Арнайы семинар: “Абайдың ақын шәкірттері” пәні бойынша



жүктеу 1.35 Mb.
бет2/6
Дата03.04.2016
өлшемі1.35 Mb.
1   2   3   4   5   6
: CDO -> Sillabus
Sillabus -> Лекция : 15 сағат обсөЖ : 15 сағат Барлық сағат саны : 45 сағат Қорытынды бақылау : емтихан, 4 семестр
Sillabus -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Sillabus -> Хор жүргізу” пәні бойынша 5В010600-“Музыкалық білім” мамандығының студенттері үшін. ОҚУ-Әдістемелік кешен
Sillabus -> Лекция:: 18 сағат Семинар: 16 сағат СӨЖ: 11 сағат Барлық сағат саны: 45 сағат
Sillabus -> Лекция:: 34 сағат Семинар: 34 сағат СӨЖ: 22 сағат Барлық сағат саны: 90 сағат
Sillabus -> Лекция: 3 Практикалық/семинар: 6 СӨЖ: 99 Барлық сағат саны: 135 Аралық бақылаулар саны:
Sillabus -> Семинар: 248 сағат обтөЖ: 124 сағат ТӨЖ: 40 сағат Барлығы: 412 сағат І аб-30 балл ІІ аб-30 балл Емтихан-40 балл
Sillabus -> Лекция: 18 Семинар: 16 СӨЖ: 11 Барлық сағат саны: 45
Sillabus -> Лекция : 30 сағат обсөЖ : 30 сағат Барлық сағат саны: 90 сағат Аралық бақылау саны 2 60 балл
Sillabus -> Лекция : 30 сағат обсөЖ : 30 сағат Барлық сағат саны : 90 сағат Қорытынды бақылау : емтихан, 8 семестр

1. Сабақтың тақырыбы: Абайдың ақындық мектебі
2. Сабақтың жоспары:
1. Абайдың ақындық ортасы.

2. Абайдың әдебиет мектебі.

3. Абайдың өз тәрбиесінде болған шәкірттері.

4. Абай өлеңдерінің үлгісінде жазған ақын-шәкірттері (Ә.Тәңірбергенов, т.б.)


3. Теориялық мәліметтер
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ұлы ақынымыз – Шәкәрім. М. Әуезов өзінің 1934 жылы жарияланған «Абай ақындығының айналасы» деген мақаласында: «Біз Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен бірнеше ақын туралы ғана қысқаша айтып өтеміз. Мұндай ақын – төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия. Абайдың өз балалары. Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері», - деп жазды.

Абайдың өз тәрбиесінде болған және Абайдың ақылы мен сыны бойынша тақырыптар таңдап, арнаулы шығармалар жазған, анық шәкірт ақындары айтпақпыз.

Жалпы алғанда, Абайдың қазақ әдебиетіне XIX ғасырда және XX ғасырда еткен әсері аса мол. Абайдың өзін көрмей сөзін оқу арқылы, естіп ұғыну арқылы, сол Абайдың өлеңдерінің үлгісінде әлеуметтік мәселеге, адамгершілік жайға, ағартушылық турасында арнап көп-көп өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, бұлардың саны, Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын молая түскен.

1909 жылы ақынның кітабы баспадан шыққан соң, Абайға еліктеп өлең жазушылар Қазақстанның қай өлкесінде болса да кездесетін болады.

Абайдың өз айналасында үнемі бірге болып, ұлы ақынның анық жақын шәкірті болған ақындардың шығармаларынан айқындай көріне түсетін Абайдың өзінің ерекшелігі болады.

Өзге ақындар «шәкірт» деп аталған соң, Абай әрине, олардың басшысы – ұстаз ақын болмаққа керек. Әрбір әдебиеттік мектеп осындай аға ақын мен іні ақындардың екі буыннан құралатын болса, ең алдымен сол әдебиеттік мектепте басшы ақынның бағыты, стилі, өзгеше идеялары, өз халқының әдебиет тарихына кіргізген анық тарихтық көркемдік жаңалықтары – қысқасынан айтқанда, барлық қасиеттері әралуан түрде бой көрсететін болады. Абай шәкірттерінің дәл осы жөніндегі табыс нәтижелерін айтқанда, олардың бірде бірі Абай жеткен дәрежеге жеткен жоқ. Ең алдымен Абайға таланты теңдес болған жоқ және әсіресе Абайдың ағартушылық, әлеуметтік, идеялық, көркемдік кең масштабы оларда болған жоқ дейміз.

Қазір біз бөліп алып тексеретін қазақ ақындары осы соңғы айтылған жайлардың кейбір жақтарынан ғана өз шамаларынша бағалы өзгешеліктер таныта алады. Сонысымен Абайдың бар жағы болмаса да, бір жағын, бір қырын айқындап дамыта түсті, осының өзімен Абай шәкірті дегізерлік мүмкіншілік берді дейміз.
4. Бақылау сұрақтары:


  1. Ұлы жазушы мұрасын танып, бағалауда әдебиетші ғалымдардың қосқан үлесі.

  2. Абайтану проблемалары.

  3. Абайдың ақындық ортасы.

  4. Абайдың әдебиет мектебі.

  5. Абайдың ақындық мектебі туралы.

  6. Абайдың ақын шәкірттері.


5. Студенттің үй тапсырмасы


  1. Абайдың ақын шәкірттерін М.Әуезовтің ғылыми-зерттеу еңбектері бойынша тану.

  2. «Абай ақындығының айналасы» мақаласының мәні.

  3. «Абайдың идеялық-мәдени ізденулері» еңбегінің маңызы.

  4. «Абайдың ақындық мектебі туралы» тезисінің тарихи-ғылыми мәні

  5. Қ.Мұхаметхановтың Абай шәкірттері туралы еңбегін талдау.


6. Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Абайдың ақындық мектебі, әдеби ортасы, ақын шәкірттері туралы талдау жүргізу

- конспект жазу.

2. СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған

- баяндама;

-реферат;

- тестілік сауалнама.


7. Әдебиеттер тізімі
1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995

2. Сыздықов К. Мұхтартанудың беймәлім беттері. – А., 1997

3. Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991

4. Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000

5. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі – А., 1995

6. Абай Құнанбайұлы. Шығ. Екі томдық толық жинағы. -А., «Жазушы» , 1995

7. Абай. Энциклопедия. -А., «Ата мұра» , 1995

8. Айтматов Ш. Ұстаз туралы сөз. -А., «Ғылым», 1997

9. Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998
2 сабақ
1. Сабақтың тақырыбы: Шәкәрім Құдайбердіұлының (1858-1931) шығармашылық өмірбаяны.

2. Сабақтың жоспары:

1. Абайдың тікелей тәрбиесінде болуы.

2. Шәкәрімнің білімдарлығы.

3. Тәлім алған рухани бастаулары.

4. Шәкәрімнің ойшылдығы.
3. Теориялық мәліметтер
Шәкәрім шығармашылығы – қазақ әдебиетінде Абайдан кейінгі ірі құбылыс. Ол – Абайдың жақын інісі болуымен қатар, тікелей Абай мектебінен өткен нағыз шәкірті. Шығыс, Батыс классиктерінің шығармашылығын жете танып, мұсылмандық ілім-білімді де еркін меңгерген.

Ұзақ жылдар бойы солақай саясат кесірінен ескерусіз қалып, әдебиет тарихына енбеді. Шәкәрім - әдебиеттің көптеген жанрларында туындылар жасаған қаламгер. Шығармашылығының басты тақырыптары сол кездегі қазақ қоғамының бар саласын қамтыған. Ол әсіресе, Абай үлгісін шашуда елеулі еңбек етті. Сондықтан Абай дәстүріндегі көркемдігі жоғары, мазмұн, түр жағынан сонылығы басым, үлкен қоғамдық-әлеуметтік мәні бар лирикалар туғызды. Абай ұстанған ағартушылық, гуманистік көзқарасты қатты қолдады.

Алғашқы жинағы «Қазақ айнасындағы» (1912) өлеңдері қамтитын тақырыптардың бастысы – адам тағдыры, адам өмірінің мәні, адамгершілік тәрізді философиялық ой-таным. Жанға, тәнге, көңілге, өлім мен өмірге байланысты өлеңдер («Өзіме», «Өмір», «Талап пен ақыл», «Адамшылық», «Адам немене», «Көңіл», «Тәңірі мен жан», т.б.) Шәкәрім поэзиясының негізгі желісі. Өлеңдерінде ой тереңдігі мен ақындық танымның кеңдігі («Өлген көңіл-ындынсыз өмір», «Тіршілік, жан туралы», «Жан менен дене, һәм көңіл») көзге айқын шалынады.

Ш. Құдайбердиев 1858 жылы 11 шілдеде Шыңғыс тау бөктерінде, қазіргі Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысының Абай ауданында дүниеге келген. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді – Күңке дейтін бәйбішесінен туған жалғыз ұлы. Құдайбердінің Дәметкен (Төлебике) дейтін бәйбішесінен Омар, Мұртаза, Шаһмаржан, Шәкәрім туған. Ол – Абайдың немере інісі.

Шәкәрім бес жасында ауыл молдасынан хат таниды. Әкесі Құдайберді 1866 жылы отыз жеті жасында дүниеден өтіп, Шәкәрім жеті жасында жетім қалады. Бұған оның мына өлең жолдары куә.

Бесімде оқу білсін деп,

Ата-анам берді сабаққа.

Жеті жаста жетім боп,

Түскендей болдым абаққа.

Қазақ халқының бай әдеби мұрасына қоса, өзге жұрттың да әдебиетін жетік білген Шәкәрім көп тілді (араб, парсы, түрік, шағатай, орыс) меңгерген. Шәкәрімнің азамат ретінде қалыптасуында, Абай тәрбиесінің өзіндік орны бар. Оның өз заманының білімді де, парасатты азаматы дәрежесіне көтерілуіне Абай ерекше әсер еткен. Бұл туралы жоғарғы еңбегінде Шәкәрімнің өзі былай дейді: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза – қазақ ішінде Абай деп атайды – сол мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағылым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Алай болмағанда данішман, хаким, философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті».

1904 жылы ұлы ұстазы Абайдың дүниеден өтуі Шәкәрім санасына, оның өмірге деген көзқарасына, шығармашылық болмысына ерекше өзгерістер әкеледі.

Ағасы Абайға берген уәдесінің үдесінен шығу ниетімен 1905-06 жылы қажыға барып қайтады. Сапардағы уақытының көбін Стамбул, Бағдат, Мысыр кітапханаларындағы ғылыми мұраларды оқуға, тарих тереңіне үңілуге пайдаланған. Үлкен баласы Ахаттың естелігі бойынша ол Стамбул кітапханасында он үш күн отырады.

Шәкәрім ел ортасының дау-дамайынан, айтыс-тартыстарынан, қаскөйлік пиғылдарынан түңіліп, ең алғаш рет 1909-10 жылдары оңаша елсізге кетіп, кітап оқу, жазумен шұғылданған. Шыңғыстағы Шақпақ тауының етегінде, өзі «Саят қора» деп атаған жерде еркін өмір сүріп, серуен құрып, шығармашылықпен айналысып, өзімен-өзі болады.

Шәкәрім 1917 жылғы ақпан төңкерісін қуанышпен қарсы алады. «Бостандық таңы атты», «Бостандықтың туы жарқырап» деген өлеңдер жазады. Осы кезде «Алаш» партиясы құрылып, қазақ зиялылары Шәкәрім сияқты халық алдында беделді ақсақалды өз ортасына шақырады. Шәкәрім алашшылдар съезінің құрметті ақсақалы болады. Қазақ зиялыларының ақылшысына, кеңесшісіне айналады.

1917-25 жылдары аралығында Шәкәрім өмірге қайта оралғандай болады, ел ішіндегі игі өзгерістерді құптайды, газет-журналдар бетінде замана ағымына үн қосқан өлеңдер бастырады. Алайда оның тыныштық жағдайда өмір сүріп, шығармашылықпен алаңсыз шұғылдануына ойы таяз әсіре белсенділер мүмкіндік бермейді. Жетпіс екі жасқа қараған шағында Шәкәрім тағы да Шыңғыс тауына кетіп қалып, жалғыз тұрады. Сондықтан да жергілікті ГПУ-дың бастығы Шәкәрімге сенбейді, оның елсізде жалғыз жүруі сезікті ойға от береді. Өздері бандалар деп бағамдаған адамдарды ұстауға келе жатқан ГПУ бастығына аң аулап жүрген Шәкәрім кездеседі. Олар ақ-қарасын айырып жатпай, Шәкәрімді атып тастайды. Міне осылай 1931 жылы 20-қазанда ұлы ақын қайғылы қазаға ұшырайды.

4. Бақылау сұрақтары:


    1. Абай ауылында туып, Абай тәрбиесінде болуы.

    2. Шәкәрімнің азамат, ақын ретінде қалыптасуына ұлы ақынның тигізген әсері.

    3. Абай негізін қалаған реалистік әдебиет дәстүрін жалғастырғандығы.

    4. Өз бетімен білім жинау жолдары.

    5. Әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілдерімен шығармашылық байланыста болуы.


5. Студенттің үй тапсырмасы
1. Шәкәрім - репрессиялық жылдардың құрбаны.

2. Шәкәрімнің туған елімен қайта табысуы.

3. Шәкәрімнің өмір жолы.

4. Ақынның шығармашылық жолы.

5. Абайдың көрнекті ақын шәкірті.
6. Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Шәкәрімнің өмір жолы, шығармашылық жолы, әдеби ортасы туралы талдау жүргізу

- конспект жазу.

2. СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған

- баяндама;

-реферат;

- тестілік сауалнама.



7. Әдебиеттер тізімі
1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995

2. Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991

3. Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000

4. Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998

5. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Абай дәстүрі және Шәкәрім. -А., «Қазақ университеті», 1992

6. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары. -А., «Жазушы», 1998

7. Әкімов Т. Даналық мәйегі. -А., «Ана тілі», 1995

8. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. -А., «Санат»,1977

9.Мұхаметханов Қ. Абай төңірегіндегі ақындар. Ф.ғ.к. ғылыми дәреже алу үшін ізденіп жазылған диссертация. -А., 1959

10. Сәтбаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев. -А., 1990


3 сабақ
1. Сабақтың тақырыбы:Шәкәрімнің реалистік лириканы дамытудағы Абай дәстүрімен үндестігі.
2. Сабақтың жоспары:


  1. Шәкәрімнің лирика жанрында өнімді еңбек еткені.

  2. Ақынның сыншыл сарындағы өлеңдері.

  3. Шәкәрім өлеңдеріндегі ағартушылық идеяның қуаттылығы.

  4. Өлеңдерінің терең ойлылығы.

3. Теориялық мәліметтер
Шәкәрім өзінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолында мол әдеби мұра қалдырды. Оның өлеңдері мен поэмалары, прозалық шығармалары мен публицистикалық мақалалары, жұмбақтары мен мысалдары, философиялық ой пайымдаулары, түрлі тілдерден тәржімалаған туындылары қазақ әдебиетінің тарихына қосылған баға жетпес асыл қазына болып табылады. Жеті жасынан бастап өлең жазған Шәкәрімнің жеті-сегіз кітабы ғана баспа бетін көрген.

Шәкәрім шығармаларының басым көпшілігі Қазан төңкерісіне дейін оның бірнеше кітаптары жарық көреді.

Жастықты мас көңілдің астамшылығымен Шәкәрімнің осы бір тұста даналық қазынасы – қариялықты түкке алғысыз етіп тастаған тұсы да бар:

Жастықтан қызық іс болмас,

Кәрі де ақыл, күш болмас...

Қызусыз тәннің,

Сезімсіз жанның –

Болады кәрілік белгісі.

«Сап – сап көңілім», сабырдың иесі Абай бұған



Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқты – барды, ертегі термек үшін,

Көкірегі сезімді тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, -

деп басталатын өлеңінде ескерту жасап, жастық буымен ойы аспан-көкті шарлап жүрген албырт ақынның асқақ сезімін сабырға шақырып, арлы өлең жазуға ақыл береді:



Сөз айттым, «Әзірет, Әлі айдаһар»сыз,

Мұнда жоқ «алтын иек, сара-ала қыз».

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз...

Өлеңі бар, өнерлі інім сізге

Жалынамын мұндай сөз айтпа бізге.

Міне, бұл – Абай мектебі! Данышпан ұстаз ақын інінің өнер жолын бағдарлап, асылып танып, жасығын осылайша сынап отырған.

Ол ұстаз ұстаған ұлы мақсатты ақын аңғартып, ағаның жандүниесін өзіндей тани білді. Сондықтан да ойлар үндес шығып, сырлар бір бірлік бойынан табылып жатады. Абайдың көзі тірісінде жазылған “Жастарға” атты өлеңінде ол:

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық,

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік,

Бір білімді данышпан жан табалық...
...Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!

Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!

Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,

Жалыналық Абайға жүр баралық, -
деп, ұстаз ұлылығын танып, жастарды Абай төңірегіне топтастырып, данадан тәлім алуға үндесе, кейінгі өлеңдерінде ұстаз болмысымен тіпті үндесіп, оның рухын терең ұғынғандығын дәлелдей түседі.

Кім жалғыз, дүниеде есті жалғыз,

Болмаған соң мұңдасар бір сыңары.

Жалтақтап жалғыз Абай өткен жоқ па?!

Табылды ма қазақтан соның пары?

Бұл “бұл қазақтан мұңдасар жан таппаған” Абай рухымен астасу емей, не? Ұстаз жанын таныса, Шәкәрімдей танысын!

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап күрт алға басқан ағартушылық ой – сананың өрістеуі Абай арқылы қазақ поэмасына азаматтық ой – толғанысты әкелген болатын. Шәкәрім де ұлы ұстаз ұстаған осы бағытты дамытты. Азаматтық поэзияға тән биік асқақтық, өмір құбылысына терең үңілген таным – толғам Шәкәрім өлеңдерінің басты идеялық тұғырына айналды.

Шәкәрімнің сыршыл поэзия арқылы адамдық болмысты тануға ұмтылған азаматтық ірі мақсатының бірі – ұлтының бойына бәле болып жабысқан осы бір жағымсыз қасиеттерден арылту. “Үйретуден жалықпау” қағидасын ұстаған Абайды дана ұстаз таныған Шәкәрім ұлы ақын ұсынған адамды адамдыққа тәрбиелеу атты жанды идеяны одан әрі дамытты. Данышпан Абай:



Болмашы кекшіл,

Болсайшы көкшіл.

Жан аямай кәсіп қыл! –

деп нақыл айтса, Шәкәрім де ұлтқа қызмет етуде адам баласының ең басты міндеті, қасиетті парызы санайды.



Адамдық борышың,

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл.

Мұнда ол өзінің өмірлік тәжірибесін алға тартады.

Ұлы ақынның адам болып қалу үшін ұсынған бес қағидасын Шәкәрім “Талап пен ақыл” өлеңінде сегізге жеткізеді:

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғаған.

Шәкәрім Абайдағы өнер – ғылымға үндеудің арнасын отаршылдықтың езгісіндегі ұлтының бостандығы жолындағы күреске барұға ұмтылып, ол жолдағы ел мен ер бірлігінің атқарар міндетін айқындауды шығармашылығының негізгі өзегіне айналдырады. Жаңа ізденістерге бет бұрады. Осы бетбұрыстан кейінгі өз шығармаларына азаттық ойды арқау еткен Ахмет, Міржақыптарға ой салған алғашқы идеялардың көрінісі бой көрсетеді. Әрине, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім шығармалары тікелей азатшылдық күресті меңзегенмен, осы ойдың өміршең болуына, өзіне кейінгілердің шығармашылығынан мол орын алуына септігі аз болған жоқ. Азаттық ойдың, ұлт – азаттық идеяның орнығуына үлкен әсер етті.

Шәкәрімнің азаматтық лирикаларындағы бір арна - өскен орта – қазақ қоғамы. Шәкәрім өзі өмір сүрген дәуірдің кертарпа кесір – кесапатын көре білді.

Шәкәрім шығармашылығының дені - өлеңмен жазылған дүниелер. Өйткені Шәкәрім – ең алдымен ақын. Ақын болғанда, алдыңғыны дамытқан, кейінгіге үлгі болған ақын. Әдебиеттегі жаңашылдық пен дәстүр ұғымдарының нақты белгісін осы Шәкәрім шығармашылығынан көреміз.

Бұл тұрғыдан келгенде Шәкәрімнің Абайдың інісі ғана емес, дарынды шәкірт екендігін, ұлы ақын дәстурін өзіне тән өрнегімен әрлеп алға апарушы екендігін алғаш айтып, ғылыми тұжырым берген Мұхтар Әуезов болды. Шынында Абай мен Шәкәрім арасындағы шығармашылық байланыс аса терең. Ол – құрғақ еліктеушілік емес, бірін – бірі толықтырған өнерге тамырластық.

Шәкәрім ұстанған сыншылдықтың басты міндеті - өмір шындығын нақты көрсете отырып, салмақты әлеуметтік ой айту, өмір құбылыстарын, заман мен қоғам шындығын шынайы бейнелеу арқылы оқырман мен тыңдарман ойын ояту болса керек.

Шәкәрім шығармашылығында таза ағартушылық тақырыптың да орны ерекше. Шәкәрім жәй оқуға шақырушы емес, Шәкәрім үшін оқу – білім, ғылым жолы. Оның бұл ойлары “Сен ғылымға”, “Сынатарсын өзіңді”, “Ғылымсыз адам хайуан” т.б. өлеңдерінде анықта, нақты көрініс тапқан. Ол - әйтеуір оқудың жоқшысы емес, сол оқу апарар танымның жол басшысы.

Ғылымсыз адам – айуан,

Не қылсаңда ғылым біл.

Ғылымға да керек жан,

Ақылсыз болса ғылым тұл.

Ал еңбек тақырыбы – Шәкәрімнің бүкіл ағартушылық болмысы мен даналық ойының – дәні де нәрі. Абай “еңбек түбі зейнет” деген ұлы қағиданы ұстап, “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген қанатты сөз қалдырса, Шәкәрімдегі еңбек ізденіспен тығыз байланысты. Шәкәрімдегі ой “Инемен құдық қазғанды” меңзейді. Және ол үнемі алға ұмтылысты жақтайды, соған үндейді. Оған үлгі ретінде Абай жолын ұсынады.

Шәкәрім – нағыз лирик ақын. Оның лирикасы сыршыл сезімге толы. Өлеңдері көркемдік бояу қанық, жүректің қылын шертетін нәзіктікке бай болып келеді. Абай өлеңдерінен табылатын суреткерлікке тән белгілер Шәкәрімнің лирикасынанда бой көрсетіп отырады. Өйткені Шәкәрім – Абай дәстурін, оның сөз өнеріндегі үлгі - өрнегін жаңашылдықпен байытып, дәстур мен жаңашылдық бірлігінен жаңа жол, соны соқпақ тапқан ақын.

“Шәкәрімнің лирикасындағы адамгершілік идеяларды иығымен көтеретін негізгі тұлға – ақын. Шәкәрім ұғымынша ақын қашанда өз дәуіріннің ең ауыр жүгін көтеруге тиіс”, - дейді Шәкәрімтанушы ғалым Б. Әбдіғазиев.

Шәкәрім поэзияны сөз өнерінің ең озық үлгісі деп біледі. Ұлы Абай “Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы” десе, Шәкәрім өлеңді “қоспасыз, таза күміске” теңейді. Шәкәрім – поэзия өлкесінде өз биігінен еш төмендемеген, қазақ өлеңін биікке көтерген ХХ ғасырдың ең айтулы ақыны. Ол қазақ поэзия әлеміне өшпес өрнегін салып кетті. Өзінің поэзияға, өлеңге қойған талабының өресінен шыға білді.
4. Бақылау сұрақтары:


  1. Шәкәрімнің қазақтың реалистік лирикасын дамытуға қосқан үлесі.

  2. Шығармашылық жолының бастапқы кезеңінде жазған өлеңдері.

  3. Адам бойындағы міндер мен қоғам қайшылықтарын сынаған өлеңдері.

  4. Ағартушылық идеяны ту еткен өлеңдері.

  5. Өлеңдеріндегі философиялық астарлық.


5. Студенттің үй тапсырмасы



  1. Шәкәрімнің сыншыл сарындағы өлеңдерінің Абай дәстүрімен үндестігі.

  2. Ақынның ағартушылық тақырыбында жазған өлеңдерінің Абай өлеңдерімен ұқсастығы.

  3. Ақын өлеңдеріндегі сұлу сурет.

  4. Шәкәрім өлеңдері терең ойлардың сипаты.

  5. Шәкәрімнің өнер мен ғылымды байлықтың ең асылы деп ұғуы.


6. Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Шәкәрімнің лирикалық шығармаларын идеялық – тақырыптық тұрғыдан талдау жүргізу

- салыстыру.

2. СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған

- баяндама;

- реферат;

- тестілік сауалнама.



7. Әдебиеттер тізімі
1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995

2. Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991

3. Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000

4. Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998

5. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Абай дәстүрі және Шәкәрім. -А., «Қазақ университеті», 1992

6. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары. -А., «Жазушы», 1998

7. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. -А., «Санат»,1977

8.Мұхаметханов Қ. Абай төңірегіндегі ақындар. Ф.ғ.к. ғылыми дәреже алу үшін ізденіп жазылған диссертация. -А., 1959

9. Сәтбаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев. -А., 1990
4 сабақ
1. Сабақтың тақырыбы: Шәкәрімнің поэма жанрында Абай дәстүрін жалғастыру ісі.
2. Сабақтың жоспары:


  1. Шәкәрімнің қазақ елінің ескі өмірінен реалистік дастандар жазуы.

  2. «Қалқаман - Мамыр» поэмасы.

  3. «Еңлік - Кебек» дастаны.

  4. Поэма жанрында ақынның Абай дәстүрін жалғастыруы.


3. Теориялық мәліметтер

Шәкәрімнің төл туынды ретінде саналатын үш поэмасы бар. Олар – “Қалқаман - Мамыр”, “Еңлік – Кебек” (алғашқы аты “Жолсыз жаза, яки кез болған іс”), “Нартайлақ пен Айсұлу”. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұлардың ішінде “Нартайлақ пен Айсұлуды” Шәкәрімнің өзі көркемдік деңгейі төмен деп бағалаған. Бұл шығармалардың тақырыбы – бір сөзбен айтқанда әйел теңсіздігі. “Қалқаман - Мамыр” мен “Еңлік – Кебек” те өз дәуірлерінің тарихи болмысы ашылып, өмір шындығы көркемдік шындыққа айналып, көркемдік шешім тапқан.

Осыдан 113 жыл бұрын жазылып, 89 жыл бұрын жарық көрген “Қалқаман - Мамыр” – Шәкәрімнің іргелі шығармаларының бірі. Кезінде бұл шығарма туралы Әлихан Бөкейханов “Қазақ” газетінің 1915 – жылғы 121 – санында сын жазып, поэманың жанрын тарихи жыр деп таныған.

Кейінгі зерттеушілер (М. Мағауин) бұл поэманы лиро-эпикалық дастан санайды. 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан жарық көрген поэмасын ақынның өзі «Қазақ тіліндегі тарихи хикая» деп атаған. «Мұтылған» деген бүркеншік есіммен жазған автордың кіріспе сөзі де осының бір дәлеліндей.

Екі ғашықтың махаббат трагедиясын арқау өткен бұл поэма – Қалқаман мен Мамыр атты екі жастың ғашықтық сырын шертеді. Шығармада екі ғашықтың махаббаты романтикалық сырын да бейнелеген. Мәселен мұны Мамырдың Көкенай батыр қолынан қаза табар сәттегі сөзінен айқын аңғаруға болады:

Тілегім келді орнына арманым жоқ,

Артында Қалқаманның қалғаным жоқ.

Мені сен өлтіргенмен жасармайсың,

Сүйткенмен жас жанымды алғаның жоқ.

Тағдырдың сүйгенінің алдында алып, махаббатының пәктігі сақталғанын жұбаныш еткен Мамыр рухының биіктігі осы жолдардан анық сезіледі.

Поэмада баяндалған оқиғаның қысқаша мазмұны мынадай. Ағайындас екі жас Қалқаман мен Мамыр бір-біріне ғашық болып қалады. Шын сүйген жүрек өз дегеніне жетіп, олар қосылады. Бұған Мамырдың немерелес ағасы Көкенай батыр қарсы болып, ақыры ол Мамырды садақпен атып өлтіреді. Қалқаманның жақыны, тобықтының әулиесі іспетті Әнет бабадан Қалқаманды ұстап беруді сұрайды. Әнет баба үкімді қанша жұмсартқысы келгенімен, одан ештеңе шықпайды. Ақыры жүйрік атпен шауып өтетін Қалқаманды Көкенайды садақпен атуына шешім шығарады. Көкенай батырдың атқан оғы Қалқаманның қара санынан тиіп, ердің қасын жарып өтеді. Тірі қалған Қалқаман еліне өкпелеп, Ұлы жүздегі нағашы жұртына жол тартады. Осы кезде қалмақ-қазақ соғысы басталып кетіп, бұл оқиға ұмытылып, аяқсыз қалады. Кейін ел есін жиған тұста Қалқаманды іздестіру мүмкін болмай қалады.

Шәкәрім сюжеттік желіге осынау тарихи оқиғаларды негіз ете отырып, қазақтың бұрынғы тұрмысын, әдет-ғұрпын кеңінен көрсететін махаббат драмасына құрылған дастан жазып шыққан. Поэмадағы махаббат мәселесі Шәкәрімнің жалпы адамгершілік, азаматтық көзқарасының негізі ретінде көрініп, оның бостандық сүйгіш бағытын айқындайды.

Шәкәрім Құдайбердиевтің «Қалқаман-Мамыр» поэмасы – Қалқаман мен Мамыр арасындағы махаббатты бейнелей отырып, сол дәуірдегі адам санасын, қоғамдық-әлеуметтік өмірді, ондағы қайшылықты құбылыстарды кең көлемде көрсетуге бағышталған туынды.

Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасының жазылғанына ғалым Қайым Мұхамедхановтың айтуы бойынша 109 жыл болыпты. Бұл поэма 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан жарық көрген. Шәкәрім «Еңлік-Кебекті» тікелей Абайдың тапсыруымен жазған. Поэманың жанрын - әлеуметтік дастан деп қарастырған орынды. Көп ғалымдар осы пікірге тоқтап жүр(М. Мағауин, Б. Әбдіғазиев т.б.). Өйткені ақын ғашықтар трагедиясын сыртқы арқау ретінде ала отырып, негізінен сол кезеңдегі әлеуметтік мәселелерді басты назарда ұстаған.

Автор ел ішінде аңызға айналған, болған оқиғаның ізімен жаза отырып, поэмадағы екі жастың махаббат трагедиясын жеке адамның қасіреті ретінде бағаламай, сол тұстағы қазақ қоғамының қасаң қағидаларын ескілікті сананың қасіреті ретінде бейнелеуге ұмтылады.

Поэмадағы оқиға сюжеті қысқаша былай болып келеді. Матай мен Тобықты арасындағы жерге байланысты тартыс-талас толастаған бір сәтте Тобықтының жас батыры Кебек Еңлік сұлуға кездеседі. Екеуі бір-біріне ғашық болып, ақыры тағдырын қосып, елден жырақ тұрып жатады. Осы тұста Матай елі қалыңын төлеп, айттырып қойған қызды қайтарып, Кебекті жазалауды сұрап, Тобықты еліне кісі салады. Ел арасы тағы бұзылатын болады. Осыны сезген Тобықты басшысы Кеңгірбай Матайларға қашқындарды өздері ұстап алып, жаза қолдануға рұқсат береді. Олар Кебек пен Еңлікті жасырынып жатқан жерінен қолға түсіріп, өлім жазасына кеседі. Сөйтіп екі жас қайғылы қазаға ұшырайды.

Поэманың басты кейіпкерлері Еңлік пен Кебек. Бірі – ел мақтан тұтқан батыр, екіншісі – ардақ тұтар ару. Кебек «Қалқаман-Мамырдағы» Қалқаман секілді қарапайым жан емес. Ол – елге енді танылып жатқан жас батыр. Ертеңгі ел қорғаны болуға ұмтылып, көзге түсіп, елдің үміт отын жаққан жігіт.

Кебектің нағыз ер ретінде танылар тұсы Еңлікпен кездесуден басталады. Алдында кездесуге аса мән бермеген Кебек, Еңлік арудың жан-дүниесін терең түсінген соң, өзі сүйген «биік қабақ, ақ сұр» қыздың тағдырына араша түсуге бел буады.

Поэмадағы Еңлік – қазақ әдебиетіне соны жаңалық болып қосылған көркем бейне. Жалпы бұған дейін қазақ әдебиетінде Еңліктей ару бейнесі сомдалған емес. Бұрынғы батырлар жыры мен лиро-эпостық жырларымыздағы арулар батырдың ерге серік адал жары, өздерінің ажар-көркімен, ақылдылығымен олардың сүйіспеншілігіне бөленген жандар болса, жазба әдебиеттегі Гүлхашима т.б. тағдырына мойынұсынған қыздар. Ал Еңлік – сұлулықты да, батылдықты да, күрескерлікте тал бойына жинақтаған тың бейне, соны образ.

Поэмадағы сюжеттік байланыс, даму, шиеленіс, шешімнің бүкіл желісі осы. Еңлік іс-әрекетіне тізгінделген. Әрбір істің бастауында Еңлік тұрады. Ақын Еңлікті өмір шындығынан алып, көркемдік шындыққа сай бейне етіп сомдаған. Ол - өзгеден артылып жатқан, қиялдағы адам нанғысыз бейне емес, сұлулығы да, бітім-болмысы да, мінез-құлқы да реалистік шындыққа тән белгілермен көркемделген заманына сай тұлға.

Шәкәрім «Еңлік-Кебек» арқылы қазақ поэзиясындағы психологиялық поэманың негізін қалады. Бұл, әсіресе, Еңлік бейнесі арқылы өз иірімін тауып жатады.

Өз тағдырының таңдауын таба алмай жүрген Еңлік Кебекпен кездескен сәтте-ақ берік байлам жасап, нақты шешімге келеді. Ақылды қыз өз бақыты да, қасіреті де құдай айдап кез келтірген осы батыр жігіттің қолында екенін көкірек көзімен көріп, жүрек пернесімен сезінеді. Сондықтан да тағдыр тартқан сыйдан айрылмауға ұмтылады. Қазақ салтында жоқ әрекетке барып, жігітке өз сөз салады. Бұл батыл әрекет Кебекті жеңіл ойға жетелегенмен, Еңлік өз шешімінің шын астарын жайып салғанда, аңқау батырдың асау сезімін ноқталап тастайды.

Шәкәрім сомдаған Еңлік бейнесіне тән күрескерлік қасиеттің көрініс табар үшінші бір тұсы – қолға түскен сәттегі жауларынан саспай, өлімді қаймықпай, қасқайып қарсы алуы.

«Еңлік-Кебек» поэмасы өткен тарихи оқиғаға өзіндік көзқарасымен, кейіпкерлерін жаңаша сомдауымен, көркем тілімен қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, поэма жанрын дамытудағы Шәкәрім ақынның ең үлкен табысының бірі болып табылады.



1   2   3   4   5   6


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет