Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Жазба жұмыстарда болатын қателердің жіктелуі



жүктеу 1.52 Mb.
бет5/5
Дата03.04.2016
өлшемі1.52 Mb.
түріДиссертация
1   2   3   4   5
2.5. Жазба жұмыстарда болатын қателердің жіктелуі.
Мектепте ана тілі мен әдебиет пәнін оқытудағы көп жылғы тәжірибемізді жинақтап нақтылауда біраз істер істелді. Солардың бірі – оқушылардың жазба жұмыстарында кездесетін түрлі қате-кемшіліктерді жіктеп, топтастыру болды. Бұл үшін соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облыстары мектептерінің 5-8-сыныптарынын мыңға жуық оқушылардың әр түрлі жазба жұмыстарын есепке алдық. Оқушылардың көптеген жазба жұмыстарында жіберілген қателерді қарастыра келгенде, былайша топтастыруға болады.

1. Лексикалық-стилистикалық қателер.

2. Орфоэпиялық және орфографиялық қателер

3. Грамматикалық-стилистикалық қателер: а) морфологиялық тұлғаларды дұрыс қолданбау; ә) синтаксистік байланыстың бұзылуы.

4. Логикалық қателер.
1. Лексикалық-стилистикалық қателер. Байланыстырып сөйлеуде сөздің лексикалық ұғымын, оның ерекшелігі мен сан-салалы қызметін ескермей, әдеби норманы бұзушылық – лексикалық-стилистикалық қате деп есептеледі.

Мәтінде орынсыз қолданылған, мағынасы мүлде жуыспайтын сөздері бар лексикалық қателердің түрлері мынадай:

Сөз мағынасын жете түсінбеушілік. Бұл қателердің сипаты мынадый болып келеді. Менің атам алаөкпе аурумен ауырады. Сәнқой адам өмір сүрмейді. Көктемде жылқылар құлыншақтайды, түйелер боздайды. Баян сабаққа өнегесімен қатысады. Шоқан Уалиханов білімді еңбектер жазды. Қалада қыспен қоштасып, көктемді қарсы алатын жәрмеңке болды. Кербездей қуанышты көктем келді. Шіркін, табиғатқа қарап тұрсаң, ойыңа бір үлес қосқандай. Жәңгір ханның өзі қулықшыл болады да, Махамбетті старшин етіп қояды.

Келтірілген мысалдарда бөлектелген сөздер мәтінде мағынасы жағынан үлеспейтіні көрініп тұр. Оқушы ол сөздердің мәнін айқын түсінбей қолданған.

Лексикалық синонимдер қорының тапшылығы. Мақсатты ойды жеткізуде синонимдердің лайықтысын тауып қолдануға балалар шорқақ. Сөз таңдау дағдылары жоқ. Сын есімдерден «жақсы, жаман», етістіктерден «болды, келді, бастады, жатыр» деген сияқты сөздер көп қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер тіпті кездеспейді. Мысалы: Түрмедегі жаман кісілер мебель жасайды. Қасқыр ашулана бастады. Досымның мәдениеттілігі өте жақсы. Күзде құстарды қайғымен шығарып салған адамдар енді құстарды қуанышпен қарсы алады.

Синоним сөздердің мағыналық нәзік реңктерін айырмаушылық. Оқушылар мәндес сөздердің жұмсалу аясын айыра бермейді. Мағынасы өзара жуық сөздің кез келгенін талғамай-ақ мәтінде қолдана салғандықтан, айтылмақ ойдың нәзік сыры сезілмей, нәрсізденіп, жұтаң тартып кетеді. Оның үстіне, мәтінде мағынасы жуыспайтын, балалардың зорлап әкеп қосқан сөздері оқшауланып көрініп тұрады. Мысалы: Біздің ауылға дұшпан келді. Мен сәл аяңдап үйге келдім. Малдар даладағы жаңа өспірім шөпті жақсы жейді.

Тілдегі жергілікті ерекшеліктер мен ауызекі айтылатын қоқырсық сөздерді қолданушылық. Оқушылардың кейбірі жазба жұмыстарында өзгеріске ұшыраған дөкір сөздерді, ауызекі тілде айтыла салатын жаргондарды қосып жазуы, ойларын сыпайы түрде әдеби нормаға шақтап баяндауды ескермеуі – басты қателердің бірі [62,119]. Мысалы: Алтай орманының іші өте әйбат. Кешке шекейін далада ойнадық. Тамақ ішіп отырып, жолдасыңды періп қалуға болмайды.

Әр түрлі дәуірдің сөздерін араластыру. Мысалы: Бұрын байлар жас пионерлерге қозы бақтырған. Шоқан озат оқушы болып, ударниктер қатарына қосылды. Махамбет Баймағамбет сұлтанға кедейлердің еңбек ақысын дұрыс бермегенін айтады.

Сөздерді, не түбірлес сөздерді, не тұтас ұғымдарды орынсыз қайталау. Жеке оқушылардың жазба жұмыстарында 15-20 реттен сөз қайталану фактісі кездеседі. Кейбір оқушылар бір жарым бет мазмұндамада («Арланмен айқас») «Қайролла» деген жалқы есімді 14-15 рет қайталайды. Сондай-ақ «Алтын күз» деген шығармада «алтын күз» деген сөз әрбір оқушының жазба жұмысында 8-9 рет қайталанып келеді. Ал бір сөйлемнің ішінде қайта-қайта келіп отыратын сөздер де көп кездеседі. Мысалы: «Қайролла қасқыр түскен апанға барса, қасқыр Қайролланы көре салып, Қайроллаға қарай жақындай бергенде, Қайролла қасқырдың алқымынан алып, екінші қолымен қасқырдың жүрегіне бәкіні сүңгітіп алды». Осы мәтінде «Қайролла» сөзін 4 рет, «қасқыр» сөзін 4 рет келтіріп, сөйлемді шұбалтып, ойды қиындатып, шашыратып жіберген. Мұндай бір сөзді қайталай беру барлық сынып оқушыларында кездесетін қателердің бір сипаты. Сөйлем шұбатылып жатқан соң, бала жеке сөздерге ие бола алмай, қайталауға ұрынатын шығар деп ойлауға болар еді. Бірақ мұндай кемшілік қысқа сөйлемдерде де кездеседі. Мысалы: Орыс баласының ішінен оның дос баласының аты Потанин еді. Көктемнің жылы күні басталып, күннен-күнге қыстың суық күні көктемге қарай жылына бастады. Менің болам деген арманым – дәрігер болу. Егер өмір болмаса, тіршілік болмайды. Егер заманды бұл заманмен салыстырсақ, бұл заман ол заманнан әлдеқайда артық. Ер Төстік жоғалып кеткен сегіз ағасын іздеп шығып, ағаларын тауып алып, еліне алып қайтпақшы болды.

Бұл қателердің негізі оқушылардың тіл байлығы мен ойлау дағдысындағы кемшіліктерде деп білеміз[62,114].

Мақсатты ойға қатысы жоқ артық сөз қолдану. Бұл көркемдік емес, қайта сөйлемді олпы-солпы етіп жіберетінін оқушылардың бірқатары ескермейді. Мысалы: Қар аттың аяғының тізесінен келді. Ол атына барып, үстіне қарғып мінді. Ер Төстік ол алып тұлғалы, қара күштің иесі емес, ол тек қана қарапайым, ер жүрек жігіт.

Кейбір термин мәндес кітаби сөздердің мағынасын түсінбеушілік. Өкімет егін ора бастады. Егінді нормалап мемлекетке тапсырды. Біздің үйде алаша тоқу мәселесі қаралды. Менің мамам қоғамда жұмыс істейді. Болат сабақты ожданмен оқиды. Мамандық болу – адамға үлкен үлес. Мен кітапты көзқараспен оқимын.

Орыс сөздерін орынсыз қолдану. Оқушылардың біразы ауызекі тілде ғана емес, жазба тілде де орыс сөздерін бей-берекет, орынсыз қолданады.. оқушылар мынадай сөйлемдер жазады: Жыртылған кітаптарды библиотекада клейттейміз. Самоподготовкада болмадым, подъемнан кеш қалдық, отбой болды. Дежурный тақтаны сулы тряпкамен сүртті т.б.

Жасыратыны жоқ, бізде жемістің, овощтың қазақша аттарын балалар түгіл үлкендер де білмейді. Интернаттың асханасы мен жатақханасындағы толып жатқан заттар орысша атаумен ғана аталатынында қисап жоқ. Мысалы: пододеяльниктің қазақшасы «сейсеп» екенін ешкім ескермейді. «Балмұздақ», «аялдама», «шаңсорғыш» сөздерін айтқанда, балалар тіпті тосырқап қалады. Оларға «морожный», «остановка», «пылосос» сөздері жақын боп кеткен. Мұндай фактілер орасан көп. Бірақ мұндай сөздерді оқушылардың білуі және жазба жұмыстарында қолдануы қажет. Мұғалім оқушыларды жазба жұмыстармен, оған қойлатын талаптармен (тіл тұрғысынан) жете таныстыруы тиіс.

Бейнелі сөздерге икемсіздік. Оқушылар байланыстырып сөйлеуде тілдің табиғи мүмкіншіліктерін: сөздердің тура мағынасын, контекстегі қосымша мағыналарын, синонимдік, антонимдік т.б. ерекшеліктерін сөз қолдану заңына лайықтап қолдануды біле бермейді. Ал сөздердің ауыспалы мағынасы мен фразеологиялық тіркестер оқушылардың өздігінен істеген жұмыстарында тіпті кездеспейді. Сондай-ақ, тілдің суреттеме және көркемдегіш құралдарын қатыстыра құраған сөйлемдері қиюласпай, олпы-солпы тұрады. Мысалы: Арлан қасқыр артына қараудан көз алған жоқ. Қызыл, сары жапырақтар жерде мұңайып жатыр. Аспандағы жарық жұлдыздай жарқылдап еске аламыз. Майда миуа ағашына гауһар тамады. Күзде ағаштың жапырағы түсіп, ағаш кәрі кемпір боп қалады. Күзде бұлт қабағын түйіп тұрады. Көктем лебі көз ұшынан еседі.

Оқушылардың бірқатары мақал, мәтелдегі, фразеологиялық тіркестердегі астарлы ойды түсінбей, олардың тура мағынасын ғана алады.

Сөздік қор тапшы болғандықтан, балалар өздерінің ой жұмыстарында құлаштарын кең сермеуге дәрменсіз. Барлық айтайын деген ойы тар шеңберге шақтала кетеді. Тілге олақ болған соң, ой да өріс алып кете алмай, көр-жөрдің төңірегінде кібіртіктей береді. Осыдан сөйлемдердің маңызы да, мазмұны да әлсіз болып шығады. Мысалы: Мен мамам екеуміз тату, жақсы тұрамыз т.б.

Біздің байқауымызша, оқушылардың жазба жұмыстарында кездесетін лексикалық-стилистикалық қателердің түрлері осындай.

2. Орфоэпиялық және орфографиялық қателер. Сөздердің әдеби тілдегі дұрыс айтылу және жазылу нормасын бұзушылық оқушылар жұмыстарында көп кездеседі. Орфографиясы қиын сөздерді қате жазу өз алдына, оның үстіне, көп сөздерді орфоэпиясы бойынша жазып қояды (көзғарас, шегара, гиограф, алалмадым т.б.). Ал ауызекі тілде сөздердің естілу әуен-ырғағының дұрыс болуына мән бермей, жазылу бойынша айта салады.

Төменгі сыныпта орфоэпиялық және орфографиялық қателердің бірқатары сөз мағынасын түсінбегендіктен туады. Кейде шала-шарпы естілуі бойынша, мағынасына ой жібермей жаза салған сөздерінде жоғарыдағы екі түрлі қате қосарланып жүреді. Мысалы: тес пергенде (дес бергенде), кескіріскен (кескілескен), әлеумент (әлеумет) т.б. мұндай дыбыстардың өзгеруі арқылы пайда болатын қателер оқушылардың жұмыстарында білетін, қиын емес сөздерде де кездесіп отырады. Сөздерді дұрыс айтып, сауатты жазуға үйрету - әдеби тілді меңгертудің бір жолы.

3. Грамматикалық-стилистикалық қателер. Ойды білдіруде тілдік материалдар мен грамматикалық тәсілдерді дұрыс пайдалана білмеу, олардың стильдік ерекшелігі мен қызметін айқындамау грамматикалық-стилистикалық қатеге жатады. Оның екі түрі бар:

Морфологиялық тұлғаларды дұрыс қолданбау. Тіліміздегі қосымшалардың жалпыға бірдей қалыптасқан заңы бар. Оларды кез келген сөзге жалғай беруге болмайды. Осы мәнді жете түсінбеген оқушы төмендегідей қателер жібереді.

а) Зат есім мен сын есімнің кейбір қосымшалары өнімді қосымша болғанымен, барлық сөзге жалғанбайды. Оқушылар мұны ретті, ретсіз қоса береді. Мысалы: Аңқаусыз адам. Тоғай іші той-думанды.

ә) Көптік жалғауын сөздерге бей-берекет қоса береді. Көптік мағынасы онсыз да білініп тұратын зат есімдерге де жалғайды. Солардың көбінде отын, шөп, картоп, астық, адам, бұлт, жапырақ, көше, мемлекет т.б. сөздерге ретсіз жалғанған көптік жалғаулары жиі кездеседі.

б) Септік жалғауларының бір түрін сөйлемде басы артық қолданушылық. Септік жалғауларының сөздерге дұрыс жалғанбауы (Қарағай, арша, қайыңның, ағаштары жапыраққа бөленген) да оқушылардың көп жіберетін қатесі.

в) Мағынасы жуық есімдіктерді талғаусыз қолдана беру. Адамдардың бүкілінің досы бар. Шоқан барлығы 30 жыл өмір сүрді. Осы соңғы сөйлемдегі негізгі ой өз реңуімен жеткізілмей тұр. Мысалы, «небары» деген сөз қолданса, азсыну, көңіл толмау ұғымын береді. Егер «барлығы 30 жыл ғана» десе, онда да сөйлемге басқаша өң бітіп, өкініш пайда болар еді. Оқушылар, көбінесе, мәтіндегі ойдың ұзын-ырғасын сақтап, әрбір сөздің мәнін, стильдік бояуын ескермейді.

Сөйлемдегі синтаксистік байланыстың бұзылуы. Оқушылар жұмысындағы басты бір кемшілік – сөзді стилистикалық тұрғыдан дұрыс тіркестіре алмайды. Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтамау көп кездеседі. Мұндай қателердің кейбіреулері төмендегідей сипатта: баяндауыштардың қалыптасқан орын тәртібін бұзып, кез келген жерге қою (Оқушылар білім алу үшін мектепке барады қолдарына сумка ұстап). Бастауыштың қалыпты орнын сақтамау. Күзде бақшадағы жемістерін кісілер алады. Бастауыш пен баяндауыштың жақ жөнінен қиыспауы (Бұған біз осындай мейірімді, төзімді адамдарға халық көмекші болсын деп армандаған). Анықтауышты өзі анықтайтын сөзінің алдына қоймай, мағынаны өрескел бұрмалау (Тайшадай айбат шегіп отырған қасқырды көрді. Бұл тұрған ғалым болашақ Шоқан еді). Сол сияқты пысықтауыштың орын тәртібі де бұзылып келеді (Қосқа кіре бергенде дем алмақшы болып, оның жылқыларды дүркірей қашты).

Септік жалғаулары арқылы меңгерілетін сөзге жалғауды дұрыс жалғамау (Маманың өмірі ұзақ болуға тілеймін. Алатаудың басында ай сәулесін түсіріп тұр. Шоқанға Петербургтың ауасы нашар болды).

Бірыңғай мүшелерді, мағынасы жуыспаса да, бір баяндауышқа бағындыру (Малдар, қаздар, қойлар қоздап жатыр. Костер жағып, өлең, тақпақ, сырнай тартады).

Диалогты сөйлемдерде байланыс үшін тұратын автор сөзі мен төл сөзді дұрыс орналастырмау (Командир айтты бүгін қандай баға алдыңдар. Командир кім кезекші сұрады. Потанин былай деп сөйледі).

Синтаксистік синонимдердің қажетті жерінде мағыналық реңктерін айырып қолдана алмаушылық. Біздің үйде жаңа келіншек бар. Бұл сөйлемде «жаңа» деген сын есім өзінен кейінгі зат есіммен мағыналық бірлікте емес. «Жаңа», «жас» дегендер – мәндес болғанмен, бірінің орнына бірі қолданылмайды. Арлан ыза болып, адамға қарсы шықты. Өзіне қарсы келе жатқан Қайролланы көрген арлан айбат шегіп, қарсы шықты деген екі сөйлем стильдік жағынан дұрыс емес. Алғашқы сөйлемде «адамға» деген сөз өз орнында емес, арланның қарсы шығуы дәлелсіз («Адамды көрген арлан ызаланып, қарсы шықты» десе дұрыс). Екінші сөйлемге «Қайролла» емес, «адамды» не «кісіні» деген сөзді қою орынды. Өйткені арлан Қайролла болсын, басқа болсын – бәрібір танып тұрған жоқ, әйтеуір адам екенін көре салып, қарсы ұмтылып тұрғандығы жайлы ой берілуі керек.

Оқушылар сөзді дұрыс таңдап тіркестіру арқылы берілетін мағыналық реңкке назар аудармайды[63,128]. Сол сияқты шақтық, модальдік қызмет атқаратын көмекші етістіктерді де талғап қолдануды, өйтпеген жағдайда, сөйлемдегі ойға ақау түсетінін аңғара бермейді. Мысалы: Шоқан Уәлиханов саяхат жасап шықты. Ғылым аспанында көп жұлдыздың бірі бола берді. Бұл сөйлемдердегі көмекші етістіктердің мағынаға қосқан үлесі жоқ, қайта етістіктің шақтық қызметін бұзып тұр, өйткені сөйлемдегі ойға лайықты алынбаған.

Мұндай фактілерден оқушылардың грамматикадан алған білімдерін стилистика тұрғысынан өз тәжірибесінде пайдалануға жаттықпағанын көреміз. Сондықтан олар өздігінен орындаған жұмыстарында, шығарма, мазмұндамаларында сөйлемдерді ауызекі тілдегі күйден көп өзгермей, өңделмей беріледі.

4. Логикалық қателер. Оқушылардың жоғарыда келтірілген жазба жұмыстарында кездесетін кемшіліктердің түрлерінен оқушылардың ой белсенділігінің төмендігі айқын көрінеді. Өздігінен істеген жұмыстарында аздап та болса шабыт жоқ, құлашын кең сермеп кете алмайды. Қайдағы бір ұсақ-түйектің төңірегінде қалады («Бір жерде тамақ ішіп отырып, біреуді періп қалуға болмайды» деген сияқты).

Мұндай жағдайда бала бір ойды қайта-қайта айтып, соның төңірегінен кібіртектеп шықпай қояды. Мысалы: «Қыстың қаһарлы күнінде Қайролла жылқы бағып жүріп тоңады. Тоңған соң қосқа келеді. Атын байлап, өзі қосқа кіріп кетеді. Қосқа кіріп бара жатқанда, жылқының дүбірлеген даусы шықты. Ол жылқының дүбірлеген жағына шауып кетті…»

Ойдың берекесін алып, қаншама сөзді артық қолдану, бір басқан ізін қайта басып, айналшықтап шыға алмау – оқушылардың көбіндегі көпке дейін қол үзе алмайтын кемшіліктің бірі.

Оқушылардың біразы өз топшылауын, өз пікірін айтып, өзіндік жиған-тергенін сарқа пайдалануға әуестенбей, дайын тұрған жаттанды бір сөйлемдерді, ойдан жаза салуға үйір келеді. Өйткені өз көңіл-күйін, сезімін ашық айтуға бара алмайды да, салқын, сырттай баяндауға бейім тұрады.

Бұлармен қатар оқушылардың жұмысында мәтіндегі идеяға түсінбеу, тақырыпты толық аша алмау, мазмұндаудың негізгі фактілермен сәйкес келмеуі тәрізді қателер бар («Қайролла бәкісін қалтасынан алды да, қасқырдың аузын ашып, пышақты салып жіберді» деген тәрізді).

Жалпы оқушылардың жазбаша жұмыстарындағы қате-кемшіліктердің түр- сипаты осындай.

Жаңа бағдарлама бойынша тіл дамытуға әр сыныпқа арнаулы сағаттар бөлінген. Бұл үлкен мүмкіндік. Мұғалімдер берілген осы уақытты оқушылардың өздігінен орындайтын шығармашылық жазба жұмыстарына жұмсап, олардың сөздік қорын байыту, тілін дамыту мақсаттарын да естен шығармаса, ойдағыдай нәтижеге жетуге болады.



Ауызекі және жазбаша сөз қолданудағы қателіктер. Бір-бірімен қарым-қатынас барысында адамдардың тілінде көптеген қателерді кездестіруге болады. Тілдерінде икемсіз, орашолақ құрылған сөйлемдер, бір-бірімен байланыспайтын ұғымдар кездеседі. Белгілі бір ұғымды аша алмайтын сөздер пайдаланады. Сондықтан айтылмақшы пікір түсініксіз шығады. Бұл олардың орфоэпиялық, орфографиялық, грамматикалық нормаларды білумен қатар стилистикалық талаптарды сақтамайтындығын аңғартады.

Адамдардың ауызша және ауызша тілдеріндегі стильдік қателерді анықтауда, топтастыру мен жіктеуде қазақ тілінің маман ғалымдары мен әдіскерлері әр түрлі пікірлер айтқан.

Балақаев М. жазбаша және ауызекі сөйлеу мәдениеті жайында күрделі проблемаға байланысты стильдік қателерді, атап айтқанда, тіл мәдениетіне нұқсан келтіретін орфографияға, орфоэпияға байланысты стильдік қателердің «сөздерді орынсыз қолдану, дұрыс тіркестірмеу, сөйлемдерді мінсіз құрастыра алмау сияқты және сөздегі ала-құлалық, жергілікті жерлер де ғана қолданылатын (диалект, говор) сөздерді жиі қолданудан болады»,- деген сияқты түрлерін атап өтеді.

Көптеген тіл мамандары мен ғалымдардың ой-пікірлерін қорытындылай келіп стильдік қателердің мына сияқты түрлері кездеспейтіндігі байқалады.



1. Фонетикалық қате. Мұндай қателер адамдардың ауызекі сөйлеу барысында көптеп ұшырасады.

а) Сөздегі кейбір дыбыстыалмастырып қорлдану. Мысалы, бітірді-пітірді, жүз-дүз, ұқсап-құсап т.б.

ә) Сөздегі кейбір дыбыстарды түсіріп қолдану. Мысалы, алыпты-апты, қалыпты-қапты, атағанбыз-атағамыз, көргенбіз-көргеміз т.б.

б) Кейбір екі сөзден тұратын тіркестердегі бірінші сөздің соңындағы дыбыстарды түсіріп, қысқартып, екі сөзді біріктіріп қолдану. Мысалы, барған соң – барғасын, келген соң – келгесін, алып барды – апарды, алып келді -әкелді т.б.

в) Кейбір сөздерге артық дыбыстар қосып қолдану. Мысалы, тағы-тағын, барасыз-барасыңыз т.б.

2. Лексикалық қате. Адамдардың тілінде ең көп кездесетін қателердің бірі – лексикалық қате. Оның мына сияқты түрлері кездеседі.

а) Бір сөзді қайталап қолдана беру. Мысалы, Динара ерте тұрды. Динара дене қимылдарын жасап, беті-қолын жуды. Динара тамақтанып, мектепке кетті.

Мұндай қателерді адам мына себептерден жіберетіндігі байқалады: біріншіден, оның ой-өрісі тар, екіншіден, сөздік қоры тапшы, сол қолданылатын сөзді синонимімен немесе басқа сөздермен ауыстырып қоладануға дағдылыланбаған.

ә) Сөздің беретін мағынасын түсінбегендіктен орынды қолданбайды. Мысалы, Махамбеттің Исатай мықты жолдасы болды. Бұл сөйлемдегі «мықты» деген сөзді ауыс мағынада қолданғысы келгенмен, бұл сөйлемде ойды тиімді де көркем беруде септігін тигізіп тұрған жоқ.

б) Фразалық тіркестердің мәнін білмей қолдану. Мысалы, Абылай хан жас кезінде Төле бидің баласы болды. Бұл сөйлемде жазушы «қол бала» деген фразалық тіркестің «жәрдемші» ескермей, оны «жалшы» деген мағынада қолданған.

в) Кейбір сөздерді қолдануда кісілер сол сөздің экспрессивті-эмоциональды мәні мен стильдік реңін білмейтіндігі байқалады. Мысалы, Біржан Сараны күшті ақын екендігінен жеңген жоқ.

Мұндай қателерді сөздердің ауыспалы мағынасы мен стильдік реңін жете түсінбегендіктен жібереді.

г) Кейде адамдар тілінде жергілікті диалект сөздер қолданады. Мысалы, Ер Төстік сосын жер астына түсіп кетті. Азанда ауқатын ішіп, мектепке кетті.

ғ) Ойға қатыссыз артық немесе даяр «штамп» сөздерді пайдалану. Мысалы: 1. Бала атасымен жолға шықты. 2. Содан соң бала сынған тағаны көрді. 3. Сөйтіп оны алмады.

Кейбір адамдар ауызекі сөздерін де ғана емес, жазба жұмыстарында да басқа тілден енген сөздерді қалай болса, солай қолданатындығы байқалады. Әсіресе, орыс тілінен енген сөздердің аудармасы бола тұра, орынсыз, бей-береке қорлдана береді. Мысалы, дежурный болдым, остановкада тұр, светті жақ т.б.



3. Морфологиялық қате. Сөздерге қосымшаларды дұрыс жалғай білмеуден, олардың стильдік реңін дұрыс түсінбеуден жіберіледі. Адамдардың ауызекі сөздері мен жазба жұмыстарында оның мынадай түрлері кездеседі.

а) Адамдардың тілінде кейде өзінше «сөз жасау» практикасы кездесіп қалады. Мысалы, мектеп құрылысына баташылар мен сылаушылар, ағаш ұсталары мен ісшілер келді. Бұл сияқты қателер адамның қосымшалардың сөз тудыру, жалғану аясын білмегендігінен болады.

ә) Кейбір септік жалғауларынан мағыналық реңдерін түсінбей ауыстырып қолдана береді. Мысалы: Абай жас кезінде молдаға оқыды.

б) Көптік жалғауларды кейбір көптік мәні бар сөздерге жалғау немесе көптік жалғаудың көптік мәнінен басқа рең беру ерекшеліктерін білмей қолданады. Мысалы: Егістіктерде малдар жайылып жүр. Биылғы көктемде жауындар көп болды.

в) Бір түрлі жалғауларды сөйлемде қат-қабат қолдану арқылы сөйлемнің көркемдігіне нұқсан келтіреді. Мысалы, көктемде күзде орманның ағаштарының жапырақтарының түсі сарғаяды.

г) Сөз таптарының жұрнақтарын сөйлем мен сөйлемді байланыстыру мақсатында немесе негізгі сөздер мен көмекші сөздерді пайдалануда қатар қолданып, ойды түсінуді қиындатады. Мысалы, Төстік жоғалып кеткен ағаларын іздеп шығып, ағаларын тауып алып, еліне қайтпақшы болып, ертіп шықты.

Мұнда етістіктің қосымша түрінің жұрнағын қайталар үсті-үстіне қолдану жай сөйлемдерді тиянақсыз айтайын деген ойын түсінуді қиындатады.

4. Синтаксистік қателер. Бұндай қателерге сөз бен сөздің байланысу тәсілдерінен, сөз тіркестерінен, сөйлем түзуінен жіберілген кемшіліктер жатады. Бұл қателердің мына түрлері кездеседі.

а) Сөйлемдегі сөздердің байланысу тәсілдерінен қате жібереді. Мысалы: Алыстан ағаш басы қарауытып көрінеді.

ә) Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібінен қате жібереді, сөздердің әдеттегі орнын ауыстырып қолданудағы стильдік мәні ескермейді. Содан адамдар инверциядан қате жібереді. Мысалы: Ұзақ сапардан арып-ашып келді Ер Төстік. Бұл сөйлемде бастауыш (Ер Төстік) өз орнында тұрған жоқ.

б) Құрмалас сөйлемдегі жай сөйлемдердің ара жігі ажыратылмай араластырып, бір-бірімен байланыстырылмай, айтайын деген ойы шашыраңқы берілуі кездеседі. Мысалы: Интернатқа Борыштың апасы келіп, анасы оны көріп, сүйіп, айқайлап жылап, құшақтады.

в) Сөйлемде екі бастауыш қатар қолдану кездеседі. Мысалы: Ғабит Мүсірепов ол «Қос шалқар» әңгімесін жазды.

5. Логикалық қате. Ойды көркемдеп әдеби тілдің нормасында жеткізуде әр сөз, сөз тіркесін және сөйлемді сұрыптап, оның құрылысына, сөйлем мүшелерінің орын тәртібіне, сөздің лексикалық мағынасына қарап әсерлі де нақты пайдалану тілімізде жеткіліксіз.

Кейде адамдар ауызекі сөздері мен жазбаша жұмыстарында айтайын деген ойын шашыратып, сөйлемдеріндегі ой бір-бірімен байланыспай, тұжырымды пікір айту мен қорытынды жасауда кемшіліктерге жол береді. Бір ой аяқталмай-ақ екінші ойды бастайды немесе араластырып қолдана береді. Логикалық қателерге негізінде мынадай қателер жатады.

а) Сөйлемдегі айтылатын ойдың иесі белгісіз болып қалады. Мысалы: Амангелді сарбаздарына мылтық пен қылыш таратып берді. Бұл сөйлемдегі Амангелдінің сарбаздарына мылтық пен қылышты таратып берген өзі ме, әлде басқа біреу ме екендігі белгісіз.

ә) Сөйлемдегі ой бір-бірімен байланысқа түспей түсініксіз берілуі. Мысалы: 1. Әкесі мен баласының қоштасар сәті келді. 2. Екеуі құшақтасып ұзақ уақыт тұрды. 3. Оның көзінен, жас шықпады. Бұл сөйлемде кімнің көзінен жас шықпағаны белгісіз күйде қалған.

Қорыта айтқанда, адамдардың сөйлеуінде негізінде осындай қателер кездеседі. Әрбір мәдениетті адам қарым-қатынас үрдісінде осынау қателерге жол бермеуі тиіс.

Қорытынды
Мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні арқылы тіл дамытудың хал-жайын зерттеу ісі мектеп оқушыларының тілдік қорының жұтандығын, өз ойын нақты, жүйелі, әсерлі жеткізе алмайтындығын көрсетті. Оның басты себептері мыналар деп тұжырымдалады:

- мектепте тіл дамыту мен тіл мәдениетін жетілдірудің тұтас жүйесі, көлемі белгіленіп, ұйымдастыру нұсқаларының анықталмағандығы;

- қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің тіл дамыту жұмысында ұйымдастыру мақсатында пайдаланатын зерттеулер, тәжірибелер жинақталып әдістемелік жүйенің болмағандығы;

- тіл дамыту мақсатында қолданылып келе жатқан бағдарламасы нақты талап қойғанымен, оқулықтар мен дидактикалық оқу құралдарындағы, материалдардың жеткіліксіздігі, тілін дамыту мақсаты бойынша жетілдіру, толықтырудың қажеттігі.

Лексикалық қорды дамыта оқыту әдеби тіл нормасына орай жүргізіледі. Әдеби тіл нормасы білім 5-9-сыныптарда жүргізіледі. Ал 10-сыныпта тіл мәдениеті мақсаты бойынша қорытынды білім беріліп, тәжірибелік жұмыстар жүргізіледі. Сондықтан біз зерттеуімізде бағдарлама талаптарына байланысты тіл мәдениетін дамыта оқытудың жүйесін бұрынғы игерген білім, білік дағдыларының негізінде құрдық. Бұл жүйе бойынша лексикалық құралдарды мына төмендегі мәселелер негізінде қарастырдық:

1. Лексикалық норма бойынша сөзді қолдана білу мәдениеті икемділіктері мен дағдыларын дамыту;

2. Грамматикалық норма бойынша сөз тіркесі сөйлем құрастырудағы лексикалық құралдардың қолданылуы;

3. Ауызша, жазбаша сөйлеу мәдениетін қалыптастырудағы сөздер дің қолданылуы.

Лексика бөлімінің білімдік, танымдық маңызы оқушылардың тіл білімі туралы ұғымының кеңеюіне, тілдің ең кіші бөлшегі – сөздің фонетикасымен, морфологиясы, синтаксисі және стилистикасымен қатынасын түсінуіне, сөйтіп бүкіл тілдің жүйесін тұтас ұғынуына мүмкіндік береді, ол үшін лексика туралы алған ұғым әрқашан грамматика туралы білім барысында кеңейіп, тәжірибелік маңызы ашыла түседі.

Қазақ тілі сабақтарында тіл дамыта оқыту мақсатындағы лексикалық білім беру мына бағытта ұйымдастыралады:

1. Сөзді мағынасына қарай дұрыс қолдана білу. Мұндағы мақсат – оқытылатын тақырып, мәселеге байланысты сөздерді, терминдерді игеру және оны өз тәжірибесінде пайдалана білу.

2. Игерген сөздерді, өз ойын жеткізуде, сауатты жазуда қолдана білу.

Ана тілі қарым-қатынасты жүзеге асырудағы тілдік құралдарды қолдана білудің жүйесі. Тілдік әрекет ойлау әрекетімен байланысты. Сондықтан әрекетті іске асыратын қабілеттілікті икемділік деп, амалды автоматты түрде жүзеге асыру қабілеттілігін дағды деп түсінеміз. Демек, жазбаша сөйлеу дағдысы дегеніміз – сөйлеу амалы, ал икемділік қарым-қатынастың әр түрлі ахуал мен жағдайындағы білім мен дағдыны қолдана білу қабілеттілігі. Сондықтан қатысымдық біліктілік деген мәнді білдіреді десек, екіншіден, қарым-қатынастың ахуалына орай сөйлеу әрекетін шешу болып табылады.

Бала тілінің дамуы өзі қарым-қатынас жасайтын ортасының ұйымдастырылуына байланысты, сондықтан баланы ең алдымен сөйлей білуге, қарым-қатынас жасауға жаттықтырылады.

Тіл мәні мен мазмұны баланың қарым-қатынас жасау үшін ана тілінің жүйесі мен заңдылықтарын игеруіне, сол игерілген білім мен дағдыларын өзін қоршаған өмірдегі ұғымдар, пайымдау негізінде ойлау икемділіктерін арттырып, күнделікті қарым-қатынас пен өз тәжірибесінде түрлі орындар мен ахуалдарға орай пайдалана білу шеберліктерін қарастыру болып табылады.

Ойлау мен сөйлеудің қатынасы жөніндегі мәселе психологиялық зерттеулерде орын алады. Оқушылардың ақыл-ой жағынан дамуы олардың тілінің дамуына да игілікті ықпал жасайды.

Қоршаған ортаны жеке адам тіл арқылы қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде толық біле алады. Бұл оқытудың негізі болып, таным мен қарым-қатынас арасындағы әр түрлі байланыстар оқу үдерісі нәтижесінде жан-жақты кеңейтіледі. Ол тек әрекет барысында ғана емес, таным қызметіне әсер етеді. Демек, мұғалім жетекшілігімен танымдық іс-әрекет оқушылар әлемді нақты, жүйелі тану, ғылыми ақиқаттарды меңгеруге көшеді, білімі артады. Нәтижеде бала жазбаша сөйлеуге, қатысым жасауға материал жинақтайды.

Адам ой әрекетімен ашылған заңдылық, байланыс, тәуелдік қатынастар тілдің сөздік және грамматикалық тұлғаларында өмір сүреді. Ой танымының жоғарғы сапасы ретінде де, үрдіс ретінде де ойлау мен сөйлеудің осы бірлігінен туындайды. Демек, тіл дамыту – ой дамыту. Ойлау, сөйлеу әрекетін туғызады. Сөйлеу әрекетінің жүйелі, мазмұнды болуы ақыл-ой амалдарына: талдау, жинақтак, нақтылау, абстракциялау, жалпылау, салыстыру, жіктеу, қорытындылау дағдыларына байланысты. Демек, тіл дамыту әрекет дәрежесінде жүргізіліп, қарым-қатынастың табиғи түрінде, пікір айту оқытудың түрткілері арқылы жүргізілсе нәтижелі болады.

Логикалық ойлау амалдары баланың ойлау-сөйлеу әрекетінің икемділіктері мен дағдыларын арттыруға негіз болады.

Қатысымдық іс-әрекет негізінде оқытудың мазмұны жалпы оқытудағы қарым-қатынас үрдісінің моделі ретінде қарастырылады. Тілді меңгеру дегеніміз жеке адамның әр түрлі орта мен ахуалда қарым-қатынас мақсатымен жасалатын сөйлеу әрекеті. Жазбаша сөйлеудің өзіндік тілдік біліктілігі, икемділік пен дағдылары болады. Сөйлеуде дамыту мәселесі ретінде сөйлеу біліктілігінің мазмұнына мына төмендегі мәселелер енгізіледі:

- қатысымдық әрекет мақсатына сай сөздік қорының болуы. Сөйлеу әрекеті лайық сөздік қоры мен өз ойын жеткізуде қолдана білу икемділігі мен дағдысының қалыптасуы;

- тілдік теориялық, орфографиялық, стилистикалық нормаларын нақты игеріп, ол туралы біліктілік пен қолдана білу іскерлігінің, тәжірибесінің жіктелуі;

- сөйлеуде қарым-қатынас пен әлеуметтік жағдай (орны, стилі, ахуалы т.б.) міндеті мен мақсатына сай жүргізе білу іскерлігі.

Бұл біліктілік іскерлік пен дағдыларды дамыту дұрыс оқытуға байланысты. Оқытуды ұйымдастыру нұсқалары мен әдіс-тәсілдері педагогикалық –дидактикалық қағидалар мен ұстанымдарды басшылыққа алады. Сонымен бірге дамытудың өзіндік ұстанымдары бар: а) сөйлеу мен ойлауды бірлікте қарау; ә) қатысымды; б) жағдайға ыңғайлылық, ахуалдық; в) кешенді жүргізу; г) әдеби тіл нормасын есепке алу.

Тіл дамыту лингвистикалық білімге де негізделеді: а) тілдің қай саласынан білім болмасын оны тіл дамытумен байланысты бекітуге болады. Тілдік білімді оқушының сөйлеу дағдысына айналдыру , ол үшін тілдік тұлғаларды сөйлеуде қолдануға жаттықтыру мен дағдысын қалыптастыру қажет. Зерттеу нәтижелері тіл дамыту ең алдымен тіл заңдылықтары мен теорниялық ережелерге негізделу керектігін дәлелдеді.

- лексиканы оқыту барысында оқушылардың сқздік қорын байыту мақсатында жұмыстар ұйымдастыралады. Олар: сөздік, сөздің мағынасы мен синонимдері бойынша жұмыстар, актив, пассив лексика туралы мәлімет, олардың қолдануындағы көркемдік ерекшеліктерін т.б. үйрету.

- грамматиканы оқытуда сөз тіркесі, сөйлем, қайырым, мәтін туралы мәліметтер беріп, олардың қолданудағы ерекшеліктерін үйрету барысында оқушылардың тілін дамыту жұмыстары жүргізіледі.

Сондықтан сөйлеу икемділіктері мен дағдыларын жетілдіру жұмысының өзіндік мазмұны, міндеттері мен жүйесі бар:

а) тіл дамытудың мазмұнын біз баланың тілді қарым-қатынас құралы ретінде өз тәжірибесінде пайдалана білуге қажетті іскерлік пен дағдыны игертіп, белгілі бір орфографиялық заңдылықтар мен ережелердің немесе лингвистикалық, стилистикалық сөз өнері үлгілерін тиімді қолдана білу икемділігі мен машығын қалыптастыру деп түсінеміз.

ә) аталған іскерлік пен дағдыны қалыптастыруда мынадай міндеттер қойылады: сөздік қорын молайту, тілдің грамматикалық құрылысын игертіп, оны өз тәжірибесінде қолдана білуге жаттықтыру, жазбаша сөйлеу дағдыларын жетілдіріп, мәтін құрастыра білуге машықтандыру, әдеби тіл нормасында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, тілдік қателерді түзету, болдырмау.

Жазбаша сөйлеуде грамматикалық икемділіктері мен дағдылары дамыту сөз тіркестері мен сөйлем синтаксисін меңгерту арқылы жүргізіледі.

а) сөз тіркесін оқушылардың лексика мен морфологиядан игерген білімдері негізінде жүргізіледі. Оқушылар сөйлем тізбектеріндегі сөздердің байланыстарын жете игеріп, салалы түсінсе, сол сөйлемдегі негізгі ойды, оның мақсатын ажырата алады. Демек, сөз байланыстарын игеру өз ой-пікіріне сай сөйлем құра білу дағдысы қалыптсатыруға негіз болады. Сөз тіркесін меңгеру дегеніміз – лексикалық, морфологиялық білімін статистік негізде қолдана білу икемділігі болып табылады. Сөз тіркесі синтаксисін меңгертуде салыстыру, эвристикалық, анализдік, синтездік талдау, пайымдау т.б. әдіс тәсілдер нәтижелі болады.

ә) сөйлемді өз тәжірибесіне байланысты түзе білуге жаттықтыру жеңілден ауырға қарай деген ұстаным бойынша жүргізіледі. 5-6- сыныпта бинарлы құрылымдарды меңгертіп, оны сөйлемнің жайылма түріне ұластырды. 7-9-сынып оқушылары құрмалас сөйлем түзе білуге машықтандырылады. Сөйлем құрастыра білу дағдысын қалыптастыруда оқытудың жоғарыда аталған әдістерімен бірге, индукциялық, дедукциялық және аналогиялық ой қорытындыларын жасау тиімді.

б) оқушылар тілдік құрылысты игеріп қана қоймай, оның қарым-қатынаста қолдану ерекшелігін, тіл статистикасын да меңгеру керек. Стилистика туралы білім мектеп оқушылары үшін күрделі болғандықтан, ол туралы білім мен дағды ны оқытуда грамматикалық материалдармен байланысты берілу керек. Ол үшін:

- әрбір грамматикалық материалдардың стилистикасын қоса үйретуді практикалық бағытта жүргізу;

- әдеби тіл стильдерін мәтінге байланысты үйрету тиімді.

Оқушылардың сөйлеу тілін дамытуда мына төмендегіше ұйымдастырудың нәтижелі екендігі анықталады:

- жазбаша тіл дамытуды оқушылардың ауызекі сөйлеу тілімен байланысты жүргізу;

- түрлі жанрда әдеби стиль нұсқалары бойынша мәтін құрастыру.

Тұжырымдағанда, бұл икемділіктер мен дағдылар сөздік қорға байланысты, өйткені сөздерді тиімді қолдану қатысымдық әрекеттің нәтижелі жүргізілуіне әсер етеді.




Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары. Алматы, 2002, 30 б.

2.Бағдарлама . Қазақ тілі. ( 5 – 9 сыныптар) А. Рауан, 1999

3. Купина Н.А. Работа над словом.// Методика развития речи. М., 1991. 240с.

4. Шанский Н.М. Язык и речь.// Что значит знать язык и владеть им. Л., 1989, 192с.

5. Жапбаров. А. Қазақ тілін оқыту арқылы тіл дамытудың әдіснамалық және

әдістемелік негіздері. п.ғ.д.дисс., 2004. –Б. 139.

6. Балақаев М. Қазақ тіл мәдениетінің мәселелері. – Алматы,:Мектеп, 1987, 88с.

7. Сыздық Р. Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылымы. Алматы, 1970.

8. Хасенов Ә. , Бектұров Ш. 8- кластың қазақ тілі оқулығына арналған методикалық нұсқау. А., Мектеп, 1973.87б

9. Тұрмаханова С.Ә. қушылардың сөздік қорын байытудың әдістемелік және теориялық негіздері. А., 2006. п.ғ.к. дисс.автрефераты

10. Қирабаев С. Асыл парыз.// Өнер алды - қызыл тіл. Алматы: Ғалым, 1986, 203б.

11. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Рауан, 1991.

12. Балақаев М., Томанов М., Жанпейісов Е., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. –Алматы: Мектеп, 1974. -192 бет.

13. Балақаев М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту. 1989, 98б.

14. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті, - Алматы: Мектеп, 1984, 120б.

15. Айғабылұлы А. Қазақ тілінің морфологиясы мен лексикологиясы. –Алматы: Қазақ университеті, 2006. -272 бет

16. Бағдарламалар, қазақ тілі, жалпы білім беретін мектептердің 8-9 сыныптарына арналған. Алматы, 2007.

17. Құлмағанбетов Б. VІ – класта қазақ тілі сабақтарына байланысты тіл дамыту жұмыстарын ұйымдастыру. А., Мектеп, 1966

18.Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. А. Ғылым. 1999, - 345 б.

19. Степанов Ю. С. Қарым – қатынас, сөйлеу және адамның сөйлеу қасиеттері. Кітап., Жалпы психология. А., 1980, 350б.

20. Молдабеков Қ. Лингвистические иследования казахских текстов для младших школьников. Автореф. К.ф.н. Алматы, 1985.

21. Рахымбек Д. Оқушылардың логика – методикалық білімдерін жетілдіру. А., “РБК”, 1998.

22.Балақаев М., Серғалиев М. Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы.

23. Жапбаров А., Мусина М. Қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту. – А. Кітап, 1989, 86 б.

24. Аханов К. Тіл білімінің негіздері.А.,Мектеп,1978.

25.Хасанұлы Б. Ана тілі-ата мұра. А., Жазушы, 1992, 269б.

26. Құлмағанбетова Б., Елемесов Ж., Қалауова З. Қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту. А. Мектеп, 1992, 36 б.

27. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. –Алматы: Ана тілі, 1992.

28. Щерба Л.В. Избранные работы по русскому языку. М.: Просвещ. 1957.

29. Берков В.П. Опыт изучения письма. М., 1982.

30. Бодуэн де Куртенэ И.А. Избранные труды по общему языкознанию. М., 1963, ІІ т.

31. Белбаева М. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. А., 1976. 116 б.

32. Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ.Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы А., Санат. 1977.

33. Хасенов Ә. Тілі білімі. –Алматы: Санат, 1996. -416 бет

34. Оразбаева Ф. Ш. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. А., Білім, 2000, 208 б.

35. Жарықбаев Қ. Оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту жайынды. “Қазақстан мектебі ”., 1961, № 2, - 83-84 б.

36. Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі. А., 1995.

37. Оразов М. Сөз теориясы.А., 1996.

38. Головии Б.Н. Основы культуры речи. М., 1980.

39. Жұбанов Е. Қазақтың ауызекі көркем тілі. А., 1996.

40.Барлыбаев Р. Қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық- саяси лексика. А., Мектеп, 1978.

41.Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі.

42. Әлімбаев М. Маржан сөз. А., Жазушы, 1978.

43. Сыздықова Р. Сөз сазы. ( Сөзді дұрыс айту нормалары) А., Санат,

1995.

44. Ысқақов Б. Тіл дамытудың психолингвистикалық негіздері. А., Рауан,



1996, 200б.

45. Құрманова Н. Ж. Қазақ мектебінің 6 – класында сын есімді оқытумен байланысты тіл дамыту методикасы. П. ғ. к. дисс. А., 1992, 191 б.

46. Ұйықбаев И. Оқушының ауызекі сөйлеу мәдениетін жетілдірейік. 1975,№2, 40 – 41б.

47. Саламатова З. Жай сөйлем оқыту барысында оқушылардың тілін

дамыту. П. Ғ.К. дисс.1994.

48.Ысқақов А. Грамматиканың кейбір мәселелері. А., Қазақстан мектебі, №10,1949.

49. Әміров Р.С. Грамматика, емле, тіл дамыту. А., “Рауан”, 1993

50. Арғынов Х.Қ.Қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері. А.Мектеп, 1969.319 б.

51. Богоявленский Д.Н. Психология усвоения орфрграфии. 2-е изд. М., Просвещение,1966,305 с.

52. Шалабай Б. Қазақ тілінің стилистикасы.Алматы., 2006.

53. Н.Д.Арутюнованың Прагматика проблема риторики и стилистики. М., 1968.

54. Солганик Г.Я. Стилитика текста. М., 2000.

55. Алдамұратов Ә. Оқушылардың грамматикалық ұғымдарды меңгеру психологиясы. А., 1983, 151 б.

56. Әміров Р.С.Жай сөйлем синтаксисі.А., Мектеп,1983

57. Жахина Б.Б. 5-класта лексиканы оқумен байланысты тіл дамыту. Алматы, 1994.

58.Құрманова Н. Ж. Сөз тіркесін оқыту барысында оқушылардың логикалық ойлау мәдениетін қалыптастыру әдістері мен тәсілдері. А., 1998.

59. Арғынов Х.Қ. 7 – класс қазақ тілі оқулығына методикалық нұсқау. . А.Мектеп, 1970.41 б.

60. Құлмағанбетов Б. V – класта қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту жұмыстарын ұйымдастыру. А., Мектеп, 1965, 79 б.

61. Рахметова С. Кіші жастағылардың жазу тілін дамыту. А., 1975

62. Степанов Ю.С.Имена.Предикаты.Предложения.(Сеиологическая грамматика)М., 1981.359с.

63. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. А., “ Қазақ университеті”, 1993, 160 б.

.





: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Жылдарга “Кургак учук-iv” программасы
2013 -> Қорытынды Пайдаланылған әдебиеттер
2013 -> Создание информационной системы движения ценных бумаг на примере атф банка
2013 -> 1 Геологическая часть
2013 -> Оригинал: Политическая деятельность Урус-хана и его место в истории казахской государственности // Отан тарихы (Отечественная история). 2006, №1, стр. 89-95
2013 -> «Жануарға ветеринариялық паспорт беру» мемлекеттік қызмет стандарты
2013 -> I тарау. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану мәселелері
2013 -> Жалпы білім деңгейіне мемлекеттік талап оқушылардың оқу кезеңін бітіру кезіндегі алатын білімі мен біліктіліктерінің қажетті минимум деңгейін анықтайды
2013 -> Мазмұны кіріспе
2013 -> АҚПараттық хат құрметті әріптестер!


1   2   3   4   5


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет