Ахметов Қ. «Толқынды толқын қуады» / Қ. Ахметов // Орталық Қазақстан. 2005. 3 наурыз



жүктеу 41.54 Kb.
Дата02.05.2016
өлшемі41.54 Kb.
Ахметов Қ.

«Толқынды толқын қуады» / Қ. Ахметов // Орталық Қазақстан.- 2005.- 3 наурыз.
Қазақстандағы іргелі білім ордасы Қарағанды мемлекеттік университетінің тұңғыш ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ғұлама ғалымның өлшеусіз еңбегін туған халқына паш етіп, бірегей тұлғасын асқақтатуға ҚарМУ ұжымы сүбелі үлес қосуда.

Елімізде химия-металлургия саласының, жоғары білімнің дамуына зор еңбек сіңірген ғалымның 80 жылдығына орай ҚарМУ ректоры Е. Көбеевтің басшылығымен жоспарланған мәдени, әдеби және спорттық іс-шаралар легі мерейтойдың жан-жақты, мазмұнды түрде аталып өтуіне негіз болуда.

Евней Арыстанұлының ұлағатты өмір жолын, кемеңгер тұлғасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында 25 ақпанда ҚарМУ ұжымының және облыстық ішкі саясат, мәдениет департаменттерінің ұйымдастыруымен облыстағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Ұлы даланың кемеңгер перзенті» атты ақындар айтысы мен «Жырлайық ұлылығын ұлылардың» деген та-қырыпта жыр мүшәйрасы болып өтті.


Сөз қадірін терең түсініп, «аталы сөзге арсызы да тоқтаған» ел емеспіз бе?! Халқымыздың осы бір дәстүрлі өнері — айтыс дегенде ішер асын жерге қоятын жұртшылық бұл күнді өлеңдей күткен еді. Дүбірлі дода болған күні ҚарМУ-дың студенттер мәдениет сарайына лық толған көрермен қауым «сөз барымтасында» Арқаның абыройын асқақтатып жүрген Қуаныш, Аманжол, Айтбай, Мақсат сынды ақындардың соңынан ерген жаңа толқынды, сырлыда мұңлы поэзия әлеміне өршіл өлеңдерімен қанат қаққан жас буынды көріп, осынау кешті әнмен тербеткен Арқа әншілерінің сазды үніне елтіп, ерекше әсер құшағына бөленді.

Шарттары алдын-ала басылым беттерінде жарияланған жыр мүшәйрасына қатысушы талапкерлердің шығармалары қазылар алқасының талқысынан өтіп, жыр кешіне жеңімпаз 3 талапкер шақырылған болса, айтысқа облысымыздағы жоғары оқу орындарының студенттері арасынан 10 талапкер келіп бақ сынады. Сөзіміздің басында кештің жалпы көрермендерге қызу көңіл күй сыйлағанын айтып өткен болатынбыз. Алайда, бастан аяқ әттегенайсыз өтті дей алмаймыз. Соның бастысы — жас айтыскерлердің тақырыпты аша алмағаны. Сан қырлы талант иесі, ғұлама ғалымның атына мақтау-мадақтауды тәуір-ақ жолдағанымен, жас айтыскерлер оның өмірі мен шығармашылығы, туған халқына деген өлшеусіз еңбегі турасында тереңірек жырлай алмады. «Біткен іске сыншы көп» дегенді ескерсек, айтылған кештің ұлыларымызды ұлықтап, дәстүрлі өнерді дәріптеуге үндеп, әрі жас таланттардың өнердің биігіне қанаты қатайып, буыны бекіп аттануына айтарлықтай үлес қосқаны даусыз.

Сөз қағыстырған жас талапкерлердің кемшін түсіп жатқан тұстарына кешіріммен қарауға тиіспіз. Себебі, айтуға оңай болғанымен, көпшілік алдына алғаш шығып, сөз барымтасына түсу - екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Осы тұрғыдан алғанда тақырыпқа терең бойлай алмады дегенмен де, жас айтыскерлер салиқалы ой, салмақты сөз айтып, көрермен қауымға жаңа буыннан үлкен үміт күтуге болатынын дәлелдей алды. Солардың арасында қарсыластарының мүлт кеткен тұсын дөп басып, әдемі әзілімен, көңілге қонымды, астарлы сөзімен өзгелерден озық шыққан жас айтыскер маңызды білім беретін «Болашақ» институтының студенті Дидар Хамитовты ерекше атауға болады. Айтыстың алғашқы айналымында қарсыласын ұтымды сөзімен жылдам жеңіп, еркін көсіле алмаған Дидар екінші айналымда қазылардың ұйғарымымен екінші орын үшін ҚарМУ-дың студенті Жәнібек Жеңісбекпен бәсекеге түскенде бойындағы бұла талантын байқатып қалды. Негізінен суырып салма өнеріне бейімділігі бар болғанымен, айтар ойын жүйесіз, шашыраңқы төкпелеп, «көздемей ататын» Жәнібекке «аз да болса, саз» жауап қайтарып, атқан оғының бірде бірін мүлт жібермеген Дидар айтыстың дүбірлі аламандарында Арқаның абыройын асқақтатар таланты бар екенін танытты.

Сонымен, айтыстың қорытындыланған тұсында 1- орын қазылардың шешімімен алғашқы айналымда-ақ ұпай санымен өзге талапкерлерден озық шыққан ҚарМУ студенті Ерқанат Кеңесбековке берілді. Бұған дейін де жастар арасында ақындар айтысы мен жыр мүшәйраларының жеңімпазы болып жүрген Ерқанат көрерменіне қол соққызар ұтымды тұстарды қалт жібермей, қарсыласын бастырмалатып ұпайын түгендеп алды. Жас ақын бұдан бұрынғы додалардан жинаған тәжірибесін - сахна мәдениетін меңгергенін бұл жолы анық таныта алды деуге болады. Айтыстың 2-орнын, әрине, «Болашақтың» болашағы Дидар, 3-орынды Жәнібек иеленді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады», «Бап шаба ма, бақ шаба ма» деген де бар. Өзге де жас айтыскерлер көсіп сөйлеп, көсіле шаба алмағанымен, додаға дайындықсыз келмегендерін көрсете алды. Олардың арасында көрерменге көзайым болған Қ.Молдаш (ҚарМУ), Р.Әбілдинов (ҚЭУ), М.Аханова (ҚЭУ) т.б. талапкерлер бар.

Жыр мүшәйрасына қатысушылардан бұл кешке жеңімпаз 3 ақынның шақырылғанын жоғарыда айтып өткенбіз. Жазба ақындар жарысының бар жүлдесі ҚарМУ-дың қанжығасында қалды. Бірінші орынды «Әлемге асқақ қараса» атты өлеңімен филология факультетінің екінші курс студенті Жазира Аманжолова, екінші орынды «Тағзым» өлеңімен аталмыш факультет студенті Әсет Аманжолов иеленіп, үшінші орын да филфак студенті «Ол мәңгілік өлмейді» деп толғаған Өмірбек Мәдетке бұйырды.

Өлең-жырға, ән мен күйге сусаған өнерсүйер қауымның айызын қандырған кештің соңы жеңімпаздарға сый-сияпат ұсыну рәсімімен жалғасты. Бұл кешке ұйымдастырушы болған Қарағанды мемлекеттік университетінің, облыстық мәдениет департаменті мен ішкі саясат департаментінің жүлделері сүбелі шықты. Айтыс пен мүшәйра жеңімпаздарына берілген түрлі-түстітеледидар, бейнемагнитофон, аудиомагнитофон сынды сыйлықтардан басқа ынталандыру сыйлықтары да қомақты болды. Жеңімпаздарға «Отан», «Асар» сынды партиялар да өз сыйлықтарын ұсынса, ғалымның қарындасы, «Лингва-институтының ректоры Нұрсулу Бөкетова ҚарМУ-дағы «Шабыт» ақындар клубына түрлі-түсті теледидар тарту етті.

Осы жерде айтыстың бірінші жүлдесін жеңіп алған Ерқанат өзіне берілген теледидар мен бейнемагнитофонды студенттердің игілігіне тарту ететінін айтып, мәрттік танытты.



Қарағандыдағы өнерсүйер қауымды, өнерге қанат қаққан таланттарды, әсіресе, ақындарды осындай әсем кештерде жиі тоғыстыратын қара шаңырақ - ҚарМУ алдыңғы толқын ағалардың соңынан ерген жас толқынның қанатын қатайтып, бұынын бекітер тағы бір шырайлы кеш өткізді. Бұл - алғашқы немесе соңғы кеш емес. Саналы ғұмырын туған халқының мерейіне бағыштап, елім деп қана өткен Евней ағаның да арман-тілегі осылай болса керек.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет