Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі



жүктеу 7.3 Mb.
бет29/37
Дата03.04.2016
өлшемі7.3 Mb.
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   37
: repository -> repository2014
repository2014 -> Сақ Қайрат Өмірбайұлы
repository2014 -> Мірдің ОҒындай публицист алғашқы нөмірінен бастап соңғы санына шейін
repository2014 -> Н. У. Шаяхметов, тарих ғылымдарының докторы
repository2014 -> Мырзантай жақып баспасөз тарихын зерттеудiң Ғылыми-методологиялық негiздерi
repository2014 -> «ҚАзақ» газетіндегі қОҒамдық Әлеуметтік кейбір мәселелер «Айқап» пен «Қазақ» неге айтысқан?
repository2014 -> Бас редактор Қаржаубаев Е.Қ
repository2014 -> Н. О. Байғабылов Әлемдегі қазақ қауымдастығының даму көкжиектері
repository2014 -> Қазақ тіліндегі қос қызметті тұлғалардың тілдік табиғаты

Әдебиеттер тізімі
1. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – А.: Дайк Пресс, 2008. – 968 б.

2. Мифы народов мира. Энциклопедия. В 2 тт. – М., 1991. – Т. 1. – С. 240.

3. Әзірханов Б.А. Пір Ата. // Пір Бекет. – А.: Жазушы, 2008. – 36-75 б.

4. Красноярова Н.Г. Концепт «реки (воды)» в философии. – Омск, 2007. – 11 с.

5. Кубрякова Е.С. Краткий словарь когнитивных терминов / Е.С.Кубрякова, В.З.Демьянков, Ю.Г.Панкрац, Л.Г.Лузина. – М., 1996.

6. Степанов Ю.С. Константы. Словарь русской культуры. Опыт исследования / Ю.С.Степанов. – М., 1997.




Қашаған ақын өлеңінің ақпараттық және танымдық қырлары
О.І.Тұржан,

ф.ғ.к.,

Ә.Абдилов,

магистрант

Қазақстан, Астана
Газет-журналдары мен теле-радиосы әлі жоқ кезеңдердің ақпараттарын біз бұрынғы замандардан жеткен көркем шығармалар арқылы жинақтаймыз. Қай шығарманың да өн бойында оның өмірге келген дәуірінің кескіні, психологиясы, адамдарының дүние танымы, мінез-құлықтары, жер-су атаулары, ұлттар мен ұлыстардың мекен еткен кеңістіктері, табиғаты, оның ішінде ауа-райы, өсімдіктері мен аң-құстары, тұрмыстық заттары мен елдің әлеуметтік жағдайы, болып өткен оқиғалар мен сол оқиғаларға ықпал етуші адамдары жайлы көптеген ақпараттар аламыз. Осы тұрғыдан алғанда өз шығармалары, оның ішінде «Есқали сұпыға айтқаны» шығармасы арқылы мол ақпараттар беріп кеткен ақынның бірі – Қашаған.

Ағаштардың у-шу әлемінің нені айтып шуласып тұрғандығын адам тіліне түсірген бірден бір ақын – Қашаған Күржіманұлы. Академик Зәки Ахметов “Өлең сөздің теориясы” деген еңбегінде: “Өлең сөз адамға өзінің ішкі мазмұнымен, суреттілігімен, бейнелілік мәнімен ғана емес, айтылу қалпы, әсем үндестігімен де әсер етеді. Сөздің ұғым-түсінік беретін мәнін, бейнелі мағынасын, оның өлеңдегі ырғақ-үндестілігі, әуезділігі сан түрлі рең беріп толықтыра түседі”[1,123] деген еді. Қашаған ақынның «Есқали сұпыға айтқаны» атты өлеңі – күнделікті өзіміз көріп жүрген ағаштың құр ағаш қана емес, өн бойында адамға рухани жағынан берері көп әлем, ішкі мазмұны бай, ырғағы мен үндестігі келіскен, «әуезділігімен сан түрлі реңке бөленіп» тұрған дүние.

Ақынның бұл өлеңі «Есқали сұпыға айтқаны» [2, 89-99] деп аталғанымен, оған тереңірек бойласақ, оның тек Есқали сұпыға ғана айтқаны деп емес, мұны ағаштар ғаламы жайлы ақпараттық-танымдық ода десек болады, әлде философиялық тұжырымдар шоғыры десек пе екен? Әйтеуір бұл толғаудың әр жолында ғасырлар жүгін көтеріп, бізге мұнартып көрінетін тарихи оқиғалар туралы ақпараттар жатыр. Қарағай мен қайыңның, тал мен теректің бізге түсініксіз сыбдыр-сыбдыр әлемін ақын өзінің білім тереңдігі арқылы толқын-толқын ойларға айналдырып, шайқап-шайқап тұрып көрсетеді. Сол кезде ағаштар әлемінің қыр-сыры мен қырат-қырлары аймүйізді арқарлардың ғана тұяғы тиер Айрақтының шыңдарындай алыстан айберендене көрінеді. Әр сөздің өзіндік мінез-құлқы бар десек, ақын осы толғауында сол мінез-құлықты ағаштың мінез-құлқын ашуға жұмсау арқылы қазақ поэзиясын мазмұндық-идеялық-ақпараттық жағынан жаңа бір белеске көтеріп берді. Бұл толғау өзінің мазмұны жағынан жаңалығын әлі де жоғалтқан жоқ, идеясы жағынан озықтығын әлі де дәлелдеп тұр. Оның өлеңдерінде ана шумаққа да, мына шумаққа да шұбатыла ілесіп, ұйқас қызығын қуып, ырду-дырду той-тойлап жүрген қызыл сөз жоқ. Әр сөздің өзіндік қылығының астарында да, аспанында да алапат тұжырымдар жатыр.

Қолымдағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш.

Қолымдағы ағашым,

Алып жүрген домбыра,

Тартқан сайын аңыра.

Осылайша саулай жөнелетін өлең жолдарынан арғы жағалауынан көрінбейтін шексіз дария шыға келіп, аңырып қалғаныңда, әлгі сайрап отырған қу ағаштың енді сені сол дариядан алып өтер Пыраққа айналғандығын:

-Дариядан өткенде

Пырақ болған бұл ағаш, -

деген келесі жолдардан тауып алып, ақынның адам ойын әр қиырға апарып-қайтарып отыратын шеберлігінен сусындайсыз. Ендігі кезекте әлгі қу ағаштың Қағбаның қасиетті есігі болып алдыңнан ашыла қалып, жүрегіңді дір еткізгенде, ағаштан ойған бесікте жатқан сәби шағыңыз көз алдыңызға келе қалып, көңіліңіз тазаланып, періште күйге еніп ағаш бесікте тербетіле жөнелесіз.

Пайғамбарлар туғанда,

Бесік болған бұл ағаш,

Ибраһим Қағба салғанда,

Есік болған бұл ағаш.

Ал намаз оқып тұрған сұпының осыны түсінбейтініне нали отырып, сол Қағбаның ағаш есігінің адамның жандүниесіне қарай ашылатын есік екендігіне ақынның сілтеме жасағанын ұғынасыз. Ұғынып тұрып, кешегі ну ағаш – бүгінгі қу ағаш, екеуі о дүния мен бұ дүнияның көрінісі сияқты екен-ау деген тұжырымға келіп тірелесіз. Келіп тіреліп тұрып, екі дүнияның екі жағының да ғаламдық дамудан ешқашан шығып қалмайтын ғаламат айналыс екендігі жайлы ақпарат беріп тұрғандығынакөзіңіз жетеді. Адам баласының да екі дүниялық айналыста босқа жүрмейтін ерекше болмыс екендігіне Қашаған ақын да өзіндік сілтеме жасайды.

-Қолымдағы қу ағаш,

сайрап отыр бұл ағаш, -

дегеніндегі «қу ағашы» - өзінің физикалық болмысын өзгерткен, яғни ғарыштық айналысының келесі формасына өткен ағаш. Өзі туралы ақпарат бере алатын «сайрап» сөйлеп отырған ағаш. Ал:

-Жаның сая табатын,

Орман болған бұл ағаш.

Қорыққанда жалғызға,

Қорған болған бұл ағаш.

Бұтақтары бүгіліп,

Көктен төмен үңіліп,

Қарның ашып келгенде,

Жүрегіңді жалғауға,

Нәсіп болған бұл ағаш, -

деген жолдардағысы – тірі ағаш. Қу ағаш пен тірі ағаштың қасиетін жарыстыра айта отырып, ақын ой-қиялды тағы бір тереңге қарай тарта жөнеледі. Қашағанның:

-Пілдің тірі бәсі де мың ділдә,

өлсе, тері бәсі де мың ділдә, -

деп қартайған шағында өзінің кім екендігін танытуға қолданып айтқан ғажайып ой түйіні бар. Ал пілдің отаны болып саналатын үнді елі пілге тап осындай баға бере алды ма екен. Бере алған жоқ шығар. Ақынның піл туралы, оның нарықтағы бағасы туралы ақпарат беруі ақынның өзінің де жан-жақты, танымдық деңгейі жоғары адам екендігін тағы бір мәрте танытып өтеді. Пілге қатысты айтылған осы ой-тұжырымды ақынның дүниені бағамдаудағы өзіндік математикалық формуласы деп алсақ және толғаудағы ақынның ағаштар әлемінің қасиетін анықтау үшін, ол туралы айтылған ойларын осы формулаға салып жіберсек, мынадай нәтиже шығады, яғни, ағаштың да «тірі бәсі де мың ділдә, өлсе, тері бәсі де мың ділдә».

Ағаштар қураған қалпында да бұл дүниеге аяғын тік басып қарап тұрады. Қашаған философиясында ағаштар әлемі жасыл қалпында да, қураған қалпында да ерекше сергектікпен және ерекше қуаттылықпен көрінеді. Ақынның ағаштар әлемінің ішінде қалғып-мүлгіп тұрған бірі жоқ. Пырақ болып та, шырақ болып та, қуат болып та, суат болып та, мешіт болып та, бесік болып та, кәсіп болып та, қасиетті төрт қылышқа қап болып та, батырдың найзасына сап болып та қым-қуыт тіршіліктің ортасында, адам баласының егізіндей болып, одан бір сәтке де ажырамай, талай сында қатар шауып келе жатады. Сол арқылы қазақ халқының, жалпы мұсылман әлемінің тұрмыс-тіршілігі, қолданған, тұтынған заттары, кәсібі, өмірлік ұстанымы, дүние танымы туралы терең ақпараттарды да жеткізіп тұр. Мешіт те салатын, бесік те жасайтын, кәсіппен айналысар еңбекқорлығы, жауға қарсы аттанар ерлігі мен жау жайратар найзасы арқылы батырдың құрал-сайман әлемі де осы жолдарда жатқан тарихи-деректік ақпараттар кешені.

Жалпы ақпарат жеткізудегі поэзияның құдыреті күшті. Өйткені өлең тез жатталады және ұзақ есте сақталады. Біз өзіміздің ежелгі тарихымыздың денін өлең-жырға құрылған халық ауыз әдебиеті арқылы, эпостық дастандар арқылы жеткен ақпараттар негізінде, сол ақпараттарды салыстырып, саралау, жүйелеу арқылы танып білдік.Мұндай ақпараттар Қашаған жырларында өте кең көрініс тапқан.Біз Қашағанның осы жыры арқылы ағаш туралы мол ақпарат алдық. Тіпті бұған дейін күнделікті көріп жүрсек те, аса мән бере қоймаған тұстарымызға Қашаған ақын айрықша тереңдікпен көз жібереді.

Ақпараттану заңдылықтарын жан-жақты зерттеген орыс ғалымы Л.А.Цымбалдың айтуы бойынша қоғамда және табиғатта ақпараттық бағыттармен басқарылатын процестер бар [3]. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, мұндай процестердің бірі – адам баласының әдеби-ақпараттық дүниелерді қабылдаушылығы. Адам мен Ғаламшардың арасында ешқашан толастамайтын ырғақтар арқылы бір-бірімен ақпарат алмасу процесі жүріп жатады. Оны бүгінгі ғылым дәлелдеді. Дәл осыны өз поэзиясында дәлелдей айтқан ақын – Қашаған. Ақпарат ешқашан бір бағытта жүрмейді. Ақпаратты қабылдаған объекті оған қайткен күнде де әсерленеді, әсерленуі – оның өзіндік жауап қайтаруы. Жауап қайтаратын объектінің адам болуы міндетті емес. Жауап тез де болуы мүмкін, күрделі процестер арқылы жүретін жауаптар да аз емес. Олар өзіндік модель түзеді. Қашағанның Есқали сұпыға айтқан жауабының астарында сұрақтар да көп, сұрақ арқылы ақпарат беруі де – бұл шығарманың өзіндік ерекшелігі.

Көне дәуір адамдары ағаштың болмысында ғажайып ғұламалықтың барлығына шексіз сенді. Тіпті ежелгі кезең философиясы ағашты адаммен егіз-бауыр деп танығандығын білеміз. Олар адамның сыртқы тұлғасын да ағашқа ұқсатады. Солардан сақталып келе жатқан әдет-ғұрыптардың бүгінгі біздің бойымыздағы жұрнақтарының бірі болуы керек – қолыңды екі жаққа жайып жібергенде өзіңді бәйтеректей сезінетінің бар. Аяқ астынан ерекше бір қуаныш билегенде, адам өзі де байқамастан қолын көкке көтере шаттанады екен. Психолог ғалымдар мұны адамның ғарышпен байланыстылығының бірден бір белгісі деп пайымдайды. Ағаштар әлемінің бұтақтары – параллелді өлшемдердің белгісі. Жоғарғы және төменгі әлемді жалғастырып тұрған ортадағы әлем – ағаштар мен адамдар. Ежелгі аңыздар солай дейді..

Осы тұрғыдан келген Қашаған жырлары түркі әлемінің ағаштану іліміне зор үлес қосқандығымен құнды. Ақын ілімінде ағаштар әлемі – оптимистік ұғымның және оптимистік ұстанымның бастауы. Кісінің кісілігін оның қарапайым ағашқа деген көзқарасы мен түсінігі арқылы бағамдайды. Олай бағамдауы – адам сол ағаштың тарихы мен қасиеттерін білуі арқылы да тарихи, философиялық-ақпараттық білімін тереңдете алады екен. Өйткені Қашағанның баяндауына қарап отырсақ, ағаштың қатысты болмайтын жері жоқ. Оның мұсылмандық жолдың бір атрибуты да болатын жері бар – ағаш күллі болмысымен таза ғалам. Ағаштар ғаламы – тазалық ғаламы. Қашаған ақынның осы өлең жолдарын саралай келіп, Ағаш дегеніміз – Жаратушы иеміздің ғаламды тазартып тұру үшін жаратқан ерекше бір қуат-күші деген тұжырым жасауға болады.

-Жаңа дәрет алғанда,

Шәждеге басың салғанда,

Аузыңа салған мәсуәк,

Ағаш емей, арқан ба?

деп,

-Сұпыеке-ау, қалай айтасың,



Ағузы менен алхамды? –

деп табиғат экологиясын жандүние экологиясымен астастыра Қашағандай жырлаған ақын кем де кем.

Домбыраны күнә десеңіз,

Жиын менен тойдікі.

Ішегін күнә десеңіз,

Жұмақтан келген қойдікі.

Пернесін күнә десеңіз,

Есебі ол – пәннің он екі,

Құлағын күнә десеңіз,

Хазіреті Біләлдің,

Құлағы екен деседі.

Тиегін күнә десеңіз,

Шиеленген сыр шешеді.

Атамыз Адам пайғамбар,

Жеті сазбен жерге кеп,

Күй шертіпті деген бар.

Ол күндегі о да саз,

Бұл күндегі бұ да саз, -

деп төгіліп тұрған жыр шумақтары – адам санасындағы ағаш туралы хаосты ұғымдарды бір ізге түсіріп, ағаштар әлемінің философиялық көшесін түзіп шыққан және мол ақпарат беретін сардар жолдар. Және дәл бұлайша түзілу бұған дейінгі сөз сүлейлерінің бірде бірінде болған емес.

Ағаш пен адами тіршіліктің арасындағы байланыстан біз ғарыштық байланысты көре алар едік. Қара жер табанынан ұстап, Көк аспан өзіне қарай тартып ағашты биіктетсе, зеңгір Көк құдыретті энергиясымен кішкентай сәбиді де қолынан тартып тұрғызатын тәрізді, сосын бойы өссін деп өзінің тарту күшін жіберетін сияқты. Қайткен күнде де күллі ғалам бірін-бірі жетелеп келе жатқандығына Қашаған күмән келтірмейді. Құр сөзбен емес, сол сөзін байлайтын мықты қазықты да тауып, байыта сөйлейді:

Бұрынғы өткен заманда,

Болған екен, көп ұрыс,

Көп ұрыстың кезінде,

Жәбірейіл Жәннеттен,

Алып келген төрт қылыш.

Төрт қылыштың атын айтайын:

Біреуінің аты – Хамхам,

Біреуінің аты – Сәмсам,

Біреуінің аты – Зұлқажжа,

Біреуінің аты – Зұлпықар, -

деп келеді де:

Қынабына солардың,

Қап та болған бұл ағаш, -

деп түйеді. Сол қылыштардың қынабына «бұл ағаштың» қап болғанына Қашағанға дейін дәл осылайша терең мән бере назар салған кім бар екен. Күллі дін ғылымының білгірлері тек сол төрт қылышқа назар салғанда, Қашаған ақын оның сыртындағы ағашын да тамсана жырлайды. Жәй жырлай салмайды, осы жолдар арқылы ақын төрт қылыштың аман-сау жетуіне мүмкіндік берген «бұл ағаштың» қауіп-қатерден, бәле-жаладан сақтандыратын қуатына сілтеме жасап тұрғандығын түсінуіміз керек.

Ақын жырлары өз орбитасында айнала бастағалы бері де бір жарым ғасырдан астам уақыт өтіпті. Оның поэзия-планетасының шоқ-шоқ жұлдыз-жырларының әрқайсысы алып-қашпа уақыттың уысында сынға түскен кезде де аласапыраннан аман шыққан құдыретті халықтай Тәуелсіздіктің таңына да жетті. Уақыт – не нәрсені болса да талғамай, жалап-жұқтап жұтып алатын жебір. Даланың да, адами сананың да сақтап келе жатқан талай дүниесі сол жебір уақытқа жұтылып кеткенде, олардың қатарында Қашағанның да талай мұрасы кеткен болар. Дегенмен бізге жеткендерінің өзі ақынның тереңдігі мен кеңдігін танытып тұрғандығы шындық.

Әрбір жеке адамның санасының ақпарат қоры және біліктілік қоры жинақталатын жандүние «кітапханасы» немесе жандүние «архиві» немесе «деректер базасы» әркімнің өзінің жинақтаған білімінен ғана тұрады десек, бұл жандүниемізді тым жұтаңдатып сөйлегеніміз болып шығар еді. Біліммен қоса адамда табиғаттан нәр алар сезім молекулалары, мұңдана алар мұң-даласы, қуана алар қуаныш-кеңістігі тағы бар. Олардың әрқайсысы шексіздіктерге кетіп жатыр. Жаратушы иеміз сондай шексіздіктерді біздің болмысымызға орнықтырғанда жарық дүниенің көрініп те, көрінбей де тұрған қасиеттері мен жұмбақтарын бағамдауға мүмкіндіктері болсын деген болар. Сондай мүмкіндіктеріміз бола тұра орманның өзін көріп, ағашын көрмейтін, өлеңнің сыртын ғана көріп, тереңіне бойлай алмайтын қазіргі біртүрлілеу заманға келіп тұрған поэзияның ақпарат жеткізу және ақпараттарды сақтау қасиетін тереңірек білу маңызды.


Әдебиеттер тізімі
1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. – А.: Мектеп, 1973. – 212 б.

2.Ақберен. (XVІІІ-ХХ ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының жырлары). –А.: «Жазушы», 1972. – 222 б.

3.Цымбал А.Л. Синергетика информационных процессов. – М., 1995, - С.18. http://www.relga.ru/Environ/.




Бейнелілік құрылымдағы өлең және шешендік өлең
Б.Жылқыбекұлы,

ф.ғ.к., доцент

Қазақстан, Астана

Ендi бiз бейнелілік құрылымдағы өлеңдерге тоқталып көрейік. Мұндай өлеңдер өлеңде бейнеленген заттар мен құбылыстардың табиғи қисындасқан елестерiнiң өзара iшкi жүйелі байланыстары арқылы дүниеге келедi. Мысал үшiн "Қара ағаш" атты мына бiр өлеңге талдау жүргiзiп көрейік.

Ойда көк тал, қырда қалың көк шалғын,

Көк шалғынға түсетұғын жоқ шалғың.

Қою шөптей қою қара көлеңке

Салады еске алакеуiм, ақшамды.


Көк тал керек, жылап келсең, жылап кел,

Жылдар ағып жатыр бiрге бұлақпен.

Мүмкiн болса, паналаған ғасырлар

Құлау бiлмес қорғандарға ұнап көр.


Шығып алып қорғанға сол жалаңаш,

ұлиды кеп кәрi бөрi араны аш.

Сол қорғанға қарасаң бiр жайылып

Жүрегiңде өскендей бiр қара ағаш.


Әжiм-әжiм бұтақтары айқасып,

Кеткен қисық кәрi ағашты байқашы...

Суға тойған жапырақтар, су үшiн

Бұл кәрi ағаш көрген талай шайқасты.


Қарсы алып бiр дала таңын арайлы,

Жапырағын қоңыр желмен тарайды.

Бейбiт күндi аңсап-аңсап, ертеңге

Бұтақтарын бұрып тұрып қарайды.


О, жолаушы, көзiң түссе далада,

Сәл аялда, осы сая-салада.

Бұл қара ағаш атыңа да сусын боп,

Өзi соған мәз болады баладай [1, 23 б.].

Бұл өлеңнiң тұлғасы табиғи елестерге толы. Ондағы "Көк шалғын", "Қара көлеңке", "Қорған", "Кәрi бөрi", "Қара ағаш", "Дала таңы", "Ат" қатарлы ұғымдардың барлығы оқырмандардың ой-қиялында белгiлi бiр елес тудыру арқылы, қоғамдық өмiрдiң мән-мағыналы қарым-қатынастарына айналып жатады. Олардың өзара iшкi тұлғалы байланысы қоғамдық қарым-қатынастардың мәндік байланысын көрсетiп қана қоймай, олардың салиқалы үндестiгiн де меңзейді. Сондықтан мұндай өлеңдер дауыстап оқуға өте ауыр келедi де, құлақпен естiп, ләззаттануға қиындық туғызады. Ондай өлеңдердiң iшкi әлемiн қайта-қайта iштей ой жүгiртiп, оқу арқылы ғана игеруге болады. Ал оның құрылымдық байланысына келсек, ол оқырманға "Қорған" мен "Бөрiнiң" бейнесiнен соң жүрекке өскен "Қара ағаштың", "Ертеңге бұтақтарын бұрып тұрып қарайтындығымен" өте тұжырымды аяқталғандай әсер бередi. Бірақ бұл өлеңнiң "О, жолаушы, көзiң түссе далада" деп басталатын осы бiр соңғы шумағын оқығанда, оның осы өлеңде басы артық шумақ екендiгi өз-өзiнен белгiлi болып тұрады. Өйткенi ол шумақ өлеңнiң жалпы символдық жүйедегі бейнелілік құрылымын әшкерелеп алған. Сондықтан ол өзiнiң жалаң сезiмдік өлең шумағына айналып қалғандығымен жiбек кiлемге құрым киiз жамағандай жағымсыз әсер қалыптастырып тұр. Бiздiң бұл арадан байқайтынымыз, өлеңдегi бiр бүтін тұлғалы тұтастықтан оқшау тұратын, жамау-жасқау сипатты, жадағай шумақтардың жақсы өлеңнiң сапасына ерекше керi ықпал жасайтындығын айқын аңғару екендігі белгілі.

Бұл арада біз қытай қазақтарының көрнекті ақыны Жанатхан Тұтқабекұлының "Қарағай" атты өлеңiн мысалға алсақ жеткілікті.

Ей, қарағай, сен алып-

Болмақ түгiл өнбес ең,

Күн нұрынан өң алып,

Жер уызын ембесең.

Қаңтар қарын үйгенде

Күндi ұмытсаң сынарсың,

Төбең көкке тигенде

Жердi ұмытсаң құларсың [ 2 ].

Ақын өлеңде ақын қарағай туралы ғылыми түсiнiк немесе хабар-ошар берiп жатпайды, қайта өзiнiң өмiрден қорытындылаған тәжiрибе сабағын қарағайдың қасиетi арқылы оқырмандардың алдына бейнелi тiл өрнегімен жайып салады. Мұндағы өлең иесiнiң айтпақшы болған басты ой түйіні - сен қаншалықты төбең көкке жетiп, жер шарын алақанда ойнататындай құдiретке ие болғаныңмен, өзiңдi мәпелеп өсiрген түп-тегiң мен ата-анаңды ұмытушы болма деп отырғандығы бiраз ой жүгiрте алатын зерделi оқырман үшiн онша қиын емес. Өлеңде қорытып, қорытындыланған тәжiрибе сабақ жалаңаш, жалаң дидактикалық тәсiл арқылы берiлiп отырған жоқ, қайта, керiсiнше, қарағайдың символдық мәнi арқылы, айтар түйiнiн көркем образды тiл тiгiсiмен әшекейлеп, оқырмандардың ой-сезiмiнде елең ете қаларлықтай нақтылы елесті бейне туғызып отыр. Оқырмандар өлеңдегi "Қарағай", "Күн", "Жер", "Қаңтар" қатарлы ұғымдардың елесiн өздерiнiң күнделiктi күйбеңiндегi қоғамдық өмiрмен байланыстыра ойлау арқылы, олардың өмiрдегi нақтылы болмысты меңзеп, көрсеткен мағынасының не екендiгiн оп-оңай тауып ала алады. Ал Қадыр Мырза Әлидің мына өлеңі де елестік құрылымдағы өлеңдердің ең таңдаулыларының бірі деп, айтуға болады.

Балалықпен байқамаппын, ол кездерде аңғалмын.

Менделеев кестесіне қарап кеше таң қалдым.

Таң қалдым да ойға шомдым, жасырамын несіне,

Химия емес, осы кесте салды өмірді есіме.
Кім ойлаған формулалар қозғайды деп шеріңді,

Ұядағы әр элемент бір тағдыр боп көрінді.

Анау емес, мынау емес – Титан болу сорың ба?!

О, жасаған! Титан неге жиырма екінші орында?!


Темірдей деп мақтаушы едік,

Темірдің де кезі өткен.

Кезі өтпесе тұрар ма еді жиырма алтыншы кезекте.
Былқ етпейтін сабырлы да, салмақты да болғасын,

Тоғызыншы қатарға әрең ілігіпті қорғасын.


Ал орынын сұрама сен,

Айтуға оны ұялам.

Сығалайды ол бейшара ақырғы бір ұядан.
Элементтер ішінде де қатты-ау, сірә, қақтығыс,

Шылапшындық мысыңнан да кейіндеу тұр ақ күміс.


Күміс дейміз,

Күмістің де өмір емес өмірі –

Екінші емес,

Үшінші емес, -

Қырық жетінші нөмірі.
Қалай саған ұнай ма бұл?

Ұнаса егер, ал тыңда:

Жүлделі орын тимей қалған платина,

Алтынға!
Жетпіс сегіз,

Жетпіс тоғыз –

Екеуінің кезегі.

Екеуі де жаратқаннан бір қиянат сезеді.
Тас-талқанын шығарғысы келгендей бір шетінен,

Платина сұп-сұр болып, қаны қашқан бетінен.


Құрметті жер тимесе егер шын асылда бар ма айып?!

Өз орынын күте-күте кеткен алтын сарғайып...


Оңай емес бұл өмірде бәрін әділ бөлісу,

Бірінші боп сутегі тұр,

Болғаннан соң тегі су...

Осыларды көріп өскен, ұғып өскен балаға

Бұл өмірде ренжуге,

Өкпелеуге бола ма?! [3, 191-192]

Менделеев кестесіне қарап, элементтердің орналасу тәртібіне бірден таң қалған ақын, былқ етпейтін сабырлы да, салмақтылығымен тоғызыншы қатарға әрең ілінген қорғасынға разы болса да, қырық жетінші қатарға орналасқан күміске күйініп, жетпіс сегіз, жетпіс тоғызыншы қатардан әрең бой көрсетіп тұрған Платина мен Алтынды “Тас-талқанын шығарғысы келгендей бір шетінен, Платина сұп-сұр болып, қаны қашқан бетінен” немесе “Құрметті жер тимесе егер шын асылда бар ма айып?! Өз орынын күте-күте кеткен алтын сарғайып...” деп, екеуінің де жаратқаннан бір қиянат сезіп тұрғандығы үшін сенделіп, өкініш білдіреді де, бірінші болып тұрған сутегіне сұқ көзбен қарап, “осыларды көріп өскен, ұғып өскен балаға бұл өмірде ренжуге, өкпелеуге бола ма?!.” деген қорытынды шығарады. Бұл өлеңде тілге алынған “Титан”, “Темір”, “Мыс”, “Қорғасын”, “Күміс”, “Платина”, “Алтын” және “Сутегі” қатарлылар символдық мәнге ие атаулар болғандықтан, оларды өз мағынасында түсіну жеткіліксіз. Олардың символдық мағынасы арқылы өмірдің теңсіздік мәнін образды қиял иіріміне сүңгу барысында аңғаруға болады. Аңғарғанда да жалаң философиялық ділмәрлікпен емес, бір түрлі меңзеу түйсігінің жетегіне еріксіз еру негізінде, қайта-қайта ой-толғамға тізгін беру арқылы ләззатты сезімге бөленеміз. Міне мұның өзі бейнелілік құрылымдағы өлеңдердің құдіреті арқылы жарыққа шығып отырған ақиқат. Сондықтан да біз бұл арада “даналардың ойы қашанда жұмбақ. Олар өздерінің емеуіріні мен сөз астары арқылы адамзаттың ойына мәңгілік ақыл азығын қалдырады. Ал көркемсөзде бұл ерекше тамырланып, барған сайын шорлана бермек. Шекспирдің “быть или не быть!” Пушкиннің “Мен де оны құлағынан таныдым, Ол да мені тырнағымнан таныды”, Абайдың “Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла!” – деген ұғымдарының астарын сарқа саралап, сарасын таптық деген сөзуар мен ойсоқтыны кездестіргеміз жоқ. Бұл ұғымдар жаңа заманның тумысымен түрленіп, бұрынғыдан да тереңдеп, мағыналанып, тамырланып барады. Шекспирдің шындықтың бетін ашуға ұмтылған сұрағы қазір “жаһанданып”, философтар мен физиктердің, теологтардың түйсігінше ғаламдық ұғымдағы тектің тетігіне тіреліп, жаратқанға қаратылған қисынмен қиыстырылып жүр” [4, 386] деген жүйелі пікірге жүгінбеуге шарасызбыз.

Барады бұлттар баяу биікке ұшып,

Бетінен жапырақтардың сүйіп-құшып.

Толқындар төмен қарай жөңкіледі

Шыға алмай арнасынан күйіп-пісіп.
Бір кезде соғады жел беткейге үрлеп,

Бұлттарды қумақ болып өрттей гулеп.

Жартастың құшағына кіреді бұлт -

“Бәрібір мен тауымнан кетпеймін!”– деп [5, 286].

Бұл өлеңнің бірінші шумағы мен екінші шумағының басқы екі тармағы бір қарағанда бүкілдей таза табиғат суреті секілді болып көрінгенімен, бірақ екінші шумағын оқығанда барып, “Бәрі бір мен тауымнан кетпеймін!” – деп, жартастың құшағына кіріп бара жатқан “Отаншыл” бұлтты көргенде еріксізден бейнелілік құрылымдағы өлең екендігіне көз жеткіземіз. Сөйтіп бұндағы “Толқындар” мен “Желдің” де өмірдегі символдық мәнін дереу іздеуге кірісіп, одан белгілі бір сезімдік тәжірибе сабақ алуға тырысамыз. Бұл арада ерекше бір ескеретін түйін – осындай елестік құрылымдағы өлеңдер мен таза табиғат көрінісін суреттеп, көрсететін сурет өлеңдердің ара жігін ажырата білу кейде қиынға соғады. Кейбір сурет өлеңдер бір қарағанда бейнелілік құрылымдағы өлеңдерге өте ұқсап кетеді. Мысалы,

Сәскеде сансыз көкек сұңқылдаған,

Неткен кез дүние балқып күй тыңдаған!

Еркелеп бұйра бұлақ жатыр аунап

Сүйкімді жас үнімен сыңқылдаған.
Алыста асау өзен күркіреген,

Жер жатыр жалт-жұлт етіп бір түлеген.

Аспанның өрмегіндей жерге төккен

Бір нәзік жұпар жаңбыр сіркіреген [6, 79].

Бұл өлеңнің таза табиғат лирикасы екендігі “сансыз көкектің сұңқылдауы” мен “бұйра бұлақтың аунақшуы” және “асау өзеннің күркірі” мен “бір нәзік жұпар жаңбырдың сіркіреуі” қатарлы суретті бейнелердің тиіптік дәрежеге көтеріле алмауы мен онның бойынан лирикалық “Меннің” көзге түспегендігінен айқын аңғарылып тұр. Ал мына бір өлең оқырманға жоғарыдағы өлеңнен басқашалау әсер беретіндігі біраз ой жүгірткен адамға бесенеден белгілі.

Қадалып көзі тасқынға,

Қанатын жайып тұр қыран.

Қарулы тырнақ астында

Қансырап жатыр сұр жылан.
Жап-жаңа ғана шүйіліп,

Жауының бірін жаныштап,

Көкала бұлтты үйіріп,

Көрінсе қазір тағы ұшқан.


Қарайды кірпік қақпастан

Мұнартып жатқан төменге

Секіріп ойнап ақ тастан

Салады бұлақ өлеңге.


Желпиді сонау адырдан

Жеңіл бір самал бойды үрлеп,

Қыран тұр:

“Туған тауымнан

бір сұмның көзін жойдым!..” - деп [5, 286].

Бұл өлең шұбалаңқылыққа бой алдырмағанда, елестік құрылымдағы өлеңдердің ең таңдаулыларының бірі болар еді. Өлең алғашқы бір-ақ шумағымен өзінің айтар ойын жеріне жеткізе суреттеп, жеткізген. Қалған үш шумағы басы артық дүниелер. Қарулы тырнақ астында қансырап жатқан сұр жыланды басып, тасқынға қадалып отырған қыраннан одан артық не күтпекпіз?! Оған “Туған тауымнан бір сұмның көзін жойдым!..” дегізіп, отырғаннан бұл өлең ұтып тұрған жоқ, ұтылып отыр. Онсыз да қыранның іс-әрекетінен оның ерлігі көрнектіленіп тұрған жоқ па? Сондықтан, әсіресе, бейнелілік құрылымдағы өлеңдерде сөзбұйдалыққа салыну ақындық арға жараспайтындығын ерекше ескеруіміз керек сияқты.

Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады,

Толқынмен толқын жарысад.

Күңіренісіп кеңеспен,

Бітпейтін бір егеспен

Жарысып жарға барысад.


Толқынмен толқын сырласып,

Сырларын еппен ұрласып,

Толқынға толқын еркелеп,

Меруерт көбікке оранып,

Жыландай жүзге бұралып.

Жарға жетер ентелеп.


Ерке бала былдырлап,

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,

Толқынды толқын қуады.

Күміс кәусар суымен,

Суының алтын буымен

Жарының бетін жуады.


Мөлдіретіп көз жасын,

Жасымен жуып жартасын,

Сүйіп сылқ-сылық күледі.

Жылағаны – күлгені,

Күлгені оның - өлгені,

Жылай, күле өледі.


Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,

Бірінің сырын бірі ұрлап,

Толқынды толқын қуады.

Жарына бал береді,

Береді де өледі,

өледі толқын тынады [7, 160-161].

Мағжан Жұмабаевтың “Толқын” атты бұл өлеңінде толқындардың бір-бірін қуалай жүріп, сырласып, бір-біріне еркелеп, “Сылдыр, сылдыр, сылдырлап, бірінің сырын бірі ұрлап” барып, жартасты көз жасымен жуып жүріп, өлетіндігі өте әдемі суреттелген. Бүкіл өлеңнің өзегі бір ғана толқындардың айналасына шоғырланғандықтан, толқынның тоқсан құбылған қимыл-әрекеті оқырманды еріксіз өзіне баурайды. Баурап қана қоймай, оқырманның жасампаз қиялын күрделі қақтығысқа толы әлеуметтік ортаға жетелеп кіреді. Сөйтіп толқындардың табиғи елесі бір демде шынайы өмірге айналады. Міне мұндай бейнелілік құрылымдағы өлеңдердің пайда болуын Мағжан Жұмабаевтың өлең жасампаздығымен тікелей байланыстыратын көзқарастар да жоқ емес. Өйткені “Мағжан фольклорды игеруде соны жол, жаңа бағыт ашты, қайта жырлау, нәзира, сарындау емес, түп-түгел тосын, биік, асқақ көркемдік жүйелер жасады. Ең бастысы, ақын ықшамдық, сұлулық, философиялық талаптарды, бейнелілік, суреттілік шарттарын бірінші қатарға шығарды” [8, 102]. Алайда оның төркіні қазақ өлең тарихының арғы терең қатпарында жатқандығын ұмытпағанымыз жөн. Мысалы: Асан Қайғы жырларында бұл үрдіс былай жырланады:

Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер,

Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер.

Шыбын шақса жаз болып, таздар қайтіп күн көрер,

Жалаң аяқ балапан, қаздар қайтіп күн көрер!? [9, 24]

Асан қайғы бабамыз бұнда “Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан мен аяғы жоқ, қолы жоқ, жыланның және жалаң аяқ балапан мен қаздардың” табиғат дүниесіндегі тіршілік тынысына ден қойып, олардың қайтіп күн көретіндігіне назаланып отырған жоқ, қайта кәдімгі қызыл өңешті мүлде тығындап қоюға болмайтын тылсым тіршіліктіктің жоқ-жітіктер үшін қиын болғалы тұрғандығын тұспалдап айтады. Сол себепті бұл өлең жолдарындығы “Құлан”, “Жылан” және “Балапан мен қаздардың” символдық елестер екендігі өз-өзінен белгілі. “Қазақ әдебиетiне Мағжанның кiргiзген жаңалығы аз емес, Орыстың символизiмiн (бейнешiлдiгiн) қазаққа аударды, өлеңдi күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бiтiрдi, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмдi күшейттi. Тiлдi ұстартты” [10, 293] десек те, бейнелілік құрылымдағы өлеңдер Мағжан өлеңдерімен бірге төл әдебиетімізге енген жаңалық деудің орнына, Мағжан жасампаздығы оны бір саты жоғары көтерді дегеніміз жөн сияқты. Өйткені Қазақ халқы ежелден астарлап сөйлеуді тұғыр тұтқан халық екендігі бәрімізге белгілі. Бұл үрдіс біздің суырыпсалма жырауларымыздың жырларында ағыл-тегіл бейнеде ерекше тебінділікпен көзге түссе, ал ғұлама шешен-билеріміздің түйіп айтып, түйіндеп сөйлеген, алтындай салмақты, сарапдал ой ұшқындарынан мен мұндалап тұрады. Мысалы:

Әз Жәнібек жаяу мал қарап жүрген балаға кез болады.

- Шырағым, елсіз жерде неғып жүрсің? – деп сұрайды.

- Жалғыз түйемнен көз жазып қап, соны іздеп жүр едім, - деп жауап береді бала.

- Түйеңді тұсап қойсаң болмай ма?

- Түйемнің тұсауы өліп қалып еді – дейді бала. Ол әкем өліп қалып еді деген сөзі екен.

- Балам, біз қай үйге қонамыз?

- Бір қой жеймін десеңіздер, қай үй болса да қона бересіздер! Екі қой жеймін десеңіздер, біздің үйге қонасыздар, - дейді бала. Ханның қасындағылар:

- Мынау бір мырза бала екен, осының үйіне қонайық, - дейді. Келген соң бала бір буаз саулықты жетектеп келіп “иллаһи амин!” дегенде:

- “Шырағым, бойдақ қой жоқ па?” – деп ескертеді хан.

- Мен бойдақ қойдың жоғын мана далада айтпап па едім? Екі қой жейсіздер, біздің үйге қон дегенім осы емес пе? –дейді бала. Қонақтар оның жауабына қайран қалады [11, 8].

Шешен баланың осы бір тапқыр талантының өзінен-ақ, оны ағып тұрған “Ақын” демеске амалымыз жоқ. Өйткені ақындық дегеніміздің өзі ақпарат құралдары сияқты ашып айтуды емес, қайта қышыған жерді дәл тауып, қыбын қандырарлықтай етіп, қасып айтуды өз борышы деп біледі. Бейнелілік құрылымдағы өлеңдер бұл жағынан ерекше көзге түсетіндіктен, бұл түрдегі құрылымдық жүйені меңгеру өте бір ерекше дарындылықты қажет етеді.

Болса гүлсіз,

Бұлбұл үнсіз,

Үнсіз бұлбұл – бір сұр құс.

Үнсіз өмір –

Сөнген көмір,

Отсыз жүрек – бос қуыс [7, 182].

Бұл шумақтар бір қарағанда бейнелілік құрылымдағы өлеңдерге ұқсағанымен, алайда оның оқырманның сезім түйсігіне емес, қайта ақылдық танымына тікелей әсер ететіндіктен, оны шешендік өлеңдер деуге болатын сияқты. Өйткені онда бейнелілікпен бірге ақылдық таным басым орында тұр. Ақыл айтуы - дидактикалық өлеңдерге, бейнелі суреткерлігі - лирикалық өлеңге жақын келетін мұндай өлеңдерді біз көбінде ескермей келеміз. Бұл текті өлеңдердің “поэтик тіл, ырғақ, метр сөздің әуезділігін күшейту үшін қолданылатын дыбыс қайталаулар оны өлеңге жақын туыс етсе, сөйлемдердің сезімге емес, келелі пікір, түйінді ой, терең логикаға құрылуы оны қара сөзге туыстас етеді” [12, 142]. Сол себепті осындай шешендік құрылымдағы өлеңдер мен бейнелілік құрылымдағы өлеңдерді бір-бірімен үнемі шатастырып алмыз да, “билер сөзіне бейнелілік, анықтық, тазалық, ұғынықтылық тән” [13, 148] деген қағиданы елеп-ескермейміз. Сондықтан да қазіргі қазақ өлең өнерінде әлдеқашан қалыптасып үлгерген шешендік құрылымдағы өлеңдер де бар деп айтуға болады.

Бейнелілiк құрылымдағы өлеңдер қазіргі қазақ өлең өнерінде басқа құрылымдық жүйедегі өлеңдерге қарағанда онша көп емес екендігі белгілі. Өйткенi мұндай өлеңдер Мағжан жасампаздығының ықпалымен қайта түлеп, Бернияз Күлеев өлеңдерімен толықты деуге болады. Ал оның бүгiнгi типтiк өкiлi Олжас Сүлейменов болғандықтан, қазақ өлең өнері өрiсiндегi бейнелілік құрылымда өлең жазатын ақындарды Олжас мектебiнiң оқушысы деуге тура келеді. Болашақта бұл салада жасампаздық iзденiс жасау, бiздiң қазақ өлеңiнiң әлемдiк деңгейге көтерiлуiнiң көп түрлі жолының біреуі болуы мүмкін. Өйткенi қазiр жер бетiндегi өзiндiк ықпалы бар өлең ағымдарының ішінде осы бейнелілiк құрылымдағы өлеңдердің ықпалы күшті болып отырғандығы белгілі. Сондықтан бұл салада іргелі ізденістер жасау алдағы күндердің еншісінде екендігін ерекше атап өтуге борыштармыз. Алайда қазіргі қазақ өлеңінде бейнелілік құрылымдағы өлең үлгісі әлдеқашан қалыптасып үлгергендігін мойындауымыз керек.


Әдебиеттер тізімі
1. Сүлейменов О. Әр күн арайлы таң. –А.: Жазушы, 1986. - 477 б.

2. Тұтқабекұлы Ж. Өлеңдер жинағы. -Үрімжі: Халық баспасы.

3. Мырза Әли Қ. Таңдамалы шығармалары. – А.: Жазушы, 2005. - 424 б.

4. Жұртбай Т. Сүре сөз. – А.: Экономика, 2005. - 400 б.

5. Жиенбаев С. Бақ құсы. –А.: Раритет, 2002. - 232 б.

6. Аманжолов Қ. Дауыл. – А.: Жазушы, 2001. - 128 б.

7. Жұмабаев М. Батыр Баян. – Аст.: Елорда, 1998. - 331 б.

8. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. – Аст.: Күлтегін, 2002. - 528 б.

9.Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. – А.: Жазушы, 1989. - 384 б.

10. Аймауытов Ж. Бесарыс. – А.: Жалын, 1992. - 554 б.

11. Шешендік шиырлар. Авторлар ұжымы.. – А.: Қайнар, 1993. - 240 б.

12. Жұмалиев Қ. Қазақ әбебиеті тарихының мәселелері және Абай.

13. Негимов С. Шешендiк өнер. –А.: Ана тiлi, 1997. - 208 б.


Қыпшақ санамағы

(Иштван Мандоки Қоңыр мен Зәки Ахметов зерттеулерінің тоғысуы)
Р.З.Мұқышева,

ф.ғ.к.

Мажарстан, Сегед
Қазақ өлеңсөз теориясының негізін қалаушы ғалым Зәки Ахметов өлеңдегі ұйқас пен ырғақтың негізі халық поэзиясынан бастау алатынына ғылыми еңбектерінде көптеген сенімді дәлелдер келтіреді. Ғалым қазақ өлеңінің силлабикалық табиғатын сипаттауда тек тармақтағы буын санын санаумен шектелмеу керек екенін ескерте келе, қазақ өлеңінің жүйесінің бірқатар тарихи-әдеби факторларға, соның ішінде ұлттық әдебиеттің даму деңгейіне, сондай-ақ көркем поэзия, әдеби тілдің дамуына, жинақталған ұлттық поэтикалық дәстүрлерге де байланысты [1] екендігіне назар аударады.

Қазақ өлеңінің дәстүрі арғы көне түркі, бергі қыпшақ тілді халықтардың тілімен, мәдениетімен тамырлас. „Қазақ өлеңі құрылысының негізгі ерекшеліктері қазақ тілінің құрылысында жатыр, өлеңсөз жүйесін, оның кейбір маңызды жақтарын тілдің құрылысын ескермей зерттеу сәтсіздікке ұрындырады” [2],- дейді Зәки Ахметов.

Осы тұрғыдан алғанда түркітанушы Иштван Мандоки Қоңыр мен Зәки Ахметовтің зерттеулері сабақтасып жатыр.

Mажарстандағы қыпшақ фольклоры туралы сөз қозғамас бұрын, олардың Мажарстанға қалай келгендігін баяндаған жөн. Қыпшақтарды Мажарстанда кундар, құмандар деп атаған. Ғылыми әдебиетте кун атауы жиі қолданылады. „Бізге кун деген есіммен мәлім xалық IX ғасыр батыс Сібір далаларында қыпшақ деген атпен белгілі болған. XI ғасырдың ортасында Еділден өтіп, оғыздарды батысқа қарай ығыстырады. Алдыңғы жасақтары орыс княздығының шекарасына 1055 жылы-ақ жеткен, алайда олармен шайқасқа 1061 жылы ғана түседі. Біртіндеп алға жылжып, 1068 жылы Чернигов маңында, 1071 жылы Киев княздығының оңтүстік-батыс шекарасында шайқасып, 1078 жылы Адрианопольді шабуылдайды. XX ғасырдың аяғына қарай Дунайдың төменгі ағысын жаулайды. Осы уақыттан бастап Дон және Днепр маңындағы бас қоныстарынан үлкен аумаққа билік жүргізіп отырады. Еділден Дунайдың төменгі ағысына дейін жайылған тайпалық одақтарын монғол шапқыншылығы ойран-асыр етеді. 1223 жылы Халка өзені жанындағы шайқаста қырғынға ұшырап, басым бөлігі Карпат және Молдавия аумағына ығысады. Бір бөлігі xристиан дінін қабылдайды. Монғолдардың 1239 жылғы қайталанған шапқыншылығынан Мажарстанға қашады” [3].



Kөсемдері Көтөн IV Велаға елшілерін жіберіп, Мажарстанға xалқымен көшіп баруға рұқсат сұрайды. Рұқсат алған соң 1239-1240 жылы 40000 xалқымен көшеді. Тұрғылықты xалыққа және жаңа мәдениетке бейімделе алмайды. Себебі тұрғылықты xалық оларды, татарлардың сыбайластары деп сенімсіздікпен қабылдайды. Монғолдардың алдыңғы шептерінен түскен тұтқындардың арасында кун тілінде сөйлейтіндер ұшырасып қалатын. Бұрынғы күмәндері нығайған мажарлар Көтөнді өлтіреді. Бұған ашуланған кундар елді қырып-жоя Мажарстаннан оңтүстікке қарай жылжиды. Татар шапқыншылығынан кейін IV Бела оларды қайта шақырып, Тисаға жақын, Көрөш, Марош, Темеш өзендерінің маңына қоныстандыруға тырысады. Сол аумақтарда еркін көшіп-қонуға, ескі салттары бойынша өмір сүруге рұқсат алады, оған қоса ақсүйектермен тең артықшылықтарға ие болады. Бұған төлем ретінде xристиан дініне өтулері міндет болады. Дінді тарату үшін доминакан монаxтары жіберіледі. “Бела патша елдің әлсіреуі салдарынан кундардың әскери күшіне аса мұқтаж болады, сол үшін қарым-қатынастарының жақсы болғанын қалайды. Осы мақсатта ұлын кун қызына үйлендіреді. Бұл елдегі кундардың ықпалының қатаюына зор үлес қосады. Бела ұлы Иштванды 1246 жылы таққа отырғызып, онымен билікті бөліседі, алайда бұл кундарға деген сенімнің шайқалуынан туған шиеленіске әкеліп соқтырады. Иштван оларды өзінің маңына тартуға қол жеткізсе, Бела пападан пұтқа табынушы кундарды бұғаулауға көмек сұрайды. Бела тақта ұзақ отырып, 1270 жылы қайтыс болады, ұлы одан екі жыл кейін дүние салады. Иштванның тірі қалған ұлы мен жесірі көтерілісшілердің қолына түседі. Тек қанды күрестің күшімен олар босатылады. 1272 жылы Ласлоны патша тағына отырғызады. IV Ласлоны тектен-тек Кун Ласло деп атамаған. Ол анасы жағынан жартылай кун болғандығынан ғана емес, кундардың салттарын да қабылдаған және ресми түрде Изабелла Анджойға үйленгенмен де, кун дәстүрімен кун текті үш әйел алады: Айдува (Едуа), Күпчече және Мандола. Осындай қылықтарымен шіркеуді өзіне қарсы қойып алады. Ақыры папа тәртіпті қалпына келтіру мақсатында елге өкілдерін жібереді. Кундардың отырықшы болуы және xристиан дінін қабылдаулары керек, оның есесіне дәстүрлі киімдерін киіп ақсүйектерге ұқсас құқыққа ие болып, басшылары венгр патшасының наместнигі болады деп ұйғарады. Кундар Тетеньде болған xалық жиналысында бұған келіседі, бірақ жүзеге асырмайды. Бәрі баяғыдай боп қалады, әуелі Ласло оларды қолдап, қанағаттанбаған өкілдікті кундардың қолына ұстатады. Сол кезде Ласло да ұсталады, сөйтіп жаңа келіссөздер басталады. Ласло кундардың жоғарғы міндеттерін орындатуға тырысқанда, кундардың бір бөлігі көтеріліп, Валаxиядағы кундарды көмекке шақырып, Тисаның жоғары жағын түгелдей қырып салады. Бұл шайқаста 1280 кундар патша әскерінен ойсырай жеңіліп, көбі Валаxияға қайтады, қалғандары Мажарстанда қалып, отырықшыға айналып, xристиан дініне өтеді” [4]. Осы кездегі жазбаларда nyöger (нөкер) деген сөз пайда болады. Бұл патша жанында әскери қызмет атқаратын еркін кун жасақтарының атауы еді. Бұл сөзді Дьюла Немет мажар тіліне қыпшақ тілі арқылы енген монғол сөзі, aл монғол тілінен қыпшақ тіліне парсы тілі арқылы енген дейді [5].

Ласло бұдан кейін де, кейде дос, кейде жау болғандарына қарамастан, кундарға пейілді болады. Ласлоны өлтірген соң, елде кундардың әсері күрт азаяды. Түгелдей отырықшы болуларына жүз жыл кетеді, ал тілдері Иштван Мандоки Қоңырдың айтуынша XVII ғасырдың ортасына дейін сақталады.

Күні бүгінге дейін Мажарстанда Дунай мен Тиса арасы – Кишкуншак (Кіші қыпшақ жері), шығысы Надькуншак (Ұлы қыпшақ) деген атауларға ие. Қарсақ қаласы – Ұлы қыпшақ жерінің жүрегі.

Мажар тілінде кун тілінен қалған сөздер негізінен соғысқа, әскери атауларға, қару-жараққа байланысты және көшпенділік өмірге, мал шаруашылығына байланысты сөздер.

Кун мәдениетінің бүгінге жеткен ескерткіштері қандай, олар туралы не білеміз? Кун тілі мен мәдениеті көптеген мажар ғалымдарының, түркітанушыларының еңбектеріне негіз болған. Алғаш кун тілі ескерткіштерін зерттеген Дьюла Месарош. Месарош тек мәтін ескерткіштерді, ең алдымен қыпшақша дұғаны, басқа да 18 ғасыр аяғында, 19 ғасырдың ортасында жазып алынған түсіндірілуі қиын мәтіндерді қарастырған. Одан басқа мажар тіліндегі түркі кірме сөздерін зерттеген Дьюла Немет, Геза Барци, Лайош Лигети секілді ғалымдар кун тілі ескерткіштерімен айналысқан.

Қарсақта дүниеге келген, қыпшақ мәдениеті мен тілінің жетік білгірі Иштван Мандоки Қоңырдың еңбектері мажар түркітануына мол жаңалықтар қосты. Ғалымның ғылыми қызметі туралы түркітанушы Иштван Вашари былай дейді: „Қыпшақ тегі Мандокидің түркі әлеміне деген қызығушылығын ерте оятты. Мандоки қандай жұмыс істеді, соңына шын мәнісінде қандай мұра қалдырды? Ғылыми қызметін қозғаушы күш оның ішкі руxы, кыпшақтар, мажар-қыпшақ байланысына қатысты мәселелер еді. Азиялық түркілер, әсіресе, қыпшақ түркілердің оны қызықтырған себебі, мажар xалқының бір бөлігіне айналған қыпшақтардың ата-бабалары мажар Алфёлдісіне сол жақтан кеген болатын. Осыған байланысты ғылыми қызметін үшке бөліп қарастыруға болады қыпшақ-түрік филологиясы мен этнографиясы, Мажарстан қыпшақтары және мажарлардың көне тариxы. Мандоки Иштван бүгінге жеткен мәтіндердің негізінде ықтимал түпнұсқа мәтінді қыпшақ-түрік тілінің ерекшеліктерін қалпына келтіре отырып қайта жаңартады” [6].

Иштван Мандоки Қоңыр „Кун тілінің Мажарстандағы ескерткіштері” атты еңбегінде оларды мәтін ескерткіштер және үзік ескерткіштер деп екіге жіктейді:

1. Кундардан қалған мәтін ескерткіштер:

a)„кун миатянк” („Отче наш” қыпшақша)

б) „Xалаш жыры”

с) ас дұғасы

д) сәлемдесу және алғыс айту түрлері

е) балалар санамақтары, тақпақтар, ойын сөздер


  1. Кундардан қалған үзік ескерткіштер

а) кун текті адам аттары және жер атаулары

б) Кіші және Ұлы құншақтағы, яғни, кезінде осы аудандарға қараған жерлердегі адам аттары мен жер атаулары шынымен де кундардікі деген жорамалмен

с) Кіші және Ұлы Құншақтан басқа жерлерде де ұшырасатын, бірақ анық тегі кун деп дәлелденген адамдардың фамилиялары, кундар ат берген жерлер, өзендер, рельефтердің кун атаулары


  1. Mажар тіліндегі кун кірме сөздері

a) Мажар ауызекі тіліндегі кун кірме сөздері

б) Кіші және Ұлы құншақтағы жане олармен тікелей көрші жерлердегі кун диалектілері”[7].

"Қыпшақша дұға” („Кун Mиатяңк”) – XVI ғасырда пайда болып бүгінге жеткен қыпшақ тіліндегі тұтас мәтін. Mажар тіліндегі „Миатяңк” („Отче наш” дұғасы) қыпшақ тіліне аударылады, сөйтіп „Кун Mиатяңк” аталады. Кундар християн дінін (реформат) қабылдаған соң мәтіннің сөзбе-сөз аудармасы жасалған. Бұрмаланған қыпшақша дұғаны Мандоки, бұрынғы кун тілінің ерекшелік теріне байланысты қайта қалпына келтірді.

Мандоки еңбегінің соны нәтижелерінің ішінде ең маңыздысы әрі сәттісі ─ кыпшақ санамағының реконструкциясы. „Бұдан соң қыпшақ санамақтарын талдайды. Бұл еңбегінің жаңалығы мол, батыл филологиялық пікірлерге толы көркем тарауы. Түсінбестей етіліп бұрмаланған санамақтарды тілдік тұрғыдан қайта жаңғыртып басқа түркі xалықтарының ұқсас санамақтарымен теңестіреді. „Халаш жыры” мен ас дұғасын қалпына келтіру мәтіндердің аса қатты бүлінгендігі себепті тым сәтті болған жоқ” [8].

Қоңыр Мажарстандағы Кунсентмартон, Кунмадараш пен Қарсақ, Кишуйсаллаш тұрғындарынан қыпшақ санамағының жеті вариантын жинайды. Бұл санамақтардың реконструкцияламай тұрғандағы мағынасы түсініксіз. Сөздердің бөлек-бөлек тұрғанда қазіргі мажар тілінде мағыналары бар, ал бәрі құралып, тұтас мәтінді құрай алмайды. Құраса да, ешқандай мәні жоқ. Санамақты басқа түркі тілдеріндегі, ең алдымен Добруджа татарлары мен қазақ аналогиялары негізінде қыпшақ тіліне қайта құрады. 1968 жылы жазда Добруджада Азаплар атты татар (румынша Татара) ауылы шетінде құрақта ойнап жүрген кішкене қыздың аузынан естіген санамақты келтіреді:
bir dedim birlew

eki dedim ekilew

úš dedim úšlew

dŏrt dedim dŏrtlew

beš dedim bešlew

altї dedim alma

jedi dedim yalma

sekiz dedim selma [selma-Selma ]

oquz dedim dolma

on dedim oymaq

qazantúpte qaymaq

úy aldïnda boz tana

qoltawada qayqana

alpaq malpaq

tabanlarї ĵalpak

qomšy kŏyge jеteiyim

seni makta ketiyim [9]
Бұны қазақшаласақ
Бір дедім біреу

екі дедім екеу

үш дедім үшеу

төрт дедім төртеу

бес дедім бесеу

алты дедім алма

жеті дедім жалма

сегіз дедім Селма [Селма – қыз аты]

тоғыз дедім толма [долма – бұл толтырылған тамақ]

он дедім оймақ

қазан түпте қаймақ

үй алдында боз тана

қолтабада қайқана [қайқана ноғай тілінде құймақ]

алпақ-малпақ

табандары жалпақ

көрші ауылға жетейін

сені мақтап кетейін.

Мандоки келтірген мәтінге ұқсас санамақты Игнац Кунош 1915 жылы татар әскери тұтқындарынан жазып алады. Осы қырым татар санамағынын мәтіні Добруджа татар мәтінімен бірдей. Тек birlew орнына birlau, ekilew орнына ekilau, яғни, lew жұрнағы қырым татарларының тілінде lau. Оннан ары қарай қырым татар санамағының мәтіні былай жалғасады

buzdan taymaq

šїr χara qaymaq

čil čil baraq

qapï artïnda qaynana

qaynananïŋ nesi bar

sïγirčїγïn sesi bar

Алайда Мандокиге ең алдымен көмекке келген қазақ санамағы болады. 1976 жылы Қазақстанға ғылыми жұмыспен барғанда қазақ санамағын табады. Нәтижесінде Мандоки қыпшақ санамағын былай деп қайта құрады.

Кун санамағы Мандоки реконструкциясы Қазақ санамағы

bérem bélő Birim bilew Бір дегенім – білеу,

ékem égő Ekim egew Екі дегенім – егеу,

öcsem üszök üčim üzik Үші дегенім – үскі,

kertem töcsek törtim töšek Төрт дегенім – төсек,

becsém becsek bešim bešik Бес дегенім – бесік,

állam hasad altїm ašïk Алты дегенім – асық,

csettem csetteg jetim ? Жеті дегенім – желке,

szegzem szenneg segizim senek Сегіз дегенім – серке,

togzom torcog toguzum torsuq[10] Тоғыз дегенім – торқа,

hónom hagyta[11] Он дегенім – оймақ,

Он бір – қара жұмбақ [12].

Қазақ санамағынан басқа Мандоки реконструкциясына мол жәрдем еткен қарашай санамағы болады. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Кавказда қырық жыл тұрып, алпысыншы жылдардың екінші бөлігінде Мажарстанға қайтып оралған Ұлы Куншактық Иштван Хөдие қарашай және құмық тілдерін ана тілі деңгейінде меңгеріп келеді. Ғалым осы адамның аузынан қарашай санамағын жазып алады:


birden bileü

ekiden egeü

üčden üčgül

törten töŋgek

bešten besik

altïdan ašïq

jetiden qašiq

segizden senek

toguzdan toqmaq

ondan oymaq

buzdan taymaq

abbel bilim

čïqsïn tiliŋ [13]

Алайда үшім үскі немесе үшкіл демей үш дегенім үзік деп реконструкциялайды. Себебі кун санамағының фонетикасы (üszök –үсөк) үзік сөзіне сұранып тұр. Оны үскіге немесе үшкілге бұрмалауды Мандоки артық санайды. Екіншіден үзік келесі тармақтағы төсек, бесік сөздерімен де үндес, ұйқас. Оған қоса көшпенді қыпшақтардың киіз үйдің үзігін санамаққа қосуы әбден нанымды.

Мандоки кун снамағындағы жеті сөзіне жұп болатын сөзді қалпына келтіре алмайды. Ал сегізім сенек деген себебі кун санамағының екі вариантында сеннек, сенне деген н дыбысты сөздер болады. Қарашай санамағындағы сегізден сенек деген тармақ оның пікірін бекіте түседі. Ноғай, қарашай тілдерінде „сенек” сөзі айыр деген мағынаны білдіреді.

Тоғызыншы тармақ „togzom torcog” (тогзом торцог) қатысты қазақ санамағындағы торқа және қарашай санамағындағы тоқмақ сәйкес келмейді. Мандоки торсық сөзін қалпына келтіреді:

hónom hagyta

gyűrűm kapta

alcsík

balcsík


zencsík
qulunum qačtī

juwur tapcī

...........

sen čīq [14].

Мандоки келтірген кун санамағынын енді бір вариантының соңғы тармағы түсінікті мажар тілінде te menj ki деп, яғни сен шық деп аяқталған. Екіншіден бұлай дейтін себебіміз, қазақша санамақтың тағы бір варианты осылай аяқталады:

Бірім – бірім

Екім – екім.

Үшім – үшім

Төртім – төртім

Бесім – бесім

Алтым – алтым

Ауыр балтам

Қанды қалқам,

Қырқылдауық,

Қырман тауық

Олпық-солпық,

Сен кір, сен шық [15].

Кун санамағының бірінші тармағынан соңына дейін алғашқы сөздің тәуелдік жалғаулы түрін (мажар тілінде де тәуелдік жалғаудың бірінші жағы – м ) қазақ санамағынан табады:

Бірім бір,

Екім екі,

Үшім үш,

Төртім төрт,

Бесім бес,

Алтым алты,

Жетім жеті,

Сегізім сегіз,

Тоғызым тоғыз,

Оным он,


Он бірім,

Оны тапшы,

Ай күнім [16].

Ғалым бұл санамақты 1977 жылы Қазақстан Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорынан жазып алыпты.

Академик Зәки Ахметов осы бір құрылысы өте қарапайым санамақ мәтіні туралы: „Өте қысқа әрі көп ретте грамматикалық жағынан бірыңғай фразалар тек мағынасы емес, ырғағы мен әуезділігі тұрғысынан таңдалып алынған. Бұл үлгі белгілі бір деңгейде ұйқастың дамуын және оның көне заманның ауызша поэтикалық дәстүрімен байланысын көрсетеді” [1], - деген пікір білдірген екен.

Мандоки Қоңыр Иштван талдаған бұл реконструкциялардың қыпшақ тілін зерттеуге орасан зор үлес қосқаны сөзсіз. Ғалым көптеген ойларын қағазға түсіріп үлгермеді. Алайда осы жаңалықтарының өзімен-ақ мажар мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табылатын кун тілді ескерткіштердің маңызын, олардың мажар тарихы мен рухани мұрасындағы орнын белгілеп берді. Шындығында Мажарстан қыпшақтарының санамағы қазақ өлеңсөзінің терең тамырын зерттеуге де жол ашып береді. Әдеби дәстүр мен көне тарихтың сабақтастығына осы бір қысқа да көркем ауыз әдебиетінің жанры арқылы көз жеткіздік.



Әдебиеттер тізімі
1. Ахметов З. Казахское стихосложение. Алматы. 1964.стр. 25.

2. Ахметов З. Казахское стихосложение. Алматы. 1964.стр. 25.

3. Györfy György. A magyarság keleti elemei (Мажардың шығыстық сипаттары) Gondolat. Budapest, 1990. 201-бет

4. Sándor Klara. A magyar nyelv török yövevénszavai (Мажар тіліндегі түркі кірме сөздері, қолжазба) Szeged. 1993. 80-81-бб.

5. Nemeth Gyula. „Kun László kiraly nyőgerei” (Кун Ласло патшаның нөкерлері). Mny . № 49. 318-бет

6. Иштван Вашари. Достың көңілі. (ауд. мақала авторы Р.М. ) Қазақ әдебиеті. № 25. 11- бет

7. Mándoki Kongur István. A kun nyelv magyarországi emlékei (Қыпшақ тілінің Мажарстандағы ескерткіштері). Karcag, 1993. 31-33-бб.

8. Иштван Вашари. Достың көңілі. Қазақ әдебиеті. № 25. 11-бет

9. Mándoki Kongur István. A kun nyelv magyarországi emlékei (Қыпшақ тілінің Мажарстандағы ескерткіштері). Karcag, 1993. 79-бет

10. Сонда, 90-бет

11. Сонда, 74-бет

12. Ахметов З. Казахское стихосложение. Алматы. 1964. стр. 226

13. Mándoki Kongur István. A kun nyelv magyarországi emlékei. Karcag, 1993. 86-бет

14. Сонда, 90-бет

15. Ахметов З. Казахское стихосложение. Алматы. 1964. стр. 224

16. Mándoki Kongur István. A kun nyelv magyarországi emlékei. Karcag, 1993.

84- бет

Функционалды грамматиканың семантикалық негізі

М.Б.Нұрғалиева,

ф.ғ.к., доцент

Қазақстан, Астана
Коммуникативтілік единица негізін құрастырушы синтаксистік форма сөйлем құрылымын анықтайды. Сондықтан семантико-синтаксистік категорияның берілу формалары актив немесе пассив грамматика тұрғысынан көрінуі мүмкін. Кез келген айтылым мазмұнының берілуіне қатысатын тіл жүйесінің әр түрлі деңгейіндегі единицалар өзара қарым-қатынаста бола отырып, коммуникативтілік процесі жүзеге асырылады.

Грамматикалық құрылым-категориалды құбылыстардың әр түрлі жүйелі-құрылымдық ұйысы, морфологиялық, синтаксистік, лексико-грамматикалық және лексикалық элементтердің өзара қарым-қатынасымен бірігуге негізделген әр түрлі деңгейлі тілдік жүйе. Әр синтаксистік единица сөйлеу процесін жүзеге асыруда өздеріне тән функция атқарады. Әр сөз өзінің жеке лексикалық мағынасымен, категориальды мағынасымен және семантикалық, грамматикалық мағынасымен бір-бірінен ерекшеленеді. Сөздің осы референттік мағынасы тек заттарды атаудағы мағына емес, синтаксистік деңгейдегі тіл жүйесінің құрылымдық-мағыналық мәні бар элемент болып табылады. Осы тілдік бірліктер өзара байланысқа түсе отырып, сөйлем құру мүмкіндігіне ие болып, синтаксисте олардың өздеріне тән ерекшеліктері анықталады.

Ал функционалдық грамматика-айтылым мазмұнын беруде тілдік жүйедегі әр деңгейдегі единицалармен өзара әрекетте болып, грамматикалық формалар мен конструкциялардың функциолану заңдылығы мен ережелерін сипаттауға бағытталған және тілдік единицалардың потенциалын көрсететін амал болып табылады.

Функционалды грамматиканы құрудағы негізгі принцип-функционалды өріс (ФСӨ) тұрғысынан қарастырылады

Категориальды құрылымға тән қасиет-грамматикалық категория мүшеле- рінің бірігуі. Ал олардың бірігу орталығы-жалпы категориалды семантика, яғни категориялардың өздеріне тән мағыналары. Бұл категориальды мағына- лар тұтасымен категориялық мағыналардың әр түрлілігін көрсетеді.

Грамматикалық единицалардың функциолануы деген түсінікке төмендегідей процесстер кіреді:

а) Сөйлеуші айтылатын ойды беруде қажетті грамматикалық құралдарды, соның ішінде ситуацияға байланысты айтылымдағы негізгі ойды берудегі мүмкін болатын құралдар мен амалдарды таңдауы.

ә) Грамматикалық единицалардың берілуіне категориялардың абстрактілі-грамматикалық үлгілері, құрылым-схемалар, сөйлеушінің осы үлгілерді, модельдерді, схемаларды нақты бір лексикамен толықтыруы, бір сөзбен айтқанда, айтылымдағы ойды берудегі тілдік жүйеде болатын абстрактілі-грамматикалық үлгілер, модель және құрылымдық схемелар.

Грамматикалық единицалар категориялар жүйесімен бірлікте болып, категориялар мағынасының бірлігін және олардың берілуіндегі формальды құралдарды көрсетеді.

Олай болса, айтылым мазмұнын оның семантикасын және семантикалық белгілерді анықтаудың негізі-грамматикалық формалар. Грамматикалық формалар арқылы ең аз контексте берілген негізгі мағынаны анықтауға болады.

Сөйлем құрылымының семантикасын анализдеудегі көрсеткіштер-морфема, грамматикалық форма, синтаксистік конструкция, белгілі бір морфемдік формальды көрсеткіштері бар лексико-грамматикалық топтар.

Сондықтан осы құралдарға сүйене отырып варианттарды сипаттауда, единицалардың лексикалық толықтық дәрежесін және берілген мағынаны беруге қатысатын, өзімен обьективтілік және лингвистикалық шарттарын көрсететін контекст элементтерінің ролі айқындалады. Егер мағына форманың ішкі жүйелілік мәнділігінің қасиетін көрсетсе, онда функция құралдарды қолдану мақсатымен, міндетті түрде тілдік жүйелікпен байланысты емес.

Функция болмыстан тыс құбылыстарды бейнелеуде, мағынамен тікелей байланысты болмауы да мүмкін. Егер коммуникативтілік сатыда сөйлем негізгі синтаксистік единица сияқты функциолана алса, онда синтаксистік құрылыс материалы ретінде қабылданады. Өйткені олар шындық болмыспен тікелей байланысты болады да сөйлеуші қажетті синтаксистік форманы таңдап, қарым-қатынас мақсатында жіктейді. Синтаксистік форма өзінің осы қасиеті негізінде сөйлемнің құрылымдық-мағыналық компоненті болады. Өйткені коммуникативтілік единица құратын синтаксистік форманың ең аз тіркесімділігі, сөйлемнің предикат негізін құрады. Мағына-форманың ішкі қасиеті.

Функционалды семантикалық категория ұғыммен, логикамен сәйкес келеді. Көрсетілген единицалар, класс, категориялар категориалды мағына бірлігін және олардың берілуіндегі формальды құралдарды көрсетеді. Сондықтан формасыз оны сипаттау мүмкін емес.

Тек грамматикалық формалар, олардың мағыналары, грамматикалық класс және категориялар семантиканы бөлудің негізгі болып саналады.

Функционалды грамматикада семантикалық белгілерді бөлуде төмендегідей анализ жасалады.

1. Грамматикалық формамен ең аз контексте берілген негізгі мағынаны анықтау. Мысалы, мен барамын, барармын.

2. Осы берілген формадан басқа семантиканы беру үшін, тағы қандай тілдік құралдар қолданылатынын анықтау.

Мысалы, маған ертең жол жүру керек, мен ертең кетуім керек, мен ертең кетіп қалсам болар еді.

Бұл кезеңде семантикадан форманы, оның берілуіне бағытталады.

Қарастырылған тілдік құралдармен берілген қандай семантикалық элемент, қандай семантикалық инвариант болатынын анықтау. Бұл кезеңде салыстырылған мағыналардың инвариантын көрсете алатын семантикалық белгі анықталады. Осы анықталған семантикалық категорияны келесі мағынаны, олардың берілуін анықтау үшін, анализдеудің бастапқы пункті ретінде бөлшектейміз.

Функционалды-семантикалық өріс-екі жақты бірлік, грамматикалық (морфологиялық және синтаксистік) құралдармен қалыптасады. Өріс әр түрлі деңгейдегі тілдік құралдарды біріктіреді, сондықтан функционалды-семанти-калық өріс жүйесі-функционалды грамматика үшін қажет компонент.

Акциональды (предикат) ядромен өрісті топтастыру негізінде аспектуальды-темпоральды қатынасты, сөйлеу кезіндегі уақытша қатынасты, сөйлеу уақытымен байланысты іс-әрекет арасындағы уақытша қатынастарды, ал модаль-ды өрістерді топтауда обьективті және субьективті қатынастар анықталады.

Сонымен қатар субьектілік/обьектілік қатынас; өрісті квалитативті-квантитативті топтауда, сапалық, сандық, меншіктік қатынас; пысықтауыштық өрісте себеп, салдар, шарт, салыстыру, локатив, темпоральды қатынастарды береді. Бұл пысықтауыштық өрістер предикат қатынаспен тығыз байланысты.

Меншіктік қатынасты көрсететін өріс сын есім мен зат есім тіркесімділігімен келген синонимдер болуы мүмкін.

Себеп, салдар, мақсат, шарт, салыстыру өрістері сабақтас құрмалас сөйлемдерде пысықтауыш түрінде, сонымен қатар, жай сөйлемдермен көрінеді.

Көрсетілген топтағы өрістер және топтардың арасындағы қатынастар функционалды семантикалық өріс жиынтығының көп аспектілі жүйелілігін көрсетеді.

Қандай жағдайда болмасын функционалды семантикалық өрісті бөлудегі негіз-грамматикалық категориялар, формалар, конструкциялар, грамматикалық немесе лексико-грамматикалық топтағы сөздер, берілген өріске қатысты тілдік құралдардың мағыналарында болатын семантикалық инварианттар.

Грамматикалық категорияларға сүйене отырып, әр функционалды-семантикалық өрісті сипаттауда, грамматикалық формалар мен конструкциялардың функциолануы анықталады. Олай болса, анализ жасауда грамматикалық единицалар мен контекстке көңіл бөлінеді. Грамматикалық формалардың функциолануын сипаттауда қарастырылып отырылған өрістермен байланысты ситуациялық, темпоральдық, аспектуальдық, модальдық, меншіктік, локатив т.б. түрлерін анализдеуге болады.

ФГ-лық сипаттауда сөйлемнің семантикалық негізіне жататын семантикалық категориялардың тіркесу түрлері де талданады.

Мысалы:

«қимыл», «қимыл иесі-обьект-адресат», «қимыл-қимыл иесі-қимыл мақса-ты» «қимыл-орын-қимыл», «қимыл-қимыл белгісі».



Сөйлемнің семантикалық құрылымы семантикалық категориялардың тіркесімділігімен берілетін, бірақ бір-бірінен реңктерімен ажыратылатын синонимдік айтылымдарды сипаттаумен байланысты.

Мысалы: қозғалысқа келтіру тіркесінде, қозғалысты біреу арқылы істелінуі /каузация/, екінші бір заттың қозғалысын көрсетеді /бір уақыттағы обьект каузация және субект қозғалысы/. Сөйлемде етістіктердің функциолануы, олардың морфологиялық, семантикалық және синтаксистік белгілерімен анықталады. Немесе, «ситуацияны берудегі» тіркес:

а) «ситуацияның басталуы», б) «процесстің жүруі», в) «ситуацияға байланысты деректер» т.б.

Функционалды-семантикалық өрістер жүйесіне тән белгілер-негізгі өріс құрамын және олардың арасындағы байланыстарды топтастыру.

ФГӨ екі аспектіде: а) нақты-тілдік, ә) ұғымдық деп, қарастырамыз.

ФГӨ-бұл грамматикалық формалар, синтаксистік конструкциялар, лексико-грамматикалық құралдар негізінде құрылатын бірлік. Осы тұрғыда тілдік құрылымның әр түрлі деңгейі бейнеленеді.

ФГ аясында өрісті сипаттау мақсатында берілген бірнеше мағыналарды іріктеуде неге сүйенуге болады.

1. Қорытылған мағына, грамматикалық семантика үшін сәйкес келетін абс-стракция деңгейі.

2. Грамматикалық мағына беретін, құрылым ұйысындағы грамматикалық белгілері бар мағынаны іріктеу.

Кейбір грамматикалық мағыналардың ерекшеліктері грамматикалық категория қасиетінен туындайды. Сондықтан коммуникативтілік-функционалды белгілер-грамматикалық құралдарға байланысты жүйеленіп, сұрыпталады.


Әдебиеттер тізімі
1. Виноградов В.В. О формах слова. – М., 1975.

2. Шведова Н.Ю. О синтаксических потенциях форм слова.//ВЯ. – 1971. - №4

3. Бондарко А.В. Принципы функциональной грамматики и аспекты.-М., 2012

4. Баранникова Л.И. Введение в языкознание. – М., 2009




Көркем мәтіндегі бейнелегіш – мәнерлегіш

құралдардың қолданысы


1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   37


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет