Ақ түсті жібек жүнді құйрықты қой өсіруші асыл тұқымды шаруашылықтар



Дата02.10.2019
өлшемі80.12 Kb.
1. Жаркент өңірі, №26, 2008, 8-бет. Бегімбеков Қ.Н., Кадыров М.,Оспанов А.

2. Мал шаруашылық ғылым-техника журналы. Шөп қоректі жануарлар. ҚХР, 2009, № 1. 57-60 беттер. Бегімбеков Қ.Н.

УДК 636.32/38

Ақ түсті жібек жүнді құйрықты қой өсіруші асыл тұқымды шаруашылықтар

Қ.Н.Бегімбеков, а.ш.ғ. кандидаты, доцент




Қазақ ұлттық аграрлық университеті

Қазақстанның 272,5 млн. га жер көлемінің 224,5 млн. гектарға жуығы ауыл шаруашылығы өндірісіне қолданылатын жерлер, ал оның ішінде табиғи мал жайылымдық жерлердің көлемі 184,3 млн. га немесе бүкіл република жерінің 70 % шамасында. Осы табиғи мал жайылымдық жерлерде өсетін мал азығы ретінде пайдалануға жарамды шөптесін өсімдіктердің құндылығы жылына 27-30 млн. г азықтық бірлік шамасында, яғни 1 млрд АҚШ доллорына бағаланатындай шамаға жететіндегі анықталған. Сонымен қатар, жайылымдық алқаптарды қажетті деңгейде пайдалана алмау ол жерлердегі биологиялық әртүрліліктің шектелуіне, экожүйесінің бұзылуына, өсімдіктер қауымдастығында малға пайдасыз, тіпті зиянды шөп түрлерінің көбеюіне соқтыратын кері қайтымсыз өзгерістерге соқтыратыны белгілі. Бұған қоса, республика халқының 40 %-ға жуығы осы өңірлерде тіршілік ететінін ескерсек, Қазақстанның мұндай ұлан-ғайыр алқаптарды алып жатқан табиғи мал жайылымдық орасан-зор мол қорын неғұрлым толығырақ, қалыпты игерудің ең тиімді жолы – ол жерлердегі мал шаруашылығын ғылыми негізделген тұжырымдарға сәйкес өркендете жүргізіп, әр малдан мүмкіндігінше мол, сапалы өнім алу – ешқашан да өзектілігін жоғалтар мәселе емес екені анық.

Мал шаруашылығын интенсивтендірудің маңызды факторы – асыл тұқымды мал өсіру ісін ұйымдастыру және оның тиімділігін арттыруды түбегейлі жақсартуға, малдың тұқымдық және өнімдік қасиеттерін жетілдіру жөніндегі жұмыстарды күшейтуге, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың желісін нығайтуға бағытталған шаралардың маңызы артып отыр. Соңғы 5-6 жылда қайта қолға алынған кең бағдарламалар жасалуда. Осындай шаралардың нәтижесінде елімізде 2005 жылдың басындағы есеп бойынша шаруашылықтардың барлық категорияларында өсіріліп отырған мал саны мен өндірілген өнім мынадай болды: мал шаруашылығынан алынған жалпы өнім 273,2 млрд теңге, ірі қара саны 4,855 млн. бас, қой мен ешкі 12,149 млн. бас, шошқа 1,354 млн.бас, етке сойылған мал мен құстың сойыс салмағы 701 мың тонна, сүт өндіру 4,279 млн. тонна, жұмыртқа өндіру 2280 млн. дана, жүн өндіру 25,9 мың тонна, әр сиырдан сауылған сүт 2069 кг. Алайда, бұл өнімдер негізінен мал шаруашылығын экстенсивті жүргізу барысында алынып отырғаны анық. Өйткені елімізде асыл тұқымды мал әлі аз. Бүгінде асыл тұқымды шаруашылықтардағы тұқымдық жануарлар саны республикадағы мүйізді ірі қараның 5,95%, қойдың 6,82%, шошқаның 8,68%, жылқының 4,05%, түйенің 9,92%, құстың 30,18% болып отыр. Бұл көрсеткіштер 1993 жылғыға қарағанда әлдеқайда жоғары болғанымен, болашақта асыл тұқымды мал санын көбейту кезек күттірмейтін қажеттілік екені белгілі.

“Қазақстан – 2030: Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы” атты Ел Призидентінің Қазақстан халқына Жолдауында мынадай тұжырымдар бар:

Біздің табиғи ресурстарымыз – орасан зор байлық. Алайда мұның өзі қаншалықты кереғар көрінгенімен, әлемдік тәжірибе табиғи байлығы бар көптеген елдердің оны дұрыс игере білмегендіктен, ақыры кедейлер қатарынан шыға алмағанын көрсетеді ...

Қазақстан мал шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігін арттыруда қой шаруашылығының маңызы күннен-күнге өсе түсуде. Өйткені, Республиканың барлық табиғи – жайылым қорларының 75 %-нан астамы шөл және шөлейт аймақтарға орналасқан және бұл жерлердің бай мал азықтық ресурстарын тез арада және толығымен шаруашылық айналымына қосу қажеттігі туып отыр. Республикада мұндай жердің көлемі 147 млн. га және оның жалпы қоректілігі 22 млн. азық өлшемі шамасында болып есептеледі.

Бүгінгі жағдайда, еліміздің мұншама мол жерлерін тұрақты игеру мақсатында табиғаттың аса қатал шөл және шөлейт жағдайында, жыл бойы жайылымды пайдаланып өсірілетін құйрықты қойлардың экономикалық тиімділігі қой өсірудегі басқа бағыттарға қарағанда әлде қайда жоғары екендігі анық. Бүгінгі қой өнімінің ішінде, негізінен, одан алынатын еті мен майы ғана сәл де болса бағаланып отырған заманда, шаруашылық иелері осындай жалпы өсіп-жетілуі, еттілік, майлылық өнімдері, тез жетілгіштігі, ортаның өзгеру жағдайларына бейімделгіштігі жақсы, әрі арзан, әрі жылдам өнім беретін мал өсіруге көп пейіл танытуда.

Осы тұрғыдан, бүгінде Қазақстанда өсіріліп отырған отандық 14 қой тұқымының негізгілерінің бірі болып табылатын дегерес құйрықты қойын жетілдіру жұмыстарының маңызы үлкен деп ойлаймыз.

Дегерес қойларының басты ерекшелігі сол-ол жыл бойы жайылымда бағуға көнбіс, қазақы қойдың құйрығы мен біркелкі ақ, биязылау және ұяң жүнді қасиеттерді тиімді ұштастырған дүние жүзі қой шаруашылығында кездеспейтін бірден-бір ерекше қой тұқымы. Төзімділігі, шөл және шөлейт аймақтардағы маусымдық жайылымдарды жыл бойы пайдалануға бейімділігі жағынан қазақтың жергілікті құйрықты қойларынан қалыспайды.Еттілігі мен майлылығы жақсы қалыптасқан, биязылау жүнінің жіңішкелігі 48-58 сапа аралығында болады.Қозылары ірі болып туады және тез жетілгіш. Көп жылғы мәліметтер бойынша енесінен айыру мезгілінде ұрғашы қозыларының орташа салмағы 32-35 кг, еркек қозыларынікі 34-38 кг болады. Жайылым отын жақсы пайдаланып тез ет алады. Ет-май өнімі жағынан қазақы қойлардан кем түспейді.Жақсы семірген еркек қойлардың сойыс салмағы 42-47 кг , құйрық майының салмағы 6-8 кг–ға дейін жетеді.Сойыс шығымы да, етінің сапасы да айтарлықтай жоғары.Жалпы алғанда қазақтың құйрықты қойларына тән жақсы қасиеттерінің бәрі осы тұқымдағы қойларда бар.

1991 жылдан басталып 2000 жылға дейін созылған еліміздегі белгілі тоқырау кезеңінде дегерес тұқымы да көп қиындықтарға кезікті.Бұл мал Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында өсірілгендіктен, ол жерлердегі тоқырау процесстерінің ерен ауырлығынан тұқым түгелімен жоғалып кетуге жақын қалды - асыл тұқымды ірі-ірі шаруашылықтар түгел жеке меншікке таратылғандықтан тұқымдық мал талан-таражға түсіп, көпшілігі базарларда еттік мал есебінде сатылып, пышаққа ілініп кетті. Осылардың нәтижесінде мал саны азайып, халық қолында қалған малдың өнімділігі күрт төмендеді

Дегенмен осы қой тұқымымен көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ғалымдар мен мамандардың тыным таппай істеген еңбектерінің арқасында дегерес қойын өсіретін негізгі асыл тұқымды шаруашылықтарда мал басын аз да болса сақтап қалды. Бір айта кетерлік жай, сол кездегі орасан-зор қиындықтарға қарамай ғылыми-зерттеу және селекциялық асылдандыру жұмыстары тоқтамай жүріп жатты.

Осының нәтижесінде кейінгі 5 жыл ішінде ҚР АШМ бұйрығымен дегерес қойын өсіріп отырған 3 жеке шаруашылық ( “Күнгей”, “Бабатай”, -2001 ж, “Мәди” –2002 ж.) және ірі-ірі боп біріккен 2 шаруа қожалықтар қауымдастығы ( “Сәрсенбек” және “Шорманов” –2003 ж.) асыл тұқымды шаруашылықтар қатарына өтті. Мұнда тұқымның ұнамды типінің ең жоғары өнімді малдары өсірілуде.

Дегерес қойларының жалпы саны 2000 жылғы санынан 62 мың басқа, яғни 52% көбейіп, 2005 жылы 182 мың басқа жетті. Бұл қойларды өсіретін асыл тұқымды шаруашылықтардағы ұнамды типті саулықтар саны 25,2 мыңнан асады, оның ішінде селекциялық топта 5,5 мың бас мал бар. Бұлардың биязылау жүнділері 40,0 %, ұяң жүнділері 60,0%.

2001-2005 аралығында 17319 бас ұрғашы 1 жастағы тоқты бонитировкадан өткен. Оның 52 %-ы биязылау жүнді, 48 %-ы ұяң жүнді, ұнамды типтегі малдың үлесі биязылау жүнді мал ішінде 74 % (14 %-элита, 60 %- I класс), ұяң жүнді мал ішінде - 72 % (14 %-элита, 58 %-I класс) болған.

Тағы бір қуанарлық жағдай дегерес тұқымы қазіргі кезде республикада қой санын жедел көбейтуге көп әсерін тигізіп отыр. Бұған дәлел кейінгі бес жыл ішінде жоғарыда аталған асыл тұқымды шаруашылықтар бойынша Қазақстанның 5 облысының ( Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан) шаруашылықтарына 10500 бас асыл тұқымды дегерес құйрықты қойы сатылды оның 85% аналық мал. Сатылған асыл тұқымды мал басының саны жөнінен дегерес қойы, республикадағы өсірілетін қой тұқымдарының ішінде ең жоғарғы орындардың бірін алады. Шаруа қожалықтарының осы қой тұқымын өсіруге тырысатыны: біріншіден, дегерес қойының жүн өнімінің мөлшері мен сапасы басқа құйрықты қой тұқымдарына қарағанда өте жоғары; екіншіден, ет-май өнімі және әртүрлі аймақтың жер жағдайына бейімділігі жағынан республикада көп тараған жергілікті қазақы құйрықты қойлардан кем түспейді. Осы айтылған ерекшеліктерінің арқасында сатып алушы шаруашылықтар дегерес тұқымын таза өсіруге бет алып отыр.

Ұнамды типтегі малдың үлесі жылдан жылға өсе түсуде. Мысалы 2005 жылғы ұрғашы бір жастағы тоқтылардың ішіндегі ұнамды типті малдың үлесі 76,2%, оның ішінде элита класты мал – 14,8 %. Бұл – қазіргі жағдайлар үшін жеткілікті дәрежеде жоғары көрсеткіш.

Дегерес тұқымының қазіргі селекциялық отарларындағы қой өнімі жоғары.Тұқымдық қошқарларының орташа тірі салмағы 92,9-98,9 кг, қырқылған жүнінің салмағы 3,8-5,7 кг арасында ауытқиды. Бұл көрсеткіштер тұқым стандарты бойынша элита класындағы малға қойылатын талаптардан тірі салмағы бойынша биязылау жүнді малда – 3,8-9,2 %, ұяң жүнді малда 3,2-9,9%, ал қырқылған жүні бойынша биязылау жүнді малда – 3,8-9,2 %, ұяң жүнді малда – 7,5-40,0 %жоғары.

Өсірілген аймағы, жүнінің түріне байланысты селекциялық отарлар бойынша ұнамды типті саулықтардан қырқылған жүннің орташа салмағы биязылау жүнді малда 3,3-4,6 кг, ұяң жүнді малда 3,0-4,1 кг, тірі салмағы - биязылау жүнді малда 56,2-58,6 кг, ұяң жүнді малда 58-60,5 кг аралығында ауытқиды , яғни бұл көрсеткіштер тұқым стандартына толық сәйкес, немесе одан асып түседі. 2001 және 2005 жылдар көрсеткіштерін салыстыру арқылы қай шаруашылықтағы немесе қандай типтегі мал болмасын, саулықтардан қырқылған жүннің салмағы бойынша генетикалық ілгерілеу байқалады.

2005 жылғы көрсеткіштер бойынша әр түрлі асыл тұқымды шаруашылықтар арасынан малдың орташа тірі салмағы ( 1-кесте ) жөнінен де, олардан қырқылған жүннің орташа салмағы ( 2-кесте ) жөнінен де осы мал тұқымын өсірген Алматы облысының Балқаш ауданындағы бұрынғы “Бақанас” асыл тұқымды шаруашылығының малы негізінде құрылған “Күнгей” шаруа қожалығы (жетекшісі-Рақымов Қожақан) мен, бұрынғы Жезқазған облысының Ақтоғай ауданындағы “Жәмші” асыл тұқымды шаруашылығының малынан бөлініп шыққан “Бабатай” шаруа қожалығының (жетекшісі-атақты “дала академигі”, бүгінде 95 жастағы Зікірия Көпбаев) қойларының көрсеткіштері басқалардан әлде қайда жоғары. Бұл заңды да. Өйткені бұл шаруашылықтардың малымен ғылыми-селекциялық жұмыстар соңғы 40 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жүргізіліп келеді.Сөйте тұра, кейінгі кездері құрылып, өте үлкен жауапкершілікпен, зоотехниялық талаптарды барынша орындай отырып дегерес қойын нәтижелі өсіріп, ендігі асыл тұқымды шаруашылықтар дәрежесін алған Алматы облысы Жамбыл облысына қарасты “Мәди” шаруа қожалығы (жетекшісі-Қасенов Талайбек) мен Жезқазған (қазіргі Қарағанды) облысы Ақтоғай ауданындағы “Ақтоғай” кеңшарының асыл тұқымды қой фермасы малының негізінде құрылған “Шорманов” шаруа қожалықтары ассоциациясы (жетекшісі-Шорманов Орынбай) және ХХII партсъезд атындағы асыл тұқымды қой фермасы малының негізінде құрылған “Сәрсенбек” шаруа қожалықтары ассоциациясы (жетекшісі-Оспанов Батырбек) өсіріп отырған қойлардың да көрсеткіштері тұқым стандартынан кем емес.

Қазіргі селекциялық отарлардан тараған дегерес қозыларының тез жетілгіштігі де жоғары деңгейде. Биязылау жүнді еркек қозылар 4-4,5, айлығында 34,8-37,6 кг салмақ тартса, ұяң жүнділері 35,0-38,4 кг салмақ тартқан, яғни өсіріліп отырған жағдайларына қарай жеткілікті дәрежеде жоғары. Сонымен қатар, бұл көрсеткіштер 2001 жылғы осындай көрсеткіштерді (биязылау жүнді малда 35,5 кг,ұяң жүнді малда 37,3 кг дейін) биязылау жүнді малда 3 % -дан, ұяң жүнді малда 6 % -ға дейін асып түсіп отыр. Яғни осындай деңгейде генетикалық ілгерілеу байқалады.

ҚР АШМ Қарағанды облысындағы Ақтоғай аудандық аумақтық басқармасының мәліметі бойынша осы ауданда бүгінде есепте тұрған қой саны 115634 бас. Оның әр түрлі шаруа қожалықтарындағы санын саралай келе таза дегерес тұқымды қой 48318 бас, ал оның әр буынды будандары 49776 бас екені анықталды. Сонымен жалпы 97894 бас, яғни аудандағы барлық қойдың 85 % дегерес тұқымды және ақ немесе ақшыл түсті биязылау немесе ұяң жүнді будандық мал екені белгілі болды. Ал бұл Орталық Қазақстанда өсірілетін қойдан алынатын өнімді жедел жақсартуға мүмкіндік беретін үлкен резерв болып табылады.
Резюме

В статье приводятся результаты совершенствования внутрипородных типов дегересской курдючной породы овец в племенных хозяйствах, Актогайского района Карагандинской области, путем целенаправленной селекций.


Түйін

Мақалада Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы асыл тұқымды шаруашылықтарда өсірілген дегерес құйрықты тұқымының әр түрлі тұқымішілік типіне жататын қойларын жетілдіру нәтижелері беріледі.


Resume

There are results of the researching of the four-month lambs mass change in the different kind of the degeress sheep’s tipe the different places and pastures of the Central Kazakhstan. (Aktogai district of Karaganda oblast).







Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет