Ардакүрең (Рымғали Нұрғалиұлы)



Дата01.05.2016
өлшемі134.03 Kb.

Ардакүрең

(Рымғали Нұрғалиұлы)

Әр пенденің өмір өзегімен өзектескен бір адамы бары анық. Оның алдында сенің, сенің алдыңда оның жасырып істер тойы болса да ойы болмайды. Өйткені, жалт еткен көзінің қиығынан, қатар қадам басқанда тыныс алысынан, әңгіме арасында сөзінің әрінен оның жан демеуі мен медеуін, көңіл күйінішін сезе қоясың. Жайшылықта сырт беріскендей көрінгенімен де, оңашада жұлын-жүйкеңнің қырындысына дейін еріп сала береді. Мен үшін Рымғали Файзоллаұлы Нұрғали сондай етене жандас та, қандас та, тағдырлас та әрі аға, әрі ұстаз. Ойлап отырсам, менің балаң санама көркемдік талғам мен ойлау жүйесінің жүлгесін есіп берген де, жазушылықтың терең сырын түсіндірген де, адамдық тағдырдың қилы сәттеріндегі қиналысының куәсі де осы адам екен. Тіпті менің бойымдағы кейбір мінездер де осы Ардакүреңнен (Жәнібек, Несіпбек үшеуміз Р-ағаңды осылай атайтынбыз) ауысқанын өзім де аңғарып қаламын. Мұны еліктеудің де, тәрбиенің де жемісі деп қабылдауға болар. Басқаны қайдам, дәл осылай деп айтуға менің толық құқым бар сияқты. Оны өзі де жоққа шығара алмас. Еркелеген де, елжіреп сағынған да, еркінсіген де, ренжіткен демейін, өкпелеткен демейін, наз артқан кезім де болыпты. Бірақ соның барлығының астарында да туған ағасына туған бауырының өзімсінген терең сезімі жатыр еді.



Қазір де сол күйден арыла алмай, бастап қойған сөздің арасын бір ай өткен соң қайта жалғастырып отырмын. Өйткені бауырында өскен отыз бес жылдың ішінде талай-талай қабырға қайыстырар ауыр күндерде аспандағы бұлтты ысырғандай, бауырлап қалғанда жерден көтере демегендей, тығырыққа тірелгенде тыныс қосқандай болған жанашырлық демін сезініп, қашан қанатым қатайғанша қамқорында, қолтық қарында, бүйрек бүлкілінде жүріппін. Сондықтан да қысқа мақалада ойымды маған тікелей қатысы бар өмірдегі мінезді сәттерге ғана негіздегім келді.

Мінез демекші, аға мен бауырдың, ұстаз бен шәкірттің арасындағы ілтипатымыздан бұрын мінезіміз танысқан сияқты. Алғашқы таныстығымыз қабылдау емтиханының үстінде өтті. Сақнасы келіспеді демесең, ішкі ырғасуы мен үшін “Еңлік – Кебектегі” Еспенбет пен Көбейдің тартысынан кем еместей көрінген. Сол жылдары маған жақсылық та, жамандықта әкелетін осы “Еңлік – Кебек” болды. Үш жыл бұрын осы екі бидің айтысын сыныптастарыма түсіндіріп беремін деп “ру араздығын қоздырушы” ретінде тоғызыншы класста мектептен шығып қалғанмын. Мұхтар Әуезовтің пьесасы да арашаға жарамады. Әйтеуір, он бес күннен соң Семейдің облыстық театры “Еңлік – Кебек” спектаклін біздің ауылға әкеліп қоя қалмасы бар ма. Кітапты оқымаған Еңлік пен Кебектің туыстарының келесі, яғни, ата-аналар кеңесі спектакльден кейін шешімін қайтарып алып, “әділдік орнатқан”. Былтыр кеудені әдемі арман мен болашаққа деген ұлы үміт әлдилеген он жеті жасымда Алматыға келіп, университеттің журналистика факультетіне емтихан тапсырғанмын. Шет тілін оқымағандар да емтихан тапсыратын болып шықты. Одан да өтер едім, басты кілтипан шығарма мен әдебиеттің ауызша емтиханынан шықты. Екеуінен де үш алдым. Ал өзге-өзге, бұл маған өліммен тең еді. Бірақ кейін анықталғанындай, бұл “үш” “саяси баға” екен. Ауызша емтихан кезінде лыпып-ақ тұрғамын, Мырзатай Жолдасбеков ағамыз мақтап-мақтап кеп билеттен тыс: “Еңлік – Кебектің” жазылу тарихын сұрады. Тура осы оқиғаны оқушының дәптеріне толтырып жазып үш алған “Сүйікті шығармамның” кемшілігін толтырайын деп “Еңлік – Кебектің” жазылуын Шәкерімнен бастап, суылдата жөнелдім. Мырзакеңнің қабағы кіржің ете қалды. Дауысы бәсең тартып: “Мына бала сайрап тұр” – деді. Қасындағы тілші: “Естідім қалай сайрағанын. Екі” – деді. Жүрегім су ете қалды. Ақыры үшке келісті (Бұл Қ. Жолымбетов деген тілші ағамыз екен. Ал содан бері Мырзакеңнің маған беретін бағасы ылғи бестен басталып, үшпен аяқталып келеді). Келесі жылы Несіпбекпен, Жүрсінмен, Асқармен, Намазәлімен, Жанболатпен бірге оқысын деген шығар, ауылға қайттым. Бір жыл бойы әбден тақыстанып, шығарманы 4 бет етіп, Алтынсарин мен Ильминскийдің достығын мөлдіретіп жазып бергенмін. Қазақ тілінің емілесі мен тыныс белгісін тастай еткемін. Алдында Оралхан Бөкеев “Лениншіл жас” газетіне суретіммен өлеңдерімді шығарған. Бұл кітабы шыққан ақындар да сирек көрген құрмет еді ол тұста. “Қабылдау комиссиясының төрағасы Т. Кәкішев: “Жұртбаевты құлатып алмаңдар – деп тапсырма беріпті, Рымғали деген сенің өз ауылыңнан. Атағы жер жарып тұр. Сені іздеп жүр. Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков шақырып жатыр” – деп бәрін танитын Жәнібек Кәрменов келгенде жүрексініп бармап едім. Ауызша емтиханды тапсыруға ішке кіргенде шығармадан тағы да үш алғанымды білдім. Үшті қойған Рымғали Нұрғалиев. Дүние төңкеріліп түсті. Емтихан қағазын қайтып беріп, кетуге бет алдым. Паңгерей марқұм аты-жөнімді біле сап Тұрсекеңді шақырып: “Әлгі байқа деген Жұртбаевыңыз емтихан тапсырмаймын дейді. Міне, өзі. Үш алыпты” – деп мені нұсқады. Тұрсекең қағазды алды да: ”Е, өз ағаң екен ғой. Рымғалидің осындайы бар. Тапсыр. Емтиханды сенен Рымғалидің өзі алады. Қалғанын беске тапсырсаң сөзсіз түсесің” – деп жетектеп апарып аудиторияға кіргізіп жіберді. Көзілдірікті дәу қара, сырбаз сөйлейтін ағамыздың (Мырзатай Серғалиев) қасында шашын артына қайырған, көзі оттай лапылдаған (жанып емес), денесі қызудан көтеріліп-басылған жанартаудай, бәрін билеп-төстеп, өктем-өктем сөйлеген ақсары жігіт отыр. Мына жігіттен аман құтылмасым белгілі. Билетті алмай қасарысып тұрдым да алдым. Бір бала бағасын алып кеткесін маған қарап:

– Әй, сен бізді арбап тұрмысың, немене? – деді.

– Жоқ.

– Ендеше мына сұстиып тұрысың не?



– Емтихан тапсырғым келмейді.

– Ендеше біреу сені зорлап кіргізді ме?

– Иә. Емтихан төрағасы.

– Ей, сен өзің бір қырсық бала екенсің. Неменесіне бұлданасың. Ал қане билетті, әйтпесе емтихан қағазыңды әкел. Екіңді қойып берейін.

– Бәрібір тағы да үш қоясыз. Оқуға түсе алмаймын. Бірақ шығарманы қатесіз жазғанмын. Тура оқулықтағыдай. Тексертейін деп едім, болмай осында кіргізіп жіберді.

– Ей, сен өзің бізден емтихан алғалы тұрсың ғой. Фамилияң кім өзі сенің?

– Жұртбаев…

– Е, әлгі “Қызылтудан” келген ақын бала сен бе? – дауысы бәсең тартып, кілт түсі жылып сала берді. – Шығармадан үшті мен қойыппын. Не туралы жазып едің?

– Ыбырай Алтынсарин туралы.

– Әлгі “ХІХ ғасырдың екінші жартысында төбеге шығып, төңірегіне қараған қазақтың бірі” – деп басталатын ба?

– Иә.

– Қап. Мұндай сөз мектеп бітірген баланың ауызына түспейді. Көшіріп алған – деп ар жағын оқымай үш қойып жіберіп едім. Ештеңе етпейді. Келесілерінен бес алсаң түсесің. Қане, билетіңді алып отыра ғой, айналайын.



Соңғы сөзі жүрегімді жылытып жіберді де көңілсіздеу болса да билетті алдым. Екі рет дайындалмай жауап беруге ұмтылып едім, рұқсат бермеді. “Ана баладан менсіз емтихан алма” – деп әріптесіне тапсырып, сыртқа шығып, біраз бөгеліңкіреп барып келді. Қазақ тілінің сұрағын қағазға жазып беріп ем, Мырзатай ағамыз:

– Мен осы баланы сөйлеткім келмей тұр. Бәрін дұрыс түсіріпті. Қалғанын өзің біл – деді.

Сұрақтардан сүрінбегенім есімде. Бірақ қосымша сұрақ дегеніңді жаудырды-ай дерсің. Тағы да “Еңлік -– Кебек” шықты алдымнан. Аузым күйіп қалған. Білмеймін дедім.

– Қалайша білмейсің? Қой. Ауылыңның іргесінде моласы тұр емес пе? – деп шошып кетті де өзі де менің білмегенім үшін жасып қалғандай көрінді. Әуелі спектаклін көргенімді, одан кейін Мағауияның дастанын, одан кейін Ойқұдықтағы 1917 жылғы қойылымын айттым. Тіпті қазбалап қоймағасын тағы бір нұсқасы бар дейді – деп қашқақтадым. Қоймады. Е, биыл да маған оқу жоқ екен – дедім де:

– Аға! Бұл қажының – Шәкерімнің дастаны. Тоғызыншы класста Сирақбай Досмағамбетов деген үлкен кісіге көшіріп бергем. Сол үшін мектептен шықтым. Былтыр осы үшін үш қойдыңыздар. Ол былай басталады – дей беріп ем қайтадан жылы шырайланып, Мырзекеңе қарады. Ақыры өлең оқытып тынды. Қойшының қызы туралы өлең еді.

– Е, қойшының қызы қойшы жігітті армандаса жетіскен екен. Сонда қазақтың қамын кім ойлайды. Ал, Мырзатай, мына балаға неше қоясың?

– Бес қоямын. Өзің ше?

– Мен алты деген баға болса алты қояр едім. Енді екі бес алса оқуға түсе ала ма? Ал, сен енді өкпені қой. Тарихтан жақсылап дайындал. Бес ал. Осында Бақтажар Мекішев деген ағаң бар. Білесің бе?

– Білем. Мекішпен менің әкем құрдас.

– Ендеше неге жолықпайсың. Қазір мені күт. Емтихан біткен соң шығамын – деді.

Сыртта жаңа ғана танысқан кірпі шашты, қаршыға көзді Несіпбек күтіп тұр екен. Болған жайды айттым. Ол Рымғалиді біледі екен. Ағасы Қабдеш Жұмаділов пен Мұхтар Мағауин оған тапсырып қойыпты. Қойшы, содан екеуміз екіндіге дейін бас поштаның алдында ағаны тостық. Жоқ. Сөйтіп тұрғанда көрші ауыл “Қайнардан” бітірген Айғали Файзуллин жолыға кетті. Мен жөнімді айтып едім, телефонға жүгірді. “Қайда жүрсің? Сені күтіп жүр ғой” – деп телефонды маған бере салды. Рымғали аға: “Хабарласып тұр. Үйге кел. Қалғанына көмектесемін. Айғалиға ақылыңды айт. Түскен соң да қыдырасыңдар” – деп ағалық мейірім танытты. Сөйтсем, Айғали Рымғали ағаның туған кенже інісі екен. Әрине, бұл маған үлкен демеу болды. Алатын бесін алып оқуға түстік. Сөйтіп, “Еңлік – Кебек” мені үш рет сүріндіріп, Рымғали ағаның алдына тағзым еткізіп барып жолымды ашып еді.

Бұл арада мен өзімді емес, Рымғали ағаның жас кезіндегі өтімді де өрт, асқан мейірімді, әділ, жігіттің сұлтаны шағындағы мінезін көрсеткім келді. Шындығында да ажары ғажап, алды алымды, еңсесі өр еді. Қазір де сол мінезі сирек те болса сыртына шыға келгенде іштей сүйсініп тұрамын, кейде әдейі сөйлеткім келіп мінез де көрсетіп қоятын кезім бар. Жалғыз мен емес, сол кезде көргендердің бәрі де сол әсерді сезінген екен. Тұрсынбек Баймолдаев сияқты шәкірттері қазір де ұстазының үлгісімен екпіндетіп сөйлеуден танбай келеді.

Бұл 1969 жылдың 2 августы еді.

Сол күннен бастап Рымғали ағаның бауырына кірдім. Оның әр сөзі, мейірімі, ақылы туыссыраған көңілдің жұбанышына айналды. Күзгі дәріс басталғанша “Трагедия табиғаты” атты монографиясын оқып шықтым. Күз соңында “Талант тағдыры” да қолға түсті. Алғашқы кірген көп қабатты пәтер, қабырға толы кітап сөресі, неғыласыз, қала мен білім қарекетіне қатысты жайдың бәрін осы үйден көріп, таптым. Ал Рымғали ағаның оқыған лекциясын айтсаңшы. Алла, сөз бен білім дәл осылай қабысып та шығады екен-ау. Пафос қандай! Өзің де көтеріліп отырасың. Кейде бойыңды шымырлатып, кейде тітіркендіріп, кейде суытып, миыңның ішін шаңдатып кететін. Дәріс кезінде сескендіріп сөйлегенімен жеке әңгімелескенде керемет мейірімді еді. Алғашқы айдың өзінде маған ол жылдары жасырын оқылатын Мағжанды ақтау туралы Дінмұхамед Қонаевқа жазған башқұрт ақыны Сәйфи Құдаштың көлемді хатын таныстырды. Іле Сәду Машақовтан алып келген Жүсіпбек Аймауытовтың “Жан жүйесі” мен Міржақыптың “Бақытсыз Жамалын” үйіне жатып оқытқызды. Сол әсермен Ұлттық кітапхананың сирек қорынан Ахаңның, Әлекеңнің, Міржақыптың, Жүсіпбектің, Мағжанның шығармаларына бірінші курста-ақ қаныға бастадық. Лекция болардың алдына ағамыздың өзі де бізбен бірге кітапханада отыратын. Ал әдебиет туралы пікірлері ұшан-теңіз. Жазушылық сапарға шыққанда кітап алып келеді. Кейбірін маған сыйлайды. Ян Парандовскийдің “Сөз сиқыры” әлі күнге дейін менде сақтаулы. Екі рет қайырып беріп, үшіншісінде сіңіріп кеттім. Үйіне қонып шыққан күні Айғали екеумізге үш теңгеден, Ләпәң – Ләтипа апай он теңгеден береді. Бұл күтіп ұстаған адамды жиырма күн толық асырайтын. Ойымыз бен өреміз, ойлау жүйеміз, қоғам туралы пікіріміз бірден өзге бағытқа өріс алды. Ол жылдары жазушылар Хэмингуей мен Сэлинджерсіз сөйлемейтін, біздің шал, әлгі шал деп, бір-бірін Мағауин, Ысқақов, Аязбаев, Шайкенов, Әкімжанов деп фамилиясымен атайды. Бұл “ауру” бізге де жұғып, бір-бірімізді Кәрменов, Айтов, Алпысбаев, ал ағаның өзін Ардакүрең дейтін болдық. Одақтағы түрлі жиналыс пен съездің шақыруы Р-ағаңның мойнында. “Көшпенділер” мен “Соңғы көш”, “Көк мұнар” талқыланғанда да ағаның қолтығында жүрдік. Сол жылдары аға ақын-жазушылармен де ұстазымыз таныстырып, Ілияс Есенберлин бастатқан қаламгерлермен кездесулерді жиі өткізіп тұрдық. Әлем әдебиетінің тарихымен де әуелі Рымғали ағаның үйдегі лекциясы арқылы танысып, екінші курста бесінші курстың деңгейіне жетіп қалдық. Абайдың 125 жылдық тойында Оралхан екеуін Қарауылда қонақ етем деп Алматыдан ауылға ұшып кеп, ақыры өздеріне қонақ боп қайтқан аңғал да алаңғасарлау сәттер де болды. Несіпбек Қабдеш пен Мұхтар ағасының ортасында “қорғасындай балқып жүрді”, мен Рымғали ағаның етегінен нық ұстап айырылмадым.

Сынды көркем де шешен тілмен жазу осы Рымғали ағадан басталған дәстүр. Жалынды жастық оты қайтпай тұрып отыз жаста докторантураға шықты. Бұл сол жылдары қоғамдық саладағы шектен шыққан данышпанның да қолынан келе бермейтін оқиға еді. Сол күннен бастап ағамыздың әбігері басталды. Зерттеуі қиын жазылды. “Күретамырдың” басылуы да баяу жүрді. Ал қорғаудың алдындағы қарбаласты айтпаңыз. Біз машинкадан шыққан беттерді оқимыз. Әріп кесіп жапсырамыз. Жан-жаққа автореферат жібереміз. Әдеби ортада тілектестер көп, ғылыми ортаның бақталасы басым. Қорғауға байланысты қиянаттарды естігенде төбе құйқаң шымырлайды. Қорғауға жетпістегі әкесі Файзолла атамыз келді. Ұзақ талқыланды. Дауыстан өткенін естігенде атамыздың мойнынан құшақтап жібермей тұрып алғаным әлі есімде. Дастархан әзір еді үйде. Бірақ Мұхтар Мағауин екеуі үйге кірмей үш сағаттан астам уақыт Панфилов паркінің ішінде ұзақ әрі алаңдаулы күйде әңгімелесті. Айғали екеуміз ту сырттарынан алыстау жерде ілесіп отырамыз. Әйтеуір дастарханға бұрылғанда көңіліміз орнына түсті. Бәрі де тынышымен біткен сияқты болатын. Арада үш ай өткен соң ағаның алаңы ашық қауіпке ұласты. Сөйтсек Мәскеуге өзге ағаларымыз салмақты арыз жазып та үлгеріпті. Ол да жабылып, жарты жылдан соң жақсылыққа бет алған сияқты болатын. Бірақ екінші рет қайталанып жазылған арыздар ақыры диссертацияны бекіттірмеді. Бұл лаулап тұрған жанартауды өшіргендей сенімсіз, бірақ шындық оқиға еді.

Адамның адамға ашық қиянатын көргенім осы еді. Келесі қайта қорғау өткенге дейінгі бес-алты жыл Рымғали ағаны жүйкелетіп жіберді. Ұйқысыздық, мазасыздық, жалғыздық, сенімсіздік, өзін қорланғандай сезіну, айналасының алаңы төзімді жұқартты. Сондай сәттерде Жәнібекті, Құныпияны, Несіпбекті, мені шақырып алып қона-жастана әңгімелесіп, қасынан шығарғысы келмейтін. Саяжай сатып ап барып жаны сая тапқандай болды. Адал да аяулы досы, курстасы Құрманбай Толыбаев ағамызды алдыға салып ап барып тұрамыз. Неше түрлі қалжың да сонда туды. Несіпбектің “Қарға бойлы Қазтуған” атанып: “Галстугын байлап ап, екі бетін майлап ап, бірі келер сәнденіп, бірі келер бәлденіп. Жаның болса Кәрменов, қаның болса Кәрменов, Алпысбаевты ал келіп” – деп шұбыртатыны да сол Обсерваторияның түбіндегі саяжайда өтті. Ой деген ұры емес пе, онда да тыныштық бермеді. Ақыры көлік сатып алып барып езгі ойды шаң қаптырып адастырып, серги берді. Еңсесін көтерді. Өзі “Ақ бұзау” деп атаған жеңіл көлікпен біз қайда бармадық десеңші. Әсіресе, Несіпбек, Жәнібек, Құныпия ағаның тұрақты жол серіктері болды. Шалкөде, Жіңішке, Көкқасқа аттың жайлауы, Сартауқұм, Бозой, Сарқан, Алакөл арасындағы айтылған әзіл, Жәнібек пен Несіпбектің айтысы бір томнан асып жығылар еді. Соны ұйымдастыратын да, тарқататын да, басты кейіпкер де Рымғали ағаның өзі болатын.

Екінші рет қорғауға тақырыбы бекітілген соң тамырына нәр жиып, қуаттана күш алды. Бірақта баяғы жанартау, жалын от, өктем ой сол қалпына қайтып келмеді. Бір күні Төлебаев көшесінің бойындағы ұстаздарының көңілін сұрауға шықты. Әуелі Темірғали Нұртазиннің үйіне кірді. Үмітсіз дертті еді. Ол кісі: ”Рымғали әлі жассың. Осы әдебиеттану ғылымына жолама. Сатқын ғылым екен. Сен жаңа ой айтасың. Ертең оны біреу малданып кетеді. Артыңа із қалдырмайды екен” – деп өсиет етіпті. Содан Бейсекеңнің – Бейсенбай Кенжебаевтың үйіне кірді. Ұлы ұстазы: “Темірғали да нашар жатыр. Мен де сыр бере бастадым. Темірғали көңілге беріліп кетеді. Бастағанды тастама. Сын – ұлы ғылым. Берік бол” – деп шегелеп қоя берді. Одан өрлеп Мұхамеджан Қаратаевқа сәлем бере кірді. Ортаңғы бөлмедегі үлкен столға басын қойып қатты ойға кеткен екен. Басын көтеріп: “Жағдайдың несін сұрайсың. Жан-жағыма бомба түсіп отап жатқандай, Темірғали мен Бейсенбайға да тырнағын салыпты. Сол бомба енді маған қашан түседі деп күтіп отырған жай бар. Қуатың бар кезінде қаламыңды қатты ұста. Өкініш өмір болмайды” – депті. Сыртта қалған мен осы сөздерді Рымғали ағадан естігенде тіксіне қалдым. Сынға үйір едім. Қайтып жоламаспын-ау деп іштей бекінгенім әлі есімде (Неден қауіптенсең соған жолығасың деген. Ақыры айналып сол шырғаға түстік қой). Қалай дегенмен де үш ұстазының да өсиетін кезек-кезегімен орындады. Әуелі “Дән” атты өмірлік дерекке құрылған әңгімелерді, содан кейін “Ертең ат шабыс” хикаятын жазды. Іле драматургия туралы монографиясын қолға алды.

Әдебиет туралы әңгімелер тағы да алдыңғы қатарға шықты. 1976 жылдың қыркүйегінің соңғы күндерінің екінтісі болатын. Әңгімелесе жүріп Рымғали ағаның ауласына кіргенде кезіккен егде тартқан өжет әйел батыл-батыл сөйлесе амандасты. “Бұл мықты апаңыздан Әуезовтің өзі именіп жүретін болған. Әйгілі “Қаралы сұлудың” прототипі осы кісі. Мықты кемпір. Тура сенің ауылыңнан” – деді. Жалпы ол кісінің туған-туыстарынан хабардар болатынмын. Әйгілі Ике мен Мұсатайдың келіндері. Сөз Әуезов шығармаларының шығу тарихына ауысып кетті де соңы тапсырмамен аяқталды. Абай мен Әуезовтің шежірешісі мен болуым керек екен. Оның өлең мен көркем шығармаға қатысы жоқ екен. Шәкерім мен Мағжанның өмірін тұспалдап жазған “Жер-бесіктің” екінші бөлімінің шешімін мүлдем өзгерттірді. Зиянынан қорықты. Сөйтіп менің қалған шығармашылық өмірімнің арнасын мүлдем басқа жаққа бұрып жіберді. Міне, оған да отыз жылдан асыпты. Сол күні басталып кеткен, келе-келе өлеңді де, прозаны да шетке ысырып тастаған Мұхтар Әуезов туралы шығарманы әлі бітіре алмай жүрмін. Докторлығын екінші рет қорғаудың алдында аралас адамдарының өзгере бастағанын байқап ем: “Ал енді бұрынғы ағаларыңды іздеп әуре болмаңдар. Бұл жолы аянбаймын. “Жанашырларыммен” жақынымдай, жақындарыммен жатымдай аралассам таң қалма” – деді. Сәтті қорғалды. Оппонент Мәскеуден келді. Оны достары Сейіт Қасқабасов пен Өмірзақ Айтбаев оңаша күтті. Сонда да өз қатарының алдындағы ең жас доктор, ең жас академик, ең жас лауреат атанды. Жаңа достарының кітап жазуға мүмкіндік бермегені болмаса, дегенінің бәріне жеткізді. Керісінше өз ағайындарын өкпелетіп алды. Әрине, бұл түсінуге болатын, солай істелуге тиісті жай еді.

Бұдан кейінгі менің тіршілігім жеке тағдырға ұласты. Рымғали ағаның өзі әуелі мектеп, содан кейін университетке түсірген менің туған қарындасым Төлеу ақ қаннан қайтыс болды. 1963-1964 жылы тура полигонның өз ішінде Дегелең мен Балапан шахтасының ортасында, біреуінен 6, біреуінен 15 шақырым жерде тұрып ек. Пәле содан жабысқан болып шықты. Қарлы қарашаның қайғылы қара түнінде, түнгі сағат үште қараңғы көшенің бойындағы телефонмен үйіне жылап тұрып хабарласқаным есімде. Ондай дертке ұшыраған адамның мәйітін бірден бере қоймайтын. Ендігі уайым сол еді. Таңғы сегізде ауруханаға келіп бас дәрігердің рұқсатын алып берді. Іле ағаның ең сүйікті де талантты суретші інісі де сол полигонның дертіне шалдығып өмірден өтті.

Сондай күңгірт күндердің бірінде, дәлірек айтсам 1980 жылдың 6 мамыр күні, Асанәлі Әшімов СССР халық артисін алған күні Қалибек Қуанышбаев туралы дерек іздеп театрға барамын деп мен бір шолақ оқиғаға іліктім. “Жұлдызға” жаңа орналасып, белімді тіктегендей шақ еді. Сейілғазы досым түнделетіп біраз адамға хабарлапты. Таңертең ерте Рымғали ағаның машинасына отырып Сағат Әшімбаев марқұм, Жәнібек марқұм және Несіпбек мені Алматыны шыр айналып іздеуге шығады. Сөйтіп алаңдап жүргенде апатқа ұшырайды. Сағаттың аяғына зақым келген, Несіпбектің иығы шыққан, әйтеуір өздері аман-есен. Ал “ақ бұзаудың “көркі кеткені” өз алдына. Бұдан бейхабар мен үш күннен кейін барып болған жайды естідім. Өзімді қоярға жер таппадым. Не хабарласудың бабын білмедім. Содан жарты жылға дейін кездеспей тайсақтап жүрдім. Көліктің дауының өзі ұзаққа созылды. Бір күні Рымғали ағамен де, Сағатпен де бетпе-бет келіп қалдым. Екеуі де: “Сенің не жазығың бар. Тек қалдарыңыз қалай демегенің болмаса” – дегенде иілген бас қайтып көтерілмей қалды. Аталған жігіттердің адамгершілігіне осы күнге дейін тағзым етем. Әрине, алдымен Рымғали аға мен Сағат марқұмға. 1982 жылы августта ұлым Алмас суға кеткенде: “О, сорлы!” – деп көріскендегі суық дауысы қазір де құлағымның түбінде. Сол сөз менің ішкі сезімімді тітіркендіре суытып жіберді. Табалағаны ма, жаны ашығандық па – деген сұғанақ ой миымды көпке дейін тілгіледі де жүрді. Бірінші рет ағаның осы сөзі көңіліме келді. Мұны ол кісіге айттырып, маған соны естірткен де тағдыр ғой. Дегенмен де…

Сол бір ауыр күндердің табы тағдырымыздан әлі де сезіліп қалады. Кейінгі жылдары Айғалидің қазасы соны еске салған тосын оқиға болды. Осыдан кейін Рымғали ағаның көңіліне кәдімгідей уайым кірді. Өмірдің өзге де берекелі бейберекеті жүрегін шаншыған шығар. Бауырдан айырылу бастан өткен жай ғой. Орынсыз еркелеп кетіп өкпелетіп аламын ба деп оңаша жолығудан бойымды қашық ұстауға тырысатыным да содан. Өйткені сөгілген жіптің тігісін табуы қиын. Ал мен қандай жетістікке жетсем соның басты бір себепшісі осы Рымғали аға. Кемістігімді ескерткен сәттерінде: “Өзіңізден көріңіз дұрыстап, жеріне жеткізе тәрбиелемеген ” – деп сытылып кететінім де бар. Мұның барлығы сол баяғы өзімсінген көкбауыр мінездің демі.

Аз сөзге көп мағына беріп жазуға тапсырыстың уақыты тығыз боп, көп оқиғаның қайырымы келмей қалды. Өзі шарапатын тигізген шәкірт інілерінің бірі есебінде бұрынғыдан да қаттырақ бауырына баса түссе екен деп тілеймін.


Көкек. 2005 ж.

ҚЫЗЫЛ ЖАЛДЫ АРЫСТАН



Өзі шарапатын тигізген шәкірт інілерінің бірі есебінде бұрынғыдан да қаттырақ бауырына баса түссе екен деп тілеймін.
Каталог: repository -> history -> %D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Байғали Досымжанов
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Ақын әрі әкім досқа жауап
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ШАҒабутдин маржани
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Танант дегеніміз мінез
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай қос қайырым мағауияның БӘйтерегі
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Жұртбаев Т. Жазушы, ғалым қайым (Ғабдұдқайым) Мұқамедханов 75 жаста // Қазақ әдебиеті. 1991. 1 ақпан. 4 бет
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ТҰҢҒыштар тынысы
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Елі үшін елжіреген азамат
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тамырлас тағдырлар
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай нағыздың нығызы


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет