А. Ж. Батырбеков Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ізденушісі Бірлікшіл «Бірлік туы»



жүктеу 96.99 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі96.99 Kb.
: books -> files
files -> ТҮркі және иран халықтары ертегілеріндегі мифологиялық кейіпкерлер түркістан-2007 Редакциялық алқа
files -> Становление европейской науки
files -> Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»
files -> Ббк қ Редакция алқасы
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010

А.Ж.Батырбеков

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ізденушісі


Бірлікшіл «Бірлік туы»
В статье речь идет о газете "Бирлик туы", которая существовала в 1-й четверти ХХ века в Туркестанском крае.
The article presents some information about "Бирлик туы" newspaper which existed in the first quarter of the 20-th centure in Turkistan region

Тәуелсіздігімізді алып, еркіндігімізді күллі әлемге паш еткен шақта, ішімізде қордаланып қалған талай шындық сыртқа еркін шыға бастады. Себебі біздің тарихта ақтаңдақтар көп. Жетпіс жыл үстемдік еткен Кеңес үкіметі тарихты қолдан бұрмалап, мейлінше өз мәртебесін үстем етуге тырысты. Ал тарихтың ақиқатын ХХ ғасырда халық жауы атанып келмеске кеткендей болған архив қойнауларындағы деректер мен шындығы басым түсетін кеңестік үкімет жапқан мерзімді басылымдардан көруге болады. Сондай басылымдардың бірі «Бірлік туы» газеті.

«Бірлік туы» Ташкент қаласында 1917 жылдың 24 маусымынан 1918 жылдың сәуір айының ортасына дейін шығып тұрған елшіл бағыттағы газет [1]. Негізін қалаған түркі жұртының ұлы қайраткері, өмірінің соңына дейін түркі бірлігі идеясын көтеріп, сол жолда еңбек еткен – Мұстафа Шоқайұлы. Аталмыш басылым жайлы «Қазақ» газетінде: «Бірлік туы» атты қазақ газетінің 1 һәм 2 нөмірлері басқармамызға келді. Шығарушы – Мұстафа Шоқай баласы. Газет жетісіне бір шығады. Жылдық хақы 5 сом, жарты жылдығы 3 сом, үш айлығы 1 сом 70 тиын. Баспасөздің ең керек уақытында көтерілген «Бірлік туына» құтты болсын айтамыз. «Бірлік туы» алаш ұранына жала жапқан марқұм «Алаш» газетіндей болмай, қазақ-қырғыздың шын қызметкері, шын жолбасшысы болуына тілектеспіз Һәм солай болар деген үміттеміз. «Бірлік туының» адресі: г. Ташкент, ред.газ. «Бірлик туы» деген жазба бар [2].

«Бірлік туы» газетінің шығуы үшін тікелей демеушілік жасаған «Бірлік туы» серіктестігі болды. Серіктестікті алғаш Садық Өтегенұлы басқарған. Серіктестік жарнасы 10 сом болып белгіленген [3].

Газеттің алғашқы екі санында Мұстафа Шоқай, 14-санына дейін Хайретдин Болғанбай, 16-санынан бастап Сұлтанбек Қожанұлы секілді қайраткерлер редакторлық қызметті атқарды [4]. Мұнда қазақтың М.Дулатов, Н.Құлжанұлы, Ш.Сарыбайұлы, Е.Шәрменұлы, Б.Майлин, А.Мәметұлы секілді ақын-жазушылардың еңбектері жарияланды.

«Бірлік туындағы» материалдардың бір бөлігіне елдік бағыттағы сол кезеңнің заманауи талаптарына сәйкес, тарих беттерін құрсаусыз көрсетіп бере алатын мақалаларды жатқызуға болады.

Газеттің негізгі мақсаты - Түркістан халқының жаршысына айналу. Бұған газетте жарияланған Түркістан автономиясын жариялауға дайындық жұмыстары және автономия жойылғаннан кейінгі большевиктердің әрекеттерін әшкерелейтін мақалалар дәлел. Соның бір айғағы ретінде

С.Қожановтың «Түркістанда орыс сиездері» «Өзіміздің большевиксінгендерге» [5]. Х.Болғанбаевтың «Тұла бойың қан сасиды» [6]. с.с.т.б мақалаларды көрсетуге болады. Осындай қиын-қыстау кезеңде Сұлтанбек Қожанов өзінің ішкі мұңын «Қайтейін?» атты өлең жазып, сонда көрсеткен [7]. Бұл өлең «Бірлік туы» газетінің 1917 жылғы 25 қарашасында басылған.

«Қу заман, ит тіршілік қорладың ғой,

Көрсем де қанша икемдеп, болмадың ғой.

Жете алмай дегенімнің жалғызына,

Талап көп, талайсыз боп сорладым ғой...


Келемін әурелікпен өткізіп жас,

Іс етпей, құр талаппен қатырып бас.

Табиғат, тағдыр, заман тізе қосып,

Болғандай маған қарсы ынтымақтас».

Әрине өлеңнің өн бойына үңіліп қарасақ, қайраткердің өзін-өзі қамшылап, ел игілігі үшін жеткілікті дәрежеде еңбек ете алмай жүрмін деп сары уайымға салынғанын көруге болады.

«Түркістанда орыс сиездері» атты С.Қожанов жазған мақалада түркістандықтарды саяси сауатсыз, олардың өзін-өзі басқаруға сауаты жетпейді, алдымен совет құру керек деген сылтаумен 5-6 большевик бүкіл Түркістан халқының болашағын шешпек болғанын және сиезді 74 адамның ашқанын барлығы да большевик екенін тілге тиек етіп, 18 қаңтарда болған бұл сиезді ащы тілмен сынап өтеді. «Тоқпағы мықты болса, киіз жерге енеді»,- деген осы дағы» деп қиналса, мұсылмандар өздерін басқаратын дәрежеге жеткен жоқ деген большевиктердің шешіміне қатты қынжылады.


А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010
Батырбеков А.Ж. Бірлікшіл «Бірлік туы»

Х.Болғанбаевтың «Тұла бойың қан сасиды» атты мақаласында большевиктердің Түркістанды талқандау үшін жасаған озбырлығы көрсетілген. Ол өзінің қарымы күшті қаламы арқылы большевиктердің қан саситын қылмысты әрекеттерін ашық айтады. Х.Болғанбаев большевиктерді «Адам пішінді жыртқыштар» дейді. Большевиктердің Түркістанда жасаған қылмыстық әрекеттерін түркістандықтар ешқашан ұмытпайды, себебі онда өлім құшқан ата-ана, дауысы қарлыға зарлай жылаған сәби, қанға боялған дала барын атап көрсетеді.

Қазақтың Биағасы атанып кеткен Бейімбет Майлиннің «Бірлік туы» газетінің 1918 жылғы 30 наурызда басылған санында «Не жаздым, құдай?» деген өлеңі жарияланған [8]. Өлеңнің мән-мағынасын байыптай қарасақ, өзгеге бодан, жатқа жалшы халықтың күнін күйіттеп, жаратқанға не жаздым деп, елдің атынан тіл қатады.

«Не жаздым, құдай?

Неше жыл өтті,

Көріп келдім таршылық.

Жат үшін жүдеп,

Тілеуін тілеп,

Істегенім – жалшылық»,-деп бастайды өз сөзін ақын. Қаламгер көрмегенім жоқ, көзден жасым құрғамай, қаңғырған басым сандалып енді қайда барамын деген ойы арқылы халықтың күйін бейнелі баяндап, өлеңді ары қарай өрбітеді.

«Құрғамай жасым,

Қаңғырды басым,

Енді қайда барамын?

Көбейді пәле,

Найзалың әне!

Құдай-ау бүгін таламын...

Қайткенде жаным қалады?

Тыныштық, рахат табады?» деген өлең жолдарынан ақынның күйзелісін де көруге болады. Елдің ертеңі не болмақ деген ойдың жетегінде жүрген ақынды шынымен бөтеннен жасқанып, теңдігімізді ала алмай жұртта қаламыз ба деген ой мазалайды.

«Жасқанып өлдік,

Ала алмай теңдік,

Біз-ақ сорлы болдық па?

Ел көшсе жаз кеп,

Басқаға мәз боп,

Шынымен жұртта қалдық па?

Қылмысты құлың біз бе едік?

Бер, құдай, кеңдік ізделік?»

Хайритдин Болғанбаев «Бірлік туы» газетінің 1917 жылғы 13-і қыркүйектегі №9 санында басылған «Мұғалім және шәкірттер ескерсін» атты мақаласында қазақ мектептері қазақ тілінде оқу керектігін мәселе етіп көтереді [9]. Ол: «Қай жұрттың болса да өнер-білімсіз тарқы ете алмайтыны белгілі. Мұны айтып тұрудың да қажеті жоқ. Һәм тарқының бірінші басқышын һәр жұрттың өз тілінде оқитын бастаушы мектептері екені де даусыз хақиқат. Орынборда биыл өткен жалпы қазақ съезі осыны ескеріп, бастаушы мектептер ана тілінде оқытылсын және де «Қазақ» емлесі қолданылсын деп қаулы шығарды. Бұл бізге міндет»деп ұрандата бастап, халқын ойлаған әрбір мұғалім болсын, мейлі шәкірт болсын соны осы бастан ескеріп, «Қазақ» емлесімен танысып оқыту жолдарын үйренулері керек деген салиқалы сөздермен ойын сабақтайды. Бұл жерден біз Хайритдин Болғанбаевтың ұлтын қаншалықты сүйетінін, ұлттың болашағы үшін ұлттың тілін айна қатесіз оқыту керек деп көтерген мәселесіне қанық боламыз. Себебі қайраткер ашыла да, ашына да айтады. Қаламынан шыққан әрбір сөздің өзінен елге деген сүйіспеншілікті, махаббатты көруге болады. Ол: «Неге десеңіз біз – оқу, оқыту өнерлерінен кенжелеп кеш қалып, өзімізден жеткілікті мұғалімдеріміз жоқ болған жарлы халықтың біріміз. Соның үшін де бізге ең алда бастауыш мектептерді тарқы еттіріп өзімізден жетерлік, балаларға жақсы тағылым берерлік мұғалімдер шығару һәм шығу керек. Онсыз халықтың тарқы өсіп, ағаруының болмайтынына көзіміз жетеді»-деген ойлары арқылы халықты сауаттандыру үшін ұлт тілінде сабақ беретін мұғалімдердің керектігін сөз етеді. Мақала барысында ол үшін мұғалімдер курсын ашу керектігін де көтереді.




А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010
Батырбеков А.Ж. Бірлікшіл «бірлік туы»

Мүмкін болса сол курсты Ташкентте ашсақ деген ойын да білдіреді. Ал «Бірлік туы» газетінде 1917 жылғы тамыздың 20-ы күнгі №7 санында жарық көрген «Иман күші» атты мақаласында қазақ арасын бұзып жүрген имансыздарды сынап өтеді. «Ер иманы тау қозғайды» деген сөз әр жұрттың арасында бар. Бірақ мұның анық мысалын бұкүнге шейін біз қазақ тіршілігінде көргеніміз жоқ еді. Жалғыз-ақ жүрегіндегі иманына сиынып, іс бастап, Айсадан алғыс алған қазақ баласы аз. Қайта сорымызға қарсы, арамызда имансыздар, ұлт жұмысына селқос қараушылар көп. Міне, осы бауырларымның алдына төмендегі мысалды ұсынамын»-дей келіп елдің елдігін көздеген «Қазақ» газетінің елдік мұраттағы басылым екенін айта келе, Азамат серіктестігі арқылы жеке баспаханасы болғалы жатқанын да сөз етеді. «Қазақпен» бірге бүкіл Алаш жұртына құтты болсын айтады. «Бірлік туын» да ең басты мәселе осы баспахана екенін көтереді. «Оқушылар байқап отырған шығар, «Бірлік туының» басылуы өте нашар. Бірінші, әріптері тым уақ; екінші, нағыз қазақ емлелеріне тура емес; үшінші, іші де онша таза болып шықпайды.

Міне, осы кемшіліктердің бәрін де көре, біле отырсақ та, олардан құтылуға әзір амалымыз жоқ. Өйткені бұ күнде бұл кемшіліктердің бәрін түгелдейтін Ташкентте баспахана табылмайды. Бар баспаханалардың қазақ емлесіне жетер харіптері жоқ. Сүйтсе де әзіргіден көрі тазарақ басатын біреуіне көшейік десек, баяғы қолдың қысқалығы жібермей тұр»,- деп бір ашынса, енді бірде өзін-өзі жұбатып, қалың жұртшылықтан көмек күтетінін жасырмайды. Елдік мұраттарға сүйене отырып жазған «Түркістаннан» («Бірлік туы» газеті 1918 жылғы ақпанның 20-ы №22 саны), «Алаш автономиясы» («Бірлік туы» газеті 1918 жылғы наурыздың 7-і №24 саны) мақалаларда ұлттың болашағы жайлы көкейкесті мәселелер көтерілген.

«Түркістаннан» атты мақаласында Әулие ата халқы аштыққа ұшырап, қатты жүдеп жатқандығын, ал Кеңестік үкіметтің мардымды көмек көрсете алмай отырғандығын, қайта керісінше халықтың күйзелуіне жол беріп жатқандығын сөз етеді. Мақалада: «Айдың күні аманында Түркістанның басқа жерлеріне аштық кірмей тұрғанда Әулие ата қазақ-қырғыздардың ұшыраған хабарлары болып еді. Бұл ашаршылық үстіне мұжықтардың да қазақ-қырғыздарды талап, қырып жатқанын 19-нөмір «Бірлік туы» газетінде оқыдық»-деп бұл оқиғадан бұрын да хабардар болғанын жеткізеді. Өз ойын: «Не қылса да Әулие ата қазақ-қырғыздары мұжықтар зорлығына бір, өз болшеуіктерінің зорлығына екі, ашаршылыққа үш ұшырап өте жүдеулі»-деген сөздермен сабақтайды [10].

«Алаш автономиясы» атты мақаласында Орынборда өткен қазақ-қырғыз съезі жайлы сөз етеді. Съезде қазақ-қырғыз жұртының тіршілік мәселелері қаралғандығын айтады. Ол: «Русияға қараған он облыс қазақ-қырғыздарының сайлап жіберген өкілдері тоғыз күндей кеңес құрып, сол съезде бата қылып тараған қаулыларының бәрі де бастан аяқ Алаштың ең зор, ең қиын, оның бер жағында ең шұғыл, мұқтаж істері туралы еді»-деп өзінің ойын білдірсе, Алашқа болысудың орнына қазір жер-жерден кеңестік болшеуіктерге болысып жүрген қандастарымыз аз емес, ал Алаштың алдында тұрған бірден-бір мәселе ұлттың болашағы, ұлтты сақтау үшін күрес секілді ең ауыр мәселе тұрғандығын және болшевикшіл қандастарымызға ашына: «қазақ комиссарлары шығып, орыс «товарищтардың» соңынан қалмай қимыл жасап жатқан хабарлары бар» - деп айтып, қатты күйінеді. Тіпті «Қазақ» газетінің де сол кеңесшіл әрекетшілердің кесірінен жабылғанын, бірақ Алаш автономиясын қолдаушылардың көп екендігін ескерткен. Қайраткер: «Ұлт ісі – ұлтпен көгереді. Ұлт ісі – жүректе көркейеді. Соның үшін бұл іске қалың ұлттың өзі еңбек қылуға тиіс һәм оны бір күнде орындалып бітеді демей, аз болса да тоқтатпастан жүргізе беру керек»-деп өз ойын ұлт жолындағы ұлы істерге бастап сабақтайды [11].

Қашан да елдің бірлігін көздеген «Бірлік туындағы» қаламгерлердің іс-әрекетінен, қаламынан туған туындылардан бірлікшіл екендігі көрініп тұрады. Аталмыш газет жайлы Д.Қамзабекұлы мен А.Шәріпбаласы: «Бірлік туы» - аумалы-төкпелі 1917-1918 жылдардағы ұлттық түрікшілдік бағыттан таймаған қазақтың бірегей газеті-тін. Ол «Қазақ» газетін болшеуиктер күштеп жапқан кезде, оның жалауын жықтырмай, іліп әкетіп, өз байрағының жанына қадаған басылым-тын»,- деген ойларын білдірген Бұлай айтуға толық негіз бар. Нұрхат Сапуанов оның ең басты себебін «Бірлік туы» газетіндегі қаламгерлердің барлығының да қаламын қарыштаған, тәй-тәйлеген алғашқы еңбектерін жариялап, әдебиеттің кәусар бұлағынан сусындатып, нағыз әдебиетке жолдама берген «Қазақ» газетімен байланыстыра отырып дәлелдейді [4.225].

«Бірлік туы» газеті әлі де болса сырын ішке бүккен басылым. Себебі онда көтерілген мәселелер ел игілігіне жарап, болашаққа деген жұрттың үмітін оятып қана қоймай, күресуге де
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010
Батырбеков А.Ж. Бірлікшіл «бірлік туы»

серпін берді. Газет кеңестік идеологияның құрбаны болған. Сондықтан да оның барлық сандары түгел емес.



«Бірлік туы» газеті жайлы талай шындықтың бетін ашу өткен мен бүгіннің ғана емес, келешектің де ісі болып қала бермек.
Әдебиеттер


  1. Алаш қозғалысы. Алматы: Сардар, 2008.

  2. Әбдіманапов Ө. Қазақ газеті. Алматы: Қазақстан, 1993.

  3. Қозыбаев С., Рамазанова А., Аллаберген Қ. Әлем баспасөзінің тарихынан. Алматы: Санат,1998.

  4. Болғанбаев Х. Шығармалары. Тағылымы. Астана: Парасат әлемі. Құр.: Д.Қамзабекұлы. 2005.

  5. Қожанов С. Түркістанда орыс сиездері //Бірлік туы, 1917, 13 қыркүйек, №9.

  6. Болғанбаев Х. Тұла бойың қан сасиды //Бірлік туы, 1917, 13 қыркүйек, №9.

  7. Қожанов С. Қайтейін //Бірлік туы, 1917, 25 қараша.

  8. Майлин Б. Не жаздым, құдай? //Бірлік туы, 1918, 30 наурыз.

  9. Болғанбаев Х. Мұғалім және шәкірттер ескерсін //Бірлік туы, 1917, 13 қыркүйек. №9.

  10. Болғанбаев Х. Түркістаннан //Бірлік туы, 1918, 20 ақпан, №22.

  11. Болғанбаев Х. Алаш автономиясы //Бірлік туы, 1918, 7 наурыз №24.




©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет