Айпара ана аңызнама



бет2/3
Дата24.04.2016
өлшемі0.76 Mb.
1   2   3

* * *
Қоғалы көлдің жағасына ұзақ аялдамай күні ертең қайта көшетін болған соң аз күнгі қоналқыға бола Олжайдың тоғыз қанат ақордасын тікпей, тоқалы Дәриғаның алты қанат отауында отыр еді уақытша. Бұл отау Олжайға амандасып, Қайдос өліміне көңіл айта келген адамдарға таршылық жасады; қысқа есеңдесіп, "Қайдостың иман байлығын беріп, алдынан жарылқасын" деген сықатты сөздерден соң ізінше шығып кетісетін. Тобықтының игі жақсылары, ендігі қалған атқа мінер ер-азаматтары түске дейін толық келіп біткен. Неше күн бойы сүйретпеде салдыр-салдыр шайқалып, әбден пісіліп, бабында тұрған күздің таңасқан жарау сары қымызы да сарқылуға айналған. Түс өлетіне дейін үш рет еселеніп, ет әкелініп, сүрі араласқан жас еттің тоғын басу үшін шара-шара езілген күрт ішілді. Бұдан соң бас ауылдың ақсақалдары Қайдостың жаназасын осы жерге шығарып, ескі ырым бойынша кісі бойындай ағашқа жерлеудің бар рәсімін жасап, асын беруді ұйғарысқан.

Түстен кейін кісі аяғы саябырсыды да, Айпара-ана мен Олжай оңаша қалысқан. Айпара-ана ұзынды қаракеш көзіне жас алған жоқ. Дәриғаны бас қылып, келін-кепшіктерін қаз-қатар отырғызды да, көңіл айтуға келген катын-қалашты соларға көрістірді. Таң атқаннан бермен із кұрғатпай көңіл айтып, кіріп-шыққан екі жүз қаралы кісінің бірде-бірінің аузынан "артының қайырымын берсін" деген тілеулі сөзді естімегеніне қайран қалды Айпара. Өзі осыған пәлендей мән бергісі келмесе де, іштей елегізіп, жарым көңіл отыр еді. Олжай болса қаз-қалпында: жауар бұлттай түнерген, қабағын ашпастан салқын ғана есендеседі, салғырт қана тіл қатады Айпараның көкейін кескен Қайдостың өлімінен гөрі, дұшпан қолында қалған егіз ұлтұғын. Өлмектің артынан өлмек жоқ, өзекті жанға бір елім. Айпараға қан сасып жатқан ұрыс-талас таңсық емес.

- Ерім, Бөкенші мен Борсақты алып келудің айла-шарғысы жоқ па?—деді күйеуінің бетіне тура қарай алмай имене сөйлеп. Олжай кесіп айтты:

- Жоқ. Айпара-ана: "Мен сенің қара қазандай кеудеңнің сол қара қазандай бұрқ-сарқ шам шақыра шамырқанып, қақырап жатқанын түсінемін, Олжай-ерім. Бір түмен жігіт пен Қайдосымнан айрылдың сол екі жылбысқаны құтқарамын деп. Менің сауалым тығырыққа тірелген сені "ал қапияда жол тауып көрші" деп сынау емес, суға кеткен тал қармайдының кебі еді. Карайғанда не қалды — қамыс қалды, өр тұлғаңда не қалды — намыс қалды. Буынсыз жерге пышақ ұрып не етейін, екі немеренді ойлап, бас қатырма, ерім. Ендігі тілек, мынау сең соққандай сенделген елдің басалқасы болып, өзің көксей беретін не Ұлытауға, не Шығыстауға есен-сау көсемдеп бару болмақ. Хан Шығысқа жеткенде хан болмайтының белгілі, ырықка көнбей, ықтасын таппай жосыла көшкен жұрт қайғысыз қара суға семірген ел бола ма деген ниет қой. Бір жылда жетерміз, жүз жылда жетерміз, мүмкін сол кексеген жерұйыққа жете алмай жер жастанып та кетерміз. Пенде деген әмісе бір үміттің жетегінде жүріп өлмей ме. Байғұс сіздің шешеңіз, менің енем, әбден кәртейгенде үйден қаңғып шығып кетіп, тарғақ қуып өлмеп пе еді. Құдай-ау, ауыл сыртындағы қалың шөпте секектеп жүрген тарғақты ұстаймын деп жас балаша қуа беріп, қуа беріп адасып кетіп еді-ау. Әлде алжыған енемнің көзіне әлгі тарғақ жалқы сәт елестеген бақыт құсы ма екен.

Бақыт кұсы бұл елдің қолына өңі түгіл түсінде қонбайтынын қайдан білсін, бейшара... Бірақ, топырағы торқа болғыр енем менің бетіме —"әй" деп ажырая қарап көрген жоқ. Жалғыз-ақ көз жұмар сәтінде: "Келін шырақ, Олжайымның бетінен алма, азамат қой, көзіне шөп салма" деп, екі тілек аманатын қалдырып еді. Еркегі жұмбақ айтып, әйелі шеше алмай жатса қандай жарасымды, ал енді "қатып айтқан жұмбақты күйеуі шеше алмаса қиын-ақ. Ол­жай-ерім, сіз бен біз жұмбақ айтысып көрдік пе. Екеуміз шеше алмайтын не бар еді. Шатқалаң шақта сені қинайтын намақұл сөз айтпаймын да. Мұным от басының берекесінен туған қаймығыс емес, қалың дөңсеңнің жуан ортасында жүрген ер еңсенді жасытпаймын дегенім. Сенің жез бауыр қамшың әйелді тезге салу үшін емес, еркектік қасиетінді танытып, жауынды жасқау үшін жасалса керек. Лайым кейінгі қалған келіндер осымды лайық тұтса етті... Жау қолында қос ұлан қалды дегенше, жаныма жазылмайтын жара түсті десеңші. Сарманымды шақырып, қанша қақсағаныммен жоңғарда қалған қарақтарымды қайтарып, үйіріме қоса алам ба; тым болмағанда тірі қалдырып, жаудың итіне талатқанша өлтіріп кету керек еді. Олжай-ерім, бойында шыбын жаны болған соң ерте өлімге қимады білем сәбиді. Мен қиямын, мен құрбандыққа шаламын.

Бүйтіп, Олжай-еріме емініп отырғаннан түсер пайданың реті бар ма.. Елге дабыра қылмай-ақ епті есебін табармын... Іргелі жауды күшпен қорқыта алмайсың, қорқытқанымыз сол ма, екі баласын құтқарамын деп жүріп өзін оққа байлап берді емес пе Қайдос. Іргелі жауға көрер кезге елеусіз дәруіш керек. Айламен істелген іс қоянды жымынан алар. Көз қытықтатпайтын ескерілмес бала-шаға аттандырған ләзім. Егер менің көзім алдамайтын болса, қос сәбиді алып қашу үшінші ұлым Жандостың қолынан келсе керек. Екеуін құтқарамын деп жүріп, төртеуінен айрылармын ба? Тәуекел деп тас жұтсам — тамағыма тұрып калар ғой. Көзі жайнап тұр, ей сол ұлымнан шығады. Дегенмен шақырттырып, сынап көрейінші өзін".

Айпара-ана үй босап, оңаша қалған сәтінде Жандосты шақыртты. Жандос Айпараның ат жалын жаңа ғана тартып мінген үшінші ұлы. Екі көзі қарақаттай, сүйегі кесек, бітімі шомбал қара бала. Сынаптай жылпылдап, бір орында меңірейіп кеп тұруды білмейтін қағылез. Түр-түсі Олжайдан көрі Айпараға ұқсас. Олжай отауына именбей емін-еркін кіретіннің бірі осы. Бұл ретте де қас қақтырмай сумаң ете қалып еді, Айпараның қолынан тәспиығы түсіп-ақ кетті. Шешесі қапелімде сусытып алған тәспиығына ұмтыла берем дегенше, барыстай ырғып келді де, одан бұрын қағып алып, саусағына іле қойды. Ұлының осыншалық шапшаңдығына аса риза болған ана ақырын ғана жымиды да, маңдайынан иіскеді. Жандос орынсыз еркелікке жендірмей бойын тез ширатып алып, өкесінше малдас құрып "не айтар едіңіз" дегендей Айпараға шаншыла қарады. Сезімтал ана ұлының бойынан өзгеше бір тосын қылықты, ерте есейгендікті байқап, осы ерте есейістің бар себебін — бұлаң құйрық заманнан іздеді. Ойын баласына ой салған қалың Тобықтының азып-тозуы, күркірей өтіп жатқан күйзелісті жылдар еді.

Балам, сен түсіңде әсіресе нені көп көресің?— деді Айпара салқындау сабырмен.

Сені,— деді Жандос іле жауап беріп.

Сонан соң?

Былтыр ботасы өлген маяны.

Содан соң?..

Содан соң түсімде ылғи жылап жүрем. Айтқандайын кеше түні Бөкенші-Борсақ кірді. Ит еміп отыр. Айпара тіксініп барып:— Жә, жетеді!— деді.— Санға біткен бір толарсақ барын білесің бе?

Білемін, бірақ сол санның бір тобығы да бар ғой.

Ендеше толарсақ Қайдос та, тобығы — сен. Мына менің тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді иітіп өскен төлсіңдер. Қайдос адал өліммен аттанып кетті. Бұл жалғаңда кім қалмақ. Өгізге туған күннің бұзауға келері хақ. Оман дарияның ортасында қаңғи аққан салынды сияқтымыз... Сол Қайдостың өлгіндегі өзің айтқан "ит емген" екі ұлы барын білесің... Оларды да шешесі тасқа тауып, қасқырдың бауырына телімегені рас...

Әулие шеше-ау, тоқ етерін айтыңызшы?

Әй, ақыр заманның баласы-ай, тоқ етері керек болса — сол екі ініңді "ит емізбей" алып кел.

Мақұл.


Кесіп айттың, ойлан.

Кесіп айтқаным — шешіп айтқаным. Осындай бір киелі сапарға шығарымды сезгендей алағызып, іштей дайындықта жүруші едім.

Алдыңнан жарылқасын, балам. Көп айтып, аз айтып ескертерім — әкеңнің сапияннан тіктірген жұмсақ қоржынын беліңе буа кет. Көш сені тоспайды. Қайда аттанғанынды басқа түгіл, әкең де білмесін. Ұлы істі үндемей тындырар болар. Асығыстық — қатер, жаныңнан тастамайтын жалқы жолдасың бар, қысылғанда медеу, сүрінгенде сүйеу болсын, ол — сабыр.

Түн еді. Ай бар еді. Аспан таза еді. Сол түнгі, сол аспаннан сол ай мұңды да сабырлы нұрын салқын ғана төгіп тұрды. Қоғалы көлдің беті жыбырлап, жағасында жайрап жатқан қалың елдің ақ тілекшісіндей мінәжат айтады. Сол мінәжатты қамыс арасынан оқта-текте естіліп қалатын әупілдектің қоңыр үні қуаттайтын. Саябыр тауып, салқам жатқан дала ай сәулесіне шомылып, маңқиып түн тыныштығына бой ұсынады. Қойнын ашып, төсін керген жалпақ даланың толықсып, бір сәт тыныстауын жел екеш — жел таңсық көргендей: үзіліп-үзіліп майысып керімсал соғады. Әр үйдің есігі ашылып-жабылған сайын жер ошақта қоздап жанған оттың жарығы жалт етіп қалады. Жалт ете қалған от сәулесі жалт етпе қазақтың еміріндей, арман мақсұтының жыртың-жыртың шырақшысыңдай. Тымық ауаны тілгілеп, сумандаған жел шидім-шидім шилерді бас салып жұлмаласа, сыңсыған әлсіз үн шығарады. Сыңсыған нәзік әлсіз үн мынау қазақтың тауқымет сүргініне қарсы тұра алмай, жан жарасы ашығанда айтар хош-хошы, жан-жарасы сыздағанда айтар тәсіліміндей; өлімсіреген үн шығарып мәңгі сарғайып тұратын шилер — мынау қазақтың бақилыққа ұласар сартап сағынышындай; бірақ шидің басы үнемі сарғыш тартып тұрғанымен түбіңде жап-жасыл қияғы бар-ау, оған көз жұмбай жасауға болмас керек... Сонда әлгі жел тербеген шидің сыңсыған үні болымсыз бір үміттің, болымсыз бір мұңлы арманның, болымсыз бір ашу-кектің күндердің күні тұтанып, тұлан тұтарын, күндердің күні күркіреп-сарқырап шамырқанар, шабына от түсіп шамданар жамиғаттың басынан бағы ұшып, қолынан дәрмені кетіп, қансырап жатқанда айтар жырындай; оқта-текте шәу етіп қалар заржақ иттің үні үлкен қауіптің хабары емес, айтақшысына жағынудан шыққан қоқанлоқы ғана. Анда-санда әлгі ұйыған меңіреу түннің тыныш күйін алакөз боп тебіскен азбаңдардың арқыраған дауысы дір еткізіп бұзады. Әлгіден бері Жандостың қолынан жетелеп, ләм деместен келе жаткан Айпара мырс етіп күлді де: "Қасаң байтал екі айғырдың арасын ащы қылады" деуші еді. Екі елдің арасын араз қылатын да "бақталастық" деген байтал-ау",— деді күбірлеп. Жандос бұл сөзді толық ести алмай қалды. Ол өзімен-өзі боп оңаша келе жатқан. Әйтеуір, бар білетіні, шешесі мұны қауіпті сапарға шығарып салмақ. Ол сапардан оралар-оралмасы екіталай. Балиғатқа толмай жатып осыншалық қатты сынға түсем деп ойлап па еді. Асау үйретіп, өзі құралпы баламен жарбаң-жарбаң күрескені болмаса, қотан басынан қозыкөш ұзап та шыққан жоқ. Ащы мен тұщыны, арзан мен қымбатты парықтап көріп пе. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей-ақ көктей орылып, өлім мен өмірдің, дәмін татқалы барады. Жандос кешелі-бүгін-ақ кәдімгідей есейіп қалған еді.

Бүгінгі маужыр түннің жұмсақтығы соншалық, айлы сағымға оранып, кілкіген аппақ тылсым дүниенің тұңғиығына шым батып, жүре бергің, жүре бергің келеді. Жүре берген сайын өмірге деген құштарлығың артып, алдыңда ақсақ киіктей қашып бара жатқан сағым арманына ұмтыла түсесің. Ол сені әзәзілдей қол бұлғап шақыратын. Айлы түнде жалғыз жолға шықсаң жым-жырт боп сұлаған дала — жылаған дала ырқыңнан тыс көнімпаз күйге бөлеп, өлім тыныштығындай мәңгі тұнжыр иірімге салып, шырқ айналдырып, мең-зең, дел-сал шапағатқа бөлейтін. Айлы түн астында маңып бара жатқанында сонадайдан мүлги салбыраған көгілжім мұнар жақындаған сайын қашаң тартып, сайтандай елбектеп тұрар. Жандостың есіне қатты жауған нөсерден соң пайда болар қызылды-жасылды кемпірқосақ түсті. Кемпірқосақ қол созым жерде уықтай иіліп тұрар еді. Тамам баламен бірге жүгіріп жетіп, ұстап алмақшы болатын. Сонда әлгі шұғыла, арғы төбеге секіріп шығып кетер еді. Мұның өзі де мынау елдің тірлігіне ұқсайтынын Жандос қайдан сезсін. Ата-бабасының сағым қуып, сандалып өткенін қайдан білсін. Өзі іспетті сол сағым тірліктің, сағым бірліктің ағайындарына да еңку-еңку жылдар бойына ұстатпайтынын, ұстаймын деп жүріп азып-тозып жер қойнына кіретінін қайдан білсін. Ақ сәулеге оранып, қол үстасып, қыр асқан ана мен бала қаранасыр даланың ең соңғы үмітін, ең соңғы базарын арқалап бара жатқандай еді. Айпара-ана ұлының бетінен сүйген жоқ. Кең бітімді маңдайынан бір иіскеді де: — Ал, балам, жортқанда жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын, екі баланы тірі алып қайта алмасаң өлтіріп кет, — деді. Жандос үнсіз басын изеді. Сосын жүз қадамдай артына қайырылмастан атын жетелеп жөнеле берді де жалт бұрылып: — Хош! — деді. Енді ана үнсіз тұрған еді. Айпараның қош айтқысы келмеді. Оның есен-сау оралатынына сенген. Сенбесе жіберер ме. Ол Жандос қыр асып көзден ғайып болғанша үнсіз, ұзақ тұрды соңынан қарап. Сырттан қараған адам Айпара-ананың бұл ұрысын анау қауіпті сапарға аттанған баланың жарылқау-иысы, мынау ақ селеу даланың сақшысы дері рас. Ұлының оңынан қарап қалған Айпара-ана алғаш рет өзін сергек, бұрынғыдай емес жеңіл сезінген. Олжай-еріне айтпай өзі біліп істеген ұрлық ісінің алғашқысы осы-тын. Әйткенмен, көңілінде лоблудан гөрі, жұқалаң ғана қуаныштың хабаршы сәулесі кезіп жүргендей еді. Көптен бері зіл бо-іып басқан ежігей мұңнан шым-шымдап сейілткеңдей болған да, әлгі, тұңғыш өз көкірегін шабақтаған қуаныш сәулелері еді. Білмеген адам Айпара-ана шоласыз ғұмыр кешіп келедіге жорып, он сегіз мың ғаламда бұл кісіге тең келетін ақылды әйел жоқ деп топшылар. Бірақ, олар Айпара-ананың қайғысы: Айпара-ананын қасіреті һәмма халықтың зар-запыранынан әлде қайда мол, көл-көсір екенін қайдан білсін.

Өзін тұңғыш рет тәуір сезінгендей болған ана сағымға шомылып, қаннен-қаперсіз жусап жатқан далада тұрып, қауіпті жол — қан кешуге аттандырған ұлына арнап бата берді. Әлгінде Жандостың көзінше ақ батасын бағыштамағаны — көңілі борпылдақ жас баланы босатып алам ба дегені. Айпара-ана: Айпара-ана құбылаға бетін бұрды да: " — О, алла тағала! Менің күнәһарларға жападан-жалғыз аттанған ұлыма рахманың түсіп, жортқанда жолын қыла көр. Құдыреті күшті жарылқаушы ием, сенің қолыңнан келмейтін іс жоқ. Құлынымның жолын оңғарту үшін ешбір рәуәяттің себі тимейді.

Болайын деп бола алмай болдырып жүргеніміз – сенің кәрің емес, ақыл-таразысына тартып қарасақ — басқа біткен бағымызды өзіміз шайқап жүрсек керек. Дарқан өміріміздің қызығы кетіп, шыжығын қалдырмаймын десең, алла тағалам, мынау қойдай өріп, жылқыдай жусап жүрген халқыма анау киелі сапарға аттанған кенжеме — қара қылды қақ карған әділдікті, бір-бірін оққа байлап бермейтін қимастықты, шүленсіп өтер кең пейілді, бабасының күнәсін баласы жуар намысты бергейсің. Білемін, бұл пәниде ешкім қалған ба. Мен де өлемін. Сен қаласың тек, сен қаласың... Сонда бізден тараған ұрпаққа — басына қайғы-қасірет түсіп, одан құтылар шамасы сарқылып сандалып отырған шағында, құдыретіңе басын игіз де, тәубесін есіне түсір. Тәубесін есіне түсіргенің — тас жұтатын тәуекелшіл, әрі өз тағдырын өзгеге қолжаулық қылып, рәсуәләтпайтын кекшіл қылғайсың. Егер менің халқым қай пайғамбардың үмбетіне бағынарын білмей тығырыққа тірелсе, егер менің халқым жер ортасы көктөбеде қаңырап қалса... тезге салатын да өзіңсің.. Шариғаттың шарты бойынша, әр адам өз өмірін сақтауға міндетті, ендеше мен он екіде бір гүлі ашылмаған кенже ұлымның тілеуін — өзімді құүрбандыққа шалып тілеуге әзірмін. О жасаған ием, білесің ғой, мен сенен бес уақыт намазымда құбылаға қарап басымды сәждеге тигізем де үш ұлымның тату-тәтті ғүмыр кешуіне шарапатың тиюін жалбарына сұраушы едім-ау. Сонда менің көкейімнен аңыздарда айтылатын: туған екі ағасына жақ-сылық жасап, бірақ сол жақсылығы өзіне жәбір-жапа шектіріп, қүрдымға кеткелі түрған кенже үл иттен жақсы-лық көріп, соның арқасында байығаны, өзі жетіп алған соң екі ағасын торға қамап, әлгі итке лағыл тастың тоғы-зын тізіп, қарғыбау таққаны, алдына алтын табаққа қүйып ас қойғаны, иттен қайтқан қалдықты екі ағасына бергені әсте кетпейтін. Мен өз-өзімнен тітіреніп шошынатынмын. Сонда менің қан жұтқан жұртым көз алдыма алып қара нардай, мынау есінеп-құсынап жатқан сайын дала сол қара нарды сойып, сыпырып алып шелдеп тастаған терісіндей елестейтін. Уа, жаратушы жақсы ием, ұлым ғазиз істің жолында шейіт болса арман не, елімді сойқан соғыстан, дұшпанға таба қылар жаманаттан аулақ қыла гөр. Көз жасын көр қазақтың, әумин!"

Екінші тарау
Дала. Дала. Дала. Үш қайтара айтқан сәлемдей. Бала. Бала. Бала. Үш қайтара жолдаған сәлемдей. Дала һәм бала. Егіздің бір-бір сыңары тәрізді; дүр қыздың, һас сұлудың қос бұрымы секілді; жалғызын қайтпас сапарға шығарып салып тұрған әзиз ананың қос жанары секілді; аруананың қос өркеші секілді; көк төсінен сусылдай ұшқан қос аққу секілді. Бәр-бәрі де егізден, егіз ұғымды білдіреді. Бәр-бәрінің де бір-бірінсіз күні жоқ. Балталаса да айрылмас қосарлар. Егер осы қосақтарды айыршы, ғұмыр бойы арылмайтын күнәға батарсың. Ондай күнәға батқандар аз ба. Ондай күнәһарлардың халық лағнетіне, халық көріне ұшырағандары аз ба. Дүние, жалғанда сыңарынан айрылғаннан қасірет бар ма?!

Жандос Терісаққан өзеніне иек артқанда таңнан хабар сезіліп еді. Түнгі таусылмастай боп көрінген жалпақ дала сары жонданып, қылтима-қылтима қыраттарға ұласа бастаған. Сыпыра ақ селеу жамылған жердің өңі біртіндеп қызылкүреңденіп, биылғы күздің әдеміленген бір бабында тұрғанын аңғартқан мұқым өңір жолақ-жолақ ақбоз кейіптен шаңқан ағарыңқы түске ойысқан сайын киік жонданған адырлардың күз жаққан алакүрең бояуы көзге ұра бастады. Аспан таза, пейілді де ашық еді. Сол таза аспанды азан-қазан етіп мың сан қарғалар ұшады. Қара шегірткедей қаптаған қарғалардың қарқылы мынау ұйқысынан енді-енді ғана оянып талықсыған күйінен серги бастаған даланы уақсыз-уақ мазалағандай еді. Таң шығы мал баспаған қуарыңқы шөптің басын там-тұмдап қана дымдағаны болмаса, малшынған суға шомылдыра алмаса керек. Неше күннен бері қабағы жадыраңқы тұрған ауа райы уағы жетіп әбден піскен пішенді қаңсытып тастаған сияқты. Белінен морт-морт сына бастаған қурайлар да күзгі шақтың созалаңдап алатын ізгі ақ жауынын сағынғандай; ертеңгілікте майда самал үп етсе болды — сырнайлап қалатын. Тұрақ таппай ауада қалқып жүрген мизамдар да биылғы күздің аса жайлылығын білдіреді.



Есік пен төрдей тұрықты қара қасқаның үстіне қонып отырған қара бала түні бойғы ұйқыға жендіре бастады білем, екі беті жүдеу тартып, қайта-қайта есінеп-құсынап келеді. Оның дидары бір-ақ күнде есейіп, бір-ақ күнде кіржиіп салқын тартып кеткендей еді. Кеше шешесінің меселдесін қайтармай, ет қызуымен шығып бүгін жалғыздьықтың, жол соқтының азабы алдынан дәміл-дәміл кес-кестей бастағанда елдігі сапарынан іштей іркіліңкіреп келе жатқан. Екі түменмен ала алмаған жоңғардан екі бірдей баланы ұрлап алып шығу көзді жұмып көлге секірумен бірдей. Алып шыққанның өзінде ит арқасы қиянға ұзап кеткен көшті қуып жете ала ма. Қуып жеткен күнде емшектегі егіз ұлдың аман-есендігіне, кірпігін қимылдатып өлтірмей жеткізетініне кепілдік бере ме. Бәрі де тұманды, бұлыңғыр дүниелер. Дәл осы іс қолынан келсе — көзсіз ерлік емес пе? Жандос қара қасқаның басын тежеді. Созалаңдай аттан түсіп еді, өне бойы салдырап ұйып қалған екен. Аяғын түзу баса алмады. Екі қара саны сыздап удай ашыды. Қара-қасқаны отқа жіберді. Өзі үйдің орнындай қына басқан жалпақ қара тастың үстіне сұлай кетті. Аспанға қарады. Көкпеңбек түпсіз түңғиық мұхит іспетті шексіз де шетсіз екен. Тандайы кеуіп шөліркегенін сезді. Жанторсығын шешіп әкеп сусын жұтсам ба деп әлденеше рет оқталды, мойны жар бермеді. Қатты шаршаған екен. Көзін жұмып көріп еді ашыды-ай. Сосын көк күмбезін тесіп жіберердей тым-тым ұзақ телміріп жата берді. Ол аспанда қарқ-қарқ ұшқан қарғадан өзге, еш нәрсе болжай алмады. Осы өңірдің қожасы тек қарғалар секілді. Тым болмаса жемтік аңдыған қарақұс та шалынбады-ау көзге. Жандос шешесін ойлады. Шешесін ойлап еді: ұлым қайтарында адасып қалма, барар жолыңда әр жерге тас үйіп белгі жасап отыр, біз де бір-бір уық шанша көшерміз, — деген сөзі түсті. Атып тұрды да қожыр-қожыр қой тастарды жия бастады жан-дәрмен. Қарасүмек болып терледі-ай, сонсоң қара қасқаның ертоқымын сыпырып алды да, шідерлеп қойды. Енді бір сәтте көзіне ұйқы тығылып мызғып кетіп еді...
* * *
Жандос көзін ашқанда бас терісін сыпырып алып қаңқасын қалдырған қу бастың өзіне қарап ырсиып тұрғанын көрді. Қайта талықсыды. Енді ол көзін мүлдем ашпауға бекінген. Дегенмен сау көз қаншама тас қылып жұмсаң да түбі бір ашылмай қоймайғынын білді. Тістенген күйі, тәуекел деп, тағы да айқасқан кірпігін көтеріп еді, тағы да тісі ақсиған қу басты көрді. Жандос өзін Мүңкір-Нәңкірде жатқандай сезінген. Алғаш есі кіресіл-шығасыл жатқанда осының бәрін түсіне жорыған. Оның көз алдына күллі әлем сап-сары болып, қуарып қалғандай, тіпті әке-шешесі де осы сарғыш түске боялып, есекті теріс ерттеп мініп, бұған мойын бұрмастан өкпелей тартып барады ғой. Құлағы шңылдады. "Қай құлағым шақырды?" "Сол құла-ғым". "Жамандаған кім екен?" "Шешең". "Жоқ-жоқ, ол емес, ол өлтірер, бір-ақ туған баласын қайбаттамайды". Әлдекімдердің қарқ-қарқ күлген дауыстары, жылқының кісінегені естілді. "Құдай-ау мынау қара қасқаның кісінесі ғой. И-и, жануар-ай, ашығып қалғанын. Қой, бүйтіп қара басып жата бергенім әбестік, аттанайын. Әлі ұзақ жол бар алда. Қос інім бар. Артымда ақ батасын беріп қалған анам бар... тұрайын. Ту, көзім неге ашылмайды? Тағы да қарқ-қарқ күлкі естілді. Ол көзін ашты. Ашпағаны жақсы еді. Көзін ашып еді: Қазықтың ұшына қу бас шаншып, үңірейіп түрған төрт жоңғарлықты көрді. Олар Жандос есін жиып, көзін ашқан сайын әлгі бас сүйекті көрсете қояды екен. Жандос жаудың тұтқынына түскенін аңғарды.

Жоңғарлықтар жас баланы ермек қылып ұзақ ойнады. Өздері де мұндай "ойындарға" еті өліп, кәнікті болып алса керек. Еңгезердей-еңгезердей төрт жоңғар төрт таған жасап тұр. Ортада лаулатып жаққан от бар. Бірі баланың қос білегінен мықтап ұстап алады да, айналдырып-айналдырып әкеп, оттың ар жақ шетінде тұрған екінші жоңғарға шырқатады. Ол үшіншіге, үшінші төртіншіге... Жандос от жалынын кесіп өткен сайын жан даусын шығара айқайлайды. Сонда оның аузына құдайдың емес, тек қана Айпара-ананың есімі оралушы еді.

... Жандос енді бір рет көзін ашқанда қап-қара боп шүйлігіп, түнеріп тұрған аспанды, сол аспанда қарқылдай ұшқан мың-мың қарғаларды көрді. Қарғалар мол еді. Аспан жақындап кеткен. Ендігі сәтте найзағай ойнап, күн жарқылдады. Әлде не жарқ ете қалды да, көз алды аппақ болып, ізінше дүнияуидің бәрі қасқыр түске айналды. Тыныштық. Мәңгі тыныштық. Әлгіндегі жарқ еткен жайдың оты ма, жаудың оты ма — оншасын айырған жоқ. Әйтеуір, өзі лапылдаған қып-қызыл шоқтың ортасында жатыр. Әйтеуір өзі тірідей тозақ отына — жау отына өртенді. Құрым киізге оралған жас баланы жоңғарлар отқа тастаса керек.

Дала бей-берекет. Тағы да күркілдеп, найзағай ойнады, қарғалар қоналқы тапқан секілді. Жел тұрды да, танадай-танадай тамшылар төпелей жөнелді. Жандос жанған отқа телміріп, ағаш тастап отырған төрт жоңғар қайқы қылыштарын салпылдатып, құйын-берен шаба жөнелді қостарына.

Дүниені сел қылып жаңбыр жауды. Барша әлем "ей, бала, өртенгенің де, өртенерің дс жалғыз бүл емес" деп күліп түрғандай.

Жандос: "... Есіңде ме ана, өзің айтып отырушы едін ғой, бүкіл жаһанды тапалап өткен Шыңғысханды шешесі жіліктің майын беріп асыраған. Сен мені жілік сорғызып асыраған жоқ едің. Ақ сүтіңді беріп асырадың. Сенің алдыңдағы бақылдығымнан, бала-ау деп қомсынбай, бір түмен қолмен келіп әкете алмаған жоңғар сынды ата жауыңа жүмсағаның құтқармайды... құтқармайды. Сен әулиесің анашым, мен осындай екіталай кезеңге тап болып, кіріптар болып жатқан күйімді әлдеқашан болжай білген шығарсың. Апырай, сол жылғы қыс қандай қатты болып еді, сәуір айында тізеден жауып қалған қардан қараспанда пайда болған зауалдай шошысып, ұлардай шулаған жұртқа кеңес айтып, қамқор болған өзің едің. Осындай алапат жүт болатынын күздің қара басында-ақ бағамдасаң керек. Күздің қара басында: толайым әлеуметке биылғы қыс аса қатты боларын, ырымы жаман; жылылап шарбақтан қора жасап алуды сабақ еттің. Қолын бір сілтеп кеткендер де болды. Сонда қалың Тобықтының қақ жартысы шыбықтан бес қабат шарбақ тоқып, қойын соның ішіне қамап баққан. Ашыққан қой сәуірде жауған омбы қарда далаға шықпай сол шыбықты кеміріп жан сақтағаны әлі есімде. Иә, мен сонда шаруа малы үшін әкемнің наркескені мен егеулі найзасының түкке қажеті жоқ екенін зердеге түйгенмін, сосын білесің бе, ана, неше күн сұлап ызғарын шашып ысылдап жатып алған қарлы боранға қарғыс айтып улап-шулаған ел өзіңе жүгініп еді ғой. Сонда сен маң-маң басып тысқа шығатынсың. Тысқа шығатынсың да, құбылаға қарап үнсіз тұрушы едің. Біраз тұрдың да көкжиек пен аспанды түгелдей жіті шолып өттің. Жүзіңді ызғарлы желге тосып: желдің өті сыныпты, жылынайын дегені, аспан тым-тым шымқай көк екен, көкжиек алыстап кеткен тәрізді, — дедің. Дедің де: қара қасқа азбанды алдырдың; жылқының алды-артына жіті қарап шықтың да, қысырақтың үйіріне салуды әмір еттің. Қысырақтың үйіріне араласқан азбан бір мезгіл иіскелеп, қоқиланып жүрді де, шырқ иіріп алдына сап айдап қырға тартқан. Үйірдің артынан қарап тұрып-тұрып көзің жайнап:

— Ал, халайық, қазірден бастап қырға көшіңдер. Ой мен ойпаңда, сай мен сайлауда бірде-бір мал-жан қалмасын. Ертең түсте сел болады. Топан су қаптар, — дедің. Айтқаның айнымай келген. Жүрт тегіс төбе басына шықты. Ертеңінде түстен кейін күн тас төбеге тырмыса шығып, шыжығанда ақ көрпені айқара жамылып міз бақпай жатқан дала әп-сәтте терлеп-тепшіп ағыл-тегіл сел қаптады. Пұшпақ-пұшпағынан тер сорғалаған дала күн екіндіге таянғанда түгелдей қарайып болды. Кешқұрым қырда тұрып кеше қоныс болған жұртымызға көз тастағанымызда қоқыр-соқыр, сынған науа, шолақ уық қаңсыған шаңырақ, көтерем малды іліп алып аңдыздата айдап буырқанып жатқан қар суын көргенбіз. Таудан көшкі түсіп, Олжай өзені таң атқанша күркіреп-сарқырап жатқан. Сонда сенің піріңе табынған қайран ел, жағасын ұстап, кейбірі шошынған, кейбірі шын адал көңілімен көзіне жас алған. Құдай-ау, сол бір аласапыран қым-қуыты мол, саба пісіп, тай үйретуден басқа ермек жоқ жылдар жылжып-жылжып артта — көзден таса, көңілден шет болып, бұлдырап қалған екен­ау. Сол жылдардың ең кереметі — туған жер, өскен елдің суын ішіп, жер ошаққа өз шаңырағымыздың түтінін түтету екен-ау. Шешемнің оң қалтасыңда Олжай өзектің шытқа түйген бір уыс топырағы өлі жүр емес пе. Біз қайда көшіп бара жатқанымызды және ол жердің қаншалықты құйқалығы беймәлім, жерсінеміз бе, әлде құндыздай шұбап қайтып келеміз бе; мүмкін, әкемдер айта беретін Ұлытауға тартамыз ба? Шығар күнді мандайға алып, жосылып бара жат-қан көш, бәлкім сендер сол жұмбақты жерұйыққа менсіз-ақ барарсыңдар. Мен енді жоқпын сендерге... Өзіме де сол керек, қара басып қалғып кетіппін ғой. Атаңа нәлет қу жоңғар, қайдан ғана тіміскелеп жүр едің сол маңды. Менің есімде тек жалпақ көк тастың үстінде жатқаным, сосын түсімде тамам балалармен Олжай өзектің ар жағынан жидек тергенім ғана қалыпты. Үйбай-ау, мен неге өртеніп кетпей жатырмын. Жүрегім соғып түр... бірдеме тырсылдайды, аузыма құйылған не?... Қан шығар... Құдай-ау, неге өртенбеймін мен..."

Нөсер шелектеп құйып тұрғандай.

Жоңғар жаққан от пысылдап бағана өшіп қалған.

Жандос тірі жатыр.


Каталог: exhibitions -> Bokey kaz -> docs
docs -> Ай астында: Қан жылап жетімсіреген қараша үй қалды; қара жамылған жесір әйелдің мұңдықты басы қалды
docs -> Оралхан бөкей кербұҒЫ әңгіме
docs -> Шарықтыбұлақтың Марқакөлге құяр айлағында сыңарын атып тастаған сарала қаздай болып, жалғыз ғана қараша үй отыр. Үй жалғыз болса да, өріске маңқыстап шығатын малдың қарасы мол
docs -> Шешемнің замандасы еді. Біздің үйдің қыр жағында тұрады. Ақарлы-шақарлы, бала-шағасы көп адам. Ерінен ерте айрылған. Соғысқа кетіп, содан хабар-ошарсыз жым-жырт жоғалған. Тастай батып, судай сіңіп кеткен
docs -> Апамның астауы
docs -> Осындайда бойыңды кернеген суықты қуып шығар айла іздейсің; осындайда "жойылсын бұйығы тірлік!" деп жар салғың келеді
exhibitions -> Вторая Международная Бизнес – конференция: «Иран-Россия. Импорт-экспорт фруктов, овощей, рыбы, зерновых, продуктов питания и оборудования»
exhibitions -> Изложение за здраве „алея на здравето" отново в ндк от 27-ми до 31-ви октомври 2010г. Нов едноминутен тест за оценка на риска от остеопороза ще бъде представен на „алея на здравето"
docs -> Мен бүгін ауылдан хат алдым. Тасқа басылғандай әп-әдемі тізілген жазу бұл хатты қарындасым Мәнсия жазғанын айнытпай танытып тұр еді
docs -> Мен ол кісіні жыл сайын көремін. Өзгермеген. Баяғы, бала кезімде "хат бар ма, аға" деп, күн-күн сайын жылтыңдап барып тұратын кездегі қалпы десем, сәл жалғандау болар


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет