А. Ясауи атындағы ХҚту-нің магистранты



Дата01.05.2016
өлшемі79 Kb.
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010

А.Басанов

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің магистранты


СЫР БОЙЫНДАҒЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛАЛАР ТАРИХЫ

ЗЕРТТЕЛУІНІҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ
В данной статье рассматривается начальный период изучения истории Присырдарьинских средневековых городов.
This article researches the initial period of studying history of Syr river medieval towns.
Оңтүстік Қазақстанның Сыр өңірін зерттеудің алғашқы кезеңі ХІХ ғ. екінші жартысында басталды. ХІХ ғ. 60-шы жылдары ортасына қарай Оңтүстік Қазақстанды Ресейге қосу аяқталды. Патша өкіметінің Сібір мен Сырдария шептерін қосу саясатын іске асыруының нәтижесінде – 1864 ж. Әулиеата, Созақ, Шолаққорған, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент және 1865 жылы Ташкент, Ұржар, Ходжент, Жызақ қалалары Ресей патшалығының қол астына өтті.

Оңтүстік Қазақстан өңірі Ресейге қосылғаннан бастап ғылыми ұйымдар тарапынан осы өңірде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерге қызығушылық пайда болды. 1865-1866 жж. аралығында Түркістан қаласында болған Уфалық судья М.Бекчурин Ахмет Ясауи кесенесін суреттеп жазып, оның жанына жерленген тұлғалар туралы мынадай құнды деректер қалдырды: «На дворе мечети Азрета, на особом месте, есть отдельное небольшое круглое здание с куполом покрытое с изразцовой мозаикой (мавзолей Рабиа Султан-Бегум)... Кроме могилы Рабиа Султан-Бегум, находятся тут могилы некоторых киргизских султанов Средней и Малой орды, между прочим, известного Аблай хана и всех предков Абулхаира, которые властвовали в Туркестане, и царевича неизвестной страны Баба-Самуд-Юлбарс-Аты.

Над одними из этих могил воздвигнуты памятники, а на других просто положены мраморные камни различной формы и величины, на которых высечены прекрасным арабским шрифтом имена усопших, но года кончины их не обозначены» [1.64-65].

1866 ж. Сауран, Ясы (Түркістан), Қарнақ және Испиджаб қалаларының орнында географ А.К.Гейнс болып, Сауран мұнараларын суреттеп жазды. Сонымен қатар, ол Сауран қаласының орнына шағын қазба жұмыстарын жүргізді. Осы жылы Сауран мұнараларын М.К.Приоров суретке түсіріп, “Түркістан альбомына” жариялады [2.269].

1866 ж. Сауран қалашығында белгілі орыс шығыстанушысы П.И.Пашино болып, өзінің «Туркестанский край в 1866 году. Путевые заметки» атты еңбегінде қала жайлы біраз деректер қалдырған. Ол қаланы қоршап тұрған қамалдың кесектен қаланғанына көңіл аударып, оның ішінде орналасқан екі мұнараны суреттеп жазған, сонымен қатар, ол өз еңбегінде Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесіне қысқаша сипаттама беріп өткен [3.44].

1867 ж. П.И.Лерх Императорлық Археологиялық Комиссияның тапсырмасы бойынша Сырдарияның төменгі және орта ағысы бойында орналасқан ежелгі қалаларды зерттеу мақсатында Янгикент, Жент, Сауран, Түркістан, Сығанақ қалаларында және Міртөбе бекінісінде болды. Оренбург генерал-губернаторының адъютанты М.К.Приоровпен бірге Лерх археология саласы үшін маңызды жерлерде болып, 1867 жылдың аяғында Орыс Императорлық Географиялық Қоғамының жалпы жиналысында өзінің Орта Азияға жасаған сапарының нәтижелері жайлы баяндама жасады [4. 57].

П.И.Лерх Жанкент қаласы жайлы көптеген құнды деректер қалдырды. П.И. Лерхтың айтуынша, Янгикент немесе Жанкент жайлы ең алғаш деректер Шыңғысханның Хорезмшах хандығын жаулау тарихында келтірілген. 1740 ж. келіп қала қирандыға айналған еді. Бұл деректерді Лерх осы жылы Сырдың жағалауын зерттеу мақсатында мұнда жіберілген геодезистер Гладыщев пен Муравлиндердің есептерінен алады. Жанкенттегі бір мешіт қирандысынан ол, «хижра санауы бойынша 763 жыл» (1361-62 ж.) деп жазылған құлпытасты тауып, қаланың XIV ғасырда болғандығын, ал табылған теңгелер қала тұрғындарының Алтын Ордамен сауда қарым-қатынасын жасағандығын дәлелдеді. Генерал Лерхтің байқауынша, қала төрт шаршы верст жерді алып жатқан, қала ортасында қорғанмен қоршалған цитадель орналасқан. Тұрғындар каналдар көмегімен келтірілген Сырдария өзені суынан пайдаланған, ғимараттар күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Соңғысына байланысты Жанкент қаласына назар аударылған, себебі осы аймақтағы тұрғындар қала қирандылары орнынан кірпіштерді қазып алып, оны құрылыс материалдары өте қажет болған №1 Фортқа (Қазалыға) әкеліп, сатқан. Генерал Лерх қала қирандыларын зерттеп шығып, қаланың шабуыл нәтижесінде емес, бәлкім қаланы тұрғындардың тастап, басқа жерлерге кетуіне байланысты және уақыт өте атмосфераның әсерінен бұзылған болса керек деген тұжырым жасайды. Лерхті Жанкенттен басқа 1219 ж. Шыңғысхан шабуылына ұшыраған басқа да қалалар тарихы қызықтырды [4. 58-59].

Генерал Лерх Сауран қаласының қирандыларын зерттеп, Түркістан қаласына 50 верст қашықтықта сақталып қалған екі мұнара қалдығын анықтады. П.И.Лерх Сауран қаласындағы күйдірілген қыштан қаланған екі мұнараның біреуіне шағын көлемде қазба салып, мұнаралар медресенің кіреберісінде орналасқанын жазды. Ал Саураннан 6 верст жерде ол ежелгі бекініс Міртөбенің қирандыларын анықтады. Сонымен қатар, ол Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи мен Рабиға Сұлтан Бегім кесенелерінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, олардың жанындағы қырғыз (қазақ – А.Б.) сұлтандары мен Түркістан шейх ул-исламдарының құлпытастарындағы жазулардың көшірмесін түсірді, XIV-XVІ ғғ. жазба деректерден Сырдария бойындағы қалалар жайлы мәліметтер жинады.

П.И.Лерх ортағасырлық Ясы қаласының орнын қазіргі Түркістан қаласының орнында деген баламалауды ғылыми тұрғыдан негіздеді және жинақталған археологиялық материалдардың сипаттамасын берді [2.270].

Ал, зерттеуші П.И.Рычков болса «Топография Оренбургской губернии» атты еңбегінде Оңтүстік Қазақстан өңірінде орналасқан Түркістан, Сауран және Отырар қалаларының қалыптасуы жайында мынадай аңызды келтіреді: «...сей город построен был от Жамшид-шаха иранского, который от начала персидской монархии был четвертый государь.... Был с войском своим в великой Татарии, за потребное приказал для пристанищу войску своему построит три города. Первый из них Туркестан, другой Утрар, третий Сауран...». Түркістан қаласы жайлы аңызды оған аудармашы Оразалин айтып берген. Сонымен қатар, ол Түркістан қаласының орнында алғашқы уақытта Ясы қаласы болған деп, Сауран қаласы туралы сипаттамасында Сауран XVIII ғ. ортасында Түркістан маңайындағы кішігірім елді мекен деп баяндады [1.64].

1868-1872 жж. аралығында Түркістан өңірінде болған О.А.Федченко осы өңірде орналасқан археологиялық, этнографиялық ескерткіштерге қызығушылық білдіріп, іс-сапар барысында сәулет өнері ескерткіштеріне ерекше көңіл бөлді [2.271].

1867-1870 жж. аралығында Оңтүстік Қазақстан өңірінде белгілі суретші В.В.Верещагин болып, Түркістандағы Ахмет Ясауи мешітінің суреттерін салды. Сонымен қатар, ол Жанкент қаласында П.И.Лерх бастаған археологиялық қазба жұмысын жалғастырып, қазба барысында ыдыс сынықтарын, терракоталық бұйымдар мен рельефтік (бедерлік) жазу сынығын тапты. Қаланың жойылуы жайлы жергілікті тұрғындардан естіген аңыздарын жазды [4.56]. В.В.Верещагиннің осы өңірден жинақтаған археологиялық жәдігерлері 1869 ж. Петербург қаласында ашылған арнайы көрмеге қойылды.

1868-1881 жж. аралығында Түркістан өңірінің тарихи-мәдени және этнографиялық мұрасын зерттеуші ориенталист А.Л.Куннің атқарған жұмыстары ауқымды болды. Оның мұнда келуінің бастапқы мақсаты Түркістан өңірінен Ресейдің ғылыми ұйымдарына материалдар мен коллекциялар жинақтап жіберу болды. А.Л.Куннің 1871 ж. Петербург қаласына 15 жәшіктен тұратын археологиялық жәдігерлер жібергені де белгілі. А.Л.Кун Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия өңірлерінің археологиялық, этнографиялық, тарихи және сәулет өнері ескертіштері жайлы 1200-ге жуық құнды фотодеректерді жинақтап, баспаға дайындады. 1871-1872 жж. аралығында осы деректер 10 альбом жинағына топтастырылып, “Түркістан альбомы” атауымен баспадан шықты. Бұл еңбекте Оңтүстік Қазақстан өңірінде орналасқан ортағасырлық Сауран, кейінгі ортағасырлық Түркістан, Иқан, Шымкент, Сайрам қалаларының көріністері мен Ахмет Ясауи, Рабия Сұлтан Бегім, Қорқыт Ата кесенелерінің және Мырза Рабад құрылысының көріністері берілген [2.271-272].

1883 ж. Петербург университетінің профессоры Н.И.Веселовский Археология қоғамының тапсырмасымен Түркістан өңіріне ғылыми іс-сапармен келіп, Сырдария облысында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ол Отырар қаласында алғашқы қазба жұмыстарын жүргізген ғалым болды [5.137]. «Қазалыдан Ташкентке барар жолдағы көне қалалар қалдықтарының сипаттамасы» деп аталған қолжазбасында белгілі шығыстанушы Н.И.Веселовский Сырдария бойындағы көптеген ескерткіштер, нақтырақ айтсақ, Қазалы қаласындағы Жанқала – көне қалашық қалдықтарынан бастап Сайрамның археология мен сәулет өнері жәдігерлеріне дейін сипаттады. Қолжазбаның 57-ші бетінен бастап Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесі мен оның айналасындағы ескерткіштер суреттелді. Түркістаннан кейін Н.И.Веселовский Отырар құландыларына келіп тоқтайды [5.137-138]. 1882 ж. Н.И.Веселовский Түркістан өңірінің көне қалалары туралы деректер жинау бағдарламасының жобасын дайындап көпшілікке ұсынды [2.272].

Оңтүстік Қазақстан өңірінің ескерткіштерін зерттеуде В.В.Бартольдтің еңбегі ерекше. Негізінен Шу мен Талас өңірінде зерттеу жүргізген Бартольд “Отчет о командировке в Среднюю Азию с научной целью 1893-1894 гг.” атты еңбегінде Сыр бойындағы кейбір ортағасырлық қалашықтар мен бекіністер туралы сипаттама берді. Өз экспедициясының басында В.В.Бартольд Сайрам қаласында болып, қазіргі таңда Сайрам қаласында сақталған ежелгі құрылыстардың жоқ екенін, алайда моңғол билігі дәуірінде бұл қаланың үлкен бір қала болғандығын айтады. Ол А.И.Добрамысловпен бірге Яссы-Түркістан-Шауғар қалаларының бір қала екендіктері жайлы жорамал жасады [6].

1893 ж. қазіргі Ордабасы ауданындағы Мамаевка ауылынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан Қарауылтөбе обасынан ішінде теңге мен әшекейлері бар құты және осы ауылдан 3 шақырым қашықтықта орналасқан Жуантөбеден керамикадан жасалған үш аяқты дөңгелек үстел мен екі қол диірмен табылғанын естіген Н.П.Остроумов Шымкент уезіне келді. Ол Қарауылтөбе, Жуантөбе төбелерінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Альванд-кент төбесінде қазба жұмысын жүргізді [7]. 1893 ж. А.И.Симонов Жосалыдан (Қармақшы бекінісі, форт №2) 100 верст қашықтықта орналасқан Шоқтөбені зерттеп, тасқа айналған жануарлар сүйектерін тауып, бұл төбе тас ғасырының ескерткіші болуы мүмкін деген жорамал айтты [2.271].



Қорыта келгенде, Оңтүстік Қазақстан өңірінде 1865-1895 жж. аралығында жүргізілген зерттеулер негізінде көне ескерткіштер жайлы алғашқы ғылыми деректер жинақталып, зерттеулер жүргізілді. Осы аралықта зерттеулер негізінен Ресейдің орталығында орналасқан (Петербург, Мәскеу) ғылыми ұйымдар тарапынан атқарылса, 1895 жылдан бастап Ташкент қаласында құрылған Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесі осы өңірдің тарихи ескерткіштерін зерттеуге белсене кірісті. Дегенмен, ХІХ ғ. екінші жартысында жүргізілген зерттеулер ескерткіштерді сипаттап жазу, суретке түсіру, орналасқан жерін анықтаумен ғана шектеліп, қазба жұмыстары да төменгі деңгейде болғандығын атап өтеміз.
ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Смагулов Е., Григорьев Ф., Итенов А. Очерки по истории и археологии средневекового Туркестана. – Алматы: Ғылым, 1999. - 232 с.

  2. Бахтыбаев М.М. Оңтүстік Қазаќстан өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерінің 1865-1895 жылдардағы зерттелу тарихынан //Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Хабаршысы. Қоғамдық ғылымдар сериясы. №1 (63), қантар-ақпан 2008. –Түркістан: Тұран, 2008.

  3. Извлечение из письменных источников о средневековых городах Сауран и Сыганак. составитель Елеуов М. – Туркестан: Туран, 2005. – 96 с.

  4. Лыкошин Н.С. Очерк археологических изысканий в Туркестанском крае до учреждения Туркестанского кружка любителей археологии. ПТКЛА, год І. – Ташкент: Топо-Литография торг. дома «Ф. и Г. Бр. Каменские», 1896.

  5. Мұхтар Қожа. Ортағасырлық Отырар: аңыздар, деректер, зерттеулер. –Түркістан: Тұран, 2006. – 239 б.

  6. Малдыбекова Л.Ж. К вопросу об археологических исследованиях В.В.Бартольда в 1893-1894 годах. «Тұран-Түркістан: тарихи-мәдени сабақтастық мәселелері. Ежелгі дәуір және ортағасырлар» атты Түркістан археологиялық экспедициясының 10 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция материалдары, 23-24 қараша 2006 жыл. –Түркістан: Экономика, 2006. -199-207.

  7. Остроумов Н.П. Археологическая поездка в село Мамаевку Чимкентского уезда в июне 1893 г. (Курганы Караултипя, Джуан-типя, Караспан). ПТКЛА, год IV. –Ташкент: Топо-Литография торг. дома «Ф. и Г. Бр. Каменские», 1899.



Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет