Қашаған Күржіманұлының «Есқали сұпыға айтқаны» өлеңі



жүктеу 98.55 Kb.
Дата18.04.2016
өлшемі98.55 Kb.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары
Ахметбекова А.К.филол.ғ.к., доцент
Қашаған Күржіманұлының «Есқали сұпыға айтқаны» өлеңі
Аннотация: Қазақ ақындары ұлттық индикатор ретінде қазақы дүниетанымның қорықшысы іспеттес. Олар руханишылықтың жыршысы болғандықтан, жан-жақты білімді болу талабына сай болды. Бұл мақалада ХІХ-ХХ ғасырларда жасаған Қашаған Күржіманұлының Есқали сопыны шенеген өлеңі талданып, ислам дінінің осы кезеңдердегі көрінісі беріледі. Өлеңді қарастыру барысында ислам дінінің қазақ халқының сана-сезімін, әдет-ғұрпын ескере, үйлестіре тараған формасы мен еш трансформацияны мойындамайтын догмалық формасы арасындағы шиеліністің барысы анықталады. Кез келген діни трансформация үлкен діни біліктілікті қажет етеді, арнайы білімі болмаса да, Қашаған ақынның өлеңдерінен ислам дінін терең білетіні тезаурусы негізінде көрсетіледі. Бұл өлеңді талдау барысында көнеден келе жатқан түркі-қазақ салт-дәстүрлер ислам діні тұрғысында интерпретацияланып, ислами дүниетанымның негіздерімен үндестікте жасай алатынын көреміз.

Түйін сөздер: ислам, сенім-наным, дін, интерпретация, тезаурус.


Қазақ халқы ислам дінімен танысып қабылдағалы бері, өзін мұсылманшылық жолында деп біледі. Бірақ қазан төңкерісіне дейін де, кейін де қазақтың мұсылманшылығы бұрынғы рудиментті сенім-нанымдармен астасып жатқанын салт-дәстүрлерден, ырым-жоралардан байқауға болады. Бұл құбылысты қазақ халқының менталитетінен сырт адамдар ислам дінін шала білуден немесе ат үсті мұсылманшылығынан деп тұжырымдайды. Алайда қазақ дүниетанымының айнасы болған ақын-жазушылардың шығармалары бұл пікірді теріске шығарады. Осы сөзімізге дәлел ретінде Қашаған Күржіманұлының өлеңдерімен танысалық.

Қашаған Күржіманұлы туралы мынадай мағлұмат бар: «Қашаған Күржіманұлы 1841 жылы Түрікмен ССР-і Ташауыз қаласының маңында туып, 1929 жылы Маңқыстау түбегіндегі Қырықкез деген жерде қайтыс болған. Ол жалшы семьясында туған, жастай жетімдік, жоқшылық көрген. Жырау жырлары Октябрьге дейін ел арасына ауызша тарады»[1, 256 б.]. Бұл мағлұматтан Қашаған ақынның арнайы білім алу, молдадан оқу мүмкіндігі болмағанын байқаймыз. Алайда Қашаған Күржіманұлының Есқали сопымен кездесу барысында айтқан сөздері кітап ұстап, діни сауаты біршама адамның аузынан шыққаны көрініп тұр. Аталған кездесу былай болған: Қашаған ақын мен Құрманғазы күйші қыстың бір суық күнінде Каспий теңізінің маңындағы ауылға түседі. Қашағанның ақын екенін білушілер оны әдейі шықберместігімен аты шыққан Есқали сопының үйіне әшкерелеу мақсатында қонуға жібереді. Үйге кіргізбей, есік алдындағы қарға жыққан сопы келінін ақын былай деп тоқтатады:

Ал, сенде ұят та жоқ, иба да жоқ,

Шамасы ұялатын иман да жоқ.

Және де әдет те жоқ, ақыл да жоқ,

Өзің жаман болған соң жақын да жоқ.

Қонақты ренжітпей сыйла деген,

Үйреткен ата-енеңнен нақыл да жоқ[1, 258 б.].



Қашаған ақынның бұл сөзінен «Ұят – иманнан» деген хадиспен таныстығын және мән-мағынасын толығымен білетінін көреміз. Ақынның өлең жолдарынан бұл хадис ел ішінде кең тарағанын және қазақы діл тұрғысындағы түсіндірмесі қалыптаса тарағанын көреміз. Сондай-ақ өлеңнің «жоқ» сөзін қайталау арқылы «ұят жоқ», «иба жоқ», «иман жоқ», «әдет жоқ», «ақыл жоқ», «жақын жоқ», «нақыл жоқ» деген ұғымдар жүйе құрып, біртұтас ислами оқудан ақпарат беріп тұр. Бұл ақпарат діни аңызбен байланысты екені дау тудырмас: Жебірейіл періште Адам Атаға Алладан үш нәрсе сәлемдеме беріп, біреуін таңдауды бұйырады. Адам Ата ақыл, иман, ұят үшеуінен ақылды таңдайды. Жәбірейіл қалған екеуін алып кетейін десе, «Аллаһу та’ала маған ақыл қайда қалса, сен де сонда қал деп бұйырған. Сондықтан мен ақылдан айрылып кете алмаймын! Ұят та:

- Аллаһу та’ала маған да дәл солай бұйырған. Мен де ақылдан айрылып кете алмаймын!»[2] деп, Адам Атаның қасында ақылмен қоса қалыпты. Демек Қашаған өлеңі осы аңызға аллюзия болып және өз сөзін діни оқумен негіздеп тұрғанын көреміз. Сонымен қоса Қашаған Күржіманұлы осы аңызды қазақы дүниетанымы тұрғысында жалғастыра, дәлірек айтсақ, толықтыра түскен. Оның «ұят, иман, ақыл» тізімін «иба», «әдет», «жақын(туыс, қолдаушы, дос)», «нақыл» ұғымдарымен жалғастыруы қазақтың дүниетанымына орайлас: иманды болу үшін мұсылман ұят, иба сияқты қасиеттерді қанына сіңіріп, әдетке айналдыруы тиіс. Жақсы адамның болмысы осы қасиеттермен танылады. Бұл қасиеттерден жұрдай адам екі дүниеде де жалғыз – адамға да сүйкімсіз, Аллаға да бөтен, демек өзіне жақын, қолдаушы таппайды. Адам жақсы-жаман болып тумайды, жаман болуы да, жақсы болуы да – тәрбиеден. Сондықтан ұрпағына жақсылық тілеген ата-ананың міндеті нақыл айтып, баланы жақсы қасиеттерге баулу болып табылады.

Қарап отырсақ, Қашаған ақын алты жолмен мұсылманшылықтың негіздерін жеткізген. Және де әр сөзінен ислами мән-мағына айқын көрініс беріп қана қоймай, бұл діни концепциялардың қазақы сана-сезімі тұрғысындағы қабылдану үлгісі танылып тұр. «Жоқ» сөзінің қайталанып отыруы бұл ұғымдарды бір қатарға қойып, әрқайсысының өз концептілері болуымен қоса, бір-бірімен сабақтас екенін көрсету үшін қолданған әдіс. Ақынның бұл ой-пайымы да жоғарыда келтірілген аңыздың тұжырымына сай екенін көреміз. Сондай-ақ ақын ұйқас сөздер негізінде құрған жұптары өлеңнің мағынасын аша түскен: «ұят – әдет», «иман – жақын», «ақыл – нақыл». Демек ұят әдетке айналып, ұлттық ділдің негізін құруы тиіс. Иман адамдарды жақындастырады, бауырластыққа, жанашырлыққа үйретеді. Ақыл тәрбиеге қызмет етуі тиіс. Ұғымдарды жұптау арқылы Қашаған жырау бұл сөздердің концептілерін аша түскен әрі қазақ халқының бұл ұғымдарды түсіну бағытын айқындаған. Бұдан қазақ халқының мұсылманшылықты қабылдап қана қоймай, оны өз дүниетанымына бейімдей түскенін байқаймыз. Әрине бұл бейімдеу көнеден келе жатқан сенім-нанымдармен астасып жатуы мүмкін. Дегенмен бұл бейімдеу логикалық тұрғыда жүргізіліп отырды, сондықтан сырт көзге мұсылманшылыққа жатпайтындай көрінгенмен, кей мәселелер ислами оқудан өрбіп отырған деп айта аламыз. Ал ислами оқуды түсініп, қабылдап қана қоймай, оны дамыта түсу үлкен діни тұрғыдағы біліктілікті қажет ететіні сөзсіз.

Кездесу оқиғасын жалғастыра түсейік: ақын сөзін естіген сопы қонуға рұқсат бергенмен, жақтырмағанын білдіре, амандаспай намазға кіріседі. Онымен қоймай, домбыраның дыңылын ести салысымен Есқали сопы «шайтанның қу ағашы бұл үйге қайдан келді?» деп жекіреді[1, 259 б.]. Сопының надандығына ызаланған Қашаған жырды төгілте түседі:

Тәубем көп деп мақтансаң,

Барсисаны да құдай қарғаған,

Азғырып шайтан алдаған.

Бізді күнәсі көп деп боқтасаң,

Жүз кісіні өлтірген,

Жанына қаза келтірген,

Насуханы да құдай оңдаған[1, 260 б.].

Бұл шумақта Барсиса және Насуха аттары аталған. Барсиса туралы мынадай мағлұмат бар: «Барсиса(Barsisa), в мусульманской мифологии имя человека, поддавшегося искушениям шайтана, но обманутого им. Комментаторы ассоциируют Б. с соответствующим безымянным персонажем Корана(59:16). В предании Б. – отшельник, по наущению шайтана совративший и убивший доверенную его заботам больную девушку. Б. отрекся от аллаха за обещание шайтана помочь ему, но последний обманул Б. и выдал его братьям девушки» [3, 163б.]. Насуха да бұрын қаныпез қарақшы болған, кейін тәубеге келіп, дұрыс жолға түскені жайлы аңыздар діни ортада мәлім. Ал Қашаған ақынның бұл діни персонаждармен таныс екені айқын. Екі сөзбен Барсиса мен Насуха есімдерімен байланысты аңыздардың интерпретациясын беріп отыр. Діншілдігімен мақтанған Есқали сопыны Барсисаға ұқсатып, күнәһар деп танылған ақын-жырауларды Насухаға теңеп, параллель жүргізу арқылы сопының бар пейіл-құлқын әшкерелей алған. Және де ақын діндар атанған сопыны діни оқуларға сүйене отырып, ішкі дүниесінің сыртқы болмысына сәйкес еместігін, сараңдықты, надандықты ислам дінімен шіркемек әрекетін ақтарып бергенін көреміз.

Қашаған ағаштың кең функциясын тізбектеуде де, діни тезаурусты пайдаланған. Бұл актіде мұсылманшылық сырт болмысты белгілеген атаумен емес, сенім мен біліммен, ішкі дүниенің руханишылығымен танылатынын бастыра айтқан:

Пайғамбарлар туғанда,

Бесік болған бұл ағаш.

Ибраһим Қағба салғанда,

Есік болған бұл ағаш.

Мұнаралы әр жерде,

Мешіт болған бұл ағаш.

Шеберлердің қолында,

Кәсіп болған бұл ағаш.

Өзіңді халық сұпы дейді.

Боқтағаның қай ағаш? [1, 261 б.]

Қазақтың табиғатқа деген қатынасы ағаш бейнесінде көрінсе, ақын домбыраны осы ағаш мәнінің символы деп біледі. Сондай-ақ мұнда домбыра – қазақтың ата-бабаларымен көнеден жасасып келе жатқан сенім-нанымдарының символы. Демек Есқали сопы мен Қашаған ақынның сырт көзге жай қонақ пен сараң үй иесі арасындағы келіспеушілік болып көрінгенмен, өлеңнің ішкі динамикасында идеологиялық тайталас айқын сезіледі. Мұнда мұсылманшылықты ата-баба салт дәстүрімен қабылдау бар да, сондай-ақ ислам дінін «таза» шетелдік нұсқасы түрінде қабылдау бар. Өзін сопы деп насихаттап жүрген Есқалидің мұсылманшылықты түсінуінің өзінде қайшылық бар: біріншіден, сопылық ілім, белгілі дәрежеде, мұсылманшылықты кең түсінудің барысында пайда болған. Сондықтан да сопылық ілімді ислам діні аясындағы идеологиялық реформаның көрінісі деп білеміз. Сопылардың пайда болу шарты, ең алдымен, исламды догмалық тұрғыда қатып қалудан, руханишылығын шектеуден сақтандырушы функциясымен байланысты. Ал Есқали сопы, керісінше, «таза» исламды жақтаушы ретінде реформалық процестерге барынша қарсылық білдіріп отыр. Демек қазақ ішінде сопылық ілімнің мәні өзгеше екені байқалады. Мұнда Есқалиден гөрі Қашаған ақынның ой-пайымы сопылық идеялармен астасып жатыр. Қашаған Күржіманұлы өзінің діндар еместігіне қарамастан, сопы деп мақтанған Есқалиден ислами дін жағынан білімі астам екенін көрсете алған. Бұны қатардағы көп мұсылман біле бермейтін мәліметтерді тәптіштей түскенінен байқаймыз:

Жәбірейіл жәннеттен,

Алып келген төрт қылыш.

Төрт қылыштың атын айтайын:

Біреуінің аты – Хамхам,

Біреуінің аты – Сәмсам,

Біреуінің аты – Зұлқажжа,

Біреуінің аты – Зұлпақыр.

Қынабына солардың,

Қап та болған бұл ағаш[1, 261б.].

Қашаған ақын сопымен діни білім жарыстырудан бұрын, мұсылманшылықты қалай түсіну керектігін айқындап отыр. Байқастасақ, түркі бабаларының дәстүрімен қабылданған бір дін, алайда сол дінді қабылдау екі түрлі. Қашаған жырау өзінің ислам дін ілімінде осал еместігін байқата келе, халықтық интерпретацияны беріп отыр. Қазақ ақыны ислам дінінің қазақ менталитетіндегі көрінісін тұжырымдап, Есқали сияқты сопылардың мұсылманшылықты дұрыс түсінбей, қате тұжырымдарымен Мұхаммед пайғамбар дінінің құндылықтарына залал келтіріп отырғандарын көрсетеді. Жыраулар шығармашылығын зерттеуші Б.И.Нұрдәулетова былай дейді: «Жыраулар тезаурусының жыраулық тұлғаны танытатын ерекше бір қабаты образды мақсатта емес, тура мағынасында қолданылған діни лексика болып табылады. Мұндай сөздік қатар жыраулардың мұсылман дініне қатысты ерекше білім көзі мен танымдық қоры болғанын танытады. Мәселен пайғамбарлардың өмірбаяны, дін жолындағы күрес оқиғалары, о дүние суреті т.б. баяндалатын жыр мәтіндері жалпы оқырман үшін батырлар жыры, шығыстық қисса-дастандардағы прецендентті мәтіндер арқылы таныс десек, қазіргі біз қарастырып отырған танымдық лексика арнайы діни білімнің және сол білім негізінде белгілі бір мәдени ұжымда (ұлт, халық, қауым) қалыптасқан дүние бейнесінің болуын талап етеді» [4, 272 б.]. Демек Қашаған сияқты ақындар арнайы діни білім алмаса да, халықтық идеологияның өкілі ретінде белгілі бір діни үрдісті қанына сіңіре отырып, оны халықтық дүниетаным тұрғысында жүйеге келтірген. Қашағанда бұл қазақы форма домбыра үлгісінде көрініс тапқан:

Домбыраны күнә десеңіз.

Жиын менен тойдікі.

Ішегін күнә десеңіз,

Жұмақтан келген қойдікі.

Пернесін күнә десеңіз,

Есебі ол – пәннің он екі.

Құлағын күнә десеңіз,

Хазреті Біләлдің

Құлағы екен деседі.

Тиегін күнә десеңіз,

Шиеленген сыр шешеді. [1, 262 б.].

Домбыра қазақ үшін шаттықтың, мейрамның белгісі, ал шаттық дегеніміз – қуаныш. Қуанышты діни тұрғыда тағдырға ризашылық деп интерпретациялауға болады. Домбыраның бар заты үлкен шеберлікпен жасалған. Шеберлік пен кемелділік жалғас. Домбыра материалдық дүние болғанымен, оның «сыр шешуі» рухани дүниеге тиесілі:

Атамыз адам пайғамбар,

Жеті сазбен жерге кеп,

Күй шертіпті деген бар.

Ол күндегі о да саз,

Бұл күндегі бұ да саз,

Сазды күнә деп жүрген,

Молдеке сенің ақылың аз. [1, 262 б.].

Кей діндарлар, сопылар музыканы шайтанмен байланыстырады, Қашаған ақын музыканы жүрек сырымен, адамның рухани сезімін айқындаушы деп біледі.

Демек бұл дүниедегі барлық жаратылысты діни тұрғыда әр түрлі қабылдауға болады. Бірақ мәселе жаратылыстың мән-мағынасында емес, осы мән-мағынаны қалай интерпретациялауымызда деп тұжырымдайды Қашаған ақын: «Молдеке, білмей адаспа, Домбыраның бізге күнәсі аз» [1, 262 б.]. Қазақтың ғасырлар сынынан өткен салт-жоралары, әдет-ғұрыптары менталды құндылықтар болып табылады, олардан бас тарту ұлттық дүниетанымға керағар. Біздің бабаларымыз ислам дінін шын ниетімен, тез қабылдауы ислам дінінің құндылықтары мен осы ұлттық құндылықтардың үйлесімімен байланысты. Бірақ ислами және ұлттық үйлесімділікті тану екі жақты үлкен білімділікті қажет етеді. Сондықтан сырт көзге білместік болып көрінген кей мәселелер, шын мәнінде, мұсылманшылықты терең түсіну, білу нәтижесінен туған трансформациялар болып табылады.
Әдебиеттер


  1. Бес ғасыр жырлайды: ХҮ ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары. Үш томдық. Т.2. /Құраст. М.Байділдаев, М.Мағауин/ Алматы: Жазушы, 1984. – 336 б.

  2. www.azan.kz

  3. Мифы народов мира. Энциклопедия. (В 2 томах). Т.1. Гл.ред.С.А.Токарев. М.:Советская Энциклопедия, 1987. – 671 с.с илл.

  4. Нұрдәулетова Б. Жыраулар поэтикасындағы дүниенің концептуалдық бейнесі (батыс жыраулық мектебі). Монография. – Астана: Нұра-Астана, 2008. – 432 б.

Түйін


В статье А.К.Ахметбековой рассматривается стихи казахского поэта ХІХ-ХХ веков Кашагана Куржиманулы. Эти стихи были импровизированы в ответ на негостеприимство Ескали суфия, который оправдывал свое действие религиозностью, так как инструмент поэтов - домбра - является палкой шайтана.

Анализируя религиозный тезаурус произведения Кашагана, автор статьи выделяет стычку двух интерпретаций мусульманской религии в казахском обществе.


Summary

The article considers poetry of Kazakh poet of XIX-XX centuries Kurzhimanuly Kashagan. This poetry was improvised in response to the inhospitality of Eskali sufi who justified his actions by religiousness, as the instrument of poets – dombra – is a stick of the devil.



Through analysis of religious works of Kashagan, the author distinguishes collision of two interpretations of Islam in Kazakh society.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет