Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі



жүктеу 1.52 Mb.
бет2/5
Дата03.04.2016
өлшемі1.52 Mb.
түріДиссертация
1   2   3   4   5
: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Жылдарга “Кургак учук-iv” программасы
2013 -> Қорытынды Пайдаланылған әдебиеттер
2013 -> Создание информационной системы движения ценных бумаг на примере атф банка
2013 -> 1 Геологическая часть
2013 -> Оригинал: Политическая деятельность Урус-хана и его место в истории казахской государственности // Отан тарихы (Отечественная история). 2006, №1, стр. 89-95
2013 -> «Жануарға ветеринариялық паспорт беру» мемлекеттік қызмет стандарты
2013 -> I тарау. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану мәселелері
2013 -> Жалпы білім деңгейіне мемлекеттік талап оқушылардың оқу кезеңін бітіру кезіндегі алатын білімі мен біліктіліктерінің қажетті минимум деңгейін анықтайды
2013 -> Мазмұны кіріспе
2013 -> АҚПараттық хат құрметті әріптестер!

1.2. Лексикалық норма және оның қолданылу аясы.
Академик Л.В.Щерба өзінің «лексикографияның жалпы теориясын жасау тәжірибесі» атты бағдарламалық мақаласында сөздіктердің негізгі типтерін анықтауды мақсат етеді. Ғалым академиялық типтегі сөздікті анықтамалық сөздікке қарсы қоя отырып, түсіндірме сөздік аталып жүрген бір тілді сөздіктерді екі топқа бөледі [28,89].

Ғалымның пікірі бойынша, түсіндірме сөздіктер әдетте белгілі бір әдеби тілге қатысты не сол әдеби тілдің қалыптасуына, нормалануына қызмет ету мақсатымен («Француз академиясының сөздігі») немесе сол әдеби тілдің белгілі бір себептермен түсініксіз болып отырған элементтерін айқындау мақсатымен, демек, бұл жолы да әдеби тілді қалыптастыру, оны байыту, ең бастысы – оның байлығын жақсы меңгеру мақсатымен жасалады. Ғалым академиялық және анықтамалық сөздік терминдерінің шартты түрде алынып отырғандығын ескертеді, яғни ғылыми терминнің шарттылығын мойындайды.

Академиялық сөздікті адамның өзі бұрыннан білетін сөзінің қолданылу ерекшеліктерін айқындау, біле түсу мақсатымен құрылатын кітап ретінде, ал анықтамалық сөздікті тек қана сөздің мағынасын анықтау мақсатымен қаралатын кітап ретінде қарастырады.

Адамдардың нормативті (немесе академиялық) сөздікке біліктерін тексеру үшін және белгілі бір контекске қажетті сөзді іздеген кезде қарайтындығын, ал өздеріне оншалықты таныс емес өзге тілдердегі мәтіндерді, әсіресе сол тілдердегі кәсіби әдебиет мәтіндерін оқуға, сондай-ақ ана тілінде жазылғанмен, өте көне дәуірлерге жататын ескі мәтіндерді оқуға қажеттілік туған кезде анықтамалық сөздікке қарайтындығын сөз етеді.

Бірінші типтегі сөздіктердің негізінде белгілі бір уақыт кезеңіндегі белгілі бір адамдар қауымының бірбүтін сана-сезімі жататындығын, ал екінші типтегі сөздіктерде жинақталған сөздердің түрлі тарихи кезеңдерге, түрлі қауымдарға қатысты екендігін атап өтеді.

Ғалым академиялық типтегі сөздіктердің әлеуметтік негізін айқындаудағы қиыншылықтарды сөз етеді: «Әдеби тілге әдеби сөйлеу тілімен қатар әдеби жазба тіл де кіреді. Біз өткен ғасырлардағы шығармаларды да оқи береміз. Ал, бірақ солардағы сөздердің көпшілігін түсінгенмен, оларды айтпақ былай тұрсын, жазбаймыз да. Себебі қазіргі тілдік норма басқа... осы жерден келіп актив сөздік қор, пассив сөздік қор мәселелері шығады...»

Осы тұрғыдан ғалым әдеби тілдің сөздігіне қазіргі ұрпаққа түсініксіз сөздердің кірмеуі қажеттігін, ондай сөздікке, мәселен, орыс тіліне қатысты алғанда, А.С.Пушкин қолданған сөздердің ішіндегі қазіргі тілдік нормаға қайшы келмейтіндері ғана енетіндігін ескертеді.

Бір тіл үшін екі сөздік жасаудың қажеттігін, оның біреуі – нормативті, екіншісі – тарихи анықтамалық болуы қажеттігін сөз етеді. Нормативтілік туралы: «Жақсы нормативті сөздік – нормаларды ойдан шығармайды, ол тілде бар норманы ғана сипаттайды», - дейді.

Ғалым екі сөздік жасауға мүмкіншілік болмаған жағдайда ымыраға барып, барлық жағдайын ашық атап өту қажет дейді.

1970 жылдары лексикографияның теориялық мәселелерін зерттеумен арнайы айналысқан белгілі маман В.П.Берковтың нормативтілікке қатысты айтқан пікірлеріне назар аударатын болсақ, ғалымның: «Түсіндірме сөздік, бір жағынан оқырманның сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын анықтауына мүмкіндік беретін анықтамалық құрал, екінші жағынан, ол тілдегі лексиканың ғылыми сипаттамасы бола алуы керек. Түсіндірме сөздіктер көптеген жағдайларда сонымен бірге лексиканың нормативтік сипаттамасы да бола алды. Алайда түсіндірме сөздіктердің нормативтіліктің көрсеткіші болуы міндетті емес», - дегендей ойлар айтқанын байқаймыз [29, 53]. Демек, бұл жердегі ғалымның пікірі Л.В.Щербаның пікірінен сәл өгзешелеу болып отыр. Л.В.Щерба академиялық сөздік пен нормативті сөздікті және әдеби тілдің сөздігін сөздік бір түрі ретінде қарастырады [28, 69].

В.П.Берковтың түсіндірме сөздікті ғылыми шығарма ретінде қарастыруы және анықтамалық құрал болу міндеті мен ғылыми еңбек болу міндетін бір сөздікке ұштастыру, үйлестіру жолдарын көрсетуі [29, 82-87]. Еліміздегі лексикографияның теориялық мәселелері бойынша жаңа бағдардың нышаны еді.

В.П.Берков тілдегі сөздік бірліктерді қолданылу жиілігіне қарап сұрыптау мен нормаға қарап сұрыптаудың үнемі сәйкес келе бермейтіндігін, тілде жиі қолданылатын қарапайым сөздердің нормаланбаған лексикаға жатқызылып жүргендігін ескертеді. Осыған байланысты ғалым Б.Эвенс («Түсіндірме сөздік сөздікшенің пиғылы бойынша жасалмайды») пен И.А.Бодуэн де Куртенэнің «Тілді зерттеуші әдепсіз, келіссіз сөз дегенді білмейді. Ол үшін сөздердің бәрі де бірдей әдепті, келісті сөздер. Ешқандай екіжүзділік,...болмасын!»...[30,143] деген пікірлерін келтіреді.

В.П.Берков норманың белгілі бір дәрежеде субъективті ұғым екендігіне тоқталып, бұл туралы Б. Эвенс айтқан сөзді («there is no standard for standard») келтіреді. Ғалым мұны тілдегі бір сөздің түрлі сөздіктерде әр түрлі стильдік белгілермен белгіленуінен, сондай-ақ бір тілде сөйлеуші адамдардың бір сөздің стильдік сипатын әр түрлі бағалауынан көреді.

Ғалым норманың маңызды белгілері қатарында: 1) тілдік деректердің бұрынғы жазушылар тілінде қолданылуын және ол деректердің тілде ұзақ уақыт болуын; 2) тілдік деректердің тіл заңдылықтарына сәйкес болуын, яғни тілде оларға ұқсас құбылыстың болуын; 3) тілдік деректердің таралымын атай отырып, олардың кемшіліктерін көрсетеді. Тілдегі ресми норма ретінде көбінесе нормативті құралдарды жасаушы адамдардың өздері жөн деп тапқан сөзқолданым қағидаларының жүйесі ұсынылатынын жаза отырып, түсіндірме сөздікті құрастырушы сөздікшілердің тілдегі қолданыста бар құбылыстың бәрін де сөздікке тіркеп, анықтама берулері жөн екендігіне тоқталады. Жалпы Л.В.Щерба мен В.П.Берковтың норма, нормативтілік туралы жазған ой-пікірлері ұзақ уақыт бойы еліміздегі сөздікшілер тарапынан қолдау таппай, қолданылмай, кейінге қлдырылып, лексикография мәселелерінде 1990-жылдрдн басталғн өрлеу кезеңінде ғана ескеріле бастағанын айтқан жөн.

Сөз байлығы тіл байлығы. Бірақ тілдегі сөз байлығының барлығының жұмсалу аясы бірдей емес. Халық тілінде бар сөздердің көпшілігі- ақ әдебиетте жиі қолданылып, жалпы халықтық нормаға айналды да, бірқатары қолданудан қалып қойды, немесе өте сирек қолднылады. Сөйлеу тілінде бар біраз сөздер әдебиетте кездескенімен, әдеби нормаға жатпайды. Мысалы, шаһар, кент, әм, әтеш, бойлай, жүдә сөздері бұрын-сонды жазушылардың шығармаларында кездеседі, бірақ олар әдеби емес те, - қала, және (тағы), қораз, ылғи (әрқашан), әруақытта (өне бойы), өте (аса, тым, мүлде) сөздері әдеби.

Сөздердің әдеби, әдеби еместігін айыру оңай да емес, біреуге асыл көрінген сөз екінші біреуге жасық көрінуі де мүмкін. Әдеби нормаға қай сөз жатады, қай сөз жатпайды дегенді субъективті көзқарас тұрғысынан болжамай, әдебиетте жалпы халыққа бірдей ортақ байлық ретінде жиі қолдана ма, жиі қолданылмай ма деген тұрғыдан болжау керек. Солай еткенде, әшейінде айтыла берілетін ас, шеге, тіс, су, өмір, сұлу, кір, түс, жүгір сияқты қарапайым сөздер де, махаббат, әсемпаз, дидар, жүрек, майталман тәрізді поэтикалық сөздер де, мүсін, құрылыс, өнеркәсіп, радио сияқты терминдік мәні бар сөздер де әдеби тіліміздің сөз байлығы болып есептеледі.

Қазақ әдеби тілінің сөз байлығы жалпы халықтық қасиеті бар байырғы және өзге тілдерден ауысқан сөздерден, ғылымның, өнер-білімнің, техниканың, саясаттың, мәдениеттің... әр алуан терминдерінен құралады.

Сөйлеу тілі мен әдеби тіл тығыз байланыста болғандықтан, екеуіне де ортақ сөздер көп. Бірақ сөйлеу тілінде олар ауытқығыш, құбылмалы болады. Мысалы, «есеп» сөзі бір елде, кейде бір жанұяда түрліше айтылуы мүмкін (есеп, қысап, қисап, хисап), «көшет» сөзін біреу біліп, біреу білмеуі мүмкін, «құрылыс», «құрам» сөздерінің қайсысы қай мағынада екенін қарапайым шаруа айыра алмай, ауыстырып қолдануы мүмкін. Ал, әдеби тілде ондайға жол жоқ. Онда сөздер анық, дәл, дұрыс қолданылуы тиіс. Сонда ғана ойды ешбір қалтқысыз, мүлтіксіз дұрыс айтуға болады. Ол үшін сөздер әдебиетте жұмсала жүріп әбден қалыптасып кетуге тиіс[31,115].

Мысалы, қазақ тілінде «шаруа» сөзі бұрыннан бар болатын. Оған шылық қосымшасы жалғанып «шаруашылық» сөзі жасалды, ол мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, құс шаруашылығы, ауыл шаруашылығы дегендей құрамда айтылып, мағынасы кеңейіп, қалыптасып кетті. Бұрын қазақ тілінде «революция» сөзі болмайтын. Кейін сол ұғым пайда болғанда, әдепкіде «төңкеріс» деп аталып еді. Әдеби тіл оны қабылдамады да, «революция» сол қалпында, «төңкеріс»- переворот сөзінің орнына жұмсалатын болды. Соның өзінде «революция» сөзі ескі алфавит, орфография бойынша «реуалутса», «револютсиа» түрінде жазылып, солай айтылып, ақырында, жалғыз бұл емес, сол тәрізді көптеген терминдер жөнін тауып, әбден әдеби тілмен жымдасып, тұрақты болып кетті. Сондай-ақ, мысалы, коммунист, психология, философия, геометрия сөздерінің қалыптасу тарихы бар:бір кезде коммунист сөзі «ортақшыл», «кеменис», «көменіс», «кәмуним» түрінде жазылып, айтылып келіп, бұл күнде олардың бәрі қалып қойды. Психология сөзі – «жан жүйесі», философия –«пәлсапа», геометрия – «пішіндеме», «әндаса» түрінде айтылып жүріп, кейін жазуымен араб, латын алфавиті кезінде ондай терминдерді орысша қалпында қабылданғанмен, талай саққа жүгіртіп бұзып жазатынбыз. Сөйтіп келіп, 1930-1940 жылдары олар дұрыс шешімін тауыр қалыптасып кетті.

Көптеген сөздер осы күнге дейін әдебиеттен берік орын ала алмай, қиыр-шиыр болып жүр, бірталай сөздер екі-үш түрлі нұсқада айтылып, солай жазылып берекесі қашып жүр. Мысалы: масқара – машқара, тізе –дізе, домалақ –дұмалақ, шүберек –шүперек. Сөйлеу тілінде бір сөздің, осылай, түрліше айтылуы, сөздің бұзылып айтылуы, әрине, жақсы емес. Ал, әдеби тілде де солай болса, -оңбағаны. Әдеби тілі жіптіктей халықтрға мұндайлар өрескіл-ақ. Біз шөре-шөре сөздердің дұрысын әдеби тілдің арнасына қарай бет бұрғызуға тиіспіз. Сондай уақыт жетті! Ол үшін дублет сөздердің әдебиетте жиі қолданылатын нұсқаларын әдеби нормаға жататын сөз деп тауып, соларды ғана жаппай жаза беретін болу керек.солардың ішінде екі ұштылары да жоқ емес. Мысалы: айқай-айғай, жиналыс- жиылыс, сұрақ-сұрау, палуан-балуан, ғашық-ашық, адым-қадам. Бұлардың бәрі де әдебиетте жиі қолданылады. Сонда да, бір сыңарларын негізгі етуге келісіп, әдеби нормаға айналдырып жіберуге болады. Бір кезде, мысалы, және-жана, ұшін-ұшын, өйткені-үйткені, хат-қат, қазір-кәзір сөздерінің қайсысын жазуды білмейтінбіз. Кейін әлгі сөздердің алдынғы нұсқаларын қабылдауға патуаласыпедік, бұл күнде соларымыз баянды болған жоқ па? Ондай, түрліше айтылтын сөздер аз емес, оларды да бір сүрлеуге түсіру керек.

Мұндайда қиыны - бір заттың бірнеше сөзбен аталуы. Мысалы, орысша спичка дегеннің қазақ тілінде сегіз аты бар: күкірт, оттық, шырпы, сіріңке, іспіешке, шқпақ, шишақпақ, кеуірт. Орысша «петух» дегеннің қазақша екі аты бар: қораз, әтеш.

Мұндайлардың мынасын әдеби деу қиын. Сонда да, термин сөздерді қабылдап, жұртшылыққа ұсынып, бір ізге салып жібергендей, ондай сөздерге де келісім жасай отырып, жөн сілтеуге болады.

Сөйтіп, қазақ тіліндегі сан алуан сөздердің әдеби тілге тәндері - әдеби нормаларға жататындары бар. Соларды айыра, таңдап, талғай жұмсасақ, әдеби тілдің лексикалық нормаларын тұрақты етуге мұрандық болар еді.

Сөйтіп, «лексикалық норма» дегеніміз - әдеби тілдің жалпыға ортақ сөз байлығының қалыптасқан тұлғада, жалпыға ортақ мағынада жұмсалуы. Нормаға түскен сөз қалпында қатып қалмайды, әдеби тілдің талабына лайық, заңды өзгеріске ұшырап отыруы да мүмкін.

Әдеби тілдің лексикалық нормасына жатпайтын сөздер мыналар:

1. Диалектизмдер. Бірқатар сөздер жалпы халыққа бірдей түсінікті болмай, тек кейбір облыстағы, кейбір аудандағы қазақтардың сөйлеу тілінде кездеседі. Олар жер-жерде әдеби тілде бар сөздердің орнына жұмсалуы да мүмкін. Мысалы:


Ә д е б и Д и а л е к т и з м

жаңғақ шаттауық

жүгері борми

ылғи бойлай

көрпе жуырқан

тәрізді рәуішті

балапан шіби

тақия тебетей

барлығы әмбесі, әммасы

Жер-жерде әдеби тілде бар сөздердің тұрқын бұзып айту жиі ұшырайды. Олар диалектизм болуы да, ел аузында өзгеріске ұшыраған дөкер сөз болуы да мүмкін. Мысалы:


Ә д е б и Ә д е б и е м е с

шейін шекейін

сияқты сиықты

дөңгелек доңғалақ

түзеу дүзеу

диірмен тиірмен

рұқсат ұлықсат

жиырманшы жиырмасыншы

Диалектизмдер мен дөкір сөздерді диалогта қолдануға болады, ал автордың баяндауында қолдану тіл мәдениетіне кір келтіреді. Бірқатар авторлар оларға түксие қараудың орнына, қызық көріп жаза салады. Мысалы: «Емешесі құрып», «тырли арық қара қатын» (Ә.Нұрпейісов). «Жақып дүзеліп қалды», «...дізесін бүкті» (Ғ.Мұстафин).

Мұндайды, әрине, әдеби тілдің нормасын бұзу деп қараймыз.

Әдеби тілде бар сөздің мағынасы әр жерде әр түрлі болуы мүмкін. мысалы, елек, елгезер сөздерінің орнына шығыста қалбыр сөзін қолданады екен, ал «қалбыр» әдеби тілде, ұн емес, бидай, арпа, тары сияқты дақылдарды елейтін елеуіш.

Кейбір сөздердің әдеби тілдегі орныққан мағынасы бірнешеу болса, қарапайым сөйлеу тілінде нормға жатпайтын басқа да мағынада жұмсалуы ықтимал. Мысалы, «тіл» дегенді адамның, жан-жанурдың дене мүшесі, адамның сөйлеу құралы деп түсінсек, сөйлеу тілінде оны «сөз» дегеннің де орнына айтады. Мысалы, Ғ.Мұстафиннің «Қарағандасында» Мейрам былай дейді: «Көмір» деген қазақтың ескі тілі. Тіл тегін жасалмайды.

Әрине, бұл да әдеби емес. Автор бұл сөзді Мейрам емес, сауаты шамалы басқа біреудің аузына салса, жарасымды болар ма еді?

Мұндайға мін таққысы келгендерге, кейбіреулер «Ел аузында бар сөз ғой» деген уәж айтады. қазақ тіліндегі сан алуан сөздердің әдеби тілге тәндері - әдеби нормаларға жататындары бар. Соларды айыра, таңдап, талғай жұмсасақ, әдеби тілдің лексикалық нормаларын тұрақты етуге мұрандық болар еді.

Ел аузындағының бәрін қалдырмай әдеби тілге енгізе берсек, батыстағы қазақтардың «Ботташықты іңкәлға салып жесең, сірә жқсы болады»... дегендерінен де қашпау керек қой. Олай етсек, әдеби тілдің өзіндік қасиеттері жойылады, сөздер сөз шеберлігінің талғампаз елегінен өтпей, түбі тесік шелектен аққан судай болады да қалады.

2. Профессионализм. Жергілікті халықтардың кәсібіне, шаруашылығына байланысты сөздері болады. Мысалы, Каспий, Арал, Балқаш өңіріндегі балықшылар тілінде былайғыларға түсініксіз сөздер көп. Сондай-ақ, бау-бақша, мақта, күріш шаруашылықтарымен кәсіп ететін оңтүстік аудандарда сүдігер, көшет, әңгелек, масақ, собық, қарық, атыз тәрізді сөздер бар[32,191].

Мұндай кәсіби сөздердің әдеби тілде баламасы болмаса, оларды әдеби нормаға айналдырып, әдеби тілдің байлығын арттыруға болады. Мысалы, дақыл, собық, атыз, қарық деген сөздер бұрын әдеби тілде қолданылмайтын, қазір бұлар жиі кездесетін болды.

Түрлі кәсіптегі еңбек ерлерін, олардың іс-әрекетін сөз еткенде, сол айналаның сөздерін айтпасқа болмайды. Мысалы, С.Мұқанов «Сырдария» романында күріш егісімен байланысты көптеген сөздерді, Ә.Сәрсенбаев «Толқында туғандар» романында блықшылардың көп айта беретін үкі, шоланда, батаға, талка тәрізді, Ә.Көшімов аңшылар өмірінен жазған повесінде аңшылыққа байланысты көптеген сөздерді енгізген.

3. Дөрекі, былапат және жаргон сөздер. Бұлар - әдеби тілдің, жалпы тіл мәдениетінің ата жауы. Сондықтан олар әдеби тілдің лексикалық нормалары қатарынан орын алуы мүмкін емес.

Лексикада бірізділікті көбірек тілейтіндер – терминдер. Термин дегеніміз - өндірістің, ғылымның, техниканың, өнердің, мәдениеттің даму нәтижесінде пайда болған ұғымдарды білдіретін арнаулы сөздер. Қазақ тіліне термин сөздер, негізінде, орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілдерден енді. Соның арқасында қазақ тілінде бұрын болмаған революция, шахта, депутат, актер, инженер, роман, мотор, хлор, химия, философия сияқты сөздер пайда болды және де тілде бар сөздер негізінде өндіріс, өнеркәсіп, қоғам, құрылыс, құрам, ғылым, білім, оқулық тәрізді терминдер жасалды. Бұл сияқты терминдердің дені ресми түрде қабылданғандықтан, жұрттың бәрі оларды бірдей, бұлжытпай қолдану керек. Ертеректе, мысалы, география – жағрапия, совет – кеңес, помещик – алпауыт, философия – пәлсапа, партизан – аламан болып айтылатын, не болмаса бір терминді әркім әр түрлі қолдана беретін. Сондай жаман әдет әлі де жоқ емес, әсіресе терминдік мәні бар сөздердің орысша-қазақша нұсқауларын араластыра беретіндер көп. Мысалы:

Ә д е б и Ә д е б и е м е с

жұмысшы жұмыскер

совет кеңес

қаһарман, ер, батыр герой

жоспар план

үгітші агитатор

жер серігі спутник

Шет тілден енген терминдерді қазақшаға аударуға болатыны да, болмайтыны да бар. Соңғыларды ескеріп Ф.Энгельс былай дейді: «Керекті шет сөздер, көбіне жалпыға бірдей ғылыми техникалық терминдер, аударуға келетін болса, керексіз де болар еді. Аудару тек оның мағынасын бұзады. Оны түсіндірудің орнына (аудару) шатастырады». Сондайға философия, партизан, институт, телеграф, шахта, мотор, самолет, машина, радио сияқтыларды мысал етуге болады. Қазақ тілінде бұрын ондай зат, ондай ұғымдар болмаса, оларға балама болатын сөз қайдан болсын? Сондықтан орыс тілінен алынған мұндай атаулардың бізге ешқандай жаттығы жоқ екенін өмір көрсетіп отыр.

Терминология қай сала да болса да, тек жаңа ұғымның пайда болуымен байланысты дамып отырады[33,63]. Мысалы, «жазушы», «суретші» мамандық кәсіп болмай тұрғанда, ондай атау да болған жоқ. Кейін ондай жаңа ұғым пайда болған соң, жаз, сурет және т.б. сөздерге –шы, -ші жұрнағын жалғау арқылы жаңа сөздер жасалды: жазушы, суретші, үгітші, тәрбиеші. Осындай тілде бар байырғы сөздерге қазақ тілінің қосымшаларын жалғап, кейде ескі сөздің өзін жаңа мағынаға ие етіп, сөз бен сөзді біріктіріп жасаған жаңа атаулар да көп қазақ тілінде бұрын болмаған революция, шахта, депутат, актер, инженер, роман, мотор, хлор, химия, философия сияқты сөздер пайда болды және де тілде бар сөздер негізінде өндіріс, өнеркәсіп, қоғам, құрылыс, құрам, ғылым, білім, оқулық тәрізді терминдер жасалды. Бұл сияқты терминдердің дені ресми түрде қабылданғандықтан, жұрттың бәрі оларды бірдей, бұлжытпай қолдану керек. Мысалы: науқан, ұйым, үйірме, басқарма, оқулық, шекара, көзқарас, өнеркәсіп, балмұздақ.

Мұндай жаға атаулар да баспасөз бетінде сыналып, мемлекеттік терминология комиссияның ұйғыруымен әдеби тілдің нормасына айналып отырмақ.



2- тарау

Сөз қолдану мәдениеті


    1. Сөздің қолданылу ерекшеліктері.

Тіл коммуникативтік қызметін ауызша да, жазбаша да атқара алады. Тіл дыбыстары әріп арқылы таңбаланады. Нәтижеде оның қатынас құралы ретінде пайдалану өрісі кеңейеді. Жазу – адамзаттың, материяның өмір сүру формасы болып табылатын кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызатын аса бағалы құрал. Олай дейтініміз, ауызекі қарым-қатынас жасаудың мүмкіндігі сөйлеуші мен тыңдаушы арасындағы кеңістігіне байланысты болады да, оның шеңберінен ұзап кете алмайтыны белгілі. Ал кеңістіктің шеңбері құлаққа естілудің мүмкіндігімен ғана өлшенеді де, адамдар ауызша тілдескенде, көзбе-көз жүздескенде ғана бір-бірімен санасып пікір алыса алады. Алайда мұндай салыстыру ауызекі тілдің қызметіне нұқсан келтірмесе керек. Ауызекі пікір алысу күнделікті өмірде аса құнды қызмет атқаратынын ешкім жоққа шығара алмайды [34,76].

Жазбаша тілдің ауызекі тілден кейін пайда болған, оның таңбалайтын белгілердің жасауымен байланысты екендігі белгілі. Жазудың пайда болып, соған сай жазбаша тілдің дүниеге келуінің адамзат мәдениетінің тарихында орасан зор маңызы болды. Жазу-сызусыз мәдениет атаулыны, техника прогресін, цивилизация дамуын көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Орыстың көрнекті жазушысы Леонид Леонов жазудың адамзат өміріндегі маңызы жайында былай дейді: «Адамдардың тегін қорлық жағдайдан бөліп алып шыққан, өткен замандарда ашылған ұлы жаңалықтардың ішінде жазу өте-мөте үлкен қызмет атқарады. Әліпбидің пайда болған күнін адамның өзін-өзі біліп ұғынудың дәуірі деп есептеуге болады. Осыдан кітап басу станогінің пайда болуына тура жол ашылды. Адам өзінің қазіргі биігіне нақ кітап арқылы баспалдықпен көтерілгендей көтерілді».

Адам, қоршаған орта, табиғат, қоғам жайындағы білімді негізінен жазба тіл арқылы хатқа түсірілген, «балталасаң кетпейтіндер» оқу арқылы меңгереді. Адамзаттың сонау көне дәуірінен бастап, біздің күні бүгінімізге дейінгі сан ғасырлар бойына ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласында жасаған күллі мәдени байлығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген де – жазба тіл. Алдыңғы ұрпақ жасаған және бүгінгі таңда жасалынып жатқан мол рухани дүниені бізден кейінгі ұрпақтарға, дәуірден дәуірге жеткізетін де – жазба тіл.

Жазудың тарихы өте ерте дәуірден басталады. Көне жазуды да, қазіргі жазуды да зерттеп білудің әрі теориялық, әрі практикалық үлкен мәні бар.

Көне жазу нұсқаларын талдап зерттеуде орасан зор маңызы бар. Жазудың тарихын зерттеп білу тіл білімі үшін ғана емес, сонымен бірге тарих ғылымы үшін де, археология мен этнография үшін де маңызы айрықша[35,223].

Қазіргі біз пайдаланып жүрген жазу көп кейін туған. Оны былай табушы ежелгі финикийліктер деседі. Олар алфабетикалық жазу деп аталады және ауызекі сөйлеумен тығыз байланысты: графемамен (әріппен) фонема (сөйлеген сөздің дыбысы) белгіленеді. Әр тілде фонеманың саны шектеулі болады, сондықтан да шағын мөлшердегі графамен кез келген ойды білдіруге болады.

Жазудың тарихына көз жіберсек, әріппен таңбалаудың кейінірек болғанын көреміз[36,57]. Жазу өте ерте заманда жасалып, мыңдаған жылдар бойы өзгеріп, дамып келеді. Жазу жүйесі таңбалардың жиынтығынан құралады. Ол таңбалар бүтіндей сөзді, не буынды, не дыбысты білдіреді. Жазу жүйесіндегі таңбаларды не бүтіндей хабарды, не жеке сөзді, не буынды, не дыбысты белгілеуіне қарай, жазу мынадай түрлерге бөлініп қарастырылады:


1) пиктографиялық жазу

2) идеографиялық немесе логографиялық

3) морфемографиялық

4) силлабографиялық

5) фонелографиялық

Пиктографиялық жазу – жазудың ең алғашқы түрі. Бұл – суретке негізделген жазу. Сондықтан оны кейде сурет жазуы деп те атайды. Пиктографиялық жазудың таңбалары пиктограммалар деп аталады. Бұл жазу әр түрлі суреттердің жиынтығынан құралған. әрбір сурет (пиктограмма) өздігінен бүтіндей хабарды білдіре алады. Хабар графикалық жағынан жеке сөздерге бөлшектенбейді. Осыған орай пиктограмма тілдік формаларды емес, оның мазмұнын бейнелейді.

Логографиялық жазу. Пиктографиялық жзудың біртіндеп даму барысында идеографиялық жазу пайда болды. Логографиялық таңба не жеке сөзді немесе атауыш бөлігін белгілейді.

Морфемографиялық жазу. Морфемалармен жазу, жазу белгісі морфемограмма.

Силлабография - «буынды жазу», жазу бірлігі силлабограммалар.

Фонелография – «фонемалар мен жазу» яғни тіл дыбыстарын белгілі таңбалармен белгілеу. Тіл дыбыстары жазуда графикалық таңба әріптермен таңбаланады. Бірінен кейін бірі рет ретімен орналасқан әріптердің жиынтығы әліпби деп аталады. Міне, осылайша адамзат бүгінгі жазу үлгісіне жетті.

Орфографиялық норма. Орфография гректің orfos-түзу, дұрыс, qrapho-жазамын деген сөзінен алынған. Орфография деп белгілі бір тілдегі сөздердің дұрыс жазылуы туралы ережелердің жиынтығын айтамыз.

Орфография тілдегі сөздердің, олардың грамматикалық формаларынан біркелкі жазылу нормасын белгілейді. Әдеби тілдің лексикалық, орфоэпиялық грамматикалық нормасы әрбір сауатты адамға қандай міндетті болса, сөздердің жазылу нормасы да сондай міндетті. Тілдің орфографиялық үкіметтің бекітуі де оның жалпы халыққа ортақ, міндетті екенін аңғартады. Бұл - сөздердің біркелкі жазылуын қалыптастыруға көмектеседі. Біркелкі жазу қалыптасқан тілде сөздің жазылу бейнесі сауатты адамға белгілі сөзді білдіретін бір тұтас жазу таңбасына айналады. Сөздің графикалық бейнесінің адам санасында әбден бекуі сөздерді дағды бойынша дұрыс жазып, тез оқуға көмектеседі.

Қазақ жазуының ең бірінші орфографиялық ережелер жинағы 1914 жылы ғана жарық көрген. Бұған дейін қазақ халқы араб әліпбиін пайдаланып жүргенімен, қазақ тіліндегі сөздің қалай жазылуын білдіретін ережелер жиынтығы болмаған. 1911 жылдан бастап, баспа бетінде қазақ жазуын жүйеге келтіру, сөздердің дұрыс жазылуын айқындау жайында пікір-талас болып, ол қазақ тілі орфографиясын жасауға әкелді. Сөйтіп, 1914 жылы қазақ тілі орфографиясы пайда болды. Бұл орфография ережелері 1924 жылы толықтырылды, кейбір ережелер өзгеріссіз қалды. Бұл ережелер 1929 жылға дейін қолданылды, 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын әліпбиіне көшумен байланысты қабылданған қазақ тіл орфографиясы қолданылды.

Қазақ тілінің қазіргі орфографиясының алғашқы нұсқасы 1940 жылы орыс графикасына көшумен байланысты қабылданған, дәлірек айтсақ, 1940 жыл 10 қазанда Қаз ССР жоғарғы советінің Ү сессиясы қазіргі қазақ орфографиясын бекітті.

Қазіргі қазақ орфографиясы қабылданғаннан бері екі рет 1957,1983 жылы ресми өзгерістер енгізілді. Қазақ тілі ережелеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың орфографиялық норманың бір жүйеге түсуінде маңызы зор болды. Әсіресе терминдік мәні бар сөздердің жазылуы басқа тілден енген сөздерге қосымшаның жалғану заңдылықтары тәртіпке келтірілді. Алайда қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне келгеннен соң орфографиялық заңдылықтарды қайта қарап, тұжырымдау – уақыт талабы.

Жазбаша сөйлеудің ерекшеліктері.

1. Жазбаша сөзде сөйлемге байланысты қойылатын тыныс белгілерден басқа оны қабылдауға әсер етудің қосымша құралдары болмайды.

2. Жазбаша сөйлеудің логикалық жағына аса қатаң талап қойылады. Алайда қойылатын басты шарт: жазбаша сөз бастан аяқ түсінікті болуы шарт.

3. Жазуда орфографиялық норма қатаң ескеріледі.

4. Автордың көңіл-күйі (сүйсіну, күйіну т.б.) орнын тауып қойылған сөздер мен сөз тіркестері арқылы беріледі. Сондықтан әр сөздің ой елегінен өткізіп айтайын деген пікірге дәл беретін сөздерді таңдап, талғап құрастыру тиіс[5,117].

Сөз қолданудың негізгі принциптері. Сөз – ойды білдірудің, сөйлем құаудың басты материалы. Құрылыс материалынсыз үй салуға болмайтыны сияқты, сөзсіз сөйлем құуға болмайды. Сөйлем – адам ойын айтудың негізгі формасы. Сөйлемге қатынасты әрбір сөз – айтайын деген мақсатты ойдың қажетті бөлшегі.

Сөйлем жеке сөздерден құралғанда, ол сөздер айтылмақ ойдың бірден-бір дәл қондырған бөлшегі тәрізді болу керек. Сөйлемде бір сөздің орнына басқа сөзді қоя салған кісі тіл жұмсаудағы ұқыпсыздықтан болған сәтсіздікке душар болады[37,120]. Мысалы, - Сіз де бірге жүріңіз дегенді кейбіреулер – Сіз де қос жүріңіз, - деп жазады. Осындағы «қоса» сөзі бұл сөйлемде емес, - сені де қоса алып кетпекші – дегендей орайда айтылуға тиіс қой. Немесе «одан бетер» сөздерін: - Баланың тәрбиесі одан бетер жақсармақ, - деген құрамда жұмсаудың да үйлесімі жоқ. Алпысқа келген аса қадірмен кісінің қуанышты тойын құттықтаған бір азамат:

- Тойың торқа болсын! – деген тілек білдіріреді.

- Осы да сөз болып па? Қазақ «Топырағың торқа болсын!» деп өлген кісіге айтар болар еді. Мынау не деген сұмдық?! – деп шошына, қынжыла сөйлеген қартты білемін.

Жазуда, сөйлеуде кісі ойына керекті сөз таңдағанда, олардың стильдік ерекшеліктерін ескеру керек.

Бұдан 20-30 жыл бұрын, әдеби тіліміз қалыптасуға бет бұрғанда, қазақ халқының тіл байлығын сарқа пайдалану үшін, оның керегін әдебиет елегінен өткізіп сұрыптап алу үшін әркім естіген-білгенін әдебиетке еркін ендіре берсін деп қарайтын едік. Әдеби тілдің қалыптаса бастаған кезеңдерінде, тіл жұмсаушыларға берілген ондай «еркіндікті» расында көп пайдасы тиді: Кен асылы жерде, сөз асылы елдең екеніне көзіміз жетті; біреу біліп, біреу білмейтін, не көп қолданылмайтын мыңдаған сөздер әдеби тіл қазынасына енді, жарыса, қатарласа айтылатын түрлі сөздер мен грамматикалық тұлғаларды емін-еркін пайдалана жүріп, соларды сұрыптап керектісін алып, керексізін әдебиетке тілдік норма ретінде пайдаланбайтын болдық. Сонымен қатар мағыналас сөздермен жарыса айтылатын грамматикалық тұлғалардың әрқайсысы әр түрлі стильдік өң алып, тілде жатығып кетті. Әдеби тілдің ілгері даму процесінде мыңдаған қарапайым сөздердің бұрынғы мағыналары өзгертіліп, не кеңейіп терминдік қызу атқаратын болды. Мысалы: одақ, күрес, жарыс, сын, отан, еңбек, өндіріс, құрылыс, ұйым, үндеу, құрал. Республикамызда қазақ тілінің тазалығы, икемділігі, жалпыға бірдей түсініктілігі үшін күрес жеткіліксіз. Баяғыда «қазақтың әдеби тілі де жас, оны есейту үшін жер-жердегі байлықты сарқа пайдаланайын деген болды. Ә.Сатыбалдиев жолдас: «Тіл шұбарлығы неде?» деген мақаласында былай дейді: «Орыс әдеби тілінің көп жылдық тарихы бар... біздің баспасөзіміз де, ғылымымыз да жас қой әлі. Сол себепті біз ата-бабамыздың жасап беріп кеткен сөздерінің көбін әлі қамтыта да үлгергеніміз жоқ». Осындай тұжырымға бой ұрушылар жазғанда дарынды, ата-бабаларымыздың аруағы ырза болсын дей ме екен, әйтеуір әдеби тілге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сөздерді де «біздің елде айтады» деп қаптата береді. Жарайды, жейде, дақыл, сүдігер, собық сияқты жергілікті сөздерді кедергімізге жаратайық (солай болып та келді), ал әрқашан, өнебойы, әрдайым деген сөздер тұрғанда, «бойлай» деп жазудың, әдеби тілдегі сияқты, сықылды, тәрізділерді місе тұтпай «рәуішті», «ыспатты» деуде ата-бабаларымыздың қандай ақысы бар?

Жазушы Сафуан Шаймерденов «Мезгіл» атты жинағында әдебиет жұртшылығына онша таныс емес дәлсіз, туыссырап, ізнәрлі, сүлесоқтау, үйірсектік, репті, мұғар, шепеті сияқты сөздерді қолданған.

Әрине, жазушы, журналист, басқа да авторлар диалектизмді, ел аузында өзгертіліп айтылатын сөздердің қыбын тауып, орынды қолданса, бір сәрі ғой, тіпті жөн-жорығы жоқ өзгешеліктер жанымызға қатты батады.

Қазіргі қазақты баяғы қазақ деу – қиянат. Ал, қазіргі қазақ тілін «әлі жас» деу – бишаралық. Космосты меңгерген заманда, құлазыған даланы телегей теңіз егінге бөлеген дәуірде мәдениеттің, өнер-білімнің шыңына шыққан қазақ халқының осы күнгі тілін баяғысындай жас деуге болмайды. Әдеби тіліміздің тарихы дәл орыс әдеби тілінің даму, қалыптасу тарихындай болмағанмен, ол әлеқашан «жастықтан» шықты, әдеби тіліміз кемеліне келіп шыңдалды. Оны енді қызғыштай қорғап, ыбырсық сөзден, тым-тырайғылықтан сақтау керек.

Сөз мәдениетін жетік білу үшін қазақ тілінің сөз байлығын жақсы білу керек. Сөзді көп білген кісінің айтқаны да тартымды болмақ. Қазіргі қазақ тілінің сөз байлығы ұштан-теңіз, әсіресе мал шаруашылығына, әдет-ғұрыпқа, отбасылық қарым-қатынасқа байланысты сөздер көп-ақ.

Соңғы жылдары қазақ сөздерінің мағыналары сараланып, көп сөздердің мағыналары кеңейіп, орыс тілінен көптеген термин сөздер еніп, оның байлығы арта түсті. Орыс тілінде В.Дальдің сөздігі бойынша өткен ғасырдың екінші жартысында 200 мыңнан артық сөз болған. Одан бергі жерде орыс тілінің сөз байлығы артпаса, кеміген жоқ. Қазақ тілінің сөз байлығының санын дәл айту қиын. Өйткені бізде Дальдің сөздігі сияқты толық сөздік жасалған жоқ, қазақ тілі сөздерінің есебі алынған жоқ. Сонда да, шамамен айтқанда, қазақ тілінде 100 мыңнан артық сөз болу керек. Бұл аз байлық емес. Соның өзі біздің әр қырлы өміріміздің барлық әдеби мұқтаждығын өтеп келеді [38, 216].

Қазақ тілінде сөйлейтін кісілердің сөздік қоры бірдей емес. Үгітші, баяндамашы, журналист, жазушы және басқа интеллигенттер қазақ тілінің сөздерін молынан пайдалануға тырысу керек. Әдетте, білімді, мәдениетті, тіл өнеріне әуестігі күшті кісілердің сөз байлығы да мол болады. Сөз білудің екі түрі бар: кісінің өзі жақсы біліп, жиі қолданылатын сөздері және өзі білсе де, мағынасын түсінсе де, көп пайдаланбайтын сөздері. Адамның білімі, мәдениеті артқан сайын, оның сөзді игеру мүмкіншілігі арта түседі. Әдетте ел арасында көп болған, саяси, ғылыми әдебиеттегі, көркем әдебиетті зейін қойып оқитын кісілер сөзді көп біледі.

Сөзді көп білуге де дарындылық, қабілет керек. Оқымыстылардың айтуына қарағанда, қатардағы интеллегенттің сөз байлығы 4-5 мың шамасында болса, ірі жазушылар мен көрнекті қоғам қайраткерлерінің жиі қолданатын сөздері 15-20 мыңдай болады.

Тіл мәдениетіне жетік болу үшін сөзді көп білу жеткіліксіз, ол сөздерді жұмсай білу де керек. Сөзді жұмсай білу үшін олардың мағыналарын, мәндестік ерекшеліктерін, әдеби, әдеби еместік қасиетін, еркін және тұрақты тіркестер құрамына ену мүмкіншіліктерін жақсы білу керек.

Сөз – көркем әдебиет тұрғысынан алғанда, жазушының, ақынның әсем шеберлігінің материалы, ол – көркем суреттің, образ жасаудың сырлы бояуы. Оны жазушы таңдап, талғап пайдаланбаса, әдебиеттің эстетикалық қасиеті, тәрбиелік әсері барынша солғын, көркемдік сапасы төмен болады. Көркем әдебиеттің сөз байлығы мол, әр жақты және таңдамалы болса екен деген талаптар қойылады. Көркем шығарма тілі – жалпыға ортақ халық тілі болумен қатар, эстетикалық сезімнің, образды ойдың да тілі, сондықтан оған ерекше талғам қажет-ақ. Бұл арада жалпыға бірдей өлшем табу да қиын. Әрбір суреткердің тілдегі сөз байлықтарын игере білу, оның ішкі дүниесіне бойлау дәрежесі түрліше болып келеді: біреу білмеген сөзді біреу біледі, бір сөзді әр ақын-жазушы өзінше «үндеуі», түрлі-түрлі мағыналық орайда қолдануы мүмкін. демек, қандай да бір сөз шеберлері болмасын, олардың әрқайсысы сөз пернесін өздерінше басып, сөз дабылын өздерінше қағады. Соның өзінде жазушы жалпы әдеби тіл нормаларынан жөнсіз ауытқып саяқ кетуге, әдебиет теориясы қағидаларын аяққа басуға тиісті емес. Жазушының әрбір сөйлемі мақсатты ойға сәйкес құралуға тиіс. Мақсатты ойды, оның үстіне, көрікті, көркем етіп жазу үшін керекті сөздерді дәл тауып қиюластырып, грамматикалық ережелерге бағындырып, жалпы халыққа ортақ тілдің басқа да заңдылықтарын сақтап жазу керек болады.

Бұл талаптар жалпы әдеби тілге, соның ішінде көркем тіліне де қойылады. Көркем әдебиет тілінің, сонымен қатар, өзіндік стильдері, өзіне тән ерекше сөз қолдану заңдары болады. Жазушы, ақын әдетте сөздердің табиғи мүмкіншіліктерін (тура мағынасын, көп мағыналығын, синонимдік, антонимдік т.б. қасиеттерін) кең түрде пайдаланумен қатар, сөздерді ауыспалы, келтіріңкі мағынада, қанатты сөздер, тұрақты тіркестер және мақал-мәтелдер құрамында пайдаланады.

Көркем әдебиет үшін бұлар да жеткіліксіз. Кқркем әдебиетке тән әр алуан көріктеу, шеберлік тәсілдері болады. Сөз шебері шыңдап пайдалануға тиіс. Олар: теңеу, эпитет, метафора, метонимия, кейіптеу, синекдоха, символ, аллегория, иорния, әсірлеу т.б.

Көрікті ойдың көркем суретін салуға жұмсалатын амал-әрекеттің әр қилы бедері, көркемдік кескіні, эстетикалық әсері болады. Бұлардың шегі жоқ. Қай тілде жазылған көркем әдебиет болса да, оның еңсесі қаншама биік, тарихы ұзақ болғанымен, тілдің мол мүмкіншіліктерін сарқа пайдаланып тауысуға, біткен жері осы деп отыруға болмайды. Оларды әр жазушы өзінше, түрлі құрамда, әр түрлі ыңғайда, кейде бірін-бірі қайталап та қолдана береді. Соның ішінде тек дарынды, ысылған, қаламы әбден төселген сөз шеберлерінің ғана жазғандары өнебойы гүл шашып тұратын әсем өсімдіктей, өзінің сонылығын, әсемдігін жоймайды. Жасанды сәнқойлық, сірескен «сымбаттылық» ойқастаған нәрсіз ойнақылық, тілдің «табиғи» заңдарынан аулақ кеткен «жаңалық», - бәрі де, біздің дәстүрімізге жат нәрселер. Сөз бояуын қоюлатқан сыртқы сұлу, ішкі қуыс мынандай сөйлемдерден без: «Шынайы ойының түбегейлі тереңіне бойлады». «Алқынған жүрек лепірген көіңлдің ұшар шыңына самғады», бояуы баттиған «әсем» сөйлем құрауға әсіресе жас жазушылар үйір келеді. Бір мысал: «Тыңдаушының аңқау көңіліне сол сәтінде дүниеде жоқ үрей ұрлана кіріп, жанын тұтқындай бастағанда, алыстағы үміт отындай жылылықты әкеп сізге тарту етеді де, манағы бір өзіңіз айырылып қалған жүрегіңіздің қуаныш ұшқынын қайтып беріп сүйіспеншілігіңізге бөленер еді».

Көркем әдебиеттің сөздік құрамының негізі жалпы халық тіліндегі сөздер болады. Сөз өнерінің шеберлігі – ақын, жазушы, драматург, очеркист, - бәрі де халық тілінің байлығын пайдаланады. Бірақ олардың бар сөзді білу, пайдалану дәрежесі бірдей емес. Тек ірі суреткер жазушылардың ғана сөз байлығы өзгеден ерекше мол болады. Олар өзіне керекті, тілде бар сөздерді молынан пайдаланып қана қоймайды, сонымен қатар өздерінің шығармашылық әрекетінде жаңа сөз жасауы да, бар сөздерге қосымша стильдік қызмет беріп, олардың икемділіктерін арттырып отыруы да мүмкін.

Жалпы алғанда, көркем әдебиетте қолданылмайтын сөздер кемде-кем. Кейде, ретіне қарай, керегінде қарапайым сөздер де, диалектизмдер де, белгілі кәсіппен, ғылым, техникамен байланысты сөздер де көркем әдебиетте қолданыла береді [39,96].

Сөздерді қалай болса – солай жұмсай бермей, саралап, талғап жұмсау, жаңа сөздерді жазушының талғампаздық ой елегінен өткізіп орынды жұмсау – ақын-жазушының шеберлігімен байланысты. Мысалы, М.Әуезов «Абай жолында» бұрын бізге әдебиетте кездеспеген «қыжыртпа» (шамасы «жақтырмай» деген мағынада болу керек); «қыжылданған» (шамасы «ызаланған» деген болу керек) сөздерін қолданыпты. Абайды Жұман ішінен қыжыратып отыр.

Көркем әдебиетте аздап болса да, жаңа сөз жасау үдерісі жүріп жатады. Олар қазақ тілінің «материалы» негізінде сәтті жасалған болса, әдеби тіл қабылдайды да, жасанды тұрпайыларын қабылдамайды. Ысылған сөз шеберлері тіл стихиясында құл болмайды, өздерінің оған тигізетін игілікті әсері болады, жаңғырған сөз, соңы сөз тіркестерін жасайды.

Тұрақты тіркесудің қолданылуы. Тілдің әрі ұғымды, әрі сымбатты байлықтарының біразы – тұрақты тіркестер: мақал-мәтелдер, фразеологиялық тізбектер, қанатты сөздер[40,115].

Бұларды әсіресе көркем әдебиетте, публицистикалық әдебиетте, көпшілікке арналған лекция, әңгімелерде мол пайдаланады. «Жел үп етсе болғаны, қалың қамыстай тары сыбдыр қағып, сыбырласа жөнеледі» (Ғ.Мұстафин) тәрізділер көркем әдебиет стиліне тән. Шаруаларға тары өндіру туралы жасаған баяндамада солай сөйлеу ерсі болар еді. Бірақ, баяндама, лекция, әңгіме тілін жандандыру үшін әдеби тілде бар кестелі сөздерді пайдаланудың ешқандай ерсілігі жоқ, қайта олар ұтымды сөздің аса керекті элементтері болады. Олар мыналар:

Мақал-мәтелдер – халық даналығының айнасы, оларды тудырған халықтың тіл байлығының алтын қазынасы. Мақал-мәтелдердің көбі өмір шындығының қорытындысы, іс-әрекеттің ережесі болып келеді. Олардың «бәрі заңның, өсиеттің, ереженің күшіндей күші бар қысқа-қысқа нақыл сөзге айналып, тілде сақталып қалады».

Мақал-мәтелдер аз сөзді, терең мағыналы әрі ұтымды болатындықтан, сөйлеген сөзде пайдалана білу керек –ақ. «Сөздің көркі – мақал, жүздің көркі –сақал» дегендей, мақал-мәтел сөзіне әр береді.

Қазақ мақал-мәтелдерінің бәрі бірдей ұстамды емес: біздің қазіргі идеологиямызға жанасымды, тәрбиелік мәні зор өнегелілері бар да, ескі өмірдің кертартпарлары шығарған ұстамсыздарды да бар. Оларды таңдап, талғап орынды жерінде пайдалану керек. Осы талаптар тұрғысынан кейбір өткір нақылдарды керсінше, не аздап өзгеріс енгізіп, қазіргі өмірге жанасымды етіп пайдалануға да болады.

Фразеологиялық тіркес – кісінің ойын мәнерлі түрде айту үшін жұмсалатын сөздер тобы. Ондай тіркестер әдетте тұрақты болады. Олар «идиомалық тіркес», «фразалық тіркес» деп екіге бөлінеді. Идиомалардың білдіретін мағыналарына олардың құрамындағы сөздердің мағыналары қатыспайды, мүлде басқа мағынада, сол тұрақты қалпында ойды әсерлі, көрікті етіп айту үшін жұмсалады; олар мынандай тіркестер: қара қылды қақ жару, қой үстіне боз торғай жұмыртқалау, жүрегі шайылу, қас пен көздің арасында, қой аузынан шөп алмау, тіс қаққан, сіркесі су көтермеу, аузымен орақ ору[41,128-169].

Фразалық тұрақты тіркестер де ауыспалы мағынада жұмсалады. Олардың идиомалық тіркестерден айырмашылығы – құрамындағы сөздердің әдепкі мағынасы айтылған ойға қатысты болады. Мысалы,: тіл алмау, көз қырын салу, жаны ашу, түймедейді түйедей ету, басына әңгір таяқ ойнату, үрейін ұшыру, тасы өрге домалау, жар құлағы жастыққа тимеу, тырнақ астынан кір іздеу. Бұл топқа мынандай тіркестер де енеді: аузынан тастамау, қайратқа міну, күш жұмсау, қолқабыс ету, шамасы келмеу, қолынан келмеу, көзі түсу, басы қату, ойын бөлу[41,121-156].

Фразеологиялық тіркестердің қолдана білу – тіл білудің бір белгісі. Халық тілін жақсы білетін кісі тілдің осы байлығын да молынан, дұрыс қолдану арқылы ой өрнегін түрлендіріп, ұтымды, түсінікті, ықшамды етіп салады. Сондықтан әрбір мәдениеттің, сауатты кісі, тілге шешен болғысы келген оқушы, студент халық тіліндегі тұрақты тіркестерді көңілге тоқи жүріп пайдалануы тиіс.

Идиома, фразалық тіркестердің бір тілде қалыптасқан құрамын, жөн-жорығы жоқ, өзгертіп айтып, жазуға болмайды. Мысалы, «табан астында» дегенді «Табан аузында», «Қаға берісте қалып қойды» дегенді «Қаға беріске қарай айнала берді» (С.Шаймерденов) тәрізділер кездеседі.

Бір тілде бар идиомалық тіркестерді екінші тілде сөзбе-сөз аударуға болмайды. Өйткені олардың білдіретін мағыналары құрамындағы сөздердің мағыналарынан құрылмайды, мүлде басқа ауыспалы мағынаны білдіреді.

Соңғы жылдары аударма арқылы қазақ тілінде «Ештен кеш жақсы», «Талабы зор-ақ, тағдыры дозақ», «Балық та емес, ет те емес», «Қасқыр да тоқ, қой да аман», «Ауыр жүкке жегілме, жегіле қалсаң, егілме» тәрізділер аударма арқылы еніп жүр. Енгені жақсы.

Фразеологиялық тіркестерді қолданудағы бірқатар қателер олардың құрамындағы сөздердің тұлғасын өзгертіп айтудан болып жүр: мысалы, «сіркем су көтермей тұр» дегенді «сіркесі су көтереді» деу т.б. дұрыс болмайды.

Көркем әдебиет шеберлерінің жазғандарында тұрақты тіркестер құрамын әдейі өзгертіп, не араларына басқа сөздерді қосып айту кездеседі, бірақ олардың көбінде ерекше стильдік өң болады. Мысалы, «Көзімнің жасы көл болды» дегенді күшейтіп айту үшін С.Торайғыров: «Көз жасым көктен құйған жауын болды» деп жазады.

Қанатты сөз - ұшқыр ойдың қанаты[42,55]. Оны көп біліп, сөзде, жазуда жұмсау білу – үлкен өнер. Қазақ жазушыларының қанатты сөздерді халық тілінен өзгеден алып, өздері жасап қолдануы тегін емес. Онда үлкен шеберлік қасиет бар. Сондықтан, мысалы, Ғ.Мұстафин «Біткен іске сыншы көп, піскен асқа жеуші көп», «Нөсер алдында нажағай ойнайды», «Қызыл темір суға салса, шыжылар да шынығар» тәрізді ел аузында барды өз орнына орынды пайдаланумен қатар, өзі де солардың үлгісімен: «Сыншының бәрі бірдей мінші ме?...» «Көп алдында көсем пікір ойнайды», «Қызба жүрек суық сөзден дір етер де суынар» тәрізді қанатты сөздер жасалған. Мұндайды шеберлік демеске болмайды.




1   2   3   4   5


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет