'42; 801. 7 (Лингвистика текста) Таусоғарова Аяужан Қайратқызы



Дата28.04.2016
өлшемі96.69 Kb.
УДК 81'42; 801.7 (Лингвистика текста)
Таусоғарова Аяужан Қайратқызы

филол.ғ.к., доцент, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы
Фонограмма мәтініндегі дейксистердің

функционалды-семантикалық ерекшеліктері
Кілт сөздер: фонограмма мәтіні, сөйлеу актісі, дейксис, хезитация, имплициттілік, анафора, пресуппозиция.

Мақала тіл және заң салалары тоғысындағы мәселелерге, нақты айтқанда, фонограмма мәтініне жүргізілетін лингвистикалық талдау ерекшеліктеріне арналған. Автор фонограммадағы екі коммуниканттың сөйлеу актілерінен тұратын диалогтағы дейксистердің семантикасы мен қызметін сөйлеу жағдаятымен тығыз байланыста анықтайды. Дейксистердің анафоралық құрылымдағы, алдыңғы ақиқат оқиғаны, сондай-ақ жасырын мәндерді білдірудегі орны қарастырады.


Таусогарова Аяужан Кайратовна

к.филол.н, доцент, Казахский национальный университет им.аль-Фараби
Функционально-семантические особенности дейксисов в текстах фонограм
Ключевые слова: текст фонограммы, речевые акты, дейксис, хезитация, имплицитность, анафора, пресуппозиция
Данная статья посвящена интегративным проблемам языка и юристики, в частности, особенностям лингвистического анализа текстов фонограммы. Автор определяет семантико-функциональные особенности дейксисов в связи с контекстом ситуации (конситуация) диалога, которая состоит из речевых актов двух коммуникантов. Рассматривается роль дейксисов в пресуппозици, а также в анафорических и имплицитных синтаксических конструкциях.
Tausogarova Ayauzhan Kairatovna

Candidate of Philological sciences, Associate Professor
Functional-semantic features of deixis in texts fonogram
Key words: text phonograms, speech acts, deixis, hesitations implicitly, anaphora, presupposition.
Annotation. This article deals with the problems of language and integrative yuristiki, in particular, especially linguistic analysis soundtrack. The author defines the semantics of functional features of deixis in connection with the context of the situation (konsituation) dialogue, which consists of two speech acts communicants. Examines the role of deixis in presuppositions, as well as implicit anaphoric and syntax.

Бүгінгі күні тіл білімінің қолданбалы лингвистикасы саласында туындаған мәселелер шешімінде тіл теориясы бойынша білім аса өзекті болып отыр. Қазіргі компьютерлік технологияның дамуы ғылым мен қоғам игілігі үшін көптеген пайда келтіріп отырғаны мәлім. Әсіресе, қызмет бабында заң бұзушылыққа жол берілу жағдайында лауазымды тұлғалар арасындағы диалогтардың фонограммасы түрлі қылмыстық істердің қозғалуына түрткі болып жатады. Әрине, бұл орайда фонограмманың қаншалықты заңдық күші бар екенін анықтау т.с.с. құқықтану саласы мамандарының құзыретінде табылса, ал фонограммадағы әңгіме мазмұны, ондағы тілдік бірліктер семантикасындағы жасырын мәндер, фонограммадағы диалогқа психо- және әлеуметтік лингвистикалық т.б. талдау жүргізу лингвистердің біліктілігін қажет етеді.

Фонограмманы тыңдау барысында анықталған диалогтағы әр тұлғаның сөзі сөйлеу актісі ретінде қарастырылады. Сөйлеушінің тыңдаушымен тікелей қатынас жағдайында айтылатын диалогтан тыс бөлек сөйленісі ретінде анықталатын сөйлеу актісіне тән басты компоненттерге – мақсатқа бағытталғандық (яғни сөйлеуші тыңдаушыға қарата айтылған сөзінде қайсы бір мақсатты, ықпал етуді көздейді) және сөйлеу актісінің нәтижесі (яғни, тыңдаушының я адресаттың санасына немесе мінез-құлқына әсер ету, жаңа жағдаят жасау, өзі көздеп отырған салдарды туындату) [1, 9].

Сөйлеу актілерінің осы қағидасы тұрғысынан қарастырсақ, фонограммадағы шартты түрде «М» және Ж1 деп белгіленген тұлғалардың арасындағы диалог басталғанда «М» тыңдаушы, яғни адресат рөлінде, ал Ж1 сөйлеуші, яғни қайсыбір мақсатты көздеп, «М»-ға сөзбен ықпал етіп, оны өзі күткен әрекетке итермелеуші.

Ж1: – А, қалай жағдайларың?

М – Пойдет

Ж1 – Все нормально?

М – Да.


Ж1– Әлі мұнда көп боласың ба, а?

М – Ертең шешіледі.

Сөз бастаушы Ж1 тарапынан «М»-ға қойылған сұрақтар «М»-ді сөзге тарту, арадағы әңгімені өрбіту мақсатында айтылған, және «М» тарапынан оған қалыпты түрде жауап берілген.

Ж1 тарапынан айтылған келесі сөз – Ертең шешіледі ма? Аха – «М»-ға ықпал етуден гөрі, әңгімені қалай өрбітудің ыңғайын таппай айтылған сөзқақпай болады.

Және бұдан ары қарай:

Ж1– Содан анау ... әкеліп берді. Санайсың ба? А?

М – Әне тұр ғой сумка

Ж1 – Қайда?

М – Сол жерде ана ... Бағана ... жазу керек қой, қай

«М» тарапынан тікелей қойылған сұраққа жауап берілмейді. Және анау деген сілтеу есімдігімен берілген тұлғаның кім екенін анықтауды да қажет етпегендей. «М» тарапынан айтылған «Әне тұр ғой сумка» деген сөйлеу актісін функционалдық-семантикалық тұрғыдан қарастырғанда ол өзінің синтаксистік формасына сәйкес сөмкені нұсқау я сөмкені көрсету қызметін атқаруды көздемейді, керісінше, қарым-қатынас контексіне орай әкелінген нәрсені санамайтынын, оны сөмкеге салуға ишарат еткенін, бастысы, ол сөмкенің көрнекті, қол жетімді жерде тұрғанын (М – Әне тұр ғой сумка) және ол сумканың қайда тұрғанынан Ж1-дің де хабардар екенін М-нің айтқан сөзінен - «Сол жерде ана ... Бағана ... жазу керек қой, қай» - түсінуге болады, өйткені ана ... Бағана сөздері өзара байланыста, бағана мезгіл үстеуі осы қазіргі сәтке дейін де М мен Ж1-дің кездескенін сөмкенің екеуіне белгілі «сол ана жерде» екенін білдіреді. Сондай-ақ М және Ж1-дің осы диалогқа дейін, бірақ дәл осы күні кездескенін Ж1-дің сөзінен анықталады:

Ж1 – Мхм, так жеті біз бердік, Нурлан, аха

М – Мхм


Ж1 – Тоғыз берді. Аха. Бүгін саған мен, э, он жеті, он алтыншы мектептікін бердім, бірінші мектептікін бердім. Так, мынау үшінші мектептікі.

Ж1-дің бұл сөзіне қарағанда, осы диалогқа дейін Ж1 өзінің мектебі – 7-ші мектептікін және 9, 17, 16, 1-ші мектептердікін берген. Яғни, бес мектептің бағана өткізілген «нәрселері» де осы сөмкеге салынған, бұл М-нің - Сол жерде ана ... Бағана ... деген сөздерінен анықталып тұр.

Имплициттілік (ағылшын тілінде «implicit” – астарлы, айтылмаған) объективті жағдаятқа субъекті қатынасы негізіндегі ойды беруде тиісті тілдік элементтің орын алмағанымен, оның мәнісін басқа тілдік бірліктер қатынасында қамтып тұратын, сонымен бірге тілдік бірліктердің логика-ассоциациялық жүйесі қатынасында жеткізетін синтаксистік құрылым [2, 161].

Имплицитті берілетін ақпарат ешбір тілдік бірлік арқылы ресімделмейді, бірақ ол сөйлемдегі сөздердің өзара байланысында немесе контекстегі сөйленістер я абзац құрайтын сөйлемдердің өзара логика-семантикалық байланысында анықталады.



Стеннограмма мәтінінде «М» тарапынан айтылатын сөйлеу актілері өте аз.

Ж1– Әлі мұнда көп боласың ба, а?

М – Ертең шешіледі.

Ж1 – Ертең шешіледі. Аха

М – Соны...

Мұндағы соңғы сөйлеу актісі (– Соны...) «М» тарапынан айтылған, соны дейксисі қолданылған.



Лингвистикада дейксис (др.-греч. δεῖξις – нұсқап көрсету) – лексикалық және грамматикалық құралдар арқылы білдірілетін тілдік бірліктің мағынасына я қызметіне нұсқау.

Дейксис аясында мына мәселелер қамтылады:



  • Сөйлеу актілеріне қатысушыларды нұсқау (рөлдік дейксис), жіктеу, тәуелдік есімдіктер (мен, сен, менің, сенің) арқылы білдіріледі.

  • Сөйленіс нысанының арқашықтық деңгейін нұсқау, сілтеу есімдіктері арқылы білдіріледі (анау – сол, мынау – осы).

  • Мезгілдік және кеңістіктік шектікті (хронотоптық дейксис) нұсқайды да, есімдіктік үстеулермен білдіріледі (осында, қазір)[3, 97]

Соны дейксисінің мағынасы жалпы алғанда, өзінің алдындағы сөйлеммен (контекстпен) байланысты анафоралық тілдік құбылыс ретінде анықталады.

Анафора – мәтіннің алдыңғы үзіндісін ескере отырып қана мағынасы, мәнісі талқылана алатын тілдік сөйленістердің қолданылуы. Анафоралық қызметті 3-ші жақтағы есімдік, сондай-ақ сілтеу есімдігі атқара алады. Мысалы: - Сіз қашан жолға шықпақшысыз? – Соны өзім де білмеймін. Яғни, соны дейксисінің мағынасы алдыңғы сөйлеу актісімен байланысты анықталып, Сонықашан жолға шығатынымды білмеймін түрінде түсініледі.

Екінші жағдайда, соны дейксисінің мағынасы сөйлеу жағдаятына, нақты айтқанда экстралингвистикалық контекст бойынша нақты нәрсеге нұқсау арқылы анықталады. Мысалы, - Соны (дәптерді, кітапты...) бере салыңызшы. Мұндағы соны сөйлеу жағдаятындағы объектілерге қарай дәптер, кітап, ... яғни кез келген нәрсе болуы мүмкін.

Үшінші жағдайда, соны дейксисінің мағынасы жасырын қолданылуы мүмкін, яғни коммуниканттардың екеуіне ғана белгілі, бірақ басқаларға түсініксіз немесе басқалардың хабары жоқ нәрсені, жағдайды білдіреді. Мысалы, Х: - Кешегі шаруамызды не істейміз? У: - Иә, соны ақылдасайық.

Бұл мысалдағы соны дейксисі тек коммуниканттарға өзара белгілі жайтты білдіреді.

Ал талдауға ұсынылып отырған стеннограмма мәтінінде «М» тарапынан айтылған соны дейксисін алдыңғы Ж1-дің сөйлеу актісімен (Ж1 - Ертең шешіледі. Аха) байланыста анафоралық тұрғыдан қарастыратын болсақ, соны дейксисін М-нің мұнда көп болатыны я болмайтыны, ертең шешілетіні туралы мәселеге байланысты қолданылған десе болады. Бұл тұрғыдан алғанда, ешқандай жасырын мән қамтылмаған.



Өйткені «Жасырын сөйленістер түйсіксіз, бейсаналы қабылдануы мүмкін, ал саналы түрде қабылдануы олардың сөз ауысуларына я сөйлем ішінде мәнісі мәтіннен анық байқалмайтын, өз мағынасынан бөлек мағынада жұмсалуына орай қиынға соқтырады. Астарлы мәтін сол сөздер айтылып отырған сөйленіс контексіне, сөйлеу жағдаятына тәуелді болады. Жасырын мәтін адамның бейсаналы түрде өзін қалай танытқысы келетініне, танылғысы келуіне қарай қалауын, бейсаналы қылықтарын қамтуы мүмкін [2]. Сөйтіп, жасырын мән – бұл сөздердің я сөйленістің өзінің тура мағынасынамен сәйкес келмейтін басқа бір ойды ишаралау.

Егер осы «М» тарапынан айтылған соны дейксисін одан кейін тұрған Ж1-дің сөзімен (Ж1: - Иә. Мен мектепте бір жұмыстармен отырып қалдымдағы) байланыста қарастыратын болсақ, «М» соны деп Ж1 екеуіне ғана белгілі бір нәрсені ишаралап тұруы мүмкін. Ж1 – «М» екеуіне белгілі нәрсе конситуативтік анафора (Конситуативтік анафора – сөйлеуші мен адресаттың айналасындағы екеуіне ортақ нәрсені меңзейді.) – соны туралы айтуға «Иә. Мен мектепте бір жұмыстармен отырып қалдымдағы» деп ақталудан бастайды, яғни Ж1 кешігіп келді. Келесі сөйлеу актісі:

– М: мхм. Яғни, М үшін оның «мектепте бір жұмыстармен отырып қалғандығы» маңызды емес, М «соны» туралы білгісі келіп тұр - екеуіне белгілі бір іс туралы айтуын қалап тұр. Мұндағы мхм – хезитация (Хезитация – бұл жүйеге түспеген дыбыстар мен олардың тіркестерінің сөйлеу ағынына қойылуы. Мысалы, мына сияқты дыбыстар [э, э, ае, ш, тэ және т.б.]. «Хезитациялар, эмболофразиялар сияқты, кейбір жағдайларда мәнге ие ақпараттарды қамтуы мүмкін, мысалы, коммуниканттардың мінез-құлықтық ерекшеліктері, сөйленістің синтагматикалық мүшеленуі т.б. Кейбір коммуникативтік сөйлеу жағдаяттарында олар тыңдаушының назарын сөйленістегі маңызды бөлікке аударту немесе тек бір ғана әуенді (интонациялық) сөз сипатымен қайсыбір мәнді білдіру қызметтерін атқаруы мүмкін. Мысалы, өз сөзі арқылы қуанышты жайтты, я қорқыныш-үрейді, я қорқытуды білдіру» [2, 454].

Ж1оның (М-нің) емеурінін түсініп, тікелей әңгімеге көшеді:

Ж1: – Содан анау ... әкеліп берді. Санайсың ба? А?

Мұндағы анау сілтеу есімдігі де Ж1 және М екеуіне ортақ, таныс субъектіні білдіреді. Бұл орайда «М» тарапынан қолданылған соны және Ж1тарапынан қолданылған анау дейксистері коммуниканттардың өздеріне белгілі тұлғаны атап тұр. Мұндағы жасырын тұрған нәрсе – нені әкеліп бергені. Алайда, «- Санайсың ба?» сөйленісі әкеліп берілген нәрсенің не екені туралы әр түрлі болжамдар жасауға түрткі бола отырып, «Ж1: - Содан анау ... әкеліп берді» сөйлеу актісінің нені? сұрағына жауап беретін сөздің әдейі жасырын ниетпен түсірілмегенін көрсетеді. Мұнда «анау ... әкеліп берді» сыртқы біреулер үшін нені әкелгені түсініксіз болғанымен, Ж1 мен М үшін түсінікті – Ж1 айтып тұрған анаудың не әкеліп беретінін М біледі деп есептейміз. Яғни анау және соны сілтеу есімдіктері өз мағыналарынан басқа мәнде емес, тек Ж1 мен М-ге белгілі нәрсені білдіру үшін қолданылған.

Ал, М тарапынан айтылған «Әне тұр ғой сумка» сөйленісі өзінің тура мағынасында – сөмкені көрсету үшін емес, басқа мағынада, яғни Ж1 әкелген нәрсені сөмке салуға ишаратты білдіреді.

Талдауға ұсынылған стенограмма мәтінінің мазмұнына қарағанда, «М» және Ж1 осы диалогқа дейін де өзара қарым-қатынаста болған және олардың өзара ортақ танитын адамдары бар» деп тұжырымдаймыз. Мұны Ж1-дің сөзінен аңғаруға болады: - Содан анау ... әкеліп берді. Санайсың ба? А?. Ал «М» өз кезегінде, «анау» дегеннің кім екенін анықтап сұрамайды. Яғни, Ж1 тарапынан айтылған «анау»-ды М біледі я оны білу М үшін маңызды емес.

Ал М мен Ж1-дің фонограммаға жазылған аталмыш әңгімелесулеріне дейін өзара қарым-қатынастары болғанын М-нің «Сол жерде ана ... Бағана ... жазу керек қой, қай» деген сөзі мен Ж1-дің «Тоғыз берді. Аха. Бүгін саған мен, э, он жеті, он алтыншы мектептікін бердім, бірінші мектептікін бердім. Так, мынау үшінші мектептікі» сөздерінің өзара логика-семантикалық байланысынан көруге болады. М сөзіндегі бағана мезгіл үстеуі мен Ж1 сөзіндегі бүгін мезгіл үстеулері осы диалогқа дейін екеуінің арасында болған әрекеттің уақытын сәйкестендіреді. М-нің айтуы бойынша бағанағылар - Ж1-дің сөзіндегі бүгін бергендермен сәйкес келеді.

Сөйтіп, әңгіме мазмұнынан, нақты айтқанда, дейксистердің сөйлеу жағдаятымен және басқа сөйленістермен логикалық байланысында қарастырылған лексика-семантикалық талдауынан М және Ж1-дің екеуара (өзара) белгілі ортақ тақырыпта сөйлесіп жатқаны анықталады.

Сондай-ақ, талданылып отырған фонограмма мәтініндегі «сол жерде ана...» деген сөйленісте қолданылған сол дейксисінің адресант тарапынан қолданылуында адресатқа да, яғни коммуниканттардың екеуіне де белгілі нәрсе (жағдай, мекен) немесе адресаттың фондық біліміне тікелей бағдарланатыны белгілі болды. Мысалы, «– Қай жерде тұрып жатырсың?

– Сол баяғы жерде» деген диалогта сол дейксисі коммуниканттардың алдыңғы таныстығынан және адресаттың (сұраққа жауап берушінің) бұрынғы мекен-жайы адресантқа белгілі екендігі туралы ақпаратты қамтиды. Бұл дейксистерді бұрын я алдыңғы орын алған ақиқат оқиғалар – пресуппозиция туралы мәліметтерді білдіру қабілетіне ие тілдік бірлік ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.


Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Шайкенова Л.М. Сөйлеу актілерінің теориясы. – Алматы: «Қазақ университеті», 2007. – 103 бет.

  2. Большой толковый словарь русского языка / Под ред. С.А.Кузнецова. ­СПб, 1998. – 800 бет.

  3. Крылов С. А., К типологии дейксиса, в сб.: Лингвистические исследования, ч. 1, М., 1984. -243 бет.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет