Адвокаттардың кәсіби әдебінің негізгі мәселелері Сейділдаева Ботакөз Амірханқызы



Дата18.04.2016
өлшемі86.47 Kb.
УДК 331.101.3:347.965

Адвокаттардың кәсіби әдебінің негізгі мәселелері
Сейділдаева Ботакөз Амірханқызы

alia_akerke@mail.ru

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 3 курс студенті, Қызылорда, Қазақстан

Ғылыми жетекшісі – А.К. Муйденова
Қазақстан Республикасы Конституциясында [1] кепілдік берілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңның бұзылуын болдырмауға және құқық тәртібін нығайтуға жәрдемдесу адвокаттың кәсіптік міндеті мен биік адами борышы болып табылады. Осыған байланысты, адвокаттық кәсіп қолданыстағы заңнама талаптарын дәл және сөзсіз орындауды, адвокаттың мінез-құлықтық әдептік нормаларын бұзбауды, өзіне заң көмегі үшін жүгінген адамды заңда көзделген барлық құралдармен және әдістермен қорғауды талап етеді. Жеке және заңды тұлғаларға білікті заң көмегін алудағы олардың, конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету адвокаттардың кәсіби қызметінің ірге тасын қалайды.

Адвокат заң көмегін көрсету кезінде мынадай кәсіби тәртіптерді сақтауға тиіс:

1) көп күш-жігер не уақыт жұмсауды талап ететін кажетті әрекеттер жасаудан жасқанбай ыждағаттылық пен құлшыныс білдіру, бұл осы қызметті ешбір асығыстық жасамай және жеңіл-желпі қарамай, яғни тапсырылған істі адал, мұқият және білімдардықпен орындап, кеткен уақытпен санаспай атқару керектігін көрсетеді;

2) заң мәселелерін қарап жатқан органдар мен лауазымды адамдарға қатысты өзін әдепті ұстау, яғни оның сөйлеген сөзі, кепілдемесі, өтініші және басқа да іс-әрекеті мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтірмейтіндей дәрежеде болуға тиіс;

3) өз кәсіби мінез-құлқын көмек сұрап өтініш жасаған адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне сәйкес қалыптастыра және тежей отырып, істі негізсіз сөзбұйдаға салуға, заң көмегін көрсетудің заңсыз әдістеріне, алдауға жол бермеуге, егер жүгінушінің талабы заңға қайшы болса немесе ол өз мүдделерін қорғау үшін заңға томпақ құралдар мен әдістерді қолдануды талап етсе, адвокат оған заң көмегін көрсетудін бас тартуға міндетті [2, 235б.].

Көмек сұрап өтініш жасаған адамның мүдделеріне адал болу және оның мүддеріне қарсы қандай да болмасын әрекет жасамау, яғни адвокат жүгінушінің мүддесін қорғаудың барлық заңды құралдар мен әдістерін пайдалануға, ешбір жағдайда да бұрыңғы, соңдай-ақ енді өтініш жасаған адамдардың мүддесіне қайшы келетін әрекетке жол бермеуге, істің заңды шешілімі аяқталғанға дейін өзіне қабылдаған міндеттемеден жалтармауға тиіс.

Осы қағидалардың бұзылуы кәсіби әдептің бұрмалануы, ал кейбір жағдайда тәртіптік жазаның қолданылуына әкеп соқтыратын кәсіптік парызды орындамау болып саналады.

Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау жөніндегі адвокат қызметі адвокаттардың процесуалдық құқықтарын анықтайтын, сондай-ақ адвокатураның ұйымдастырылуы мен адвокаттық қызметті реттейтін заңнама нормаларымен тәртіптеледі (атап айтқанда, «Адвокаттық қызмет туралы» 1997- жылғы 5-желтоқсандағы ҚР заңы) [3]. Заң көмегін көрсету барысында адвокат. Сонымен қатар, кәсіптік әдептің орныққан нормаларын және адвокаттық кәсіптің қалыптасқан практикалық тәртіптерін басшылыққа алуға тиіс, олардың мақсаты азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін жақсырақ қорғауға жәрдемдесу болып табылады.

Алматы қалалық адвокаттар алқасы адвокатураның Конференциясында адвокаттардың әрбір алқасының жоғары органы адвокатура жүйесінің ортақ принциптеріне сүйене отыра, өз тәртіптерін бекіту мақсатында 1998-жылғы 20-тамызда «Адвокаттардың кәсіптік әдеп тәртібін» қабылдаған болатын.

Ал, қазіргі таңда адвокаттардың әдеп тәртібі Қазақстан Республикасы адвокаттарының жалпыға танылған халықаралық құқық нормаларын және адвокаттық кәсіптік қағидаларды негізге ала отырып, 2014 жылғы 26 қыркүйектегі Адвокаттар алқасы делегаттарының екінші республикалық конференциясында бекітіп, қабылған «Адвокаттардың кәсіптік әдебі кодексімен» реттеледі [4].

Бұл тәртіптер әрбір адвокатты заң мен кәсіптік әдеп нормаларын басшылыққа алуға міндеттейді. Заңдылықтың кез келген бұзылуына төзбеушілік, имандылық, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, азаматтық табандылық, адалдық, әрбір заңгердің, әсіресе адвокаттың кәсіптік қасиеті болуға тиіс.

Адвокат заң көмегін адал көрсетуге, моральдық тазалықтың үлгісі мен адами мінез-құлықтың сүйеніші болуға, өзінің кәсіптік машығын ұдайы жетілдіруге, құқықтық білімдер мен қолданыстағы заңнаманы белсенді насихаттауға тиіс.

Адвокаттар процестің тең құқықты қатысушысы ретінде өз кәсібінің абыройы мен беделін ұстауға тиіс.

Адвокаттың мінез-құлқы ол заң көмегін көрсету кезінде де, күнделікті тіршілігінде де заң мен адамгершілік принциптеріне сай болуға тиіс.

Адвокат моральдық наразылық пен кіршіксіз жүріс-тұрыстың үлгісі болуы керек, өз білімдерін үнемі жетілдіруге, өзінің кәсіби деңгейін және іскерлік біліктілігін арттыруға, құқықты насихаттауға белсенділікпен қатысуға міндетті.

Адвокатура үшін кәсіби этика мәселелері көптеген себептерге байланысты өзекті болып табылады. Ең алдымен, адвокаттың адамдар тобының санасына ықпал етуіне мүмкіндік беретін сот мінбесін пайдалануы осыған дәлел болады. Демек, адвокаттың ізгі бейнесі қоғам үшін тікелей мәнге ие.

Адвокат кәсібінің моральдық құндылықтары туралы ілімді қалыптастыру адвокаттық этиканың маңызды міндеттерінің бірі. Адвокаттық тәжірибеде туындайтын көптеген ізгілік дауларын адвокаттық этиканың жалпы мәселелерін шешусіз дұрыс шешу мүмкін емес.

Адвокат үшін этика талаптары – бұл тек ізгілік бағдар ғана емес, сонымен қатар, бақылау белгісі болып табылады. Бақылау мәселесі – басқа көптеген кәсіптерге қарағанда, адвокаттық қызмет үшін мейлінше өткір болып табылады. Бұл тағы да сол, адвокат – қорғаушының кәсіби дербестігінің кеңдігімен шарттандырылады. Адвокатураны ұйымдық басқарушы жүзеге асырушы мемлекеттік органдар да, адвокаттық ұжымдардың өзін-өзі басқару органдары да, адвокат қатынасқа түсетін құқық қорғау органдары да қорғау позициясын таңдау кезінде де, тактикалық амалдарды таңдау кезінде де, қорғаудың нақты құралдары мен әдістерін таңдау кезінде де қандай да бір міндетті нұсқаулар құралдары мен әдістерін таңдау кезінде де қандай да бір міндетті нұсқаулар бере алмайды.

Адвокаттың қызметі жария құқықтық сипатқа ие болатындықтан, оның мазмұны мен этикалық мәтіні құқықтық көмек сұрап жүгінген тұлғалардың мүдделерін қорғаудың барлық сатыларында адвокаттың өзінің құқықтық және ізгілікті міндетін сезіммен анықталады. Клиенттерге кеңес беру кезінде құқықтар мен міндеттерді түсіндіре отырып, құқықтық сипаттағы шағымдар мен арыздар жасап, іске қатысушы тұлғалардың мүдделерін білдіріп, азаматтық өндірістің барлық сатыларында адвокат әр уақытта өз кәсіби қызметінің қоғам үшін маңыздылығын, өзі иеленіп жүрген атақтың ары мен ожданын ұмытпауы тиіс, үнемі адвокатура беделін арттыруға тырысуы керек.

Адвокаттық қызметтің ары мен ожданына деген назар аялап қарау қатынасы, адвокатураның беделі мен атағын арттыруға тырысу оның жүріс-тұрысының ізгілік негізін қалайды. Кәсіп беделінің қағидасы ең алдымен, адвокаттың сот әділдігі органы ретіндегі сотпен қарым-қатынасын анықтайды, ол іске қатысушы тұлғалармен қатынасты, сонымен қатар, әр уақытта кәсіп бойынша жолдас болған, азаматтық-құқытық дауда тараптардың қарама-қайшы мүдделерін білдіретін адвокаттардың кәсіби ынтымақтастығы сезімін анықтайды.

Сотты сөзсіз сыйлау, судьяларға сыпайы қатынас – сөзбен де, қимылмен де соттың абыройын кемітуге жол бермеуге, не сот әділдігін жеткілікті дәрежеде сыйламайды деп тигізуге себеп бермеуге міндетті болатын адвокаттардың жүріс-тұрыс ережелерінің бірі.

Бұл ережелер адвокат жүріс-тұрысының сыртқы белгілерінде: сотқа жүгінгендегі сөйлемде, ұсынылған сұрақтарға қандай көңіл бөлетінінде көрініс табады. Осы мызғымас ережелерден ауытқуға ізгілік тұрғысынан тыйым салынады, ол адвокатураның қоғамдық беделін түсіреді, сондықтан ол тәртіптік теріс қылық ретінде қарастырылуы керек.

Мұндай бұзушылықтарға мысалы, адвокаттық сот мүшелерімен, олардың әрекеттерін немесе шығарған ұйғарымдарын дұрыс емес деп есептеуіне қарамастан, кірісуін жатқызуға болады. Сот отырысында мәлімдеме жасай отырып, сотқа немесе судьяға қарсылық білдіру туралы өтінішті қолдай отырып адвокат сотқа құрмет көрсетпеу ретінде қабылдануы мүмкін сөздерге жол бермей, мейлінше сыпайы, әдепті болуы қажет. Өз сөйлеген кезде адвокат қарсылық білдірген тұлғаның қорлаушы, арсыз сөздерін қайталамауға тиіс, өйткені бұл сөздер адвокаттың өзінен шығып тұр деген әсер қалуы мүмкін.

Егер адвокат өз-өзін ұстай алмаса және өз тарапынан сотқа қатысты ашулы сөздерге жол берсе, оның мүшелерінің әрекеттеріне ерсілік білдірсе, оларға қатысты ескертулар айтса – бұл адвокат этикасын жол берілмейтін бұзу ретінде қарастырылып, тәртіптік жауапкершілікке әкеліп соқтыруға тиіс.

Адвокаттың сотқа деген сыпайы көзқарасы, ол істі қарауға қатысқанда ғана емес, сонымен қатар, ол іс жүргізудің қатысушысы болмай, жай ғана сот отырысы залында отырғанда да талап етіледі. Адвокаттың сотқа немесе оның мүшелеріне қатысты әдепсіз мәлімдемелері, сот пен залда отырған азаматтарға еген сыпайсыз қатынасы адвокаттық қызметтің қоғамдық маңыздылығымен, адвокаттың жеке абыройы және ол иеленіп жүрген атақпен сыйыса алмайды, сондықтан қатаң сынға алынуы тиіс.

Егер адвокат істі қарауға қатыспаса және сотта отырған тұлғалардың арасында болса, оның өзінің сотқа деген әдепсіз қатынасының отырған халық үшін соттың абыройы мен адвокатура беделін түсіретін жүріс-тұрыстың теріс үлгісі болатынын сезінбеуі мүмкін емес. Іс жүргізудің қатысушыларымен жеке әңгімелескен кезде де адвокат, сотты немесе оның абыройын түсіріп тұрғандай әсер қалдыратын сөздерді айтпауы керек.

Егер адвокаттар сотқа қажетті сыпайылық, әдептілік көрсетуге міндетті болса, олар судьялар тарапынан өздеріне қатысты тура сондай қатынасты талап етуге құқылы. Адвокатура ие болған қоғамдық биік беделге, адвокаттардың өздерінің клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін адал орындауы, судьялардың олардың қызметіне және атағына деген сыпайы қатынасымен анықталады. Алайда, өкінішке орай тәжірибеде кейбір кезедерде кейбір судьялардың жүріс-тұрысының дұрыс еместігі, олардың іс жүргізудің қатысушыларына әдепсіз көзқараспен қарайтын жағдайлар кездесіп жатады. Өзінің іс жүргізушілік құқытарының бұзылмауымен, төрағалық етушінің тарапынан өзіне деген әдепсіз қатынасымен адвокат сот өкілдігі функцияларын жүзеге асыруға қажетті жағдайларды қалыптастыру және өзінің ары мен абыройын сақтап қалу үшін барлық заңды тәсілдерді пайдалануы қажет.

Адвокаттың заңға негізделген және оның іс жүргізу орнымен анықталатын мұндай әрекеттерді, оның тек құқығы ғана емес, сонымен қатар, оның ізгі міндеті де болып табылады. Адвокат төрғалық етушінің өзіне деген әдепсіз қатынасты қоғам үшін маңызды функцияларды жүзеге асыруға арналған қоғамдық ұйым ретіндегі адвокатураның абыройына қол сұғатынын ескеруі тиіс, сондықтан оның осыған ұқсас әрекеттерге наразылығы адвокаттық кәсіптің қоғамдық беделін қорғауға бағытталады.

Өзінің, іс жүргізудің қатысушылары – прокурор, сарапшы, куәлармен қарым-қатынасында адвокат – осы тұлғалардың қатысуы сот әділдігін жүзеге асыру үшін қажетті болатындығына, олардың заңымен реттелген құқықтары мен міндеттері істі дұрыс және тез ашу үшін сотқа көмек ретінде пайдалануы керектігіне, заң осы тұлғалардың, олар өз кәсіби және қоғамдық міндеттерін орындауы кезінде абыройы мен арын қорғайтынына сүйену тиіс.

Сонымен, сот өндірісіне қатысушы тұлғалардың барлығына деген бұлжымас әдептілік, сыпайылық пен байсалдылық – адвокаттың тек кәсіби міндеті ғана емес, сонымен қатар, ізгі парызы да болып табылады. Өтініштер мен басқа да іс материалдарын талқылау кезіндегі байсалды дауыс ырғағы, айтылған ойларға мұқият және сыпайы жауап, пікірталасты әдепті мәнерде жүргізу және т.б. – осының барлығы істі қарау кезіндегі адвокат жүріс-тұрысының нормасы (шегі) болуға тиіс. Бұл ережелерден ауытқу адвокатқа тән емес, оның кәсіби ары мен ол иеленіп жүрген атақтың абыройына кір келтіретін жүріс-тұрыс ретінде қарастырылады, сондықтан ол тәртіптік жауаптылыққа әкеп соқтырады.

Адвокаттық этиканың нормаларын мұндай бұзуға мысалы, мәлімдемелер мен өтініштердегі адвокаттың әлдекімді қорлағысы немесе ренжіткісі келген ниетін көрсететін, толық, жеткілікті ойластырылмаған сөйлемдер, іс жүргізу қатысушыларына, атап айтқанда прокурорға қатысты, оның сөздеріне емес, жеке басына қарсы бағытталған әдепсіз сөздер; прокурорды, куә, сарапшыны қорлау т.б. жатады.

Сонымен, адвокаттық әдеп – бұл адвокатура туралы қолданыстағы заңнама, адвокаттар алқасы Жарғысы және адвокаттардың кәсіптік этика Тәртіптері шеңберінде реттелетін және адвокаттық мінез-құлқы нормасынан туындаған практика. Оның мақсаты – жеке және заңды тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен міндеті абыройлы қорғау.


Қолданылған әдебиет

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы – Алматы: Юрист, 2014.

  2. Серимов Б. Заңгер этикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2007.

  3. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы № 195-1 «Адвокаттық қызмет туралы» Заңы (29.09.2014 ж. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен).

  4. 2014 жылғы 26 қыркүйектегі Адвокаттар алқасы делегаттарының екінші республикалық конференциясында бекітіп, қабылған «Адвокаттардың кәсіптік әдебі кодексі».

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет