Анықтау, тергеу, прокуратура, сот және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша сот практикасына шолу



жүктеу 181.27 Kb.
Дата27.04.2016
өлшемі181.27 Kb.
: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9 -> f427793d0c05d0494625716b001bdf9d -> $FILE
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы
$FILE -> Жауапкерден (борышқордан) өндірілетін өсім көлемі төмендетілуге жатады
Анықтау, тергеу, прокуратура, сот және мемлекеттік

органдардың лауазымды тұлғаларының

заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу туралы

істер бойынша сот практикасына

ШОЛУ

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, анықтау, алдын-ала тергеу, прокуратура және сот органдарының заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу туралы соттар қараған істердің саны 2003 жылмен салыстырғанда 2004 жылы екі есе азайды, ал аталған талаптардың негізділігі 81 пайызды құрады.

Материалдық сипаттағы талаптармен қатар моральдық зиянға өтем жасау туралы талаптар да қойылды. Зерделеуге түскен істер бойынша соттардың шешімдерімен мемлекеттік органдар мен республикалық бюджеттен 18 026 968 теңге өндірілді.

Қорыту көрсеткендей, Республика соттары мемлекеттік органдардың келтірілген зиян үшін жауапкершілігі туралы материалдық құқық нормаларын негізінен дұрыс қолданатындығын анықтады. Сонымен қатар, осы санаттағы істер бойынша құқықтың қолданыстағы нормаларын түсіндірмеу не дұрыс қолданбау орын алғандығы байқалады.

АК-нің 923-бабының 1-тармағына сәйкес, заңсыз соттау, заңсыз қылмыстық жауапқа тарту, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алу, үйде қамауда ұстау, ешқайда кетпеуi туралы заңсыз қолхат алу, қамау немесе еңбекпен түзеу түрiндегi әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолдану, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқада емдеу мекемесiне заңсыз орналастыру салдарынан азаматқа келтiрiлген зиянды анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының лауазымды тұлғаларының кiнәсiне қарамастан, заңдарда белгiленген тәртiппен толық көлемде мемлекетпен өтеледi. 

Қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу ҚІЖК-нің 4-тарауына сәйкес жүргізіледі. Зиянды өтеу көлемі ҚІЖК-нің 43-бабында көзделген. Соған сәйкес қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз әрекетінің нәтижесінде туындаған зиянның өтелуіне құқығы бар тұлғаларға келтiрiлген мүлiктiк зиян: 

- жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны, тұлғалар айырылған өзге де қаражаттар мен кiрiстердi; 

- сот үкiмiнің немесе өзге де шешiмiнiң негiзiнде заңсыз тәркiленген немесе мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылған мүлiктi;

- соттың заңсыз үкiмiн орындау үшiн өндiрiлiп алынған айыппұлдарды;

- сот шығындарын және тұлға заңсыз әрекеттерге байланысты төлеген өзге де сомаларды; 

- көрсетiлген заңгерлiк көмек үшiн тұлға төлеген сомаларды;

- қылмыстық iзге түсудiң салдарынан келтiрiлген өзге де шығыстарды өтеудi қамтиды. 

Қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде келтірілген зиянның өтелуіне құқығы бар тұлғалар ҚІЖК-нің 39-бабының 1-бөлігінде, 40-бабының 2,3,4,5-бөліктерінде көрсетілген. Аталған тұлғалар зиянды өтеу туралы талабын қылмыстық процесті жүргізетін органға (сотқа, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде прокурорға, анықтау органына, анықтаушыға) мәлімдеуі тиіс.

ҚІЖК-нің 47-бабында, егер ақтау немесе зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылмаса не тұлға қабылданған шешiмге келiспесе, ол азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен сотқа шағымдануға құқылы екендігі көзделген.

Солай бола тұра, зерделеуге түскен азаматтық істерден, соттардың, арызданушының зиянды өтеу туралы қылмыстық процесті жүргізуші органға жүгінгені жөнінде және оның шешімі қандай болғаны туралы анықтамағандығын көруге болады.

Мысалы, Ақмола облысы Ерейментау аудандық сотының 29.04.2004 жылғы шешімімен Республикалық бюджеттен Е-нің пайдасына лауазымынан шеттетілген кезеңі үшін 267.263 теңге сомасында еңбекақы және 50.000 теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілген.

Іс материалдарынан Е-нің Ақмола облысы Ерейментау аудандық ішкі істер бөлімі тергеушісінің қаулысымен ҚК-нің 308, 314-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуына байланысты 12.10.2001 жылдан бастап Павлов селолық округінің әкімі қызметінен босатылғанын көруге болады. Қылмыс құрамы болмағандықтан тергеушінің 29.05.2003 жылғы қаулысымен Е-ге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған, сондықтан Е. атқарған қызметінен шеттетілген кезең үшін еңбекақы өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

Осы іс бойынша Е-нің қылмыстық процесс тәртібімен зиянды өтеу туралы талаппен қылмыстық істі қысқарту туралы қаулы шығарған органға жүгінгенін, егер жүгінсе оның шешімі қандай болғанын сот арызды қабылдаған кезде анықтамаған.

Егер арызды қабылдау кезінде осындай мәліметтер ұсынылмаса, онда сот материалдық талаптар бөлігінде арызданушыны осындай мәліметтерді беруге міндеттеуге не қылмыстық процесті жүргізуші және арызданушыны ақтау туралы шешім қабылдаған органнан қылмыстық іс жүргізу заңының тәртібімен ақтау туралы мәліметті талап етуі тиіс.

Азаматқа келтірілген зиянды өтеу үшін АК-нің 923-бабының 1-бөлігінде көрсетілген негіздемелер тізбесі түпкілікті болып табылады. Қылмыстық процесті жүргізуші органдардың әрекеттерінің заңсыздығы соттың үкімімен немесе қаулысымен не анықтау, алдын ала тергеу органы, прокурор шығарған қаулымен анықталады.

П. заңсыз қылмыстық жауаптылыққа тартудың нәтижесінде келтірілген 443.300 теңге мөлшеріндегі материалдық залалды және 75 000 000 теңге моральдық зиян өтемақысын өтеу туралы талаппен Орал қалалық сотына жүгінген. Бұған негіз ретінде ол Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ҚК-нің 209-бабының 3-бөлігінде, 316-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстың белгілері бойынша оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын келтірген. Алайда, Самара облысы Больнечернигов ауданы тергеушісінің 27.11.2003 жылғы қаулысымен оның әрекеттерінде Ресей Федерациясы ҚК-нің 194-бабының 2-бөлігінде, 293-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстар құрамы болмағандықтан қылмыстық іс қысқартылған.

Сот Қазақстан Републикасында қозғалған қылмыстық іс бойынша айыптаудың Ресей Федерациясында қысқартылған іс бойынша іс жүргізудің айыптау құрамына сәйкес келмейтінін дұрыс анықтап, 23.07.2004 жылғы шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Іс материалдарынан П-ға ұйымдасқан қылмыстық топ болып алдын-ала сөз байласып, қызмет бабын пайдаланып, 150 000 000 теңгеге жуық кеден төлемдері мен алымдарын төлеуден жалтарғаны үшін айып тағылған, ал РФ ҚК-де ірі көлемдегі кеден төлемдерін төлеуден жалтару мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топ құру үшін жауаптылық көзделмеген.

Үкімнен айыптау немесе ішінара ақтау бөліктерін алып тастау да толық ақтау және келтірілген зиянды өтеу үшін негіз болып табылмайды.

ҚК-нің 145-бабына сәйкес Ж. заңсыз соттау негіздемесі бойынша қылмыстық процесті жүргізуші органның әрекеттерінің салдарынан келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы Әділет министрлігіне талап қойып, сотқа жүгінген. Арызданушы халықаралық және қалааралық телефонмен сөйлесулері үшін материалдық зиян (63.815 теңге), ал заңсыз ұсталуына және сотталуына байланысты 1 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян келтірілгенін көрсеткен. Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы №2 сотының 15.06.2004 жылғы шешімімен талап қанағаттандырылмай, Қарағанды облыстық соты азаматтық істер жөніндегі алқасының 28.07.2004 жылғы қаулысымен осы шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Ж-ның ҚК-нің 145, 341-баптарында көзделген қылмыстар жиынтығы бойынша соттың 20.01.2003 жылғы үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға кесілгенін және жалпы режимдегі түзеу колониясында жазасын өтеуге сотталғанын сот анықтаған. Үкім ҚК-нің 145-бабы бойынша соттау бөлігінде апелляциялық тәртіппен күші жойылып, оның әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты осы бөлікте іс бойынша өндіріс қысқартылған. Ж-ға ҚК-нің 145-бабына сәйкес бір жылға бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалған жаза ҚК-нің 341-бабына сәйкес үш жылға бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалған жазаға сіңірілген.

Келтірілген моральдық зиян үшін ақшалай өтемақы туралы талаптар ҚІЖК-нің 44-бабының 2-бөлігіне сәйкес, тек азаматтық сот өндірісі тәртібімен қойылады. Егер моральдық зиян үшін өтемақының мөлшерін анықтау кезінде азаматтардың мүліктік емес құқықтарының бұзылуына байланысты барлық нақтылы мән-жайлар ескерілсе және сот белгілеген өтемақы мөлшері талапкер мәлімдеген талаптардың қанағаттандырылғаны туралы негізді тұжырым жасауға мүмкіндік берсе, моральдық зиян үшін ақшалай өтемақы мөлшерін әділ әрі жеткілікті деп есептеу керек.

Д. заңсыз қылмыстық жауаптылыққа тартылуына және заңсыз сотталуына байланысты 10 000 000 теңге сомасында моральдық зиянды өтеу туралы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Қаржы министрлігіне талап қойып, сотқа жүгінген.

Өскемен гарнизонының Әскери соты 19.02.2003 жылғы шешімімен моральдық зиян үшін өтемақы есебіне 500 000 теңге өндіріп, алдын ала тергеу органдарының заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде Д. қамауда болып, гипертониялық аурумен ауырғанын атап көрсеткен. Апелляциялық сатының соты Д. гипертониялық аурумен бұрын да ауырған, ал қамауда аз ғана уақыт болған деп өтемақының мөлшерін 100 000 теңгеге дейін азайтқан.

АК-нің 951-бабының 3-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес, зиян азаматқа оның заңсыз сотталуының, заңсыз қылмыстық жауапқа тартылуының, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алуды, үйде қамауда ұстауды немесе ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды қолданудың, қамауда ұстау, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқа емдеу мекемесiне орналастыру түрiнде әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолданудың салдарынан келтiрiлсе, зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан өтелуге жатады.

Талапкер М. жауапкер П-ға және республикалық бюджет бағдарламаларының әкімшілері Қаржы және Әділет министрліктеріне талап қойып сотқа жүгініп, П-ның жеке айыптауы бойынша заңсыз сотталғанын атап көрсетіп, одан және Республикалық бюджеттен ортақтасып төлеу тәртібімен 1 000 000 теңге өндіріп беруді сұраған. Сот мәлімделген талап сомасының мөлшерін недәуір азайтып, моральдық зиянды бюджеттен өндіру бөлігінде талапты қанағаттандырған және П-ның сотқа арыз берген кезде өзінің құқықтарының бұзылғаны туралы жорамалдағанын негізге алып, оған қойылған талапты қанағаттандырудан бас тартқан.

Моральдық зиянды өтеу туралы талапқа ескіру мерзімі қолданылмайды. Алайда, зиян келтірілген сәтте осындай әрекеттер үшін жауаптылық көзделген болса ғана зиянның өтелуі тиіс екендігі істерді қарау кезінде ескерілмейді. Заң актілері қолданысқа енгізілгеннен кейін азамат имандылық немесе жан күйзелісі тұрғысынан қасірет шеккен жағдайларда да мұндай зиян өтелуге жатпайды.

Осыған қарамастан, Ақмола облысы Көкшетау қалалық соты 09.03.2004 жылғы шешімімен К-нің арызын қанағаттандырып, 1996 жылдың маусымында К-дан жауап алу кезінде Мемлекеттік тергеу комитеті қызметкерлері жасаған заңға қайшы әрекеттер үшін Әділет министрлігінен (010 республикалық бюджет қаражатынан) 96.670 теңге материалдық залал мен 150 000 теңге моральдық зиян өндірген.

АК-нің 923-бабының 2-тармағына сәйкес, анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура органдарының өзге де заңсыз әрекеттерiнiң салдарынан азаматқа немесе заңды тұлғаға келтiрiлген зиян осы Кодекстiң 922-бабында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өтеледi.  Осы норманың диспозициясы жауаптылықтың екі түрін көздейді, атап айтқанда: осы органдардың иелігінде тұрған ақшаның есебінен жалпы негіздерде және мемлекеттік органдар заң актілеріне сәйкес келмейтін актілер шығарған жағдайда мемлекеттік қазына есебінен.

К. полицейлердің заңға қайшы әрекеттерімен келтірілген моральдық зиянды өтеу туралы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №1 сотына жүгінген. Ол Мұқанов көшесінде 16 сағат шамасында полицейлердің өзін ұстап, себебін түсіндірместен Оңтүстік-шығыс полиция бөлімшесіне алып барғанын, сол жерде жеке өміріне қатысты жайлар бойынша жауап алып, 24.10.2003 жылы кіммен қайда болғаны туралы сұрақ қойғанын негіздеме ретінде көрсеткен. Бұдан кейін оның қарсылығына қарамастан өзін қарсы алдынан және қырын қаратып суретке түсіріп, саусақтарының таңбасын алып, есепке аламыз деп мәлімдеген.

К. өзінің құқықтары: жеке бас бостандығы, адами қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық, жеке өмірі, еркін жүріп-тұру бостандықтары бұзылды деп есептеп, арыз жазып сотқа жүгінген. Ол арызында жауапкер – Қарағанды қаласы ішкі істер басқармасының өз қызметкерлерінің әрекеттері үшін ресми кешірім сұрауын; оның бейнесі бар барлық бейне және фото материалдарды, сондай-ақ оның қолы мен саусақтарының таңбасын жоюды; 100 000 теңге ақшалай моральдық зиян өтемақысын өндіруді сұраған.

Соттың 08.10.2004 жылғы шешімімен арыз ішінара қанағаттандырылған. Сот арызданушыны оперативтік мүдде тұрғысынан ұстау негіздемесін Қазақстан Республикасы Президентінің «Ішкі істер органдары туралы» заң күші бар Жарлығының 11-бабының 15-тармағына қайшы келетін құқыққа қарсы әрекет деп тұжырымдаған. Қарағанды қаласының ішкі істер басқармасы бюджеттік ұйым, Қарағанды облысының Ішкі істер бас басқармасы арқылы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады, талапты қанағаттандыру үшін жеткілікті негіз жоқ деген уәжбен моральдық зиян үшін өтемақы өндіру туралы талапты қанағаттандырудан бас тартылған.

Қарағанды облыстық соты қадағалау алқасының 23.12.2004 жылғы қаулысымен аудандық соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің моральдық зиян үшін өтемақы өндіруден бас тарту туралы бөлігінің күші жойылған және талапты қанағаттандырып, тікелей ішкі істер басқармасының өзінен моральдық зиянды өндіру туралы жаңа шешім шығарылған.

Қорыту анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура органдарының өзге де заңсыз қызметінің нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарды қанағаттандыру кезінде қызметкері зиян келтірген заңды тұлға мен азаматтың жауапкершілігін көздейтін АК-нің 921-бабын басшылыққа алатынын көрсетті.

Мысалы, «М» ЖШС-і материалдық залалды өтеу туралы Қостанай облысы бойынша Қаржы полициясына, мемлекеттік қазынаның өкілі ретінде Әділет министрлігіне талап қойып, сотқа жүгінген. Талапта салық полициясының қызметкері К-ның құқыққа қайшы әрекетінің нәтижесінде, сот үкімімен анықталғандай 11 000 000 теңге залал келтірілгені көрсетіліп, осы соманы жауапкерлерден ортақтасу тәртібімен өндіріп беру сұралған. Іс материалдарынан К-ның Қостанай облысы бойынша Салық полициясы комитетінің инспекторы қызметінде жүріп өзінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, оған берілген құқықтардың шегінен көпе-көрінеу шығып, өзінің қызмет бабын пайдаланып коммерциялық ұйымның қызметіне заңсыз араласып, 1994 жылдан бастап 1998 жылды қоса алғанға дейінгі кезеңде «М» ЖШС-нің түпнұсқа құжаттарын алған, бұл кәсіпорынның өндірістік қызметінің ұзақ уақыт бойы тоқтап қалуына және ірі мөлшерде залал келуіне әкеліп соққан. Осы әрекеттері үшін К. кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған.

Қостанай облысы мамандандырылған экономикалық сотының 03.12.2003 жылғы шешімімен Қостанай облысы бойынша Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес жөніндегі департаменттен «М» ЖШС-інің пайдасына 11 000 000 теңге өндірілген. Қаржы жетіспеген жағдайда осы соманы Әділет министрлігінен субсидиялық тәртіппен өндіру туралы қаулы алынған.

Басқа іс бойынша, Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 04.12.2003 жылғы шешімімен «Х-М» ЖШС-нің талабын қанағаттандырған және тергеушінің заттай дәлелдеме – 107 тонна 260 килограмм астыққа билік ету әрекетін заңсыз деп тапқан. Азамат В-ға берілген ақша қаражаты қылмыстық іс бойынша қылмыс нысанасы болып табылған. Ол кейіннен бой тасалап кеткен, ал тергеуші астықты заттай дәлелдеме ретінде тіркеген, бұл туралы қаулы шығарылған кезде астықты «А» ЖШС-і сатып жіберген. Сонымен қатар, сот тергеушінің ҚІЖК-нің 121-бабының талаптарын бұзып, астыққа қатысты меншік құқығы туралы дау болса да астықты «А» ЖШС-ға қайта ресімдеу туралы нұсқау бергенін атап көрсетті. Шешім бойынша Қостанай облысы Алтынсарин аудандық ішкі істер бөлімі бас басқармасынан №046 бағдарламаның әкімшісі Әділет министрлігімен ортақтасу тәртібімен «Х-М» ЖШС-нің пайдасына 1.768.932 теңге өндірілген.

Екі жағдайда да құқық қорғау органдары өз қызметкерлерінің әрекеттері үшін регрестік тәртіппен жауап беруге міндетті деп есептеп соттың АК-нің 921-бабын басшылыққа алуы қате болған. Сот АК-нің 923-бабының 2-тармағына сілтеме жасауы керек еді. АК-нің 923-бабының 2-тармағына сәйкес, анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура органдарының өзге де заңсыз әрекетiнiң салдарынан азаматқа немесе заңды тұлғаға келтiрiлген зиян осы кодекстiң 922-бабында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өтеледi. АК-нің 922-бабының 3-бөлігіне сәйкес, әкімшілік басқару саласындағы мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиян осы органдардың иелігіндегі қаражаттар есебінен жалпы негіз бойынша өндіріледі. Осы қаражаттар жеткіліксіз болған жағдайда субсидиялық түрде мемлекеттік қазына есебінен өндіріледі. Соттардың АК-нің 921-бабын қолдануы да негізсіз, өйткені сот екі жағдайда да осындай жауапкершілікті бағдарламаның әкімшісі ретінде Әділет министрлігіне жүктесе де осы бап мемлекеттің субсидиялық жауапкершілігін көздемейді.

Кейбір жағдайларда талаптарды қарау кезінде өздерінің әрекеттерімен залал келтірген құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары залалды арызданушыларға өз еріктерімен өтеген, ал соттар талаптан бас тартылуына байланысты іс бойынша өндірісті қысқартқан. Зиянды өтеу мөлшері өздерін қанағаттандыруы себепті талапкерлер өз талаптарынан өз еріктерімен бас тартқандықтан ғана мұндай практика заңға қайшы келмейді.

Ш-ның өзін полиция бөлімшесіне жеткізуге әрекеттеніп, күш қолданған полиция қызметкері А-ның заңсыз әрекеттері үшін материалдық залал мен моральдық зиянды өндіру туралы Ақтөбе облысы бойынша ішкі істер басқармасына қойған талабы туралы іс бойынша полиция қызметкерінің өзі зиянды 30 000 теңге мөлшерінде (емделу үшін) істі қарау барысында өтеген. Талапкердің арызының негізінде Ақтөбе қаласының №2 соты 23.04.2004 жылғы ұйғарымының негізінде іс бойынша өндірісті қысқартқан.

ҚІЖК-нің 108-бабының 1-тармағына сәйкес, анықтаушының, анықтау органының және тергеушiнiң әрекетi мен шешiмiне шағымдар алдын ала тергеу мен анықтауды жүргiзу кезiнде заңдардың атқарылуына қадағалау жасайтын прокурорға берiледi. Полиция органдарының басқа да заңсыз әрекеттері, атап айтқанда, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын іс жүргізу амалдарын жүргізу кезінде заңды бұзуы сотқа шағымдалуы мүмкін.

Мысалы, А. ұсталған машинадан 07.03.2003 жылы жалпы құны 1 089 000 теңге балықты түсіріп алған Тарбағатай аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің әрекеттерін заңсыз деп сотқа шағымданған.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы №1 сотының шешімімен аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің іс-әрекеттері заңсыз деп танылып, балықты тоңазытқышта сақтау үшін «К З Р» ЖШС-ға беру туралы тергеушінің қаулысының 4-тармағының күші жойылған. А-ға жалпы сомасы 1 089 000 теңге 21800 килограмм балықты қайтару туралы қаулы шығарылған.

А-ның әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағандықтан тергеушінің 06.03.2003 жылғы қаулысымен қылмыстық іс қозғаудан бас тартылғандықтан соттың істі мәні бойынша қарауы негізді.

Қорыту соттар мемлекеттік органдардан зиянды өндіру туралы талаптарды қанағаттандыру кезінде зиянды өтеу үшін өндірілетін сома жауапкерде жеткіліксіз болған жағдайда шешімнің қарар бөлімінде мемлекет есебінен субсидиялық өндіру жөнінде көрсететінін байқатты. Мұндай практика заңға негізделмеген және дұрыс емес.

Субсидиялық (қосымша) жауапкершілік негізгі борышкерге талап қойылғаннан кейін кредитордың борыштың алынбаған бөлігін басқа міндетті тұлғадан өндіру құқығын білдіреді.

АК-нің 357-бабына сәйкес, заңдарға немесе мiндеттеменiң шарттарына сәйкес негiзгi борышқор болып табылатын басқа тұлғаның жауапкершiлiгiне қосымша жауапты болатын тұлғаға талап қойғанға дейiн кепiл берушi талапты негiзгi борышқорға қоюы тиiс. Негiзгi борышқор несие берушiнiң талабын қанағаттандырудан бас тартса, не оны толық орындамаса; несие берушi одан қойылған талапқа ақылға қонымды мерзiмде жауап алмаса; сондай-ақ кредитордың талабы мүмкіндіктер болған жағдайда негiзгi борышқорға қарсы қойылған талапқа жатқызу жолымен орындалмаса бұл талаптың орындалмаған бөлiгi субсидиялық жауапкершiлiгi бар тұлғаға қойылуы мүмкiн. 

Егер талап субсидиялық жауапкершілігі бар тұлғаға қойылса, онда ол негізгі борышқорды іске қатысуға тартуға тиіс екені заңда көрсетілген. Міне осылайша, келтірілген зиян үшін мемлекеттік қазынаға субсидиялық жауапкершілік жүктеу негізгі борышқордың міндеттемені орындамағаны туралы дәлелдемелер ұсынылғаннан кейін барып жекелеген сот ісін жүргізуде орын алуы тиіс.

Егер заңда мемлекеттің субсидиялық жауапкершілігі көрсетілсе, онда шешімнің дәлелдеу бөлігінде бұл туралы көрсеткен жөн, шешімнің қарар бөлігінде зиянның тек негізгі жауапкерден өндірілетіні көрсетіледі.

Келтірілген зиян сомасын субсидиялық тәртіппен өндіру туралы мемлекетке талап қойылған кезде сот негізгі борышкерді іске қатыстырып, борышкердің өзінің міндеттемелерін орындай алмау себебін анықтауы тиіс. Осы мақсаттарда сот іске қазынашылық өкілдерін де қатыстыра алады. Егер сот негізгі борышкердің ақша қаражатын бюджеттік жіктеудің бір бағытынан екінші бағытына жылжыту жөнінде шара қолданбағанын анықтаса (мысалы, жалақыдан үнемделген ақша болып, оны сыйақы төлеуге жұмсаса), онда сот есептелген соманы субсидиялық тәртіппен тікелей Республикалық немесе жергілікті бюджеттен өндіру туралы талапты қанағаттандырудан бас тарта алады және талапкерге соманы негізгі борышкерден өндіріп алуды ұсынады.

АК-нің 9-бабына сәйкес, құқығы бұзылған тұлға қорғауды сұрап сотқа жүгіне алады. Азаматтық құқықтарды қорғау - құқықтарды тану, құқық бұзылғанға дейін болған жағдайды қалпына келтіру арқылы ғана емес, сонымен қатар моральдық зиянға өтемақы жасау жолымен де жүзеге асырылады. Құқығы бұзылмаған тұлға сотқа жүгінген жағдайда, соттар мұндай талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.

Мысалы, жеке кәсіпкер М. моральдық зиянды өндіру туралы арызбен сотқа жүгініп, арызында 1997 жылы өзі құрған «П» ЖШС-нің (такси) құрылтайшысы болып табылатынын көрсеткен. 2002 жылдың желтоқсанында «П» ЖШС-і жосықсыз бәсеке фактілерін тіркеуді және 53-02-01 телефоны бар такси диспетчерлігі қызметінің тапсырыстарды қабылдау кезінде «П» ЖШС-нің атауын пайдалануына байланысты осы қызметке шара қолдануды сұрап, Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментіне жүгінген. Берілген арызын қараудан бас тартылып, осы жағдайдың оның жанын күйзелтуіне байланысты ол 100 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян өтемақысын өндіруді сұраған. Талапкер мәлімделген талабына негіздеме ретінде Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің «П» ЖШС-нің арызын тексеру бойынша бас тартуын заңсыз деп таныған Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының заңды күшіне енген 13.06.2003 жылғы шешіміне сілтеме жасаған.

Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 03.02.2004 жылғы шешімімен жеке кәсіпкер М-нің моральдық зиянды өндіру туралы талабынан бас тартылған.

Бұл тұрғыдан алғанда соттың тұжырымы дұрыс, өйткені М. «П» ЖШС-нің құрылтайшысы болғандықтан ол «П» ЖШС мен Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің арасындағы азаматтық құқықтық қатынастарда жеке кәсіпкер бола алмайды, сондықтан оның құқықтары бұзылмаған.

Соттардың практикасында денсаулыққа келтірілген зиян үшін өндіріліп берілген және кәсіпорынды банкроттық негіз бойынша тарату процесінде капиталдандырылған сомаларды теріс түсіндіру жағдайлары да кездеседі.

Алматы қаласының Жетісу аудандық соты Ш., П. және басқалардың денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу үшін төленген капиталдандырылған сомадан табыс салығын ұстау жөніндегі әрекетті заңсыз деп тану туралы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне қойған талабы бойынша істі 31.05.2004 жылы қараған. Талап арыз қанағаттандырылып, сот Қаржы министрлігінің Салық комитетіне заңсыз ұсталған табыс салығын қайтаруды міндеттеген.

Арызды қанағаттандырған сот мерзімдік төлемдерді банкроттық рәсімдер шеңберінде капиталдандыру, жоғалған жалақыны төлеу болып табылмайды, мемлекеттік бюджет есебінен төленетін біржолғы төлем болып табылады деп есептеген. Ал конкурстық іс жүргізу шеңберінде есептелген капиталдандырылған төлемдер жоғалған еңбекақыны (табысты) өтеу болып табылады. Осы кіріс қолданыстағы салық заңы бойынша салық салудан босатылмайды.

Осыны ескеріп, Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы 22.02.2005 жылғы қаулысымен іс бойынша сот актілерінің күшін жойып, талаптан бас тарту туралы жаңа шешім шығарған.

Осы санаттағы істердің практикасын зерделеу көрсеткендей, іске қатысушы тұлғалардың құрамы дұрыс белгіленеді. Соттар Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігін және бюджеттік бағдарламаның әкімшісін мемлекеттік қазынаның өкілдері ретінде қатыстырады. Атап айтқанда 2004 жылы Әділет министрлігі осындай өкіл болған.

«2005 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға №1 қосымшаға сәйкес, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 010 Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві бағдарламасының әкімшісі болған. 2006 жылы да Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 010 Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві бағдарламасының әкімшісі болып белгіленген.

Зерделенген санаттағы істер бойынша шешімдердің қарар бөлігін соттар негізінен дұрыс әзірлейді.

АК-нің 923-бабының 1-тармағында (заңсыз соттау және т.б.) көрсетілген негіздер бойынша зиянды өтеу туралы талаптарды қанағаттандыру кезінде зиянды мемлекеттік бюджет есебінен өтеу жөнінде көрсетіледі, бұл ҚІЖК-нің 40-бабының талаптарына сәйкес. Мұндай шешімдерді орындау республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне жүктеледі, бұл туралы да шешімнің қарар бөлгінде жазылады. Сонымен қатар аумақтық мемлекеттік органдардан (әділет басқармасынан, қаржы органдарынан және т.б.) заңсыз соттау туралы істер бойынша шешімдерді республикалық бюджеттен өндіру және міндеттің бюджет бағдарламасының әкімшісіне жүктелетіні туралы көрсетпей, енгізу фактілері тыйылған жоқ.

Соттың, анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және өзге де мемлекеттік органдардың заңсыз қызметінің нәтижесінде келтірілген зиянды өндіру туралы талаптарды қанағаттандыру кезінде шешімнің қарар бөлігінде зиянның келтірілуіне кінәлі тұлғаның нақ өзінен (Ішкі істер басқармасы, Прокуратура, Соттар әкімшісі және т.б.) өндірілуге жататын сома көрсетіледі. Осындай істер бойынша негізгі борышқорда ақша болмаған жағдайда субсидиялық жауапкер – мемлекеттік қазынаны талапкерге келтірілген зиянды өтеп беру мүмкіндігі туралы шешімдердің дәлелдеу бөлімінде көрсетілуі тиіс.

АК-нің 192-бабының 2-тармағына сәйкес, республикалық бюджеттiң қаражаты, алтын валюта қоры және алмас қоры, мемлекеттiк меншiктiң объектiлерi (жер, оның қойнауы, су, өсiмдiк және жануарлар дүниесi, мемлекеттiк меншiктегі басқа да табиғи ресурстар) және мемлекеттiк заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмеген өзге де мемлекеттiк мүлiк Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қазынасын құрайды.  Мемлекеттік қазынаның өкілі Қаржы министрлігі болып табылады.

Мемлекеттік органдардың заң актілеріне сәйкес келмейтін актілер шығаруының нәтижесінде келтірілген зиян органдар мен лауазымды тұлғалардың кінәсіне қарамастан мемлекеттік қазынаның есебінен өтеледі. Осындай істер бойынша зиянды өтеу туралы арыздарды қанағаттандыру кезінде шешімнің қарар бөлігінде соманы мемлекеттік қазынаның есебінен өндіру жөнінде көрсетіліп, оны орындауды 010 Қазақстан Републикасы Үкіметінің резерві бюджеттік бағдарламасының әкімшісіне жүктеу қажет.

АК-нің 192-бабының 3-тармағына сәйкес, коммуналдық меншiк жергiлiктi қазынадан және заң құжаттарына сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлген мүлiктен тұрады. Мәслихаттардың шешімдері мен әкімдердің  өкімдері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келмейді деп танылған жағдайда, меншік иелері мен басқа да тұлғалардың мемлекеттік басқару органының не лауазымды тұлғаның заңға сәйкес келмейтін жеке актіні шығаруының нәтижесінде өздеріне тиесілі мүлікті иелену, пайдалану және билік ету жөніндегі құқықтары бұзылған жағдайда келтірілген залалдар тиісті билік немесе басқару органдарының тиісті бюджет қаржысының есебінен өтелуге жатады. Сондықтан, осындай істерді қарау кезінде заңсыз құқықтық актілерді шығарған мемлекеттік органдардың деңгейінің ара жігін ажыратқан жөн.



010 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві» бюджеттік бағдарламасы Бюджет кодексінің нормаларына сәйкес мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің міндеттемелері бойынша сот шешімдерін орындау үшін қаражат көздемейді. Соттар арыздарды қабылдау кезінде осы жағдайды ескеруі және талапкерге талапты Орталық мемлекеттік органға қою не егер талап осындай мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне мәлімделсе, оның келісімімен мұндай органды жауапкер ретінде тарту құқығын түсіндіруі қажет.

Жоғарғы Соттың азаматтық істер

жөніндегі алқасы

     



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет