Ауылымның тарихи толқыны



жүктеу 106.62 Kb.
Дата24.04.2016
өлшемі106.62 Kb.
:
УДК 821. 512. 122. 09
Ауылымның тарихи толқыны
Батырова Б.Ы., Амрина П.

(М. Қозыбаев атындағы СҚМУ)


Халқымызда «Өткеніңді білмесең – болашағыңды болжай алмайсың»-деген даналы сөз бар. Сол айтпақшы, жарты ғасырдан астам тарихы бар өзіміздің алтын бесігіміз атанған қасиетті «БЕКСЕЙІТ» ауылы жайлы сөз қозғай қалсам, кеудемді мақтаныш сезімі кернейтіні рас. Сондай кездері есіме халқымыздың ақиық ақыны, ұлы Мұқағали Мақатаевтың:

«Бір әңгіме қозғашы –ауыл жайлы,

Одан артық әңгіме табылмайды» - деген жыр жолдары түсіп, тебіреніп, толғанып кететінім айғақ. Өйткені, өзі туып-өскен, өсіп-өнген қасиетті туған жерін мақтан тұту –кеудесінде жұдырықтай жүрегі бар әр пенденің парызы, һәм міндеті деп білемін. Соңғы бес-алты жылдың ішінде баспа беттерінде, әсіресе «Қазақ батырлары» және «Ана тілі», тағы басқа газеттерде шығып жатқан шежіре кітапшаларында үш жүздің шежірелері жиі-жиі басылып келеді. Осы басылымдардың ішіндегі ең көбі Ұлы жүз бен Кіші жүздің шежірелері. Ал Орта жүздің шежірелері өте аз. Арғын шежіресін жазып шығарған Сәрсенбай Шектібай және Арғын, Атығай, Керей шежіресін «Қазақ батырлары» газетіне жазып шығарған Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының зейнеткері Қаратай Биғожаұлы еді. Соңғы жылдары біздің облыстың азаматтары да өз аталарының шежіресін біртіндеп шығара бастады. Керей руынан тараған ұрпақтар Қазақстанның әр аймақтарында тұрып жатыр. Басқаларына қарағанда біздің облыста Керей саны көбірек. Солар жөнінде бізде әзірше басылып шыққан толық шежіре жоқ. Тоқсан би кітабында Тарышыдан тараған ұрпақтар берілді, Көшебелер – Барлыбаевтар әулеті туралы кітапты Қайролла Мұқанов пен Социал Жұмабаев шығарды. Әрі-бері ойлап, өз аталарымыздың шежіресін жинап шығаруға мен де ниет қойдым.

Ең алғашқы жұмысымды «әрбір қазақтың шығу тегі – ауыл» дегендей, өзімнің кіндік қаным тамған жерім - қасиетті ауылымның тарихын зерттеуден бастадым. Аса мән берген тұсым: «Неліктен «Бексейіт» деп атаған екен?» деген ой болды. Осы сұрақты әрі-бері қарастырып, Бексейіт ауылының тумасы, Андреевка селосында қазір өмір сүретін Сүлейменов Мейрам атадан сұрауды жөн көрдім. Қарт ата былай деп үн қатты: «Бексейіт деген атамыз ер жүрек батыр болыпты. Қасында Самай руынан шыққан Айтбай деген жолдасымен әр кезде жауға аттанып, екеуі де елін жаудан қорғаған екен. Бірақ бір кемшілік Бексейіт бабамыздың бәйбішесі бала көтере алмаған. Бір қалмақ қырылған шайқасында Айтбай батыр қазан астында көмкеріліп, тығулы жатқан баланың ащы жылаған дауысын естіп, қазанды найзасымен ашып жіберіп, найзаның ұшына сол баланы түйреп алып, үйге қарай аттанады. Бексейіттің бәйбішесі екеуінің алдынан шығып қуана қарсы алғанда, Айтбай базарлық ретінде қанжығасындағы баланы әйелге тапсырады. Сол кезде бәйбішенің омырауынан сүті иіп, кейін әйелі бала көтереді. Бірақ Айтбай батырдың бәйбішеге табыстаған баласы Бексейіттің үлкен ұлы Мерген атанады. Сондықтан қазіргі кезде Үлкен Мерген, Кіші Мерген деген рулардың болуы да осы тарихқа сүйене отырып айтылған деседі».

Жалпы Құрғақ көлдің жағасындағы елді-мекенге «Бексейіт» атауының берген Батырдың баласы Омар деген азамат екен. Оның әкесінің қыстауы қазіргі Бексейіттен көрші Бостандық ауылына қарай үш шақырым жерде орналасқан. Ескі үйлердің орны осы күнге дейін сақталған. Омар жас кезінде серілік құрып, ауыл-ауылды аралап, мән-жайды жақсы білетін адам екен. Өлең айтып, ойын-сауық құрып жүрген азамат болыпты. Осылайша жүріп, Омар халықтың қолдауымен болыс сайланады. Ол тоғыз жыл болыс болады. Омар Бексейіттің басқармасы болса, оның хатшысы болып Төлепберген деген азамат сайланады. Алғашқы құрылған Артельге әртүрлі атаулар ұсынылды. Осы жерде Омар бұл атауларды ұнатпай, Бексейіт атамыздың атын қоюды жөн көрді. Содан бері ауылдың аты өзгермей, осы уақытқа дейін «Бексейіт» деп аталып келеді.

Ал ғылыми көзқарас түрінде зерттегенімде ауылдың қалыптасу кезеңін келесі деректермен толықтырдым. Бұл елді мекеннің алғашқы тұрағы, қонысы түстіктегі «Шуылдақ» деп аталатын кішігірім жайлау болған. Маңында шақырымға жетпейтін «Ұзын көл» деп аталатын көл болған. Өкінішке орай, қазіргі уақытта бұл көл тартылып қалған. Бұл жердің негізгі ру-тайпалары керейлер, оның ішінде балта, самай, абақ аталары, аздап шағалақ керейлер болды, солардың ішінде ең көбі балта мен самайдан тараған рулар. Осы рулардың мүшелері әр ағаштың арасынан 4-5 үйден тұратын ағайындардан құралған мекенжайлар болған. Кейінірек шеттен келген ол күнде Жаңатуған, Рақ қажы, Нұрмұқан, Қосман, Марат деген отаулар еді.

Бұл уақыт 1927-28 жылдардағы ұжымдастыру науқанының қарсаңы болатын. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру басталған кезде Шуылдақтағы қоныс «Құрғақ көл» (қазіргі Бексейіт көлі) жағасына қоныс аударып, осы жерде алғашқы ұжымдық шаруашылық құрылады. Шаруашылықтың алғашқы басшысы, ұйымдастырушысы Баянбаев деген азамат болған. Ол білімді, халықпен тіл табысатын, ұйымдастырушы болған. Осы құрылған шаруашылық «Азат» колхозы деп аталған. Атап айтсақ, «Азат» колхозы 1929 жылы құрылған. Осы шаруашылықта алғашқы «Т.О.З.» құрылды. 1929 жылдың аяғына қарай Азат ұжымдық шаруашылығынан Үшкөл, Бостандық ауылдары бөлініп, Азат ұжымдық шаруашылығы «Бексейіт» деп аталған.

1931-32 жылдары үлкен нәубет – аштық жылдарын Бексейіт тұрғындары да бастан өткізді. Ұйымшылдықтың, еңбекке деген сүйіспеншіліктің арқасында бұл шаруашылық өзін-өзі сақтап қалды. Сол кезде жер жапаның астында ру-руға бөлінбей бір үзім нанды өзара бөліп жеген ауыл тұрғындары бұл апаттан аман қалды, әрине, бұл бірліктің, түсінушіліктің арқасы. Анамның айтуынша: «Менің әжем Шәрипә масақ теріп, күн көріп, сол шаруашылықта жұмыс істеп, бала-шағасын көтерген кісі, өйткені ауыл тұрғындарымен тату-тәтті тұрған деседі».

1934 жылдан бастап аштықтың беті қайта бастады. Кеңшарда мал саны да, адам саны да көбейе бастады. Осы жылы Бексейітте 150 жылқы, 20-25 өгіз, 15 соқа, 100-ге тарта сиыр және тағы басқа да малдар болды. Сол кезде шаруашылық басшылары Оралдин Жәкулә, Шорин Қаби деген азаматтар екен. Бексейіт атамыздың алғаш қоныстанған жері Приишим кеңшарының жері еді. Ол Баян деген ауылмен көршілес болған. Оған Құрғақ көл де кірген. Кейін мұрағат құжаттарына сүйенсем, 1937 жылдары Өрнек ауданы деп аталыпты.

1941-45 жылдары тыныш өмірді бұзып, елді елең еткізген Ұлы Отан соғысы біздің ауылды да шарпыды. Үккіштей ғана Бексейіт ауылынан жетпіске тарта тепсе темір үзетін жігіттеріміз халқын қорғауға майданға аттанды. Ауылда еңбек күші азайып кетті. Ер адамдардың орнын әйелдер, қариялар, балалар ауыстырды. Бірліктің, ұйымшылдықтың арқасында Бексейіт шаруашылығы бұл қиын-қыстауға да төтеп берді. Шаруашылық күйзелтіп, өмірін тоқтатқан жоқ. Ер адамдар майданда болса, әйел адамдар, қарттар, бала-шаға тылда еңбек етті. Майданнан 39 еріміз оралмады. Әр отбасында еркек кіндікті бір адам қалмағанға дейін от ортасында кейбіреулері шейіт болды. Майданнан елге оралған ауыл ардагерлерінің кейбіреулері білек сыбана қайта еңбекке араласса, кейбіреулері күнделікті күйбең тіршіліктің күнін көрді. Иықтарын қажаған винтовкаларын еңбек-құралдарымен алмастырды. Батыр азаматтарымыз 70-80 жылдары өмірден өтті. Бүгінгі ұрпақ, яғни ауыл халқы - ел болып, от ортасынан оралмаған ата-ағаларына ауыл ортасынан ескерткіш-тас орнатып, алтын әріппен есімдерін қашап жазды.

Дүрбелең толқыныстары реңінде Совет үкіметінің қаулысымен 1950-54 жылы – Тың игеру науқаны басталды. Бұл кезде Бексейіт колхозы іріленіп, ауыл шаруашылық өнімін өндіретін ірі шаруашылыққа айналған болатын. «Нәти» тракторлары әкелінген кез. Бұл техникаларды да ауылдың азаматтары игерді. Тың жатқан жерлер жыртылып, егістік көлемі ұлғайды. Іріленген Бексейіт колхозына Бостандық, Үшкөл ауылдары қосылды.

1957 жылдан бастап Бексейіт колхозы іріленіп совхозға айналды.

Ал 1960 жылдары Бескөл ауданы ретінде танылған. Осы жылдар кезінде 1978 жылы Мамлют ауданы болып, қазіргі күнге дейін ауданның бір бөлшегі саналады. 1978 жылы - Бексейіт ауылы Мамлют ауданына қарасты Менкесер совхозының бөлімшесі болды.

Соғыстан кейін қабырғамызды қайыстырып өткен тағы бір жайт, жас та болса, ұлтжанды қаһармандарымыздан айырылуымыз. Ол 1979 жылы Кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан болған ҚСРО мен Ауғаныстан арасындағы қарама-қайшылық еді. Оған себеп 1978 жылы болған Ауғаныстандағы сәуір революциясы. Нәтижесінде жаңа орнаған үкіметке Кеңес одағы әскери көмек көрсетті. Қазақстаннан бірнеше мың адам қатысты арасында ауылымыздың тумасы ержүрек Әділхан Құсайынов деген қандас бауырымыз болды. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жатқан жас Әділхан 1985 жылы 17-ші сәуірде қаза тапты. Қамшының сабындай ғана қысқа өмірінде жаумен тайталасып, артынан өшпес есім қалдырған марқұм ағамыз, қазіргі таңда ауылымыздың қаһарманы, жастарымызға батырлық, ұлтжандылық қасиеттерін ұғындыратын тұлға. Шыншыл еріміздің ерліктері ескеріліп, мектебіміздің қабырғасына есімі жазылған тақта орнатылды.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңі, әсіресе, ауыл шаруашылығына ауыр тиді. Аласапыран уақытта жаппай жекешелендіру басталып, колхоз-совхоздар түгел тарады. Нәтижесінде өңіріміздегі мал басы мен егін алқабының көлемі едәуір азайып кетті. Тәуелсіздік алып, егеменді ел атанғаннан кейін Елбасының нұсқауымен ауыл шаруашылығын дамыту қайта қолға алына бастады.

1997 жылы көрші ауылдағы Меңгесер совхозы таратылып, жеке шаруашылық қалыптасты. Жекешелендіру саясатына байланысты жеке қожалықтар пайда болды. Осы жылы шаруашылығымызға сапармен келген Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жоғары баға берді. Сол жылдардан бастап 2013 жылға дейін ауылымызда көптеген өзгерістер болғаны сөзсіз айдан анық...

Қазіргі кезде ауылымызда «Мамбетов және К» командиттік серіктестігі мен «Бексейіт» шаруа қожалығы бар. Екі шаруашылық та қарқынды дамуда. Егемендігіміздің жиырмасыншы жылында өңірде егін бітік шығып, диқандар бұрын - соңды болмаған рекордтық астық жинап алды. Өңір агроқұрылымдары биыл ел қамбасына 8 млн. 800 мың тонна дән құйды. Бұл жиырма жыл бұрынғы жиналған астықтан бес есе артық. Биылғы мол астық - ала жаздай күн райының қабағын бағып, тер төккен шаруалардың қажырлы еңбегі мен мемлекеттің зор қолдауының нәтижесі.  Көп жылғы тәжірибе, соңғы үлгідегі технологиялар мен жаңа техника да мол астық жинап алуға септігін тигізді. Айту керек, соңғы жылдары өңір агроқұрылымдарының машина-трактор паркі қарқынды түрде жаңартылып жатыр. Сөйтіп, 2011 жылы егіс жұмыстарының 70 пайызы жоғары өнімді жаңа техниканың күшімен атқарылған. Сол жылғы егініміз 1га жерден 36ц рекордтық өнім алдық. Бұл халқымыз үшін де, еліміз үшін де үлкен жетістік. Техникалар жылдан жылға жаңарып, ғылыми даму үрдісінде. Және де онымен қоса, ауыл шаруашылығындағы басты салалардың бірі - мал шаруашылығын дамытуға бүгінгі күні елімізде мықтап бетбұрыс жасалып отыр. Бұл бағытта биыл өңірде ауқымды жұмыс тындырылған. Асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын репродуктор-шаруашылық құрылып, шетелден өнімділігі жоғары асыл тұқымды мал әкелінді. Табиғи климат жағдайының құбылыстарына тікелей байланысының аздығымен де мал шаруашылығының рөлі зор. Соңғы жылдары ауылда мал басының өсуі қалыпты жағдайға айналды. Мал өнімдеріне деген сұраныс пен өнімдерді өткізу бағасының өсуі халықтың ынтасын арттырды.

2012 жылы мемлекеттің қолдауымен көрші Менкесер ауылына АҚШ-нан 200 бас қара мал жіберілді. Ауыл еңбеккерлері жем-шөппен қамтамасыз етіліп, ай сайын жалақысын үзбей алып отырады. Осылай ауылымыз жылдан-жылға көркейіп, еңбекшілердің әлеуметтік жағдайы жақсаруда.

Әрине, бұл ауыл халқы ынтымақтастығы мен шаруашылықтың бірлігінің, әрі аянбаған еңбегінін жемісі. Осы тұста ауылымыздың болашағын уайымдап жүрген «Отан» орденінің иегері, аудандық маслихаттың депутаты, «Мамбетов және К» командиттік серіктестігінің шаруа қожалығы қызметіндегі Жүнісов Арыстан Ноғайұлы жайында сөз қозғағаным жөн. Елжанды азаматымыздың қолдауымен «Мамбетов және К» командиттік серіктестігінің күші ауылымызға көп септігін тигізіп келе жатыр. «Мамбетов және К» командиттік серіктестігі ауыл жұмысшыларына арнап бірнеше үй құрылыстары, шаруашылық офисі, шағын орталық, мектебімізге спорт кешенін салды. Әрине, бәрі жақсы деп айта беруге де болмайды. Өйткені ауыл болғасын кемшілік тұстарымызда көрінеді. Қазіргі таңда Арыстан Ноғайұлы нақты ауылымыздағы қажет көлемді екі мәселені аудан арасында қарастырып жүр. Олар: тас жол мәселесі. Бұл баяғыдан бері айтылып келе жатқан мәселе болса да, Үкімет тарабынан еш көмек жоқ. Ауылға барып-келер жолда бәріміз қиындық көреміз. Және ауыз су мәселесі. «Судың да сұрауы бар» дегендей, мұнараның (башня) бір жерде орналасуы дұрыс емес. Қазіргі тұрған мұнарамызға жарты ғасыр өткені дәлел. Жаңадан орнатуымыз қажет екенін жылдар бойы жоғарғыға айтып келеді. Сол үшін де ана жылдары сыртқы жол бойы құбыр өткізді. Бірақ та, әлі күнге бір мәмлеге келіп, ешкім шешімін тапқан емес.

Осы ұжымшардың атынан жастарды ауылға келуге баулиды. Оның бірден-бір тарттырмас дәлелі: науқан уақытында жас буын өкілдерін жұмысқа алады, ұжымшар тарапынан жастарды оқытуға қаражат бөледі. Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде агроном мамандығын оқып жатқан ауыл қыздары мен ұлдары түгелдей ұжымшардың атынан оқытылғанымен қоса, практикалық жазғы жұмыстарын да бізде өткізеді. Бұл, әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан шаруалар. Халық қалаулысы бүгінгі таңда жұмысшыларын отынымен, жем-шөбімен қамтып, жалақысын беріп отыр. Ұлттың ұйытқысы да, берекесi де ауыл ғой. Ауыл тағдыры – ел тағдыры. Ауылды көтермейiнше еш реформаның жылжымайтыны анық. Ауыл байыса, қала халқының қарны тоқ болары да даусыз» деп туған ауылының жандануына титтей де болса үлес қосып жүрген азаматқа қарап «Ауылына қарап азаматын таны» деген даналық сөздің текке айтылмағанына көзім жетеді. Қолынан іс келетін басқа да ауылдан шыққан азаматтар еліне арнап игілікті іс жасап, ел дәулетін еселесе ғой деген ой туындап, ауылымыздың жастарына алаңдаймын.

«Ауыл-қаланың күре тамыры» демекші, қаланың дамуын ауылдың дамуымен тығыз байланыстыратын қазақ баласы қашанда ауылдың тыныс-тіршілігіне етене араласып, өзінің өмірін шет шалғайда орын тепкен туған мекенінсіз елестете алмайды. Таң атқаннан бастап күнделікті қарбалас тірлікке кірісетін ауыл тұрғындарының қазіргі әлеуметтік жағдайы төмен емес. Елімізде қазақтың ұлттық қаймағы бұзылмаған ауылды дамытуға бағытталған көптеген бағдарламалар қолға алынып, жаңа бастамалар жүзеге асуда. Осы барлық іс-шаралар жастарымызға арналған. Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі көптеген елді-мекендерде ауылдағы маман тапшылығын жоюға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарлама­сының игілігін көре бастаған ауылдардың бірі біздің ауыл. 2008 жылдың соңында қабыл­данып, халықтың, оның ішінде қара­пайым қазақ жастарының ерекше ықыласына бөленген жобаның да жүзеге асып жатқанына 5 жылға жуық уақыт болып қалды. Осы уақыт аралығында көптеген ауылда жұмыс істеуге ниет білдірген жас мамандар аталмыш бағдарлама аясында жолдама алып, ауылдың дамуына үлес қосып жатқан жайлары бар. «Дипломмен ауылға» бағдар­ламасы ең біріншіден, ауылды көркей­туді көздесе, екіншіден, екі қолға бір жұмыс таба алмай жүрген жастарға жасалынып жатқан мүмкіндіктердің бірі деуге болады. Қалада бостан-босқа арман қуып, жұмыссыз атанып жүрген жас мамандарға көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында жаста­рымыз қоғамның дамуына үлес қоса алатын жағдайға жетті.



Міне, осындай қызықты да, бірақ хикаятты абыройлы ауылымның атауы қазіргі таңда сексеннен асып, тоқсанның адымына аяқ басты. Бүгінгі ауыл – бұрынғы ауыл емес. Оның тұрмыс-тіршілігі де, әлеуметтік әлеуеті мен экономикалық ахуалы да басқа. Қазіргі ауыл – қазақылық қаймағы, ұлттық тәрбие мен өнегенің алтын бесігі ғана емес, тұтас мемлекеттің экономикалық дамуының күретамыры. «Малым – жанымның садағасы» деген бабамыздың бүгінгі ұрпағы «сиырды пұл» етіп, табысын үйлестіріп бағуда. Өйткені тоқсаныншы жылдар тоқырауында базары тарқап, ажары тайған ауылдың үрерге иті қалмағаны шындық. Ұстағанның қолы мен тістегеннің аузында кеткен сол ерен байлықты енді қайта қалпына келтіру қажеттілігі туып отыр. Бұл, біріншіден, ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету; екіншіден, сырттан келетін импортқа тәуелділікті төмендету үшін керек.

Бие байлап, сабада қымыз ашытып, жайлау рахатын көріп өскен біз ауылды жүрегімізді елжірететін сағынышпен есімізге түсіреміз. Ауыл еске түссе, көзден жас шығып, бетіңнен күлкі кетпес! Балалардың у-шуы, кемпір-шалдың дүбірі, сарқыраған су, табын-табын жылқы шабуы, кешкі төрт түліктің өрістен келе жатқандағы дыбысы мен алдынан шыққан еңбектеген баладан, әлкеңдеген шалға дейінгі айтылған әңгімелері құлақтан әлі де кетер емес...



Кешкі самал жел мен таза ауа, күн шұғыласымен шағылысып тұрған көлдің беті, сонау көлдің арғы бетіндегі қаңқылдаған қаздар мен қиқулаған аққу үні құлағыңды жарып бара жатқандай ерекше күй кешесін. Ауыл халқы болса, «жақсысын асырып, жаманын жасырып», өз қуанышын жұртпен бөлісіп, қайғы-мұңын ішінде сақтап күнделікті тірліктің айнасында. Осынау кең байтақ елді мекендерде тұратын халықтың пейілі де – кең дария. Алуан қырлы дүние дидарындағы жолы болған әрбір қазақстандықтың қасиетті алтын бесігі осы...

Әдебиет:

  1. «Қазақ батырлары» газеті, 2007.

  2. «Өлеңдер жинағы» М. Мақатаев , 2000.

  3. Мұрағат құжаты: краткий справочник «Из истории колхозов и совхозов Северо-Казахстанской области за 1918-1980 годы».

  4. «Ел мен жер», Контаев С. С., 2008.

  5. «Қазақтың біртұтас шежіресі. Керей», Халидуллин О. Х., 2005.




©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет