Ауа райын сипаттайтын негізгі элементтеріне



Дата19.11.2019
өлшемі40.65 Kb.




Ауа райы мен климат әрбір адамның денсаулығы мен өмір сүру жағдайына үздіксіз әсер етіп отыратын табиғи фактор болып табылады. Ауа райы мен климат жағдайларының адам денсаулығына әсері Гиппократ заманынан белгілі болған. Сол уақыттарда өзінде ақ, көптеген аурулардың пайда болуын, ағымы мен салдарын климат және ауа райымен байланыстырған және әр түрлі патологиясы бар науқастарды емдеу барысында климаттық - ауа райы факторларын қолданған. Қазіргі уақытта миокард инфарктісі, мида қан айналымының жедел бұзылыстары, гипертониялық криздер, бронх демікпесінің қозуы, туберкулез, асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы, психикалық аурулардың және т.б.дамуында, сонымен қатар, кейбір дені сау адамдардың денсаулығының нашарлауында, климат пен ауа райы жағдайларының рөлі жөнінде дауласуға жатпайтын көптеген ғылыми фактілер жиналған. Болатын салдарын ескеру бұл аурулардың алдын алу мен емдеудің тиімділігін жоғарылатуға, сонымен қатар, қолайсыз ауа райы кездерінде жиілігі күрт жоғарылайтын, кенеттен пайда болатын өлім санын төмендетуге мүмкіндік береді.

Ауа райы деп, белгілі бір аумақтағы аз ғана уақыт аралығына (сағат, тәулік, апта) тән, атмосфераның жер маңындағы қабатының физикалық қасиеттерінің динамикалық жиынтығын түсінеді.

Ауа райын сипаттайтын негізгі элементтеріне күн сәулесінің қарқындылығы мен белсенділігі, атмосфераның электрлік жағдайы, Жердің магниттік өрісінің кернеулілігі, геомагниттік белсенділіктің өзгеруінің тез не баяу жүретіндігі және оның айқындылық дәрежесі, атмосфералық қысым, температура, ауаның ылғалдылығы, ауа қозғалысының бағыты мен жылдамдығы, бұлытты болуы, жауын-шашындар жатады.

Климат берілген ауданда көптеген жылдар бойына тұрақтанған, заңды түрде қайталанып отыратын ауа райының режимі болып табылады. Ауа райы мен климаттық жағдайлардың қалыптасуы ең алдымен, табиғи факторлармен - күн сәулесі, ауа массасының айналымы, жер бетінің жабындысы (беттік төсеніш) және бедерімен, теңіздер мен мұхиттардың жақындығымен қамтамасыз етіледі.

Күн сәулесінің электромагниттік бөлігінің есебінен атмосфераның жылынуы жүреді, бұл, тікелей күн сәулесі атмосфера қабатынан өткен кезде және күн сәулесімен жылынған жер бетінің жылуын беруі нәтижесінде іске асырылады. Бүл үрдіске ең улкен улесті жер беті қосады, себебі ол күн сәулесі энергиясының 47% дейінгі бөлігін сіңіріеді және жылуға айналдырады.

Атмосфераның жылынуы жер шарының әр түрлі нүктелерінде бірдей емес. Ол жергілікті жердің географиялық ендігіне, жер бетінің жабынды сипатына, тәулік уақытына, жыл мезгіліне, сіңірілу үрдісіне, күн радиациясының атмосфера арқылы өткен кезде шашырауы мен шағылысуына байланысты.

Экваторда атмосфераның жылынуы анағұрлым жақсы жүреді, бұл жерде көк жиектегі күннің туру биіктігі ең үлкен болғандықтан, күн сәулелері өтетін атмосфера қабатының қалыңдығы жұқа болады. (4 тарауды қараңыз)

Экватордан полюске қарай жылжыған сайын ол төмендейді, сондықтан атмосфераның жылынуының ең азы полюстерде байқалады. Бұдан басқа, тропосфераның жылынуына жер беті жабындысының шағылыстыру қабілеті - альбедо өте күшті әсер етеді. Альбедо неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жер жылуды аз сіңіреді. Мысалы, полярлық аймақтардағы қар жабындысы күн сәулесін 85% дейін шағылыстырады, бұл осы нүктелердегі ауаның одан да жоғары салқындауына ықпал етеді. Керісінше, өсімдіктермен немесе сумен жабылған жер бетінің альбедосы төмен болып келеді. Мысалы, шөптер және ағаштардың жапырақтарының альбедосы 20 - 30%, суда - 5%, құм және ұсақ, жұмыр тасты жерде - 29-32% құрайды.

Атмосфераның жылынуы күн сәулесін бұлттардың шашыратуы және атмосфералық ауаға түсетін ластаушылардың сіңіруі нәтижесінде де төмендейді. Жылынған ауа массалары жеңілдеу болады, сондықтан төмен атмосфералық қысым аумағын туғызады, ал суық массалары тығызырақ болғандықтан, олардың түзілетін жерлерінде жоғары қысым аумағы байқалады. Біркелкі емес жылыну нәтижесінде және осыған байланысты әр түрлі аумақтарда түзілген ауа массаларындағы қысымының айырмашылығынан, үнемі жоғары қысым аумағынан төмен қысым аумағына қарай ауа массаларының айналымы жүріп отырады. Жер бетінен қашықтаған сайын тропосферадағы температура төмендейді, сондықтан тропосфераның төменгі қабаттарында төмен қысым аймағы экваторда, жоғары қысым аймағы – полюсте түзіледі, ал тропосфераның жоғарғы қабаттарында кері көрініс байқалады.

Сол себепті атмосфераның жоғарғы қабатындағы ауа массалары экватордан полюске қарай ығысады, бірақ, Жердің айналу күшінің әсерінен олар ауытқиды, сөйтіп өзінің оңтүстіке қарай жылжыйтын бағыттарын батысқа қарай өзгертеді.

Субтропиктік аудандарда ауа массалары төмен түседі және тропосфераның төменгі қабаттарында жоғары қысым түзіп, осы жерден қайтадан экваторға қарай бағытталады. Осылай субтропиктер (өте жоғары қысым аймағы) мен экватор (өте төменгі қысым аймағы) арасында пассаттық деп аталатын аймақтық тұйық айналым пайда болады. Пассаттар Жердің айналу күшінің әсерінен біршама ауытқып, субтропиктен экваторға қарай соғады.

Осыған ұқсас, кысымның әр түрлігінен басқа да тұйық айналымдар: полярлық - полюс пен орта ендік арасында, орта ендіктер айналымы - орта ендік пен субтропиктер арасында пайда болады. Теңіздер мен мұхиттарға жақын жерлерде жазғы уақытта теңізден құрлыққа қарай, ал, қыста – керісінше соғатын муссондар және басқа да желдер тұрады.

Ауа массаларының барлық тұйық айналымдары ауа райы мен климаттың түзілуінде маңызды факторлардың бірі болып табылатын жалпы планетарлық айналымға қосылады Белгілі бір аймаққа келетін ауа массалары әр түрлі географиялық аумақтарда түзілуі мүмкін, осыған байланысты оларды арктикалық, орта ендіктік, субтропикалық және экваторлық деп бөледі. Ауа массаларын, белгілі бір жерге келгенге дейін қандай беттің үстінде болғанына байланысты, континенттік және теңіздік деп бөледі. Әр түрлі жерде пайда болатын ауа массаларының бір-бірінен температурасымен ылғалдылығы бойынша айырмашылықтары болады. Солтүстік ауа массалары әдетте суық және құрғақ, ал тропикалық - жылы және ылғалды болады.

Теңіз ауасы үнемі жоғары ылғалдылығымен, сонымен қатар, қыста континенттікке қарағанда, жоғары температурасымен, ал жазда - төмен температурасымен ерекшеленеді. Ауа массалары бүтіндей ығысып, берілген аумақта бұрын болған массалардың орнына келіп, ауа райын өзгертеді. Ауа райының ерекше айқын өзгеруі, ауаның әр түрлі массаларының арасындағы, фронт деп аталатын, шекаралық қабаты өтуі кезінде байқалады.

Фронттарды жылы, суық және окклюзиялық деп бөледі. Жылы фронт деп, жылы массалар суық массаларды ығыстыруы кезіндегі, ал суық фронт деп - суық массалар жылы ауаны ығыстыруы кезіндегі фронтты айтады. Егер де суық және жылы фронттар біріксе, онда окклюзия фронты пайда болады, бұл кезде ауа райы айқын өзгермейді. Жердің әр түрлі аймақтарының аралығында бір ауа массаларының басқаға ауысуы, циклондық әрекеттің түрі ретінде іске асырылып, циклондар мен антициклондардың түзілуіне әкеледі. Циклондар диаметрі 2,5-3 мын км, қысымы төмен аймақ болып табылады. Ең төмен қысым циклонның ортасында байқалады. Оның өте кең шеттерінен - жоғары қысым аймағынан - циклонның ортасына қарай бір жерде емес, әр түрлі географиялық аумақтарда түзілген ауа массалары жиналып, жоғары көтеріледі. Осыған байланысты, циклонда жылы ауа массаларымен қатар, суық ауа массалары және фронттар болуы мүмкін.

Циклондар әдетте қысымы мен температурасының аутқулары үлкен, жауын шашынды, ауаның электр өткізгіштігінің жоғарылауымен және жердің электрлік өрісінің потенциалы градиентінің төмендеуімен жүретін тұрақсыз ауа райын әкеледі. Қалыпты жағдайда күнсайынғы атмосфералық қысымның әдетте өзгеруі 5 гПа аспайтын болса, циклондық әрекетіне байланысты ол 30-40 гПа өзгеруі мүмкін. Циклондардың өте қауіпті түрлері тропиктерде, мұхит үстінде байқалады. Олардың диаметрі үлкен емес, 80-100 км құрайды, бірақ қиратқыш күші қарқынды болып табылады. Тропикалық циклондардың (тайфун, дауылдар) жылдамдығы өте жоғары болады, олар теңіз үстіндегі дауылдар, су тасқыны, елеулі бұзылулардың пайда болуына әкеледі.

Антициклондар атмосфералық қысымы жоғары учаскелерде пайда болады. Олардың диаметрі 5-7 мың км дейін қамтиды. Ең жоғары қысым антициклонның ортасында байқалады, осыған байланысты, циклондарға қарағанда, ауа ағындары антициклон ортасыннан шетіне қарай ығысады. Антициклондар арқылы фронттар өтпейді. Антициклондар көбінесе бұлыты аз, тұрақты, жазғы уақытта ыстық және қысқы уақытта суық ауа райын әкеледі. Бірақ та, ауа райы барлық уақытта ашық бола бермейді, жазда қысқа уақытты нөсерлі, ал қыста – бұлытты қар жауатын ауа райының болуы да сирек емес.

Ауа райы мен климаттың қалыптасуы үшін жылу, ылғал, қозғалу мөлшерінің алмасуымен сипатталатын атмосфера мен мұхит арасындағы өзара әсерлесуінің маңызы айрықша болып табылады. Әлемдік мұхит Жердің 71% алып жатыр, ол күн энергиясы мен ылғалдың негізгі аккумуляторы болып табылады. Жер бетіне түсетін барлық күн сәулесінің 90% мұхит сіңіреді, оның аз ғана бөлігі (пайыз үлесі) су бетіндегі ауаның жылынуына кетеді. Бұл құрлықпен салыстырғанда, судың шағылыстыратын қабілеті төмен болуымен, сондай-ақ, судың жылу сыйымдылығының үлкендігіне байланысты барлық сіңірілген сәуле энергиясы су массасының жылытуға жұмсалатындығымен түсіндіріледі.

Судағы температураның тәуліктік ауытқуы ондаған метр тереңдігіне дейін, ал жылдық аутқуы жүздеген метрге дейін таралады. Су баяу қызып және баяу салқындайды. Сондықтан, жазда мұхит беті, қысқы уақытқа қарағанда, суығырақ болады және осыған сәйкес мұхит үстіндегі атмосфералық қысым жазда жоғары, ал қыста төмен болады. Су беті, құрлыққа қарағанда, аз бұдырлы болады, соның салдарынан су кеңістігінің үстінде желдің үлкен жыладамдығы да байқалады. Атмосфераның айналымы, ендік арасында жылуды тасымалдауда маңызды рөл атқаратын, мұхит айналымы деп аталатын - мұхит ағыстарының пайда болуына әкеп соғады. Төмен ендіктерден жоғары ендіктерге және жоғары ендіктерден төмен ендіктерге жылудың жалпы алмасуының жартысына жуығы мұхит ағыстары арқылы өтеді, ал, қалған жартысы – атмосфералық айналым арқылы жүреді.

Жоғары ендіктерден келетін суық ағыстар тропиктердің салқындауына ықпал етеді, ал тропикалық аудандардан келетін жылы ағыстар жоғары ендіктерді жылытады. Мұндай ағындарға Гольфстрим жатады, ол жылудың көп мөлшерін Батыс Европа жағалауына әкеледі және Баренцово теңізіне енеді. Солтүстіктен оңтүстікке қарай үлкен суық Лабрадор ағысы бағытталады.

Ірі мұхиттық айналымдар Әлемдік мұхиттардың басқа да аудандарында бар. Мұхиттық айналымдар күшті климат түзуші фактор болып табылады, олар жеке аумақтардың жылылық және радиациялық баланстарын өзгерту жолымен атмосфералық айналымға әсер етеді. Атмосфералық айналымға мұхит ағыстарының жаһандық әсер етуінің көрнекі мысалы ретінде Эль-Ниньо құбылысын айтуға болады. Тынық мұхитының беткі суларының температурасының аномальды түрде көтерілуімен сипатталатын бұл құбылыс, соңғы он жылдықтарда Оңтүстік Американың батыс жағалауында байқала бастады. Эль-Ниньо күшейуген жылдарда ауа райының аномальды құбылыстары, апаттық нөсерлер, бір аудандарда су тасқындары, басқа аудандарда құрғақшылық, торнадо, қара құйындар пайда болады.

Тыныс мүшелерінің аурулары бар науқастар үшін температурасы күрт ауысқан, желі күшейген және жауын-шашынды күндер өте қауіпті болып табылады. Буындардың қабыну ауруларының қозуы атмосфералық қысым мен ауа температурасы төмендеген кезде ең жиі байқалады. Ең айқын реакциялар және аурулардың қозуы фронттар өткен кезде пайда болады. Фронт өтетіннен 1-2 күн бұрын атмосфераның электрлік жағдайы мен геомагниттік белсенділіктің күрт өзгеруі байқалады, фронттың өтуі кезеңінде (1-6 сағат) барлық метеорологиялық факторлар секірмелі түрде өзгереді, ал, 3 кезеңіңде (1 тәулікке жуық) барлық факторлардың деңгейі бұрынғы қалыпына дейін келеді. Метеотроптық реакциялар барлық үш кезеңінде байқалады, бірақ ең жоғары пайызы 1 -ші кезеңде орын алады. Фронттар өтетін ауа райы кезінде ең жиі миға қан құйылу, тромбоздар, эмболиялар кездеседі. Метеотропты реакциялардың патогенезі әлі жеткілікті зерттелмеген, дегенмен олардың дамуында негізгі рөл, әдеттегі метеорологиялық факторлардың әсері қосылған, электромагниттік импульстардың әсеріне тиесілі екендігі көрсетілген. Ауа райы мен климат жағдайларының әсеріне, сондай-ақ, мезгілдік аурулар деп аталатын аурулардың және созылмалы аурулардың мезгілдік қозуларының дамуы тән. Мысалы, суық тигеннен пайда болатын аурулардың максималды саны күз, қыс және ерте көктемгі уақыттарға келеді. Инфекциялық үрдістің дамуына салқындау, мұрын-жұтқыншақ трофикасының бұзылуы ықпал етеді.

Жылдың суық мезгілінде туберкулезден, жүрек-қан тамырларының ауруынан өлім-жітім жоғарылайды, ауыспалы мезгіл уақыттарында (көктем және күзде) асқазанның ойық жара ауруларының, гипертониялық және ишемиялық аурулардың қозуы ең жиі байқалады. Жазғы уақытта асқазан- ішек жолдары ауруларының саны өседі, сонымен қатар, белсенділігі белгілі бір мезгілге сәйкес келетін, қоздырғыштармен берілетін ауралардың – амебалық дизентерия, безгек және т.б. аурулардың өршулері байқалады.

Метеофакторлар адамның қоршаған ортамен жылу алмасуына тікелей әсер етеді. Ылғалдылығы жоғары, ыстық, желсіз ауа райы ағзаның қызынуына және өте ауыр жағдайларда - ыстық өтуіне әкеледі. Қатты аяздар желмен бірге немесе ауа температурасы өте төмен емес, бірақ та, оның ылғалдылығы жоғары кезде, ағзаның қатты тонуы пайда болады, бұл өз кезегінде жоғарғы тыныс жолдарының қабыну ауруларына, баспа, пневмония, ішкі мүшелердің жедел қабыну аурулары, созылмалы аурулардың қзуына әкеп соғады. Метеотроптық реакциялардың алдын алу немесе оларды төмендету үшін, ағзаны шынықтыру, рационды жеткілікті түрде табиғи дәрумендермен байыту және мезгілдік дәрумендермен емдеу жүргізу, ұтымды еңбек, тұрмыс және демалу режимін қамтамасыз ету, киімді дұрыс таңдау, бөлмелерде қолайлы микроклиматтық жағдайларды жасау сияқты шараларды жүргізу қажет. Көгалдандыру, фонтандар салу, ұтымды жоспарлау және т.б. шараларды жүргізу арқылы елді мекендерде қолайлы микроклиматты туғызудың да маңызы аз емес.

Қолайсыз ауа райы кезінде науқас адамдарға аялайтын режим тағайындау керек, климаттық, физиотерапевттік және үлкен жүктеме беретін емдік диагностикалық ем-шараларды, операцияларды шектеу немесе мүлде тоқтату қажет. Метеоболжамның мәліметтерін пайдаланып, қолайсыз ауа райы болатыннан 1-2 күн бұрын медикаменттік алдын алу шараларын бастайды, ауа райы қолайлы болғаннан кейін де оларды 1-2 күнге дейін жалғастырады.

Климат адам ағзасына және оның өмір сүруінің барлық жақтарына әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады. Ауа райына қарағанда, климат салыстырмалы түрде тұрақты, себебі климат түзуші факторлар әр аймақ үшін (географиялық ендік, теңіз деңгейінен биіктігі, жер бедері, жер бетінің жабындысы, ауа массаларының айналымы, мұхиттар мен теңіздерге жақындығы) көптеген жылдар бойына сол күйінде қала береді. Сондықтан, метеофакторлардың әр күндік өзгеруімен байланысты ауа райының құбылмалығына қарамастан, әр аймақ үшін өзіндік, заңды түрде өзгеріп отыратын, бір күнге, аптаға немесе айға емес, ұзақ жылдарға тән, ауа райы режимінің ерекшеліктері қалыптасады. Климатты сипаттайтын көрсеткіштер ұзақ мерзімдік үрдістерді көрсетеді. Сондықтан бұл көрсеткіштерге температураның орташа айлық және орташа жылдық шамалары, ауаның ылғалдылығы, атмосфералық қысым, ауаның қозғалу жылдамдығы, күн сәулесінің; ашық және бұлтты күндердің саны, жарық климаты, қыстың ұзақтығы, топырақтың қату тереңдігі және т.б. жатады.

Осы көрсеткіштерге байланысты және жергілікті жердің географиялық орналасуын ескеріп, жер шарында 7 негізгі климаттық белдеулерді ажыратады:

1. тропикалық - географиялық ендіктің 0-13º аралығында, орташа жылдық температурасы - 20-24º С.

2. ыстық - географиялық ендіктің 13-26º, 16-30º С

3. жылы - географиялық ендіктің 26-39º және 12-16º С

4. орта - географиялық ендіктің 39-52º және 8-12º С

5. суық - географиялық ендіктің 52-65º және 4-8º С

6. қатты суық - географиялық ендіктің 65-78º және 0...-4º С

7. полярлық - географиялық ендіктің 69-90º және .-4º С және одан да төмен

Климаттың басқа да жіктелулері бар. Л.С. Бергтің климатты ландшафтық-ботаникалық жіктеуі кеңінен қолданылады. Бұл жіктеуге, мәңгі аяздар, тундра, тайга, жапырақты ормандар, орта аймақ, дала, жер орта теңіздік климаттар сияқты, климаттар кіреді.

Практикада, атап айтқанда, елді мекендерді жоспарлау және салу кезінде, үйлердің қабырғаларының қалыңдығын есептеу, ғимараттарды бағыттау, көгалдандыру кезінде және т.б. қаңтар мен шілде айының орташа температурасы бойынша климаттың жіктелуі қолданылады. Осы жіктеу бойынша суық, орташа, жылы және ыстық климаттық белдеулерді бөледі. Бұл белдеулердің бәрінде де теңіздік, далалық, таулық, шөлді және жартылай шөлді, субтропикалық және т.б. сияқты климаттың жергілікті түрлері ажыратылады.

Қазақстанның климаты ыстық, жылы, орта және суық климаттық белдеулерге жатады. Бұл Оңтүстікте - дала мен шөлдің ыстық климаты, биік таулы климат, Орталық және Батыс Қазақстанда - шөл, жартылай шөл, Шығыс Қазақстан мен солтүстікте – далалар және орманды далалар климаттары. Медициналық климатологияда климатты адамның денсаулығының әсерінебайланысты жұмсақжәне тітіркендіретін деп бөледі. Жұмсақ климатқа, температураның амплитудасы және басқа метеофакторлардың жылдық, айлық және тәуліктік ауытқулары аз, жылы климат жатады.

Бұндай климаттық жағдайлар бейімделу механизімдеріне ең аз талаптарды қояды. Жұмсақ климатқа Бурабайдағы орманды климат, Қырымның оңтүстік жағалаулары жатады. Тітіркендіретін климатқа бейімделу механизмдеріне жоғары талаптар қоятын, метефакторлардың елеулі тәуліктік және мезгілдік амплитудалары тән. Басқа жағынан, бұндай климат ағзаның жаттығуына және оның шынығуына ықпал етеді. Осындай әсері бар климаттарға, көптеген жүйкелік және жүрек тамырлық ауруларды емдеу кезінде қолданылатын, емдік және шынықтырғыш қасиеті бар, тау, солтүстік теңіз жағалауындағы салқын климат және Қазақстанның Сібір бөлігінің континентальды климаттары жатады.

Ауасы таза, ылғалды орташа, ластаушылар мен аллергендері жоқ, ауа - жылу режимі параметрлерінің ауытқулары аз, жылу реттейтін механизмдердің зорлануын тудырмайтын, қатты желдер мен жиі жауындар болмайтын, жақсы инсоляцияланатын жерлер климатотерапия үшін қолайлы болып саналады. Басқа тітікендіргіш климаттар: солтүстіктің суық климаты, дала мен шөлдің ыстық климаты, биік тау климаттары - адам ағзасына өте қолайсыз әсер етеді.



Дереккөздер

  1. ↑ Orbital Ephemerides of the Sun, Moon, and Planets (PDF). International Astronomical Union Commission 4: (Ephemerides). Басты дереккөзінен мұрағатталған 14 қазан 2012. Тексерілді, 3 сәуір 2010. See table 8.10.2. Calculation based upon 1 AU = 149,597,870,700(3) m.

  2. ↑ US Space Command Reentry Assessment - US Space Command Fact Sheet. SpaceRef Interactive (наурыз 1, 2001). Басты дереккөзінен мұрағатталған 19 қаңтар 2013. Тексерілді, 7 мамыр 2011.

  3. ↑ Мынаған өту:a b География: Дүниежүзіне жалпы шолу. ТМД елдері. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық/ Ө. Бейсенова, К. Каймулдинова, С. Әбілмөжінова, т.б. — Өңд., толықт. 2-бас. — Алматы: Мектеп, 2010. — 304 б., сур.ISBN 978-601-293-170-9

  4. ↑ Қазақ тілі термиңдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: География және геодезия. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. — 264 бет. ISBN 9965-36-367-6

  5. ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Су шарушылығы. – Алматы, Мектеп, 2002 .

  6. ↑ "Қазақ Энциклопедиясы, 3 том"


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет