А. К. Шыныбекова А. Байтұрсынов ұсынған терминдердің табиғаты туралы



жүктеу 132.94 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі132.94 Kb.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары
ҚазҰУ-дың доценті, ф.ғ.к.

А.К.Шыныбекова




А. Байтұрсынов ұсынған терминдердің табиғаты туралы
Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы, қазақ рухани-мәдени тарихының көректі өкілі, ғалым-педагог, тілші, әдіскер, аудармашы, ақын қазақ тілі мен әдебиеті теориясының негізін салушы. А. Байтұрсынұлы тілтанымдық ғылыми мұрасы – тарихи талаптарға сәйкес әр қырынан қарастырылып келеді. Ғалымның ғылыми, ғылыми-оқыту еңбектерінің жазылуында ғылымды жекелеуге, белгілі бір ұлтқа тән құбылыс деп қарастыруға болмайтынын басты назарда ұстағанын көреміз.

Лингвист-ғалымдар Вильгельм фон Гумбольд, Фердинанд де Соссюр, Л.В. Щерба қолданып, терминдер қатарына енгізген erdon – energeja – тіл және тілдесім ұғымдарын А. Байтұрсынұлы тіл, сөйлеу, сөйлесу, тілдесім деп қалыптастырғанымен олардың тегі жақын болса да қолданылу аясы алшақ ұғымдар екенін дәлелдеді. ХХ ғасырдың басында қолданыла бастаған тілдік терминдер прагматикалық деңгейде күрделі тұлға болып келді, бұның өзі терминжасамның қысқалық талабына сай емес.

Қысқалық әрі дәлдік тұрғысынан алғанда А. Байтұрсынұлы қазақ терминологиясында жол салушы (родоначальник), негізін қалаушы (основоположник), көшбасшы (лидер). А. Байтұрсынұлы терминжасамдық еңбегінде екі түрлі бағытты көрсете отырып, терминжасамның жолдарын нақты көрсеткен. Термин – ұғымды атайтын сөзден жасалады, яғни ол ұғым атауы, затты атайтын сөзден тұрады. Термин – жалпылама (абстрактылы) ойлау қабілетінің ұғымдық сипатқа ие болуынан туындайды.
А. Байтұрсынұлы метатіл, метатілдесім, объект тіл, дериватология терминдерін қолданбай-ақ тілтанымдық тұрғыдан әлемдік тәжірибеге қажетті талаптарды қолдана отырып терминжасамдық теорияны қалыптастырады, имплициттік түрде ұғымдарды атап өтпей-ақ теорияға енгізіп, практикаға қолданған.

«Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терминдердің өміршеңдік танытуының сыры неде?» деген сұраққа жауап іздесек, ол ең алдымен ұғымға атау беруге ұлттық таным тұрғысынан қараған. Сондықтан оны қазақ қауымы алғашқыда аздап жатсынғанмен, тез қабылдап санасына сіңіре алған. Екіншіден, сол кездегі Ахмет Байтұрсыновтың зиялылар арасындағы зор беделі мен тіл саласындағы бірегей ірі оқымысты ретінде мойындалуы да оның жасаған терминдерінің шығармашыл қауым тарапынан талқысыз қабылдануына себеп болды. Онымен тең дәрежеде өз терминдерін ұсына қоятын тіл мамандары қалыптаспаған еді. Оның маңайындағы тіл мәселелеріне жетік деген Е. Омарұлы, Х. Досмұхамедұлы, Н. Төреқұлұлы сынды Алаш арыстарының да ғалым пікіріне құрметпен қарағаны байқалады.

А. Байтұрсынов еңбегінің өзектілігін көрнекті тілші ғалым Мәулен Балақаев жақсы айтқан. Оның мына төмендегі пікірінде шындық бар. Ол былай деп жазады: «Тіл – құрал» кезінде «алашордашылардың, ұлтшылдардың» кітабы болғандықтан, оны пайдалануға тыйым салынса, жаңа грамматика авторы да «халық жауы» атанып, кітабы қолданудан қалып қойды. Енді қайту керек? Тірі қалғандарымыз мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету үшін еңбектенгенде, алдымен грамматикалық атауларды қалай атаймыз деген проблема туды. Біз бұрыннан үйреншікті болған Ахмет терминдерін қазақ тілінің, қазақша айтылған бұрынғы сөздері деп танып, солай атай бердік. Себебі, басқаша жазу мүмкін емес, әдеби нормаға айналып, қалыптасып кеткен еді. Ахмет Байтұрсынов шығарған терминдер екенін білсек те, қазақ тілінің сөз байлығы деп танығанбыз» 1, 129 б..

А. Байтұрсынов төл сөзіміздің терминге айналуы турасында «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын... Сондықтан сөзден жасап сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді» 2, 19 б., – деп тілдің міндетін терең түсініп, оны термин шығармашылығында асқан шеберлікпен, үлкен жауапкершілікпен жұмсай білген ұлы тұлғаның қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз.

Орыстың ғылым тілінің даму тарихын зерттеуші ғалымдар бірауыздан энциклопедист-ғалым М.В. Ломоносовты «орыс ғылыми терминологиясының атасы» дейтін болса, А. Байтұрсынов Қазақстан ғылымында дәл осындай құрметке лайық [3, 33 б.].

А. Байтұрсыновтың 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралының» (қазақша әліппе) өзінен буын, дыбыс, нүкте, дауысты дыбыстар, жарты дауысты дыбыс, дәйекші, жіңішкелік белгісі, хәріп (әріп) сияқты терминдерді ұшыратуға болады. 1928 жылға дейін бірнеше дүркін басылып тұрған «Тіл-құрал» оқулықтарында (қазақ тілінің сарфы) әбден қалыптасып, бүгінгі күнге дейін қолданылып жүрген және қолданыла беруге тиіс зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, қосымша, жалғау, жұрнақ сияқты жүздеген терминдердің кездесетіні белгілі.

Мұнда ең басты атап айтатын нәрсе – А. Байтұрсынов бір топ терминдерді ғана емес, бүкіл бір ғылым саласындағы арнаулы ұғымдардың атаулар жиынтығын, дәлірек айтқанда, терминдер жүйесін жасаған. Ғылымның дамуына орай ұғымдар жүйесінің ұлғайып отыруы табиғи құбылыс. Ахмет Байтұрсыновтың қалыптастырған терминдер жүйесі де қазақ тіл білімі дамыған сайын жаңа элементтермен толыға түсуде.

Ғалымның осындай тұтас терминдер жүйесін қалыптастыруы оның қазақ тіл білімінің терминологиясын жасаушы екендігінің дәлелі бола алады.

Р. Нұрғалиев оның «Әдебиет танытқышы» туралы айта келіп, «...қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған» 4, 105 б., – деп әділ көрсетеді.

Қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты «пән сөздерді» алғашқы мақалаларынан бастаған А. Байтұрсыновтың ең басты ұстанымы – «пән сөздерді» жүйелеуде ұлттық тіліміздің өз сөздік қорына иек артып, оны мүмкіндігінше пайдалану. «Пән сөздерді» қалыптастыру барысында ғалым мынадай талаптарды қоя білді: 1. ескірген сөздерді яғни архаизм сөздерді ретіне қарай қолдану; 2. өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан яғни шет сөздерден қашу; 3. қазақ тілінің бай мүмкіндігін пайдалана отырып, ұғымның мәнін ашатын «жаңа пән сөздер» ойлап табу керек. «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерінің ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек» [5, 190 б.], – деген талабын өзі нақты іске асыра білді [6, 190 б.].

Ахмет Байтұрсынов – қайраткер, ғалым, ұстаз, қазақ тіл білімінің терминологиясын жасаушы. Зерттеу жұмысымызда бұлардың бәріне емес, тек соңғысына баға беріледі.

Жалпы кез келген ғылымды оқып білу, меңгеру немесе оны өзгелерге үйрету сол салада қолданатын арнаулы ұғым атауларынсыз мүмкін емес. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым ретінде А. Байтұрсынов осы ғылым саласындағы негізгі ұғымдарды және олардың өзара байланысын анықтап, яғни қазақ тілінің табиғатын көрсететін ұғымдар жүйесін түзумен қатар, сол ғылыми ұғымдардың атауларын да жасаған.

Ғылыми ұғымдарға атау беру үлкен талғампаздықты, тілді шебер пайдалана білуді қажет ететін шығармашылық үдеріс. Онымен қоса, арнаулы ұғымдарға ат қою кезінде ол жүйенің өзіндік ерекшеліктерін міндетті түрде ескеру қажет. Атаудың ықшам болуы, бір мағыналылығы және ұғым мазмұнын қамтуын қарастыру керек. Осындай талаптарды мүлтіксіз орындаудың қиындығы терминдерді ана тілінде жасаудан гөрі көп жағдайда оны ұғымдар жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып жасалған өзге тілдерден дайын қалпында ала салуға, яғни, қабылдауға мәжбүр етеді.

Бұл тұрғыдан келгенде, ұлт ұстазы қазақ тілін термин шығармашылығында пайдаланудың жарқын үлгісін көрсете білді. Ахмет Байтұрсынов 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралының» (қазақша әліппе) өзінен буын, дыбыс, нүкте, дауысты дыбыстар, жарты дауысты дыбыс, дәйекші, жіңішкелік белгісі, хәріп (әріп) сияқты терминдерді ұшыратуға болады. Бұлардың терминге қойылатын талаптарға жауап беретіндігін дәлелдеп жату артық, өйткені олар кезінде арнайы шеттетілгендігіне қарамастан, уақыт сынынан өтіп, тұрақты қолданылатын дәрежеге жетті.

Мұнда ең басты атап айтатын нәрсе – Ахмет Байтұрсынов бір топ терминдерді ғана емес, бүкіл бір ғылым саласындағы арнаулы ұғымдардың атаулар жиынтығын, дәлірек айтқанда, терминдер жүйесін жасаған. Ғылымның дамуына орай ұғымдар жүйесінің ұлғайып отыруы табиғи құбылыс. А. Байтұрсынов қалыптастырған терминдер жүйесі де қазақ тіл білімі дамыған сайын жаңа элементтермен толыға түсуде.

Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тіл білімінің ғана емес әдебиеттану ғылымының да негізін қалаушы екендігі өткен ғасыр басында-ақ мойындалды. 1923 жылы ғалымның мерейтойына арналған баяндамасында Мұхтар Әуезов: «Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды», – деп көрсетеді [7, 279 б.].

Сонымен, екіншіден, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым осы ғылым саласының ғылыми терминологиясын да жасаған.

Терминделуші ұғымдарды дәл білдіретін ондаған әдебиеттану терминдерін жасай отырып, ғалым олардың ғылыми терминге тән ғылыми анықтамасын берген. Ол дегеніміз – ғылыми ұғымның, өзіне ғана тән белгілерін айқындаумен қатар, олардың ұғымдар жүйесіндегі алатын орнын да көрсету деген сөз. Мысалы: «Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ болады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз – өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз – өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы. Бунақ ішінде буын болады», – дейді «Әдебиет танытқыш» еңбегінде ұлт ұстазы [2, 101 б.].

Бұл мысалдан байқайтынымыз, ғалым біріншіден, өлеңнің құрылым-құрылысын анықтаған, екіншіден, әрбір ұғымның өзіндік ерекшелігін, басты белгісін, іргелес өзге ұғымдардан айырмасын көрсететін анықтама берген. Яғни, әрбір ұғымның мазмұны мен көлемін бағамдаған; үшіншіден, әр ұғымның ғылыми атауын (айшық, шумақ, тармақ, бунақ, буын) жасаған; төртіншіден, терминдердің жүйелілік ерекшелігін ескере отырып, жалпы қолданыстағы бір үлгімен жасалған (модель) сөздерді термин ретінде пайдаланған; бесіншіден, ғылыми ұғымдардың арасындағы жүйелілік құрылымдық байланысты көрсеткен. Дәлірек айтқанда, айшықтың – шумақтан, шумақтың – тармақтан, тармақтың – бунақтан, ал бунақтың – буыннан құралатындығын сатылай көрсету арқылы ұғымдардың микрожүйесінің өзіндік табиғатын ашқан.

Бұдан ғалымның өзі зерттеп отырған ғылым саласындағы ұғымдар жүйесінің ішкі байланысы мен ерекшелігін терең білумен бірге, оларды таңбалауда тілді өте шебер пайдалана алғандығы анық көрініп тұр. «Әдебиет танытқыштан» мұндай мысалдарды әлі де көптеп келтіре беруге болады.

Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынов тіл білімі, әдебиеттану ғылымдарының ғылыми терминологиясын жасаумен бірге, қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты да көптеген терминдерге де жол салғандардың қатарына әдіс, әдісқой, сауаттау әдісі, жалқылау әдісі, жалпылау әдіс, жалқылау-жалпылау әдіс сияқты терминдерді жатқызуға болады. Бұлармен қоса Ахаң тарих, этнография терминдерін де жасаған. Олай дейтініміз, Мұхтар Әуезов 1923 жылы ғалымның «Мәдениет тарихы» атты кітап жазып бітіргенін айтқан еді [7, 289 б.].

Сонымен, үшіншіден, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, А. Байтұрсынов қазақ тіл білімі, әдебиеттану сияқты жеке ғылым салаларының ғылыми терминологиясының негізін қалаумен бірге әдістеме, тарих және этнографияға, жалпы мәдениетке қатысты көптеген терминдер жасаған ғалым.

Ендігі бір айрықша атап айтуды қажет ететін мәселе – А. Байтұрсыновтың терминжасамның тәсілдері мен жолдарын анықтап бергендігі. Төртіншіден, Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін анықтап, оларды өзінің терминжасам тәжірибесінде кеңінен пайдаланған ғалым.

Терминжасам тәсілдерінің аражігі ашылып, олардың термин шығармашылығында іске қосылуы қазақ тілінің грамматикасының (сарфы) жазылуымен тікелей байланыста қарастыруды қажет етеді. Бүгінгі терминжасам тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігіне қарамастан, ол негізінен қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерінің құрамына енеді.

Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін анықтаумен қатар, ол тәсілдерді термин жасауда пайдаланудың жарқын үлгісін көрсеткендігін оның қаламынан туындаған жүздеген терминдері дәлелдейді. Мәселен, ғалымның жұрнақ, жалғау, буын, шумақ, тармақ, рай, мүше сияқты терминдері семантикалық тәсілмен, жақша, сызықша, көсемше, есімше, дәйекші, буыншы, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш, әуреленіс, күліс, әлектеніс, әліптеме, зауықтама, мазмұндама, ермектеме, қорытпа, ұсынба, сұқтаныс, азаптаныс, жалғаулық, есімдік тәрізді көптеген терминдері морфологиялық тәсілмен, ал дауыссыз дыбыс, дауысты дыбыс, қатаң дыбыс, ұяң дыбыс, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қаратпа сөз, қыстырма сөз, мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, сын пысықтауыш, тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем, жалаң сөйлем сынды терминдер тобы синтаксистік тәсілмен жасалған.

Кезінде Ахмет Байтұрсынов «ұлтшылдық», «пуристік» бағыт ұстады деп, ол жасаған терминдердің біразы қолданыстан шеттетілгені белгілі. Соған қарамастан, А. Байтұрсынов еңбегінің көпшілігі өзінің өміршеңдігін танытып келеді. Ал арнайы шеттетілген терминдердің арасында бүгінде қайтадан қажетімізге жарайтындары да аз емес. Сондай-ақ оның қаламынан туындаған терминдер арасында авторы өзі екендігі ұмытылып кеткендері де бар. Ұлы тұлғаның термин жасауда ұстанған бағыты мен оның қаламынан туған басы ашық терминдерінен А. Байтұрсынов қазақ терминологиясының негізін қалаушы және ғасыр басындағы бүкіл ғылыми ой-сананың қалыптасуына ықпал ете білген жан екенін дәлелдейді.

А. Байтұрсынов жекелеген ғылым салаларының ғана емес, бүкіл қазақ терминологиясының қалыптасуына тікелей әсер еткен айрықша тұлға.

Ғалымның терминжасам тәсілдерін көрсетіп, оларды пайдалана отырып, тіл білімі, әдебиет ғылымдарының терминологиясын, өзге арнаулы салаларға қатысты терминдер жасауы – ғасыр басындағы өзге ғылым салалары бойынша оқулықтар мен түрлі ғылыми еңбектер жазған авторларға таптырмайтын үлгі болды. А. Байтұрсыновтан кейін әр түрлі ғылым салалары бойынша еңбектер жазған қазақ зиялыларының жасаған терминдері оған айқын дәлел бола алады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының 1914, 1915 жылдары және одан кейін бірнеше дүркін қайта басылған «Тіл – құрал» еңбегінде -уыш, уіш, -ша, ше, -лық, -лік жұрнақтары арқылы жасалған сызықша, есімше, көсемше, бастауыш, баяндауыш, сұраулық терминдерінің үлгісі 1927 жылы Мәскеуде басылған Ж. Күдериннің “Өсімдіктану” оқулығында сабақша, тұқымша, қайықша, қаптауыш, аналық, ал


Е. Омарұлының 1928 жылы Қызылордада жарық көрген “Пішіндемесінде” (геометрия) тікше, қиықша, өлшеуіш, өлшемдік түрінде жалғасын тапқанын көруге болады. Осы деректердің өзі ғалымның тіл білімпазы ретінде қазақ тілінде термин жасаудың үлгісін көрсете отырып, ғасыр басындағы термин жасау ісіне тікелей ықпал еткен зор тұлға екенін анық аңғартады.

Ахмет Байтұрсынов XX ғасырдың басындағы қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындаушы.

«Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы 12 тамыздағы санында жарияланған «Қазақстан оқу кемесериетінің орынбасары Жолдыбайұлы Молдағалимен әңгіме» деп берілген «Қазақ тілін байытамыз» атты шағын сұхбатта сол кезеңде термин жасаумен кімдер айналысқандығы және өзге тілдерден термин қабылдауда қандай қағидат басшылыққа алынғандығы, осы істі жүзеге асырудағы А. Байтұрсыновтың рөлі атап көрсетіледі. «1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшыландыратын кемесие құрылған. Кемесиенің құрылғаннан бергі жұмысы аз емес. Мың-мыңдаған сөздер қазақ тіліне аударылып, иә қазақ тіліне үйлестіріліп, қазақ тілі байытылды. Кемесиеде қазақ тіліне жетік 5-6 қазақ қызметкерлері жұмыс істейді. Оның үстіне кемесиенің жұмысына түрлі білімнің басын ұстаған мамандар қатыстырылады. Кемесиенің ағасы Қазақ елінің, әсіресе, тіл заңына жетік оқымысты данышпаны Байтұрсынұлы Ақымет. Кемесиенің негізгі мақсаты – қазақ тілін өнер-білімге бейім мәдениетті тіл қылу» 8, 3 б..

Барлығы 5-6 адамнан тұратын комиссия үлкен іске мұрындық болып, көп іс тындыра білді. Оқу комиссариатының орынбасары атап көрсеткеніндей, сол жылдарда қазақ тілі, оның терминологиялық қоры байыды, ғылым ұлт тілінде сөйлей бастады. Қазақ тілі термин шығармашылығында пайдаланылып, терминжасам тәжірибесі, дәстүрі қалыптаса бастады. Алаш арысы А. Байтұрсынов төрағалық еткен осы комиссия қазақ тілінің терминологиялық қорын қалыптастырудың негізін салды, іргетасын қалады. Бұл істің ілгері басуына көрнекті көшбасшы, тіл, терминология жайын терең білетін ірі тілші ғалым, тарихи тұлға А.Байтұрсыновтың жеке үлесінің зор болғанын айрықша атап айтқан абзал.

«Кемесиенің негізгі мақсаты – қазақ тілін өнер-білімге бейім мәдениетті тіл қылу» дегеніне келсек, А. Байтұрсынов басқарған комиссия мақсатына адал болып қана қойған жоқ, қазақ тілін білім-ғылым тілі ету жолында қыруар іс тындырды. «Байтұрсынов кезеңінде» қазақ тілінде жазылған көптеген оқулықтар мен, оқу құралдары, сөздіктер соның дәлелі бола алады. Оның бәрі азғантай ғана қазақ зиялыларының атқарған үлкен ісі, солардың қажырлы еңбегінің, мақсатты жұмыстарының нәтижесі. 1924 жылғы маусым айында Орынборда «Қазақ ғылыми қызметкерлерінің 1-съезі» болып, онда
Е. Омарұлы баяндамасына негізделген терминологияны қалыптастырудың қағидаттары съез қаулысымен ресми бекітілді. Араға екі жылдай уақыт салып, 1926 жылы Бакуде өткен «Түркологтардың Бүкілодақтық бірінші құрылтайында» терминология жөнінде жасаған баяндамасында
А. Байтұрсынов қатынасушыларға осы қағидаттарды таныстыра отырып, өзге түркілерге де ғылыми терминологияны қалыптастыруда қазақ білімпаздары жасаған осы қағидаттарды басшылыққа алуды ұсынды. Оның ұсыныстары ғалымдар тарапынан қолдау тауып, құрылтай қарарына енді.

Сонымен, А. Байтұрсынов қазақ оқығандары жасап, ресми бекіткен терминология қағидаттарын бүкіл түркі халықтарына ұсына отырып, түбі бір туыстас тілдердің терминологиялық қорының ортақтық сипатын арттыруды көздеген кең тынысты түрколог ғалым.

А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы»: «... әдебиеттануды әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріп, шет сөздерді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық, қазақы жүйесін жасап бергендігін» [4, 36 б.], – деп Р. Нұрғали жоғары бағалайды.

Осы мәселеге байланысты Ш. Құрманбайұлы ойын былай сабақтайды: «ХХ ғасыр басында басшылыққа алынған термин жасау қағидаттарын ескіріп қалды деуге ешқандай негіз жоқ. Уақыт талабына сәйкес кейбір толықтырулардың болу мүмкіндігіне қарамастан, сонау 20-шы жылдары Ахаңдар жасаған қағидаттар қалыптастыруға негіз болатындығы рас» 3,


46 б.].

Ш. Құрманбайұлының «Алаш және терминтану» атты монографиясы қазақ терминологиясының ХХ ғасырдың 1910-30-жылдарына арналып, аталмыш саланың даму, қалыптасу кезеңдері, негізгі ерекшеліктері, сипаты, басшылыққа алынған ғылыми қағидаттар жан-жақты зерттелінген [3].

А. Байтұрсынов ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында термин шығармашылығында метатіл, метатілдесім немесе объект-тіл туралы арнайы білімі болмаса да өз тарапынан қазақ терминологиясына өміршең, сәтті терминдерді алып келген ғалым. Ол кезеңде терминологияда сөзжасам саласы ғылым ретінде дүние жүзінде әлі жүйеленбесе де А. Байтұрсынов қазақ терминологиясын біршама жүйеге түсірді. Метатіл тілдің биік шыңы – тіркесім қабілеті мол күрделі терминдер болса, А. Байтұрсынов терминдер тіркесім жасай білді (жуан дыбыс, құрмалас сөйлем, жергілікті сөздер, азапты тартыс, ақын тілі, шешен сөз т.б.

Терминология – сөздер арқылы атауға ие болған ұғымдар жүйесі болғандықтан, ол ұғымды атайтын сөз бен затты атайтын сөзден жасалынады. Ғылымның өзі ұлт таңдамаса да, ғылыми ұғым атауы – терминдер ұлт тілінің көрінісі болады.

Терминологияны жүйелендіру ісінде лексика – терминология – концептология түсінігінің маңызы зор, өйткені, сөзден термин, терминнен концепт, концепттен тілдік сана туындайды. Тілдік сана терминологияның қолдану нысаны ғылым тілінде көрініс табады. Терминологияны жүйелендіру мен бірізділендіру ісінде терминге тән басты белгілерді назарда ұстау керек.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі. – Алматы, 1987. – 235 б.

2. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш // А. Байтұрсынов шығармалары. – Алматы, 1989. – 354 б.

3. Құрманбайұлы Ш. Алаш және терминтану (ХХ ғ. басындағы қазақ терминологиясы. 1910-1930 жылдар). – Алматы: Ел-шежіре ҚҚҚ., 2008. – 240 б.

4. Нұрғалиев Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. – Астана: Күлтегін, 2002. – 528 б.

5. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1992. – 418 б.

6. Елеукенов Ш. Жаңа жолдан. – Алматы: Жазушы, 1989. – 317 б.

7. Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 19 т. – 369 б.



8. Қазақ тілін байытамыз // Еңбекші Қазақ. – 1926, тамыз – 12.
Резюме
В данной статье расмотривается роль А. Байтурсынова как лидера терминологий в формировании казахской терминологий и о деятельности его в терминообразовании в начале ХХ века. Авторами статьи проанализировано термины филологии, которые употреблял ученный-филолог А.Байтурсынов. Также в статье определены способы терминотворчества и формирования отраслевой терминологии в казахском языке.
Resume (Summary)
This article is considered the role of terminology in the formatting of Kazakh terminology and about his activity in the term-formation at the beginning of XX century. The analysis of the philological terms are made by the authors of the article which was used by the scientist-philologist A.Baytursynov. Nowadays the methods of term-creation and formation of the branch terminology in Kazakh language are clevinet in this article.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет