Аймауытов жүсіпбек



Дата25.04.2016
өлшемі265.49 Kb.
АЙМАУЫТОВ ЖҮСІПБЕК

Жалпы осы жылдардағы тарихи оқиғаларды, саясат саласындағы бағыттарды мемлекеттік тұрғыдан, сараласақ, онда басқару жүйесіндегі қырғи қабақ соғыстың жүріп жатқаны анық аңғарылады. Үгіт-насихат құралдарының беттерінде, ұрандарда «көзін жоямыз», “тамырына балта шабамыз”, «контр», “диверсия”, *коллективизацияның жауы», “құйыршық”, “қаскүнем”, “саботаж” сияқты жалпылама кіжінген сөздер үлкен әріппен жазылып, мәжіліс-тердің құлақ күйіне айналды. Біреу оның астарын түсініп айтты, одан гөрі жаттап алып, ойсыз соға беретіндердің саны көбейді. Троцкийдің компаниясының асқан қаталдықпен талқаңдалуы жау іздеп, даурығысқан даңғазаны күшейтті. Қаншалықты қажеттіліктен туғанын білмеймін, өмірі көріп-білмеген Алматы қаласына Троцкийдің келіп орналасуының мән-мағынасы түсініксіз. Өле-өлгенше өзін марксиспін деп санаған Троцкийдің 1931—1932 жылғы аштықты көзімен көріп тұрып, Сталиннің экономикалық саясатын тас-талқан ғып сынаған кітаптарының өзінде ең бір дәлелді деректі аузына алмауы қалай? Зады, коллективизация, оның ішінде Голощекнннің “Кіші 0ктябрі” турасындағы, аз ұлттардың интеллигенциясы қақындағы Сталин мен Троцкийдің көзқарастарында онша алшақтық боллаған сияқты. Не Голощекинді кінәлауды қаламаған. Мүмкін, бұл қате пайымдау шығар, бірақ оны жоққа шығаратындай нақты деректер де тапшы.

Жоғарыдағы қырғи қабақтың кесірін халық көрді.

“Кіші октябрьдің” шұғыл түрде күшіне енуі - ұлттық кадрларды тез арада өкімет басынан қудалап, ықпалды адамдарды республикадан аластатудан басталды. Өлкелік партия комитетінің екінші секретары Сұлтанбек Ходжановты орнынан түсіріп қана қоймай, “он төрттің ісіне” қылмыскер ретінде кіргізуге тырысты. Оның орнына Елтай Ерназаров сияқты қолын әзер қоятын, қой аузьнан шөп алмайтын момын, жігерсіз жандарды қасына тартты. Смағул Садуақасовты Ресейге жібірді. Енді ескі «алашордашыларды” құртса — тура мағынасында айтқанның өзінде - жерінің кеңитінін білді. Оларды терісін өзгертіп совет кеңесіне, кіріп алған контрреволюционер деп жариялады. Тек сот арқылы үкім шығару ғана қалды.

Жаппай конфискациялау — көшпелі елдің арасында орынды наразылық туғызды. Ішінара толқулар да болды. Іс басындағы оқығандар жұмыстан шеттетіліпу кейі күнкөріс қамымен туған ауылдарына кетті. Мұны ОГПУ-дің тергеушілері көтеріліс ұйымдастырып, совет өкіметіне қарсы үгіт жүргізу үшін, ел арасына сіңіп кетті деп байбалам салып, жұртты сақтандырып жатты. Сол кезде Англиямен арадағы дипломатиялық қарым-қатынас үзілді. Оның салқыны өзге республикаларға тимесе де, Орта Азия мен Қазақстанға үскірік боп соғатынын зиялылар қауымы білді. Себебі Англияның осы территорияға көз тігіп, Индия сияқты отарына айналдыруға тырысқаны белгілі. Енді Англияның шпиондарын іздейтіні сөзсіз. Ахмет Байтұрсыновтың аузынан шыққан бұл күдік те көп күттірмеді, өздеріне пәле боп жабысты.

Жоғарғы соттың анықтамасынан: “сондай-ақ сотталғандарға 1927 жылы далада (?) қарулы көгеріліс ұйымдастырды деп тағылған айып та ешқандай дәлелсіз. Бұл да Әділовтың жалаң сөзіне құрылған даурықпасына ғана негізделген. Бұл мәселе жөнінде жауапқа тартылған Дулатов та, Байтұрсынов та, Есполов та, Ғаббасов та және басқалары да мойындамаған, олар қарулы көтеріліс ұйымдастыруды мақсат етпеген. Олар елдеріне өз өмірлерін сақтау үшін ғана кеткен, себебі СССР мен Англияның арасындағы жағдайдың нашарлауына байланысты екі арада соғыс басталады, сондықтан да бұларды бұрынғы алашордашылар ретінде қуғындап, қысымға алады деп ойлаған».

Тергеудіц желісіне жүгінсек А. Байтұрсынов, М. Дулатов, X. Ғаббасов, М. Есполов ағылшын барлауына мәлімет беріп, астыртын байланыс жасайды. Англиямен дипломатиялық қарым-қатынас үзілген соң, олар қырға барып, халықты қарулы көтеріліске шақырмақ. Яғни, екі елдің арасының қырғиқабақ болуына Орта Азиядағы контррево-люциялық ұйымдар және олармен байланыс жасауға тырысқан Байтұрсыновтар кінәлы. Әрине, бұлардың ешқайсысының мемлекетаралық саясатқа ықпалы жүрмейтіні өэінен-өзі түсінікті. Тек қиыннан қисындырылған қиянатты қаралау бар. «Қарулы көтерілісті «желеу етіп отырғаны — Халел Ғаббасов «Алашорданың» милиция туралы жобасын жасаған. «Мүмкін, сол кезде тығып тастаған қаруы бар шығар» деейн өсекті өршітудің кезекті амалы. М. Есполовтың да алаш жасағына қатысы бар, елеулі тұлға және қазақ сауда басқармасында істеген. Демек, Англиядан жасырын жолмен қару сатьш алды деуге толық “негіз” қалатын қызмет иесі.

Осының өзі-ақ ОГПУ қызметкерлерінің қаншама заңсыздыққа барып, шындықты белінен басқанын көрсетеді. Оны бұдан әрі біз де қазбалап жатпаймыз. Қазақ ССР Жоғары сотының:



«Жүргізілген тергеу жұмыстарының ішінде қарулы көтерілісті дайындағандықтарын дәлелдейтін бірде-бір нақты дерек табылмады» деген анықтамасына алып-қосар-пікіріміз жоқ.

Себебі — жоққа жүйрік жетпейді. Бұл жала да — жала күйінше қалды. Айғақ табылмады, бірақ қылмысты айып ретінідегі күшін сақтады. Керісінше тағы бір кінә — ең басты кінә қосылды. Ол — Жүсіпбектің атылып кетуіне тікелей себепкер болған жай, Голощекинге «жасалған қастандық әрекеті». Және Д. Әділевтің берген көрсетіндісін мойындауы. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай:



«Аймауытов, 1928 жылы көктемде Шымкент қаласында Әділовпен кездескенін мойындады. Ол (Д. Әділов) бұған Ж. Аймауытовқа) өзінің шет елге кетіп қалуды ойластырып жүргенін айтады және Ходжанов арқылы ретін тауып шетелдік паспорт олып беруін өтінді. Содай кейін өзінің (Әділов) Голощекинді өлтіруді ойлап жүргені жөнінде айта бастайды, бірақ Аймауытов оған бұлай істемеу туралы кеңес береді.

Жүсійбекке тағылған айыптың бар-жоғы осы. Оның тіпті «контрреволюциялық астыртын ұйымға» да, «қарулы көтеріліске» де қатысы жоқ. Ал, жүзеге аспаған қылмыс үшін де жауапты ма! Қайта, Әділовты бетінен қайырғаны үшін, алғыс айту керек қой» Ол кезде Жүсіпбек Шымкенттегі Педагогика техникумының директоры болатын. Ал, түрмеге жабыларда, ЦКАКА-да әдеби қызметкер екен. Ж. Аймауытов бұдан бұрын да бір рет сотқа тартылып, тергеуге түскен. 1922 жьлы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға Семей Губерниясынан мал жиып, оны сонда айдап барады. Жол-жөнекей аштан қырылып жатқан ел-жұрттың үстінен түсіп, ішінара мал үлестіреді. Қолхат алады, бірақ ауылдық советтің мөрі жоқ деген айып тағылып, «мемлекеттің, мүлкін талан-таражға салғаны үшін» сотқа тартылды. Сотта ол “айыпкерден! айыптаушыға айналып, өзін-өзі ақтап шығады. Сондағы сөздің тексін тапқан адам — жоғарыдағы зерделі, сергек ойлы ағамыз Бейсенбай Байғалиев. Б. Байғалиев жолдастың Жүсіпбек творчествосындағы ірі-ірі “ақтаңдақтарды” қалпына келтіріп, қолжазбаларын іріктеп, қазіргі әріп жүйесіне көшіру-дегі еңбегі ұшан-теңіз. Тек қана 480-беттік “Ақбілек” романын қайта жаңғыртуының өзі үлкен парасаттылық. Біз, сол кісінің қолындағы Жүсіпбектің сотта сөйлеген сөзін зерттеушінің рұқсаты бойынша келтіріп отырмыз. Ол 1927 жылы Қызылорда қаласында қаралған.

Жүсіпбек Аймауытовтың соттағы сөзі:

— Бұрынғы берген жауабыма менің артық қосарым жоқ. Мені айыптайтын жері: 1) Мал үлестірген комиссияда болуым. 2) Кейбір оқыған азаматтарға деп мал беруім екен. Бұған менің айтарым мынау:

1) Маған малды тез тапсырып қайту керек болды. Себебі: мал айдауға жалданған бақташылардың бірсыпырасы Ақмолаға шейін, бірталайы Торғай жерінің шегіне шейін келісіп жалданып еді. Олар Торғай жеріне аяқ "басқан соң-ақ, қайтар деп арпалысты. Күз түсіп, салқын болып, бақташылар киімі жоқтықтан тоңа бастады. Жолдағы елдерде оба ауруы болып, талай жерде бақташылар қашпақшы да болып, оның үстіне Торғай аштары кісі етін жеп жатыр деп, үрейлену болды.

2). Менің мал үлестіргенше бас-көз болуымды Торғай қаласында жиналған аш қазақтар шулап тіленіп еді, өйткені бұған шейін Торғай азаматтары аштарға жәрдем-бере алмаған, берген жерлерінде қиянатпен үлестірген; аштар қызмет адамдарына өшіккен. Кіндік өкіметтің берген демін қызмет адамдары оларға бермей тұрған сықылды. Жұрттың, жалпы аштардың рухы сондай екен. Оның үсіне Торғайдағы қызмет адамдарының ішінде ру, ел таласы сықылды негізге тірелген алалық, бірін-бірі көрсету, қуғын-сүргін бар екен. Арғын, қыпшақ жігі бар екен. Сондықтан Торғай аштары өз елінің адамдарына сенімсіз қарайды екен. Бет-ауыздары көнектей іскен, көздері үңірейген, өлім аузында сенделген топты аш қазақтар зарлап, қақсап тұрған соң, дәтім шыдамады. “Мал үлестірген жерде ішінде бол» деген тілегін орындадым. Міндетім ол емес еді, бірақ адамшылығым, арым аштарды аятқызды. Әуелде де аштарға жаным ашығандықтан, сезімім күштіліктен осындай ауыр міндетті, зор бейнетті мойынға алып, жан ұшырып едім.

3) Мен комиссиясына кірмей, малды Торғай адамдарының қолына беріп қоя берсем, малды қол қойып жіберіп, талап алатұғын еді, үйткені малға шапқан елдің беті қойға шапқан аш қасқырдан бетер еді. Ол талау екінші топ мал үлестіргенде болғаны көрініп отыр.

4) Торғай еліндегі бір ғана шет кісі, алыс жерден мал әкеліп, аштарға жақсылық көрсеткен кісі мен тәрізді көріндім. Мен басы-қасында болсам, бәрі де кенелетіндей, әділдікпен үлестіретіндей көрінді.

Ал енді әрбір оқыған азаматтарға мал берілді деген тақырыпта менің айтарым мынау:

1) Мен Торғайдың кейбірі — оқъіғандарыін ғана біле-мін, көбіи бымеймін. Сондықтан оқығайдардың бәріне мен мал бере алмасам керек.

2) Ол азаматтардың кейбірі Орынборда, кейбірі басқа жерлерде қызметте болса, олар малды алуға мүмкін де емес.

3) Малды сол адамдардың аш ағайындары алды, мәселен, Жангелді ұлының ағайындары он бес шақты үй ашпыз деп арыз қылды, тағы сондайлар болған. Ол аштардың ауылнайларына мал берілмейтіні де болғаны бар, себебі елді аш дегенде, болыс, ауылнай аймағынан қарап, жалғыз-жарым аштар елеусіз қалған, сондай елеусіз-санаусыз, аштар Жалдама, Қараторғай болыстарынан да шұбырып келіп жатты. Соңғы екі болыс (Жалдама, Қараторғай) Торғай азаматтарының тоқ ел деп тапқан елдері. Сондықтан оқыған азаматтарының аты атальш, аш ағайындарына мал берілген, оны маған айтып түсіндірген тағы Торғай жігіттері, беруге ұйғарғаны — комиссия. Әйтпесе, Міржақып, Ахмет, Жангелді баласы сықылдылар мал алды деп есептеуге болмайды. Алған ба екен, олардан сұрауға болар.

Мен өз бетіммен ешкімге мал үлестіргемін жоқ. Өйткені Торғай елінің бай, кедейін білмеймін. Комиссиясына кірсем де жан ашығандықтан, аяғандықтан жақсы ниетпен істедім. Пайда, мақтан есімде болған жоқ. Садық деген молданың үйінде болып, бізге бір тоқты сойған-ды, 30-40 аштар келіп, өтіштерін айтын, жығылып кетіп, талып кетіп есеңгіреп отырғанда, алдымдағы ет тамағымнан өтпеді. Аштарды шақырып алып, бәріне үлестірттім, тағы сондай ауыр әсер берген аштар болды. Сондай аш елді көргенде, бұрынғы істегендерім анық болған соң, тоқ елдің жегені арам екен деген ойлар келді.

Заң тарапынан қарағанда, мүмкін, менің қаталарым бар шығар. Азаматтық, адамшылық жүзінен қаралса, бір кісі аштарға жан салып, қызмет көрсетсе - мендей-ақ көрсетер деп шүкірлік етемін. Мүмкін, менің еткен еңбегім себепті ондаған, жүздеген аштар ажалдан қалған болар, қалмады деп Торғай елі айта алмас.

Еңбегім салауат, ниетім арам, жүрегім қара, қазаққа зиянды адам болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын, аштар үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін.

Жүсіпбек Аймауытұлы. Тергеуші Сейдалыұлы.

(251-қор, 4-тізім, 16-іс, 58—59 парақ)

Есіл ағаның аузына «мен-ақ құрбандығың болайын” деген сөз қайдан ғана түсіп еді. Араға жыл салып, сол «тілегінің қабыл боларын» білмеді-ау. Ал, бірінші тергеуде Жүсіпбек айыпкерден айыптаушыға айналып, өзімен қоса өзгелерді де ақтап алды.

Адалдық пен әділдікті «ар ісіне бағалаған» (Абай) атақты жазушы бұл жолы да ақиқаттың жолын кеспеген. Зады, Д. Әділовтың Голощекинге қастандық жасау ниеті болғанға ұқсайды. Ол өзін театрдың директорлығынан босатқаннан кейінгі ашудан туған, жай ғана айта салған сөз бе, әлде нақты іс-әрекет пе, оны анықтау енді мүмкін емес. Жиырма жеті жасар жас жігіттің аптығын басу үшін айтылған ақылы үшін, өзінің ату жазасына бұйырылатынын Жүсіпбек білген жоқ. Білсе, Әділовке басу айтқан ақылынан бас тартып, мойындамас па еді, кім білсін.

Сот ааықтамасынан: «ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қарсы террорлық қастандықты ұйымдастырғаны жөніндегі айыптау да қызыл сөзге құрылған. Тергеудің осы саладағы қорытындыларында Әділовтің өзінің ойын жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекетін және оған Аймауытовтың қатысқандығын дәлелдейтін айғақтар жоқ.

Иә, «бір жанға екі өлмек әділет» (Абай) емес еді. Қайтеміз, орны толмайтын азамат опат- боп кетті.

Енді үшінші айып тығылды — контрреволюциялық үгіт-насихатты таратып, идеологиялық саботаж жасайтын жаңа үйірме... «Алқаның» әрекеті “әшкереленді».

Бәрі де қисынды. «Астыртын ұйым», “қарулы көтеріс”, “Голощекинге қастандық”— қалайда идеологиялық арандатумен аяқталуы тиіс. Сонда ғана тергеудің төрт құбыласы түгелденеді. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев сияқты өте қауіпті, творчество иесін, азулы ақынды еркіндікте қалдырудың өзі — оны «сыйламау, көзге ілмеу» ғой. Ал оған себеп дайын, тек қара күйені жағып, тонын теріс айналдыратын протокол ғана керек. Ілік — Ташкент қаласындағы «Алқа» атты әдеби үйірме. Оны ұйымдастырған — Мағжан Жұмабаев, ар жағы түсінікті ғой.

Түсініктісі сол, бұл үйірме — Совет Одағындағы жүздеген әдеби-творчестволық үйірменің бірі. М. Горькийдің өзі «ОПОЯЗ»-ға жетекшілік етті. Пролетар жазушыларының қазақ ассосациясының құрамына тек қана кедей табынан шыққандар қабылданды. Олар Мағжан, Мұхтар, Жүсіпбек сияқты «оқып туған байшыл-буржуазиялық идеологияның құйыршықтарының тамырына балта шабу үшін» шабуылға шықты. Тіпті Сәбит Мұқановтың балтасының жүзі Абай-дың өлеңдерін отап тастады, ұлы ақын есімі «қара тақтаға жазылды». КазАПП-тың жанкешті қарсылығына ұшыраған «байшыл, өткенді көксеген ұлтшылдар»- өздерін де, өнерді де қорғау үшін «Алқа» атты үйірме ашты. Өз шығармаларын талқылады. Мағжанның “Батыр Баяны”, Мұхтардың «Кексерегі», Жүсіпбектің “Күнікейдің жазығы» іспетті туындылары сол жылдары жазылды. Әрине, «Алқада» оқылды. Үйірме — өз алдына саяси мақсат қойған жоқ. Таза өнерді қолдап, таптық, мүддеден гөрі көркемдік шеберлікті жоғары қойды. «Жалаң ұраннан арылып, саф өнермен сусындауды” (М. Әуезов) мақсат тұтып, *Шолпан» журналы арқылы сол идеяларын жариялады. 1927 жылы шыққан КазАПП мүшелерінің «Құс жолы» атты жинағында «Алқа» мүшелерінің «Жон терісін сыпырғані» бес-алты мақала басылды.

Саяси айып тағуға соның өзі жетіп жатыр еді.

Солай болды да. Өнер туралы пікір таластары ушығып келіп, өлім жазасына ұласты. Тергеу ісіндеігі неше түрлі жала мен арыздардың, ғайбаттаган қолхаттврдың, жасанды «доностгардың» дәлелсіа қыздырмамен айтыла салған айыптаулардың барлығы да қызыл сөзге, даурықпаға құрылған. Ондағы беттесулердің ішінде аты-жөні кездесіп қалатын ақын-жазушылардың куәландырған көрсетінділері—олардың абырой-атағына көлеңке түсірмесе, көңілді көтермейді. Өкінішті.

Бірақ шындық солай. Жаланың жалынына қанатын күйдірген жалғыз Мағжан емес еді.

Сот анықтамасынан: «...Жұмабаевты, Омаровты, Байтасовты және Жәленовты “Алқа” атты жасырын, ұлтшыл бағыттағы әдеби үйірмені ұйымдастырды және оның жұмыстарына қатысты деген айып та негізсіз. Бұл әдеби үйірме болғандықтан да, өзінің алдына совет өкіметін құлатуды, немесе оған қастандық жасап, күшін әлсіретуді мақсат етіп қоймағаны, сондай-ақ контрреволюциялық қылмыстарды жасауға шақырмағаны тергеу материалдарынан-ақ көрініп тұр. Аталған үйірме мүшелерінің әдеби шығармаларында да мұндай іс-әрекетке шақырған үндеулер кездеспейді. М. Жұмабаев осы үйірменің жетекшісі болғанымен де, өзінің алдына контрреволюциялық мақсат қойған жоқ.

“Алқа” - алқадан тұзаққа айналды.

«Алашорда» ісіндегі» барлық айыптаулар, міне, осылар. Олардың ешқайсысы да шындыққа жанаспайды. Енді ішінара аталмай қалған екі-үш адам жөнінде мәлімет бере кетейік.


Байтасов Абдолла — 1900 жылы Қостанай округінің Бақбаққара ауданында туған. Білімді. «Жас алаш», “Жаз қайрат” газеттерінің белсенді авторы. Ағарту, сауат ашу, әр ғылымның саласындағы кітаптар жөнінде мақалалар жазған. Саяси экономия қақында пікір қозғаған.

Eндi тергеу барысында бұрын басқа қандай заңсыздықтар жiберiлгенiне көз жiберейiк. Қазақ ССР Жоғары сотының анықтамасынан:

«Жоғарыдағыларға қоса осы iс бойынша қылмысты тергеу кодексiнiң ережесi өрескел бұзылған: қылмысты iс қозғау туралы тиiстi қаулы қабылданбастан-ақ, тергеу жүргiзiлген және ол тек қана айыптау әрекетiн көздеген. Барлық айып тағылғандарды прокурордың санкциясынсыз және соған лайық дәлелдi негiздерi жоқ бола тұра түгелдей тұтқынға алған.

Барлық адамдарға тағылған айып қылмысты iстер жөнiндегi заңға сүйенбестен-ақ жүргiзiлген. Тергеу бiр жылдан аса уақытқа созылса да, алдынала тергеу мен айыпкерлердi арнайы күзетпен түрмеде ұстау туралы кесiмдi мерзiм ұзартылмады. Тергеу барысында контреволюциялық ұйымның болғаны туралы: оның программасы, уставы, iс-әрекет мақсматы және оны жүзеге асыруға нықты шаралары жөнiнде ешқандай да обьективтi деректер анықталмады.

Тергеу аяқталғаннан кейiн оның материалдары айыпкерлерге таныстырылмады және олар өздерiн қорғау құқысынан айырылды. Iс осы қалпымен және айыптау қорытындысы шығарылмастан, сотқа қатысы жоқ мекемелердiң қарамағына жiберiлдi, ал олар сол бойынша «сырттай үкiм шығарды».

Осындай жағдайда Байтұрсынов және басқа да адамдар заңсыз түрде қылмысты iске тартылып, жазықсыз жазаланды.

Жоғарыдағы баяндаған жайдың негiзiнде Қазақ ССР қылмысты iстер кодексiнiң 375 статьясын жетекшiлiкке алып, Қазақ ССР Жоғары сотының қылмысты iстер жөнiндегi коллегиясы мынаны анықтады... »

Соттың ол анықтамасынаң мазмұны бәрiмiзге белгiлi. Сол шешiмнiң арқасында «он төрттiң iсi» ақталып, әлеуметтiк әдiлеттiлiк орнады. Қоғамдық өмiрiмiздегi үлкен салтанатқа, рухани оқиғаға айналды. Ал, СССР Халық Комиссарлары Советiнiң жанындағы ОГПУ-дың коллегиясының 1930 жылы 4 апрельдегi қаулысы бойынша:

  • Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мер – Якуб, Есполов Мырза - Ғазы, Әдiлов Дiнмұхамед (Дiнше), Аймауытов Жүсiпбек, Болғанбаев Хайретдин, Бiрiмжанов Ғазыбек, Ғаббасов Халел, Юсупов Ахмед-Сафа.

  • 1921 жылы Орынбор қаласында контреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистiк ұйымның бастығы Валидовпен байланыс жасағаны үшiн;

  • Далаға барып қарулы көтерiлiс ұйымдастыру туралы жиналыс өткiзгенi және далаға сiңiп кетуге дайындалғаны үшiн;

  • 1927 жылы ВКП(б) Қазақ өлкелiк комитетiнiң сектетары Голощекинге қастандық әрекет жасауға тырысқаны үшiн;

  • Юсупов А. С. – ОГПУ-дiң құпия тыңшысы бола тұра, Бiрiмжановтың Валидовке кеткенiн хабарламағаны үшiн;


РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң
  • 58 статьясының 2, 4, 8, 11, 13 тармағы бойынша:

Ату жазасына кесiлдi.

- Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдос, Битiлеуов Дамолла - «Алқа» атты жасырын, ұлтшыл үйiрме құрғаны үшiн;

– РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң 58 статьясының 4, 11, тармағына сәйкес –

  • Жазаның ең ауыр түрiне кесiлiп, ол жаза 10 жыл концентрациялық лагерьде өтеу туралы үкiммен алмастырылды.

Атуға бұйырылған төрт адамның – Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мырзағазы Есполовтың, Қазымбек Бiрiмжановтың iсi 1931 жылы 13 январьда қайта қаралып, ең ауыр жаза түрмемен алмастырылды. Олар он жылға бас еркiнен айырылды. Ал, Халел Ғаббасов, Жүсiпбек Аймауытов, Дiнмұхамед Әдiлов, Хайретдин Болғанбаев, Юсупов Ахмед – Сафа атылып кеттi. 1920 жылы 3 июндегi ВЦИК президиумының указы бойынша оларға жасалған кешiрiм де сол күйi ескерiлмей қалды.

Отызыншы жылдардағы саяси сахнадағы ойынның шиеленiстi, тартысты болғаны сондай, заң ережесi, адамгершiлiк нормасы, партиямен өкiмет қаулылары аяқ астында тапталып, жаппай жазалауға ұласты. Кiмдi кім жеңдi – мәселе осыған келiп тiрелдi.

Өкiнiшке орай, бұл «қара дауылдың» алғашқы аласапыраны едi.


«Алашордашылардың» ісіне Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен жүргізілген бұрынғы тергеудің сот хаттамаларын да тіркеген. Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған елге Семей мен Керекуден мал жинап апарып, тегін таратқаны өзіне «қылмыс болып тағылған» бұл оқиға жөнінде Міржақып Дулатов «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазды. Мұның өзі: соттың ісіне қарсы қоғамдық пікір туғызып, қысым көрсетіп, үкімге ықпал ету үшін жасалды – деп бағаланып, домалақ арыз жазуға түрткі болды. Тергеу барысы төрт жылдан астам уақытқа созылған. Оған әр түрлі жағдайлар әсер еткен. Соның бірі: Жүсіпбек сол кезде Қазақстаннан тыс жерде – Орынборда қызмет істеп жүргендіктен де, сот келесіне уақытында келе алмағандығы еді. Осыған орай оның ерекше маңызды қылмыстық істер жөніндегі тергеушіге жолдаған хатын назарға ұсынуды жөн көрдік.

Қазақстан Жоғарғы сот мекемесінің ірі қылмыстарын тергеушіге Жүсіпбек Аймауытұлынан Өтініш.

Сентябрьдің 27-не шақыруыңызды алып, сол күнге келе алмайтын себебімді айтып, өтініш жазамын. Себебім: әскерлік школде оқу оқытамын, күніне бос емеспін. 2-ден комиссияның ісін басқарамын. Күнде оқушыларды бақылап, жөн көрсетіп, мәжіліс жасап отыруға тура келеді. Менің орнымда қаларлық қазақ оқытушысы жоқ. Мен кетсем, қызмет, оқу тоқтап қалады.

Сондықтан маған жаңа жыл мейрамына шейін пұрсат беруіңізді сұраймын.

Екінші шақыру(ды) жібермесеңіз екен, өйткені (онда) декабрь айында келге міндетті боламын.

Жүсіпбек Аймауытұлы.

18-сентябрь, 1927 жыл».

Жүсіпбектің жаңа жылға дейін «пұрсат сұраған» тілегі орындалмапты. 1927- жылы 3 қазан күні Ерекше істер жөніндегі тергеуші Сейдалин Ж.Аймауытовтан жауап алыпты. Сол жылы ол 37 жасқа толыпты. Орынбордың Совет және Инспектор көшесінің қиылысындағы №51 үйде тұрыпты. Семейдегі Мұғалімдер семинариясын бітірген. Орынбордағы Казатком атындағы әскери мектепте оқытушы екен.

«Алашордашылардың» үстінен жүргізілген «атышулы сот ісі » Голощекиннің «дабылымен» тіптен үстемеленіп, қоңыраулатып өтеді. Ж.Аймауытов пен И.Байменовтың үстінен жүргізілген соттың нәтижесі туралы Ораз Исаев Голощекинге есеп берген хатында Ж.Аймауытовтан көрі С.Сәдуақасовты айыптау басым. Бұл мәселенің ұзын-ырғасы деректермен барынша қанық баяндалса да Орталық комитеттің көзқарасын білдіретін ресми тұжырым болғандықтан да толық келтіреміз. Өйткені бұл тек қана Жүсіпбек Ацмауытровтың ғана емес, бүкіл «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, алдағы үлкен істің дайындығы болатын және бұл сотпроцесі енді күш ала бастаған қужақтардың – голощекиншілердің де «Алашорданың» аштық тұсында ел үшін еткен еңбегін еш кетіру, өз туыстарының қамын ойлаған пайдакүнемдер ретінде көрсету әрекеті болатын. Ораз Исаевтің де «Алашордаға» қарсы науқанды ұйымдастырудағы «алғашқы қадамы» еді:

«Аймауытов және басқалардың үстінен жүргізілген сот процесі туралы әр түрлі алып қашпа сөз айтылып жүргендіктен де, екінші жағынан алғанда соған қатысты кейбір жайлардың шектен шыққанын ескеріп, сол кезде бюро мүшелерінің көпшілігі жоқ кезде Өлкелік комитеттің хатшысының орынында қалғандықтан да хат арқылы төмендегіні мәлімдегім келеді. Осы істің барысы туралы мәселе Қазаткомның президиумында қаралған сияқты еді, сонда президиум мүшелері Мыңбаев пен Сәдуақасов елден ерекше пікір ұстанып, бұл партияда жоқ интеллигенцияның арасында ішінара қназарылық тудыруы мүмкін – деген сылтаумен істің қаралуына қарсы болған. Бұл наразылық Өлкелік комитетке берілді ме, жоқ па, оны білмеймін. Мен мұны тек сот процесі өтердің алдында ғана, Жоғары соттың төрағасы ж.Демменің Өлкелік комитеттен арнайы қоғамдық айыптаушыны белгілеп беру туралы ресми түрде хабарласқанда ғана білдім. Оған менің жеке өзімнің қатысуымды өтінді. Киселев жолдастың қолдауымен мен бас тарттым. Киселев жолдастың Сырдарияға іссапармен кетуіне байланысты хатшының орынында қалатынымды, сондықтан да уақыттың болмайтынын және ыңғайсыз екендігін желеу еттім. Мұның басты кілтипаны – ашаршылық жылдары келтірілген шығын болғандықтан да ғана «үлкен адамдар» іске тартылып отырғандығында екенін баса көрсетттім.Одан басқадай (төменде айтылатын) шиеленіс ойыма да келмеді. Жоғары соттың өтінішіне орай алғыр әрі қолы менен көрі бостау ж. Бековті ұсындым. Соттың құрамы туралы сөз болған жоқ. Сөйтіп процесс басталып кетті. Баспасөз пікір білдіріп жатты, бірақ соның ішінде «Советская степь» газетінде дөрекілеу мәнерде жазылған мақала мен хабарландырудан басқа белсенділік танытқан жоқ. Соған орай қандай да бір ұйымдасқан іске қатысты қарсы мақаланы Қазаткомның органдары жариялаған емес.

Соттағы айыпкердің орнына өте беогілі адамдар, соның ішінде Аймауытров пен коммунист Байменов отырды.

Істі тыңдау барысында мәселенің басқа жағы көріне бастады. Процес барысында көпшіліктің пікірі: айыпкерлерге жаны ашығандар боп және соттың үлкен жазаға кесуіне мүдделі топтар болып – екіге жарылды. Мұның орын алуына түркі болған жай кейін баяндалады. КИНО (Қазақ оқу-ағарту институты – Т.Ж.) мен Өлкелік партия мектебінің оқушыларының айыпталушыларды жақтайтыны байқалды, ҚӨПМ-нің тыңдаушылары сот кезінде Байменовті (ҚӨПМ-нің бұрынғы оқу ісінің меңгерушісі) еркіндікте ұстау туралы сотқа мәлімдеме тапсырды. Тіпті сот процесінде айыпкерлерді қамақта ұстау туралы талап қойылды. Сот төрағасы ж.Бекбатыров: олар өздерін тым еркін ұстағандықтан да солай істеуден басқа амалы қалмағанын айтты.

Осы іске байланысты ж.Сәдуақасовтың жөнсіз іс-әрекетін атап өтпей кете алмаймын. Сот тергеуі аяқталар тұста ж.Сәдуақасов Москвадан (әлде Орынбордан ба) Тоқжігітов арқылы жедел хат жолдап, бұл іске байланысты оның маңызды ацғақтары бар екенін хабарлайды. Істе бұл адамның аты-жөні жоқтығын, өзінің Қызылордадан тыс жүргенін ескеріп, өтінішін ескерусіз қалдырады. Сәдуақасов келген кезде сот тергеуі аяқталып, екі жақтың жарыссөзіне кезек келеді. Ол келе сала Өлкелік комитеттің бюросында талқылауды ұсынып, мәселені ушықтырып жіберді. Мен Нұрмақовпен сөйлестім, сот төрағасы Бекбатыроыты шақырып, істің барысын сұрадық. Ол: Бйменов пен Қарпықовтың және басқалардың қылмысы дәлелденгенін, ал Аймауытовтың кінәсі аз екенін айтты. Нұрмақов екеуміз оған: егерде Аймауытовтың кінәсі елеусіз, дәлел болмаса, онда біздің ойымызша, 3-4 айдан артық кесім жасамаңыз, бұл партияда жоқ интеллигенттердің арасында бізді (өкіметті) «жала жабуға», қудалауға тырысы деген пікір тудырады. Қалғандарына заң бойынша жаза беріңіз – дедік.

Біз осымен шектеліп, 2 адмнан тұратын бюро мәжілісін шақырмай-ақ қоюды ұсындық. Алайда Сәдуақасов бюроны шақыруды, онымен де шектелмей Өлкелік комитеттен олардың барлығын, тым құрығанда Байменовті ақтауды талап етті. Нұрмақов жолдас та бюроны шақыруды қолдады. Бюроны шақырудың мүмкіндігі болмағандықтан да, Нұрмақовтың, Сәдуақасовтың, Исаевтің, Кадиктің, Арынованың, Бокштың және басқалардың қатысуымен кеңес өткіздім.

Мен біздің неге жиналғанымызды, сот төрағасымен арадағы әңгімені баяндап бердім, Ал Сәдуақасов жолдас арнайы баяндама жасағандай сөйледі. Оның пікірі мынаған саяды: Бұл үлкен оқиға, өйткені сот орындығында Аймауытов сияқты қазақтың Вересаві, Алексей Толстойы отыр, ол «Интернационалб» мен «Жас гвардияны» аударды. Бұл партиядв жоқ интеллигенцияның арасында наразылық туғызады, осы күндері Қызылордада кім билікті ұстап қалса, соған сөз келтіреді.

2.Бұл сот процесі – «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, одан басқа ештеңе де емес, сондықтан да соттың құрамы «Бекбатыров, Арықова және Ашмаев) ол деңгейден төмен (көрнекті адамдар емес).

3. Сотта жалғыз ғана қорғаушы бар, оның өзі орыс екен, сондықтан да сотқа жетекшілік жасау керек.

4. Сотқа тартылғандарды, соның ішінде Аймауытовты қорғап жазылған жалғыз мақаланы, Дулатовтың мақаласын «Еңбекші қазаққа» жариялауға келісім бермеу деген қандай шектен шығушылық ( бұл мақала Сәдуақасов келісімен «Еңбекші қазақтың» бетінде жарияланды).

5. Бұл іс ескіріп кеткендіктен де және «айыпты болмағандықтан да» сотталуға жатпайды, бәрін босату керек.

6. Маған (Сәдуақасовқа) сотта не куә ретінде, не қоғамдық қорғаушы ретінде сөйлеуге рұқсат беріңіздер, қазақтың қаламгерінің бірі ретінде оларды қорғауға тиіспін.

7. Сондай-ақ партияда жоқтар бұл процеске қазақтардың партия ішіндегі бір тобының екінші тобына көрсеткен қыры деп баға береді – деген пікір білдірді.

Кеңес мұның бәрін бекітпеді және бізің сот төрағасымен болған әңгімемізді қостады. Бұдан шығаратын менің қорытындым:

1.Өлкелік комитет оқиғаның ұйымдастырылуы тұрғысынан алғанда

оның қалай дамитынына мән бермеді.

2. Сәдуақасов жолдастың алашордашылармен арасындағы жік ажыратылмаған. Қазақ интеллигенциясының мәдени деңгейі туралы пікірі қылымысқа жалғасып жатады. Оның кеңес соты жөніндегі көзқарасы да жағымсыз әсер қалдырады.

3. Алашордашылар өзінің азуын көрсетті, Сәдуақасовты пайдалана отырып, партия мен өкіметке ықпал етуге тырысты.

4. Оқушылардың тәртіптері де алаңдатады және тиісті шара қолдануды талап етеді.

5. Сотта зиян шеккен үкімет мекемелерінің, мысалы, басында мал жинау ісін «Аштарға көмек» комитеті өкілдерінің болмауы да жарасып тұрған жоқ.

6. Сәдуақасовтың мақаланы жариялау туралы пікірі де дұрыс емес, қайта сот жүріп жатқанда оны жарияламау керек еді, Сергеевті айыталушының өзі таңдап отырғандықтан да қорғаушы жөніндегі пікірі де орынды емес.

7. Соттың үкімінен кейін Сәдуақасовтың әлдекімге: Аймауытовтың қорғау кезіндегі сөзі оны ақтап алды – дегені де жеңілететік, өйткені мұны ол соттың төрағасынан үкімнен бұрын естіп алған болатын.



«Алашорданың» осындай белсенділік танытып отырған іске Қазаткомның қаулы шығаруы орынсыз деп есептеймін. О.Исаев» – деп пікір білдірді.

Біз бұл хатқа талдау жасап жатпаймыз. Тек, бұл сот процесі Жүсіпбек Аймауытовтың үстіне ғана жүргізілген сот емес, «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот болатын. «Ашаршылық» тұсында өзінің туағн ұлты мен туған ауылын аштыққа ұшырата отырып, Ресей мен Украинадағы аштарға азық-түлік жіберумен шұғылданған большевик қазақтар, соның ішінде Меңдешев пен Исаев та бар, алашордашылардың халыққа жасаған қайырымдылығын кешіре алмай жүр еді. Тағдырдың тәлкегіне орай, олардың бұл өкінішін орындатуға тағы да мүмкіндіктері болды. Ал олар ол ашаршылықтан туған халқын қорғап қалған жоқ, қайта, сол аштықты өз қолдарымен жасады. Ол тұста да бұл кінәні «Алашордаға» жауып, оларды шетінен соттады. Бірақ ар алдында өздерін-өздері ақтай алмайтындай күнаға батты.
Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абайдың шәкірттері туралы. 1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай туралы Ә. Бөкейханов,
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Сонымен, 1951 жыл. Жиырма үшінші ақпан. Жазушылар жиналысы. Бұл жолы сөздің кезегі бірінші болып өмірінде бірінші рет Сәбит Мұқановтан бұрын Мұхтар Әуезовке берілді
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Ііі том. 93 бет. 6 түптеме
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> МҰхтар әуезов пен сәбит мұҚанов
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Стенграмма: Талқылау барысында әлі жарияланбаған дастандар да сынға ілініп кетті. Оған Қ. Жармағамбетов өзінің қорытынды сөзінде
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет