А. байтұрсынов публицистикасындағы этнодеформациялық МӘселелер



жүктеу 45.33 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі45.33 Kb.
: books -> files
files -> ТҮркі және иран халықтары ертегілеріндегі мифологиялық кейіпкерлер түркістан-2007 Редакциялық алқа
files -> Становление европейской науки
files -> Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»
files -> Ббк қ Редакция алқасы
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011

Г.ӘБІЛ

А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінің магистр-оқытушысы


А.БАЙТҰРСЫНОВ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНДАҒЫ ЭТНОДЕФОРМАЦИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР
В данной статье анализируются проблемы этнодеформации в публицистике А.Байтурсынова.
This article deals the problems of ethnodeformation in A.Baytursunova 's publicistic writing.
Қазан төңкерісінен кейін бұрынғы патшалық Ресейге қараған Ұлан-ғайыр атырапта қоғамдық-әлеуметтік өмір мен әдебиетте қат-қабат, шытырман, аласапыран идеялық шайқастар үстінде көптеген өзгерістер басталды.

Сан ғасырлық даму жолдарын бастан кешірген, халқымыздың көркем шежіресі болған әдебиетімізге XX ғасырдағы әлеуметтік қозғалыстар, төңкерістер қолма-қол әсер етті. Көптеген идеялық ағымдары бар, жанрлары жан-жақты тармақтала бастаған әдебиеттің өкілдері, кешегі отар, қаналған елдің әр жастағы, әр деңгейдегі, әр түрлі саяси бағдардағы перзенттері ұлы өзгерісті әр түрлі қабылдады.

Төңкеріс дәуіріндегі аса күрделі, өткір әлеуметтік тартыс жағдайы кейбір жазушыларды абдыратты, қиялдың қия шатқалына әкеп, тығырыққа тіреді, қуғынға салды, қалам ұстау түгілі, тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермеді, тіпті опат етті.

Қайсыбіреулер қоғамдық күрестен күрт суынып, үн-түнсіз жатып алды. Аударма оқулық жасаумен айналысып кеткен қаламгерлер де бар. Әдебиетке Қазан төңкерісінен бұрын келген Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, т.б. ұлы ғалымдар өнер айдынында ұзақ жүзе алмады, сан қилы қуғынға түсіп, ақыры бәрі де опат тапты. Саяси толқындар, экономикалық дағдарыстар, қоғамдық ойдағы қым-қиғаш тартыстар тұтас процесті тоқтатып, жаңа әдебиет жасауға кедергі бола алған жоқ. Кең байтақ елді дүбірлеткен өзгеріс рухы халық арманын ту қылып ұстаған қазақ ақындарының өзекті тақырыбына айналып, еңбекшілерді күреске шақырған, бостандық, теңдікті жырлаған шығармалар тудырды.

1920 жылы Қазақ Автономиялық Кеңес Социалистік Республикасының құрылуы ұлттық мәдениеттің, өнердің, әдебиеттің кең қанат жайып өркендеуіне көп жағдай туғызды. Қаулап шыға бастаған «Тіршілік», «Қазақ мұңы»,«Мұғалім» , «Еңбек туы» , «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет», «Ұшқын», «Кедей сөзі», сияқты сан алуан газет-журналдар халықтың көкірек-сезімін оятты, ойына ой қосты, білім берді, әлеуметтік мәселелерді түсіндірді, сауатсыздықты жойды, әдеби күштерді топтастырды. Қазақ тілінде шығатын газет-журналдар, кітаптар, оқулықтар саны күрт өсті.

Мәдениет ошақтары ұйымдастырылып, ана тілінде оқытатын мектептердің жағдайы жақсарды. Мерзімді баспасөзде халық ой-арманын бейнелейтін шығармалар жариаланды.

Тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық бағытты ілгері жалғастырушы - ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түркітанушы, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлы.

Әр түрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, жер мәселесіне арналған «Бұ заманның соғысы» (1915), «Закон жобасының баяндамасы» (1914) (осы мақала үшін А.Байтұрсынов айып пұл төлеген) «Қазақ халқын билеу турасы 1868 жылы шыққан уақытша положение» (1914), «Губернатор өзгертілуі», «Соғысушы патшалар», «Қазақ жерін алу турасындағы низам» «1913), «Қазаққа ашық хат» сияқты көптеген мақалалар А.Байтұрсыновтың көзқарас эволюциясын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік стилін көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар берді. /1/

Автордың «Қазақ өкпесі» мақаласында («Айқап, 1911,№2) тарихи мәселелерге обьективті, ғылыми тұрғыдан қарайтындығы көрінеді, қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Россияға қосылудың негізі жағдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады. «Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жаралы жерде үлестен қағылғанымыз - бәрі надандық кесапаты» дей келіп, ел менелді, ұлт пен ұлтты теңгеретін – ғылым, өнер екенін айтып, оқуға, ағартушылыққа ден қояды. Бұл жерде ішкі этнодеформациялық кіші шеңберінің оқиғалары басымырақ [2].

Бұл бағытта жазылған, бір-бірімен сабақтас мақалалар өте көп: «Оқу жайы («Қазақ», 1913,№11) мақаласында өз кезіндегі мектептер ісін тиянақтай отырып, сол тұстағы Қостанай уезіндегі сауаттылық мәселелерін қозғайды. Әрбір жүз кісіден 6 еркек қазақша, әрбір мың кісіден 6 еркек орысша, ал әрбір үш жүз кісіден 1 әйел қазақша, төрт мың кісіден 1әйел орысша хат таниды деген дерек келтіреді. «Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп [3].

Тәртіппен оқытарлық мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жолы жоқ, салған мектептер жоқ, қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті ететін жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даремұғалимун (педучилище) жоқ» деп күйзеледі [3].

Осыған жалғас ойларды «Қазақша оқу жайынан» (1913) мақаласында дамыта нақтылай түсіп, автор былай деп жазады: «Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі хәлінен хабар аларлық болу керек» [3].

Кеңес империясы дәуірінде А.Байтұрсынов есімін атаудың өзі қылмыс саналса, еліміз тәуелсіздік туын тіккеннен кейін халқымыз өзінің ұлы перзентімен қайта табысып отыр.

Жазушының «Орысша оқушылар» мақаласында «орысша оқығандарымыздан пайда жоқ деп, қазақ өкпелейді. Сондағы оқығандарымыз дейтіні шолақ оқулар болса, оларға өкпе жүрер ме? Егерде оқығандарымыз деп жоғары я орта оқулыларды айтса, олар тіпті аз-ақ есепте емес пе: Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек. Егер де оқу іздеген талапкерлеріміздің қырықтан төртеуі ғана оқырлық орын тауып, басқалары қаңғырып далада қалып отырса, жұрт жұмысшысы көбейіп мандыр ма, жұмысшы көбеймесе, жұрт жұмысы ілгері басып өнер ме? [4]

Сол қаңғырып қалып тұрған балалар ұлттың ұлы емес пе? Болам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп, жүрген қазақ баласы жоқ.

Айып не? Айып қазақ халқының санасының ауытқуы. Бұл жерде қазақ халқының санасын орыстар күшпен әурелендіріп отырғанын көреміз [5].

Дәл осы жерде этнодеформацияның кіші шеңберін көруге болады. Бұл құбылыс қазір де орын алуда. Қазіргі жастар орысша білуді, орысша киінуді әдетке айналдыруда жастар өз әдет-ғұрпынан тыс, ұмыту үстінде. Бұл жерде жастардың сыртқы елдердің идеологиясына бұрмаланып, ұлттық идеологиядан айырылуда. Этнодеформацияның үлкен шеңбері орын алуда.

ӘДЕБИЕТТЕР




  1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. А, 1992.

  2. Байтұрсынов А. Қазақ өкпесі // «Айқап», 1911 ж, №2.

  3. Байтұрсынов А. Қазақша оқу жайынан // «Қазақ», 1913, 16 май (бас мақала) №74.

  4. Байтұрсынов А. Орысша оқушылар //«Қазақ» газеті, 1913, 15 август, №26.(Бас мақала).

  5. Әбілов Ж. Этнодеформация (Ұлттық сана мәселелері). Қызылорда: «Тұмар», 2007.




©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет