А. Ясауи атындағы ХҚту-нің магистранты



Дата03.05.2016
өлшемі97.49 Kb.
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010

Г.Әбіл

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің магистранты


Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы этнодеформация және этностық тұтастығы мәселелерінің ыдырауы
В статье рассмотрены проблемы этнодеформации и разложения этнического единства в романе Ж.Аймауытова «Акбилек».
This article deals with some problems of ethnic deformation and decomposition of ethnic unity in Zh.Aimauytov’s «Акбилек» novel.
Жүсіпбек Аймауытов – астаң-кестең ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер, ұлы революциялар заманында өмір сүрген жан-жақты өнер иесі, сегіз қырлы, бір сырлы дарын, романшы, драмашы, ақын, аудармашы, зерттеуші. Ол өзінің қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгерді [1.68].

Қазақ әдебиетінде реалистік роман принциптерін алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі – Жүсіпбек прозадағы ырғақ, стиль, композиция, көркемдік құралдарға ерекше көңіл бөлді, әсіресе халық тілінің сан алуан байлығын еркін қолдана отырып, Еуропа, орыс әдебиетіндегі бейне жасау, мінездерді ажарлау, сезім бұрқағын, ой толғауларды көрсету дәстүрлерін еркін пайдаланды. Жазушының талант мүмкіндіктері, әсіресе «Ақбілек» романында айқын көрінеді.

Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған ең көлемді прозалық шығарма – «Ақбілек» романы [2.97].

Қаламгер бұл романында әлеуметтік тартыстар, тарихи оқиғалар, тап күресінің ерекше шиеленісіп тоғысқан, ел мойнына салмақ түсіп, жеке адамдар тағдырының ширыққан буынын дәл басады: бұрын айтылған, сарыжұртқа айналған тақырып емес, соны, мүлде тың, тіпті сирек оқиғаларды романға арқау еткен.

Романда кейіпкер, оқиға көп емес, ықшамдылық, жинақылық, әсіресе драматизм принциптері ерекше ескерілген.

Өзіне дейін қазақ прозасында роман дәстүрі терең тамыр жайлағанына қарамастан, «Ақбілек» романы стильдік, композициялық тұрғыдан, сөз жүйесі бойынша іргелі көркемдік талаптарға қысылмай-қымтырылмай жауап береді. Қыр қазағы үшін өлең сөздің айрықша қадірін білетін қаламгер, әсіресе, бірінші бөлімдегі алғашқы тарауда эпикалық жыр ырғағына сай өлшем қолданады. Қара сөз ұйқаса жорғалап, желіп отырған. Мәселен, «Жүзі айтарлықтай айнадай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп, бойы құба талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса – есің кетіп, сұңқыл қақса – шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың-қия кезеді» деген жолдарда буын, әуез, дыбыс үйлесімі мол орын алған ғой. Егер шынайы проза міндеттерін амалсыз еске алмаса, Ж.Аймауытовтан «Мамырбайдың Ақбілегі, Ақбілегі – жас түлегі» іспетті ұйқастар легімен шықпас еді. Бұл сияқты жиі қайталанып келетін мысалдар поэтикалық проза стилистикасына бұра тартар өркешті ерекшеліктерімен бүгінгі күн биігінен артық көрінсе де, екінші жағынан жазушы талантының жез айдарын жарқырата ашып, шығарманың дара бітімінен, дәуірдің эстетикалық болмысынан хабар береді.

Жүсіпбек Аймауытов бұл романында ежелгі қазақ ауылының тұрмыс-салты, адамгершілік дағдысын асырып, ия жасырып суреттеуден аулақ. Сол дәуірдегі қаламгерлердің біразы өткеннен іліп алар қасиет таппаса, қалған біразы, керісінше, көрген дүниесінен зәредей мін таппағаны анық. Жүсіпбек Аймауытов – натуралист те, сентименталист те, романтик те емес, нағыз реалист. Терминдер шарттылығын ескере сөйлесек – сыншыл реалист. Ал шыншылдық басқа көркемдік әдіс, бағыт туындыларында да молшылық. Мәселе ақиқатты көрсету, бейнелеу жолдары мен амалдарында. Мысалы, С.Сейфуллин немесе М.Әуезов пен Ж.Аймауытов стилінде алшақтық көп. Реалистік психологизм, Л.Толстой айтқандай, өнердің басты мақсатына – суреттелмек құбылыстар арқылы оқырман, көрермен жанына қозғау салу бағдарына қызмет етпек. Ақбілек бағытына шідер салатын оқиға – азамат соғысы жылдарындағы ашып айтыла бермейтін масқара сорақылық. Көп қаламгер бүркемелеп, әйтпесе күмілжіп өте шығатын ахуалды Жүсіпбек Аймауытов романдағы трагедиялық жағдайдың айнымас құлақ күйіне айналдырған. Тарихи деректерді ғалым не публицист ретінде емес, жазушының көзімен ежіктей зерттеп, бағалаған. Кінәлі – заман. Айыпқа ілінер көптеген себептер бар. Бірақ соның бастысы – мылтық кезенген орыстың дала «жабайыларына» қатысты озбырлығы ғана емес, қайран қазақтың сол кездегі жанаяр қорқақтығы, күншілдігі мен міншілдігі, алтыбақан алауыздығы. Мамырбай бас сауғаламаса, қалған жұрт теріс

А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010
Әбіл. Г. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы этнодеформация және этностық…
қарап сілейіп қалмаса, опасыз Мұқаш болмашы өкпе үшін қандас қарындасын масқаралық тозағына итеріп кетпесе, Ақбілек трагедиясы туар ма еді? Шіркін, ана ғана аяулы перзенті үшін қорлық дүреге де, қатігез, кездейсоқ өлімге де бас тіккен! [3.94].

Осынша астарлы эмоционалдық құбылыстарға жазушының ашына қарағанын мүлде аңғармайсыз. Қаламгердің реалистік тұғырының мықтылығы мынада, ол авторлық баяндау болмысын оқиға, әрекетке қатысушы адамдар әсерімен беруге төселгендіктен, қиын, ауыр жағдайдың өзін кейіпкер сөздеріне тән нюанстар арқылы тура сол қажетті әуенде емес, қабылдаушы субъектілердің назары, көңілі орайында бейнеленеді: «Бір мезгілде өкірген сиырдай қараңғы түнді күңірентіп, қатындардың дауысы баж ете түсті. Жан шошырлық бажылға дір етпеген жүрек жоқ. Сөйтсе – апанда теңкиіп, серейіп жатқан бәйбішенің үстінен шыққан екен. Ақбілек ұшты-күйлі жоқ, алып кетті ғой» [4.65]. Әдеттегі талап бойынша жеке басын оққа бойлаған ер әйелдің ажалы қайғылы нақышта суреттелуі керек еді. Мына тұста қорқыныш, үрей Ақбілек анасының қазасынан гөрі куәлар жанының тәттілігінен туғаны айқын. Қасіретті күлкі, діттеген жеріне жетпейтінін білетін үнсіз мысқыл. «Маң-маң басқан» беделді, мейірімді, аяулы жан өлген соң тірісінде ық жағымен жүретін жақын-жуық, жалшы-қызметшілерге құрметті де емес, аянышты да емес.

Алайда дәл Жүсіпбек Аймауытов реализміне керемет ажар қосып, жазғанын қорғасын құйған сақадай күйлі шығаруға өлшеусіз игі ықпал жасайтын күш – психологиялық талдау өнері; әйтпесе осы атауды дүрдитпей, қарапайым ғана түсінсек, адам көңіл әуені мен мінез-құлқын, ішкі сырын терең әрі нәзік сезіне баяндауға зергерлікті айтпақпыз.

Жүсіпбек Аймауытовтың сыншыл жанары сол тұстағы қазақ тіршілігінің келеңсіз көріністерін елемей кету емес, іштей ашына шенеу ниетінен арылмаған өмір шындығы көркем шындықпен табиғи ұласым тапқан. Романның сюжеттік құрылымы жүрдек. Ол кезекті және себепті сюжеттердің бірлігіне негізделген. Орама композицияның белгілері бар.

Романдағы әйел затынан іс-қылығымен тартымды суреттелетін – Ақбілектің жеңгесі Ұрқия. Бағы ашылмаған Камила ауыр заман, ескі салттың құрбаны болғанымен, ар тазалығы, жігер, төзімі арқылы ерекшеленсе, жаратқан ие бір қызылшақаға зар етіп қойған Ұрқия есепсіз адамгершілігі, кеңдігі, халық дәстүріндегі ізгілікті ұғымға жанымен адалдығы, қиналыста жол тапқыш зерек ақылы, тапқырлығы, шешімтал батылдығымен ұнамды. Жүсіпбек Аймауытов қосақ арасындағы кейіпкерінің артықша қасиеттерін сипаттауга арнайы тоқталмаған, бірде-бір эпитет, теңеу қолданбаған, арнайы мінездеме бермеген. Сөз кезегімен баяндалатын ықшам әрекет, қимыл, лебіз характердің басты белгілерін сыйымды бейнелей алған.

Шығарманың діңгек мәселесі Мамырбай ауылындағы сұрапыл ахуал болған соң, ірілі-ұсақты талқы-тартыс атаулы айтылмыш төңірекке жинақталған. Ақбілек трагедияның ішкі жаны болса, Бекболат – сыртқы кескіні. Бекболат – оқиғаның дүмпуі, жаңғырығы, қасіреттің зардабы, жағдаяттың қисынсыз құрбаны. Бекболат еш нәрсеге айыпты емес. Бірақ ол кінәлі жандай абыржыды. Бәрінен бұрын қолдағы бақытын жоғалтқаны рас. Диалог ауыр шындыққа сенгісі келмей, қиналған ғашық жүректің ішкі дауыл ашық дәлелмен бітіргісі келу ниетін өрнектеген.

Жазушы кейіпкерінің білім алып, озық құрбыларының қатарына қосылғанын ұнамды құбылыс ретінде бедерлеген, бірақ Ақбілек бейнесі арқылы үлгілі тұлға жасауды көздемеген. Үлгілі нәрсе – бұл оқиғаның тарихи-әлеуметтік тағылымы, қаламгердің өмір сүйгіштік пафосы. Трагедияға кінәлі заманды ғана емес, қандас туыстарын, олардың қырбайлығы мен жасқаншақтығын, күншілдігін, рушыл дерттілігін айыптау бар. Жүсіпбек Аймауытов Қазан төңкерісінің нәтижелеріне үлкен сақтықпен

қарайды. Өзі жоқшыл таптың өкілі болған қаламгердің жаңа дәуір жеңісі үшін күресе жүріп, қоғам ұстанған асқақ идеяның іс жүзінде орындалуына құлай сенбегені байқалады. Сол замандағы әріптестеріндей таза таптық, партиялық даурықпа айғайға бой алдыра қоймаған. Қаламгердің ойында жалпы халық, қазақ деген ұғым жетекші орынға ие.

Кәпір солдаттарының атына өңгеріліп кеткен сормаңдай Ақбілекке жаны ашу орнына қайсыбіреу байдың сұлу қызына қызғанышын баса алмас, осы ошақтың ырысын көре алмас надандықпен болған іске қызыға қарайды. Мұндай жайды француз да, жапон да түсінбес. Бірақ қазақ бірден аңғарары даусыз.

Ақбілекке ауыл, ағайынның сумақай көзі – өлімнен асқан азап. «Қара мұрт» офицер үшін айтылмыш оқиға – аз ұлтты қорлау емес, таза нәпсі, тән құмарлығының жүгенсіз, бұзақы салдары. Әрине, кеңінен алсақ, бұл зорлық «қисық көз» қауымға мұрын шүйіре қарау екені бізге мәлім, ол үшін


А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010
Әбіл. Г. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы этнодеформация және этностық…

сана тылсымы екені хақ. Таразы тең. Қара мұрт Ақбілектің жан жарасын әлде көзінен оқып білді ме, әлде басқа бір сезім кернеді ме, кім білсін [4.160].

Жауызда да жүрек бар. Жаудың бәрі айуан емес. Негізгі арашашы – қыздың көркі, адал көңілі. Автор объективті жағдаяттармен бірге субъективті сәттерге көз салады. «Қара мұрт» өз алдына, қыз да табиғи сезім ұшқынынан жалтара алмайды ғой. Эротикалық түйсік пен сананы асау атысы алысқан адамға балайтын З.Фрейд пікірі мына ретте дәлелді. Тілін, дінін білмейтін ер мен әйелдің рухани жақындыққа көтеріле алмағанын жазушы атап өткен. Алайда қаламгер нәпсі заңдылығына етене суреттерді әдейі қалдырып кетпейді. Ажал тырнағынан құтылғанына қуанған Ақбілектің «Қара мұртты» мүлде естен шығара алмауын көрсетуде көлгірсушілік жоқ. Ақбілек атастырылған жары – Бекболатпен жолығысу сәттерін де көз алдына жиі елестетеді. Ең аяғы өгей шешесі – қытымыр, арсыз Өрік пен аяулы әкесінің жақындығынан жирене тұрып, еркек құшағын сағынуында мұсылман әйелі үшін ұялыс, әдепсіздік байқалса да, дене тіршілігінің шынайы құбылысы бар. Шығарма соңына қарай бақытты Ақбілектің «Қара мұртпен» тағы кездесіп қалуы, одан тұра безбей, бас изеуі, ал Балташқа тұрмысқа шыққан соң, өткен іске қамықпауы – рухани өмір заңдылықтарымен сабақтас ақиқат.

Қазіргі уақыт ыңғайымен қарағанда, кемшілік сияқтанатын тағы бір нәрсе – автордың оқиға, құбылыс ағымын табиғи арнамен дамытуға мүмкіндік барын біле тұрып, баяндау барысына ара-тұра араласып кетуі. Тартыстың шарықтау шегінен кейінгі шешімін күтетін сәтте «Махаббат» атты төртінші бөлім арқылы шығарма бастамасы пайда болады және түйіннің соңына дейінгі аралықта жаңа тартыс жүлгесі жота көрсетіп, бұл саға ортақ арнамен тұтасып кетеді. Өзге қосалқы қақтығыс, тұйық тарамдарды қоспағанда, тек Ақбілектің басынан өтетін тартыс көлемі үш кезеңнен тұрады. Біріншісі бірнеше атаулы, атаусыз тараулардан тұрса, екіншісінде ортақ ат жоқ, үшіншісінің үлесі – «Қайғы». Бәрібір роман оқиғаларының ішкі тұтастығымен бірге сыртқы байланысы кесек әрекеттер жалғастығымен күшті.

Қазақ зиялыларының өмір тынысы, мұрат-мақсаты негізгі кіндік оқиғаға қатысы мол адамдар төңірегінде пайымдалуы жағынан шығарманың композициялық тұтастығы сақталады, тілге тиек жағдайлардың психологиялық нанымдылығы артады.

Ақбілек трагедиясы – осы халық трагедиясының бір ұшқыны. Ақбілекті ақтардың алып қашуы, қарамұрт офицердің әйел қып ұстауы – бір қыздың ғана емес, бүкіл елдің ұлттық намысына тиетін қорлық. Қыздың ел бетін көре алмай қиналуы, әкесінің одан қашқақтауы, атастырылған күйеуінің безуі, ел-жұрттың оған таңырқай да, аяй да қарауы – қызын алақанға салып, мәпелеп өсірген қазаққа өлімнен де ауыр. Ауыл жігіттерінің зорлығы ғана болса, еленбей де қалар еді. Орысты «кәпір» деп қарайтын ұғым қыз «күнәсін» ауырлата түседі. Романнан біз тұйыққа тірелген осындай халық психологиясын, қыз тағдырын еркіндікке алып шыққан қоғамдық жаңарулардың әсерін танимыз. Ел көзіне көріне алмай, ауылдан кеткен Ақбілек оқып, адам қатарына қосылады, теңін табады, бақытты өмірге қадам басады.

«Ақбілек» романында рушылдық-жікшілдік тартыстардың құрбаны болған (Мұқаштың Ақбілекті ақтарға шығарып беруі) қазақ қызының бақытын табуы, ерлермен тең азамат дәрежесіне көтерілуі бейнеленеді. Осы оқиғалар легінде жазушы аласапыран тұстағы қазақ ауылы өмірінің шындығын, адамдар тағдырындағы өзгерістерді, тынымсыз ізденісті суреттейді. Ескі ауыл мен оның адамдары бойындағы қайшылықты күйлер мен ұғымдар тартысының суреттері, психологиялық толғаныстар жазушы реализмінің байлығын, суреткерлік қарымының кеңдігін көрсетеді. Роман кейіпкерлері заманмен қабаттаса өзгеріске ілеседі, қоғамнан өзіне лайық орын іздейді. Оны бірі тауып, бірі таба алмай жатса да, жалпы ізденістің беталысы елдің рухани оянуға ұмтылысын аңғартады. Солардың алдыңғы легінде Ақбілек арманына жетеді.

Ақбілек – сол заманда білім алып, қатарға қосылған, алғашқы қазақ әйелдерінің өкілі. Ол өткеніне, өзі өскен ортаға бүгінгінің көзімен қарайды.

Ақбілектің шыққан, өскен ортасы романда кең суреттеледі, ондағы елдің тұрмыс-тіршілігі, әдет-салты, табиғат көріністері тұтаса келіп, тақырыпты ашуға көмектеседі. Жүсіпбек көп жағдайда қала мен даланың бейнесін салыстыра көрсетеді. Ел, ауыл, табиғат – қазақтың қанына сіңген шындығы. Оны сыйлау, түсіну қажет. Мәселен, осы романда елді жайлаған ескішіл дерт - жікшілдік, рушылдық, жалқаулық, көргенсіздік, қараңғылық қаладан өнер-білім тапқанмен, бірақ халықтық жақсы дәстүрлерден қол үзіп бара жатқандығы, ішімдікке құмарлығы, ұстамсыздығы, жүгенсіздігі осы келеңсіз оқиғалардың бәрін этнодеформацияға жатқызуға болады [5.56].

А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010
Әбіл. Г. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы этнодеформация және этностық…

Әдебиеттер




  1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. Алматы: Білім, 2003.

  2. Нұрғали Р. Жеті томдық шығармалар жинағы. Астана: Фолиант, 2005. Т.3. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. 625 б.

  3. Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. Алматы: Санат, 1996.

  4. Аймауытов Ж. Ақбілек романы. Астана: Елорда. 1998.

Әбіл Ж. Этнодеформация (Ұлттық сана мәселелері). Қызылорда: Тұмар, 2007.


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет