6 томның 133- 189-беттері аралығында парақтың екі жағына жолдары тығыздалып машинка басылған Әбдірахман Байдилдиннің «Менің Алашордашыларға қарсы күресім және коммунистермен жүргізген жұмысым» атты ұзақ көрсетіндісі бар



бет1/4
Дата06.04.2016
өлшемі0.75 Mb.
  1   2   3   4
6 томның 133- 189-беттері аралығында парақтың екі жағына жолдары тығыздалып машинка басылған Әбдірахман Байдилдиннің «Менің Алашордашыларға қарсы күресім және коммунистермен жүргізген жұмысым» атты ұзақ көрсетіндісі бар. Ұзын ырғасы 90 беттен асатын бұл ұзақ көрсетінді 1929 жылдың 26 қазан күні басталып, 133-149 беттері, 2 қарашаға дейін 150-160 беттері, 20 қарашаға дейін 176-189 беттері тасқа басылған. Онда барлық алаш азаматтарының бас-басына тоқталып, олардың бәріне мінездеме беріп шыққан. Мұндағы пікірлер партиялық «өткір, ұстамды, ашық» пікірмен әр сөзі шегелене жазылған. Әсіресе Смағұл Сәдуақасов пен Мұхтар Әуезовке келгенде қаламын батыра, айызын қандыра баяндайды. Әуеліде қолмен жазып, содан кейін машинкада басылды ма, жоқ, өзі бірден жазды ма, ол жағы белгісіз. Жазуының сондай ретті, ұқыпты, жүйелі мәнеріне қарап қолжазба жөнделіп барып көшірілген сияқты және авторлық жөндеулерге қарағанда оны өзі тасқа басқаны анық аңғарылады. Мұны сол кездің шежіресі десе де болғандай. Оқиға күн-күнімен, сағат-сағатымен хатқа түсірілген. Сондай-ақ өзінің осы бағыттағы мақалаларының ұзақ тізімі берілген. Өзінің Бутырька түрмесінің № 90 камерасында жатқанында да ұмыт қалдырмапты.

Сонда Әбдірахман Байділдин неден үміт күтті? Байділдиннің түсініксіз, тіпті кейде алаңғасарлыққа бейім әрекеттерін замандастары оның әсіре мінезімен байланыстырады екен. Сауатты, аса намысқой, бірақ...ырғасуға,бопсаға дәрменсіз. Ұзақ баяндаулар мен мінездемелерден тергеушілердің Байділдинді Смағұл Сәдуақасовқа қарсы айыптауларды жинауға бағытталған сияқты. «Алашорданың» мүшесі болмаса да әр айыпталушыға С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов туралы міндетті түрде қосымша сұрақ қойып отырған. Сондай-ақ «Алашорда әдебиетшілерінің идеологиялық ықпалы» туралы 12 парақ (24 бет) сыни пікір білдірген. Егерде айыпталу бағытындағы қыжылдарды қырнаса кәдімгі көркем пайым, сыни талдау болып шығар еді. Бір үзінді келтірумен шектелеміз:

«...1922 жылдан бастап «Алашордалшылар» көркем әдебиетке ерекше көңіл бөлді, ескі әдебиеттің үлгілері, пьесалар, өлеңдер, әңгімелер, фельетондар т.т. олардың көзқарастарын көпшілікке таратудың таптырмайтын тәсілі болды (бұл туралы толығырақ айтылған 25/ҮІІ - 1/ҮІІІ – 29 аралығындағы және 23.Х. 29 ж күнгі көрсетіндімді қараңыз). Ахмет Байтұрсынов жазушыларды бұл майданға белсене қатысуға шақырып: қазақ жазушылары өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек –деп үндеу тастады («Партия» (- ?) журналының 1920 жылғы №5-6 санында жарияланған «Пожка дегтя в бочке» атт мақаладаны алынған қиындыны қараңыз). Сол үндеуге қосылған М.Әуезов пен Д.Ысқақов өздерінің 1923 жылғы мақалаларында («Шолпан» мен (Сана» журналдарының 1923 жылғы сандарындағы олардың сын мақалаларын қараңыз) әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғысынан түсіндірді. Аймауытов, Кемеңгеров, Сәрсенбин де 1924-1925 жылдары жазған мақалаларында («Ақжол» газетінің 1924-1925 жж. тігіндісін қараңыз) тура сол жолды ұстанды. Алашордашыл бұл жазушылар өздерінің бұл мақалаларында әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғыдан талдап қана қоймай, коммунист жазушыларды (Сейфуллинді, Мұқановты...) үнемі мұқатып отырды...» - деп идеологиялық тұрғыдан айыптады. Әрине, бұл таза әдеби мәселе. Бірақ түрменің көрсетінділеріне іліккен соң «саяси қылмысқа» жатады.

Сол көрсетіндінің 178-бетінде М.Әуезовке ереше тоқталады:

«...Сол кездегі пікір таласының үлкен бір тақырыбы М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» кібабі болды. Кітап Оқу-ағарту халық комиссариятының баспасынан басылып шығып, таратылуға дайын тұрды.Өлкелік комитеттің тапсыруы бойынша мен оған пікір жаздым. Мазмұны оның атына сай емес еді, онда қазақ әдебиетінің тарихы емес, ұлтшылдық бағыттағы түсініктемелер берілген ескі сарындағы әдебиет нұсқаларының жинағы. Мен мұны кітаптың өзінен сілтемелер ала отырып дәлелдеп шығып, дәл осы қалпында оны таратудың ешқандайда қажеттігі жоқ екендігі жөнінде қорытынды жасап бердім. Менің пікірім қазақ активтерінің арнайы мәжілісінде талқыланды, онда Тоқжігітов, Орынбаев, Нұрмақов және Жандосов менің Әуезовтің ұлтшылдық сарындағы кітабін таратпау туралы жасаған қорытындыма мүлдем қарсы сөйледі, алайда мәжіліске қатысқандардың көпшілігі: Юсупбеков, К.Тоқтыбаев, Нұржанов, Бекенов, Орманбаев және басқалары менің пікірімді қостап шықты (Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» туралы кітабына жазған пікірім мен мәжілісте айтылған сөздердің көшірмесін сол кезде ОГПУ-дің шығыс бөлімінің меңгерушісі Журавлев жолдасқа беріп, шара қолдануын өтінгемін). Сөйтіп менің ұсынысымның нәтижесінде Әуезовтің ұлтшыл кітабі таралымнан алынып тасталды».

Иә, мұндай «ерліктер» ол уақытта жиі жасалды. Өкінішке орай ондай «бастаманы» ұйымдастырған С.Сейфуллин, І.Қабылов, С.Мұқанов сияқты ұлттың рухани қайраткерлері еді. Олар М.Әуезовтің «Әдебиет тарихын» сынай отырып тура соның үрдісімен «қазақ хандығы мен билер әдебиетінің үлгілері мен тарихын» жазып шықты. Басты тықырыбымыз түрме тарихы туралы болғандықтан да бұл арада оған тоқталып жатпаймыз. А.Байділдин осы көрсетіндісінде: С.Сәдуақасов өзінің Мәскеудегі «Огонек» баспасынан шыққан «Жас Қазақстан» атты жинағында Абайға, Ақмоллаға, Байтұрсыновқа, Әуезовке ескерткіш орнату керектігін ұсынады – деп жазғырды. Абай мен Әуезовке ескерткіш бар, ал Байтұрсынов пен Ақмолла туралы ұсыныс әлі де күшінде.


*******************

6 том. 133 бет. 1929 жылдың 26 қазан күні Әбдрахман Байдилдин «Менің Алашордашыларға қарсы күресім және коммунистермен жүргізген жұмысым» атты ұзақ көрсетіндісі бар. Онда барлық алаш азаматтары тізімге алынып жағымсыз мінездеме берілген. Бұл ұзақ көрсетінді 40 бетке таяды. Ондағы пікірлерді шолып шыққанда алаш азаматтарының бойынан ешқандай адамгершілік қасиет таппайсың. Бутрка түрмесінің № 90 камерасында жатыпты.

---------------------------

Сондай-ақ, «коммунистiк колонизаторлыққа» қарсы бар ақыл - қайтратын жұмсаған, Қазақстаннан қудаланып, Мәскеудегi темiр жол институттын тәмәмдап «Днепр құрлысының» құрлыс бастығының орынбасары боп жүргенде Кремльден уланып шыққан күйеу баласы Смағұл Сәдуақасовтың да тосын ажалына тосқауыл қоюға дәрменi жетпедi. Бұл үш адам туралы деректердiң Мұхтар Әуезовтiң iсiне тiркелуiнде және оған ерекше мән берiлуiнде үлкен кiлтипан бар едi.

Ежов жиырмасыншы жылдары Семейдiң губерниялық революциялық комитетiнiң секретары болды. Онда Семей – Қазақстанға бағынбайтын, Батыс Сiбiр өлкелiк комитетiнiң құрамында едi. Сондықтан да губкомның жанындағы қазақ бөлiмшесi ғана ұлттық мүддемен шұғылданды. Сол тұста Семей қаласында жауапты қызметте болған Мұхтар Әуезов, Жүсiпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов Ежов бастатқан большевиктердiң «коммунистiк отарлау» саясатын сынап, Семейдiң Қазақстанға қарауын жақтап күрес ашқан едi. Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков Лениннiң қабылдауында болып, Солтүстiк облыстар Қазақстанға қосылғаннан кейiн Семейге қазақ өкiметiнiң атынан Орынбордан арнайы өкiл боп келген Смағұл Сәдуақасов Сiбiр революциялық комитетiнiң Семейдегi құрамын таратып жiберген болатын. Мұндай батыл қимылы үшiн жақсылап тұрып сыбағасын алды. Бiрақ ұлт үшiн тәуекелге барған iс өзiн-өзi ақтады.

Кiшкентай адам – ең үлкен кекшiл адам екендiгi ғылымда дәлелдеген шындық. Сондықтан да «Бүрге» аталған бойы бiр қарыс Ежовтың қолына ОГПУ–дiң тегеурiндi тiзгiнiнiң ұшы тиiсiмен «семейлiктерден» кегiн алуға ұмтылуы заңды. Ал Смағұлды ауыздықтайтындай беделге әлi ие бола қоймаған Ежов оны астыртын арандатумен болды. Ал, Жүсiпбек пен Халелдi қанды шеңгелiнен шығармады. Смағұл мен Мұхтар жан қиыспайтын дос, сырлас, жан – ашыр жандар едi. Екеуiнiң арасына «Қаламды» - Әбдiрахман Байдiлдиндi сына етiп қақты. Қаншама түсiнуге тырысқанымызбен осынау адамның iс-әрекетiн ақтайтындай уәж таппадық. Мұхтар мен Смағұлды Колчакқа қызмет еттi деп баспасөз арқылы жариялап жазбаша куәлiк берген Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзi де:



«Большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргiзу үшiн Байдiлдин студент кезiнде ұлтшыл жастардан құралған ақгвардияшылардың жасағына өз еркiмен кiргенi, сонымен қатар Колчактың 3 – армиясының қарсы барлау бөлiмiнiң жасырын агентi болғаны үшiн айып тағылып», жауапқа тартылған едi.
Замандастарының естелiктерi мен Ғалым Ахмедов дегдардың сыпаттауына қарағанда: мiнезi қызба, әлiптiң артын бақпай сөйлеп, соңынан өкiнетiн адам екен.

Мәселенi тiкесiнен тура қойсақ, тергеушiлер «Перо» – «Қалам» деп атаған Ә.Байдiлдиннiң он беске жуық жауабының кейбiрi 45 беттен асып жығылады. Егерде солардың басын қосып, тиiстi ғылыми түсiнiкпен жарияласа, жұрттың ықыласын аударатын қомақты кiтап болатынына бiз кепiлдiк беремiз. Ұлы Мұхтардың туғанына 90 жыл толуына орай өткен мерейтойдың Мәскеудегi қорытынды мәжiлiсiнде ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовтің:



«Осы баяндамаға дайындалу барысында мен жазушының творчествосы жөнiнде сонау жиырмасыншы жылдардан бастап бүгiнгi күнге дейiн жарияланған мақалаларды, сын пiкiрлердi, сөйлеген сөздердiң жазбаларын қадағалап оқып шықтым. Сонда: сол бiр баға жетпес аса зәру материалдардың бетiн ғана қалқып, оқырмандарға бертiнгi кездегi мадақтауларды ғана жеткiзу арқылы бiз қандай тарихтан бас тартып отырмыз деген ойға қалдым. Егер осы бiр байлықты дербес кiтап етiп құрастырып, соған лайық ғылыми түсiнiктеме берiп жарияласақ, өте қызықты қат-қабат тартысқа толы шығарма дүниеге келер едi. Мұндай кiтап қоғамның басынан кешкен кезеңдерi жөнiнде бiздiң кейбiр баяндамаларымыздан көрi оқырмандарға анақұрлым терең түсiндiрiп берер едi», дегенде ақынға біз ол Ә.Байділдиннің осы көрсетінділеріне сүйенген едi.

Несi бар, ондай мүмкiндiк туды. Сондықтанда, бұрын белгiсiз боп келген, құпия ұсталған, әлi де екiнiң бiрiнiң қолына тие бермейтiн құжаттар мен деректiң көлемiн қысып, қысқартпай еркiн пайдаландық. Мүмкiн, тарихи шындық қалпына түсiп, көзқарас толық қалыптасқан, бәрi де анық тұжырымға айналған тұста бұл деректерге сүйенудiң де қажетi болмас. Ал, әзiрге онсыз да зарығып жеткен зәру құжаттардың бас-аяғын күзеп беруден бас тарттық.

Сонымен, әңгiмемiзге тiкелей қатысы бар оқиғалар мен оның себептерiн аңғартып, аталатын адамдарды қысқаша таныстырып өттiк.

Сонымен, «ұлы құрбандықтарға» қандай айып тағылды, тергеу қалай жүргiзiлдi, оған қандай жауап берiледi, ендi соған тоқталайық.

.

==========================================



БАЙДІЛДИН
---------------------------------------------------------------------------------------

Дінше Әділевтің тергеу ісіне тіркелген және топты адам түскен суретке қатысты жауапқа тартылып, түрмеге қамалған «Алашорда» қайраткерлері, міне, осылар. Енді ішінара аталмай қалған екі-үш адам жөнінде мәлімет бере кетейік. Солардың ішінде «Алашорда ісінде» тергеуге әрі тосын, әрі орынды тартылған бір түсініксіз тұлға, дәлірек айтсақ, түсініксіз тағдыр иесі бар. Омбыда С.Сейфулинмен, М.Жұмабаевпен, С.Сәдуақасовпен, Ж.Сәдуақасовпен, Д.Әділевпен қатар оқыған. Өмір жолын ұлт тағдырына араласқан жас күрескерлердің сапында бастаған. Тіпті, «Алашорда» үкіметін құру жолында Ә.Бөкейхановқа көмекші де болған. Замандастарының естелiктерi мен Ғалым Ахмедов дегдардың сыпаттауына қарағанда: мiнезi қызба, әлiптiң артын бақпай сөйлеп, соңынан өкiніп жүретін адам екен. Ол тергеу барысында ерекше белсенділік көрсеткен және қиыннан қиысып келіп «сұранды» болған адам - Әбдірахман Байділдин.



«32 жаста, қазақ, Петропавл уезінің “арғын” руынан шыққан, үйленген, орта білімі бар, ВКП /б/ қатарынан шығарылған, бұрынғы «алашордашы». Омбыда Смағұл Сәдуақасовпен бірге оқыған. Қызметке тартқан да осы сабақтасы. Тергеушілер оған «Қалам» деген лақап ат берген.

Барлық көрсетінділері тек Смағұл Сәдуақасов пен Мұхтар Әуезовке қарсы бағытталған. Іске он бестен астам көрсетіндісі тіркелген, оның кейбіреуінің көлемі машинкамен басылғанда 45 парақтан (90 беттен) асады. Айыптап жазған сөздерін алып тастаса сол күндердің шежіресі десе де болғандай. Әр сөзін құжатпен растап отырған. Егерде солардың басын қосып, тиiстi ғылыми түсiнiкпен жарияласа, жұрттың ықыласын аударатын қомақты кiтап болатынына бiз кепiлдiк беремiз. Еркіндікте жүргенде және партиялық тазалау кезінде өзі туралы: «Алашорда» жасағының қаруын вагонмен тасыдым, Колчактың барлаушысы болдым» – деп айтып жүреді екен. Басында барлығы да күле қараса керек, ақырында ол «күлкі» ату жазасына қарай алып кеді.


С.Сәдуақасовты қалайда түрмеге түсіру бағытындағы Голощекиннің тапсырмасын орындау үшін тергеушілер Ә.Байділдинді басында алдарқатып қолға түсірген сияқты, кейіннен арбау, арандату, қорқыту басталған. Оған төмендегі құжат куә.

«Хаттама. 6 шілде 1929 жыл. Алматы. Мен, Байдилдин, Логачев жолдасқа жауап беруге ешқандай құлқым соқпай тұр. Себебі, кеше ол мені жолдастыққа жатпайтын мінез көрсетіп, менің намысыма тиді. Ол маған: сенің қамаққа алынуың өзіңді-өзің әшкерелеген аса қомақты құжаттарды қолға түсіруге мүмкіндік берді, сенің партиялығыңның түкке де керегі болмай қалды, мен ГПУ-да істеп жүргенде сенен де биік самғап жүрген “қырандарды” торға түсіргемін, - деп кіжіңдеді. Осыдан үш-төрт күн бұрын мені тергеуге алғандағы жұмсақтығын ұмытып, кеше өзінің маған деген қас-қабағын мүлдем өзгертті. Алдыңғы жолдары ол адам айтқысыз кішіпейілділік танытқан еді. Сөйтсем бұл тергеуші барып тұрған көзбояушы екен әрі мені жек көретін болып шықты. Міне, сондықтанда мен оған қандай да болмасын жауап беруден бас тартамын”.

Ә.Байдилдин «өзін-өзі әшкерелегенін» кеш біліп, содан кейін өзін-өзі ақтауға барынша жанталаса кіріскен. Тергеуге қызмет еткен адамды тиісті дерек жинап болған соң көзін құртуға тырысарын қайдан білсін. Бұл жолы да солай болды. “Мен Колчактың барлаушысы болдым” - деп партия жиналысында айтып қалған Әбдірахманды әуелі де достары “барлаушы!” деп кекетіп күліп жүрсе де сол аңыздың өзін ГПУ ұтымды пайдаланды. Біздің жорамалдауымызша, оған себепкер болған суретке байланысты түсінік берген Д.Әділевтің:


«Байділдин мен Бірімжановтың және (?)...нің Ташкентте түскен суреттерін көрдім. Мен Омбыда Колчактан тығылып жүргенімде Байділдин мен Жанайдар Сәдуақасов келіп тұрды. Жанайдар екеуміз Колчакқа қарсы көтеріліс ұйымдастыруға дайындалып жатқамыз. Көтерілісті басып тастады. Омбыдан жасырын кетуге Байділдин көмектесті. Оның алдында ол Бөкейхановпен бірге Самар қаласындағы кеңеске қатысып келген. Жанайдар Сәдуақасовтың куәлігімен Петорпавловскі қаласына бардық. Арада біраз күн өткен соң Байділдиннің ауылына да келдік. Казактар онда да тыныштық бермей, мені іздей берді. Содан Жетісуға (?) кеттім. Байділдин де кейін сонда келді. Біз онымен бір бөлмеде тұрдық. Смағұл Сәдуақасовпен, Әшім Омаровпен Байділдин жақсы таныс болатын. 1922 жылы мен қырда жүргенде ол Досмұхамедов пен Рысұловтың ұсынысымен Орынборға қызметке ауысты» – деген мағлұматы.

Осы мәліметке орай өзінің жауабында Орынбор мен Ташкенттегі астыртын ұйымның арасындағы байланысшы болғанын былай баяндайды:

Ә.Байділдин: «Әлі есімде, 1922 жылы мен Ташкентке комсомол сьезіне бардым. Байтұрсынов маған Бірімжановқа тапсыр – деп жабық хат берді, оны оқымастан мен Бірімжановқа апарып бердім. Мен Бірімжановтың пәтерінде тұрғанымда ол Қазақстандағы жағдайдың қандай екенін сұрастыра отырып, олардың Заки Валидовпен және Әнуар пашамен астыртын байланысының бар екенін, олармен байланыс орнату үшін Бірімжанов пен сол кезде Ташкентте тұратын Болғамбаевтің барып қайтқанын айтты. Олармен қоса Әділев те барыпты. Бұл туралы Қожанов жақсы хабардар болыпты. Айтпақшы Қожанов мені Қожановқа қарсы боп жүрген комсомол хатшысы Мұратбаевпен татуластыруды өтінді. Мұратбаев екеуміздің қарым-қатынасымыз жақсы еді. Ақыр соңында мен екеуін табыстырдым, істің мүддесі үшін олар бірге жұмыс істеуге тиіс еді.

Мен Қожановпен әңгімелескен кезде, ол маған қызық бір жайды айтты, мен одан өзімнің жақсы танысым Әділев туралы сұрадым. Қожанов: Әділев Ташкентке 1920-1921 жылдары келді, Қожановпен, Болғамбаевпен бірге қызмет істеді. Әділев өте қызу мінезді жігіт, ол бірнеше рет оның әптігін басуға, орынсыз бір нәрсеге ұрынып қалмауға тырысыпты. Сөйтіп жүргенде ол басмашылар жағына шығып кетіпті, соңғы кезде қызылдардың қолына түсіп, қашып шығыпты, тауда жасырынып жүріп, жоғалып кете жаздапты, дертке шалдығып, денсаулығын жоғалтып алып, азапқа түсіпті, әбден титығы шығып барып осында оралыпты. Қожанов оны өзінің пәтерінде жасырып ұстапты, денсаулығы түзеліп, жазылған соң 1922 жылдың тамыз не қыркүйек айында шығарып салыпты. Мұның барлығы мені «Алашорда» жағынан әлдебір контрреволюциялық әрекет жүріп жатқандығына сендірді, осы бір лаңды іске санасыз түрде болса да мен де, яғни мына Байділдин де қатысты» – деп (сонда, 3-том, 2-кітап, 67-68 беттер) өзіне де, Әділевке де мінездеме берген.

Осыған орай Әбдірахман Байділдиннің “партизан, большевик, мектептес досы” Дінше - Дінмұхамед Әділевтің ГПУ-дің тергеушісіне:

Мен Байділдинмен патшаның тұсында Омбыдағы оқушы кезімде таныстым. Өзге де оқыған қазақтар сияқты ол да ұлтшыл болатын. 1918 жылдың басында, мен халықаралық пролетарлық 2 - Омбы партизан отрядына ерікті жауынгер боп жазылған кезімде өзге де ұлтшылдар сияқты Байділдин де менің бұл әрекетіме қарсы болды, мені майданға аттанудан бас тартуға үгіттеді. 18-жылдың күзінде Омбы қаласына жеттім, онда ұзақ уақыт жасырынып жүрдім, Сәдуақасов Жанайдар маған үнемі қатынап тұрды. Бірде маған Байділдин де келді. Жанайдар Байділдинге сенімсіздікпен қарайтын, алайда одан қандай да бір қастандықты күтпейтін. Ол уақытта Байділдиннің белгілі бір саяси бет-бағдары қалыптаспап еді. Ол екі ойлы болып жүретін, кәдімгі ұсақ буржуазияның өкілі ғана қалпын сақтады. 1918 жылдың соңына ала Омбыда Колчакқа қарсы большевиктердің көтерілісі ұйымдастырылды, оған қазақтардың арасынан мен және Жанайдар қатысты. Көтеріліс жанышталды да маған Омбыда қалуға мүлдем болмайтын болды. 19-жылдың қаңтар айында ауылына демалысқа кетіп бара жатқан Байділдинге ілесіп Петропавл арқылы мен соның ауылына жүріп кеттім” – деп жауап берді.

Бұдан кейінгі көрсетінділер екеуінің ауылға барғаны және Колчактың әскеріне кезігіп қалып, қызылдар көрінсе біздерге айтыңдар – дегені, Ташкенттегі суретке қатысы баяндалады.

Осы көрсетіндінің соңында:

Ә.Байділдин (жалғасы): «1921 жылы қараша не желтоқсан айында Қазаткомның сессиясына қатысу үшін Орынборға келдім. Әуелі Сәдуақасовтың, содан кейін Әділевтің пәтерінде тұрдым. Сәдуақасов маған жастарды ұлтшылдыққа үгіттейтін кітапшасымен таныстырды. Кітапшаны таратуға көмкектесуді өтінді. Әділев пен Әшім Омаров Сәдуақасовпен бірге істейтін. Смағұл Москваға кеткен кезде мен Әділевпен бірге тұрдым. Сонда мен Әділевтің бұрынғыдан өзгергенін, теріс жаққа бет алып бара жатқанын байқадым. Бөкейханов оның бөлмесіне күнде келетін, анекдоттар айтатын, шығыс халықтарының тариынынан мысалдар келтіретін, көркем шығармалар оқып беретін, сөйтіп оны тәрбиелеуді қолына алды. Сәрсенов те анда-санда кіріп кететін. Мені Меңдешевке қарсы айдап салды, мен келесі күні фракция құруды талап еттім, Меңдешевті бұрынғыдан да бетер айыптадым» – деп жазды.



Бұл үзіндіден қисынды-қисынсыз сөйлеп, әр нәрсеге ұрынып, әр кімге айып тағып, «солақай сыншы» атанған Ә.Байділдинді ерекше мекеменің тергеушілері де жақтырмапты. Ол туралы ОГПУ-дің басшылары Мирзоянға:

«Осындай міңкілшілдердің қатарына баспасөз бетінде Байтұрсынов пен Дулатовты жиі синап жазатын сыншы Байділдинді қосуға болады. Астыртын контрреволюциялық ұйымның жетекшілерінің бірі бұл адам туралы: «…Байділдин күндіз Байтұрсынов сынайды, ал кешке қарай Байтұрсыновтың және тағы басқа да алашордашылардың құпия жиналысына қатысады» – деп көрсетті» – деп кекете мағлұмат берген.

Бұл да тағдырдың мазағы шығар. Әуелі көрсетінділерін еркіндікте жүріп жазғандықтан да «сырттан» атанған Ә.Байділдин, енді «ішке кіріп, іштен шалатын» сұқсыр болды. Осынау бір тағдыр тәлкегіне ұшыраған азамат «Ә.Байділдиннің 1929 жылы 20 маусым күні «Өзінің БКП (б) қатарынан шығарылуының негізсіз екендігі туралы БКП (б) орталық бақылау комиссиясына өтінішін» сәл қысқартып беруді лайық санадық. Себебі, осы «Өтініште» оны өлім жазасына алып келген оқиғаның жай-жапсары толық қамтылған.

«Қазақстанның басшы партия қызметкерлерінң тексеру жөніндегі БКП комиссиясы жөніндегі құрамында Булин, Каримов және Богданов мені партия қатарынан шығарды. Комиссияның шешімі төмендегідей:

Байділдин Әбдірахман, 1920 ж. БКП(Б) мүшшесі. Партиялық билеті № 09552, 1898 жылы туған, байдың баласы, интеллигент, орта білімі бар, өлкелік комитеттің мүшелігіне кандидат, ҚазМУ-дың оқытушысы. 1917 жылға дейін оқыған, «Бірлік» алашордашыл жастар ұйымына қатысқан, Колчакқа белсенді түрде көмектескен. Колчак үкіметі тұсында Бөкейхановтың (Алашорданың көсемі) адъютанты ретінде Уфа және Самара қаласындағы демократиялық кеңеске қатысқан, алашорданың жасағы үшін қару мен киім алуға барған. 1919 жылғы Сібірдегі Колчак үкіметі тұсында Колчактің үшінші армиясы штабында қарсы барлаушы ретінде есепте тұрған. Ол мұны партияға өткен кезде жазған өмірбаянында жасырып қалған. Бұл туралы тек ұйымда өткен тексеру кезінде ғана айтты. Алайда үштікттің ол туралы мәліметі бұрын да бар болатын. 1924-ші жылға дейінгі партия қатарында болған кезде алашорданың қайраткерлерімен байланысын үзген жоқ. 1925 жылға дейін Сәдуақасовшылардың ұлтшылдық тобында белсенді қызмет етті. 1925 жылдан бастап бұл топтан қол үзіп, партияның тура жолына түсті. 1925 жылдан бастап өлкелік комитеттің мәдени-ағарту науқанына белсенді түрде көмектесіп келеді.

Қаулы қабылданды. Колчак армиясының қарсы барллау қызметінің бұрынғы қызметкері ретінде және оны партиядан жасырғаны үшін БКП (б) қатарынан шығарылды.»

Комиссияның бұл шешімі барып тұрған әділетсіздік деп есептеймін. Мұндай шектен шыққан қатал шешім қабылдау үшін комиссияның қолында нақты дәлелмен анықталған деректер болуы қажет. Комиссияда ондай құжаттар болған жоқ. Мәселені шешу барысында, неге екенін білмеймін, комиссия біржақты бағыт ұстап, менің өткендегі кінәларымның бояуын қоюлатып жіберді. Мысалы, комиссияның қаулысындағы:

«Бірлік» алашордашыл жастар ұйымына қатысқан, Колчакқа белсенді түрде көмектескен. Колчак үкіметі тұсында Бөкейхановтың (Алашорданың көсемі) адъютанты ретінде Уфа және Самара қаласындағы демократиялық кеңеске қатысқан, алашорданың жасағы үшін қару мен киім алуға барған. 1919 жылғы Сібірдегі Колчак үкіметі тұсында Колчактің үшінші армиясы штабында қарсы барлаушы ретінде есепте тұрған. Ол мұны партияға өткен кезде жазған өмірбаянында жасырып қалған. Бұл туралы тек ұйымда өткен тексеру кезінде ғана айтты. Алайда үштікттің ол туралы мәліметі бұрын да бар болатын. 1924-ші жылға дейінгі партия қатарында болған кезде алашорданың қайраткерлерімен байланысын үзген жоқ».

Комиссия қабылдаған бұл шешім шындыққа барынша жанаспайды және оның (шындықтың) тонын айналдырып көрсеткен. Шындығында оқиға қалай болды, мен кіммін? Бұл сұрақтарға менің өмірбаянымда негізінен жауап берілген, ол БКК комиссиясының материалдарының ішінде бар. Алайда нақты шындықты қалпына келтіру үшін негізгі оқиғаларды, соның ішінде менің партиядан шығуыма себепкер болған жайларға тоқталып өткім келеді.

Мен – Петопавл округінің дәулетті бай-малшысының ұлымын. 1898 жылы тудым. Білімім – ортадан төмен, Омбы мұғалімдер семинариясының екі класын бітіргемін. 1915-1918 жылы аралығында «Бірлік» ұлттық мәдени-ағарту ұйыйымының жұмысына белсене араластым. Ақпан төңкерісін қуана қарсы алдым. Төңкерістен кейін «Бірлік» ұйымының жұмысы қатты жанданды, оның белді мүшелері сол кездегі бірлескен мекемелердің басқаруымен болып жатқан төңкерістік оқиғаны түсіндіру үшінжәне жаңа өкіметті құрк масатында жергілікті жерлергеге аттанды. Бұл жұмысқа мен де араластым. Онл кезде мен эсерлерге және жаңа құрылған «Алаш» партиясына іш тартатынмын. Бұл партияның ықпалымен Қазан төңкерісіне бастапқөыд қарсы болдым.

Кеңес өкіметі Сібірде орнасымен «Бірлік» ұйымында екі ағым пайда болды: оң қанаттағылар «Алашорданың» бағытын ұстанды; ал, сол қанаттағыларкеңес өкіметін жақтады. 1918 жылдың мамыр айына дейін мен оң қанатта болдым. «Бірлік» ұйымының ұйымдастыруымен 1918 жылдың мамыр айында шақырылған Жалпықазақ жастарының құрылтайынан кейін оңшылдардан қол үзіп, солшылдарғадың қатарына қосылдым.

1918 жылы маусым айында Сібірдегі кеңес өкіметі құлаған соң Омбы қаласында «Алашорданың» губерниялық партия және атқару комитеті құрылды. Ол комитеттерді Тұрлыбаев, Итбаев, Сеитов, Абылайханов басқарды. Жас белсенділепдің ішінен оған Саматов, Сайдалин, Кемеңгеров, Сәдуақасов С. және мен сол комитеттің құрамына кірдім. Комитетте бір ай істегеннен соң олардың жетекшілерімен тіл табыса алмағандықтан да, оның құрамынан шықтым, сөйтіп жұмыссыз қалдым. Көзқарас алшақтығы екі мәселе бойынша орын алды: салық мәселесі жөнінде және аш-жалаңаш қалған гимназия шәкірті Ж.Сәдуақасовқа (қазіргі КСР-дің юцтися халық комиссары) қызмет беру жөнінде мен түтін басы сайын салық алуға, яғни бай мен кедейден бірдей салық алуға қарсы болдым, сондай-ақ Ж.Сәдуақасовқа қызмет берлуін талап еттім, сол үшін комитет құрамынан шықтым.

1918 жылдың шілде айының соңында Семейден Омбы қаласына Бөкейханов келді де Омбыдағы ұйымға бірнеше директивалық нұсқаулар берді. Түрлі мәжілістерде екі рет директивалы баяндама жасағанны есімде. Содан кейін ол Уфадағы құрылтайға қатысуға жиналып, қағаз жұмыстарын реттейтін қызметкер тауып беруді өтінді. Бұл жұмысты комитет жұмыссыз жүрген маған тапсырды. Мен бірден келісім бердім, оның басты себебі: 1- іссапарда жер көріп қайтуды ойладым және 2 – ұлттық қозғалыс көсемімен жете танысқым келді. Сөйтіп жүріп кеттім.

Бұл іссапарды бағалауда ОБК комиссиясы үлкен қателік жіберді. Олардың анықтауынша мен Бөкейхановтың адъютанты болып шыға келдім. Бұл өте жауапты жұмыс. Сондай-ақ Алашорда жасағы үшін киім мен қару-жарақ алуға барыппын. бұл мүлдем қате. Мен Бөкейхановтың адъютанты ретінде де, қару-жарақ пен киім алуға да (ондай құрметке ие болуға жеткен жоқ едім) барғаным жоқ. Оның жеке тапсырмаларын орындайтын техникалық хатшы ретінде бардым. Бөкейханов Комучтен (комитет учредительного собрания) 3000 адамға қару-жарақ пен киім алды, оны тапсырып алу үшін Орынбордан Алашорданың Торғай бөлімшесінің төрағасы Есполов келді және заттарды Торғайға алып кетті.

Алайда Бөкейхановпен бірге сапарға шығуым бұрын маған белгісіз болған көптеген нәрселерге көз жеткізді. Мен Алашорда қозғалысының көрнекті қайраткерлерімен (Бөкейхановпен, қазір шет елде жүрген Шоқаевпен, Танашевпен, Байтұрсыновпен, Ермековпен, Әлімбековпен және басқалармен) танысуға мүмкіндік алдым және оларды жақыннан білдім. Бұрын оларды тек сыртынан ғана білгендіктен ең адал және қазақ халқының лайықты күрескерлері деп танитынмын. Мен оларды әсірелеп бағалаппын, ал өмірде олар мүлдем басқа жағынан көрінді. Олар кеңқолтық өмір сүрді, жиі-жиі ішімдік ұйымдастырды, басшы орын үшін бақталастырды, кеңес өкіметін жақтайтын қазақтарға аяусыз жала жапты, қаражүзділермен (Львовпен – қасиетті синодтың мүшесі, атаман Дутовпен, Красильниковпен т.б.) ауыз жаласты. Қоғамдық істерге немкетті қарады. Мұның барлығы мені жиіркендірді. Бұрынғы көсемдерден көңілім қалды.

Мен жаңа жол, жаңа ақиқат, жаңа ой іздеп кеңес өкіметінің бағытымен таныстым, соны жақтайтын адамдарға бет бұрдым. Бөкейхановпен бірге Орынборға қайтып келген соң мен олрадан қол үздім. «Бірлік» ұйымымен ат кекілін кесісіп, кеңес өкіметі жағын қабылдаған Ж.Сәдуақасовпен жақындастым. Партия мүшесі Феоктист Березовскийдің үй-ішімен араластым. Мен 1918 жылы қызыл армияның қатарына өз еркіммен жазылып, Семеновтың және басқа да кеңес өкіметінің дұшпандарымен соғысуға үшін шығыс майданна аттанған Д.Әділовпен танысуды армандадым. Ол туралы Ж.Сәдуақасовтан көптеген мәліметтер білдім. Сөйтсем ол майданнан қайтып келіп Омбы қаласында жасырынып жүр екен. Ж.Сәдуақасов екеумізді таныстырды. Содан бастап екеуміз жиі араласып, пікір алысып, маңымызға пікірлестерді жинадық (Бейсенов, Нұрсейітов, Сейілов, Танашов т.б.).

Большевиктердің Колчакқа қарсы көтерлісінің қарсаңында (1918 ж. 22 желтоқсан) кешке жақын Әділов, Сәдуақасов, Бейсенов, С.танашов және мен көтерлісшілерге көмек көрсетуді ойластырып менің пәтеріме жиналдық. Ж.Сәдуақасов байланыс жасап, нұсқау алу үшін Березовскийге кетті. Алайда ешқандай нәтиже шықпады. Көтерліс сәтсіз аяқталды.

Келесі күні жаппай тіміскілеу мен кеңес өкіметін жақтаушыларды тұтқындай басталды. Әділевты де іздеді. Бізге де күдікпен қарады. Әділевті қалайда бір жерге жасыра тұру керек болды. оның ауылы омбыдан мың шақырым алыс жерде, Ақмола уездінің Шу ауданында болатын. Оған жете алмайтын болғандықтан, оны біздің ауылда жасыруды ұсынды. Мен бұған келісім бердім де, 1918 жылдың желтоқсанының аяғында Әділев екеуміз Петропавл уездіндегі менің ауылыма бет алдық. вке қысқы демалысқа келе жатақан гимназия шәкірті Ж.Сәдуақасовтың баӘділес құжаты берілді. Біз ауылға сәтті жетіп қауіпсіз тұра бастадық. Әділев біздің ауылда алты ай тұрды. Колчак тыңшыларының тіміскілеуінен еріксіз өз ауылына кетуге мәжбүр болды. Әділев біздің ауылда тұрған кезде үш рет Колчак полициясы тінту жүргізді, есерлік бағыттағы саяси әдебиеттерді, ленин мен Тродскийдің кейбір кітапшаларын, сондай-ақ Бөкейхановпен бірге барған кездегі біріккен ұйымдардың мәжілісіне қатысқан куәліктерімді қоса тәргілеп әкетті. Бұған қарамастан Әділев біздің ауылдан аман-есен аттанып кетті.

Міне, осы арадан ОБК-ның мені партия қатарынан шығаруға себепкер болған оқиға басталады. Мәселе былай: Әділев кеткен соң шамамен 20 күннен кейін аудандық полиция бастығының көмекшісі маған «достық пейілмен»: менің кеңес өкіметіне аздап іш тартатыным туралы мәліметтің барлығын, егер бұл рас болса онда мен сияқты интелигент адамға жараспайтынын ескертті. Мен оның бұл ескертуі үшін рахмет айтып, большевиктерге ешқандай да жанашырлағым жоқ екенін білдірдім.

Содан кейін бірнеше күннен соң маған бір татар келіп, өзін Колчактың 3 армиясының штабының қызметкерімін деп таныстырды.Ол менімен ұзақ әңгімелесті: өмірбаянымды сұрады, саяси көзқарасымды білгісі келді, мен сияқты оқыған адамның ауылда жұмыссыз неге жүргеніне таңданысты. Бұдан әрі ол өзінің жұмысы туралы айтты, Колчак армиясында тұрғындар арасында мәдени-ағарту жұмысын жүргізетіндігін, штабтың газетін тарататынын айтып, өзінің сөзін штабтың жұмысын күшейту үшін қызметкер керектігін, сол орынға мені ұсынғанын айтты. Бастапқыда бұл әңгімені астары мен татардың ұсынысын түсінгемін жоқ. Мәдени-ағарту жұмысы болғандықтан да мұнда тұрған ешқандай оғаштық жоқ деп ойладым. Сөйтіп, қызмет істеуге келісім бере жаздап тез айнып кеттім. Майдандағы контрреволюциялық армия қалай тұрғындарды мәдени-ағартумен айналысады? Мен мұнда бір қитұрқы барын түйсіндім де ұсынысынан бас тарттым. Әлгі татар тағы біраз үгіттеді де менің көнбегеніме өкінгенсіп кетіп қалды.

Осы оқиғадан кейін мен мазасыздана бастадым. Маған қарсы бір жамандық жасалып жатқан сияқты көрінді. Полиция бастығының көмекшісінің менің кеңес өкіметіне бүйірім бұратынын ескертуі және штабта қызмет істеуді ұсынуы қалай?

Жұмбақ. Бұл күдігім губернияда өқткен оқиға кезінде үдей түсті. 1919 жылдың мамыр айында Амантайдағы шаруалар және Атбасар уезіндегі қазақ тұрғындары Колчакқа қарсы көтеріліс ұйымдастырды.Бұл көтерілісті Ванягин дегеннің жазалау отряды сондай қатыгездікпен басты. Бұл отряд көтерілісті басқаннан кейін біздің ауылға келіп, Полтава, Астрахань селоларын қан қақсатты. Отрядтың біздің ауылға келер алдына: Атбасар қаласында Әділев қолға түсіпті, енді мені іздеп жүр – деген лақап тарады.

Міне, менің осындай үрей билеп жүрген кезде әлгі татар тағы да келді, қасында бір әскери адамы бар, өзінің бұрынғы ұсынысын қайталады. Әрине, қарғыс атқыр бұл татармен сөйлескенде менің бұрынғыдай ойланатындай уақытым болған жоқ, сонда да: ешқандай тәжірибем жоқтығын сылтауратып бас тарттым. Сол сәтте татар өзінің дауысын өзгертіп: ендеше шұғыл түрде штабқа жүресің, қазақ тіліндегі газеттің редакторы петорпавлдық татар Ғазиз Болатовпен бірге жұмыс істейсің – деді. Мен шынымен қорқып кеттім. Не жауап берерімді білмедім. Тығырықтан шығудың жолын іздестірдім. Басыма екі ой келді: 1 – штабқа барып контрреволюционенрлердің басшылығында қызмет етіп, олардың қолындағы қаруға айналу, 2 – шартты келісім беру, ауылда қалу, олардың тапсырмаларын орындауға тырысу, бұл алғашқысына қарағанда жеңіл түсері сөзсіз. Соңғы шешімге келіп, өзімнің келісетінімді, ауылда жүріп қызметтерін атқаратынымды білдірдім. Одан басқа жолды таба алмадым. Әлгі татар күле тұрып осыны қағазға жазып беруімді өтінді. Мен жазып бердім. Татар маған: штаб газетін кеңінен тарату жөнінде кеңес берді, ауылдағы оқиғаларды штабқа жиі-жиі хабарлап тұруды өтінді. Біраздан кейін штабтан куәлік пен газеттерді жіберді, хабар талап ете бастады.

Бұл маған өте ауыр соқты. Ауылда пікіріңді бөлісетін адам жоқ, майдан шебі алыс. Қалайда алғашқы шешімнен бас тартпауға, штаьтың ешқандай талабын орындамауға бекіндім. Солай істедім де: штабқа ешқандай хабар бергемін жоқ, газетті де таратпадым. Сақ жүрдім, штабтың офицерлерінің көзіне итүспеуге тырыстым, кейде қалаға келіп жүрдім, кеңес өкіметінің келуін асыға күттім. Сондай ауыр күндер азаппен өтіп жатты, сонда да, бос уәдеден басқа революцияға қарсы бірде-бір қылмыс жасағамын жоқ, кеңес өкіметінің келуін күттім.

Міне, болған жағдай осы. Енді өздеріңіз талқыға салып көріңіздер, еріксіздікпен ауызша берген уәде қарсы балау қызметінде істегенге, сондай-ақ кешірілмейтін қылмыстың қатарына жата ма, жоқ па. Менің ойымша жатпайды. ОБК осыны ескеруі тиіс еді (Айтпақшы, «контрразведка» деген үрейлі сөзді мен ұйымдағы тексеру кезінде ОБК-ның – комиссияның төрағасы Булин жолдастың ауызынан тұңғыш рет естідім. Мен өзімнің міндетімді осы уақытқа дейін анық түсінбеппін: мен штабтың газетінде жұмыс істеуге келісім бердім бе, жоқ қарсы барлау бөлімінде імтеуге уәде бердім бе? Ұйым жиналысында өзім айтып берген оқиға туралы Булин жолдас өзінше асығыс қорытынды жасады, «контрразведка» деген сөз сақнаға шықты. Мені осындай оңбаған қызметке тартқан әлгі татардың ауызынан мұндай сөз шыққан жоқ болатын, құжата да ондай сөз болған жоқ) 1919 жылы партияға өтер алдында мен түсініспестік жағдаймен Петропавлда бірнеше күн ЧК-ның (қазіргі ГПУ-дің) түрмесіне қамаққа алындым, сонда жазған қысқаша өмірбаянымда осы оқиға жөнінде де толық баяндап берген болатынмын... .» – деп түсінік берді.

Бұдан кейін Ә.Байділдин бақылау комиссиясының қателігін, олардың әділетсіздігін беттеріне баса жазып, өзінің «оқыс оқиғасын» өзгелердің «қылмастарымен» салыстыра баяндап, өзіне-өзі адвокат болады. Қисынға да дәлелді пікірлер бар. Партия қатырын тазалау тұсындағы осы дерек Ә.Байділдинге айып ретінде тағылып, тергеуге тартылғандықтан да ұзақ, бірақ ұзақ та болса, көп жайдан мағлұмат беретін шағым хатты толық беруді жөн көрдік.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Егер мен жаңылысып қалмасам, мен Колчактың 3-армиясының штабы мені қалай өздерінің қызметкері етпек болғаны жөніндегі бұл оқиға туралы өзімнің алғашқы қысқаша өмірбаянымда көрсеткен болатынмын. Бұл екі жағдай мені партия қатарына өтер кезде оны жасырмағанымды дәлеледейді. Алайда осы уақытқа дейін бұл мәселені партия ұйымына мәлімдеп, тиісті шара қолдануын күтпегенім, менің үлкен қателігім болды. Мұны мойындаймын. Тәжірибесіздіктен кеткен бұл қателігімді, төңкерістің мүддесін қорғайтын құзырлы мекеме – ГПУ-дегілер түсінеді, менің арымның таза екеніне сенеді деп ойлаймын. Бұдан өзге бұл оқиғаны жасырып қалатындай менде бөтен ой болған жоқ. Сондықтан да комиссияның екінші айыбын да негізсіз деп есептеймін.

Комиссияның мұндай әділетсіз шешімі соңғы күндері мені қатты күйзелтті, ойша жекелеген партия мүшелерінің де кінәлары есіме түсті. Өзімді ақтау үшін емес, менің кешкен оқиғаны салыстыра бағалау үшін ол туралы ОБК хабарлағым келеді. Мен былай ойлаймын:

1.Мен жіберген қателік, яғни, Колчактың 3-армиясына қызмет етуге келісім бергенім – 1917 жылы патшаның інісі Михаил Романовқа құттықтау жеделхатын жолдаған жолд. Каменевтің кінәсінен ауыр ма? Салыстырыңыз: Каменев кәнігі революционер, партияның аса көрнекті қайраткерінің бірі, ал мен болсам – партияда жоқ, жас, аңғал адаммын.

2. Мен жіберген қателік, партияға өткенге дейін патшалық полицияда істеген, губерния мен уездердегі жоғары лауазымдылармен бірге істеген Әйтиевтің (партия мүшесі) қылығынан лас па? Тағы да салыстырыңыздар: Әйтиев – ересек, саналы адам, ал мен болсам – жаспын, алаңғасармын.

3. Мен жіберген қателік Колчактың тергеу комиссиясында істеген, Торғайдағы Алашорда бөлімшесінің құрамында кеңес өкіметіне қарсы күрескен Тоқтабаевтің (партия мүшесі, Жер жөніндегі халық комиссары) қылмысынан ауыр ма?

4. Менің қателігім – алашорданың қарулы көтерілісін басқарған, қызыл армиямен соғысқан, бейбіт тұрғындардың арасында зоболаң орнатқан Қаратілеуовтың, Жетпісіовтің және Сисекеновтің (үшеуі де партия мүшесі) сатқындығынан да өтіп кеткен бе?

5. Менің қателігім – 1922,1923, 1924 жылдары Түркістан партия ұйымы мен кеңес өкіметінің көрнекті басшысы бола тұрып алашордашылардың контрреволюциялық әрекеттеріне кең жол ашқан, кеңестік баспасөзді («Ақ жол», «Шолпан», «Сана» т.б.) солардың қолына берген, тіпті контрреволюционерлермен (Әнуар пашамен, Заки Валидимен, басмашылармен) байланыс орнатқан жолд. С.Қожановтың (партия мүшесі, БКП(б)-ның Орта Азия бюросының бөлім меңгерушісінің орынбасары) қателігінен де зор ма?

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Менің ойымша, осының бәрімен салыстырғанда, менің қателігім барынша залалсыз және кешірімді сияқты көрінеді. Жоғарыдағ аты аталған адамдардың барлығы да партия қатарында қалды өздерінің кінәларын іспен жууда. Мұндай құқықтан мен неге айырылуым керек деген орынды сұрақ туады. ОБК мұны да ескермеген.

Менің өткендегі өмірімдегі жағымды жақтарымды ескермеуінің өзінен комиссияның сыңаржақ шешім қабылдағанын көрсетеді. Мысалы, мына жағдайды, ерікті қызыл армия жауынгері, жасырынып жүрген Д.Әділевті Колчак үкіметінің қуғынынан жасырып қалғаным ескеруге тұрмайтын оқиға ма? Колчак жазалаушыларының жаппай жазалауы кезінде кеңес өкіметіне жан ашыр болу үшін де үлкен тәуекел мен ерлік қажет емес пе. Мен сол үшін оқуымды тастап, басымды бәйгеге тіктім. Бұл туралы комиссия неге үндемейді. Кеңес өкіметінің басына күн туған аласапыран шақтағы (1919,1920,1921 ж.ж.) менің жақсылықтарым туралы комиссия бір ауыз сөз неге айтпайды? Петропавл уезіндегі қазақ жастары арасында алғаш партия қатарына кірген адам мен едім, қазақ арасында партия және комсомол ұйымдарын құруға араласқан тұңғыш адам мен едім. 1919 жылы қазақ жастарының атынан кеңес өкіметін қолдап, контрреволюционерлермен күресуге үндеп қазақ жұртына ашық хат жазған да мен едім. Қазақ тілінде жазылған бұл үндеу қазақ тұрғындарының арасында таратылды «Мир труда» (Петропавл уезінің органы) газетіне жарияланды» – деп өзінің большевиктік жолға түсу кезеңдеріндегі күресін баяндайды».

Шындығында да Ә.Байділдиннің белсенділігі ешкімге күмән туғызбаса керек. Тек бұл белсенділікке қоса байыпты мінез бергенде, түрмеге түспес те еді. Өзінің ұзақ шағым-арызын:

«...Жоғарыдағы жайларды комиссия ескеруі тиісті еді. Өкінішке орай, баяндалған себеп-салдардың барлығы назарға алынбады, оның есесіне негізсіз, қатал үкім шығарылды. Мұны мүлдем әділетсіз шешім деп есептеймін. Жоғарыда баяндаған жайларды ескере келіп, ОБК-ның шешім өзгертіп, маған негізсіз тағылған айыпты алып тастап, партия қатарына қайтадан алуды өтінемін. Менің 9 жэыл бойғы үздіксіз еңбегім, әсіресе кейінгі жылдарғы ауыр да белсенід қызметім ОБК-ның менің өтінішіме түсіністікпен қарайды, мені сүйікті БКП(б) партиясының қатарына оралуыма мүмкіндік береді деп сенемін» - деп аяқтады.

Ә.Байділдиннің сенімі ақталмады. Партбилеттің орнына тұтқындау ордері берілді. Сөйтіп, осы шағымның негізінде оның өзін де тұтқындады. Бұл қамақтан өзінің енді қайтып жарық дүниеге аман шықпайтынын, ол, әрине, білген жоқ. Ең бірінші боп ату жазасына кесілді және үкім орындалды.

«Қаулы. 1929 жылдың 20 шілде күні. Алматы.

Азамат Әбдірахман Байділдин студент кезінде большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргізу үшін ұлтшыл жастардан ұйымдастырылған ақгвардияның жасағына өз еркімен кірген, сонымен қатар ол Колчактың 3-армиясының қарсы барлау тобының құпия тыңшысы міндетін қоса атқарған, яғни, азамат Байділдин Қылмыс Ережесінің 58-7, 58-11, 58-13, және 59-3 баптарының тиісті тармақтарына сәйкес қылмыс жасаған, сондықтанда Қылмысты Істер жөніндегі Ереженің 128 және 147 баптарына сәйкес мынадай Қаулы қабылдадым:

Азамат Байділдин Әбдірахман, 32 жаста, қазақ, Петропавл уезінің “арғын” руынан шыққан, үйленген, орта білімі бар, ВКП /б/ қатарынан шығарылған, бұрынғы “алашордашы”, қазір еш жерде жұмыс істемейді - жоғарыда көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін айыпкер ретінде жауапқа тартылсын.

Байділдинге алдын-ала сақтандыру шарасы қолданылып, оны ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша комендатурасынның жанындағы түрмеге отырғызу үшін тұтқындалсын.

Шығыс бөлімінің бастығының көмекшісі - Саенко.

Бекітемін” ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілі - Альшанский.



Қаулы маған оқылды, өзімді кінәлімін деп санамаймын. Ә.Байділдин».

Иә,ол өзін кінәлімін деп санамайды. Бірақ та өзгелерді “кінәлі” деуге қандай қақысы бар еді? Тергеу ісіне қарағанда партиялық бақылау комиссиясын берген қорытындысы мен Ә.Байділдиннің шағымындағы деректерге сүйене отырып оны сырттай жауапқа тартқан. Сол «сырттай берілген» көрсетінділерінде астыртын ұлтшыл ұйымның мүшелерін әшкерелеуге бет бұрған. Мысалы, 1929 жылғы 1 шілде күнгі көрсетіндісінде бірден:

«Қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымы жөніндегі іске байланысты Әбдірахман Байділдин мынаны көрсетті:

1922 жылдың басында, мен қазақ өлкелік «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып жүрген кезімде, маған алашордашыл ұлтшыл Байтұрсыновтың нағыз контрреволюциялық бағыттағы бірнеше мақаласын жариялауға тура келді. Біз ол кезде ұлтшылдардың ықпалында жүр едік. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың ықпалымен мен көптеген ұлтшылдармен байланыста болдым. Әлі есімде, 1922 жылы Орынбор қаласында ұлтшылдардың кеңесі өтті. Ол кеңеске: Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасов, Елдес Омаров және мен, Байділдин қатыстым. Кеңесте отаршылдарға қарсы күресу үшін ұлтшылдардың ұйымшылдығы мен бірлігі керек екені айтылды. Осы кеңесте Байтұрсынов бізге жақсы адам ретінде «Алашорданың» бұрынғы жазалаушысы Рахметолла Қаржаубаевті қызметке алуды ұсынғаны да есімде. Менің алған әсерім бойынша, ұлтшылдар әлде бір контрреволюциялық, құпия мәселесі бар сияқты көрінді» – деп әшкерелей жөнеледі.

Осы көрсетінді бойынша ондаған адам жауапқа тартылып, оларға айып ретінде тағылды. Біз ол үзіктерді сол тұстарда келтіргендіктен де, бұл арада қысқарта пайдаландық. Анық байқалатыны: Смағұл Сәдуқасовты қылмысты етiп шығаруға тырысқан тергеушiлер «Қаламды» солай қарай қақпайлай беріптi.

Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абайдың шәкірттері туралы. 1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай туралы Ә. Бөкейханов,
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Сонымен, 1951 жыл. Жиырма үшінші ақпан. Жазушылар жиналысы. Бұл жолы сөздің кезегі бірінші болып өмірінде бірінші рет Сәбит Мұқановтан бұрын Мұхтар Әуезовке берілді
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Ііі том. 93 бет. 6 түптеме
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> МҰхтар әуезов пен сәбит мұҚанов
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Стенграмма: Талқылау барысында әлі жарияланбаған дастандар да сынға ілініп кетті. Оған Қ. Жармағамбетов өзінің қорытынды сөзінде
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет