Арнайы семинар: “Абайдың ақын шәкірттері” пәні бойынша



жүктеу 1.35 Mb.
бет3/6
Дата03.04.2016
өлшемі1.35 Mb.
1   2   3   4   5   6
: CDO -> Sillabus
Sillabus -> Лекция : 15 сағат обсөЖ : 15 сағат Барлық сағат саны : 45 сағат Қорытынды бақылау : емтихан, 4 семестр
Sillabus -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Sillabus -> Хор жүргізу” пәні бойынша 5В010600-“Музыкалық білім” мамандығының студенттері үшін. ОҚУ-Әдістемелік кешен
Sillabus -> Лекция:: 18 сағат Семинар: 16 сағат СӨЖ: 11 сағат Барлық сағат саны: 45 сағат
Sillabus -> Лекция:: 34 сағат Семинар: 34 сағат СӨЖ: 22 сағат Барлық сағат саны: 90 сағат
Sillabus -> Лекция: 3 Практикалық/семинар: 6 СӨЖ: 99 Барлық сағат саны: 135 Аралық бақылаулар саны:
Sillabus -> Семинар: 248 сағат обтөЖ: 124 сағат ТӨЖ: 40 сағат Барлығы: 412 сағат І аб-30 балл ІІ аб-30 балл Емтихан-40 балл
Sillabus -> Лекция: 18 Семинар: 16 СӨЖ: 11 Барлық сағат саны: 45
Sillabus -> Лекция : 30 сағат обсөЖ : 30 сағат Барлық сағат саны: 90 сағат Аралық бақылау саны 2 60 балл
Sillabus -> Лекция : 30 сағат обсөЖ : 30 сағат Барлық сағат саны : 90 сағат Қорытынды бақылау : емтихан, 8 семестр

4. Бақылау сұрақтары:



  1. Шәкәрімнің ертедегі оқиғалар желісімен дастандар жазуы.

  2. Поэмаларындағы көркемдік – реалистік әдіс.

  3. Қалқаман мен Мамыр образдары.

  4. Поэмадағы әлеуметтік идея.

  5. «Еңлік - Кебек» поэмасындағы ішкі драматизм.

  6. Поэмадағы этнографиялық детальдар.


5. Студенттің үй тапсырмасы


  1. Зерттеуші ғалым М.Мағауиннің Шәкәрім поэмаларының тақырыбы мен жанры туралы пікірі.

  2. «Қалқаман - Мамыр» поэмасындағы ғашықтар хикаясынан өрбіген тартыс.

  3. «Еңлік - Кебек» поэмасындағы портреттік детальдар.

  4. «Еңлік - Кебек» поэмасында көтерілген әлеуметтік мәселелер.

  5. «Нартайлақ - Айсұлу» дастанының тақырыбы.


6. Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Шәкәрімнің поэмаларын идеялық – тақырыптық тұрғыдан талдау жүргізу, поэма жанрында Абай дәстүрін таныту.

- салыстыру.

2. СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған

- баяндама;

- реферат;

- тестілік сауалнама.



7. Әдебиеттер тізімі

1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995

2. Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991

3. Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000

4. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі – А., 1995

5. Абай Құнанбайұлы. Шығ. Екі томдық толық жинағы. -А., «Жазушы» , 1995

6. Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998

7. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Абай дәстүрі және Шәкәрім. -А., «Қазақ университеті», 1992

8. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары. -А., «Жазушы», 1998

9. Әкімов Т. Даналық мәйегі. -А., «Ана тілі», 1995

10.Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. -А., «Санат»,1977

11.Мұхаметханов Қ. Абай төңірегіндегі ақындар. Ф.ғ.к. ғылыми дәреже алу үшін ізденіп жазылған диссертация. -А., 1959

12. Сәтбаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев. -А., 1990
5 сабақ
1. Сабақтың тақырыбы: Шәкәрімнің проза, аударма саласындағы еңбегі.
2. Сабақтың жоспары:


  1. Шәкәрімнің көркем прозаның щағын үлгісінде жазылған шығармалары.

  2. «Әділ - Мария» романының тақырыбы, мақсаты.

  3. Шәкәрімнің аудармашылық тәжірибесі.

  4. Шәкәрімді тарихшы, философ ретінде танытқан еңбектері.


3. Теориялық мәліметтер

Ш. Құдайбердиев өлең өлкесінде ғана еңбек етіп қоймай, қазақ прозасына да едәуір үлес қосты. Қазақ әдебиетінде бұрын поэзия, дастан, поэма, өлең басым болса, 20 ғасырдың басында шын мәнінде көркем проза пайда болып, жедел дамығаны аян. Міне, осы процеске Шәкәрімнің прозалық туындылары – тарихи, ғылыми, философиялық шығармалары шежіренама «Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты» трактаты, «Бәйшешек бақшасы» әңгімелер топтамасы, «Қайғылы роман» деп атаған шығармасы, «Мәңгі сөздер» атты афоризмдер топтамасы, «Шын бақтың айнасы», «Мен жетпіс екі жасқа келгенше» тағы басқа толғамдары қосылады. Бұлардың әр қайсысында өзіндік идеялық-көркемдік салмақ бар. Бірде адам болмысын, тағдырын жан-жақты суреттеуге тырысуы, бірде күнделікті өмір құбылыстарының кейбір көріністері, сыр-сипаттары арқылы толғамды ой жүйеленуі кездеседі.

Шәкәрімнің әңгімелері шығыстық мазмұнда, халық ауыз әдебиетінің үлгісімен ғибраттық-дидактикалық сарында жазылған. Бұлар – идеясы мен мазмұны үндес, бір қолдан шыққан дүниелер. Шәкәрімнің қай әңгімесін алсақ та, өзіндік бір ерекшелік – шағын ғана оқиға, аз сөзден ғибраттық үлгі алатын қорытынды жасап отыруы. Бұл – аңыз-әңгімелерге, шешендік сөздерге тән қасиет. Асылы, авторлық аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер, ғибраттық әңгілемелер ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің табиғи байланысын көрсетеді.

Шәкәрімнің әңгімелерінен біз осындай қасиеттерді таба аламыз. Бұл – жазушыға әлдеқалай келген құбылыс емес, туған халқының даналығы мен дарындылығынан жұғысты болған қасиет.

Қара сөзді шығармаларының ішінде көлемі жағынан да, көтерген мәселесі жағынан да ауқымдысы «Әділ мен Мария» романы. Автор шығармасын «Қайғылы роман» деп те атаған. Ақын бұл қайғылы романды 1925 жылы май айында, Шыңғыс тауының сыртындағы Шақпақта алпыс жеті жасында жазған. Романда ескі қазақ ауылының 1910 жылдардағы өмір тұрмысы, сол кездегі әлеуметтік теңсіздік суреттері, сүйгеніне қосылса да, зорлық пен әділетсіздіктің құрбаны болған әйел тағдыры шыншылдықпен суреттеледі. Шығарманың бас кейіпкерлері - Әділ мен Мария арасындағы оқиға өмірде болған. Шәкәрімнің көрсетуі бойынша оқиға 1910-11 жылдары Шыңғыстауда өткен.

Роман алғаш рет «Жұлдыз» журналының 1988 жылғы №11 санында ғалым Тұрсын Жұртбаевтың алғы сөзімен жарияланды. Жарияланым қолжазбадан тікелей көшірілген.

Романның идеялық нысанасы мен әлеуметтік астарына келетін болсақ, Шәкәрім «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары секілді мұнда да қазақ қоғамындағы әйел теңсіздігін, махаббат еркіндігі жолындағы күресті арқау еткен.

Шәкәрімнің «Әділ мен Мариясында» сюжет басталмас бұрын оқиға өтетін ортаның көркем табиғаты суреттеледі. Шәкәрім шығармасындағы бір ерекшелік – табиғаттың көркем суретін тамсана баяндауы емес, бірден Кәрі Шыңғыстауға қайырылып, лирикалық кейіпкердің монологы арқылы Шыңғыстауға жанды бейне ретінде психологиялық мінездеме жасауы. «Кәрі Шыңғыстау, Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Көне көзі кәрі Шыңғыстауда талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып суалғаны да болады, талай-талай жас жүрек мұратына да жетті, неше түрлі ел дәурен сүріп, аң аулап мал да бақты, талай-талай сабаздың қаны судай да ақты». Осынша оқиғаға куәгер Шыңғыстауда бір кез автор жазғырғандай да болады.

Романдағы негізгі кейіпкердің бірі Әділ – жалғыз шешесі ғана бар кедей жігіт, қолында бар азын-аулақ малымен күн көріп отырған қарапайым жанұя. Мария болса әкесі мен шешесі қайтыс болып, аға-жеңгесіне қарап қалған он бес, он алтылардағы жас қыз. Әлі ештеңеден хабарсыз, бейкүнә жан. Құда түсіп, қалың мал беріп, атастырып қойған Марияны Әділдің қолына ұстатып тұрып, тілектес жеңге Зылиха: «Әжем марқұм өлерінде маған тапсырып кетіп еді. Еркем мен екеуіңнің қызығыңды көрсем арманым жоқ деуші еді. Міне, аман-есен қалыңдығыңды қолыңа бердім», - дейді.

Лирикалық кейіпкер қаншама жылы шыраймен бүйрегі бұрып, өз кейіпкеріне жанашырлық жасап отырса да, Әділ мен Марияның адал махаббаттарына қарсы шығар қара ниеттестер табылады. Олар: Шешенбаймен жасасқан серттің үдесінен шығу жолында талай зорлық-зомбылыққа барған болыс баласы Еркімбек пен оған көмектесуші, малы мен атағына қызығып, Марияны, астыртын сатушы кіші аға жеңгесі Үсен мен Жәмилә.

Шәкәрім шығармасына басты арқау болып – қоғам өмірі, әлеуметтік тұрмыс ахуалы тартылатынын көреміз. Романдағы басты тартыс адам мен адам арасындағы қатынастан емес, адам мен қоғам арасындағы қайшылықты қатынастан туындайды.

Қорыта келгенде, Шәкәрім Құдайбердиевтің «Әділ мен Мария» атты прозалық шығармасы – ұлттық әдебиетімізді байытқан, өз заманының шындығын дәл, шынайы жеткізе білген, біздің әдебиет тарихымыздан өзіне лайық орын алуға тиіс, көркем шығармалардың бірі.


4. Бақылау сұрақтары:


  1. Шәкәрімнің қысқа әңгіме, толғаныс түрінде жазылған туындылары.

  2. «Бәйшешек бақшасы» атты шығармасының маңызы.

  3. «Әділ – Мария» романының жазылу тарихы.

  4. Романда көтерілген әлеуметтік мәселе.

  5. Романның композициялық құрылымы.

  6. Ақынның аударма саласындағы еңбектері

  7. Шәкәрімнің тарихи еңбектері.


5. Студенттің үй тапсырмасы


  1. Қысқа әңгіме, толғаныс түрінде жазылған шығармаларын талдау.

  2. Күрделі шығармасы «Әділ - Мария» романына сюжеттік, композициялық, көркемдік тұрғыдан жоспар жасау.

  3. «Ләйлі – Мәжнүн» хикаясын ақынның жырлау үлгісі.

  4. Пушкиннің шығармаларын аударудағы ақын қолтаңбасы.

  5. Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Үш анық» еңбектері туралы қысқаша мәлімет.


6. Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Шәкәрімнің проза, аударма саласындағы шығармаларына идеялық – тақырыптық, сюжеттік, композициялық, көркемдік тұрғыдан талдау жүргізу, проза жанрында Абай дәстүрін таныту.

- салыстыру.

2. СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған

- баяндама;

- реферат;

- тестілік сауалнама.


7. Әдебиеттер тізімі

1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995

2. Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991

3. Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000

4. Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998

5. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Абай дәстүрі және Шәкәрім. -А., «Қазақ университеті», 1992

6. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары. -А., «Жазушы», 1998

7. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. –А., «Санат»,1977

8. Әбдіғазиұлы Б. Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері. –А., 2000

9. Бейсенғали З. XX ғасыр басындағы қазақ романы. – А., 1994


6 сабақ
1. Сабақтың тақырыбы: Көкбай Жанатайұлының шығармашылық мұрасы.
2. Сабақтың жоспары:


  1. Өмірі, шығармашылық жолы туралы мәлімет.

  2. Көкбай – Абай мұрасын жинауға зор еңбек сіңірген ақын.

  3. Абай мен Көкбай өз заманында айнымас дос, рухани жақын адамдар болған.

  4. Көкбайдың «Сабалақ» дастанының тарихи мәні. Абай берген бір тарихи тақырып бойынша жазылуы.


3. Теориялық мәліметтер

Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы туып, 1927 жылы өлген. Жасында мұсылманша оқуды едәуір өндіріп оқыған соң, Көкбай әншілік, ақындыққа көп ауысады. Басында айтыс өлеңдерге де жиі араласып, ақындыққа ерте жеткен талапкер жастың бірі болады. Бірақ жігіттікке жете бере қырдағы ән-өлең өнерін,сауығын тастап, Семей қаласына келіп Кәмали хазіреттің медресесіне түседі. Ұзақ жылдар сонда жатып мұсылманша оқу оқиды. Кейін Абай оны әзіл етіп молдалық пен сопылыққа беріліп, әсем әнін, бозбалалықтан кетіп қалды деп сынайды. Көкбай туралы:

Сорлы Көкбай қор болды-ау,

Осыншадан құр қалып... –

дейді.

Жас өнерпаздың діндар медреседе имам, халифелердің алдында мүлгіп жүргенін жақтырмай айтқан.Бірақ Көкбай медреседе өзінше көп оқып, үлкен молдалыққа жетіп алғаннан кейін, Абайға келіп қосылады.Ел ортасындағы бір сайлаудың үстінде Семейдің сол күнгі оязы Көкбай берген бір арыз бойынша оны жазаламақ болды.Сонда өнерлі, оқуы бар жігітті Абай аяп, кепілдікке алады. Осыдан соң Көкбай өмір бойы , Абай өлгенше оның іні-досы, шәкірті боп кетеді.



Абай өлгеннен кейін бірталай жылдан соң, жасы ұлғая бастағанда, Көкбай қайтадан бұрынғы молдалығына ауысады. Ел ішінде медресе салып, бала оқытады.Бірақ молдалыққа ауысуымен, Көкбай ақындық еңбекті тастамайды.

1924 жылдан бастап Абайдың өмірбаянын жазушыларға және барлық толық жинағын құрастыруға Көкбай барынша зор көмек еткен еді. Абайдан қалған мұраның қазақ оқушыларына толық жинақ боп құралып шығуына анық еңбек сіңірген кісінің бірі-Көкбай...

1909жылы Кәкітай бастырып шығарған жинақ Абай еңбектерінің жарым көлеміндей ғана еді. Көкбай қолжазбада сақталған шығармалар ғана емес, өзінің жадында жүрген, біржола жоғалып кетуге мүмкін болған Абайдың өлеңдері мен кейбір шумақтар, жолдарды хатқа түсіріп, ұлы ақынның өзге мұраларының қатарына қосты.

Онан соң Абайдың өмірбаянын толық етіп жазуда да Көкбай айтып берген материалдар аса көп еді. Олар құнды деректер болатын. 1933 жылы құрастырып жазған алғашқы толық өмірбаянның көп фактілері Көкбайдың аузынан алынған.Абайдың көп өлеңдеріне кейінгі толық жинақтарда беріліп жүрген қосымша түсінік, деректердің көптен-көбі және де сол Көкбайдың айтуынан алынған-ды. Міне, Көкбайдың қазақ әдебиет тарихына келтірген осындайлық кесек пайдасы бар. Ол кезде Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырып салма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай бұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие ғып шығарады. Тек бертін келіп, “Жаз” өлеңін жазған соң ғана Абай барлық өзі шығарған өлеңдерін өз атына ауыстырып алады.

Көкбай Абайдан кейін 20 жылдан аса өмір жасап, сол соңғы дәуірінде көп шығармалар жазады. Ұстаз ақын Абайдың шығармаларына аты кірген шәкірт ақынның өзі де жалғыз ғана Көкбай болатын.

Ән үйренген ырғалып,

Өлең жиған тырбанып,

Сорлы Көкбай қор болды-ау,

Осыншадан құр қалып, деген жолдарды біз Абайдың 1909 жылы шыққан ең алғашқы жинағының өзінен де ұшыратамыз. Кейін келе Абай:

Сорлы Көкбай жылайды,

Жылайды жа жырлайды.

Ол жыламай қайтып тұрады,

Мынау азған қу заман,

Бір қалыпта тұрмайды.

Біреу малды ұрлайды,

Біреу басты қорлайды,

... болмаған соң

Жылауына зорлайды,-

деген өлеңді де Абай өзінің ет бауырындай жақын көрген сырлас ақын ініге аса бір мұңдас жылылықпен үн қатады:

Бұдан басқа “Бұралып тұрып” деген өлеңінде Көкбай досына әзіл-сын ретінде әдейі арнап айтады. Ал кейін Көкбай шығарған өлеңдерді алсақ, бұл жағынан да Абайды үнемі өзіне ұстаз, аға тұтқан Көкбай барын айқын танып отырамыз.

Жәннатта жайың болғыр Абай құтып,

Қасында бос жүріппіз шатып-бұтып.

Осындай ен дарияны жайлағанда,

Тым болмаса қалмаппын қана жұтып,-

деген жолдармен Көкбай да Абайдың ақындық ұясы мен бауырында өмір кешкен жан екенін жыр етеді.

Абай мектебінің кейіннен қосылатын елеулі, ірі талантты, үлкен ақынның бірі- Әріпке айтқан сәлем сөзінде Көкбай тағы да Абай жайын толғайды:

Семейге Абай келсе бізде думан,

Ән салып босамаймыз айғай –шудан.

Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру,

Секілді бір ғылымның жолын қуған.

Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,

Өзгелер отырады аузын буған.

Бір барсаң мәжілісінен кеткің келмес,

Кәкімдей Афлатон аңырап тұрған.

Келбеті біліміне лайықты,

Япырау, мұндай адам қалай туған,-

дейтұғын үзінділерде Көкбай ұстаз ақын Абайдың қауымында жүрген басқа шәкірт ақындардың да барлық шынын, дәл қалпын бейнелейді.

1950 жылдары Абайтану тарихында М. Әуезовті қаралаудың Абайдың ақын шәкірттеріне байланысты жаңа бір кезеңі туды десек, ондағы үлкен пікір таласы, дау-дамай, негінен, ұлы ақынның үзеңгілес жолдасы Көкбай Жанатаев тұрғысында еді.

М. Әуезов, ең әуелі, Көкбайға діндар, керітартпа, реакцияшыл деп кінәлаушылардан оны арашалап алуды мақсат еткенге ұқсайды. Көкбайды ақтау үшін оның Абайдың өмірін жазушылар мен толық жинағын құрастырушыларға үлкен көмек көрсеткенін тілге тиек етіп, оны тарих алдындағы, халық алдындағы зор еңбек деп бағалайды.

Екіншіден, өз заманында Абай мен Көкбайдың жан жолдас, айнымас дос, бір-біріне рухани жақын адамдар болғанын, Абайдың оның жүйрік ақындығын жоғары бағалап, өз өлеңдерін сол аса талантты шәкіртінің атынан шығарғандығын және оған арнап ұстаз ақынның өзінің де бірнеше өлең шығарғандығын атап өтеді.

Үшіншіден, Көкбайдың Абайдың өзі барда да, кейін дүниеден өткенде де оны қадір тұтқан қалпынан айнымағындығын, талай айтыстарында, сөз жарыстарында , естеліктерінде, өлеңдерінде үнемі Абай жайын айтпай, толғамай өтпейтінін айтады.
4. Бақылау сұрақтары:


  1. Көкбайдың өмірі мен шығармашылық жолы.

  2. Ақынды діндар, керітартпа, реакцияшыл, саяси беті теріс деп жазалауы.

  3. М.Әуезовтің Көкбайды ақтап алуы.

  4. Абай мен Көкбай достығы.

  5. Абайдың оның жүйрік ақындығын жоғары бағалауы.

  6. Абай өз өлеңдерін Көкбай атынан шығаруы.

  7. Абайдың Көкбайға арналған өлеңдері.

  8. Көкбайдың «Сабалақ» дастанының негізгі мақсаты.

5. Студенттің үй тапсырмасы


  1. М.Әуезовтің «Көкбайдың ақындығы» деген мақаласын оқу ,талдау.

  2. Зерттеуші ғалымдар Қ.Мұхаметханов, М.Мырзахметовтердің Көкбай туралы пікірлері.

  3. Көкбайдың суырып салма ақындығы.

  4. Абай өмірі мен толық жинағын құрастырушыларға Көкбайдың көрсеткен еңбегі.

  5. М.Әуезовтің «Ақын аға» романының Көкбайға байланысты қудалануы.

  6. «Сабалақ» дастанының тарихи мәні.


6. Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Көкбайдың Абай мұрасын таратушы, кейінгі ұрпаққа жеткізуші тарихи тұлға екендігін таныту. Оның дастандарына идеялық – тақырыптық, сюжеттік, композициялық, көркемдік тұрғыдан талдау жүргізу. Ақынның Абай мектебінің көрнекті өкілі екендігіне көз жеткізу.

- салыстыру.

2. СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған

- баяндама;

- реферат;

- тестілік сауалнама.




  1. Әдебиеттер тізімі

1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995

2. Сыздықов К. Мұхтартанудың беймәлім беттері. – А., 1997

3. Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991

4. Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000

5. Айтматов Ш. Ұстаз туралы сөз. -А., «Ғылым», 1997

6. Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998

7. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. -А., «Санат»,1977

8. Мұхаметханов Қ. Абай төңірегіндегі ақындар. Ф.ғ.к. ғылыми дәреже алу үшін ізденіп жазылған диссертация. -А., 1959

9. Көкбай Жанатайұлы (1863-1927).// Бес ғасыр жырлайды. -А., «Жазушы» , 1985
7 сабақ
1. Сабақтың тақырыбы: Ақылбай Абайұлының өмірі мен шығармашылығы
2. Сабақтың жоспары:


  1. Өмірі туралы мәлімет.

  2. Ақылбайдың ақын ретінде қалыптасуына әкесі Абайдың әсері.

  3. Ақылбайдың поэмалары.

  4. «Дағыстан» поэмасы – романтикалық шығарма.

  5. Ақылбай - Абайдың өз тәрбиесінде болған ақын шәкірті.


3. Теориялық мәліметтер

Ақылбай Абайдың Ділдә деген бәйбішесінен 1861 жылы туған тұңғыш баласы. Ділдәдан Ақылбайдан басқа Әбдірахим (Әбіш), Мағауия деген балалары болған.

Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным, өзінен бала болмағандықтан, Ақылбайды кішкене күнінен өз бауырына басады. Ақылбай туғанда Абайдың өзі де жас, жаңа отау иесі еді. Сөйтіп, Ақылбай жас күнінен Нұрғаным тәрбиесінде болып, Құнанбай баласы, Құнанбайдың кенже тоқалының еркесі атанып өседі.

Ақылбайды Нұрғаным жас басынан бетімен жіберіп, аса шолжың ерке бала етіп өсіреді. Ақылбайды тек 9-10 жас шамасында, Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханға оқуға береді. Ақылбай 4-5 жылдай молдадан оқу оқиды. Одан әрі оқымайды. Ақылбай бір жасынан бастап, Нұрғаным қолында өскендіктен және Абайдың 16 жасында туған баласы Ырғызбайдың бір мырзасы сияқты көрінеді.

Құнанбай өзімен тең жерден қыз айттырып, Ақылбайды үйлендіреді.

«Өзімен тең жер» деген сөзімізді түсіндіре кетейік. «Біржан-Сара» айтысында Сараның аузынан айтылған:

... Құдайдан қорыққан Арғын осал демес,

Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді, -

деген сөз бар. Қисық Тезекұлы Найман ішінде Мұрын руының басшы адамы. 1844 жылы құрылған Көкпекті (Семей облысы) округінен аға сұлтан болып сайланған. Сондықтан Қисықты: «Қара қазақтан шығып, хан болған» деп дәріптейді.

Найман руының шежіресін өлеңмен жазған Қырықмылтық Сүлеймен би, Қисық шежіресін былай таратады:

... Көшімбайдың баласы Тезек дейді,

Тезек ұлы Қисық хан найман білген.

Жұмақан, Қасен, Әлсейіт, Нұрпейістер –

Төртеуі хан баласы үлгі көрген.

Құнанбай өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы Ізіқанға құда түсіп, Ақылбайды үйлендірген.

Үйленген соң Ақылбайға енші бөліп беріп, Құнанбай бұл баласын да жеке бір ауыл етеді. Бұл кездердегі біраз жыл Ақылбай сияқты Құнанбайдың жаңа отау көтерген мырзасының ауылы болып, сауық-сайранмен өтеді. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ақылбай жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай атағына, нағашыларының ата аруағына масаттанатын. Бұл кездердегі Ақылбай айтатын өлең сарыны:

Нағашым ер Қазыбек әулие өткен,

Фәниден уақыт жетіп о да кеткен.

Сасқан жан жер шетінен бабам десе,

Аруағы көз ашқанша келіп жеткен.

деген сияқты болған. Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» дейтіні: Қаракесек, Қаздауысты Қазыбек би. Оның баласы Бекболат би, оның баласы Тіленші би, Тіленшінің баласы Алшымбай би. Алшымбайдың баласы Жүсіп. Жүсіптің қызы Ділдәға 1860 жылы Абай үйленген. Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай.

Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек»- дейтіні сол. Сөйтіп Ақылбай Абай маңына да жақын тартып жуыңқырамай, сирек қатынасып жүреді. Сонымен қатар Ақылбай соншама ақ көңіл, алды-артын ойламайтын, аңқылдаған адам болатын. Бір іске көңіл аударып, бет қойып беріліп кетсе, аса қабілетті де болады.

Ақылбайдың жас күнінен әкесі Абайдан аулақ өскенін, оның ақ көңіл аңқаулығын пайдаланып, Абай дұшпандары әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, екеуін мүлдем ажыратпақ та болған.

Абай баласының осындай мінездеріне, жасынан көрген жағымсыз тәрбиесінен пайда болған әдеттеріне қатты кейіп «Ата-анаға көз қуаныш» деген (1890) өлеін жазады.

Абайдың бұл өлеңі талпынбай жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Бұл кезде Абай ауылы нағыз үлкен үлгілі мектепке айналған болатын Ақылбай жігіт ағасы болып қалған кезі де еді.

Енді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Ақылбай аса щебер музыкант, домбыра, гармонь, скрипкаға жүйрік, мақтаулы өнерпаз болады.

Құнанбайдың мырзасы атанып, «бұлғыннан ішік киіп» бұлғақтай өткізген мағынасыз өмірін Ақылбай қалжың – шыны аралас:

Бұлғыннан ішік кидім кәмшат жаға,

Сарп еттім дүниені білмей баға.

Талай қыз «Ақылжан» деп тұрушы еді,

Дейтұғын сұмдық шықты-ау: «Ақыл-аға»,-

деп кейін өлең етеді. Бұл өлеңнің арнаулы әні де болған.

Ақылбай – Абай төңірегіндегі әр жақты талантты шәкірттерінің бірі. Ақылбайдың ақындығымен бірге ән шығаратын композиторлық өнері де болған.

«Ақылбай сауықшыл әнші, скрипкашы болатын... Домбыраға қазақтың ескі күйлері: «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күйлерді тартады. Скрипкаға Абайдың әнші атанған Мұқадан үйренген бірнеше түрлі орыс күйлерін тартады. Дойбы ойынынан Ақылбайды ұтатын адам бола қойған жоқ», - дейді Ақылбайдың замандасы Рақымжан Мамырқазов.

Өз ойынан шығарған біз білетін екі әні бар. Біріншісі, «Ішік кидім бұлғыннан кәмшат жаға». Екіншісі, мынандай өлеңмен айтылады:

Матай да алыс бірталай жер деген соң,

Бір ән тауып Әлекем бер деген соң.

Он минутта ойыма осы ә түсті,

Қапаш-құпаш көңілді сермеген соң.

Бұл кейінгі әнді Матай еліне, Абайдың бір баласы, Ақылбайдың інісі Тураштың қайнына күйеу жолдас болып барарында әнші Әлмағанбет: «Ақыл аға, бір жаңа ән тауып берші», - дегенде қолма-қол айтып берген әні екен.

Ақылбайдың жастық, махаббат тақырыбын жазған көптеген өлеңдері болады. 1895 жылы Әбдірахим өліміне жазған жоқтау өлеңі болған. 1904 жылы інісі Мағауия қайтыс болғанда жазған жоқтауы сақталған.

Ақылбайдың ақындық атын тарихта қалдырған оның поэмалары. Ақылбайда бізге мәлім ондай поэмалар үшеу. Олар: «Дағыстан», («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррах батыр».

«Жаррах батыр» поэмасы бізге жетпеген. «Зұлыс» поэмасының басқы бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 санында басылған. «Дағыстанның» («Кәрі Жүсіптің») үзіндісі 1918 жылы «Абай» журналының 5 санында жарияланған.

Ақылбай жас кезінде төрт-бес жыл Құнанбай аулының молдасынан ескіше оқып хат танығаннан басқа, ұзап оқымаған. Абайдың үлгі-өнегесімен Ақылбай заманының саналы азаматы, әдебиетке шын берілген ақын болады. Абайдың әдебиет, өнер-білім жайындағы, адамгершілік, мәдениет жайындағы өсиеті Ақылбайдың дүниеге көзін ашады. Әсіресе, орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып өсуі, ақындық талантына кең жол ашады. Ақылбайдың Абай өсиетін тыңдап қана емес, өз бетімен орыс ақындарын оқуға, терең түсініп ұғуға қолы жетеді. Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ұлы ақындары болады. осындай ұлы ақындарды оқып, өнеге алған Ақылбай – қазақ әдебиетінде тұңғыш Кавказды жырлаған ақын.



1   2   3   4   5   6


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет