«Қазақ әдебиеті». 2013 жыл АҚ самалдай аңҚылдаған ақын



жүктеу 119.94 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі119.94 Kb.
: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> Өткен сенбіде үйде демалып жатқанымда, есіктің сыртынан тықыр естілді. Іле қоңырау шырылдады. Сұрамастан аша салдым. Екі балаң жігіт тұр екен. «Аға, жарапазан ғой» деді де, домбыраны қағып-қағып жіберіп, әнге басты
Annotations -> Оқулықнама Аңдатпа
Annotations -> «Жетісу» газеті, 18 мамыр, 2013 ж. Алдаспандай жарқылдағАН, АҚСҰҢҚардай саңҚылдағАН…
Annotations -> Есенгүл КӘПҚызы, «Мінбер kz» ұлттық интернет газетінің Бас редакторы
Annotations -> Нұржанова Шарипа, Мұқанова Гүлнәр журналист, pr-маманы және бұҚаралық AҚпараттық ҚҰралдары
Annotations -> Сейфуллин Ж. Т., Сейтхамзина Г. Ж. Жерді кадастрлық аймақтау, бағалау және жер салығын салу
Annotations -> Сейфуллин ж. Т., Сейтхамзина г. Ж., Нюсупова г. Н
Annotations -> Алматы, 2012 Сейфуллин Ж. Т., Сейтхамзина Г. Ж. Қазақстанның жер кадастры
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы Қазақстан республикасы заңындағы бағалы қАҒаздарға жанама байланысты қылмыстар алматы, 2012
«Қазақ әдебиеті». 2013 жыл

АҚ САМАЛДАЙ АҢҚЫЛДАҒАН АҚЫН

(Рафаэль Ниязбек 70 жаста)
Ауыз әдебиетінің асыл маржандарынан бастау алатын қазақ поэзиясының көш керуені жаңа ғасырға қадам басты. Қоңыраулатқан қазақ жыры – бүкіл халқымыздың байлығы. Десек те сол қара өлеңге рух бітіретін, өткірлік дарытатын, тың көркемдік құралдармен безендіретін, астатөк асқақ сезіммен қуаттандыратын ақындарымыз бар. Солардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағының Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбек.

Қазақ мемлекеттік университетін 1978 жылы бітіргеннен кейін Қазақ радиосында, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында қызмет істеген Рафаэль ақынның «Келер күндер», «Қаратау мен Алатау», «Темірқазық», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Биіктей бер, тауларым», «Тамұқ отына жанбаған», «Шешендер», «Күркіреп өткен күндерім», «Қан қасап», «Махамбет майданы», «Айбозым менің», «Кемеңгер», «Қағанат» т.б. бірнеше кітаптары, «Отағасы», «Қаңтар», «Жазагер», «Тас құдай», «Қызыл үй» прозалық кітаптары оқырман жүрегіне әр жылдары жол тартты.

Ақын мен оның өлеңін бөліп қарауға болмайды. Рафаэль де өмірде қандай ақкөңіл, батыл, шындықты бетке айтатын болса, оның жырларынан да сол қасиеттер көрініс табады. Ертеректе жазған «Сексеуіл және Қазақ» өлеңіндегі:

«Қазақ деген сексеуіл емес пе, айтшы,

Сындыратын өзімен өзін ұрып»,– деген тармақтың өзінде бүкіл қазақ халқының тағдыры жатыр. Шындығында да төзімділік, беріктік, шыдамдылық жағынан қазақ мінезінде сексеуіл табиғаты бар секілді. Дәл осы екі жолды оқығанда, сонау 37-нің ойранындағы бір қазақты бір қазаққа айдап салған тарих сабақтары да елес беріп өтеді. Бұл туралы ақын:

«Сексеуілдей өзімен өзін соғып,

Алдап соқты аяр жау бұл қазақты». – деп толғанады.

Ақын ең алдымен өзі өмір сүріп отырған заманның, қоғамның перзенті. Сондықтан да болар, Рафаэль шығармаларында біздің бүгінгі өміріміздің көптеген мәселелері қозғалады, үлкен қоғамдық жайттар шешімін тауып жатады. Қаламгер өзінің жүрекжарды сөздерімен көпшілік көкейіндегі ойды сарқа айтады. Айтқанда да тайсалмай, именбей, тосырқамай батыл айтады. Әсіресе, қоғамдық-саяси тақырыпты қозғаған кезде, ақынның азаматтық позициясы айқын білінеді.

Депутат мырза!

Кімге қажет жайшылықтағы өрлігің

Жауап бересің сен бүгін.

Ана сүті - арыңмен,

Кеудеңдегі шыбын жаныңмен.

Жерімді менің -

Сатуға неге жол бердің,

Қорғалып келген

Бабалардың қанымен, — деген өткір жолдар соның айғағы.

Ел тіршілігіне нарықтық экономика бек орнықты. Табиғатынан сауда-саттықты намыс көретін қарапайым қазақ халқы да базарға бой үйретті. Бірақ, ақын жүрегі сол базардың ұлт санасына тигізген кейбір келеңсіз әсерлерін сынға алады.

"Сатылады көкөніс — шөп-шалам да,

Ақыл-ойың, жалының, от-санаң да.

Сатыласың өзің де қамыңды ойлап,

Сатылмасқа өзіңнің жоқ шамаң да", — деп қынжылады "Қара базар" деген өлеңінде.

Тағы бір өлеңінде осы тақырыпқа қайырыла оралып:

Ұмытқандай жұрт әнін,

Қорқыныштан дір етіп.

Бес жыл жазған кітабың —

Қысқа қоныш бір етік, - деп сөз құнының, рухани байлықтың арзандап бара жатқанына жан-дүниесімен қарсы шығады.

"Жетім бұрыш" деген өлеңде, әлі де үйсіз-күйсіз жүрген қаракөздер екеніне ел тұтқасын ұстаған азаматтар назарын аудартады, қалың көптің атынан сөз алады.

"Жетім бұрыш - бұлтты аспан

тұнжыраған,

Жетім боп та егіліп шын жылаған.

Соған барғын -

сая таппай елінен, пана таппай

Көргің келсе қазақты құжынаған", — деп бүгінгі қоғамның басты бір проблемасын алға тартады.

Қазіргі замандағы бүкіл ғаламшарды тітіркендірген экологиялық апаттың зардаптары да ақын жүрегін ауыртады. Әсіресе қазақ даласындағы ядролық сынақтар зиянын шеккен ел қасіретін жырға айналдырады. Бұл келешекте залалды әрекетке жол бермеуге үндеу түрінде көрініс табады.

"Тоздырған ба намыстың туын жыртып,

Туын жыртып, көк орман нуын құртып...

Тірлігінде у ішкен

Жатыр Абай

Өлген соң да атомның уын жұтып", –деген өткір ойлар соның айғағы іспеттес.

Ұлы Жамбылдың жазушы Сәбит Мұқановқа айтқан: «Сұраншы батырдан жеткен бәсіре қызыл жолбарысым бар еді. Түнде түсімде құбыланы бетке алып суыт жүріп кетті. Үш мәрте дауыстап шақырсам да қайырылмады. Енді көп ұзамаспын. Жарық жалғанмен қоштасатын сәт жақындап қалған сияқты маған да», – деген әңгімесі ақынға қатты әсер еткен. Кезінде сол жыр алыбының әңгіме желісін темірқазық етіп алып, Жамбыл бабаның жолбарыс – рухы қазақ халқының бойында әлі де бар екендігін өз толғауына өзек етті.

«Бұғалықта булығып мұңданғанда,

Халқым, бәлкім, шығар-ау шыңдалған да.

Жолбарыс – рух, бәрібір, қолдамаса

Алмас еді Азаттық бұл жалғанда», –

деп толғанған ақын сырлары бірте-бірте оптимистік ойға ойысады, тәуелсіз елдің биік тұғырынан қанат қаққан қарлығаш жырларға жалғасады.

Рафаэльдің көтеріңкі көңіл-күймен, жүректен төгіліп түскен өлеңдері оқырман жанына да қанат бітіреді, серпілтеді, сергітеді, желпіндіреді, желіктіреді.«Көкшеден ескен көктемдер» өлеңіндегі:

«Құлан жалды құдам жайсаң – бір көктем,

Құлын мінез құдағиым – бір көктем.

Құда бала құлдыраған – бір көктем,

Құдашам да құшақ ашқан – бір көктем.

Саңлақтанған Сарыарқам да – бір көктем,

Қара бура Бурабайым – бір көктем.

Қаз мойынды қазанаттарым – бір көктем,

Асыл ойлы азаматтарым – бір көктем.

Ақын туған аналарым – бір көктем,

Арман қуған балаларым – бір көктем...» – деген құйылып түскен жолдардан көктемдей шуақты да нұрлы қазақ пейілі көрінеді. Осындағы «бір көктем» сөзінің қайталанып отыруы, өлеңнің ішкі қуатын арттыра түсіп, оның поэтикалық тұтастығына гармониялық үйлесім бітіреді.

«Күйім менің –

диірменнің

асты да – тас,

үсті де – тас,

Тартылғанда жаншылмай кім шыдады?

Қу тамақтың ырзығы – тылсым әні,

Арасынан аппақ боп ұн шығады» – деп келетін «Диірмен» өлеңі ерекше пішінмен жазылған, әрі тосын ой, соны түйінге құрылған. Небәрі екі-ақ шумақтан тұратын осы өлеңде өмір философиясы жатыр. Нан табуға ұмтылып, жанкештілікпен өзін заман қыспағында құрбан ететін көп адамның тағдыры туралы толғаныс – бұл.

«Ақ боз үйді өзіме қайтар енді» деген жырында ақын ғұмырбаянының белгісіз парақтары ұлттық дәстүрге адалдықпен қабыса ашылады.

«Жанарында жарқылдап жұлдызды арман,

Жаратылған жан еді шың, құздардан.

Аштық жылы ауғанда...

Бір киіз үй

Алып келген жан әкем қырғыздардан.


Жас шағында от кешкен, жалын кешкен,

Жан әкемнің сұм соғыс бағын кескен.

Қала бергем шырқырап киіз үйде,

Қырқасына көк мұнар сағым көшкен.


Керегесін –

қанатын өрге керіп,

Дулығалы кеудесін желге беріп,

Алты қанат киіз үй тұрушы еді

Құндыз бөрік секілді дөңгеленіп.
...Жанарыңның сөнгенде оты кетіп,

Керегесін жақтың ба отын етіп?

Жақын болып дүние туыстықтан

Туырлығын кестің бе тоқым етіп?» –

деп қара өлеңмен әдемі нақышталған ойлар бірде ұлдың өзі көрмеген әкесіне сағынышының көз жасы болып төгілсе, бірде қазақтың киелі киіз үйіне, ата-дәстүріне, баба салтына адалдықтың нұры болып құйылады.

Р.Ниязбек поэзиясындағы шоқтығы биік шығармасы – оның аты шулы «Шешендер» поэмасы. 1996 жылы «Жібек жолы» баспасынан шыққан бұл кітабының алғысөзінде Қазақстанның Халық қаһарманы Қасым Қайсенов:

«Рафаэль ақын ер-дастанын жазу үстінде өзі де еңіреген ерге айналып кеткендей көрінеді. Қандай ой айтпасын, жасқанбай батыл суреттейді. Жұмыр басын қатерге тігіп сөйлейді... мүмкін бұл егемендік алып, еңсе көтерген елінің арқасы шығар, кім біледі. Әйтсе де ақында мінез болмаса, бұлай ағынан жарылып ашық айту қайда?!

Рафаэль бірақ, ер-дастанында жауынгер ел шешенді туын желбіретіп жырлағанмен ұлы орыс халқына тіл тигізіп жазғырмайды. Қайта аға жұрттың мұңын жоқтап, шешен халқымен бірге азап, қасірет шегіп пұшайман халге ұшырағанын ашына суреттеген. Шешен сарбаздары ажал құшса, олардың да боздақтары қыршынынан қиылып жатқанын нанымды сипаттаған. ...Бұл дастан шешен халқының шындық шежіресіне қосылған үлкен үлес!", — деп жоғары баға беріпті.

Шын мәнінде, жүректен шыққан жыр ғана жүрекке жетеді. Дәл осы "Шешендер" дастанында Рафаэль ақынның бүкіл қаламгерлік қуаты, асқақ сезімі мен кең ауқымды ақыл-парасаты, шеберлік иірімдері мен көркемдік қабілет-қарымы барынша мол көрініс тапқан. Бұл сонысымен де қазақ эпикалық, поэзиясының өзгеге ұқсамайтын өзіндік бір үлгісі ретінде ұлттық жырымыздың тарихынан орын алатын кең тынысты поэма екендігін айтуымыз керек. Бұл поэма туралы күні кеше арамыздан аттанып кеткен, қазақтың біртуар ақыны Есенбай Дүйсенбайұлы: «Ақиқат алыстаған заманда өмір сүріп отырмыз. Жағымпаздық пен жалғандық, өтірік мақтау өріс алды. Рафаэльдің бүкіл шығармашылығын бір сөзбен «Рух қашып кеткен заманда» «Рух шақыру дастаны» дер едім. «Шешендер» дастанына келсем, Ресей мен Шешенстан арасында соғыс басталған тұста бүкіл журналистер мен ақын-жазушылар әділ сөзін айтуға батылы жетпей, үнсіз қалғанда, Рафаэльдің үлкен дастан жазып, атойлап шығуы ерлікпен тең. Махамбеттің 200 жылдығына 200 өлең арнау деген тарихта болмаған оқиға,»- деп жазыпты.

Дастанның құрылымы мен "Ер Шәміл жыры", "Қасапхана", "Босқындар әні", "Қарт Сарбаздың, соңғы сөзі", "Қарт Кавказ жүрегі", "Өлімге бас тіккен өрлеп биі" бас-аяғы жұп-жұмыр өзгеше рухта жазылған жырлар шоғырының өзі көп нәрсені аңғартқандай.

«Генералға хат" - "Генералдан хат", "Ресей солдаты" - "Ресей-ананың жан азабы", "Табыт үні"–"Халық үні" сияқты психологиялық паралеллизмге құрылған, контрасты бояуларға суарылған топтамалар да поэманың әлеуметтік серпінін байыта түседі.

"Түгел тыңда!

Кавказдың атырабы,

Қаншама өлке тұншығып жатыр әлі.

Орыс-емен атанып, _

Секілдендік

Бұтағына жармасқан жапырағың...

"Ей, жын Ғасыр!

Есіріп жыныңды атпай,

Тірлік етіп күн көрсін тыным таппай.

Азаттық бер шешенге

Кеудесінде

Шыбын жанын торғайдай

шырылдатпай..."

- деген шумақтардағы кесек теңеулер мен өр де өткір, бейнелі сөздер жарқылдап көзге түседі.

"Ер Шәміл" жырындағы:

...Шайқастарға кірем мен де,

ендеше,


Жер-қынаптан суырылған қылыштай.
Көргем талай құдай басқа салғанын,

Тәуелсіздік еді сонда арманым.

Қарақшының қаруы деп жазғырған

Жандар қанша

Ер Шәмілдің қанжарын.

Қатер бар ма, тас төбемнен төнбеген,

Асып туған асыл ермін көнбеген.

Қара жерге жерлесе де мені елім,

Қаруымды,

Қанжарымды көмбеген.


Жортып өткен жолдарында от қалған,

Қилы кезең кезі емес пе шоқтанған.

Жер астына жоғалсам да

шым батып,

Төрде ілулі мылтығым да оқталған.

Менен асып ұл туған жоқ бұл маңда,

Тауға ұқсайды

Сом жаралған тұлғам да

Есімдерін Шәміл қойған

қанша әке

Қатындары жалындап ұл туғанда.

Заман мынау,

Сойқан мынау, жын атқан,

Кім өтеді біз өтпеген сынақтан.

Сол Шәмілдер атқа неге қонбайды,

Ақ семсердей суырылып қынаптан",— деген жолдар ерлік пен өрліктің, батырлық пен батылдықтың сөзбен соғылған сом бейнесі екеніне ешкім де шүбә келтірмес.

"Үскіріктей қақап тұр қырымда ақпан,

Бозторғай - тіршілікті шырылдатқан.

Қасапхана екен-ау, Дүние - әлем,

Бір халықты бір – халық қырып жатқан",– деген төбе шашың тік тұратын, жан тітіркенетін шумақтарды оқығанда, еліміз Тәуелсіздігіне тәуба айтып, бейбіт өмірдің парқын шын түсінетініміз сөзсіз.

Ал, қанқұйлы соғыстың жазықсыз құрбаны болып, лажсыз қолына қару алған Ресей солдатының мына бір монологы да соншалықты шынайы, соншалықты дәл бейнеленген:
Перзентімін деуші едім көрікті елдің,

Не сұмдықты жол бойы көріп келдім.

Шынжыр табан, тау қоңыз-танктері

Үстерімен жортқанда өліктердің.

Қасіретке, сұмдыққа көзім тұнып,

Шын жындандым,

болмайтын сөзімді ұғып.

Ес жиғанда бір кезде

Көк бөрідей

Көкке қарап тұр екем өзім де ұлып.


Ермей қалып құныс ой-мешелдерге,

Ұнамадым қолбасшы — көсемдерге.

Ресей-Анам қара бет болмасын деп,

Оқ атпадым жазығым —

шешендерге.

Сатқын десе көңілі жайлана ма?


Сатқын болып көріндім айналама.
Қызғыш жаным күйіне шын
қышқырды

—0, Ресейім, жан ана, байтақ ана!


Құрбаның боп,

Құлың боп шын тілеймін,

Бұл соғысты екінші қайталама!

Бұл — Ресей солдатының жан даусы ғана емес, бейбітшілік сүйгіш бүкіл адамзаттың ғаламға үндеуі. Поэманың өне-бойында соғыс пен бейбітшілік арпалысы алма-кезек астасып келіп, бүгінгі заманның ең өзекті мәселесін ақын күн тәртібіне қоя біледі. Дастан сонысымен де құнды. Ал бұл құндылық, — жылдар ғана емес, ғасырлар бойы адамзатқа өсиет болып келе жатқандығын ескерсек, Рафаэльдің "Шешендер" поэмасының ғұмыры ұзақтығына сенуіміз керек.

Осы тұста қазіргі қазақ әдебиетінде салиқалы да салмақты пікірлерімен аға буын өкілдерінің атынан сөз алып жүрген көрнекті жазушы Марал Ысқақбай ағамыздың ақын туралы мына бір ақжарма пікірі ойға оралады: «...Алғашқы балаң жырларымен-ақ оқырман құлағын елең еткізген ол үн нығая келе, ешкімге ұқсамайтын өзіндік өрлігімен даралана берген. Сондықтан да ол қазақ топырағындағы көп ақынның бірі ретінде елеусіз қалмай, біреулердің айызын қандыра еріксіз бас шұлғытатын, енді біреулердің жүйкесін түтетіндей мінезді өлеңдерін бұрқырата жариялап келеді. Оның ақындық қуаты, әсіресе, соңғы он жыл бедерінде күрт өсті. Әуелден жалғандыққа, әділетсіздікке жаны қас ақын орыс-шешен соғысы тұсында тек осы тақырыпқа арнап тұтас бір кітап жазды. Өзге әріптестері бір өлең немесе бір мақала арнай алмай жүргенде, осынша өлең тасқынын лақылдата төгуі — ең алдымен оның шын мәніндегі үлкен азаматтық тұлғасын белгілесе, екіншіден, талант қарымының дәрежесін де айқын танытса керек. Бес-он өлеңнен тұратын тізбекті (цикл) жырлар әркімнің-ақ қаламынан туа берер, бірақ дәл осынша мол, әрі бірінен-бірі өткен жігерлі де көркем шығармалардың тууы ерекше жәйт.»

Махамбет бабамыздың поэтикалық портретін жасап 200 жылдық мерейтойына 200 өлең жазып, «Махамбет майданы» атты тұтас кітап шығарып, Қазақ елінің тәуелсіздігінің көшін бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Айбозым менің» циклды жыр-дастанын жазуы да Рафаэль Ниязбектің еңбекқорлығының, қамшы салдырмайтын ақындық талантының көрінісі.

Ақын қаламынан кейінгі кезде туып, оқырман жүрегіне жол тартқан «Кемеңгер» атты көлемді кітабы туралы сөз бөлек. Бұл жинақта аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, академик, үш дүркін Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жырмен бейнесі сомдалған. Кітаптың алғысөзінде танымал қоғам қайраткері К.М.Аухадиев: « Ұлы адамның үлкен тойына ел-жұрт та, жеке адамдар да өз ықылас-ниетімен келетіні сөзсіз. Ақын Рафаэль Ниязбек бауырымыз да соның бірі. Димекеңнің өмірі мен өнегесіне, заманы мен заманындағы іс-әрекеттеріне арналған өлең-романына ол «Кемеңгер» деп ат қойыпты. Бір адамның өмір жолына арналған шығармалардың қара сөзбен жазылғанын көріп жүргенімізбен, бастан-аяқ өлеңмен жазылған тұтас кітәптің бір кісіге арналғанын көре қойған жоқ екем. Ақын бауырымыздың бұл ісін құп көргеніміз жөн шығар деп бағаладым. Өйткені қазақтың оқшау туған ұлына оқшау сый-сыйапат көрсете білу де керек шығар деген ойдамын».

Рафаэльдің бұл кейінгі жыр кітабы қазақ халқының біртуар тұлғалы азаматы Димаш Ахметұлына көрсетілген ел құрметіндей әсер етті бізге. Ақын сол елдің ойын жүрегінен өткізіп, жыр шумақтарына шебер айналдыра білген.

Барлығы 264 өлеңнен құралған біртұтас бұл еңбекті Қонаев туралы жазылған портреттік поэма деугеде толық негіз бар.

"Тірісінде биікке түлеп ерлеген,

Тәні өлсе де, ұлының жүрегі өлмеген.

Таң нұрына шомылып, күнде азанда

Таулар бар ма Димаш боп түрегелмеген",

— деп өршіл рухпен басталған жыр-дастан бастан-аяқ бір тыныспен оқылады. Мұнда Дінмұхамед Ахметұлының бастан кешкен қилы оқиғалары, қазақ елінің тағдыр-талайы, ол араласқан адамдар персонаждары тарих сахнасындағы тұтас бір кезеңнің полотносын көз алдыңа әкеледі. Ақынның 496-беттен тұратын, «Жалын» баспасынан жарқырап шыққан бұл кітабы Д.А.Қонаевқа жырдан соғылған ескерткіш тәрізді.

Сонау бір жылдары Рафаэль ақын қатты сырқаттанып жүргенінде:

«Алпысқа жетсем не арман,

Жол тоздырған тұяқтай.

Алпысқа жетсем не арман,

Қол создырған қияқтай», — деп армандапты.

Сол ақ самалдай аңқылдаған ақын ағамыздың жетпіске сергек жеткеніне қуанамыз. Ақын армандай жүріп, жыр арғымағынан бір күн де түспепті. Бүгін де, ертең де ел мұрасына айналатын жыр қазынасын жинақтай жүріпті. Өршіл рухқа суарылған, батырлық пен ерлік жырларының, арнау мен толғаулардың сан-сан толқындарын туғызыпты. Онда қазақтың сары даласының сәруар мақамдары бар. Ал, дала қазынасы сарқылмақ емес!



Бауыржан Жақып

«Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің Бас директоры,

Қ Р ҰҒА-ның корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор






©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет