67-шi баптың Әскери сотта қолданылуы қыпшақ байжанов



Дата25.04.2016
өлшемі47.3 Kb.
МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӘСКЕРИ СОТ
67-шi БАПТЫҢ

ӘСКЕРИ СОТТА ҚОЛДАНЫЛУЫ
Қыпшақ БАЙЖАНОВ,

Ақтөбе гарнизоны

Әскери сотының төрағасы
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 67-шi бабында айыпкердiң жәбiрленушiмен татуласуына байланысты оны қылмыстық жауаптылықтан босатудың тәртiптерi мен негiздерi көрсетiлген.

Әскери соттар басқа да жергiлiктi соттар секiлдi қылмыстық iстердi қарау барысында негiзiнен заңның осы нормаларына сүйенедi және елiмiздiң Қарулы Күштерiнде қызмет ететiн әскери қызметшiлер мен әскери мекемелер қызметкерлерiнiң құқықтары мен бостандықтарын, олардың заңды мүдделерiн қорғап, әдiл сот төрелiгiн жүзеге асыруға атсалысып келедi.

Жалпы, қылмыстық заңымыздың 67-шi бабын қолдану сотқа жүгiнген тараптардың арасында татуластыру институтын дұрыс пайдалануға, қылмыстық процесте жәбiрленушiнiң бұзылған құқығын қалпына келтiруге жәрдемдесуге, мұнымен қоса, жеңiл, орташа ауырлықтағы қылмысты алғаш рет жасағандардың жеке басының ерекшелiктерiн, мiнез-құлқын ескере отырып, оған кешiрiммен қарау мүмкiндiктерiн қарастыруға бағытталған.

Осы баптың 1-шi бөлiмiне сәйкес, айыпкердiң жәбiрленушiмен татуласуына байланысты оны қылмыстық жауапкершiлiктен босату мынадай төрт негiздiң жиынтығы болғанда ғана мүмкiн:

1) кiнәлi адамның қылмысты алғаш рет жасауы;

2) кiнәлi адам жасаған әрекеттiң кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатуы;

3) кiнәлiнiң жәбiрленушiге келтiрген зиянның есесiн толтыруы;

4) қылмыс жасаған адамның жәбiрленушiмен татуласуы.

Аталған негiздердiң ең болмағанда бiреуi жоқ болған жағдайда Қылмыстық кодекстiң 67-шi бабының 1бөлiмi қолданылмайды және заңның осы талаптарын қылмыстық iс бойынша қолдану соттар үшiн мiндеттi.

Ал, осы баптың 2 бөлiмi бойынша орташа ауырлықтағы кез-келген қылмысты жасаған адам әкеп соққан қылмыс салдарына, сондай-ақ оның әрекеттерiнде қылмыстардың бiрнеше рет жасалғанына, жиынтығына немесе қайталанғанына қарамастан төмендегi үш негiздермен қылмыстық жауапкершiлiктен босатылуы мүмкiн:



1) жасаған әрекетi орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатса;

2) қылмыс жасаған адам жәбiрленушiмен татуласса;

3) қылмыс жасаған адам жәбiрленушiге келтiрiлген зиянның есесiн толтырса.

Осы негiздердiң ең болмаса бiреуi болмаса, бұл норманы қолдануға болмайды және заңның осы талаптарын қолдану соттар үшiн мiндеттi емес. Яғни бұл соттың жеке ой-пiкiрi, бастамасы болып табылатын мәселе.

Сонымен қатар, екi және одан көп объектiге қол сұғумен жасалған қылмыстар бойынша да ҚР Қылмыстық кодексiнiң 67 бабын қолдануға заңда тыйым салынбаған (мысалы: бұзақылық, әскери қылмыс және тағы басқалары).

Мұны пысықтап айтып отырған себебiмiз, iстердi қарау барысында кейбiр әскери қызметшiлердiң жасаған әрекеттерi қылмыс құрамының екi объектiсiн қатарынан бұзады.

Мұндай жағдайларда алдын-ала тергеу мен сотта жәбiрленушi тұлғамен қатар ол қызмет ететiн әскери бөлiм де iс бойынша жәбiрленушi ретiнде қатыстырылады. Өйткенi, жасалған қылмысқа байланысты тек жәбiрленушiнiң құқықтары ғана бұзылып қоймайды, сонымен бiрге осы әскери қызметтi атқару тәртiптерiне де залал келедi. Сол себептi, әскери соттар қылмыстық iстi қарау кезiнде айыпкердiң тiкелей жәбiрленушiмен ғана татуласуы жеткiлiксiз деп танып, әскери бөлiм басшылығының да татуласуға байланысты пiкiрлерiн ескередi және заңға сәйкес тиiстi шешiмдерiн шығарады.

Қылмыс жасаушының жеке басы мен мiнез-құлқын қаперге алып, жәбiрленушi әскери бөлiм ол адаммен татуласуға болатыны не болмайтыны туралы шешiмдерiн сот алдында дербес және ерiктi түрде бiлдiредi.

Көптеген жағдайларда, жәбiрленушi әскери бөлiм татуласуға келiсiм берiп, iстiң ақыры екi жақ үшiн де тиiмдi негiздерде татуласумен аяқталады.

Мәселен, сондай iстердiң бiреуi – Орал қаласында қаралған 2029 нөмiрлi әскери бөлiмнiң «Мұқатай» шекара заставасының бастығы капитан Мұхамеджановқа қарсы қозғалған қылмыстық iсi. Осы қылмыстық iстi сот мәжiлiсiнде қарау кезiнде жәбiрленушi қатардағы жауынгер Дүшiмбаев пен әскери бөлiмнiң өкiлi майор Фирсов айыпкердi жасаған қылмысы бойынша кешiрiп және өзара татуласып, Қылмыстық кодекстiң 380-бабының 1 бөлiмiмен сотталушыға қарсы қозғалған қылмыстық iс 2006 жылғы 23 қаңтардағы қаулымен қысқартылды. Тиiстi мерзiмi өткен соң қаулы заңды күшiне ендi.

Кейбiр жекелеген iстердi қарау барысында айыптының жеке басының кемшiлiктерiн, оғаш қылықтарын, тәртiбiндегi терiс мiнездерiн ескерiп, әскери бөлiмдер сотталушымен татуласудан бас тартады. Мұндай жағдайларда тараптар арасында татуласу болмай, қылмыстық iс ақырына дейiн қаралады.

Мысалы, солардың бiрi – Атырау қаласындағы 2016 нөмiрлi әскери бөлiмнiң сержанты Таупиховқа қарсы қозғалған қылмыстық iс. Осы қылмыстық iстi сот мәжiлiсiнде қарау кезiнде жәбiрленушi қатардағы жауынгер Байтанов айыпкер Таупиховты кешiргенiмен әскери бөлiмнiң тарапынан татуласуға келiсiм болған жоқ. Сол себептi өкiл Iзмұхановтың қарсылығына байланысты iс аяғына дейiн қаралып, жасалған қылмыстық оқиға бойынша үкiм шығарылды, яғни сотталушы бiр жарым жылға әскери қызмет бойынша шектеу жазасына кесiлдi. Бұл үкiм де тиiстi мерзiмi өткен соң тараптармен шағымдалмай, занды күшiне ендi.

Негiзiнен қылмыстық iстердi татуласу негiзiнде қысқарту – жәбiрленушiсi бар iстерге тән нәрсе.

Мәселен, Қылмыстық кодекстiң 372 және 373-шi баптары, яғни әскери бөлiмдi өз бетiмен тастап кету мен қашқындық қылмыстары үшiн татуласу әрине, қолданылмайды.

Сонымен қатар, жәбiрленушiнiң оның татуласу құқығын жүзеге асыру кезiнде өз еркiн ерiктi түрде және емiн еркiн бiлдiруi iс бойынша дәлелденуге жатады.

Жәбiрленушiнiң қылмыс жасаушымен татуласуы не татуласпауы – оның өз құқығында, ал әскери қылмыстар бойынша әскери бөлiм командирiнiң iске қатысушы өкiлiне берген сенiмхаты нысаны бойынша жүргiзiледi.

Әскери бөлiмдердiң өкiлi ретiнде қатынасатын адамдардың жасалған қылмыстан әскери бөлiмге келген зиянға толық баға бермей, қылмыскермен ымыраға келетiн сәттерi де болып тұрады.

Мысалы, әскери қызметкер, взвод командирi лейтенант Ташимов және рота командиры аға лейтенант Рустамов қатардағы жауынгер Нурмухамбетовтi сыртқы киiмiн жоғалтқаны үшiн ұрып-соққан. Осыған байланысты қаралған iсте Рустамовқа ҚР Қылмыстық кодексiнiң 380-шi бабының 1 бөлiмiмен, ал Ташимовке осы кодекстiң 378-шi бабының 2 бөлiмiмен айып тағылған. Рустамов Қылмыстық кодекстiң 67 бабының 1 бөлiмiмен жәбiрленушiмен және әскери бөлiм өкiлiмен татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершiлiктен босатылса, Ташимов бас бостандығынан айырылуға сотталған.



Әскери бөлiм өкiлi Ташимовтың жасаған қылмысына, әскери бөлiмге келген зиянға дұрыс баға берудiң орнына, оның қылмыстық әрекетiнен не моральдiк, не материалдық зиян келген жоқ деп оны кешiрiп, қылмыстық жауапкершiлiктен босатуды сұраған. Әрине мұндай жайлар қылмыс жасаған әскери бөлiмдердiң әскери тәртiбiне, құқық қорғау талаптарына керi әсерiн тигiзедi. Әскери сот әскери қызметшiлердiң арасындағы татуласу жағдайын шешу мәселесiнде жiберiлген әдiлетсiздiктер жөнiнде әскери басшылар атына жеке қаулылар шығарды.

Жалпы, жәбiрленушi ретiнде әскери бөлiмнiң татуласуға келiсiм беруi негiзiнен алғанда дұрыс, себебi, бұл әрекеттердiң барлығы әскери бөлiмдердегi адамзатқа жат және құқыққа қарсы бағытталған әрекеттердiң алдын алуға, сонымен бiрге әскерде темiрдей әскери тәртiптiң нығаюына ықпал етедi.
Каталог: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Материалдық құқық нормаларын қолдануда қате жіберілгендіктен жаңа шешім шығарылды ( үзінді)
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет