Алғашқы жұмысшы толқулары Қазыналы қарашаңырақ



жүктеу 40.73 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі40.73 Kb.
: irbis64r 01 -> Kraeved -> Karagandy tarihy
Karagandy tarihy -> Тоқырауды тудырған толқу
Karagandy tarihy -> Зобалаң жылдарында Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Стахановшылар қозғалысы Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Донбастан түскен десант Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Облыс картасы алдында
Karagandy tarihy -> Қазыналы құтты өлке Қарағанды облысының құрылғанына – 70 жыл
Karagandy tarihy -> Қарағанды облыс орталығЫ
Алғашқы жұмысшы толқулары

Қазыналы қарашаңырақ
Қазақстан тарихында Орталық Қазақстандағы тау-кен завод өнеркәсібінің дамуы өлкеде пролета-риаттың тууына жол ашқаны айтылады. Атақты Столыпин реформасынан кейін Ресейдің оңтүстік-шығыс өңіріндегі қазақ жеріне де сан мыңдаған кедей-кепшік жөнкіле көшкен. Солардың бәрінің бірдей ауыл шаруашылығымен шұғылданып кетуіне жағдайлары болмады. Егін шаруашылығындағыларға да өңірдің аса қатал табиғаты жеңіл тимеді.

Содан келімсектердің бір бөлігі өлместің күнін көрді. Қарағанды аймағындағы алғашқы өндіріс орындарының ашылуы елді елең еткізіп, оларды осында жөңкілте көштірген. Сондықтан да Қарағанды жұмыс күші ең арзан өңір ретінде саналды. Билік басындағы ағылшындар өздері сонау қиырда жатып, аймақты өз өкілдеріне басқартады. Олар кен жұмыстарын жүргізу үшін маман жұмысшыларды Оралдан, Ресейдің Оңтүстік және Орталық губернияларынан келісім-шарт бойынша жалдап әкелсе, ақысы төмен, ең ауыр жұмыстарға қазақтың тақыр кедейлері, жергілікті байлардан тығырық көрген еті тірі жігіттер қабылданады. Қазақ жұмысшыларының көрген күні адам айтқысыз болған. Маман ретінде сырттан келгендерге көз көрім жалақы төленсе, 12-14 сағаттық жұмыс күні үшін кенші қазақтарға 70 тиыннан 1 сом 40 тиынға дейін ақы төленеді.

ХІХ ғасырдың соңына таман Қарағанды кенішінде барлығы 500-ге тарта адам еңбек еткен, солардың 400-і қазақтар болатын. Бұрындары көшпенді өмір сүрген қазақтар ендігі жерде бір жерге шоғырланған соң өздерінің күнкөрісін, қиын жағдайын бірлесе отырып ойланатын жағдайға жетеді. Бір жерге шоғырлану әлеуметтік мәселені бірлесе шешуге мүмкіндік береді. Тап осы кезде ішкі Ресейде қаратабан жұмысшылардың ереуілі, өз тұрмыстарына, алатын еңбек-ақылары мен жұмыс жағдайына деген өкпе-реніші өсіп, оның өзі жаппай ереуілдерге ұласып жатқан. Сырттан келген жұмысшы мамандар ішінде революциялық рухтағы көзі ашық, интернационалистер де аз болмады. Солардың бас болуымен алғашқы кәсіподақтар ұйымдастырыла бастайды.

Аз шығынмен көп пайда табуға ұмтылған өндіріс иелері жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыс жағдайына немқұрайлы қараған. Мұның өзі ішкі наразылықты күшейтіп, алыс болғандығына қарамастан иен дала төсіндегі өндіріс орындарының ішкі Ресейдегі, Оралдағы, тіпті Петербургтегі оқиғалардан, саяси ахуалдан хабардар болуға деген құштарлығын арттырды, тіпті байланыс жасап тұруына да әкеліп соғады. Бұл кезде қазақ даласы Ресей патшалығының иелігінде дегені болмаса, ондағы барлық өндіріс орындарын немістер, ағылшындар, француздар қарауына алып, қызығын солар көріп жатқан.

Тарихтан белгілі, Қарағанды өңіріндегі, атап айтқанда, Спасск заводы мен Қарағанды кенішіндегі жұмысшылардың тұңғыш ереуілі 1903 жылдың қараша-желтоқсанында болды. Бұл Ресейдегі пісіп-жетіліп келе жатқан революциялық қозғалыстардың Арқа жеріне жеткен жаңғырығы еді. Ол Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясының қарсаңы болатын. Астыртын үйірмелер құрылып, Қарағанды өңірінде де «Шетел интервенттері арамыздан кетсін», «Қара халыққа зорлық-зомбылық көрсетілмесін» деген ұрандар көрініс берді. 1905 жылдың 9 қаңтарындағы қайғылы оқиғалар Еуропа елдері тәрізді қазақ даласын да, оның ішінде тұңғыш жұмысшы табы қалыптаса бастаған Қарағанды өңірін де дүр сілкіндіреді. Патша өкіметіне қарсылық білдірген митингілер мен ереуілдер, бас көтерулер, толқулар көрініс берді. Ол стихиялы емес, белгілі бір түрде ұйымдасқан толқулар еді. Оның басында «Орыс-қырғыз одағы» тұрды. Осы одақ жұмысшылардың саяси белсенділігін, олардың өз құқықтары үшін күресуге деген ынта-жігерін арттыруға үлкен үлес қосады.

Одақтың ұйымдастыруымен 1905 жылдың желтоқсанында Өспен руднигінде үлкен ереуіл өтеді. Оның басты ұйымдастырушылары П.Топорнин және Ә.Байшағыров тәрізді азаматтар болған. Егер бұған дейін өкпе-наз, реніш, әлеуметтік жағдай төңірегінде өрбіп келген болса, енді экономикалықталаптармен қоса саяси мәселелер де алға тартылады. Ереуілге шығушылар жұмысшылардың жиналыстарында бірнеше рет талқылаған петицияны рудник меңгерушісіне тапсырады. Бұл петиция 1906 жылы 5 қаңтарда «Сибирская жизнь» газетінде жарияланды. Ресейдің далалық аймақпен жақын тұсы саналған Омбыда РСДРП-ның комитеті жұмыс істеді. Орталық революциялық қозғалыстың бір жермен шектелмей, елді жаппай қамтуына мүдделі болды. РСДРП-ның Омбы комитеті ішкі Ресеймен тығыз байланыста еді. Қазақ даласындағы революциялық толқулардың өрістеуіне осы комитеттің тигізген ықпалы аз болмады. Оның құрамында қазақтың озық ойлы азаматтары да болды. Олар әсіресе қалыптасып қалған Қарағанды, Спасск және Өспен өндіріс орындарындағы жұмысшылар арасындағы үгіт жұмысын жандандыра түсті.

Осы орайда өндіріс орындарының ашылып, халықтың бір жерде топтаса жұмыс істеуі арқасында қазақ пролетариаты қалыптасып, олардың арасынан көзі ашық азаматтардың да молынан шыққанын айту керек. Қарағанды өңірі қазақ халқының көзін ашты, олар күнделікті куйкі тіршілік соңында байланып қалмай, ендігі жерде әлемдік оқиғалардың бел ортасын-да болу қажеттілігін ұғына бастады. Саяси жағынан жетілді. Спасск, Қарағанды өндірістері елімізге есімдері танымал ірі қоғам қайраткерлерін қалыптастырып шығарды. Ол туралы жерлес жазушымыз Ғабиден Мұстафиннің еңбектерінде кеңінен баяндалады.

1917 жылдың көктемінде құрылған жұмысшы, солдат және шаруа депутаттарының Ақмола советі Қарағанды кенішіндегі және Спасск заводындағы жұмысшы қозғалысына жетекшілік етіп отырды. Пат-шаның тақтан тайғаны туралы хабарды өңір халқы қуана қарсы алды...

Халық комиссарлар кеңесі 1918 жылғы 11 мамырда Спасск мыс қорыту заводын мемлекет иелігіне алу жөнінде қаулы шығарды. Оған халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В.Ленин және халық комиссарлар кеңесінің іс басқарушысы В.Бонч-Бруевич қол қойды.

Алайда революция жеңісінің далалық аймақтарға жетуі үшін әлі де көп уақыт қажет еді. Сондықтан да болар, ағылшындар Қарағанды өңіріне 1920 жылға дейін иелік етеді. Қарағанды аймағы тек сол жылдары ғана ақ гвардияшылар мен интервенттердің қолынан босатылған, ағылшын алпауыттары тек осыдан соң ғана Қарағандыдан кетуге мәжбүр болды. Ағылшындардан мирас болып қопарылған және суға толған шахталар мен іске алғысыз басқа да шаруашылықтар қалды. Азамат соғысы жылдарында көмір өндіру мүлдем доғарылып, көмір кеніші 1929 жылға дейін консервацияда тұрды.


Аман ЖАНҒОЖИН,

Ермағамбет ЛҰҚПАН.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет