А. Ж. Байниязов филология ғылымдарының кандидаты



Дата01.05.2016
өлшемі68.3 Kb.

А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013



әОж 811. 512. 122' 374

А.Ж. Байниязов

филология ғылымдарының кандидаты,

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры
Ж.Т. Байниязова

филология ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.



СӨЗДІК ЖАСАУДЫҢ ДЕРЕККӨЗДЕРІ ТУРАЛЫ
Сөздіктерге негіз болатын дереккөздерді жинақтау, жүйелендіру, кем-кетігін түгендеу – сөздік түзу ісіндегі басты, негізгі назарда ұстанатын мәселе. Лексикографиялық жұмыстарды жүргізуде, реттеуде және оны жүзеге асыруда картотекалық жұмыстардың дұрыс жобалануы шарт. Мақалада қазақ лексикографиясында дереккөздерді жинақтау мен бастапқы материалдар мәселесін көтерген, сөздік түзу ісінің алғышарттарын жасаған тілші-ғалымдардың еңбектері мен пікірлеріне тоқталады. Сонымен бірге дереккөздердің қандай әдебиеттерді сұрыптай отырып жиналатыны және қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне дереккөз болатын негізгі әдебиеттер жайында да баяндалады. Авторлар картотекалық қордың қаншалықты маңызды екендігі туралы тұжырымдар жасайды.
Кілт сөздер: қазақ лексикографиясы, картотекалық қор, түсіндірме сөздік.
Сөздіктердің дереккөздері жөніндегі, сөздікке негіз болатын бастапқы материалдарды жинақтау мен сақтаудың формалары мен әдіс-тәсілдері жөніндегі мәселе – сөздік түзу жұмысындағы келелі мәселелердің бірі. Қандай лексикографиялық шығарма болса да, оның түзілуі картотека мәселесінің оңды шешілуімен тікелей байланысты екендігі анық. Жобаланып отырған сөздікке алынатын дереккөздер корпусын анықтау, басқа сөздіктерді дереккөз ретінде пайдаланудың сипаты мен ерекшеліктерін белгілеу, жалпы ғылыми, жалпы әдеби, жалпы тілдік шығармалардан, сонымен бірге, арнаулы салалық бағдарлы шығармалардан материал жинақтаудың әдіс-тәсілдерін сипаттау, ауызекі сөйлеу тілі негізінде даярланған жазбаларды пайдаланудың әдіс-тәсілдері мен қолданым шектерін анықтау, тиісті тілдік бірлікті ұсынатын мәтін бөлшегінің сипаты мен ұзындығын белгілеу, тілдік бірліктің қолданымын дәйектейтін мәтін бөліктерінің жалпы санын айқындау – материалды дайындауға қатысты іс-шаралардың қысқаша тізбесі осындай. Оның үстіне сөздік материалдарды жинақтайтын картотекалардың түрлері, оларды толтырудың әдістемесі, сонымен бірге, материалды сұрыптап алудың инструкциясы, картотека жасау ісін механикаландырудың, автоматттандырудың жолдары, т.б. – лексикография теориясында қарастырылуы тиісті мәселелер.

Бастапқы материалдар мәселесін көтеру қазақ лексикографиясында С.Жиенбаев еңбегінен басталады. Қазақ тілінің басталып, аяқталмай қалған академиялық сөздігіне арналып түзілген инструкцияның екінші бөлігінде




А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013



«Сөздік картотекасына цитат теру жайындағы инструкция» және «Жазу техникасы» атты тақырыпшалар бар. Түсіндірме сөздік алғаш рет жасалып отырғандықтан қандай сөзге қай шығармадан қандай мысал алу‚ қандай мысалдарды алмау‚ алынған мысалдарды карточкаға қалай жазу мәселелеріне айрықша көңіл бөлінген. Ғалым: «Сөздің толық мінездемесі осы карточкалардан айқын көрінетін болады. Қай жерде қандай мағынада қолданылатынын‚ тура мағынасы мен бұрма мағыналары қандай екендігі‚ сөздің стильдік‚ көркемдік қасиеттеріне тән қандай арнаулы тізбектер бар екені‚ сөздің дыбыс құбылысында‚ тұлғасында‚ емлесінде қандай ерекшеліктер бар екені - осындай жақтарының бәрі де цитат карточкаларынан байқалатын болады», дейді [1‚11б]. М.Малбақов қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінің картотекалық базасы туралы төмендегідей деректер келтіріледі: «Он томдық түсіндірме сөздіктің жалпы редакциясын басқарушы профессор А.Ысқақов қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне қажетті дәйектеме материалдарды жинастыру ісінің 1937 жылдан бері жалғасып келе жатқандығын жазады. Демек‚ алғашқы түсіндірме сөздікке мысал теру осы кезден басталған болу керек» [2]. Сөз болып отырған инструкцияның алғашқы бөлігінің өзі 30 баптан тұрады. Ғалым мысалдардың екі түрлі қордан алынатыны туралы жазады. Бірі сөздіктер болса‚ екіншісі қазақтың жазба әдебиеті. Жазба әдебиет ретінде ғалым көркем әдебиетті‚ кәсіп түрлері (өнеркәсіп‚ ауыл шаруашылығы‚ аңшылық‚ балықшылық‚ қолөнер) бойынша жазылған еңбектерді‚ әдет-ғұрыпқа байланысты материалдарды‚ түрлі пәндер бойынша жазылған оқу құралдары мен қосалқы оқу материалдарын‚ диалектологиялық экспедициялардың материалдарын‚ газет‚ журналдарды‚ қазақ тілінде жазылған ескі мұрағаттарды атайды. Ғалым мысал алынуға тиісті сөздіктер қатарында жалпытүркілік Л.Будагов‚ В.В.Радлов сөздіктерін келтіре отырып‚ олардан мысал жазып алудың үлгісін береді. Жалпылама қолданылатын лексикаға жататын сөздерге мысалдарды негізінен көркем әдебиеттен алудың қажеттілігі сөз болады. Ғалым сөздікке мысалдарды Бұхар жыраудың‚ Махамбеттің‚ Шәңгерейдің‚ Абайдың‚ Сұлтанмахмұттың шығармаларынан‚ батырлар жырынан көбірек алуды жөн санайды. Инструкцияның 23-42 беттерінде келтірілген сөздік мақала үлгілерінде‚ шынында да‚ арғы дәуірдегі Асанқайғының сөздерінен бастап‚ өткен ғасырлардағы Дулат‚ Махамбет‚ Абай‚ Сұлтанмахмұт‚ М.Сералин тәрізді ақын-жазушылардың шығармаларынан‚ әсіресе «Бозжігіт»‚ «Есімхан»‚ «Гүлкәшима»‚ «Гүлжәмила»‚ «Мұңлы Мәриям» поэмаларынан‚ «Едіге»‚ «Бөгембай»‚ «Кенесары»‚ «Ер Ағыбай»‚ «Наурызбай»‚ «Орақ-Мамай»‚ «Қарасай-Қази»‚ «Шора» батырлар туралы қисса‚ дастан‚ тарихи жырлардан‚ «Ер Тарғын»‚ «Алпамыс»‚ «Қамбар»‚ «Қобыланды»‚ «Ер Сайын» тәрізді батырлық жырлардан‚ «Қыз Жібек»‚ «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу»‚ «Айман-Шолпан» тәрізді лиро-эпостық жырлардан‚ «Біржан-Сара»‚ «Әсет-Рысжан»‚ «Шортанбай-Орынбай»‚ «Жүсіп қожа-Жекей қыз» айтыстарынан‚ Ы.Алтынсариннің 1879 жылғы хрестоматиясынан‚ 1920-30 жылдары қойылған драмалық шығармалардан алынған дәйектеме материалдардың молдығын

А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

байқауға болады. А.Ысқақов: «Ертеректе (революциядан бұрын да‚ кейін де) араб‚ латын әріптерімен жарияланған әдебиеттен (кітап‚ журнал‚ газет‚ т.т.)‚ сондай-ақ‚ қазіргі әріппен шыққан кейбір әртүрлі себептермен қолайсыз танылған әдебиеттен де мысалдар тіпті алынған жоқ», [3.505] – деп жазады. Б.Қалиев «Қазақ тілінің қазыналы сарайы» атты мақаласында түсіндірме сөздікке дәйектеме материал жинақтауда 1950-жылдары карточка саны 586 мыңға жеткені‚ осы қордың негізінде екі томдық түсіндірме сөздіктің жасалғаны‚ он томдық сөздікті жасауға кірісер алдында карточканың саны 2 миллионға таяу болғаны‚ оның қазіргі кездегі санының 4 жарым миллионнан асқаны туралы жазады.

Қазақ лексикографиясы бойынша жаңа зерттеулердің бірі – Г.Көбденованың «Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы: құрылымы мен ұстанымдары» атты еңбегі [4]. Автор картотекалық қордың сипаты, маңызы мен рөлі туралы айта отырып: «Картотекалық қор – кез келген лексикографиялық бастаманың, сөздіктер жасаудың негізгі базалық қоры. Лексикография саласының ең өзекті саласы болып саналатын картотекалық қорда карточканың саны, олардың тіл байлығын көрсете алуы, сөздер мен сөз тіркестерін қаншалықты жинай алуы, жазылған мысал-дәйексөздердің сол сөздер мен тіркестердің барлық мағынасын қамти алуы, қамтыған жағдайда сол мағыналарды саралауға, жіктеуге және дәлелдеуге олардың мүмкіншіліктерінің жетуі, мысал-дәйексөздерге алынатын авторлар мен деректемелер т.б. мәселелердің дұрыс шешілуі оның сапасын айқындай түседі», дейді.

Зерттеуші картотекалық қордың лексикографиялық жұмыстарда, сөздіктер жасауға ғана пайдаланылып қоймай, әртүрлі теориялық, лексикалық, грамматикалық зерттеулерге де кеңінен пайдаланылатынын жазады. Автор картотекалық қордың тіл дамуымен бірге дамып, үнемі, үздіксіз толықтырып отыруды қажет ететін сөздің қазыналық қоры екендігін, оның ұлттық, мәдени құндылық болып табылатынын айта келіп, картотекалық қорлар туралы мынадай тұжырым жасайды:

1) Жалпы картотекалық қорда жалпы тілдік материалдар жинақталады. Бұнда сөздің белгілі бір топтары жүйеленбеген түрде орналасады.

2) Арнайы бағыттағы картотекалық қор белгілі бір сөздікке бағытталып, сол сала бойынша дереккөздерден сұрыптап алынады. Бұл тарихи сөздіктер жасаудың бірден-бір дереккөзі, материалдық базасы болады.

3) Қосымша картотекалық қорға тіл жанашырлары, зерттеушілердің жинақтаған карточкалары, ғылыми ізденістерден алынған үзінділер, еңбектерден алынған дәйексөздер, көптеген сөздіктер мен анықтағыш құралдары, лексика, грамматика, стилистика, этимология т.б. бойынша мақалалар т.б. жатқызылады.

Қорыта келгенде, картотекалық қорды қоғамдық пікірлер жиынтығы десе де болады. Картотекалық қор сөздік жасау үшін ғана емес, сонымен бірге ғылыми-зерттеу жєне ғылыми кеңестер беру жұмыстары үшін де


А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

пайдалы. Картотекалық қор мәселесінің әлі де күн тәртібіне енбеген мәселелері жеткілікті.


ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Жиенбаев С. Сөздіктің мақсаты мен жасалу принциптері // ҚазССР ҒА Хабарлары. 3-шығуы. –Алматы, 1945. –3-11 бб.

  2. Малбақов М. Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері. –Алматы: Ғылым, 2002. – 368 б.

  3. Ысқақов А. Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – 10 том. – 505 б.

  4. Көбденова Г. Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы: филол. ғыл. канд. ... автореф.:10.02.02. – Алматы, 2008. – 24 б.


РЕЗЮМЕ

В статье рассматривается вопрос важности и значения картотечного фонда в определении отборе источников словарного лексического запаса при составлении словаря. Кроме того автор уделяет особое внимание способам и путям расширения словарного запаса путем правильного использования материалов источников.

(Байниязов А.Ж., Байниязова Ж.Т. Об источниках создания словарей)
SUMMARY

In article the question of importance and value of card-index fund in definition selection of sources of a dictionary lexical stock by drawing up the dictionary is considered. Besides the author pays special attention to ways and ways of expansion of a lexicon by the correct use of materials of sources.

(Bainiyazov A.ZH., Bainiyazova ZH.T. About sources of creation of dictionaries)


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет