«Қара жорғА» биі және бүгінгі салауатты өмір салтындағы орны



жүктеу 76.11 Kb.
Дата28.04.2016
өлшемі76.11 Kb.
: books -> files
files -> ТҮркі және иран халықтары ертегілеріндегі мифологиялық кейіпкерлер түркістан-2007 Редакциялық алқа
files -> Становление европейской науки
files -> Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»
files -> Ббк қ Редакция алқасы

А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

ӘОЖ 371. 71: 796. 13



Ү.И.МЕЛДЕБЕКОВА

педагогика ғылымдарының кандидаты,

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің доц. м.а.
С.ТАЙМҰРАТОВА

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің магистранты


«ҚАРА ЖОРҒА» БИІ ЖӘНЕ БҮГІНГІ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫНДАҒЫ ОРНЫ
Қазақ халқының рухани және мәдени байлығы ұрпақтан ұрпаққа мұрагерлікпен келе жатқан баға жетпес құндыдылық. Халқымыздың әдет-ғұрпындағы, салт-дәстүріндегі тарихи мұралар еліміз тәуелсіздігін алған күннен бастап қайта жаңғырытылып, қалпына келтірілуде. Шетелдік қандастарымыздың қолдауымен ортамызға қайта оралған сондай жәдігерлеріміздің бірі – «Қара жорға» биі. Ол туралы әңгіме де көп болды. Қалай болғанда да ұлттық нақыштағы бұл өнер туындысымен қайта қауышқан халқымыздың би өнеріне деген көзқарасы да ерекше. Бұл мақалада «Қара жорға» биінің шығу тарихы, оның өзіне ғана тән ерекшеліктері қарастырылған.

Кілт сөздер: «Қара жорға», аспапты музыка, вокалды музыка, көшпенділер тарихы.
Қазақ халқының рухани, мәдени байлықтары – қашан да ұрпағына қалдырған мол мұралар, телегей теңіз құндылықтар, тарихи тағлымы мол мағлұматтар.

Солардың бірі «Қара жорға» биі жайлы сөз болмақ. Еліміз Егемендігін алып, Тәуелсіздік туы төрімізге тігілгелі бері қаншама жоғымызды тауып, қазынаға қаншама құнды қазыналарды толтырудамыз.

Музыка тарихына шолу жасасақ, көпшілігінің музыкалық мәдениеттерінің тамыры өте тереңде жатыр. Жартастардағы суреттерден билеп жүрген адамдардың, таяққа ілінген салдырмақтарды ойнап тұрған адам бейнелерін кездестіруге болады.

Негізінен, көшпенділердегі ең көне музыкалық аспаптар ұрмалы даңғыра, қурайдан жасалған үрмелі сыбызғы, ілмелі-шертпелі қобыз, домбыра сияқты қарапайым аспаптар болған.

Этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбеков музыка тарихын көп зерттеген. Сонда музыкалық фольклорды бес кезеңге бөле отырып, бірінші кезеңіне біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасыр мен біздің заманымыздың VI ғасыр аралығы [1]. Бұған сақ дәуірінен бастап, көне түркі тайпаларының қиял-ғажайып тақырыптарға арналған күйлері, жорық сарындары жатады. Музыканы, музыканың аспаптар тарихын зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, ән түріндегі музыкалық мұра (вокалды музыка) және сарын


А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

күй түріндегі мұраның (аспапты музыка) жіктеліп бөлінеді, бері дегенде VI-VIII ғасырлардан басталады. Ұлытау төңірегінен табылған түркі дәуірінде жататын тасмүсіннің бір бүйірінде қобыздың суреті, ал арқасында қоңыраудың суреті салынған. Қобыз бен қоңырау бақсының аспаптары. Олар қоңырау, сылдырмақтар қағып жүріп би билеп, қобызбен сарын ойнап, жын шақырған. Тас мүсінде осындай бақсы бейнеленген болу керек. Жалпы, көшпенділердегі алғаш кәсіпқой музыкант бақсы болған [2].

Сонау VIII ғасырда өмір сүрген, түркі әлеміне ортақ Қорқыт алғашқы шебер музыкант, күй атасы, бақсылардың пірі болып саналады.

Қорқыт ата бүкіл түркілер әлемінің сарын, күй, әуен өнерінің атасы болса, одан бері музыка өнері әл-Фарабидің (IX-X ғасырларда) ибн-Синаның (Х ғасыр), ұлы жыршы Кетбұғаның (ХІІІ ғасырда), Сыпыра жыраудың (ХІV ғасырда), Асан қайғының (ХV ғасырда), Қазтуғанның (ХV ғасырда), Әбу әл-Қыдырдың (ХІV ғасырда), Әбдірахман Жәмидің (ХІV ғасырда), Бұхардың (ХVIII ғасырда), Нысан абыздың (ХVIII ғасырда) аттарымен байланысты. Олар күйші-сазгер, жыршы болған. Ал әл-Фараби мен ибн-Сина музыка ілімінің теориясын алғаш жасаушы ғалымдар [2].

Осы мәліметтердің барлығы да Көшпенділердің тек музыка шығарып қана қоймай, сонымен бірге музыкалық аспаптар жасап (домбыра, қобыз, даңғыра, сылдырмақтар), онда музыка әуендерін ойнап, ән айтып, би билегендерін тарихтағы ашық аспан астындағы ескерткіш жазбалар айқындап тұр.

Бүгінде өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тірілген заман болды. Кешегі кеңес дәуірінің кезінде барымыздан көз алдымызда айырылып, асылдарымызды жоғалттық. Қаншама байлығымызды «берсең қолыңнан, бермесең, жолыңнан» деген заманды ата-бабаларымыз бастан өткерді. Халқымыздың даналығын, тектілігін хан талапай етіп ойрандады. Соның кесірінен халқымыздың біршамасы бас сауғалап, көршілес елдер арқылы шетке кетті.

Өз жерімізде өзіміз асылдарымызды атай алмай, еңбектерін оқытпай, білмей (Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, т.б.) талай жәдігерімізді ұмыт қалдырдық. Тілден ақсап, домбыра ұстағанды ар санаған кездер де өтті бір уақыттарда. Тік сөйлеп, өтірік айтпайтын халықты бас амандығы үшін өтірік айтуға, екі жүзділікке үйретті [3].

Халқымыз тұрмыс-салтындағы дәстүрлерімізді ұмыттырып, ұлттық ойындарымызға тиым салды. Осының бәрі халықтың рухани байлығына нұқсан келтірді.

Әйтеуір жаңа заман жарқырап, Тәуелсіздік туымен бірге елге жаңа леп келді. Алғашында қуануға да қорқа қарап сақ жүрсек те, келе-келе түзеліп келе жатқан көш керуеннің оң аяқ алысына, халықтың көзі ашылып, жастардың беті имандылыққа бұрып, елдің еңсесі көтерілді. Елбасының саясатымен дағдарыстан да өттік. Бүгінгі біздің Қазақ елін, оның алғашқы президенті Н.Ә.Назарбаевты әлем таныды. Осының әсері ме, халық желпінді, көк туымыз шет елдерде талай мәрте самғады. Алда да талай қуаныштар күтеміз. Осындай сәт туғанда өлгеніміз қайта тірілді демей не дейміз.

Тек, біз сол өзіміздікін тани алмай қалып жүрген кезіміз де бар. Осындай қуанышты күндерді өзімізге қайта келген өнердің ішіндегі бірегейі, би өнерінің түп-тамыры «Қара жорға» биі.




А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

Тарихта ондаған ғасыр бойы Еуразия даласының шығысы мен батысына дейінгі ұлан-ғайыр кең даланы атының тұяғымен дүбірлетіп, домбыра мен қобыз үндерімен күмбірлеткені белгілі. Көшпенділер тарихының арбасын алға сүйреушілер, шығыс пен батыстың, оңтүстік пен терістіктің мәдениет алмасуының дәнекері болғандар. Арғы тарихта мәдениет көшпенділердің көш жолымен, жорық жолымен таралды. Ат та, ат әбзелі де, арба да, қола да, ауы бітеу шалбар да, ұзын қоныш өкшелі етік те, алғашқы ән, күй, би, аңыз әдебиет те, тотем де, тағы осы сияқты сансыз мәдениет үлгілері көшпенділердің көші мен жойқын жорығы арқасында жан-жаққа тарап отырады.

Олардың өріс-қоныстарында мәдениет іздерінің жіпұштары қалып отырады. Солардың бірі әрі бірегейі көшпелілердің биі болатын.

Би – адамзат мәдениетіндегі әрі қарапайым, әрі сырлы құбылыс. Оның тамыры терең, мазмұны тұңғиық, оған әр халықтың наным-сенімі, арман-тілегі, эстетикасы, мінез-құлқы, болмыс-бітімі, жан сезімі сияқтылар сіңірілген.

Әр ұлттардың ән, күй, билерін қалай парқын ажыратып, тани алуға болады? Әрбір ұлттың түрлі-түрлі биі болғанымен, оның ең басты арқауы бір, яғни бір түп ағаштың тамыры мен бұтағы жан-жаққа шашырай біткенімен, алайда діңі бір, жапырағы ұқсас болады ғой.

Өнер де солай. Қазақ биінің де, корей биінің де, ұйғыр биінің де, тибет биінің де тарихи қалыптасқан үлгісі, арқауы бар, сол арқылы танымы зерек халық өзінің табиғатын, мінез-құлқын таниды.

Өткен өмір тарихын сөзбен емес, ән-жырмен өрнектеп кеткен халқымызды «Қаратаудың басынан көш келеді» деген жыр шумақтары бар. Қазіргі Қазақ елінде оңтүстіктегі Қаратаудың қойнауында да неше түрлі сыр шежіре тұнып тұр. Көшпенділер мұндай бірнеше тауларды өріс-қоныс еткен. Біз сөз еткелі отырған Қаратау қазіргі Қытайдың орта жазығынан батыс өңірге немесе Тәңіртау алабына енетін, қазақтың ата-бабалары тарихта мекен еткен жаз жайлау, қыс қыстауында Тарым мен Тәңіртаудың шығысындағы, арғы тарихта сақтар, нүзлер (нүкіс), үйсіндер, ғұндар бірінен соң бірі көшіп-қонып мекендеген байырғы көшпенділер мекені – Қаратау [4].

Осы байырғы көшпенділер қонысынан өткен ғасырдың 70-жылдары Қытай мамандары көптеген петроглифті байқап зерттей бастады. Қытайдың көптеген ғалымдарын өзіне баурағаны осы петроглифтер ішінде ерекше әсем де жанды бейнеленген топтың би көріністері болды.

Қаратау петроглифтерін суретті тасқа егеп-қашап салу тәсіліне қарай ғалымдар 3 топқа бөлген.

Соның ең көнесі жанго заманынан хан династиясы дәуіріне (б.з.б. 475 ж. -б.з. 220 ж.) дейінгі сақтардың, үйсіндердің немесе ғұндардың туындылары деп тұжырымдайды.

Қаратау петроглифтеріндегі топтың би көріністерінің салыну уақытын бағалауда, оның егеп салынуына ғана негізделінбеген, сонымен бірге суретте бейнеленген түрлі мәдениет үлгілеріне де ден қойылған. Бұндағы ең басты дерек – би билеген адамдардың басындағы шошақ бас киімі мен оның төбесіне тағылған үкі. Кезінде хан династиясы және одан бұрынғы дәуірде ғұндардың басында тағатын үкілер болған [4].

Бұлардан басқа Тарымның шығысындағы байырғы сақ молаларында да бас




А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

киімге құс қауырсынын қадаған адам сүйектері табылған.

Бұндай үкі тағу казірге дейін біздің халқымызда көбірек қолданылады. Ұлттық киімге, (бас киім) киімге, бесікке, тақияға, т.б.

Бұл суреттегі билер қай жағынан қараса да киім кию, аяқ, қол, дене қимылдары бәрі де, Қазақтың «Қара жорға» биін екені даусыз. «Қара жорға» биі тұтас қазақ биінің арғы жүлдесі, алтын арқауы деуімізге әбден негіз бар. Ол адамзат биінің ішіндегі де ең ерте дамытылған би үлгілерінің бірі деп сеніммен айтуға болады [4].

Егеменді ел болғалы да «Қара жорға» биін шет елдік қандасымыз елге әкеліп, билеп, қара шаңырағына қайта табыстырды. Қанды қыздырар буын биі «Қара жорғаны» ұмытпай, ел ішінде бірен-саран билеп жүргендер, елең етіп, тез меңгеріп, қуана қауышып кетті.

Тарихы терең халықтың мәдениеті де сонау ықылым заманнан қалыптасқан келеді. Сол жауһарларымызды жарқырата ұстағанда біз жауаптылықты сезінеміз.

Бүгінгі заманда мәдениетіміздің, өнеріміздің тереңдігіне масаттана отырып, оған мақтана қолдау көрсетуіміз керек. Себебі жастардың бір мезгіл билей жүріп, дененің буын-буынын тербейтін өнері мен шипасы қатар жүретін қасиетті бабаларымыздан қалған қастерлі өнерімізді аялап, өрбітіп, көпшілікпен бірге қуаттана орындайтын көз қуанышымызға айналдырайық. Осы бір бидің өзінде: тарих та, қаншама дастан да, мәдениет те, әдеп те, сұлулық та, өнеге де, үлгі де, салауаттылық та, саналылық та тұнып тұрған жоқ па?!

Ендеше өлгеніміз қайта тіріліп, өшкеніміз қайта жанды деуге құқымыз бар шығар.


ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Мәдениеттану негіздері: Оқулық. – Алматы: Дәнекер, 2000.

  2. Төлеубаев Ә., Қасымбаев Ж., Қойгелдиев М. Қазақстан тарихы: «Жалпы білім» беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Мектеп, 2006. –232 б.

  3. Мәденеиеттану: жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған оқулық. – Алматы: Раритет, 2005. – 416 б.

  4. Құмарұлы Я. Алыстағы ата мұра. – Бейжің: Ұлттар, 2006.


РЕЗЮМЕ

Духовное и культурное богатство казахского народа это – передавать из поколения в поколение богатое наследство, необъятные ценности, сведения об исторических традициях. В статье рассмотрен один из них – танец «Кара жорга». Говорится о ее происхождении, своеобразии.



(Мелдебекова У.И., Таймуратова С. Танец «Кара жорга» и ее роль в современном здоровом образе жизни)
SUMMARY

Spiritual and cultural richness of the Kazakh people is passed from generation to generation rich heritage, immense value, information about historical traditions. In the article it is said about one of the dance "Kara Zhorga." Also it is said about its origins and uniqueness.



(Meldebekova U.I., Taimuratova S. Dance "Kara Zhorga" and its role in today's healthy lifestyle)



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет