АҚселеу сейдімбеков елтұТҚа тұмар



бет5/13
Дата28.04.2016
өлшемі2.05 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

КӨКІҰЛЫ ЕСЕТ
Көкіұлы Есет (1667-1749) - қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресте есімі елге танылған әйгілі батырларының бірі. Шыққан тегі Кіші жүздің Жетіруының ішіндегі тама руынан. Әбілқайыр хан Россияға қосылу мәселесін көтергенде соның қасында болып, Кіші жүз бен Орта жүздің орыс патшасының қоластына өтуіне белсенді атсалысқан атақты Кіші жүз Бөкенбай батырдың күйеу баласы.

Есеттің әкесі Базарқұлұлы Көкі де заманында аты шыққан батыр болған. Жауға үнемі тайсалмай тура шабатындықтан «Таймас батыр» деген ат алған. Тарихшылар Салқам Жәңгір хан жоңғардың Батыры қоңтайшысының 50 мыңдық әскеріне 600 жауынгермен қарсы тұрып, шайқасып жатқанда 20 мың әскермен көмекке келетін Жалаңтөс баһадүрдің әскерінің ішінде осы Көкі батырдың да болғандығын, сонда оның шеп бұзып, үлкен ерлік көрсеткенін жазады.

Жауынгерлік заманда туып, күреспен есейіп, ер жеткен тұрғыластары сияқты Есет те ел қорғау жорығына ерте араласады. Жеке ерлігімен көзге түсіп, батыр атанады. Тәуке ханның тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастайды. Осындай шайқастардың бірінде найзагерлігімен көзге түсіп, ерен ерлік көрсеткен Есетке риза болған Тәуке хан кейін шақырып алып: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата беріпті деген әңгіме де бар.

Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген Бұланты шайқасына қатысып, езілген елдің еңсесін көтерткен Ұлы жеңіске өз үлесін қосады. Ал тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай соғысында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген атойшы болады.

Есет батырдың кейінгі өмірі Әбілқайыр ханның саясатымен тығыз байланысып жатады. Ханның қасында болып, ақыл кеңесін береді, хан мен халық арасына түскен жарықшақты дәнекерлеп бітірушісі болады. Әсіресе, орыс патшасының қол астына өтер кездегі хан басына үйірілген қауіп бұлтын сейілтуде ол сол кездің тарихи ірі тұлғалары Бөгенбай, Жәнібек батырлармен бірлесе отырып, оған үлкен көмек көрсетеді. Россиямен қарым қатынасты жақсартудағы сіңірген еңбегі үшін патша үкіметі оған 1743 жылы «тархан» атағын берді.

Есет батыр сексен екі жасында өзінің атамекенінде, өз ажалынан қайтыс болады.


ҚАЛҚАМАНҰЛЫ БҰҚАР ЖЫРАУ

Қалқаманұлы Бұқар жырау (1668-1781) – қазақтың ұлы жырауы, XVIII ғасырдағы жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылайханның ақылшысы. Шыққан тегі Арғын тайпасының қаржас руынан. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен. Абылай хан бір жаққа жорыққа аттанарда одан айдың, күннің сәтін сұрайтын, көрген түсін жорытатын болған. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге қарағанда, Бұқар жырау әз Тәуке ханның тұсында да ордадағы беделді билердің бірі ретінде, ел басқару ісіне араласқан секілді. Оны Үмбетей жыраудың: «Көріктей басқан күпілдеп, көмекейің бүлкілдеп, сөйлер сөзден таймадың. Тәукенің болып жаршысы, халқыңның болып заршысы, белді бекем байладың» деген сөздері де айғақтағандай. XVIII ғасырда болған жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының мүлдем жойылып кету қаупін тудырғаны белгілі. Осы кезде «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған елдің басын қосып, ата жауға қарсы азаттық күресіне жұмылдыру бар ғұмырын халқының бірлік бүтіндігіне арнаған ұлы жыраудың басты мақсатына айналады. Оның сөздері осы кезде еліне есті кеңес, еріне әмір болып естіледі. Хан да, қара да тарих көшінің бағдарын, шиеленген қиынның шешімін Бұқардан күтеді. Халқының әулие данасы, дуагөй бітімшісі, көреген болжаушысы санатына көтерілген Бұқар жыраудың осы тұстағы даңқын орта ғасырдағы оғыз жұртының әулиесі Қорқытпен, XIV ғасырдағы ноғайлы елінің данасы Сыпыра жыраумен салыстыруға болардай. Бұқар жырау толғауларында өзі бастан кешіріп отырған алмағайып заманның келбеті бар болмысымен көрініп, өмір құбылысы мен дүние заңдылықтары, әлеуметтік жағдай мен адам тіршілігі кең тыныспен жырланады. Ондағы басты сарын елдің бірлігі мен ынтымағын күшейту мәселесі.Ол жан-жақтан андыздаған жаулардан қорғануы үшін басты шарт бірлік екенін терең түсінеді, ата жауға қарсы бірігіп, тізе қоса күрескен ерлерді өзгелерге үлгі етеді. «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, ормандай көп орта жүз, солардан шыққан төрт тірек» деп майдан даласында көрсеткен ерлігімен бірге елдің ұйытқысы болып, бірліктің тірегі болып жүрген ерлерді мадақтайды. Сондықтан да Бұқар жырау жырларын басқыншы жаумен ұзақ арпалысып, ерлік пен ездіктің, парасаттылық пен азғындықтың парқы таразыға түскен сындарлы шақта Абылай хандай басшының төңірегіне топтасып, ұлы жеңістерге жетіп, ерліктің үлгісін, бірліктің құдыретін танытқан қазақ өмірінің шындығын айшықтай өрнектеген поэзия, ұлы мұра деп білеміз. Халық жадында сақталған бір әңгімеде Бұқар жырау ауырып жатқанда Абылай ханның алыстан күні-түні аттан түспей жүріп келіп, көңілін сұрағаны айтылады. Бұл таққа ие болған ұлы ханның таққа ие болған ұлы жырауына деген ықылас ниеті, ерекше құрметінің белгісі болса керек. Заманында осылай ханы қадірлеп, халқы ардақ тұтқан жыраудың мұрасы халқымен мәңгі бірге жасай бермек.

САРЫҰЛЫ АҚТАНБЕРДІ
Сарыұлы Ақтанберді (1668 - 1762) атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы жүздің Ошақты руынан. Әкесі Сары мен шешесі Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар.

Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Ақтанберді «дұшпаннан көрген қорлығым, сары су болды жүрекке. Он жетіде құрсанып, қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, жеткіз деп, құдай, тілекке» деп, өзі айтқандай, он жеті жасында ақ қолына қару алып, ел қорғауға аттанады.

Жыраудың ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар санатына қосылған кезде атақты «Ақтабан шұбырындының» куәгері болады.

Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт азаттық күресін ұйымдастырушылардың және жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі ретінде танылады.

Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды ата мекеніне біржола орнықтыру жолында Ақтанберді айтарлықтай роль атқарады. Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді.

Ақтанберді шығармалары негізінен нақылдық толғаныстар түрінде болып келеді. Олар көшпелі қазақтардың ой арманымен, мақсат мүддесімен астасып жатады. Жыраудың «Түйе мойнын тұз кесер», «Күлдір күлдір кісінетіп», «Жылқыдан асқан мал бар ма?» тәріздес әйгілі толғауларынан қазақ халқының мінез құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көз қарастары анық аңғарылады. Мал атаулының, оның ішінде жылқы түлігінің көшпелілер өміріндегі орыны жайында өз тұстастары арасында дәл Ақтанбердідей толғаған ақын жоқ. Ол жылқыны тіршілік көзі, жігіттің көркі деп есептейді. Әсіресе, батырдың жан серігі, жауға мінер тұлпары ретінде мадақтайды.

Ақтанберді жырларындағы негізгі сарын ерлікке үндеу, жауға қарсы күреске жігерлендіру. Ол жау табанында қалған жерлерді азат етуді аңсайды, бүкіл қазақ болып бірігіп атқа қонуды, жоңғарларға күйрете соққы беруді армандайды. «Балпаң-балпаң кім баспас», «Жауға шаптым», «От басар орыны отаудай» секілді біраз жырларында жұртшылықты ата жаумен айқасқа шақырады. Ел қорғау жолында өлген ерде арман жоқ деп білді.

Аласапыран кезеңде туып, шайқас алаңында шыңдалып өскен Ақтанберді жырлары қазақтардың он сегізінші ғасырдағы жаугершілікке толы өмірінің шынайы суреттерін алға тартады.



СЫРЫМБЕТҰЛЫ ХАНГЕЛДІ
Сырымбетұлы Хангелді (1688 - 1763) - жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен атақты батырлардың бірі. Шыққан тегі Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руынан. Көнекөз қариялардың, батырдың қазіргі ұрпақтарының айтуына қарағанда, оның аты Хангелді емес, Қангелді көрінеді. Бала анадан шыр етіп жерге түскенде, қан шеңгелдеп туғандықтан, оған халық дәстүрі бойынша «Қан келді» деп ат қойды.

Хангелді заманында айтулы батыр болған. Ұлы жүздің ақылман білікті адамдарымен аралас құралас жүріп, ел басқарысқан, жау жүрек батырларымен үзеңгілес жүріп, қол бастаған. Аягөз, Тесіктес жерінде жоңғарлармен болған шайқастарда ерлігімен ерекше көзге түскен, атақты Аңырақай соғысына қатысқан.

Жоңғар басқыншылығына қарсы күресте әкесімен тізе қосып, үлкен ұлы Тілеуке мен немересі Райымбек те жауға шапқан. Екеуі де есімін ел таныған батыр болған. Райымбек батырдың аты бүкіл албанға ұран болған.

Хангелді батыр сол кездің жағдайына орай Ұлы жүз қазақтарының Россияға қосылуына ел ағаларымен бірге елеулі үлес қосады. 1733 жылы Төле би, Сатай және Бөлек батырлармен бірге орыс мемлекетінің қол астына қарауға тілек білдіріп, орыстың патша әйелі Анна Ивановнаның (Иоанновнаның) атына хат жазады. Бұл алғашқы хатты Аралбай батыр мен Оразгелді батыр жеткізсе, бір жылдан кейін, яғни 1734 жылы тағы да патша атына жазылған екінші хатты Петерборға тікелей Хангелді мен Төле бидің немере інісі Айтбай екеуі апарады.



Ел аузында Абылай сұлтан жоңғарлар қолында тұтқын болғанда, оны босатуға Төле би бастап барған тоқсан адамның ішінде Хангелді де болған көрінеді. Ол қолбасшылығымен аты танылған кезде еларалық бітімгерлік жұмыстарға да барып, деректерінде оның Жауғаш батырмен бірге қытайдың шекара әкімшілігіне барғаны айтылады.


ЖАНГЕЛДІҰЛЫ ЕСКЕЛДІ

Жангелдіұлы Ескелді (1692-1780) – қазақтың көрнекті биі, батыры. Туып өскен жері Жетісу алабы. Іле, Қаратал, Көксу өзендерінің бойы. Шыққан тегі – Ұлы жүз Жалайыр, оның ішінде Сиыршы атасынан өрбиді. Шежіре дерегі бойынша Сиыршының Бірманағынан – Байкөбен – Тоқымбет – Жанғабыл – Жылкелді – Ескелді болырп өрбіді. Ескелдіден туған Дөмей, Арғынбай, Мырзатай, найман, Таңатар, Жылқыайдар, Түнғатар деп аталатын балаларының ұрпағы өсіп өнген. Ескелдінің үлкен атасы Жанғабыл батыр әйгілі Әлібекұлы Төле бимен бастас, қадірлес, құда болған. Төле бидің Ұлбике деген қызы Ескелдінің анасы. Ескелді дүниеге келіп, Төлебиден сүйінші сұрапты дейді. Сонда Төле би: «Тілекті Алла ескерді, Жалайыйр еліне ес келді, баланың аты Ескелді болсын, елінің есіне ес қосылып, халқының қамын ойлайтын азамат болсын!» деп батсын беріпті. Ескелдінің аты жалын тартып мініп, ел ісіне араласқан кезі –Жоңғар шапқыншылығының өршіп, әсіресе Жетісуды қоныстанған қазақ ру-тайпаларының зор күйзеліске ұшырауымен тұспа-тұс келеді. Жойқын шапқыншылық жылдарында Жалайыр елі ата қонысынан ауа көшіп, Сыр бойына ығысуға мәжбүр болады. Осындай қиын-қыстау кезеңде Ескелді би өзінің әйгілі үзеңгілестеріБалпық би, Орақты батыр, Қабан жырау сияқты елге тұтқа азаматтармен тізе қоса қимылдап жүріп, ата мекеннен жаудың іргесінің түрілуіне мұрындық болады. Ескелді алғаш рет Жоңғарлармен болған Іле-Бақанас шайқасында (1723) батырлығымен көзге түседі. Осы соғыста жоңғарлардың Жетісудағы ең берік бекінісін бұзып, Ескелді батыр бастаған қол Қабанбай батырдың әскеріне қосылды. Күш біріктірген қазақ қосындары түріле қашқан жоңғар жақтарына Жоңғар қақпасының түбінде соққы беріп, зор шығынға ұшыратады. Тарихи деректерде Ескелді бидің елдік істерінің бірі ретінде шапқыншылықтан шашыраған Жалайыр елінің басын қосып, ата мекені Қаратал, Көксу өзендерінің бойына қайта қоныстандыруы айтылады. Қалың Жалайыр атамекенге оралып, қоныс-тұрақ белгілесіп жатқанда Қабан жырау Ескелді биге былай деп сауал тастапты: «Уа, Ескелді, еліңді жеріне жеткіздің, талай–талай қасіретті басыңнан өткіздің. Осы жерге жеткенше шарқ ұрдың, тыным таппадың. Айт мына жұртыңа, ұрпағыңның келешегі не болды? Бұл жерде не азайып, не толады?» Сонда Ескелді би: «Тектіден тексіз озар, бірақ ұзаққа бармас, темір құрсау үзілер, темір кісен шешілер. Ұрпағым осы жерде өседі де өнеді. Оған мына Ескелді жарқырап тұрған күндей сенеді!» - деген екен. Десе дегендей, қазір Алматы облысының Талдықорған, Көксу аудандары кезінде Ескелді ауданы деп аталып, 1928 жылға дейін Шұбар, Қарабұлақ, Жалғызағаш елді мекендері Ескелді болысы делінетін. Қазір ел қамын ойлап ересен істер тындырған ата-бабаға деген ұрпақ ризашылығының айғағындай болып Сарыбұлақ ауылында Ескелді-Балпық мұражайы жұмыс істейді. Мұражай төріне қойылған Ескелдінің дулығасы ел қамы мен халық тағдырына бел шеше аралақан ата бабаның көзіндей болып, бүгінгі ұрпаққа ықыласпен ден қойдыртады.

ТАУАСАРҰЛЫ ҚАЗЫБЕК

Тауасарұлы Қазыбек (1692-1776) – Кіші Азияның ірі қалаларында болып, діни, ғылыми білім алған оқымысты, жоңғар бақыншылығына қарсы күресте қол бастаған батыр. Шыққан тегі - Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Әкесі Матайұлы Тауасар би болған. Баласының неге болсын қабілетті зеректігін ерте байқаған әкесі Қазыбекті бес жасында Бұхараға апарып, дін оқуына береді. Кішкентайлығына қарамай жақсы оқыған бала Қазыбек медресені төрт жылда тамамдап, елге оралады. Мұнда екі жыл ауыл балаларына дәріс береді. Екі жыл бала оқытып, біраз адамның сауатын ашқан он бір жасар Қазыбек қасына ауылдасы өзінен бір жас үлкен Өтеғұл байдың баласы Өтегенді (кейін Сүйінбай, Жамбыл жырлаған Өтеген батыр) ертіп, тағы да білім іздеп жолға шығады. Олар Самарқантта бір жарым жыл болып, атақты Қазы- заде Румидің ұрпағы Хафиз-задеге шәкірт болып, одан дәріс тыңдайды. Одан кейін қайта жолға шығып, Шамға, Бағдадқа, одан әрі Ыстамбұлға, Римге барып сегіз жыл сапарда болады. Қазыбекке, әсіресе, Бағдад пен Ыстамбұлда болып, білім алған кездері өте пайдалы болып жан-жақты өсуіне мүмкіндік алады. Араб, парсы тілдерін айтарлықтай меңгереді. Араб тілін жақсы білудің арқасында Ыстамбұл кітапханасында Әл-Фараби еңбектерімен танысады. Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-Түрк», Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» кітаптарын осы жерде оқиды. Қазыбек пен Өтеген бүкіл Еуропаны, орыс жерінің біраз жерін аралап, 1709 жылы елге оралады. Елге келгеннен кейін жиған-терген дүниелерін жинақтап, «Иран шешегі» атты кітабын жазады. Бірақ, жаугершілікті заман оның кітап жазып, ғылыммен айналысуына мүмкіндік бермейді. Ол амалсыз қаламын найзаға айырбастап, ел қорғау ісіне араласады. Оның бұдан кейінгі бар өмірі елдің шетінде, жаудың өтінде өтеді. Ол алғаш қалмақтармен Аягөзде болған соғысқа қатысады. Осында ол Қабанмен, Қожаберген жыраумен танысады. Осыдан бір жылдан соң, Сеуан Рабданға Тәуке ханның елшісі болып барады. Елдің «Ақтабан Шұбырындыға» ұшырауы – ерлердің жанына қатты батады. Олар бұл күндері ат үстінен түспей, бірде босқан елдің басын қосып, ұжымдастырып жатса, бірде өкшелей қуған жауға тойтарыс беріп, шайқасып жатты. Осы бір қазақтың басына төнген қаралы күндердің ауыртпалығын Қазыбек те ел ағаларымен бірге көріп, арпалысты күн кешеді. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлар бастаған талай соғысқа қатысып, ерлік көрсетеді. Сондай шайқастардың бірінде қырық жерінен найза тиіп, ақыры сол жарадан қайтыс болады. Бізге Қазыбек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген жалғыз еңбегі жетті. Ол онда замандастары жайында көп деректер береді. Ел-жұртының тәуелсіздігі жолында арыстанша алысып, опат болған көптеген ерлердің аты-жөні айтылып, істеген ерліктері тәптіштеле баяндалады, заты қазаққа әйгілі тұлғалар жайында аса бір сүйіспеншілкпен жазады. Қазыбек Тауасарұлының бұл еңбегінің құндылығы да осында.
ТОҚТЫБАЙҰЛЫ САҢЫРЫҚ

Тоқтыбайұлы Саңырық ( 1692-?) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрестегі атақты батырлардың бірі. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Ошақты тайпасының Тасжүрек руынан. Әкесі - Тоқтабай да батыр болған. Ол кісі кезінде батырлығымен бірге, таймас турашылдығымен, ауытқымас әділдігімен де елге танылып, аты шығыпты. Әкенің осы қасиеті балаларына да жұғып, Саңырақтың ағасы Дәнен де, інісі Сарымерген де батыр болған. Атадан балаға берілген әңгімелер арқылы Саңырақтың бүгінгі ұрпақтары аталарын: «Ұзын бойлы, жауырыны сәл еңкіштеу, қолдары әлеуетті, ала көз, түсі суық, сұсты кісі болған» деп суреттейді. Саңырақтың ерекше қасиеті – құралайды көзге атқан мерген болған. Алғашқыда атағы осы мергендігімен шыққан. Ошақтының атақты бір байы той жасап, сонда мергендер жарысын өткізіп, бас бәйгеге қалы кілем жабылған қара нар бастаған тоғыз және сүйектен жасап, алтынмен аптап, күміспен күптеген керемет садақты тігеді. Осы сайыста 16 жасар Саңырақ бас жүлдені жеңіп алады. Кейін «Саңырақтың сарнауығы» деп аталып кеткен осы садақ Саңырық батырдың жоңғармен соғыстағы бас қаруының бірі болған. Саңырықтың батырлық жолы әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін басталады. Атамекені жау қолында қалып, босқан елдің ауыр халын көріп, ет жүрегі езілген қазақтың намысты ұлдары ата жаудан кек алу қамына кірісіп, жер-жерде жауынгер жасақтар құрайды. Олар жаушы жіберіп, өзара хабарласып, бір-бірімен бірігіп, көп ұзамай бүкіл халықтық ұлы күшке айналады. Осындай бірігулер кезінде алғашқылардың бірі болып тізе қосқан Ұлы жүздің Саңырық батырымен кіші жүздің Тайлақ батыры болады. Олар осыдан кейін жұп жазбай, ел еңсесін көтерген тұңғыш жеңісті әкелген Бұлантты шайқасында , түпкілікті жеңіске бетбұрыс жасатқан Аңырақай шайқасында да бір болады. Тарихшылар Бұлантты шайқасында шабуылдаушы әскердің қолбасшылары болған Саңырық пен Тайлақ батырларды осы жолғы жеңістің «жолашарлары» болды деп бағалайды. Саңырық батыр жасағы бұдан кейін де талай шайқасқа қатысқан. Оның Талас бойын жаудан тазартудағы, әсіресе, Ақкесерлігі ел аузында аңызға, жыр-дастанға айналған. Халық арасындағы сондай жырлардың біріндегі: «Босқан елді құрап , қол бастаған Саңырық. Қарсы келген жауына, қырғын салған Саңырық. Анталаған қалмаққа , сүргін салған Саңырық. Тайлақ батыр екеуі серік болған Саңырық» деп жалғаса беретін өр жолдар ел қорғаған еріне риза болған халқының ерен құрметіндей, есте сақтар мәңгі ескерткішіндей көрініп, тым асқақ естіледі.

ӘСКЕНҰЛЫ ӘБІЛҚАЙЫР ХАН
Әскен (Әжі) ұлы Әбілқайыр хан (1693-1748) – қазақтың Кіші жүзінің ханы, Аңырақай шайқасындағы қазақ қолының бас сардары, қазақ сұлтандарының кіші буыны - Үсектің ұрпағы. Болат хан өлгеннен кейінгі тақ таласында Сәмекенің (Шахмұхаммедтің) «Әбілқайырдың атасына хандық әуелден бұйырмаған. Жеті атасынан хан болып келе жатқан менің тұқымым, хан тағының заңды иесі менмін» деуі де оның осы кіші буыннан екені меңзейді. Ол – кейін өзінің күшімен, айласымен, шабуылды ұйымдастыра білушілігімен даңқы шығып, хандыққа қол жеткізген, батырлығы мен өркөкіректігі, ақылдылығы мен билікқұмарлығы, саясатшылығы мен бірбеткейлігі астасқан қайшылығы мол тарихи күрделі тұлға. Ол 1723 жылға дейін Түркістан қаласында тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққан соң, Бұқар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын тайпалардың арасына кетеді. Қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресі күшейген кезде Ордабасында болған халық жиналысында Әбілқайыр қазақ жасақтарының бас қолбасшысы болып сайланып, Аңырақай шайқасында үлкен жеңіске жетеді. Болат хан өлгеннен кейін «қазақтың бас ханы болу жолы менікі» деп сеніммен жүрген Әбілхайыр жеме-жемге келгенде билік тізгінің басқаның қолында кеткенін көргенде шарт сынып, ашуланып, бәрін тастап еліне кетеді. Қазақтарды әлсіретіп, бүкіл Орта Азияға жол ашар қақпаның кілтін тезірек қолға түсіру жөнінде патшасынан нұсқау алған орыстың далалық әкімдері бұл оқшалануды өз мүдделеріне пайдаланып қалуға жанталаса кіріседі. Бұл ретте отарлаудың ежелден сыналған тәсілі – «жабайыны жабайының қолымен құртуды» іске қосады. Сөйтіп олар өздерінің бодандары Еділ қалмақтарын да, башқұрттарды да, сондай-ақ Жайық казактарын да айдап салып, Кіші жүз қазақтарының тынышын кетіре бастайды. Соның аяғы Әбілқайырдың 1730 жылы өзін Ресей империясының қол астына алуына сұрап, Петербургке елшісін жіберуіне әкеп соғады. Онда ол өзінің Ресей империясына башқұрттар секілді қызмет етіп, солар сияқты алым төлейтінін айта келіп, өздеріне Ресейдің өзге бодандары тарапынан ешқандай қиянат және шабуыл болмауын талап етеді, патша тарапынан тыйым салынбаса, башқұрттардың өздігінен шабуыл жасауды тоқтатпайтынын айтады. Сондай-ақ Ресей бодандары қолдарындағы қазақ тұтқындарын қайтарса, қазақтар да өз тарапынан олардың тұтқындарын кері қайтаратынын білдіреді. 

Бірақ бұл бодандық Әбілқайыр ойлағандай нәтиже бермейді. Содан кейін ол Жоңғар хандығының қоңтайшысы Қалдан Серенге адам салады. Іздегенге сұраған ол да мұны құп алады. Ол жоңғар тұтқынынан босатылған Абылай арқылы жіберген жарлығында Әбілқайырдың тілегін орындағанын толық көрсетеді. Арадағы достық қатынастар сенімді болу үшін Әбілқайырдың өз баласына мың қазақты ертіп, Жоңғарияға жіберуін, осыған жауап ретінде өз баласын мың ойратпен қазақтарға жіберетінін айтады. Дегенмен, Әбілқайырдың Қалдан Серенмен құда болып, оған арқа сүйеп, ойдағымды жүзеге асырам ба деген үміті де ақталмай қалады. 1745 жылдың қыркүйегінде Қалдан Серен қайтыс болады. Осыдан үш жыл өткенде Әбілқайырдың өзі де Барақ сұлтанның қолынан қаза табады.



ШАҚШАҚҰЛЫ ЖӘНІБЕК

Шақшақұлы Жәнібек (? – 1751) – жоңғар шапқыншылығы кезінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен атақты батыр, «Ақтабан шұбырындыдан» кейін босқан елдің басын қосып, азаттық күресін ұйымдастырған, Бұқар жырау сөзімен айтқанда: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Ормандай көп орта жүз, содан шыққан төрт тіректің» бірі. Мұның сыртында ол ауыздыға сөз бермеген, қиянатқа жол бермеген әділ би, діни сауаты мол молда кісі болған. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасынан. Халық өзінің сүйікті ұлын кезінде «Шақшақ Жәнібек», «Шақшақұлы Жәнібек» деп атап кеткенімен, Шақшақ оынң әкесінің де, руының да аты емес, үшінші атасының аты. Шақшақтан Көшей, Көшейден Қошқар, Қошқардан Жәнібек туады.

Атасы шақшақ Аманжолұлы – қазақ ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің қолбасшыларының бірі болған. Есім Ташкентті шауып, Тұрсын ханды өлтіргенде Шақшақ соғыс олжасы ретінде еншісіне тиген Тұрсын ханның қызы Нұрбикені алып келіп, баласы Көшейге қосқан. Шақшақ жауға шапқанда арғынның ортақ ұраны «Ақжолды» айтпай, өз атасының атын атап: «Аманжолдап» шабады екен. Содан Аманжол Кіші жүз жақтағы арғындардың ұранына айналған. Жәнібек те жауға осы ұранмен шапқан. Ол – ұзақ ғұымр жасап, қазақтың Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілқайыр секілді хандарымен, Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билерімен, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді батырларымен бір боылп, еліне елеулі қызмет еткен тарихта орны бөлек ерен тұлға. Абылай хан қашан ерлігімен танылғанша, үлкен қолбасшы Жәнібектің қарауында, қатардағы сарбаздардың бірі болған. Оған әйгілі Айтпай батырдың Абылайға айтқан:

«Абылай , сен орта жүзге келгенде,
Жұлдызың туды оңынан.
Түйе баққан жаяулап,
Айрылдың қалың сорыңнан.
Көкбестідей ат мініп,
Қошқар ұлы Жәнібектің тобынан,
Қалмақты шауып бақ таптың,
Алғашқы барған жолыңнан» деген сөздері куә.

Жекелеген қазақ батырлары кезінде саясатқа араласқанымен, олар өз төңірегінің деңгейіндегі мәселелерді шешуге араласады. Сондықтан да ол бірде Кіші жүз Әбілқайырдың қасында болып, орыс патшасының әкімшілігімен келіссөз жүргізіп жатса, бірде Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің қасында болып, жоңғар қонтайшысымен сөз байласып жатады. Енді бірде оның Ұлы жүздің батыры Қойгелдінің үйінде, тоналған орыс керуенінің мүлкін қайтару жөнінде мәселе шешіп жатқанын көресіз. 



Орыс құжаттары оның әлемде болып жатқан істерден хабардар екенін жазады. Шыны да сол. Ол патша өкілі К.Миллердің ешкім білмейді деген құпиясын ашып, оның Қалдан Сереннің қабылдауында бола алмағанын айтып, екі көзін шарадай қылса, орыс әкімшілігіне келіссөзге барғанда, «Азов құрлықтан ғана емес, сумен де барлық жағынан қоршап алынды деп естідім» деп Оырнбор шекара комиссиясының бастығы В.Урусовтың көзін атыздай етеді. Сондай-ақ Еділ қалмақтарына елшілікпен барғанда, парсы шахының Астраханға шабуыл жасағалы жатқанын естігенін, олардың күшін қалай әлсіретудің амалын айтып поручик Д.Гладышевтің есін алса, Орынбор шекара комиссиясының кейінгі бастығы И.Н. Неплюевпен орыс-түрік соғысы жайында ой бөлісіп, оны таңқалдырады. Патшаға Жәнібектің қазақтар арасындағы беделі ханнан кем емес екендігін айтып, оған қазақ батырларының ішінде бірінші болып «тархан» атағын алуға көмектесетін де осы И.Н.Неплюев. Жәнібек сөзге шешен, билікте әділ, ескіше оқуы мол, сауатты адам. Содан болар ол өз кезінде Абылай ханға үш рет бата берген. Оның біріншісі – Абылайдың алғаш Шарышпен жекпе-жекке шығарында, екіншісі – Сабалақ атын тастап, Абылай аталғанда, үшіншісі – оны ақ киізге отырғызып, хан көтергенде. Қазақтың дуалы ауыз билері – Төле, Қазыбек, Әйтекелер тұрғанда, «көмекей әулие» атанған даланың ұлы жырауы Бұқар тұрғанда, жаңа ханға бата беру жолының Жәнібекке тиюі оның кезінде қандай адам болғанын, ел алдындағы беделінің деңгейін, тарихтан алар орнын көрсетсе керек.

ӨМІРҰЛЫ ЖАСЫБАЙ

Өмірұлы Жасыбай (ХҮІІІ ғ.) – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақтың әйгілі батыры. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасының Бәсентиін руынан. Әкесі Өмір от ауызды, орақ тілді шешен адам болыпты. Анасы – қазақтың атақты батыры Олжабайдың апасы. Шежіре деректерінде батырды «Олжабайдың жиені» дейтіні де содан. Жасыбай екі ағайынды болған, інісі Байсары да жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен белгілі батырлардың бірі көрінеді. Жасыбай жөнінде Н.Я. Коншиннің жазбаларында, халық шежірелерінде, аңыз-әңгімелерде, батырдың өзіне арналып шығарылған «Ер Жасыбай» жыр-дастанында біраз мағлұмат берілген. Соларға қарағанда, ол Олжабайдың жиені ғана емес, жауға бірге шапқан серігі, жақын досы болған. Жастайынан жауырыншылығымен, құралайды көзге атқан мергендігімен аты шыққан. Баянауыл өңірін қалмақтардан тазартуда үлкен ерлік көрсеткен. «Ол-жауға бірнеше дүркін соққы берген әйгілі батыр. Бірде қазақтардың қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай батырға жауынгерлерімен келе жатқан қалмақ қолының алдынан шығып, олардың жолын бөгеп, бері жібермеуді тапсырады. Мыңға толмайтын жасақты бастаған Жасыбай батыр жаумен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ аңдаусызда сауытының желке тұсындағы ашық жерінен қалмақтың оғы тиіп, содан өледі. Қзақа қолы қалмақтарға төтеп бере алмай ығысы бастайды. Сол кезде қырғын болған таудың шатқалына Олжабай бастаған әскер кіреді. Жеңілген қалмақтардың ұлардай шулап, жалбарынған дауыстарынан тау іші күңіренеді. Сонда Олжабай батыр: «Сендердің бәріңді қосқанда, өлген Жасыбай батырдың шынтағына тұрмайсыңдар» деп, жауынгерлеріне «жауды аяған жаралы» екенін ескертеді. Қалмақтардың бұл жолы қырылғаны сонша, өліктері жолдың ұзына бойына шашылып қалады» (Н.Я.Коншин). Бұл деректердің дұрыстығына «Олжабай батыр» жырындағы: «Келген жолмен шұбырап, Есепсіз жолда қырылып, Баян тауын жанапты. Қайқайып садақ тартқанда, Қалмақтың тиіп сұм оғы, Жасыбай қалды жығылып» деген жолдар да, соғыс болған жердің бұл күнде «Қалмақ қырылған» аталуы да дәлелдей түседі. Туған елін, өскен жерін ата жаудан азат ету жорығында сан ерлігімен көзге түсіп, осы игі мақсат жолында қаза тапқан ерінің есімін ардақтаған халқы кейін Баян тауының ол қорғаған асуына «Жасыбай асуы», көліне – «Жасыбай көлі» деген ат береді. Ол жерлер қазір де солай аталады.
Каталог: download
download -> Оқушылардың орта буынға бейімделуі барысында жүргізген жұмыстар туралы анықтама. қазан 2014ж
download -> Построение таблиц истинности логических выражений
download -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі қазақ инженерлік теникалық академиясы
download -> Правила соревнований международная Ассоциация Бокса [Преамбула]
download -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
download -> Бехаалотха Когда будешь зажигать Числа 8,1 12,16
download -> Мы молімся за вас жыццё Змяні сваё жыццё Захавайце наша жыццё! Мы любім вас Змяні сваё сэрца Змяні сваё харчаванне
download -> Загальна характеристика роботи


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет