арқылы жан-жақты зерттеді. Күнгейінен гөрі өмірдің көлеңкелі жайттарына жіті назар салды. Сонымен қатар адам тағдырына, замана келбетіне, уақыт ағысына, басты мотивтерге деген қызығушылық та көркемдік дамуға серпін берді. Нәтижесінде көркем прозадағы жағдай сапалық тұрғыдан көп өзгерді, сан түрлі мінездер әдеби айналымға түсті, жағдай мен характердің арасындағы байланыс түрлерінің жаңа қырлары көрінді. Бірқатар шығармаларда жағдайдың бағыттаушы қызметі белең болды. Көптеген туындыларда характердің айқындаушы типімен қоса қалыптастырушылық сипаты көрінген. Психологиялық әңгіме-повестерде жағдай мен характердің байланысының үш түрінің араласып жүретіні байқалады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет