10-сынып Қазақстан тарихы



бет1/6
Дата17.10.2019
өлшемі83.13 Kb.
  1   2   3   4   5   6
10-сынып

ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ

1-билет

1. Тас дәуірін кезеңдерге бөлу.

Адамзат тарихының бастапқы кезеңі тас дәуірі деп аталады. Оның бұлай аталу себебі олардың негізгі қарулары мен еңбек құралдарының барлығы дерлік тастан жасалды. Тас дәуірі өз ішінен: палеолит (ежелгі тас дәуірі), мезолит (орта тас дәуірі, неолит (жаңа тас дәуірі) болып негізгі үш кезеңге бөлінеді. Неолит кезеңінен кейін келетін энеолит (мысты-тас дәуірі) кезеңі – тас дәуірі мен қола дәуірінің арасын жалғастырушы кезең болып табылады.

Палеолит дәуірі осыдан 2,6 млн - 12 мың жыл бұрынғы уақыт аралығын қамтиды. Палеолит дәуірінің өзі ерте (төменгі) және кейінгі(жоғарғы) палеолит болып екіге бөлінеді. Ерте палеолит осыдан 2,6 млн - 35-40 мың жылдар аралығын қамтиды. 

Ерте палеолиттің өзі үш кезеңге бөлінеді:

Олдувай (Дошель) кезеңі – 2,5-2,6 млн. – 700 мың жыл аралығы;

Ашель кезеңі – 700 мың – 150-140 мың жыл аралығы;

Мустье кезеңі – 140 мың – 40-35 мың жыл аралығы.

Кейінгі палеолит – 40-35 мың жыл – 12 мың жыл аралығын қамтиды. Қазақстандағы алғашқы адамзат Ашель (700 мың – 140 мың жыл) кезеңінде пайда болған. Бұл дәуірдің ескерткіштері еліміздің оңтүстік, орталық және батыс аймақтарынан табылған.

Ертеде өмір сүрген адамдар тас құралдарын өте көп мөлшерде пайдаланған. Олар тасты шебер өңдеу арқылы құралдардың шапқы, қырғыш, үшкіртас, бұрғы, пышақ, тескішсияқты әралуан түрлерін жасаған. Мұндай тас құралдар Оңтүстік Қазақстанның Қаратау жоталарынан көптеп табылған.

Орта тас дәуірі немесе мезолит – тас дәуірінің палеолит пен неолиттің аралығындағы археологиялық өтпелі кезең. Ол б.з.б. 12-10 мың жыл – 5 мың жыл аралығындағы кезеңді қамтиды. Мезолит кезеңі климаттық өзгерістермен, мұздықтардың еруімен сипатталады. Бұл кезеңде мамонттар мен жүндес мүйізтұмсықтар жойылып, өсімідіктер мен жануарлар дүниесінің қазіргіге жақын құрамы қалыптасты. Мезолит дәуірінде адамдар  садақ пен жебені ойлап тауып, кеңінен қолданды. Садақ жебесінің  ұшы ретінде микролиттер – ұзындығы 1-2 см, үшбұрышты, ромб, трапеция пішінді шақпақ тастан жасалған құралдар қолданылды. Аң аулау қаруы ретінде садақ ұсақ әрі жүйрік аңдарды, тіпті құстарды да аулауға мүмкіндік берді.

Мезолит дәуірінде кейбір аймақтарда егіншілік пен мал  шаруашылығының белгілері пайда  болып дамыды. Үй жануарларынан  ит қолға үйретілді. Бұл кезеңде  мал шаруашылығы мен егіншілік  кең дами қоймады. Мезолит тұрақтарының негізінен  өзен, көлдердің жағалауында орналасқаны  анықталды. Қазақстан аумағында  Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық өзендерінің  аңғарларындағы, Маңғыстаудағы мезолит  тұрақтары белгілі болып отыр. Қазірде Қазақстан аумағында  мезолит кезеңі ескерткіштерінің елу  шақты орны табылған. 

Тас дәуірінің келесі сатысы жаңа тас дәуірі – неолит және мысты тас дәуірі – энеолит болып табылады. Неолит дәуірі б.з.б. 5 мың жыл – б.з.б. 3 мың жыл аралығындағы кезеңді қамтиды. Неолит дәуірінде тасты өңдеу техникасы ерекше дамып, жетілдіріле түсті. Тастан еңбек құралдарын жасауда тегістеу, қырнап өңдеу, бұрғылау, аралап кесу тәрізді күрделі тәсілдер қолданылды. Тас балта, кетпен, дән үккіш келілер жасалды. Неолит дәуірінің маңызды  белгісі – терімшілік пен аң аулаудың негізінде егіншілік пен мал  шаруашылығы қалыптасты.  Қарапайым кен өндіру, жіп иіру, мата тоқу, қыш ыдыстар жасау сияқты кәсіп түрлері пайда болды. Неолит дәуіріндегі қоғамдық ұйымдасудың негізгі түрі ретінде  рулық қауым сақталып қалды. Рулық  қауымда ұжымдық еңбек пен  өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ  меншік үстем болды. Сонымен бірге  тайпалар мен тайпалық бірлестіктер құрыла бастады. Тайпалар туыстық байланысына  қарай және шаруашылықтың біртекті сипатына қарай біріккен бірнеше  рулық қауымдардан тұрды. Қазіргі кезде Қазақстан  жерінде ғылымға белгілі 500-ден  аса неолиттік ескерткіштер бар. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік деп бөлінеді. Бұлардың ішінде бұлақтық тұрақтар көп тараған. Неолит дәуірінің  ескерткіштеріне Ақмола облысындағы  Атбасар мәдениетін, Торғай үстіртіндегі Маханжар мәдениетін, Оңтүстік Қазақстандағы  Қараүңгір тұрағын, Батыс Қазақстандағы  Құлсары тұрағын, Шығыс Қазақстандағы  Қызылсу тұрағын, Солтүстік Қазақстандағы  Пеньки тұрақтарын және т.б. жатқызамыз.

Тас дәуірі мен қола дәуірінің  аралығындағы археологиялық өтпелі кезең болып мысты тас дәуірі – энеолит есептеледі. Энеолит дәуірі б.з.б. 4 мың жыл – б.з.б. 3 мың жыл аралығындағы кезеңді қамтиды. Энеолит дәуірінде адамдар тас құралдармен қатар мыстан жасалған еңбек құралдарын да пайдалана бастады. Мыс құралдардың шығуы оңтүстік аймақтарда егіншілер мен малшылардың өнімді еңбекті дамытуына елеулі ықпал етті. Далалық аймақтағы энеолит Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай мәдениетімен ерекшеленеді. Ботай мәдениеті б.з.б. ІІІ – ІІ мыңжылдықтарға сәйкес келеді.

2. Ақ Орда мемлекеті.

Ақ Орда — қазақтың алғашқы мемлекеті. XIV ғасырдың екінші ширегінен бастап Алтын Орданың Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында — Ақ Орда мемлекеті оқшаулана бастады. Бұрынғы Қыпшақ хандығының жері Ақ Орданың негізгі аумағын құрады. «Ақ» ұғымы ежелгі түрік және моңғол ұғымында «еркін», «азат», «дербес» мағынасында «қара тобыр» «басыбайлыққа» қарсы қолданылады. Түркі және түркіленіп кеткен жергілікті шонжарлардың саяси-экономикалық жағдайының нығаюы нәтижесінде, Ақ Орда XIV ғасырдың ортасында Алтын Ордадан біржола бөлініп шықты. Ақ Ордада Жошының тұңғыш ұлы Орда Ежен әулеті билік құрды. Моңғол шежірелерінде Орда Ежен мұрагерлері 13 ұрпаққа дейін жалғасады. Оларды «Қыпшақ хандары әулеті» деп атайды. Жошы ханның кезінде-ақ Ақ Орда жеке ұлыс — елге айналып, күміс теңгелер соға бастады. Жошы қайтыс болған соң Ақ Орда тағына отырған Орда Ежен билігінде сол қанаттың қолбасшысы ретінде 10 мың жасағы болды. Орталығы Сығанақта орналасты. Ақ Орданы Орыс хан (1361—1376/77 жж.), оның баласы Барақ (1423—1428 жж.) билеген жылдарда Шығыс Дешті Қыпшақтағы қуатты мемлекетке айналды.

Ақ Орда — моңғолдардан кейінгі кезеңде Қазақстан аумағында жергілікті этникалық негізде құрылған тұңғыш ірі мемлекеттік құрылым. Онда Қыпшақ бірлестігінің құрамына кірген халықтардан басқа байырғы қыпшақтар, қаңлы, наймандар, арғындар, үйсіндер, қарлұқтар, жалайыр, т.б. мекендеді. Ақ Орданың аумағы (Ертістен Сырдарияның құйяр тұсы, Саураннан — Арал, Қараталдан Төменге (Тюмень) дейінгі) қазіргі Қазақстан аумағының көлемді бөлігін (шамамен 60—65%) қамтыды. Алтын Орда, Ақ Орда дәуірінде қыпшақ-қазақ тілі мемлекеттік жазба тілге айналды. Ақ Орда кейін Қазақ хандығы атымен Қазақ мемлекеті қайта құрылуының алғышарты болды.

3. Ұғымға анықтама беріңіз: авеста.

Авеста –  Иранның өте ертедегі маңызды ескерткіші. Ол біздің кезімізге дейін қасиетті зороастризм діні мәтіндері арқылы жетті. Араб шапқыншылығына дейін (VII ғ.)  зороастризм  Иран өкіметінің діні болған.

2-билет

1. Қазақстан - палеолит дәуірінде.

Шығыс Қазақстанның Шульбинка, Оңтүстік Қазақстандағы Арыстанды өзенінің бойынан кейінгі тас ғасырының тұрақтары табылды. Бұл тұрақтардан өте жақсы өңделген қырғыштар қазып алынды. Қырғыштар шамамен бұдан 25 мың жыл бұрын жасалынған.

Шақпақата (Маңғыстау) және Арыстанды (Қаратау) тұрақтары ерте тас ғасырының ең көне ескерткіштері болып есептеледі. Cебебі бұл тұрақтардан табылған құралдар Олдувай (Шығыс Африка) cайынан табылған ең көне құралдармен замандас. Бұл тас құралдар – жарғыш сынатас, бифас, пышақ, қырғыш, үшкіртастар. Орталық Қазақстандағы кейінгі палеолиттік ескерткіштердің ең көрнектісінің бірі – Батпақ тұрағы. Оның мәдени қабаты жер бетінен 6 метр тереңдіктен табылған. 300-ге таяу тас қырғыштар қазып алынды. Тұрақтың жасы – б.з.б. 30-25 мыңыншы жыл. Орталық Қазақстандағы Семізбұғы тұрағынан жүзі түзу, кейде қайқы тас пышақ түріндегі қырғыштар табылған. Бұл дәуірдегі екі жағынан да өңделген қарапайым шапқыш тас құрал – бифас. Тас дәуіріне жататын Жамбыл облысындағы Бөріқазған және Шабақты тұрақтарынан 5000-ға жуық тас құрал табылды

2. Моғолстан мемлекеті.

 XIV ғасырдың ортасына қарай Шағатай ұлысы ыдырап, Шағатай ұлысының шығыс бөлігі – Оңтүстік шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумағында Моғолстан мемлекеті құрылады. Моғолстан аталу себебі, Шығыс деректерінде «монғол» сөзіндегі «н» әрпі түсіп қалып, «моғол» немесе «моғолстан» сөзі қалыптасып кеткен.



Мемлекетті кезінде Шағатай ханға адал қызмет еткен дулат тайпасының әмірі Поладшы басқарған. Әмір Поладшы бастаған дулат ақсүйектері Поладшының хан болуға құқы болмағандықтан, өздерін тыңдайтын, Шағатай ұрпағы Дува ханның немересі, он алты жасар Тоғылық-Темірді 1348 жылы Моғолстан ханы етіп сайлайды. Ал негізгі саяси билік осы Әмір Поладшының қолында болған. Әмір Поладшы Моғолстанды Мауараннахрдан біржола бөліп алып, тәуелсіз, жеке хандық құруға бар күшін салды. Моғол мемлекетіне қазақстанның Оңтүстік және Жетісу аймақтары да кірген.

Моғол хандығының тағына негізінен Шығыс тұқымдары мен монғол ақсүйектері отырған. Моғолстанның негізгі халқы түрік тілдес тайпалар: дулат, қаңлы, үйсін, арғын, баарын, барлас, бұлғашы, т.б. ертеден осы өңірді өмір сүрген тайпалар еді. Бұлардың қатарында осы жергілікті халықтармен араласып, түркіленіп кеткен монғол тайпалары да болды. Саяси тұрақсыздық орын алған күрделі кезенде билік басына келген Тоғылық-Темір хан елдің ішкі-сыртқы жағдайын жақсартып, XVI ғасырдың басына дейін билік еткен әулеттің негізін қалады. Хандықтың бүкіл аумағын біріктіріп, бір орталыққа бағындырады. Мемлекеттің орталығы Алмалық қаласы болады.

Хан өзінің билігін бұрынғы қалыптасқан жүйемен жүргізеді. Мұсылман дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдайды. Ханның бұйрығы бойынша дінді қабылдамаған әмірлер мен бектерді өлім жазасына кескен. Сөйтіп хан ел ішінде қатал тәртіп орнатады.

Тоғылық-Темір өзінің сыртқы саясатында Шағатай ұлысының кезінде орныққан Орта Азия жеріндегі билікті қалпына келтіруге әрекет жасайды. 1360-1361 жылдары Мауараннахрға екі рет сәтті жорық жасап, баласы Ілияс-Қожаны Мауараннахрдың хан тағына отырғызып қайтады. Моғолстанға оралған Тоғылық-Темір хан қаза болады. Өзінің мұрагерлік хұқын реттеп қайту үшін Ілияс-Қожа Моғолстанға кеткен кезде Орта Азиядағы жағдай күрт өзгереді. Тоғылық-Темірдің тірі кезінде оған тәуелдікті амалсыздан мойындап жүрген әмір Темір енді Мауараннахрдағы билікті өз қолына алу үшін, Ілияс-Қожаға қарсы шығады. Әмір Темір мен Ілияс –Қожа ханның арасында бірнеше рет қақтығысулар болады. Моғол ханы жеңіліске ұшырайды. Соңғы жеңілістен кейін Ілияс-Қожа Моғолстаннан жаңа әскери күш жинап келіп, қайта соғысады. Ташкент қаласының маңында 1365 жылы 22 маусымда екі жақтың арасында шешуші “Батпақ шайқасы” болады. Жазба деректердің хабарына қарағанда, кесіліскен шайқас болғаны срншалықты, екі жақтан 10 мыңға жуық адам құрылған. Шайқаста Ілияс-Қожа хан жеңіске жетіп, Әмір Темір қашып құтылады.

Батпақты жеңісінен кейін Моғол ханы Самарқанға қарай аттанып, оны қоршауға алады. Бірақ халық қаланы жан аямай қорғайды. Қаланы ұзақ уақыт қоршаудан қалжыраған моғол әскерлерінің мініс аттары жамандат індетінен қырыла бастайды. Қаланы алудың мүмкін еместігіне көзі жеткен хан Моғолстанға қайтуға мәжбүр болған. Шағатай ұлысты кезіндегі билікті қайта қалпына келтіру ісінің алғашқы қадамы сәтсіздікпен аяқталуының басты себебі, билеушілер арасындағы алауыздық, саяси феодалдық батыраңқылық еді. Ақыр аяғында Ілияс-Қожа хан да осы феодалдық талас-тартыстың құрбаны болады.

Бұдан кейін де Моғол хандығындағы билікті дулат тайпасының атақты әмірлері Қамар ад-дин мен оның інісі Шамс ад-диндер жүргізген. Қамар ад-дин де өзін тыңдайтын, жас Тоғылық-Темірдің соңғы ұрпағы Қызыр-Қожа оғланды хан тағына отырғызып, дулат тайпасының әмірлері мен шонжарларының жағдайын жақсартуға күш салады. Моғол хандығын осындай саяси бытыраңқылық жайлап жатқанда Мауараннахрдағы билікті өз қолына алып, күшейген Әмір Темір енді Моғолстанды жаулауға кіріседі.

XVI ғасырдың аяғында Әмір Темір Моғолстан жеріне бас көтертпей, дүркін-дүркін жорықтар жасайды. Алғашқы жорығы 1371-1372 жылдары болған.

Әмір Темір Моғолстанға 1380-1390 жылдары да бірнеше рет жорық жасаған. Бұл жолғы жорықтың жойқындығы соншалықты, Әмір Темір өзінің балаларының қолындағы әскерлермен қосқанда 120 мың адаммен атанған. Моғолстандағы бытыраңқылық жағдай 1428 жылы Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін де тоқтамады. Дулат әмірлерінің қолдауымен Есен-бұға 1433-1462 жылдары хан тағына отырды. 1462 жылы Есен-бұға қаза болған соң Жүніс Моғолстанға оралып, өзін хан етіп жариялайды. Моғолстан хандығы Жүніс ханның немересі Абдар-Рашид ханның кезінде ыдырай бастады. Оның Жетісу аймағы Қазақ хандығының құрамына енді.

3. Ұғымға анықтама беріңіз: анимизм.

Анимизм - жануарлар мен заттарда және табиғи ұн құбылыстарда мекен ететін ғажайып, тылсым мақұлұқтар кейіпіндегі жан мен рухқа байланысты ең ежелгі діни сенім. Анимизм ата-баба әруағына табынудан, жанның мәні өмір сүретіне сенуден айқын көрініс тапқан.

3-билет

1. Қазақстан аумағындағы мезолит кезеңі.

Палеолиттен кейінгі келесі тарихи кезең – мезолит дәуірі б.з.б. 12–5 мыңжылдықтар аралығын алып жатыр. Дегенмен, Қазақстан аумағында мезолит ескерткіштері аз зерттелген. Алғашқы мезолит тұрақтары Қостанай маңы мен Торғай далаларынан табылса, қазіргі күнде бұл дәуір жәдігерлері Солтүстік, Оңтүстік, Орталық және Батыс Қазақстаннан табылған. Зерттелген мезолит тұрақтары Солтүстік Қазақстанда – Дачная, Евгеньевка, Мичурин, Боголюбов-2, Явленко-2, Тельман-7, 8а, 9а, 14а, Орталық Қазақстанда – Әкімбек, Қарағанды-15, Виноградовка-2а – 12, Торғай өңірінде – Дүзбай-6 тұрақтары. Қазақстанда барлығы 20 шақты ғана мезолиттік тұрақ белгілі. Мезолит дәуірінде адамдардың бір жерлерден екінші өңірлерге қоныс аударуы ұлғайды. Бұл адам санының өсуіне байланысты жаңа аң аулайтын аумақтарды іздестіру қажеттілігінен туған еді. Адамдар оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге жаппай қоныс аудара бастады. Осының нәтижесінде мезолиттік тұрақтардың барлығы да бұрын палеолиттік орындар болмаған жерлерден табылды.

Мезолит дәуірінде адамдар өзендер мен көлдер жағасында орналасқан тұрақтарда мекендеген. Бірақ тұрғын үйлерінің орындары сақталмаған. Өте нашар сақталған қалдықтарына қарағанда олар бөренелерден салынған жеңіл тұрғынжайлар.

2. Ноғай ордасы.

Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған  мемлекеттік бірлестіктің бірі – Ноғай Ордасы. Ол ХІҮ-ХҮ ғасырларда Батыс Қазақстанның бір бөлігін алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы Алтын Орданың беклербегі, әскерінің қолбасшысы, Жошы ханның немересі (1260-1306) Ноғай есімімен байланысты. Берке хан өлгеннен кейін Доннан Дунайға дейінгі жер Ноғайдың бақылауында болды. Оның құрамындағы рулар Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанды. Ноғай Ордасының негізін салушы - әмір Едіге (1395-1419). Ол 15 жылдай  Алтын Орданы билеп (1396-1411), «ұлы әмір» атанған. Шыңғыс әулетінен хан сайлау Едігенің қолында болған. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан Едігенің кезінде бөлектене бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы Нұраддин (1426-1440) тұсында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХҮ ғ. ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Территориясы: Еділ-Жайық арасы. Астанасы – Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болды. Халқы – маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама және т.б. сияқты түрік тайпалары. Ноғай Ордасы этносаяси бірлестік ретінде пайда болды, оған енген тайпалар ХҮ ғ. аяғында қалыптасқан ноғай халқының негізін құрады. Ноғай Ордасында ұлыстық басқару жүйесі қалыптасып, бір орталыққа  бағынған өкімет болды. Орда билеушісі – хан. Ұлыс басында мырзалар тұрған, олар өз иеліктерінде шексіз билік жүргізіп, ұлыстың ең шұрайлы жайылымдары мен өрістерін иемденген. Ұлыстың қатардағы көшпелі малшылары мырзалармен бірге көшіп-қонып, алым-салық төлеп отыруға, соғыс жорықтарына қатысуға міндетті болған. Орданы Едіге ұрпақтары басқарды. Ноғайлар тарихы әсіресе көшпелі өзбектер мен қазақтар тарихына айрықша жақын. Ембі мен Сырдария арасында көшіп жүретін ноғайлар қазақтармен ұдайы араласып-құраласып байланысып жатқан. Басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты Ноғай Ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Кейін ноғайлар қазақ хандарымен соғысса, енді бірде татуласып, одақ құрып отырған.  Ш. Уәлиханов ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан Орда» деп атаған. Ал Хақназар хан «қазақтар мен ноғайлар ханы» атанған. ХҮІ ғасырда Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық,  саяси байланысы дамыды. ХҮІ ғ. 2-ші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге:  Үлкен Ноғайлы (Еділдің шығысы) және Кіші Ноғайлыға (Еділдің батысы) бөлінді. Осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енді. Осылайша Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен рөл атқарды.

3. Ұғымға анықтама беріңіз: антропоцентризм.

Антропоцентризм - дүниетанымдық айқындама, оған сәйкес адам дегеніміз - әлемнің орталығы және асқар шыңы.

4-билет

1. Қазақстан аумағындағы неолит кезеңі.

Қазақстан аумағында неолит дәуірінің жүздеген ескерткіштері табылған. Неолиттік тұрақтар бұлақтар, өзен-көлдер бойлары мен үңгірлерде орналасты. Еліміз аумағында бұлақ бойындағы тұрақтар кең тараған. Неолит тұрақтары әсіресе Солтүстік Қазақстанда өте көп табылды. Солтүстік Қазақстанда В.Ф. Зайберт және Қостанай облысында В.Н.Логвин жүргізген археологиялық экспедициялары көптеген заттай материалдар тапты. Кейіннен ғалымдар сол табылған 300-ден астам тұрақтың заттай материалдарына талдау жасап Торғай үстіртінде неолиттік Мақанжар мәдениетін, Есіл өзені аңғарында неолиттік Атбасар мәдениетінің тарағанын бөліп көрсетті. Мақанжар мәдениетінің тұрақтары көбіне Торғай ойпатында орналасқан, олардың жақсы зерттелгендері Мақанжар, Тұздыкөл-2, Дүзбай-1-4,-12, Сор-2, Бестамақ, Амангелді тұрақтары. Атбасар мәдениетінің 200-ден астам тұрақтары белгілі болып, олардың 20 шақтысы қазылды. Бұл мәдениеттің ең жарқын ескерткіштері: Виноградовка-2 (жоғарғы қабаты), Тельман-1,-10, Явленка селосының маңындағы Қарғалы, Боголюбово, Жабай-Покровка-3тұрақтары. Неолиттік ескерткіштердің Оңтүстік Қазақстан аумағында жақсы зерттелгені Қараүңгір тұрағы. Үңгір екі бөлмеден тұрады, алдыңғы бөлменің ұзындығы 20 метр, төргі бөлменің ұзындығы 9 метр болады. Қазған кезде үңгірден көптеген тастан, қыштан, сүйектен жасалған құралдар табылды. Маңғыстауда б.з.б. V мыңжылдықта Ойықты және Төлес археологиялық мәдениеттері тарады. Неолит дәуірінің тұрақтарынан табылған заттарға қарап, сол кезде Қазақстан аумағындағы адамдар қыштан ыдыс жасап, жіп иіріп, тоқымашылықпен айналысқанын және бұйымдарды бояғанын көруге болады.

2. Әбілқайыр хан мемлекеті (1428-1468 жж).

ХҮ ғ. 20-жылдарында Қазақстанның орталық, батыс және солтүстік-батыс аймақтарында тәуелсіз феодалдық иеліктер пайда болды. 1428 жылы Шайбан ұрпағы Әбілқайыр (1428-1468) осы аймақтардағы билікті қолына алды. Ол Сырдария бойындағы қалалар мен Хорезм үшін Темір ұрпақтарымен ұзақ соғысты. Шығыс Дешті-Қыпшақтың бытыраңқы тайпаларының басын қосып «Көшпелі өзбектер мемлекетін» құрды. Әбілқайыр хандығының территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірінен солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі ұлан байтақ жерді алып жатты. Астанасы – алғашқыда Тура, 1431 жылдан Орда-Базар, 1446 жылдан Сығанақ. Халқы - өзбектер деп аталған түрік тайпалары (қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, маңғыттар, қарлұқтар, қаңлылар, үйсіндер т.б.). Елді 40 жыл билесе де, Әбілқайыр хан мемлекетінің ішкі саяси жағдайын тұрақты ете алмады. Мемлекет бір орталықтан басқарылмай бірнеше иеліктерге бөлініп, оларды Шыңғыс әулетінің билеушілері басқарып, олардың арасында билік үшін толассыз соғыстар тоқтамады. Әбілқайыр хан өз билігін нығайтып, жаңа жерлер қосып алу үшін көптеген  соғыстар жүргізіп 1430 жылы Тобыл өзені бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды жеңді, Хорезмді басып алып, Үргенішті талқандады. Сырдария өңіріндегі далада Жошы әулетінің Махмұд және Ахмет хандарын жеңіп, Орда-Базар қаласын тартып алды. 1446 жылы Мұстафа ханды тізе бүктіреді. Сырдария бойындағы Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркөкті жаулап, Сығанақты астана етті. ХҮ ғ. 50-жылдары Самарқанд, Бұхарды шабуылдап, осы өңірдегі Темір ұрпақтарының ішкі саяси өміріне араласты. Бірақта 1457 жылы Өз Темір бастаған ойраттардан Сығанақ түбінде жеңіліп, онымен өзін қорлайтындай ауыр шарт жасасты.

Бұл жағдай Әбілқайыр ханның саяси беделін төмендетті. Нәтижесінде ХҮ ғ. 50-жылдарының аяғында Көшпелі өзбектер мемлекетінен Жәнібек пен Керей сұлтандар бастаған халықтың бір тобы Моғолстанға көшіп кетті. Оларды жазалау үшін 1468 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанға жорыққа аттанып, жолда кенеттен қайтыс болды. Осыдан кейін Әбілқайыр хандығы  ыдырап кетті.

3. Ұғымға анықтама беріңіз: ақсүйек.

Ақсүйектер - хандық дәуірдегі қазақ қоғамында айрықша құқықтар мен ерекше артықшылықтарға ие болған таңдаулы әулет өкілдері, әлеуметтік жік, төрелер, қожалар мен сейіттер.

5-билет

1. Энеолит. Ботай мәдениеті.

 Неолит дәуірінен соң келетін келесі тарихи кезең – энеолит дәуірі деп аталады. Ол мысты-тас дәуірі деген мағынаны береді. Энеолит дәуірі б.з.б. 3 – 2 мыңжылдықтар аралығын алып жатыр. Бұл дәуірдің басты ерекшелігі – металл өңдеуді игеру болып табылды. Осы дәуірде тас құралдар жасау ісі құлдырап, олардың орнына мыс қосылған бұйымдар жасала бастады. Энеолит дәуірінде алғаш рет мыстан жасалған пышақтар, шаппа-шоттар пайда болды, мыстан инелер ментүйреуіштер де жасалды. Мыстан жасалған құралдар тиімділігі нашар тас құралдарды жаппай ығыстырып шығара бастады. Мыс қалыптардың ойлап табылуы құралдарды көбейтіп шығаруға мүмкіндік берді. Мыстан жасалған өткір жүзді құралдардың пайда болуынан қармақ сияқты бұрын белгісіз болған құралдар да ойлап табылды. Осының бәрі энеолит дәуірінің басты ерекшелігі болып табылатын. Энеолит дәуірі мал шаруашылығы басым дамыған Қазақстан далаларына да үлкен өзгерістер әкелді. Бұл дәуірде климат ылғалды болатын, сондықтан да мұндай табиғи орта сүт қоректі жануарлардың, әсіресе жылқы малының көбеюіне жағдай жасады. Бұрын бір жерден екінші жерге жиі қоныс аударатын аңшы тайпалар өздерінің көшу аумақтарын қысқартып, бір орында ұзақ уақыт тұрақтай бастады. Аң аулау алқаптарының босауы мал санының одан ары ұлғаюына әкелді. Ал энеолит тұрғындары төрт түлік малды, әсіресе жылқыларды көптеп қолға үйретіп, анағұрлым үлкен аумақтарда шаруашылықтың бір түрімен шұғылдана бастады.



Ботай мәдениеті. Бұл мәдениет Қазақстанның солтүстік өңірлерінің далалық энеолитін сипаттайды, мерзімі б.з.б. 3 – 2 мыңжылдықтар арасы. Ақмола облысының Ботай қыстағы атымен аталған. Ботай мәдениетін қазақстандық археолог В. Зайберт ашқан. Ботай мәдениетінің үлкен ерекшелігі осындағы Ботай қонысынан 70 мың жылқының сүйегі табылған. Бұл оның тұрғындарының негізгі шаруашылығы жылқы өсіру болғанын көрсетеді. 2010 жылы британ ғалымдары ұзақ жылғы зерттеулер нәтижесінде, жер шарындағы жылқының алғаш қолға үйретілген жері Қазақстанның далалық аймағы, соның ішінде Ботай қонысы екенін анықтады. Қостанай облысы аумағынан Ботай мәдениетіне ұқсас бірнеше қоныс ашылған, олар: Бестамақ, Тұздыкөл 1, Құмкешу, Қожай, Дүзбай 3,Ақмола облысынан – Ботай, Красный Яр, Васильков 4 қоныстары. Барлығы 20-дан астам қоныстар белгілі. Қоныстар әдетте Торғай, Терісаққан, Тобыл, Обаған, Шағалалы сияқты шағын дала өзендерінің биік алаптарында орналасқан. Олардың көлемдері 2-3 гектардан 15 гектарға дейін жетеді. Бұл қоныстардың ішінде жақсы зерттелгені – Ботай қонысы. Ол шамамен б.з.б. 24-22 ғасырлар аралығында 200 жылдай өмір сүрген. Қазірге дейін 158 тұрғын үйдің орны табылған. Қоныстың тұрғын үйлері тығыз орналасып, бір-бірімен жалғасатын өзінше бір кварталдарды құраған. Бұлардың біреуінде 30-ға дейін үйлер болған. Тұрғын үйлер жерден 1 метрге дейін шұңқыр қазылып, шығарылған топырақ оның жиегіне дуал етіліп үйілген және оған қабырғалар ретінде төбесі тарыла беретін бағаналар қойылған. Осы күмбез тәріздес құрылыс бұтақтармен және шым қабаттармен жабылған. Тұрғын үйлердің ішінде ошақтар және төбесінде түтін шығатын тесіктері де болған.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет