Армысыздар, ардақты ағайын, қадірменді қонақтар!



жүктеу 83.44 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі83.44 Kb.
: files
files -> Шығыс Қазақстан облысындағы мұрағат ісі дамуының 2013 жылдың негізгі бағыттарын орындау туралы есеп
files -> Анықтама-ұсыныс үлгісі оқу орнының бланкісінде басылады. Шығу n күні 20 ж
files -> «Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және үйлеріне кері тегін тасымалдауды ұсыну үшін құжаттар қабылдау» мемлекеттік қызмет стандарты
files -> «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты Жалпы ережелер «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру»
files -> Регламенті Жалпы ережелер 1 «Мұрағаттық анықтама беру»
files -> «бекітемін» Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы А. Шаймарданов
files -> «бекітемін» Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы А. Шаймарданов
files -> Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының 2012 жылға арналған операциялық жоспары
files -> Тарбағатай ауданының ішкі саясат бөлімі 2011 жылдың 6 айында атқарылған жұмыс қорытындысы туралы І. АҚпараттық насихат жұмыстары


Армысыздар, ардақты ағайын,

қадірменді қонақтар!

Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігінің тұғырлы, елдігінің еңселі болуы - азаматтарының Отан мүддесі десе өзегі күйетін өр рухы мен жоғары намысына байланысты. Ал оның негізі, түп-тамырымыз - өз тарихымызды терең біліп, даңқты дәстүрлерімізді, игі салтымызды бойға сіңіріп, өшпес өнеге, тамаша тағылымдарын бүгінмен байланыстырып, болашаққа жалғауда.

Өлкеміздің өткенін, оның жарқын беттерін жан-жақты таныту арқылы нағыз елжанды азаматтарды тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету – біздің үлкен азаматтық парызымыз.

Міне, Еуропадағы беделді ұйым төрағалығын қолға алып, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде аса маңызды кеңес – Саммит ұйымдастырып, облыс орталығында Қазақстан – Ресей ынтымақтастық Форумын өткізу сияқты елеулі тарихи сәттерге орайлас, ауданымыздың 80 жылдығын атап өтіп, өткенімізді талдап, таразылап, жадымызда жаңғыртудың негізгі мақсаты, басты мұраты да осында.

Көкпектідей құнарлы, Самардай шұрайлы өңірлерді біріктіріп отырған іргелі ауданның сыры тұңғиық, болмысы бөлек, аңызға айналған Тау Толағайдан өріліп кететін қалың шежіресі, қатпарлы тарихы бар.

Жерлесіміз, арқалы айтыс ақыны Қалихан Алтынбаев айтқандай, жоңғар шапқыншылығы тұсында Абылай ханның шешуші ұрыс орнына айналған, дарабоз батырлардың ізі қалған «Толағай» - ұрпақтар үшін заңды мақтаныш.

Сол бір жаугершілік кезеңде Қасаболат, Сатыбалды, Бармақ сынды батырлар жалаулы найза ұстап, жауына жасындай тигені ел аузында.

Тана мырза, Қисық Тезеков, Мәметек бидей халық ардақтылары әділ билігімен, өткір тілімен, жомарт пейілімен еліне қамқор, жұртына жанашыр бола білді.

Негізі сонау 1763 жылы қаланған Көкпекті бекінісі, оның маңындағы елді мекендер небір қилы кезеңдерде тарих көшімен ілесіп, ілгері басты.

Талай тар жол, тайғақ кешулердің куәсі болған өлкеміз – ел мақтанышына айналған көптеген танымал тұлғалардың Отаны.

Көкпекті жері – геология-минерология ғылымдарының докторы, академик Халел Беспаев, техника ғылымдарының докторлары Ерзаян Артықбаев, Амантай Әубәкіров, филология ғылымдарының докторы, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, жазушы Аслан Жақсылықов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Төлеш Ахатов, ақын Сергей Комов, педагог ғалым Алексей Трунов, белгілі қоғам қайраткерлері, ардақты ағаларымыз Нәсен Сембаев, Мұрат Қалматаев, Мәркен Шайжүнісов сынды жүздеген ғылым, қоғам, өнер қайраткерлері түлеп ұшқан қасиетті өңір.

Көкпектіліктер Салық Халитов, Болат Иманбаев, Мұрат Раев, Тоқан Шайжүнісов, Сабыр Темірбеков, Сәбит Ахметов сияқты облыс, республика деңгейіндегі әр салада жауапты қызметтер атқарған, атқарып жүрген көптеген іскер де білімді жерлестерін мақтан тұтады.


Құрметті қауым!

1930 жылдың желтоқсан айында аудан жеке шаңырақ көтеріп, «Шегелек», «Большевик», «Коминтерн» сияқты ірі шаруашылықтардың іргетасы қаланды. Асыл тұқымды «Шұбарши» колхозының тірлігі Мұхтар Әуезов бастаған ірі жазушылардың қаламына ілігіп, даңқы республика көлеміне жайылды.

Қалба мен Алтай сілемдерінде орын тепкен Құлынжүн, Балажал, Жұмба, Лайлы, Ретивое сияқты кен ошақтарында өндіріс көлемі үдей түсті.

Әйгілі «Шығыс сақинасы» атанған айналма тас жол құрылысын жүргізуде мыңдаған жұмысшы қауым ғажайып ерліктің үлгісін танытты.


Рухани, ағарту саласында білім бөлімінің тұңғыш меңгерушілерінің бірі болған ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері Тұрлыхан Хасеновтың ауатком төрағасы Хамит Балтабаевпен бірлесе еңбектеніп, әдеби жетекшілік етуімен алғашқы аудандық газет жарыққа шықты.

Осы кезеңде өңірде бірқатар білім-тәрбие ошақтары пайда болды. Олардың ішінде панасы здарды қамқорлыққа алған балалар үйінің орны айырықша. 1938 жылдан осы тәрбие ордасының тізгінін ұстаған Жақия Шайжүнісовтің ұрпақ тәрбиесіндегі үлгілі тәжірибесі бүкіл елге таралып, өзі Социалистік Еңбек Ері деген мәртебелі атаққа ие болды.


Отызыншы жылдардағы озбырлық саясаттың салдарынан халқымыздың ардақты ұлдары Шериаздан Фахрутдинов, Шәкір Ғабдуллин, Фатих Нұртазин, Рахымжан Кепешов, Ахат Құсманов, Ақметқали Жанболатов, Дмитрий Шаламов, Малгаждар Тайшенов, Серік Кенжин және басқа көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар жалған жаламен жазаға ұшырады.

Бірақ, осындай талай зауалды шақтарды бастан өткерсе де, ел еңсесін түсірмей, ертеңгі күніне үмітпен қарады.


Ауданда 1940 жылы он бір ауылдық кеңес, 41 ұжымшар, 3 кеңшар, бірнеше кеніш, кәсіпорындар жұмыс істеп, өндіріс пен шаруашылықты жолға қоюдың қадамдары жасалды.

Алайда, соғыстың қара бұлты елдің бейбіт тірлігінің шырқын бұзып, ауданымыздан 13 мыңға жуық азамат майданға аттанды. Айрықша қаһармандық танытқан жерлестеріміз Қойгелді Аухадиев, Николай Фонов, Николай Шарабарин, Сергей Седнев, Иван Яроцкий, Иван Сапалев, Федор Полынин, Лаврентий Константинов, Николай Авдеев Кеңестер Одағының Батыры деген жоғары атаққа ие болды.


Ел қорғаған ерлердің есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында, Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында бүкіл аудан халқының күшімен және демеушілік көмекпен Көкпекті ауылындағы Жеңіс саябағы жаңғыртылып, «Данқ» мемориалы мен жауынгер монументі орнатылды.

Бұл біздің бейбіт өмір сыйлаған майдангерлер мен тылда еңбек еткендердің ғажайып ерлігіне деген айырықша құрметіміздің белгісі болып табылады.

Ұлы Жеңістен кейін аудан экономикасы қайта өрлеп, зор қарқынмен, ерекше екпінмен ілгері басты. Қажырлы еңбектің арқасында 1948 жылы рекордтық түсімге қол жеткізген «Коминтерн» (Көкпекті) кеңшарынан Максим Цепура, Назарбек Саяхимов, Құмар Раев сынды үш бірдей Социалистік Еңбек Ері шығып, есімдері бүкіл республикаға әйгілі болды. Сол жылы осындай құрметті атақ «Ұзынбұлақ» кеңшарынан Михаил Самарскийге де берілді.

Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары «Ұзынбұлақ» сияқты ірі астықты шаруашылықтардың құрылуымен егіс көлемі анағұрлым кеңейді. Тың төсінде тынымсыз еңбек еткен «Большевиктік» тарлан комбайншы Анатолий Булгак Еңбек Ерлерінің қатарын толықтырды.

Самар өңіріндегі Ленин атындағы ұжымшар, Октябрь астық қабылдау пункті республиканың құрметті Алтын кітабына енгізілді.
1970-80 жылдары ауданның мықты аграрлық әлеуеті қалыптасып, ол сол кездегі Семей облысындағы ірі астықты өңірге айналды.
1979 жылы аудан мемлекетке 135 мың тонна астық өткізуге қол жеткізсе, төрт бірдей шаруашылық: «Буденный», «Большевик», «Үлгілі Малшы», «Ұзынбұлақ» совхоздары Отан қамбасына миллион пұттан алтын дән тапсырды.

Асыл тұқымды ешкі түліктерін өсіретін Аухадиев ұжымшары бірнеше рет халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдарына ие болды.


Осы сан-саладағы қомақты көрсеткіштер мен толағай табыстардың барлығы да қалың жұртшылықтың жанқиярлық еңбегінің жемісі.

Біз ауданның 80 жылдығын атап өтудегі басты мақсат – сол еңбекпен жазылған тарихты сомдаған ұрпақтарды, нақты адамдарды құрметпен еске алу деп білеміз.


Қоғам мүддесі үшін уақытпен санаспай еңбек етіп, жоғары абырой-атаққа бөленгендер арасында Социалистік Еңбек Ерлері Дарья Парий, Мухаммади Төлегенов, Иван Ипатко, Ленин орденінің иегерлері Мария Паницкая, Садуақас Ахмеджанов, Қалиқан Қабидолданов, Тоқан Жақұпбаев, Тынышты Бәкімбаев, Баяхмет Байсеңгіров, Айдын Хасенов, Николай Пашковский, Республика Жоғары Кеңесінің депутаттары Владимир Пойдо, Рысхан Құсайынова, Нина Лютова, Еңбек Даңқы орденінің иегерлері Виктор Нарушин, Қадиша Солтаева, Бидахмет Сыдықов және басқа көптеген еңбек майталмандары бар.
Оқу-ағарту, тұрғындардың мәдени-рухани қажеттіліктерін өтеу бағытында да игі жұмыстар қолға алынды. «Русский сувенир», «Толағай» ансамблдері, Көкпекті және «Үлгілі малшы» халық театрлары, «Большевик» клубының өнерпаздары түрлі деңгейдегі байқауларда аудан мәртебесін асыра түсті.

Өнер саласында табысты еңбек етіп жүрген республиканың еңбек сіңірген әртістері Шайзат Бахтинованы, Бисара Мәкенованы құрметпен атап өткім келеді.

Сондай-ақ, Тілеухан Тағлиманов, Сәкен Көбелеков, Рәш Тұқышев, Шәймәнгүл Жұмалиева сияқты өнерпаз жерлестеріміздің есімдері де елге танымал.

Білім жүйесінде осы өлкедегі алғашқы ұстаздардың бірі, Мұғалімдердің одақтық бірінші съезіне қатысушы Шерияздан Бабайұлы Фахрутдинов, Заманғазы Қасымов, одақтық білім беру ісінің үздігі Биляш Искаков, республикаға еңбек сіңірген мұғалім Жанипа Құжамбетова, Ленин орденді ұстаздар Қаппас Махамбетов, Лидия Чернова, «Құрмет белгісі» орденді Хабиба Байболова, Раиса Яншина, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Клавдия Ковалькова және басқа ардақты жандарды ізбасарлары, шәкірттері әрдайым құрметпен еске алады.

Денсаулық сақтау саласында Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Александра Питенева, Республика Жоғары Кеңесінің депутаты Мария Цыкалова, Ленин орденінің иегері Тамара Чистякова, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Аманжол Жүнісов, Жағыпар Кусебғалиев және басқалар үлкен атақ-абыройға ие болса, қызмет көрсету, көлік, жол-байланыс, қоғамдық тәртіп сақтау және басқа салаларда көптеген тамаша жандардың есімдері өлке тарихында алтын әріппен жазылған.

Баспасөз саласында әр жылдарда Нұрқұлжа Түсіпжанов, Тұрсын Жабаев, Николай Путинцев, Қажет Сатыбалдин, Виктор Тупицын, Ботагөз Жақсылықова және басқа редакторлардың жетекшілігімен Нәкен Серікбаев, Серік Ибрайұлы, Мұхамедсадық Әңкебаев, Сәбит Шөмшеков, Әбділпар Жайсан сынды журналистер ұжымы өңір тіршілігін өрнекті сөзбен қалың жұртшылыққа жеткізіп, рухани қолдау таныта білді.


Дене тәрбиесі мен спорт саласында жеңіл атлет Николай Вербицский, ағайынды палуандар Оңғарбаевтар, белгілі ат бапкері Жанабіл Шайырғазин сынды саңлақ спортшылардың есімі республикаға дейін танымал болса, бүгінде Бақыт Рахимов баптайтын жас таэквон-дошылар жақсы табыстарымен қуантуда.
Әлеуметтік-экономикалық дамудағы үздік жетістіктерге қол жеткізуде Рафик Хасенов, Юрий Ильяшенко, Владимир Горохов, Федор Фролов, Фрунзе Жақсылықов, Маймұрат Уәлиев, Едгар Шұқыжанов, Лихомяжев Виталий, Баянды Құжамбетов, Мендіғали Закиров, Виктор Антипин, Сәбен Мұхамедьяров, Қайырхан Маматов, Атымтай Әбенов, Тоқтар Бакраев, Владимир Ашаргин, Петр Евсеев, Алексей Поплавский сынды басшылар зор үлес қосып, ерекше іскерлігімен танылды.
Құрметті жерлестер!

Бүгінде қоғамдық қатынастар өзгергенмен, аға ұрпақтың ел игілігіне бағытталған ерен еңбегі, жалынды жігері, қажымас қайраты – ұрпақтар үшін өшпес өнеге үлгісі болып қала бермек.

Әрине, уақыт озған сайын өз кезеңінің барлық ауыртпалығын қайыспай көтерген ардагерлер қатары сиреп барады. Өткен 70 жылдық мерейтойдан бергі мерзім ішінде Тұранғазы Қобаев, Тұрсын Нұрғалиев, Иван Шведунов, Есен Кәрібаев, Михаил Шилов, Берікқали Бакиров, Шалқар Балғожин сынды және басқа да бірқатар ардагерлеріміз дүниеден озды.

Құрметті халайық! Қадірменді қонақтар!

Өңірдің өткеніне көз жіберіп, бүгінгі жеткен биігін пайымдау, алдағы асуларын белгілеу – санасы таза, рухы биік ізбасар ұрпақ қалыптастыруда айырықша мол тағылым, үлкен тәрбие көзі деп білемін.

Бұл орайда, ұлттық құндылықтарымызды төрге оздырып, төрткүл дүниеге танытқан, егемен ел болғаннан бергі кезең – кейінгі ұрпақ айта жүретін, кеудені мақтаныш кернейтін, еңсені тік ұстайтын жарқын шежіре іспетті.

Бұла барыс жылы жасампаз бастамаларымен, батыл ұмтылыстарымен биік беделге ие болған Қазақ елі өзінің 20 жылдық айтулы белесіне қадам басқалы отыр.

«Тәуелсіз Қазақстан – біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз», - деген еді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Нзарбаев.

Ендеше, бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісімнің үлгісіндей, татулық пен тұрақтылықтың ордасындай болып отырған мемлекетіміздің мерейлі мерекесін лайықты атап өтуге үлес қосу, қарышты қадаммен алға басуына барынша атсалысу – баршамызға ортақ міндет.

Бұл ретте, аудан мерейтойын келелі істермен қарсы алған аймақ тұрғындары ел игілігін еселей түсер қажырлы әрекеттерін жанды іс-қимылмен жалғастыра бермек.

Осылайша, жаңарған Қазақстанмен бірге өз дамуының келесі кезеңіне бет алып, көркейе түскен Көкпекті көгінде еңбек пен табыс күйі қалықтап, шаттық жыры шарықтай түсеріне сенім мол.



Құрметті жерлестер!

Аяқталып қалған 2010 жыл біз үшін берекелі, жемісті болды. Бірлігі жарасқан еліміз жаһандық сипаттағы үлкен сыннан сүрінбей өтті.

Келе жатқан 2011 жыл еліміз жылнамасының жарқын беттеріне жазылатын жаңа кезеңнің бастауы болады деп сенемін.

Жаңа жыл жақсылығымен келсін, ардақты ағайын! Әр отбасы үшін ырыс пен береке жылы болсын!

Әрдайым бірлігіміз бекем, татулығымыз баянды болып, еңселі биіктерге, шырқау шыңдарға қол жеткізе берейік!

Баршаңызды бүгінгі ауданымыздың 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Сіздерге жарқын көңіл-күй, жемісті еңбек, тың жетістіктер мен сәттілік тілеймін.

Дендеріңіз сау, аспандарыңыз ашық болсын!

Мерекелеріңізбен!



Назарларыңызға рахмет.





©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет