Ақ кесене аңызы



жүктеу 41.18 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі41.18 Kb.
: userfiles -> file -> 05 09 2012
05 09 2012 -> Древний тараз
05 09 2012 -> Айша бибі кесенесі – махаббаттың символы
05 09 2012 -> Айша бибі күмбезі
05 09 2012 -> В. Каллаур – Тараз қаласының зерттеушісі және өлкетанушысы
05 09 2012 -> Дәулетбеков Амантай
Ақ кесене аңызы
Халқы мен елінің бүкіл әлемдік үрдістегі алатын орнын бүгінгі күннің болмысын жете ұғынуға талпынған адамға өз халқының өмірбаянының беттерін парақтай отырып, өткен заман оқиғалары мен құндылықтарына, өзінің тарихи тегіне зер салып, ой елегінен өткізу қасиеті тән. Жалпы, ғасырлар қойнауынан жеткен ескерткіштер, шын мәнінде, ғажайып әсер қалдыратыны анық. Халықтармен олардың құлдырау кезеңдерін бастан өткерген, тарихтың бізге беймәлім жұмбақ сырлары тұнған бұл мұралар қазақ халқының өткен өмірінің тілсіз куәгерлері болып қала береді. Ал, Жамбыл облысында мұндай маңызды, тарихи-мәдени ескерткіштер өте көп саналады. Олардың ішінде ата-бабаларымыздың өмірі, салт-дәстүрі, мәдени өнерлері туралы тарихи маңызды мәліметтер беретін археологиялық ескерткіштер де аз емес.

Аймақтағы ортағасырлардан осы күнге дейін керемет сақталып қалған тарихтан сыр шертетін археологиялық ескерткіштердің бірі - облыс орталығынан шалғай жатқан Талас ауданындағы Ақ Кесене бекінісі. Бекініс Талас ауданының Үшарал ауылынан солтүстік батысқа қарай 35 шақырым жерде, бұрынғы шөл далалы мекендегі кеуіп кеткен Қалмақ-Арық магистральді каналының жағасында орналасқан. Ақ Кесене мұнарасын алғаш зерттеген өлкетанушы (1886 жылы) В.А.Каллаур болды. Ол Ақ Кесененің мұнараға ұқсас екенін кесененің ортасында жоғары атып шығатын айналма саты орналасқанын айтады. Тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің атауларына байланысты айтылып, жазылып жатқан ой-пікірлер көп. Бірқатары сол жердегі топырақтың түр-түсі реңіне немесе орналасу жағдайына байланысты аталған десе, мысалы, Ақ кесене, Ақтөбе т.б. Көне түрік тілін зерттеуші ғалымдардың айтуынша ақ – батыс, көк - шығыс деген мағына білдіретін көрінеді. Осыдан барып Талас өңіріндегі Ақ кесене мен Көк кесене тарихи сәйкестік деп ұғып бір-бірінен батыс, шығыс бағытта тұрғанын көрсетеді. Бұны қос мұнара бекіністің орналасуындағы өзіндік ерекшелік деп қарауға толық негіз бар. Ақ кесене бекінісіне тоқталатын болсақ. Жобасы төртбұрышты, көлемі 100x100 метр. айналасы дуалмен қоршалған. Солтүстік батысында шикі кірпіштен салынған мұнара бар, биіктігі 9 метр. Қазба жұмысы кезінде табылған заттай деректерге және қалану әдісіне қарағанда, дуал XVIII - XIX ғасырларда салынғанға ұқсайды. Сондай-ақ қамал одан бұрын XII - XIII ғасырларда тұрғызылған деген болжам да бар. Бірақ табылған материалдар өте аз болғандықтан, бұл уақытты анықтау қиын болып тұр. Кесене бекінісінің назар аударатын тұсы күні бүгінге дейін көзге ұрып тұрған өзіндік ерекшеліктерінде. Мысалы, кірпіштердің қалану тәсілі қызық. Жалпақ етіп құйылған кірпіштердің үш қатары жалпағынан жатқызылып қаланса келесі қатары қырынан қаланған. Кірпіштердің осындай тәсілмен қалануы күні бүгінгі жағдайында жиырма төрт рет қайталанатындығын байқауға болады. Бұдан өзге кірпіштердің төменгі жағы көміліп жоғарғы жағы жел-құздың, жауынның әсерінен езіліп бүлініп кеткендіктен де аласарған болуы мүмкін. Мұнара конус тәріздес болып соғылған. Мұнараның түпкі жағының диаметрі 5 метрден асса, ұшар басынын диаметрі 3,5 метр болғанға ұқсайды. Мұнараның төбесіне шығатын қабырғасына қойындастырып салынған баспалдақтың орны бар. Дегенмен мұнара түбінен бастап бітеу етіп соғылған. Оның ортасында цилиндр сияқты қуыс болмаған. Қойындастырып қаланған қуыстағы баспалдақтардың кірпіші жауынның әсерінен мүжілген. Сол қуыс арқылы мұнараның ұшар басына көтерілуге болады. Неше ғасырдан бері бүлінбей сақталып келгеніне таңданбасқа лажың жоқ. Кешенді тұрғызар кезде оның берік болуына баса назар аударылғанын көреміз. Зерттелген мәліметтер бойынша бекіністің сары топыраққа іргетассыз салынғаны анықталды. Бекініс бұрыштарында мұнаралары бар, қабырғалармен қоршалған тік бұрышты алаңқай. Қазба жұмыстарынан табылған қыш материалдар (хумдар, құмыралар) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің археология және этнография кафедрасында сақталуда.

Мұнаралы бекіністің пайда болуына байланысты аңыздарға сүйенсек бірде Қарахан Таласта (Таразда) Бетпақтан (Бетпақ даладан) өтіп келген керуенбасыны қабылдапты. Ханға деген сый-сияпатты берген керуен басы: «Дат тақсыр» депті. Сонда хан тұрып: «Датың болса айт» деген екен. Ханның аяғына жығылған керуен басы: «О, құдіреті күшті хан, мен жүрмеген жол аспаған асу аз болар. Бірақ Таластан терістіктегі құмнан (Мойынқұмнан) қатерлі де қауіпті жер көргенім жоқ. Үш күндік жолдың азабы үш айға бергісіз болды. Сол жолдың торабына, қараңғы түнде жол көрсететін Темірқазық жұлдызы сияқты белгі қойдырсаңыз сізге Алланың нұры жауар еді» депті. Сөйтіп көреген хан тараздық шеберлерге Ақ кесене және Көк кесене мұнараларын салдырыпты. Әрине, мұндай мұнаралы бекіністің сыртқы жаудан қорғану үшін тұрғызылғаны белгілі. Мұнараға саты арқылы көтеріліп жоғарыдан бақылаушы жауынгер алыстағы жауды көріп хабарды дер кезінде жеткізуге мүмкіншілік алатын болған. Қалыңдығы үш метрлік қабырғалардан тұрғызылған бекіністі жаудың бұзуы да оңай болмаған, Ғасырлардан сыр тартқан Ақ кесене көпті көрген қарт кісідей талай тарихи сырды ішіне бүгіп бүгінгі ұрпаққа да жетіп отыр. Бір өкініштісі, кесененің уақыт өте келе жаңбырдан, желден, ыстық-суықтан морылып құлай бастағандығы. Мұндай ортағасырлық ескерткіштердің қазіргі күнге дейін құлап қалмай аман-сау жеткенін кездестіруі сирек. Көбісі бұзылып, топырақ үйіндісіне айналып кеткен. Сондықтан өңірде сирек кездесетін Ақ кесене бекінісін қалпына келтіру, болашаққа сақтап қалу мақсатында, бүгінгі күні қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Әрине. Ақ кесенені қалпына келтіру қалай болса солай тұрғыза салатын оңай шаруа емес. Оның қыр-сыры зерттеліп, арнайы топырақтан жақсылап тұрғызылғандығы дұрыс болар еді. Облысымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру - басты міндет. Өйткені келер ұрпақ бұл жәдігерлерді де көруі тиіс. Тарихындағы өз дәстүр жалғастығын тауып ұстана білген ел үшін оны бүгінге жеткізген көк түріктің ұрпағы, қазақ халқы үшін өткені мен бүгінін жалғастырар, сабақтастырар осындай мұралары еліміздің біртұтастығына қызмет етер ұлтымыздың ең басты байлығы болып қала береді. Адырын қопарса астынан қола шығатын, қабірін ашса, астынан алтын адам шығатын қазақ даласы тарихи ескерткіштерге бай. Тарихи ескерткіштер тамырластықты білдіруші зат ретінде әрі тарихындағы өз дәстүр жалғастығын тауып, ұстана білген ел үшін ең басты байлығы болып қала береді. Өткенге құрмет келешекке үлгі ретінде мәдени тарихи жәдігерлерді зерттеу жүйелеу, қорғау және сақтау, оларды ұдайы насихаттап отыру - біздің азаматтық борышымыз. Ескерткіш болсын, қорған болсын, қорым болсын - бәрі де өнер туындысы. Осы өнер туындыларына қарап өскелең ұрпақ ойланады, ой түйеді.


Ерман Әбдиев

Мектеп.-2011.- №6.-32б.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет