1 КӨркем мінез бен жағдайдың тарихи-теориялық ТҰРҒыдан негізделуі және зерттелуі


ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНДЕГІ ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ МІНЕЗ БЕН ЖАҒДАЙДЫҢ КӨРКЕМДІК-ЭСТЕТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ



бет5/7
Дата03.05.2016
өлшемі2.16 Mb.
1   2   3   4   5   6   7
3 ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНДЕГІ ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ МІНЕЗ БЕН ЖАҒДАЙДЫҢ КӨРКЕМДІК-ЭСТЕТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ

ХХ ғасырдың соңғы жартысында адамзат өзінің күш-қуатын, ішкі болмысын, табиғатты бағалауын күрт өзгертті. Ғылым мен техниканың дәуірлеу сәттері адамға оның жасампаздық күшін де, әлсіздігін де дәлелдеп бергенін өмір өзі көрсетіп отыр. Ғасыр аяғында әлеуметтік, қоғамдық дамудың адамгершілік, рухани құлдыраумен тоқайласып отырғаны туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Кеңестік жүйеден егемендікке өткен адамның ғасыр алмасуында осы кіммін, бағытым қайсы, жағдайым нешік деген сұрақтарға қайта-қайта үңіліп, жауап іздей бастағаны ұлттық әдебиетте де өзінше көрініс тапты.

Елдің қоғамдық саяси-әлеуметтік жағдайындағы түбірлі өзгерістер адам өміріне, оның сана-сезіміне, дүниетанымына әсер ететіні белгілі қағида. Осы орайда, азат ел мен еркін адам өмірін өзіне арқау ететін жаңа күштер ұлттық әдебиетте көрінді. Қаламгерлер бұрынғы қалыптасқан көркемдік тәжірибедегі өнімді амал-тәсілдерді пайдалана отырып ауыспалы жағдайдағы характерді бейнелеуде өз мүмкіндіктерінің кеңдігін байқата бастады. Олар өздері өмір сүріп отырған қоғам тынысын зерттеп, зерделеп, адам мен қоғам, адам мен табиғат, адам мен тарих сияқты келелі мәселелерге, қоғам өміріндегі бір кездегі «қабылданған» немесе «қабылдатқызылған» бұлжымас заңдардың, жағдайлардың мәңгілік емес екенін танытуға, басқа қырларын ашып көрсетуге ден қойды. Бұл кезең туралы «... реализм мен авангардизмді қарама-қарсы қойып, біреуін еңсерілуші, біреуін еңсеруші күш ретінде қарастырудың реті жоқ. Олар кейде жарысушы, кейде бір-бірін толықтырушы ықпалға ие. Бүгінгі плюралистік эстетика жағдайында екеуінің де өрісі кең»[49, 50 б.] деген пікірге назар аударуға болады. Белгілі жазушының өтпелі кезең әдебиетіндегі құбылыстарды жіті бақылап, даму ауанын анық байқағаны көрініп тұр.

Тәуелсіздік кезеңіндегі ұлттық әдебиеттің негізі болып табылатын реалистік, романтикалық және модернистік жағдайлар арқылы образ жасаудағы, характер бейнелеудегі авторлық тұрғыны шартты түрде беруде жаңа проза элементтерін қолданып жүрген қаламгерлеріміздің қатарына


Д. Әшімхановты, Р. Мұқанованы, А. Алтайды, Н. Оразды, Қ. Аманжолды,
Қ. Түменбайды, С. Оспановты, Қ. Жиенбайды, Т. Ахметжанды, Д. Рамазанды, А. Кемелбаеваны, Д. Амантайды жатқызуға негіз бар. «Батыстың кейбір жазушылары болмысты кейіпкердің сана-сезіміндегі күрделі толқыныстар арқылы беру тәсілін ұсынады. Рухани жалғыздықтан тартатын жапасын, өмірдің мәнін іздеуден тұратын ізденісін терең ашады. ХХ ғасырдағы көркем ойдың үлкен жаңалығы осы» [49, 53 б.] деген пікірде осы кезең жазушыларының прозасындағы жағдай мен характердің байланысының жаңа қырларын табуға негіз бар.

Бұлардың дені әдебиетке қайта құрудың қатысушылары және тәуелсіздік куәгерлері болып келді. Олар ел өміріндегі өзгерістерді өздері сезе отырып, оны түсінуге, тануға, бағалауға мүдделі болды. Қаламгерлердің осы жолда әлемдік әдебиеттегі көркемдік ізденістерге жиі жүгінгені жасырын емес. Бұл орайда мынадай тұжырымға назар аударуға болады: «Қазіргі кезде дүние жүзі көркем әдебиетінде өмірді бейнелеудің әдіс-тәсілдері, көркемдік машықтары, әдеби-тәжірибелер бой көрсетті. Олардың бірқатары қалыптасу үстінде. Модернизм, авангардизм, мифологизм, эксизтенциализм, сюрреализм сияқты ағымдар өркениетті елдер әдебиетінің тарихында өз ізін қалдырды. Енді осы әдіс-тәсілдерге үрке қарауды қою керек сияқты. Көркемдік ізденістері алуан түрлі егемен еліміздің ешкімге ұқсамайтын жаңа дәуірінің ұлттық әдебиетін жасау алдымызда тұрған зор міндет» [107]. Жастар прозасында осындай ізденістер баршылық.

Көркем әдебиет нұсқалары өзінің табиғаты мен ерекшеліктеріне орай қоғам келбеті мен қазіргі өмірдегі мінездері әр алуан дәреже деңгейде өрнектейтіні анық.

Адам тіршілік етіп отырған әлеуметтік қоғамның болмысы кез келген көркемдік түрден және әдеби үрдістен әлбетте бай болып келеді. Уақыт барысының, адамдар ұғымының, қоғамның саяси-әлеуметтік, ұждандық сипатына сәйкес әдебиет пен өнердің де түрленетіні туралы аз айтылған жоқ.

Әдеби амал-тәсілдердің белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар тоғысуында, мінездер алмасуда өзгеріп, дамитыны заңды құбылыс. Олардың дүниеге келуі мен бірте-бірте дамуы үшін нақтылы әлеуметтік тарихи жағдайлар қажет. Сондай-ақ өмірді көркемдік тұрғыдан тану тәсілдері де қаламгерлердің өз ерекшелігі, табиғаты, талантының шама-шарқына қарай әр алуан екені түсінікті.

Осындай пікірдің қалыптасуына қоғам мен адам, адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты, қайшылықты құбылыстарды философиялық тұрғыдан тереңірек суреттеуге деген ұмтылысы бар шығармалардың көптеп көрінуі қызық болып отырғандай.

Қазіргі заман тынысын, ондағы құбылыстар мен өзгерістер адам бойына қандай сезімдер мен әсерлер дарытты, қандай қайшылықтар тудырды, таным-түйсігіне, ойлау бағытына қалай әсер етті. Міне осы жағдайлар бүгінгі қазақ әдебиетінің күрделі мәселелерінің бірі болып табылады.

«Соңғы жылдарда өлеңде, прозада әсіресе, жастардың шығармаларында тәңірге табыну, Аллаға сыйыну, «Құранды», «Інжілді» көбірек тануға, білуге деген ұмтылыс басым. Өмірдің бүгінгі қым-қуыт қиындықтарынан шығар жол іздеп жанұшырған жүрек пен ойдың құдайға жалбарынуы, ғарыш әлемімен тілдесу тәсілі етек алып келеді.

Бұл – осыған дейін тану мен таразылаудың басты өлшем құралы болып келген коммунистер ілімінен түбегейлі қол үзген дәуірдің мінезі» [108, 117 б.] деген пікір де ойлантарлық.

Ұзақ жылдар бойы әр түрлі себептермен өзінің тілі мен дінінен, тарихынан, шыққан тегінен жырақтап қалған ұлттық көркем ой осының бәрін қайтадан өз бойына жинақтап, одан нәр алу үшін терең ой-толғамдарды, көркем әдіс-тәсілдерді игеріп жатқаны байқалады, жазушылар заман тынысы мен замандас бейнесінің жаңа бір қырларын өрнектеуге ұмтылуда. Олар көркемдік-философиялық тың проблема көтерерлік әлеуметтік өрісі кең тақырыптарға ойысты. Қоғам дамуының сырын сездірерлік соны жәйттерді шығармаға өзек ету, характер эволюциясын сипаттау мақсатында пішіндік жаңалықтарға өріс беру сияқты ізденімпаздық рух бой көтерді.

Адамдардың рухани мәдениетінің қалыптасу жағдайлары – аумалы-төкпелі заманымыздың ең маңызды мәселесі. Өйткені қоғамның рухани болмысы адамдарды алаңдатуда. Ол адамдардың, саяси-моральдық азып-тозуына елдің әлеуметтік-экономикалық құлдырауына әкелуі мүмкін.

Ұлттық құндылықтарды бағалаудағы салғырттық, бойкүйездік, енжарлық қаламгерлерді толғандыруда. Бұл жөнінде «... ұлттық идея – бегілі бір ұлтқа тән... ұлттық идея – ұлттың болмыс – қасиетінің бейнесі іспеттес. Ұлт тағдыры дегенді игі қазақ тағдыры деп ұғамыз...» [106, 317 б.] деген орынды пікір сол кезең қаламгерлерінің бағытын айқындағандай.

Бір қоғамдық жүйе екіншісімен ауысқанда мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Қазіргі уақытта етек жайып, белең алып бара жатқан адами өзімшілдік, қатыгездік сияқты мінез-құлықтарды бейнелеу үшін соған сәйкес жағдай көрсеру керек. Рухани мәдениет және өркениет жағдайлары бір-біріне сай бола бермеуі де мүмкін. Ғылыми-техникалық жетістіктердің адамға ізгілік сыйлауымен қатар бақытсыздық әкелетіні де өмірде орын алып отырған шындық. Бүгінгі тіршілік етіп отырған қоғамымыздағы жағдай халықтың әлеуметтік тұрмысы, күн көріс қамы, олардың ел болашағы, ұлттық мүдде, азаматтық парыз бен қарыз деген келелі ұғымдар жайлы ойлауға, оған өз үлесін қосуға, ниет білдіруге, талап қылуға мүмкіндік бере бермеуде. Адам баласы терең ойлап, кең пішетін санадан, адами және рухани құндылықтардан күннен-күнге жатсынып бара жатқаны жасырын емес. Адамзат баласының әлеуметтік жағдайының қиындауы оның мінезіне көптеген өзгерістер әкеледі. Ішкі жан дүниесінен бастап, сыртқы бет-бейнесі, іс-әрекеті, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына дейін белгілі бір өзгерістерге, құбылуларға ұшырайды. Бұның бәрі оның дүниетанымына да әсер етеді.

Қаламгерлер қоғамның рухани бейнесін көрсету, ұлттың рухын көтеру идеясын өз әңгімелеріне өзек ете отырып, өз шешімін күтіп жатқан сұрақтардың бірі халық пен өнерді әлеуметтік қолдауды бірінші кезекке шығарды. Себебі өтпелі кезеңнің әлеуметтік қиындығы ең алдымен халық пен оның өнеріне қатты әсер етті. Сол өнердің ыстық-суығына күйіп жүрген өнер адамдарының тағдыры мен мінезі бүгінгі күні не болып жатыр деген сауал жазушылар қауымын ойлантқан. Аға ұрпақ өкілдерінің туындыларында көбінесе қайтсем жайлы күй кешсем деген, сонымен қатар өмірін өнерімен өрнектеген кейіпкерлер қайта көріне бастады. Осындай адамзаттық мәселелер бүгінгі қазақ әңгімелеріндегі жағдайдың синкретті сипат алуына негіз болды. Әлеуметтік, ішкі психологиялық тартыс бірінен-біріне ауыса отырып, кезең бейнесін характер болмысы арқылы бағалауды көркемдікпен игере бастады.

Өнер мен өрен мәселесі Қ. Түменбайдың «Ақындар заңы», Н. Ораздың «Қайыршының жұлдызы», Қ. Аманжолдың «Армансыз», Д. Амантайдың «Ештеңе жазылатын емес» әңгімелерінде олардың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі мен ішкі психологиялық жағдайларының, сезімдерінің арпалысы мен шиеленісуі негізгі зерттеу нысаны болып табылады.

Жазушы Қ. Түменбайдың «Ақындар заңы» әңгімесінің өзегінде ақын Саян тағдыры жатыр. Шығармада күрделі қат-қабат қалың оқиға жоқ. Автор кейіпкердің психологиясына, ішкі сезімдік арпалысына баса үңіліп, оларға талдау жасау арқылы шығарманың парасаттылық деңгейін, ой мен идея тереңдігін жағдайлар арқылы жетілдіре түсуге күш салады. Шағын әңгімеде характерді бейнелеу үшін айқындаушы жағдайды орынды қолданған. Ақынның қалыптасқан мақсат-мұраты бар, бірақ ойларын жүзеге асытатын орта, лайықты жағдай жоқ. Беймаза қала өмірінен ішкі жан дүниесі де, сыртқы болмысы да шаршаған ақын туған ауыл төсінде дем алып жатыр, жазушы кеңістік ауыстыру арқылы жағдайға өзгеріс енгізген. Оның дертін емдейтін шипа тек қана өзінің ерік-жігері екенін ақын жақсы түсінеді. Сондықтан да ол Алматыдан шыққанда өз-өзіне серт берген: «Өмірден отызында қыршын кеткен Шоқанның атымен ант етемін, енді қайтіп осымен аузымды былғамаймын». Неге ақын аузына Шоқан есімі түсіп отыр. Тек қана «Шоқан және өнер» деген кітап шығарғандықтан ба? Кешегі Шоқан мен бүгінгі ақынның тіршілік жағдайлары бір-біріне тіпті ұқсамайды, ал рухани жан дүниелері туыстас, яғни характерлер үйлесімдігі бар.

Бүгінгі ақын өз көңіліндегі толғаныс-тебіреністі, өз көңіліндегі мүддені кешегі Шоқанның мақсатымен байланыстырады. Ол өз басындағы бақыт пен қасіретті соған қарап таниды, яғни жағдай қалыптастырушы қызмет атқарып тұр. Ол бүгінгінің жетістігі кешегінің көксеген жерінен қаншалықты шыға алғанымен өлшейді. Ақын ішкілікке салынса да көңіл түкпіріндегі туған елге, анаға, халыққа деген сезімін жоғалтпаған. Қаншама қаулаған сөзге қалып, кейбіреулер теріс айналып кетсе де, оның жан дүниесі таза табиғи қалпын сақтап қалған. Ол халқының рухани байлығының туын жоғары ұстауға тырысуда. Сол үшін қызмет еткісі келеді. Бұл оның басты өмірлік мақсаты болғанымен, жағдай оған сай емес. Кейіпкердің ұлт перзенті ретіндегі сәулелі мінезін ашуға автор күш салған. Ұлт мүддесін, ортаның ісін парызым, өз ісім деп тануы, өзіне жүктелген аманатқа жанын салып оң көзімен қарауы, сол үшін қиналып, күйінуі, осы сезімдердің арпалысы кейіпкерді жаңа заман оқырманымен табыстырады, таныстырады. Осы орайда айтылған «...материал табудың суреткерлік тәсілі – адам тағдырын қопару, қазу «тірі документтерді» зерттеу» [107, 368 б.] деген пікір суреткер мен кейіпкер жанының тұтастығына дәлел.

Қоғам дамуындағы өзгерістер адам санасына, өмір сүру салтына, түсінік-нанымына қаншалықты әсер етсе де, біраз нәрсенің тұрақты болып қалатын жағдайы бар. Ол халықтың рухани байлығы, адамның рухани құндылықтары. Әрине ел басынан өткен әрбір кезең оның әдебиеті мен мәдениетіне әр түрлі сапалық өзгерістер әкелуі де мүмкін. Бірақ оның ішкі мазмұны мен ұлттық ерекшелігі өзгере қоюы оңай емес. Ал адам бойындағы рухани құндылықтың өзгеру-өзгермеуі әр адамның өзінің ерік-жігеріне байланысты. Демек, қоғаммен бірге келген әрбір тың жаңалық, өзгерістерді әрбір адам өзінше қабылдайтыны белгілі. Осындай адамзаттық мәні бар келелі іске бүгінгі ауылдастары қай тұрғыдан келгенін көріп ақынның шошынуы былайша берілген: «Туған жердің тұз-дәмін тату үшін тәуелсіздік алған ауылыма келгенде шешемнен басқа қабағы ашық біреуді көрмедім. Адамдар да, тал-терегі де жүдеп кетіпті. Шыққан кітабым түсті ме екен деп кітапхана барып едім, бұрынғы клуб ішіндегі бай кітапхананың орнында машина-трактор шеберханасы тұр» [109,


12 б.]. Рухани құндылықтың орнын материалдық байлық басқан. Бұл жағдай жалғыз ақын ауылында орын алып отырған жоқ, көптеген қазақ ауылдарының басындағы күйкі тірлік осындай еді. Жағдайдың айқындаушылық қызметі басым.

Небір жақсы мен жайсаңды тудырған, өсіріп, тәрбиелеген ауыл тағдыры көкірегінде намысы барды ойлантары хақ. Бар кінәні қоғамға жаппай, сол қоғам үшін қызмет етіп жүрген өзіміз екенін ескерген дұрыс сияқты. Жалғыз Саян енді айналасынан өзін түсінетін адам іздейді. Көпшілікке көп дүниені ұғындырғысы келеді. Әсіресе жас жеткіншектер алдына шығып, Шоқан және оның өмірі мен өнері жайлы айтқысы келуі осының дәлелі. Бірақ ақынға қарайтын, оны тыңдайтын ауыл жоқ. Қ. Түменбай үшін ауыл – қоғамдық шындықты жайып салатын орта, жағдай. «Ұлттық болмыстың негізі ауылмен тығыз байланысты. Ауыл өмірі – бүгінгі кезеңде ХХ ғасырдың соңғы ширегінде ғұмыр кешіп жатқан біздердің қоғамдық-рухани болмысымызды сипаттайтын кіндігі берік негіздердің бірі» [110, 129 б.] деген пікірде жағдайға лайық характерлердің бейімделу сипаты жатыр. Ақынын құдайындай сыйлайтын, қадірлеп төбесіне қоятын, оның бар еркелігін көтеретін, сөз өнерін құдіретім деп танитын ұлттың бүгінгі ұрпағына не болған деген сауал автордың ұлттық характерге бағышталған сұрағындай.

Осындай қасіретті басынан өткеріп отырған бүгінгі қазақ ауылының жағдайы Д. Рамазанның «Түсіме кірген ақ боз ат» әңгімесінде өзінше жалғасын тапқан. Ауыл дегенде көркем табиғат, ақ шағаладай қатар тізілген үйлер, өрістен қайтқан мал, ақ жаулықты ана мен ақ сақалды қария, асау тай мінген бала, атпал азамат пен инабатты бойжеткен елесі көз алдымызға келетін.

Адамдарының көңілі өзі сияқты жайылып жатқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі көпті ойлантып жүрсе де, қоғамдағы түбегейлі өзгерістер, заман ағымының оңды-солды ықпалы ештеңеге де қарайлайтын емес. Әңгіменің басты кейіпкері Нұрман ат басын туған ауылына тірегеннен-ақ ауыл адамдарының басына түскен көптеген қиыншылықтардың куәсі болады. «Қазір таудың қасқырынан адамның қасқыры жаман болып кетті ғой», «Тегінде, маған мына нарық деген пәле жақпады... Несін жасырайық, келген қонаққа бұрынғыдай мал сойып, мәзірет жасайтын күй жоқ», «Дүние не боп барады. Қос өкпеден қысып, қусырып жіберді ғой», «Әй, қайдам заманның сұрқынан қорқам!» деген сөздер қос қарияның аузынан шығады. Бұлар Нұрманның апа-жездесі Тұрымтай тәте мен Жүнісбек ақсақал еді.

Ел ішін жайлаған ұрлық, жұмыссыздық, арақ ішуден басқамен ісі жоқ жалқау жастар, алыпсатарлық саудамен үй-күйсіз сенделген әйелдер, бала бағып үйде отырған ер адамдар, тозығы жеткен үй-күй – осының бәрі халықты сандалтқан өтпелі кезең қиыншылығын көрсеткен суреттер. Осының бәрі жиналып келіп адам болмысына көптеген өзгерістер енгізгені аян. Әсіресе елдің намысын қолдан бермейтін арыстай азаматтар қазан-ошақ жағалап қалғаны ұлт болмысына жат құбылыс екеніне автор күйінеді. «Әйелімнің сауда жасаймын деп қалаға кеткеніне ертең тура алты ай болады. Әйтеуір, баяғы соқыр үміт қой. Бір жерден арзанға алып, екінші жерге арқалап апарып, сәл үстеме ақша қосып сатады. Күндегі бар тірлігі осы. Одан түсіп жатқан пайда да шамалы көрінеді. Әйтеуір, аштан өліп, көштен қалмастың қамы. Мен отырмын екі баламен үйде омалып. Солардың тамағын дайындап, кірлерін жуумен-ақ күнім өтіп барады» [111, 29 б.].

Ауыл тұрғындарының болмысындағы өзгерісті сол адамдардың өздеріне бағалатқызады. «...ауылдың берекесі кеткен, базары тарқаған, ажары тозған, адамдары азған. Бірінің қатынынан бірі үйленіп, бірінің байын бірі тартып алып жатқан заман!» [111, 31 б.] деген ой Нұрман аузынан шыққан. Ал сол заманда өмір сүріп, оны өз қолдарымен жасап жатқан адам баласының өзінің дүниетанымы, ой-өрісі, санасы елдің берекесін алып, ажарын тоздырған өздері екенін түсінбейді емес, түсінеді. Бірақ барды жоғалтуға келген шамамыз, жоғалтқанды қайта табуға келмей жатыр. Кінәліні сырттан іздеп, қоғамға, заманға сілтеп үйренген әдетке жақын мінез әлі де қалмай келеді. Қаламгер заман өзгерісін суреттей отырып, жаңа жағдайдағы характердің қалыптасуын бақылайды. Сол арқылы кейіпкердің мінезін айқындағысы келеді.

С. Мұратбеков, Т. Нұрмағанбетов туындыларындағы әдемі ауыл, оның ақ жарқын, кеңпейіл адамдарының бейнесі бүгінгі қазақ әңгімелерінде көріне қоймайды. Адам дүниетанымы өзгерген. Қазақ ауылы өзінің әр перзенті «ауылым – алтын бесігім» деп еске алатын сезімге лайықты орнын ала алмай қалатындай. «Ауылдан шыға бере күн суыта бастады. Көк жүзінде қара қошқыл бұлттар пайда болып, төңірек күңгірт тартты. Төбеде топ-тобымен тырналар ұшып барады. Ненің әсері екенін өзім де білмеймін, тыраулаған тырналарға қарап отырып, өзімді-өзім тоқтата алмай кемсеңдеп қоя бердім. Көзіме тағы да жас іркілді» [111, 36 б.] деген әңгіменің эпилогы осы ойға дәлел. Қалыптастырушы және бағыттаушы жағдай көрінбейді.

Екі жазушының әңгімелерінің идеялық жағынан тоқайласатын бір тұсы –осы бүгінгі ауыл жағдайы. Саян мен Нұрман жанына бататын жайт біреу – ол азып-тозған ауыл суреттері. Саянға демеу болған облыс әкімі Атымтай Жомарт характері мазмұнды. Ол көмекшісін жіберіп ақынды өзінің қабылдауына алдыртады, жағдайын түсінеді. Ауылдан жүрер алдындағы кейбір сөздер адам санасынағы тоталитарлық заманның сілеміндей. Ақын Саянның жалғыз көйлегім бар, бірақ оның қара дақтары бар деген пікірі көп сырды, жағдайдың астарлы мағыналарын аңғартады.

Қауым бойындағы ұлттық рухтың әлсіреуі қаламгерді алаңдатады. Ұлттық рухты қайтадан маздата білуге әдебиеттің де мол үлесі барлығы жөніне мына бір пікір куә: «Ұзақ жылдар бойы ағылшындардың отарлауында болған үнді халқы тәуелсіздік алған кезде Джавахарлал Нерудің «Бәрін қалпына келтіреміз. Кедейшіліктен де құтыламыз, байлыққа да жетеміз, қираған мүлік-мүкәмалдың да орны толады. Ең жаманы отарлық езгінің әсерінен халқымыз рухын жоғалтып алды. Орны толмас өкінішіміз де осы» деп мұңаятыны бар. Осыған ұқсас, көп жылғы отарлық пен бодандық қазақ халқының да рухын жасытып, сағын сындырып кетті. Ал енді халқымыздың жасыған рухын кім көтереді. Меніңше мұны тек әдебиет көтереді. Сондықтан да әдебиетіміздің қазіргі кездегі міндеті, парызы халқымыздың рухын көтеруге бағытталуы керек» [109, 9 б.]. Яғни жазушы жағдай мен мінездің бағыттаушылық байланысын басты етудің қажеттілігін айтып тұғандай. Жағдай мен мінездің бір-бірін бағыттай отырып байланысқанын Қ. Түменбайдың осы әңгімесінен көруге болады.

Автор ақын мен әкімнің кездесуіне көп мән берген. Ақын жанын түсініп, оның дертінің емін іздеген ұлт перзентінің бейнесін ашады. Жазушы әр түрлі әлеуметтік топтар өкілінің ішкі дүниесін олардың сана-сезіміне тән психологиялық шынайылықпен суреттеген. Әкім Атымтай Жомарттың ақынды мүсіркемей, оның жан дүниесінің пернесін басып көріп, өзінің көңіліндегі биік мұратын іске асыруды қолдауын жазушы бағыттаушы жағдайға айналдырған. Саянның өмірге құштарлығы өнермен тығыз байланысты. Оның ойынша адам баласы мәнді тіршілік кешу үшін өнерді жанындай түсініп, қадірлей білуі қажет.

Саянның ішкі жан дүниесіндегі игілікті ойлар сыртқа шыққанда үнемі кедергіге ұшырайды. Саянның идеалы ұлт өнерін Шоқан өмірі арқылы кейінгі буынға жеткізбек. Бірақ осы бір асыл арманға жету Саян үшін қиын. Себебі, тіршіліктің өз заңы бар. Ол әр адамды, оның сана-сезімін, ой-өрісін өзіне бағындыра алады. Күнделікті тұрмыс тілеуін ғана қанағаттандырып өмір сүру, тіршілік ету адам баласын алысқа апармасы сөзсіз.

Рухани қажеттілікті түсіне отыра, сезінгісі келмеу, күйбең тіршілік жетегінде кету – Саян ауылдастарының басты трагедиясы. Барлық келеңсіз құбылыстарды Саян басқаша қабылдайды. Өйткені оның көзқарасы терең. Саян дерті – бүгінгі заман дерті, дәуір тауқыметі. Жазушы заман дертін, адамзатты аздыруға себепкер осал тұстарды тап басып, өмір шындығын көркемдік жағдайларға трансформациялануына арнайы тоқталуға болады. Жазушының әкім есімін Атымтай Жомарт деп алуында өзіндік сыр бар. Қазақ халқының ұғымында бұл есім дархандықтың, әлеуметшілдіктің белгісі ретінде көрінетіні анық. Әңгімеде: «Әкемнің аты – Атымтай. Отчеством жоқ. Қазақ баласы әкесінің атымен жазылады, – дегенде Саянның қолы қайта жүріп кетті де, нығыздап нүкте қойды» [109, 12 б.] деп суреттелетін сәтте Саян өзіне бүкіл жан дүниесімен жақын адамын тапқандай әсер алады. Жазушы әкім образын шыншыл өрнектей отырып, азаматтық деген киелі ұғымның мәнін өз тұрғысынан ашуға тырысқан. «Өнерім менің өмірім» деген мақсатпен өмір сүрген Саян сияқты өнер адамдарының қандай қиындық болса да мойымай, айналасына қарап түңіліп кетпей, алдыңғы күнге сеніммен қарай білуі жаныңа қуат береді. Себебі, әлеуметтік тұрмыс жеңіп, рухани жағынан қайыршыланып, жадап-жүдеп, өз ортасынан жатсынып, қалыпты тіршіліктен баз кешіп кеткен өнер адамының өмірін бейнелейтін, тағдырын көрсететін әңгімелер бүгінгі прозамызда көптеп кездеседі. Өнер мен әдебиет ахуалы – өте маңызды бағыттаушы жағдайлардың бірі.

С. Асылбековтің «Рабиғаның махаббаты» повесіндегі жағдай мен мінездің байланысу сипаты назар аударарлық. 10-сынып оқушысы Рабиға өзінің таза сезімін білдіріп жас мұғалім жігітке хат жазады, ол оны мектептегі қыздар кеңесінің жетекшісі Розаға береді, ал ол болса Рабиғаның хатын оқып, қыздың жер-жебіріне жетіп ұрсады. Интернатқа келген соң қатты күйзелген Рабиға сірке суын ішеді, ақырында ауруханада көз жұмады. Шығарма осылай басталады. Жағдай бір қарағанда таныс. М. Әуезовтің «Қорғансыздың күніндегі» Ғазиза мен Рабиға арасында ұқсастық бар. С. Асылбеков өзінің повесінде «Жаным – арымның садағасы» және «Кто любил, уж тот любить не может. Кто сгорел, того не подожжешь» (Есенин) сияқты анықтаушы, бағыттаушы, айқындаушы сипаттағы эпиграфтарды алуы тегін болмаса керек. Повестегі жағдайдың қоғамдық, әлеуметтік, психологиялық, адами мағыналары айқындалу үшін қаламгер ата-ана, оқушылар, заң қызметкері сияқты әлеуметтік топтардың Рабиға өліміне байланысты көзқарастарына көп көңіл бөлген. Ата-аналар арасындағы пікірталастарда жағдай мен мінез арасындағы байланыстың бағыттаушы типі белең болса, мектеп мұғалімдері көбінесе айқындаушы типке сәйкес әрекет етеді. Ал Ұлықпан образын қаламгер қалыптастырушы сипатқа, яғни бағдар мен нысана деңгейінде көрсеткен.

Жатсыну сияқты философиялық категория – экзистенциализмнің күрделі концепцияларының бірі екені белгілі. Философияның ғылыми мәселесі ретінде жатсыну көп жылдар бойы маркстік-лениндік ілімге қарсы қойылып, тек біржақты түсініктердің ауқымында қалып қойды. Бүгінгі дәуірде әлемдік мәдениеттердің интеграциясы күшейген шақта, рухани ықпалдардың төркінін танып, өрісін барлау ғылым алдындағы маңызды істердің бірі екені анық. Жалпы жатсыну түрлері көп, адамдардың бір-бірінен жатсынуы, адамның өз-өзінен жатсынуы, адамның қоғамды жатсынуы, рухани, тарихи, дәстүрлік, т.б.

Жазушы Н. Ораздың «Қайыршының жұлдызы» әңгімесінде осыған дейін қазақ прозасында көрінген тенденцияның бірі адамның өз заманынан рухани тұрғыдан безінуі басты мәселе ретінде басқаша көрінген. Көпке танымал, болашағынан мол үміт күттірген жас актер аяқ астынан қайыршы болып кетеді. Қаламгер көркем жағдайды парадокстік деңгейде ұйымдастырған.

Оқиға басы актердің тоғызыншы сыныпта оқитын қызы мектепте курткасын жоғалтып, суық тиіп ауырып жатып қалуынан, оған уақытында қайтадан киім ала алмағандықтан, әкесінің осындай жолға түсіп кеткен күрделі сәттен басталады. Әрі қарай жазушы характер мен жағдай қатысына ерекше көңіл аударған. Расында да актер жігіт өзін тұрмыс әкеліп қамалаған қоршаудан шығу жолын іздеді. Өзінің жұртты тәнті еткен таланты бұл жерде дәрменсіз екенін сезінеді. Ол айналасындағылардан көмек сұрап қол жайды. Әңгімеде жас актердің осы кездегі жағдайын жазушы: «Сол бір күндері оның қандай жан азабына түскенін көрсеңіз ғой. Өнер адамдарының көбінің көңілі нәзік, боркемік болып келеді емес пе, қатты күйгелектеніп, ұйқыдан да, күлкіден де қалып, екі жағы пышақ жаныған қайрақтай қушиып, көзі шүңірейіп, бар-жоғы бес-алты күннің ішінде абақтыға түсіп шыққандай азып-тозып кетті. Оның үстіне әлгі жоғалған куртканың орнына бір жылы киім сатып ала қоятындай ақшалары да болмады» [112, 7 б.].

Осындай сәтте іштей мүжіліп отырған адамға рухани дем берген ешкім болған жоқ, бірақ материалдық көмек бергендер болды. Ол кавказдық бай кісі. «Егер қажетім болып жатса, мына телефонға хабарласа салыңыз» деп өнер адамына өз қажеттілігін айқын сезінген ақшалы кісі актер жігіттің өміріне ақырындап енген еді. Басына қиын жағдай туғанда актер жігіт бірден оны есіне алды. Себебі оған өзінің жұмыс орнынан, мәдени басқару ұйымдарынан көмек сұрау бос әурешілік сияқты еді. Бай кісі бірден көмектесті, баласына сыртқы киім әперіп қуаныш сыйлады, бірақ мұның бәрі актер жігіт үшін қымбатқа түсті. Ол өзінің өнерін, бүкіл жан дүниесін саудаға салған еді. Енді өмірге басқа қырынан қарады. Оның осыған дейінгі өмір сүру дағдысы, қалыптасқан дүниетанымы толығымен өзгерді. Енді ол – басқа адам, ұстанымы өзгерді, бағыты ауысты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет