«Ана тілі» газеті Өмір мен өлең аудитория эссе



Дата28.04.2016
өлшемі155.01 Kb.


«Ана тілі» газеті
Өмір мен өлең
АУДИТОРИЯ

Эссе
Машина, машинка және ұстаздар
Қатысады, әрине, дәріске де,

Тойлардан да қалмайды,

қала алмайды.

Ылғи үлес қосады вальске де,

Әр жаққа алаңдайды.

(Ертай Ашықбаев,

«Журфактың студенттері»)
Каз ГУ-дің бүгінгі аудиторияларына кірген адамның шыққысы келмейді. Техника дегенің тіреліп тұр. Жарықтық Ыбырай атам айтпақшы, «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ғаламтордың заманы. Ілгерідегі ата-ана оқудағы баласынан айына-жылына бір хат алса, жүрегі жарылардай қуанатын. Қазіргі ата-ана ұлы мен қызының сабақта не істеп отырғанын, емтиханды қалай тапсырғанын бақылай алады. Сан-мың ақпаратты миына жинаған компьютер сенің балаңның бар сабақтан алған бүкіл бағасын көз алдыңа тізіп береді. Бір аудиторияда отырған профессор басқа бір қаладағы студенттерге бейнебайланыс арқылы лекция оқиды. Мысалы, Каз ГУ-дің ректоры, академик Бақытжан Жұмағұлов өз оқу орнының залында отырып-ақ, заматында өзге елдердегі әріптестерімен алқалы кеңес құра алады. Бұл қазіргі ахуал.

Ал бір кезде аудиторияларда техникалық құрал-жабдық жағы тапшы болатын. Журфакта техника дегеннен абажадай жазу машинкасы, радиохабарды монтаждайтын есік пен төрдей дәу темір жәшік, көтерген адамның иығын майыстыратын көне репортер ғана тұратын. Олардың өзі талай заманнан қалған ескі-құсқы бірдеңелер еді. Өзге елдер компьютердің алғашқы үлгілерін пайдалануға әлдеқашан көшіп кеткен кезде біз жазу машинкасын басу техникасын «он саусақты соқыр әдіспен» жылдар бойы үйреніп жатар едік. Бірақ оның есесіне, ақпараттың бәрі студенттердің ортасындағы жалғыз ұстаздың миында жүретін. Соның бар білімі, жиған тәжірибесі сан мыңдаған ұрпақтың ой-санасын қалыптастыратын. Сол ұстаздар бірнеше буынның өкілдерін тәрбиелеп, түлетіп ұшырды. Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының тізгінін ұстап отырған марқасқалардың бәрі де осы оқытушылардың оқшантайынан шықты.

Қазір кез келген оқу орнының алдында студенттердің машиналары иін тіресіп тұрады. Көліктің көптігі соншалық, автотұраққа сыймайды. Каз ГУ-де де солай. Машинаның жеті атасы бар мұнда. Ұзындығы есік пен төрдей жайынбас жалпақтары студенттердікі. Терезесіне сызат түскен, есігі ептеп сырылған қоңыртөбелдері мен сыны кетіңкіреген сүлікқаралары оқытушылардікі. Себебі бүгінгі студенттің көбісі — бай-бағыланның балалары. Солар сабаққа томпақ машина мініп келіп, томпиып отырады. Олар сабақта жүргенде сыртта жайынбас көліктер көздің жауын алып жайнап тұрады. Заманның жақсарып, тұрмыстың түзелгенінің бір белгісі осы.

Ал бір кезде студенттер де, оқытушылар да сабаққа троллейбуспен келетін. Заулап келе жатқан көліктің төбесіндегі қос сырығы желіден оқыс шығып кетсе, ұстаз да, шәкірт те жалп етіп бірге құлайтын. Екеуі де: «Троллейбус, трамвай, Жүрісің қойды-ау, бір оңбай!», — деп еңсесін қайта тіктеп жататын. Яғни, троллейбустың ішінде ептеген әлеуметтік тепе-теңдік бар еді. Орындықта отырған студент есіктен кірген ұстазын көзі шалып қалса, лып етіп, орнынан тұрып кететін-ді. Қазір студенттің өңкиген еңселі көлігі оқытушының жадағайлау «темір тұлпарына» орын бере қоймайды. Темір екеш темір де жұпыны техникаға шекесінен қарайды. Бұл да заманның өзгергенінің тағы бір сипаты болар.

Сол сабаққа троллейбуспен келіп, себелеген жаңбырда қолына арзан қолшатыр ұстап, қарапайым киініп жүретін оқытушыларға кейбір имамға ұйығандай ұйыйтын едік. Шетел әдебиетінен оқитын дәрістерінің қызықтылығы соншалық, аудиторияны сиқырлап тастайтын Галина Морозова мен Светлана Сагалович, ешкімнің тісі батпайтын ғылыми коммунизм пәнінің өзін тартымды етіп түсіндіретін Күзек Назханов және басқалар шын мәніндегі шебер лекторлар еді. Журфактың өз оқытушылары да ешкімге ұпай бере қоймайды.

Әр оқытушының сабақ беру тәсілі әр түрлі. Тауман Амандосов лекциясы біткенше тікесінен тік тұрып, әр сөзін нығыздап түсіндіреді. Ара-тұра: «Ай, бұл сендерге қол емес мамандық қой, бекер таңдағансыңдар», — деп қыздарға шүйіледі. Содан біздің қыздар оны көрсе кірпідей жиырылады. Темірбек Қожакеев фельетонның теориясын миыңа шегелеп тастайды. Алуан түрлі мысалдармен тұздықтайды. Кейде образға кіріп, бет-жүзін құбылтып, әлдебір кейіпкердің кейпіне енетіні бар. Бірақ оның сабағы қаншама қызық болса да рахаттанып тұрып күле алмайсың. Дауысың қаттырақ шықса, сен жаққа жалт қарайды. Сол кезде жым боласың. Күлкіңнің құйрығы шолтаң ете қалады. Әбілфайыз Ыдырысов газет-журналды безендіру техникасы пәнінің өзін қызғылықты етіп ұқтырып, алуан түрлі ойға жетелеп, «Алпыншақты-салпыншақты, ксилі, псилі», — деп студенттерді желіктіріп әкетеді. Әбілфайыз ағамыздың лекциясында айтылатын ең кіші кегль — нонпарельдің қатты ұнағаны соншалық, студенттер өз арасындағы бойы кішкене қыз-жігіттерді солай атайтын. Намазалы Омашев лекция бастардың алдында «Соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндірем, ертеңгі күні солай етіп сұраймын», — деп мәселенің басын ашып алады.

Бірде кураторымыз Мамытбек Қалдыбаев «Очерктегі қиял» деген тақырып бойынша лекция оқыды. Очерктің теориясын әріден қозғап, батыстан қайырып, шығыстан шиырып әкелген ағайымыз кенет бір ұзын-сонар хикаяға кірісіп кетті. Оңтүстік Қазақстанның бір ауданында болған оқиға сияқты. Аса селт еткізерліктей нәрсе емес. Содан соң біз де өз ойымызбен әуре болып, күбір-сыбыр әңгімеге көшкенбіз. Бір кезде қасымда отырған Нұрмира Әлішерова шынтағымнан түртеді:

— Ойбай, тыңда... Мамытбек ағай қып-қызыл төбелеске қатысайын дап жатыр.

Елең ете қалдым. Төбелесі несі?! Басымды көтерсем, Мамытбек ағай екі білегін түріп алған, екіленіп сөйлеп тұр.

— Содан әлгі сойқан жұрттың бәрін жәбірлегені аздай менің ең жақын адамыма қол көтерді ғой. Өзі ірі, мына мендей екі бар. Қаным басыма шапсын. Артқа шегініп келдім де, бүйтіп атылып барып, құлақ шекеден қондырдым. Кескен теректей болып сұлап түсті сабазың...

Мәссаған, бүкіл курстың әңгімесі сап тиылған. Елу студент кірпік қақпай, әліптің артын бағып отыр. Мамытбек ағам балуан денелі болғанымен шыбынның шекесінен шертпейтін момақан адам сияқты еді. Студенттерге ешқашан дауыс көтермейтін соншама мейірбан кісінің бойына мынадай дүлейліктің табан астынан қалай біткенін білмей дал болып отырмыз.

«Төбелеске» қызынып кіріскен Мамытбек ағай мұнымен де шектелмеді. Майдан хикаясын әлі де толассыз баяндай берді.

— Үстіне секіріп шықтым да, қос аяқтап тұрып, кеудесінен керзі етікпен бір тептім. Анау қимылсыз қалды...

Сөйтіп, менің Мамытбек ағам Шәуілдірдің бе, Шаянның ба, әлде Леңгірдің бе, әйтеуір өзі туып-өскен жылы жақтың жергілікті Кинг Конгінің «жұлынын үзіп» тынды. Елуіміз де екі иінімізден демалдық. Жаса ағай, жеңіс құтты болсын! Қой, бұдан кейін ұстазымызбен айбайлап сөйлеспесе болмайды екен. Кім біледі... Кейде балалықпен аузымызға не келсе, соны айтамыз... Енді бәрімізді толғандырған бір сұрақ: Содан соң не болды?

«Майданнан» мерейі үстем болып оралған Мамытбек аға қалтасынан көлдей беторамалын алып, терін сүртті. Төбелестің тарланына, айқастың арланына айналып сала берген ағамызға жүдә риза болып, біз отырмыз. Сәлден соң құпияның құлпын өзі ашты.

— Негізінде олай болған жоқ, балдар. Сол жолы қатты қапаландым. Әлгі есерсоқ дүлейді осылай сілейтсем деген қиялым еді бұл менің... Очерктегі қиял дегеннің мағынасы міне, осындай болады...

Сөйтсек, ұстазымыз әдепкіде біздің өзін жөндеп тыңдамай отырғанымызды аңғарып, осындай әдістемелік тәсіл қолданыпты. Бұл тәсілдің сәтті шыққаны соншалық, міне, ширек ғасыр өтсе де ұмытқанымыз жоқ.

Лекция, семинар және шәкірттер
Ерте жатпақ ойда жоқ,

кеш тұрады,

Кеуделерге о қайтіп, саз қонады?

Бұларды баптамайды ешкім әлі,

Бапсыз піскен тамақ та аз болады.

(Ертай Ашықбаев,

«Журфактың студенттері»)
Лекцияда студенттің бәрі бірдей. Шетінен зейін қойып тыңдап отырған секілді кейіп танытқанымен қайсысының ойы қай қиырды шарлап кеткенін білмейсің. Айтқаныңды кім қалай қорытатынын бажайлай алмайсың. Міне, осыны анықтау үшін семинар сабақтары өткізіледі. Семинарда өзіңді-өзің танытуға, лектордың сөзін саралап, өзіндік тұжырым жасауыңа мүмкіндік беріледі. Семинарда көсіліп сөйлеуіңе, яғни, оқытушыға милау емес екеніңді дәлелдеуіңе болады. Семинар талайдың бетпердесін ашады. Ерте жатып, кеш тұратын студент қайбір сабаққа дайындалып жетістіреді дейсің. Оқытушы оқымаған жерімнен сұрап қала ма деп қыпылықтап отырасың. Біздің студент кезімізде СОКП-ның тарихынан дәріс беретін Сабырхан Смағұлов өткізетін семинар жақындаған сайын Бауыржан Үсенов былай деп жырлайтын:
Біз тарихты тастадық бір-ақ ұрып,

Өзімізше көрсетіп қырағылық.

Бірақ ертең семинар сабағында,

Бәрімізді сабайды-ау Смағұлов...
Бірақ Сабырхан ағамыз Бауыржан жырлағандай соншалықты қатал емес. Тек әдемі жымиып отырып-ақ діңкеңді құртады. Қауіптеніп отырған тұсыңды дәл тауып, сыпайы ғана сауал тастайды. Содан сең соққан балықтай болып, қалима күйге түсесің. Ол кезде жас болса да өзі пәнін жетік меңгерген Сабырхан Смағұлов жай ғана езу тартып, сенің жауабыңды шыдамдылықпен күтеді. Бүгінде сол Сабырхан ағамыздан бұрын біз ғылым кандидаты, ғылым докторы болдық. Бірақ әлі күнге дейін көшеден Смағұловты ұшырастырсақ, оның алдында, тарих алдында кінәлі адамдай кібіртіктеп қаламыз. Тарих пәнінің кез келген тұсынан тосын сауал қойып, сілеңді қатырайын деп тұрған секілді көрініп кетеді. Өз мамандығын шексіз сүйген адамның қашанда еңсесі биік тұрады.

Курстасымыз Ыбырай Бекжігітовтің мынадай бір өлеңі бар еді:


Кейде мені таңса да жалпы өсекке,

Өмірімді құрмаймын жарты есепке.

Ұлылардың жазғанын оқып жатам,

Суық пәтер, темір тор, тар төсекте...
Қай студенттің жалдаған үйі жылы болушы еді? Ыбырайдың Манаев көшесіндегі пәтерінің өте суық екенін, төсеніш-торының жырым-жырымы шыққан керуеті бар екенін білеміз. Сондықтан: «Ыбеке, қай ұлы адамның қай шығармасын оқып жатқан едің?», — деп сұраймыз. «Не оқиын, Маркс пен Лениннің томдарынан конспект жасап, семинарға дайындалып жатырмын да», — дейді ол.

Маркс пен Лениннің еңбектерін оқуды Темірбек Қожаекев те көп талап етеді. Олардың сатира туралы тікелей не жанамалап айтқан пікірлерін міндеттеп оқытады. Соның бәрін көзіңнен сораңды ағызып отырып жаттатады. Сабақ беріп тұрып, «Ай, бұл Лениннің де айтпағаны жоқ қой!», — деп өзінен өзі риза болып, қарқылдап күледі. Қосылып күлейік десек, әуелі күн көсемнің рухынан, сосын темірдей қатты деканның түрінен сескенеміз. Содан кейін отырып алып ойлаймыз. Ленин атам өзі аш-жалаңаш, өзі күркеге тығылып, қашып-пысып жүріп, елу төрт жыл ғұмырында елу бес томды қалай жазып үлгерген? Дүниенің апыр-топырын шығарып, асты-үстіне төңкеріп тастаған аса дарынды ғұлама сабақ кезінде осының бәрін игеру бізге қиын боларын неге ескермеді екен?

Ұстаздарымыз ол кезде қалың-қалың конспектілер жаздырады. Мұның бір пайдасы, өз қолыңмен жазу барысында шығарманың мазмұны есіңде жақсы сақталып қалады. Бүгінгідей бар мәліметті лезде интернеттен сауып алып, әлдебіреудің дүниесіне иелік ете салмайсың. Кітапханаға барып, арамтер болып, бәрін де өз қолыңмен толтырасың. Жалпақ томдарды әуелі сипалап, сосын парақтап көресің. Керек нәрсеңді түгел қарайсың. Сөйтіп, конспект жазуға отырасың. Яғни, өзіңнің азды-көпті еңбегің сіңеді. Бірақ конспектінің де конспектісі бар. Біреу қойылған талапқа сәйкес, көп кітапты оқып, түсінгенін қорытып жазады. Екінші біреулер қолына түскенін жаппай көшіріп шығады. Кейде жалғыз конспекті талай студентті тығырықтан алып өтеді. Қадыр ақын айтқандай, «Алматымыз — жастықтың бағы іспетті, Қаншама гүл сол бақта қоныс тепті. Бір жігітте он түрлі ой-арман бар, Он жігітке бір ғана конспект».

Күндізгі бөлімде оқуға отыз төрт жасында түскен мінезі қыңыр Аманғали Дайрабаевтың оқытушыға конспект ұсыну тәсілі мүлде бөлек. Ол өмірі өзі жазбайды. Конспектіні курстың жазуы әдемі төрт-бес қызына бөліп жаздыртады. Әрқайсысының жазуы мәнері әр түрлі, яғни, бір адамның қолынан шықпаған дүние екені бадырайып көрініп тұр. Онда менің Аманғали ағамның шаруасы жоқ. Ұстазға конспектінің бірінші бетіне автограф жазып ұсынады: «Ешкімнен артық баға күтпеймін. Тек түсінсе болғаны. Автор». Осыдан кейін оны қай оқытушы жақсы көруші еді. Күнде қызыл қырғын. Әбекеңнің кедір-бұдыр мінезін өзге курстың ақындары да тілге тиек етеді. Біздің Күлдір Ізтілеуовамен айтысқан Мұратбек Оспанов бірде: «Үлгі болар бұл өзі емес қылық, Жөн еді ғой жүрсе егер кеңес құрып, Дайрабаев дейтұғын ағайларың, Ұстаздармен ұстасады деп естідік», — деп қойып қалды. Бірақ оның сөзі Дайрабаевтың мыңғырына дыңғыр еткен емес.

Аманғали ағамның өндірістік тәжірибесінің материалдарын салған папканың сыртын қалай толтыратынын көрсең, күлкіден өле жаздайсың. Өндірістік тәжірибесінің жетекшісі атышулы Темірбек Қожакеевтің өзіне былай деп жазып ұсынады: «Аманғали Дайрабаевтың желдің өтінде, аңызақтың астында терлеп-тепшіп, ала жаздай шапқылаған еңбегінің жемістері». Әншейінде аюдай ақырып шығатын Темкең оған келгенде екі иығы селкілдеп, бүкіл денесімен күліп отырады.

Бірде араб тілінің оқытушысы Мәрзия Мәженова Аманғалидан сабақ сұрады. Қазақ тіліндегі сабақтардың өзіне жүрдім-бардым дайындалып келе салатын Әбекең араб тілін қайтсін, қиналған жері осы болды. Апай сұрақтың бірінен соң бірін жаудырып жатыр. «Қан мен тердегі» Сүйеу қарт секілді Әбекең үнсіз. «Ең болмаса, бір сөздің қазақша аудармасын айтшы. «Дажажатун» деген не?», — деді апай әбден таусылып. Жан-жақтан: «Тауық, тауық», — деп сыбырлап жатырмыз. Даусымызды қатты шығарайық десек, Мәрзия апайдан қорқамыз. Ал жай сыбырды Әбекең естімейді. Бір кезде сөздің сұлбасын шамалады-ау деймін: «Білмеймін апай, тауық па бірдеңе шығар...», — деді өз-өзіне сенімсіздеу дауыспен. Мән-жайды ұққан Мәрзия апай күліп жіберді.

Студент күлдірсе де, бүлдірсе де жарасып тұратын шақ еді ол.
Мақала, газет және ақындар
Мінеки,

ұқсамасаң тумағырлар,

Көріңдер, таң қалыңдар.

Беу, күндер, әрлі-берлі зауладыңдар,

Әрине, зарладыңдар.

(Ертай Ашықбаев,

«Журфактың студенттері»)
Ұстаздарымыз сабақ үстінде журналистік шеберлік пәнінің де материалдарын қалай игергенімізді тексереді. Баспасөзде жиі көрініп жүретіндер еңселерін тік ұстап, етектей мақалаларын ұсынып жатады. Жыл бойы сайран салып, бас-аяғы бір-екі мақала жариялауға қолы тимегендер де тығырықтан шығудың жолын табады. Типографияға барып, таныстарымен келісіп, қорғасынға құйылып, қатталып жатқан беттегі әлдебір материалдың авторын ауыстырып, орнына өз атын қойып, қағазға бастырып алады да ұсына қояды. Арғы бетін көрсетпей ақ параққа желімдеп тастасаң, газетте жарық көрген мақаладан еш айырмашылығы жоқ. Ақкөңіл ұстаздардың көбісі соған кәдімгідей сенеді. Бірде бүгінгі журналист-жазушы Құлтөлеу Мұқашев әлгіндей әдісті қолданып, бірақ байқамай қалыңырақ қағазға бастырып әкеліп, ұрлығым білініп қала ма деп қыпылықтап отырса, профессор Амандосов: «О, о-о-о! Жорнал ғой мынау!», — деп мәз болыпты. Шәкірттерінің әр жетістігіне қуанатын қайран ұстаздар-ай...

Аудитория — тек мағыналы дәріс пен өрісті өнегенің ғана орны емес, шығармашылық ізденістің де отауы. Дәріс тыңдаушылардың ішінде қазақтың талантты ақын қыз-жігіттері отырады. Жақсы жырлардың көбі аудиторияларда жазылады. Кейбір лекторлардың бірсыдырғы дауысы жалықтырған соң, әйтеуір бірдеңемен айналысуға тура келеді. Содан ақындар сабақ үстінде өлең жазады. Өлеңге қыры жоқтар қысыр әңгіме айтып уақыт өткізеді. Іш пыстыратын лекциялардағы мұндай мүмкіндікті тілінің түрпісі бар сатирик ақын Балапан Базар да қалт жібермейді. Жатақханадағы көрген-білгенін қағазға түсіріп, комендант пен тәртіп жасақшыларын кекетіп-мұқатып, сықақ өлеңге айналдырады:


Қару етіп қолымдағы папкіні,

Теріс киіп басымдағы шәпкіні.

ОКД-ға түсіп қалсам, бір күні

Деканатқа апармапты актіні.
Су ішіп ем, суға шөлім қанбады,

Газга барып, от қойып ем, жанбады.

Содан кейін бұрқылдатып шай қойдым,

Комендантша ток шәугімді алмады...
Бірқатар жұрт сабақ үстінде терлеп-тепшіп «газет» шығарып жатады. Дәптердің бірнеше бетін қамтыған кәдімгі газеттің кішкене ғана үлгісі. Студенттер осыған бар күшін салады. Алдымен макет сызылады. Содан соң материалдар түзіледі. Енді біреуі соның бәрін маржандай жазуымен қағазға түсіреді. Сипаты жағынан келгенде Намазалы ағамыз жиі айтатын сары басылым. Айдарларынан адам шошиды. «Тонап едік, қорытындысы қандай?», «Берсең — қолыңнан, бермесең — жолыңнан», «Жезөкшенің жан сыры», «Адам адамға дос, жолдас және көңілдес» т.б. Өстіп сабақ үстінде еңбектеніп шығарған титтей бұқаралық ақпарат құралы қолдан қолға тимей оқылады. Студенттерге не керек, қылжақ керек. Бірін бірі қажаған, іліп шалған дүниелерді жиі жариялап жатады. Бір қызығы, бұлар өз деңгейіндегі сөз бостандығын орнықтырған басылымдарын баяғы Бабушкин мен Бауман секілді киімінің ішіне жасырып әуре болмайды. Жұрттың бәрі оқиды. Тіпті кейде баламен бала болып желіккен ұстаздарымыздың өзі де шағын газетке шырайлы көзбен зер салып, күлімдеп отырады. Студенттер сабақ үстінде тек «газет» шығарып қана қоймайды. Алуан түрлі кітапшалардың үлгілерін де жасайды. Осының бәріне асқан құмарлықпен кіріседі. Сөйтіп, «Самиздат» сабақ үстінде үздіксіз өнім әзірлеп жатады. Сірә, мамандыққа бейімдейтін тәжірибелік дәрістердің аздығынан болуы керек, әйтеуір болашақ журналистер мен баспагерлер ара-тұра осындай іс-қимыл танытып қояды.

Аудиториялар үзіліс кезінде де тиімді пайдаланылады. Біреу ән айтады, біреу мінберге барып, деканның дауысын салады. Екеу екеу болып ақындар айтысына түседі. Айтысқа өзімізден қарсылас табылмай қалса, көрші курстан Бағдат Қашқынбаеваны шақырып келеміз. Бағдат — ешкімнен беті қайтып көрмеген табанды ақын. Сөздің ұйқасына да, құйқасына да қарамай, Айсаның әдісімен тіркесті түйдек-түйдегімен лақтырып, курс-мурсыңмен қосып, екі аяғыңды бір етікке тығады. Абырой болғанда, үзіліс бітіп, ұстаз аудиторияға кіріп келіп, жаның қалады. Өнердің мұндай түрлеріне қыры жоқтар үзілісте қызу әңгімеге кіріседі. Талқыланатын тақырып жетеді. Гүлнәр Салықбаеваның «Жалын» журналына шыққан өлеңдері, Сәулеш Шәтенованың жаңа жырлары, Нұрмира Әлішерованы заң факультетінде оқитын бір жігіттің алып қашайын деп жүргені, Кенже Жұмағұловтың шығыс жекпе-жегінің жаңа үлгілерін сынақтан өткізуі секілді күнделікті түйткілдер әңгімеге өзек болады.

Үзілісте залда ілулі тұрған өндірістік тәжірибеден өткендер шығарған сала құлаш қабырға газетін қараймыз. Жалпы, қазақ бөлімінің студенттері қабырға газетін әдемілеп, бар өнерін салып әзірлейді. Газеттің әсем безендірілгені соншалық, орыс бөліміндегілер де жанына үйіріліп тұрады. Жалақы алып жұмыс істемесе де, қабырға газетінің редакторы деген әжептеуір беделі бар қызмет. Қарамағында екі-үш адамы болады. Біреуі басылымның суретін салып, безендірумен айналысады. Екіншісі плакаттарды бір-біріне желімдейді, машинкаға басылған материалдарды қиып алып, оның үстіне жапсырады. Үшіншісі қолмен жазатын мәтіндерді толтырып шығады. Сөйтіп, қарабайыр ақпарат құралының қарапайым редакциясы толассыз жұмыс істеп жатады. Болашақ мамандар газет шығарудың алғашқы үлгілерін осылай игереді. Қабырға газетіне редактор болғандар нағыз басылымға келгенде көп қинала қоймайды.
Сессия, сынақ және түлектер
Құлақ аспай болмайды зарға мына,

Қайда біздің деканат ұсынған із?

Бұлар әлі түседі қармағына,

Баспасөз,

қысылмаңыз!

(Ертай Ашықбаев,

«Журфактың студенттері»)
Аудиториядағы оқыған-тоқығаныңды саралап, бағасын беретін кезең — сессия. Сынақ сәті жақындаған сайын студент ойын-күлкіден арылып, сейіл-серуенді азайта бастайды. Қадыр Мырза Әли айтқандай, «Он ай бойы масайрап ойнағандар, Емтиханда отыз күн көз ілмеген». Қызық қуам деп көптен бері кітапханаға бас сұқпаған қулар емтихан алдында сол жерде түнеуге бар. Тағы да Қадекеңе жүгінсек, «Баррикада жасап-ап қалың томнан, Бас алмайды енді олар күні бойы». Ұстаздар дайындығыңның деңгейін бірден шамалайды. Негізінен аты белгілі профессорлар бағаға сараң болмайды. Себебі де жоқ емес. Қарапайым логикаға ден қойсақ, профессордың дәрісін тыңдаған студент неге жаман оқуға тиіс? Сөйтіп, Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Сұлтанғали Садырбаев, Белгібай Шалабаев, Мырзатай Серғалиев, Әбілфайыз Ыдырысов сынды ағайларымыз емтиханда әр шәкіртін аялайды. Студенттің көзінен от ұшқындап тұрғанын аңғарса, мәртебесін биіктетіп жібереді. Белгібай Шалабаев осыдан қырық жыл бұрын әлдебір қағазға жазып алған лекциясын шетімізден тақтаға шығарып, бір-бірлеп оқытып, өзі рахаттанып тыңдап отырар еді. «Әй, балалар, оқыңдар мынаны, мен сияқты профессор боласыңдар», — деп нығарлап қояды. Кімнің профессор болғысы келмейді дейсің, менің курстастарым ышқынады-ай дейсің... Бір ғажабы, Белгібай ағамның қағазда хатталған, папкада сақталған жазбаша лекциясын күшеніп оқығандардың ешқайсысы профессор бола қоймады. Оның есесіне бәрі де мықты журналист болып шықты.

Аға ұрпақ ақкөңіл болса, керісінше, жас оқытушылар шамшылдау келеді. Сессияның кезінде әр оқытушы әртүрлі мінез танытады. Жыл бойы жуас санап жүрген ағайларың аяқ астынан арыстанға айналады. Ұйқыдан бүгін ғана оянғандай сені әбден қыспаққа алады. Өзіңнен де бар. Тіліңнен тапқан әр сөзіңді есіңе алып, бармағыңды шайнап отырасың. Керісінше қауіптеніп, іш жиып жүрген оқытушыларың мейірімін аямай төгеді. Яғни, сессияның кезінде «әркімнің телевизоры әртүрлі көрсетеді». Сондай кезде қапаланған айтыс ақыны Райхан Нәкеева:


Неменеге жетістің бала батыр,

«Незачеттар» көбейіп бара жатыр.

Ақша беріп қойдырып алам десем,

Қалтамда да қалмапты-ау қара бақыр, —
деп Мұқағалидың үлгісіне салып, өлеңдетіп тұрады. Тағы бір ақын: «Тақпаймыз Қадырға айып, Қадырға айып, Үш қойып, құртты-ау бізді Садырбаев», — деп тақпақтайды. Шамасы, әдебиет теориясынан дәріс беретін Қадыр Мырза Әлиден тәуір баға алған да, фольклордан сүрінген. Өзі де саңылауы жоқ біреу де, әйтпесе Сұлтанғали ағамыз негізінен төрттен төмен баға қоймайтын сияқты еді.

Емтиханда шпаргалка қолданудың теңдессіз шеберлері болады. Кейбіреу аудиторияға бір парақ қағаз, енді біреу кітап, тағы біреу кішігірім «кітапхана» алып кіреді. Яғни, емтиханға төрт-бес кітапты жасырып әкеледі. Ал енді оны қолданудың мың тәсілі бар. Көзі қиырдағыны шалатындар ашық кітапты еденге қойып, содан көшіреді. Қажетті ақпаратың бәрін бүктелген титімдей кітапша түрінде саусақ арасына тығып келетіндер де бар. Қағазға қарап айтысып отырған әріптесін: «Айтысуға қашаннан құштар халқым, Жасап жүрміз өлеңнің стандартын. Менің де отыр алдымда бір бет қағаз, Сенің де отыр алдыңда шпаргалкың», — деп келекелейтін ақын студенттер өнердегі тәсілін емтиханда армансыз пайдаланады. Кейбір оқытушының қамсыздығы соншалық, студенттің шпаргалкадан көшіріп отырғанын байқамақ түгілі аудиторияға онымен қабаттасып аю кіріп кетсе де сезбейді. Енді бірі көрсе де көрмеген болады. Тағы бірі студенттің шпаргалка қолдану машығына жүдә риза болып, өзі саған қалай көмектесіп кеткенін аңғармай қалады. Алып зеңбіректен оқтың орнына атылған Мюнхаузен секілді терезеден, есіктен домбаздалған допша жентектелген қағаз әлсін-әлі келіп түсіп жатады. Амал жоқ, ақпараттық технологияның осы бір жабайылау түрін кәдеге жаратасың.

Аудитория сені аялайды, тәрбиелейді, еркелетеді, есейтеді. Үйіп-төгіп білім береді. Азамат етіп қалыптастырады. Мінезіңнің кедір-бұдырын тегістейді. Жөндейді, жонады. Таңдаған мамандығыңның биік белесіне көтерілген талай адаммен қауыштырады.

Аудиториядан шығып, нағыз өмірге есік ашасың. Ал өмірдің аудиториясы студенттік аудиториядан мүлде басқаша. Сенен сәт сайын сынақ алады. Дайындалып үлгерген-үлгермегеніңе қарамайды. Емтиханды қайта-қайта тапсыруыңа мүмкіндік бермейді. Өмір-ұстаз еркелігіңді көтермейді. Сілкілеп, сілікпеңді шығарады. Сол кезде қанатыңды қатайтқан Каз ГУ-дің аудиториялары еріксіз сағындырады сені...



Себебі, өмірдің емтиханы тым қатал. Ешкім саған шпаргалка тасымайды...
Бауыржан Омарұлы


Каталог: content -> files -> pages -> folder146
folder146 -> Выпускники – родному университету
folder146 -> Үш рет әлемдік жаңалық ашқан қазақ ғалымы Хабибулла Оспанов кезекті алтын медальмен марапатталды
folder146 -> Ертай Ашықбаев, «Журфактың студенттері»
folder146 -> ҚазҰУ түлектерінің өз қауымдастығы бар
folder146 -> Өмір мен өлең Каз гу-дің Қалашығы эссе Алматы, Каз гу, Алмабек
folder146 -> «Дала мен қала» газеті 14 қыркүйек 2009 ж. Қансейіт Әбдезұлы
folder146 -> Егемен Қазақстан газеті №325-326 (25723) 03 Қазан сенбі 2009 жыл alma mater
folder146 -> Альма-матер: встреча поколений Казну собрал выпускников Торжественная и красочная, богатая разнообразными мероприятиями – именно такая встреча выпускников состоялась в Казахском национальном университете им
folder146 -> «Егемен Қазақстан» газеті №333 (25730) 10 Қазан сенбі 2009 жыл
folder146 -> Қарашаңырақта қос студия ашылды


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет