Қазақ философиясындағы Мәдени байланыс (Абай, Шәкәрім философияларының негізінде) Арынғазиева Баян Бекмырзақызы – филос.ғ. к., доцент



жүктеу 158.76 Kb.
Дата03.04.2016
өлшемі158.76 Kb.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары
ӘОЖ 72.787:330.59 (574)

қазақ философиясындағы Мәдени байланыс

(Абай, Шәкәрім философияларының негізінде)
Арынғазиева Баян Бекмырзақызы – филос.ғ.к., доцент

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент қаласы, Қазақстан.



Досжан Райхан Қазыбекқызы – Л.Н.Гумилев атын. Еуразиялық Ұлттық университеті, «философия» кафедрасының 2 курс доктаранты. Астана қаласы, Қазақстан.
Резюме

В статье расскрываются философские идеи Абая, Шакарима в контексте современности


Summary

This article about philosophical ideas of Abay and Shakarim in modern contexts.


Халқымыздың рухани оянуы тәуелсіздігіміздің өміршең болу шартының бірі болып табылады. Елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық реформалармен қатар халықтың сана-сезімі де заман талабына сай өзгеріп келеді. Қазіргі ғұмыр кешіп отырған қазақ халқы екі теңдесі жоқ әлемдік оқиғаларды басынан кешіп отыр. Бірі – ғасырлар тоғысында өмір сүріп жатқанымыз. Тағдыр бізге, ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға өту кезеңінде ғұмыр кешуді бұйырған. Бұл тарихи кезең (қоғам) біздің ғұмырымыздың ерекше құндылығы болып табылады. Қай кезде де қоғам туралы, жаңа идеялар туралы сөз көп болған, алда да солай бола бермек. Баршамызға белгілі, адамзаттық қоғам болып өмір сүруден басқа амал жоқ. Қоғам адамның өрісі, өмір сүру кеңістігі, қасиеті мен қабілетінің көрініс табатын алаңы. Сондықтан, қоғам, ең алдымен, әрбір адамның азаматтық келісім кеңістігі. Кезінде, әділетті қоғамды армандаған Абай, «кісі айтпаған сөз барма» деген екен. Сол сияқты, барлық адамның болашақ туралы қиялы, үміті, арманы болады. Қиял деген сана өрісі, онсыз ой жоқ. Үміт дегеніміз, жақсылық туралы қиял өрісі, арман деген адамның асыл үмітінің өрісі. Әр адамның өз ғұмыры әрі «алтын ғасыры» бар, сол «алтын ғасырдың» есімі – арман болып табылады.

Көп жылдар бойы стреотип пен догманың тұтқынында болған біздің санамызды күрт өзгертіп, оның өткені мен бүгініне жаңаша қарауға Абай мен Шәкәрім мұраларының әсері мол. Сондықтан, олардың мұраларын зерттеу өзекті мәселе болып отыр. Біздің ойымызша, осы ұлы ойшылдарға деген қызығушылықтың артуы, Абай мен Шәкәрімнің адамзатты, әрбір жаңа ұрпақты толғандырмай қоймайтын мәселелерге философиялық тұрғыдан қарап, оны өздерінің өлеңдерінде шебер жеткізе білуінде деп білеміз. Бүгінгі күндері, Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін оқып отырып қазіргі заманды терең түсінуге болады. Мәңлікке бағытталған, өмір мәнін түсінуге, адамгершілік қасиетті жоғары бағалауға негізделген олардың көзқарастарының бүгінгі күйі ерекше құнды болып табылады.

Қазіргі мәдениетіміздегі негізгі тақырыптардың бірі – өткенге қайта оралу. Өткен ғасырларда өмір сүрген ақындарға, философтарға, саяси қайраткерлерге деген көзқарас бұл күндері өзгерген. Қазақтың қоғамдық ой-пікірлерінің орны толтырылып, Абайдың, Шәкәрімнің есімдері мен мұралары қайта оралды. Сөйтіп, адамтану мәселесіне негіз болған Абайдың, Шәкәрімнің философиясына жаңаша қарауға мүмкіндік берілді. Мысалы, Абай мен Шәкәрімнің философиясының жаңашылдығы егеменді мемлекеттің қалыптасуына негіз болатын қазақ философиясының қажеттілігі бұл күндері басты мәселе болуымен түсіндіруге болады. Белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, академик Жабайхан Әбділдин, өзінің «К научному познанию реалий» атты көлемді мақаласында: «Өзінің философиясы жоқ елдің тәуелсіз рухани мұрасы мен дамуы болмайды, әр уақытта басқа факторларға тәуелді болады», – деген еді [1, 33 б.].

Абай мен Шәкәрімнің творчестволық мұралары терең философиялық жаңа идеяларға толы. Олардың философиясында адам мәселесі жоғары қойылған, адамның рухани жетілуінің гуманистік прициптерін, эстетикалық мәселелері мен адамның ойын дамыту қарастырылған. Адамның адамды түсінуі оның этикалық көзқарастарымен тығыз байланыстылығы, Абай мен Шәкәрімнің шығармаларында көп көңіл бөлініп, баяндалған. Сөйтіп, олардың творчествосында «толық адам» – жан-жақты дамыған адам бейнесі ретінде, терең оймен суреттелген. Абай мен Шәкәрім этикасының бұлжымас заңы – еңбектену мен халыққа қызмет ету, өзін-өзі бақылау мен ар-ұят, ар-ождан мәселесі. Олардың адамға гуманистік тұрғыдан келуі, жаңа идея болып табылатындығы сөзсіз. Абай мен Шәкәрім өмір бойы осы гуманистік идеяны бетке ұстаған ойшылдар. Олардың шығармашылық мұралары терең философиялық ой-аңсарға толы. Абай мен Шәкәрімнің қарастырған басты мәселелері – адамның өнегелі қасиеттері туралы ілімді дамытуында. Олар, адам баласының иман тұрғысынан жетілуінің адами қағидаларын қозғайды. Яғни, адамның этикалық, эстетикалық таным қабілеттері мәселелерін қарастырып, жаңа идеяларды алға тартады. Сөйтіп, Абай мен Шәкәрім қазақтың қоғамдық ой-санасында шындықты философиялық тұрғыдан ұғынуды жаңа идеялық жоғары сапалық деңгейге көтерді. Сондықтан, оларды бұрынғы қазақ тұрмысының айнасы болған ой-санамыздың ірі өкілдері деп атауымызға болады.

Абай Құнанбаевтың, Шәкәрім Құдайбердиевтің есімдері мен мұраларының қайта оралуы, Абайдан кейінгі қазақтың қоғамдық ой-санасы картасындағы «ақ таңдақтарды» толтырып, шәкірттері мен ізін жалғастырушылары болғандығы, ойшылдардың мұраларының дүниетанымдық аспектілеріне жаңаша қарауға мүмкіндік беріліп жатқаны баршамызға аян. Оған дәлел, бүгінгі таңда, Абайдың дүниетанымының генезисі, оның өзекті мәселесі толық қарастырылған болып көрінгенімен, алайда, өзіне бүгінгі заман тұрғысынан қарауды талап ететін кейбір аспектілері, идеялары бар. Бұрын, олардың идеялары, әртүрлі қасіретті тарихи жағдайларға байланысты жеткілікті дәрежеде ашылмаған еді.

Мұхтар Әуезов өз зерттеулерінде Абай мен Шәкәрім туралы ойларын шығармашалықпен дамытып, теориялық жағынан жетілдірді. Абайдың шығармашылығы мен дүниетанымына нәр берген үш бұлақ туралы концепция ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында М.Әуезов, – халықтың өзі жасаған, өткен дәуірдің ауызша және жазба ескерткіштерінде сақталып қалған, ертедегі қазақ мәдениеті... Келесі бұлақ – бұл шығыс мәдениетінің таңдаулы үлгілері: тәжіктің, әзірбайжанның, өзбектің классикалық поэзиясы... Үшінші көз – бұл орыс мәдениеті, ал, сол арқылы әлемдік мәдениет [2, 85 б.]. Қазіргі кезеңде бұл концепцияны көпшілік мойындап отыр. Бұдан басқа көптеген зерттеушілер жоғарыда аталған бұлақтарды жалпы қазақ Ағарту ісіне қосып жүр. М.Әуезовтің жарық көрген еңбектері көрсеткендей, зерттеуші өз атына айтылған әртүрлі айыптауларға байланысты Абай дүниетанымының өзекті бұлақтары туралы айтылуға тиістінің бәрін жарыққа шығара алмағанын байқаймыз. Қырық жасқа дейін Абай шығармашылығы мынадай екі бұлақтан нәр алды деп айта аламыз: қазақтың халық ауыз әдебиеті және шығыс ойшылдары мен ақындарының шығармалары. Абай ізашарлары мен замандастарының қолы жеткен табыстарының барлығын өз бойына қуатты күшпен сіңіре білді, игерді, қайта жаңғырта өңдеді және оларды жинақтап қорытты. Осы тұрғыдан алғанда, Гете өзі туралы былай деп жазған еді: «Мен туындыларым үшін жеке басымның ақылдылығына емес, маған солар үшін материал берген мыңдаған адамдар мен маған тыс жағдайларға қарыздармын» [3, 41 б.]. Абай да ұлы неміс ақынының бұл пікірінің өзіне қатысты екеніне келісер еді деп ойлаймыз... Бұлай дейтініміз, әртүрлі дәуірлер мен халықтардың әртүрлі философиялық ілімдерімен таныса отырып, Абай ең алдымен өзінің дүниетанымына, өзінің рухани дүниесіне жақынын таңдап алды, өзіне дейінгілердің бәрін өз бойына сіңіріп, өзінің мәнеріне салып, қуатты шығармашылық рухының жалынында ұстап шынықтырды. Абайдың айрықша осы қасиетін М.О.Әуезов мына сөздермен атап көрсеткен болатын: «Абайдың ерекше өзіндік талғамы, зор таланты аталған үш қайнар бұлақ көздерге қарап-ақ көрінеді. Ол өз талантын не жалғандықпен, не еліктеушілікпен бұрмалаған жоқ. Абай кең тынысты суреткерге тән қасиетімен жаңа мәдениетті табиғилықпен өз бойына сіңірді. Ол бұл жерде өзінің суреткерлік және ойшылдық жарқын даралығын толық сақтады» [4, 88 б.].

Халық рухын, халық тарихын поэзия түрінде философиялық ойды бере білуді Абай мен Шәкәрім өмір мен өлім туралы ойлардан, қазақ халқының бірлігі мен топтасуы жөніндегі ойлардан, жеке адамның еркіндігі, адам хұқы, махаббаты үшін күрес идеяларымен өткірленген қазақ эпосынан алды. Абай мен Шәкәрімнің дүниетанымы көптеген тұстарда қазақ эпосының дүниетанымымен үндес. Олар үшін, қайнар көз болған шығыс мәдениетінің де орны ерекше. Абай сияқты Шәкәрім де барлық араб, парсы эпосын, шығыс классик ақындарының шығармаларын түпнұсқасынан оқыған жан. Табари, Рабғузи, Рашид-аддин, Бабыр, Абылғазы-Баhадүр хан және т.б. тарихи еңбектерін жатқа білді, шығыстың діншіл ғалымдарының түсіндіруіндегі логика негізін және мұсылман құқығының негізін білді. «Жаңа кезеңге, – деп жазды Әлихан Бөкейханов, – исламның табыстарымен және қазақ даласында нығаюымен суреттеледі, бұл Абайдың назарын араб, парсы және түрік тілдерінде жазылған кітаптардағы білімге аударды. Қабілеті мен бос уақытын жұмсай отырып, ол өз бетінше араб және парсы тілдерін игерді, ол тілдерде еркін оқи алатын және қасиетті кітаптардың білгірі деген атқа ие болды» [5, 103 б.].

«Руханилық», «имандылық», «қоғамдық өмір», «адамның сыры», «адам жаны» сияқты ұғымдар Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығының негізін құрайды. Олардың ойлары мен идеялары, ұстанымдары мен құндылықтары қазақ халқының ұлттық санасын жаңа деңгейге көтерді. «Тарихтың өзі де, көзі де – адам» деген қағиданы бетке ұстаған Абайдың дүниетанымының өзегі – адам. Абай үшін адам – ең сүйікті, ең асыл дүние. Сондықтан, Абай дүниетанымын талдағандағы ең бірінші бетке ұстарымыз – Абайдың адамға деген сүйіспеншілігі, оның гуманизмі. Гуманизм дегеніміз, «адамшылдыққа талпыну, адамға құштарлықпен сүйсіне қарау». Гуманизмді адам өзін-өзі танып, өзін-өзі түсіне бастағаннан іздеуіміз керек. Адам, «мен кіммін, не үшін дүниеге келдім, не үшін өмір сүремін, өмірімнің мәні неде? – деп өзінен-өзі сұрай бастаған кезден-ақ, гуманистік ізденіс басталды десек қателеспейміз. Ал, адамзаттың мұндай сұрақты өзіне-өзі қойғалы біраз қилы-қилы замандар өтті.



Абай мен Шәкәрімнің гуманизмі өзіне дейінгілердің (ойшылдардың) тағдыры мен болашағы, бақыты мен өкініші туралы көптеген идеяларының жалғасы. Бірақ, Абай мен Шәкәрім жәй ғана «жалғасы» емес, олардың өзіндік ерекше түсініктері бар. Олар ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын ойшылдар болып табылады. Абай мен Шәкәрімнің адамға деген сүйіспеншілігі барлық еңбектерінде кездеседі. Мысалы, Абайдың «Қара сөзін» алсақ, одан адамға деген құштарлығы сезіледі, сүйіспеншілігі білінеді. Бұны білдіретін тек қана «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп басталатын өлеңі ғана емес, бұл сүйіспеншілікке әрбір өлеңі, әрбір қара сөзі куә. Байды жамандаса, панасыз кедейді қолдайды, қорғайды, күз бен жазды суреттесе, адамның сұлу сезімі мен көңіл-күйіне мән береді. Абай мен Шәкәрімнің сүйіспеншілігі, махаббаты, адамға құштарлығы тек адаммен шектелмейді. Бұл сүйіспеншілік аспанға, Құдайға дейін тарайды және Құдайдан тарайды: Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті, адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, хақ жолы осы деп әділетті алға қойды», [6, 72 б.] – деп атап көрсетеді. Олардың «Құдайдың өзі адамзатты махаббатпен жаратқан соң адамның бұл дүниені, адамзатты «бауырым» деп танымауына шара жоқ» дегеніндей-ақ, адамның адамды бауырым деп тануы – әділет жолы болып табылады. Көпшілік қауымға белгілі, әділетті таңдаған адам адамзатқа сүйіспеншілікпен қарайды, сүйсіне қарайды және сезімді ақылмен ұштастырады. Ал, саналы өмір Абайдың түсінігіндегі адамның адамша өмір сүру жолына түсуінің немесе жетілуінің екінші сатысына шығуының көрінісі. Бұл сатыдағы адамның өмірінің ең басты көрінісі – тәртіпке өз өмірін бағындыру, ретпен өмір сүру. Баршамызға белгілі, адамның өмірінде ойланып өмір сүру басым болады. Оған апарар жол – адамды оқуға, білімге, өмірдің рәсімі мен тәртібіне бағынуға жетелейді. Білім мен ақыл жолы арқылы немесе Абайдың сөзімен айтқанда, «ғылым да жоқ, ми да жоқ» деген деңгейден өту арқылы адам «шынайы адамдық» өмір сүру жолына түседі. Бұл жолдың өзі де оңай жол емес, яғни, бұл жолда қуаныш пен өкініш қатар кездеседі. Бірақ, оның бәрінен адам жүрегімен тыңдайтын жолға немесе өзінің жан екенін танитын жолға түседі. Ал, бұл жол – адамның нағыз жетілу жолына апарар немесе оның дамуының үшінші – «рухани сатысына» жетелер жол болып табылады. Рухани жетілу жолы – шексіз жол. Бұл шектілі де, шексіздік адамды шексіз жетілу жолына түсіру немесе қарапайым адамды «толық адам» болуына жеткізу жолы. Бұл жолға адам өзінің өмірлік тіршілігінің шектілігін, уақытша екендігін біле тұра, одан босанатын мүмкіндіктің бар екенін сезініп, саналы түсініп, сол мүмкіндікті шындыққа айналдыру әрекетімен шұғылдану үшін түседі. Бұл жолға түсу – «саналы таңдау ісі». Ол жолға, түсетін адам өзінің жан екенін түсінгеннен кейін мұсылмандыққа әбден беріліп, кәміл, нағыз шынайы мұсылман немесе діншіл адамдық жолға түседі. Енді, біз Абайдың осы түсінігін, оның, өлеңдері мен «қара сөздері» немесе «нақыл сөздері» арқылы дәлелдейтін болсақ, яғни, Абайдың философиялық көзқарастары қандай философиялық бағытқа жақын дейтін болсақ, оның нағыз қазақ дүниетанымына жақын болғандығын, тіпті оның түп тамыры әл-Фарабидің дүниетанымына жақындығын, әл-Ғазалидің және Қ.А.Ясауидің суфизмінен, тіпті, Жүсіп Баласағұнның философиялық ойларынан нәр алғанын байқаймыз. Егер, сопылар ілімінің о бастан негізгі мәселесі адам болып табылғанын ескеретін болсақ, онда Абайдың адам туралы ілімі философиясының негізі болуы бекер емес.

Дүниетанымдық тұтастыққа талпынған Абай мен Шәкәрім көптеген шығармалары арқылы адам мен дүниенің, адам мен әлемнің тұтастығын жеткізуге тырысады. Абай мен Шәкәрімнің адам туралы ілімдеріне тереңірек үңілу үшін олардың адамды пенде, ал, дүниені жалғаннан айыра білгеніне тоқталуымыз керек. Бұлар бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар: дүние – мәңгі де жалған – өткінші құбылыс. Адам болса, ол да дүниенің, мәңгіліктің туындысы, пенде – жалғанның, күнделікті тіршіліктің туындысы. Себебі, ол мәңгілікке емес, уақытшаға, өткіншіге бет бұрады, соған бас иеді. Сондықтан, адам жетілуге бағытталады, пенде болса ақырғы өмірге, күнделікті тіршілікке бет бұрады.

Адамның өмірі ақиқат, адалдық, әділеттілік, адамгершілік, сұлулық деген ұғымдармен ұштасса, пенденің өмірі күнделікті тұрмыстың, қарапайым тіршіліктің, күн-көрістің ғана қамымен әбігерленіп жатады. Ол күнделікті тіршіліктен басын көтере алмайды, сондықтан, оның өмірі де қанатсыз, дәрменсіз болады. Бұндай өмірдің бір белгісі – қиялсыздық, армансыздық немесе арман-қиялының төмен болуы. Пенде өз қиялын ұштай алмай, кішкентайлық танытса, өз арманында шарықтай алмайды. Ол тауық сияқты қораның шарбағынан жоғары ұша алмайды. Қыран қиялы биік болғандықтан биікке де ұшады. Қыранның қиялы биік шыңда болса, қораздың қиялы – қи түбінде. Пенде әрқашанда бағынғыш, құптағыш, күндегіш, затқұмар және өзімшіл келеді. Ол өзінен жоғарылардың алдында құрдай жорғалайды да, өзінен төмен деп түсінгендерін барынша басады» – дейді Абайға сүйеніп Б. Ғабдуллин [7, 61 б.].

Пенденің бетке ұстайтын басты мақсаты – баю. Біреуді қорқытып, біреуден жалынып, біреуді алдап алса да, іздегенін алып қалу. Ол біреуге беруді білмейді. Берсе, өзі кедейлікке ұшырайтын сияқты көрінеді оған. Оның табатыны да, мақтанатыны да – малы. «Барында баймын деп мақтанады, жоғында «маған да баяғыдай мал бітіп еді» деп мақтанады. Кедей болған соң, тағы қайыршылыққа түседі», – дейді Абай пенденің тіршілігі мен құндылығын суреттей келе. Әрине, бұндай пендеде иман деген болмайды. Себебі, иманды болу үшін адамға «қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек» – дейді Абай он үшінші сөзінде. Осы ойларын келесі сөзінде ойшыл ақын былай деп қорытады: «Құдайға терістікпен, не ар мен ұятқа терістікпен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?». Бұл жерден адам мен пенденің айырмашылығын айқын көруге болады. Пенде мен адамның айырмашылығының тағы бір көрінісін Абай есті мен есер кісінің немесе ақылды мен ақылсыз кісі арасындағы айырмашылығы арқылы көрсетеді. Есті кісі есін шығармай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді де, есер кісі қызықта және қызба, құмаршыл және өкінгіш келеді. «Егер, есті кісілердің қатарында болғың келсе, – дейді ойшыл, – күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» [8, 7-23 бб.]. Философиялық жүйе құрып, арнайы философиялық трактаттар жазбағанымен, имплицитті философиялық көзқарастарды ақындығы арқылы көрсеткен Абайдың өлеңдерінде болсын, «Қара сөздерінде» болсын адамгершілік мәселесі маңызды орынды алады. Абай этика тақырыбын қозғағанда иман мәселесіне көп көңіл аударды. Барлығымызға белгілі, «иман» термині қазақ санасына мұсылманшылық арқылы енген. Ол арлылық, білімділіктің синонимі болып табылады. «Ұят кімде болса, иман сонда» деген мақалды Абай өзінің 36-шы қара сөзіне негіз етіп алып, ұят түсінігін талдайды. Абай ұятты екі түрге бөледі:

1. Надандықтан туындайтын ұят;

2. Иманға қатысты шын ұят.

Олардың айырмашылығы ұяттың пайда болуының себептерінде. Біріншісi – не шариғатқа, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да өзінен-өзі қысылатын, жалқаулық, жалтақтық, қорқақтық, жігерсіздік, жауапсыздықтан туындайды; екіншісi – не шариғатқа, не ақылға, не адамшылыққа кесел тигізетін, не нәпсінің жолында ар-абыройға нұқсан келтіруден басталатын, өзіңе ішкі жаза тарттыратын жоғарғы сезім. «Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты» – деп анықтайды Абай. Бастапқы мағынасы тұрғысынан болсын, санаға ену жолынан болсын иман ұғымында діни мазмұн басым екендігіне қарамастан, ұлы гуманист Абай иманды адамшылдық өлшемі ретінде қабылдайды. Абайдың түсінуінше, білуге құмарлықты шектеу, талаптанбау, өз әрекетіңе салғырт қарау – имансыздықтық [9, 57 б.]. Абай өз халқының бойындағы оң, жақсы қасиеттерімен қатар оғаш қылықтарды, теріс мінездерді қатты сынға алған. Оның моральдық iлiмдерiне қатысты тағы бiр түйiнделген ойы – «Адам баласының мiнезiн түзетiп болмайды деген адамның тiлiн кесер едiм» дегенi. Мұнда, әрбiр ұлттың гуманитарлық даму мүмкiндiгiне деген шексiз сенiм жатыр. Ол ел басқару қызметiнде де барынша әдiл болып, халық қамын ойлаған, «тура биде туған жоқ» принципiн ұстанған. Ғұмырының соңына қарай пенделiк шаруалардан бойын аулақ салып, уақытының көбiсiн шығармашылыққа арнаған. Абай өз ұрпақтарына «Аман бол!» деп уағыз айтып кеткен жан. Одан біз ұлы ақынның адамгершілікті бәрінен жоғары қойғандығын аңғарамыз. Абайда әңгiме, интуиция ретiнде кездесетiн ниеттер Шәкәрiм шығармаларында дамыған нұсқасын табады. Мысалы, үш сүюден тұратын Абайдың иманигүл iлiмiн Шәкәрiм «Үш анық» атты кiтабында Ұят туралы iлiмге айналдырады. Ол, Абайдың өсиетiмен қажылыққа аттанып, Стамбулда және т.б. қалаларда болып, Шығыстану, түрiк тарихы, дiнтану iлiмiмен айналысуға мүмкiндiк алған. Егер, Абай Құдай табарака уатағаланың барлығына үлкен дәлелi – неше мың жылдан берi әркiм әртүрлi сөйлесе де, бәрi де бiр Құдай бар деп келгендiгi, – десе, Шәкәрiм осы тұжырымды көптеген материалдар арқылы дәлелдеуге тырысады. Сөйтіп, ол Абайдың сыншыл реформалық бағытын жалғастырады.

Шәкәрім «Үш анық» кiтабында сол кездегi көп еуропалық ағымдардан деректер келтiре отырып, өзi этикалық максимализмге негiзделген Ар-ұятты дәрiптеу iлiмiн жасайды. Мiне, осы арада ол «Құдай бiр де дiн көп, бiрақ, осы жалған айырмашылыққа алданбай, тура құдайды iздеу керек» – деген тұжырым жасайды. Тура дiндi iздеу ұлттың әлемдiк ойға – ой қосуының кепiлi, тiптi, алға озудың бiрден бiр шарты. Моральды «Ар ілімі» деп танитын Шәкәрім адамгершілік мінез-құлық хақында көп ой қозғайды. Шәкәрім, адам жолы дегеніміз, адам баласына пайдасын тигізу, жақсылық ету деп түсіндіреді. Ол үшін адам өз бойындағы кемшіліктерден арыла білуі керек. Сөйтіп, өз ар-ожданына кір келтірмейтіндей өмір сүруі қажет. Ар-ожданының мазмұнын нысап, әділет, мейірім құрайды деп түсінетін Шәкәрім, оларды адамшылық ұғымымен байланыстырып, былай деген: Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар, олар: Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек. Бұл үшеуі біріксе, сорды жоймақ. Шын бақ осы деп бұған ақыл тоймақ – дей келе, Шәкәрім жоғары құндылықтарды атап өтеді. Ар-ождан тіпті о дүниеде де бар нәрсе деп есептейді ақын. Оның бар екендігіне дәлелсіз сену қажет. «Егер, бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты!» [10, 12 б.] – дейді Шәкәрім. «Сау ақыл менiң иманым» деген сөздерiнен Шәкәрiмнiң ақыл мен болмысты тануға мүмкiндiк алдым дегенiн байқауға болады. Иман – болмысты танудың мүмкiндiгi. Шәкәрiм сау ақыл арқылы сол рухымен тану мүмкiндiгiне, яғни, иманға жетiп отыр. Шәкәрiмнiң айтуынша иман – этикалық категория [9, 16 б.].

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Егер, біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн... Қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең танымдық қасиеттер бар. Сондықтан, да, қазақтың дәстүрлі поэзиясы ұдайы философиямен шендесіп жатады», – деп, [11, 27 б.] орынды атап өткенін ескерсек, қазақ халқының арманы тәуелсіз елімізде жүзеге асып жатқанын мойындауымыз керек.

Абайдың сыншыл реформалық бағытын Шәкәрім «Үш анық» атты еңбегінде жалғастырып, сол кездегі көп еуропалық ағымдардан деректер келтіре отырып, өзі этикалық максимализмге негізделген Ар-Ұятты дәріптеу ілімін жасайды. Міне, осы арада ол Құдай бір де дін көп, бірақ, осы жалған айырмашылыққа алданбай, тура Құдайды іздеу керек деген тұжырым жасайды. Тура дінді іздеу ұлттың әлемдік ойға – ой қосуының кепілі. Тіпті, алға озудың бірден бір шарты [9, 18 б.].

Бүгінгі қоғамдық-гуманитарлық білім салаларындағы еңбектерде «адамшылық» сөзінің орнына «адамгершілік» деген сөз жиі қолданылады. «Адамгершілік» деген сөзді Абай да, Шәкәрім де қолданбаған. Жалпы, «адамшылық» деген ұғымның өзін екі түрлі мәнде түсінуге болады.

Біріншісінде, «адамшылық» дегеніміз тек қана адамзатқа, оның нақтылы көрінісі адамға қатысты біршама қасиеттер, қылықтар және т.б. жиынтығы. Адамға қандай қасиет, қылықтар тән дегенде, оның бәрін бас-басына атап шығу мүмкін емес. Адамды «адам еместен» айырып тұратын жағдайлардың, соларға қатысты мінез, харекет, сезім-саналардың бәрі-бәрі адамшылыққа жатады. Мұндай түсінікте жақсы адамның қылығы да адамшылық, залымның да қылық-пиғылы адамшылық. Сонда, адамшылық ізгілік пен зұлымдықтың бірлігі. Себебі, дүние, ғұмыр не жақсы жандардан, не зұлымдардан тұрмайды, олар аралас, бірінсіз-бірі болмайтын, бір-бірін қажет ететін құбылыстар. Сондықтан, адамшылықты не жақсы, не теріс деуге келмейтін, бәрін қамтитын – феномен деуге болады.

Екіншіден, адамшылықты тек ізгілік деп түсіну. Көпшілік қауым адамшылықты осы мәнде қабылдайды. Ал, Шәкәрімнің адамшылықты қай мәнде айтып отырғанын дөп басып айту қиын. Ол сірә, адамшылықтың көпшілікке түсінікті мәнінде айтқан болуы керек. Білімнің түпкі мәні – адамтану. Ғарыш болсын, табиғи құбылыстар болсын бәрі-бәрі адамтануға бастайтын жолдар. Себебі, дүниені жаратушы да, оны қажетіне жаратушы да тек қана – адам. Адам қажеттілігінен тыс білім саласы жоқ. Шәкәрімнің заман озған сайын, адам нәсілі кері кете бастайды-ау деген хаупі осы білімге тікелей байланысты болса керек. Білім барлық тамаша қасиеттермен бірге, адам бойына қонғанда, оған ең алдымен мазасыздық әкеледі, ол білген үстіне білсем деген мазасыздық. Білген үстіне біле бермек шексіз құмарлыққа бастайды. Шексіз құмарлық шексіз сананы қажет етпек. Бұл адам болмысына кереғар іс. Адамның адам атануының өзі, оның іс, харакетінің, ойының тууы, өміріне сай шектеулі болуында. Адам табиғаты шектеулі... Жалпы, наным-сенім адамның дүниетанымының рухани тірегі. Онсыз адам өзіндік «Менді» жоғалтады. Шәкәрім өзінің нанымы туралы «Мұтылғанның өмірі» атты дастанында айтады. Бұл дастанның философиялық талдауын (мәліметін) филос.ғ.д., академик Ғарифолла Есімнің «Мұтылған философиясы» атты мақаласынан кеңінен танысуға болады.

Абай мен Шәкәрімнің түсініктері бойынша адам әлемнің негізі, түбірі, олар үшін адам философиялық ой-толғаудың қазығы. Әрине, бұл мақалада біз көтерген мәселелерді түбегейлі шештік деп айта алмаймыз. Мұндай шешім қабылдау Абай мен Шәкәрімнің философиялық көзқарастарын зерттеуде әлі көп еңбектенуді қажет етеді. Біз, бұл мақалада тек өз үлестерімізді қосуға тырыстық.



Пайдаланған әдебиеттер:

1. Абдилъдин Ж.М., Орынбеков М.С. К научному познанию реалий // Мысль, -Алматы, 1992, №1.

2. Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -Алматы, 1988.

3. Әуезов М. Абайтану дәрістері. -Алматы, 1994.

4. Әуезов М. Абай Құнанбаев. Алғысөз // Шығармаларының бір томдығы. -Москва, Саяси баспа, 1954.

5. Бөкейханов Ә.Н. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. (Қазанама) Батыс Сібір имп. Орыс геогр-қ қоғамы жазбалары. III шығарылым. 1907.

6. Абай. Екi томдық шығармалар жинағы. -Алматы, 1986.

7. Ғабдуллин Б. Абайдың этикалық көзқарастары. -Алматы, 1970.

8. Абай Кунанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. II-т. -Алматы, 1977.

9. Арынғазиева Б.Б. Этика және эстетика негіздері. -Алматы, 2005.



10. Құдайбердiұлы Ш. Үш анық. -Алматы, 1991.

11. Назарбаев Н. Еуразия жүрегінде. -Астана, 2005.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет