1 КӨркем мінез бен жағдайдың тарихи-теориялық ТҰРҒыдан негізделуі және зерттелуі



бет6/7
Дата03.05.2016
өлшемі2.16 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

Дегенмен, актер жігіттің ішін жегідей жеген бір қиналыстың болғандығын мына сәттен аңғаруға болады: «Қашан көрсең де тұнжырап, ауыр ойға батып жүреді. Өзі жоқта хабарласқан дос-жарандарына, театрдағыларға да телефон шалмайды. Үйіне келгенде кешкі асын апыл-ғұпыл асығыс ішіп, «Мені мазаламаңдар, шаршап келдім» деп ерте жатып қалады».

Қоғамдағы өзгерістер күрт өзгеріске ұшыраған талай тағдырларды шалды. Ішкі жан дүние, сана сезім мен сыртқы орта, қалыптасқан жағдай бір-біріне кереғар болып келуі талайды тығырыққа тірегені анық. Бойындағы таланты мен дарынын басқа мақсатқа пайдаланып жүрген актер жігіттің рухани азып-тозып кеткені оның басқа жағдайды қабылдауынан басталған.

«Сол екі-үш жылда оның жаны мен тәні түгел қайыршыланып кеткен болатын. Көзқарасы, әсіресе көзқарасы тым аянышты еді. Үлкен-кіші, бала-шаға, кемпір-шал демей ол айналадағы адамдардың бәрінен қайыр-садақа дәметкендей жаутаңдап қарайтын. Онымен әңгімелесуге, көңіл көтеруге, қонаққа баруға, жай әншейін қатар отыруға мүмкін болмай қалған-ды» [112,


66 б.] деген сәтте қалыптасқан құндылықты жоғалтудың трагедиясын айқындау тұр.

Өнердің, өнер адамының ізденістеріне, шығармашылық қиялдарына, ерік-жігерлеріне қолдау көрсетудің орнына кейде оларды жер етіп, базардағы саудагердің бір күнгі тапқанын бір ай жүріп таба алмайтын жағдайға жеткізген тұстар болған. Қаламгер қалыптасқан ахуалда адам рухының аяқ астынан, тез арада, көпке шыдамай морт сынуына себеп іздейді. Актер жігіт образ сомдау үшін қолданған тәсілдерін өзінің күнделікті өмірінде қолданып күн көрістің ойынында жүр. Бала-жар, дос-жаран деген жақын адамдарының күні ертең бұл тірлігіне қалай қарайтыны туралы көп толғанған жоқ, оны бағыттайтын рухани орта, хал, адамдар болмай қалды.

Әңгімеде жағдай мен мінезді айқындайтын белгі – адам жұлдызы. Жазушыға осы бір трагедиялық жағдайды баяндаған келіншектің де, актер жігіттің де жұлдызы Бикеш болатын. Жұлдыз дегенде адам санасына аспан, биіктік деген ұғымдар келеді. Ендеше кез келген адам биіктікті аңсайды, соған қол жеткізуді мақсат етеді. Жұлдызды ешкім де жерден іздемейді, оны тек биіктен көреміз. Белгілі бір мақсатқа жеткен, бақытын тапқан адамның жұлдызы жарқырады деп ойлаймыз. Әңгімеде үш кейіпкерге де ортақ белгі үшеуінің де жұлдызы – Бикеш. Бірақ өмір жолдарында, өз жұлдыздарын табуда үшеуінің жолы әр түрлі. Бірі – жазушы, бірі – тағдыр талқысына түскен әйел, үшіншісі – қайыршы болып кеткен жас актер. Жазушы айқындаушы жағдай арқылы адам өз тағдырын өзі жасайды, әркімнің өмір жолында кездесетін қиыншылық оның тағдырындағы сын деген мәселе көтерген.

Кавказдық кісі бейнесінің жағдайға қатысы көп. Өз қандастарымыз игере алмай жүрген қазақ тілін игерген, театр өнерін бағалай біледі. Әңгімедегі «Жол-жөнекей олар театр, өнер жайында әңгіме қозғайды. Кавказдық кісі өзінің шет елдерге жиі баратынын, Рим, Париж театрларында болғанын, бірақ қалай дегенде де өзі туып-өскен өлкенің театрларының орны бөлек екенін тілге тиек етіп өтеді» [113, 37 б.] деген ақпараттың эмфатикалық мәні бар. Ол қолынан келгенше актер жігітке материалдық жағынан көмектесті.

Айналасына жалынышпен қарап қол жаю, өзін мүсіркеген көзқарасты іздеу жағдайы ұлттық түсінікте аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін жас жігіт үшін қылмысқа тең. Өзі өмір сүрген ортадан, айналасындағы адамдардан жеріген актер жігіт, тіпті, өз-өзінен де жатсынып кеткен. Қазір дүние өзгерді, адам өзгерді, оның өмірге көзқарасы, жақсы көру, жек көру сияқты қағидалардың ескі тұғыры шайқала бастағанына үңілген автор жағдайдың қалыптастырушы қызметін оңтайлы пайдаланып, өте күрделі мінезді бейнелеген.

«Армансыз» әңгімесінде де Қ. Аманжолұлы шығармашылық тұлғаға байланысты жағдайларды көрсеткен. Кейіпкерлері санаулы ғана әңгімеде авторлық ұстаным «Шаһид кешу» (Армансыз) атты аяқталмаған суретке тығыз байланысты.

Қаламгер қоғамдағы рухани-әлеуметтік қайшылықтарға, адамдар арасындағы қатыгездікке, ұлттық кісіліктің тоқырауына өзінің романтикалық идеалын қарсы қойған. Мына бір пікірге зер салсақ: «...қаламгер дүниетанымы қалыптасқан сайын түрлі идеологиялар ықпалына бұрыла қоймайды...» [21,
77 б.]. Мұнда зерттеуші авторлық ұстаным мәселесінің шалғайын серпіп қарауға жол нұсқап отырғандай. Адам ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құндылықтар аясында ғана өзін-өзі дамыта алады, таниды дегенге сенген жас жазушы адамның мінез-құлқына ғана емес, тағдырына, әр қилы жағдайға ден қояды. Оның өскен, жүрген қоғамдық-әлеуметтік ортасына үңіледі. Оқиға, сюжет құрылымын қаһармандардың рухани дүниесімен тамырластықта алып, мәңгілік өмір, өшпес өнер, тіршіліктің мәні туралы философиялық толғамдар шерткен.

Шығарма көріністері бас кейіпкердің «сана ағынынан» яғни, өткені мен қазіргісіне деген байлам-пайымынан құралады. Әр жағдай оның өз арының алдында ағынан жарылған есебі іспеттес. Суретші жігіт күнделікті тамағын асырау үшін көшеден өткен-кеткен адамдардың суреттерін салып берумен айналысады. Басында өз баспанасы, жұмыс істеуге қолайлы шеберханасы жоқ өнер адамы бұл іске көніп, тіпті жағдаймен үйренісіп те қалған сияқты. Жазушы суретші жігіттің әлеуметтік жағдайын көрсетумен қатар оның ішкі дүниесіне үңілу үшін өзінің суретін салып беруді өтінген жас қыздың бейнесін енгізген.

Не көрді, не ұқты, не сезді, не түйді – бәрін қалтқысыз көңілмен алдыңа жаяды. Ол – өмірлік мақсатын өнерде деп білетін суретші. Табиғаттың асыл сыйы – қабілет ұшқынын өшіріп алмауға тырысып жүрген жан. Оның шығармашылық мақсаты – «Шаһид кешу» суретін толығымен аяқтау болатын. Қыз бейнесінің алғашқы үш түрлі эскизін салып, бірақ оны қыздың көзінше жыртып тастауы суретші жігіттің түсініксіз күй кешіп жүргенін аңғартады. Ең алғашқы сәтсіз махаббаты оның әйел затына деген көңілін біржолата өзгерткен еді. Ал өзі суретін бейнелеген жас қыз оның жан дүниесін әуре-сарсаңға түсіреді. Кейіпкердің бұдан кейінгі әрекеті оның ішкі әлеміндегі арпалыстың нәтижесі. Ақыры суретші жігіт бар жұмысын тоқтатып қойып ұзақ түнді артқа тастап қыздың суретін толығымен аяқтап шығады. Олардың арасындағы қарым-қатынас ертегідей өрбиді. Қыз әкесі жоғары лауазымды қызметте істейді екен. Сондықтан лауазымды қызметкердің қызына лайықты болу үшін ақшасы молырақ жұмыс істеуге мойынұсынады. Оның өмір сүру дағдысы түбегейлі өзгереді. Суреттері шет елдерде сатыла бастайды. Үй, шеберхана, машина сатып алады. Бәрі сәтті, ойдағыдай, көңілінен шығып жатады. Бір сөзбен айтқанда оның арманы жоқ сияқты.

Армансыз ғұмыр кешуді әркім өзінше түсінеді. Жазушы суретші жігіттің аяқталмаған «Шаһид кешу» суретіндегі сарбаздың өлім алдындағы жүзінде өрлік тұнған сәтін: «Жастығын ала жығылған дала ұлының осы «жатысының өзі – армансыздық. «Шаһид кешу» деп бейнелейді. Сарбаз туған даласының төсінде жаумен айқасып қара жерді құшып жатыр. Қанша тән жарасымен азаптанып жатса да сарбаз жүзінде өрлік басым.

Ұлы мақсат жолында шаһид болған сарбаздың бейнесін толығымен жасап шығу суретші жігіттің қолынан енді келмейтін сияқты. Себебі ол сарбаз жанын, оның таным-түйсігін бұрынғыдай сезіне алмайды. Арзан қол дүниелерін сатып баю жолына түскен суретші жігіттің саяжай подвалында шаң басып жатқан суреті қашан аяқталары белгісіз. Өзінің әуелгі басты мақсаты, арман-мұратына елдік, ұлттық мәселелерді арқау етпек болған жас суретші бүгін бәрінен ада болып отыр. Оны өзге түгілі өзі де түсіне алмайды. Заман ағымы, дәуір тынысы суретшіні өз ырқына жібермеді. Әлеуметтік жағдай, материалдық игіліктер алдыңғы кезекке шығып жатқан кезеңде өнер адамы, оның өнерге деген шын сезімі, құштарлығы таразыға түскен еді.

Жазушы әңгімесінің өзек болған ойының, нысана еткен идеялық-эстетикалық принципінің салмақты бір саласы осыған саяды. Суретшінің жан дүниесіндегі шиеленіс дағдарысқа қарай осы негізде өрбиді. Бірақ қайсысының жеңері суретшінің ерік-жігеріне ғана байланысты емес, жағдайға да тәуелді.

Д. Амантайдың «Ештеңе жазылатын емес» әңгімесінде жазушының да рухани жадаулық, жалғыздық, мағынасыздық мәселесі көтерілген. Әңгіменің басты кейіпкері – жас жазушы Дияр.

Баяндау бірінші жақтан жүреді, автор Диярдың ой толғанысы, дүниетанымы тұрғысынан болмысқа көз жіберіп, бүгінгі қоғамның рухани келбетін бейнелеуді мақсат еткен. Әңгіме оқиғасы Қарағайлыда өтеді. Дияр отырған ұядай жылы бөлме оның өз әлемі. Толассыз жауған жауын қоғамдағы өзгеріс, өмір ағыны. Әңгіменің өн бойынан жауынға қатысты: «Қарағайлыда қайтадан жауын», «Әлі құйып жатыр», «Жаңбыр шүмектеп кетіпті», «Нөсер төңіректі сары уайымға батырып, себелеп жатыр», «Толассыз құйған нөсер бір қалыпты екпінмен Қарағайлыны таң атқалы езіп жатыр, езіп жатыр» деген суреттемелерден осыны байқауға болады, кейбір сәттерде О. Бөкеевтің «Қар қызы» повесімен ұқсас суреттер кездеседі.

Дияр мен Гүлнәзияның кезек-кезек келіп қарайтын терезесі адамның жан-дүниесінің сыртқы ортаға қарайтын, оны бағалайтын көңіл көкжиегі. Әңгіменің басынан аяғына дейін Дияр үйден шыққан жоқ. Өзінің жан-дүниесімен ғана тілсіз ұғынысып отыр. Тіпті жазушы Гүлнәзияны да сыртқа бір сәт шығарып жіберіп, Диярды жалғыз толғантады. Осыдан Дияр өмірі мен дүниетанымындағы қайшылықтарды жазушы қатар өргенін байқаймыз.

Ол айналасына болашағынан мол үміт күттірген жас жазушы еді, ал бүгін қолына қалам ұстағанымен, қағаз бетіне ештеңе түсіре алмайтын халде жүр. Әңгімеде: «Ол өзінің кеше ғана жеткен жетістіктерін ойлайды. Қазір барлығына нүкте қойылған. Неге жаза алмай кеткенін түсіндіре алмайды. Бір күні құланиектен оянып, жазу үстеліне шұқшиды. Бірақ ештеңе жазбады. Ертеңіне тағы үйреншікті орнына қонжиған. Түс мезгілінде өзіне дамыл беріп, кешкі алакеуімге шейін жазу үстелінен тапжылмады. Орындықты арқалығынан ызалана ұстап, әрі жылжытқанда, қағаздар сол тап-таза күйінде еді» [113,


370 б.] деген жолдардан айқын емес, шығармашылығына кімнің нүкте қойғанын оның өзі түсіндіре алмайды.

«Қазір барлығына нүкте қойылған. Әйелдерді ақша, абырой көбірек қызықтырады. Еркектің сымбаты да кейде осы дүниелердің көлеңкесінде қалып қояды. Ақша еркіндік әпереді, бақыт сыйлайды. Бірақ, байлық бақыт емес, ақшасыз бақыт тірлік кешпейді. Байлықтың бақыт еместігін ұғу үшін бәрібір әуелі өте көп ақша қажет» [113, 370 б.] деген жолдардан жағдайдың себепкер екені байқалады.

Әңгімеде жазушы Дияр танымы арқылы рухани жадаулық жайлаған ортада өмір сүріп жатқан адам баласының мағынасыз тіршілік кешетіні туралы ой қозғайды. «Бар тұлғасын басқан қорғасын мұң қайратты жігітті жуасытып жіберген. Кенет өзінің әлсіздігін іштей мойындады. Адам табиғатының тым-тым нәзік әлжуаздығы жайында пайымдап келе жатып, ішкі жан дүниесіне орныққан мағынасыздыққа сүрінді» [112, 371 б.] деген сәтте жазушы осындай жағдайды көрсеткен. Диярдың ішкі жан дүниесіндегі мағынасыздықтың орнығуына басты себеп – рухани жалғыздық.

«Мен үшін әдеби мына талпыныстың мәнділігі автордың негізгі концептуалдық ойларында, көздеген күретамыр бағыттама-нысанасында жатыр. Көбіне көп, біраз жастарға беталыс-бағдары беймағлұмдау, сапырылыс мынау шатқаяқ заманда, әркім өз білгенімен, күнкөріс қамы деп қылмыспен қоян-қолтықтасар қыруар қиямпұрыс ұрыстарға иек артып алған, рухани мағынасыздық, берекесіздік жайлаған аралық, өтпелі кезеңде медет тұтар үш түрлі құндық қасиетті (кітап, бокс, құдайы ұғымдар) күн тәртібіне шығара білгені – жас қаламгер келешегінен қалтқысыз хабардар етер нышаны екені даусыз» деп жас қаламгер Дидар Амантай шығармашылығы туралы айтылған пікір бағыттаушы жағдайдың басымдығын көрсетіп тұр [113, 4 б.].

Д. Амантайдың әңгімелері көбінесе бүгінгі жастар өміріне арналған. Сондықтан оның шығармаларында өмірлік тәжірибесі бай адам толғанып, өткені мен бүгінін салыстырып, ой қорыта бермейді. Өтпелі заманның өзі сияқты жастардың өмірге көзқарасы да олардың айналасындағы құбылыстарға тікелей байланысты болып келеді. Жас қаламгер өз әңгімелерінде көбінесе өмірдің идеяға, идеяның өмірге байланысын қарастырады. Биік идея тұрғысынан бүгінгі жастар өміріне үңілетін болсақ, ол жазушы іңгімелеріндегі сияқты қара дүрсін, кызықсыз болып көрінеді. Оның берекесіз, мағынасыз тұстары айқын байқалып қалады. Сондай-ақ Дидар Амантайдың әңгімелерінің өзегіне адам бойындағы сезімдер шарпысуы, тайталасуы да арқау болғанын байқаймыз.

Оның «Тәкәппарлық» әңгімесіндегі жағдай мен характер байланысы екіұдай. Сағат кемтар қызға көмектесті, оған гүл сыйлады. Осының бәрін не үшін істегеніне өзі жауап бере алмады. Ал қыздың мұны мүсіркеушілік деп түсініп тәкәппарлық көрсеткені нанымсыздау суреттелген..

Оның өзін мүсіркеген көзқарасқа, өзін аяған адамның сезіміне қарсылық білдіріп, сырты кем болса да рухани ішкі дүниесі кем емес екенін сыртқы ортаға, айналасына қалай білдірерін білмей аласұрған жан-дүниесін көреміз. Диана он екі мүшесі сау талайдан рухани дүниесі көш ілгері. Жазушы Диана сияқты характердің тәкәппарлық, өрлік іс-әрекеттерін мына жағдайда көрсете алмайтынын, қайта айналасынан өзіне көмек, мүсіркеу, аяушылық тілейтін күйге әбден мойынсұнып алатынын танытады. Жан жадаулығы, рухани мешеулік, ділдік кемдік бүгінгі жастар арасында көбейіп бара жатқанын байқаған жазушы өзінің шығармасына осы бір толғақты мәселені басты жағдайға айналдырған.

Аталмыш кезең прозасында адамгершілік, мұрат, әлеуметтік жағдай, ішкі психологиялық күй бір-бірімен өзектесіп, характердің қырларын ашу үшін қолданылған С. Оспановтың «Жол ережесі», Д. Әшімхановтың «Шымырбайдың шындығы» әңгімелерінен көреміз. Екі әңгімені байланыстырып тұрған басты мәселе – адам болмысы мен қоғамдық жағдайдың қарым-қатынасы, ажыратып тұғаны кейіпкерлерінің өз ортасынан әділдік іздеудегі әр түрлі іс-әрекеті еді. Ортақ жағдай мынаған саяды: адам қанша жасампаз болса да, бәріне иелік етсе де бәрібір өзінің өмір сүріп отырған ортасының оның ішкі жан дүниесін кейде балшықтай езіп, екі өкпеден қысып, кеңірек тыныс алуға мұрша бермей, санасын белгілі бір қалыпқа салып, өзіндік ой дербестігінен айырып, құр кеудесін сүйреткен тіршілік иесіне айналдырып жіберетіндігі. Осы орайда адам әр қилы жай-күйін беру мақсатында ішкі жан дүниесіне үңілуге, кездейсоқ жерде сөйлетуге, көп адамға емес, жалғыз-жарым адамға мұңын айтқызуға тырысушылық байқалады.

«Жол ережесі» әңгімесінде қаһарманның жан әлеміне барлау, рухани құндылықтар хақында толғаныс сәттеріне назар аудару, әрекет пен сезімнің бірлігін саралауға ұмтылу үшін психологиялық талдау өнімді қолданылған. Жазушы кереғар мінездердің шарпысуын сыртқы әрекеттерден емес, ішкі импульстен, күрделі жағдайдан іздейді. Қайшылықтың түбі – көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын дерексіз ұғымдар. Сондықтан да жазушы оқиға, тартыстарды дүниеге әкелетін рухани дүние сипатына назар аударған.

С. Оспанов әңгімесінің басты кейіпкері Ахметтің санасында өмірде бұлжымас ережелер бар, солар мен үшін басты бағдар деген ой қалыптасқан. Әңгіме оқиғасы жол үстінде өтеді. Шығарма сюжетінде Чеховтың «Чиновниктің өлімі» атты әңгімесіне ұқсас желілер бар. Қатты жылдамдықпен келіп қалған «Мерседес» машинасының жүргізушісінен қайта-қайта кешірім сұрайды. Оның түсінуінше, бұндай машина мінген адам жай адам емес, ендеше оның алдын кесіп өтуге болмайды. Бұндай қорытынды жасауға Ахметті өмірдің өзі итермеледі. Ол жол полициясы қызметкеріне ішкі жан дүниесін ақтарып салды. Өз өмірінде алғаш рет «Олардың» жолын кесіп өткенін, содан өзі ғана емес әке-шешесі де зардап шеккенін Ахмет қынжыла есіне алады. Ахметтің сөзіне құлақ түрсек, ол «бір кездері кеудесінде намыс оты болғанын, басынан бейсеует сөз асырмағанын, әлдекімге айбат шеккенін, сес көрсеткенін, әлдекімнің аты мен атағынан именбей, қызбалыққа салынып жұдырық сілтегенін айтқысы келді, кейін ғой жүндей түтіліп, малтадай езіліп кеткені, жұрт оны қайдан білсін, тумысынан осылай можантопай дейтін шығар» [114,


56 б.]. Бұл сөздерден Ахметтің болмысындағы өзіне тән мінез-құлықтың өзгеріп кеткенін байқаймыз. Оның өшуіне бірден-бір себеп әлеуметтік жағдайлар дейді автор.

Характер болмысын, бет-бейнесін көрсетсе оны әркім өзінше пайдаланады, жалпақ мінез танытса жұрт түгілі өзі қиналып бітеді. Енді Ахметтің не істеуі керек? Ал оның бітіретіні адамдардың тіршілігіне қарап отырып күйіну. Қарсы шығуға дәрмен жоқ, шықса соққы жейді. Сонда әділдік қайда деген сұрақ бәрін қинайды. Әділдіктің барлығына Ахмет сенуден қалған, себебі өзі ондай жағдайды әлі кездестірген жоқ. Бала-шағасының қамы үшін ол да бір сарынды тұрмысқа көндігіп алды. Оның өмір сүру ережесі – ешкімнің алдын кесіп өтпеу. Характер өзінің ішкі болмысын жоғалтқан, оны өзі де сезеді.

Ахмет бейнесі тоталитарлық заманды басынан кешірген, жаңа жағдайды түсінбеген адам мінезінің келбетін танытады. Өзі өмір сүрген қоғамдық жағдай, орта адам баласын ұршықша айналдыратыны бар. Бұған біреу шыдайды, біреу морт сынады. Адамдық рух, болмыс-бітім, мінез-құлық, ұлттық діл мен тілді сақтап қалу көп адам үшін үлкен сын. Кешегі кеңестік жүйедегі қытымыр қаулы-қарар, жеке басқа табыну, жоғарыдан үкім, бұйрық күту, оған қарсы пікір білдіру жоқ, оны тек бұлжытпай орындау, ішкі жан дүниенің тілеуін емес, сырттың әмірін орындау, көңілің соқпаған дүниені жақсы көру, ұнатпайтынды мақтау сияқты оспадар саясат адам баласын балшықша илегені баршаға аян. Осындай дәуірді басынан кешірген Ахмет әуре-сарсаңға түскен өзін егемен қоғамда таба алмай жүрген жан. Өзіндік «Менін» жоғалтып дал болып жүрген бүгінгі ұрпақтың бір өкілі. Шынында А. Егеубаев айтқандай: «Қазіргі қазақ қауымына да ең алдымен керегі – Тән саулығы мен Жан саулығы! Одан туындайтын тарихи Сана саулығы» [115, 8 б.] дегендей адам трагедиясы ішкі «меннің» жоғалуына байланысты екендігін осы әңгімеден де байқауға болады.

Жазушы Ахмет тұлғасын сомдау мақсатында психологиялық талдау әдісін ұтымды қолданған. Осы арқылы кейіпкердің ішкі әлеміне терең бойлайды. Әңгімеде: «Айналаңда жүрген жұрттың бәрі қорқынышты. Ертең кімнің қалай өзгеретінін, сосын қандай қысастық жасайтынын кім біледі, кімнің ішіне кіріп шығасың ...Миы жетпейді. Мұның бәрін табиғаттан әлдекім емес, сол жұмыр басты, екі аяқты пенделердің өздері жасайды бір-біріне. Не жетпейді, неге көңілдері көншімейді? Қасқалдақтың қанындай жалғыз рет берілетін ғұмыр. Тағдырыңды өзіңнен көш төмен әлдекімдердің тәлкек қылуы қалай жаныңа батпайды, қалай торғайдай шырылдамайсың...» [114, 66 б.] деген үзіндіден жазушының қалыптасқан жағдайға бағасын көрсетеді.

Ахмет – бұл күнде жан дүниесі аяусыз тоналған сүлдерін ғана сүйретіп жүрген, басқаларға беймағлұм қауқиған тіршілік иесі. Ол барған сайын өзінің адамдық тірегінен алыстап бара жатыр, нақты белсенді іс-әрекеті жоқ. Қаһарман үстемдік жасайтын нақтылы жағдайдың құлы.

Ол өз ортасымен үйлесім таба алмай көп нәрседен жатсынған адам. Ахмет шама-шарқынша көп дүниеге қарсы шықты. Ол түзу жолмен жүргісі келді. Бірақ кедергіге көп ұшырады. Әңгімеде: «Дүниенің кілті әділдік пен адалдық деп алжасты ғой алжасқанда әу баста. Құдай-тағала адам баласын мұддығысына қолын жеткізбейтіні бар сол бір аққу қасиеттерді көңілге күйік қылып несіне көлеңдетеді. Соның жолында құр әуре-сарсаң болу. Басқаны қайдам, өзі әлі күнге дейін соның көк тиын пайдасын көрген емес... Тіпті, күлкілі...» [114, 66 б.] деген жолдардан ол тіпті әділдік пен адалдықтың жолында күресуді бос қиял деп есептейді. Оған ешкімнің қолы жетпейді, жетемін деу Ахметтің ойынша күлкілі. Адалдық пен әділдік жоқ мына заманнан әбден түңілген Ахмет бір сарынды бұйығы тірлікке көшті. Жұрт не айтса соны дұрыс деп басын изеп жүре береді. Құлағы тыншыды. Осылай да өмір сүруге болады екен. Ол көңілінің әуеніне, жүрегіне қатысты нәрселердің бәріне құлақ аспайтын болған.

Ал Д. Әшімхановтың «Шымырбайдың шындығы» әңгімесінде жағдай басқа – басты кейіпкер Шымырбай қарт өмірде әділдік барлығына сенеді. Ахмет сияқты ол өз қоғамынан, ортасынан түңілген жоқ. Сол қоғам үшін еңбек етіп, қызмет қылудан жалыққан емес. Әңгіме өзегіне адам мен қоғамның жаңа жағдайлары арқау болған.

Әңгімеде Шымырбай қойшы мен ол туралы хабар дайындамақ ниетпен келген журналист жігіттің бейнесі берілген. Шымырбай қойшымен сұхбаттасып, өзіне қажет материал жинап қалаға қайтқан журналистің бағдарламасын Шымырбай қойшы асыға тосып отыр. Бұл сәт әңгімеде былайша суреттеледі: «Қалай ойласа да Шымекеңнің бүгінгісі өзіне ерсі сияқты. Ерсі емей немене, таңертеңнен бері атам заманғы ақ сағатына кем дегенде қырық рет қараған шығар. Оған қанша қараса радиоқабылдағышының құлағын да сонша бұраған болар. Пендешілік те бәрі, әйтпесе жасы жер ортасынан ауғанда мақтан бұның не теңі?.. «Қой өрісті бір айналып қайтайын» [116, 99 б.]. Қойшының бұл бағдарламаны асыға тосуына басты себеп «Әбизәтілнә жазып ал» дегендерін есту еді. Осы бір «жазып ал» деп ерекше тоқталған жағдайлары қойшының жанын күйзелтетін әділетсіздіктер болатын. «...Оны ойласам қазір де жүрегім ауырады, балам. Тек айтқанымды әбизәтілнә жазып алшы... Биылғы жазда алыс жайлауға көшкенбіз. Көшіп барысымен алты қойым бірден айналма деген ауруға ұшырап, өрістен қалды да қойды. Сосын сраз ауылда жатқан беттехніктерге сәлем айттым. Бірақ апта өтті, ай өтті хабар болмады. Ақыры біртіндеп малдарым өле бастады» [116, 106 б.].

Журналист жігіт Сағидолла Шымырбай шындығын түсінбеген. Шындықтың беті ашылады деп асыға күткен Шымырбай сенімі көкке ұшты. Тұлғасын қанша аспандатқанмен, оның тұрмыс тіршілігі, ішкі жан-дүниесі ескерусіз, елеусіз қалған еді. Барлық адамнан тек қоғам үшін еңбек етуді, аш-жалаңаш жүріп ер болуды талап еткен қоғам Шымырбай сияқты шопандарды өзінше тәрбиелеген. Сондықтан да Шымырбай санаға сіңген әдетпен журналист жігітке өзінің балалық шағы туралы «әкеден ерте қалған ол ақ таяқты он жасында ұстап еді, бірде аш, бірде жалаңаш жүріп ер жеткені жайлы басымырақ айтқан еді. Тіпті соғыста жараланып госпитальда есін жинай алмай сандырақтап жатып «қой», «қозы» деп күбірлеген еді» [116, 102 б.] деп тым асқақтатып жіберген пікірі шындықпен қабыса қоймайды. Шымырбай туралы жазылған очерк сыртқы жағдайға ғана мән берген. «Өмір шындығы мен көркемдік шешім диалектикасының нәтижесінде қол жететін шынай шеберлік үлгісін көркем бейнелеудің барлық құралдарының өзара ұйымдасып, тұтасуы ғана қамтамасыз ете алады» [117, 28 б.] дегендей автор ішкі және сыртқы жағдайдың үйлесімін бере білгендіктен, кейіпкер характері сенімді шыққан.

Ішкі әлемі өзіне ғана тән бітім-болмысы, ой-санасы, пікірі ешкімді де ойлантқан жоқ. Өзі туралы очеркті баласының естімегені дұрыс болды деген ой Шымырбайға жайдан-жай келген жоқ. Өзінің очеркте қалың бояумен боялған болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі баласы Тұңғышбайға басқаша әсер етері сөзсіз. Ол әрине әке кәсібінен безбес еді, бірақ шындыққа деген сеніміне көлеңке түсер еді.

Шындықты жасыру, көлгірсу, көп сөзділік, көз бояушылық орын алған қоғамның суреті тұр. Оның атауы – «Шымырбайдың шындығы» жағдай мен кейіпкердің арасындағы бір-бірін айқындауға құрылғанынан хабар беріп тұрғандай. Елдің санасына саяси-әлеуметтік жағдайлар көптеген өзгерістер әкелетіні туралы көп айтылып, жазылып жүр. Ал сол санаға қазір әсер ететін басты жағдай – ол ақша. Бүгінгі қоғамымызда тек қана материалдық игіліктер ғана емес, адами құндылықтарда ақшамен өлшенетін жағдайлар көп кездеседі. Туыстық, жолдастық қарым-қатынастардың аяқ асты болып ақша үшін бір-бірімен жауласатын болды. Қазіргі қазақ әңгіме, повестерінің бір парасы заман мен замандас бейнесін, олардың ішкі жан-дүниесінің небір қалтарыс-бұлтарыстарын ашып көрсетудегі жағдайлардың шиыршық атып, өткір көрінуіне ақша мәселесі негіз болып отырғаны байқалады.

Қ. Жиенбайдың «Бизнесмен Құлшараптың Қожанасырмен қоштасуы»,


Д. Әшімхановтың «Аққабаның толқыны», Д. Рамазанның «Жан тәсілім»,
Т. Ахметжанның «Төрт қанден» әңгімелерінде жағдайдың ортақтығы байқалғанымен, характерлер дараланған. Бұл шығармаларда Нұрлыбек, Құлшарап, Айдарбек бейнелері үшін өмірдің бар мәні, тіршіліктің тірегі ақша екені бірден байқалады.

«Аққабаның толқыны» әңгімесінде Нұрлыбек пен Алтынайдың отбасының оңаша тіршілігі бейнеленген. Бұл екі жас ерлі-зайыпты болып қосылғаннан бері елден жырақта, орман ішінде өмір сүріп жатыр. Бұған бірінші себеп Нұрлыбектің жұмысы болса, екіншіден оның пиғылы, ниеті еді. Кейіпкер тоқтамына сүйенсек, адам өмірден өз орнын табу үшін ең алдымен мол ақшаның иесіне айналу керек. Төрден орын алу үшін, дүние жинап бай атану қажет.Осындай діттеген мақсатына жету үшін, өзінің ішкі ойын жүзеге асыруды көздеген ол адамдардан жырақ орман ішіне кетеді. Аңшылықты кәсіп етіп, қымбат терілер сатып, ақша жинай бастайды. Әңгімеде кейіпкердің басты нысанасын мына сөзден-ақ байқаймыз: «– Бұл ақша емес пе, қып-қызыл ақша ғой. Осы меңіреу мекенге не үшін келдік. Әрине ақша табу үшін, ақша үшін, ақша!» [116, 56 б.]. Ал Нұрлыбек сол ақшаның қызығын қашан көрмек деген сұрақ өзінен өзі туындайды. Расында да өмір болса зырылдап өтіп жатыр. Алты жыл өте шықты. Алтынай бұрынғыдай дүниеге қызыға қоймайды. Ол бұрын да дүниеге қызыққан емес. Оның мақсаты дүние емес. Сондықтан да оған бүгінгі өмірі сүреңсіз. Адамдар ортасын сағынады. Ал Нұрлыбек жалғыз жүріп дүние қожасына айналмақ. Екеуі бір шаңырақ астында ғұмыр кешкенмен, дүниетанымдары әр басқа. Өмір сүруді, оның мәнін әрқайсысы өзінше түсінеді. Әңгімеде автор мына бір сәтті кіргізе отырып Нұрлыбек пен Алтынайдың ешнәрсе өзгерте алмайтын арманын көрсетеді: «Артынша Алтынай онымен де қоймай:

– Егер екеуміз Аққабадан алтын балық ұстап алсақ, сен не тілер едің? –дегені тағы бар.

– Бүкіл ғұмырымызға жетер көп-көп ақша сұрар едім, – деген ол қиялға батып. Ал Алтынай:

– Мен екеуміздің де ешуақытта қартаймауымызды өтінер ем, – деп еді-ау сонда» [116, 12 б.].

Ол өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы өмір сүру салтымен келіспейді. «Мамандығымыз бойынша қойға санитар болсақ қой, күндіз-түні малмен алысып, жасымызға жетпей қартаяр едік» [116, 12 б.] деген сөзі осыны көрсетеді. Жақсы өмір сүрудің негізі ақшада деген ұғым оның санасын тұмшалап алған. Отбасының қызығын, жанұя жылылығын сезіне алмай немесе сезінгісі келмей жүрген Нұрлыбек азамат ретінде биік ұғымдарға көтеріле алмайтынының басы ашық, өзі құл, өзгені де құл келгісі келеді. Оның дәл бүгінгі тұтқыны сүйген жары Алтынай өзінің жалғыздығын мұң етіп айтқанда Нұрлыбек: «– Осы сені қай құдай алып барады, мен сияқты от пен су кешіп жүрген жоқсың. Қарның аш, киімің жыртық емес. Екі қолың бос. Адам соған да жалыға ма екен?» [116, 16 б.] – дейді. Оның ойынша, адамның қарны тоқ, киімі бүтін болса болды. Оған басқа ештеңенің қажеті жоқ.

Әңгімеде жазушы Нұрлыбектің бейнесі арқылы адамның ішкі жан дүниесінің құлдыққа икемделуін, өз ортасынан жатсынуын көрсеткен. Ал Алтынайдың ішкі жан дүниесінде рухани құндылықтар мен байлыққа құштарлық талас-тартысқа түсіп жатыр. Рас, ол дүниеге қызықты. Нұрлыбектің айтқанына көнді, оны қолдады. Бірақ кез келген уақытта бұрынғы Нұрлыбектен айырылып қалатынын сезген жоқ. Жағдайдың беталысын байқаған Алтынай аласұрып жалғыздықтан, қараңғылықтан құтылғысы келді. Бірақ кім құтқарады? Жаны қалайша қолдау табады? Автор осы сауалға жауап іздейді.

Шығармадағы алуан түрлі пейзаж қаһарманның рухани-адамгершілік толқуларымен психологиялық жағынан тығыз ұштасып жататынын көреміз. Табиғат адамның қуатты тебіреніс күйін кешер сәттерінде танымастай өзгереді. Мұндай жағдайларда персонаж іштей түлеу, серпілу шақтарын бастан өткізеді. Үйінің іргесінде сарқырап ағатын Аққаба, оның толқындары ғана көңілін сергітіп, бауырына тартушы еді. Жазушы Аққабаның табиғи құбылыстарымен Алтынайдың жан дүниесін астастыра суреттеген. «Бірақ соңғы кезде Аққаба да бір сарынмен ағатын болып жүр, бұрынғыдай жыламайды да, сыңсымайды да, бұрынғыдай тек сыбызғының ғана тар өзегінен шығатын сиқырлы әуезінен айырылып , кәдімгі барлық тау өзендері сияқты тынымсыз шулайды да жатады. Қазір де, міне, сол шуылымен Алтынайдың құлақ етін жеп жатыр» [116, 11 б.].

Соңғы кезде Аққабаны Алтынай жек көреді. Өйткені онда өзгеріс жоқ, ол бір сарынмен ағады. Себебі кейіпкердің өз тұрмысы, тіршілік тынысы ешқашанда өзгеріссіз дәл Аққаба сияқты бір сарынға түсіп алған еді. Белгілі бір қалыптан шығып өзгеру үшін көп уақыт немесе үлкен бір себеп-салдар керек. Алтынай ондай өзгерістің жуық арада бола қоймайтынын сезеді. Тіпті ол ана болу бақытына ие бола алмай жүр. Табиғат бұған оның да қызығын жазбай жүр. Жалғыздық жанын жеген Алтынай айналасынан жылу көрмей осылайша күнін өткізіп жатқан еді.

Алтынайдың Нұрлыбектің тұтқынынан босап шығуына еліктің лағының қанын көрген себеп болды. «Алтынай енді ғана таныды. Таныды да еңкейген күйі қатты да қалды... Еліктің лағы. Тамағын кездік орып түсіпті. Ұйыған қан ішінен аппақ жұлыны көрінеді ... қылдырықтай мойыны тұтасқан қан... Алқымы қан... Қан ішінен жаудыраған көздері Алтынайға бейкүнә қарайды» [116, 13 б.] деп суреттелетін сәт арқылы автор Алтынайдың еліктің жаудыраған көздеріне қарап мектеп бітірген кездегі суреттеріндегі өзінің жаудыраған жанары есіне түседі. Табиғат еркесі, сұлулықтың символы сұлу елік пен ата-ананың әлпештеген қызы Алтынайды көкейін тек ақша тескен Нұрлыбектің құрбанына айналдыра отырып күрделі жағдай тудырған..

Алтынай да Нұрлыбек сияқты жалғыз. Әдетте, «Жалғыздарды» табыстыратын ортақ бір себеп, не болмаса, ортақ көзқарас болатын. Әңгімеде жағдай басқа. Кейіпкерлердің әрқайсысы – бір-біріне бағынбайтын жеке-жеке бір әлем. Оларға тән ортақ мақсат мүлде жоқ деп айтуға боларлықтай. Нұрлыбек өз-өзіне сенімді кейіпкер ретінде суреттелсе, Алтынай «әлсіз» бейне, оны тыңдайтын, түсінуге ұмтылатын жан жоқтың қасы. Автордың өзі әрқашан Алтынайдың жанынан табылатындай. Екеуінің өмірге екі түрлі көзқарастары адами, қоғамдық, дүниетанымдық үлгідегі жағдайларды қамтиды.

Жазушының бір кейіпкері ертеңі үшін «ой толғар» болса, екінші кейіпкерге бар қызық бүгінгі өмірінде.

Жазушының өз айтуы бойынша, Нұрлыбек пен Алтынай арасында, олардың өмірінде, оларды қоршаған ортада бәрі бар: баспана, байлық, күнделікті қым-қуат тірлік, табиғат аясы, т.б. Бірақ осы «бар» деген ұғымның қатарына автор егіздің сыңарындай етіп «жоқ» деген ұғымды қосады. Иә, оларда ештеңе жоқ, атап айтар болсақ, ұрпақ сезім үндестігі, рухани жан- дүние байлығы өздерін қоршаған орта, қоғаммен бірлік, табиғатпен үндестік. Тіпті оларды ел жағдайы қызықтырмайды.

Екі кейіпкер арасында екі түрлі көзқарас күресі тұр. «Рухани» деген сөз астарына көз жүгіртіп, түсіне білген, оны жан дүниесімен сезіне білген Алтынай Нұрлыбекті түсінуде қауқарсыз. Мүмкін түсінуге тырыспайтын да болар. Өзінің бар ой-қиялын, алдыңғы болашақ өміріне арнаған мақсат-мұратын қазіргі күн үшін құрбан етіп, іштей ғана егіліп, үн-түнсіз күн кешіп жатқан Алтынайды осынау «елсіз» жерде ұстап тұрған ері алдындағы борышын ұлттық сана-сезімі, адами қасиеті. Жазушы осылайша Алтынай мен Нұрлыбек арасындағы жағдайдың қарама-қайшылығын суреттейді. Дау астарында бүкіл қоғамға тән мәселелер жатыр. Д. Әшімханов адам мен адамның қарым-қатынасы үшін материалдық байлықтың ешбір роль атқара алмайтындығын, әлем гармониясы үшін рухани тазалықтың, рухани байлықтың, рухани үндестіктің ауадай қажет екендігін көрсеткісі келген сияқты.

Қ. Жиенбайдың «Бизнесмен Құлшараптың Қожанасырмен қоштасуы» әңгімесіндегі Құлшарап Нұрлыбекке ұқсас, оның да көкейін тескен бар
мақсаты – ақша табу. Өзінің айналасындағы адамдармен тек қана ақша үшін араласады. Бүгінгі оның қонағы Көсемәлі поштабай. Өйткені бүгінгі жағдайы оны Көсемәліге тәуелді етіп отыр. Көсемәлі – идея иесі, Құлшарап – сол идеяны орындаушы. Құлшараптың бизнесмен атанып, өзінше іс бастауында Көсемәлінің үлесі зор.

Әңгіменің басында Құлшараптың өз-өзімен сөйлескен монологы көп жайды анықтайды. Әлдебір тылсым күштің әсерімен өзі арақ әкелуге ауылдың екінші шетіндегі коммерциялық дүңгіршікке жұмсаған баласының бейнесін көреді. «Әне ... Әмірбек, сол ғой, биыл сегізінші сыныпқа барған Әмірбегі. Шолақ көшенің сол қанатына шығып алған күйі құлдыраңдап жүгіріп келеді. Әлжуаз. Түртіп қалсаң етпетінен құлайтындай. Ал қырсыққанда тура жауырын тұстан жел түйгіштесе қалбалақтамағанда қайтпексің?! Қойнында бөтелке. Ай, несін айтасыз, көкесінің құдай сүйер қылығы жоқ» [118, 6 б.] деген үзіндідегі Әмірбек бейнесі осы бір әке елесінде қалай қорғансыз болса, өмірде де дәл солай қорғансыз.

Әкесі үшін бәрінен де қымбат дүние – ақша. Құлшарапты баласының болашағы, елінің мүддесі тіпті де ойлантпайды. Ол Тұрсынбайдың көкесі сияқты елдің қамын жемейді. Құлшарап құлқынның құлы. Бала тәрбиесіне басын ауыртпайды. Сабақ оқып отырған баланы араққа жұмсау ол үшін түк емес, күнделікті тұрмыс-тіршілікте, есебін тауып, қиюластырып ақша табу жолында жүрген көп «бизнесмендердің бірі» ғана. Ол затты ғана емес, айналасындағы адамдардың өзін, сана-сезімін сатып алғысы келіп тұратын бүгінгі қоғамымызда жауыннан кейінгі арам шөптей көбейіп келе жатқан тар дүниетаным иелерінің бейнесін береді.

Төрінде отырған Көсемәліні ол, әрине, іштей жаратып отырған жоқ. «Құлшарап жарылып кете жаздап барып, өзін әзер тежеп қалды. Ашулануға болмайды, сәл шыдайын» [118, 6 б.] деген ой осыны көрсетеді. Құлшарап Көсемәліге тәуелді. Өйткені бүкіл идеяның иесі. Бұл идеяны іске асырушы. Ендеше оның ой-санасы заман ағымына әбден тәуелденген, жағдайды ойлап басын ауыртқысы келмейтін кейіпкерлердің бірі. Киіктің мүйізін, сексеуілдің тамырын жинап Байқоңырдағы әскерилерден машина, қытайлықтардан да машина алған Құлшарап Көсемәлінің тағы да ақша табар идеясын күтіп жүр. Оның соңғы идеясы «– Ал енді...көп айтатын не бар. Қаперіңде жүрсін бала. Қытайлықтар тағы келе жатыр біздің жаққа қамдан. Қарға, қара қарғалардың ішінен де бір нәрсе алатын көрінеді дәрі-дәрімек жасауға. Өті ме, өңеші ме ол жағын қайдан білейін. Сол. Сол енді...» [118, 7 б.] еді. Бұл идеяны естіген Құлшараптың түнгі ұйқысы бұзылды. Ол енді қара қарғаны асырауға кірісті. Сюжетке динамикалық жағдай жаңа серпін берді.

Тауықтың өлген балапанын тауып алған Құлшараптың көзінің алды тұманданып қарғаларды қырып-ақ тастағысы келеді. Ол үйіне келіп көңілі босап: «Азып-тозған дүние-ай» деп ішінен күрсінеді. Оның ойынша Қожанасырлау ғұмыр кешкен Көсемәліні қас пен көздің арасында жоғалтып алған. Дүние тарылып, өмірде мән-мағына қалмаған. Жұрт бірін-бірі түтіп жегелі отыр. Көсемәлі жоғалған жоқ. Ол өзінің ішкі-сыртқы жан дүниесінің мүмкіншілігін пайдаланып ғұмырын кешуде. Ал жоғалып кеткен Құлшараптың өзі. Кең дүниені тарылтып отырған да өзі. Есігінің алдында өзі өсіріп отырған қара қарғалардың тіршілігін уақытында тоқтата алмаса өзі кешері әбден хақ.

Әуедегі қарғалар парадокстік жағдайдың белгісі ретінде тұспал мағына береді. Жазушы адам мінезін, оның бойындағы өзімшілдіктің қай кезде қалай бас көтеретінін өстіп қиын тығырыққа тіреп барып ашады. Бағыттаушы жағдай айқындаушы мағынаны үстеу арқылы қолданылған.

Оқиға мінездердің қақтығысына байланысты жағдайларда өрбіп отырады. Қылмыс пен мораль, рухани ғаріптік, дәулет пен адамгершілік, қатыгездік пен кісілік секілді бір-біріне шендестіріле қозғалатын түйінді мәселелер, жазушының суреткерлік қабілетімен қатар таным деңгейін де көрсетеді. Екі кейіпкер, екі түрлі көзқарас, екі түрлі дүниетаным. Міне осы кейіпкерлер арқылы жазушы адалдық пен арамдықтың, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажырату үшін байланыстың айқындаушы түрін қолданғаны дұрыс болған.

Д. Рамазанның «Жан тәсілім» әңгімесінде осы тақылеттес жағдай кездеседі. Әңгіменің басында-ақ бір-біріне деген егеспен, ішкі қыжылмен көрінген Зекен апа мен баласы Айдарбектің арасындағы қайшылық шиеленісіп барып трагедиямен аяқталады. Анасы өзінің туған баласы Айдарбектің қолынан қаза болады. Туған анасын өлтіру қазақ үшін ғана емес, бүкіл адамзат баласы үшін айтуға ауыз бармайтын қылмыс. Айдарбектің көкейін тесіп тұрған ақша, сол ақшаға сатып алатын наша. Анасының ақша жоқ деп безектегеніне қарамастан Айдарбек оны жан алқымға алады.

«– Айттым ғой, саған дауа жоқ. Өз обалың өзіңе ... кәрі қақпас. Ылғи да өстіп... – Шешесінің тамағынан қос қолымен қылқындыра ұстаған күйі қаттырақ қысып-қысып жіберді. – Мен саған көрсетейін ... қазір өзің-ақ...

– Ой ...О-о ...о... – Қылқына қырылдаған күйі арт жағындағы ағаш төсекке шалқалай құлаған кемпір жандәрменімен алқымындағы ұлының қолына жармасып, тартқылай берді. Бірақ тастай қатқан қарулы қолды серпіп тастауға күш-қуаты жете қоймады: «Айнал-айын, анаңмын ғой...» деуге ғана мұршасы келді» [111, 17 б.]. Бұл диалогта көп нәрсе қамтылған, қазақтың анасы мен баласының аузынан шығатын сөз емес.

Қаны қарайған қатыгездіктің бұдан асқан көрінісі әңгімедегі жағдайға ерекше мағына берген. Бұл жан түршігерлік деталь. Ана өлімі – шығармадағы қат-қабат қақтығыстардың, сыздаған қайшылықтардың, терең дағдарыстың нәтижесі, барар жер, басар тауы қалмаған Айдарбек үшін жағдайды өзгертудің жалғыз амалы осы сияқты. Бұндай трагедиялық финалдың қалыптастырушы әлеуеті күшті әсер ететіні анық.

Көркем шығармада өлімнің қоғамдық-әлеуметтік заңдылығы, көркемдік-эстетикалық дәлелі, логикалық-психологиялық себебі бар. Кейіпкерлердің күрделі мінезінің, ішкі психологиясының көрініс беретін тұстары осындай сәттер. Айдарбектің өмірлік ұстанымында, оның осы жағдайды жатсынған болмысында толқымалы тұстар бар. Автор образдың ішкі тайталастарын беруде өзінше тәсіл таңдайды. Шешесін алқымынан алып тұрған оның басына келген мына ойдан: «– Жаны тәтті ... Ақша онан да тәтті ... өмірі осы ғой. Бір тақыс. Әкесі ақшадан өлгендей, есіл-дерті ақша. Менің өстіп сормаңдай болып жүргенім де осының кесірі емес пе?! Жоқпен бірге туғандай, жоқтан басқа айтары жоқ... Ең аяғы үйлену тойымда да ақшадан қысып, қалтыратып қойды-ау? Сені де ана дейді-ау! Жанар байғұс та сенің осындай тақыстығың мен нақыстығыңа шыдай алмай кетті-ау екі баламды жетелеп. Солардың көз жасы жіберер дейсің бе, сен қақпасты. Қатынды қойшы, өлмес. Бір тамшы қанымнан жаралған балаларымды ойласам ішім удай ашиды. Бәрінен де балаларыңнан тірідей айырылған қиын болады екен. Атаңа нәлеттердің ойымнан қылықтары, көз алдымнан бейнелері кетпейді. Жанымды жегідей жейтін де сол, қайда жүр екен өздері... Бұралқы иттей... Менің жүрісім мынау!..» [111, 17 б.] жағдайдың басқа сырлары ашылды. Оның көңілінде ертеден келе жатқан бір қыжыл бар. Осының бәріне анасының ақшаға құмарлығы басты себеп. «... шығарманың материалдық болмысын, өзегін тарихи белгілі, ақиқат оқиғалар құрмайынша, дәуірдің шынайы шындығын суреттеу тағы да қиын» [119, 12 б.] деп белгілі ғалым Ж. Дәдебаев айтқандай, қазіргі қоғамның жан түршігерлік ащы шындығы осы. Автор осы тұста характер мен жағдайдың байланысының айқындаушы түрін шебер ұйымдастыра білген.

Бұл жағдайға байыптап ен мейірімін ақшаға деген тойымсыз көзқарас таптап кеткен. Ақша бәрінен биік болып, рухани дүниеден үстем тұр. Кеше ана туған баласын ақша үшін қысса, бүгін бала анасын ақша үшін қысып отыр. Заман сол, жағдай кезек. Ақша айқындаушы сипатқа ие болып тұр.

Айдарбек ақша үшін бүгін қарап, ой жүгіртсек ана мен баланың арасында ақша тұр. Олардың бір-біріне деганасын өлтірді, ертең не істері белгісіз. Ана қанына қолы малынған Айдарбек енді оны жоқтап, өткенге өкініш білдіре бастайды. Әлгі қатыгездіктің ізі де қалмай, анасының ауыр тағдырын, көрген бейнетін жіпке тізгендей қылып сарнап қоя береді. Еңкілдеп жылаған кезі Айдарбектің бар жан дүниесінің ақтарылған тұсы. Адамдық, азаматтық қасиетін пендешілігі, әлсіздігі, қорқақтығы жеңген қуыс кеуде жан екендігін, өзі үшін де, өзге үшін де еш мейірімі жоқ екенін сезінгендей болады. Бұл кішкене күйкі жанның үлкен, ғұмырлық трагедиясы, қорлығы.

Жазушы әңгімеде Айдарбек бейнесі арқылы бүгінгі қоғамдағы қауіпті жағдайды байқатады. Әңгіме өзегінде сондай-ақ бүгінгі күні нашақорлықпен санасын улаған ұрпақ тағдыры жатыр. Уланған сана жолындағысының бәрін аттап өтіп, адамзат баласының ең қасиетті, киелі жаны анаға қол салды. Ана өз баласының қолынан өлді. Бұл жалғыз бір адамның немесе бір ұлттың басындағы трагедия емес, бүкіл адамзат баласының басындағы ащы қасірет.

«Төрт қанден» әңгімесіндегі Т. Ахметжан Сәшке-Сағыныш бейнесі де Айдарбекке ұқсас. Ол да жалғыз анасының қолына қараған атпал азамат болса да қазіргі жағдайда өзін-өзі жоғалтып жүрген көп жанның бірі. Жазушы оқырманына Сәшке-Сағынышты көрсетпейді, оның кім екенін шешесінің монологы арқылы танытады. «– Үй осы, – деді кемпір ортаңғы күңгірт бөлмеге кірген кезде демігіп, – қарайтын кісі болмаған соң мола боп тұр. Өзімнен хал кеткелі... Сәшкеге қатын ал деп қақсағалы жиырма жыл болды. Ол көгермегірдің арақтан басқаға қолы тие ме! Самай шашы ағарып, иегіне сақал шыққанша ақыл кірмеді-ау, қайтейін... Е-е, қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым...» [120, 117 б.] деген үзіндіден Сәшке-Сағыныштың кім екені байқалады. Әрі қарай әңгімеде автордың қалыптастырушы жағдайға бет бұрғаны көрінеді. Ана мен бала арасындағы сезімді қалыптастырушы негіздерге үңіледі.

Ана жүрегіндегі балаға деген мейірім, махаббат барлық реніштен, өкпеден үстем тұр. Ал баланың анаға деген сүйіспеншілігінен не үстем тұр деген сұраққа жауап біреу. Ол – арақ. Ұрпақ санасын улаған, халықтың көптеген қадір-қасиетін аяққа таптаған осы бір кесепатты жеңу бүгінгі қоғамның қолынан келетін емес. Анасын ұмытқан ұрпақ ертең елін ұмытары сөзсіз. Белгілі сыншы С. Әшімбаев: «...адамгершілік – жеке-дара принцип қана емес, заңның да, адамның да құдіретін танытатын ең ұлы күш. Өйткені адамгершілік негізделген жерде не нәрсеге де құдірет дариды» [121, 24 б.] дегендей, шығарманың шынай шындығы рухсыз жағдайдағы қалыптастырушы типті ашуға бағытталған.

Әңгімедегі төрт қанденді асырап отырған ана әрекеті шарасыздықтан жасалған. «...Кемпір байғұсқа обал-ақ екен... Шамасына қарамай бес ит асыраған не теңі десеңізші. Е-е, қай бір жетіскеннен асырап отыр дейсің. Сәшкесінен гөрі ес көргені де баяғы. Адамнан иттің артық болғаны ма?! Біз осы барған сайын қатыгез болып бара жатқан жоқпыз ба? Осы ой санасында жылт етуі мұң екен, Талғаттың тұла бойы мұздап сала берді. Көз алдына жер таяна бүкшиген кейуана кемпір мен қураған кәрі терек қатар елестеді» [120,


125 б.] деген сәт осыған дәлел.

Жалғыздан қайыр жоқ. Төрт аяқты хайуан кейде адам баласының істей алмағанын істейтіні шындық. Ана баласынан көрмеген жақсылықты осы төрт қанденнен көрмек. Ал Талғаттың есіне бала кезінде көрген кәрі теректің құлағаны түсуі тегін емес. Кәрі ана мен терек тағдыры ұқсас. Сондықтан да Талғат жүрегі сол бір кәрі теректің құлағанын көргенде дір ете түссе, бүгінде кейуананың тағдырына іштей қиналады. Талғаттың жан дүниесінде аласапыран сезімдер анаға деген аяушылық, Сәшке-Сағыныш әрекетіне наразылық, өзінің тағдырына өкпе, ағасына деген реніш, өз ортасына деген түсінбеушілік орын алған. Бәрі талас-тартысқа түсіп оның жүрегіне өз сызын қалдыруда.

Адам баласының әрекеттері мен мінезінің қалыптасуы, өзгеруі, қым-қуыт тағдыры бәрі-бәрі оның өз санасына, дүниетанымына байланысты. Жалғыздық жанын жеген анаға, өзінің қолына қарап отырған әйелі мен қызына, мансабына мас болған ағаға көмек бергісі келіп аласұрған Талғат санасы өзі өмір сүріп отырған қоғам бойына дендеп еніп келе жатқан дертке қарсы тұрмақ. «Көзімен көрмесе де сормаңдай байғұстың зарынан-ақ Сәшкенің адам санатынан әлдеқашан сызылып қалғанын бағамдаған-ды; енді оны бергі дүниеге әкелуге ешкімнің де шамасы келе қоймас... Сөйте тұра кейуана кемпірдің жалғызын жазғырмайтынына таңы бар? Әлде жастайынан жанын жаралап өскен жас жігіт жан рахатын алдамшы әзәзілден тапты ма? Жалғандыққа, арамдыққа, жауыздыққа қарсы шыға алмаған шарасыз жан қасіретке тұншығып, қаралы күнді өз басына өзі тіледі ме? Жетімдіктің, жесірліктің не екенін ерте көргендіктен де, озбырдың басынып, оңбағанның мазағына шыдамағандықтан да ертеңгі күннен жеріп кетті ме? Әлде намысы мен жігері жоқ ез неме ағысқа қарсы жүзе алмай, дүлей толқын бір ұрғанда жағаға шығып қалды ма? Мұның бәрі Талғатқа жұмбақ, бірақ сол сұрақтарға жауап тапсам деп іштей аласұрады, ауыр ойға шым-шымдап бата берді» [120, 126 б.] деген сәт осыған мысал. Ана өлімін баласы емес, төрт қанден жоқтады.

Адамгершілік мұраттары мен ішкі психологиялық ширығудың өзектесе қатар өрілуі адам жан дүниесіндегі қарама-қайшылықты құбылыстардың тегін ашып көрсетуді мақсат етеді. Ал бұл күрделі көркемдік-эстетикалық, психологиялық талдауларға жетелейді. Мінез күйі жағдай мен әр қилы байланысқан жағдайдың айқындаушы мәні басым.

Д. Әшімхановтың «Зауал», «Тасқорым» әңгімелері – басқа жағдайлар мен мінездер арқылы адамгершілік құндылықтарды айқындауға құрылған шығармалар.

«Зауал» әңгімесінің басты кейіпкері – Кемел аңшылықты кәсіп етіп жүрген адам. Ол өмірде сирек кездесетін қатыгездігімен, өзіндік ой-өрісімен тым оқшау тұрған характер. Әңгіменің басында тау шыңынан құлағанда егіз самырсынның ортасына түсіп аман қалған Кемелді көреміз. «...Апырау, шынымен тірі қалғаны ма сонда? Жаңа ғана құздан құлдырай құламап па еді! Төменде шыңырау шатқал еді ғой. Тастан тасқа соғылып қалай мылжа-мылжасы шықпады?.. жүрегі дүрс-дүрс соғып кетті. Өне бойы дірілдеп, алқына дем алды. Осы сәтте көзіне ащы тер де тамып-тамып түсті. Сүртпекші болып еді, қолы бүйіріне жабысып қалғандай қозғалмады. Ашулана қайта жұлқа тартқанда өкпе тұсынан біреу біз сұғып алғандай тұла бойы солқ ете түсті де, көзі қарауытып кетті. Ақсудың әлгіндегі сарыны да енді бұдан алыстап бара жатты» [116, 35 б.] деген үзіндідегі жағдайда Кемелдің өмір мен өлім арасындағы арпалысқан сәті суреттелген.

Суырға қақпан құрып жүрген Кемел шыңға көтеріліп бара жатқан сұр арқарды көріп қалады. Оны бөктеріп алмақ болған құлқын. Дүниеге құмартқан, ашкөзденген адамды тоқтату қиын. Ол дүние жолында өзінің де, айналасындағылардың да өмірін құрбан етуге дайын.

Әңгімедегі «Жалғанда жолың болмас сенің» деген Кәрімнің сөзінің мәні терең.

Ал Кәрім екеуінің жолының екіге айрылуына басты себеп болған жағдай Кемелдің суырдың балаларын өлтіруі еді. «Суырлар әлі біріне-бірі жабысып, шырылдап тұр. Өлтіргенше үндері өшпейді енді бұлардың. Алдыңғы табандары дәл бесіктегі сәбидің алақандары сияқты. Алдыңғы аяқтарымен бірін-бір құшақтап безек қағады. Құшақтасып тұрып, көздерінен жас парлатады, өлетіндерін сезіп көрісіп-қоштасып жатқандай. Бұдан әрі көруге Кемел де шыдай алмады, қамшысының тобылғы сабымен біреуінің тұмсығынан салып жіберді. Ол мұрнынан қара қаны ағып, аяқтары тырбың-тырбың етіп сылқ құлады. Қамшысын қайта көтергенде Кәрім шап берді» [116, 41 б.] деген эпизод екі характердің арасындағы шиеленістен хабар беріп тұр. Осыған дейін екеуі де аң атып кәсіптеніп келсе, мынадай зұлымдыққы келгенде Кәрім өзінің адами келбетін таныта білді. «Ағатайлап» қанша жалынған Кәрімді ол тыңдаған жоқ. Балаларының болашағы үшін де қорықпады.

Кемелді ешкім де, ешнәрсе де тоқтата алмайтындай. Дала тағысының соңына түскен оны екінші рет қолына түсірмек болады. Бірақ бұл жолы ол өзінің істеген іс-әрекеттерінің зауалын тартады. Әңгімеде бұл сәт былайша суреттелген: «Осы сәтте арқар омақаса құлады да, дәл кешегі Кемел ұшқан жерден ол да домалап барып бір-ақ ұшты. Беліндегі арқанын шешіп үлгермеген Кемел де екінші рет тағы сол тұстан құлап бара жатқанын бір-ақ білді. Бірақ бұл жолы құздың аузында қол созатын қос самырсын жоқ еді» [116, 43 б.].

Әңгімедегі жағдайларда жазушы табиғат пен адамды үндестіре көрсетуді мақсат еткен. Алғашында өлім аузынан қалған Кемелге табиғат оң қабақ танытады. Табаны тасқа тиіп шалқасынан сылқ ете түскенде тас арқасына жұп-жұмсақ болып тиеді. Сай жақтан жылы жел есіп, Ақсудың сарыны құлаққа тым жағымды естіледі. Бірақ Кемелдің осындай бір табиғаттың жүрегіне сепкен жылылықты сезбеді, тәубесіне келмеді. Автор кейіпкердің қалыптасқан адам ретінде көрсете отырып, оның бағытын күстаналайды.

«Тасқорым» әңгімесінің оқиғасына символдық жағдай ретінде негіз болып Тасқорымдағы жалғыз аяқ жол алынып, оған мынадай сипаттама берілген: «...Алдарындағы тік қаптал тұтасқан қалың қорым еді. Сол қорымның арасындағы ирелеңдеген жалғыз аяқ жол бір шақырымға созылатын. Жайлаудағы ең соқпақты да, қиын жол осы. Бұл жерде талай адамның атын мертіктіріп, жүгін құлатып, ыдыс-аяғын сындырғанын ел аңыз етіп айтатын» [116, 91 б.].

Жол бейнесімен қатар қорым да берне сапында тұр. Адам баласының тіршілік ету жолы әр түрлі болса да, түйісетін жері біреу. Ол – мәңгілік жай, қорым. Адам өзінің өмір жолында талай қиыншылықты басынан өткеретіні ақиқат. Бұл қиындықты жеңе білу біреудің қолынан келеді, біреуден келмейді, енді біреу оны айналып өтуге тырысады. Тасқорымдағы жалғыз аяқ жолдың қиындығын баса айтып, кейіпкерлерін сол жолдан өту үстінде сомдауға тырысуы жазушының өз әңгімесінде көтеріп отырған идеялық нысанасын көрсетеді. Зерттеуші Т. Шапай айтқандай: «Дала – халықтық болмыс, ұлттық рухтың символы болса, ауыл – оның көрінісі, ...әдебиетіміз үшін тақырып жөнінен бөліп-жаруға келмейтін тұтас ұғым – туған жер» [110, 129 б.] деген пікірдің негізі осы әңгімеде жатқандай. Өйткені автор ұлттық бернелерге деген құрметті жағдай деңгейіне көтеріп, соған сәйкес характерлер сомдаған.

Басты кейіпкерлер Әзімхан мен Жаппас екі түрлі дүниетаным иелері, екеуінің бірақ өмір сүру кеңістігі, қоршаған ортасы тіпті айналысатын кәсіптері бір. Екеуінің жолын екіге айырып тұрған басты көрсеткіш – адамгершілік пен мейірімділікке көзқарастары. Күнделікті тіршілікте олар бірін-бірі түсінбейді. Жаппастың ойынша Әзімхан қисық мінезді адам. Оның Әзімхан жайлы бұлайша ой түюіне Әзімханның біреудің көзіне тиіп кетеді ғой деп жол жиегіндегі қарағайдың бұтағын сындыруы себеп болған, осы әрекетті «қисық мінез» деп түсінген Жаппас үшін бұл түсініксіз. Сондықтан да екеуі Тасқорымға жеткенше тілдесуден қалады. Олар үшін тіпті ортақ әңгіме де жоқ.

Тасқорымдағы жалғыз аяқ жолдың үстіндегі тастардан Жаппас атын секіртіп өткізіп отырса, бұл тас бейнесі арқылы жазушы адам бойындағы тасбауырлықты, қатыгездікті көрсеткендей. Әзімханға көмектесуге Жаппастың күші жетсе де, санасы жетпеді, жүрегі бір сәт дір етіп жібімеді. Айдалада жүрген екі адам баласы бір-біріне көмекке келген жоқ. Себебі екеуінің ортасында қара тастай мелшиген тасбауырлық, қатыгездік жатыр.

Жазушы әңгімеге аю бейнесін де енгізген. Жаппас аюмен бетпе-бет келеді. Бұның өзіндік мәні, көтеріп тұрған жүгі бар. Хайуанның адамдарға қиянат жасамауы, ал адам баласының бір-біріне жақсылық істеуге шамасы жетсе де, санасы жетпей, тек зиянкестік іс-әрекеттерге баруы белгілі бір құбылысқа айналып бара жатқанын жазушы баса көрсетуге тырысқан. «...Шың үстіне бірдеме шығып келе ме қалай?» Иә, иә, әлдене қараңдайды. Әне тура биікке көтерілді. Екі аяғымен тік тұрды. Аю! Суық су құйып жібергендей денесі қалтырап кетті. Сосын бір уыс болып жиырылып барып, тастай қатты» [116,


93 б.] деген үзіндіде Жаппас тура өзінің ажалына кездескендей күйде болды. Бірақ аю оған ештеңе істемейді.

Қиын жағдайда хайуанның қолынан келген жақсылық, оның жүрегіндегі мейірімділік неге адам баласында жоқ. Жаппас осы бір оқиғадан кейін де бұл сұрақ төңірегінде ойланбайды. Әңгіменің өн бойында, әсіресе аю мен Жаппас кездескен тұста жазушы тас дыбысы, тас сылдыры, тастай қатты, көзін жұма қоюы, тастар тырс-тырс тиді деген оманотопеялық тіркестерді көп қолданған. Бұдан түйсінетініміз Жаппастың жүрген жері, істеген іс-әрекеттері, жан дүниесіндегі әр түрлі құбылыстар, бет-әлпетіндегі өзгерістер бәрі-бәрі тасқа ұқсатылады. Тар дүниетаным, иек астындағыдан басқаны көрмеу Жаппасты ақыры омақаса құлатты.

Оның астындағы мәстегі Әзімхан қозғай алмаған баяғы сол қой тастың үстінен тағы да секіртіп өткізбек болғанда омақаса құлап мерт болады. Сонда ғана ол Әзімханға сол бір сәтте көмектеспегеніне ызаланып өкінеді. «Шіркін-ай... Сол тасты жолдан алып тастамағаным-ай... балағыма бір күні бәле болып жабысарын кім білген... Бейнет дегенің осы да» [116, 88 б.] деген үзінді осыны көрсетеді. Айқындаушы сәттің мағыналық қабаттары көп. Жағдайды аша түсу үшін автор Әзімханға үнемі «Қара торғай» әнін салдырады. Бұл ән жақсылықтың, мейірімділіктің үні іспеттес. «... образға тән бірінші қасиет – ұлттық ерекшелік, ұлттық бояу» [116, 13 б.] дегендей автор бұл әңгімеде қазақы ұғымдағы адамгершілік қағидаттарына да бір үңілуге жетелейді. Қайда жүрсе де Әзімханның аузынан түспейтін осы бір әнді есту – Жаппас үшін қорқыныш. Әңгіменің аяғында Жаппас мәстектің өлігінің үстінен шығады. Біреуге жақсылық істеу қолынан келмейтін Жаппас құзғынға жем болып жатқан мәстектің күйін бір күні өзі кешері әбден мүмкін деген ишара бар, жазушы қалыптастырушылық көріністі орынды қолданған.

Қазіргі қазақ әңгімелерінде көтеріліп жүрген басты жағдайлардың бір парасы бостандық пен еркіндікке байланысты. Еркіндікке ұмтылу дүниені романтикалық тұрғыдан қабылдаумен сабақтас. Себебі романтизмнің идеялық-эстетикалық концепциясында бостандық, азаттық ұғымдары маңызды орын алады. Қай кезеңдегі, қай халықтың романтизмі болмасын, оны жарыққа шығарған – бостандық, тәуелсіздік идеялары. Қазақ әдебиетіндегі бұл әдеби бағыттың қоғамдық қозғаушы күші де осы идея болды. Өмір сүріп отырған қоғамның тарихи-әлеуметтік жағдайына байланысты романтиктердің біразы жеке бастың еркіндігіне назар аударса, бір тобы ұлт бостандығына көп көңіл бөледі.

А. Алтайдың «Кентавр», «Балақ бау», Н. Ораздың «Алтын сауытты батыр», Т. Ахметжанның «Айқасқа» әңгімелерінің өзегіне санаулы адамдардың жағдайы емес, белгілі бір тарихи кезеңдегі халық тағдыры арқау болған. Бұл әңгімелерде романтикалық сипаттағы, күрделі тағдырлы кейіпкерлерді көрсету, оларды қиын жағдайда сынақтан өткізу, характердің психологиялық ахуалын баяндаудағы драматизм мен экспрессия ерекше сезіледі. Белгілі сыншы
С. Әшімбаев: «Көркем туынды жазушының көрген – білгенінің, естіген – жиғанының композициялық жүйеге түскен жиынтығы емес, өмір туралы философиялық ойының концепциясы болуы тиіс» [121, 216 б.] дегендей авторлар күрделі жағдайлар ұйымдастырып, шығарманың көркемдік шешімін авторлық тұрғының қатпарларын қопарады.

А. Алтай атомдық сынақ апатының зардабынан Моншақ ана өмірге жылқы тұрпатты сәби әкелгенінен бастайды. Осындай парадокс жағдайда оқиғаны өрбіткен. Бұл жағдай әңгімеде былай суреттелген: «Семей мен Өскеменнің қазақ-орысы аралас дәрігерлері аяғы ауыр мұны тексере келіп, «Құрсағыңда бала емес, аң мен құсқа ұқсас құбыжық жатыр» деп шошытып еді.«УЗИ» дегенге қайта-қайта түсіріп, «Бақылауға аламыз, босанғанша тірі пендеге тіс жармайсың! Ішің үлкен. Жарып алуымыз мүмкін» деп күшейген-ді. Бұл сөзді естігенде, Моншақ «Жарылып өлгенше, жарымның қолында өлейін» деп Өскемен емханасынан қашып кеткен». Осылайша Аққазы мен Моншақ болашақ сәбилерінің тағдырынан қорқып ел-жұрттан безіп, айдалаға көшіп кеткен болатын.

Тау ішінде күн кешіп жатқан бұл пенделерді елмен байланыстырып тұрған Керімғазы ғана еді. Дүниеге көптен күткен сәбилері келеді. Құлын тұрпатты сәбиді алғаш көргенде Аққазы қатты шошып кеткен еді. Артынша есін жиып, сәбидің кіндігін кеседі.

Жазушы осынау иірімі мол психологиялық процестің әрбір қалтарысын қағыс қалдырмауға тырысады. Осылайша зарықтырып дүниеге келген құлын-сәби табиғи заңдылыққа сай күн санап өсіп жатады. «Жылқы тұрпатты, адам тұлғалы нәресте де ширады. Ол жануардай жылдам аяқтанды. Ертегідегідей ерте тілі шығып, ерте ес кіреді. Әкесі бөтенсімей бауырына басып, анасы жерінбей жанына алған, көкесі жатсынбай иығына шығарған. Жұрт көзінен жырақта – кәрі таудың қуысында, үш бірдей пенденің уысында өсіп келе жатқан еркін еді, ерікті еді» [122, 112 б.] деп жазушы оның тек өсіп келе жатқанын емес, еркін екенін баса айтады.

Автордың ХХ ғасырдағы қазақ халқының тағдырының тағы бір қатпары болып жабысқан ядролық сынақ апатының зардабынан туған қиын да қатал жағдайларды көрсеткісі келгендігі. Құлын-сәби жұрт көзінен жырақта өмір сүріп жатыр. Дегенмен ата-анасы мен Керімғазы көкесінің оған деген ықыласы өзгеше.

Басаралы бейнесінің бағыттаушылық сипаты басым. Себебі талай жыл неше түрлі зобалаңды көрген халық бойынан ұлттық рухтың күші кеми бергені аян. Жылқы тұрпатты, бірақ адам тұлғалы Басаралының дүниеге келуінің өзі күрделі жағдайда өрбиді. Мақсаты – кейіпкерлердің жан дүниесін тереңнен тартып, қопара көрсету. Тұйыққа тірелген Аққазы мен Моншақтың ащы мұңын да автор жағдайды қыр-сырын айқындау үшін қолданғаны даусыз.

Аққазы мен Моншақ – игі мақсат иелері. Ұлттық рух бейнесіндей Басаралыға қарап тұрып Керімғазыға мынадай ой келеді: «Мұның мына бауырындай бұл өңірде, тіпті бұл дүниеде бірде-бір жан жоқ. Ол қарт Тарбағатайдың тарғыл-тарлан тасындай ақиқат. Ертең-ақ ер жетіп шыға келгенде, таңданбайтын жұрт, таңдай қақпас дүние болмас. Бар әлем бауырының тұлға-тұрпатына бас иіп, маңайынан үйіріліп шыға алмас. Сонда таныр бұларды... Мұның Аққазы мен Моншақтай аға-жеңгесінің жұрт көзінен жасырын жасаған ерлігін сонда мойындар олар. Оған да жетер бұл. Ол күнді де көрер ел-жұрт. Тек жылқы тұрпатты жынысы аман болғай» [124, 112 б.]. Керімғазы осындай болмысымен оқшау. Бұл оның рухани табиғаты, шынайы бітім-болмысы. Автордың астарлы ойы терең. Үміт пен сенімі бар. Құлын-сәби тұлғасы жаңа жағдайлар тудырады. «Қасиетті Құранда айтылғандай, егер Аллатағала бізді, пенделерді бұл жалғанға сынақ үшін жіберген болса, онда ол күрес үстінде сыналуы керек қой, ал арамзалық, шайтандық біз арман еткендей құрдымға кетсе, тірлікте не мән қалады» [125, 102 б.] деп С. Асылбекұлы айтқандай, тіршіліктің мәнін қайта қарауға үнемі көрнекілік болған осы заман апаттарын ашуда автор мифтік желіге жүгінген.

Жазушы ядролық апат аймағында дүниеге келген кемтар, өз ортасына лағынет айтып өскен, өзінің осындай күйге ұшырағанына кінәліні іздеп, болашағынан үмітін үзген сәби бейнесін емес, жылқы тұрпатына қарамастан айналасына зор сүйіспеншілікпен, сеніммен, болашағына үлкен мұратпен қараған құлыншақ-сәби бейнесін жасаған. Адамзат ортасынан жырақ өмір сүріп жатқан Аққазы мен Моншаққа тек табиғат қана қорғаныш сияқты.

Басаралы өсе келе өзінің өзгеше екенін сезіне бастаған еді. «Тұнық табиғатта Басаралының санасы сараланды...Өзінің тірі пендеге ұқсамайтын жалғыз екенін сезді. Әкесі мен көкесі ескерткен, шешесі көз жасын төгіп айтқан: «тірі пендеге жолама! Көздеріне түспе!» деген сөзді берік ұстады» [124, 112 б.] деген үзіндіден автор осыны байқатады. Ол тек түр-тұрпаты жағынан ғана емес, бүкіл жан-дүниесімен де мына жалпақ жаһанда жалғыз еді. Автор Басаралыны дүниеге өзгеше бітіммен ғана әкеліп қойған жоқ, басқа дүниетаным иесі еткен еді. Ол табиғат-ананың төсінде оның бар мейірімін бойына жинап, оған табынып өсті. Басаралы сондықтан да болар адам баласына көңілі ақ еді. Әңгімеде «еті үйрене келе құнан-жігіт те жақын келіскен қауіпті де ұмытқан...Адамдарға деген ақ сезім сабыр сақтатпады» [124, 122 б.] деген жолдар осының дәлелі.

Бірақ адам баласы оған оқ жұмсады. Бойына тәңірі қуат берді ме құнан-жігіт жараланғанына қарамастан құла түзге қарай құйындатып кете барады. Құнан-жігіт дүниеге келген тас үйге тәңірінің көзі түсіп, күн нұры құйылған еді. Аққазы баласының санасына: «Тәңірі деген Алла! Бәрімізді де бір Алла жаратқан. Қорықсаң – сол Алладан қорқайық... Өзгеден қорықпа, ұлым!» [124, 123 б.] деген сөз арқылы имандылық сіңіргенін байқаймыз.

Сондай-ақ түркі халқы үшін жаратылыстың құдіретті иесі – Тәңірі. Сондықтан да жаны мен тәні пәк, таза, рухани биік тұрған шартты бейне Басаралы екі аяқтылардың қатыгездігіне жанұшыра қарсы шыққан еді. Тәні мен жаны жаралы құнан-жігіт зулап кете барды, ол өлген жоқ. Ендеше ұлт рухын жойып жіберу мүмкін емес. «Сар даласы сағына күткен тұрандық жылқы-адам осылайша қайта оралған еді» деген үзінді романтикалық мән береді.

Жағдай мен кейіпкер байланысын жазушы әңгімеде бір-бірін қалыптастыру, айқындау мақсатына сәйкестендірген. Сондықтан да әңгіменің негізгі кейіпкерлері мен оларды өсірген даланың қарым-қатынасы баласы мен анасының, қоян-қолтық аралас дос пен ниеттестердің қарым-қатынасындай. Әділетсіздіктен тауандары шағылып, үдере қашқанда олардың тапқаны осы дала, тіршіліктен жанға шипа, көңілге дәрі бір қыдыру үміт тапқанда да ығып келгендері – осы дала. Сондай-ақ әңгімедегі Басаралының ұлттық құндылықтарға қол созған өрлігі мен жалғыздығы, іс-қимыл өршілдігі мен рухының аласапыран қуаты, өз бойынан сыртқа шығуға асыққан шексіз де бұлыққан ішкі рухани күші оқырманын өзіне тәнті етеді.

Ұлтымыздың ХХ ғасырдағы трагедиясының бірі оның жерінің сынақ аймағына айналғаны еді. «Соңғы дем» әңгімесінде Д. Рамазан басты кейіпкері кешегі арыстай азамат, бүгін бір уыс болып бүрісіп төсек тартып жатқан ауру Нұрбек өмірі арқылы жағдайды көрсеткен. «– Жоға, құдай! Ол ауырғалы қаш-а-ан... Бөбешегі екіге айырылып, танауының тесігі таңдайынан шығып, жарымжан болып туды ғой, байғұс бала. Аузымен ғана дем алады. Кейде ауа жетпей қала ма, әйтеуір, біреу буындырып жатқандай тыпырлап, жүзі қызара ісініп кетеді, – деді қарт жанарына іркілген жасты жаулығының ұшымен
сүртіп. – Адам бола ма, болмай ма, білмеймін! Осының бәрі ай сайын жер-дүниені сілкінтіп жатқан жарылыстардың әсері ғой.

Шағын ғана ауылдың сәбиі мен арыстай азаматы мүсәпір күй кешіп жатқанда басшысы қандай «шешім қабылдағаны» да жазушы назарынан тыс қалмаған. «Көмектесе алмаймыз. Биыл жауын жаумай құрғақшылық болғанын өзіңде білесің» немесе «– Не деген сөз ұқпайтын адамсыз. Шөпті сен түгіл совхоздың малына да жинай алмай жатырмыз» деген сөздерден «ел басшысының» анық бейнесі көрінеді. Тек қана дала ғана емес, адамгершілік те құрғақшылыққа ұшырағандай. Мейірім, жанашырлық сезім жауын қалай жаумаса ол да тамшы болып тамбай тұр. Нұрбектің тәні мен жаны тіршілік үшін арпалысқанымен өз күшіне мінген дерт бар билікті қолына алған еді. Қаншама адамның ерте үзілген ғұмыры мен өмір бойы тән кемістігін тартқан мүсәпір халіне кім кінәлі, кім жауап береді деген сұрақ жазушы әңгімесінің идеясын танытады.

«– Е, әжей!.. Жыланды кім тауып әкеледі.Жатқанға жан жуымас дегендей, бізді адам санатына қосып, елеп-ескеретін пенде бар ма бұл күнде?! Тек құлын тайдай тебісіп, тек өскен құрдастары ғана көңілін сұрап, қарайласып тұратын. Азын-аулақ малдың жылдағы жем-шөбі де солардың мойнында еді. Биыл, өзіңіз білесіз әлгі Қанат ауырмай-сырқамай асылып өлді. Серік кенеттен жабысқан қылтамақтан қайтыс болды. Ал Жайсаң Жетісу бойына қоныс аударды. Енді шөп түсіру де қияметке айналды.Сау жүргенде еркектің қадірін білмейді екенбіз ғой!..» [111, 38 б.] деп торыққан Нұрбектің жары Гүлжан. Мына қиын күндерде кімнен көмек сұрарын білмей дал болып жүр. Күйеуінің осындай күйге түскені, оның құлын-тайдай тебісіп өскен жолдастарының өлімі, шағын ауылды жайлаған ауыр жағдай Гүлжанды болашаққа деген сенімнен, жалпы айналасындағы адамдардың адами қасиеттерінен күдер үздіріп отыр. «Дәрігерлер Нұрбекке ақты көбірек ішсін дейді. Қасқа сиыр аштан өлсе сүтті қайдан алмақпыз, деді өзіне-өзі тысқа шыққан соң. – Жақын маңда екеуміздің де емешесі үзілер ағайынымыз жоқ. Құдай-ау, мұнша сорлайтындай не қылып еді» [111, 39 б.] деген Гүлжан толғанысы осыған дәлел.

Әңгіменің аяғында Гүлжан әлденені шоқып жатқан құзғынды көреді. Құзғын бейнесі арқылы жазушы жаманшылықты сездіреді. Гүлжан дүниеден өтіп кеткен Нұрбектің үстінен шығады.

Талай заманды басынан кешірген халық тарихына көз жүгіртсек, небір арандатушылық, солақай сыңаржақ саясаттың құрбаны бейбіт жатқан ел болғанын байқаймыз. Кешегі кеңестік жүйеде өмір сүрген «кіші ұлт» өкілдерінің тағдыры небір зұлматты бастан өткерді. Жеке бастың мақсаты, атақ-даңқ, тоймас құлқын құрбаны бүтіндей бір ұлт болғанын тарих ешуақытта естен шығармақ емес. Сондықтан да, қазіргі қазақ прозасы адамды түрлі қарым-қатынас аясында танудағы үлкен бір жаңалық – күн тәртібіне адам және тарих деген мәселені көтерді. Тарих дегенде халық өмірінің артта қалған сан қилы белестері, олардың тағдырына із қалдырған ірілі-ұсақты оқиғалар, бүтін бір жүріп өткен жол елестейді.

Баяндау әдісін қалыптасқан қалыптан өзгеше құра отырып қазіргі жазушылар өткен күн мен бүгінгі кезеңнен тұрмысынан хабар беретін эпизодтарды шендестіре бейнелейді. Сондай-ақ бұл әдіс әңгіме тартысын тереңдетіп, астарлы сипаттама береді.

Н. Ораздың «Алтын сауытты батыр» әңгімесінің сюжетінде бүгінгі және өткен күн оқиғалары қатар өріледі. Әрине өткен күн елес ретінде көрініс тапқан. Автор кейіпкерінің көз алдына өзінің бар салтанатымен халықтың бұрынғы тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын елестеткен. «Елес... бәрі елес. Кешкі арайға шомылған байтақ даланы торлаған елес» деген сәтте жазушы кейіпкердің санасын алысқа жетелейді. Оны осы бір елестің әлдиіне алып, жанын тербеді. Әрине ол қанша жанына жақын болғанмен бұл елестің ығында қала алмайды. Ол тіпті елеске елітіп, әбестеу қылық жасап та қалады. Әңгіменің сюжетіне негіз болған оның даму динамикасын күшейте түсетін Алтын сауытты батыр мен Ақжамалға байланысты жағдай, ол шығармаға қолайлы рең, өзгеше әуез берген.

Мәселе мұндай жағдайлардың құр оқиға, тек фабула күйінде алынуында емес, сәтке лайық психологияық қисынды бейнелеуінде, осыдан туатын адам мінезіндегі құбылыстарды аңғартуында. Осындай оқиғаны жазушы әңгімеге негіз етіп алуының бір себебі мынадай бұның төңірегінде өзінің басты идеялық толғаныстарын топтамақ. Ақжамал Алтын сауытты батырға кездескенге дейін мінезі басқа қыз болатын. «...Ақжамалды айтамын да, аса бір ибалы, өте кішіпейіл, көркіне сай мінезі де жібектей есіліп тұрған жан еді ғой. Әлі есімде, талшыбықтай бұралған сымбатты бойына әдемі үйлесетін қызыл жібек көйлегі болатын. Жаз түсе сарғыш тартқан жазира далада, көктемнен қалған жалғыз түп қызғалдақтай құлпырып жүруші еді. Иә-ә, қызғалдаққа ұқсайтын» [112,


37 б.] деп Әбдібек Ақжамалды сұлулықтың бейнесіндей етіп суреттеп береді. Осылайша көпті тәнті еткен Ақжамал бір-ақ күнде айықпас дертке шалынады. Оның дертіне әрі себеп, әрі шипа Алтын сауытты батыр еді. Алтын сауытты батырдың елесі тек Ақжамалға ғана көрінетін. Ол алғаш рет Ақжамалды ескі қораның тұсында тоқтатқан еді. Батырдың Ақжамалға айтқан өкпесі:«Мен елімді жаудан қорғауға кеткенде, осында, ескі жер кепеде кәрі анам қалған болатын... Көк теңіздей толқыған жау бізден төрт есе көп еді. Біз олармен қияметқайым ұзақ шайқасқа түстік... Енді міне, жасанған жауды күйрете жеңіп елге келсем, сендер менің жер кепемді жермен-жексен қылып, орнына зәулім сарай салып алыпсыңдар. Мен кеткенде артымда аңырап қалған ауру анам қайда? Оны да көне кепемен бірге таптап тастадыңдар ма» [112, 41 б.].

Жазушы Алтын сауытты батырдың елес бейнесін Ақжамалға кездестіру арқылы бағыттаушы жағдай ұйымдастырған. Автор белгілі бір тарихи кезең ұрпақ пен дәстүр жалғастығын сақтай алмаса оның болашағы күмәнді болуы мүмкін емес дегендей. Өткеннің бәрі өкініш емес. Кешегің арқылы бүгініңді түсінетінің белгілі. Алтын сауытты батыр ұлттың қаны бойына сіңген рух бейнесі. Қанша қоғамдық құбылыстар болса да мекенін тастап кете алмай аласұрып жүр. Оның Ақжамалға «Бұл қан мәңгі осылай толастамай ағатын қан, киелі қан! Бұл қан... сенің қаның... [112, 42 б.] деуі осының дәлелі. Ақжамалдың үнемі алтын сауытты батырды іздеуі, онымен бірге алысқа кеткісі келетіні айналасындағыларға түсініксіз.

Жазушы өз туындысын мифопоэтикалық жағдайға құра отырып, назарын өткенге – романтикалық қиырларға жібереді. Сюжеттік желіде өткен мен бүгінгі дәуір оқиғасы, аңыз жайлы баяндалғанмен ішкі мазмұны – жақсылық пен жамандық, елге деген махаббат, жалпы адамзаттық мәні бар мәселелер қозғайды. Әңгімеде жазушы бабалар тірлігін ғана емес, олар не үшін өмір сүрді, оларға маңызды дүние не болды деген сұрақтарға үңіледі.

А. Алтай «Балақ бау» әңгімесінде қоғам мен адам арасындағы күрделі қарым-қатынасты көрсеткен. Бұндағы Есбол мен Ербол тағдыры, қоғамның рухани бағыт-бағдары қаламгердің басты көркемдік зерттеу нысаны. Екеуіне ортақ сезім – тау еркесі қыранға деген сүйіспеншілік. Ерболдың тағдырының күрт өзгеруіне, әділетсіз жала құрбанына айналуына қыран себеп болса, Есболдың әңгіменің басында түн баласында атқа қонуына да бірден-бір себеп қыран тағдыры еді.

Жазушы екі кейіпкердің де жолын аштық, жетімдік үстінде бір тоқайластырса, қыран құстың жолында тағы бір ұштастырады. Бірінші жағдайда өмірдің ыстық-суығына бір салып тексеріп алса, екінші жағдайда қырандай еркіндік береді. Көппен бірге соғысқа қатысып, он екі мүшесінің бірін ұрыс даласына тастап келген Ербол елге оралған соң саятшылықпен айналысады. Елдің бәрі бір қазаннан ас ішіп, ұжым болып топпен еңбек етіп жатқан кезде оның тау кезіп кетуі біреулерге ұнамаған. Бірақ аштық кезінде оның өмірін сақтап қалған бүгінгі өкімет емес, сол тау іші, құсбегілік әрекеті еді. «...Туған туыссыз тұлдыр қалған Ербол әркімнің үйінде жүріп, кейіннен аңшыларға ілесіп, Алатау кезіп, арқар атып кеткен. Саятшылыққа үйренеді. Табиғат бойынан рахат тауып, ләззат алдырған саятшылықты өнер тұтып, қыстың көзі қырауда салбурынды мұрат етті.Ол кезде Ербол басына саяткерлік сақина болар деп кім ойлаған?» [124, 15 б.] деген үзіндіден Ерболдың алдыңғы өмірі туралы айтылса да, жазушы соңғы тағдырынан да бір сәт хабар беріп отыр.

Ербол өсекші керауыздың құрбаны болды. «Бар пәле колхоз председателінен келген. Бәріне кінәлі сол! Председатель түлкі терісін сұраған екен. Ербол бермей, екеуі ит жемегенді жесіпті деп, көрші отырған шопан айтып еді. Жел тұрмаса, шөп басы қимылдамайды» [124, 115 б.] деген үзіндіден осындай жағдайды аңғарамыз.

Атпал азаматты бір-ақ түнде жоқ қылған сұрқай замандағы, сол кездегі қоғамды жазушы түн бейнесі арқылы символдық сипатта бейнелейді.

Бірге өскен досын «жау» атаған адамдардың ызғарлы түрі, сөзі Есболдың жанын қатты қинаған еді. Бірақ оның Ерболға деген сеніміне ешкім де ешнәрсе де сызат түсіре алған жоқ.

Әңгімеде суреттелетін қырандар Қарабас пен Ақжағал авторидеясының бернесі сияқты, олар өздерінің еркіндігін бәрінен жоғары қоятын ұлт перзенттерінің болмысын танытатындай. Қоғамдық-әлеуметтік өмірдің шырғалаң-шиырларын жазушы ашық айтып, нақты суреттемесе де кейіпкер көкірегіндегі запыранды ойлардан, бүкіл шығарма тынысынан оқырман жағдайдың айқындаушы мағынасын сезінеді.

Т. Ахметжанның «Айқасқа» әңгімесінің өзегінде де адам мен адам, адам мен қоғам арасындағы күрделі қайшылық жатыр. Ағайынды жігітттер Ақай мен Бақайдың өмір жолы екі жағдайда өтіп жатыр. Бақайдың әкесі Қапсадық Түсіпбек байдың жылқысын Қытай шекарасынан өткізіп, өзі сонымен бірге үлкен баласы Ақайды алып хабарсыз кеткен. Оның кетуіне бірден-бір себеп әңгімеде былай суреттеледі: «Мал менікі ғана емес, сенікі де. Арғы бетке аман-есен жеткізсең, тең жартысын саған бөліп беремін», – деді Қапсадық алды-артын ойлаған жоқ, заман ағымын түсінетін сауаты да шамалы. Оның үстіне күн-күн сайын «қызылдар келіп қырады екен» деген үрейлі сөздер дүңк-дүңк етіп жетіп жатты. Көзін ашқалы Түсіпбектен дәулетті, одан «ақылды» адам көрмеген Қапсадық арғы бетте «жұмақ» есігін айқара ашып тұрғандай байдың жайдақ сөздеріне имандай сеніп, ауыр жолға сақадай-сай жиналып алды. Жанына тұңғышы Ақайды ертіп, байдың бар жылқысы мен жас тоқалы Торғынды арғы бетке аман-сау жеткізуге ант-су ішіп, бір түнде Тарбағатайдан әрі асып кетті» [120, 177 б.].

Әкесі мен ағасынан тірідей айырылған Бақай өмірде көп қиыншылық көрді. Қос анасын бірдей қара жер қойнына берген Бақай жоқшылық, жетімдік тауқыметін тартты. Бақай тағдырының қиындығы тек қоғамдық өзгерістерге ғана емес, айналасында өмір сүріп жатқан адамдардың іс-әрекетіне байланысты. Бақайдың астындағы аты Айқасқаны қолына түсірмек болған Жабай азаматты өмір бойы қор етті. «...Найзатастың ұшар басындағы ұяға қарап екеу тұр. Біреуінің ойы – балапанда, біреуінің ойы – қарағайда байланған Айқасқада» [120, 182 б.] деген үзіндідегі екеудің бірі – Жабай, бірі Бақай еді.

Өз пайдасын ғана ойлаған Жабай досын қатерге жұмсап тұрғанын түсінсе де, кері шегінген жоқ. Қайткен күнде оны көндіру керектігін, дәл осындай ұрымтал сәт екінші рет қайталанбауы мүмкін екенін ғана ойлады. Ал Бақай ойына ешқандай жамандық келген жоқ. Ол өзінің бір арманына жететіндей еді. Ол арманы: «Бақай бала күнінен сонау көк күмбезіне еркін қалықтауды аңсайтын-ды. Әттең, құс болып неге жаралмады екен? Қыран болса қалың бұлтты қақ жарып аспан әлемінде еркін сайрандамас па еді? Қанаты талғанша ұша береді, ұша береді... Бақай қиялмен аспан әлемін көп шарлады» [120,


182 б.] деген сәттен көрініс тапқан.

Бірі еркіндікті, биіктікті аңсаған, бірі күйбең тіршіліктен аса алмаған екі дүниетаным талас-тартысқа түсіп, ақыры екіншісі басым түседі. Талай боздақты аяғынан шалып, еркін тыныстауға дем бермеген алмағайып кезең мен пасық ойлы қуыс кеуделер адамзат тіршілік еткен өмірдің қай уақытында да болған. Жабай мен Бақай текетіресі осының айғағы.

Жауыздықтың құрбаны болған Бақайдың өмір бойы жаны мен тәні дертті. «Ауылдастары Бақайды адам санатынан әлдеқашан сызып тастаған сияқты; мұның қайғы-қуанышын бөлісуге ешкім де асықпас, той-томалақ, өлім-жітімге ешкім атап шақырмас; келсе қумайды, келмесе жоқтамайды, олар үшін мұның бары да, жоғы да бір. Аты атала қалған жерде; «е, байғұс жарымжан», «анда-санда ұстап қалатын ұстамасы бар», – деп немкетті сөздермен қамшылап өте береді. «Бала күнінде жартастан құлаған дей ме?» – деген сауалға ықылассыз ғана; «Е, құдайдың жазуы да» дей салар еді» [120, 171 б.] деген сәтте Бақай ауылдастары үшін өз орнын өмірден таба алмаған, сүреңсіз тірлік иесі екенін байқаймыз. Бақай түсіне кіретін Айқасқа оның жете алмаған арманы, мақсат-мұраты екенін көруге болады. Ендеше адам жауыздығынан өз мақсатына жете алмаған Бақай сол адамдардың мүсіркеуіне ұшырап отыр.

Кейіпкерінің айналасын, қоғамын, әлеуметтік қырын ашуға келгенде жазушы Д. Рамазан үлкен философиялық проблема – жатсыну жағдайына қайта-қайта оралып отыратыны бар. Қаламгердің «Көкжал» әңгімесінде «таныс-бейтаныс» жағдай суреттелген.

Қасқырдың қойшыға шабуының басты себебі – бөлтіріктерінің жоғалуы. Олардың ізі қасқырды Елубай үйіне алып келеді. Бұл іске кінәлі Серік пен Қанат еді. Күшіктерді сатып ақша таппақ болған қос жігіттің әрекетінің соңы кісі өлімімен аяқталады. Ойланбай істелген әрекеттің, асығыс шешімнің жағдайды қалай ушықтыруын көрсеткен автор характер мен жағдай арасындағы байланысқа бағыттаушы мән берген.

Табиғаттың ішкі заңдылығына қол сұғып, тынышын алып, таптап кету бүгінгі адамзат баласының қатыгездігінің бір белгісі ретінде көрінген.

Әңгіменің кейбір тұстары Ш. Айтматовтың «Жан пида» романындағы қасқырларға қатысты көріністерге ұқсас. Екі шығармада да қасқыр қанша жыртқыш аң болғанмен адам баласына қиянат істеуге алдымен қадам басқан жоқ. Оларды ашық күреске шақырып, еркіндіктеріне қол сұққанды былай қойып, бауырындағы бөлтіріктерін тартып алып, өлтіріп тастаған адам баласының өзі. Оның табиғат-ананы тәуелді етпек болған өзімшіл мінез-құлқы, қатыгездігі. Мұндай жағдай М. Әуезовтің «Көксерегінде» алғаш рет бейнеленген болатын. Әңгіме оқиғасының өрбуі табиғи. Арлан қасқырдың кек жолына түсуі әбден заңды. Енді ол ештеңеден тайынар емес. Басын өлімге тігіп, оңтайы келген сәтте адам баласын жоқ қылып жіберуге дайын. «Бүлкектей басып, ентелеп келеді.Елубай алдыңкүні өзі қуған арланды жазбай танып, қапелімде не айла қыларын білмей, қатты састы. Қашып құтыла алмасын да сезді. Қолындағы күрегін қыса ұстаған күйі мылтық құсатып кезене шошаңдатып та көрді. Арлан қаймығар емес, ешқандай қауіп-қатердің жоқтығын іші сезетін сияқты «Қасқыр адамның көзінен қорқады деуші еді!». Елубай жандалбасалап оның алақтаған өткір көзіне көзін қадады. Арланның аялдайтын түрі жоқ. Сұсы басым ол жанарын тез тайдырып әкетті» [111, 77 б.] деген үзіндіден адам баласы өз қолымен істеген іс-әрекетінің құрбаны болып отырғанын көреміз.

Өкінішке орай, қатыгездік жайлаған бүгінгі қоғамда үнемі олай бола бермейді. Адам баласының жаны мен жүрегін жаулаған тасбауырлыққа қарсы тұра алатындай адам мен құстан жаратылған, мына әлемге аспаннан түскендей әсер тудыратын періште бейнесін Айгүл Кемелбаева өзінің «Қоңыр қаз» әңгімесінде суреттеген.

Жазушы «Қоңыр қаз» әңгімесінде құс тұрпатты Хорлан қыз бейнесі сомдалған. Адамдар арасында балалық шағын өткізіп, олардың небір іс-әрекеттеріне көндіге алмаған Хорлан бір күні аспан әлеміне кетіп қалған еді. Шешесі Қаршыға, нағашысы Ақылбай, Хорланды өзгеше жақсы көретін суретші Еркежан Қоңырқаз атанған қыз баладан көз алдарында айрылды. Хорланның шешесі Қаршыға үлкен сахна жайлы арманмен қош айтысып, бойына біткен нәрестемен бірге ағасы Ақылбайдың шақыруынан елге оралған еді.

Жайлаудың сұлу табиғатына ерекше құмартқан Қаршыға, әсіресе жиегінде қамысы желкілдеген шағын айна көлдердің күнмен шағылысқан келбетін көргенде байыз таба алмайтын. Осылайша күнін өткізіп жүрген Қаршыға тосын бір қылыққа барып жабайы құс жұмыртқаларын ұрлап жеуді әдетке айналдырады. Бұл жағдай әңгімеде былайша суреттелген: «Көлдерге жаяу жалғыз кетіп қалатын Қаршығаның жабайы құс жұмыртқаларына өлердей құмартып, аяғы ауырлағанына қарамай жүзіп іздеп, жыл құстары толтырып тастаған ұяларды үптеп, жұмыртқа ұрлап жеп жүргені қойшы мен әйелінің үш ұйықтаса түсіне кірмес еді. Жеңсік ас дебірін алып, ақылдан айырған әйел әр ұядан екі жұмыртқа алып, табанда шикідей жұтып жүрді. Қаз-үйректің, бірқазанның, қызғыштың жұмыртқасын түсінен танитын, қанат біткеннің


аруы – аққудың бірнеше мәйегі көгілдірге айналмай жатып адамзатқа жем болды. Көлдерден құмары қанып құрбанын шалып рахаттанып оралады» [126, 44 б.]. Тіпті ол балалық шақтың өзінде құс ұясын іздеген еді.

Қаршыға босанып дүниеге сәби әкелген күні көңіліне күдік әкелетін ерекше бір оқиға болады. Ақылбай қойшының жапандағы жалғыз үйіне оңтүстікке топ-тобымен кетіп жатқан құстар өзгеше үн шығарып бір айналып өтіп жатты. Сөйтсе қараша үйде құс тұрпатты сәби дүниеге келген екен.

Қызының ерекше бітімін анасы Хорлан төрт жасқа келген де білген еді. «Хорлан төрт жасқа толғанда астауда шомылдырып отырған анасы бір түнде шеміршектің ұшы күлтеленіп құстың баласыныкіндей шоп-шолақ қарала кішкене қос қанатқа айналғанын көріп шошып кетті. Сүйікті ағасына қимағаны, қызынсыз бір сәт тұра алмайтын қасиеті тегін болмады. Жасаған ием әлденені алдын-ала сездірген екен. Даусынан айырылғалы дүниенің өзге қызығынан безіп, сопы тәрізденіп жұпыны тірлік кешкен әйел о баста біраз үрейленсе де, артынша бұл тылсым белгіге ми қатырып тереңдеп бас қатырып жатпады, тек бар болғаны «балапанымды адамдардың жауыздығынан қорғауым керек, оның қанатты адам екенін тірі жан сезбеуі тиіс» деп түйді» [126, 46 б.] деген үзіндіде Қаршығаның алдына қойған басты мақсаты көрінеді.

Қорлан күн өте келе өзінің мүсіншілік қабілетін байқатты. Қыз бала әсіресе құс мүсінін көп жасайтын. Шағын ғана үйі құс мүсініне толып кеткен Қаршығаның үйіне әріптесі Еркежан кіріп келіп қатты таңырқаған еді. Бұдан былай Хорлан Еркежан ағайының үйіне барып ұлы суретшілердің шығармаларына арналған қалың кітаптарға тапжылмастан үңілетін болды. Әсіресе Хорланның ерекше назар аударып, құмартқаны қанатты періштелер бейнесі еді. Қоңырқаз ортағасырлық асқан қылқалам шеберлері жан берген, әсіресе флоренциялық суретшілердің сүйікті тақырыбына айналған бейне-құдай анасының маңында ұшып жүрген сәби кейпіндегі періштелерді көріп таң қалады. «Күллі тұлғасынан аңқаулық аңқып тұратын, тегі жұрт жарымес санайтын кішкентай жан иесінің күллі махаббат төгіп тебіреніп, қанатты періштелерден көз айыра алмай қалғаны шынымен тосын құбылыс еді» [126,


49 б.] деген сәт нағашысы Қоңырқаз атаған Хорлан қыз өзінің тегін тапқандай әсер қалдырады. Адамдар арасына өзінің өзгеше бітімімен сыя алмай жүрген Қоңырқаз құс мүсіндерінен өз әлемін тапқандай еді.

Оның мінез-құлқындағы тағы бір өзіндік ерекшелігі адам баласы оны қанша ренжітсе де оларға еш уақытта кек сақтаған емес, ешкімге жамандық ойлаған емес. Осындай таза, пәк көңілді Қоңырқаз жолда ауыл шетіндегі бақта балалардың төбелесіп жатқанын көрді. Озбырлыққа жаны қас Қоңырқаз тез үйіне жүгірді. Үйіне келсе анасы мектепте екен. Жалаңаштап арқасына анасының шашақты қар ала шәлісін жамыла салды да жүгіріп барып зәбір шеккен жасөспірім балаға арашаға түсті. Сол сәтте жалақор баланың саусағы шашақты шәліге іліккен еді.

«Сұңғақ бойлы, қоңырқай өңді қыз бала ертегі елінен ұшып келген аққу-ханша дерсің, сиқыр сұлулығы адамзаттан бөтен көрінді. Тәңірім-ай, неткен сымбатты тұлға еді. Адамдарды неге қанат бітіріп жасамадың?» [126, 13 б.] деген үзіндіден жазушы озбырлыққа қарсы әсемдікті, сұлулықты қойғанын көреміз. Қанатын қомдап ұшуға құмар болған Қоңырқаз ақыры арманына жетіп, биікке көтерілді, бірақ адамдар озбырлығына тастағысы келмей алып кеткен баланы көтеремін деп қанатын жарақаттаған еді. Ұшуға талпынып, қанатын сермеп еді, ауырсынып, көтеріле алмады. Осы сәтте көлді құшақтап егілген қыз баланы киімінен тістелеп бірнеше аққу тауларға қарай бет түзеді. Артында жылап анасы Қаршыға қала берді. «Жөргегіңнен иісің сіңбеген соң суық бауыр тартып, жатсынып, көл шошытты ма сені, Қоңырқаз, әлде бітімің бөлек, шоқтығың биік болған соң елсінбей, жерден безіндің бе, Қоңырқаз» [126, 15 б.] деген үзіндідегі ой әңгіме идеясын тереңдете түседі. «... болмыстың фактілерін біріктіріп, оларға жан кіргізетін, ерекше қуат дарытатын нәрсе – суреткердің өз басын қатты толқытқан аңсар, идея» [127, 157 б.] дегендей шығармадағы негізгі идея характердің ашылуына сәйкес жағдайдың жоқтығына да мән беруге бағыт сілтейді.

Р. Мұқанова өз әңгімелерінің өзегіне ерекше жағдайлар қоюға әуес. «Мәңгілік бала бейне» шығармасында характер де ерекше. Балалық адам өмірінің бір кезеңі. Ол өмір бойы бала болып қалуы мүмкін емес. Мүгедек қыз Ләйлә жан баласына ашпайтын сыры мен мұңын түнгі Айға ғана ашады, соған ғана қайғы-шерін айтады. Меңіреу түнде қызға жолығатын қара жамылған әлде бір бейне өзін «Мен адамдар әулетінің рухымын» дейді. Бірақ Ләйлә қыз айналасына сенімсіздікпен қарайды. Себебі өзінің осындай халіне кім кінәлі екенін кімнен сұрарын білмейді. Оның бар арманы «өз жасына лайық қыз болғым келеді. Иә... Иә. Менің де әп-әдемі, нәп-нәзік қыз болғым ке...ле...ді» [128, 4 б.] деген бір ауыз сөзге сыйып тұр. Жырым-жырым болған Қарауыл мен мәңгілік бала бейнесінде қалған Ләйлә тағдыры ұқсас. Екеуі де адамдар ойының құрбаны. Әңгімедегі Қатира мен Құмар бейнесі, олардың мінез-құлқы, дүниетанымы, адам жанына деген мәселеге келгенде бір-біріне кереғар. Қатира қалайда болса Ләйләнің жанын ауырта түскісі келеді. «Сөзді қара! Адам емеспіз бе», – дейді! Адам сиқы жоқ кейпіңе неге қарамайсың, ә?» [128, 7 б.] деген тұста кімнің адам екені өз-өзінен түсінікті. Қатира адам кейпінде болса да, ішкі жан дүниесі адами қасиеттен жұрдай. Ал Ләйлә бұл жағынан одан әлдеқайда жоғары. Құмар әңгімеде Ләйләнің жанын жаралағысы келмей, оған ерекше ілтипт көрсетіп өзін басқа қырынан танытады. Аз уақыт болса да Ләйлә қыз көңілінде үміт отын жағады. Айналасындағы адамдардан тек мүсіркеуді, қорлықты көрген Ләйлә қыз Құмардан бір сәт жылулық тапқандай еді.

Әңгімеде тек қана мүгедек қыздың тағдырын көрсету ғана басты нысана емес. Автор адамдар арасындағы түсінушілік, сыйластықтың, мейірімділіктің деңгейін анықтауға көп көңіл қойған. Тіпті апат аймағында небір қиындықты бастарынан кешіріп отырған адамдардың өзі бір-біріне жандары ашымайды. Қатира қалыптаса бастаған характер көрінісі.

«Жарық дүние», «Жан азабы», «Шықпайтын есік» әңгімелеріндегі жағдайларға Р. Мұқанова әр түрлі мінез иелерінің болмысын жан-жақты анықтауға тырысқан. Аурухана төсегінде өз өмірлерінің соңғы күндерін сүріп жатқан адамдар бейнесі, олардың ішкі дүниесі, сезім қалтарыстары барынша терең ашылған.

«Жарық дүние» әңгімесіндегі баланың анасын өлімге қимай, ананың баласын қимай қиналуы үлкен психологиялық шеберлікпен өрнектелген. Ананың баласына айтқан: «Мен саған ризамын. Енді, мынау өмір мен өлімнің ортасында жатқан сәтімде де мені тіршілікке алып қалатын сен ғана сияқтысың. Арманым жоқ десем де, менің өмір сүргім келеді, ұлым. Әрине, сенің алдыңда алсын. Ол тілегім ақиқат» [128, 21 б.]. Бірақ... толғанысы үлкен бір өкінішпен аяқталған. Баласына риза, оқыды, ер жетті, қызық көрсетті. Осы жалғызы үшін өмір сүрді. Өмірінің мәніне айналған Сағаты бүгін оны ажалдан алып қалатын сияқты. Ана мен баланың бір-бірінің биіктігіне деген сенім шексіз екендігіне көз жеткіземіз. Тіпті бір-біріне деген ұлы махаббаттың алдында өлімнің өзі жеңіліс табатын сияқты. Дәрігерге қайта-қайта қан құйғыздыртып анасының азда болса өмірін ұзартуға аласұрған Сағат өлімнің бұлжымас шындық, өмір бар жерде өлім бар екендігіне бірте-бірте мойынұсына бастайды.

Әңгімеде жазушы осы оқиғаға паралель етіп жол үстінде машина басып кеткен ит тағдырын суреттейді. Жолды кесіп өтіп бара жатқан екі иттің бірін жүргізуші байқаусызда қағып кетеді. Екінші ит жол үстінен кетпей өш алуға кіріседі. «Ит адамзат атаулыда кеткен ұлы өшпенділіктің кегін алмақ. Көзі қанталаған ол жақындай берген жарыққа атылып барып, бұрын-соңды ит атаулыдан кездестіре алмаған аса бір үрейлі дауыспен арс-арс етіп қалды» [128, 19 б.] деп жазушы ызалы ит бейнесін береді.

«Тіршілікке құмартқан жан иесінің қиналыс сәтін көзімен көріп, ортақтас болған мұңлы түндерінің әсері ме, Сағат адам баласын, жан-жануар болсын, әйтеуір, жан біткеннің тіршілік үшін күресетінін анық біледі. Ол әр күнді, әр сағатты соншалық бағалауға, қадірлеуге тырысты» [128, 29 б.] деген үзінді де әңгіменің басты нысанасы көрінеді.

Ал «Жан азабы» әңгімесінде жазушы осы ойды өрбіте түскен сияқты. Науқас ана мен жаудыраған сәби жүздері кез келгеннің көңіліне мұң әкелетіні сөзсіз. Дертпен арпалысқан адам жанына бірден-бір күш беретін нәрсе ол адамның тіршілікке құмарлығы екенін әңгіменің өн бойынан тануға болады. Дариға ауыр науқастың өзін жеңіп, бара жатқанын сезінсе де сезгісі келмейді. Әрбір сөз, ой, қимыл оның жүрегіне үміт отын жағады.

Жазушы әңгімеде тіршілік туралы мынадай ой қорытады: «Тіршілік. Арпалысқан адуынды өмір, қысқа уақыт. Таң. Түс. Кеш. Бірін-бірі қайталаған осы ағайынды үшеу адамның ғұмырын жалмап алып, күннен-күнге қысқартып алып бара жатқанын сезе тұра, сезбеген, біле тұра, білмеген күй кешеміз. Өмірден қайтқандарды көріп, тәубә қылғанмен, ертең, ертең-ақ бізге де келер деп бейқам айта да салармыз. Бірақ сол сәтте арпалысып тіршілік үшін күресетініңді, тағы да аз уақыт өмір жорығынан дәмеленетіңді білесің бе Адам? Тіршіліктегі көрген ауыр қасіретіңнің өзін тағы да бір мынау жарық дүниеде бастан кешірсең өкінбейтін аңсайтын, жалбарына сұрайтын сәтіңнің болатынын сезесің бе, Адам? О, қасиетті тіршілік. Мәңгі жасау үшін Адамның амалы бар ма?» [128, 34 б.]. Бұл үзіндіні ұзағырақ келтірген себебіміз авторлық тұрғының осы бір толғаныста өзінің бағытын танытады. Себебі жазушының әңгімеде көтеріп отырған негізгі идеясы өмір үшін арпалысып жатқан адам бейнесі арқылы, оның сезім дүниесі арқылы тіршіліктің парқын адам баласына ұғындыру.

Бүгінгі зымыран заманда уақыт құлына айналып бара жатқан адам баласына ой тастайды. Дариғаны жаны ашитын, оның жүрегін жаралағысы келмейтін адамдар қоршап отыр. Қайын апасы, жары, балалары Дариға үшін құрбан болуға әзір. Бірақ тура келген ажалға қарсы тұруға ешкімнің қауқары жетпейді. Дариға жаны тек өзі ғана өліммен бетпе-бет келіп отыр. Тәуір болып кетермін деген ой ғана өмір сүруге, тіршілікке деген құштарлық пен өлім арасындағы мәңгілік тартыс өзек болған. Адам рухының қандай қиындық болса да жоғары болатындығы, тіпті ажал алдында бой жазып өз аяғымен жер басып, таза ауамен дем алып аттануы осыны көрсетеді. «Дәл мына суықтың өтіне кетіп тұрғаның не, қарғам-ау? Бас көтергенің бүгін ғана емес пе? Лып ете түскен әйел қолы жаңағы жарық сәулеге созыла бергені сол еді, меңіреу қараңғы қапаста Дариға қалып қойды» [128, 53 б.] – деген Дариғаның түсімен басталатын әңгімеде жарық пен қараңғылық бейнесі шығарманың идеялық өзегін, тартыстық арнау тарамдарын ашатын кілт іспеттес.

Жазушының жоғарыда сөз етілген әңгімелерінде дараланған характерлер суреттелген. Автор «Жан азабында» ананың, «Жарық дүниеде» Дариғаның ішкі сезім дүниесіне бойлайды. Оларды оқырман алдында толғандырады, пікір таластырады. Әңгіменің баяндау тәсілінің шеберлігі, ұтымдылығы да оқушының назарын бірден аударады.

Ал «Шықпайтын есік» әңгімесінде ананың өмірге сәби әкелуге деген құштарлығы суреттелген. Басты кейіпкер Ғалияның бар арманы ана болу. Бірақ тағдыр оның маңдайына ана болу бақытын жазбаған. Аурухана ішіндегі «Шығатын есік» пен «Шықпайтын есік» өмір мен өлім бейнесі сияқты. «Шығатын есік! Мұнысы несі екен? Есік болғасын шығады да. Әлде шықпайтын да есік болушы ма еді?» Жүріңкіреп барып тағы бөгелді. Бұл жолы әйелдің өңі қуқыл тартып бара жатты. «О, тоба-ай, шықпайтын есік дегені несі, тағы!..» Әйел, сол жақтан үрей сезгендей, соңында қалып бара жатқан жұмбақ есікке алақтап қарай берген» [128, 37 б.] деген үзіндіде Ғалия басына келген ой оның денесіне үрей әкелгенін көреміз.

Ғалияның өмірге деген құштарлығының басты себібі оның ана болып, жары Ермекке әке болу бақытын сыйлағысы келгендігі еді. Ермекке өзінің қуанышын жеткізгенде оның ойына жарының бір кездегі суық сөзі оралады. Дәл осы сәтте жарының құшағында тұрса да, көңілі сонау бір тұңғиық тыныштықтағы алыс әлемге сапар шегеді. Осы көрініс Ғалияның мына өмірден алыстап бара жатқанын сездіреді.

Дәрігер операцияға алғаш келісім сұрағанда жоқ деп қайырып тастаған оның палатасында ұзақ жылағаны әңгімеде былайша суреттелген: «Алғаш рет әйелдің жаны жаншылып, сол он сегіз жылғы бедеулігіне, өз қуанышын өзіне қимаған мынау тажал тағдырына қарғыс айтқан.Өзінің өмірге әйел болып келіп, аналық қызықты көре алмағанына, соның суығын сезіп, ыстығына төзе алмайтынына, тым болмаған да құрсағына біткен мынау сәбиін дәрігердің жәрдемінсіз жарық дүниеге өзі-ақ әкелуге жарамағанына әйел қатты таусылып, тіршіліктен түңілді» [128, 39 б.].

Жазушы Ғалияның өмірге деген құштарлығының бір күнде өшуін, онымен бірге өзінің де сөніп бара жатқанын көрсете отырып, оған сол сәтте көмекке келген, жанын түсінген адам баласының болмағанына күйзелді. Шыбын жанын дәрігерлер қолына тапсырып, соларға үлкен үмітпен қараған Ғалия сенімі күл болды. Енді ол айналасындағыларға деген сенімнен айрылды. Дүниеге сәби әкеліп, сүйген жары Ермекті бақытты етпек еді, ол арманы орындалмады. Ана болу бақытына ие боламын деп еді ол үміті босқа кетті. Ғалия жаны осының бәрін кімнен көреді, кім кінәлі? Енді оған өмір сүрудің мәні бар ма? Кім үшін, не үшін өмір сүрмек? Осындай бүкіл санасын, жан дүниесін шырмаған сұрақтарға жауапты Ғалия бір-ақ жерден іздеді. Ол «Шықпайтын есік» еді.

«Дәлізде ұзақ тұрды. Шығатын есік маңы кіріп-шығып сапырылысып жатыр да,шықпайтын есіктің маңында қыбыр еткен жан жоқ. Ғалия сол тұсқа алақтап, қайта-қайта қарағыштай берді. Жақындап келіп, есікті ашып жіберді. Төменге түсетін басқышты көрді. Жан-жағына асығыс көз салды да, қараңғы тұңғиыққа түсіп бара жатты. Жан түршігерлік ащы бір дауыспен бар күйінішінің, бүкіл қасіретінің бәрін шығармақ-ақ еді. Бұл жолы да «шықпайтын есік» оған сабыр берді» [128, 144 б.] деген сәттен жаны тығырыққа тірелген Ғалияға сабыр берген сол «шықпайтын есік» екенін көреміз. Жазушы өмір мен өлімнің арасында аласұрған Ғалияның жан дүниесіндегі аласапыран сезімдерді, қайшылықты ойларды, кереғар құбылыстарды шебер қиюластырған.

«Мұқағали» әңгімесінде ақын өмірінің соңғы сәті бейнеленген. Мұнда жазушы айықпас ауыр дерт бойын жайлап алған ақын жанын өлеңге, қазақтың қара өлеңіне деген сүйіспеншілік, оған табыну ғана бір сәт жадырататынын, жарық дүниеге құштарлығын арттыратынын көрсетеді. «Жыры да, сыры да, мұңы да, қайғысы да Музамен ұласты. Кейде күрсініп, кейде жылап, кейде бәрінен айығып тазарып отырады. Музасы болмаса қайтер еді, қаңғырып баз кешіп кетер ме еді. Жаны мен тәнінің арасынан жол тапқан егізі-поэзиясы. Поэзиясы үшін жан салып, жан берісерге бар. «Жаным сүймесе келісімге барып жүрсем – сен үшін» дейтін қасиетті бойтұмарына. Мұның қайсарлығын нәзіктікке бас иіп, мазасыз жанын сабырлыққа көндірген де сол. Тек тастап кетпесе, мазақ етпесе болғаны» [128, 146 б.] – деген жолдар осыған дәлел.

Ақын жаны жалғыздық күйін кешуде. Сағат сайын жақындап келе жатқан ажал ақын сезімін тығырыққа тіреп жатыр. Мұқағалидың бар ойы – жазу. Бірақ уақыт аз, қуат жоқ. Әңгімеде ақынға қайта-қайта келген домалақ дене – шартты бейне. Оны ақын ажал бейнесі ретінде көреді. Бүлдіршін қыз – Муза. Бітеу


дене – ажал деп ақын ұғынады. Екеуінің теке-тіресі ақын өмірі. Сондықтан да ол бүлдіршін қыз жанын алып қалатындай көреді. Ақын таң алдында дүниеден өтеді. Көп жағдайда жазушы психологиялық талдауға көбірек барып, бас қаһарманды үлкен дайындықтан өткізеді. Бетпе-бет келген өліммен ашық күрес, сезімдегі қайшылықтар қат-қабаттанып, көркемдік компоенттер шебер қиюласқан.

Жазушы кейіпкерлер толғанысын, ішкі ой шарпысын бейнелегенде де шеберлік танытады. Бұл ретте қаһарманның рухани дүниесіндегі өзгеріс-құбылысты жеткізетін монологтар, кейде тіпті арнайы ақыл түйдегі, тұтасып жататын «сана ағыны» ерекше назар аударарлық.

Жиырмасыншы ғасырдың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерінің қарқындылығын суреттейтін соңғы он жылы рухани мәдениет пен өнердің әлеуметтік-эстетикалық қызметінің жоғары екендігін көрсетіп берді. Жаңа ойлау құрылымының қажеттілігі мен маңыздылығы, ұлттық сана-сезімінің дамуы қоғамдағы әдебиеттің алатын орнын бірнеше сатыға жоғары көтерді, көркем-философиялық ойлау мен танымдық-эстетикалық қағидалардың әрі қарай ілгерілеуі жолындағы адам қоғамына қатысты маңызды мәселелерді шешу жолындағы көркемдік ізденістердің ілгерілеуіне әкелді.

ХХ ғасырдың соңғы кезеңіндегі ұлттық әдебиет философиялық, эстетикалық мәселелерді жаңаша пайымдау үшін көп ізденген. Сонымен бірге ғасырлар тоғысындағы көркем проза жалпы адамзатқы тән зәру тақырыптарды замана тұрғысынан, ұлттық мүдде үдесінен, егеменді ел мақсатына сәйкес көтеруге күш салғанына мысал жетерлік. Көркем мәтінде өте күрделі жағдайлар көрінді, адам мінезінің, болмысының бұрын байқала бермеген қырлары оның болмысының қалыптасуын, өмірлік бағыт-бағдарын, құндылықтарын айқындауға көп күш салды, яғни прозадағы жағдай мен мінездің арасындағы байланыстардың барлық типтері белгілі бір пішінге ие бола бастады. Символикалық шартты жағдайлар мен реалистік характерлер, болмыстағы мифтік образдардың бейнеленуі байқалады.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет