Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі



жүктеу 1.52 Mb.
бет4/5
Дата03.04.2016
өлшемі1.52 Mb.
түріДиссертация
1   2   3   4   5
: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Жылдарга “Кургак учук-iv” программасы
2013 -> Қорытынды Пайдаланылған әдебиеттер
2013 -> Создание информационной системы движения ценных бумаг на примере атф банка
2013 -> 1 Геологическая часть
2013 -> Оригинал: Политическая деятельность Урус-хана и его место в истории казахской государственности // Отан тарихы (Отечественная история). 2006, №1, стр. 89-95
2013 -> «Жануарға ветеринариялық паспорт беру» мемлекеттік қызмет стандарты
2013 -> I тарау. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану мәселелері
2013 -> Жалпы білім деңгейіне мемлекеттік талап оқушылардың оқу кезеңін бітіру кезіндегі алатын білімі мен біліктіліктерінің қажетті минимум деңгейін анықтайды
2013 -> Мазмұны кіріспе
2013 -> АҚПараттық хат құрметті әріптестер!

Осы бір тиянақты-ақ деген ережеге бағынбайтын, одан ауытқы айтылатын мынадай сөздер бар: апаларым- апамдар, әкелерің- әкеңдер, жезделерім-жездемдер. Бұлардың екеуі де тілге жатық, ойға қонымды екеуі де әдеби. Солай екен деп зат есімдерге көптік, тәуелді, жалғауларын жалғауда орнықты тәртіп жоқ деуге болмайды. Болмайтын себебі – кез келген зат есімге жоғарыдағыдай көптік пен тәуелдікті орын ауыстырып жалғай бермейміз. Тек қадірмен туысқандық қатынасты білдіретін – ата, әке, көке, аға, әже, апа сияқты зат есімдерге ғана ол жалғауларыды шәлкес орналастыруға болады. Сонда олардың мағыналары бірдей болмай, екі түрлі болады: апаларым, аталарым... дегенде, көптік жалғау сол сөзі жалғанған заттың көптігін білдірсе, апамдар, атамдар... дегенде, ол бір кісінің қасындағыларды да қоса қамтып, солардың да көптігін білдіреді. Бұл жағынан соңғылар Амантайлар, Досандар дегенмен бірдей. Осы арадағы бір қызық нәрсе мынау: қайын, іні, балдыз деген зат есімдер де туысқандық қатынасты білдіретін топқа жатады, бірақ оларды қайындарым – қайынымдар, інілерім – інімдер, балдыздарым – балдызымдар деп жарастыра, екінші сыңарын айтпаймыз. Оның да себебі бар: апамдар, әжемдер, әкемдер Абылайлар, Сырымдар сияқты біреуді ұлық тұтқанда айтылады да, іні, балдыз, қарындас тәрізді кішігірімдер ол топқа жатпайды[48,231].

Грамматикалық нормалардан ауытқулар. Мағыналық, стильдік қызметі бар ерекшеліктерді пайдалану нормадан жөнімен ауытқу болады. Мұндайға тағы бірнеше мысал келтірейік:

Болымсыз етістің келер шақтық тұлғасының бірі -жақта –ма-й-мын... болуы – грамматикалық норма. Сонымен қатар ол ауытқып-ман... түрінде жұмсалады:

Ескі бише отырман бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап

(Абай)
Алдыңа келіп тұрмын деп,

Ар- намысым қашырман!

Бұлтқа жетпей шарт сынсаң!

Айта келген сөзім бар,

Не қылсаң да жасырман!

(Махамбет)
Ашу – бөрі, ақыл қой,

Аралас бағып тұра алман,

Көз – төреші, көңіл хақ!

Өмірін екі қыла алман!

-Жібермен, жібермен, қызыл түлкі!. Алдымда тау тұса да тайынбан! (Мұстафин).

Грамматикалық тұлғалардың негізгі нормадан өзгеше болып ауытқуы арада заңды: -ман (басқа нұсқалары да бар) тұлғасы осындайда май+мын қосымшалары орнына жұмсалғанда, ерекше стильдік қызмет атқарады: егер бармаймын, айтпаймын жай болымсыздық хабар болса, барман, айтпан деген, істі істеуден қарсылықпен, үзілді-кесілді бас тартқандықты білдіреді. Мұны нормадан жөнімен ауытқу деп тауып, сондайды дұрыс қолданған кісілерді қоштап отыру керек. Қазақ тілінде қалау райдың 1-жақ көпшесінің үш түрлі қосымшасы бар: негізгі тұлға –йық//-йік: барайық, келейік, білейік. Сонымен тар әдебиетте кейде –лық// -лік және –лы//-лі тұлғалары қолданылады:


Кел балалар, оқылық!

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық.

(Алтынсарин)


Мекен іздеп жігіттер, кел-кетелі,

Ортасында Көктөбе белгі етелі,

Азаматтар, жалықпай тыңдасаңыз,

Қозы Көрпеш Баянды сөз етеді.

(«Қозы Көрпештің» Жанақ нұсқасы)
Бұл екі мысалдағы тұлғалардың екеуі де негізгі қосымша ретінде оқта-текте кездеседі. Оның алдыңғысы (-лық) бір іске шақыру, үндеу мағынасында айтылса, соңғысы, барсана, келсана, есіткіл сөздеріндегі қосымшалар сияқты, ескірген тұлға. Мұндайлар тарихи кеіпкердің сөзінде жұмсалса бір сәрі, бірақ қазіргі әдеби тіл үшін оларды қолдану дұрыс болмайды. Сондықтан оқиықтың орнына оқылық деп айту жөнімен ауытқу болады.

Жіктік жалғауының ІІ жағының жекеше тұлғасы да екі түрлі нұсқада айтылады: -сын// -сін, -сың// -сің:

Неге колхоз болмайсың?

Неге ортаға салмайсың?

Берекеге қол сұғып,

Неге ауыл қонбайсың!

(Б.Майлин)
Ертеде, осы мысалдардағыдай, -сын//-сін,-нің орнына сөйлеу тілінің; -сың//-сің тұлғасы қолданан беретін. Жарыса айтылып келген осы екі тұлғаның соңғысы әдебиетте жалпылама жақты сөйлем құрудың ерекше стильдік амалы болып барады[49,156]:

Не ексең, соны орарсың. Ұяда не көрсең, ұщқанда соны аларсың (мақал). Кіп-кішкентай, қап-қарағанды шахтаға беліңе арқан байлай; түсесің де кетесің (газеттен). Биік толқынның қыр арқасына шыққанда артта келе жатқандары бір көріп қаласың (Е:Мүсірепов).

Осылай болатындықтан жарыса қолданылатын бұл екі тұлғаның екеуі де әдеби. Ал, барасыз, келесіз дегендерді – барасыңыз, келесің деп айту, аласым, бересім дегендерді – алажағым, бережағым деп айту, баратын, келетін деген сияқтыларды – баратұғын, келетұғын не барулы, келулі деп айту, жиырманшы деудің орнына – жиырмасыншы деу, мектепте оқыдым демей, мектептен оқыдым деу, - әрине, нормадан жөнсіз ауытқулар. Бұлар тілде бар, бірақ әдеби емес. Мұндайға тағы бір-екі мысал келтірейік:
Бәріңіз бір-бір бедеу мініпсіңіз,

Ойын-күлкі сәулетпен жүріпсіңіз,

Жібек сұлу дегеннің аулы жақын,

Бар еді, балам қандай жұмысыңыз?


Мұндайды диалогта, халық әдебиетінде қолдануға болар, ал автор сөзінде, қазіргі әдебиетте қолдану барып тұрған дөрекілік болады.

Дегенмен, ондай нормадан жөнсіз ауытқуларды да қазіргі әдебиеттен көп кездестіреміз. Оның екі себебі бар: біріншісі – тілдегінің бәрін «алтын» деп тану болса, екіншісі – кейбір ақын-жазушылар, журналистер әдеби тілдің нормасы болатынын, оны сақтау керек екенін елемейді. Сондайға тағы бірр мысал: - Ой, пима шешуді ұмытып барамын екен ғой... Сен өзің жар сағына білмейсің екен ғой. (Ж:Тілеков). Мұндағы ұнамсыздық- баяндауышқа жалғанған жіктік қосымшаның «екен» көмекшісіне жалғанбай, одан бұрынғы етістікке жалғануында. Дұрысы - ...ұмытып барады екенмін ғой... Сағына білмейді екенсің ғой. Бұл –норма. Ж:Тілеков жолдастың кейіпкерінің аузына салғаны –нормадан ауытқу. Сөйлеу тілінде ол бар. Сондықтан қарапайым кісінің аузынан бұзылып шыққан ондай сөз саптау да, әлгідей орайы келгенде, жөнімен ауытқу болады.

Ондайды автор баяндауында, ертеректе, әдеби тілдің онша қалыптаспаған кезеңінде, елеусіз кемшілік деп қарайтын болсақ, енді таңырқай қарауға тиістіміз.

Грамматикалық тұлғалардың кейбірі әдеби тілдің нормалану үдерісінде жұмсалудан қалып қояды, не болмаса өзгеріске ұшырап барып тұрақтайды. Мысалы, ХІХ ғасырдағы әдебиеттерде баяндауыш құра-«дұр», «ұр» қосымшасы жиі қолданылатын: «боладұр», «өседұр», «айтұр». Сондай-ақ есімшенең –тың тұлғасы ертеде, -тұрған, тұғын болып жазыла беретін: «баратұғұн», «келе тұрған», «жібертұғын» т.б. Бұл күнде бұлар қолданудан қалып барады. Ертеде жалғаулықпен түрліше айтылып, әр түрлі жазылатын: «билан», «бірлан», «менен» (бенен, пенен), «мен» (пен, бен). Қазір осылардың соңғысы (мен, бен, пен) әдеби нормаға айналды.

Тілде жарыса қолданылатын тұлғалардың әдебиетте жиі ұшырамайтындары бар. Мысалы, сұраулы сөйлем тудыратын –ма//-ме де, -мы/-мі де әсіресе көркем әдебиетте көп қолданылады. Мысалы: Сұрадың- Сұрамайсың?, Барасың ба? – Барамысың? Осының алдыңғысы сызба тіл стиліне тән де, соңғысы сөйлеу тілі стиліне тән. Сондықтан кейінгілер диалогты сөйлемдерде жазылады. Өткен шақтық –лы//-лі тұлғалы баяндауыш та солай; мысалы: үшінші күні түн ортасы ауа берген кезде үйге үш әйел кірулі, - деп бай мүдіріп қалды (С. Көбеев). Тілдің грамматикалық нормаларына қиянат жасайтындар – көбінесе жас авторлар. Тіл шеберлігін сөз еткен Р:Тоқтаровтың «Жазушы парызы» деген мақаласындағы мына тіркестерді қалай түсінуге болады? «Ондай жазушы... өзі моральдық биік тұрғыдан, азаматтық үлкен айбыннан табылады». «...қазақ әдебиетінің көрігі мен берігі осы аталған есімдер...». «...табиғи ана сүтімен құрылған осы сөйлемдерде серпілген күшті динамика жатыр». Автордың сондағы таңдай қағып, «серпілген күшті динамикаң тапқан сөйлемі мынау: «Жаза тынымсыз. Тепкі, қамшы, боқтық пен зорлық бар қорлыған етіп жатыр...». егер бір сөйлемді кім жазғанын айтпай, білмей, шынына көшкенде, «ана сүтімен құрылған», «серпілген күшті динамиканы» көре алмайсың. Сонда да жастардың, осындай грамматикалық норманың белінен басқа сөйлемдерді таңсақ көріп тамсанғанына таң қаласың!

Қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің, құрмалас сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі бар[50,83]. Сол тәртіпті сақтамай, сөйлемнің аяғын аспаннан келтіріп құрау да жиі кездеседі. Мысалы: «Керіп келдім кеше малшыларды». «Түсті ол атынан». «Келмеді ол, мен шақырғанда». Бұлай сөйлеу онша жарасымды болмаса да, қарапайым кісіге ерсі көрінбеуі мүмкін, бірақ әдеби тілде сөйлейтін, әдеби тілмен жазатын мәдениетті, сауатты адамдар грамматикалық норманың өңін айналдырып жіберудің өте өрескел қате екенін білуге тиіс. Ертеректе, «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты» газеттері шығып тұрған кезде де, сөйлем құрылысының әдеби нормалары берік болмайтын.

Әдеби тіл грамматикалық кейбір құбылыстарды нормаға айналдырып, кейбірін одан шығарып отырады. Мысалы, бұдан 10-15 жыл бұрын ілік жалғауда айтылып біріне-бірі анықтауыш болатын сөздерді құрастыруда тиянақ болмады. Осы күндері «Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының Ботаника институтының директорының орынбасары» сияқтылардың ілік жалғауларын ықшамдап, түсіріп айтатын болмақ: ҚР Ғылым академиясы Ботаника институты директорының орынбасары. Қазір осы норма.

Тілдің нормалану үдерісі үздіксіз болып отырады. Сол үдерісті тездету үшін де әдеби тілдің өзіндік өзгешеліктерін дамыта түсу керек.

Бір грамматикалық тұлғаның сөйлеу тілінде түрліше айтылуы әдеби тілдің де байлығы, нормасы болуы шарт емес. Мысалы, етістіктің өткен шақ бірінші жақ формасы ел аузында барғам, барғамын, барғанмын деп, келер шақ формасы барам, барам шығар, барамын деп айтыла береді. Мұндайлардың нормативті түрлерін (барғанмын, барамын) жөнсіз өзгертіп жаза беру тіл мәдениетіне қиянат болады.

Морфологиялық тұлғаларды сұрыптап қолдану. Грамматикалық тұлға дегеніміз – сөздің құрылысы, сөзге жалғанатын қосымшалар. Қосымшалар сөзден сөз тудыру үшін, сөз мағынасын түрлендіру үшін, сөз бен сөзді байланыстыру үшін жұмсалады. Олардың да орнықтылары бар, әдеби тілдің дамуында өзгеріске ұшырап, қосымша қызметке ие болу жағдайы әлі тұрақталмағандары бар. Мысалы, осы күні барынша көп жұмсалатын қосымшаның бірі –лық//лік (-тық)//тік, -дық//(дік).

Осы қосымшаның әдеби тілде сараланған қызметі бола тұрса да, баспасөзде оны жұмсауда көптеген қате кездеседі, мысалы:

«Әңгіме үстінде Я:Феликсованың сөзінен....керемет ойшыл, өз елінің тіршілік-тынысын мүлт жібермей аңдап, отыратын білімдарлық та аңғарылады». Әдеби тілімізде «білімдарлық» деген сөз жоқ. Дұрысы – білімділік не білімпаздылық. «Ертеңгілік құлағыма бір әйелдің даусы шалынды». Дұрысы – ертеңгілікте не таңертең. «Ертеңгілік» деген «утренник» (балалар ертеңгілігі) сөзінің орнына айтылып жүр. «...ойына секем алдырған осынау жігіт бойындағы бей-жайлық еді». Біз мұнда жаңалықта ғана келдік. Дұрысы – жаңа ғана келдік. Бұл істі асығыссыз жүйеге асыру керек. Дұрысы – бұл істі асықпай іс жүзіне асыру.

Ертеде –лық,-тық..... жұрнағы жақсылық, үлкендік, алматылық, туысқандық, әурегершілік, ауызбірлік сияқты азын-аулақ сөздің құрамында айтылса, 1930 жылдардан кейін оның сөз тудыру қызметі әлдеқайда кеңейді: әрі абстракты зат есім, әрі сын есім тудыратын аса өнімді қосымша болды: мысалы: бостандық, шаруашылық, қамқорлық, бесжылдық, сембілік, шеберлік, халықаралық, отаршылдық, облыстық. Мұндай туынды жаңа сөздердің саны көп-ақ. Солардың қатарына кейде білімдарлық, бейдалық, сібірлік үйеңкі, семейлік Ертіс, республикалық біріншілік тәрізділер қосылып, тіліміз тықылдайды да тұрады. Әрине, соңғыларды мақтаныш етуге болмайды. Әсіресе, -лық,-тық... қосымшасындағы екі сөздің қатар тұруы ұнамсыз-ақ. Мұндайлар газет тілінде орысшаны қазақша дұрыс айта алмаудың, сол сияқты мағынаны басқа да амалдармен беруге болатынын елемегендіктен жиі кездеседі; мысалы, кеңес шахтерлері, партия комитеті дегендер «советские шахтеры», «партийный комитет» баламасы болып жүр. Ал баспасөзде «городские гости» дегенді «қала қонақтары» демей, «қалалық қонақтар» деп жазады. Мұнда қандай принцип бар? Бара-бара «қазақ халқы», «қала тұрғыны» дегендерді «қазақтық халық», «қалалық тұрғын» деміске кім кепіл?

-сыз//-сіз – сын есім, кейде үстеу тудыратын қосымша. Бірақ кез келген есімге бірдей жалғана бермейді. Мысалы, есепсіз көп, сансыз көп деуге болады, санаусыз көп деуге болмайды; сөзсіз орынды дейміз де, асығыссыз орында демейміз. Сонда да баспасөзде мынандай мысалдар кездеседі: бұл істі асығыссыз жүзеге асыру керек (дұрысы – асықпай, не даурықпай).

-гер//-кер қосымшасы қазақ тілінде «саудагер», «іскер», мұрагер», «айлакер» сияқты сөздер құамында айтылады. Соңғы жылдары баспасөз бетінде осы қосымшаны теріс қолдану көбейді; мысалы: Ертеңіне қылмысына мәз болған жазагерлер қорғансыз ауылды қалай қорлағанына қарқ-қарақ күлісті: Бірде Үбенбай жер ауып бара жатқан саяси қылмыскерді қымызбен сыйлады. Мұндағы «жазагерлердің» дұрысы- жазалаушылар, «қылмыскердің» дұрысы- қылмыстылар. Бір уақытта біздің баспасөзіміз «рабочии» дегенді – «жұмыскер» түрінде жазатын. 15-20 жылдан бері оны «жұмысшы» деп жазып, солай айтатын болдық.

Ертеде еңбекші-еңбекшіл, капиталист-капиталшы түрінде қолданылады. Оны мысалы, Сәбит Дөнентаевтың 20-30 жылдары жазғандарынан көруге болады. Кейін жаңа сөз жасау тәжірибесінде бұрынғылардың біразы өзгертіліп, жаңаша аталып, осы күнде олар қалыптасып кетті. Әдеби тілдің нормалану процесінде болатын осындай өзгерістерге жазушылар да ілесіп отыруға тиіс[51,128].

Жаңа сөз тудыру әрекеті әлі де бар. Бірақ ол тәжірибенің қонымды, ұтымды, әдеби тілге еніп, жалпыға ортақ байлық болып кететін дұрысы да, әдеби тілге енбейтініде болады. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінде пайда болған «балмұздақ», «аялдама», «туынды» әдеби тілге еніп кетті де, «көрермен», «оқырман», «тыңдарман» солармен бір кезде пайда болғанымен жұртшылық оларды тез қабылдай қоймайды, сонда да олар оқта-текте бой көрсетіп қалады. Мұндай сөз жасаудың принципі –оқушы- ученик, оқырман-читатель, көруші-смотритель, көрермен-зритель... болсын деу ғой. Егер сол ізбен кете берсек, бастаушы, қостаушы, жазушы, ойнаушы сияқты көптеген сөздердің аяғы ұсқынсыз-ман, -мен... болар еді де, жаңа сөз жасауды күлкіге айналдырар едік. «Ұра берсе, құдай да өледі» дегендей, айта берсе, «оқырман....» «тыңдармандарға да» құлақ үйреніп, жүре-бра әдеби нормаға айналып кетуі мүмкін. бірақ мен ол үшін жерден жеті қоян тапқандай бола алмаймын. Жұртшылыққа бірден ұнамсыз көрінген ол жаңа сөздерге әуесқойлар да аз емес. Мүмкін, келешекте солардың ұсынысы қабыл болар. Қазақ тіліне шешім, тоқтам, құрылыс, оқулық тәрізді жүздеген неологизмдерді ендірдік. Соларды неге ешкім тосырқамады. Себебі олардың іштей де, сырттай да басқа сөздермен ұқсастығында. «Оқырмандар» өлермендерге сырттай ұқсайды, іштей ұқсамайды.

Сөздерге тиісті қосымшлардың нормаға айналған түрлерін жалғамай, басқа түрлерін орынсыз жалғап, қателесу жиі кездеседі. Мысалы: Дәрменсіз жүрек кезігу сағатын асыға күтті. Дұрысы- кездесу. Уәкіл оған түсініс беріп жатыр. Дұрысы – түсінік. Торф ұнтатыла-ды. Дұрысы – ұнтақталады. Жазба бұл жерде ыссы болады. Дұрысы –ыстық. Монографиялық еңбектердің жазылуы бізді қатты сүйіндірді. Дұрысы- сүйсіндірді. Таңғы самал дала төсін күн ұзағына желпіп тұрады. Дұрысы – таңертеңгі самал дала төсін күн ұзаққа (ұзақ күнге) желпіп тұрады. Шешесі ауызғы бөлмеге шықты да, төсектегі жатқан жиеннің жанына келді. Дұрысы – шешесі ауыз бөлмеге шықты да, төсекте жатқан жиенінің жанына келді.

Бізде –шы//ші қосымшасын жұмсауда да бірізділік жоқ. Әсіресе орыс тілінен енген тракторист, машинист, фудболист, комбайнер сияқты қазақша жұмсауда ала-құлалақ күшті: қазақ баспасөзінде трактористе те, тракторшы да, фотболист те, фудболшы да, комбайнер де, комбайыншы да кездеседі. Бұл жақсылық емес. Дұрысы қайсы екенін білу үшін әлгі қосымшаның жұмсалуында бірізділік бар, жоқ екенін білу керек. Ист- ке біткен терминдердің көпшілігі –ақ қазақ тілінде сол орысша қалпында алынып жүр. Мысалы: футурист, атеист, журналист, машинист, штангист, телефонист, артист. Осылардың қатарында аздаған сөздер: фудболист-фудболшы, тракторист-тракторшы болып айтылады. Мұны құп көре алмаймыз. Бұлар да бұрынғылардың ізімен фудболист, тракторист болғаны дұрыс. Бұлсыз да –шы жұрнағының жұмсалатын жері көп (мысалы: малшы, темірші, басшы, жазушы).

Көркем әдебиетте кейбір қосымшалар авторлық қолданудың ырқына көніп айтыла салып, әдеби тілге енбей қалып қоюы да мүмкін. Осындайлық бейуақ шағын Абай әрқашан үнсіз, жым-жырт қана өткереді (М:Әуезов). Балаға деген мейірменшілік Есімбекке мұны да еріксіз істетпек болды (Б:Майлин).

Стильдік қателердің біразы бір жалғаудың орнына басқа жалғау қолданудан шығады[52,146]. Мысалы: -дар: -Қанат бер талмайтұғын, күнді асайын. Дұрысы күнге асайын. Абай жасында молдаға оқыды. Дұрысы –молдадан оқыды. Екі бала ауылдан айнала шапты (ауылды айнала шапты). Мұнысы -кентті еліктегендік (мұнысы қалаға еліктегендік). Рабиға баласының бетін сүйді (Рабиға баласының бетінен сүйді).

Баспасөзде, әсіресе публицистикалық әдебиетте, қазақ тілінің көптік жалғауын қолдануда қате көп кездеседі. Мысалы: отыз шақты танк, 40-50 самолет деп жазудың орнына отыз шақты танкілер, 40-50 самолеттер деп жазу да кездеседі. Мұндай қателер орысша мәтінге сүйенгендіктен болар. Орыс тілінде жекеше айтылмайтын, тек көпше тұлғада жұмсалатын да зат есімдер бар ғой. Мысалы, часы, ножницы. Осыларды қосып орысша ремонт часов, стоймости ножницы деп жазса, қазақша да сағаттар жөндеу, қайшылар бағасы деп жазу шарт емес. Орысша пальто сөзі септелмейді, қазақшада септеле береді, орыс тілінде «род» категориясы бар, қазақ тілінде ол жоқ. Осылардай әр тілдің өзіндік ерекшеліктері аударма да сақталуы тиіс.

Грамматикалық құрылыстың тіл мәдениетіне қатысы. Адам сөйлескенде, әр алуан мәселелер жайында баспасөз, радио, теледидар арқылы ой –пікірді баяндағанда, алдымен айтатын ойын түсінікті болуын көздейді. Оның ар жағында ойдың белгілі мақсатқа лайық әрі әсерлі болуы көзделеді.

Мақсатты ойды түсінікті әрі әсерлі етіп айту үшін тілде барды дәл тауып, өз орында дұрыс пайдалану оңай міндет емес. Адам ойының ұшы-қиыры жоқ. Сондай-ақ тіл байлықтары да ұшан-теңіз. Сол теңіз дүниесіне сүңгіп, ой өрнектеріне керекті тілдік материалдар мен грамматикалық тәсілдерді дұрыс пайдалана білу үлкен шеберлікті керек етеді.

Грамматика мәселелерін екі түрлі ыңғайда қарастыруға болады: біріншіден, тілдің грамматикалық ережелері мен заңдарын айқындау мақсатымен, екіншіден, грамматикалық тұлғалар мен грамматикалық тәсілдерді қалай пайдаланғанда, ойымыз дұрыс шығады деген тұрғыдан. Бұл екеуі өзара тығыз байланысты болғанмен, алдыңғы-грамматика, соңғы-стилистика ғылымының үлесіне берілуге тиіс.

Тіл мәдениетінің табысы стилистика ғылымының талаптарымен ұштасып жататындықтан, бұл екеуінің де арасында жақындық күшті. Сондықтан, грамматикалық тұлғалар мен грамматикалық тәсілдердің стильдік қызметтерін айқындаудың керегі осы арада да бір байқалып қалады.

Әдетте стилистика ғылымы грамматикалық тұлғалар мен категориялардың мәндестігін, олардың әдеби тіл стиліне қатысын қарастырады. Біз де осыларды негізге алып, олардан басқа мәселелер де тіл мәдениеті тұрғысынан сөз етуге тиіспіз[53,226].

Адам ойын айтудың негізгі формасы – сөйлем. Жеке сөйлем арқылы біршама аяқталған ойды білдіріп, оны екінші, үшінші....сөйлемдермен ұластырып, ұзын-ұрғалы мақсатты ойды жетер жеріне жеткізіп айтуға тиіспіз. Мұндайда әр сөйлемді қалай құру, қандай-қандай сөздерді пайдалану, ол сөздерді қай тұлғада жұмсау, қай сөзді қай сөзбен байланыстыру, қалай байланыстыру керек деген сияқты сұрақтар туады.

Тілді жақсы білетін кісілер бұл сұрақтарға жауап іздемей-ақ дұрыс сөйлеп, дұрыс жазуы мүмкін. Әрине, олардың да белгілі дағдысы, тіл мүмкіншілігі жайында түсінігі, оқымай-ақ үйренген білімі болады.

Оның үстіне олар әлгілердің ғылыми негіздерін түсініп, біліп пайдаланса, тіл жұмсауда қате-кемшілік аз болмақ.

Мақсат – тілде барды жойып, жаңалық орнату емес, барды дұрыс пайдалану.

Жазушы Зейін Шашкин марқұм «Роман және дәуіртынысы» деген мақаласында «жатыр», «отыр» етістіктері «тілімізді онша көркейтіп тұрған жоқ. Біз осыдан құтылу әдісін іздеуіміз керек», - деп еді. Одан кейін «құрмалас, сабақтас сөйлемдер құрудың жаңа әдісін табуымыз керек» -деген-ді. Бұл қазақ тіліндегі күрделі етістіктер құрамының кейде шұбалыңқы болатынын ұнатпағандықтан болар, бірақ бұл біздіңше ұшқары пікір.

Сөйтіп, стилистика мәндес және мәндес емес те грамматикалық тұлғалардың, синтаксистік құрылыстардың тиімділерін пайдалана білуді үйретеді.қазақ тілі грамматика жүйесінің де сильдік мүмкіншіліктері мол.

Жақсы стилист болу – сөз зергері болу деген сөз [54,216].Әдетте жазуы жатық, тілі бай стилист кісілер тілде барды, оның өте нәзік мәнін, өзгелерге еленбейтін, иненің жасуындай қылаң еткен стильдік қызметін шебер түсінеді. Сөйтеді де тіл байлықтарын, әсіресе тілдің грамматикалық мүмкіншіліктерін жақсы біліп, керегіне жаратып отырады. Мысалы, тілге деген талабы, сезімі, білігі мол жазушы еш уақытта «Ақ ат мінген қыз қойларды жамыратты», «Ол белін арқанға буды» демейді. Себебі: аттың түсі ақ болса да, қазақ «ақ ат» демейді «боз ат», «ақбоз ат» дейді, әдетте қой жамырамайды, қозы жамырайды, белін арқанға бумайды, белін арқанмен буады. Не болмаса, қазіргі қазақ тілінде бірыңғай бірнеше сөйлем мүшелерін «және», «мен» жалғаулықтарымен байланыстырып айтқысы келген стилі жатық журналист ешуақытта «жәнені» бұрын, «мен» (бен, пен) жалғаулығын соң жазбайды. Мысалы: «Біздің заводтарымыз бен фабрикалырымыз және колхоз – совхоздарымыз жылдан-жылға нығайып келеді». Мұндайда «және» жалғаулығы бірыңғай мүшелердің «тұйыққа тіреліп», аяқталып қалғанын көрсетеді. Сондықтан заводтарымыз және фабрикалымыз бен колхоз-совхоздарымыз.... деуге болмайды. Бұлай жазу стильдік қате болады.

Б.Майлин бір әңгімесінде «Қарымсақты» келіні пештің.... мұржасын ашып жүр екен деп жазыпты. Бұл – стиль жағынан өз орнында дұрыс құралған сөйлем. Осыны «Пештің мұржасын Қарымсақтың келіні ашып жүр екен» деп те жазуға болады. Мұнда пештің мұржасын кім ашып жүргені баса айтылғандық аңғарылады. Сондықтан бір сөйлемнің мағынасын болар- болмас, өте нәзік қосымша мағына енгізу үшін де сөйлем мүшелерін, осылай, орнын ауыстырып айтуда үлкен мән бар. Ал әлгі сөйлемді «Пештің мұржасын ашып жүр екен Қарымсақтың келіні» деуде пәлендей селт еткен ерекше мағына, көркемдік белгі жоқ. Сондықтан соңғыны стильдік қате деп танимыз.

Сөйтіп, грамматикалық құрылыстың орнықты қалпын сақтап жазу да, мағыналық, эмоциялық қызметі болған жағдайда оны құбылтып, өзгертіп жазу да стилистика талаптарына сай бола береді[55,73]. Ал, дұрысты бұзып айтуда ешқандай мән болмаса, ондайлар өрескел қате болып есептеледі. Сондықтан оқушылардың тіл мәдениетін арттыру үшін осы қателер жөнінде мәлімет беріп, оны болдырмауға дағдыландырылады.

І. Стильді - морфологиялық қате. Сөздерді дұрыс жасамаудан, әсіресе, қосымшаларды дұрыс жалғай білмеуден, олардың стильдік реңін дұрыс түсінбеуден жіберіледі. Оқушылардың ауызекі сөздерді мен жазба жұмыстарында оның мына сияқты түрлері кездеседі:

а/ оқушылардың тілінде кейбір өзінше «сөз жасау» тәжірибеде кездесіп қалады. Ол кейде орынды шықпайды. Мысалы, мектеп құрылысына бетоншылар мен сылақшылар, ағаш ұсталары мен ісшілер келді.

Бұл сияқты қателер оқушының қосымшалардың сөз тудыру, жалғану аясын білмегендігінен болады.

ә/ кейбір септік жалғауларының мағыналық реңдеріін түсінбей ауыстырып қолдана береді. Ол жеткізбекші ойына байланысты болмай қате жібереді. Мысалы, Абай жас кезінде молдаға оқыды. Мен Асанмен келдім.

Бұл қателердің кездесуі оқушылардың септік жалғаулардың қызметін және оның беретін мағынасын, мәнін толық түсінбегендігін байқатады. Өйткені бірінші сөйлемде барыс септігінің орнына шығыс септігінің жалғауын қолдану керек еді де, ал екінші сөйлемде көмектес септігінің мәнін толық ұғынбай қолданылған формасын түсінуді ауырлатқан. Мұнда «бірге» деген сөз немесе «екеуміз» деген сөздерді тіркестіруді қажет етеді. Яғни, көмектес септігінің жалғауы бұл арада сөз бен сөзді байланыстыру қызметінен бірге қате ұғым жасауға қызмет етіп тұр. Өйткені көмектес септігінің кіммен деген сұрағына жауап беруде сол сөзге жалғанған септік жалғаудан соң (егер ол тәуелді септеу болмаса) байланысты сөз қажет ететіндігі байқалады. Ал, немен деген сұрағына жауап беру үшін оның қажеттілігі сезілмейді. Мысалы, Мен досыммен бірге келдім. Мен атпен келдім.

Кейде ауызекі сөйлеу тілінде көмектес септігін адамға байланысты тәуелдік жалғауынсыз қолдану метонимиялық түрде пайдалануға әкеледі. Атап айтқанда, Асанмен келдім деген сөйлемде, Асанның көлігімен келдім немесе Асанның машинасымен келдім т.б. деп ұғынылады.

б/ көптік жалғауларды кейбір көптік мәні бар сөздерге жалғау немесе көптік жалғаудың көптік мәнінен басқа рең беру ерекшеліктерін білмей қолданылады. Мысалы, егістіктерде мал жайылып жүр. Биылғы көктемде жауындар аз болды. Кейбір көптік жалғаулар жалғанған сөзге көптік мәннен басқа мәнде де үстемелейді. Мағыналық рең беріп, стильдік жағынан түрлендіреді. Мысалы, Асандар мектепке жиналды деген сөйлемдегі көптік жалғау Асанның көптігін емес, оның қасында басқа кісілердің барлығын аңғартады. Оқушылар көптік жалғаулырдың осы сияқты түрленуіне мән бере бермейді.

в/ бір түрлі жалғауларды сөйлемде қат-қабат қолдану арқылы сөйлемнің көркемдігін көміскілейді. Мысалы, күзде орманның ағаштарының жапырақтарының түсі сарғаяды.

г/ сөз таптарының жұрнақтарын сөйлем мен сөйлемді байланыстыру мақсатында немесе негізгі сөздер мен көмекші сөздерді пайдалануда қатар қолданып, ойды түсінуге қиындатады. Мысалы, Төстік жоғалып кеткен ағаларын іздеп шығып, ағаларын тауып алып, еліне қайтпақшы болып, ертіп шығады.

Мұнда етістіктің көсемше түрінің жұрнағын қайталап қолдану жай сөйлемдерді тиянақсыздап, айтайын деген ойын түсінуді қиындатып тұр.

Сонымен стильді-морфологиялық қате сөз таптары және олардың грамматикалық формаларын қолдануда жіберіледі. Оқушыларда грамматикалық категорияның, форманың беретін мағынасын, стильдерін аңғармау немесе олардың орнына басқа нұсқаларын, синонимдерін қолдана алмау арқылы оларды сөздерге орынды, таңдап жалғау арқылы тіліміздегі ойдың көркемділігін, мәнерлілігін арттыруға болатындығына көңіл бөлмейді. Өз тәжірибелерінде өте аз қолданады.

Стильді-морфологиялық қателермен жұмысты сол сыныпта өтіліп отырылған грамматикалық материалдармен байланыстыра жүргізу қажет. Олар мына сияқты болуы мүмкін:

- грамматикалық формалар арқылы сөздердің түрленуін естеріне түсіріп, әр сабақта қайталау жаттығуларын жүргізу,

- грамматикалық формаларын жалғаудағы мағынасына байланысты синоним немесе нұсқалар бойынша жүргізу (кісідей-кісіге ұқсас – кісі сияқты, мәскеулік кісі – Мәскеудің тұрғыны т.б.) сөйлемдегі грамматикалық формаларының мәнін ашу, оның қолдалануындағы стильдік ерекшеліктерін үйрету және қолдаланылуы бойынша стильдік талдау жүргізу,

- сөз таптарының тіркесу ерекшеліктері бойынша жаттығу жүргізу (сын есім – зат есім, зат есім – зат есім т.б.),

- стильдік фигуралардың жасалу ерекшіліктеріне байланысты грамматикалық формаларын стильдік мәні бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізу,

- шағын мәтіндердегі грамматикалық формалардың қолданылу ерекшеліктері бойынша стильдік талдау жүргізу.

Тәжірибелік жұмыстар әрбір сыныптың бағдарламалық материалдарына байланыстырыла жүргізіледі.

Қазақ тілінің морфология туралы саласы бойынша мәлімет бастауыш сыныптан бастап-ақ беріле бастайтыны белгілі, сондықтан жоғарғы сыныптарда сол бағдарламалық материалдарға байланысты өтіліп отырылған материалдардың стильдік қолдануы туралы мәліметтер берілгені тиімді.

ІІ. Стильді-синтаксистік қате деп сөз бен сөздің байланысу тәсілдерінінен, сөз тіркестерінен, сөйлем құрастыруынан жіберілген кемшіліктерді айтамыз. Оқушыларға бұл қателердің мына сияқты түрлері кездеседі:

а/ сөйлемдегі сөздердің байланысу тәсілдерінен қате жібереді. Мысалы, алыстағы ағаш басы қарауытып көрінеді. бұл сөйлемдегі матаса байланыс жасайтын ілік септігінің жалғасуын түсіндіріп қолдану, сөйлемдегі ойды күңгірттеген. Тілімізде ілік септігінің жалғауының түсіріліп қолданылуы кездесе береді. Сондықтан оқушылар ондай құбылысты дағдылы норма деп ұғынады да өз ойларын жеткізуде талғамай қолданып стильдік қате жібереді.

ә/ сөйлемдегі сөздердің орын тәртібінің қате жіберіп, сөздің әдеттегі ауыстырып қолданудағы стильдік мәнін ескермейді. Содан барып оқушылар инверсиядан қате жібереді, ол туралы түсініктерінің аз екендігін байқатады. Мысалы, ұзақ сапардан шаршап келді Ер Төстік деген сөйлемдегі бастауыш сөз әдеттегі өз орнында тұрған жоқ.

Жазушылар мен ақындардың шығармаларында мұндай сөйлемдерді стилистикалық мақсатта қолдана береді. Орын ауыстырып қолдану көбінесе инверсия, қайталау мақсатында, яғни сол орын ауыстырылған сөзге оқушының назарын аударып, экспрессивтік мән беру үшін қолданылады. Оқушылар ондай мақсатта қолдануға тәжірибесіз келеді.

Әсіресе, оқушылар бұл сияқты қатенің түрлерін өлең сөздің мазмұнын айтып беруде жіберіледі. Өйткені өлең сөзде сөздердің, әдетте, орны сақтала бермейді. Оқушылар оны мазмұндап беруде өлеңде қолданылған сөйлемдерді сол қалпында пайдаланады. Мысалы, мен көрдім ұзын қайың құлағанын деген сөйлемдегі бастауыш пен баяндауыш қатар тұрып байланысқан. Ал оны қара сөзбен мазмұндауда бастауыш пен баяндауыш бөлек, баяндауышы сөйлемнің соңында тұрып байланыстырылады. Ал оқушылар осы секілді сөйлемдегі сөздердің орын ауыстырып ойын жеткізуде мақсатына қарай түрлендіріп қолдануға тәжірибесіз болады.

б/ құрмалас сөйлемдегі жай сөйлемдердің ара жігі ажыратылмай қарастырып, бір-бірімен байланыстырылмай, айтатын ойды шашыраңқы беру кездеседі. Мысалы, интернатқа Бораштың апасы келіп, апасы оны көріп, сүйіп, айқайлап жылап, құшақтады.

в/ сөйлемдерде екі бастауыш сөзді қатар қолдана береді. Мысалы, Ғ:Мүсірепов ол «Қос шалқар» әңгімесін жазды.

Стильді-синтаксистік қателерді болдырмау мен түзету барысында мына сияқты жұмыстарды жүргізуге болады:

- белгілі сөздердің сөз тіркестерін жасату және олардан сөйлем құрау,

- аяқталмаған сөйлемдерді аяқтау және сөздерді алмастырып көру,

- бір ойды беру үшін нұсқамен сөйлемдер құрату,

- сөйлемдегі сөздердің орнына ауыстырып көру, ондағы ойдың ауысуын қадағалау,

- құрмалас сөйлемдегі жай сөйлемдерді ажыратып, тиянақтау және ондағы ойды анықтау немесе берілген бірнеше жай сөйлемнен бір құрмалас сөйлем құратуға жаттықтыру,

- сөйлемдердегі сөйлем мүшелерінің орнын анықтау, оны ауыстырып байқау,

- өлеңмен жазылған сюжетте көркем шығармаларды ауызша және жазбаша мазмұндау (әр түрлі шақта және жақта),

- берілген жоспар бойынша шығармалар мен мазмұндамалар жаздыруға жаттықтыру.

Стильді-синтаксистік қателермен жұмыс жүргізуге синтаксистің тыныс белгілерімен байланыстыра жүргізген абзал. Өйткені пунктуацияның тілімізде стильдік рең беруде қызметі айрықша. Ал оның оқушыларға өтіліп отырған материалға таныстырып отырған жөн.

ІІІ. Стильді-логикалық қате. Ойды көркемдеп әдеби тілдің нормасында жеткізуде әр сөз, сөйлемді сұрыптап, оның құрылысына, сөйлем мүшелерінің орын тәртібіне, сөздің лексикалық мағынасына қарап әсерлі де нақты айту тілімізде жеткіліксіз. Енді сол сөйлемдер арқылы әңгімемізді қалай жеткіземіз, сөйлемдегі ой бір-бірімен байланысты ма, тыңдаушы мен оқушы, айтушы мен жазушының ойын сол мақсатта, сол әсерде қабылдай ма деген мәселелер көңілге оралады.

Мектеп оқушыларының ауызекі сөздері мен жазбаша жұмыстарын осы мақсатта бақылағанымызда кейде тілдерінде айтайын деген ойын шашыратып, сөйлемдердегі ой бір-бірімен байланыспай, тұжырымды пікір айту мен қорытынды жасауда кемшіліктерге жол береді. Бір ой аяқталмай-ақ екінші ойды бастайды немесе араластырып қолдана береді. Оларды жүйелі жеткізуге қиналады.

а/ сөйлемдегі айтылатын ойдың иесі белгісіз болып қалу. Мысалы, Чапай әскерлеріне мылтық пен қылыш таратып берді. Бұл сөйлемдегі Чапайдың әскерлеріне мылтық пен қылыш берген өзі ме, әлде басқа біреу ме екендігі белгісіз.

ә/ сөйлемдеріндегі ойлар бір-бірімен байланыспай түсініксіз болу. Мысалы, Әкесі мен баласының қоштасар сәті келді. Екеуі құшақтасып ұзақ тұрды. Оның көзінен жас шықпады.

Стильді- логикалық қателер әлі де болса оқушының ойлау жүйесінің дамымағандығын көрсетеді. Бұл сияқты қателерді болдырмау мақсатында жеке оқушылармен немесе сынып бойынша мына сияқты жұмыстар жүргізіледі:

- шағын әңгімелерге жоспар жасатып, негізгі айтатын мәселелерді анықтатып, саралай білуге жаттықтыру,

- берілген жоспар бойынша әңгіме құрастырып айту немесе жалғастырып жаздыру,

- сюжетті көркем суреттер бойынша сөйлем құрату немесе мазмұндамалар жаздыру,

- экскурсия материалдары бойынша шығарма жаздыруға үйрету,

- эпиграф, цитаталар бойынша шығарма жазуға үйрету,

- әр түрлі стиль бойынша шығармалар жаздыру немесе іс-қағаздардың үлгілерін жаздыру,

- әр түрлі мәжіліс хаттар, есеп беру, баяндамалар жазуға жаттықтыру т.б.

Қорыта келгенде, оқушылар мына себептермен стильдік қателер жіберетіндігін байқауға болады:

1. Оқушылардың сөздік қорының аздығына байланысты сөйлемдер бірыңғай, қарапайым болады да, оны түрлендіре алмайды.

2. Кейбір сөздердің ауыспалы және көп мағыналылығына байланысты контексте орынды қолданбай, ойды күңгірттеп, әсерлі де нақты жеткізе алмау кездеседі. Сөздердің байланысуын, тіркесуін білмеу де байқалады.

3. Синоним сөздерді сөйлемде түрлендіріп қолдана білмеу, сондықтан сөздерді сөйлемдерде қайталай беру.

4. Сөйлемдерінде қажетсіз басы артық, қыстырма, диалект сөздерді талғамай қолдана беру.

5. Қазақ тілінде аудармасы бар шет елдік сөздерді немесе вулгаризмдердің мәнін ескермей қолдану.

6. Кейбір сөздер мен формалардың экспрессивті-эмоциональды мәнін білмей орынсыз қолдану.

7. Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтамау, сөздердің тіркесуі мен орын тәртібінің ауысуындағы стильдік ерекшеліктерді аңғармау.

8. Сөйлемдегі бірнеше ойды байланыстырып жеткізе алмау.

9. Айтайын деген пікірін жүйелі, рет-ретімен айтып не жазып беруге қиналу, шатастырып жіберу т.б.

Стильдік қателерді көп жіберу – ол оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен білімінде ол қылықтардың бар екендігін көрсетеді. Сондықтан стильдік қателерді түзету мен болдырмау барысында, жұмыс ұйымдастыруда сол етіліп отырылған теориялық материалды терең де сапалы игерту мақсатымен байланыстыра жүргізген абзал. Әр сабақтың бөлінбес бір бөлігі болуға тиісті, өйткені оқушы әрбір сөз бен форманың мәнін, қызметін, қолдану ерекшеліктерін игерген оқушы сол сабақта теориялық материалды оңай саналы түсінеді.

Ол үшін алғашқы оқу жылы басталған кезде-ақ оқушылардың тілінде қандай стильдік қате кездесетіндігін анықтау мақсатында байқау кезеңі жүргізіледі. Оның қорытындылары арнаулы дәптерге жазылып, жеке және сынып оқушыларының сильдік қателері есепке алынадыы. Сонымен бірге әрбір сыныптағы тарау, үлкен тақырып бойынша сильдік қателерін саралап бөліп көрсету келешекте оқушылармен сол тақырып, не туралы өту кезінде қате не жұмысты жоспарлы жүргізуге үлкен көмегі болмақ.

Тәжірибемізде бірнеше мектепте эксперимент жүргізіп, бақылағанымызда 5-сынып оқушыларының көпшілігі «Есімдік» сөздерге байланысты мына сияқты қателер жіберетіндігін анықтадық:

1. Стиль-фонетикалық қате, а/ кейбір есімдік сөздерді қолдануда дыбыстарын тастап кету: ол кісі – о кісі, бұл адам, бұ адам, б/ кейбір сілтеу есімдіктерінің дыбыстарын ауыстырып қолданады: мұнда – мында, сонау – сынау т.б.

2. Стильді-лексикалық қате, а/ кейбір есімдіктердің әдеби тіл нормасында емес, жергілікті говор бойынша қолданады: сол жерде не сонда деген есімдіктердің орнына «анда» деп қолдана береді, б/ артық сөздерді қосып отырады: мен өзім, сен өзің т.б. өзіндік есімдіктердің қасына жіктеу есімдігін қабаттастырып қолдана береді. Онның қолданудағы сильдік реңін ажыратпайды.

3. Стильді-морфологиялық қате, а/ ойды жеткізудегі есімдік сөздерді қолдануда, оған қосымша жалғауда қате жібереді. Мысалы, әрбір саналы азаматтар еңбек етуді сүйеді. Ол тың игеруге даңққа бөлінеді, - деген сөйлемде көптік жалғауды керсінше жалғап қолданған, дұрысы –екінші сөйлемдегі есімдік сөзге жалғау қажет еді.

4. Стильді-синтаксистік қате, а/ мен, сен, ол т.б. жіктеу есімдіктерін бастауыш қызметінде сөйлемдерінде өте жиі қолданады, нұсқалы сөздерін пайдаланбайды, мысалы, Мен сағат жетіде тұрдым. Мен киіндім. Мен мектепке кеттім т.б., б/ сөйлемде екі бастауыш сөзді (бірі- есімдік) қолдана береді, мысалы, Қасым ол итін аяп кетті.

5. Стильді-логикалық қате. а/ есімдік сөздерді кезінде сөйлемдегі іс-әрекеттің иесі анықталмай қалады, мысалы, «әкесі мен баласы жолда келе жатып сынған тағаны көрді. Ол оны көтеріп қолына алды».

Әрбір тақырып, немесе тарау бойынша оқушылардың жіберетін стильдік қателерін топтастырып алғаннан соң, сол қателерді болдырмау мен түзету барысындағы жұмыстар және оны қалай жүргізудің әдіс-тәсілдері ойластырылады. Соған орай материалдарды жинақтап, жаттығулар сұрыпталады, қосымша материалдар жасалады.

Мұғалімдердің озат тәжірибесі мен эксперимент жұмысының нәтижелеріне жүгінсек, стильдік қателерді болдырмау мен түзету барысында мына сияқты практикалық жұмыстар жүргізуге болады:

- оқушылардың ауызша жауаптары мен жазбаша жұмысындағы стильдік қателерді ескерту және түзету,

- жазба жұмыстарындағы оқушылардың көпшілігінде кездесетін қателермен сынып жұмысын жүргізу, онда сабақтың 10-15 минутын қателерді талдауға пайдалану, стильдік қателерді оқушылардың өздеріне таптырып және оны түзетуге үйрету, жаттықтыру,

- стильдік қателері бойынша жеке оқушылармен кестелер арқылы жұмыс жүргізу,

- әрбір шығарма мен мазмұндаманы талдап, сол сынып оқушыларымен мәтін бойынша тілдік жаттығулар жүргізу, онда сол мәтіннің лексикалық, фразалық тіркесі, кейбір қиын синтаксистік тіркестер мен сөйлемдердің мәнін үйретіп, өздерінің тәжірибесінде қолдана білуге баулу,

- грамматикалық тақырыптарды өткенде, сол сынып оқушыларының білім қоры мен жас ерекшеліктеріне лайықты сол грамматикалық категория мен форманың стильдік қолданылуы туралы мәлімет беретін жаттығулар жүргізуді ұйымдастырып отыру,

- оқушылардың стильдік қатесі бар сөйлемдерін немесе арнайы берген стильдік қатесі бар сөйлемдерді я тіркестерді түзеттіру, жетілдіруге жаттықтыру,

- сөйлемдердегі арнайы берілетін сөздерді синоним сөздермен не нұсқалармен ауыстырып байқау,

- белгілі ойды жеткізу үшін түрлі нұсқалы сөйлемдер құрастыру,

- оқушылардың шығармалары мен мазмұндамаларына талдау жүргізіп, соның нәтижесінде жетілдіріп қайта жазуға жаттықтыру,

- сөйлемдер мен шағын мәтіндерді стильдік талдау жүргізуге төселдіру,

- түрлі стильдік мақсаттарда жаттығулар жүргізу т.б.

Мұндай жұмыстарды орындаттыруда оқушылардың білім қоры мен жас ерекшеліктері ескеріліп, лайықты түрлері таңдалады.

Қазіргі қолданып жүрген 5-9-сыныпқа арналған оқулықтар мен дидактикалық материалдарда бұл мәселелер қарастырылмаған, сондықтан көптеген материалдарды сұрыптауда, жинақтауда мұғалімнің өзіне жүктеледі. Аталған практикалық жұмыстардың жүргізудің әдіс-тәсілдерін қарастырайық. Мәселен: бір тақырыпқа байланысты жүргіземіз.

Сөйлемдегі есімдік сөздердің орнын басқа сөздермен, нұсқалармен ауыстырып байқау. «Есімдік туралы түсінік» тақырыбы өткенде есімдік сөздерді қолдануда сөйлемдегі іс істеушінің түсініксіз болып қалу сияқты стильдік қатені болдырмау барысында жүргізіледі. Әсіресе, сөйлемдердегі зат есім сөздердің орнына есімдік сөздерді ауыстырып қою арқылы оқушыларға есімдік сөздердің қандай ерекшеліктерінің бар екендігін білдіру және ол сөздер қалай қолданылады деген мәселені игерту мақсат етіледі.

Мысалы: «ұзақ жаңбырдан кейін күн ашылды». Олар оған қуанды – деген сөйлемдердегі «олар», «оған» есімдік сөздердің орнына тиісті зат есім сөз қойып жазу тапсырылады.

Оны балалар «Балалар күннің ашылғанына қуанды» деп орындайды. Сондай-ақ сөйлемдердегі талдау барысында «оған» деген сөздің орнына қойылған «күннің ашылғанына» деген сөз қайталанып тұрғандықтан, ол ұғымды есімдік. Сөз арқылы білуге болатындықтан өзгертудің қажет емес екендігін аңғарады. Нәтижеде екі есімдік сөз қатар келіп тұрғандықтан бірін нақтылау барысында зат есім сөзбен алмастыру орынды екендігіне көздері жетеді. Қате жібермеуге жаттығады.

Мұндай мақсатта оқушылармен есімдік сөздерді қосып сөйлем құрау, есімдік сөздердің қандай ұғымның орнына қолданылып тұрғандығын анықтау, есімдік сөздерді қандай сөздермен алмастырып, қолдануға болатындығын байқап көру сияқты тапсырмалармен жұмыс ұйымдастыруға болады.

Есімдік сөздердің сөйлемде қолдану ерекшеліктерін таныстыру. Стильдік қатесі бар сөйлемдерді түзету, жетілдіруге үйрету. Мұндай жұмыстарды жүргізу үшін оқушылардың назарын есімдік сөздер берілген сөйлемде дұрыс қолданып тұр ма деген мәселеге аударамыз. Оқушыларға грамматикалық теориялық материалдармен бірге есімдік сөздердің тіліміздегі қолдану ерекшеліктерін үйрету мақсат етіледі. Ол үшін жетілдіруді қажет ететін немесе стильдік қатесі бар сөйлемдерді, шағын текстерді алдын-ала қосымша тақтаға жазып, немесе экрандық құралдар арқылы үлкейтіп көрсетіп, сол сөйлемнен мәтіндерді түзеттіруден бастауға болады.

Мысалы, мына сияқты сөйлемдер беріледі, Болат Гүлжанға қуыршақ сыйлағысы келеді. Бірақ ол кетіп қалды, оны мамасы айтты. Бұл сөйлемдегі түзету барысында есімдік сөздердің (ол, оны) қолданылу ерекшелігіне көңіл аудартып алынады. Ол үшін жетекші сұрақтар беріліп, жауап алынады:

1. Кетіп қалған кім?

2. Мамасына кім айтты?

3. Ол мамасына не туралы айтты?

Сұрақтарға жауап беру барысында оқушылар есімдік сөздердің дұрыс қолданылмай тұрғандығын түсінеді. Нәтижеде қате қолданылып тұрған сөздің орнына тиісті дұрыс сөздер қойылып, түзеттіріледі.

«Болат Гүлжанға қуыршақ сыйлағысы келеді. Бірақ Гүлжан кетіп қалды да, Болат оны мамасына айтты», деп түзетеді. Сонымен бірге оқушылардың көпшілігінің қандай ойды жеткізгісі немесе нақтылағысы келсе, оны деген сөздің орнына Гүлжанның кетіп қалғандығын, немесе Гүлжанға сыйлық сыйлағысы келгендігі туралы тіркестердің бірін қояды.

Кейде бұл сияқты алмастыру есімдік сөздерді қолдану көбінесе қате болады деген ұғым тумас үшін, есімдік сөздерді қолданудың қажеттілігі туралы да түсінік беріліп, жаттығу жүргізу қажет. Мысалы, жіктеу есімдігін өткенде сөйлемде бірнеше рет қайталанған есім сөздердің орнына сөздерді пайдалану қажеттілігін айтып, жаттықтыру тиімді. Оны мына сияқты сөйлемдер беріп, талдатуға болады:

Қыз кітапты партаға қойды. Қыз кітапты оқуға кірісті. Кітап өте қызық екен.

Мұндай сөйлемдердегі қайталанған сөздердің орнына тиісті сөздерді қойғанымызда: қыз кітапты партаға қойды. Ол оны оқуға кірісті. Кітап өте қызық екен, - деп орындайды.

Есімдік сияқты жұмыс түрлерін алғаш жеке сөйлемдердегі есімдік сөздерді қолдануын үйретіп, жетілдіруге жаттықтырылады да бара-бара күрделендіріліп шағын мәтіндерді, өздерінің жазған шығармалары мен мазмұндамаларын жетілдіріп қайта жазуға төселдіреді.

Осы мақсатта жаттығулар жүргізу – оқушылардың есімдік сөздерді қолдануда қай сөз немесе ұғымның орнына жұмсалып тұрғандығын оның қалай қолдану ерекшелігін үйретуге бейімдейді. Ол есімдік сөздерді қолдануда стильдік қате жібермеуге жаттықтырады. Нәтижеде есімдік сөз табынан жан-жақты теориялық мәлімет беріледі.

Есімдік сөздердің синонимдері бойынша жұмыс. Тәжірибеде есімдік сөздерді қолдануда стильдік қате жібермеу үшін және оқушылардың сөздік қорын молайту үшін есімдіктердің синонимдері бойынша жұмыс ұйымдастыру үлкен нәтиже береді. Әсіресе, оқушылардың тілін дамытуға әсері мол.

Тілімізде көптеген есімдіктер бір-бірімен синоним бола алатыны белгілі. Мысалы, белгісіздік есімдіктерді қай, қайсібірі, кейбіреуі, біреу-міреу, әлдекім сөздерді сөйлеушіге белгісіз немесе әдейі атағысы келмейтін кісі аттарының орнына қолданылады. Сондай-ақ, бірқатар, бірсыпыра, біраз, бірнеше есімдіктері сан мөлшерлік мән беріп, бір-бірімен синоним бола алады.

Жұмыс барысында мұндай синонимдес есімдіктердің де қолдануда әрқайсысының өзінше тән қолдану ерекшеліктері, стильдік реңдері болатындығын аңғарту қажет.

«Бүгін жиналысқа бәрі қатысты» деген сөйлемдегі «бәрі» деген есімдіктің орнына «барлығы», «баршасы немесе бүкіл» деген сөздерді қолдануға болатындығын, ал жылтырағанның бәрі алтын емес деген сөйлемдегі бәрі деген жалпылауыш есімдігінің орнына аталған синонимдерді қолдануға болатындығын есімдік сөздердің қолдану ерекшеліктеріне байланысты түрлендіріледі. Синоним болып жұмсалу мүмкіндігі бар сөздер оқушылардың сөздік дәптерлеріне жаздырылады.

Бұл сияқты жаттығулар мен практикалық жұмыстар жүргізу оқушылардың есімдік сөздерін басқа сөздермен тіркесуін, байланысын игертуге, есімдік синонимдерінің қолданудағы мағыналық, стильдік ерекшеліктерін тани білуге әсер етеді.

Сөйлемдерге, шағын мәтіндерге стильдік талдау жүргізу. Сөйлем мен шағын мәтіндерді стильдік талдау жүргізуде ондағы барлық сөздер мен формалардың қолданылуына тоқталу мүмкін емес, оған оқушылардың өресі жетпейді. Мектепте стильдік талдау жүргізуде, үйретуде белгілі бір категория немесе белгілі топтағы сөздер бойынша, не синтаксистік құрылым бойынша талдау жүргізілуі тиіс. Сондықтан біз оқушылардың «Есімдік» тақырыбын терең игертіп, сөздік қорын молайту мен есімдік сөздердің стильдік мақсатта қолдану ерекшеліктерін үйретіп, стильдік қателерді болдырмау барысында сөйлемдер мен шағын мәтіндерді талдатуды алдық.

Стильдік талдау жүргізу негізінде өтіліп отырылған тақырыптың грамматикалық категория мен форманың стильдік қолдану ерекшеліктерін таныту мен синонимдерін таптырып оқушылардың сөздік қорын молайтуға бағытталады.

Стильдік қателермен жұмыс жүргізуде тақырыптық материалдармен байланыстыра өткізумен бірге, кейде арнайы сабақ етіп ұйымдастыруға да болады. Ол үшін оқушылардың жалпы стильдік қателерін есепке алып, сол қателер бойынша белгілі тақырыпта жаздырған шығарма мен мазмұндама көлемінде ұйымдастырылады. Арнайы сабақ жүргізу үшін мұғалім алдын-ала мұқият даярланып, кіріскені нәтижелі болмақ.

Тұжырамдағанда, стильдік қолдану ерекшеліктерін таныту мен синонимдерін таптыру. Оқушылардың сөздік қорының молаюына, дүниетанымының артуына бағаттала жүргізіледі.

Мұндағы негізгі мақсат – грамматикалық тақырыптың ерекшеліктерін жан-жақты ашып көрсетіп, сол сөздер мен тіркестерді, сөйлемдерді өз тәжірибесінде дұрыс қолдана білуге, сөйлеу мен жазба жұмыстарында қате жібермей, өз ойын нақты, дұрыс, жатық, мәдениетті жеткізе білуге дағдыландыру болып табылады.

Берілген мәтінді жетілдіріп қайта жазуға төселдіру. Бұл бағытта жаттығу жүргізудегі мақсат оқушыларға стилистика туралы білім мен дағды бере отырып, оқушылардың ойы мен тіл қызметін жетілдіру болып табылады. Берілген мәтінді түзетіп қайта жазу арқылы оқушылар өз тіліндегі кейбір стильдік қателерді болдырмауға дағдыландырылды. Әрбір мәтінді жетілдіріп жазуда функциональды стильге сай жүргізу – сол стильдердің ерекшелігі мен тілдік құралдарын таныту бағытында ұйымдастырылады. Негізгі мақсат стильдердің өзіндік ерекшеліктерін тани біліп өз тәжірибесінде қолдануға жаттықтыратын болады. Сонымен бірге, стильдік қателерді түзетіп жаза білу икемділіктері мен дағдылары қалыптастырылады.

Бұл қателердің болуы оқушылардың грамматикадан білім, білігінің жетімсіздігінен деп анықтауға болады. Сондықтан қазақ тілі пәнін оқытуда грамматикалық форма мен категориялар туралы теориялық білімді игертумен қатар, сол білімді өзінің тәжірибесінде, жазба жұмыстарында қолдана білу икемділігі мен дағдысы қалыптастырылады. Біз тіл мәдениетіне байланысты сөйлем құрау іскерлігін арттыра оқытудың әдіс-тәсілдерін қарастырайық.

Сөз тіркесі – мағыналық жақтан да, грамматтикалық жақтан да өзара байланысты, бірлікте болатын, толық мағыналы кемінде екі сөздің тіркесі. Сөз тіркесінің сыңарларының арасында да, сөздің (мейлі жалаң сөз болсын) бөлшектерінің арасындағы байланыс бар, бірақ сөздің (соның ішінде күрделі сөздің де) бөлшектерінің арасындағы байланыс сөз тіркестерінің сыңарларының арасындағы байланыстан басым болады[56,126]. Осыған орай, жалаң сөз де, күрделі сөз де сөйлеу кезінде жасалмай, даяр тұрған бірлік ретінде сөз тіркесінің немесе сөйлемнің құрамына емін-еркін емес, синтаксистік сөз тіркесі белгілі бір үлгілер (модельдер), формулалар бойынша сөйлеу кезінде жасалады. Осылай болғандықтан оның құрамындағы сыңарлар ыңғайына қарай басқа бір сыңарлармен алмастырыла алады.

Лексикалық сөз тіркесі жаңа мағына білдіретін сөздердің басын біріктіреді[56,78]. Мәселен, тілімізде суық және торғай деген сөздер бар. Оларды бір-біріне тіркестіріп айтсақ, бір заттың, оның ішінде торғайдың бір түрінің аты - суық торғай деген жаңа мағына білдіретін лексикалық сөз тіркесі жасалынады. Яғни бұл тіркес бір ғана мағынаны оның ішінде лексикалық мағынаны білдіретін лексикалық мағынаны білдіреді. Егер осыны грамматиканың қарауына берсек, түбір сөздер зат есім, жалпы есім, жекеше болып табылады да, олар сөйлемде бір ғана мүшенің қызметін атқарады.

Синтаксистік сөз тіркесі толық мағыналы екі я одан да көп сөзден жасалады[56,93]. Синтаксистік сөз тіркесінің лексикалық сөз тіркесінен айырмашылығы сол: бұл сөйлемнің қарауына түскенде, екі сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. Тіліміздегі күрделі атаулардың (лексикалық сөз тіркестері) фразеологиялық тұтастықтар, бірліктер, тізбектерімен ұқсастық жақтары да бар. Ол – күрделі атаулардың да құрамындағы сөздердің жігі білінбейтіндігі, біртұтас тілдік тіркес ретінде қабылданатындығы. Сондықтан да болар, кейбір зерттеушілер ел іші, ер бала, қыз бала, уақ мал, бет орамал, бас киім, темір жол, қол сағат сияқты күрделі атауларды фразеологиялық тіркес деп қарастырады [57,48].

Бірақ лексикалық сөз тіркестері мен фразеологиялық тіркестерінің ұқсастығынан гөрі айырмашылығы басым. Айырмашылық – семантикасында күрделі атаулар екі, я одан да көп компоненттерден тізіліп келіп, зат, құбылыс, іс-оқиғаның күрделі атауы ретінде жұмсалады. Құрамындағы жеке сөздердің ең соңғысының ғана морфологиялық тұлғасы түрленеді. Ал лексикалық сөз тіркестерінің құрамындағы дара сөздер өзінің о бастағы мағынасынан алшақтамайды. Ешбір бояусыз бейтарап стильде қолданылады (мысалы, жалбыршақ қарын, жанар май, ірі қара мал т.б.).

Тұрақты сөз тіркестерінің күрделі атаулардан айырмашылығы – келтірінді бейнелі мағынада жұмсалуы. Құрамындағы сөздер бастапқы мағынасын сақтамайды. Тұрақты сөз тіркестері өзінің семантикалық тұтастығымен ерекшеленеді. Ал сөз қанша күрделі болғанмен бұлармен тұтаса бірікпейді [58,129].

Еркін тіркес тізбегіндегі әрбір сөздің бастапқы мағынасы мен грамматикалық мағыналары толық сақталады.

Еркін сөз тіркестерінің құрамындағы бір сөздің орнына сәйкес келетін басқа бір сөзді немесе синоним сөзбен ауыстыруға болады.

Тұрақты сөз тіркестері экспрессивті-эмоциялы мәнде жұмсалады. Олардың құрамындағы жеке сөздер бастапқы сөздік мағынасынан, мүлде, не жартылай айырылып, бүтін тіркес бір ғана келтірімді мағынаны береді, бөліп жаруға келмейтіндігін жоғарыда айтқан болатынбыз.

Күрделі сөздер мен фразеологиялық тіркестер сөз тіркестері деген категоряға жатпайды. Лексика-грамматикалық мағыналары айқын сөздердің біріне-бірі сабақтаса бағынып барып жасалған синтаксистік тобы ғана сөз тіркесі деп есептеледі. Өзара тіркескен сөздердің синтаксистік тобын сөз тіркесі деп тану үшін, оның мынадай белгілері болуы тиіс: 1) сөз тіркесінің құрамында кемінде толық мағыналы екі сөз болады; 2) ол сөздердің бірі екіншісімен сабақтаса, мағыналық және синтаксистік байланыста айтылады. Олар тек сабақтаса байланысады; 3) тіркескен сөздер анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық қатынаста жұмсалады [58,26-27].

Осындай синтаксистік қатынас тек толық мағыналы сөздердің не күрделі сөздер мен толық мағыналы сөздердің сабақтаса байланысуы нәтижесінде пайда болады. Басқаша айтқанда, лексика-грамматиклық дербестігі бар сөздерден басыңқы-бағыныңқы сөз тіркесі жасалғанда, ол сөздердің бұрынғы мағыналары бірігіп, жаңа лексикалық мағына пайда болмайды, мүшелік қарым-қатынасты білдіретін қосымша грамматикалық (анықтауыштық, пысықтауыштық, толықтауыштық т.б.) мағына пайда болады. Мысалы, кең өлке деген сөз тіркесіндегі кең сөзінің кеңістік сапаны білдіруі – оның лексикалық мағынасы, оның сын есім екіндігі – грамматикалық мағынасы. Өлке сөзінің лексикалық мағынасы – тұрақ, өңір, мекенді білдіруі, грамматикалық мағынасы зат есім екендігі, осы сын есім мен зт есімнің тіркесуі нәтижесінде жаңа грамматикалық мағына пайда болған. Ол – анықтауыштық.

Жоғарыдағы пікірлерді тұжырымдай келіп, бір-біріне бағына байланысқан толық мағыналы сөздер тобының сөз тіркесі екендігін оқушыларға түсіндіреміз.

Сөз тіркесін оқушыларға алғаш танытқанда, оны сөйлемнен оқшаулап бөліп алып, жеке-жеке тіркестің өзін ғана мысалыға келтіру арқылы білдіруге болмайды. Өйткені сөз тіркесінің өзі сөйлем жасау үшін, сөйлем жасарлық материал болу үшін құрылады. Сондықтан да сөз тіркесі жайында алғаш дерек бірігейін деп отырған сабақта мұғалім алдымен бір сөйлемді мысалға келтіріп, соны талдау арқылы сөз тіркесін, онда неше сөз тіркесінің барын танытқаны дұрыс [59,69].

Мысалы, Сіздерді өз Отанымда көргеніме қуаныштымын деген сөйлемді талдап көрейік. Сөйлемді талдатқанда, мұғалім алдымен мұның қандай сөйлем екенін, мұнда толық мағыналы қанша сөз, сөйлем мүшесі барын, олардың қандай сұрақтарға жауап болып тұрғанын оқушыларға айтқызады. Оқушылар бұл сөйлемнің хабарлы сөйлем, жай сөйлем екенін, мұнда бес толық мағыналы сөз, сөйлем мүшесі барын, олардың қандай сұрауларға жауап болып тұрғанын сұрақ-жауап арқылы түсіндіреді. Мысалы, сөйлемдегі сөздерге сұрақ қойдыру арқылы олардың әрқайсысы қай сөзбен байланысып тұрғанын анықтауға болады. Неге қуаныштымын? (Көргеніме қуаныштымын). Қайда көргеніме? (Отанымда көргеніме). Қай Отанымда? (Өз Отанымда). Кімді көргенге? (Сіздерді көргеніме).

Оқушыларға сөз тіркесін түсіндіргенде олардың осындай өздеріне тән белгілері барын нақты тілдік фактілермен дәлелдеу керек. Сонда ғана олар, синтаксистік сөз тіркесін лексикалық сөз тіркесімен, екінші сөзбен айтқанда, сөз тіркесін күрделі сөздермен және тұрақты тіркестермен шатастырмайтын болады.

Сөз тіркестерін танытқанда оны сөйлеммен байланысты жаттықтыру керек.

Әдетте, мұғалім балаға сөз, сөйлем мүшелерін танытқанда пәлендей сұраққа жауап болатындар, мысалы, зат есім, не бастауыш болады деп жатады. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Дұрысы зат есім, бастауыш, баяндауыш т.б. болғандығынан белгілі сұраққа жауап болады деп түсіндірген дұрыс. Жеке сөзді оқшау алып, оған қойған дұрыс сұрақтың өзі оқушыны шатастыруға әкеледі. Сондықтан «Асылында сұрақ қойылған сөздің өзі екінші сөзбен байланысып жатады. Оқушыларды сұрақ қоя білуге үйреткенде, осы жағдай естен шықпау керек. Сонда оқушылар біртіндеп сөйлемдегі сөздердің байланысына дұрыс түсінетіндей мүмкіндік болады», - дейді профессор М.Балақаев [6, 43].

5-9-сыныптарда сөз тіркесін үйрету сөйлем мен сөз тіркесін, сөз бен сөз тіркесін айыра білуге дағдыландыра жүргізіледі. «Сөз тіркесі» деген терминнің өзі бұл сыныптарда өзара байланысқан сөздер деген ұғымда беріледі.

Сөздердің байланысын игертуде оқулықтағы жаттығу жұмыстарын кеңінен пайдалану керек. Әуелі мұғалім берілген жаттығуды оқып шығып, әңгіме кім немесе не жайында болып тұрғанын айтқызып, содан кейін ғана сөздерді мағыналық жағынан топтатқызу керек. Осының нәтижесінде оқушылар сөз тіркестерін жасауды тәжірибелік жолмен меңгертетін болады. Сөз байланыстарын табудың тек жазбаша жұмыс үстінде емес, жаттығуларды ауызша орындату барысында да таныстырған дұрыс. Мұғалім мәтін оқу үстінде өтіліп жатқан тақырыпқа сәйкес өзара байланысқан сөздерді тапқызу арқылы оқушылардың зейінін шоғырландырып, логикалық ойлау, есте сақтау қабілетін арттырады.

Сөйлемдегі сөздердің байланысын түсіндіру барысында грамматикалық ойындарды ұйымдастыру – оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Оқушыларға бір сөз беріп, оған мағыналық жағынан бірнеше сөз ойлатып, тіркес жасату (мысалы, үшінші үй, үшінші қабат, тәтті қауын. Маған атам тәтті қауын тіліп берді) немесе кесте кеспелермен түрлі жұмыстар жүргізуге болады.

Берілген сөздер тобының өзара тіркесу формаларына мұғалімнің тікелей басшылығы арқылы оқушылардың көңілін аудара отырып талдау жасау өте тиімді. Мәселен, сөйлемнің тұрлаулы мүшелері бастауыш пен баяндауышты сөздердің байланысы деген тақырыптан кейін өтеді. Осы ретте кейбір жаттығу түрлерінің шартын аз-кем өзгертуге болады. Мысалы, сөйлемдегі бастауыш пен баяндауыштың астын сызып, ал өзара байланысқа түскен басқа сөздерді теріп жазу керек. Олардың байланысу жолының бастауыш пен баяндауыштан өзгеше екенін жаттығулар арқылы танытуға болады. Ал бастауыш пен баяндауыштың жіктік жалғауларымен жіктелу реті арқылы байланысты болатынын көрнекілікпен түсіндірілгендігі мақұл[43,86].

5-6-сыныпта қазақ тілінен берілетін мәліметтер күрделірек болуына байланысты сөз тіркестерін, олардың байланысу формаларын танытатын жұмыстарды да мүмкіндігінше көбірек жүргізіледі.

Зат есімнің тәуелдік, септік, жіктік жалғауларын өту кезінде сөздерді байланыстырудағы олардың атқаратын қызметін практикалық жұмыстар негізінде түсіндіреміз.

Сөйлемдегі сөздердің байланысын табуды үйретуде, әсіресе, септік жалғауларын өткен кезде көп жұмыс жүргізу керек. Өйткені жалғаулар морфологиялық категория болып қана қоймай, синтаксистік те қызмет атқарады. Сондықтан сөздердің байланысын үйретуде морфологиялық, синткасистік талдау негізінде жүргізгені мақұл.

Септік жалғауларын өту барысында төмендегідей тапсырмалар беруге болады.

1. Көп нүктенің орнына тиісті септік жалғауын қойып, оның қай сөзбен байланысқанын табу. Мысалы, Еңбек ... ер атанып, халқына қызмет еткен. Біз бақытты ел ... баласымыз.

2. Сөйлемді толықтырып, аяқтап жазу. Мысалы: оқушылар (қашан? емен? қайда?) шықты.

3. Орны ауысқан сөздерді ретімен жазып, сөздердің бір-бірімен қалай байланысып тұрғанын айту.

Күрделі тақырыптың бірі – етістіктер (қимыл-әрекетті білдіретін сөздер) әр түрлі тұлғада тұрған зат есімдердің кейін келіп, олармен грамматикалық байланыста тұратынын меңгерту. Жаттығу жұмыстарын жүргізе отырып, сөз тіркесі тек өзара байланысқан екі сөзден ғана емес, одан күрделірек те болып келетінін танытамыз. Мысалы, Жомарт мектепке бара жатыр. Бұл сөйлемде баяндауышты таптырып, оның қай сөз табынан болып тұрғанын, сөйлемде қандай сөзбен, қай жақта байланысты айтылғанын табуды оқушылардың өздеріне жүктеледі. Сондай-ақ бұл жерде өзара байланысып тұрған басқа сөздерді табу тапсырылады.

5-6-сыныпта оқушылар сөйлем туралы да түсінік алады, оның құрылымымен танысады. Жалпы сөйлем туралы өткен кезде оның структуралық ерекшелігін сөз тіркесімен салыстыра отырып танытқан дұрыс. Сөйлем тиянақты бір ойды білдіретін, ал сөз тіркесі сөйлем құраудың негізгі екенін, ол жеке тұрып толық аяқталған ойды білдіре алмайтынын практикалық жұмыс үстінде бірте-бірте меңгере бастауы тиіс.

Нәтижеде, 5-9-сынып оқушыларына мынадай жаттығулар ұйымдастырылады:

- өзара тіркес сөздердің мағыналық жағынан байланысты екеніне назар аударту;

- зат есімдер ешбір қосымшасыз бір-бірімен іргелес тұрып сөз тіркесі жасалатынын игерту (мысалы, қол сағат, қой қора, темір күрек т.б.)

- екі қатар есімдерді беріп, мағыналық жағынан байланысқа түсіріп, сөз тіркестерін құрастыру: мысалы, 1. Күрек, киім, жіп т.б. 2. Аяқ, кендір, ағаш, 3. Сөз тіркестерінен соң (ағаш күрек, алтын сағат) тиісті етістіктер келтіріп сөйлем құрату: мысалы, ағаш күрек жасадық. 4. Бірінші сыңары сын есім, сан есім екінші сыңары зат есімнен болған сөз тіркестерін құрату және олардан сөйлем түздіру (тұнық су ішті). 5. Бірінші сыңара атау тұлғада, екінші сыңары тәуелдік жалғаумен келген сөз тіркестерін қатыстырып жазудыру. Мысалы, ана тілі, жазу дәптері, кітап дүкені. Ана тілі сабағы болды. 6. Бір сыңары ілік септік жалғаумен екінші сыңары тәуелдік жалғаумен келген сөз тіркестерін қатыстырып сөйлем құрату, мысалы, Жомарттың дәптері таза. 7. Сөйлемдегі сөз тіркестерінің байланысын кесте түрдінде көрсетуін талап ету, мысалы: сыныптың тазалығы жақсы. 8. Сөз тіркестерін септік жалғау арқылы тиісті етістіктермен байланыстырып сөйлем құрату, мысалы, алма, теру, ағаш, егу, ән салу. Алма теруге бардық. 9. Бірінші сыңары үстеу, екінші сыңары етістік болатын сөз тіркестерін құру және олармен сөйлем құрату (мысалы, тез оқу, ерте тұру, қазақша сөйлеу) Болат тез оқыды. 10. Бірінші сыңары ілік септігінде (барыс, табыс, шығыс, жатыс, көмектес) тұрған сөз тіркестерін құрату және онымен сөйлем түзгізу (мысалы, ауылдың малы өріске шықты). 11. Бір сыңары күрделі сөз болып келетін сөз тіркестерін құрату және сөйлем түздіру (мысалы, жиырма жетінші үй. Нағима жазып отыр. Жирен төбел ат. Жиырма жетінші үйде тұрамыз).

Тұжырымдай келгенле, 5-6-сыныптарда мынадай жаттығу жұмыстары ұйымдастырылады:

1. 5-сынып оқушыларын алғаш сөйлеммен таныстыру мақсатында мәтін оқытып, әр сөйлемнен соң кідіріс жасап отыру талап етіледі. Мәтін неше сөйлем барын, әр сөйлемде неше сөз барын таптыру арқылы, сөйлемнің екі немесе одан да көп сөздерден тұратынын, бір нәрсе жайында хабарланатынын түсіндіру. Мұндағы басты мақсат мәтіннің бірнеше сөйлемдерден құралатынын, әрбір сөйлемнен соң тыныс белгі қойылатынын, тыныс белгіден соң бас әріптен басталып жазылатынын үйрету. Яғни сөйлемдердің ара жігін ажырата білуге машықтандыру.

2. Көп нүктенің орнына керекті сөздерді таптырып, сөйлем көшірту. Мысалы: ... шықты, ... еріді, ... суға аға бастады. Керекті сөздер: күн, көктем, арықтардан, қар.

Оқушы мұндай жаттығуларды орындау арқылы сөйлемдегі сөздер қалай болса солай тіркесе бермей, логикалық байланыста болатынын игереді.

3. Мәтіндегі ара жігі ажыратылмаған сөйлемдердің тиісті жеріне нүкте қойып, жаңа сөйлемді бас әріппен бастап жазуға дағдыландыру.

1) Сөйлемдерді көшірту. Мұндағы басты мақсат әр уақытта бірінші сөзін бас әріппен бастап жазу керектігін мнңгерту.

2) Берілген сөздерден сөйлем құрату, сөйлемнің екінші сыңарын таптыру. Мысалы:

Жаңбыр пісті

Қар жауды

Су еріді


Алма ақты

3) шағын мәтіндерді (өлеңдерді) жатқа жаздыру;

4) сурет, сюжетті суреттер бойынша сөйлем құрату.

1. Мәтінді оқытып, ондағы сөйлем санын, әр сөйлемде кім туралы не жайында айтылғандықтарын анықтату, сөйлемнің алғашқы сөзі бас әріппен басталып жазылатынын үнемі еске түсіру арқылы бірінші сыныпта қалыптаса бастаған сөйлеу дағдыларын әрі қарай дамыту.

2. Берілген сөйлемдерден кім? не істеді? деген сұрақтарға жауап беретін сөйлемдер құрастырып жаздыру. Мысалы: Сәуле, Жомарт, Әсел, Бақыт, оқыды, сөйледі, көшірді.

3. Орын ауыстырылып берілген сөздерден сөйлем құрату. Мысалы: Болат, сатыл, алды, дүкеннен, кітап. Құрмашқа, сыйлады, кітапты.

4. Заттардың суретіне қарай отырып сөйлем құрату. Мысалы: алма, алмұрт, шие. Жүзім суреттерін көрсетіп, әр сурет бойынша бір сөйлем құратуды тапсыру.

5. Өлең мәтіндерін жатқа жаздыру.

6. Өлеңді қара сөзге айналдырып жаздыру. Мысалы, Ағашты қашаймыз. Біз ұшақ жасаймыз. Біз ағашты жонимыз. Одан ұшақ жасаймыз.

7. Сөйлемнен соң нүкте (.) сұрақ белгісі (?), леп белгісі (!) қойылатындығын меңгерту мақсатында мынадай жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Мәтінді оқып, қажетті жеріне нүкте (.) қойдырып, сөйлемдерді бас әріппен бастап жаздыру. Мысалы: Сәрсен ерте тұрды ол терезені ашты үйге ауа кірді бөлменің ауасы тазарды.

Оқыту одан әрі күрделене түседі. Мысалы, мынадай жаттығу жүргізіледі:

1) Мәтіннен жай сөйлемді бір бөлек, құрмалас сөйлемді бір бөлек жаздыру.

2) Берілген мәтіндегі сөйлемдерді салыстырып оқыту және жаздыру. Мысалы: Қоңырау соғылды. Оқушылар сыныптарына кірді. Қоңырау соғылып, оқушылар сыныптарына кірді.

3) Жай сөйлемдерді қатыстырып сөйлем құрату. Мысалы: Жомарт алма отырғызды. Динара егілген ағаштың түбіне су құйды. Жомарт алма отырғызды, ал Динара ағаштарға су құйды.

4) Құрмалас сөйлемді жай сөйлемге айналдырып жаздыру. Мысалы: Сара өлең айтты. Айжан би биледі.

5) Жай сөйлем, жалаң сөйлемдерді теріп жаздыру.

6) Жай сөйлемді жайылма сөйлемге айналдырып жаздыру. Мысалы: Болат келді. Болат қаладан келді.

7) Жайылма сөйлемді жай сөйлемге айналдырып жаздыру. Мысалы: Таза ауа денсаулыққа пайдалы. Ауа пайдалы. Балалар мектепке келді. Балалар келді.

8) Берілген сөздерден жалаң сөйлемдер құрату.

7-8-сыныптарда: 1. Суреттер мен сюжетті суреттердің мазмұнын ашатын сөйлем құрату.

2. Табиғат құбылыстарына бақылау нәтижесінде пайда болған ой-пікір, қиял-сезімдерді білдіретін сөйлемдер түздіру. Мысалы: Оқушылар ауылдың күзгі сая бағына саяхатта болғаннан кейін, «Ұжымшылар бағында» деген тақырып бойынша мұғалім жалпы оқушыларға сұрақ береді. Ұжымшылар бағы қандай екен? Бақта қандай жемістер бар? Күзгі бақтың өзіне тән белгілерін атаңдар т.б. Ұстаз сауалын оқушылар былай жазып беруі мүмкін. ұжымшылар бағы өте үлкен, онда алма, алмұрт, қара өрік, жаңғақ өседі. Бұлар – жемістер. Жемістер күзде өседі.

3. Берілген бір тақырып бойынша сөйлем құрау. Мысалы, туған өлкенің орман-тоғайы, өзен-көлі, өз ауылы мен мектеп жайында. Бұл жаттығулар грамматикалық тапсырмалар арқылы қиындап беруге де болады. Мысалы, құрған сөйлемдердің әрқайсысында сын есім болуы шарт. Немесе басқаша да болуы мүмкін.

4. Түрлі түзілген сөз тіркестері арқылы сөйлем құрату. Мысалы, ауыл малы, қойдың қозысы, жаңбырлы көктем, алтын күз, ақша қар, гүл теру, алысқа кетті, батыр жайында айтты т.б.

5. Бірыңғай мүшелі жай сөйлемдер, не екі жай сөйлемнен күрделі құрмалас құру. Мысалы: Болат, Сәрсен өзенге шомылуға барды. Туған өлкеге нәуірзек, қарлығаш, қараторғайлар ұшып келді. Балалар саяхатқа шықты. Далада гүл терді. Балалар саяхатта болып, даладан гүл терді. Олар өзенге шомылды. Балалар саяхатқа шығып, гүл терді, өзенге шомылды.

6. Сөйлемдердің сөздерді білдіретін мағынасын өзгертпейтіндей етіп басқа сөздермен алмастыру. Мысалы, Марат (ол) сөмкесіне оқу құралдарын салды. Марат (оқушы бала) мектепке ерте келді. Немесе сөзді синоним сөздермен алмастыру. Мысалы: мұғалім (ұстаз, оқытушы) сыныпқа кірді.

7. Сөйлемдегі бір грамматикалық форманы екіншісімен алмастыру. Мысалы, бірінші жақта формалы сөйлемді үшінші жақпен, өткен шақ түрін осы шақпен алмастыру. Сәрсен жайлаудан кеше келген. Мен жайлаудан кеше келдім. Сәрсеннің жайлаудан келе жатқан беті.

8. Сөйлемде парафразаны пайдалануға дағдыландыру. Парафразаның мәнісі жеке сөздің орнына оның түсінігін сипаттайтын сөздермен алмастыру. Мысалы: Алматы - әсем қала. Біздің мектеп ауылдың ең көрікті жеріне орналасқан. Қазақтың тұңғыш ғалымы атындағы мектеп ауылдың ең көрікті жеріне орналасқан.

9. Сөйлемдегі сөздерді тұрақты сөз тіркестерімен алмастыру. Мысалы: Асан Абзалға жәрдем береді. Асан Абзалға қолғабыс етті.

Тұжырымдағанда, синтаксис туралы білім беруде оның жазба тілде қолданылу ерекшеліктері қоса үйретіледі. Мысалы, 9-сыныпта құрмалас сөйлем туралы білім, дағды беру жаттығуларын мына төмендегінше ұйымдастыруға болады.

Құрмалас сөйлемдердің құрылысын коммуникативтік мақсаттардың көрінісі ретінде қарағанда ондай талаптар бірнешеу, әр түрлі сапада байқалады. Сонымен бірге коммуникативтік талаптардың орындалу, жүзеге асу жолдары да түрліше.

Құрмалас сөйлемдердің құрылуына екі дәрежедегі коммуникативтік талаптар әсер етеді.

Бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар құрмалас сөйлемдердің хабарлы, сұраулы, бұйрықты болып құрылуына әсер етеді.

Маған мәймөлеңкемей-ақ қой, білемін қыздардың пәлетикасын! (А:Нұрманов). Ойыңдағы орындалған соң, неменеге сен асығасың? Ер-тоқым алынып, ат босады (С:Мұратбеков).

Екінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар құрмалас сөйлемдердің үнемі, эмоциялы, актуалды болып құрылуына әсер етеді. Бұл талаптар үнемділікке талпыну, эмоциялыққа талпыну, пікірдің мазмұнындағы бір компонентті актуалды етуге талпыну ретінде көрінеді. бұларды екінші дәрежедегі коммуникативтік талаптарға жатқызуымыздың себебі бар. Өйткені бұл талаптар және осы талаптарды білдіретін амалдар алдыңғы (бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптарды өтейтін) тұлғалардың үстіне қатысады.

Біз төменде осы екінші дәрежеде деп аталған коммуникативтік талаптарды және солардың құрмалас сөйлемдер құрылысынан көрінуін қарастырайық.

Сөйлеудің өң бойында үнемділікке ұмтылу талабы қоса жүреді. Осы компоненттерді ортақ лексикалық, грамматикалық тұлғаға қатыстырып құру, мұны біз ортақтастыру амалы деп атаймыз. Ортақтастыруды екі түрге бөлеміз:

1. Лексикалық ортақтастыру;

2. Грамматикалық ортақтастыру.

Лексикалық ортақтасу – құрмалас сөйлемнің компоненттеріне бір немесе бірнеше сөзді ортақ қатыстырып құрылуынан көрінеді.

Жүзінде қайғы да жоқ, қасірет те жоқ (Ғ:Мүсірепов). Менің екі бетім дауылдап, өн бойым дірілдеп кетті (С:Мұратбеков). Тракторды жүргізу үшін білім керек, айла, тәсіл керек (С:Мұратбеков).

Аталған мысалдарда жүзінде, менің, тракторды жүргізу үшін әр құрмалас конструкцияларға кірген компоненттерге ортақ, бірдей қатысты. Осылай құрылу конструкцияны ықшам етіп құруға септігін тигізеді, ортақ лексикалық тұлға тұрлаусыз мүше қызметінде болады, әрі ол құрмалас сөйлем бас позициясында тұрады.

Грамматикалық ортақтасу құрмалас сөйлем компоненттерінің құрамындағы қызмет жағынан тең сөйлем мүшелерінің грамматикалық формаға ортақтас болып құрылуынан көрінеді.

Болашақта олар да күтсін, біз де күтейік. Бәлкім, бөлінген жерлеріміз жалғасып, бөлінген еліміз бірігіп кетер (У:Қыдырханұлы).

Осы құрмалас сөйлемнің компоненттерінде баяндауыш қызметінде жалғасып кетер, бірігіп кетер жұмсалып тұр. Бұлар форма жағынан ұқсас: негізгі етістіктер көсемше тұлғада тұрып, кетер деген көмекші етістікті телуге тиіс. Осы кетер соңғы баяндауыш құрамында ғана жұмсалып, алдыңғы компоненттің баяндауышына да ортақ болып тұр.

Қалай, үй-іштерің аман, бәйбішең қуатты ма (Ә:Нұршайықов). Бұл мысалда сұраулық демеулік ма соңғы компонент құрамында тұр, бірақ ілгері компонентке де ортақ.

Компоненттердің баяндауыштары форма жағынан бірыңғай болып келгенде, тек көмекші сөздер ғана ортақтасып қоймайды. Негізгі сөздердің құрамындағы бірыңғай қосымшалар да ортақтас болып келеді.

Ағыл-тегіл қар кетер еді. Қызғалтақтар гүл жарып, бәйшешектер шешек атар еді.

Құрмаластың құрамындағы бірінші компонент толық түрде былай айтылар еді: Қызғалтақтар гүл жарар еді. Бірақ компоненттің баяндауышы болып келген етістік келер шақ есімше тұлғасын, көмекші етістікті (еді) бірдей түсіріп жұмсалып тұр.

Ортақтастыру үдерісіне түскен салалас құрмалас сөйлемдер сабақтас құрмалас конструкцияның қатарына өтеді. Өйткені бірінші компоненттің етістік баяндауышы көсемше тұлғасына көшіп, сол форма арқылы келесі компонентпен байланысады. Осылай өту мына сөйлемде де бар.

Әкем арба жөндеп, шешем құрт қайнатып жатыр. Сөйлем толық түрде былай айтылады: Әкем арба жөндеп жатыр, шешем құрт қайнатып жатыр.

Күн жылы, жер қарада, қораны жөндеп алыңдар.

Бұл сөйлем – құрмалас. Бағыныңқы компоненттердің баяндауыштары бірыңғай формада – жатыс септік тұлғада (жылыда, қарада). Соңғы компоненттегі баяндауыштың құрамындағы жатыс септік жалғау ортақ.

Шегірілетін тұлғалар есім негізді болса, ол атау формада қалады, етістік болса, өткен шақ көсемше формасын қабылдайды.

Ортақтастыру сөйлемнің бірыңғай мүшелерін ұйымдастыруға да қатысады[60,42]. Бірыңғай мүшелер ретінде септік жалғауы бірдей зат есім сөздер қатысса, септік жалғауы соңғы мүшеге ғана жалғанып, ілгері бірыңғай мүшелер соған ортақ болады: Қозы, лақтарды көгендеп жүр.

Ортақтасатын мүшенің формалануына қатысты ереже мына сөйлемнен байқалады: Қара жерді енді қар емес, су басты. Шаптығып, тасып, тасыраңдамаған шолақ сай жоқ. Бұл сөйлем үнемділікке түспегенде былай айтылған болар еді: Қара жерді енді қар емес, су селі басты. Шаптықпаған, тасымаған, тасыраңдамаған шолақ сай жоқ.

Сөйлемдегі бірыңғай мүшелер қатарына кіріп, ортақтасуға қатысқан сөздер болымсыздық қосымшасын, есімше тұлғасын бірдей түсіріп барып, көсемше жұрнағын қабылдаған: шаптықпаған – шаптығып, тасыраңдаған – тасыраңдап.

Аталған сөздердің ортақтасу үшін және – п тұлғасын алу үшін түскен өзгерістері болымсыздық форма мен көсемше формаларының көне замандағы өзара байланысының бүгінгі жаңғырығы деп қарауымыз керек.

Сөздердің коммуникативтік мақсат қуып құрылуына құрмалас сөйлемдер жүйесінде қалыптасқан орын тәртібі ережелері де қызмет етеді. Құрмалас сөйлемдер жүйесінде үш түрлі орын тәртібі бар дейміз.

1. Базистік (түпкі) орын тәртібі;

2. Кірігу орын тәртібі;

3. Инверсиялық орын тәртібі.

Базистік орын тәртібі құрмалас сөйлемдердің бастапқы мағыналық-грамматикалық түрлерін ұйымдастыру қызметіне сай қалыптасқан, яғни бірінші дәрежелі коммуникативтік талаптарға қызмет етеді. Базистік орын тәртібінің бір-екі көрінісін атайық.

1. Құрмалас сөйлемде екі компонентті байланыстыру үшін баяндауыштық форма қызмет ететін болса, сол баяндауыш қатысқан компонент бірінші позицияда орналасады. Жаңбыр жауса, егін көтеріледі. Жаңбыр жауып еді, егін көтерілді.

2. Егер баяндауыштар форма жағынан бірыңғай келсе, компоненттер мағыналық престижіне (үстемділігіне) сай орналасады. Дала түкті, шөбі қалың.

3. Жалғаулықты салаластар құрамында жалғаулық байланыстыратын компонент соңғы позицияда орналасады. Мысалы, Осындай істерден бос қалған және қайда барары да мәлім емес.

4. Сабақтас құрмалас сөйлемде ілгері позицияда құрылысының ыңғайына сай бағыныңқы компонент тұрады.

Сіз көшіп келгелі, ісім оңға басты, құда. Құнанбайдың Тәңірберді үйіндегі үлкен келіні Қаражан Қуандыққа апа болып келетіндіктен, Жарқынбек Ырғызбайларға да арқа сүйейтін.

Негізгі, түпкі орын тәртібімен қатар соған салыстырғанда байқалатын орын тәртібінің көрінісі бар. Ол құбылма орын тәртібі екі түрлі:

1. Кірігу тәртібі;

2. Инверсия тәртібі.

Құрмалас сөйлемдердің құрамындағы компоненттер тізіліп орналаспай, кірігетіні бар[61,87]. Бұл кірігу салалас құрмаласта да, сабақтас құрмалас жүйесінде де бар.

Жастықпен құлаған басып, көзі ұйқыла, көңілі ояу, көпке дейін дөңбекшумен жатты. Тиген жау, алдарында қос бар ма, жер ошақ бар ма, білмейді. Күзетші, ойында балаларды, алдында қойы, көпке дейін ат үстінде жүрді.

Кіріктерген – мағына, ақпараттық мәні жағынан үстем сөйлем. Салалас құрмалас сөйлем құрамында бұл дәрежеге соңғы позициядағы компонент ие болып келеді.

Сабақтас құрмалас сөйлем жүйесінде де кіріктіру бар. Кіріктіретін – басыңқы сөйлем, кірігетін – бағыныңқы сөйлем.

Көшпелі ауылдың әдеті – жаз жайлаған жерін күз, ел көшкен соң, өртейді. Аттары, қос танауы шелектей боп, буды бұрқ-бұрқ бүркіп, аршындап келеді. Сонда, бұған дән түскенше, тағы бір он күн өтеді. Осы зарлаған үні, Бөжейлер ұзап кеткенше, басылмады. Өзің, сауатсызбын деп мүсәпірсігенің болмаса, бәрін көңілге тоқыған мықты болып шықтың-ау.

Кірігудің себебі: Басыңқы сөйлем негізгі ақпаратты хабарлайды. Сондықтан сөйлеуші соның тақырыбын бірінші атап қойғысы келеді. Соны атаған соң бағыныңқы – дәрежесі төмен ақпаратты айтатын компонент қатыстырылады. Ибн Сина адамға әл беретін күш: ол - ән, ән салу деп есептеген. Осы сияқты мына салалас сөйлемнің компоненттері де дәрежесі тең емес.




1   2   3   4   5


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет