Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі с. Аманжолов атындығЫ



жүктеу 1.25 Mb.
бет1/5
Дата03.04.2016
өлшемі1.25 Mb.
  1   2   3   4   5
:


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

С. АМАНЖОЛОВ АТЫНДЫҒЫ

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
М. Нұрхатова .өңдеген Е. Құлжабаев.

Музыкалық білім берудің әдістемелері.

Оқу құралы

ӨСКЕМЕН, 2005

МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ.....................................................................................................................4

1 ТАРАУ. МУЗЫКА ПӘН МҰҒАЛІМІНІҢ КӘСІБИ – ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ІС - ӘРЕКЕТТЕРІНІҢ НЕГІЗДЕРІ.................................................................................5

2 ТАРАУ. ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ҚАЗАҚ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МУЗЫКА ПӘНІНЕ АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАЛАРҒА ТҮСІНІКТЕМЕ........................11

2.1 «Музыка бағдарламасы. 1-4 сыныптар»..................................................11

2.2 «Музыка бағдарламасы. 5-6 сыныптар».................................................16

2.3 «Елім-ай» бағдарламасы............................................................................17

2.4 «Мұрагер» бағдарламасы..........................................................................20

2.5 12 жылдық білім берудің бастауыш мектебіне арналған «Музыка» пәні бойынша бағдарламаның негізгі ережелері..........................................................23

3 ТАРАУ. МЕКТЕПТЕГІ МУЗЫКА ТӘРБИЕСІ ЖҮЙЕСІНІҢ НЕГІЗГІ ТҮРІ – МУЗЫКА САБАҒЫ.................................................................................................27

3.1 Музыка сабағы туралы...............................................................................27

3.2 Музыкалық тәрбиенің негізгі бағыттары.................................................30

3.3 Оқушылардың музыкаға баулу мен тәрбиелеудің негізгі әдістемелері…………………………………………………………………….......32

3.4 Оқушылардың музыкалық қабілеттерін дамыту әдістемелері...............35

3.5 Оқушылардың музыка тыңдау мәдениетін қалыптастыру жолдары.....36

3.6 Музыка сауатына арналған сабақтарды өткізу әдістемесі......................38

3.7 Оқушылардың ән айту мәдениетін дамыту..............................................39

3.8 Мектептегі хор ұйымдастыру жолдары....................................................40

4 ТАРАУ. МУЗЫКА САБАҒЫН ӨТКІЗУДІҢ КЕЙБІР ҮЛГІЛЕРІ ЖӘНЕ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ................................................................................................................43

4.1 Қазақтың ауыз шығармашылығын музыка сабағында қолданудың әдістемелік жолдары.................................................................................................43

4.2 Музыка сабағында аспаптарды қолдану әдіс-тәсілдері...........................50

4.3 Сабақ барысы үлгілері, музыка сабақтарын өз бетімен талдай білуге үйрету үлгілері...........................................................................................................60

ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................................73

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................................................................................74

А ҚОСЫМША. МЕРЕКЕЛІК САХНАМАЛАР ....................................................78

Б ҚОСЫМША. МУЗЫКАЛЫҚ СӨЗДІК..............................................................107

КІРІСПЕ
Елімізде білім беру, жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелері саласында түбегейлі, шұғыл бетбұрыстар жасалып жатқаны белгілі. Тәуелсіздік туын тіккен жас мемлекетіміздің болашағына тұтқа болар білімді де білгір, білікті азаматтар даярлау – бүгінгі күннің келелі мақсаттарының бірі. Сондықтан да мектептердегі оқу- тәрбие жұмыстары мен педагогикалық ғылым жүйесінде бұрыннан жинақталған мол тәжірибелердің тиімді жақтарын сұрыптай пайдалана отырып, қазіргі қоғамдық - әлеуметтік үрдістерге сай, жаңаша түсінік- таныммен жан-жақты білім беру, келешектің әмбебап маман мұрагерлерін дайындау міндеті қойылып отыр.

Осындай мақсаттағы кең көлемді бағдарламалық жоспарлар өз кезегінде оқу- тәрбие жұмыстарын жүргізуге де үлкен өзгерістер енгізіп, мектеп мұғалімдері қызметінің ауқымын арттырып, олардың ұстаздық шеберлік деңгейінің аса жоғары болуын талап етуде. Соған байланысты әр салада жеке пәндер бойынша жаңа бағдарламалар енгізіліп, оқу құралдарын жаңаша бағытта қайта түзу қажеттігінің туғандығы да заңды құбылыс.

Жалпы білім беретін орта мектептерде музыкалық педагогика саласы бойынша жаңа бағдарламалар жасалып, оқулықтар жазылады. Негізінде тек мұғалімнің музыка пәнінен сабақты қалай ұйымдастырып, қалай жүргізуі керектігі жөніндегі бағыт-бағдар беретін әдістемелік оқу құралдары ғана жарық көреді. Бірақ та жаңа заман талабына сай істелген бұл жұмыстар саны болашақ музыка мұғалімдері үшін әлі де болса жеткіліксіз. Себебі оқулықтар аз, әдістемелік оқу құралдары қалалық мектепте істейтін, жоғарғы оқу орындарының мамандарымен байланысып жұмыс істей алатын музыка пәні мұғалімдерінде ғана кездеседі. Ал болашақ музыка мамандарына және ауылды аймақтағы музыка пәні мұғалімдеріне де әдістемелік көмек өте қажет. Оларға жаңа, ауқымды әдістемелік оқу құралы керек болып отырғандықтан, мен өзімнің көп жылдар бойы еңбек еткен тәжірибемді жинақтап, жүйелеп ұсынып отырмын.


1 ТАРАУ. МУЗЫКА ПӘН МҰҒАЛІМІНІҢ КӘСІБИ – ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ІС - ӘРЕКЕТТЕРІНІҢ НЕГІЗДЕРІ
Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру барысында қазіргі кезде Қазақстанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясы мен оқу – тәрбие ісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, жастардың шығармашылық іскерлігін дамытуды,музыка пән мұғалімінің іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды талап етеді.

Еліміздің болашақта көркейіп өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді.

Қазіргі білім беру саласындағы басты мәселе - әлеуметтік- педагогикалық және ұйымдастыру тұрғысынан білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді, жаңа әдістерін іздестіру, оларды жүзеге асыра алатын мұғалімдерді даярлау.

Мұғалімдерді даярлау – қай уақытта да ең өзекті мәселелер қатарына кіретіні белгілі. Себебі қоғамның әлеуметтік- экономикалық міндеттері заманына сай өзгерістерге ұшырап, өскелең ұрпақты соған лайықтап өмірге бейімдеудің жаңа талаптары туындап отырады.

Қазіргі мектеп жағдайындағы білім берудің ұлттық моделіне өту, оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс -тәсілдерін, жаңа инновациялық педагагикалық технологияны игерген, психологиялық- педагогикалық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан бұрынғы ескі сүрлеуден тез арада арылуға қабілетті және нақты тәжірибелік іс -әрекет үстінде өзіндік даңғыл жол салуға икемді, шығармашыл педагог – зерттеуші, ойшыл мұғалім болуын қажет етеді.

Мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқыту үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді.

Кез келген елдің экономикалық қуаты, халқының өмір сүру деңгейінің жоғарылығы, дүниежүзілік қауымдастықтағы орны мен салмағы сол елдің технологиялық даму деңгейімен анықталмақ.. Жалпы қоғам дамуы мен жаңа технологияны енгізу сапалылығы осы елдегі білім беру ісінің жолға қойылғандығы мен осы саланы ақпараттандыру деңгейіне келіп тіреледі. Экономикалық күшті дамыған елдердің тәжіибесі білім беру жүйесін ақпараттандыру экономика, ғылым және мәдениеттің қарқынды дамуының негізгі кілті екендігін көрсетіп отыр.Ендеше, ол үшін болашақ мұғалімдерді даярлауда жоғары оқу орындары жаңаша жұмыстар атқаруы тиіс. Бұл жоғары оқу орнында мамандар даярлаудың сапасын арттыруды, мұғалім тұлғасының өздігінен дамуына, оның шығармашылық қабілетінің артуына мүмкіндік жасауды және оқу-тәрбие үрдісін жетілдіруді қамтамасыз ететін жаңа педагогикалық технологияларды пайдалануды көздейді.Технологияны педагогикалық іс-әрекетті қайта құрудың жүйелі тұтас құралы ретінде тиімді пайдалану оқу-тәрбие үрдісінің сапасын жақсартуға, жеке тұлғаны дамыту міндеттерін шешуге септігін тигізеді.Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологиясын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Оқу барысында музыка пән мұғалімі оқылатын пән мен оқушы арасындағы дәнекер түйін сияқты.Ол өз оқушысымен де, оқытатын пәнімен де тығыз байланыста. Осының өзі музыка пән мұғалімінің бүкіл іс-қимыл ерекетімен қызметіне оның тұлғасына, белгілі бір өріс аумағына сай талап қояды. Осыған орай музыка пән муғалімінің іс-әрекетінің, қызметінің өзіндік ерекшілігінің мәні зор екені байқалады. Оқытушы өзінің жұмысында әрбір оқушыға өз алдына жеке-жеке педагагикалық тәсілдер қолданады. Болашақ маманның ең негізгі міндеті – таңдаған мамандығы бойынша теориялық білім мен тәжірибелік дағдысын ұдайы меңгеру болса, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына педагогикалық іс-тәжірибе кезеңінің зор көмегі болады.Мектепке музыка пән мұғалімдерін кәсіптік мамандыққа сәйкес даярлауда негізгі мақсаты-музыка өнеріне баулу.

Музыка өнері тек эстетикалық тәрбие құралы емес, оның өзге де сипаттары бар: ұлттық болмыс, мазмұн, сипат. Сондықтан да жастардың тәрбиесіне ықпал ететіндей жаңаша түрін іздеу керек. Музыка өнері әр түрлі қызмет атқара алады:

1) Қатынастық қызмет.

2) Кәсіби бағытпен тікелей байланыста музыканы дамыту.

3) Жастар ойын, олардың жалпы білімдік деңгейін мамандыққа сәйкес дамыту.

4) Мамандыққа сәйкес тәрбиелік қызмет т.б.

Осылардың негізінде орындалатын біздің міндетіміз:



  • қазақтың ұлттық мәдениетінің жай-күйін зерттеу;

  • жастар арасындағы мәдени-рухани байлықтарды кеңейту;

  • музыка саласындағы жетістіктерін насихаттау;

  • жас ұрпақтың эстетикалық тәрбиесіне мейлінше көңіл бөлу.

Музыкалық білім мен тәрбие берудің негізі- ұлттық дәстүрде. Қазақ халқының мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін зерттеу мәселесі де жас ұрпақ тәрбиесінде ерекше маңызға ие болды.Оқушы музыка әуенінің өзіндік ерекшілігін, табиғатын түсінуі керек. Кез келген музыкалық шығарма мінездемесі, құрылымы, мазмұны, жанры,стилі, шығу тарихы жағынан бірінші кезеңде тұтастық талдау әдісіне бағынышты. Екінші кезеңдегі бөлшектеп талдау әдісі музыканы өңдеу,әуенді музыкалық құралдардың айқындылығын меңгеруді тереңдетеді. Ал, үшінші кезеңдегі тұтас талдау әдісі өнердің бір-біріне жақын түрлерін біріктіреді. Мектептегі барлық оқу және сыныптан тыс эстетикалық бағыттағы жұмыс барысы музыка пән мұғалімінің кәсіби білімін, іскерлігін талап етеді. Жоғары оқу орындарында «Музыкалық білім беру» мамандығы бойынша «Музыкалық білім берудің әдістемесі»- болашақ маман музыка пән мұғалімін кәсіби-педагог ретінде дайындауға бағытталған оқу пәндер циклында негізгі және интегралданған пән.Осы пәнді оқыту барысында әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады.Мысалы:

  • жергілікті мекен жайдағы таңдаулы мұғалімдердің сабақтарын көрсетіп,сол мұғалімнің көзге түсерлік қыры мен сырын аңғартып жазбаша талдау жасатқызу;

  • өз аумағымыздағы мәдени өзгешілікпен таныстырып,болашақ мамандарды кітап оқу арқылы ғана емес, әр түрлі экскурсиялар,жорықтар,көрмелерге, театрларға бару арқылы баулу;

  • өзін-өзі жаттықтыруға оқу теледидарын және аутогендік жаттығулар әдісін қолдану ( өзін-өзі бақылау, өзін-өзі талдау);

Іздемпаздыққа тәрбиелеу үшін оқытушы тағы да бір тәсілдерді үйрете алады.

  • өз бетінше іс басқару, өзгеге жалтақтамау, тыңнан жол салуға баулу;

  • тәуекелге бел байлау;

  • белсенділік, әуесқойлық, іздену жолындағы жігерлік;

  • қалыптасқан дәстүрге сын көзбен қарау, ұнамаған әдіс-тәсілдерді өзгерту жолында жаңа ойлай білу;

  • өзге тұлғалармен араласып, өз ойларымен бөлісе білу.

Жоғарыда айтылғанның бәрін ескере отырып, музыка пәні мұғалімінің бірнеше кезеңнен тұратын ұзақ оқу процессінде оның алдына қойылатын міндеттерді көрсетуге болады: оқушылардың музыка өнеріне қызығушылығын ояту, дамыту; олардың музыканы қабылдау қабілетін дамытуды жүйелі түрде ұйымдастыру әне халықтық мұра – орындаушылықты насихаттау.

Музыка мұғалімінің қызметі ұйымдастырушылық, танымдық, эмоционалдық, т.б. бірнеше бағытта жүргізіледі:

Ұйымдастырушылық бағыт мұғалімнің оқыту, тәрбиелеу процессін жоспарлау және ұйымдастырудан құрылады. Бұл оқу материалын іріктеу, оқу және тәрбие жұмыстарының түрлі формаларын, сабақ барысын ұйымдастыру, т.б. Бұл үшін мұғаім мынадай заңдылықтарды білуге тиіс:


  • мектептегі музыкалық қызметті ұйымадастырудың негізгі формаларын;

  • ұлттық бағдарламаның мазмұнын, оның идеялық, теориялық негізін, дидактикалық принциптері мен әдістерін;

  • музыкалық шығарманың көркемдік және тәрбиелік мәнін;

  • оқушылардың жас ерекшеліктерін;

  • оқыту -тәрбиелеу процессін ұйымдастырудың формалары мен әдістерін әр сынып деңгейіне байланысты таңдай білу;

Танымдық бағыт мұғалімнің оқушылардың ой қызметін басқаруына байланысты құрылады.

Бұл үшін мұғалім:



  • ғылыми теорияның методологиялық және психологиялық-педагогикалық негіздерін білуге;

  • білім мен дағдының дидактикалық принциптерінің қалыптасуын қадағалауға;

  • танымдық процесстердің мүмкіншіліктерін және ақыл-ой қызметін бірте-бірте жетілдіру арқылы басқаруға;

  • оқытуды анық логикалық түсініктемелер арқылы құра білу;

  • пәнаралық байланысты қолана отырып, жүйелі білім беруге;

  • өткен материал мен өтілетін материалды байланыстыра отырып, логикалық шешемдерді жасауға;

  • оқушы бойында музыкалық білім алуға өз еркімен ұмтылысын тәрбиелеуге міндетті.

Эмоцианалдық бағыт мұғалімнің музыка өнеріне деген көзқарасына және оның оқушылардың әсемдікті сезіну қабілетін қалыптастыруына байланысты анықталады.

Бұл үшін музыка мұғалімі мынаны ескеру қажет:



  • мектептегі музыкалық тәрбие жұмысының қоғамдық тәрбиедегі ролін;

  • эмоцианалдық тәрбиенің жеке адамның жан-жақты қалыптасуындағы маңызын;

  • музыка өнерінің адамға тигізер әсерінің ерекшеліктерін;

Сонымен қатар музыка маманы бала бойында музыкаға эмоцианалдық көзқарасты тәрбиелеуге, эстетикалық қажеттілікті дамытуды бағыттауға, әсемдікті музыкалық форманың ең жетілген түрлері мен идеялық-образдық мазмұнының бірлігі арқылы қалыптастыруға міндетті. Және музыка өнері арқылы патриотизм, интернациолизм сезімін тәрбиелеуге, музыкалық материалды толық игеру үшін сабақ барысында эмоцианалдық қалыпты сақтауға, оқушылардың музыка өнерін терең ұғынуы үшін эстетикалық толғаныс әлемін байыту, кеңейту үшін жұмыстануға міндетті.

Ізденішілік бағыт мұғалімнің оқу процессін жетілдіру арқылы және кәсіби шеберлігін көтеру арқылы көрінеді.

Бұл мұғалімнің өзінің музыкалық- педагогикалық қызметін талдау мен және озат педагогтар тәжірибесін, жаңа әдістерді педагогикалық қызметке енгізуімен ұштастырылады.

Мұғалім ғылыми зерттеулердің теориялық негізін және зерттеу жұмысын өткізу әдістемесін білуге тиіс. Сонымен қатар педагогикалық кәсіби шеберлігіне мына талаптар қойылады:



  • оқу процессін бақылауға және талдауға;

  • педагогикалық фактілерді бір жүйеге келтіруге;

  • кез келген педагогикалық оқиғаға музыкалық білімін, педагогикалық біліктілігін қолдана білуге;

  • музыка сабағының құрылымына жаңа формалар, әдістер қолдану жолында үнемі ізденіс үстінде болуға;

  • сабақтың тақырыбын ашу мақсатына сәйкес қосымша материалдар қолдануға;

  • өз еңбегінің жемісін болжай білуге;

  • оқушылардың музыкалық даму деңгейін білуге;

  • үнемі білімін жетілдіруге, орындаушылық тәжірибесін, музыкалық репертуарын толықтыруға, оқышулармен сөздік байланыс шеберлігін жетілдіруге міндетті.

2 ТАРАУ. ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ҚАЗАҚ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МУЗЫКА ПӘНІНЕ АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАЛАРҒА ТҮСІНІКТЕМЕ

2.1 «Музыка бағдарламасы. 1-4 сыныптар»
Музыканың өнер құралы ретінде орасан зор тәрбиелік мүмкіндігі бар. Ол өмірдің ажырамас бір бөлігі және оны бөліп қарастыруға болмайды. Қоршаған орта музыка тілі арқылы адамға аудармасыз-ақ түсінікті де жақын бола түседі. Музыкалық көркем бейне оқушыларды қоршаған ортада болып жатқан түрлі құбылыстардың шын бейнесін ашуда жаңаша ойлау өрісін байытып, өмірлік тәжірибесін кеңейтеді.

Музыка эстетикалық тәрбиенің маңызды бір бөлігі бола отырып жеке тұлғаның ақыл ойы мен дене бітімін жетілдіріп, жан-жақты өмір тәжірибесін кеңейтуге, қызығушылық біліктілігін және ойлау қабілетін дамытуға , шығармашылық іскерлікке тәрбиелеуге мүмкіндік туғызады.

Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныптарында музыка сабақтары білім беру мен тәрбие берудің маңызды бір саласы болып табылады. Музыка пәнінің маңызы қоғамның әлеуметтік сұранысына жауап бере отырып, оқушыларды халықтық ( ұлттық) музыкаға баулиды.

Халықтық музыкалық фольклорына құрметпен қарап, ұлттық салт-дәстүрімізді қастерлеуге баланы жас кезінен баулығанда ғана, ол ертеңгі өз отанының нағыз азаматы болады.Халық музыкасы мен кәсіптік (профессионал) музыканың өзара байланысын сезіну арқылы бала классикалық күрделі музыканы түйсінеді. Сондай-ақ , ұлттық музыка мен дүниежүзі музыкасындағы халық ән-күйлері аудармасыз-ақ,, бар халыққа түсінікті тіл екендігін ұғынады.



Музыкалық тәрбие берудің басты мақсаты – музыка өнері арқылы рухани бай, шығармашылығы мол, халық өнерін өмірдің бейнесі ретінде түсініп, оны сүйе білетін, халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін қастерлейтін, классикалық музыканы және басқа халықтардың өнерін құрмет тұтатын жеке тұлға тәрбиелеу.
Тәрбиелік және білімдік міндеттері:

1) Халық музыкасына құрметпен қарау, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымызды қастерлеуге тәрбиелеу, қазақ музыкасы мен өнерінің өзара байланысын түсінуін қамтамасыз ету.

2) Басқа халықтардың музыкасын сыйлап, өз халқыңның музыкасымен ұқсас, жақын жерлерін таба білуге көмектесу.

3) Классикалық музыкаға және дүниежүзінің музыка өнеріне жақындастыру, белгілі композиторлардың, музыкантардың, орындаушылардың шығармашылығымен таныстыру,солардың үлгілерінде тәрбиелеу.

4) Музыка тыңдау және орындау барысында оған шығармашылықпен қарауға тәрбиелеу, қызығушылығы мен қиялын өмір құбылыстары және музыканың өзара тығыз байланысын түсіндіру негізінде дамыту.

5) Музыканың көркем бейнесіне сәйкес мәнерлеп орындау, біліктілігін дамыту, оны түсіну мен сезіне білу талғамын қалыптастыру.

6) Музыкалық қабілеттілігін дамыту және білім беру.

Музыка пәнінің мазмұны барлық сыныптарға ортақ бір тақырып айналасына шоғырланады «Ән-күй – халық қазнасы». Осы тақырып 1-4 сыныптардың әрбірінің музыкалық материалдарынан көрініс тауып, жүйелілік пен бірізділік ұстанымы сақталып, негізгі тақырыптары ашылады. Олар мынадай тәртіппен орналасқан:



  • Сырлы да сазды әуен

  • Күмбірлеген күміс күй

  • Ән мен күй халық үні

  • Аңыз – ертегі әлеміндегі ән мен күй

  • Эпос сарыны

  • Ақылың болса, жыр тыңда

  • Айтыс өнері

  • Күй тартыс

  • Қос арна

  • Халық музыкасының әлемдік арнаға ұласуы

Музыка сабағы іс-әрекеттің негізгі түрлерін ескеріп, бірлестікте құрылған: ән айту, музыка тыңдау, музыка сауаттылық және басқа қосымша іс-әрекеттер,шығармашылық тапсырмалар



Музыка сабағының негізгі бөлімі- хор мен ән айту.

Бұл көпшілікке қолайлы іс- әрекет болып табылады. Ол балаларға әнді ұжым болып орындау барысында шығармаға өз қатынасын білдіруге мүмкіндік береді.Әр сыныптан келесі сыныпқа көшіуге жүйеле және бірізді жұмыс жасай отырып, шығарманы тыңдап,оны түсініп, әнді таза, ашық, мәнерлі орындағанда, сонда ғана ән айту әдісі тәрбиелік міндеттерге сай келеді.Ән айту біртұтас жинақталған процесс болып табылады.Ән айтуға баланың барлық организмі: тыныс алуы, нерв жүйесі, бұлшық еттері,артикуляциялық және дыбыс шығарушы аппараттары қатысады.Дұрыс орындалмаған жұмыс ән айту процесіне кері әсерін тигізеді.Сондықтан ән айту жұмысы бірінші сыныптан бастап жүргізіп,барлық сыныптар бойына жалғастырылып отырады.

Бағдарламадағы негізгі талаптар үнемі толықтырылып,кеңейтіліп отырылуы ескерілген.Ән айтудың қалыптасуына таңдап алған материалдар да әсер етеді.Онда көркемдік жағынан құнды, ашық, мазмұны түсінікті, орындауға жеңіл, ыңғайлы және дамытушылығы жағы басым болуы көзделеді.

4 жыл бойына оқушылардың қазақтың халық әндері мен басқа халықтардың әндерін, Қазақстан композиторларының әндерін түсінуге, оған сүйіспеншілікпен қарауға, көркемдік талғамы мен музыкалық қабілетін дамытуға (музыканы есту қабілеті, ырғақты сезінуі, есте сақтай білу, орындаушылық қабілеті т.б.) қол жеткізіледі.

Әрбір сыныптың репертуарына әртүрлі көңіл-күйлі әндер: жеңіл және сергек, ширақ орындауды талап ететін әндер мен әуендер,бірқалыпты, кантиленді әуендетілген т.б.

Бірінші жартыжылдықтың тақырыбы «Сырлы да сазды әуен».Балалар алтын қорға» енген қазақтың халық әндерімен, қазақтың әдет-ғұрпымен, салт- дәстүрлерімен толық таныса алады. Оларға бесік жырлары; тұсау кесу, төрт түлік малға арналған әндер, табиғат туралы және Қазақстан композиторларының әндері жатады.

Екінші жартыжылдықта «Күмбірлеген күміс күй» атты тақырып бойынша балалар қазақ елінің шығармашылығымен танысуды одан әрі жалғастырады.

Екінші сыныпта оқушылар халық әндері мен Қазақстан композиторларының әндерін, оған қоса « Жыл басы кім болады?» атты операмен танысып, ертегідегі кейіпкерлердің әнін орындайды.

Үшінші сыныпта халық әндері және қазіргі заманғы әндердің репертуары біртіндеп күрделене түседі, яғни екі дауысты элементтермен орындайды.

Төртінші сыныптың репертуарында тек екі дауысты немесе канонмен айтылатын әндер ғана емес, сонымен қатар орындауы қиындау мазмұны жағынан және ырғақтарында ерекшеліктері бар, дыбыс биіктігі,гармониялық есту қабілетін дамытатын диапозонды кеңейтуге көмектесетін әндер берілген.

Барлық сыныптарда әнді дұрыс айту қалпына талап қойылады:

Әуенді таза айту, дыбыстың әсем, нәзік, әуелі дыбысталуына, бірқалыпты дем алуына, сөз текстісін анық айту, дауысты, дауыссыз дыбыстарды дөңгелендіріп дұрыс орындау т.б.

Музыкалық тәрбие берудегі музыка тыңдау – музыка пәнінің маңызды бір бөлігі болып табылады. Ол музыкалық жан – жақтылықты кеңейтеді, музыкалық білімін толықтыра отырып, қабылдауын дамытады, сүйішпеншілігі мен көркемдік талғамын қалыптастырады.

Музыка тыңдау барысында шартты түрде бастауыш сынып оқушыларының қабылдауын былайша топтастыруға болады: шығарманың мазмұнын елестету, оның жанры, құрылысы және басқа көркемдік құралдарын ажырату.

Оқушылар бірінші сыныпта ән немесе күй жанры жөнінде толығымен мағлұмат алады: Ал, екінші сыныпта олар күрделі фактурасы бар « Жыл басы кім болады?» атты балалар операсы мен аңыз – күй «Жетім бала» эпикалық бірнеше көріністен тұратын көлемді күймен танысады.

Үшінші сыныпта ән мен сөздің өзара тығыз байланысымен қазақтың ұлттық шығармашылығы түрлерімен: терме, жыр, айтыс, күй тартыс, атқты жыршы – термеші, күйшілерімен танысады.

Төртінші сыныпта бағдарламаның музыка тыңдау бөлімі жүйелі бірізділікпен жалғасып отырады. Оқушылар ән мен күйдің күрделі музыкада «жаңа өмірге» ие болғанын көре отырып, композиторларының шеберлігінің арқасында халық музыкасының түрленіп, жаңа бояулармен нәрленгенін байқайды. Қазақстанның және шетел шығармаларымен танысу музыканың күрделі жанрлары мен формаларын білуге көмектеседі.

Музыкалық сауаттылық. Оқушылар музыканы қабылдай білу үшін, оның «тірі» өнер екенін өмірімен тығыз байланыста болатынын түйсінуі қажет. Музыканы ести білу тәжірибиесі балаларға 1-4 сыныптар бойында халық музыкасын орындау мен тыңдатуда, қазіргі мектеп оқушыларына арналған композиторлық әндерді айтуда, халық күйлерін,классикалық музыка тыңдатуда т.б. бір – бірінен өзара айырмашылықтарын ажыратуда ықпал етеді. Ән айту кезінде және музыка тыңдағанда балалар біртіндеп музыкалық сауаттылықты да игереді. Шығарманың мазмұны мен көңіл – күйі жөнінде мәліметтер алады, музыканың көркемдік құралдарымен – темп, дыбыс күші, әуенділік, ырғақ, дыбыс биіктігі танысады. Шығарманың жанры және құрылысы, музыкалық аспаптар мен халық аспаптар оркестрі симфониялық оркестр, хор және хордың құрамы жөнінде мағлұмат алады. Оқушылардың алған білімдері сыныптан сыныпқа көшкен сайын толықтырылып, ұлғайтыла түседі. Оқыту процесінде оқушылардың музыканы танып білуі іс жүзінде асырылады. Нота сауаты оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес 3 сыныптан бастап ендіріледі.



  1   2   3   4   5


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет