Қарқаралы арқадағы Гүлстан Облысымыздың атаулары



жүктеу 75.84 Kb.
Дата17.04.2016
өлшемі75.84 Kb.
: irbis64r 01 -> Kraeved -> Karkaraly tarihy
Kraeved -> Балажан ақын
Kraeved -> Алаштың арда туған Әлімханы Халқымызда «Жақсы адам – қазына»
Kraeved -> Аталып өтілетін даталар
Kraeved -> Қасым поэзиясындағы балладалар
Kraeved -> Зобалаң жылдарында Қазыналы қарашаңырақ
Kraeved -> 1815 Композитор, күйші, шертпе күй орындау шебері Тәттімбет Қазанғапұлының туғанына 190 жыл
Kraeved -> Орталық Қазақстан. 1991. 29 қазан Әдеби мұРА
Karkaraly tarihy -> Құлпырады Қарқаралы – жер жаннаты арқадағы республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы, «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз»
Karkaraly tarihy -> Қисыны бар аңыздар Қарқаралы қаласыны – 180 жыл
Karkaraly tarihy -> Қарқаралы шежіресі – тарихи құжаттарда Қарқаралы қаласының 180 жылдығына
Қарқаралы – арқадағы Гүлстан

Облысымыздың атаулары: Қарқаралы ауданы
*1824 жылы Дала генерал-губеернаторлығының Қарқаралы округі болып құрылған өкімшілік-аумақтық бөлініс 1868 жылы Семей облысының Қарқаралы уезі атанды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1928-1929 жылдары қайтадан округ дәрежесін иеленген оның құрамына Абыралы, Ақсары, Балқаш, Берікқара, Қу, Шет, Шүбартау аудандары кірді. 1930 жылы округ таратылып, ықшамдалған Қарқаралы ауданы Қарағанды облысының қарамағына берілді.

*Облысымыздың шығыс өңіріне орналасқан, 3,5 миллион гектардан астам алқапты алып жатқан Қарқаралы ауданында 51300 халық түрады. Олар барлық жиыны 25, ауылдық, поселкелік және қалалық округке қоныстанған.

*Қарқаралы ауданы облыстағы ауқымды агроөнеркәсіпті кешен. Мұндағы алуан түрлі меншік иеліктерінде 162700 қой-ешкі, 50 мыңға жуық сиыр, 18 мың жылқы бар. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы мерекеленген жылы қарқаралылықтар 72962 гектар алқапқа дәнді дақыл тұқымын сіңіріп, 68 мың тоннадан астам астық жинап алды.

*Ауданда республикалық, халықаралық байқауларда тұғырдың биік сатысын иеленіп, абыройлы болып жүрген "Салтанат", "Балқантау сазы", "Кент маржандары" фольклорлық ән-би ансамбльдері, 3 халық театры, қоры бай кітапхана жүйесі жұмыс істейді.

*Қарқаралы ауданындағы ауыл шаруашылық колледжінде, түрлі деңгейдегі 61 мектепте мыңдаған жеткіншек білім алады.

*Қарқаралының мемлекеттік-ұлттық табиғат паркінен жергілікті фауна мен флораның еліміздің басқа өңірінде кездеспейтін ондаған түрін ұшыратасыз.


Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Сенен бүлт, менен қайғы тарқамады.

Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,

Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы, –

деген жүрекжарды лебізді ұлылардың ұрпағы, жақсылардың сілекейі Мәдидің арыстан жүрегінен суырып алған, қазақ жырының көксемсері, өткен жылдың қоңыр күзінде 90 жылдық мерейтойы мерекеленген Қасымды:

– Сүйем сені, туған ел — Атамекен.

Абзал анам сенсің ғой, қүшағың кең.

Жер мен көктің жәннаты бір өзіңсің,

Сенен артық не табам, қайда кетем, –

деп тебіренткен жер шоқтығы Қарқаралы облысымыздағы ең ежелгі қоныстардың бірі һәм бірегейі.

Алып алаптың батысындағы Ханқашты мен Қарақуыс биіктері Қарқаралы, Кент тауларына жалғасып, түстігінде Темірші, Көкшетаумен, терістігінде Боқты, Абыз, Бүркітті шоқыларымен тізбектеліп кетеді. Аудан өңірінің орта түсында Қу тауы андағайлап тұр. Оның сілемдері Арқалық, Дос жоталарына тіркесіп жатса, одан әрі Мыржық, Едірейге, терістігінде Қызылтау, Айыр, Желтауға ұласып, тұтас бір аймақты орап шектеледі. Аудан жерінен тұма көзі сол тауларда жатқан Нұра, Талды, Түндікті, Қарқаралы, Жарлы өзендері ағып өтеді. Бұл өңірде Қарасор, Балықтыкөл, Үлкенкөл, Кішікөл, тағы басқа да көптеген шағын су айдындары бар.

Сарыарқаның шығысындағы ұлан-ғайыр жерді қамтып жатқан осы бір әкімшілік-аумақтық бөлініс өзінің тарихында қандай оқиғалар мен құбылыстарға куә болмады дейсіз. Жұмақтан қуылған Адам Ата мен Хауа Ананың күнаһар ұрпақтары жер бетіне қоныстана бастаған шақтан, ғылым тілімен айтқанда, жұмыр басты пендеңіз бауырын көтеріп, жүріп, ой-санаға ие болған кезден бері Қарқаралы өңірі адамзаттың құт мекеніне айналып келеді. Әріден қозғасақ, тас дәуірінің, одан беріде қола, темір мәдениетінің ізі сайрап жатқан алаптың Суықбұлақ қонысында ең ежелгі суландыру жүйесінің бірі болғанын археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеді. Содан бері мәдени дамуының сабақтастығы үзілмей, бірінің ізін бірі басып, ұлы даланың төсінде атой сап өткен, Еуразия атты көне құрлыққа 2 мың жылдай дара билік жүргізген көшпелі көкжалдардың тұрағы болған, көк түріктер мен қимақтар, қыпшақтар мен қарлүқтар жайлаған атамекенге XVIII ғасырдың орта шенінде Қаздауысты Қазыбек бабамыз ет жақын қауымдас, қандас жұртын бастап әкеліп, ірге тепкен дейді ел аузындағы тарих. Қарқаралы халқымыздың жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген Отан соғысыңца қанды майдан даласының бірі болды. Елін аздырып, қызын күң етпеу үшін, жерін тоздырып, ұлын құл етпеу үшін Сеңкібай, Бесоба, Матақ сынды, жүрегінің түгі бар батыр бабаларымыз қас дұшпанмен шайқасқа түсіп, ұрпаққа ерен ерліктің өнегесін көрсетті. Алаш азаттығының атойы алдымен Арқаның осы бір шоқтықты жерінде естілгені де сондықтан болар.

Қарқаралының шұбарала тастары, көкжасыл қарағай мен ақбалтырлы қайыңға малынған қара орманы дала демократиясының дарабоз тұлғалары Алшынбай мен Құнанбайдың келелі кеңесі мен қара қылды қақ жарған әділ билігіне куә болды. Елдің игі жақсылары Шорманның Мұсасы, Қазанғаптың Тәттімбеті тәрізді серкелердің шешендігі мен көсемдігіне бас шұлғыды. Қоңыр домбыраның қос ішегіне бұлбұл қондырған Тәттімбеттің тәтті күйлеріне осынау киелі таулар тербеліп, өзен-көлдері тебіреніп толқыды. Осы жерде Шөже мен Кемпірбай, Нарманбет пен Әсет тәрізді айыр көмей, жез таңдай ақындардың аузынан шыққан өлең-жыр Нұраның күміс суындай төгілді. Қарадан шыққан Құнанбай өз тұсындағы биліктің биігіне көтерілген, төңіректегі киіз туырлықты қазаққа Алланың ақ жолын көрсету үшін мешіт салдырған шаһарда адамзаттың данышпаны, ақындықтың ақбас шыңы Абайдың балауса армандарын шыңдаған, ұлы мұраттарға шақырған бозбала шағының талай балдәурен күндері өтті. Нағашы әрі қайын жұрты болып табылатын осы топырақтан Абайдың келешек кемеңгерлігіне сорап тартылғаны күмәнсіз.

Бір жарым ғасыр бойы отаршыл Ресей империясының боданында болған халыққа азаттық жайлы ой ұшқынын тұңғыш тұтатқан Алаштың ардагерлері Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков осы қасиетті жерді табанымен басып, қуат алды, таудың төсін тесіп шыққан мөлдір бұлағынан су ішіп, нұрланды. Қазақ әдебиеті мен тіл ғылымын теориялық тұрғыдан негіздеген ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынов Қарқаралы өңіріндегі талай көгенкөздің сауатын ашып, ілім мен білім асуына жетеледі. Осы алыптардың дем беруімен өткен ғасырдың басында – 1905 жылы бодан халықтардың санасын тұмшалаған отарлық тұманын сейілтіп, әйгілі құжат дүниеге келді. Тарихқа "Қарқаралы петициясы" деген атаумен енген осынау талап-арызда бұратана ұлттарды езгіде ұстаған Ресей империясының жәдігөйлік саясаты әшкерленді. Шет аймақты жайлайтын, жабайы, тағы деп есептелетін қазақтардың үкіметтен тең құқылық талап етуі, өздеріне лайық сый-құрмет қажетсінуі империя үшін тосын жаңалық болды.

Тоталитарлық буғау аяқ-қолды кісендеген, әкені бала, ағаны іні аңдыған сұрқия қоғамдық жүйені дүниеге әкелген қызыл империя кәріне мінген тұста қызмет істеген қайраткер, қазақ даласына "кіші октябрь" сұрапылын туғызған кәмпескенің салдарынанел басына нәубет орнаған жылдарда жұртына араша түсу үшін Сталиннің табалдырығын тоздырған Нығымет Нұрмақовта осы өңірдің перзенті.

Еліміздегі ең тұзды көл Қарасордың қақ желкесіндегі жазықта 1848 жылдан жұмыс істей бастаған Қоянды жәрмеңкесіне бір қиыры Орал мен Сібірден, екінші шеті Орта Азия мен Шығыс Түркістаннан керуен келіп, оны аса үлкен сауда орталығына айналдырды. 1900 жылғы мәліметке көз жүгіртсек, мүнда 30 магазин, 276 сауда дүкені, 707 киіз үй болыпты. 55 шаршы шақырымды алып жатқан алқаптағы сауда айналымы 1 миллион 645 мың рубльді құраған екен. Мұнда жыл сайын 200 мыңның үстінде мал сатылған.

Кеңселер мен қонақ үйлерді, мешіт пен шіркеуді, емханалар мен полиция бөлімдерін қоршай қаз-қатар тізілген қымызханалар мен шайханалар сауданың ғана емес, ойын-сауықтың да думанды ордасына айналып, айтыс пен күрес, сиқыр өнерінің неше түрі жүріп жататын. Ақайдың Хасені туын көтергенде, маусымның соңында ашылып, бір ай бойы дүркіреп жататын Қоянды жәрмеңкесі осы өңірдің төл перзенттері – ән атасы Айтбай Демікпеұлы, сұлу үніне А.Затаевич тәрізді зерделі зерттеуші тамсанған Ғаббас Айтбаев, айғайлаған даусы Париждің соборларын тітіреткен Әміре Қашаубаев, тұқла бойы толған өнер Зәрубай Қүлсейітов, Омар Әбдиев, бір өзі тұтас театр Қалибек Қуанышбаев тәрізді тарландарды ғана емес, суырып салма ақын Иса Байзақов, талай көздің құрты, көңілдің іңкәрі болған әнші Майра Уәлиева, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов тәрізді ерен тұлғаларды да сауықшыл елдің қадірлісіне айналдырды.

1930 жылға дейін созылған тарихында планетамыздың жарым жұртының өкілдерін Сарыарқа төсінде тоғыстырған жәрмеңке қазақтың тұңғыш ұлттық театры мен цирк өнерінің тұма бастауы болды деп сеніммен айта аламыз. Қазақ рухын талант қуатымен суарып келе жатқан Қарқаралы ән салудың академигі атанған Жүсіпбек Елебеков, Нұғыман Әбішев, Мағауия Көшкімбаев, Жұмат және Атығай Шанин, Шолпан Жандарбекова, Хабиба Елебекова, Рахия Қойшыбаева, Қуан Лекеров сияқты, толып жатқан өнер жұлдыздарын берді.

Қаһармаңдығына кешегі Кеңестік апып империяның барлық жұрт тәнті болған Нұркен Әбдіров, Мартбек Мамыраев, П.И.Теряев тәрізді батырларды тал бесікте тербеткен Қарқаралы бұл.

Қазақстан ғылымында айшықты із қалдырған Ақжан Машанов, Бақия Атшабаров, Совет Исатаев, Смағұл Қайшыбаев, Задан Шайхов тәрізді ондаған қабырғалы ғалымдардың кіндік қаны осы жерге тамған.

Осынау мекен Мұстақым Малдыбаев, Ғабдиман Игенсартов, Әлжаппар Әбішев, Қайыркен Сағыңдықов, Қапан Сатыбалдин, Рамазан Сағымбеков, Әмен Әзиев, Сапарғали Ләмбеков, Кәрім Сауғабаев тәрізді қаламгерлерді берді. Ондаған Социалистік Еңбек Ері шыққан, аға ұрпақтың қаһармандығын, еңбектегі, өнердегі өнегесін үлгі тұтқан, талант құдіретімен бүгінгі қауымды қуантып жүрген өрім ұл-қыздары бар Қарқаралы қазір де ел мәртебесін биіктетуге ықпал жасап келеді. Қазақ ұлтына шексіз ғарыш есігін айқара ашып берген Тоқтар Әубәкіров, классикалық өнердің біртуар өкілі Кенжеғали Мыржықбаев, бұлбұл үні республика кеңістігін кернеп кеткен Мақпал Жүнісова, "Қарқаралы - қара орманым" деп жүрегінен жыр маржанын төгіп жүрген Серік Ақсүңқарұлы, ғасыр дертіне дауа тапқан ғалым Серғазы Әдекенов, Арқа сахнасының көркі Рамазан Баймағанбетов, әнін табиғат тынысын тартып, халық елтіп тыңдайтын Мейірхан Адамбеков, бесаспап өнерпаз Қанат Мерсалимов тәрізді талант иелерімен, олардың ізіндегі өрендерімен мерейленеді Қарқаралы.

Тарихын ту даланың бетіне тұлпар тұяғымен жазған бұла жұртымыздың ұлы мәдениеті мен рухани мұрасының қайнар көзінің бірі болып отырған Қарқаралы бұдан кейін де ұлт мүддесіне қызмет етіп, ел мерейін асырар тұлғалар туа беретіні күмәнсіз.


Ермек Балташұлы,

газеттің арнаулы тілшісі.


Қарқаралы ғаламаты
Мәди жыры – тұл еткен пенделікті

Қаңғып кеткен желге ермей – елге еріпті.

Марқүм Ақын Музасы ажалды арбап

Жүрегіне халқының «жерленіпті»!


Сүлушаш Қыз...

Махаббат...

Жұмақ құсы –
Шайтанкөлден кетпепті жыраққа ұшып.

Табытқа емес, Шабытқа айналыпты

Жүрегіне Ақынның құлап түсіп!
Ізгілікке зұлымдық берді ме есе?

Қамшысын да қайыстан өрді неше...

Өмір-бақи сенбеспін аярларға,

«Сұлулық, пен Ұлылық, өлді!» – десе.



Серік Ақсұңқарұлы
Орт. Қазақстар.- 2002.-19 қаңтар.-4 б.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет