Қазақ фольклорын зерттеу мәселелері: ХХ ғасырдың бірінші жартысы



жүктеу 2.87 Mb.
бет6/9
Дата03.04.2016
өлшемі2.87 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9
: fulltext -> transactions
transactions -> А. Ф. Зейнулина филология ғылымдарының кандидаты, профессор
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте әдебиетті білімденудің инновациялық технологияларымен оқыту
transactions -> МӘШҺҮр-жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері
transactions -> М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы
transactions -> Табиғи орта жағдайын бақылау «Мониторинг принциптері және типтері»
transactions -> МӘШҺҮртану ғылыми-практикалық орталығЫ
transactions -> Р. М. Муталиева қазіргі қазақ әдебиеті
transactions -> Т. Сапаров Қазақ шығысының Өзен – КӨл атаулары
- дейді [129, 44 б.]. Демек С. Сейфуллин ертегілер бойынан бағзы замандағы халықтың өмірге деген көзқарасын тануға болатынын дұрыс айқындағанын көреміз.

Сондай-ақ еңбекте: «Күштілер табының ықпалындағы надан, бағы мал баққан аңшы көшпелі адам ол заманда түрлі хайуандар туралы, жаратылыстың түрлі заттары, құбылыстары туралы әңгіме қылғанда, өздерінің түсінулеріне шындап нанып әңгіме қылатын. Және оларды неше түрлі «керемет», «сиқыр» істеуге, неше түрлі құбылуға қолдарынан келеді деп те сенген. Солардың бірін әңгіме қылған өзінің қиялын шын тәрізді қылып айтатын. Білімі жетпей, жаратылыстың кейбір заттарынан, құбылыстарынан қорқып, тағылық тұрмыстағы надан адам, ондай заттардың, ондай құбылыстардың кейбірін адамға зияндас, кейбірін адамға дос «иелер» деп сенетін»,-деуінен [129, 44 б.], біз ғалымның фольклорды тарихи тұрғыда қарастырғанын танимыз.

Одан әрі С. Сейфуллин: «Хайуандармен, аңдармен алысып, адамнан болған жаулармен алысып жөнінде істелген істері, қайраттары, батырлықтары, жеңгендері туралы ертектердің берірек заманда шыққан бір түрлері ертедегі батырлар әңгіме, жырлары. Бұлардың неғұрлым ескірек заманда шыққандары соғұрлым нағыз ертек бола береді. Ал неғұрлым берірек заманда болған адамдардың батырлықтарын әңгіме қылса, соғұрлым шындыққа жақындай береді»,- дейді [129, 44 б.]. Міне, мұнда С. Сейфуллиннің ертегі бойында кездесетін қиял мен шындықтың арақатынасын дұрыс ажыратуы, сөз жоқ, еңбектің ұтымды жағы болады.

Ал, ел арасында фольклордың өмір сүру жағдайын Сәкен Сейфуллин халықтың тұрмыс-тіршілігімен т.б. байланыстырады. Мәселен: «Бұрынғы заманнан, күздің, қыстың ұзақ кештерінде, тыстағы қара түнді жамылған қоңыр желдің құбылған күйінің әуені мен ұйлыққан от басында әңгімелер, ертектер айтысып, тыңдасып отырысады... Сөйтіп, барлық ауыл әңгіме, өлең, жыр, ән айтысып, тыңдасуды әдет қылатыны. Қысты күні келген қонаққа ауылдың сақа жігіт, сақа әйелдері бастаған жігіт-желең, қыз-қырқыны жиылып, ауыл болып жабылып «қонақ кәде» айтқызуды әдет, дәстүр қылып алған. «Қонақ кәдесі» әңгіме айтумен, өлең, жыр айтумен болатын. Ештеңе айта алмаған қонаққа, ойнап қысым қылатын. Ойнап істеген қысым шынға бергісіз болатын. Қонақ қысым көргенше, ойынан шығарса да, бірдеме айтып құтылуға тырысатын. Қонақ «қонақ кәде» айтудан бұрын, ауыл адамдары өз мойындарындағы «кәделерін» айтатын. Оны «ауылдың алты ауызы» дейтін. Үлкендердің әңгіме қылған, көрген білгендері, тыңдаған жастарға, балаларға оқу тәрізді болатын»,- деген пікірінен [129, 44, 46 б.], біз С. Сефуллиннің фольклорды кейінгі жастарға әрі тәрбие, әрі үлгі, әрі оқу құралы т.б. түрінде ұсынғанын көреміз. Сондай-ақ ғалым фольклорды этнография көзі деп те дұрыс ұйғарған.

Одан әрі ғалым қазақ ертегілері ішінен: «Түйе, арыстан, қасқыр, түлкі, бөдене», «Түлкі, қойшы, аю», «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек», «Шық бермес Шығайбай мен Алдар көсе», «Алдар көсе мен тазша қойшы», «Алдар көсе мен егінші», «Хан мен өтірікші тазша бала» үлгілерінің мәтіндерін береді [129, 47-54 б.].

Еңбектің «Салт өлең- жырлары» деген бөлімінде [129, 57-85 б.] С. Сефуллин: «той бастар», «жар-жар», «сыңсыма», «жұбату мен үгіт», «бет ашар», «айт келін», «бесік жыры», «қоштасу мен өсиет жырлары», «естірту», «көңіл айту», «жоқтау» т.с.с. үлгілеріне қысқаша ғана сипаттама түрінде тоқталып, мәтіндерді де қоса келтіріп отырған. Мәселен, Сәкен Сейфуллин: «той бастар» өлеңінде, жыршы той қылушының әдетте «сәрсенбі сәтті күні» өтетін тойға көптің атынан құтты болсын айтылатынын баяндаса; «жар-жарды» мереке үстінде жігіт пен қыз екі жақ болып отырып айтысатынын дұрыс ажыратқан. Сондай-ақ «бет ашардың» келін түсіру үстінде орындалатынын да т.б. сөз қылады. Тек халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, фольклорлық мұрасы- бәрі де тап айнасы тұрғысынан қарастырылады. Сәкен Сейфуллин тұрмыс – салт жырлары болып табылатын салт өлең-жырларына мынадай анықтама береді: «Бұл салада- қазақтың билер, хандар, батырлар, байлар үстемдік қылған ескілік тұрмыс салтындағы, сол үстем таптың салт санасымен құрылған «мереке» сауық сер үстінде айтылатын өлең жырлары кіреді»- дейді [129, 57 б.]. Міне, мұндағы таптық ұғымдағы ойлары болмаса, жалпы тұрмыс-салт жырларына берген Сәкен Сейфуллин анықтамасы өте сәтті шыққан. Ал, той бастарға келгенде автор: «Той бастар өлеңінде, жыршы той қылушының «сәрсенбі сәтті күні» істеген тойына көптің атынан «құтты болсын» айтады. Той иесінің қуанышын көтермелеп «тойының тойға ұласқанын» тілеп, той істеуші- мал иесін «ақ пейіл» «шүлен» деп, оның «ақ пейілдігі», «шүлендігі» үшін, мал басына «қыдыр даруын» тілейді. Және тойды «тәңір қазынасы»- деп, тойға шығарған шығынды «Тәңірдің өзі төлейді» дейді. Ақырында той бастаушы өзінің «жолын» той иесі толымды қылып істеуін тілейтінінде сендіреді»,-дейді [129, 57 б.]. Бұл этнографиялық сипатта жазылған анықтама да қазіргі таңда өз маңызын жойған жоқ.

Келесі тұрмыс-салт жыры «Жар-жар» турасында Сәкен Сейфуллин былай дейді: «...Бұл қыз ұзатарда, той басталғаннан кейін айтылатын, билер табы үстемдік қылған тұрмыстық салт өлеңі. Бұл өлеңде ылғи белгілі бір тақырыпқа ғана айтыла бергендіктен, бірақ қалыпқа бекінген өлең» [129, 58 б.]. Демек Сәкен бұл фольклорлық үлгінің халық алдында орындалу ерекшелігіне де көңіл бөлген. Одан әрі автордың жұбату мен үгіт туралы ой-пікірі бар: «Жұбату мен үгіттеу мазмұны үйреншілік, бірқалыпта болады: Бұрынғы-соңғының жолы осы... «Әуелі пайғамбар да» қызын ұзатқан, жылама! Өз еліңе барасың, тек өзің жаман болма! Жаман болмаймын десең,- үлкендерге кісілік қыласың. Құлша, күңше жұмыс істейсің. Байыңды күтесің, ұрса да,- бетіне қарсы келмейсің. Қайын атаң мен қайын анаңды күтесің. Өз алдыңа үй тігіп мал-малданасың. Әсіресе, әлдилеп бала сүйесің»,- дегендей. Көңіл көтеру үшін, сөздерінің арасына қалжың да кіргізіп қояды»,- дейді [129, 63-64 б.].

Демек С. Сейфуллиннің тұрмыс-салт жырларын іштей тойбастар, жар-жар, ау-жар, сыңсыма, жұбату, беташар, айт келін, бесік жыры, қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау деген жанрларға бөлуі дұрыс болды. Ал, оларға автордың берген атаулары, анықтамалары әлі де өз маңызын жоймағаны, сөз жоқ, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ фольклортану ғылымының жеткен жетістігі болып табылады.

«Ескілікті дін салтынан туған өлең-жырлар, тақпақтар» дегенде [129, 86-102 б.] Сәкен Сейфуллин: бақсының өлеңдеріне, яғни шақыру, арбау, байлау жырларына, күн жайлату, бұлт шақыру, бәдік, жарапазан үлгілеріне т.с.с. шолу жасайды. С. Сейфуллин бұларды қазақ руларының мұсылман болмай тұрғандағы ескілікте аруақ, тәңірлер т.б. бар деп, соларға құлшылық қылу негізінде, жоғарыда айтылғандай өлең-жыр үлгілері дүниеге келгенін дұрыс сараптайды. Бұларды автор жеке жанр деп бөліп қарастырғанмен, қазіргі таңда олар тұрмыс-салт жырлары қатарында қарастырылады.

Ал, С. Сейфуллиннің «Мал туралы, қадірлі жануарлар туралы әңгіме, өлең, күй жырлары» дегенде [129, 102-130 б.]: бес түлік малдың иелері: Шопан атаға, Жылқышы атаға, Ойсыл қараға, Зеңгі бабаға, Сексек атаға т.с.с. қазақ фольклортану ғылымында алғаш түсініктеме беріп тоқталуы, өз алдына жеке жанр ретінде бөліп алып қарастыруы т.б. бәрі де сол тұстағы фольклорды зерттеудегі ғалымның жетістігі екені даусыз. Дегенмен Сәкен Сейфуллин бұларды фольклордың нақты қай жанрына жататынын анықтай алмаған, бәрін бір жерге топтай салған. Мұндағы Шопан атаға, Жылқышы атаға, Ойсыл қараға Зеңгі бабаға, Сексек атаға арналған жануарлар турасындағы жыр үлгілері қазіргі таңда тұрмыс-салт жырлары ішінде қарастырылады. Ал, осы бес түлік мал иелері турасында С. Сейфуллиннің мынадай түсініктемесі бар: «Жоғарыда айтылған билер табы әкімшілік қылған тұрмыспен, және сол кездегі біліммен билер табының үстем санасымен өмір сүрген замандарда, қазақ болған ел әр түлік малдың өз алдына бөлек-бөлек «бақташы иелері» бар деп сенетін. Қойдың «Шопан ата» деген иесі «бар», түйенің «Ойсыл қара» деген, сиырдың «Зеңгі баба» деген, жылқының «Жылқышы ата» деген «иелері» бар деп нанатын»,- дейді [129, 103 б.].

Сондай-ақ мұнда автор айтыс жанрына жататын жануарлармен айтысу түріне, одан әрі ертегі жанрына қатысты хайуанаттар туралы әңгімелерге де тоқталады: «Шаруасының негізі мал бағу, мал өсіру болған, бар тіршілігі малмен аралас болған... мал бағу шаруашылығы қосымша кәсібінің зоры аңшылық, аушылық болып, аңдармен, құстармен тоғайласу болған. Билер табының үстем санасының ықпалындағы көшпелі жаратылыстың түрлерін, құбылыстарын жанды зат деп таныған жаратылыстың барлық жан-жануарларының сезімдерін, ақылдарын адамммен бірдей көріп, өзінің араласа өсіп баққан бес түлік малы туралы және тағы дала жануарлары туралы неше түрлі әңгімелермен бірге, жырлар да, күйлер де шығарған. Жануарлар адамша әңгіме айта алады, күй күйлей алады деп сеніп, жануарлар туралы айтылған әңгіме-жырларымен адам туралы айтылған әңгіме-жырларының айырмасы жоқ болған. Жануарлармен өлең айтысу - сол нанымнан әдет болып қалған. Қазақ атанған көшпелі елдің ауыз әдебиетінде мал туралы, түрлі хайуандар туралы ел аузында неше түрлі әңгімелермен қатар, жырлар да, өлеңдер де бар»,- дейді [129, 106 б.].

Демек Сәкен Сейфуллин фольклорды жанр жағынан жіктеуден гөрі, тақырып ұқсастығы жағынан топтастырғанға ұқсайды. Яғни, тұрмыс-салт жырларына жататын жан-жануарлар туралы өлең- жырды, айтысқа кіретін хайуанаттармен айтысу үлгісін, ертегі жанрына тән хайуанаттар туралы ертегінің жанрлық ерекшелігін ескермей, тек тақырып ұқсастығы бойынша оларды бір жерде топтап қарастырғанын көреміз. Сонымен қатар мұнда: «Жалайыр Қабан ақын мен қоянның айтысқаны», «Иесінің сиырмен айтысқаны», «Тарғын батырдың жапанда жалғыз қысылғанда боз Тарлан атына айтқаны», «Алпамыс батырдың Байшұбары», «Қобыланды батырдың Тайбурылы», «Көбікті батырдың Ақмоншақ аты», «Көкжендет», «Аққу құс туралы» т.с.с. мәтіндерден үзінділер берілген.

Айтыс жанры дегенде, [129, 130-132 б.] Сәкен Сейфуллин: жігіт пен қыз айтысы, жұмбақ айтысына т.б. тоқталады. Айтыстың бізге жеткен ескі үлгілері: «аужар», «бәдік», «жұмбақ айтысы» түрлері де сөз болады. Үлкендер жиналған көпшілікті жиын-тойларда, ойын-күлкілі мерекелі орындарда айтыстар орындалатынына, және онда жеңілген жақ жеңген жаққа жол беретініне Сәкен Сейфуллин дұрыс назар аударған. Ал, жұмбақ айтысы дегенде, автор жастар бас қосқан жердегі көбірек айтылатын ойын-күлкі сөзі - жұмбақ айтысу екендігін; жұмбақ айтысу хат, жазу білмеген көшпелі елдің жастарының, балаларының жас басынан өз әлінше зейіндерін тапқыштыққа үйретіп, тәрбиелейтін, тілін ұштайтын, сөзді үйлестіріп, ұйқастырып айтуға жаттықтыратын сабақ тәрізді екендігін паш етеді. Мәселен, айтыс турасында Сәкен Сейфуллин былай дейді: «Қазақ болған түркі-монғол руларының ескіден келе жатқан ауыз әдебиетінің бір саласы – айтыс сөздер. Ел әдебиетіндегі кезектесіп, екі жақ болып айтысқан сөздің бізге жеткенінің ескісі – «ау-жар», «бәдік», «жұмбақ айтысу» [129,130 б.]. Міне, мұндағы Сәкен Сейфуллиннің айтысты осылай жіктеуі қазақ фольклортану ғылымында құптарлық іс болып табылады. Ал, жұмбақ айтысында автор оның мынадай ерекшеліктеріне көңіл бөледі: «Мал баққан көшпелі елдің жұмбақ айтысу білмейтін жасы болмаған. Сөзді үйлестіріп, ұйқастырып, айтуда төселген жастар жұмбақты ойынан шығаратын болған. Жоғарыда айтылған белгілі тұрмысында, қиялында бар нәрсенің бәрін-ақ өзінше шеберлеп жұмбақ қылған. Жұмбақты, көбінесе өлшенген, ұйқастырылған, тақпақты сөзбен айтып шығаратын болған. Және қара өлеңнің өлшемімен ұйқастырылуымен де шығаратын болған»,- дейді [129, 131 б.].

Одан әрі кітапта жұмбақ жанры беріледі де, онда [129, 132-133 б.] 20 жұмбақ үлгісі жауабымен қоса алынған. Жаңылтпаш дегенде автор: жастардың, бала-шағаның жиналып ойын-күлкі дүкенін құрған орында тілді ұстарту, ойнақы, қырлы сөздерді қақпақылша атқылап, билеп, еркін сөйлеуге төселулері үшін, өз әлінше әдемі сабақ, тәжірибе қызметін атқаратын ойын түрінде жүретінін қарастырған [129, 133 б.].

Ал, кітап соңында С. Сейфуллин «Билер сөздеріне», яғни шешендік сөздерге тоқталады [129, 137-153 б.]. Мұнда: хандар, батырлар, билер, байлар табынан және олардың ықпалындағы елдің жаугершілік кезінде жастарға соларды үлгі қылатыны, ру болып басқа елмен жауласқанда, соғыс майданында жауды мұқататын батыр болғанын тілеп, жайшылықта үлгі қылатыны сөз болады. Сондай-ақ басқа елмен сөз сайысы жүргенде, тіл майданында бөтенге есе жібермеген шешен би болатыны; ондай билер, шешендер, және топта жыр жырлап, жұртты аузына қаратқан сыншы, болжаушы, шежіре жыраулар т.с.с. ел арасында қасиетті, өнерлі деп саналатыны Сәкен Сейфуллин тарапынан жан-жақты қарастырылады. Сондай-ақ Арғын руынан, Қуандық: Алтай – Байдалы би, Қыпшақ руынан Айтқожа шешен, Арғын: Алшынбай би, Арғын: Айдабол – Торайғыр би, Жалайыр руынан – Бөлтірік би, Үйсін: Төле би, Жарылғасын шешен, Қаратоқал, Беріш: Есет би, Жағалбайлы руынан батыр Боран би, Орманбет би, Шекті Мөңке би т.с.с. айтты деген сөздердің мәтіндерінен үзінділер келтірілген.

Бұл билер сөзі: ру атынан айтылатын, заңның төрелігін іздеп, заңға жүгінетін, тіл күшімен теңескенде заң ережелерін жұртқа жүйелі қылып жақсылап айта білетін шешен билер болатын. Тұрмыс тәжірибесінен екшеліп, ереже, заң болып шыққан қорытындыларды билер айырым-айырым қылып, жинақтап көркем сөзбен жатқа жеңіл, айтуға оңай, ыңғайлы қылып, ұйқастырып, үйлестіріп шығарады. Демек бұлардың тура үлгі-насихат, өнеге үшін қолданылатынын т.б. Сәкен Сейфуллин жан-жақты дұрыс сараптаған.

С. Сейфуллиннің жан-жақты қарастырған фольклор жанры – ол эпос: «...Ертедегі батырлар жырлары мен сол замандағы үстем таптың салт-санасы бойынша әйел-еркек байланысын, көшпелі тұрмысты толығырақ суреттейтін жырлы әңгімелер кірді»,-делінген [129, 41 б.]. Мұндағы С. Сейфуллиннің «жырлы әңгімелер» дегені («Қозы Көрпеш-Баян», «Қыз Жібек») қазақтың лиро-эпостық жырларын, яғни ғашықтық эпосты сөз етіп отырғаны белгілі. Ал, батырлар жыры қатарында: «Едіге батыр», «Алпамыс», «Шора батыр», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» т.б. үлгілері қарастырылған. Сәкен Сейфуллин ел аузындағы эпос үлгілерінің көп екендігіне назар аударып, олардың біразы баспа бетінде кітап болып шықты деуі – автордың бұл салада көп ізденгенін танытады. Ал, кітапта «Қозы Көрпеш- Баян» жыры тұсында В. В. Радлов, М. Ж. Көпеев, «Қамбар батыр» жыры тұсында Ә. Диваев есімдерін атауы С. Сейфуллиннің үлгіні қайдан алғанын көрсетуді мақсат еткенін дәлелдейді. Демек мұндай ғылыми шарттың орындалуы Сәкен Сейфуллин еңбегінің ұтымды жағы болады.

Батырлар жырын ұлы батыр әңгімесі мен кіші батырлар әңгімесі деп екі бөліп саралаған: «...Бүйтіп, батырлар әңгімелерін екіге жіктеуді қазақ әдебиетшілері орыс әдебиетшілерінен көрісіп айтып жүрген сияқты... Өйткені: орыстың ел әдебиетіндегі батырлар әңгімесін,- «Ұлы батырлар», «Кіші батырлар» деп, екіге жіктейтін»,-деген пікірден [129, 180 б.], біріншіден, фольклордың, көбінесе әдебиетшілер тарапынан қарастырылғанын; екіншіден, фольклорды зерттеу жұмыстары орыс ғалымдары еңбектеріне т.б. жалтақтау нәтижесінде іске асқандығын танытады. Сондай-ақ сол кездегі батырлар жырын Сәкен батырлар әңгімесі деп қабылдағанын көрсетеді. Ал, батырлар жырын дәл бұлай екіге бөлу үлгісі кезінде алғаш рет М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» кітабында (1928) іске асқаны белгілі. (Алматы:Ана тілі. 1991.-Б.57). Демек ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы фольклорды әрі жинауда, әрі жариялауда, әсіресе зерттеу барысында туындаған артықшылық пен кемшілік атаулылар тек бір ғана қазақ фольклортану ғылымына тән болып қана қоймай, сондай-ақ Кеңестік жүйедегі басқа да елдердің ғылымында қайталанатынын да т.б. ескерген жөн. Жалпы Мәскеу ғалымдарының фольклортану ғылымында жеткен жетістіктерінің, сөз жоқ, жаңа ғана қалыптасып келе жатқан қазақ фольклортану ғылымына игі ықпалы ерекше десек те, ал кейбір жіберген кемшіліктерінің кері әсері болғандығы да сөзсіз.

Сәкен Сейфуллин эпостық жырларды қарастырғанда, олардың бойынан тарих іздерін іздейді. Мәселен: «Ел аузында жыр болған, ертедегі батырлардың рулары айтылғандарының көбі қазіргі қазақ атанып отырған елдің белгілі негізгі руларынан шыққан. Мысалы: белгілі Қобыланды батыр – қазіргі қазақ атанып отырған елдің ірі руының бірі – Қыпшақ руынан шыққан. Атақты Шора батыр Нәрікұлі қазақтың белгілі Тама руынан шыққан. Ер Көкше, Ер Қосай-қазақ болған елдің белгілі Уақ деген руынан шыққан. Атақты Едіге батыр мен Алпамыс батыр - қазақ атанған елдің белгілі Қоңырат руынан шыққан. Міне, өзі Ноғайлы болып жүргендегі Ноғайлының батырлар жырына қазақ та ортақ. Оның үстіне сол ертедегі жыр болған батырлардың бірсыпырасы қазір қазақ болған рулардан шыққан болғандықтан да, оларды қазақ біздікі дей алады»,- дейді [129,155 б.]. Ендеше фольклорлық бейнелерге тарихи прототип іздеу арқылы, олардың қазақ еліне де ортақ екенін дәлелдеуге тырысуы- Сәкен Сейфуллин зерттеушілігінің бір қыры ғана. Және де сол кездегі эпостық жырларды зерттеушілерге де ортақ ерекшелік болды.

Одан әрі «Едіге батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Нәрікұлы Шора», «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр» т.б. жырларының қысқаша мазмұны мен сипаттамасы берілген.

«Едіге батыр» нұсқасы дегенде, Сәкен Сейфуллин оның басқа да түркі тілдес елдердің халық ауыз әдебиетінде кездесетінін; қазақ үлгісінің басқаларға қарағанда неғұрлым көлемдірек, толығырақ екенін ескертеді. Сондай-ақ жырда кездесетін бейнелер топтамасы сөз болғанда да т.б. оның бәрі де тап мүддесі тұрғысынан сипатталады.

Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин жырдың екі нұсқасы бар дей отырып, бірі – Ә. Диваевтікі, екіншісі – Қаныштікі десе, олардың ішінен осы Қаныш нұсқасы ең толығы дейді. Одан әрі Сәкен Сейфуллин батырлар жыры туралы былай дейді: «Әңгіме неғұрлым ескі-шикі надан заманда шыққан болса, соғұрлым оның шындыққа үйлеспейтін жайттары көп болады деген...»,- дейді [129, 183 б.]. Демек Сәкен Сейфуллин сол заманда батырлар жырын әңгіме ұғымында қабылдаған, және ондағы тарихи шындық пен көркем қиялдың шығу себептерін дұрыс анықтаған.

Сәкен Сейфуллинді жырдың көркемдік жағы да қызықтырған тәрізді: «Сөйткенмен әңгіменің тілі бай. Сөз жүйелері әдемі құрылған. Жырлары тізбектелген, жүгірген, екпінді жыр өлшемімен құрылған. Жырын оқығанда - қиялына ескіліктегі шабыншылық-жаугершілік дәуірлердің шабысқан екпінді сейілгендей болып отырады. Бұл батырлар жырларының жалпы сарын күйі. Жырларының ішінде әдемі-сұлу құрылған суретті кезектері де бар»,- дейді [129, 186 б.]. Бұл ғалымның фольклорды сөз өнері деп бағалағанын көрсетеді.

«Қобыланды батыр» жырын талдау барысында да, Сәкен Сейфуллин оның тарихта болған адам екенін дәлелдеуге тырысады: Қобыланды батыр тарихта болған адам. Орынбор архив комиссиясының мағлұматы бойынша Елек қорғаннан Ойылға қарай жүретін қара жолдың үстінде «Қобыланды» деген бекет бар. Соның жанында «Қобыландының бекеті» деген бейіт бар дейді,- деген ой-пікірін келтіреді [129, 189 б.].

Міне, осы тұрғыда әдеби талдаулар: «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Нәрікұлы Шора», «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Көкше», «Ер Қосай» жырлары турасында да жасалған. Одан әрі Сәкен Сейфуллин осы жырлар бойында кездесетін ортақ ерекшеліктерді тізбектейді, яғни оған бұлардың бәрінде дерлік Орманбет, Бабай түкті шашты Әзіз, Қаныкей мен Тынікей, Қараман тәрізді есімдер кездесетіні айтылса, сондай-ақ батырлар астындағы аттың, көбінесе қара қасқа болатыны да т.с.с. көрсетілген.

Еңбекте одан әрі «Қозы Көрпеш-Баян» мен «Қыз Жібек» жырлары арнайы сөз болады. Тек бұл лиро-эпикалық, яғни ғашықтық жырларды ғалым «жырлы әңгіме» ұғымында талдайды. Алдымен жырлардың қысқаша мазмұны берілген де, ізінше мәтініннің таптық тұрғыда талдауы жүзеге асып отырған [129, 220-234 б.].

Мұнда Сәкен Сейфуллин «Қозы Көрпеш-Баян» жырының қазақ атаулы елден басқа да түрік елдерінің ел әдебиетінде кездесетінін ескертеді. Бұл нұсқа ерекшелігі басқа елдің үлгілерінен көлемінің толықтығы мен өлеңмен айтылатындығында деп көрсетілген. Сондай-ақ автор мәтіндегі өлең жолдарындағы сөз құрылымы, сөз тізімі, сарыны т.б. үлгінің ескі заманнан келе жатқанын дәлелдейтінін дұрыс анықтаған. Міне, осындай ғашықтық жырларға ғалым мынадай анықтама береді: «Көбінесе батырлықты суреттеген батырлар әңгімелеріндей емес. Мұндай әңгімелер сол замандағы әйел-еркек, қыз бен жігіт араларында көбірек айтылған. Қыз бен жігіттің бірін-бірі іздеп тауып, бір-біріне ынтық болып, талай бөгеттерден, талай қиындықпен өтіп, қосылып, айырылып, және қосылып жүргендеріндегі уақиғалар, және сол замандағы жұртты қызықтырған байлар тұрмысын суреттеген әңгімелер»,- дейді [129, 224 б.].

Демек Сәкен Сейфуллин батырлар жыры мен ғашықтық жырларды өзара салыстыра отырып, олардың басты ерекшелігі – тақырыбында, яғни бірінде батырлар жырында ел қорғау, жер қорғау, батырлықты дәріптеу болса, ал ғашықтық жырларда- қыз бен жігіт арасында туындаған махаббат мәселесі екенін дұрыс анықтауы, сөз жоқ, сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымының жеткен жетістігі болады.

Сондай-ақ «Қыз Жібек» жыры да осы үлгіде талданады: «Хандар, билер, байлар, батырлар үстемдігі жүрген заманда, жаугершілік, жауынгершілік, шабыншылық кездерінде тұрмыстың алдыңғы қатарында, темір құрсанып ақ алмасын ысқыртқан батырлар шықса, шабыншылықтан саябырлау кездерде ел арасында қыз іздеп жүріп, қылышын қарқылдатқан бай балалары тұрмыстың алдыңғы қатарында көрінген»,- дейді [129, 231 б.]. Міне, осы арқылы Сәкен Сейфуллин ел арасында әрі батырлық жырлардың, әрі ғашықтық жырлардың шығу себептерін дұрыс ажыратқан.

Сөз соңында, белгілі ақын, жазушы, әрі фольклортанушы ғалым С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» атты кітабының (1932 ж.) қазақ фольклортану ғылымының біртұтас жүйеге келтірілмеген заманында алғашқылардың бірі болып фольклор жөніндегі күрделі ізденістерді әрі тарихи, әрі әдеби жағынан қарастырып, бір жүйеге келтіруге тырысқан еңбектердің бірі екендігі күмәнсыз. Ендеше ХХ ғасырдың отызыншы жылдардағы қазақ фольклортану ғылымының негізін қамтуда С. Сейфуллин еңбегінің өзіндік орны елеулі екені даусыз.

Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ фольклорын іштей сала-салаға бөле отырып, жанрлық ерекшеліктеріне қарай тұңғыш зерттеу істері осы М. Әуезов, Х. Досмұхамедұлы, С. Сейфуллиндер тарапынан жазылған монографиялық еңбектерде (Әдебиет тарихы. 1927; Қазақ халық әдебиеті. 1928; Қазақ әдебиеті. 1932) алғаш сөз болады. Бұл еңбектерде халық ауыз әдебиетін жанрға бөлу жөніндегі мәселені алғаш рет қазақ халқының тарихымен байланыстырды. Сондай-ақ сол тұста балаларға арналып жазылған оқулықтардың жетіспеуі де аталған кітаптардың мақсат-бағдарын айқындап бергені анық.

Аталған зерттеулерде алғаш рет қазақ фольклорының жанрлық түрлері толықтай ажыратылып, олардың әрқайсысына анықтамалар, сипаттамалар берілді, шамасынша өзіндік ерекшеліктері де сөз болды. Бұларда берілген фольклорлық мәтіндер, негізінен, әдебиеттану ғылымы талабы бойынша қарастырылды. Талдау барысында мәтіннің мазмұнына, кейіпкерлеріне, оқиғасына, көркемдік ерекшеліктеріне назар аударылды. Әсіресе, эпостық жырлар сөз болғанда, көбінесе олардың бойынан жер-су, қала аттарын, тарихи кейіпкерлерді, тарихи оқиғалардың іздерін жалпы тарихтан іздестіру басым болды. Демек бұл еңбектерде орыс тарихи мектебінің әсері басым болғаны анықталады. Ал, бұлай фольклордан тарихи оқиғаның ізін іздеу дұрыс еместігі, тек оның іздері тарихи жырда ғана сақталатыны кейінгі зерттеулерде ғана айқындалатыны белгілі.

Сондай-ақ бұл еңбектерде қазақ фольклортану ғылымы алдында тұрған басты мақсат пен міндеттері айқындалып беріледі. Сонымен қатар фольклор үлгілерінің өмір сүру жағдайына да мән беріліп, оларды орындаушыларға да тұңғыш рет арнайы тоқталады. Дегенмен ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы еңбектерде фольклорды таптық тұрғыда қарастыру да белең алғандығы белгілі. Жалпы бұл монографиялық еңбектерде фольклорды қазақ әдебиетінің бір ажырамас бөлімі ретінде қарастыру басым болды, фольклорды, көбінесе сөз өнері деп бағалады.


3.3 Ұжымдық еңбектер

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымы дегенде, 1948 жылы Алматыда Қазақ ССР Ғылым академиясы баспаханасында жарық көрген Тіл және әдебиет институты даярлаған «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1 том, Фольклор) атты ұжымдық еңбекке [130] алдымен назар аудартқымыз келеді.


«Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы отызыншы-қырқыншы жылдарда халық ауыз әдебиетін жинау, зерттеу саласында істелген жұмыстардың қорытындысы есепті болды. Бұл еңбек осыған дейін жазылған жеке зерттеулерді жинақтай отырып, халық ауыз әдебиетінің көптеген мәселелерін көтеріп, тың пікірлер айтты. Мәселен, бұл кітапта жаңадан историографиялық бөлім жазылды. Көптеген тарауларға библиографиялық көрсеткіштер берілді. Онда маңызды деген қолжазбалар, зерттеу еңбектер пайдаланылды. Атап айтқанда, Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл мен әдебиет институтының қолжазба фондысы барынша қамтылды.

Авторлар коллективі бұрын жазылған зерттеу еңбектердің кем-кетігін еркін түрде еске алып, белгілі бір жырдың нұсқаларына сипаттама беріп (батырлар жыры, тұрмыс-салт жырлары жайындағы тараулар), халық ауыз әдебиетінің әрбір жанрындағы шығармалардың тақырыбын, кейіпкерлер тобын белгілеп, басты-басты образдарына талдау жасаған. Кітаптағы тұрмыс-салт жырлары, ертегілер, айтыс (М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаев) жұмбақтар (Ә. Марғұлан), кеңес фольклоры (Е. Ысмайылов) атты тараулар жаңадан зерттеу нәтижелері еді. Ал, шешендік сөздер (Ә. Мәметова) мен қазақтың халық ауыз әдебиетіне қысқаша историографиялық шолу деген бөлімдер жаңадан жазылды.

Жалпы көлемі 400 беттен тұратын қазақ фольклоры жөніндегі ғылыми еңбек іштей 8 жанрға бөлініп жіктелген. Тұрмыс-салт өлеңдерін, Абылай, Сырым туралы тарихи жырларды белгілі ғалым Б. Кенжебаев әзірлесе; ертегілерді, «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларын, айтысты және осы томның жалпы редакциясын басқарған Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі М. Әуезов жазған. Сонымен қатар: батырлар жырын белгілі ғалым Қ. Жұмалиев жазса; «Айман-Шолпан», «Наурызбай-Қаншайым» жырларын белгілі ғалым Ә. Қоңыратбаев талдаған. Шешендік сөздерді Ә. Мәметова; мақал-мәтелдерді де Б. Шалабаев; жұмбақты белгілі ғалым Ә. Марғұлан; өтірік өлеңдерді Б. Шалабаев қарастырған. Кенесары, Наурызбайды және қазақ совет фольклорын белгілі зерттеуші Е. Смаилов, Жанқожа, Бекет, Досан туралы ғалым Б. Шалабаев жазғаны белгілі.

Сөз басына келетін болсақ [130, 5-13 б.] мұнда қазақ халқының мәдениет тарихында әдебиеттану ғылымының тарихы қысқа екендігі ескеріле отырып, белгілі жетістіктер Қазан төңкерісінің жемісі ретінде қарастырылған. Ал, Қазан төңкерісіне дейін мардымды зерттеу мұраларының болмаған деуі т.б. – бәрі белгілі бір кезеңдегі ғылым өрісін танытарлық шектеу белгісі екені даусыз. Демек бұл кезде қазақ фольклорын зерттеушілер халықтық мұраны, көбінесе әдебиеттану ғылымы талабы бойынша қарастырған.

Кіріспеде Б. Кенжебаевтың фольклор туралы ой-пікірлер берілген: «Фольклор ағылшын сөзі. Оның дәл мағынасы – халық даналығы, халық білімі деген сөз, ауызша шығарылған асыл, аталы, көркем сөздер»,-дейді [130,14 б.].

Бұл іспетті анықтама кезінде 1941 жылы басылған «Қазақ әдебиеті» (Фольклор. Орта мектепке арналған оқу құралы. Құрастырушы. Қ. Жұмалиев пен Ә. Марғұлан.-Алматы. 1941.-159 б.) атты кітапта берілгені белгілі. Одан әрі ғалым фольклорды зерттейтін ғылым саласын фольклористика деп атап көрсеткен. Ғалым Бейсембай Кенжебаевтың фольклорды әдебиеттің бір саласы деп, сондықтан оны көркем әдебиет жүйесімен зерттеледі деуі қазақ фольклортану ғылымының балаңдығымен түсіндіріледі. Дегенмен ғалым фольклордың өзіндік ерешкшеліктерін де ажыратады: «Алдымен фольклор, көбінесе ерте замандарда жасалған әдебиет, сондықтан онда көркем өнердің бірқатар түрі араласып жатады. Синкретизм бар, яғни фольклорда көркем өнердің бірсыпыра түрінің өзі, элементі бірігіп қосылып, қатар жүреді. Онда сөзбен, жырмен қатар сахна-театр өнерінің, би өнерінің, әуез-музыка өнерінің белгісі, элементі қатар жүретін кездер болған. Қазақ халқының қыз ұзату, келін түсіру жөніндегі өлеңдері мен тақпақтары және айтыс, бәдік өлеңдері мен жырлары бұған толық дәлел бола алады»,- дейді [130, 14-15 б.]. Демек ғалымның халықтық шығармаларға фольклор ұғымын дұрыс қолдануы, оның синкретті жанрға жататынын дәл анықтауы – бәрі қазіргі таңда өз маңызын жойған жоқ.

Сондай-ақ ғалым Бейсембай Кенжебаев сол заманның өзінде фольклордың ауызша шығарылып, ауызша сақталатынын, оны жаттап айтатындар жыршы, ертекшілер екенін, олардың шеберліктері де әр түрлі болатынын, ал оның фольклорлық үлгінің бірнеше варианты болуына себепші екендігін т.б. бәрін жан-жақты талдаған. Және әлем халықтары фольклорында мотив, сюжет ұқсастықтары болады деуі ғалымның жан-жақты ізденгенін танытады. Ал, фольклорда сөз қисыны, өлең құрылысы қонымды, жатық келеді дей отырып, ғалым онда салыстырулар, теңеулер көркем, күшті болады дейді. Одан әрі ғалым фольклорды жинау, жариялау, зерттеу, әрі одан үйрену қажеттігіне көңіл бөлгізеді. Демек Бейсембай Кенжебаев фольклордың сөз өнері екенін дұрыс анықтаған. Сонымен қатар фольклор әр заманның айнасы, тілек-мақсатының құралы екенін де дұрыс байқаған.

Бейсембай Кенжебаев қазақ фольклортану ғылымының өзінен-өзі тумайтынын, дербес, оқшау өркендей қоймағандығын т.б. ескерте отырып, осы ғылымның қалыптасуына орыс халқы мәдениетінің зор әсері болғанына көңіл бөлгізеді.

Ал, Қазан төңкерісі қазақтың кеңестік социалистік мәдениетінің негізін қалады дей отырып, ғалым Б. Кенжебаев қазақ әдебиет тарихшылары да «ұлы революция» бағытындағы ғылымды жасауда біраз жұмыстар атқарғанын жазады. Бұл бағытты іске асыру жолында туындаған олқылықтар, жетіспеген шалалықтар, зиянды теріс саяси бағыттар өз әсерін тигізгенмен, ғалым жалпы қазақ әдебиет тарихы ғылымдық қалыптану жағынан қарағанда, орыс мәдениетінің ғылымдық әдебиет тарихын жасау тәжірибесінен үлгі алып, үйреніп өскенін діттеген.

Бұл кезде қазақ фольклортану ғылымында методологиялық негіз ретінде марксизм-ленинизм ілімі алынды. Фольклорды тек таптық тұрғыда қарастыру, буржуазиялық ғалымдар әдістерінің тек қателіктерін сараптау, фольклористиканың басты міндеті фольклорды тап тартысы құралы ретінде зерттеу екендігі т.с.с. сол тұстағы коммунистік партия үстемдігімен, кезең ерекшелігімен түсіндіріледі. Осы орайда еңбектің кіріспесінде фольклорға қатысты терминдердің, олардың өзіндік ерекшеліктерін т.с.с. жан-жақты саралауы, оның туу себептерін түсіндіруі т.с.с. бәрі де сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымының жеткен жетістігі екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар Кеңестік жүйедегі ғалымдар фольклорды әр замандағы, әр кездегі тап тартысының әрі айнасы, әрі мықты құралы ретінде қарастырды. Фольклорға әр заманның жыршысы, ертекшісі, ақыны т.б. өз табының көзқарасын енгізіп отыратыны сөз болады. Фольклорды әр заманда әр тап өзіне құрал етуге тырысатыны, сол арқылы халыққа өзінің салт-санасын жайып, ықпал үстемдігін жүргізіп отыруға әрекеттенетіні – бәрі сөз болды. Одан әрі қазақ фольклорын жазып алу, жинау, зерттеу тарихы ХІХ ғасырдың орта кезінен басталады дей отырып, ол кезде Россияның қазақ даласын өзіне отар ел есебінде қосып алуды аяқтағанын да сөз етіпті. Сондай-ақ қазақ даласының табиғатын, байлығын, қазақ халқының тарихын, шаруашылық, әлеуметтік тұрмысын, тілін тексеруге т.б. түрлі экспедициялар, талай жиһанкездер, ғалымдар т.б. ат салысқаны; жер-жерде Россияның географиялық қоғамдары ұйымдастырылғаны, ол қоғамдар түрлі газет, журнал, жинақ шығарып тұрғаны; сол басылымдарда ғалымдардың өздерінің жинаған, тапқан, жазған материалдарын жариялап отырғаны т.с.с. бәрі шолу түрінде сипатталады [130, 23-24 б.].

Ал, қазақ фольклорын әрі жинап, әрі жариялап, әрі зерттеген белгілі ғалымдар ретінде Ш. Ш. Уәлиханов есімі аталғанда: туған жылы, ортасы мектепте қалай дәріс алғаны, ол жөнінде орыс жолдастарының пікірі, қазақтың ескі мұраларын жинаумен, жазумен шұғылданғанда кімнен жинағаны көрсетіледі. Олардың өз кезегінде орыс тіліне аударылуы, кіммен хат алысқаны, қай жерлерге саяхат жасағаны, жинаған фольклор үлгілерінің көбі жоғалып кеткені, бізге қандай еңбектер жеткені, қырғыз жыры «Манасты» зерттеуі т.с.с.- бәрі де Ш. Ш. Уәлихановтың фольклортанушылық қызметінен құнды ақпарат береді [130, 24-26 б.].

Академик В. В. Радлов есімі аталғанда, еңбекте ол шығысты зерттеуші ғалым, түрік тілдері мен түрік әдебиетінің маманы ретінде дәріптеледі [130, 26-28 б.]. Сондай-ақ ғалымның: ондаған жылдар бойы Сібірге, Алтайға, Орта Азияға экспедициямен шыққаны; ол жерлердің этнографиясын, антропологиясын, археологиясын, фольклорын зерттегені сөз болады. Осының негізінде өзінің әйгілі «Түрік рулары ауыз әдебиетінің нұсқалары» аталатын үлкен-үлкен он бір том тұратын кітаптарын шығарғаны; жинақтың түгелдей үшінші томы тек қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқаларын құрайтыны жазылған. Сондай-ақ бұл жинақта қазақ фольклорының барлық жанрлары қамтылғаны, халық жырлары бөліміне – ескі өлеңдер, бата, қыз тойы үстінде айтылатын өлеңдер, жоқтаулар, айтыс, бақсылар сарыны, батырлар жыры, тарихи жырлар, ертектер енсе; кітап сөздері бөліміне – дастандар, аңыз әңгімелер, діни ғұрып-әдет өлеңдері т.б. кірістірілгені назар аудартады. Ал, айтыс бөліміне – 5 нұсқа, батырлар жыры бөліміне – 4 нұсқа, тарихы жырлар бөліміне- 2 нұсқа т.с.с. қамтылғаны – бәрі де ғалым В. В. Радлов жинағының маңызын арттыратыны сөзсіз.

Сондай-ақ белгілі ғалымдар: Г. Потанин [130, 28-29 б.], Ә. Диваев [130, 29-30 б.], Мәшһүр Жүсіп Көпеев [130, 30 б.] еңбектері сөз болғанда, көбінесе олардың қазақ фольклорын жинаудағы, жариялаудағы, зерттеудегі фольклортанушылық қызметтеріне көңіл аудартады. Демек қазақ фольклортану ғылымы негізін қалауда аталған ғалымдар еңбектері зор екені біраз қамтылған.

Кітаптағы материалдар халық ауыз әдебиетінің жанрлық принципі бойынша құрастырылып, жанрлардың шығу мерзімімен байланысты (әдет-ғұрып өлеңдері, ертегілер, эпос, айтыс, тарихи жырлар) ретімен берілген. Демек жанрларды шығу мерзіміне қарай қарастыру үлгісі тұңғыш рет осы еңбекте іске асуы, сөз жоқ, қазақ фольклортану ғылымының жеткен жетістігі болды. Кітаптың соңғы тарауы кеңес фольклорына арналған. Ал, С. Сейфуллиннің халық ауыз әдебиетіне арналған кітабында мұндай тарау атымен жоқ.

Демек Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқының «әдебиет өрнектерін» жинауда, оларды баспа жүзінде жариялауда, онан соң, ең алғаш ғылыми түсініктер беруде орыс ғалымдарымен қатар қазақ ғалымдары, немесе қазаққа қатысты тарих, тілді зерттеушілер: Ш. Уәлиханов, В. Радлов, Г. Потанин, Ә. Диваев, М. Ж. Көпеев т.б. еңбектерінің сарапталуы т.с.с. құптарлық іс. Бұлардың әрқайсысының қысқаша өмірбаяндық деректері, қазақ фольклорын жинаудағы, жариялаудағы, зерттеудегі еңбектері т.б. бәрі алғаш историография деп қарастырылды.

Кітапта салтпен байланысты өлеңдерді, яғни тұрмыс-салт жырларды [130, 35-57 б.] фольклордың ұсақ түрлері дей отырып, Б. Кенжебаев оны іштей төртке жіктеді. 1) мал шаруашылық туралы өлеңдер; 2) дін салт өлеңдері (наурыз, бақсы сарыны, бәдік, арбау, жалбарыну, жарапазан); 3) үйлену салт өлеңдері (әдет, салт, тойбастар, жар-жар, сыңсу-жұбату, бет ашар); 4) мұң, шер өлеңдері (қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау) т.б.

Міне, мұндағы дін салты өлеңдері, үйлену салт өлеңдері, мұң-шер өлеңдері алғаш рет М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927) кітабында қарастырылса, ал мал шаруашылық туралы өлеңдер С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932) кітабында тұңғыз сөз болғаны белгілі. Ендеше фольклордың осы тұрмыс-салт жырларын жазу барысында Б. Кенжебаев аталған еңбектерді қарастырған. Сөйтіп, ғалым Б. Кенжебаев жоғарыдағы М. Әуезов пен С. Сейфуллин еңбектерінің ұтымды жақтарын ала отырып, бірін-бірі толықтыру мақсатында біріктірген тәрізді.

Салт өлеңдері дегенде зерттеуші: а) мұнда әңгімеге, оқиғаға өріс ашар ұзақ сөздер болмайды десе; ә) арнаулы бір салттың шартын орындау ретінде ғана айтылатынын, оның кез-келген елдің фольклорында болатынын т.б. сөз етеді. Ал, дін салтынан туған өлеңдерде тек үстем ортаның, дін басылардың халық санасына таратып сіңіретін ұғым, нанымдары, дін нанымдары т.б. орын алған дегенге келтіреді.

Міне, осы тұста Бейсембай Кенжебаев салт өлеңдеріне мынадай анықтама береді: «Бұның көбі арнаулы салтты орындау ретінде айтылатын фольклор үлгілері болады. Салттардың бірі шаруа кәсіпті айтса, бірі діндік нанымды айтса, бірі қуаныш, сауық кездерінде айтылады. Тағы біреулері қайғы, қаза, мұң-уайым үстінде айтылады»,- дейді [130, 35 б.]. Демек ғалымның тұрмыс-салт жырларына берген сипаттама түріндегі анықтамасы да, оларды іштей жіктеу үлгісі де қазіргі таңда өз маңызын жоймай келгені т.б. зерттеушінің мақсат-бағдарының дұрыстығын дәлелдейді. Ал, Бейсембай Кенжебаевтың мына бір ой-пікірлері: «Қазақ қызының бұрынғы теңсіз тірлікте үй ішінде, қоғам ортасында мал есепті қорлықта болғанын білдіретін «сыңсу» өлең көп зарды танытады. Немесе бұрынғы ақсақалдық, рушылдық салттары әйелге міндетті шарт ететін «жоқтау» сияқты өлеңдерден көп замандардың көп ауыр шындықтарын, жас әйел жүрегіндегі қалың тұман қайғы-шерді тануға болады»,- дегені [130, 35 б.], оның тұрмыс-салт жырларының қоғамдық мәнін ашып айтуда тек таптық тұрғыда келгенін анықтайды.

Мал, шаруашылық туралы өлеңдерге ғалым мынадай түсініктеме – анықтама береді: «Ерте заманда қазақ халқының негізгі кәсібі мал өсіру болды. Ол талай ғасыр бойы мал бағып, сол малдың жүн, терісін киім-кешек, керек-жарақ етіп, етін, сүтін ауқат, тамақ етіп, өзін күш-көлік етіп күн көрді. Мал қазақ халқының тіршілік тірегі болды.

Бұған қосымша қазақ халқы ерте уақытта аң аулаған. Аңды ол ермек, қызық үшін ауламай, тірлік үшін аулаған. Сондықтан қазақтың ертедегі ауыз әдебиетіндегі мал, аң, құс туралы өлең, жырларды халықтың шаруашылығы туралы өлең, жырлар деуге болады»,- дейді [130, 36 б.]. Және олардың жаратушысы, тәңірі, иесі, пірі болады деп, оларды Қамбар ата, Зеңгі баба, Шопан ата, Ойсыл қара, Сексек ата деп дұрыс анықтаған.

Мал шаруашылық туралы өлеңдер дегенде: «Өзінің тірлік серігі мал жөніндегі өлеңдерінде бақташы адам өз мұңын малға мұңдатады. Өзінің аталық-аналық мейірімін мал тілімен айтқызады, өмір тартысындағы төзімділіктің қажетін де әр малдың анық еңбекшіге сүйенетінін мал тілімен аңғартады»,- делінген [130, 37 б.] пікірлер де орын алған.

Бұлар, көбінесе сипаттау үлгісінде жазылып, мәтіндерден азды-көпті үзінділер дерек көзі ретінде берілген. Жалпы мұнда мал туралы өлең, жырларға қатысты берілген сипаттаулар дұрыс қамтылған. Мәселен: «Қазақ халқы жалпы мал атаулыны қадірлеген. Оның үстіне төрт түлік малдың қай-қайсысының болсын, кейбір түсін өте-мөте қадірлеген. Мысалы: жылқыны қылаң, боз, шұбар, сары түсін, түйенің ақ, боз, ақсары түсін, қойдың бозқасқа түсін қасиетті деп білген», -деген тәрізді ой- пікірлер бар [128, 38 б.].

Дін салт өлеңдері дегенде ғалым: қазақтың ертеден келе жатқан халық ауыз әдебиетіндегі салт өлең-жырларының бірсыпырасы халықтың дін салты, әдет-ғұрпы жайында десе, қазақтың ертеде шаман дінінде болғаны; шаман діні бойынша адам бір жағынан табиғатқа, табиғат көріністеріне; көкке, айға, күнге, жұлдызға, отқа; екінші жағынан, аруаққа, көк тәңірге, иеге бағынғаны т.с.с. сөз болады [130, 39-40 б.].

Мәселен: «Тәңірі», «Көк тәңірі» аспан құдайының аты болған. Бұрынғы адамдар жақсылық-жамандық, адам дерті, мал індеті, алғыс-қарғыс, ырыс, сор, берекелі-берекесіздік тәңірден болады деп білген»,- деген тәрізді [130, 39 б.] ғалым сипаттаулары ғылыми сипатын әлі жойған жоқ. Ал, бұл дін салты өлеңдеріне Бейсембай Кенжебаев дұрыс анықтама берген: «Қазақтың ертеден келе жатқан ауыз әдебиетіндегі салт өлең, жырларының бірсыпырасы халықтың дін салты, дін ғұрып-әдеттері жайында. Наурыз туралы жырлар, бақсы сарындары, түрлі бата, жалбарынулар, жарамазан жырлары, бәдік айту, арбау, дұға оқу, тағысын-тағылар осы дін салты жайындағы өлең, жырлар болады»,- дейді [130, 39 б.].

Міне, мұнда дін салт өлеңдерінің іштей бөліну классификациясы қазіргі таңда да осы бірізділікті сақтайды, тек мұндағы наурыз туралы жырлар қазір дін салты емес, ұлыс жыры боп өз алдына жеке қарастырылады.

Наурыз жырларына келгенде ғалым: оның марттың 22-і күні болатынын; сол күні күн мен түннің теңеліп, қыс қаһары қайтып, жаз лебі сезілетінін; төрт түлік мал төлдеп, ақ шығып халық тойына бастайтынын; осы күнді жаңа жылдың басы, алғашқы күні деп есептегенін; оны халықтың «ұлыстың ұлы күні» деп атап, үлкен мейрам етіп өткізіп келгенін; ұлыстың ұлы күні не істелсе, барлығы да арнаулы өлеңмен, жыр, тақпақ, мақал үлгісімен айтылатын арнаулы тілекпен, ерекше ырыммен істелгенін; бұл күнде ерекше амандасу, ерекше көрісу, ерекше бата беру әдет болғанын т.с.с. сөз етеді [130, 41-42 б.]. Міне, мұнда берілген анықтамалар да, сипаттаулар да ғылыми талапқа сай жазылған, яғни жанрлық ерекшеліктері ескерілген.

Фольклордың келесі жанры бақсы сарынына келгенде, ғалым ол турасында мынадай сипаттама береді: «Монғол тілінде бақсы – оқытушы, ұстаз деген сөз. Былай болатын реті бар. Өйткені, шаман дінінде бақсы оқытушы, ұстаз қызметін атқарған. Шаман діні бойынша бақсы тәңірдің сүйетін, жарылқайтын, аруақтың жарататын, қолдайтын адамы. Ол әрі жыршы, әрі күйші, ол әрі дәрігер, әрі сәуегей. Қысқасы, шаманистердің нануы бойынша оның білмейтіні ( оның қолынан келмейтіні) жоқ - деген наным болған»,- дейді [130, 42 б.]. Сөйтіп, ғалым фольклорда кездесетін бақсы бейнесін жан-жақты дұрыс талдаған. Сондай-ақ зерттеуші сарын айтуда бақсы өзінің жынын айтып шақырады, және әр бақсының өз жыр жыны бар дегенді айтады. Сонымен қатар бақсы сарынында сөз екпінді, көптірме келеді десе, оның сөздерінің ішкі мәні, сөз шумақтары бір-біріне үйлесіп, тығыз байланысып отырмайтыны сөз болған. Сөйтіп, ғалым бақсы сарынының өзіндік ерекшеліктерін де дұрыс байқаған.

Фольклордың келесі жанрлары бәдік, арбау сөз болғанда [130, 43-44 б.], қазақ халқының ерте заманда ескі дін бойынша әрбір жан-жануардың әр түрлі жақсылық-жамандықтың «иесі бар» деп сенгені айтылады. Ол «иелерді» қызыл тілмен алуан-алуан әсерлі, сырлы сөзбен көндіруге, зиянсыз етуге, мейірімді, пайдалы етуге болады деп халық сенген десе, ғалым бұлардың кейбіреуін ойын-күлкімен, әзіл, тәлкек сөзбен, кейбіреуін зеку, күш айту жөнімен, енді біреулерін жалыну, тілену жөнімен көндіруге болады деп те санау т.с.с. әдеттер болғанын дұрыс ескерген. Сондай-ақ ғалым бәдіктің ауру адамға, ауру малға арналатынын; кешке ауылдың қыз-келіншегі, бозбала жігіттері жиналып, ауруды ортаға ала отырып бәдікті айтатынын; бәдік өлеңнің адамның, малдың бойынан кеселді бездіру, көшіру, сөйтіп ауруды жазып алу мақсатында қолданатынын; арбау,оқу, байлау сөздер мен тақпақ өлеңдер адамды, малды- жылан, қарақұрт, шаян т.б. тәрізді улы жәндіктер шаққанда оқылатынын дұрыс ажыратқан. Міне, бұл бәдік арбауға қатысты жазылған сипаттамалардың ғылыми сипатқа сай келуі, яғни мәтіннің қай кезде, не үшін, не мақсатта және қалай орындалатыны нақты көрсетілуі – бәрі де еңбек маңыздылығын арттыратыны сөзсіз.

Салт бойынша жарапазан ораза айында түнде айтылатынын; оны не әуесқой жастар, не арнаулы жарапазаншылар ел қыдырып, әр үйдің тұсына келіп орындайтынын; жарапазан айту салты қазақ арасына Ислам дінімен, мұсылманшылдықпен бірге таралғанын; Ислам дінін, мұсылмандықты дәріптейтін, діншіл мазмұнды мақтау өлең екендігін т.б. дұрыс баяндаған [130, 44 б.] ғалым Бейсембай Кенжебаев ой-пікірлері де қазірде өз маңызын жойған жоқ. Одан әрі үйлену салт өлеңдерін іштей ғалым: жар-жар, сыңсу, жұбату, бет ашар деп дұрыс бөлді. Қазақтың ертедегі халық ауыз әдебиетінде тұрмыс-салтынан туған ұсақ өлең-жырлары болғаны анық [130, 44-50 б.].

Қыз ұзату тойында тойбастар айтылса, әдетте оны жыршы-ақын, ең болмаса өлеңге аузының ебі бар кісі айтатынын, жиналған көптің атынан құттықтау іске асатынын, той иесінің қуанышын көтермелеп, тойдың тойға ұласуын тілейтінін т.б. бәрін ғалым дұрыс байқаған [130, 45-46 б.].

Қыз ұзату тойында, сонымен бірге жар-жардың айтылатыны анық [383, 46-47 б.]. Жар-жар екі жақтың айтысына құралатынын, бір жағы күйеу, екінші жағы қалыңдық, не бір жағы еркек тобы, екінші жағы әйел тобы болып айтысатынын, қыз жағы, көбінесе арман, күдік, мұң қозғайтынын да ғалым дұрыс белгілеген.

Қыз тойында, сондай-ақ қыз танысу, сыңсу, жұбату өлеңдері орындалады [130, 47-48 б.]. Мұны да дұрыс анықтаған ғалым сыңсуды қыздар тобы, не қалыңдық өзі әндетіп жылап айтады десе, онда қыздың кетерде ата-анасына, туған-туысқанына, жалпы ел-жұртына арнаған ақырғы сөзі, ақырғы зары, мұңы, арманы, ата-анасымен, ел жұртымен қоштасуы қамтылады дейді. Ал, керісінше, қыздың сыңсуына жауап ретінде ауылдың бір кісісі жұбату, үгіт-насихат қосатыны мәлім.

Беташарға келсек, ол келін түскенде айтылатын өсиет өлеңнен тұрады [130, 48-50 б.] дей отырып ғалым, онда: басы бос қыздың енді келін екені; жаңа қауымның есігін ашып, соның мүшесі болғаны; қауымның заңын, дәстүрін бұзбауы керектігі; үлкендердің алдында иіліп тәжім етуі, бұл қауымның заңдарына көну, бұл қауымның үлкен-кішісін құрметтеуді міндет, борыш тұту керектігі т.б. сөз болады. Бұл берілген анықтама түріндегі сипаттамалар да ғылыми сипатта жазылған. Сондай-ақ беташардың өзіндік ерекшеліктері де берілген. Мәселен, ғалым: «Беташар өлеңінде қайғы, шер, мұң, зар болмайды. Беташарда ескі қоғам заңдарын сол тұрған қалпын бұзбай сақтау жайын айтады. Бұрынғы ру басылар ақсақалдық жолды осындай жырлармен де заң етіп жастардың құлағына сіңірген. Өз жорасы мен жолына, жас буынның санасын осылайша бағындырып өсірген»,- дейді [130, 50 б.]. Демек ғалым фольклордың жастар тәрбиесінде үлгі-насихат, тәрбие көзі болғанын дұрыс мәлімдеген.

Кітапта одан әрі қазақ халқының ертеден келе жатқан тұрмыс-салт өлең-жырларының бір түрі – мұң, шер өлеңдерінің: қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау деп аталатын жанрлары қарастырылған [130, 50-57 б.]. Мұнда адамның жеке тірлігінде шаттық, ойын-күлкі қандай керек болса, күйік, қайғы-қасірет те дәл сондай орын алатыны; жеке адамға, жеке үй-ішіне, тіпті бүкіл бір ел-жұрттың басына түсетін күйік, қайғы-қасірет болатыны сөз болады. Бұрынғы салтта жер ауған, не өлім шағына жеткен адамдар артында қалып бара жатқан ата-анасымен, жанашыр адамдарымен дос-жаран, ел-жұртымен қоштасатыны; соларға өзінің ішіндегі күйік, арманын, ендігі тілегін, өсиетін, сәлемін айтатыны; кейін ол адамды артында қалған жақын, жанашыр адамдары, ел-жұрты жоқтатпайтыны т.б. бәрі де сипаттау, шолу түрінде дұрыс берілген.

Еңбекте фольклордың келесі жанры – ертегілер қарастырылған [130, 58-101 б.]. Оның фольклордың қара сөзбен айтылатын ерекше мол түрінің бірі, халықтың ауызша айтылатын көркем әңгімесі екендігі, ертегіні айтушыны ертекші дейтіні; «ерте, ерте, ертеде» деген тәрізді көпке ортақ, ерекше өлеңше бастауымен келетіні; ертегіні жұрт қолы боста, қыстың ұзақ кештерінде тыңдағыш болатыны; ертегінің фольклордың ішіндегі қоғамдық, тарихтық маңызы мол халық шығармасының бір түрі екендігі; ертегіні туғызатын халықтық өмір, тірлігі үшін әрекет етуін бейнелейтін өнімді ойы екендігі М. Әуезов тарапынан дұрыс қамтылған. Сонымен бірге ертегіде тегін жайдың айтылмайтыны, оның қоғамдық, өмірлік мағыналы сырларды танытатыны; еліміздің бұрынғы тарихынан, ежелгі қоғамдық тірлік шындығынан, халықтың арман, мүддесінен көп дерек беретіні, ертедегіден бай фольклор жоқтығы, бірақ бұл байлықты ғылым жолымен жинап, зерттеу ісінің аса кенже қалғаны; деректер жиналып болмай ғылымдық байлау, қорытынды жасау мүмкін еместігі; Қазан төңкерісіне дейінгі ертегілерді жинаушылардың ертегі мен өзге фольклор түрінің бәрін аралас жиғаны, оларды жіктемей әйтеуір тізе бергені т.с.с. баяндалып, бәрі де ғалым М. Әуезов тарапынан ғылыми сипаттама тұрғысынан біршама сараланған.

Сондай-ақ ел ішінде хат білген оқыған адмдардың да бұл іске араласып, ертегінің көбін өз бетінше не әңгіме етіп, не өлең-жырға айналдырып жазғаны; ертегіні жинап, әрі зерттеудегі негізгі шарты қара сөз күйіндегі мәтінді әр айтушының өз сөздерімен ауыстырмай, айнытпай, өзгертпей қағаз бетіне түсіру қажеттігі мәселесі көтерілуі т.б. сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымының фольклорды жинауға қойылатын әлемдік талаптарды орындай бастағанын айқындайды. Ал, бұл өз кезегінде жеке өлең айтушы ақын, жыршы болсын, олардың өзіндік нақышын, машығын, тіл өнерін, сөз өрнегін бағамдауға, әрі көпшілік болып айтылып келген үлгінің толығырақ сақталып жетуіне ықпал еткені анық. Сонымен қатар фольклорды айтушыға ерекше көңіл бөлу қажеттігі; оның өмірбаяны, кәсіп, тұрмыс-салты, ұғым-нанымы, білімі, жеке орындаушылық стиль өзгешелігі жиналып ескерілуі қажеттігі т.б. бәрі де М. Әуезов пікірінше ертегі жанрын зерттеп, талдап ұғынудың ең зор міндеті.

Демек ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымында қазақ тілінде жиналған ертегілердің көбінде ертекші орны еленбей, ескерілмей келуі, сол себепті ертегінің мазмұнына, әңгімесіне ғана қарап, тіл, түр өзгешелігінің көбін елемеушілік орын алғаны, ертегіні хатқа түсірушілердің ертекшіден ауызба-ауыз жазып алмауы т.с.с. тәрізді келеңсіздік, олқылықтардың орнын жою қажеттілігі мәселесі көтерілгені белгілі. Еңбекте М. Әуезов ғылымдық жолмен сөзбе-сөз жазып алу үлгісі ретінде белгілі ғалым В. Радловтың жинау тәсілі ұсынылып, ал ғалым Г. Потанин жинаған ертегілерінің айтушыларының аттары түгелге жуық аталып, мәтін паспорты толық толтырылса да, мәтіннің тек орыс тілінде ғана аудармасы сақталып, ертекшінің өз тілінде айтқан үлгі өрнегінің аудармада білінбей, бұлдыр қалғанын қынжыла ескертуін де орынды деп білеміз.

Сондай-ақ бір елдің фольклорлық мұраларын өзге елдің фольклорымен салыстырып тексергенде, көп ұқсастықтар туатынына; оның тек тілдері жақын, тарихы аралас, тегі бір елдер фольклорында ғана болмайтынына; сонымен қатар шаруашылық, қоғамдық, салт-саналық жағдайлары бір дәрежеде болғанда да үйлес, үндес шығармалар туатынына; фольклор мотивтерінің бір елден екінші елге қыдырып келіп, тарауы орын алатынына М. Әуезов дұрыс көңіл бөлген.

Сонымен қатар фольклорды жіктеуде ғалым М.Әуезов дүние жүзінің фольклористері қолданып отырған бір классификацияны фин фольклортанушысы Антти Аарне жасағанын; бұл сияқты ғылымдық әдіс, ертегіні салыстырып тексеру, талдау жөніндегі өнімді әдіс- әлемдік фольклортану ғылымына ортақ әдіс болып табылатынын; бұл әдістің елеулі кемшіліктері де бар екендігін, әсіресе, ертегі сюжеттерін белгілі жанрларға қосудың даулы пікірлер туғызатынын; сюжет мотивтерінің тек құрылыс ұқсастығы, сыртқы пішіні ғана ескеріліп, ал ішкі мазмұнына бойламау, баға бермеу жағы болатынын дұрыс ескерткен. Бұл қазақ фольклористикасы үшін бірінші рет айтылған үлкен жаңалық болды.

Сондай-ақ қазақ фольклортану ғылымында бұл әдістің тек техникалық жақтары ғана мақұлданатыны; қазақ ертегілерінің ол дәуірде көбі жиналып жазылмағандықтан, бұл әдістің қолданылмай келгені де т.б. сөзге тиек етілді.

Қазақ фольклортану ғылымында қазақ ертегілерін іштей үш жанрға жіктеу дұрыс болған. Бұл ХХ ғасырдың бірінші жартысында осы еңбектен бастау алады. Ал, әр жанрдың өзіндік атауына келгенде түрлі дау туғаны анық. Мәселен, қиял-ғажайып, хайуанаттар жайлы ертегілерді талдау әлі де сол қалпында өзгеріссіз келе жатқанымен, еңбектегі «шыншыл ертегілер» деп талдаулары қазір қате саналып, оны «тұрмыс-салт ертегілер» деп талдау орныққаны т.б. белгілі.

Қиял-ғажайып ертегілер баяғы заманнан келе жатқан көне болғандықтан да, көп дәуірді көміп өткендіктен, аса көп өзгеріс көрген ертегілер екендігі, ерте күндегі қалпын бұзып, қоспалар жамауларды көп қабылдаған, өзі тектес өзге ертегілермен қосылып, араласып өзгеріске мол ұшырағандығы, бұл ертегілердің айтылуында да әдетінше өзінше басталу, аяқталу болатыны т.б. бәрі М. Әуезов тарапынан дұрыс талданған [130, 64-70 б.].

Сондай-ақ бұл ертегілердегі аңшы, мергендер, ер, батырлар жайындағы т.с.с. ғажайып бейнелермен бірге ондағы мифологиялық образдар да М. Әуезов тарапынан әрі әдебиеттану, әрі фольклортану тұрғысынан жан-жақты талдауға түсті. Мәселен, ғалым: «Қиял ертегілерінің адамға дос күштерін аңғарып қарасақ, онда да көп мағына, көп сыр бар. Жанды, жансыз жақсы заттың бәрі де адамзаттың алыстан келе жатқан асыл арманын танытады. Ертегінің ерін қиянға апаратын алып қара құс, өзі ұшатын кілем, тұлпар ат та қиял пырағы»,- деп дұрыс айқындаған [130, 68 б.].

Хайуанаттар жайындағы ертегілердің де көне заманнан келе жатқанын; ескі заманнан бері қарай адамдардың сол жануар дүниесімен әр кезеңде ойласу барысы арқылы олардың алуан-алуан жаратылысы, мерзім-машығы, тірлік- тәсілі, өзгешеліктері туралы көп нәрсені білу, тану жүргенін; мұнда мифтік, төтемдік наным бар екендігін; ертегілерде хайуандардың бір-бірімен тілдесуі, әңгімелесуі көп болатынын; олардың өз мінездеріне лайық әр алуан сөзі болатынын; мәселен, түлкілердің мәтелдеп, мақалдап сөйлейтінін т.с.с. бәрін М. Әуезов дұрыс талдаған. Мәселен, М. Әуезов: «Бұл ертегілер де секі заманнан келе жатқан ең көне түрдің бірі. Адамның өзінен өзге, жанды-жансыз дүниенің ішінде, ерте күннен ең көп араласатын ортасы осы жан-жануар, неше алуан дос-қас хайуанат ортасы»,- деп [130, 70-75 б.] дұрыс анықтама береді. Сондай-ақ ғалымды бұл ертегілер бойында кездесетін аңдар бейнесі де қызықтырған: «Киелі аңнан қазақ ертегісінде қасқырдан басқа да ерекше орын алғандар бар. Ол, көбінесе, құстан шығады. Аққу, байғыз, кептер, бүркіт болып келеді. Кейде киелі зат болып жылан жүреді. Солардан басқа адамның үй серігі- иттен, аттан да киелі күштер шығады»,- деген [130,72 б.] сипаттаулары да бар.

М. Әуезов тұрмыс-салт ертегілерін шыншыл ертегілер деп қарастырып, оған мынадай анықтама береді. «Шыншыл ертегілер- қазақ ертегісінің ең мол түрі. Топталып аталған атынан-ақ бұл ертегілердің тегі, мәні мәлім болғандай. Қиял ертегілері мен хайуанат жайындағы ертегілерден бұл топ бөлекше, ерекше келеді. Шыншыл ертегіге халық өзінің дүние тануындағы, қоғам тіршілігінде, үй тұрмысындағы, бас тірліктегі барлық мұң-мүддесін, тартыс-талабын жыйып түйген»,- дейді [130,75 б.].

Сондай-ақ бұл үлгілерде ғалым қоғамдық тартыс, тап қайшылығы, қанау, зорлық, соған қарсы халық сыны, наразылығы, алыс-тартысы, ұзақ арманы көрінуін талдаулары т.с.с. сол кездегі ғылым жүйесінде фольклорды тап тартысының айнасы ретінде көрсетудің бірден-бір әдіс-тәсілі болғанын байқалады. Сөйтіп, ертегіні талдау барысында қоғам талабын, халық мүддесі, қанау, зорлық, озбырлықтың үлкен сырын, негізін т.б. бәрін де таптық тұрғыда түсіндіру [130, 75-101 б.] кезең ерекшелігі болып табылады. Ал, «шыншыл ертегілерді», яғни тұрмыс-салт ертегілерін іштей: салт ертегі, күлдіргі ертегі, аңыз ертегі, күй аңызы деп төртке бөліп талдауы т.б. бәрі қазіргі фольклортану ғылымы талаптарына сай келмейтіні анық. Дегенмен жалпы ертегілерге берілген М. Әуезов анықтамалары, сипаттаулары, талдаулары, олардың классификациялары т.б. ғылыми талапқа сай жазылған.

Кітапта қаралатын келесі фольклор жанры – ол батырлар жыры. Онда: «Қобыланды батыр», «Қарасай-Қази», «Ер Тарғын», «Қамбар», «Алпамыс», «Ер Сайын» жырларындағы басты-басты бейнелер топтамасы ғалым Қ. Жұмалиев тарапынан таптық тұрғыда жан-жақты талқыға түсті [130, 102-169 б.].

Ғалым Қ. Жұмалиев қазақ халқының ауыз әдебиеті еліміздегі бай әдебиеттің бірі десе, оның ішіндегі ең көбі де, көлемдісі де мол мазмұнды, көркемінің бірі батырлар жыры деп атап көрсетеді. Мәселен ғалымның: «Қай елдің болсын ауыз әдебиеті ең ескі өмірден қалған мұрасы ғана емес, бір кездердегі сол халықтың білім, өнері, тарихы, діні, нанымы, тәлім-тәрбие құралы болып, толып жатқан сипаттары өз бойына сыйғызып, көп жұмысты бір өзі атқарған дәуір кезеңдері болды. Көп елдерде батырлар жыры тек әдебиеттік мұра ғана емес, тарихтан да елес береді. Өйткені, батырлар жырының, көбінің негізінде тарихи оқиғаға жататыны да болады»,-деген ой-пікірі, батырлар жырына берілген дұрыс сипаттама болды [130, 103 б.]. Ал, бұл айтылғандарға қарап, батырлар жырын тарих деп қарауға болмайтыны, онда тарихпен бірге халық қиялы тудырған көп жайлар қосылатыны, мұнда көріктеу әдістерінде ақиқат шындықтан гөрі ертегілік әсірелеу, үлгі өрнектер басымырақ болатыны т.б. Қажым Жұмалиев тарапынан дұрыс айқындалған.

Еңбекте қазақ халық ауыз әдебиетінің ішіндегі ең көбі де, көлемдісі де, мол мазмұнды, көркемдігі жоғарысы да батырлар жыры екені; онда ескі наным, ертегі, мифологиялық көзқарастар араласа жүретіні; елдің өзі қадірлейтін азаматтық қасиеттерді кең түрде көрсете алған мұра да батырлар жырында екені; жырлардың қоғамдық, халықтық идеялық мазмұны да бүгінгі күннің тілек-мақсатымен үндес келетіні; батырлар жырының бір құндылық жағы, ерлердің ішкі сырын терең алып, қайтпас ер, жауына қатал, еліне мейірімді, сөзіне ісі сай, ар-намысқа берік ерекше мінез, өнегелі ісі бар адамдар етіп көрсететіні; батырға адал жар, ақылгөй серік болу мотивтерінің негізі, тілегі отаншылдық идеяда жататыны т.с.с. ғалым Қ. Жұмалиев еңбегінде дұрыс бағаланған.

Сондай-ақ жас буынды елдік, ерлік идеясына бөлеп, тербететін де; ескіден қалған мұра неғұрлым қымбат болса, зерттеу де оп-оңай болмайтыны да; бір кітап, не бірен-саран зерттеу еңбектерімен үзілді-кесілді қорытындыға келе қою мүмкін еместігі де; жырды зерттеушілердің алдында толып жатқан қиыншылықтар бар екендігі де; алдымен жырдың ең алғашқы варианттары жазылып қалған ескі жазба деректердің жоқтығы да; олардың кеш жазылып, кейінгі кезде ғана басылып шыққандығы да; түрлі нұсқаларды салыстыра тексерулер арқылы олардың түп нұсқасын тауып, кейінгі түр-варианттардың қаншалық қоспа екенін айыру қажеттігі де т.с.с. сол тұстағы эпостанушы ғалымдар назарынан тыс қалмағаны қазақ фольклортану ғылымының жеткен жетістігі болды.

Сонымен қатар жалпы халық ауыз әдебиетін, оның ішінде батырлар жырын басқа елдердің фольклорының дамуларымен байланыстырмай, жалаң, тек өз әдебиетіміздің шеңберінде тексерудің аздық ететіні, оның нақтылы ғылымдық зерттеу әдісі болмайтыны; сондықтан салыстыра зерттеу әдісі негізгі әдіс болу қажеттігі, әсіресе, көршілес, туыстас елдердің әдебиетінде кездесетін вариантттармен біздегі нұсқаларды салыстыра зерттеу мезгілі жеткен мәселенің бірі екендігі т.б. ғалым назарында болған.

Сөйтіп, салыстыра зерттеудің мақсаты: әр жырды, үлгіні таңбалап,мынау мынаныкі, анау ананыкі еді деу ғана болмау керек; қай нұсқа қай елде толық сақталғанын; түпнұсқасы кімде; қай елдегі нұсқасы неғұрлым көркем екенін, т.с.с. ерекшеліктері қайсы; қалай сақталынып келгенін т.б. ажыратумен қатар, қанаттас елдерде барын ортаға салып, салыстырғанда ғана толық нәтижеге жету мүмкіндігі т.с.с. сөз болады.

Ендеше әр жырдың түрлі варианттарын өзара салыстырып, олардың басқа да көршілес елдердегі нұсқаларымен қатар қойып, мазмұнын, сюжетін, кейіпкерлерін, олардың іс-әрекеттерін, тілін, стилін т.б. кең түрде, терең түрде зерттей келіп, түр, мазмұн т.с.с. жақтарындағы әр алуан ерекшеліктердің тарихи-әлеуметтік сырларын ашу арқылы, қазақ фольклортану ғылымының өрістеп дамуына ат салысу т.с.с. сол тұстағы фольклортанушы ғалымдардың алдында тұрған басты міндеттерінің бірі болды.

«Қобыланды батыр» жыры дегенде, еңбекте оның алты нұсқасы беріліп, олардың сюжеті, кейіпкерлері, іс-әрекеттері т.б. өзара салыстырылады [128, 106-129 б.]. Сондай-ақ жырда кездесетін жауға бірнеше батырдың бірігіп аттану мотиві орыстың батырлар жырында да жиі кездесетіні т.б. ғалым Қ. Жұмалиев тарапынан ескеріледі.

Еңбекте жырдың: Марабай; Мергенбай жыраудың; Ақтөбе облысы Қобда ауданының тұрғыны Айса Байтабынұылының; халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің, ғалым В. В. Радловтың нұсқалары т.б. жеке-жеке қарастырылған. Олардың ішінде: «Қобыланды жырының» бір үзіндісін Ы. Алтынсарин жариялағанын; Марабай нұсқасы 1913 жылы, Ә. Диваевтың нұсқалары т.с.с. 1922 жылы басылым көргенін ескеруі т.б. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымында фольклорлық мәтіннің жазылынып алыну және жарияланым көру паспортын толтыруға келгенде, оған немқұрайды қарамай, оны ғылыми түрде іске асыра бастау жетістігін дәлелдейді.

Жырдың Қобыланды, Қараман, Құртқа, Қарлыға, Тайбурыл т.б. тәрізді бейнелері талданғанда, өзі тектес образдармен, өзі тектес нұсқалармен т.б. салыстырыла қарастырылған. Одан әрі жырдың құрылысы, тілі, т.б. әдебиеттану тұрғысынан дұрыс сарапталған.

Мәселен, Қобыланды бейнесі дегенде ғалым: оның халықтың сүйікті батырларының бірі деумен бірге, батыр ерлігін, мықтылығын айқындау үшін, оны басқа батырмен салыстыру, сонымен шендестіру тәсілін қолданғаны дұрыс нәтиже берген. Одан әрі батырдың ерлігі, соғыс әдісін жақсы білетін айлакерлігі, жауынгерлік жағы да сөз болады. Сондай-ақ Қобыландының алған бетінен қайтпайтыны, ақкөңілділігі, аңқаулығы, әрі үй-ішін, әрі елін сүйетін адам ретінде суреттелуі діттелуі т.б. ғалым Қ. Жұмалиевтің фольклорлық образдарды талдау барысында әдебиеттану шарттарын орындағанын дәлелдейді.

Міне, осы жоғарыда келтірілген әдіс-тәсілмен «Қарасай-Қази», «Ер Тарғын», «Қамбар», «Алпамыс», «Ер Сайын» тәрізді батырлар жырлары өзара салыстырыла, өзіндік ерекшеліктері ескеріле, азды-көпті паспорттық деректерімен бірге т.б. сараланады. Тек «Ер Сайын» жырының 1923 жылы Мәскеуден шыққан нұсқасы сөз болғанда, жырды шығарушы белгілі ғалым А. Байтұрсынов есімі көрсетілмеуі т.б. кезең ерекшелігін, сол тұстағы ғылымдағы қиындықты көрсетеді.

Ал, осы төртінші бөлімге қатысты берілген материалдар тізімінде Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының қолжазбалары ішінде сақталған 24 жыр нұсқасының аттарымен, қай папкада орналасқандығымен қатар, кімдердің қай жылдары жинап тапсырғандары т.б. тәрізді деректердің бір жерде жинақталып берілуі – бәрі де ғалымдар, жас зерттеушілер үшін баға жетпес қазына, дерек, ақпарат көзі болғаны сөзсіз. Кітаптың әр бөлім соңынан осындай анықтамалық дерек көздерінің бірге берілуі, сөз жоқ, қазақ фольклортану ғылымында тұңғыш рет іске асты. Ал, бұл қазақ халық ауыз әдебиетінің толыққанды мазмұндалған ғылыми библиографиялық көрсеткішін дайындауға негіз болғаны анық.

Сондай-ақ бұл берілген тізімде қазақ фольклорын жинаушылар қатарында, белгілі ғалымдар: Ә. Диваев, М. Ж. Көпеев, А. Васильев, Ғ. Мұстафин т.б. есімдерімен бірге Марабай, Мергембай жыраулар, Н. Байғанин, Мұрын Сеңгірбаев, А. Байтабынов, А. Хангелдин т.с.с. тәрізді ақындардың да аты-жөндері қамтылуын да қазақ фольклортану ғылымының даму үстінде екенін айқындаған көрсеткіш ретінде бағалауға болады.

Кітаптың бір бөлімі фольклордың келесі жанры – «Ғашықтық жырларға» арналған [130,170-288 б.]. Ғашықтық тақырыбына құрылған қазақ жырлары сюжеттері көптігіне; бірқатары ерте заманнан бері жасалып, халық аузында сақталып келе жатқанына ғалым М. Әуезов көңіл бөледі. Олардың қазақ елінің шаруашылық, қоғамдық тұрмысының әр дәуірдегі өзгешелігінен туғандығын ескертеді.

Сонымен қатар қазақтың халық әдебиетінде сюжеті шығыстан келген сүйіспеншілік хикаяларының аз еместігі, шығыстан келген сюжеттердің бір қатары «Мың бір түн» сияқты үлгілерден алынғаны да т.с.с. сөз болады.

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры сөз болғанда, алдымен үлгінің қазақтың ғашықтық жырлары ішіндегі ертеректен келе жатқан, әрі халық арасына кең жайылған түрі екені, бұл нұсқаның бір түрі башқұрт тілінде 1812 жылы Қазанда басылғаны, жырдың 16 нұсқасы бар екендігі, жалпы жырдың жариялану тарихы т.б. ғалым М. Әуезов тарапынан жан-жақты сараланған [130, 171-192 б.].

Жырдың қысқаша мазмұны берілумен бірге олардың әр нұсқасы өзара салыстырылып, өзгешеліктері мен ұқсастықтары ескеріледі, ондағы бейнелер азды-көпті талдауға түседі, жыр бойында кездесетін халықтың әдет-салттары т.б. сарапталынады, үлгінің тақырыптық-идеялық жағы композициясы, көркемдік ерекшеліктері де т.б. сөз болады. Сондай-ақ жырда тұрмыс-салт өлеңдерінің қоштасу, естірту, жоқтау, арыздасу сияқты түрлерінің көп кездесетіні т.с.с. ескертілген.

Бұл бөлімде одан әрі сөз болатын «Қыз Жібек» [130, 193-206 б.], «Айман-Шолпан» [130, 207-217 б.], «Наурызбай-Қаншайым» [130, 217-227 б.] жырлары да жоғарыдай әдебиеттану тұрғысынан талдауға түседі. Атап айтқанда, тақырыбы, идеясы, сюжеті, композициялық құрылымы, тілі, көркемдік ерекшеліктері, бейнелер жүйесі әдебиеттану шарттарына сәйкес қаралған. Сондай-ақ әр нұсқада кездесетін жер-су, оқиға, адам аттарының т.б. тарихи негізімен қатар, халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы да сөз болды.

Жалпы еңбектің әр бетінде түрлі ғылыми сілтемелер орын алған. Онда сілтеме кімдікі, оның қай еңбегі екендігі, баспасы, нақты жылы мен беттерінің көрсетілуі т.б. сол тұстағы қазақ фольклортанушы ғалымдарының ғылыми еңбекке қойылатын талаптарды орындағанын танытады.

Сонымен бірге бұл жырлар таптық талаптар тұрғысынан біржақты мансұқталған. Мәселен, жырда кездесетін әмеңгерлік, жесірлік әдет-салттар әйел теңсіздігінің көзі болған қырсық заң саналып, Кеңес өкіметінің әміршілдік идеологиясы тұрғысынан орынсыз жазғыруға ұшыраған.

Фольклордың сөз болған келесі жанры – айтысқа келгенде ғалым М. Әуезов мынадай анықтама береді: «Айтыс өлеңдері – қазақ ауыз әдебиетіндегі ең мол жанрдың бірі. «Айтыс» деген атауы- айтысу, тартысу, дауласу, немесе жарысу, сынасу мағынасында қолданылады»-дейді [130, 229 б.]. Сондай-ақ айтысқа тән ерекшеліктер де берілген: ақындардың өлең түрінде айтысатыны, өнер жарысы есебінде қолданылатыны, тыңдаушы көпшілік алдында орындалатыны- бәрі дұрыс ажыратылған. Сонымен қатар айтысқа түскеннің арнаулы сарыны болатыны, өлеңнің не қобызға, не домбыраға, не гармонға қосылып айтылатыны, жарысқа түсушінің суырыпсалмалық, тапқырлық, өнерпаздық қасиеті т.б. әрі фольклортану, әрі әдебиеттану жағынан сарапталған.

Сонымен бірге қазақ фольклортануындағы айтыс жанрының ескі замандардан бері қарай келе жатқаны, мезгілінде жазылып қалмағандықтан, XVI-XVIII ғасырлардағы ақындар айтысының бізге жетпегені де сөз болады. Кеңес үкіметі тұсында айтысқа халықтық өнер ретінде мән берілгендіктен, оның ерекше дами түскені де айтылады. Ал, айтысты іштей: әдет-салт айтысы, ақындар айтысы деп жіктейді.

Бірінші томның материалдарын жанр бойынша беру авторлар коллективі үшін негізгі проблема болып табылады. Сондықтан жеке тарауларда ғана емес, барлық тарауларда да жанрлық принцип сақталған. Бұл тараулардың материалдары жанр өзгешеліктеріне байланысты, яғни ерте дәуірде шыққаны, бұрын, соңғы дәуірде пайда болғаны кейін берілген. Мәселен, айтыс жөніндегі тарауда алдымен «әдет-салт айтысы», сонан кейін айтыстың соңғы кезде анағұрлым өскен түрі «ақындар айтысы» талдауға алынады. Әдет-салт айтысына жар-жар, бәдік т.б. жатқызылса, ал ақындар айтысына түре мен сүре айтысы жатады деп т.б. іштей жіктеу жүзеге асырылған. Ақындар айтысына мысал ретінде: Шөже мен Кемпірбай, Сүйімбай мен Күңбала қыз, Жанақ пен Түбек, Біржан мен Сара, Омарқұл мен Тәбия, Жамбыл мен Құлмамбет, Тоғжан мен Қожамбет, Әсет пен Ырысжанның айтыстарынан т.с.с. үзінділер келтірілген.

Сондай-ақ бұл айтыс бөлімінде «Совет ақындарының айтысы» да сөз болады [130, 257-265 б.]. Мұнда Қазан төңкерісінен кейінгі: Жамбыл, Шашубай, Нұрпейіс, Доскей т.б. тәрізді ақындардың айтысынан үзінділер келтіріліп, талданған. Бұл орайда айтыстарда көтерілген мәселелердің Кеңестік идеологияға сәйкестігі, қазақ мәдениетіне И. В. Сталиннің қамқорлығы; онда жаңа жұртшылық пен социалистік отан мүддесі жырланғаны; екпінді еңбек, қала мен колхоз, еңбекші жұртшылық, социалистік құрылыс т.с.с. тақырыптарының дәріптелгені т.с.с. жетістік ретінде марапатталған.

Қазақ фольклорының зерттеу жағынан кенже қалып келген жанры ретінде, еңбекте одан әрі шешендік сөздер сөз болады [130, 267-299 б.]. Ә. Мәметова пікірінше: «Әдеби мұраның қай түрінде болсын шешендік сөздер ұзақ ойдың қорытындысы, тұжырымы болып көрінеді. Халықтың ғасырлар бойы жасаған шешендік сөздері өмірдің талай асауларынан өтіп, бізге жеткен»,- дейді [130, 267 б.].

Жалпы Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ халық ауыз әдебиетінің кештеу қарастырыла бастаған саласы шешендік сөздер екендігі мәлім. Халықтың ғасырлар бойы жасаған шешендік сөздерін кім айтқанын, қай заманда пайда болғанын, ол үлгілердің де ауыздан-ауызға көшетінін, олардың халықтың өзімен бірге өмір сүретінін, көбінің ұмытылып жоғалатынын, бірқатары заманына сай жаңа мазмұн, жаңа пішін алып, құбылып өзгеретінін, т.б.-бәрін ғалым Ә. Мәметова дұрыс айтқан. Сондай-ақ шешендік сөзге әуес болған арнаулы жаттаушылар шығып, үйреніп, оны белгілі жағдайда таратып отыратыны, олардың белгілі адамдардың атына байланысты келетіндері де бар екендігі сөз болады. Ал, оларды айтушылардың өзгертіп айтулары арқасында алуан нұсқалы болып кездесетіні т.б. – бәрі де шешендік сөздердің өзіне тән ерекшеліктері екені дұрыс айқындалған.

Кітапта шешендік сөздер әрі шешендік толғау, әрі шешендік дау ретінде екіге жіктеліп қарастырылған. Шешендік толғауға жаратылыстағы қоғамдық қарым-қатынастардағы олған өзгеріс- құбылыстарға қарай көптеген тәжірибелерді қорытып толғаған сан алуан ақыл, нақыл сөздер, мақал, мәтелдермен қабысып жатқан көптеген тақпақ, тұспал сөздер жатқызылған. Сонымен бірге онда ойды көп сөзбен дәріптемей, қысқа тұжырым арқылы аңғарту. айту үстінде мәніне қанығып, өмір тәжірибесімен пысықтаған, қорытқан ұғымның нәтижесі есебінде ұсынылатыны ескеріледі. Одан әрі аз сөздің ішіне көп мағына сыйғызу. жаратылыстың сыр, жұмбағын ашу, қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік қайшылықтарды, кедергілерді жеңу үшін айтылатыны сөз болады. Шешендік сөздердің дені адамға, сол адамның төңірегіне арналғаны; негізгі тақырыптары елін, елге еңбек еткен ерін-сүюшілік, басқаға тәуелді болмау, үлгілі іс етіп, өнеге көрсетумен бірге оның әділдік-әлсіздік, білімділік-надандық т.б. тартысы төңірегінде өрістейтіні, шешендік сөздердің мазмұн түкпірінде көпшілік қамы жататыны т.б. – бәрі де таптық мүдде тұрғысынан түсіндірілген [130, 268-272 б.].

Шешендік дау дегенде, оның әр түрлі дауға арналып айтылатыны, ел мен ел егестері, ел ішіндегі ұрыс, жанжалдар, жер дауы, жесір дауы, құн, барымта мәселелері қарастырылатыны, шешендікпен, шеберлікпен келістіру, бітістіру мақсатында айтылатыны т.б. дұрыс көрсетілген [130, 272-277 б.]. Ал, үстем тап өкілін жақтап, дауды соның пайдасына шешкен билерді халықтың әжуа, сықақ т.б. ететініне де ескертіледі.

Сондай-ақ шешендік сөзге тән нәрсе: көбінесе қара сөз бен тақпақ араласа жүруді, қара сөздің өзі белгілі ырғақпен айтылатынын, олардың нақыл сөз, мақал-мәтелдермен қабысып жататынын, жаратылыстағы заңдылықты әр түрлі әдіспен, қоғам өміріндегі құбылыстармен шебер байланыстыру жүретінін шешендер дәл табуы екендігі көрсетілген. Одан әрі шешендердің өз сөздерін ойда жоқ жерден тауып, қарсы адамның аузын ашырмай сөзден ұтуға тырысатыны айтылып, көлем жағынан да, сөйлем құрылыстары тұрғысынан да өте ол үлгілердің тұжырымды келетіні дәл анықталған. Ал, мазмұн жағынан олар, көбінесе ұзақ ойдың жиынтық қорытындысы болып келетіні; айтайын дегенін ұштап, ерекшелеп, айқындап көрсету үшін бір-біріне қайшы нәрселерді алыстан әкеліп жанастыратыны дұрыс тұжырымдалған.

Қазақтың мақал-мәтелдері де ғалым Б. Шалабаев тарапынан жеке қарастырылған [130, 282-288 б.]. Негізінен мұнда мақал-мәтелдерге қатысты анықтама берілмесе де, оның ел арасына көп таралғаны, халық даналығының ең құнды мұрасы екендігі тұңғыш айтылады.

Сонымен бірге бұл үлгілердің шаруашылық жағдайдың, қоғамдық құбылыстың, табиғат құбылыстарының, адам баласының әлеуметтік шындығынан туындағаны, онда қалың елдің тіршілігі, талабы да неғұрлым кең көрінетіні дұрыс сараланған.

Сондай-ақ ғалым Б. Шалабаев мақал-мәтелдердің мың жылдар бойы халық жасаған мұрасы десе, онда әр дәуірдің ұрпақтары өз түсінігіне сәйкес түрлі өмір құбылысына өзінше баға беретінін дұрыс байқаған. Сондай-ақ бұл үлгілерде, қазақ елінің басынан кешкен тарихи кезеңдерінің ізі, сүрлеуі жатқанын дұрыс жазған.

Мақал мен мәтел арасындағы айырмашылық дегенде, ғалым ерекшелік олардың түрінде емес, мазмұны мен тақырыбында екендігін, әр елдің күн көрісі, тіршілігі, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы мақал мен мәтел төркініне әсер ететіні дұрыс ажыратқан. Мақал-мәтелдерде ел қамы, береке, тірлік, батырлық т.б. мәселелері дәріптелетіні, мақалда тағлым берерлік, ырғағы бар, тәжірибеде көп қолданылатыны бейнелі, қысқа нақыл сөйлемдер жиі кездесетіні, олардың көлемі біркелкі болмайтыны ескеріледі. Сондай-ақ онда аз сөзбен терең ойды түсінікті түрде кесіп айту ерекшелігі дәл анықталған. Ал, мәтелде жанамалап айтылған көмескі ишара басым болып отыратыны сөз болады. Демек ғалым Б. Шалабаев мәтелдің мақалдан айырмашылығы мағынасы ашық болмай, ишарамен жеткізілетіндігінде, әрі сөйлемнің толымсыз болып келуінде екенін дұрыс байқаған.

Жұмбақ жанрын сараптаған ғалым Әлкей Марғұлан [130,289-297 б.]: «Жұмбақ әрқашан болжал түрінде айтылады. Жұмбақ мереке үстінде туып, көбінесе ойын-сауық, көңіл көтеру орнында қолданылады. Жұмбақ айтушы адамдар оның мазмұнын, көбінесе өзінің істейтін кәсібіне қарай үйлестіріліп, не көрсе, не істесе соны жұмбақ қылатын болған»,- деп дұрыс анықтаған [130, 289 б.]. Сондай-ақ ғалым жұмбақтың адамның дүниетану жолындағы ой-өрісінің, қиялының белгілі бір сатысын көрсететін, ой тапқыштығының бір түрі екенін, тіл шеберлігіне ерекше ой бөлген алғыр халық жаратылыста, адам ойында болатын барлық пайдалы затты жұмбақтап айта білгенін дәйектеген.

Жалпы жұмбақтарды ғалым тақырыптың жағынан 5- ке жіктеп көрсеткен: біріншісін - жаратылыс, екіншісін-адам, үшіншісін-жасанды зат, төртіншісін - еңбек, бесіншісін - білім жайында деп белгілеген. Сонымен қатар жұмбақ қысқа түрде мереке, сауық үстінде ғана айтылатыны, бір кезде даналықты, кемеңгерлікті жұмбақпен сынау әр жұрттың салтында да болғаны сөз болады.

Одан әрі мысалдар рет-ретімен беріліп, олардың мазмұны әдебиеттану талаптары тұрғысынан талданған. Мәтін мазмұны көбінесе еңбекші халық тіршілігімен байланыстырылған. Сондай-ақ Қазан төңкерісінен кейінгі пайда болған жұмбақтардың жаңадан жасалып жатқан социалистік құрылыстың жаңалығын дәріптейтініне де назар аударылған.

Ғалым Б. Шалабаев өтірік өлеңдерді жеке жанр ретінде талдайды [130, 297-299 б.]: бұл үлгілердің қазақ халық әдебиетінде едәуір орын алатыны; өтірік айтылды делінсе де, арғы жағында шындық жататыны, өмір құбылысы мен адамның әрекет, айласын бейнелеу, көбінесе әсірелеу арқылы іске асатыны, әзіл, сықақ түріндегі өтірік өлеңдердің ескіліктің жағымсыз қылықтарын шенейтін шығармалар тобына да кіретіні, поэтикалық өзгешелігі бастан-аяқ әсірелеу, шендестіру әдісіне негізделетіні т.б.- бәрі әдебиеттану талабы тұрғысынан сөз болады.

«Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабында «Тарихи жырларға» арнайы бөлім берілген [130, 300-399 б.]. Бұл бөлімде қазақ халық ауыз әдебиетінің жеке-жеке маңызды жанрлары болып табылатын тарихи жырлар мен тарихи аңыз әңгімелерді жеке-жеке сараптаудың орнына, оларды бір арнада қарастыру Б. Кенжебаев тарапынан орын алған. Бұл сол уақыттағы қазақ фольклортану ғылымының балаңдығын танытады. Себебі бұл екі жанрдың да негізінде халықтың өмірінде бұрын-соңды болған, саяси-әлеуметтік мәні бар тарихи оқиғалар, тарихта болған көрнекті тұлғалар жөнінде ауызша шығарылған өлең-жырлар, аңыз, әңгімелер т.б. жатады.

Тек осы бір ерекшелігіне қарап, фольклорда өзіндік бір орны бар тарихи жырлар мен тарихи аңыз-әңгімелерді жеке-жеке қарастыру орнына, олардың бір жанр аясында талдануы қате болды. Дегенмен екі жанрдың ортақ ерекшеліктерін тізбектеп саралануы орынды болған. Сол себепті ғалымның халықтың тарих қорытындысы іспетті бұларға өзінің басынан өткен тарихи оқиғасының қай-қайсысы жөнінде болсын, халық өзінің ой-пікірін, көзқарасын білдіреді деуі дұрыс. Одан әрі тарих пен халық ауыз әдебиетінің бір-біріне жәрдемші, бірін-бірі толықтырушы болып келетіні, халық ауыз әдебиеті тарихи оқиғаны тарихи дәлелмен емес, көркем әдебиет тілімен беруде, тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырып айту негіз болатыны т.б. бәрі ғалым тарапынан сөз болады.

Бұл бөлімде XVIII-XIX ғасырлардағы Абылай мен Кенесары, ұлт азаттық көтерілістерге, 1916 жылғы көтеріліс оқиғаларына т.б. қатысты туған жырлардың тарихи жырлар қатарына жататыны дұрыс ажыратылған.

Бұл тұста тарихи жырлар мен аңыз әңгімелерден: Абылай, Сырым, Қасым, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Жанқожа, Бекет т.б. тәрізді тарихи тұлғалар қамтылған. Мәселен, Абылай туралы аңыздар дегенде, көбінесе оларды Шоқан Уәлиханов пен Мәшһүр-Жүсіптің жинағаны ескерілуі т.б. – бәрі де әр фольклорлық мәтінді талдағанда, жазылынып алынуға қатысты паспорттық деректері де ескерілгенін байқаймыз. Демек зерттеу жұмыстары барысында түпкі дерек көздерін көрсету тәрізді ғылыми талаптардың орындалуын т.б. сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымының жетістігі ретінде бағалауымыз керек. Сөйтіп бұл кітапта берілген фольклорлық мәтіндердің алдымен қысқаша мазмұны беріледі де, артынан жырда кездесетін тарихи оқиғалардың болған кезі, себебін, тарихи кісілердің аттарын, істерін, тарихи шындыққа жақындығын т.с.с. тарихи деректермен салыстырыла қарастыру жүзеге асқан. Сонымен қатар аңыздар бойында халық арманы, қалауы, тілегі т.б. бірге берілетініне де назар аударылған.

Дегенмен жырлар да, аңыздар да талданғанда, көбінесе әдебиеттану шарттары аясында қаралады. Яғни мәтіннің тақырыбы мен идеясы, қоғамдық қызметі, тілі, стилі, сюжеті, бейнелер жүйесі, көркемдік ерекшеліктері, ондағы көркемдік әдіс мәселелері т.б. әдебиеттану ғылымы талабы тұрғысынан жазылған. Мәселен, «Кенесары-Наурызбай» жырындағы Наурызбай бейнесіне ғалым Е. Смаилов сипаттама береді: «Жырларда Қасым сотқар, Кенесарыны қатал хан, ел басқарушы әмір иесі, биі деп таптық сырын ашып отырса, Наурызбайды бастан-аяқ батыр, жауынгер етіп көрсетеді»,- дейді [130, 321 б.]. Демек ХХ ғасырдың алғашқы жартысында фольклорлық мәтіндерді талдағанда, көбінесе әдебиеттану шарттары орындалуының бірнеше себептері ажыратылды. Біріншісі – қазақ фольклорын, негізінен әдебиетші ғалымдар зерттеді. Екіншісі – олардың арнайы фольклортанушылық білімі болған жоқ. Үшіншісі – сол тұста қазақ фольклортану ғылымы балаң болатын.

Кітаптың соңғы бөлімі «Қазақ совет фольклоры» деп аталады [130, 381-436 б.]. Аты мен заты айтып тұрғандай, бұл көлемді бөлім Кеңес үкіметін дәріптеуге арналған. Соның әсерінен де бұл бөлімде: революциялық күрес, ауылды советтендіру, колхоз, өнеркәсіп өмірі, Кеңестік халық әдебиетіндегі Ленин, Сталин бейнелері, ерлік, Отан соғысы кезеңінің т.с.с. фольклоры деректері орын алған.

Ғалым Е. Смаилов Қазан төңкерісі жаңа дүниенің, жаңа өмірдің басы, оны жаңа қоғамдық өмір туғызған десе, адам баласының ғасырлар бойы арман еткені іс жүзіне асқаны, езілген жұмысшы табы мен шаруалар азат болып, үкімет билігін өз қолына алғаны т.б. – бәрі біржақты, үстірт, теріс бағалау тұрғысынан жазылған.

Осы себепті қазақ совет фольклорының барлық үлгілерінен осы жаңа тақырыпты, жаңа мазмұнды іздестіргені, қарастырғаны т.б. анық. Демек халық ауыз әдебиетінде жаңа тақырып, жаңа мазмұн, қандай жаңа форма, қандай көркемдік мәнерлер тудырғаны, жаңа өлең ырғағы, жаңа ән-күй т.б. мәселелесі көтерілгені сөз болады.

Жалпы бұрын зерттеліп, жазылып көрмеген бұл бөлімнің маркстік-лениндік әдебиеттану ғылымы тұрғысында талданып жазылуы да сол кезең шындығын танытарлық дерек көзі бола алады.

Сөз жоқ, қазіргі қазақ фольклортану ғылымы тұрғысынан қарағанда, фольклордың әрі жиналу, әрі жариялану, әрі зерттелу тарихына қатысты толып жатқан мәселелері толық шешімін тауып, қамтылмағанын атап өтеміз. Бұлай зерттеу ол заманда мүмкін де емес еді. Оның үш себебі бар: бірі – қазақ фольклортану ғылымының енді ғана қалыптаса бастауы; екіншісі – сол кездегі фольклорды зерттеген ғалымдардың арнайы фольклортанушылық білімі болмауы; үшіншісі – Кеңес үкіметі тұсында белең алған «кеңестік идеология» құралдарының, яғни «тап тартысы», «әдебиеттің партиялылығы», «маркстік- лениндік», не «лениндік-сталиндік» ұстанымдар бүкіл ғылым, мәдениет т.б. атаулыға тұсау болып, өзіндік дамуына кедергі жасағаны белгілі.

ҚК(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы 21 январында шыққан қаулысы (Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы) негізінде өзге де көп ғылымдық, саяси қателік, олқылықтармен қатар, Қазақстандағы әдебиеттану ғылымында кеткен идеялық, саясаттық қателіктер қатты сыналды. Әсіресе осы «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы негізсіз қараланды. Бұл өз кезінде сол тұстағы ғылым мен мәдениеттің т.б. дамуына кері әсерін тигізгені анық. Кеткен кемшіліктер қатарында еңбекте: арғы-бергі дәуірлердегі нұсқаларды; белгілі ақындар төңірегіндегі әдебиеттік деректерді бірыңғай мақтай беру, тамашалай, мадақтай сөйлеу, бұрынғының бәріне бас июшілік басымдылығы, жалған патриоттық, керексіз керітартпа романтика, сарыншылдық бар дегенге сайған теріс сыңаржақ сын өріс алды. Ал, бұған қарсы, керісінше, шығарманың қоғамдық-таптық, тарихтың шынын ашудың орнына, шаруашылық жағдайды т.б. Маркс-Ленин жүйесі бойынша айқындау ұсынылғаны белгілі.

Демек сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымы алдында фольклордың не ертегі жанры түрінде, не ол турасында мақала кітап бетінде т.б. талданғанда- бәрінде де Маркс-Ленин жүйесі бойынша: таптық, қоғамдық өнімді мағына туғызатын шығармаларды, керітартпа санасы бар шығармалардан бөліп, айырып, ұғыну міндеті жүктелгені мәлім.

Жалпы халық ауыз әдебиетінің жанры мен түрлерін айта отырып, авторлар ұжымы шығарманың негізгі тақырыптарына, сюжет жүйесі мен кейіпкерлеріне тоқталғанымен поэтикасына аз көңіл бөлген. Шығарманың сюжеті мен оның кейіпкерлерінің мінез-құлқын талдау басым («Тарихи өлеңдер», «Қазақ совет фольклоры», және «Батырлар жыры»).

Бірінші томның материалдары орасан бай. Материалдарды осындай кең түрде пайдалану бұған дейін жазылған еңбектерде болған емес. Талдауға алынған мәтіндердің көпшілігі идеялық және көркемдігі жағынан жоғары. Оларды фольклордың тәуір үлгілері деп айтуға болады.

Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың алғашқы жартысының соңына қарай қазақ фольклорының барлық жанрлары жан-жақты, жеке-жеке салаларға бөлініп, әрі кең, әрі терең, әрі академиялық түрде талданды. Бұл еңбекте қазақ фольклорының барлық жанры қамтылған. Оларды авторлар тұңғыш рет тарихи шығу мезгіліне қарай орналастырған- бұл сол кездегі үлкен жаңалық еді. Ең көне деп тұрмыс-салтқа байланысты жанрлар есептеліп, мал шаруашылығына, діни нанымдарға қатыстылары қарастырылған. Басқа елдердің фольклорын зерттеу барысында тек бір әдебиетшілер емес, басқа да салалас ғылымдардың ат салысатыны тәрізді, яғни фольклорлық мәтінді лингвистика, этнография, тарих, географиялық т.б. тұрғыдан қарастыру орын алғаны анық. Әсіресе, қазақ фольклорының: ертегі, салт жырлары, батырлар жыры, ғашықтық жырлары, тарихи жырлары, айтыс т.б. жанрлары бұл еңбекте тек әдебиеттану тұрғысынан емес, сондай-ақ алғаш рет фольклортану тұрғысынан сарапталуы қазақ фольклортану ғылымының түрлі қыспаққа қарамай даму үстінде болғанын дәлелдейді. Демек фольклорлық мәтіннің жиналу, жариялану тарихына қатысты ғылыми түсініктемелердің берілуі; әр тақырып төңірегінде қарастырылатын әдебиеттер тізімі көрсетілуі; мәтін нұсқаларының сюжеті, кейіпкерлері, олардың іс-әрекеттері, тілі, стилі т.б. жағынан салыстырыла қарастырылуы т.с.с. – бәрі де фольклордың фольклортану тұрғысынан қарастырылғанын танытса, ал әр нұсқаның тақырыптық-идеялық негізі, сюжеті, композициялық құрылысы, бейнелері, көркемдік ерекшеліктері т.б., көбінесе кеңестік жүйе талабына бағындырылып, маркстік-лениндік әдебиеттану талабы тұрғысынан сарапталу да орын алғанын көрсетеді. Ал, еңбектегі қолданылған зерттеу әдістеріне келсек, көбінесе салыстырмалы зерттеу әдісі мен тарихи зерттеу әдісі қатар қолданылғаны ажыратылады. Сондай-ақ фольклордың: әрі фольклортану ғылымының, әрі әдебиеттану ғылымының, әрі лингвистиканың, әрі этнографияның, әрі ономастиканың, әрі география т.б. ғылымдарының дерек көзі ретінде қарастырудың біршама орын алғанын да қазақ фольклортану ғылымының сол кезеңдегі елеулі жетістігі ретінде бағалауымыз керек.

Қорыта келгенде ХІХ ғасырдағы кейбір жинақтар мен зерттеулер ашық түрде таза отарлық-миссионерлік мақсатты көздеді. Сол үрдіс ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде де байқалады (А. Алекторов, Н. Катанов, Н. Пантусов т.б.). Кеңес кезінде идеологиялық мақсатта болса да, фольклорды зерттеу ісі кең жолға қойылды. Зерттеу ең алдымен оқу-ағарту проблемасына бағынышты болды (мақалалар, оқулықтар мен хрестоматиялар т.б.). 1930-40 жылдары енді жаңағылармен қатар ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеулер пайда болды. Негізінен, Кеңес фольклористикасында қандай теория басым болғанын айқындағанда, қазақ фольклортану ғылымында, әсіресе, «тарихи мектептің» әсері күшті болғаны анықталады.

1920-1950 жылдар аралығында жазылып, жарыққа шыққан Ә. Диваевтың, Ә. Бөкейхановтың, М. Әуезовтің, Х. Досмұхамедовтың, С. Сейфуллиннің, С. Мұқановтың, Қ. Жұмалиевтің, Б. Кенжебаевтың, Ә. Марғұланның, Ә. Қоңыратбаевтың, т.б. еңбектерінде жасалған фольклористік талдаулары профессионалды болды. Олардың еңбектерінің ұтымды жақтары да, кемшіліктері де болды. Мәселен, фольклорлық шығарманы әдебиет деп ұғу, оны әдебиет талаптарымен талдау, фольклорлық кейіпкерді әдеби кейіпкер ретінде талдау, т.т. Жалпы алғанда, ХХ ғасырдың бірінші жартысында жазылған бұл еңбектер қазақ фольклортану ғылымының дамуына ерекше үлес қосқаны күмәнсыз.



1   2   3   4   5   6   7   8   9


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет