Адвокаттардың КӘсіптік әдебі кодексі



жүктеу 177.95 Kb.
Дата18.04.2016
өлшемі177.95 Kb.
2014 жылғы 26 қыркүйектегі

Адвокаттар алқасы делегаттарының

екінші республикалық конференциясында

бекітілген

АДВОКАТТАРДЫҢ КӘСІПТІК ӘДЕБІ КОДЕКСІ

Мемлекет кепілдік берген және Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етілген адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сот арқылы қорғау және білікті заң көмегін алу құқықтарын іске асыруына жәрдемдесуге бағытталған Қазақстан Республикасының адвокаттары жалпыға танылған халықаралық құқық нормаларын және адвокаттық кәсіптік қағидаларды негізге ала отырып, Адвокаттардың кәсіптік әдебі кодексін қабылдайды.


1-тарау. Адвокаттың кәсіби мінез-құлқының
негізгі принциптері мен нормалары



  1. Осы Кодекс адвокатураны және адвокаттық қызметті ұйымдастыру мәселелерін, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және өкілдік ету жөніндегі адвокаттың өкілеттіктерін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын толықтыра отырып, тәуелсіздік және заңдылық, ізгілік пен ұқыптылық, біліктілік пен адалдық, құпиялылық, сенімділік және әділдік принциптеріне негізделген әрі адвокат үшін міндетті мінез-құлық әдеп стандарттарын белгілейді.

Осы Кодекстің ережелері түбегейлі болып табылмайды және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін әрекеттердің жасалуын белгілейтін немесе оған жол беретін ретінде түсіндірілмеуі тиіс.

2. Адвокат өзінің кәсіби қызметінде құқық пен заңға қызмет етудегі өзінің миссиясын сезінуге, құқық үстемдігі принциптерінің тәжірибеде іске асырылуы мен орнығуына және заңдылықтың мүлтіксіз сақталуына ықпал етуге тиіс.

Адвокат кәсібінің беделі, ар-намысы мен қадір-қасиетінің сақталуына, адвокатураның абыройына қамқорлық ету әрбір адвокаттың адамгершілік борышы болып табылады.

Адвокаттың мінез-құлқы заң көмегін көрсету кезінде де, тұрмыста және жеке өмірінде заңның талаптары мен адамгершілік принциптеріне сай келуге тиіс.

Адвокат атағына нұқсан келтіретін мінез-құлық адвокатура институтына деген қоғамның сенімін кетіреді және адвокаттық мәртебемен сыйыспайды.

Білікті заң көмегін көрсету бойынша өзінің кәсіби міндетін лайықты атқару мақсатында адвокат өз білімі мен кәсіби шеберлігін толық көлемде пайдалануға міндетті.

Адвокат сыпайы, әдепті, кішіпейіл, әділ, адал және турашыл болуға тиіс. Кәсіби міндеттерін орындау кезінде адвокат қарым-қатынаста іскерлік әдепті және іскерлік киім стилін ұстануы тиіс.

Адвокаттың кәсіби әдебі мәселелері адвокаттық қызмет туралы заңнамамен немесе осы Кодекспен реттелмеген жағдайларда, адвокат мазмұны қоғамдағы адамгершіліктің жалпы мұраттары мен принциптеріне сәйкес келетін, адвокатурада қалыптасқан салт-дәстүрлерді ұстануы керек.

3. Өзінің кәсіби қызметінде адвокат тәуелсіз және тек заңға бағынады.

Адвокаттың тәуелсіздігі сот төрелегіне деген қоғамдық сенімді қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға, адвокат кәсібін құрметтеуге ықпал етеді.

Адвокат өзінің кәсіби міндеттерін орындау құралдарына, тәсілдеріне, тактикасына, мазмұнына, нысандарына, әдістеріне, реттілігіне және уақытына қатысты шешімдерді заң талаптарын басшылыққа алып, тек өз білімі мен практикалық дағдыларына сүйеніп, бөгде адамның ықпал етуіне, адвокаттар алқасы органдарын қоса алғанда, үшінші тұлғалардың немесе ұйымдардың тарапынан қысымның жасалуына жол бермей, кәсіби қызмет принциптеріне қарсы келмей дербес қабылдайды.

Адвокат сенім білдірушінің, қорғауындағы адамның заңға қайшы келетін өтініштері мен талаптарын орындауға қабылдамауға тиіс және мұндай өтініштер мен талаптар тиісті жағдайларда заң көмегін көрсету туралы шартты бұзуға негіз болады.

Адвокаттың сенім білдірушіге, оның өкілдеріне және өзге де тұлғаларға оның заңдық, мүліктік немесе моральдық тұрғыдан тәуелді ететін, адвокатты заңға, осы Кодекстің нормаларына қарсы тұруға әкелетін немесе адвокаттың кәсіби міндеттерін еркін және тәуелсіз орындауына өзгедей түрде кедергі жасайтын нұсқауларға бағындыратын басқа қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

Адвокат мүліктік даулар бойынша да, тараптардың материалдық мүддесіне байланысты емес өзге де даулар бойынша заң көмегін көрсету кезінде өз тәуелсіздігін сақтауға міндетті.

4. Кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде адвокат әрқашан адвокат кәсібі тек табыс көзі ғана емес, сонымен бірге білікті заң көмегін көрсету деңгейінің басты кепілінің бірі екенін сезінуі тиіс.

Адвокат білікті заң көмегін көрсетуге және қабылдаған тапсырманы уақытында және сапалы орындау үшін қажет барлық егжей-тегжейлерді ескеріп, істің байыбын түсініп, өзіне жүктелген тапсырманы жетік және адал жүзеге асыруға тиіс.

Адвокат өзінің кәсіби міндеттерін орындай отырып, барлық күші мен қабілетін салып әрекет етуге, әрбір қабылдаған тапсырманы, оның күрделілігі мен ақы төлеу мөлшеріне қарамастан, орындауға жеткілікті уақыт пен көңіл бөлуге; сенім білдірушінің құқықтары мен заңды мүделлерін білдіру және қорғау үшін өзіне қолжетімді және заңға қайшы келмейтін тиімді құралдар мен әдістерді пайдалануға; өте қысқа мерзімде және оның заңды мүдделерін барынша ескере отырып, оған білікті заң көмегін көрсету үшін барлық күшін салуға тиіс.

Адвокат жоғары кәсіби біліктілік деңгейін үнемі жетілдіріп отыруға, білікті заң көмегін көрсету үшін қажеті заңнамалық жаңалықтар туралы ақпаратты игеру мақсатында білімін арттырып отыруға міндетті.

Адвокат тапсырманы орындауға байланысты жекелеген жұмыстарды орындауға тартатын өз көмекшілерінің, техникалық персоналдың және басқа да адамдардың қажетті біліктілік деңгейін қамтамасыз етуге тиіс.

5. Адвокат пен сенім білдірушінің өзара қарым-қатынасының құпиялығы адвокатқа сенім білдіру кепілі және сенім білдірушінің иммунитеті ретінде заң көмегіне жүгінген нақты адамның мүддесі үшін қамтамасыз етілуге тиіс.

Адвокат сенімге нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуға тиіс. Сенімді теріс пайдалану адвокат атағымен сыйыспайды.

Адвокатқа деген сенім адвокаттың парасаттылығына, адалдығы мен ұқыптылығына сенім білдірушінің көзі жетпейінше, адвокаттық құпияны сақтай алатынына сенбейінше орын алмайды.

Адвокаттық құпияны сақтау мерзімі уақытпен шектелмейді. Адвокат заң көмегін көрсету барысында да, оны аяқтағаннан кейін де адвокаттық құпияны сақтауға міндетті.

Адвокаттық құпияны сақтау міндетінен адвокатты сенім білдірушіден басқа ешкім де босата алмайды. Сенім білдірушінің адвокаттық құпияның сақталуын тоқтатуға келісім беруі адвокаттың және үшінші тұлғалардың тарапынан сенім білдірушіге ықпал етуді болдырмайтын жағдайларда адвокаттың қатысуымен жазбаша нысанда көрсетілуі тиіс.

Адвокаттық құпия:


  1. сенім білдірушілердің аты-жөні мен атауын қоса алғанда, адвокатқа жүгіну фактісіне;

  2. тапсырманы орындау барысында адвокаттың жинаған дәлелдемелері мен құжаттарына;

  3. сенім білдірушіге арналған заң кеңестері мен құжаттардың мазмұнына;

  4. заң көмегін көрсету процесінде адвокатқа белгілі болған сенім білдіруші туралы немесе адвокаттың сенім білдірушіден алған ақпаратына;

  5. сенім білдірушімен жүргізілген әңгіменің мазмұнына;

  6. іс бойынша адвокаттық іс жүргізуге;

  7. адвокат пен сенім білдірушінің арасында ақшалай есеп айырысуды қосқанда, заң көмегін көрсету туралы шарттың талаптарына;

  8. заң көмегін көрсетуге байланысты өзге де мәліметтерге қолданылады.

Адвокаттың кәсiби мiндеттерiн орындауға байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы куәгерлік жауап беруге құқығы жоқ. Адвокаттың сенім білдірушінің келісімінсіз өзіне хабарлаған мәліметтерді пайдалануына және өзіне сеніп тапсырылған ақпаратты сенім білдірушінің оған қарсы қозғаған азаматтық талап бойынша өз ұстанымын негіздеу үшін немесе сенім білдірушінің арызының негізінде қозғалған тәртіптік іс жүргізу, әкімшілік немесе қылмыстық іс бойынша өзін қорғау үшін ақылға қонымды қажет деп есептейтін көлемде ашуына рұқсат етіледі.

Адвокаттың сенім білдірушіден алынған ақпаратты жеке мақсатта пайдалануына құқығы жоқ.

Адвокаттық құпияны сақтау мақсатында адвокат іс қағаздарын жүргізуді сенім білдірушінің материалдары мен құжаттарынан бөлек жүргізуге тиіс.

Іс бойынша адвокаттық іс жүргізу материалдары, сондай-ақ адвокаттың сенім білдірушімен хат жазысуы адвокатқа тиесілі немесе одан шыққан ретінде анық және біркелкі белгіленуге тиіс.

Адвокат сенім білдірушімен өзара жасалған заң көмегін көрсету туралы шарт бойынша сенім білдірушінің келісімінсіз сенім білдірушіге ақшалай талап қою құқығын бере алмайды.

Адвокаттық құпияны сақтау қажеттілігі туралы талап адвокаттың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілеріне, адвокаттар алқасының, заң консультацияларының, адвокаттық кеңселердің қызметкерлеріне қолданылады, бұл туралы олар шарт жасасқан кезде немесе жұмысқа қабылдау кезінде жазбаша түрде ескертілуі және жарияламау туралы қолхат беруге тиіс.

6. Адвокат өзінің кәсiби қызметінде адалдық пен парасаттылық көрсетуге; өзінің кәсіби немесе жеке мақсаттарына қол жеткізу үшін алдауға, қорқытуға, бопсалауға, сатып алуға, басқа адамдардың ауыр материалдық немесе жеке басының жағдайларын, сондай-ақ өзге де заңсыз құралдарды пайдаланбауға тиіс.

Адвокат сенім білдірушіден істің нақты жағдайын жасырмауға, істің мәні мен салдары жөнінде оны жаңылыстырмауға тиіс.

Адвокат қызметінің адалдығы:


  1. адвокаттың жеке баға, жеке пікір, өзіндік ұстанымын айтуға субъективті адал қатынасын;

  2. адвокаттың қоршаған адамдармен өзара қарым-қатынастағы адал мінез-құлқын;

  3. адвокаттың сенім білдірушімен, сотпен өзара қарым-қатынастарында өзінің кәсіби мәртебесіне үйлесімді мінез-құлқы мен құқықтық ұстанымын таңдау құқығын болжайды.

7. Адвокат кәсібінің абыройы оған қоғам тарапынан тиісті қатынасты анықтайтын өзіне деген ерекше моральдық қатынаспен қамтамасыз етіледі.

Адвокаттың абыройын орнықтыру және қолдау оның жоғары атағына кір келтіретін және азаматтар мен қоғамның адвокатураға сеніміне нұқсан келтіретін әрекеттерді жасаудан өзін-өзі ұстауды көздейді.

8. Адвокаттың өзіне жарнама жасауы адвокат кәсібінің әдеп қағидаларына сәйкес келмейді.

Адвокат, заң консультациясы, адвокаттық кеңсе, адвокаттар алқасы туралы ақпарат, егер онда:



  1. адвокатты бағалау сипаттамалары;

  2. басқа адвокаттармен салыстыру және басқа адвокаттарды сынау;

  3. әлеуетті сенім білдірушілерді жаңылыстыруы немесе оларда негізсіз үміт тудыруы мүмкін мәлімдемелер, жорамалдар, екіұшты ойлар қамтылмаса рұқсат етіледі.

Адвокаттың қызметі немесе адвокаттар қауымдастығы туралы ақпарат объективті, шынайы, айқын және түсінікті болуға, көрсетілетін заң көмегінің және адвокаттың кәсібилігінің сапасына қатысты әлеуетті сенім білдірушілерді жаңылыстыру үшін негіз бермеуге және ақылға қонымды эстетикалық талаптарға жауап беруге тиіс.

Адвокаттар, заң консультацияларын меңгерушілері, адвокаттық кеңселердің басшылары өздері тарататын ақпараттың шынайылығы және оның қолданыстағы заңнама мен осы Кодекстің талаптарына сәйкестігі үшін жеке жауапкершілік көтереді.

Егер адвокатқа немесе адвокаттар қауымдастығына қолданыстағы заңнаманың және осы Кодекстің талаптарына сай келмейтін олардың қызметі туралы ақпараттың олардың рұқсатынсыз таратылғаны белгілі болса, олар бұл туралы адвокаттар алқасының төралқасына дереу хабарлауға міндетті.

Адвокат басқа адвокатқа, адвокаттар алқасына, заң консультациясына, адвокаттық кеңсеге қатысты қарсы жарнамамен айналыса алмайды немесе өзінің қызметін жарнамалау кезінде бұл әдісті пайдалана алмайды.



2-тарау. Адвокаттың сотпен, құқық қорғау

және өзге де органдармен және лауазымды адамдармен қатынастарының әдебі
9. Сот ісін жүргізуге қатысатын адвокат процестік заңнаманың нормаларын сақтауға тиіс.

Адвокат сотқа және іске қатысушы адамдарға құрметпен қарауға, сенім білдірушіге қатысты заңның сақталуын бақылауға және соңғысының құқықтары бұзылған жағдайда оларды жою туралы өтініш білдіруге міндетті.

Судьялардың және іске қатысушы адамдардың процесте тараптың қорғау құқығын шектейтін немесе құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қарсы наразылықтарды адвокат сыпайы түрде қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес білдіруге міндетті.

Сот ісін жүргізуге қатысқан кезде адвокат өзіне сенім білдірушіні немесе іске қатысып отырған адамдарды қасақана жалған жауап беруге көндірмеуге тиіс.

Сот дауларының алдын алу адвокаттың азаматтық істер бойынша көрсетіп отырған заң көмегінің құрамды бөлігі болып табылады. Сондықтан адвокат бітімгершілік келісімге кедергі болатын барлық жағдайларды жоюға әрекет жасауға тиіс.

10. Сот отырысына немесе тергеу амалдарына қатысу үшін белгіленген уақытта дәлелді себептер бойынша келуге мүмкін болмаған жағдайларда немесе оларды өткізу үшін басқа уақытты тағайындау туралы өтініш білдіру ниеті болған кезде адвокат ол туралы сотқа немесе процесті жүргізуші органға мүмкіндігінше алдын ала хабарлауға тиіс.

Адвокат заңның бұзылуын, соттың, процесті жүргізуші басқа да органдардың, процеске басқа қатысушылардың оған сенім білдірушіге, өзіне немесе тұтастай адвокатураға жөнсіз және менсінбеушілік көзқарастарын назардан тыс қалдырмауға және тиісті әрекеттерге қолданыстағы заңнамада көзделген нысандарда қарсылық білдіруге тиіс. Бұл ретте процесті жүргізуші органның лауазымды адамдарының намысы мен абыройына нұқсан келтіруіне жол берілмейді.

Процестік заңнамада белгіленген тәртіппен тағайындау бойынша немесе жазбаша шарттың негізінде тапсырманы алдын ала тергеу сатысында қабылдаған адвокат бірінші сатыдағы сотта сенім білдірушіні қорғау жөнінде өзіне қабылдаған міндеттерден дәлелді себептерсіз бас тартуға құқығы жоқ. Бұл ретте адвокат қорғаушы міндеттерін орындауға және қажет болғанда апелляциялық шағымды дайындап ұсынуға тиіс.

11. Сот жарыссөздеріне қатысушы ретінде адвокат өзінің оппоненттеріне құрметпен қарағаны жөн. Оның уәждері сот зерттеген іс материалдарының талдауына негізделуге тиіс.

Адвокат өзінің сөйлейтін сөздерінде куәгерлік жауаптар ретінде қаралуы мүмкін тұжырымдар айтуға жол бермеуге тиіс.

Процестік заңнамада белгіленген тәртіппен тағайындау бойынша қорғауды жүзеге асыратын адвокат қылмыстық процестің кез келген сатысында заң көмегін көрсету жөнінде шарт жасасуға құқылы.

Адвокатқа мүдделері оған сенім білдірушінің мүддесіне қайшы келетін басқа айыпталушыларға, сотталушыларға қарсы бағытталған әрекеттерді жасауға, оған сенім білдірушінің құқықтары мен заңды мүдделерін онсыз толық мөлшерде жүзеге асыру мүмкін болмағанда ғана, рұқсат етіледі.

Адвокат өзінің сенім білдірушісінің процестік қарсыласымен, оған өкілдік ететін басқа адвокаттың келісімімен немесе соның қатысуымен ғана әңгімелесуге құқылы.

Адвокаттық қызметті жүзеге асыру барысында жедел іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдармен құпия негізде ынтымақтастық жасау адвокат статусымен үйлеспейді.

Қамаудағы адамдармен кездесу кезінде адвокат олар ұсталып отырған орындар үшін белгіленген қағидаларды сақтауға міндетті.

3-тарау. Адвокаттың сенім білдірушілермен

қарым-қатынас жасау әдебі
12. Осы Кодексте сенім білдіруші ретінде:

1) адвокатпен заң көмегін көрсету туралы шартты жасасқан тұлға;

2) өзге тұлғамен жасалған заң көмегін көрсету туралы жазбаша шарттың негізінде адвокат заң көмегін көрсететін тұлға;

3) адвокаттың заң көмегін процестік заңнамада белгіленген тәртіппен тағайындау бойынша көрсететін тұлға түсініледі.

Адвокат сенім білдірушінің заңды немесе осы Кодекстің ережелерін сақтамауды және бұзуды көздейтін тілектерін, өтініштерін немесе талаптарын орындауға міндетті емес.

Адвокат өзінің кәсіби қызметінде жеке мүддесінің немесе басқа адамдардың мүддесі алдында сенім білдірушінің мүдделерін басымдық ретінде негізге алуға міндетті.

Егер заң көмегін көрсету міндеттемесі адвокаттық қызмет туралы заңнаманың талаптарына сәйкес рәсімделмесе, адвокат іске қатыса алмайды.

Адвокаттың сенім білдірушіге тапсырманың орындалуының оң нәтижесіне қатысты уәде немесе қандай да бір кепілдік беруге және істің ойдағыдай шешілетініне сендіруге және өз тәжірибесіне немесе лауазымды тұлғалармен ерекше қарым-қатынасына сүйеніп, сенім білдірушіні үміттендіруге құқығы жоқ.

Адвокат іс нәтижесінің перспективалары туралы өз пікірін айтуға құқылы.

Адвокат өзі жасаған құжаттардағы мәліметтердің анықтылығына, егер бұл мәліметтерді оған сенім білдіруші ұсынса, жауапты болмайды. Адвокат жалған мәліметтер қамтылған құжаттардың да мазмұны үшін, егер оған бұл туралы белгісіз болса, жауапты болмайды.

13. Адвокаттың мемлекет қаражатының есебінен заң көмегін көрсету кезіндегі міндеттері оның заң көмегіне жүгінген адаммен жасалған жазбаша шарт бойынша заң көмегін көрсету кезіндегі міндеттерінен ерекшеленбейді.

Тапсырманы қабылдау кезінде адвокат істің мәнімен байланысты сұрақтарды шешуде өзінің біліктілігіне сенімді болуға тиіс. Егер адвокаттың тапсырманы орындау үшін біліктілігі жеткіліксіз деуге негіз болса, ол тапсырманы қабылдаудан бас тартуға міндетті.

Адвокат тапсырманың орындалу барысы туралы сенім білдірушіге хабарлап отыруға және оның ісінің жай-күйі туралы сауалдарына уақытылы жауап беруге тиіс.

Адвокат істегі бүкіл мәселелерді толық анықтау, сот практикасын және тиісті арнайы әдебиетті зерделеу үшін өзіне байланысты барлық шараларды қабылдауға міндетті. Қажет болған жағдайларда, адвокаттық құпияны сақтай отырып, адвокат қорытындылар беру үшін мамандарды тартуға және әріптестерінен консультация алуға құқылы.

Егер тапсырманы қабылдағаннан кейін, адвокаттың тапсырманы қабылдауға құқығы жоқ мән-жайлар анықталған жағдайда, ол шартты бұзуға және бұл туралы сенім білдірушіге оның басқа адвокатқа жүгінуге мүмкіндігі болу үшін күні бұрын хабардар етуге тиіс.

Демалыс құқығын пайдаланған кезде адвокат сенім білдірушінің заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге шаралар қабылдауға тиіс.

Адвокаттың заң көмегін көрсеткені үшін ақы ретінде даудың мәні болған мүлікті немесе оған құқықты иеленуіне жол берілмейді.

14. Адвокат бір істе мүдделері бір-біріне қайшы келетін бірнеше тараптың кеңесшісі, қорғаушысы немесе өкілі болуға құқылы емес, ол тек тараптарды татуластыруға ықпал ете алады.

Адвокат, егер:


  1. ол мүддесі заң көмегіне жүгінген жеке немесе заңды тұлғаның мүддесіне қайшы келетін сенім білдірішуге заң көмегін көрсететін немесе бұрын көрсеткен;

  2. ол осы іске өзге процестік тұлға ретінде қатысқан;

  3. істі тергеуге немесе оны қарауға адвокатпен туыстық қарым-қатынастағы адам қатысқан;

  4. мүддесі жүгінген адамның мүддесіне қайшы келетін адамға бір іс бойынша заң көмегін көрсететін адвокатпен ол жақын туыстық қарым-қатынаста болған;

  5. сенім білдірушінің талабы заңға қайшы келген немесе сенім білдіруші оның мүддесін қорғау үшін көрінеу жалған немесе заңды бұзып алынған дәлелдемені қабылдауды не өзге де заңсыз тәсілдер мен құралдар пайдалануды талап еткен;

  6. құпияның сақталуына мүдделі сенім білдірушіден бұған жазбаша келісім алынған жағдайларды қоспағанда, одан басқа сенім білдіруші сеніп тапсырған құпияны жария етуді талап ететін мән-жайлар туындауы мүмкін жағдайларда сенім білдірушіге заң көмегін көрсетуге құқылы емес және заң көмегін көрсету бойынша міндеттемені қабылдаудан не оны одан әрі орындаудан бас тартуға тиіс.

Істі жүргізуге тапсырманы қабылдаған күн заң көмегін көрсету туралы шартта белгіленген ақы төлеу сомасын адвокаттар алқасының немесе адвокаттық ұйымның кассасына толық немесе ішінара енгізу, не адвокаттың банктік шотына аудару күні болып табылады.

Мемлекет қаражаты есебінен көрсетілетін, мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде адвокат қабылдаған тапсырма бойынша істі жүргізуге тапсырманың қабылданған күні адвокатқа істі жүргізуге оның өкілеттігін куәландыратын ордердің тапсырылған күні болып табылады.

Заң көмегін дереу көрсету қажет болған, бұл ретте тапсырманы рәсімдеу адвокатқа байланысты емес мән-жайлар бойынша қиын болған немесе мүмкін болмаған жағдайда тапсыраның қабылданған сәті адвокаттың іске қатысуға не кәсіби міндеттерін орындауға нақты кіріскені деп есептеледі.

Ересек адам мен кәмелетке толмаған баланы бірге қорғауға жол берілмейді.

Процестік заңнамада белгіленген тәртіппен тағайындалуы бойынша іске қатысатын адвокат қорғауындағы адамға оның шарт бойынша адвокат шақыруға құқығы бар екені туралы, мұны тапсырманы орындаудан жалтаруға себеп ретінде пайдаланбай, түсіндіруге тиіс.

15. Адвокат өз кінәсін мойындамайтын айыпталушының ұстанымын қолдауға және негіздеуге міндетті әрі өзге позицияны қабылдауға құқылы емес. Қорғауындағы адамның кінәлі екенін мойындау қорғау құқығын өрескел бұзу болып табылады.

Егер қорғауындағы адам айыптауға негіз болған фактілерді қылмыс құрамы бар белгілер ретінде мойындаса, бірақ өзінің кінәлі еместігін теріске шығарса, адвокат оған сот перспективасының мүмкіншілігін түсіндіріп, осы фактілерді тиісінше құқықтық бағалау қажеттігін негізге алуға тиіс.

Егер айыпталушы өз кінәсін мойындаса, бірақ оның мойындауы басқа дәлелдемелермен бекітілмесе, ал іс материалдары айыптаудың негізсіздігін растаса, адвокат қорғауындағы адамның жағдайын нашарлатпайтын ұстанымда тұруға құқылы. Кінәсін мойындау айыпталушыға заңсыз ықпал етуден болған жағдайда, адвокат осы жағдайды анықтауға және оны хаттама мен өзге де құжаттарда тіркеу үшін өзіне байланысты барлық шараларды қабылдауға міндетті.

Егер адвокат басқа айыпталушының қылмысты жасағанын әшкерелейтін адамды қорғаса, өз қорғауындағы адамның әрекеттерінде жеңілдететін мән-жайларды табуға күшін салуға міндетті. Мұндай жағдайда адвокат айыптаушының рөлінде сөз сөйлеп, басқа адамның кінәсін дәлелдеуге құқылы емес.

16. Адвокат үкімге шағым беруге мынадай жағдайларда міндетті:

1) қорғауындағы адамның өтініші бойынша;

2) егер сот адвокаттың қорғаушы ретіндегі және (немесе) оның қорғауындағы адамның ұстанымымен келіспей адвокат және (немесе) оның қорғауындағы адам сұрағандарынан өте ауыр жаза немесе аса ауыр қылмыс үшін жаза тағайындаса;

3) қорғауындағы адам үшін қолайлы себептер бойынша үкімнің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер болған кезде.

Адвокаттың қорғауындағы адамның үкімге шағым беру туралы өтінішінен бас тартуға құқығы жоқ.

Егер адвокат шағым беру үшін негіз бар деп есептесе, ал сотталған адам бұған қарсылық білдірсе, сотталған адамның үкімге шағым беруге жазбаша бас тартуын алу қажет. Бұл қағида кәмелетке толмаған балаларға және дене немесе психикалық кемiстiгi бар адамдарға қолданылмайды.

17. Адвокат көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу мөлшері адвокаттық қызмет туралы заңнамада белгіленген тәртіппен жасалған жазбаша шартта белгіленеді.

Адвокат сенім білдіруші үшін заң көмегіне ақы төленетін қаражатты үшінші тұлғалардан жазбаша түрде жасалған шарт бойынша қабылдауға құқылы. Бұл ретте адвокат сенім білдірушінің және төлеуші болып табылатын үшінші тұлғаның арасындағы өзара қарым-қатынастарын тексеруге міндетті емес.

Адвокатқа сенім білдірушіден немесе оның өкілінен заң көмегін көрсету туралы шартты қамтамасыз ететін қандай да бір мүлікті қабылдауға тыйым салынады.


4-тарау. Адвокаттың әріптестерімен қарым-қатынас жасау әдебі
18. Адвокат әріптестеріне құрметпен қарауға, ұжымдағы қалыпты адамгершілік-психологиялық ахуалды сақтауға, қажет болған кезде әріптестеріне консультациялық көмек көрсетуге, жас адвокаттарға өз білімімен және тәжірибесімен көмектесе отырып, олардың жұмысына зер салуға міндетті.

Адвокат өзінің сенім білдірушілерімен басқа адвокаттың жеке өміріне қатысты мән-жайларды, оның материалдық жағдайын, шыққан тегін, ұлтын және адвокатқа қатысты, бірақ тапсырманың мәніне қатысы жоқ басқа да мән-жайларды талқыламауы тиіс.

Адвокат:


  1. құжаттарды жасау кезінде, заң көмегіне жүгінуге келген адамдармен әңгімелесу барысында бұрын осы адамдарға заң көмегін көрсеткен басқа адвокаттың қадір-қасиетін, ар-намысын немесе іскерлік беделін төмендететін сөздерді пайдалануға, осы адвокаттың әрекеттері мен консультацияларына баға беруге және сынауға, заң көмегіне жүгінген адамдармен басқа адвокаттардың алатын төлем мөлшерінің негізділігін талқылауға;

  2. басқа адвокат туралы дұрыс емес мәліметтерді әдейі таратуға;

  3. заң көмегіне жүгінген адамның көзінше басқа адвокаттың әрекеттерінің дұрыстығына дауласуға жол бермеуге тиіс және олардан тартынуға міндетті.

Әріптесінің қатесін тапқан кезде адвокат әдептілікпен оны түзету мүмкіндігін іздестіруі керек.

19. Адвокат басқа адвокатқа келген адамның өзі мен осы адамның арасында заң көмегін көрсету туралы шарт жасауға көндіруге құқылы емес.

Адвокат басқа адвокат қатысатын іс бойынша тапсырманы қабылдаған кезде оған өзінің іске қатысатыны туралы хабарлауға міндетті.

Адвокат басқа адвокаттың сенім білдірушісімен іс мәселелері жөнінде өзіне сенім білдірушінің ғана келісімімен әңгімелесуге құқылы.

Адвокаттардың біреуі басқа адвокатпен істі бірлесіп жүргізуге келіспеген кезде, осы адвокаттардың әрқайсысы сенім білдірушіге адвокатты өз қалауына қарай таңдау құқығы туралы түсіндіруге құқылы.

Адвокаттардың арасындағы қарым-қатынастары іске қатысатын тараптардың мүддесін қорғауға әсер етпеуі тиіс.


5-тарау. Адвокаттардың кәсіптік әдебі кодексін бұзудың құқықтық салдарлары
20. Адвокаттың осы Кодекстің талаптарын бұзуы Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет туралы заңнамасында көзделген тәртіптік жауапкершілік шараларын қолдануға әкеп соқтырады.

Тәртіптік жауапкершілік шаралары адвокаттың бұзушылық белгілері шартты түрде қамтылған, бірақ мәні бойынша адвокаттың ар-намысы мен қадір-қасиетін жаман атқа қалдырмайтын, адвокатураның беделін түсірмейтін және сенім білдірушіге немесе адвокаттар алқасына елеулі зиян келтірмеген әрекеттерге (әрекетсіздікке) қолданылмайды. Тәртіптік жаза қолдану, оларды алу және шағым беру тәртібі адвокаттар алқасының жарғысымен айқындалады.

Тәртіптік іс жүргізу адвокаттар алқасы төралқасының құзыретіне жатады, ол адвокаттық қызмет туралы заңнамаға және осы Кодекске сәйкес қабылдаған шешімнің уақытында, жан-жақты, объективті, әділ қаралуы мен орындалуын қамтамасыз етеді.
6-тарау. Қорытынды ережелер
21. Осы Кодекстің күші қолданыстағы заңнамамен реттелген адвокаттық қызметтің барлық түрлеріне, сондай-ақ адвокаттың кәсіби міндеттеріне қайшы келуі немесе адвокат мамандығының беделін түсіруі мүмкін өзге де әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) қолданылады.

Осы Кодекстің күші адвокатура органдарының қызметкерлеріне, адокаттардың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілеріне олардың қызметінде қолданылуы мүмкін бөлігінде қолданылады. Адвокаттар, адвокаттық ұйымдардың басшылары адвокаттардың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілерді және өзге де қызметкерлерді осы Кодекспен таныстыруға, олардың кәсіби міндеттеріне сәйкес келетін бөлігінде оның нормаларын сақтауын қамтамасыз етуге міндетті.

Осы Кодекстің күші оны қолданысқа енгізгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды.

22. Осы Кодекс 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.





©netref.ru 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет