Қазақ мемлекеттік қыздар



жүктеу 4.18 Mb.
бет3/23
Дата25.04.2016
өлшемі4.18 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
: attachments
attachments -> Лекции 30 часов Семинарские занятия -15 часов срс 60 часов срсп 30 часов КарагандЫ 2010 Форма 2 Силлабус составлен к э. н., доцентом Абеуовой С. Т., на основании госо рк, типовой программой дисциплины «Международные организации»
attachments -> «атф полис» Сақтандыру Қазақстан Республикасының компаниясы» АҚ акционерінің қаржы нарығы мен Шешімімен бекітілген қаржылық ұйымдарды реттеу
attachments -> «атф и ее роль в клетке. Ферменты» Карагулян Олеся Владимировна
attachments -> Программа дисциплины «Западноевропейское искусство и дизайн (XX-XXI век)»
attachments -> Тәуелсіз эксперттердің филиалдар, өкілдіктер тізімі
attachments -> Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттама

«Алаш қозғалысы» және академик Кеңес Нұрпейісұлының зерттеулеріндегі көтерілген өзекті мәселелер
Ахметова Ж. Қ.-т.ғ.к.,доцент м.а. (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық қайғы-қасіретке толы тарихында тағдырдың талай тәлкегіне түсіп, көптеген оқиғаларды басынан кешірді. Кешегі тоталитаризм заманында бостандықты, азаттықты, теңдікті аңсаған, сол үшін жан аямай күрескен ата-бабаларымыздың тарихы Ресей тарихнамасының ықпалында, отаршыл идеологияның темір құрсауында бұрмаланып жазылды. Қазақтың сан ғасырлық бай тарихын, мазмұнды мәдениетін, асыл мұрасын ардақтаған, насихаттаған абзал азаматтар аталмады.

Енді еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет құрғанымызда ел қамын ойлап, сол жолда өздерінің саналы ғұмырын сарп еткен асыл азаматтардың тарихын қайта парақтап, шынайы түрде "ақ таңдақтарының" бетін ашып, заман талабына сай зерттеулер жүргізген ғалымдардың ішінде академик Кеңес Нұрпейісұлы өзінің құнды еңбектерімен ерекше орын алады.

Кеңес Нұрпейісұлы ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихының күрделі беттерін қайта қарап, шындықты ашты, сол заманда өмір сүріп, тоталитарлық жүйеге қарсы күрескен тарихи тұлғаларды ақтап, кеңестік дәуірдегі қуғын-сүргін саясатын мұрағаттық нақты деректер арқылы әшкереледі. ХХ ғасырдың басында қазақ халқының егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен көптеген Алаш қозғалысының қайраткерлері «халық жауы» атанып, жандары қыршындай қиылып, зардап шекті. Кезінде атын атау түгіл, олар туралы ойлау мүмкін болмады. Ол жайында К.Нұрпейісұлы былай дейді: «Ғасыр бойында Қазақстанда орын алған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде өмірге келген және өзінің алдында үш ұлттық мақсатты: қазақ халқын отарлық езгіден құтқаруды, оның мемлекеттігін қалпына келтіруді және қазақ қоғамын өркениетті елдер қатарына қосуды міндетті түрде алдына қойған, Алаш қозғалысы болды. Ал, осы қозғалыстың Әлихан Бөкейханов басқарған көш бастаушылары 20-30 жылдары түгелге дерлік “ұлтшылдар”, “халық жаулары” деген айдармен Кеңес өкіметі тарапынан қатаң жазаланды (атылды, айдалды, түрмелерге отырғызылды)» /1/.

Өзімізге белгілі патша үкіметі қазақ жерінде екі ғасырдан артық отарлық саясат жүргізді. Отаршылдардың шовинистік саясаты қазақ елінің зиялы қауымын отаршылдық езгіге қарсы күреске көтерді. Қазақ зиялылары осы күрестің басында тұрды. Сол кезеңдердегі зиялы қауымды біріктірген Алаш қозғалысы, Алаш партиясы болды. Бұл жайында академик К.Нұрпейіс: ХХ ғ. алғашқы ширегіндегі Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерінің бірі Алаш партиясымен Алашордаға тікелей байланысты. Алаш партиясымен Алашорда тарихын арнаулы әдебиетте көбінесе Алаш және Алашорда қозғалысының тарихы деп те атайды. Алаш немесе Алашорда қозғалысы бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) туралы мәселелер- деп /2/ Алаш қозғалысының мазмұнында үлкен саяси мән жатқандығын айтады.

ХХ ғасырдың І жартысындағы (1928-1932 жж.) Алаш партиясы мен қозғалысының жетекшілеріне қарсы ұйымдастырылған алғашқы саяси сот процестерінен кейін, бұл тақырыпты зерттеуге тиым салынды. Бірінші процестің барысында 47 адам тергеуге алынып, ОГПУ-дің (Объединение государственное политическое управление – Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма) сот комиссиясының 1930 ж. 4 сәуірдегі үкімімен 35 адамға әр түрлі жаза кесілді. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынов бастаған 10 адам әуелде өлім жазасына бұйырылып, кейін ол үкім 10 жылдық мерзімге концлагерьде отырумен алмастырылды. 1932 жылы екінші сот процесінің үкімімен Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамбетов бастаған Алаш қозғалысы басшыларының екінші тобы 5 жылдық мерзімге Ресейдің Орталық қара топырақты облысына (қазіргі Воронеж облысына) жер аударылды. ОГПУ-дің осы екі үкімі құрбандарының тірі қалып, елге оралғандары 1937-1938 жылдары түгелге дерлік «халық жауы» деген жалған айыппен ату жазасына кесілді /2/. Сондықтан да Алаш туралы шындық айтылмай, бұл тақырып жабылды.

Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуы және олардың Кеңес өкіметімен арақатынасы жайлы алғашқы пікірлер 1919-1920 жылдардан-ақ жариялана бастады. Осы мәселе бойынша алғашқы жазғандар Алаш пен Алашорданың белгілі басшыларының бірі Ахмет Байтұрсынов пен қазақ зиялыларынан шыққан алғашқы большевиктердің бірі Сәкен Сейфуллин болатын. 1919 жылы тамызда РСФСР-дің Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты органында Ахмет Байтұрсыновтың “Революция және қазақтар” атты мақаласы жарияланды /3/. Осы еңбегінде А.Байтұрсынұлы Алаш автономиясын жариялау мен оның үкіметін құрудағы себептерді ашып көрсетіп, Алашорданың уақытша Сібір үкіметі, Құрылтай жиналысы комитеті (Комуч) және Колчак билігімен қандай қарым-қатынаста болғандығы туралы өз пайымдауларын баяндайды.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ресейдегі қоғамдық-саяси өмірдің тарихы, оның ішінде Алаш және Адашорда сияқты ұлт аймақтарындағы саяси партиялар мен қозғалыстардың іс-әрекеті мен олардың жетекші қайраткерлерінің нақтылы қызметі туралы ой-толғамдар кеңестік билікпен келісе алмай шет елдерге кеткен ресейлік, ортазиялық, қазақстандық және кавказдық жекелеген эмиграция өкілдерінің, сол сияқты шетелдерде өмір сүріп, қызмет істеп жүрген отандастарымыздың еңбектерінде молынан кездеседі. Осындай отандастымыздың ішінде Мұстафа Шоқайдың Алаш және Алашорда қозғалысына тікелей қатысы бар екенін атап өтуіміз керек /4/.

Мұстафа Шоқай да басқа ұлттық-демократиялық бағыттағы зиялылар қауымы секілді бүкіл саналы ғұмырында қазақ халқының және Түркістан халықтарының бостандығы мен дербестігін аңсап, сол жолда өзінің өмірін қиған тұңғыш саяси эмигрант. Алайда бұл есімді де кеңестік дәуірде атағанда оған қара күйе жағып, кеңестік идеологияға сәйкестендіріп, «отанын сатқан сатқын» ретінде бағалады. Академик К.Нұрпейісұлының пікірінше: «Мұстафа Шоқай бастаған Түркістандық және Әлихан Бөкейхан бастаған қазақстандық-ұлттық демократиялық интеллигенция өкілдері Түркістан (Қоқан) автономиясын да, Алаш автономиясын да Ресеймен іс-жүзінде крнфедерациялық қарым-қатынаста болуға тиісті мемлекеттер ретінде көргісі келгендеріне көз жеткіземіз, олардың түптеп келгенде егеменді елдер болатындығына сенімді болғандықтарын ұғамыз»-деп ерекше атайды /5/.

Кез-келген ірі қоғамдық-саяси қозғалыс басшыларының әрқайсысының мүмкіндіктеріне сай атқарған міндетіне байланысты қозғалыс тарихында алатын орны болмақ. Мәселен, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысты, оның жиынтық көрінісі болған Алаш қозғалысын теориялық және ұйымдық тұрғыдан дайындаудағы рөлі ерекше және оны бұл қозғалысқа атсалысқан басқа қайраткерлердің орнымен шатыстыру қиын. Сол сияқты Түркістан халықтарының, қазақ жұртының ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысы тарихында Мұстафа Шоқайұлының да тек өзіне тиесілі орны бар.

Алаш және ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі ұлт-азаттық қозалыстың бірден көзге ілінер екі кезеңі болды. Бірі шамамен 1905 жылдан бастап Алашорда өкіметі құрылған 1917 жылдың желтоқсанына шейінгі аралықты қамтыса, екіншісі Азамат соғысы және Кеңестік билік біржола онаған уақыттан бастап 30-шы жылдардың бас кезіндегі (1930, 1932) Алаш зиялыларын жазалау мақсатында ұйымдастырылған сот процестерімен аяқталады. Алаш қозғалысының басында тұрған Әлихан Бөкейхан да, Мұстафа Шоқайұлы да ұлт-азаттық қозғалыстың бұл екі кезеңінде де оның жетекші басшыларына лайық жұмыстар атқарды.

ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейханов белсенді саясатшы және сонымен қатар саяси сарапшы ретінде көзге түскен болатын. Ол Ресейдегі болып жатқан оқиғаларды Алашорда қозғалысының баспасөз органы “Қазақ” газетінде жариялап отырды. Мұстафа Шоқай Ә.Бөкейхановтың осы саяси жетекшілік әрі талдаушы қаламгершілік қасиеттерінің екеуін де өз бойына сіңіріп алды.

Отан тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыс мәселесіне байланысты тың көзқарас тұрғысынан оның хронологиялық шеңберіне де мән беру керек. Осы уақытқа дейін кеңестік ресми тарихтануда белгіленген мерзімнен анағұрлым кең. Ұлт-азаттық қозғалыс, кеңестік тарихнамада баяндалып келгендей 1916 жылғы бас көтерумен шектелмейді. Тіпті 1916 жылғы көтерілістің өзі жүйелі мақсаттықтан тумаған, төтеннен басталған, осы мезгілдегі ұлт өмірінің көш бастаушы ұлт зиялыларының еркінен тыс өрбіген тарихи құбылыс болатын.

Қазақ жерінде патшалық империяға қарсы шын мәніндегі мақсатты, ұлттық күштерді біріктірген саяси қозғалыс 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде басталды. Осы жылдың ортасында Алаш партиясының, ал соңына қарай Түркістан (Қоқан) автономиясының, ал оның артын ала Алашорда өкіметінің құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болатын. Осы аталған құрылымдар 1918-1919 жылдары империялық күштер тарапынан зорлықпен таратылғанымен, азаттық идеясын ұстанушылар саяси күрес сахнасынан бірден кете қойған. Алаш қайраткерлері ұлт мүддесі үшін күресін мүлдем жаңа саяси жағдайда, яғни өздері тұтқынға алынып, сотталғанға дейінгі кезеңде де жалғастырды.

Сонымен, ғасыр басында басталған жаңа ұлт-азаттық өрлеу 20-шы жылдардың соңы 30-жылдардың басына дейінгі аралықта қамтиды. Ол “алаштық” атанған ескі буын ұлт зиялыларының ең белсенді бөлігін репрессиялаумен, сондай-ақ олардың кеңестік партиялық қызметтегі ізбасарларын қызметтен аластаумен және оларды қатаң жазалаумен аяқталды.

Ғылымда болып жатқан өзгерістерге байланысты қайта қарауға мұқтаж келесі, екінші мәселе – ұлт-азаттық қозғалыстың кеңестік шеңбері. Негізгі мақсаты – ұлттық бостандық үшін күрес болған қазақ ұлт-азаттық қозғалысы біз қарап отырған мезгілде өзімен тағдырлас көрші түркі халықтарымен (татар, қызғыз, башқұрт, өзбек, т.б.) күш біріктіруге тырысты, өз мүмкіндігінше оларға қолдау көрсетуге дайын екендігін танытты. Қай жағынан алғанда да негізгі мұндай әрекет 1917 жылға дейін қазақ және татар ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлері арақатынасынан анық байқалады. Олардың Мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман фракциясы, татар және қазақ басылымдары (“Фикер”, “Тәржіман”, “Уақыт”, “Айқап”, “Қазақ”) арқылы отарлық езгіге қарсы бірігіп жүргізген күресі, сондай-ақ татар зиялыларының қазақ даласындағы ағартушылық қызметі осы айтылған пікірге айғақ бола алады.

Жалпы Ә.Бөкейханов бастаған Алаш зиялылары қос революция дәуіріндегі саяси оқиғалардың нәтижесінде қазақ ұлтының дербестігін өздерінің басты мақсат, мұратына айналдырды. М.Шоқай және оның айналасындағы түрік зиялылары тілі бір, діні бір барлық түрік халықтарын біртұтас Түркістан мемлекетіне біріктіруді мақсат етті. Ә.Бөкейханов бастаған Алаш зиялыларының да, М.Шоқай бастаған түрік зиялыларының да жолы бір жол - ол азаттық үшін күрес жолы болды. Академик К.Нұрпейісұлының пікірінше: «Ааш қозғалысы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда орын алған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде өмірге келді. Бұл қозғалыстың өзегі, орталық элементі өзінің бастау кездерін 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы әкелген өзгерістерден алған, ал саяси ұйым ретінде 1917 жылғы жазда құрылған тұңғыш жалпы ұлттық Алаш партиясын құру үшін ұлттық-демократиялық қазақ интеллигенциясының жұрт таныған жетекшілері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқайұлы, Мұхаметжан Тынышпаев, Міржақып Дулатов, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Әлихан Ермеков, Жақып Ақбаев, Халел Ғаббасов т.б. ондаған қайраткерлер 1905-1917 жылдар аралығында қажырлы еңбек етті» /2/- деп ұлт зиялыларының еңбектерін жоғары бағалайды.

Сонымен ұлт зиялылары құрып, алдына күрделі міндеттер қойған Алаш партиясы өз мақсатына жете алмады. 1917 жылдың аяғынан бастап 1918 жылдың наурызына дейін Кеңес үкіметі Қазақстанның, Түркістанның барлық жерлерінде орнаған тұста, қызыл империялық саясат жаппай барлық жерде үстемдік ете бастағаннан кейін Алаш азаматтарының сағы сынды. Алаш партиясының белсенді қайраткерлері жаппай іздеу-тінту саясатынан қудаланып, тұтқынға алынды. Ал кейбір Алашорда үкіметінің басшылары Кеңес өкіметін амалсыздан мойындап, басқа жол жоқ болғандықтан онымен ымыраласуға мәжбүр болды. Кеңес үкіметінің жандайшаптарының Алашқа деген сенімсіздігі күн тәртібінен түспеді. 1920 ж. қаңтар-наурыз айларында Кеңес өкіметі өзінің қас жауы деп таныған Алашорданы тарих сахнасынан күштеп тайдырды. Негізінен Алаш партиясы интеллигенциясының саяси ұйымы болды. «Алаш партиясы» деген атпен танылған ұлттық-демократиялық қазақ зиялыларының өтпелі кезеңдегі саяси ұйымы халық санасының қозғаушы күші міндетін жалпы алғанда, заман талабына сай адал атқарды.

Әдебиеттер

1. Нұрпейісов К. Қазақ үшін ХХ ғасыр текке өткен жоқ. // Заман Қазақстан,1998. 30 қаңтар.

2. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы: 1995.

3. Байтұрсынов А. Революция и киргизы//Жизнь национальностей, 1919. 3 августа, №29 (37).

4.Чокаев М. Туркестан под властью советов (к характеристике диктатуры пролетариата), Париж, 1935. (См. также переиздание: Алматы: Издательства : Ғылым, Түркістанның қилы тағдыры. Алматы: Жалын

1992. 187 б.

5.Нұрпейіс К. Мұстафа Шоқай Қазақстан мен Түркістанның 1917-1927 жж. қоғамдық-саяси өмірі туралы. // Қазақ тарихы, 1997, №2. 25б.


Түйіндеме

Мақалада «Алаш қозғалысы» және академик Кеңес Нұрпейісұлының зерттеулеріндегі көтерілген өзекті мәселелер қарастырылған.


Резюме

В статье рассказывается об движении Алаш и других актуальных проблемах рассматриваемых в научной наследии академика К. Нүрпейса.




Кеңес Нұрпейістің өмірі мен қызметі
Тақабаева Б.М. – оқытушы (Алматы, ҚазмемқызПУ)
Еліміз егемендік алғаннан кейін өзіміздің тарихымызды халқымызға, әсіресе жастарға үйретуге мол мүмкіндік ашылды. Тарихи сана жетілмей, тәрбиеленбей, өткенімізге дұрыс баға бере алмайтындығымыз кәміл. Сондықтан да, осы кезге дейін (тәуелсіздігімізді алғанша) хандарымыз қанішер, батырларымыз баукеспе ұры болып келді. Сөйтіп тарихи шындық бұрмаланды. Енді еліміз тарихының шаң басып жатқан шындық беттері ашылған кезде тарихи санамызды ояту үлкен мақсат болып отыр /1/.

Осы жолда отан тарихының шынайы болмысын ашып жазу мәселесін алғашқылардың бірі болып қолға алған Кеңес Нұрпейісұлы болатын.

Тарих ғылымында өзіндік із қалдырған ғалым, ұстаз Нұрпейіс Кеңес Нұрпейісұлы 1935 жылы наурыз айының 15 жұлдызында Алматы облысы, Кеген ауданы (қазіргі Райымбек ауданы), Саты ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұрпейіс Нүсіпбайұлы кезінде колхоз құруға ат салысқан, сыйлы адамдардың бірі болған екен. Ұлы Отан соғысы қарсаңында ұсталып кетеді. Өзінің отбасы туралы Кеңес Нұрпейіс: «Өзім туралы айтсам, алыстағы бір сайдың ішіндегі, таудың бөктеріндегі бұрынғы Кеген, қазіргі Райымбек ауданы, Саты ауылында туып өскем. Бастауыш мектепті ауылда бітірдім. Шешем ерте қайтыс болып, әкем , «Ораз Жандосовпен таныстығы бар» делініп, халық жауы атанып, ұсталып кеткен соң, 4-5 жыл балалар үйінде тәрбиелендім. Әкеміз колхоздың бастығы болып жүрген, кейіннен ферма бастығы болған, сол кезде ұсталып кеткен. Әскерден жездеміз (немере әпкемнің жолдасы) келіп, солармен еріп Алматыға келдім.»/2/ -деп еске алатын.

Кішкентай Кеңес әкесін содан қайтып көрген емес, тек ол кісінің қуғындау қағазында «Карлаг лагерінде өлді (1943 ж.)» деп жазылған. Әкесі көзі тірісінде екі әйел алып, Кеңес Нұрпейісұлы екінші әйелі Айымжаннан туылады. Алайда, ол кісі К. Нұрпейіс екі жасқа толғанда сусамыр (қант диабеті) ауруынан қайтыс болып кетеді. Жөргегінде әкеден, одан кейін шешеден айырылған ол Нұрпейістің бірінші бәйбішесі Қойсынның қамқорлығында болады. Ол кісі де көп ұзамай қайтыс болады да, артында Қаниза деген қызы, Әли атты ұлы қалады. Сол Әли кішкентай Кеңесті жетектей отырып, ауылдан оншақты шақырым жердегі Қарабұлақ деген ауылдағы балалар үйіне апарады. Кеңес бес жылдай (1942-1946 жж.) сол жердегі бастауыш мектепте оқиды. 1946 жылы мектеп жабылып қалады. Әкелері соғыстан аман-есен келген балалар өз жанұясымен қайта қауышып жатса, ал тұлдыр жетімдер далада қалады. Бала Кеңес те әкесінің бір танысының үйінде отымен кіріп, күлімен шығып жүреді. Бірде оны әдеміше келген, қараторы келіншек іздеп келеді. Ол келіншек К. Нұрпейістің Тұрлыхан атты шөбере әпкесі болып шығады. Екеуі 1946 жылдың күз айында Алматыға келіп орналасады. Мұнда 1952 жылға дейін №18 Жамбыл атындағы ер балалар мектебінде оқиды. Оқу нәтижесі бойынша жақсы көзге түсіп, мектепті күміс медальмен бітіреді /3/.

Көрнекті ғалымның өмір жолына ерекше әсер еткен нәрсе, ол – әкесінің жазықсыз жазалануы болса керек. Себебі өзінің әкесі секілді көптеген қазақтың арыстай ұлдары жазықсыз жазаланып, тоталитарлық жүйенің құрбаны болды емес пе?

Тағылымы мол ғалымның Алаш мәселесін зерттеуге түрткі болған қандай оқиғалар екендігін жазушы Нұрлан Оразалин өзінің естелігінде былай деп жазады: Кеңес Нұрпейісов туралы әңгіме айтқанда, өзгені білмеймін, менің тілімнің ұшына еріксіз «алаш», «алашорда», «алаш арыстары», «алаш азаматы» деген төркінінде әлдеқандай ойды тербеп, жүректі қоздайтын киелі сөз, қасиетті ұғымдар тұрады.

Себебін іздей бастасақ, он тарау ойдың әуелгі тірелер тұсы – ғалымның зерттеушілік ғұмырының ең мол кезеңін алған алашорда тарихы. Екінші бір тұсы, өзі айтқандай балалық, балғын кезінен ұйқысы мен күлкісін ұрлаған «халық жауының ұлы» деген қара таңбаның көп жылдар бойы ізінен қалмауы. Үшінші бір тұсы – бесігін тербетіп, құндағын аялаған ел мен жердің, қазақ деген халықтың тарихына 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің қанды қырғын оқиғалары өткен Қарқара болып енгені. Осынау үш себептің жүгін арқалаған ұғымдар төркінінде тұлғалы ғалым, тұғырлы азаматтардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырған ұлттық ой-жігердің, халықтық ар мен намыстың от-жалыны лаулап, елін, жерін сүйген жүректің жасыны ойнап тұрғаны күмәнсіз/4/.

Өзінің өмірбаянында: «1942 жылы С.М. Киров атындағы (қазіргі Әль-Фараби атындағы КазМҰУ) Қазақ мемлекеттік Университетіне оқуға түстім. Оқуды бітіргеннен кейін Қазақ ССР Ұлттық Академиясының тарих, археология және этнография Институтына жұмысқа қабылдандым. Осы уақыттан бастап (яғни 1958 жыл) еңбек және ғылыми қызметім басталды және кіші ғылыми қызметкерліктен бастап, ҚР Ұлттық Академиясының тарих ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне дейінгі жолды жүріп өттім. 1963 жылы кандидаттық диссертациямды, ал 1973 жылы докторлығымды қорғадым. Ғылыми зерттеудегі негізгі бағытым: ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы, ұлттық-мемлекеттік құрылыс, Қазақстанның қоғамдық саяси өмірі, ХХ ғасырдағы аграрлық-шаруалар мәселесі» - /5/деп жазады.

К.Нұрпейіс оқудың алғашқы күнінен бастап-ақ тәлімгер-педагогтар мен бірге оқитын жолдастарының назарын табандылығы мен эрудициясына, сұңғыла ойы мен терең біліміне аударады. Төменгі курста жүрген кезінде-ақ оның ғылыми баяндамалары мен хабарламалары оқытушылар мен студенттердің үлкен қызығушылығын тудырады. Өйткені осы еңбектерінде Кеңес Нұрпейіс өзін дереккөздерге талдау жасай алатын, ең бастысы, кез келген аудиторияда өз ұстанымын сауатты әрі дәлелді көрсете білетін болашақ зерттеуші ретінде көрсетті. Сол кездің өзінде-ақ К.Нұрпейіс, негізінен, дәстүрден де алыстап кетпей, тарихшылар мен қоғам қайраткерлерінің түрлі пікірлерін тарих ғылымындағы жаңа үрдістердің тууы мен дамуын бейнелей отыра, өзіндік бір ерекшелікпен жинақтады. Сондықтан университетті үздік бітірген Кеңес Нұрпейістің білім ордасында қалдырылуына ешкім де таңданбады/6/.

Ғылым шыңына алғашқы қадамы сонау студенттік жылдардан бастау алады, қазақтың шынайы тарихын қайта жаңғырту, өткен өмірдегі «ақтаңдақтарды», сталинизм құрбандарының есімдерін халықтың зердесіне қайтару үшін аянбай нәтижелі еңбек етті. Еліміздің тарихындағы түбегейлі мәселелер бойынша тың пікірлер айтып, жаңаша көзқараста жазылған оқулықтар мен оқу құралдарының баспадан шығарылуына белсене ат салысты.

1958 жылы ақпанда К.Н.Нұрпейіс Ш.Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институтында кіші ғылыми қызметкер болып қабылданып, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейінгі жолдан өтті.

Бала кезінен білім шыңына өрлеп, осы мақсатта сан алуан қиындықтарды жеңе отырып, туған халқына, еліне еңбегі сіңген, ғылымға зор үлес қосқан ғалым дәрежесіне көтерілді.

Жас ғалымның ұстаздары, А.Н.Нүсіпбеков, С.Н.Покровский, Г.Ф.Дахшлейгер, т.б. болды, олар ғалымның қалыптасуына зор ықпал етті. Жаратылысы мен тегіндегі талабы ғылымның шыңына жетуге ықпал етті. Ғылымда жетістікке жетуін инемен құдық қазып, су шығарғандай болса, өзінің саналы өмірінде тарихтың сан-алуан шыңырау құдықтарын қазып, солардан шыққан шырынды сулар халқымыздың рухани сусынын қандырды. Талапшыл жас еліміздің азаматтық тұрмысының тарихын ғана емес, ұлттық мемлекеттің қалыптасуының, дамуының ең маңызды мәселелері, әсіресе, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы төңкерістер оқиғаларын, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы мен азамат соғысы тарихын зерттеумен айналысты. Үлкен ізденістердің нәтижесінде «Қазақстандағы Кеңестер билігі үшін күрес», «Қазақстандағы Октябрь революциясы мен азамат соғысының тарихы», естеліктер жинақтары, «Орта Азия мен Қазақстандағы шетел интервенциясы және азамат соғысы» атты құжаттыр мен материалдар жинақтары және басқа да іргелі басылымдар жарық көрді. 1968 жылы ол орыс тілінде «Қазақстан Кеңестері жұмысшылар мен шаруалар билігін нығайту үшін күресте » атты монографиясын жариялады. 1972 жылы ғалым «Қазақстанның шаруалар советтері (1917-1929)» деген іргелі монография шығарып, соның негізінде «Қазақстанның шаруалар Кеңестері (ауылдық Советтерінің 1917-1929 ж.ж. құрылуы, нығаюы және практикалық қызметінің тарихы)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Еңбектері әділ де, көңілге қонарлық шешімін алып отырды.

Бұдан кейінгі жылдарда ғалымның зерттеу еңбектеріне 1918-1920 ж.ж. ұлттық-мемлекеттік құрылыс, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылу тарихы, Орта Азия Республикалары мен Қазақстанның ұлттық, территориялық межеленуі, Кеңес өкіметінің Қазақстандағы аграрлық реформалары, республикадағы қоғамдық-саяси өмір мәселелері енді. Олар: «Қазақстан Советтерінің І Құрылтай съезі», «Қазақстан – республикам менің», орыс тілінде «Қазақстан шаруаларының тарихы», «Қазақстан Кеңестерінің құрылуы» , «Куйбышев және Қазақстан» (В.С. Познанскимен бірігіп жазған) және басқа кітаптар/7/.

1978-1981 ж.ж. негізгі авторлардың бірі ретінде көне заманнан бүгінге дейінгі «Қазақ ССР тарихын» шығаруға қатысуы үлкен маңызы бар іс болды. Осы жұмысы үшін 1982 жылы Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының біраз ғалымдарымен біге Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды.

Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты Отан тарихын терең әрі жан-жақты зерттеу мәселесі тұрды Осыған байланысты К. Нұрпейіс алғашқылардың бірі болып ХХ ғ. бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихын, 1917 ж. ақпан және қазан революциялары мен Алаш қайраткерлері жетекшілік еткен Қазақ Автономиясының тарихын объективтік тұрғыдан зерттеу мәселесін көтерді және көп ұзамай өзінің «Алаш Һәм Алашорда» атты монографиясын жариялады . Сонымен бірге, «Алашорда» Автономиясының тарихын зерттейтін ғылыми мектептің негізін салушылардың бірі Т. Рысқұловтың өмірі мен қызметін зерттеуге үлес қосты.

Ол жоғарғы оқу орындарының 10-11сыныптарға арналған мен мектептер үшін Қазақстан тарихы бойынша оқулық пен оқу құралдарын жазуға белсене қатысып, көне заманан бүгінге дейінгі «Қазақстан тарихын» дайындауға ат салысты.

К. Нұрпейістің ғылыми редакторлығымен 15 жыл бойы «Қазақ ССР ҒА Хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы» журналының редакциялық алқасының жауапты хатшысы болды. 1998 жылдан бастап «Отан тарихы»журналының, Швецияда шығатын «Центральная Азия и Кавказ» қоғамдық-саяси журналы редакцияларының алқа мүшесі болды. «Қазақ тарихы» журналына редколлегия мүшесі, «Ұлттық энциклопедия» басылымдарының тарих секциясының төрағасы қызметін атқарды. 2004 жылы К.Нұрпейістің басшылығымен «Туған өлке» журналы шығарылды және ғалымның Отан тарихының өзекті мәселелеріне арналған 16 монография мен мақалалар жинақтары жарық көрді.

Қазақ тарихының ең қиын «ақ таңдақ» болып қалған мәселелерін зерттеп, өз елін шетелдерге де таныта білді. Әсіресе, Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен қатар Америка, Түркия елдеріне де Қазақстанды таныта білді.

Танымал ғалым ғана емес ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы және жоғары білікті ғылыми кадрлар даярлауға үлкен көңіл бөлді. Талантты жастардың басын қосып, олардың болашақ ғылыми қызметтеріне бағыт беріп отырды. Осы бағытта Ж.Б.Аширбекова «Т.Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметі және тарихи зерттеу еңбектері», Ж.Қ.Ахметова «М.Шоқайдың қоғамдық-саяси қызметінің Түркістандық кезеңі (1917-1919 ж.ж.)» атты кандидаттық диссертациялары ғалымның басшылығымен үлкен табыспен қорғалды. Сондай-ақ К. Нұрпейістің ғылыми жетекшілігімен 38 кандидаттық, 9 докторлық диссертация қорғалды. Көп жылдар бойы Қазақ мемлекеттік қыздар педадогикалық университетінің тарих факультетінде профессор ретінде дәріс берді. Студенттерге үлкен білім бере жүріп, жас оқушыларының сана-сезімдерінде патриоттық рухты қалыптастыруға дұрыс бағыт бере алды. Жұмсақ мінезді, ақжарқын, әділетті ұстаз бола білді.

Академик 400 астам ғылыми-көпшілік жұмыстарының авторы. Олардың ішінде 20-дан астам монографиялар мен кітаптар бар. Тәуелсіз еліміздің тарихи санасын қалыптастыруға зор үлес қосты. Отандық ғылымға сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. 1989 жылы Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, 2003 жылы толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 1995 жылы ол «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталады. 1998 жылы К.Н. Нұрпейіске «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы берілді.

К.Н.Нұрпейіс өмірден озса да ғалымның ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі мен тарихи мұрасы тарих ғылымына қосылған өзіндік үлесі бар бағалы туындылары, артында қалған шәкірттеріне баға жетпес мұра болып қалары сөссіз


ӘДЕБИЕТТЕР

1. АОММ, 1099-қор, 1-тізімдеме, 16-іс.71-б.

2. Сонда, 71-б.

3. АОММ, 1099-қор, 1-тізімдеме, 264-іс. 1-б.

4. Оразалин Н. Алаштұлғалы. // Хантәңірі.- 2008. -11 қазан. 3-б.

5. АОММ, 1099-қор, 1-тізімдеме, 151-іс. 22-б.

6. АОММ, 1099-қор, 1-тізімдеме, 252-іс. 12-б.

7.Кеңес Нұрпейісұлы Нұпейіс: Қазақстан ғалымдарының биобиблиографиясының материалдары – Алматы, 2005. 12 бет.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада академик К.Н. Нұрпейістің өмірі мен қызметі қарастырылған.


РЕЗЮМЕ

В статье рассматривается жизнь и деятельность академика К.Н. Нұрпеиса.



ЕРТЕ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет